Ер Тарғын. Оспан Қисықұлы нұсқасы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Оспан Қисықұлы — «Ер Тарғын. Оспан Қисықұлы нұсқасы». «БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН
/uploads/faf1286b-491e-5572-ae1a-d798e187e879/cover.png
«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН
ЖҮЗ ТОМДЫҚ
БАТЫРЛАР ЖЫРЫ
ЕР ТАРҒЫН
Баяғыда Тарғын деген бір батыр болыпты. Өз елінде кісі өлтіріп, айыпты болып, жазадан қорқып, қашып Қырым жұртына келіпті. Ол мезгілде Қырымда қырық хан бар екен. Олардың ең үлкенінің аты Ақшахан екен. Тарғын Ақшахан елінде тұрды. Ол мұнда тұрғанына көп мезгіл өтеді. Жұрт оның батыр екенін білмепті. Көптен бері Қырым халқының бір жауы бар екен. Он сан Оймауыт, тоғыз сан Торғауыт дейтін екі хан қол асты еді. Олалай, Бұлалай атты ноғай, татарда батырлар болды. Олардан елін ала алмаған. Тарғын елге қонақ боп жүргенде Ақшахан жауына шауып, оның елін қырмаққа аттанды. Көп мың қол алды. Тарғын да жауды өз қамымен бірге шаппаққа аттанды. «Жүр, аттан» деп оны хан шақырмапты да. Тарғынның келе жатқанын өздерімен бірге, біреу де сезбепті. Ешкім оны ескермеген. Ақшаханның көп қолы жеткен соң, Торғауыт елі шың қағып, барабан соғып, көп мың солдат жиып зор соғыс етті. Сахарада өлген кісі қаны «бұлақ боп ақты» деп, қорғанды бұзып ала алмай, сыртынан қамап соғыс етті. Тарғын батыр соғысқа кірмей, тек қана сырттан қарап тұрды. Оған ешкім көз де салмаған. Ақшахан қолы көп қырылып, еліне қайтпақшы болды. Мұны Тарғын батыр көрді. Тарғын деген сарбазың ханның қайтарын сезеді. Құдайдан күш сұрайды. Сонда атына мінеді. Қашқаннан өлген жақсы, «Құдай» деп оны аузына ап, батыр шабады. «Маған жәрдем, Тәңір» деп ұмтылды батыр атын қамшылап. Сыртта жүрген көп қолға көз салмай Ер Тарғын ішкі қорғанға кірді шауып. Сырттағы тұрған Ақшахан қолы оның ішкі қорғанға кіргенін көріп, қаптап шәһарға шауып кірді. Қорғанды бұзды. Жауын жеңіп, еліне қайтып келген соң, баяғы қорғанды бұзып, шәһарды алған Ер Тарғын батырды іздетіп алдына шақыртты. Тарғын өзінің руы «қырғыз» екенін ханға баяндады. Хан өз еліне қырғыз келгеніне таң қалды. Тарғын: – Елімде кісі өлтіріп, айыпты болып, жер ауып, қашып келдім, – деді. Хан батырдың қашқанына сеніңкіремеді. Тарғын айтты: – Өз елімді қыруға аядым, – деді. Мұнан соң хан Тарғынды әскербастыққа сайлады. Ол мезгілде ханның бір қызы бар екен Ақжүніс атты. Өзі өте сұлу болған. Сұлулығы Зылихадан да кем болмаған. Тарғынның ерлігін күңдері ханшаға баян қып айтысыпты. Оған қыз сыртынан көрмей-ақ ғашық болып, бір құлды мың теңгеге жалдап, Тарғынды шақыртты. Өзі жігітті күтіп, алтын терезеден қарап тұрады. Біраздан соң Тарғын батыр терезе тұсына келіп, қызға хабар салды. Қыз батырды көріп, терезеден үйіне кіргізіп, онымен танысып, алдына неше түрлі ас тартып, қонақ етіп алты-жеті сағаттай [отырды]. Қыз Тарғын қайтарда оған сырын айтты: – Елімізде бір Қалмамбет дейтін мырзаны мен байқамай қатадан өлтірдім. Қалмамбеттен соң, көрген маған лайық жігіт батыр сенсің, – деді. Қай мезгілде шақырғанымда маған келіп жүріңіз, сізбен бірге қайғы басайын, – деді. Сонан әрмен Ер Тарғын жасырын Ақжүніс сұлуға келіп жүрді. Бір уақытта Ақжүністі айттыруға хан жаушы салды. Ақшахан қызынан сұрады: – Мына келген кісіге не деп жауап береміз? – деп. Қыз жауабын үш күннен соң бермекші болды. Ақжүніс Тарғын батырмен ақылдасып, оған тимекші боп әкесінен жасырынып, оны Тарғын алып қашпақшы болыпты. Сүйтіп Ақшаханның бір жүйрік жорғасына қызды мінгізіп, Тарғын алып қашып жөнелді. Үш күннен соң күңдері ханымға, ханым ханға қызы Ақжүніс сұлудың қашқанын білдіртіпті. Хан мұны есітіп, «ол біреумен қашқан шығар» деп еліндегі барлық жігітті түгендетіпті. Тарғыннан басқасы үйінде болыпты. Хан ақсүйек қызының қара қырғыз, туған-туысқаны жоқ, жалғыз жігітпен қашқанына өте көңілі қалып, намыс етіп, қоластындағылардан: – Кімде-кім оларды қуып жетіп, жігітті өлтіріп, қызын айырса, соған бермекші болды. Көп жұрт қумақшы боп, атқа мінісіп аттанады. Жорыққа жүріп шыдамай, арып-ашып қайта елге тарапты. Бірақ бір қарт шал: – Бозбала ұялмай елге қайтса, мен Тарғын мен Ақжүністі қуып, жолында не өлемін, не ар-намыс үшін ханшаны құл Тарғыннан айырам, – деп артынан қуып кетті. Ол батырдан қорықпады. Бір мезгілде Тарғынның Тарлан аты жер тебініп, пысқырды. Тарлан дейтін батырдың аты тек қана жау көрсе, не оған жақындаса пысқырып, кісінейді екен. Тарғын жан-жағына қарап, артында алыстан өздерін қуып келе жатқан бір жанды көрді.
Мына Тарғын айтыпты, айтқанында не депті:
10. – Ей, Ақжүніс, Ақжүніс!
Ақжүністей жан достым,
Қыз болсаң да жолдасым,
Өзіңменен бір айлас,
Осы жолда мұңдасым.
Мен артыма көз салсам,
Бір нәрсені көремін.
«Бұлай шапсақ қашты» дер,
«Мені көріп састы» дер.
«Кісі қуып жетсін» деп,
20. Оған қарсы бұрылып қарап тұрды.
Томаға көзді, қаспа азбан,
Желдей жалы суылдап,
Құйрығы оның желбіреп,
Қатты шауып келеді.
Алпыс-жетпіс жасы бар,
Тайсалатын жан емес,
Тарғынға қуып жетеді.
Мұны Тарғын көріпті,
Ер екенін біліпті.
30. «Алпыстан асқан жасы» деп,
Оған сәлем беріпті.
Қарсы алдына көз салса,
Көкірегі даладай.
Әлпетіне қараса,
Тастан салған моладай.
Одан Тарғын сұрайды,
Сұрағанда не дейді:
– Ей, қарт аға-ай, қарт аға-ай,
Қаршығаша ұмтылып,
40. Бүркіттерше түйіліп,
Мұншама сен асығып,
Қай сапарға барасың?
Қартың оған жауап береді:
– Төбедегі жұлдыздай,
Бөріктегі құндыздай,
Беті сұлу көрікті,
Әйел де болса серкемді-ай,
Зылиқадай сұлуды
Алып қашып келесің.
50. Жаныма қылыш асамын,
Жасым қарттау болмаса,
Қаза жетіп өлмесем,
Жаныңдағы жолдасты
Тартып ала келемін.
Сонда Тарғын айтады,
Айтқанында не дейді:
– Қызды тартып алғандай,
Сен кім өзің боласың?!
Сонда қу шал құрғыр сөйлепті,
60. Сөйлегенде не депті:
– Мен, мен-дүрмін, мен-дүрмін
Мен де сендей батырмын.
Аты-жөнімді сұрасаң,
Көп ру Қырым жұртында
Түпкі бабам – Ер Күлік,
Менің әкем – Қоянақ,
Мен – Қоянақ баласы Қарт Қожақ.
Барымтада олжа алған
Таласты жерде теңдік алған
70. Тізесін жауға өткізген,
Торғауыт бұзып жол салған
Қарт Қожақ дейтін батырмын.
Тарғын да жауап береді:
– Жаққан оттай қаулайсың,
Батырлықтан мінсізсің,
Қасқыр да болсаң Жүністі
Қалай тартып аласың?
Онда шалың сөйлейді:
– Құдай маған бұйырса,
80. Көк семсермен шабармын,
Балдағын қанға боярмын.
Осылайша мен етіп,
Қызды тартып алармын.
Бұрынғы рет менікі,
Соңғы рет сенікі.
Шынымен туған ер болсаң,
Майданға, сен, шық енді!
Тарғын бұл шалға рет берсе де, шал қыршындай жас жігітті атып өлтіруге көзі қыймады. Оның қыршын жасын аяп бір доғал оқпен ғана атып, Тарғынның жанындағы жүз алпыс кез оғын уатты. Тарғын кезегі жеткен соң, Қарт Қожаққа ұмтылды. Қарт Қожақ айтты: – Тоқта, мен сені аяғаннан ғана оғыңды уаттым, менің аяғаныма түсінбесең, қызды өз еркіңмен маған бермесең, тағы қайтадан майданға барып тұр, мен саған ерлігімді көрсетейін, – деді. Тарғын оны аяғанына түсініп, қызды тастап, өз жөніне жүре берді. Ол тастап кеткен соң, қыз еңіреп жылады. Қарт айтады: – Мені кемсінесің бе, не қартсынасың ба? Әкеңнің еткен бұйрығы: «Кім Тарғыннан айырса, соған беремін деген, өлтірсе құнсыз да» деген. Жылап мазамды кетірсең, осы жерде басыңды қылышпен шабармын, – деді. Сен маған қара, маған бір жерің жақпаса, мен сені алмаймын, – деді,.
Сонда Ақжүніс айтады,
Айтқанында не дейді:
90. – Ей, қарт Қожақ, қарт Қожақ,
Атыңның басын тарт, Қожақ.
Қойда бағлан қозы едім,
Жылқыда шапқан боз едім.
Қытай менен Қырымнан
Неше төре жиылса,
Мен олардың таңы едім.
Менен не жай сұрайсың,
Мөлдіреп тұрған жасым бар,
Тілеп тұрған сөзім бар.
100. Еңіреген жасым бар,
Шатасып жүрген басым бар.
Қосағымнан айырма,
Мені әкеме қайтарма.
Қожақ батыр мен дейсің,
Біз жалынған бейшара,
Тілекті бермес болар ма
Сіз сияқты мырзалар.
Бес жасыңда қарт Қожақ,
Жас шыбықтай иіліп,
110. Бір шиден оқ аттың,
Атқан оқты жоғалттың,
Кәне шыққан мүйізің?!
Он жақса келгенде,
Қызыл мақпал киініп,
Күміс белбеу буынып,
Қыз секілді көрініп,
Бала болдың бір мезгіл,
Кәне шыққан мүйізің?!
Жиырма бес жасыңда
120. Ақ балтырың түрініп,
Оймақтай аузың бүрініп,
Кәрі бурадай қамданып,
Қас батырдай шамданып,
Біреу қорлап сөз айтса,
Шыныменен арланып,
Қыздарды бақтың бір мезгіл,
Кәне шыққан мүйізің?!
Отыз бестегі жасыңда
Қайраулы найза қолға алып,
130. Қоңыр салқын төсті алып,
Жауды көрсең түйіліп,
Жеңсіз берен киініп,
Көксерек атты қамшылап,
Қорғанды бұздың айқайлап,
Кәне шыққан мүйізің?!
Қырық бестегі жасыңда
Қырым деген қаланың
Жел жағына қаласың,
Ық жағына панасың.
140. Өз еліңе жау тисе,
Мың кісіге бір өзің
Қорықпай жалғыз барасың,
Кәне шыққан мүйізің?!
Елу бестегі жасыңда
Жиылысқа бардың бой түзеп,
Дауға бардың тіл безеп.
Қызық көрдің бір уақыт,
Кәне шыққан мүйізің?!
Алпыс бестегі жасыңда
150. Сақал-мұртың ағарып,
Денеңдегі тамырың
Барлығы да суалып,
Айырамын деймісің
Сұлуды көріп қуанып?
Өлтірсең де саған бармаймын,
Ерік берсең сүймеймін.
Бұрын батыр мырза болсаң да,
Сенің басың бұл күнде
Жердегі жатқан қу тезек.
Мұны есіткен соң, қарт Қожақ есіне түсіп, көп ойлап тұрды: «Бұл ақсүйек қанша менің бес жасымнан бері не қылғанымды тауып айтты, ендігі жасымдағы не қылатынымды да біліп айтар, жас баланы алып, обалына қалмайын», – деп, оны Тарғынға қосып жіберді. – Менен өткен дәурен сендерге құтты болсын! – деп, Тарғын қызбен Еділдегі Ормабеттің он сан ноғайына келді. О мезгілде ноғайда он хан бар екен. Олардың біреуінің аты Ханзада екен. Тарғын келіп осы ханның бір биінің үйіне қонды. Бай: – Кімсің? – деп сұрапты. Тарғын шынын айтты. Ақшаханның Ақжүніс сұлу қызын алып қашып келе жатқанын. Олалайдың Торғауыт деген жұртын қырған Тарғын батыр екенін есітіп, оларды зор сыйлай бастады. Біраздан соң би ханына келіп, оларды жария етті. Хан Тарғынның батырлығына қызығып: – Ол өз елін ұмытсын, – деп, оларды қоластындағы барлық мырза-төрелермен таныстырып: – Алтын сарайда Ақжүніс сұлумен тұрсын, – деп биіне бұйрық етті. Жиналған жұрт: – Тарғынды Шаған бойын жайлайтын қалмақ жұртын ығыстырып, бізге жерін тартып әперсін, – деп ханынан өтінді. Тарғын жұрттың өтінішін ханнан есітіп, өз жанына Қарасай баласы Көбенді, Алшағыр баласы Тегенді, Өмір баласы Себенді алып, Шағанның бойын жайлаған қалмақты бөтен жаққа ығыстырды. Су жағасында жалғыз ағаш басына шығып қалмақты қарайды. Ағаш басындағы көлденең шыққан бұтаққа мініп отырғанда, бұтақ сынып, батыр жерге жығылып, омыртқасы шығып зор қиналды. Жанындағы жолдастары Тарғынды найзаларына керіп, алдарына өңгеріп, Ханзадаға алып келді. Ханзада қаншама емдетсе де, Тарғын жазыла алмады. Ханның елі бұрынғы қалмақтың жайлауы Шаған бойына көшіп барып қонды. «Ақжүніс пен Тарғынды атымен соңыра келіп алармыз» деп жұртқа тастап кетті. Онда Тарғын тамағы таусылып, ханнан еш кісі келмеген соң, өз елі есіне түсіп, сарнап жылап, атымен, Ақжүніспен арыздасып көп жыласты. «Жауға барғанда ағаштан жығылып, не жаудан өлді дер», – деп Тарғын: – Текке өлгенше, бір жола өлейін, – деп беліне бұрын кісі қолын тигізбесе де, енді қатынына бастырған екен, сырт етіп орнына түсіпті.
160. Алты құлаш белбеумен
Белін орап буады.
Құдайдан көмек тіледі,
«Аруақ жәрдем болғай» деп,
Таяна барып тұрады.
Тұрмасына ар етіп,
Төңірегін қармалап,
Ақжүніске сөйледі:
– Берсін, Тәңірім, тілекті,
Қуантсын біздей жүректі.
170. Әкел, Жүніс, Тарланды.
Алып келді Ақжүніс
Арқанда тұрған Тарланды.
Арқасына ер салды,
Қуанбасқа не қалды.
Тарлан атқа мінгесті,
Кеше жұртқа тастаған
Ноғайлыға қарай жүреді.
Бір мезгілдер болғанда,
Астарындағы аты пысқырды.
180. Жерді тағы тебінді,
Жануар бүйтіп не білді?!
Тарғын атының текке пысқырмайтын сырын білетін еді. Ақжүніске: – Жан-жағыңа қарашы, бірнәрсе көрінбей ме? – деді. Ақжүніс қарап алдыңғы жағында емескі бір-екі қара көрінді, – [деді]. – Е, Тарлан, текке пысқырма, мен сені енді ешкім үшін терлетпеймін, омыртқам шығып жалғыздығым білінді ғой, енді жөнімді табайын, – деді. Ақжүніс айтты: – Сен құр өз жөніңді тапқанша, жұртына тастап кеткен елге барып, жамандарын қорқытып, жақсыларына ақыл сал, – деген соң, Тарғын Ақжүніспен Ханзада елінің шетіне келіп түсті. Ол мезгілде ол елді баяғы Тарғын ығыстырып жіберген қалмақтар қайта Шаған бойына келіп, Ханзада елін қамап жатыр екен. Қалмақ ханына Ханзаданың сұлу жалғыз қызын айттырып жатыр екен. «Сұлуды бермесең, еліңді шабамын» – деп. Тарғын мен Ақжүністің келгенін естіп, хан барлық жақсыларын жиып, олармен амандасып: – Сіздерге кісі жіберуге мына елімді қамап жатқан жаудан ешбір қол тимеді, айыпқа бұйыра көрмеңіз, – деді. Тарғын айтты: – Бұл қалмақты баяғыдай тағы ығыстыруға менің әзір әлім жоқ, оларды қалайша жеңуді мен сендерге үйретейін, – деді. Сонда Тарғын былайша үйретті:
– Бұл барғаннан барармын,
Қырымға мен қайтармын.
Қырымдағы қырық құрдас
Жаныма мен ертермін.
Құдай маған бұйырса,
Қайта саған келермін.
Аман-есен сау келсем,
Басыңды шауып алармын,
190. Қоластыңа әлек салармын.
Жаудан құтылар айла, өз айыбы үшін жалғыз қызын Ақжүністің үстіне бермек болды. Жұрт айыбы үшін оның қолын алды. Тарғын ашуы кетіп, ханның еліне келіп қонақ боп жатты. Белі де жазылыпты. Бұл елге Тарғынның келіп жатқанын есітпей, хан қызын бермеген соң, баяғы қалмақ аттанып, барабан соғып ханның үстіне келіпті. Жау келгенін есітіп, Тарғын батыр атына мініп, толып жатқан қалмақтың әскеріне қарсы келеді. Ол жақтан Домбауыл деген бір батыр жекпе-жекке Тарғынға қарсы шығып сөйлейді:
– Алайын десем оңайсың,
Алмайын десем тоғайсың.
Айтшы, маған жөніңді,
Нағып жүрген ноғайсың?!
Сонда Тарғын сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
– Асудан асу бел, – деді,
Аса үрген жел, – деді.
Жөнімді мен айтайын,
200. Әкең Тарғын мен, – деді,
Іздегенім сен, – деді.
Домбауыл сонда сөйледі:
– Келбетіңе қарасам,
Жасың кіші жас ұлсың,
Кезегімді бер, – депті.
Тарғын сынды батыр кезегін беріп, жауға қасқайып қарап тұрды. Домбауыл жанынан оғын суырып ап, қақ жүрегін көздеп оқ тартқан екен, Тарғынның торғауытының сегіз қабатынан өтіп, тоғызыншы қабатында тоқтады. Мұнан соң Домбауыл Тарғынға кезек берді. Тарғын оқ тартып, Домбауылды атынан сұлатып жықты. Қалмақтар батырының аттан жығылып, өлгенін көрген соң, Тарғынды қамап ұстамақшы болыпты. Тарғын мұнысын көріп, қолына қару-жарағын алып, жауға қасқырша шапты. Он бір күн соғысып, он екінші күнде Тарғын атының арып, қалмақтың қырылып, өзінің далада жалғыз қалғанын көріпті. Жаудың қырылғанын қырып, қашырғанын қашырып, есен-аман Ханзада ханға келіп, ат шаптырып той етіпті. Жұрт көп күн мәжіліс етіпті, сүйтеді де хан айтты: – Ақсүйек қызымды саған беруге аталарымның әруағынан қорқамын, – деді. Он сан Орманбеттен таңдап бір сұлу қызды ал, – депті. Тарғын бұл алдауына шыдамай, Ақжүністі алып, зор ашуланып, өз еліне қайтып кетті. Ханзада онан зор қорқып, малын баға алмады, отын жаға алмады. Жұртының барлық игі жақсыларын, билерін шақырып, еліндегі бір ақылды қарт биге ақылдаспаққа барыпты.
Сонда қартың сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
– Хан мен төрем келіпсің,
Би мен мырзам отырсың.
220. Бізге ақыл салсаңыз,
Біздің тілді алсаңыз,
Тарғын сынды батырға
Барлығың да барыңыз.
Қараң түгел ханыңыз,
Қимылдаған жаныңыз,
Батырды еске алыңыз,
Аяғына бас ұрыңыз.
Тоқтамай кетсе еліне,
Тату болып қалыңыз.
230. Ашуланса еліңе,
Жыртпай кетпес жағаңды,
Жаңылтар келсе тобаңды.
Шулатпай кетпес балаңды,
Қан етепей кетпес қалаңды.
Жұрт ақылдасып, айтысты: – Біздің ішімізде Тарғын нанарлық енді бір кісі де жоқ, ханшаны береміз дегенге, енді, ол батыр нанар ма екен? – десті. Сонда ақылды ақсақал айтты: – Оған ел ішінен таңдап, үш батыр жіберіңіз, олар бір-бірінің сөзіне нанар, – деп, баяғы қасына ерген Қарасайұлы Көбен баласына тағы екі батыр жолдас беріп Тарғынның артынан қудырып жіберді. Олар батырды қуып жетіп, аяғына бас ұрып жалынды, ашуын кешірді. Сүйтіп, олар Тарғынмен Ханзада еліне қайтып келіпті. Хан Тарғынға ұялып ештеме дей алмапты. Сонда ел ішінен бір би сөйледі:
– Ей, батырым, батырым,
Сөз сөйлейді алдыңда
Сыпыра жырау бақырың.
Ханы, халқы жиылып,
“Айт” деп отыр біздерге.
240. Назар етіп тыңдасаң,
Біз айтамыз сіздерге.
Атақты туған ер болсаң,
Не қыласың бір қызды,
Мына тұрған ханыңыз,
Бәріміз де жанымыз
Сый етеді, алыңыз.
Қара лашын береді,
Көлден-көлге салсайшы!
Қара тұлпар береді,
250. Жауыңа қарсы мінсейші!
Балдағы алтын ақ берен
Оны да хан береді.
Бұдан басқа көп қазына
Тағы сізге береді.
Не қыласын бір қызды,
Мың жылқысын береді.
Не қыласын бір қызды,
Бес жүз ауыл береді.
Өз алдыңа сұлтан бол,
260. Сүйген жерің жайлашы!
Қанша батыр болсаң да,
Тұра алмассың бұл сыйға.
Миың болса басыңда,
Осыған ой салсайшы!
Тарғын ашуынан қайтып, берген сыйларын алып, өз алдына хан болып, мұратына жетіп, қартайып өліпті.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру