Баян Тіленшина. Тағылым
Баян Тіленшина
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Баян Тіленшина — «Баян Тіленшина. Тағылым».
Б А Я Н Т І Л Е Н Ш И Н А
Тағылым
Ақылды ақылсызбен жарыспайды,
Пікірі бір еместер алыстайды.
Шын сүйген сене алады сыңарына,
Қызғанып, жамандыққа барыспайды.
Мазмұны:
1.Тағдырға
2.Ұлылық
3.Қыз махаббаты
4.Армандайық
5.Сезім
5.Сұранам, Уақыт
6.Мықтылық сыры
7.Кесірлі тіл
8.Айман –Шолпанға 50 жас
9.Махаббат –мұхит, жүзіп кел
10.Жас дәурен
11.Назданып көктем тұрғандай 12. Асыл жүрек
13.Айтшы, сен менің кімім ең?
14.Арман
15.Бойтұмар
16. Бұлақ
17.Сарсаң
18.Сүйген жүрек
19. Сен барда жәй күн мереке
20.Күткенде 21. Қыз –жүрек
22.Қайтсем екен 23. Қоштасқанда
24.Қалай?
25.Періштеге сайтан қас баяғыдан
26. Жүрек
27.Ініге 28. «Жұлдыз жүрекке» аннотация 29. Керім Тіленшин мектебіндегі кездесуде
30.Мылтықсыз майдан 31. Оян, қазақ!
32.Өсиет
33.Жүрек қақырағанда
34.Тіршілікке қонақпыз
35.Өтініш
36.Жаңылдым ба?
37.Төсек тартқанда
38.Жұбату
39.Жүректен тамған... 40. Бір білерім...
41.Татуласу 42. Қайғысы да ортақтас басқалардың
43.Сынақ
44.Мың жасамай қайтесің!
45.Жеткергенің
46.Жүрегіңнің тұрмын мен жартысында
47. Бақытты болшы
48.Мойындау
49.Мұңдасқанда
50. Сенім қайда... 51. Сен 52. Мақұрым кейіп 53. Күттім сені
54.Жақсылықпен жазалау 55. Сезім иірімдері 56. Ауыш ақыл 57. Қадірсізге 58. Астынан жердің күндізін күткен күнбағыс
59.Күліп тұрып көз неге жылайды екен?
60.Түс көргенде
61.Ұмыт дедім
62.Келіндер
63.Мықтылық
64.Ана толғанысы
65.Жетімдік
66.Тастанды монологы
67.Жармаспа!
68.Ананың ғана өседі Адам бағында
69. Өзіңді жеңу –батырлық!
70.Оңады ақыры бояма 71. Өлеңім, өміріммен егіз бе едің?
72.Кей бастың ойы 73. Тағылым \Зағиптың тамшылары\
Тағдырға
Уа, тағдыр, тәлкегіңе көнбей кілең,
Ұйытқысаң, жалын болып өрлей білем,
Қинасаң, тамған тамшым жыр болады,
Тілімен ізгіліктің сөйлеймін мен.
Жеңбесіңді сен мені білдің білем,
Қатулансаң, сақылдап күлдім кілең,
Сынай –сынай сен мені шаршадың ба?!
Шарасыздан сәт тілеп тұрдың! Білем!
Білем, менің жетеді қайсарлығым,
Қас дұшпанға достықтан жай салдырдым,
Ермегіңе бермеймін ер теңдігін,
Қаһарыңды күлкіммен тайсалдырдым.
Көз жасынан тоят, кек іздемедім,
Өзімшілге дерт болды «сіз» дегенім,
Үлгілі ісін,ізетін жазалайтын,
Өгей балаң болды ма қыз дегенің!?
Мұз, жалын!
Шынықтырар қайрағың ба?
Белімді ой-белбеумен байладың ба?
Құрыштай қайта илеп,қайрат беріп,
Өлеңді үкі еттің бе айдарыма?
Алтынның сыңғырына қарамаспын,
Қайнаған қазаныңда араластым,
Жақыным, алысым жоқ.
Адам туыс,
Мен бүгін қамын жеймін бар Алаштың.
Ұлылық
Ұлылық деген – кішілік,
ұғыну жанды түсініп,
Сыр бөліп, сені ұққанды,
Сағынарсың ішігіп.
Бар шығар сәттер өшпейтін,
өмірің барда естейтін.
Сайтанның азғырғанына,
Ұлылар жолын кеспейтін!
Дауылың қаһар төккенде,
Көлеңке достар кеткенде,
Ұлылар қалар қасыңда,
Сын сағаты жеткенде.
Ұлыға қарап өсерміз,
Рухани шоқты көсерміз,
Жылуына шуақтап,
Жұмақты күйді кешерміз.
Перзенті сол-ау халқының –
азғырмас үні алтынның!
Шуақты толқын таратар,
Тулатып тірлік қарқынын.
Қырандай шолып қиядан,
өсірер қияқ ұядан,
Ұлыны айтпау – ұят шығар,
қаламсап, қағаз, сиядан.
...Бақ байланса басыңа,
бақыттан сүтей тасыма,
Көсемдік емес көп жасау,
Ұлылық жазсын жасыңа!
Қыз махаббаты
Сүйемін деп мен саған айта алмадым,
Сүйерімді қалайша байқамадың?
Мен сені лапылдаған сөзбен емес,
Жалын атқан жүрекпен аймаладым.
Кінә тақпа, қисынсыз иілмедім,
Иілуім сырт көзге қиын менің,
Сен жымиған сәттерде мен шаттанып,
Сен мұңайсаң, жетпей ме күйінгенім?!
Неге сенсіз жаз көңілім күз болады?
Жалын атқан жанарға мұз тоңады!
Ғашығына арманын айта алмаған,
Қыз жүректің қинайды сыздағаны.
Айтпадым ба!?
Сезімді жасырмадым:
Сағынғанда сарғайды жасыл бағым,
Қуанғанда құс-көңіл сені іздеді,
Қуат болды дертіме қасымдағы үн.
Рас ол –мойыныңа оралмадым,
« Сүйемін» деп серт беріп, қол алмадым,
Айтпадым, айта алмадым, айтпаймын да!
Бірақ, мен басқа адамдық бола алмадым.
Армандайық
Ұшқын лаулар от- жүрек септігінен,
Алау жинар бойына текті білген,
Тұла бойың, сезімің асыл болмай,
Тас- алтынның не пайда көптігінен!?
Жаным –жалын адам боп тұра алғанда,
Жалынғанмын «тәубе» деп бір Аллаға,
Мен ешкімнің бұзбаймын тыныштығын,
Жаныңдамын қол созып сұранғанда.
Аққу жүрек, адами тілегім бар,
Адам аз ба сөзіңді жүре тыңдар?
Көз көргенде мүләйім басын шұлғып,
Көзің тайса , күлімсіп күлетін бар.
Кел, қоссаңшы рухани қазынаңды,
Айтар болсаң, тыңдайын базынаңды,
Арман –дүние... Жалғанның жан жұмағы,
Арман –бақыт. Жүректің жазы мәңгі!
Ойды тоқып, сезімді айта алғаның –
Тіршіліктің жасадың бай тармағын!
Адам болып келгенде не жинадың??
Енді соны жөн болар қайтарғаның!
Мақсаты жоқ күнкөріс қыс болмай ма?
Белгісі жоқ, көрген бір түс болмай ма?
Аппақ арман нұр шашып жаңармасаң,
Жан сарайың тұншыққан ыс болмай ма?
Сынақ дүние сағым боп алдамасын,
Қанат қағып серпіші –жанданарсың!
Мың ғажайып ғаламның жұлдызы боп,
Мұратыңа мың жылдық жалғанарсың!
Сезім
Бір қолым – жалын, бір қол –мұз,
Бір демде ысып, мұздаймын,
Сыр төгіп көңіл –қылқобыз,
Айтпауға шарасыздаймын.
Ауысып қаным үлгермей,
Алмасып сезім жүргендей,
Ұрланып қарай беремін,
Тұрармын қалай бір көрмей!
Көңілімнің жиектеріне,
Күнім боп иектелдің бе?
Сеңдерім кетті-ау сөгіліп,
Тулатқан толқын, келдің бе?
Өртенді сезім, өртенді!
Өрт шалса қайттім өлкемді?!
Күнім боп мәңгі тұруға,
Айтшы сен маған серт енді.
Сұранам, Уақыт...
Уақыттай қапас, тар қамал,
Қысқанда жылар бар жанар,
Жүректен ұшып сағыныш,
Сұр елеске жалғанар.
Бетімнің қалмай түк қаны,
Бір демнің ұз-а-а-қ шыққаны!
Тіршілік тоқтап қалғандай!
...Жайымды ешкім ұқпады.
Ай! Қайда таза ауасы?
Тылсымның бар ма дауасы?
Ақ ұлпа ойлы басым-ай,
Ақ жауын, қайдан жауарсың?
Ай, Уақыт, қысты-ау құрығың!
Шашылды-ау жуас бұрымым,
Уды у қайтарады деп,
Қасқырдай сен де ұлыдың.
Не деген ащы дауысың!
Төзімімді тауыстым,
Құтылу үшін азаптан,
Сағымға мен де ауыстым.
Бір нүктеге байландым,
Сұп-сұр жүзге айналдым,
Ақын деп атап жүрген кім,
Сөз білмей қалдым...
Қайранмын!
Тағдырдан пенде озған ба,
Жетпейді-ау қолым созғанға!
«Бір сәтке қанат берші» деп,
Жалынсам ба екен жазғанға?
Сағымдар неткен сырғанақ!
Айнала сұқ көз тұр қарап!
Иекке жаным жетті ме?
Күлкімді менің ұрлап ап!
Сайтанның асы – арақты,
Кім үшін кімдер жаратты?!
Беті аулақ! Жіге-ер, қайдасың!
Қайтаршы маған Санатты!
Қылышын ұрлап жігердің,
Оу, Уақыт, қайда жібердің?
Тарыдай шашып тылсымды,
Тірліктің туын тігермін!
Әлемнің таппай кеңдігін,
Уһ, басым! Қалай зеңгідің!
Падиша Уақыт, күлсеңші,
Атыңа ұят-ау ендігің.
Шуақты болсаң –мәндісің!
Мейірімде сенің әл- күшің,
Санаттан жүрсең айрылмай,
Минут та болсаң –мәңгісің!
Қалай да қалай шайқайсың,
Мәнсізсің, кейде айқайсың!
Қызыл келімдәрідей,
Улы ернің бар, байқайсың!
Жүрекке әжім түсірме,
Тозақтай отқа пісірме,
Секундыңды сүйетін,
Мейірім қалсын ізіңде.
Мықтылық сыры
Ұйқысыз атты-ау ақыры ұзақ таңым,
Қиялдың көгендемей тұзақтарын.
Тербетіп өзімді өзім әлдиледім,
Жүректің жамай алмай сызаттарын.
Қай жерден қателесіп жаңылдым деп,
Парағын өткен күннің жүз ақтардым.
Туылған сезім неге өлу керек?
Тозақты көңіл неге көру керек?
Ғаламат рухы мол табиғаттың,
Қалай да асылдарын теру керек.
Тулатқан толқын берер тылсым күш бар,
Бір қуат аларыңа сену керек.
Өлеңнің құс қанаты-ай күлтеленген!
Қазақтың қыз санаты-ай үндемеген,
Ақынның кәусарлыққа ынтызары-ай,
Жігіттік бейне сомдар бірдемеден.
Қанатты ат мыңнан біреу туылмай ма!
Жаралмас бақыт алтын мен денеден!
Тұлпарға қайраты мол қанат керек,
Жігітке самғайтұғын санат керек,
Ақынға ой түбінен маржан терер,
Рухани батырлық пен талап керек.
Гүл сезім өрлеу үшін ақ бесікте,
Аялы, мархабатты жанат керек.
Ұйқысыз атты-ау таңым, тұрайыншы,
Шашылған ойдан құрақ құрайыншы,
Аязда бүркеніп тұр жасыл шырша,
Шыршаның хәл-жағдайын сұрайыншы.
Ыстықта, суықта да өзгермейтін,
Мықтылық сырын содан ұғайыншы.
Кесірлі тіл
Желімдеп қызыл тілдің кесірлері,
Байланды қол, аяғым. Шешілмеді.
Тірліктің сағатындай Сағынышым,
Қолымды соза алмадым. Кешір мені!
Жанымды сүйеп тұрған үш құбылам,
Теңескен Пайғамбармен есімдері.
Сарғайған жапырақтай қалтыраймын,
Үздігіп, Сағыныштан нәр сұраймын,
Туғаннан жесір маңдай жазған едің,
Болсаңшы енді өзің жар, Құдайым!
Пенделік адастырса, оң жол көрсет,
Сайтанның тіліне еріп, алжымайын.
Жапырақ- жүрегімнен ызғар өтті,
Сықырлап тамырымнан мұздар өтті.
Бойымда сезім өлді, төзім өлді,
Жастыққа қос жанардан сыздар өтті.
Не деген улы еді тіл садағы,
Тоқтатқан руханиятты жүз қоректі!?
Қанатсыз ақ тілегім. Бара алмадым,
Мен қазір «Барса келмес» аралдамын,
Әжелеп жүрсіңдер-ау, балапандар,
Жәудіреп жетім-бота жанарларың.
Намыстың оғы тиді жұлыныма,
Амалсыз қол соза алмай, жыр арнадым.
Сендерсіз тіршілігім бекер менің,
Толқындап тілің жетсе, не дер едің?
Сабалап қанатыңды, көзіңді алмай,
Әйтеуір ұқтырасың не керегін.
Түбіт шаш, ұлпа жүзді періштем-ау,
Жолыңда құрбаның боп өтер едім.
Тілегім бойларыңда бүлкілдесін,
Жүрегің қасіреттен күрсінбесін,
Аққудың сыңарындай аяулы бол,
Адам деп мойындатар шын күндесін.
Періште төрт жағыңнан уық болсын,
Бақ-киең үкі құстай үлпілдесін!
Патшадан парқы биік ұлықтарым!
Кәусардан ойы таза, тұнықтарым!
Сендерге ана болып саналсам-шы,
Құрамай қиқым – сиқым сынықтарын.
...Қанымнан қасиетім тарағандар,
Тамырмен дүрсілдеуді ұмытпағын!
Айтылар аңыз
Сағымдай жылжып көргенің,
қалады жиған –тергенің,
Айтылып жүрер аңыз боп,
Қолыңнан қайыр бергенің.
Барсың ба ертең, жоқсың ба?
Түсерсің бәлкім көп сынға,
Адамдық атың шын болса,
сөйлескен сая тапсын да!
Айман –Шолпанға \50 жыл\
Бірің –жұлдыз, бірің –Ай,
Бауырмал сөздің шырыны-ай!
Білдім-ақ деуші ем, білмеппін,
Қадіріңді бұрын-ай.
Шұрқырап, иіскеп көрістік,
Үйірін тапқан құлындай.
Бойыма таққан тұмарым,
Көрсем де қанбас құмарым,
Егіз қозы болсаңдар,
Соңыңнан ерген сыңармын.
Алақан жайып Алладан,
Амандығың –сұрарым.
О,менің Айман –Шолпаным,
кіреукем, бірің –қалқаным,
Тайталас мынау тірлікте,
Толтырар орнын олқамның.
Бауырдай нәзік жанымен,
Бауырдың жеген бар қамын.
Тағдырға әркім бағынар,
Берсінші маңдай бағы бар!
Жүз рет өлсе кей бейбақ,
Мың жасайтын тағы бар,
Сатпайтын досың көп болсын,
Пұшайман дұшпан неғылар?!
Сендерсіз пәспін, ортамын,
Тірегі сендер арқамның!
Үйіміз бөлек –күйттейміз,
Бала-шаға,жар қамын,
Кешіксе бірақ хабарың,
«Қай күйде жүр» деп қорқамын.
Желкілдек қайда тұлымың,
куәсі жастық жылыңның?
Кекіл етіп тақтың ба,
Маңдайына ұлыңның?
...Қатал-ау өмір, 50-ді
ойлапты дейсің бұрын кім?!
Е... Қимас өтті көктемің,
Өкпең жоқ. Гүлдеп, көктедің!
Жемісті, жарқын, жаз өмір,
Мұратқа осы жеткенің!
Қыршыннан сақта, Құдайым,
Қазына жасқа беттедің!
Анама тартқан мейірің,
Даладай дархан пейілің,
Атыңды үлгі тұтады,
Артыңнан ерген кейінгің,
Жақсының өлмес жолындай,
Бүгінгіге дейінгің.
Шекер мен тәтті балдайсың,
Үзілген жерді жалғайсың,
Күн батса қашар көлеңке,
Жұлдыз бен Ай боп қалғайсың,
Көлеңке елес жоқ жерде,
Биікте мәңгі самғайсың.
Өткердім талай тар заман,
Өткелін таппай шаршаған,
Өздерің аман тұрғанда,
Қасқайып бәрін қарсы алам,
Хор қызы қоршап жүрсе де,
Орының бөлек баршадан.
Сыртылдап жылдар ағады,
Достықтың тозар табаны.
Бізден де жақын туылып,
Табармыз бала-шағаны.
Сонда да, бауырым, сендерге,
Көңілім қанат қағады.
Шайқалмай отан-тірегің,
Ауырмай жүрсін жүрегің,
Нәп-нәзік денең, жаныңды,
Жел соқпасын –тілегім,
Жарқыра тәждей маңдайда,
Ұрпақтың жастан білегін.
Әрненің тегі, заты бар,
Мейірге мейір тартылар,
Тектіден өнген ұлағат,
Жоғары өрлеп, сатылар.
Мың жасап, үл-ке-ен мама бол,
Махаббат деген аты бар!
Махаббат –мұхит, жүзіп кел
Жанармен үнсіз,
Жүрекпен тілсіз,
Жаныңнан сыр ақтардың да,
Тең ойлы құрбым,
Тебіреніп тұрдың,
Сезімнің сынақтарында.
Таусылып төзім,
Тасқындап сезім,
Жүректің жүзін шайғандай.
Қағылды кірпік,
Үркердей үркіп,
Жасқанды бір сыр айта алмай.
Жанғандай бағың,
Табынған шағың,
Қымбатты кенді алтын ба?
Жігітті құптау,
Жүректі жұптау,
Жоқ, бірақ, қыздар салтында.
Қайратты өтер,
Дауылды қатер,
Махаббат –мұхит, жүзіп кел,
Өмір деп мәнді,
Сезімдей мәңгі,
Шектелмес, тұйық жүзік бер.
Жас дәурен
Жас дәурен отты екпін бе?
Жаныма алау ектің бе?
Алаулап кетті дүние,
Дүлейім, маған жеттің бе?
Ісімнің басы құралмай,
Бір орнымда тұра алмай,
Жанады жүрек, жанады,
Дүрсілін дұрыс ұра алмай.
Сабырды сезім ұрғылап,
Ағады өзен-жыр құлап,
...Осының бәрі ішімде,
Сырт бейнем жым-жырт тұр бірақ.
Айта алмай соның бірін де,
Айналды сезім дірілге,
Дірілдеп шыққан кеудеңнен,
Табындым жалғыз бір үнге.
Шашыңның толқындарына,
Шаттығым ақтарылды да,
Шымырлап құйқаларыңда,
Айналдым солқылдарыңа.
Айта алмай жүрген бір үннен,
Бір үннен туған дірілден,
Солқылдап соқты дүние,
Нұр сепкен отты түріңнен.
Кеудемде сыр бар қаншама,
Ұғып ал өзің аңса да,
Айтпастан үнсіз тұрамын,
Жанардан лағыл тамса да.
Назданып көктем тұрғандай
Сескенбей ызғардан,
Сілкініп мұз-қардан,
Бәйшешек бүршік жарғанда,
Сарғайып күткем.
Сағынтып тіптен,
Келдің сен маған ақ таңда.
Көңілдің еркі,
өмірдің көркі,
Шақырса бір сәт арманға,
Жүректе жыр боп,
Кеудемде гүл боп,
Бір сенсің бүршік жарған да.
Сен үшін бұл күн,
Бағыңда бұлбұл,
Бақыттың әнін толғай ма?
Сендегі күлкі –
қуаныш кілті,
Баянды бақыт болғай да!
Былдырлап бұлақ,
би билеп құрақ,
Осы сәт сауық құрғандай!
Жәудіреп жидек,
Самалға «сүй» деп,
Назданып көктем тұрғандай.
Қауырсын ашып,
Қорғайды ғашық –
Мәжнүнтал бізді басқадан.
Сен тұрған жерде,
Нұрлымын деуге,
Күн –сұлу көзін жасқаған.
Қара да Айға,
Қабағын байқа:
Ай да тұр бізге табынып:
«Жердегі от-жалын,
Махаббаттарым!
Қалдың,-деп,- қайдан табылып?!»
Нұр болып ұялып,
Бақыттан сый алып,
Оралдың қайта сағынып,
Болмашы басқа!
Көз толып жасқа,
Қалмасын өмір жабығып!
Асыл жүрек
Алмастайын асыл болса жүрегің,
Таңғы шықтай таза болса тілегің,
Асқар шыңдай асқақ болса ар туың,
Сонда сені ер жігіт деп білемін.
Қаныңменен бір таралса ізгілік,
Тоңдырмастан тұрар мені қыздырып,
Тағдырымды тапсырар ем тек саған,
Жыр-теңізде жүрегіңді жүздіріп.
Сұлулықты жан сарайдан іздеген,
Жүріп келем анам салған ізбенен,
Асылдарын жасыратын тереңге,
Теңіздермен мінездес- ау қыз деген.
Қыз сезімі оңайлықпен шайқалмас,
Тіл ұшымен сондықтан да айта алмас,
Бір өмірде бір толқытар табиғат,
Жасын от ол! Ол – махаббат тойтармас!
Айтшы, сен менің кімім ең?
Биіктеп шыққан тауымнан,
Жанартау... кенет жарылған.
Жүрек жоқ, өкпе езілген,
Бауырым қалған ауырған.
Быт-шытым шығып сынып ем,
Ботадай боздап, тынып ем.
Жан берер өлген сезімге,
Құдіретпісің шынымен?!
Сағынтқан бұлбұл үні ме ең?
Жыр жаздым саған түнімен,
Жаһанға симай іздеткен,
Айтшы, сен менің кімім ең?
Бағынып саған жанарым,
Күнбағыс жүзбен бағамын,
Қысады-ай кеудем жанымды,
Кешігіп кетсе хабарың.
Күншуақ нұрын жалғадың,
Гүлденді қайта жан-жағым,
тап-таза тілектеріңнен,
Сен бе едің менің жан- жарым?
Айтшы, сен менің кімім ең?
Арман
Арман дейміз,
үздігіп «ар-ма-ан!» дейміз,
Арман деген тұрады ардан дейміз.
Алдаусырап жүргенде елес қуып,
Білмей қалар ұшқанын жардан кей қыз.
Арман дейміз,
Уһілеп «ар-ма-ан!» дейміз,
Арман деген тұрады сордан дейміз,
Жылап-жылап сөнеді маңдай шамың,
Арман жаққа бәрібір елеңдейсіз.
Арман көп қой адам боп жаралғасын,
Арман дейді жетпесін, бара алмасын,
Бірақ, ең-ең қымбат та тәтті мұрат,
Не жетерсің, не жолда қалар басың.
Сен де менің қолдағы арманымсың,
Бір мен үшін бәріне барғанымсың,
қос арманнан қанат ап ұшқан аққу,
Бақыт болып бүгінде самғады шын.
Тимеңдерші, бақыт құс қалықтасын,
Тіршіліктен аларын алып қалсын!
Адам болып жасаудың керегі не,
Арман-дүние жаралып, зарыққасын?!
Атпаңдаршы аққуды, құдайсыздар...
Өмір –біреу, сізер де құлайсыздар,
Жүрек зарын жүрегі барлар ұғар,
Аққу-мұңға қалайша шыдайсыздар?!
Керегі не арманның самғамаса?
Берері не арманды тор қамаса?
Адам болып, жер басып керегі не,
Сол адамдар арманын қорғамаса?!
Бойтұмар
Ерте көктем...
Кезі еді ерте көктем,
Ащы шуақ күйдіріп, еркелеткен,
Ызғар күндес емес пе жылылыққа,
Дауыл соғып, бүршігім ерте кепкен.
Күндер дейсің сөз етіп жаманды кім!
Жолын тайғақ жаратқан табандының,
Жолсерігің сужүрек, сатқын болса,
Теріс атқа мінеді Адамдығың.
«Құдай қосар құданы» дейді халық,
Құда бопты жылпосқа сенген Парық,
Сағымданып, сайтандай сан құбылып,
Тұңғиық боп кетіпті шамы жарық.
Қалай жүрсем алдымнан не күтерін,
Кімге сеніп, ойға не бекітерім,
белгісіз боп, танымай өзімді –өзім,
тұрғанымда қолдады жеті тегім.
Дауыл соғып, бүр-өмір кепкенінде,
Кепкенімде Жыр –тағдыр жеткенің не!?
«Сайтан серік бердің!» деп налып едім,
Бұл тағдырым маған да өкпелі ме?
Үмітімді жетелеп жан ұлыма,
Өркендеппін, жігерім жаныды ма?
Күлсем –ақыл, жыласам –жебеушім боп,
Тағдыр, менің айналдың танымыма.
Көктем де өтті, басылды шілде ыстығы,
Бықсиды әлі жаманның күндестігі!
Адам түгіл айырмас ажалың да,
Шын жарасса көңілдер үндестігі.
Сыншы Тағдыр, әжуәң біткен шығар?!
Қиындыққа жеңісін күткен шыдар!
Кезі жетті –қыз түгіл алпауыттай,
қара нардың белі де жүктен сынар!
Лайланса пәк бұлақ ой тұнарын,
білмеп едім.
Өкпемді қайтып алдым.
Ұлым, жырым, болашақ өркенімнің,
Өмірін бер.
Сол болсын бойтұмарың.
Бұлақ
Сен неге, мөлдір бұлақ, таза ақпайсың?
Лайланып, көк балғынды азаптайсың.
Еркелеп, сыңғырлаған пәк күлкіңмен,
Бекер-ақ өзіңді-өзің мазақтайсың.
Тап-таза табиғатың!
Суың лай!...
Суыңда жүзуші еді-ау жуынып Ай!
Бұраңдап батпақ, саздан көп өттің бе?
Ағасың енді қашан бұрынғыдай?
Жассың ба көзден аққан тарам-тарам?
Өзен, көл, теңізден мен нәр алмағам.
Ағасың енді қашан тұнып, бұлақ?
Шөлдедім!
Лай суың арам маған!
Сарсаң
Жолыңа қарай бердім, қарай бердім,
Сен жаққа қыдырғыштап талай келдім,
Қақпастан есігіңді құр қайтушы ем,
Кездессем, көрмегендей жанай бердім.
Сені іздедім, бітпеді әуре-сарсаң,
Сен секілді сырт қарап тұрған бар жан.
Басқа бейне... Тағы да басқа келбет,
Сенің орның бос тұрды қайда барсам.
Сүйген жүрек
Бейнесіне құмартып, желікпе сен,
Көрік деген мәңгілік серік пе екен!
Жүрегіңді келбетке асық етпе,
Ауру ма, қарттық па, қасірет пе,
Ұрлайды анық.
Ал, сонда қашасың ба?
Қайғы тұрар бақыттың тасасында!
Көңіл шіркін не демес ерік берсең!
Жанын сүйсең, ешқашан зерікпес ең.
Өмір деген –өткінші, ағымды арман,
Ағыстарға тұлпарлар бағынбаған,
Ғашықтарға сұқтанбас кім тасадан?
Сүйген жүрек сәт сайын мың жасаған!
Көз алдында күндіз-түн сағымдалған,
Бір-бірінен басқаны сағынбаған.
Уақытты тәулікпен өлшемейді,
Құшақтары жазылмай өлсе –мейлі!
Сен барда жәй күн –мереке
Көңіліме жыр боп құйылдың,
Көзіме нұр боп үйірілдің,
Күлсем де күндей күлімдей,
Қиналмау маған қиын тым.
Кездессем неге күйіндің,
жанарда жүзіп түйір мұң?
Асқақтай басып жүрсем де,
Армандап іштей иілдім.
Қымбаттым, неткен көрікті ең!
Көріктен өмір өріп пе ең?
Өзіңе шексіз әлемде,
Дәл мендей ғашық көріп пе ең?
Сен барда жәй күн –мереке,
Сенсізде той күн – келеке,
Ауыр мұң мені аймалап,
Айналып қашты береке.
Өзіңсіз өңсіз айналам,
Тілсіз де мылқау, жәй ғалам.
Өзіңсіз аппақ қайыңдар,
Таранып, қанат жаймаған.
Мен күлсем, сөзден жаңылдың,
Қинай ма өткен сағым күн?
Сырт бейнем үнсіз тұрғанмен,
Сағындым, қатты сағындым!
Күткенде
Ұйқым қашты...
басымда тасып қаным,
Жылап күттім жолымен жасықтардың.
Түн де ауды, сыйынып тағдырыма,
Тың тыңдадым. Сен неге асықпадың?
Өз жанымнан сені әсті кем көрмедім,
Аллаға аян –патшаны теңгермедім.
Күнде күштеп жұмысқа жіберуші ем,
Сол жұмыстан не себеп сен келмедің?
Сағынышың алаулап келбетіңде,
Қол көтеріп тұрсың ба жол шетінде?
Көкжөтелден көлігің тоқтады ма,
келе жатсаң ағызып желше түнде?
Қарным ашпай, білінбей шөлдегенім,
тоқтап қалдым...
Қиын-ақ келмегенің.
Кібіртіктеп бұзылды сағат-жүрек,
Кем болып тұр өзіңнің емдегенің.
Уһ! Басым-ай!
Жүрегім айнығаны...
Ұстатқаның осы ма Айды, кәні?!
Сайтан-сыбдыр қоймады-ау күдік айтып,
Рас болмағай деп көңілім шайлығады.
Ұйқым қашты...
Көз тартып сынды басым!
Кеш қалмашы, күндіз іс тындырарсың,
Өкпелерсің «арам ой ойладың» деп,
«Жұбатшы!» деп жылармын жынды басым.
Қайран жүйкем, қоймайсың тозбасыма,
Қажет боп тұр бір жылы сөз басыма,
Кешікпеші, жалғызым, күткен сәттер,
Күмәнім жоқ күнімді созбасына.
Бақыт дедің үйіне асыққанды,
Бөлген жаза деуші едің ғашықтарды.
Көрсеттім –ау бір қылық жазалайтын,
Тәулік салып арамыз қашықтады.
Ұйқым қашты денемнен қашып қаным,
Айтшы, жаным, неге үйге асықпадың?
«Қайдан таптым» деп кеше оттаған ем,
Кешші мені, пірлері ғашықтардың,
Кешші мені, өмірдей ғашық жарым.
Қыз –жүрек
Қыз-жүрек менде намыспен өртеп жүздерін,
Қызғанам сені жұтсаң сен өзге қыз демін,
Нанбайды жүрек. Нанса да қайта жақтайды,
Алғашқы сезім сәулесін мәңгі сақтайды.
...Ұшырдым ойдан қиялдың тырна-тізбегін:
Мүмкін бе сенің бақ жолымды үзбегің?!
Неліктен алыс жалғасқан жолдар арманға?
Неліктен шалыс тағдыр-мәрт мына жалғанда?
Бықсығын жағып, маздатар кейбір шаланы,
От-жалын неге түтіндеп кейде қалады?
Жарықтың жолын көлеңке неге шалады?!
Шақырса жастық «Ақсүйек», «Алтыбақанда»,
Алданба, менің жүрегім, әсті алданба!
Қыз-жүрек шашқан пәк нұрдан әлем шырайлы,
Тірлікке тамшы мөлдірлік қана сұрайды,
Аққудай егіз жансерік берсін ақ таңда,
Қалғыма, жүрек, арманды сол таң атқанда!
Қонбайды бақыт ұят пен ұя сатқанға!
...Қыз-жүрек солай тірліктің кілтін бұрайды,
Қыз-тілек қана нұрлы етер Жер мен Күн –Айды!
Қайтсем екен
Қайтсем екен, нетсем екен мен сені?
Сенің дертің басты асқақ еңсемді,
Нәзік жаным шыдар емес, ой тербеп,
Жел шайқаған тал шыбықтай теңселді.
Қайтсем екен, жалынсам ба мен саған?
Айтсам қайтед арманым деп аңсаған?
Жылар ма едім бәлкім қардай езіліп,
Жібермейді Әже-арым мені оған.
Нар «әжемнің» ерке қызы –мінезім,
Сен дегенде тіл алмайды қамал боп,
Қырсықтықпен гүл жүректің тілегін,
Ұға алмайды, ұқтыратын шамам жоқ.
Жоқ амалым! Ұғармысың аяулым,
Қыз сезімі –қазыналар қоймасы!
Жауап таппай, тоңдырса егер қаяу мұң,
Жанарымның жан сырына бойлашы.
Қоштасқанда
Қимадым сені. «Қалшы» деп тіл қатпадым,
Қинадың мені, толқытып жыр қатпарын,
Жанарым тұрды жасырып бұл шақтарым,
Серпілді кірпік төгілтпей «бұршақтарын».
Күрсінді көңілім –көрініп дүние шағын,
Жылады жүрек –жүзімде дуылдап жалын,
Қасымда жүрген шақтарда сезбедім неге?
Бөлуім қиын соғып тұр жаныңды, жаным.
Сағынтып үнің, дірілің, демің, саусағың,
Сен болып сипап шашымды қинайды-ау сағым...
Думанды дүние қуыс боп кетті тез қалай?
Денемді сүйер сүйек,ет жоқтай қаусадым,
Өзіңсіз айналмай Жер тоқтамасын,
Тез келші, күнін тіршілік жоқтамасын,
Жалындым үнсіз «кетпе» деп, сәл өкпелеп,
Намысым шуақ шашып тұр –жоқ таласың.
Қалай?
Екеуміз үшін көктегі күннің,
Мейірін мәңгі төкпеуі қалай?
Бақытқа толы көктемімнің,
Бақилық болып өтпеуі қалай?
«Біз –жан доспыз» деп жұбаттым,
Жүрегімнің көнбесі қалай?
Өзіңе деген махаббаттың,
Өшірмек болсам, өрлесі қалай?
Асыл жанды қиялдасам,
Өзіңнен өзге симасы қалай?
«Бақытты бол» деп күй арнасам,
Басқаға тағы қимасым қалай?
Өзіңе деген ақ тілектің,
Алыстасам азбасы қалай?
Өмірге деген жақсы үміттің,
Өзіңнен асып, озбасы қалай?
Мұңайған сәтте көңілім сені,
Көктеміндей аңсары қалай?
Өтер-ау десем өмірім сенсіз,
Сезімнің біздей шаншары қалай?
Қайсар да тентек бұл жүректің,
«Сүйгенім өзге жоқ» дері қалай?
«Өмірде дара Сені жар еткін,
немесе жалғыз өт!» дері қалай?
Періштеге сайтан қас баяғыдан
Түсірмеші санамды шырғалаңға,
Сенім өлсе, не қалар бұл ғаламда?
Әділ шешім әр іске таппағанның,
Сенім отын біреудің таптағанның,
Кеудесіне көз шамын жақпағанның,
Сөз төркінін түсінбей, жаттағанның,
Бақ тапқанын көрдің бе?! Сезіндің бе?
Арсыз кісі салмайды көзін кімге!
Таңым сен деп қол созсам бұл ғаламға,
Сағым болсаң қайтер ем? Жынданам ба?!
Онда... намыс тік қояр аяғымнан,
Қалам берер ұшталған жай оғынан!
Бірақ... өлер жауқазын нәзіктігім,
Айтшы, сонда болар ед жазықты кім?!
Махаббатты майдалап саудалайтын,
неткен харрам аярлық «кәсіптігі»!
...Беті аулақ! Сен маған шындықпен кел,
Періштеге сайтан қас баяғыдан.
Отың болса, нұрыңмен емде мені,
Шын сүйгеннің сірә жоқ жеңбегені!
Жүрек
Жыласаң жыла, жүрегім менің, егіліп,
Сөз еткен сені сөйлепті дейсің не біліп!
Мотор-ау жүрек маймылда, малда, басқада,
Адамда ғана жылайды жүрек, не күліп.
Тұрғанмен дәйім тірлікке мына тірек боп,
Сезімсіз болсаң, сүйе алмас едің жүрек боп,
Өмірге теліп, өзіңдей сеніп сүймесең,
Қалар ең сен де бойымда құнсыз бір ет боп.
Қайғырсаң налып, түсірдің әжім жүзіме,
жанымның жазын жеткізіп қара күзіне,
Жүйкемді жүндеп, ағарттың қара шашымды,
Таусылар нұрым жанардан жас боп үзіле.
Жүрегім менің, жанымның қожа, киесі,
Жұқарды жүйкем, сүйрелді аяқ... Сүйеші...
Пірімін Жердің, тірімін сенің арқаңда,
Өмір боп тұрып, өлімді неге сүйесің?!
Жыласаң жыла,өртенсін өксік түк қалмай,
Жарқ етіп күлші, жоқ болсын жасын сұқтанбай!
Бір шөкім етке айналып кетсең, амал жоқ,
Бар болсаң, жүрек, көтерші жүкті түк қалмай!
«Сезім сананы тыңдамайды» деген ініге
Сұлу көп мына жалғанда,
Арманның бәрі арман ба?
Санасыз, сұлу суретке,
Табынба, інім, алданба.
Бос күннен өткен жоқ қайғы,
Минут та қайта соқпайды!
Адасқан жанды жәукемдеп,
Әзәзіл ғана жақтайды.
Тақырда жеміс өспейді,
Шындықпен жарқын дос кейпі,
Арнасын басқара алмас
жүректі Өмір кешпейді.
Санаңды жарға ұрғылап,
Бір тұрып, қайта бір құлап...
Адасқақ, лайсаң тірліктен,
Аға ма мөлдір жыр-бұлақ?
Санасыз жүрек доптай-ды,
Секіріп кімге соқпайды!?
Айшықты арман-қайықты
қайраңға тіреп... Тоқтайды!
Асыпсың орта белесті,
Жеңісің немен теңесті?
Өмірде үлкен мақсатың –
елесті қуу емес-ті?
Айналаң гүлзар, толы гүл,
Сендік боп соның бірі тұр.
Жұлмашы... Тоқта! Ойланшы...
Не үшін сүйдің? Соны біл.
Жақпаса алау жаныңа,
Жансұлу болмағаны да,
Өзіңді шөлдеп таппаса,
Сағынба, інім, табынба!
«Жұлдыз жүрекке» аннотация
Дария орны құр болмас,
Айтылмайтын сыр болмас.
Қанша қашық жүрсе де,
Ниеттесер шын жолдас.
Байланбаған жібегің,
Түтілсе де дүр болмас.
Көңілі шерлі күйшінің,
Дәл басар көңіл –түйсігін,
Халқының нағыз ұлы деп,
Әр ісіңе сүйсіндім,
Аудан боп кірдім айтысқа,
Қиынның құрап қисынын.
Рухын сақтап тектердің,
Жеткенше шамам жеткердім,
Жүректен шыққан сөзімді,
жыр қаламнан өткердім.
Бір қарымта қайтсын деп,
мың жақсылық еткеннің.
Сіз болып сөйлегеніммен,
Сізге арнап сөйлегенім нем...
Не бір мінез артық та,
Не бір ойым болар кем.
Бірақ, ақын пейілі,
Аққулармен болар тең!
Амалын тауып айланың,
Кітаптан түйін байладым,
Гүлзардай естеп жүрсін деп,
Сайрамдағы жайларын,
Қарасөз қиын өргенде,
Жыр тілімен «сайрадым».
Арнадым тілек, қабыл ал,
Екі ұшты болса, ағын ал,
Сенім күші –серпіліс,
Қуат-ау бойдан табылар,
Көзіңді көрген көпшілік,
Сұхбатыңды сағынар.
Сыйы мол алтын күзіңде,
Жыр қалды Сайрам-ізіңде.
Жүрегі жұлдыз жан ағам,
Жылуыңнан үзілме,
Жазған заңмен мың жаса,
Жігіттей бол жүзіңде!
Керім Тіленшин атындағы орта мектептегі кездесуде
Мынау сұрқы заманда алмағайып,
Басталғаны бір дүрмек таңғажайып:
Қайнар-бұлақ өңірін нұрландырып,
Шашу шашып келіпті жан ғажайып.
Әр сәтінің жоспарлы мұраты бар,
Әр сөзінің ядролық қуаты бар,
Адамдықтың ақ туын көтерген соң,
Жыр арнамай тұра алмас тірі ақындар.
Атасының ұлы емес, адам ұлы,
Сайрам елін гүлденткен жылан жылы!
Ой еңбегін күмбездеп, көк тіреген,
Алмас қылыш секілді тұмар шыны.
Бұл –Қуаныш ұлыңыз, қариялар,
Өмір –өзен тоғысқан дариялар.
Бұл –Қуаныш Айтахан, туған ағаң,
Қамқорлыққа зарыққан жанұялар.
Кім дау айтар, кәнекей, маған қарсы?
Мектебімнің көркіне қараңдаршы!
Отыз алты жылдан соң жөндеу көрді:
Аппақ сылақ, ақ шатыр, алаң, шаршы!
...Алғысым мол өзімнің, халқымның да,
Қуаныш боп жүріңіз жалпы мыңға.
Тұғырыңыз бүгінгі өсе берін,
Қолдап жүрсін әкемдей алтын тұлға!
Мектеп директорынан.
Мылтықсыз майдан
Мылтықсыз майдан шебінде,
Жүрген бір біздер әскерміз.
Мықтылық керек тегінде,
Қалдыру үшін қастерлі із.
Қаламмен қағаз бетіне,
Жазылмаған заңдар көп.
Айтар ем саған өтіне,
Ниеттің түсін аңғар деп.
Адалдық пен арамдық,
Аңдысып келген қашаннан,
Көлгірсіп кіріп жамандық,
Көздеп бір атар тасаңнан.
Адалдық пен аңғалдық,
Аруанадан бір туған,
Буырқанса \таң қалдық\–
таймайды жаға жыртудан.
Көшеде көрген бөгденің,
Қасіретіне қайысып,
Қолынан келсе көктемін
қайтарар еді сайысып!
...Аярдың ісі бір басқа:
Аяңдай келіп жолдасқа,
сыбырла-а-ап бір сөз айтады,
Орнынан қайта тұрмасқа!
Жезтырнақтың қызындай,
Төңкеріп көзін сызылды –ай!
Көз емес, көңіл көретін,
Бетперде сөйлер ызыңдай!
Досың боп қатты күйінген,
Тістейді бауыр, бүйірден.
Сүйгенің суық көрініп,
Қашарсың безіп үйіңнен.
Бетіңе тіке келмейді,
Сөзіме сенбе, сен мейлі:
Ажалға айла табатын,
арамза ниет өлмейді!
Өзгермейді, өшпейді,
Бір шүйліксе кешпейді.
Шөп жыланы –шырмауық,
Білдіртпей сорар, кеспейді.
Мылтықсыз майдан осылай,
Тағдырдың жолын торлайды.
Жығылсаң, тұршы жасымай,
Жасысаң, күлер Сор –Қайғы!
Оян, қазақ!
О, қазағым –бәйтерегім, өртендің,
Өлеусіреп бозарған біз –өркенің,
Жер бетінен жоғалатын сәт келсе,
«Қызыл кітап» ашар саған ертең кім!?
Бес саусағың түйілгенде –тас-темір,
Санында емес, сазда шығар басты өмір!
Өртенгенге өрт салғандар, қуанба,
Күйген ағаш қайта жанса –таскөмір!
Сергі, халқым, ұйқылы-ояу қалпыңнан!
Ой-сана мен бірлік қымбат алтыннан!
Бірігейік ата-ата боп айтыспай,
Жүзге бөлген –жүзіқара ант ұрған!
Анам тапты. Ана сүтін емейін,
Рух тұғырын тіл тигізбей жебейін,
Өз тілінде сөйлей алмас мүсәпір,
Өзгелердің бұлбұл етпес көмейін.
Ата тегін ардақтатқан құрметтей,
Ұлан қайда ұлтын сүйер бірбеткей?
Өз тілінде еркін жылап, күлмеген –
қан тамырын қылыш қиған сұр беттей.
Бозғылт намыс, боз түсінік, боз өкпе...
Боз сезімдер құрт түсірер өзекке!
Боп –боз көзден сақта, Құдай, безерген,
Берген жанды алсаң-дағы ез етпе!
Мойынға сап безбен дүние белдігін,
Билер шешкен төрткүл дүние теңдігін,
Көңілі көр, сөз сіңбейтін санасыз,
Тоқтамсыз көп. Дауа табар енді кім!
Өмір –күрес, өлгеніңше бітпейді,
Жалынсаң да тілегенің күтпейді.
Атаң Қазақ арлы сөзге тоқтаған,
арын жықпа, дұшпаныңды жық мейлі!
Боз дүние! Бозарғанша жанса-шы!
Боп-боз көзден өкініш жас тамса-шы!
Үнсіз, тілсіз бозарады көп қазақ,
Тіл үйреніп, тілге келер қаншасы?!
О, Қазағым –бәйтерегім, өртендің!
Өлеусіреп, бозарған біз –өркенің!
Жер бетінен жоғалатын күн туса,
«Қызыл кітап» ашар саған ертең кім?!
Өсиет
Өсерсің, ұлым, кім болып?
Жүрмеші көңілің кір толып,
Жүрегі жадау жан көрсең,
Қайғысын бөліп, бір торық.
Күйе, лас жұққыш келеді,
Жаманмен жүрме бір қонып!
Айтқанға көне бергенді,
Ай- күнге теңегендерді,
Шын досым деп алданба,
Күндізгі көлеңкелерді.
Пір тұтып мәңгі өткейсің,
Шындықпен жебегендерді.
Өсиет айтсам тарихтан,
Заңдылықты бәрі ұққан:
Қадірін ненің білмеген,
Жете алмай соған зарыққан.
Қайыспай көтер ауырды,
Кем бола көрме алыптан!
Ақымаққа ас қайғы,
Өресі одан аспайды.
Ізгілік деген мұратқа,
Айдасаң, аяқ баспайды.
Шыр біте қалса қолына,
Піріне амандаспайды.
Арайлым, аппақ таңдайсың,
Сұлулық көрсең қанбайсың,
Іші бос қуыс даңғырлақ,
Ақылды сатып алғайсың.
Перизат, асыл періштем,
Мәңгілік солай қалғайсың!
Жүрек қақырағанда
Есімде... сезім-дауылдан,
Жапырақ-жүрек ауырған.
Ұрпағы болдың ардың деп,
Гүл болып бүршік жардың деп,
Жатпадың неге көміліп,
Астында аяз қардың деп,
Символы болып пәктіктің,
Көз жауын неге алдың деп,
Іші тар, төмен қауымнан,
Жапырақ-жүрек ауырған!
Құралайдың көзіндей,
Сұлулық біткен сезілмей,
Мұң сезім ыңырсығаны,
Қайталап жалғыз дұғаны!
Жалбарынып тәңірден,
Бақытын ердің сұрады.
Жүректің қақырағанын,
Жүрегі барлар ұғады.
Күн-түнннің парқы сезілмей,
Гүл-жүрек солды сезімдей.
Тіршілікке қонақпыз
Өзімшіл оймен қинадың,
Өзектің нәрін силадым,
Асыл тастар ішіне,
мейірім неге жимадың?
Ақ сәуле –жеті жолақпыз,
Ақылға кейде шолақпыз,
Тілектен тыс қоштасар,
өмірге келген қонақпыз.
Кептірер қызыл қанды да,
Уақытқа қонақ жан мына.
Халқың бір жоқтап жылайтын,
жанқияр ісің болды ма?
...Шыбықты ат деп мінгенбіз,
Шапқылап, «желіп» жүргенбіз,
Қаз басып, құлап, түрегеп,
Сүрініп, пайым білгенбіз.
Қайыңға қарап бой түзеп,
Ақша бұлтқа ой түзеп,
Шырыш мүйіз лақтай,
Көктемеге сай қыз ек.
Алыстатып араны,
Бал сәттер қалып барады!
Бүртіктен өскен бұтақ-шаш –
қайыңның жүрек-парағы.
Достарым қайда сырласқан?
Бәрі де соно-оу қырды асқан!
Сағынып Уақыт жүрегі,
Жазады тәтті жыр-дастан.
Қалыппыз лезде есейіп,
Ой көмбесін көсейік,
Қайрыла қарап өткенге,
Өрнектеп соқпақ төсейік.
Артыңда қалған белгің не?
Өшпейтін ізге сендің бе?
Мейірім сеппей өмірге,
Келмедің не, келдің не!
Өтініш
Сен күңкілдеп қинама күнде мені,
Қыбыр-жыбыр бықсытып бірдемені.
Өзгеге емес, өзіме шағым жаса,
Нем адам еркім маған бағынбаса!
Өз бойымда төрешім, жазалаушым,
Тексерушім, мінімді тазалаушым.
Сараптайды екіге Ар-таразым,
Өкпе-назым, ой-арман, бір денені!
Тура сөзге таласып, секіретін,
Мен емеспін өзімшіл көкірегің,
Кірбің іздеп, өзгені қинамаймын,
Пейілің тура болмаса, сыйламаймын!
Түсіне алмай біріміз бірімізді,
Жоғалтпайық жолдардың бірін ізгі.
Ашық айтшы, не саған күйінермін,
Не, ұялып, алдыңда иілермін.
Намысыма тиіспе күнде менің,
Мені ұялтар сын болсын мін дегенің.
Сөз де кейде сөз емес, біле білсең –
өзі жауап тіл қатпай үндемеудің.
Жаңылдым ба?
Неше мезгіл күлкісіз күнелткелі?
Қаншама ай қайғымен түнектелді?!
Есептеші, арқалап азабыңды,
Мен кешемін нешінші күн-өткелді?
Нешінші түн ұйқысыз ой бағамын?
Нешінші мың «неге?» деп ойлағаным?
... Кеше екен деп сезуші ем жоқтығыңды,
Кеш екенін мен қалай байқамадым!
Деп тілеуші ең: «Бір шырқап асқақ әнді,
Жұп боп жүрсек қайғыны жасқап мәңгі!»
Қайда кеттің? Кім кесті тілегіңді?
Қайдан табам? Ой-санам тас қараңғы.
Тағдыр салған талқыға кім төзбейді!
Төзім-шебер жігерді күмбездейді.
Қанатынан қайрылса сыңар аққу,
Сыбызғы үннің арманын кім сезбейді!
Шаршағанда сүйеніш, қуатым ең,
Қамыққанда дауылдап қуатын –сен.
Қолыңды соз, адастым, ақ арманым,
Айсыз түн бұл! Ай болып туатын –сен.
Қайдасың сен? Мен қайда тұрақтадым?
Жазым едің. Күз болды-ау қурап бағым.
Жапалақты қиялмен қыран етіп, жаңылдым ба?
Сен бе едің сұлу сағым?!
Төсек тартқанда
Хабарсыз жатқаның не? Неғылғаның?
Бұлттансаң, өлең осып, төгіл, жаным!
Амандық артық екен бәрінен де,
Ауырсаң, Аллаңа атар мен –құрбаның!
Жарығым, сәулең неге көрінбеді?
Санамның босап кетті-ау өрімдері.
Миым да тұздалды ма, ашығаны-ай!
Көз алдым тұманданды. Көрінбеді!
Құлақта шілде қоңыз шуылдады,
Жүрегім – қазан-кеуде қуырдағы!
Құмдаққа түскен балық секілдімін,
Дәл мұндай күй кешпегем туылғалы.
От табын түйсінбейді күймегесін,
«Мен сенсіз өлем!» дедің. Сүйдегенсің!
Айтсаңшы, қайда жүрсің? Көлбеңдетер,
дараққа асылған сұм күйді елесің.
Жанардан сезім су боп жосығаны!
Қызғылт қан ауыр тартып, тасығаны!
Бір сұлу тапсаң етті азартегі,
Айтсаңшы? Тұрайыншы осы кәні!
Шығарып бір ауланың әбігерін,
Шошынып жетті жедел дәрігерің,
Ем-домын жасап жатыр. Білмейді әттең,
Бұл қызды жары емдеп, жары жерін.
Хабарсыз жатқаның не? Жатқаның не!?
Жанымды үнсіз оқпен атқаның не?
Шырылдап жылағанда сұр телефон,
Қарғып бір шапқым келер атқа міне.
...Тамшының терезені қанша ұрғанын
есептеп, Уақыт-дәуді қамшыладым.
Нар ма деп өкпе айтып ем жүреріңде,
Жетті ғой үнсіздікпен жаншығаның!
Білесің дәл осылай күйерімді,
Қалдырып тері мен құр сүйегімді.
Несіне өкпелейсің сөз айттың деп,
Білесің сол ерінді сүйеріңді.
Ойланшы баса-көктеп, бұра шаппай,
Бойыңда сөз есітер кінә жоқтай,
Сезімі қулық-сұмдық, шымылдықсыз,
Мен сенің әлдиіңмін шынашақтай.
Еркелеу өркені едім бір ананың,
Әперген Айдан басқа сұрағанын,
Екі апта жатқаныма төсек тартып,
Батпай ма саған ерте құлағаным?!
Өле алмай күттім, үнсіз жатқаның не?
Қосақтап махаббатты атпа бірге!
Мен қалай енеді екем риза болып,
Қоймаған өз қолыңмен жат қабірге?
Төсекте ой кеміріп, қуарамын,
Осындай нәзіктікпен туар ақын,
Сөйлеші ең болмаса телефоннан,
Мен тірі болсын десең, сұранамын!
Жұбату
Айт екем, өсек, айт екем!
Төгілер толмай қай теген?
Қол жетпес көктен қызғантпай,
Қоқыста жатсаң, қайтер ең?!
Көтермес әркім бақты да,
Сор болар кейде жақ мына,
Кім айтса сенген Надандық,
Садақ боп сені атты ма!
Дұрыс-ау сөзден нәр алдың,
Сүйек пен еттен жаралдың.
Ақ пейліңді қара деп,
Бетіңе, қане, барар кім!?
Айт екем, пыш-пыш айт екем!
Айтаққа ақыл қайшы екен!
«Хан артынан жұдырық»,
түймесе ешкім, қайтер ең!
Егіліп сонша жылайсың,
Етпеттеп неге құлайсың!
Нақ жаза берер өсекке,
Бар болса егер Құдай шын.
Өтінем, енді жылама!
Түрегел, ақ жол сұра да,
Көзіңнен тамған тамшыға,
Өсекші он бас тұра ма?!
Желпілдеп қолда көйлегі,
Иттерше қауып сөйледі.
Бұзуға даяр бар надан!
Адамның саяқ «қой!» дері.
Ит үріп, керуен көшеді,
Өсек сөз өшер деседі,
Қызғаншақ іштер тарылып,
қалыңдар соры бес елі.
Ақылға сал да бекінші,
Ағаттық санап, өкінші,
Көре алмай айтқан көп сөзге,
көңіл де бөлме екінші!
Жүректен тамған...
Өзеннің жарты сағасы,
Өмірдің нұры –нағашы,
Сүйегімді сындырды-ау,
Тексіздердің табасы.
Күреске қызды таңдаса,
«Жігітпін» деуі –далбаса!
Ошақта бықсу не керек,
От болып лаулап жанбаса!
Санасында жоқ дарын –
шошаңдатар шоқпарын,
Суырдым қылыш! Бірақ та,
Қандауға қимай тоқтадым.
Бұл өмір неткен күресін!?
Жылайсың, қайта күлесің.
Ителгіні танып боп,
Сұңқардың парқын білесің.
Бетіңе қарап күлетін,
Ит-адам шықты үретін.
Етекте жүрген есерсоқ,
Түсінбес Шындық жүрегін.
Жинап қойған ұятты,
Катализатор сияқты,
Мен жүрген мына ортадан,
Дәл осындай күй ақты.
Көрмеңіз құқай мен көрген,
Сегіз ай кештім сергелдең!
Тайғанақ табан тірі көп,
Сұрадым медет өлгеннен.
Кеудеге толса жын-шайтан,
Қорықпайды екен Құдайдан.
Күншілдердің сезімі,
Артпайды қасқыр -ұпайдан.
Апанын аттап қасқырдың,
Ар туын сізге тапсырдым,
Қолымда байлық, билік жоқ,
Ымдай алман астыртын.
Бере ме жүкті нар үшін?
Күрестім намыс, ар үшін,
Көп досым тауық боп кетті,
Азғынның шоқып тарысын.
Ақынға тосар азабын,
Абайды соққан қазағым!
Жүректен тамған қаныммен,
Шағым-хат сізге жазамын.
Бір білерім...
Құдіретім, бітпейтін сағынышым,
Сорсың ба, әлде таптым ба бағым үшін?
Сорым болсаң, ақылым кемдігінен,
Өзім емей, көрмекпін енді кімнен!
Сағынамын адам деп сенгеннен бе,
Періштенің кейпіне енген пенде.
Енді тапқан егізін адамдаймын,
Қайталаймын атыңды қадам сайын.
Қайтер екем, ақылдан шатасам ба?
Сені ойлаймын басқаны атасам да,
Бір жаратқан менімен көктемені,
Күншуақты сүйдің деп сөкпе мені.
Сені ойлаймын ауырған сезіміммен,
Шөл өмірде қатқылдау кезігіп ем,
Гүл тікені –белгісі батырлықтың,
Сөкпе іргесін шынайы татулықтың.
Алдап жүрсең, алдай бер арың жетсе,
«Жас баладай ақылсыз, жарым ес» де ...
Сенен жылу сезгенде сүйе берем,
Бір білерім – басымды сүйеп өлем.
Татуласу
Көңіліңнің мен бұраймын ән-құлағын,
Тоңдырамын, қаласам жандырамын!
Ояу жүрсең «ұмыттым» дегеніңмен,
Менің атым болады сандырағың.
Сөзіңде айтпай, ойыңда қиялдайсың,
Сен мені ешкімге де қия алмайсың,
Тіршілікке екеу боп сиярсың-ақ,
Ал, бақыт құшағына сия алмайсың!
Тік қарашы, жасырған сыр білейін,
Кірпігімді серпіп, сыр сүргілейін,
Әдейілеп жасаған наз-өкпеме,
күйіп-жанған кейпіңе бір күлейін.
Шат күлкіммен есіңнен тандырайын,
Қыз-мінездің сырына таң қылайын,
Аңызақ боп кептіріп, шөлдетейін,
Шәрбәтің боп шөліңді қандырайын!
Қайғысы да ортақтас басқалардың
Жалыным бар лапылдап көрінбейтін,
Сылаң қағып, маралдай керілмеймін,
Жанарымның түбінде сөнбес шоқ бар,
Тұтанбайды тек қана қаны жоқтар.
Қарай берме, жәудіреп қарай берме,
Оянбасын гүл сезім қалай сенде,
Ғашық болсаң қайтер ем, айнам, саған,
Жүрегімнен орынды қайдан табам!
Сырын ұқтым үніңнің, домбыраңның,
Тәтті мұңға кеудемді толтырамын,
Ғашық болсам қайтер ең, сен – ертегім,
Өміріңді бір маған берер ме едің?
...Бұзылмасын тынышы баспанаңның,
Қарай берме, өтінем, жасқанамын,
Жаным бірге жасайды жақсылықпен,
Қайғысы да ортақтас басқалардың.
Сынақ
«Келіспеймін!» деймін мен қиқарланып,
Көнесің сен, шертесің гитарды алып.
Ұнамадың!
Сен жігіт ұнамадың!
Несі дұрыс осылай тіл алғанның?!
Бұл сөзім –ақылыңды сынағаным!
«Мен» емес, «Тек сен» емес, екеумізді
тербейтін «Дұрыс» деген күй тарталық,
Шаңыраққа осындай сый тарталық!
Өз ойы, шешімі жоқ бас – ол бас па!
Ондайлар сел, құйында шыдамас та!
Сөндірмейік үмітін бір атаның,
Табандылар тамырлап, гүл ататын!
Өзің болшы өмірде ұнатарым.
Көнемін не десең де, тек сендірші,
Тағдырымның жолында жыламасқа.
Мың жасамай қайтесің
Гүл сезімдер, жанарда жайқалдыңдар,
Тіл жеткізбес тілекті айта алдыңдар.
Қызғанышпен бұрқырап, қаһар мінген,
Махаббатты райынан қайтардыңдар.
Шіркін көңіл көпсіп бір гүлдегенде,
Шымыр-шымыр қан тулар жыр-денемде,
Мың жасамай не болсын, балқып сезім,
Жәннәт көрсең бір демде – бір дегенде!
Не жетеді бейкүнә қыз-арманға!
Қанат-көңіл Айды орап, ұзарғанға!
Мың жасамай қайтесің гүл сезіммен,
Махаббатты айдында жүзе алғанда!
О, гүл қыздар, өмір деп не білдіңдер?
Гүлдей нәзік көңілде егілдіңдер,
Жалғыз жұбын іздейді жанын қосып,
Аққу-перзент, дәл сендей көгілдірлер!
О, гүл-сезім, сезімі періштенің,
Әр кеудеден шаттық боп өрістедің,
Сыңғырлаған күлкіңмен ажалды атып,
Өмір күнін ұзартты жеңістерің.
Жеткергенің
Әділеттің тілімен маған тіл қат,
Сүйін, күйін, жазала мені шындап,
Тірілердің мұраты, әруақ рухы,
сені сүю арқылы ғана қымбат.
Ақын жүрек неден де жасқанар ма,
Үгітіліп жолында тас қалар да!
Сені ешкімге еншілеп бере алмаймын,
Иісіңді де қимаймын басқаларға.
Менің сенен безініп, жек көргенім –
босқа келіп өмірге, текке өлгенім!
Сенің тәттілігіңнен өмір тәтті,
Бір көзқарас болғаның – жеткергенің!
Жүрегіңнің тұрмын мен жартысында
Өзге қыздар сыйласын төрін мейлі,
Сол сый саған сый болып көрінбейді.
Тулатса да жаныңды асау сезім,
Жарасымды – жастық шақ, масаң кезің.
Асыл сезім ақылсыз берілмейді,
Бақытың боп бәрібір өрілмейді,
Өйткені – өзге мен болып көрінбейді.
Байқашы өзің, әр қыздан мені іздейсің,
Менсіз жетім, кемесіз теңіздейсің,
Мен сияқты күлгені, жүргені үшін,
Күлгенің шын, жақын деп білгенің шын.
Жан сезімің мені жат дегізбейтін,
Мұңайғанда жаныңмен егіздеймін,
Айтшы өзің, жалғыз мені неге іздейсің?
Әр қимылым жаңғырар есіңде мың,
Қызғалдақты тергенде есіңдемін,
Өзге қыздың тұрсаң да құшағында,
Жорисың сен бұл сәтті түс- ағынға.
Ақтарылып сен оған шешілмедің,
Жақпаған бір қылығын кешірмедің,
Жарты алмаңды мен үшін жесін дедің.
Мен тұрамын дауыңның тартысында,
Жұтып қойған сөзіңнің жартысында.
Жасағың кеп өзіңнен дәл мендейді,
Өз жүрегің өзіңе әл бермейді.
... Айта алмайтын сүйгенге жарты сын да,
Махаббаттың нақ заңы, шарты шын ба?
Жүрегіңнің тұрмын мен жартысында.
Бақытты болшы...
Сөгілді жүйкем – арқауым,
Талқылап бітті бар қауым,
Басымды тұр-ау көтеріп,
Намыс атты нар тауым.
Аңызда айтар теберік,
Аққанша жанар көгеріп,
Жұлдызбын мен де, аңқауым.
Кім білсін, қанша жанамын,
Сен жайлы жазар қаламым,
Бұйыртпаса бұл жалған,
О дүниеде табамын.
Қара жер тербер денемді,
Бақытты болшы сен енді,
Түйінін байлап тобамның.
Түспес те көрге өгей-күн,
Алыстап кеттік демеймін,
Махаббатымды маздатып,
Сол жақтан сені жебеймін.
Ойлама мені, азба түк,
Біз жайлы аңыз жаз жатып,
Сағынсаң да келмеймін.
Мойындау
Білмедің бе, сырымды сезбедің бе?
Үндемеуші ем... Батылсыз ез дедің бе?
Айналамның той-думан кездерінде,
Ауа жетпей алқынып сені іздедім,
Мән-бағдарсыз көшені кезбедім бе!
Ойға шомар қарт таулар орап сәлде,
Қартая ма өзіңсіз назды ән де.
Қалмағандай тірлікте сән де, мән де!
Мына күннің от сәуле кірпігіне,
Нұр беретін құдірет сенсің бе әлде?
Көрінер түнде елесің, күндіз кейпің,
Бал балалық қайда екен қамсыз дейтін?
Қиналыспен жете ме қымбаттарға?
Ар, әдептен асатын сымбат бар ма!
Қыз дәстүрі құлыптаған сезім сейфін.
Дауыстап айтылмайды ойымдағым,
Сондықтан, сұрақтармен оюландым,
Ұғыншы қыздың терең аспандығын,
Бір сенсіз тіршілікте тастандымын,
Келмейді бірақ саған мойындағым.
Мұңдасқанда
Мұң басқанда, көңілімді түн басқанда,
Ұқсап кетем бұлтсыз түнгі аспанға.
Күн күркіреп, найзағай жарқылдамай,
Жұлдыз-жасым ағады мұңдасқанда.
Жұлдыз жауып тұра ма, нұр аға ма?
Көңіл кірін тазартып, жыр аға ма!
Жұлдыз күліп тұра ма, жымыңдай ма?
Мың құпия бір аспан – бір адамда.
Еңкілдемей, тал шашым желкілдемей,
Жылап тұрам сырт көзге белгі бермей,
Дір-дір еткен қабақтан әрі аса алмай,
Бүлк-бүлк етіп жұтынар шіркін көмей.
Иығымды басса да ауыр қайғың,
Сөз болмауға бекініп, дауылдаймын.
Тау басына сүйенер бұлт секілді,
Тірегіме босаңсып, ауырлаймын.
Сенім қайда... Сенім қайда? Мақсатың сенің қайда? Ақылдасың қайда жүр осындайда? Өкпе тұстан өсек кеп өңмеңдесе, Парасатың парқыңа қосылмай ма! Қажет саған адал дос осындайда, Осындайда сыр мен жыр қосылмай ма? Құйын сезім ап қашса ақылыңды, Сабырыңды қоясың сосын қайда? Сырт бергенмен сенімге бір құс-елес, Елес қуып кетуің мүмкін емес! Салихалы ой егіз тектілікпен, Бақыттылық тек қана күлкіде емес! Сенім қайда? Танымың тозғаны ма? Тағылым-тау құм сусып, боздады ма! Көріп тұрып сенбеймін, періштеден нақ сайтанның мықты боп озғанына! Сен Сен – менің қайғы-мұңым, қуанышым, Сен – менің шаттығымсың, жыр-әнімсің, Сен – менің теңізімсің балық болсам, Сен менің дәл өзімсің, ұғамысың? Қуансам, құлыншақ боп саған жетем, Қамықсам, құшағыңда болам бөпең, Қорғаймын қасіреттен қасымды да, Қаратау бедеріндей ізбен өтем. Арман боп Ай елінде тұрған да сен, Алдымнан ақ нұрдан жол құрған да сен, Адалдықпен жұптасқан жүрегіміз, Ақ торғынды жарыңа құрбан да сен. Екі сөзді еріксіз, елге қоспа! Еркіңе ерген кім өзі? Қас па, дос па?
Елпек мінез тұрақты, шынайы емес,
Ер мінезі жоқтарға ерме босқа!
Ыстық қан тулап аққан жүректегі,
Ыриясыз пәк сезімнің жыр-өткелі.
Ығыспа, туралықтың туын ұста,
Ынжықты жаралғам жоқ жыр еткелі!
Болмаған ардан биік жаным- қайғым,
Бақыт іздеп тек басқа жалынбаймын,
Бүкіл әлем сияды құшағыма,
Батасымен халқымның жалындаймын.
Көз жасы сызат салған сыз дененің,
Көңілін қуаныш боп жүз демедім,
Күн кеудеде соғамын жүрек болып,
Күре тамыр жолымды үзбе менің!
Жұбатшы бір сәт
Жанымның терең түбінен тербеп тіл қаттым,
Екеуміз неге болмаймыз гүлі бір бақтың?
Амалым қайсы? Амалым жоқ- ау, түсінші,
Өмірім өшпей өшпессің сен де, қымбаттым.
Жанымның нәрін, жастықтың жалын айбынын,
Арнадым саған, дүние керуен байлығын,
Телміре қарап, секундты санап күтетін,
Қара жер болдым күтетін үнсіз Ай, Күнін.
Жүйкемді менің өзіңсіз күндер кемірді,
Жусады жүрек, жігерім тозды, жеңілді,
Жылата бермей, жұбатшы бір сәт ескеріп,
Өзіңе ғана арналған жап- жас өмірді.
О, Сириус жұлдызым
Жұлдыз- жасым аға ма жылағанда,
Мен не деймін халімді сұрағанға?
Өмір деген нәр алып гүлдемей ме,
Сәуле түсіп біреуден бір адамға?!
Ызғар шашса, тіршілік тоңбайды ма,
Қорғамай ма қу бұтақ торғайды да!?
Суық сөзбен жанымды жаншығанша,
Қанат беріп қатайтсаң болмайды ма?
Мен шынымен білімсіз болғанымда,
Пырақ қанат қағар ма ед жан- жағымда!
О, Сириус жұлдызым, ата- бабам,
Қуат берші тіресер Сорға мына!
Мақұрым кейіп
Жылар ма ең, әлде күлер ме ең жетсе егер саған,
Сағыныш әні жанымның жасырын салған?
Құздардың терең түбіне құлаған өзің,
Құтқарып алғым келеді жетсе егер шамам.
Тұрар ма ең іштей езіліп, басыңды иіп?
Өртер ме ед ұятың өзіңді? Тартқызған күйік?!
Барар ем сонда жаныңа еліктей иіп,
Кеудеммен сүйеп басыңды, жасыңды тыйып.
Жетер ем сонда мұратқа асуы биік,
Қоштасып мәңгі кетер ем көзіңнен сүйіп.
Тас керең кеудең түпсіз бе ед?!
Жетпейді ән саған!
Аңсарың –арзан күлкілер!
Желік пен тағам!
Мақұрымға кеткен бейнеңді көксейм-ау бекер,
Түкке де тұрмас құнсыз боп кеміді бағаң!
Ездік, мансап, қызғаныш –дұшпан
Күттім сені. Тағатсыз тұра алмадым,
Көп емес, тек сен неге бір алдадың?
Талдан ұшып жапырақ қол бұлғайды,
Қол бұлғайды саған да бір арманың.
Бұл сезімге, кім білсін күлерсің де,
Не іздейсің өмірден үлесіңе?
Ездік, мансап, қызғаныш –бәрі дұшпан,
Адалдық жол –шын бақыт, білесің бе?
Жақсылықпен жазалау
Сенімсіздік көргенде сазаратын,
Көңілім үшін жасадың азалы адым.
Жауыз-жүрек жолынан жаңылсын деп,
Жақсылықпен мен сені жазаладым.
Кім мұңайды тірлікте?
Жазалы кім?
Тас маңдайға тағдырың жазар үкім,
Жамандықтан жаныңды жирендіріп,
Жолға салса игі еді тазалығым.
Өсек- жылан санаңда сары у болып,
Қайрат қолың қандалды- ау қару болып!
Жамандыққа жасаған мың жақсылық,
Жеңер ме екен сол уды дәру болып?!
Сезім иірімдері
Арман әнін көңіліммен айтып жүр ем,
Сен болмасаң, мен өмір қайтіп сүрем?
Мені алға қандай күш жетелейді?
Не деп тыншып, немене айтып күлем?
Тоқтағалы тұр жүрек, айтшы бір ем.
Өзің бар деп уақытым алға асықты,
Ақыл-санам ойыңмен жалғасыпты,
Бақытымды қашанғы үлестірем...
Бір тәуліктен қу жаным зорға шықты.
Теңгермеймін бір саған бар ғашықты!
О, тағдырым, жан туыс махаббатым,
Емдер мені тек сенің шапағатың,
Әр келбеттен өзіңе ұйқас іздеп,
Сен арқылы түйсінгем Адам атын,
Көңіліме орныққан азаматым.
Ауыш ақыл
Жаным кетті өзіңмен.
Денем қалды,
Құртқаның нең түк қоймай менде барды?
Қан жылайды дірілдеп гүл сезімім,
Сәби- сенім паналап өлең- жарды.
Ақыл қайда?
Таппадым. Ауысқан ба?
Әсті осылай күй кешер ауыш жан да.
Ой келеді: «Не таптым періште боп?!
Айналдыршы, Тәңір-ау, сауысқанға!»
Қызық та жоқ. Жүрек те күйінбейді,
Күйінбейді өртенсін үйім мейлі,
Керегі не ел айтқан қасиеттің,
Сен таптадың! Өзгеге сүйінбейді.
Мен білмеймін бұл күйдің не екенін,
Жоқ секілді не мұрат, не мекенім,
О,рақымсыз!
Намысқа неге тидің?!
Өзегі сол өмір мен мерекемнің.
Қадірсізге
Жылытқан жүрегімді есім едің,
Есім едің –ескертпей есіме дым,
Сен арқылы өмірді шешіп едім.
Саған теңеп басқаны бағаладым,
Саған ғана жалғыз мін таға алмадым,
Қара қылды қақ жарған пейілім бар,
Ал, сен осы пейілімді тағы алдадың!
Жанарыңды көрдім де жалбарынған,
Мен сенің өткеніңді кешіп едім.
Қайта алдадың.
Тағы да сенгенім не!
Неге аядым мұңайып келгеніңде?
Мен сені шынымен жек көрмедім бе?!
Кім едің сен? Пері ме ең, есер ме едің?
Аярлықтан қаны бар кесел ме едің?
Не десең де сенуші ем.
Неге сен де,
сол қадірлі күйіңде өлмедің бе!
Бейітіңді бір үйім көрмедім бе!
Япырау, у секілді тәтті ме едің?
Қамышыдай солқылдақ, қатты ма едің?
Дап- дала боп жүрегім жатты менің,
Қан сұраған ниетің тапты ма емін?
Сене алмаймын көзіммен көргеніме:
Адамдығың ар сатып өлгеніне!
Арсыз өмір –қап-қара көрменен тең,
Дауа болар тірілік көрде кімге?
Ұмытамын десем де тек сол есім,
Жүрегімді тырналап жатты менің.
...Ал, мен саған адамдық бақ тіледім.
Астынан жердің күндізін күткен күнбағыс
Көзің-ай мөлдір қоятын айтып сырыңды,
Емірене қарап, еріксіз тартқан нұрымды,
Жүрегі жұмақ, жылы ұя – махаббатыңа,
елітіп жаным бұрылды.
Шашың-ай ұяң жағадан қайтқан толқындай,
Қалайша қиям басқаға, жаным толқымай!
Естілсе даусың, көрінсе бейнең еріксіз
жүрегім соқты солқылдай.
Өлеңнен басқа сыр айтар ешкім таппадым,
Өрнектеп жаздым көз жаспен өлең топтарын,
Өзіңді сүйдім өмірдің балап мәніне,
Ішімде бәрін сақтадым.
Дәл мендей қалап, пір тұтса екен алғаның,
Арманым көп-ау, бұл да бір тілек, ардағым,
Көзімнен таса ұзаққа бірақ кетпеші,
Көрермін басқа қалғанын.
Ойламау үшін тірлікпен құлап-сүрліктім,
Сезімді тұсап, құз жаққа құмдай сырғыттым,
Өзгеру үшін өзіммен өзім алыстым,
Тағы ұшты өлең-бүркітім.
Ақынның кемдеу, не артық дейді ақылы,
Кемдігім болар – ұзаттым сені ақыры,
Астынан жердің күндізін күткен күнбағыс
ақының болдым ақыры.
Қатал-ау тағдыр жар етіп сені сиғызған,
Тіршілік бөлек, некемді мәңгі қиғызған,
Не деген бақыт, не деген тозақ махаббат,
Күнді әкеп түнге құйғызған!
Жан сезімі қаныңа жазылады
Күліп тұрып жыладың,көзім, неге?
Кеткенің не бағынбай төзімге де!?
Дәл осылай аруана боздар ма екен,
Өлген жүрек соққанын сезінгенде?
Соқыр көзден осылай жас аға ма,
Сағынышы су болып езілгенде?
Күліп тұрып көз неге жылайды екен?
Көзайым боп сүйінші сұрай ма екен?
Тамырынан бұлақтар жылап ақса,
Тас тұлғалы емен де құлайды екен.
Жүрек шіркін қашалған тас болмаса,
Бұл сезімге қалайша шыдайды екен?!
Бет күлгенде, көз, қалай бағынбадың?
Ұят болды-ау бұлақтай ағылғаның!
...Күлкі ақты көмейден, жанардан жас,
Жүрек жайды егіздің табылғанын.
Қатар аққан әулие үш бұлақтай,
Болмыс жазды өлеңмен сағынғанын!
...Көбі өтті өмірдің, азы қалды,
Күлгенің не көргендей қазынаңды?
Қызыл тілдің қылышын қынға салып,
Ащы жаспен айттың ба базынаңды?
Сөз жоғалту – ақынға ұяттау,
бірақ,
Жан сезімі қаныңа жазылады.
Түс көргенде
Өткеріп небір ыстық, суықтарды,
Көңілім алабұртқан тұнықталды,
Қат-қабат жылдар жапты дидарыңды,
Қаншама мезгіл өтті «ұмытқалы».
...Түсіме неге енесің желдей жылап,
өмірдің босады ма уықтары?
Басыңды сүйеп, неге шағынасың?
Өртенген өзегіңнен ағыласың.
Өлеңмен жұбатайын – біз әлсізбіз,
Тағдырдың дегеніне бағынасың!
Ай деген шағылдырып Күнді берер,
Ұқтырып ақ сәуленің мағынасын.
Тілеймін енді қате баспауыңды,
Қайғыны жігеріңмен жасқауыңды.
Өңімде санам – патша , ұйықтағанда
тілеймін мимен амандаспауыңды.
...Сезімді сағынышпен байласаң да,
Ой ғана білмейді ме тосқауылды?!
Көк тасы Самарқанның еріген бе,
Қара түн тізе бүгіп, жеңілгенде!
Шын ғашық қосылмайды не себепті,
Жүрегін жүрегіне телігенде?!
Аққулар сыңарынсыз өлер болса,
Адамдар арманынан жеріген бе?!
Мен сені өлеңіммен жұбатамын,
Рауандап, тоқтап қалған құба таңым:
О баста періште боп туылғам деп,
Пенделер сыйлау керек түп отанын.
Жасаса жүрегіңде пәк махаббат,
Адами сол болады шын атағың.
Ұмыт дедім
« Ұмыт» дедім, «Сен мені ұмыт» дедім,
Кім береді бақытын күліп, тегін!
Ару құшқан құшақтан үмітті едім,
Кері өзгерді пейілім саған деген,
Сұп-сұр болып өзіңе таман келем,
Ішке зорға қайтады бұлт-демім.
Тұлпар текті болмас па жігіт деген!
Мен солай деп өзіңнен үміттенгем,
Ер мұраты ертекпен шенеседі,
Жұмбақ сырға толғанмен келешегі,
«Күш-жігерім жетпеді» демес еді.
«Ұмыт» дедім, сондықтан «ұмыт!» дедім,
Тұлпар текті жігіттен үмітті едім.
Келіндер
Таңдарды таңға ұрып, көз ілмедім,
Тозады дембіл-дембіл төзімдерім,
Қиямет соғысында жүрем ылғи,
Періште-пендешілік сезімдердің.
Жас та өтер тіршіліктен, кәрі де өтер,
Сәттілік – өктемдік пе әлді жетер?
Мейірім, ақ ниетті құрмет тұтпай,
Адам боп кеуде қақсаң – бәрі бекер!
Бойжеткен, бір жігітке жар боларсың,
Жар болсаң, түйе ішінде нар боларсың,
Секундтап аққан жылмен жүйкең тозар,
Ене боп, сен де дауыл, қар боларсың.
Ай нұрлы, шуақ жүзді жеңгелерім,
келген жер – өсер жұртың, елің дедім.
Дерттіге жылуыңнан қараса гөр,
Емшіден кем болмайды сенің демің.
Тағайын құлағыңа жырдан сырға:
Кемпірлік жақындайды жылдан-жылға,
Қалады ұл-қызыңа үлгі-өнегең,
Тірлікке бола алмайсың сен де тұлға.
Бәйшешектей күттірген келіндерім,
Келінді аңсамайды тегінде кім?!
Бауырымды көбейтетін жан жары деп,
Сен үшін еш нәрседен шегінбедім.
Қаз кеуде, батыр мінез келіндерім,
Түсінсең, жеңіс болар шегінгенің,
Бірлігін келген жұрттың тілемесең,
Қозысын бөрі жейді бөлінгеннің!
Іздерің ұрпағыңа жол болады,
Мейірде бақ, несібе мол болады,
Өскенде бірін-бірі мүйіздесе,
Алдыңа келді деген сол болады!
Желбуаз жеңге, ділмәр келіндерім,
Желпілдер желсөзді айтып, еріндерің.
Жаны бар өздеріңдей өзгенің де,
Неліктен алапестей көңілдерің?
Қызғаншақ қиянаттың дауылын-ай,
Қабырға қайыстырар ауырын-ай!
Әйелден ойы озбаған «махаббатпен»,
Әйелін мамалаған бауырым-ай!
Мықтылық
Қалың тұман...
Жанарыңа шық тұнып,
Қайғы келер шаттық құнын ұқтырып.
Ұлиды уақыт, аш бөріше ұлиды,
Қарсы ал сонда кипаристей тік тұрып.
Алтын таңнан түскен асыл арайға,
Ару сезім жан шуағын тарай ма?!
Өмір-сүрлеу сүріндірсе сағым боп,
Сағынышты жоғалтпашы, жарай ма?
Қазына басың бақыт тәжін кигенде,
Дос пен қасың түгел кеуде игенде,
Босағадан биік тау жоқ, ұмытпа,
Бәрін тастап, ұшып кетер күйге енбе.
Уақыт – сынап, әр сәт сайын сырғитын,
Бірде аспандап, бірде құздан ырғитын,
Асау Уақыт ауыздығын шайнаса,
Өлеңшөптің өзегінен жұлқитын.
Қайсар күлкің қанатыңа айналсын,
нәзік үкің айдарыңа байлансын,
Өзегіңнен өзгермеші қалай да,
Қиындықтың бәрі өтпелі. Жарай ма?
Уақыт-дауыл әлжуазды бүктіріп,
Боталайды саяз суды тұп-тұнық,
Тіршілікте бір соғатын дүлей бар,
Мөп-мөлдір боп қала білу – мықтылық!
Ана толғанысы
Қайталама бір айтқан сөзіңді, ұлым,
Сенім артып көріп пе ең өзің бұрын?
Ер жігіт айқан сөзден қайта алмаған,
Ақ тілегін өзгенің қайтармаған,
Тек сақ бол: аяр мінез байқалмаған!
Ойлан, балам, шындық па?
Тағы да ойлан,
Айлакерден кем түспей ақыл-айлаң:
Көздер де көп жас болып су ағатын,
Көңіл де көп балаға уанатын.
Қойма қайтып бір қойған сұрағыңды,
Мен көрейін ақылдан тұрағыңды.
Сөзге сенбе!
Сөз деген – бір ескен жел,
Нағыз Адам – шындық деп күрескендер!
Жалған айтпа! Жалғанның бәрі қайғы,
Жалған сезім бақытқа жарымайды!
Шынның күші тек қана шындығында,
Ақиқатқа атқан оқ дарымайды!
Ерік беріп, ерекше ат қойғанмын,
Басқалардан дәл сенің жат қой қаның!
Неге берген табиғат жеке басты,
ұзақ жылдар тірі боп жасар жасты?
Қазы байлап қарынға қарқ-қарқ күліп,
жаралмаған шығармыз жеуге асты?!
Ауыз да май, қасында құлақ та май,
құлқын үшін ой-қырға тұрақтамай,
арсыз болма! Бір жаса жақсылықпен!
Өмір сүрме тамақ пен көңіл үшіін.
Көп жақсының бірі бол шапағатты,
Ниет пен ой адамды бағалатты.
Ұстазың бар Қателік – сабақ атты,
Үйрен содан! Таңдай біл өз жолыңды,
Еркін болсын деп қойғам саған атты.
Айлакерден алдансаң, шырай берме,
Ақымақтың алдында жылай көрме!
Опасыздық жасаған жолдасыңды,
Қиын сәтте тағы бір сынай көрме!
Өз еркімен өмірді тербесін деп,
Өз қатесін өзгеден көрмесін деп,
Ерік қойғам атыңды, өр жігерің
жалтақтар мен жасықты жерлесін тек!
Ақыл керек шындықты қолдау үшін,
Ақылсызға бақ-дәулет қонбауы – шын.
Өз ойыңда орныңа өзгені қой,
Өзімшілдік өмірде болмауы үшін.
Ақыл керек адамдық мұраты бар,
Бұл мұратсыз адам – аң, құр аты бар!
Аяр сезім, өзімшіл көркеуделер,
Қасірет болып, көлденең тұратындар.
Жоғың қайсы іздеген тіршілікте?
Дүние ме – күл болар бір сіліксе?!
Не қалады мәңгілік мұрат болып,
Мансап, атақ, сыртқы түр, күншілдік пе?
Тіршілікте өлмейді тек ізгілік,
Ізгі ойларды тербейді теңіз күліп.
«Тіршіліктен таптым,-деп,-несібемді!»
Бір зұлымдық ха-халап есіреді.
Жеңіс пе осы?
Айтшы өзің, жеңгені ме?
...Жиіркенішпен өз-өзін өшіреді.
...Қанағаттап ісіңді тап бүгінгі,
Анаң сенің өмірге тапты Кімді?
Еркек емес, ер жігіт сыйладым деп,
Айтсам екен мен ертең шаттығымды.
Жетімдік
Жетім деп кімді айтады?
Босқа өткен күнді айтады,
Қамқоры, тірегі жоқ,
Қуанып, күлері жоқ,
Панасыз ұлды айтады.
Өтпеген сөздер жетім,
Ойы жоқ көздер жетім,
Жақсыға талпынбайтын,
Байыпсыз балпылдайтын,
Ары жоқ ездер жетім.
Дарымас дәрі жетім,
Шаттықсыз кәрі жетім,
Бірігіп қос арнадан,
Сезімін қоса алмаған,
Жігіттің жары жетім.
Жеткізбес армандардың,
Жолында қалғандар мың.
Жүректер сағыныштан,
Жетімдік зарын құшқан,
Шыны жоқ жалғандардан.
Гүл жетім бапталмаған,
Жыр жетім жатталмаған,
Сүйгенін күн-түн тосқан,
Қобызбен бір мұңдасқан,
Қыз жетім хат бармаған.
Жетімсің елің жоқта,
Сырласың, теңің жоқта,
Қоршаса аяр сезім,
Тұмандап екі көзің,
Өмірге сенім жоқта.
Армансыз жүрек жетім,
Әлі жоқ білек жетім,
Құтылмай азаптардан,
Өз жолын тазартпаған,
Жетпеген тілек жетім.
Бас жетім мақсаты жоқ,
Тас жетім жақсы аты жоқ,
Диірмендей дүрсілдеген,
Дүлейге күрсінбеген,
Жетім бар ақшасы көп.
Тауы жоқ қыран жетім,
Айтылмас жыр-ән жетім,
Халқына берері жоқ,
Шын досы, сенері жоқ,
Жігерсіз ұлан жетім.
Тастанды монологы
Алдымда айқын емес мұратым да, Мен қарсы тұра алам ба сұрапылға? Аяқты шалыс бассам шапалақтап, Бір адам бары жақсы-ау ұратын да. Кем емес қол-аяғым – балғадаймын, Мейірмен анама жыр арнамаймын! Өйткені – уыз ембей, у емгенмін, Тастанды деген атпен зарланайын. Қоқысқа, анам, қалай қидың екен? Сор шешем, елге қалай сидың екен? Өкініш өртеді ме өзегіңді? Менен соң тапқан ұлды сүйдің бе екен? Қалды ма құлағыңда жылағаным? Тырбаңдап құрбақадай, тұра алмадым. Не деген тас жүректі тұлға едің, Бұраған тірі өзегін бір адамның! Мен үшін мейір арман мәпелеген, Не деген асыл сөз ең «әке» деген! Тіл қатшы тірі болсаң жалғыз-ақ рет, Балада арман бар ма көкелеген!? Не жаздым жерге ұрып тастайтындай!? Бұрылып, қайта қадам баспайтындай! Бейкүнә мен періште емес пе едім, «Іңгәлап» Һауа-ананы жасқайтындай?! Тастанды тіршіліктен кеттім тоңып, Көрінші ең болмаса елес болып! Жан берген жаннан үзіп ана емес пе ең, Көтерші көңілімді қалған солып! Е, Аллам, анам қайда? Әкем қайда? Жетіліп жүрер ме екем мен де тойда? Туыссыз сұр өмірдің керегі не! Алтынмен апталғаннан бар ма пайда! ІІ
Беу, еркек! Еу, әйел зат мен жаралған,
Жан-денең құралған ба тек харрамнан?!
«Жалғаннан барам-ау,- деп,- мәңгілікке»,
Азап ой келмейді ме от оранған?!
Бір құдай бар тіріге ортақ шығар?
Баласын тастамас-ау жылан шұбар!
Бойыңа ішкен асың қалай сіңер,
Көңлің – көр, көзің - бұлдыр тұман шығар?
Кеудеңді қағармысың «адаммын!» деп,
«Оқуы,тоқуы көп ағаңмын!» деп!
Алдымен өз басыңды алып жүру,
ал, сосын қамқор болу – саған міндет!
Сен – әкем, кім екенсің, кім екенсің?
Не жасап, қай мекенде жүр екенсің?
Мәдени белгі байлап галстуктен,
Кімдердің үміт артқан ұлы екенсің?
Шешемді алдап-сулап, арын талап,
кеттің бе жастық шағын барымталап!?
Жас қыздың көз жасынан кешіп өтіп,
Арман боп шақырды ма қарын-талап?!
Тоғыз ай сені үмітпен күткен анам,
Алдыңа жығылды ма күңнен жаман?
Шіреніп сонда қарқ-қарқ күлдің бе екен,
көңілің көтеріліп көкке таман?
Егіліп бейшара анам, жыладың ба?
Өзіңді көмгің келіп бір ағынға?
Уызға бір тойғызып тастадың ба,
қарлыққан үнім қалып құлағыңда?
Мен сені кешіремін, кешіремін,
Талқысы солай шығар несібемнің.
Тіл қатшы «ұлым-ау» деп қымбатты анам,
Төбемнен орын беріп, өсіремін!
Жармаспа!
Еркек басқа, ер басқа,
Әйел басқа, жар басқа,
Заты әйел екен деп, етегіме жармаспа!
Гүл сезімге нұр болам, тұл сезімге жын болам,
Жылан арбау жеңер деп,
Кәрлі жынмен арбаспа!
Әйел басқа тірлікте,
ұғынып ал, оңбаған:
Сезімге құл кеудеде ана-жүрек болмаған!
Адалдығы жоқ жанның айырмасы хайуаннан –
сөйлер тілі, киімі.
Бар айтарым сол саған!
Ананың ғана өседі Адам бағында
Әйелдік емес, аналық менің көсегем,
Еңкілдеп жылар жат адамға ез емен!
Сындырмақ болсаң сағымды тіп- тік өсемін,
Ор қазсаң маған ойыңмен ойып неше күн,
Құлайсың өзің!
Көзіңді нұр боп кесемін!
Сор менен Бақыт бітіспес дұшпан ежелден,
Өзіңді табар қылышың маған кезенген!
Күл болар сенің ар сатып жиған өсегің,
Тікендей тиер мамық деп жатқан төсегің!
Соққыны кері серпитін мықты атомдар –
Ақ сәуле мен қыз-жүректің затында!
Сұрапыл күш пен тегеурінсіз тағы да,
Күлкісіне бір қыздың табынбады ма!
Қыздарды сүймей, өмірді сағынбады да!
Тәкәппарды табынту – қыздың салтында!
Айырбастамас биіктігін алтынға!
«Әйел» деп атын өзгертпес қарттық шағында,
Ананың ғана өседі Адам бағында!
Жалаңаштап өлтірмек болсаң аязда,
Аязда қауыз ашатын \мақта\ жәй аз ба!?
Дірілімнен денемде атом қызатын,
емделер содан кеудемде жара-сызатым!
Жасаймын шуақ!
Ұмытам күз бен қыс атын!
Өмірде сендей әтешбастылар аз ба!
Мұз еткің келсе, айналамын мен жазға!
Айтқызамын ащы емес, дәм деп тұз атын,
Айналдырам қайсарлыққа қыз атын!
Өзіңді жеңу – ұлылық
Болса да затың асылдан,
Ағайын, ел-жұрт бас ұрған,
Қилы да қилы күн өтер,
Пенделердің басынан.
Сыртыңнан қоршап ылғи сын,
Төріңнен кейде сырғисың,
Ниеті теріс біреуге,
Тау да болсаң ылдисың.
Кешегі жүрген шіңкілдек,
Күшенер кейде діңкілдеп,
Тексізден туған Өсеккүл,
Көпсітер сөзді күңкілдеп.
Пайғамбар сынды елесің,
Пайымсыз десе көнесің,
Артыңнан атқан оқ өтпес,
Бетпе-бет келсең – жеңесің.
Басыңнан бағың тайғанда,
Жүзіңді қайғы шайғанда,
Күн барда кетпес көлеңкең,
Жүрісін салар қайқаңға.
Кісі де болсаң «баласың»,
Ақ та болсаң аласың,
Халіңді ешкім сұрамас,
Иттейсің жалар жарасын.
Алтын басың –жездейсің,
Жүйкең – бөз! Түк те сезбейсің!
Көңілің қанша қалса да,
Туысқан, достан безбейсің.
Қосады қайта бір «қисын»:
Тұғырда тағы қырғисың!
Бишідей билер «көлеңкең»,
Самарқау, салқын шұлғисың.
Темір, мыс, тас боп туылар,
Адамның алуан түрі бар.
Кәмелет жаста көтерер,
Әр кеуденің Туы бар.
Ит үрсе – сәні көшіңнің,
Иттігін иттің кешіргін.
Жүргісі келмес ешкімнің,
Өгіз не қой боп, еһ, шіркін!
Алады Құдай бергенін,
Балапан жасар көргенін,
Тіріде тозақ сол болар –
сатқанда досың, сенгенің.
Тіріңде іздеп, сағынсын,
Әкетер әп-сәт ағын-жын,
Бар-жоғы бұлдыр, беймәлім,
Өлген соң шаңсың, сағымсың!
Бойыңда барда алауың,
Қолыңда болсын қалауың,
Адамдық өмір деген сол –
жығылмай өтсе жалауың!
Мансаптан басың айналар,
Халайық деген айна бар.
Айнадан байқап өз-өзін,
Сынайтын батыр қайда бар!?
Ішіңде тұрған «ақылшың»,
Ішіңнен айтар батыл сын,
Өзіңді жеңу – ұлылық,
Жаһанды жеңер батырсың!
Өмірді Шындық жалғайды
Күлгеннің бәрі мұңсыз ба?
Мұңлының жоқ па үміті?
Азғындық сепкен жансызға,
Жігіттің шыдар жігіті.
Күңіренген көңіл тыншығып,
Лайланған бұлақ тұнады.
Тәтті де ащы тіршілік
тоқтайды.
Өлім – тұрағы!
Қып-қысқа, қымбат тірлікте,
Біреуді біреу алдайды.
Жалғанды бөгеп бір нүкте,
Өмірді шындық жалғайды.
Мұз ойдан миы тоңғанға,
Айлакер өрнек салады.
Бақытты тепсең қонғанда,
Көңіліңде дерті қалады.
Қалауын тапса, қар жанған,
Шешілмес жұмбақ болған ба!
Шұбар тіл, ойы тар жаннан,
Ақ күйген жаман жалғанда!
Тәтті алма құртсыз болмайды,
Пәктікке құмар жауыздық.
Қызғаншақ жарың – Сор-Қайғы!
Қайғыға Сенім ауыздық.
Өзекке түскен өрт – күйік,
Өзіңнен шыққан жау жаман.
Өкінер кеткен шорт қиып,
Қиюласпас қаусаған.
Мүсіркеу тілеп, шағынған,
Намыссыз жанды аяма.
Майысып, жалған жағынған,
Оңады ақыры бояма.
Баласын сүймес безбүйрек,
Ешкімге жақын бола алмас.
Тез тұтанған тез күйреп,
Жылуын беріп жана алмас.
Алдамшы дүние тозады,
Көнермес нағыз махаббат,
Арсыздық – өмір тозағы,
Көктемің болар шапағат.
Жастықтың қандай сәні бар,
Жоқ болса елге берерің?
Өмірдің қандай мәні бар,
Алынбай кетсе керегің?!
Өлеңім, өміріммен егіз бе едің?
Нұр қанат, аққу сезім, шіркін өлең,
От осып, кейде аспандай күркіреген.
Тоңдыр, күйдір жанымды жыр тілеген,
Бір өмірден бір шөкім жақұт жасап,
Содан кейін күрсінбей, бір күні... өлем.
Куәсі мендегі «әттең», «бірақтардың»,
Тек саған-ақ бүкпесіз сыр ақтардым.
Ешкімге иілмеген қайран басым,
Шағынып, сонда алдыңа жылап бардым,
Жұбаттың тіліменен бұлақтардың.
Өлеңім, Өміріммен егіз бе едің?
Қуанып, қамыққанда неге іздедім?
Санам – мен, жүрегім – сен, бір бүтінбіз,
Күтіп ап ұзатады-ау түнді күндіз,
Теңізсіз Жер алады қалай демін?!
Өлеңім – жан дүнием, тіршілігім,
Түйсіндік сен екеуміз гүл шырынын,
Бұрайсың жүрегімнің бұрандасын,
Өзіңсіз хақ Адам боп тұра алмасым,
Байлығым! Менің Өмір - ұршығымсың!
Кей бастың ойы
--Һі! Ақындық деген немене?
Қозып тұрған делебе!
Олардың дені сауы бар ма?
Қорықпай барады от пен дауылдарға!
Өмір сүре алмайды! Оңбайды!
Е, мейлі, мына өмірде
Бәріміз оңсақ, тағы да болмайды!
Артықтау миы бар ма!
Шындасам, ұйқас маған да құйылар да! –
деп ызаланды бір қасқа самай,
келідей басын данышпан басқа санай.
-Эй! Ақындар милы екен дейік,
Еліне ежелден сыйлы екен дейік,
Жас балаша елпектей бермей,
Көрсетпей ме өлең илеген кейіп!?
Жар-райды, сезім билеген дейік,
Кейде жөнді білмейтіні несі:
Бастық ыржиса, күлмейтіні несі?!
Несі кетеді ымыраға көнсе –
өзіне де алса, бізге де бөлсе?
Мына біздер сияқты,
Жиып тастап ұятты,
Шындықты қонышынан басып,
Мансап үшін дүние шашып,
Сүйремей ме нау басын биіктерге!
Меніңше, осындай жан сүйікті елге!
Турасын айтып, туғанына жақпағанның,
өзені шапшып, өрге ақпағанның,
Несі ақын?!
Өмірге кетіп ақың! – деді дертті қасқа самай,
Осы самай: Қазы байлау – ақылдың қоры деді,
Өлең жазу – жанның соры деді.
ТАҒЫЛЫМ \ Зағиптың тамшылары\ ІХ.2000 ж. Өткінші жарық ағымын, Өмірдің түгел сағымын, өткердім бастан, айтайын, Тірліктен жиған Т А Ғ Ы Л Ы М: Ақты қаралама, Ағашты аралама. Әркімнің сендей жаны бар, Ешкімді жаралама. Тұлпарға теңеймін деп, Есекті тағалама. Анасын сыйламағаннан, Нұр түспес жан адамға. Шындығы жоқ – кісәпір, Кісі деп бағалама. Ат аунаса түк қалар, Араздықтан жүк қалар,
Шер толқытқан жан сырың –
тіліңнен тамып, жұпталар.
Бір рет алған алғысың –
жүз бәледен құтқарар.
Озғанды сенен күндесең,
Саған да біреу сұқтанар.
Жылатса тағдыр босама,
Жаңбырмен жер де мықталар.
Жақыныңмен жауласпа,
Іздеме бәле сау басқа.
Түсініспей қалдым деп,
Еліңнен көшіп, тауды аспа.
Бытыр-бытыр сындырар,
Бірлігі мықты дауласса.
Біз – құдайдың құлымыз,
Сен ұлы болсаң, дау басқа.
Бүгін бар өмір ертең жоқ,
Ұрпағың қалар өркен боп,
Ғалым мен ақыннан басқа,
Мәңгілік атты көргем жоқ.
Өмірден көшкен жандардың,
Рухтары тірі, өлген жоқ.
Сол рухтың демі қолдасын,
Алақан жайып келген топ.
Қызыр бабаң оңласын,
Қайығыңды желкен боп.
Жаратқан ием – бір Алла,
Жар болсын күллі Тұранға!
Достарыңа тарылма,
Дұшпаныңнан сұранба!
Ойыңнан кетсін жамандық,
Күл- қоқыстан құралма.
Бір жақсылық – мың сауап,
Осылай деген Құранда.
Шыңға қонған қыран да,
Өрмелеп жеткен жылан да.
Сиынып ал рухтарға,
Орыныңнан тұрарда.
Толтырып малдың қорасын,
Маңайды маңғаз шоласың,
Алдамшы тірлікте сыйлас,
Ертең-ақ топырақ боласың!
Мың асқанға бір тосқан,
Айтқызар Аллам тобасын.
Қолыңда барда пайымда,
Алтын мен мыстың бағасын.
Мыңның бірі киелі,
Айтқанда сөзі жүйелі,
Жүрегінен шыққан сөз,
Жүрегіңе тиеді.
Қылыштан өткір құдіреттен,
Балқиды адам сүйегі.
Сүйексіз болсаң, сөзім жоқ,
Құлағың, санаң, көзің жоқ!
Жақынның жатынан сақта,
Жаттың жақынын топта.
Арсыздың кейпін кимей,
Аталы сөзге тоқта.
Сөз қуалап өрекпіме,
Жеңеді ақыры ноқта.
Бөлінгенді бөрі жейді,
Жақындап жүр топқа.
Аузыңды қу шөппен сүртіп,
Үйір болма «жоққа».
Басыңды арашалаймын деп,
басқаға бәле соқпа.
Өзіңді өзің сына да,
Райыңнан қайт, тоқта!
Өмірдің қайсы мұраты?
Бақыттың қайда тұрағы?
Бір жақсылық, жаманнан,
Ілігіп уақыт тұрады.
Жамандық көрсең – жасыма,
Жақсылықтан тасыма!
Нелер келіп, не кетпес,
Әр пенденің басына.
Сыйластықты сатпасаң,
Тіршіліктің мұраты.
Қадіріңді сақтасаң,
Бақытыңның тұрағы.
Үлгілі өскен ұл-қызың –
қуаныштың бұлағы.
Секундтап уақыт ағады,
Жастықтың тозар табаны,
Мағыналы өткен уақытпен,
Күніңнің құны бағалы.
Ұрысқақ, ұры, маскүнем,
жалқаулар кімге жағады?
Білімсіз, күншіл, тәлімсіз –
анасының обалы.
Білместікті кешірсең,
Деңгейің сонда жоғары!
Әумин де, ағайын,
Домалақ анам болайын,
Ниетпен жайған қолыңа,
Періште-нұр боп қонайын.
Қабыл болсын пәк тілек,
Шалқысын көңілің толайым!
Тәп-тәтті болсын келер күн,
Басталғандай бал айың!
Өрнектелсін алтындай
қымбатты сөзбен сарайың!
Бұйырсын бізге иман-нұр,
Кәусарына қанайын!
Іс жаса ойлап әу баста,
Жақыныңмен жауласпа.
Сөз таласып жарыспа,
Қайтымсыз іске барыспа.
Жете алмай жүрме сағынып,
Тозаңдап көзің алыста.
Қызғаныш – қызыл шоқ, шалғы,
Жолатпа, жанды пәк ұста.
«Ұлық болсаң, кішік бол»,
Мастанып кетпе табысқа.
Иілгенге екі иіл,
Шіренгеннен қалыспа.
Бәрін айт та бірін айт,
Кір келтірме намысқа.
Құранды көтер төбеңе,
Шын сөйлесең, нан ұста.
Өсірген өзек қолдасын,
Еш жамандық болмасын,
Берген батам қабыл боп,
Қызыр болсын жолдасың.
Адасқанға жол салып,
ата- бабаң оңласын.
Биіктесін мәртебең,
Етектен тартқан сорласын.
Жаның жаурап жүрсе егер,
Жүрекке жылу орнасын.
Нұр жаусын алақаныңа,
Алладан түсіп мол жасын!
Әумин!
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру