Өлеңдер жинағы. II кітап (Сырбай Мәуленов)
Сырбай Мәуленов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Сыршыл сезімді, шынайы, көркем бейнелі өлең жазу үлгісін дамытқан Сырбай Мәуленовтің шығармашылығы қазақ поэзиясының алтын қорына қосылған зор үлес болып саналады. Әр жайтқа, құбылысқа өз қатынасын, көзқарасын, сезімін, ойын лирикалық кейіпкер арқылы, көбіне өз атынан сөйлеп білдіретін ақын шығар...
(1938-1958)
МЕРУЕРТ
Тырналар көкте тырулап,
Құрақтар көлде суылдап.
Бұлттар жапты аспанды,
Күз өмірі басталды.
Алабұртып әр күні,
Құйды көктің жауыны.
Ұбақ-шұбақ жауған нұр —
Ала жаңбыр, ақ жаңбыр.
Түсті бұлттың үзіліп,
Мөлдіреген меруерті.
Меруерт бидай тізіліп,
Кірді жаңа жер көркі.
Даңқын жайып жер-көкке,
Келтіруге ел көркін,
Бара жатыр мектепке,
Менің-дағы Меруертім.
1957
ШЫҚ
Жерге ырғып түсті де,
Жабысты гүл үстіне.
Жұтып таңғы ауаны
Жан-жағына қарады.
Желмен шашын тарайды,
Қызғалдақтар желбіреп.
Жасқанып шық қарайды,
Жаудыр көзі мөлдіреп.
Барлық көздер қалғыған,
Ерте тұрған тіпті өзі.
Күн шығуын аңдыған,
Жылтырайды шық көзі.
1957
СЫРНАЙ
Жанында көк төбелі жабық қырман,
Бір топ жас ойнап жүрді салып думан.
Көп қарап, көзі талып бірте-бірте,
Алтын күн сырғанады ауып қырдан.
Жиілеп кешкі оттардың аралығы,
Әр жерден қайта туды дала күні.
Оттардың арасынан тұрды қарап,
Ойынға колхоздың қарт қарауылы.
Жететін талықпастан таң шағына,
Кім білсін өткен күнін аңсады ма.
Қабағын қолыменен көтерді де,
Арбиған қарап қойды саусағына.
Күйшіл қарт тұра алмады жаны шыдап,
Сырнайын жас жігіттің алды сұрап.
Бақандай саусақтары жоқ боп кетті.
Лапылдап көне көзде жанып шырақ.
Шал іштей әлдене деп күбірледі,
Құлаққа талып нәзік бір үн келді.
Әлде оның алыс қалған жастығы ма,
Ақықтай асау теңіз түбіндегі.
Бір кезде әлденеге елеңдеді,
Тұнық күй тулап шықты тереңдегі.
Тасырлап ботинканың табандары,
Көйлектер көз алдында көлеңдеді...
Қутыңдап қарап алып жан-жағына,
Шал тұрды жеткендей бар арманына.
Риза шығар, бәлкім,
кәрі кеуде,
Әлі де жастық оты қалғанына.
1957
ДОС КӨЛІНДЕ
Дос көлінің жағасында ақ шатыр,
Көгілдір көк арасында көгершін.
Жер бетінде жаңбыр салған дақ жатыр,
Бұлт келеді, бұлт шіркінге не дерсін!
Молдаван қыз тап келіпті биылғы
Қостанайдың жауын-шашын күзіне.
Қара көзі шалып алып қиырды,
Көп қарайды көктегі бұлт жүзіне.
Мен сұраймын:
–Ұнай ма деп осы жер,
–Жүзім жоқ,— деп қойып жатыр ол да сын.
Алматымда молдаван қыз болса егер
Алатаудың сыйлар едім алмасын.
Бірақ оған өкінішім жоқ менің,
Нансыз жерде өмір бар ма, ойлашы?
Қостанайға қоя алады өкпе кім
Қазақстан астығының қоймасы.
1957
ЖАМАНШҰБАР ДАЛАСЫНДА
(Оның өзінше)
Ол айтты:
Қара байтақ бұл далаға,
Жүрегің құстай ұшып, қуана ма?
Жататын өрт күйдірген Жаманшұбар
Бұл күнде ие болды сыбағаға.
Ол тағы айтты:
Міне қыстау, міне шілік,
Біздің ата-бабаның орындары.
Бұл жерде ұйықтап жатыр нелер жігіт,
Міне олардың мекені — қорымдары.
Ол айтты:
Дүние деген шіркін не бұл,
Көмілді топыраққа күлкі небір.
Мәңгілік өмір болса, ойланбас ем,
Қара жер жұтады ғой бір күн жебір.
Мен айттым:
Түгі де жоқ торығарлық,
Өлеңмен біздер мықты болып алдық.
Мұқанов Сәбит деген атағың бар,
Келешек ұрпақтарың жолығарлық.
МЕРЕКЕЛІ АЛМАТЫ
Қызыл тудай таң шағы
Октябрь жаңа келді үнмен.
Ат үстінде қарсы алды
Алматы Аманкелдімен.
Шашағындай жалаудың
Шашады көктен күн ұшқын.
Көрсетіп күшін заманның
Ойындай отты Ильичтің.
Алматы — бүкіл Ленин,
Ленин — бүкіл Алматы.
Октябрь — бүкіл Ленин,
Ленин — бүкіл таң аты.
Таң секілді маңдайы
Шығар ма сірә ол ойдан.
Ленин бүгін қарайды
Алматыдан,
Торғайдан.
Аузында шаттық өлеңі,
Халқымыз отыр көз ілмей.
Алматы таңы келеді
Лениннің жарқын жүзіндей.
1957
* * *
Көктемде Дәуітбай сай тасығанда,
Қайраты кеміп қыстың жасығанда.
Сең көшіп,
жатты терең сай бұзылып,
Жетпеген кезім еді жасым онға.
Әке мен шеше және жалғыз ұлы,
Тұрмыз бір жар басында жазғытұры,
Төменде сапырылған Дәуітбай сай,
Төбеде қаңқылдаған қаздың үні.
Өзен мен қардың суы қосыла аққан,
Секілді жолымызды тосын баққан.
Торғайға тез жетуге асығамыз,
Келеміз алыстағы Тосын жақтан.
Сеңдердің қарап тұрсаң түсі ызғарлы,
Жібердік тәуекел деп үш құланы.
Жөнелді мені сонда бір сең айдап,
Әкемнің шыбын болып ұшты жаны.
Өр толқын құшағына қысып алып,
Белімнен сүйе берді құшырланып.
Асау сең ойнай берді атой салып,
Жанына жуымастай кісі барып.
Білмеймін тірімін бе, өлімін бе,
Өр толқын алып кетті мені бірге.
Білмеймін,
мен барамын жалғыз ағып,
Толқынның ойнақтаған желігінде.
Атылған доп іспетті домаланып,
Мен жалғыз сеңдерменен барам ағып.
Сол кезде жетті әкем жан ұшырып,
Шашалып шығыпты әрең жағаға алып.
Білмеймін жұттым қанша көктем суын,
Күн ана құйды қанша көктен нұрын.
Шыныққан жас шағымның арқасы ма,
Соғыстың өзенінен өткендігім.
1957
СҰЛУКӨЛ
Көрінген інжу-маржан түбіндегі,
Арқаның шар айнадай Сұлукөлі.
Қызғанып қызғыш байғұс шыр айналып,
Құшақтап сүйген шығар бұрын сені.
Көп жайды кейінгіге ұғындырған,
Келесің көне ертектей бұрынғыдан.
Жаутаңдап жас құралай шаңқай түсте,
Еңкейіп ішкен шығар тұнығыңнан.
Қырыңда қасқыр аулап қақпан құрып,
Қыранын томағалы баптандырып.
Селт етіп сері жаны әлде біреу,
Жағаңда жатқан болар ат шалдырып.
Ол да емес, ойлағаным менің бірақ,
Суылдап сыр ұрлама селдір құрақ.
Сұлудың көз жасынан құралды ма,
Әуелде таудан шығып мөлдір бұлақ.
Көп аңыз көлге батып жойылғандай,
Көп заман келе жатыр ой ұға алмай.
Көз жасы сұлулардың көп тамған соң,
Аты оның Сұлукөл деп қойылғандай.
1957
АЛМАТЫНЫҢ АЛТЫН ОТТЫ ТҮНДЕРІ
Кім жастықта қадіріңді білмеді,
Кім қойныңда алшаң басып жүрмеді.
Жасыл баққа, жас құшаққа шақырған,
Алматының алтын отты түндері.
Көк жұлдызы көзін қашан ілгелі,
Көк пердені келеді таң түргелі.
Жер үстінде жүгіреді, жұлдыздар,
Алматының алтын отты түндері.
Таудың желі, таңның желі үрледі,
Желбірейді қырдың қызыл гүлдері.
Сол гүлдердей жанды қызыл жұлдыз боп
Алматының алтын отты түндері.
Кештен бері қоршап жатқан тау үстін,
Барады ауып, домаланып алыс түн.
Бөлмесінде қазір қазақ даласы
Академия президенті Қаныштың.
Цейлон жақтан бүгін Сәбең оралған,
Қасымша айтсақ өкпелейді кім оған.
Алматының алтын түнін құшақтап,
Отыр өзі, өмірі — бір роман.
Кім жастықта қадіріңді білмеді,
Кім қойныңда алшаң басып жүрмеді.
Бас менімен бірге алып аяқты,
Алматының алтын отты түндері.
1957
ИСАМЕН КЕЗДЕСУ
Алматыда декабрь, көк сылпылдақ,
Исекең өлеңімді отыр тыңдап.
Кездессе жақсы жолға жас балаша,
Жайнайды жанарынан от жылтылдап.
Алысқа тартып отыр ойы өрнек,
Қояды кей өлеңнің жолын өңдеп.
Шақырды сұр шинельді бір жігітті,
Жақсы ақын жаңа келді қолың бер!— деп.
Қағаз бен қарындашы дайын екен,
Оқы деп айтпады ол жайын бөтен.
Артынан бірақ білдім сұрастырып,
Қаскелең Военкомы Тайыр екен.
Жарылып адалынан қуана кеп,
Қолымды алып жатыр «қу бала!»— деп.
Исекең нұқып қалды иығымнан,
Ұнатты өлеңіңді бұл ағаң деп.
Өлімді кім ойлапты ол тұсында,
Ақын жан көңілді ғой болмысында.
Исекең екеуміз де қол қысыстық,
Сол екен тұңғышы да, соңғысы да.
Бөленген ақын еді жаны жырға,
Қалайша қалған тұнып қабырында.
Өр өлең осы арада жатыр-ау деп
Батамын бір тұңғиық ауыр мұңға.
1957
АЛМАТЫ
Бастап ымырт кезінен,
Ұйықтап жатыр тауда түн.
Электрлі көзімен
Жарқырайды Алматым.
Алматы егер білгенге,
Қазақстан ол аты.
Жүрегімдей кеудемде,
Дүрсілдейді Алматы.
Шілде қайнап тұрғанда,
Бір кетпейді тауда қар.
Жаздың айы туғанда.
Гүл жарады алмалар.
Бір өзінен табылған,
Табиғаттың бар заты,
Не артық сенің тауыңнан,
Астанамыз Алматы.
Тау басында көлдері,
Бұлт астында белдері.
Жатыр тауы бүктүсіп,
Арыстандай кеуделі.
Жалаулары ойнаған,
Жібек аспан астында.
Бұл далаға орнаған,
Алматы да — Москва.
Осы байтақ ғаламда,
Сенсіз күнім құрысын.
Берсең болды маған да,
Босағаңның бұрышын.
1957
ЖАЛҒЫЗ МОЛА
Жол бойында бір мола,
Тас бастырған біржола.
Елден ерек бір өзін
Қойып кеткен кім онда.
Сіркіреген жазда бұлт,
Күркіреген күзде күн.
Күркілдеген кәрі қыс,
Өткен жазбай тізбегін.
Жата берген сол мола,
Күзетшідей жол бағып.
Жалғыз өзі далада,
«Жолаушыға ой салып».
Жата берген сол мола,
Белгі болып өткенге.
Басында шоқ тал ғана,
Бүршік жарған көктемде.
Жел ескенде гуілдеп,
Тал тербеліп дірілдеп.
Әлденелер айтқандай
Құлағыма күбірлеп.
Біреу қолдан еккендей,
Молада өскен жазғы гүл.
Сырын баян еткендей,
Құлпытаста жазу тұр.
Сол жазуды абайла,
Әлі күнге бар мұнда.
Жоя алмаған боран да,
Шая алмаған жаңбыр да.
«Бұл молаға ізетпен,
Тоқтап өту парыз — заң!
Қайтпай қалған күзеттен,
Жатыр біздің партизан».
Күбірлейді талдар да,
Жел үрлейді даланы.
Желбірейді молада
Қызыл гүлдер жалауы.
1957
СОҚЫР
Тыпырлап туғанына ол анадан,
Алпыстай асып кеткен жылдар одан.
Толтырып көз жанарын табиғатқа,
Туғанда тұңғыш, ақтық бір қараған.
Күн көзі енді оған жабылардай,
Өксіген өтетіндей бағы жанбай.
Келбетін көкірегіне орнатқалы,
Қараған көкке, жерге дамыл алмай.
Содан соң көзі кеткен қорасаннан,
Дүние жарық күнін жаба салған.
Көр ауыл ойламаған емдетуді,
Әуелден етті ғой деп қор жасаған.
Екі көз ұйқысынан оянбаған,
Тек қана көкірегі ояу қалған.
Ұмытпай естігенін еске сақтап,
Елінің шежіресін баяндаған.
Бұлақтай көзі ашылған кеудесінен,
Бір сәуле саңылау тапқан зердесінен.
Сыпылдап саусақтары ойнай берген,
Айрылмай домбыраның пернесінен.
Келмейтін өнер де жоқ екі қолдан,
Ауылдың көзі менен көркі болған.
Жалғыз-ақ жарық күнді бір көре алмай
Келеді көкірегінде дертіп арман.
Өмірдің алпыс жылын алып ұрып,
Келеді ол жер бетінде әлі жүріп.
Жоқ болған туа сала бұла дала,
Көрінбей келеді әлі сағындырып.
Түсетін жанар оты көш жыраққа,
Шіркін-ай, не жетеді қосшыраққа.
Айнала жапан дала жаңғырғанда,
Арманы — бір қараса осы шаққа.
1957
ФЕСТИВАЛЬ ТУРАЛЫ ӨЛЕҢДЕР
1. ӨЛЕҢ
Алатау қойнын ашты асылымен,
Алматы жайып қойды жасыл кілем.
Күлкішіл күміс бұлақ сыңғырлады,
Айнала атырапқа шашып өлең.
Жарқ етіп жүздерінен жаз нышаны, Әлемнің әнге басты жастық шағы.
Кегіме көгершіндей көтерілді,
Жастық шақ — жақсы тілек, дос құшағы.
Бар мұнда Қостанайдың қоңыр желі,
Бар мұнда Көкшетаудың мөлдір көлі.
Бар мұнда Қызылорда қиғаш қасы,
Бар мұнда Гурьевтің өндірлері.
Даланың ілеспейтін киіктері,
Бар мұнда әрбір жердің жүйріктері.
Аққу күй сабалаған қанатымен,
Ақ үйдің желпілдейді түндіктері.
Саңлақтар көзге түсті шыға шаппа,
Ән-күйді тұр көтеріп дала шаққа.
Жас жалын дүниені дүбірлетіп,
Ту ұстап бара жатыр болашаққа.
2. ӨЛЕҢ
Байтақ орман шуларын да тыңдадым,
Жалпақ өзен суларын да тыңдадым.
Тыңдай бердім, тыңдаудан мен тынбадым.
Соның бәрін құйдың маған жастық шақ,
Көкірегімде тыным бермей туладың.
Тыңдай-тыңдай ұқтым әлем сырларын,
Тыңдап қана қойғаным жоқ, жырладым,
Жырлай бердім, жырлаудан мен тынбадым,
Лапылдаған жырды бердің жастық шақ,
Соның үшін ризамын туғаным.
Жастық-кеме дауылдардан алып өт,
Жарқылда да жалындарды жарып өт,
Әнмен, күймен қанатыңды қағып өт,
Жастық шағым ұзақ жолға самғаймыз,
Мен киініп щыққанымша сабыр ет.
Бүгінгі күн астанада той-думан,
Майталмандар бас қосыпты ой-қырдан,
Дейді олар: асықтырып бол жылдам,
Жастық шағым біз де ортаға салайық,
Бала жастан бар өнерді мол жиған.
1957
ЖАУАР КҮН ЖАҚЫН СИЯҚТЫ
Жел сайрандап далада,
Үрлейді құмда қияқты.
Жас иіс бар ауада,
Жауар күн жақын сияқты.
Биіктен бұлттар тізіле,
Құлдырап төмен құлапты.
Жалын бар көктің жүзінде,
Жауар күн жақын сияқты.
Қағазға ақын төнеді,
Көңілден көлдей күй ақты.
Өлеңнің бұлты келеді,
Жауар жыр жақын сияқты.
1957
* * *
Түсті жерге ақ моншақтар,
Үзіліп бұлт қанатынан.
Жауқазындар, сарғалдақтар,
Жас баладай жаңа туған.
Айналып жас гүл әлемді,
Көңіл көкте жүр кептердей.
Аспанда алтын легенді,
Әлдекімдер сүйреткендей.
1957
ҒАЛИҒА
Жетісу бойы жеті өзен,
Құйылған зәулім құздардан.
Басынан көп күн өткізген,
Тауында тарам із қалған.
Малшылар туған баласын,
Өсірген жартас жақпарда.
Қырандар салған ұясын,
Құздағы қия, шатқалға.
Көк ала басын жапқан қар,
Ақ шәлілі асқары.
Танымаған тәкаппар,
Жел-дауылдан басқаны.
Жаратылыс жарығын,
Көтергенде күншығыс.
Тербеп таудың бауырын,
Жырлайды тек жыршы құс.
Сол жыршы құс сықылды,
Таң нұрында жырлаған.
Жүзі ыстық бір түрлі,
Нәзік жырлы тұр ағам.
Қаламыңды қолға үстап,
Өттің өлең өткелін.
Тұрса шашың қарға ұқсап,
Ағарған жоқ теп-тегін.
Келіп қапты қазақтың
Бір өлеңі елуге.
Мен өлеңге ғажаппын,
Қартаймайтын тегінде.
Сырлы күйден бір танба,
Өзің жазған өлеңдей.
Жаз айында гүл жар да,
Жасара бер емендей.
1957
САРҒАЙЫП ТАҢ АТҚАН ШАҚТА
(Сәбитке)
Сарғайып таң атқан шақта,
Әлем әлі қалғыған.
Ақын ойы шартарапта,
Өтеді өмір алдынан.
Ол өзі мен өзі ғана,
Тауып алған көп қызық.
Шашырап күн көзі жаңа,
Көрінеді от сызық.
Алматының тап қасында,
Тігілгендей ақ отау,
Ұқсап шығыс қақпасына,
Асқақтайды Алатау.
Тау етегін тасалаған,
Таңғы тұман тұйықтап.
Жатыр ұябасар ғана,
Ұясында ұйықтап.
Толқыр таңғы самалменен
Қазақстан қырлары.
Самалменен тарар елең,
Тыңдар малшы құмдағы.
Терер ақын ерте, кеште,
Түнгі ойының жемісін.
Осылай ол еңбек етсе,
Арманы не ел үшін.
1957
АЛМА-АРАСАН
Алатау бұлттан басына
Көтергендей қол шатыр.
Етегінде шашыла,
Жалғыз да жалғыз жол жатыр.
Тұрғандай шыңда ұялап,
Барқыт түн, дала таңы да.
Басына шықсаң қиялап,
Алматы алақаныңда.
Сергіп бір бойың қаласың,
Жаз мейлі, күзде тынықсаң.
Алма-Арасан ауасын
Алдында таңның бір жұтсаң.
Бәрі де сенен аласа,
Үңіліп төмен қарасаң,
Күндесіп бұлтпен таласа,
Жатады Алма-Арасан.
1957
АЛМАТЫ ЖАҢБЫРЫ
(Михаил Луконинге)
Алатау тартты баурына,
Алдыңа тосып таң нұрын.
Қарадың бақша-бауына,
Жері деп жүрген Жамбылдың.
Әңгіме айтып, сыр тізіп,
Тынбады шулап Мыңбұлақ,
Арқаға таулар мінгізіп,
Жөнелдің бұлтпен бұлдырап.
Біле алмай қойдың сен онда,
Тау қайсы, әлде, жер қайсы.
Дедің сен біздің селода,
Осындай таулар болсайшы.
Тау түлкі боп қашқандай,
Бірде көк, бірде жап-жасыл.
Құпия сырын ашқандай,
Қымтаған өзі сан ғасыр.
Содан соң жан-жақ күп-күңгірт,
Құбылып кетті күн жүзі.
Жөнелді тауға бір сүңгіп,
Алматының күндізі.
Содан соң құйды аспаннан,
Толассыз топан шелектеп.
Айттың: жоқ пайда қашқаннан,
Ботинка шешу керек деп.
Балаша санды ұрып қап,
Аяқты сілке жүгірдік.
Балақты башай іліп қап,
Жасырар не бар, жығылдық.
Не керек досым, күлгенмен,
Сол жауын болды пайдалы.
Ырғалып жасыл гүлдермен,
Жаңадан таулар жайнады.
Қызық боп қалды ол да бір,
Ойыңда сенің әлі жүр.
Өлең боп сенен сол жаңбыр,
Шығады сыртқа бәрібір.
1957
* * *
Алматының жазын көр,
Көз алмайсың құмартып.
Жатады таулар жазып бел,
Бауырайы гүл атып.
Алматының күзін көр,
Жазынан сұлу күзі бар.
Қарақат, өрік, жүзімдер,
Алмадай қызыл жүзі бар.
Алматының қысын көр,
Күзінен сұлу қысы бар.
Шынықпақ болса кісі егер,
Айдынды мұзын ұсынар.
Сұлулығын бәрінің,
Бойына жиып біріндеп.
Алматы Алатауының
Көктемі келер күлімдеп.
1957
СОҒЫС ЖЫЛЫ КӨКШЕТАУДА
Қасымда Нұрқан бар еді,
Көкшетау басы қар еді-
Есіме сол күн түседі,
Қылшылдап тұрған қыс еді...
Есілдің бойын жағалап,
Жөнелдік елді аралап.
Соғыс та ол кез бітпеген,
Жылытты жұртты отты өлең.
Қолында Нұрқан домбыра,
Соқты көп өлең желпініп.
Қанатын күйге малды да,
Құлағын түрді ел тұнып.
Сайрады шешен домбыра,
Төгілді мөлдір жыр кәусәр.
Болды ол елдің алдында
Ақан сері, Біржан сал.
Есілді сонда Есілдей,
Өршеленіп Нұрекең.
Ағылып көл-көсірдей,
Жая берді жыр өркен.
Қасымда Нұрқан бар еді,
Көкшетау басы қар еді.
Қылшылдап тұрған қыс еді,
Есіме сол күн түседі.
1957
ҰСҚЫНСЫЗ БІРЕУ ЕЛЕСТЕП
Шайхана, шашлык, көк жалын,
Көбікті сыра қолда ойнап;
Кеудені ұрып көкжалын
Тентіреп ішіп түн бойлап.
Иығымен қағып өткенді,
Көшені кезіп, дулатып.
Қорада жатқан иттерді
Дүрліктіріп, шулатып;
Қақпасын қағып әркімнің,
Тұрғандай оны сағынып.
Араққа сатып ар, құнын,
Әуелі мақтап, жағынып;
Шараптың жайып иісін
Аузынан жыны бұрқырап.
Балағаттап үй-ішін,
Мазаңды алар пұл сұрап.
Таңертең шеке зырқылдап,
Сұрайды тағы бас жазар.
Жататын буы бұрқырап,
Болар ма үйің көк базар?!
Келмесе кетсін, сағынып,
Отырған жоқпын көрем деп.
Үргенде иттер жабылып,
Жата алмаймын елеңдеп.
Келе ме мезгеп осы үйді,
Оттар ма екен өңештеп?
Ит үрсе жаным шошиды,
Ұсқынсыз біреу елестеп.
1957
КӨСЕМ ТҰЛҒАСЫ
Қара бұлты түнерсе де қауіптің,
Ленин болды бар ғаламға жарық күн.
Россияда ұлы Ленин көтерді,
Маркс ойын, ауыр жүгін тарихтың.
Тарих кеме жүзді талай жойқында,
Тарих кеме түсті талай талқыға.
Көк дауылда, от жалында, толқында,
Қалды Ленин баяғы сол қалпында.
Көк жарылған, ел тарылған заманда,
Жан отымен жалын берді адамға.
Таспайтынын, саспайтынын ойласақ,
Бүкіл өмір ой сабыры бар онда.
Түрме, Сибирь көрсің мейлі боранын,
Ленин оған шытқан да жоқ қабағын.
Кішкентай бір көзге қораш лашықтан,
Шырақ болып, бұлақ болып тарады үн.
Жатты ол ойын тар қыспақтан таратып
Бүкіл елді бір өзіне қаратып.
Ленин түнде отырса да түрмеде,
Күн ойынан келе жатты таң атып.
Жеткен сонша ұлы істерге батылы,
Ленин барлық батырлардың батыры.
Мұхиттардан тереңірек ойы оның,
Аспаннан да аумақтырақ ақылы.
Лениннен пайда болды бұл жаңа ел,
Ленинге, ұлы өмірге ырза ел.
Ленин өзі гүлденсін деп қол қойған,
Мың ғасырды аттап өтті Мырзашөл.
Капиталдар салам деген қалтаға,
Қарағанды жарқырайды Арқада.
Терезесін басқа елдермен тең етіп,
Қазақ жерін түсірді Ленин картаға.
Кетсе де өтіп талай жаз бен талай күз,
Ленинді біз мәңгілік деп санаймыз.
Алматыда Үкімет үйі алдында,
Гүл алаңға, ұлы адамға қараймыз.
1957
ЖЫЛ ЖҰЛДЫЗЫ
Алыс жолдан келіп қалса достымыз,
Жаңа жылда көтереміз тосты біз.
Егіз болмай биыл енді жүз болсын,
Өткен жылғы көтерілген қос жұлдыз.
Айға барып дастарқанды жаялық,
Жұлдыз атқан шараптарды қоялық.
Шақыралық күнді күміс табаққа.
Келер өзі ұйқысынан оянып.
Мүмкін өзі қоя жатар айға сын,
Күн шіркіннің көңілі де қалмасын.
Соның үшін ұшыралық аспанға,
Алтын Күннің айнымайтын жолдасын
1957
ЛЕНИН – ОКТЯБРЬ
Тек қана поезд гүрсілі
Айнала жым-жырт қалғыған,
Секілді бір сыр аңдыған,
Келе жатыр бұл түні
Ленин Финляндиядан.
Паровоз іші тым ыссы,
Сонда да Ленин көңілді.
Келеді алып жұмысшы
Келеді алып Ленинді,
Келеді алып өмірді!
Болмайды көзін ол ілсе,
Жанады күндей жалындап,
Қарайды аспан Ленинше,
Қарайды дала Ленинше,
Көзінің нұрын қағып ап.
Кепкасын төмен түсіріп,
Қарайды көзін сәл қыса.
Қиялын көкке ұшырып,
Ойлайды өзі халқынша,
Ленинше — өз қалпынша.
Шекара кейін шегінді,
Орыстың жері жүзі ыссы,
Келеді алып Ленинді,
Келеді алып өмірді,
Қарапайым жұмысшы.
Жарар еді бұл түнді
Дейді ол:— кейін ел білсе,
Мінезі қызық бір түрлі,
Түсіреді кепкасын
Ол-дағы төмен Ленинше.
Түсінеді әрине,
Отанның байтақ жерінде,
Ойнайтынын от жалын.
Ленинменен ол — бірге
Октябрь келе жатқанын.
1957
МҰҚАҢА
Биіктеп Алатаудың Талғарындай,
Тереңдеп Атыраудың аңғарындай,
Аңқылдап жомарт көңіл келе жатыр
Қазақтың даласының аумағындай.
Тәтті сөз тамылжыған таңдайында,
Бұлақтай атқылаған әрдайым да.
Тоғысып толқын ойдың тораптары,
Жатқандай оның жалпақ маңдайында.
Зеңгір көк, мұзарт таулы даланы кең,
Жалт еткен, шалып өткен жанарымен.
Тізілген нәркес көздей нәзік сөздер
Табиғат талантының қаламымен.
Ұқтырып ұрпақтарға Абай тілін,
Өткізген тебіреніп талай түнін.
Соққанда алыптардың мұнарасын,
Осылай шебер қолдар қалайтұғын.
Даланың арман еткен оянғанын,
Толғаған ата-баба ой-арманын.
Әкелген көз алдына атқан таңмен
Көк өзен, кешкі бұлттың бояуларын...
Кеудесін кернеп зілді бір уайым,
Теңселген Сарыарқада сырлы қайың.
Даланың мұңлы аспаны, мөлдір көлі,
Құшақтап құба жонда тұр Абайын.
Жапанда жапа шеккен жан сырласы
Домалап омырауында тамшы жасы.
Жым-жырт түн жыр аспанын барлағандай
Қазақтың өлеңінің қаршығасы.
Тағы да ол ойға шомған шың басында,
Сол шыңдай алып оның тұлғасы да.
Ақынның қозғап ішкі дүниесін,
Сал Біржан, әнші Әсет тұр қасында.
Арманды, көздерінде ауыр жас бар,
Ақынмен ат үстіндежалын жастар.
Далада Татьяна әнін шырқап
Барады белден асып қарындастар.
Тулаған: толқындай боп жел өтінде,
Өткен күні өтеді алдан тербетіле.
Сол күннің суретшісі Мұқтар аға
Көз тіккен бүгін әлем келбетіне.
Айрылмай жиырма бестің жалынынан,
Алпыстың қарайды асқақ адырынан.
Ақылмен сезім отын тұтастырып,
Байсалды бір танбайды қалыбынан.
Жарылып адалынан ақын жаны,
Мақтаныш ортамызда отырғаны.
Қазақтың қадірменді ақсақалын,
Құттықтап бүкіл елдің жатыр бәрі.
Құшақтап дүниенің күллі бәрін,
Алпыста жас балаша күлді жаның.
Жүз емес, Мұқтар аға бүгінгі күн,
Сыйлайды елің саған мың жылдарын.
1957
* * *
Даңқы Кавказ құздарына жайылған,
Алатауда болған емес Амиран.
Прометей де байланбаған шыңына,
Бірақ мұнда болған талай жан құрбан.
Күн көре алмай кілегей бұлт астынан,
Алатауда ашу қайнап асқынған.
Ел ашуды ерегісе жинаған,
Көк дауылмен күңіренген тасқыннан.
Болашағы —қызы менен ұлы үшін,
Алатауда соққан сомдап қылышын.
Ата-баба ақтабан боп шұбырып,
Көп іздеген кең даладан ырысын.
Күн туғанда қиян-кескі басына,
Шұбырған жұрт паналап тау, тасына,
Содан ба екен тұратыны тұмандап,
Содан ба екен ақ кіргені шашына?
Тау қойнынан тасырлаған атқылап,
Болар көзден жас ұрлаған көп бұлақ.
Жайпап өрттей таптаса да жайлауын,
Жауына ел еңсе берген жоқ бірақ.
Майданда өлді, айдауда өлді ұлдары,
Болды олар азаттықтың құрбаны.
Көк аспанда жүректері жұлдыз боп,
Көк өзенде толқын болып тулады.
Өтті жылдар, кетті жылдар қаралы.
Жан жүрегі тілім, тілім жаралы.
Жетті Әліби даламызға бір күні,
Қолында ойнап Лениннің жалауы.
Кетті көзге қуаныштан жас толып,
Еріп жүрек жатқан қара тас болып.
Лениннің Қызыл туын көтерді,
Аманкелді қалың қолға бас болып.
Болмаса да Алатауда Амиран,
Прометей болмаса да таңылған,
Лениннің туы астында күлімдеп,
Қарайды ол жаңа өмір таңынан.
Ұмытпайды еш уақытта халқы оның,
Жоғалған жоқ даламызда салты оның.
Көтереді Аманкелді жүрегін,
Горький жазған жүрегіндей Данконың.
1957
БІР АҒАЙҒА
Оңай ма екен сүйген жардан айрылу,
Көкіректі қарыс айырар қайғы у.
Алпыс асып, таянғанда жетпіске
Мұз жүректі жібіте алар қай жылу.
Алдыңғының сырын шерткен соңғыға,
Ол барында шешен еді домбыра.
Ол барында жарық еді қара түн,
Ол барында тегіс еді жол мына.
Секілді бір кітапхана мүйісі,
Ол барында базар еді үй іші.
Ол барында бөлмелерден келетін
Гүлдер менен жастық шақтың иісі.
Жаз — өмірдің қандай қорлық қысқасы,
Қылқияды борандатқан қыс басы.
Жазың өтіп, күзің кетіп қалғанда
Өзіңді-өзің енді берік ұсташы!
КҮЛӘШ
Қазақтың көзін жұмды бұлбұл қызы,
Үзілді сабағынан гүл қырмызы.
Жарқ етіп көрінді де ағып түсті,
Алматы аспанының бір жұлдызы.
1957
ЖАРКӨЛ БОЙЫН ЖАҒАЛАП
Тұрды ертемен көк тұман
Соқты кейін жел үзбей.
Жел көтеріп толқыған,
Жаркөл жайқын теңіздей.
Жерге иіп бастарын
Суылдаған қамысы.
Жыртыла ұшқан құстардың
Шуылдаған дауысы.
Жел қанатын қағады,
Сазына сап не күйдің.
Толқынымен ағады,
Көлеңкесі көп үйдің.
Жатыр солай көл күліп,
Тауып жаны қанағат.
Келеді бір қыз, бір жігіт
Жаркөл бойын жағалап.
Толқиды ойлар толқындай
Біріне-бірі бас салып.
Толқиды ойлар айтылмай
Көздерден көздер жасқанып.
Көл бетінде қалқыған
Тұңғиық гүлдей сап-сары.
Ұяңсың неткен, япырм-ау,
Адамның балғын жас шағы.
Толқиды ойлар толқындай
Толқыны жанның қат-қабат.
Толқиды ойлар айтылмай
Толқиды терең махаббат.
Тілдеспей олар көп жүрді,
Көл айнала ойланып.
Махаббат шіркін со ғүрлы
Жайылды терең бойды алып.
Жалғаншы кейде сөз деген
Тағдыры оның бір кештей.
Ұғысып жанды көзбенен
Сүйіссе екен тілдеспей.
1957
* * *
Отамалы бұлт ойнап,
Жерге уыстап шашқан от.
Қалың қарды күрт айдап,
Күркірейді аспан көк.
Күркірейді аспан көк,
Тұңғиық бір аңғарлы.
Күркірейді аспан көк,
Шайқап зәулім тауларды.
Айқайлай ма қайтеді,
Арқасы оның құрыстап.
Дүниеге бір сыр айтады,
Дауылменен дыбыстап.
Күрс етті кеп тау шыңын
Жібергендей лақтырып.
Құйды бір кез жаңбырын,
Ашуы оның шарт сынып.
* * *
Меңдіқара — Бурабай,
Көктеректің көктемі.
Қалқалап қалың қарағай,
Тұратын бір үй шеткері.
Айта алмаймын атыңды,
Қалар деп біреу шамданып.
Бар болса егер хатымды,
Қайтадан қара аударып.
Бармай ма әлі жуықтап,
Қолдарың қазір қалтырап.
Ұрынған шығар суыққа,
Көктемде берген жапырақ.
Жүрмісің әлде өкпелеп,
Мен жүрмін жатқа санамай.
Көз алдымда көк терек,
Шулайды қалың қарағай.
* * *
Зырлайды күн,
Зырлайды жер,
Кең әлемді айналып.
Тулайды көл,
Зулайды жел,
Ұшатындай айға алып.
Соларменен бірге айналып,
Жаным тыным таппайды.
Отырғанмен көп ойланып,
Көңілімде жоқ қайғы.
Жер менен көк сәулетімен,
Жаралса олар мен үшін.
Жүректе жыр — дәулетіммен
Мен жаралдым ел үшін.
Зырлайды күн,
Зырлайды жер,
Кең әлемді айналып.
Тулайды көл,
Зулайды жел
Ұшатындай айға алып.
НҰРИЯ
Боран бізді қалжыратып,
Іздегенде жылы ұя.
Құшағына алды тартып,
Татар қызы Нұрия.
Сонау Қорған орманында
Тына қалды жел неге?
Ажары айдай орнады да,
Түсті бір от кеудеге,
Соққан боран түніменен,
Соқпай қойды күндіз де.
Соқшы, боран, күніменен
Жетпей қалды түн бізге.
Қалды Қорған қарағайы,
Қалды артта жылы ұя.
Қалды артта — таң арайлы
Татар қызы Нұрия.
* * *
Көктемнің желі жұлқылап,
Жыртылып қыстың көйлегі.
Бұлттарын айдап бұрқырап,
Күркіреп аспан сөйледі.
Ақырған тентек арынмен
Ашуы көктің таусылды.
Сөздерін жазып жалынмен,
Найзағай — қалам шаншылды.
* * *
Бір өзі билеп ауаны
Шалқадан түсіп жатыр ай.
Бір өзі билер даланы,
Қайдасың, жас күн, апыр-ай.
Бұтағынан үзілген
Жапырағындай алмұрттың,
Көштің бе сырғып жүзімнен
Алаулы жалын албырт күн.
Бардың сен жауған оққа да,
Бардың сен жауған отқа да,
Палуандай белді буып ап,
Түстің сен жиын, топқа да.
Құп болып барлық айтқаның,
Естің сен қызыл желдей боп.
Алған бір беттен қайтпадың,
Тасыған мұзды селдей боп.
Бір өзі билеп ауаны
Шалқадан түсіп жатыр ай.
Бір өзі билер даланы,
Қайдасың, жас күн, апыр-ай.
СОКОЛОВ-САРЫБАЙ КОМБИНАТЫНДА
1. САРЫБАЙ
Ол өзі күйші де емес, ақын да емес,
Әйтпесе садақ тартқан батыр да емес
Әйтеуір иемденіп оның атын
Қостанай жазығында жатыр белес.
Қыдырған бала жастан қыр мекенін,
Тарихтың ұстап жүрген түп етегін.
Сарыбайды сұрай қалсаң әлдеқалай
Білмейді Омекең де кім екенін.
Күн көрген шал туралы жан амалдап,
Айтады кейбіреулер жорамалдап.
Көзімен көрген адам болмаған соң,
Кім білсін, өтірікті соға ма алдап.
Зарына жаңғырыққан тау шыңдары,
Мейлі ол алба-жұлба болсын жарлы.
Мейлі жұрт қалай десе олай десін,
Белгісіз ертеде өткен шал туралы.
Ол жайлы болмаса да бізге анық,
Жүрсек те құр әшейін сөзге алданып.
Қоялық болыпты деп сондай адам
Жер бетін со бір шалдан қызғанбалық.
Бар оның көлде несі, жерде несі,
Жоқ оның ешкімменен ерегесі.
Қаңбақтай жел аударған төңкеріліп,
Қалыпты қара басы төбеде осы.
Өмірі өткен зая от басында,
Басында керек десең жоқ тасы да.
Тобылдың топырағын мол жамылып,
Темірдің жатыпты шал ортасында.
Терең көл айналасы жалбыз, қоға,
Түбінде тұрыпты оның жалғыз мола.
Есіркеп ешкім де оны еске алмаған,
Жалғыз-ақ жоқтаушысы байғұз ғана.
Қазақтың дөңгелетіп құба қырын,
Үстінен көше берген құм ақырын.
Сол бір шал сұр бейітте жата берген
Кім білген аты оның шығатынын.
2. КЕН ТАБЫЛДЫ
Шыға алмай шаруасы боп күн алданып,
Төңірек тұна қалған мұнарланып.
Селдіреп сирек біткен орман жатыр,
Бұлдырап бұлт астында бұлаң қағып.
Астында самолеттің қанатының
Жатқандай алып еркін дала тыным.
Аспанға аяғын ол салған шақта
Сол бір күн дәл осылай болатұғын.
О, ғажап, мынау не екен, мынау не екен!
Кім көрген бұл жағдайды мұнан бөтен.
Тартқандай самолетті бір магнит
Әлде ол жерді жапқан тұман ба екен?
Жас ұшқыш өтті үстінен он айналып,
Толғанды талай қиял ойына алып.
Астында ауыр жылжып тұман жатты,
Кілегей көк темірдей қоюланып...
3. ТЕМІР ЖОЛЫ
Картаға түспесе де дәл осы ара,
Белгісіз болса да ел арасында.
Самолет күндіз-түні қонып жатты
Сарыбайдың сағымданған даласына.
Шаншылып мұнаралар қалды жерге,
Атағы тез тарады барлық елге.
Апталар бойы жүрді осы арада
Аралап академик Бардиндер де.
Қаптады экскаватор, шаң бұрқады
Лезде пайда болды тау қырқалы.
Жадағай кең жазыққа көзі үйренген
Қарт қазақ не болды деп таңырқады.
Бұрғылар бойлай кіріп кен тасына,
Қол салды қара жердің қолқасына.
Қонды кеп көк шатырлы күмбезді үйлер
Сарыбайдың жазығының ортасына.
Қайраты бұрқ-сарқ қайнап қалың кептің,
Жер астын дүбірлетті дауылды екпін.
Ішінде жүр инженер қазақ жігіт,
Баласы өзіміздің Қалыбектің.
Көрем деп ойламаған өңінде оны,
Тартылды Соколовқа темір жолы.
Ең күшті локомотив зулайтұғын,
Осы жол:
Темір жолы —
Өмір жолы!
ЕҢБЕК ЗЕЙНЕТІ
Тың даланы түлетем деп
Өтті талай күресте таң.
Көкірегіне күн мекендеп,
Тұрды ұйқысыз республикам.
Алуан тілмен берді сөйлеп,
Байтақ дала, байтақ аспан.
Еңбекпенен келді зейнет
Жеңілді тың тайталасқан.
Сарыарқаның сауырына
Салды саусақ күсті қолдар.
Асау дала бауырына
Айыл тартып түсті жолдар.
Толқыды егін жер төсінде
Жарылқады халқымды күз.
Тұр ерлердің кеудесінде
Бидай түсті алтын жұлдыз.
* * *
Сапырып жылдар дариясын,
Шарқ ұрып қырлар қиясын,
Толқытып жанның ұясын,
Селіңді бір кез құясың.
Жылатып я күлдірмей,
Қаласың кейде түк үнсіз.
Толқынын сыртқа білдірмей,
Тулайды бір ой тынымсыз.
Белгісіз қашан жанары
Жаныңның оты лапылдап.
Қиялың қанат қағады,
Қалғандай өлең жақындап.
Жел басылып шаңдатқан,
Жауардай жырдың жаңбыры,
Өлеңін жылдар толғатқан,
Қиын ғой ақын тағдыры.
* * *
Алатау асқарынан
Ағараңдап таң өтті.
Алматы аспанынан
Көрінді күн әдепкі.
Күн кірпігі — қызыл найзалар
Қызыл жалауларға түсті.
Аспан кеңістігін айнала
Ақ көгершіндер ұшты.
Ай әлі батпай
Тұр солдаттай,
Тоғысты күн барып.
Әйтпесе ну орманды,
Асқар тауларды
Тұрады кім бағып?!
ЖАЗҒЫ СУРЕТ
Көк жүзінде дөңгелеген кептердей,
Сүттей аппақ жарқырайды жазғы ай.
Аспан беті ашық жатқан дәптердей,
Ал жұлдыздар соған түскен жазудай.
Жел қарғиды қарағайдан секіріп,
Соның лебі бұтақтардың дірілі.
Тынып бір сәт жатты ұйықтап кекілік,
Тек құлақта бұлақтардың гүрілі.
Мың түрлі күй, сиқырлы күй өрбіткен,
Табиғат та секілді бір күйші шал.
Алғашқы көк тұла бойды сергіткен,
Жас жауқазын,
ақ жауынның исі бар.
Ай сәулесі көрінеді кестедей,
Нәзік саусақ біздің қыздар тоқыған.
Алтын атырап күмбез болып көшкендей,
Жарқ-жұрқ еткен трактордың отынан.
Түрлі түсті төгілдіріп шашағын,
Толқиды ойнап ерке тоты май айы.
Ашты жиған асыл жиһаз жасауын,
Жаратылыс көрмесінің сарайы.
* * *
Желбіреп қырда
Жайқалған мың гүл.
Телміріп суға
Төнеді жыңғыл.
Таңғы бір бұлттай,
Қып-қызыл жыңғыл.
Бүріне шықтай —
Жабысқан бұлбұл.
Тыныштыққа тұнғандай,
Мөп-мөлдір күндіз Көк.
Жыршы құс тұрғандай,
Жаңа бір жырды іздеп!
ТУҒАН ЖЕРІМ, ЫСТЫҚСЫҢ
Туған жерім, ыстықсың сен бір түрлі,
Бәрі таныс, бәрі маған сүйкімді.
Өзеніңмен бердің маған күлкіңді,
Өлеңіңмен бердің маған мың тілді,
Туған жерім, ыстықсың сен бір түрлі.
Түн қанаты түскенінде судырлап,
Жатсаң жерге құлақ қойып тың тыңдап.
Үн толқыны шыңға соғып шыңылдап,
Қайта айналып тіл қатқандай сыбырлап,
Түн қанаты түскенінде судырлап.
Не деп қана айта аларсың құс тілін,
Күннің көзі шашқанында ұшқынын.
Көктем келіп қуғанында қыс күнін,
Бүкіл дала өзгерткенде түс-түгін,
Не деп қана айта аларсың құс тілін.
Жусанынан жұпар әтір алған ба,
Хош иісті өзен, ылди, таулар да.
Гүлін атқан бүршік жарып талдар да,
Иссу өзен жүзген толқып аңғарда,
Жусанынан жұпар әтір алған ба?
Туған жерім, ыстықсың сен бір түрлі,
Алу үшін тың қазына мүлкіңді.
Аштық бүгін азанменен ұйқыңды,
Боласың сен бұдан сұлу,
сүйкімді,
Туған жерім, ыстықсың сен бір түрлі.
ЖЕЛДІ КЕЗЕҢ
Қойшының қоңыр әні қой қайырған
Ұшқанда жазғы ауылдың жайлауынан,
Еседі әнмен бірге ерке желдер
Желпініп Желдікезең қойнауынан.
Жарылған аппақ гүлдер қауызынан,
Тамаша айнымайды тау қызынан.
Перзентін сұлулықтың толғатқанда,
Түскендей табиғаттың ауызынан.
Ауаң бар ауру жанды сауықтырған,
Алатау, бір өлеңсің ағып тұрған.
Мен қостым сол жырыңа бір шыңыңды,
Сыртыңнан қарауылдап бағып тұрған.
МЫРЗА ШӨЛ
1
Онда мақта теңіз болып шулайды,
Ақ орамал көтереді, бұлғайды.
Бір ғажабы «шөл даланың» өзінде
Қыз-бұлбұлдар гүл туралы жырлайды.
Ақ мақталы, бау-бақшалы гүл мекен,
Асанқайғы аралаған жер екен.
Ол кездерде меңіреудей мелшиген
Тас бауырлы, тандыр емшек шөл екен.
Жүргіншіден алып қалып бір аңыз,
Қобыз тартып күңіренген құла дүз.
Желі қақтап, күні аптап күйдіріп,
Құмдарына сала алмаған құлан із.
Тұлпарлардың тозып болат тұяғы,
Сұңқарлардың күйген қанат қияғы.
Сол заманда «Мырзашөл» деп ат қойған,
Қайран елдің қандай ұшқыр қиялы.
2
Онда мақта теңіз болып шулайды,
Ару-дала ақ орамал бұлғайды.
Өздері де оянған соң таңменен,
Онда қыздар таңның жырын жырлайды.
Мырзашөлді сәулесіне сүйгізіп,
Ертеменен ентелейді күн қызып.
Ақша бұлттай, ақ түбіттей үлбіреп,
Кең далада шайқалады гүл жүзіп.
Ақ мақтаға қарай-қарай көз талып,
Нәзік белдер майысады қозғалып,
Ақша беттер тартып онда қоңырқай,
Ақ саусақтар қалады онда тез талып.
Күн ылдиға құлағанда от ұстап,
Көк шымылдық кере берер батыс жақ.
Ала тозаң құс жолдары тартылар
Аспан шебер салған өзі нақыштап.
Тұнық түнде тыңдап толқын ел күйді,
Дастарқандай жанын жайып елтиді.
Жетісайдың жырмен жуып жүлгесін,
Ән періште қанатымен желпиді.
Ақ көңілді елпілдеген жел келіп
Тұнық түнге жөнелгенде дем беріп.
Ақ орамал — аппақ мақта толқиды,
Оңтүстіктің айы астында тербеліп.
Таң сәулесі үстінде ойнап шоқының,
Бұлттар жүзер қанатындай тотының.
Жер бетінде жүздеген күн жүгірер
Ұшқындары трактордың отының.
Ертеменен аса берер ән қырдан,
Жайнар дала жастықпенен жаңғырған
Мырзашөл бір мырза жеңгең секілді,
Ақ дастарқан жая берер алдыңнан.
ТАУ ӨЗЕНДЕРІ
Тастан тасқа секіріп,
Ақ жалын болып атылған.
Айқай-шумен өкіріп,
Толқынды қағып сапырған.
Ой салып сырын ұққанға,
Табиғат жырын тыңдатқан.
Бұрқанған долы бұлттарға
Ысқырып жел боп тіл қатқан.
Ашуланып ақса да,
Қаһарлы таудан бас алып.
Жеткенде ойға — бақшаға,
Желкілдер гүл боп жасарып.
ҰШЫП КЕЛЕМ
Ұшып келем қанатпенен ел берген,
Қыран таулар, құлан дала, белдерден.
Алабүйрек, ақ таңдақты жерлерден,
Шулы теңіз, бота көзді көлдерден.
Бір кішкентай торғайы боп көгімнің,
Ұшып келем аспанында елімнің.
Бабам айтқан бақыт құсы секілді,
Ұшып келем асқарында өмірдің.
Жел еседі делебесі қозғандай,
Бұлт бетіне бір өлеңді жазғандай,
Келіншек тау көк орманын көтеріп,
Көрінеді маған қолын созғандай.
Шығуына шексіз-шетсіз егіннің.
Мол болғаны қандай жақсы жеріңнің.
Ұша берсең ұшы-қиыры көрінбес,
Кең болғаны қандай жақсы көгіңнің.
КӨКТЕМ СҰЛУ КЕЛЕДІ
Далаға жайып көк жібек,
Өзен боп өзі мөлдіреп,
Гүл болып қызыл желбіреп,
Көктем сұлу келеді,
Құшағын жайып елжіреп.
Жыл құсымен қиқулап,
Бұлағымен бұрқылдап,
Көктем сұлу келеді,
Балбыратып денені,
Бойды билеп, сиқырлап.
Жанында бұлақ гурілі,
Жапырақтардың дірілі,
Өзеннің ерке сыбыры,
Көктемді алды көтеріп,
Жаны көктем жыр ұлы.
ЖЕТІСУ
Астасқан аспанменен асқарлары,
Секілді жер мен көктің баспалдағы.
Табиғат құдіретімен қиысып кеп,
Қаланған ескерткіштей тастан бәрі.
Бұлттардың орнатылған тап қасына,
Шығыстың ұқсап биік қақпасына.
Адырлар жарқырайды айнадай боп,
Күн көзі шағылғанда ақ басына.
Құтырып қиқу салып құлап таудан,
Сапырып жердің қойнын су ақтарған.
Әупілдеп түйе тасты лақтырғанда,
От ұшқан бұйра жалды бұлақтардан.
Кен екен қаптап қойған жар асуы,
Құздардың қопарылған бар асылы.
Қаймақтай қазандықта қалған қатып,
Текелі тауларының қорғасыны.
Аршалы салқын сая көлеңкесі,
Бақшалы алтын ая кең өлкесі.
Табиғат беттен қақпай мәпелеген,
Жетісу — сері жанды жер еркесі.
Жебе шың жабысып жер денесіне,
Қондырған мұз балағын төбесіне.
Басында баран атты қария жүр,
Қой жайып Желдіқара белесіне.
Құздардан тентек сулар тұра қашып,
Бірге аққан қол ұстасып, ұрандасып.
Аймалап Арқарлының асуларын,
Алғандай аясына мұнар басып.
Әуені жаңғырығып алты қырдан,
Ұшқандай қанат байлап ән тұғырдан.
Жоңғардың қақпасының қоңыр желі
Көтеріп әкеткендей қолтығыңнан.
Көздердің қарағанда жауын алып,
Құбылтып күн шапағы тауын шалып.
Жетісу көлбең қағып тұрып алды,
Жасаған жаратылыс жанын салып.
ТАЛДЫҚОРҒАН
Құшаққа байтақ даланы ап,
Өзенді, тауды, орманды.
Екі күн бойы аралап,
Келеміз Талдықорғанды.
Көрдік ғажап жандарды,
Ұқтық нелер күй қызық,
Тұрғандай сол тауларды
Көңіліңе сыйғызып.
Ұшар басы мұнартқан
Таулары бар Шажадай,
Өзенімен бір аққан
Электр боп нажағай.
Қорғасын тау жері өңшең,
Мұнда талды орман көп.
Қойған атын мен білсем,
Содан Талдықорған деп.
* * *
Жас қайыңда жапырақ
Күзде тоңса қалтырап,
Десең қуат, әл алсын,
Жылуын бер жаныңның
Өйткені, сен адамсың.
Көрмей сая көлеңке,
Жатқан сусап шөл өлке,
Десең көктеп, жанарсың,
Жылуын бер жаныңның
Өйткені, сен адамсың!
АРҚАРЛЫ АСУЫНДА
Асуы биік Арқарлы
Арқасын сипай жел сүйіп.
Тастардан соғып қалқанды
Жатқандай жалғыз мелшиіп.
Жақпарлы құздар жаңғырып,
Дауылмен бірге дауыстап.
Көзіңнің жауын алдырып,
Әдейі қашып алыстап.
Басқадан бұрын әуелі
Көк ала басын күн шалып.
Ашылар гүлі әдемі,
Ашуы тарқап жұмсарып.
Бара да қалсаң ол егер,
Жатырқай қоймас асылы.
Жарылып жоны жол берер
Арқарлының асуы.
Тастар ма десек төгілген,
Жайылып жатқан қозы екен.
Асқар ма десек көрінген,
Ақсақалдың өзі екен.
ҚОЗЫ
Қырдан ойға шұбырып,
Құлады қой маңырап.
Қарсы шықты жүгіріп,
Жас қозылар жамырап.
Тұманданды сұр дала,
Тұяқтардан шаң ұшып.
Қозылармен бір бала
Кете барды жарысып.
Тілінсе де табаны,
Тікенек пен шеңгеден.
Ақ тиындай ағады,
Орғып ордан көлденең.
Көруге тым қашықтан,
Дағдыланған көзі ұдай.
Енесіне асыққан
Ол-дағы бір қозыдай.
Қалыспайтын дүбірден
Албырт бала кезінде.
Болар солай жүгірген
Шопан ата өзі де.
ТҮТІН
Суық түннен тұрмақшы,
Таңда бақты тоңдырмақ.
Жас алманы ұрмақшы,
Жас өмірді солдырмақ.
Отын тасып арқалап,
Ана тынбай күтінді.
Алма ағашын қалқалап,
Салды түнде түтінді.
Суық әбден сорлады,
Ағашқа жол таба алмай.
Алмаларды қорғады,
Түтін бейне қамалдай.
Өзі де еріп барады,
Суық со бір түтіннен.
Таң алдында тарады,
Ақ түбіттей түтілген.
Гүл сәулесін себелеп,
Аздан кейін күн шықты.
Желпиді бір көбелек
Жел боп шайқап бүршікті.
ҚЫЗЫЛОРДА
Қызылорда, жақынсың,
Алғаш сенде шықты үнім.
Өзің жайлап жатырсың
Жанның терең түкпірін.
Тер шұбырып маңдайдан,
Болғанда ел ақтабан.
Ауып алыс Торғайдан,
Әкем Сырға тоқтаған.
Кешікпей аз жылдан соң,
Өмір мені шақырды.
Сыр бойында туған соң,
Сырбай қойды атымды.
Аялаған бір сенсің,
Сенде өтпеді қай күнім.
Анкетама тіркелсін,
Жарлылығым, байлығым.
Ескі қамал болғанмен,
Қызылорда жас қалаң.
Алғаш соққан қорғанмен,
Сенсің, Қызыл астанам.
Ұмытпан Сыр жағасын,
Жаста өскен мекенім.
Бір кеудемде ағасың,
Торғайменен екеуің.
АҚҚУ
Қос қанатын дүр сілкіп,
Жан-жағына қаранып.
Садақ мойнын иілтіп,
Сылаң қағып таранып,
Қайта-қайта саңқылдап,
Қанаттарын қақты аққу,
Айдын көлде жалтылдап,
Жүзгендей бір аппақ ту.
Келсе-дағы қарсы дәл,
Мерген оны атпады.
Оның-дағы бар шығар
Аққу-сынды аппағы.
ДҮНИЕ ӘЛІ ЖАС ШАҒЫНДА
Ойнасын бұлт аспанында,
Жатсын қар тау асқарында.
Кеше ғана жаралғандай,
Дүние әлі жас шағында.
Көкте күннің қызуы артып,
Атыраптан желдер есіп,
Қыраттарда қызыл барқыт
Бара жатыр гүлдер көшіп.
Орман-қыздар билеп, ойнап,
Алматының бақтарында.
Бұлақ-бұлбұл гулеп, сайрап,
Тіл қатады ақтарыла.
Жас баланың жүрегіндей,
Жапырақтың дірілдері.
Өзен тасып тұр өмірдей,
Барады ағып күн ілгері.
Көгілдірлі көлге төніп,
Ұясына күн асығар.
Ай жүзеді дөңгеленіп,
Оның да өз шаруасы бар.
Бәрі тыныш төңіректің,
Тыныштық — өлең-өмір досы.
Асқарына көкжиектің,
Көтерілер көңіл хошы.
Жаным талай жараланды,
Соғыс ізі қолда қалған.
Сақтаймын мен балаларды,
Дауылдар мен борандардан.
Ойнасын бұлт аспанында,
Жатсын қар тау асқарында.
Кеше ғана жаралғандай,
Дүние әлі жас шағында.
* * *
Ақ көбікке оранып,
Ала толқын ақты су.
Өсті содан нәр алып,
Аппақ қайың — ақ сұлу.
Өзен күліп аққандай
Өз қызына қуанып,
Жас қайыңдар жатқандай
Жапырласа су алып.
* * *
Кешікті деп күнім не ғып,
Көзім болар алақандай.
Жүрек, шіркін, діріл қағып,
Тулар жетім балапандай.
Кездескенде балқып жаным,
Қарай берем көздеріңе.
Ауызымнан шалқып жалын
Булығамын өз деміме.
Жанап кетсең күйдірердей
Менің үшін өртің қауіп.
Салдың басқа күйді нендей,
Қойдың қалай еркімді алып.
СЕН СЕКІЛДІ
(Совет Одағының Батыры Илья Сияновқа)
Бір солдат арқалаған тұр жетімді,
Мен содан көргендеймін келбетіңді.
Сол солдат от ішінде қағып алып,
Көтерген жас сәбиді сен секілді.
Шабуыл күтіп біздің ерлер тұрды,
Берлин от теңізінде тербетілді.
Рейхстаг үстіне алғаш ту қадаған
Сол солдат басқа емес, сен секілді.
Жеңдіріп махаббатқа құдіретіңді,
Апаттан алып қалдың сол жетімді.
Ескерткіш тұғырыңда тұрмасаң да,
Бәрі бір со бір солдат сен секілді.
КОМИССАР ТУРАЛЫ ЖЫР
Штабтан қайттық қыс күні,
Борайды боран далада.
Борайды қардың ұшқыны
Жұлдыздай қонып жағаға.
Қалмайды боран ілесіп,
Барады лебі бойды алып.
Жылыну үшін күресіп,
Лактырып қарды ойнадық.
Қалғандай соғыс жайына,
Келеміз оны сезінбей.
Жоқ енді бізде айырма
Секілді ол да өзімдей.
–Аласың хатты сен қанша?
Салады хатты неше қыз?
–Келіншектер болмаса
Жарлы еді қызға көшеміз...
Қуланып қатал бұйырып,
–Айт, – дейді, – бәрін жасырмай! Күледі қайта жымиып,
Бар еді жаны осындай.
Шіркін, біздің комиссар
Александр Любимов.
Ағамыздай болды дәл
Соның үшін сүйді жұрт.
АРҚАЛЫҚ
Арқалық деген адыр бар,
Арқаның сонау белінде.
Жарыса ұшқан жалындар
Жалаудай жүзген көгінде.
Жатыпты басып байлығын,
Бермеймін бірін дегендей.
Аяғың тисе, ал бүгін
Жер асты дүбірлегендей.
Тіршілік қаулап түнімен,
Ұясын содан тапқандай.
Темірдің енді тілімен
Жер асты сөйлеп жатқандай.
ӨТКЕЛ
Жағасында жалаң бас
Жалбыр шашты талдары.
Құмды тілген ақ алмас
Жатыр өткел — Қарғалы.
Көбіктенсе көктемде
Шашып жарға ақ күміс,
Жаз осы бір өткелде
Естілмейді жат дыбыс.
Бастап өмір жолдары,
Асқан шыңым көп менің.
Бірақ осы Қарғалы —
Тұңғыш өткен өткелім.
Өмірімнің бастығы,
Өткелі осы секілді.
Осы арадан бастадым
Асулардан өтуді.
РУДНЫЙ ҚАЛАСЫ
Жоқ деген бұл даладан етер үміт,
Темірдің алды тауып мекенін жұрт.
Тобылдың жағасына тұра қалды,
Жас қала күмбездері көтеріліп.
Болмайтын бұл арада тау атаулы,
Орнапты ақша таулар ақ отаулы.
Көтеріп болат қолдар қондырғандай,
Қақ жарып ортасынан Ататауды.
Жарылыс екпінінен дала айналып,
Көк түтін көмкереді маңайды алып.
Тұрады таң секілді қала үстінде,
Жалыннан алыс аспан арайланып.
Тот басып, тас боп қатқан тірлік тұнып,
Темірден бір өзгеше тіл ұқтырып.
Әр күні бұл қаланың балқиды отта,
Алдағы мың күндерді шынықтырып.
ТОРҒАЙ ҚАҚПАСЫ
Сонау Туран ойпатынан бас алып,
Өзен болып айрыларда жасы ағып,
Торғай бір күн таңмен бірге аттанған
Ұзатылған қыз сияқты жасанып.
Селеулердің сипай өтіп ақ шашын,
Айлар бойы бір тоқтатпай ат басын.
Орал таудың оңтүстігін орай кеп,
Орнатқан ол алтын діңгек қақпасын.
Бұлттың көлі орын теуіп жапаннан,
Жалпақ дала найзағайдан от алған.
Көк темірлі қақпасы деп Торғайдың
Бүкіл дала бір есіммен аталған.
Қонақтамай кете алмаған ұшпа бұлт,
Қиырына жете алмаған құс талып.
Жазда аңызақ жалынымен күйдірген
Көк темірдей дала өзегін қыс қарып.
Жер астында жатса да алтын самсаған,
Ел қиялдан байлықты іздеп шаршаған.
Жүрсе-дағы өзі темір үстінде
Темір таяқ, темір етік аңсаған.
Жартасына жұрттың қолы батпаған,
Ешбір Апақ тас көмірін таппаған,
Қойныңдағы қорғасының,
темірің
Торғай жері иесіне сақтаған.
АМАНҚАРАҒАЙ
Жан-жағының бәрі бақ,
Бәрін оған сыйлаған.
Әттең, сараң табиғат
Бір өзенін қимаған.
ҚОҢЫРАУЛЫ ӨЗЕН, ҚОҢЫР КЕШ
Қоңыраулы өзен,
қоңыр кеш
Көк шымылдық ашылған.
Мөлдір кеш, нәзік со бір кеш
Бардай-ақ сыры жасырған.
Шашағын жасыл тал жайып,
Құрақтар төмен иілген.
Нәзік жан дүние ғажайып
Атлас жібек киінген.
Өзіңе-өзің қалып таң,
Боласың сонда бір түрлі.
Құйылғандай ғайыптан,
Ғажайып үндер сиқырлы.
Көңілге бір күй қонғандай,
Шабыттан шақпақ от түсіп.
Кетсең де қазір болғандай
Жеп-жеңіл кеште көкке ұшып.
ҮЙ
Өзіңе ыстық өз үйің,
Болмаса да кең сарай.
«Айқай, менің боз үйім»
Деп сағындың сен талай.
Шыға келсе ду күліп,
Балаларың кептердей.
Мойыныңа міндіріп,
Төбең көкке жеткендей.
Төрт қабырға,
бұрышы,
Толып тұрған жыр іші.
Құпия кеп құйылған,
Ауасы — жан тынысы.
Сыймастай еш қиялға,
Болмастай жан ұғынып.
Кіп-кішкентай ұяңда
Жатыр қанша жылылық.
АЛҒАШҚЫ АДЫМ
Қалды өзенде — жар астында,
Найзағай қанат алабұға.
Отырды ол мектеп партасында,
Өмірдің тұңғыш сабағында.
Бұл үшін жұмбақ — бәрі жаңа,
Көргені осы үйінен шығып.
Білмейді мына қабырғаға
Тұрғанын бүкіл дүние сыйып.
Сезбейді ол карта белгілерін,
Өзен, тау, тайга ағашын да.
Білмейді барын арасында,
Өзінің туған қаласы да.
Білмейді ол сонау жолақтарда
Жолбарыс жортқан көп іздер барын.
Көз жасы бу боп қонақтап тауға
Көбігін атқан теңіздер барын.
Бермейтін тегін қолыңа кілтін,
Әлемнің талай заты бар жұмбақ.
Оқасы қанша, мұны да бір күн,
Өзіңдей бала отырар тыңдап.
БЕЙНЕ БІР АҢЫЗЫНДАЙ ЕРТЕГІНІҢ
Жазықсыз ебелекті жұлатұғын,
Қазықсыз көбелекті қуатұғын.
Балалық күндеріңді сағынасың,
Іздеген су маржанын, құм алтынын.
Кей кезде жатып үйдің төбесіне,
Өмірдің шыққандай боп белесіне.
Жұлдызбен бірге жүзіп кетуші едім,
Аспанның мініп алтын кемесіне.
Сарғайып жапырағы күз түскенде,
Құс қайтып жаздан күдер үзіскенде,
Қас қақпай қақпа алдында тұрушы едім
Аспанда бұйра бұлттар сүзіскенде.
Тұңғиық түбектерден борық тартып,
Су сорып, дірдек қағып
тоңып-қатып,
Іңірде құрбақаның құрылымен
Үйіме оралушы ем соңырқатып.
Ұстатпай секек қағып ыршып ұдай,
Жандарын қорғап менен бір шыбындай,
Көбелек от айнала ұшушы еді,
Айналған кәрі әжемнің ұршығындай.
Жарасқан не істесем де еркелігім,
Өмірдің атқан таңы — ерте күнім,
Өзіндей табиғаттың балалығым,
Қазір сен ізіндейсің ертегінің.
ЖҮЗІМ
Жұлдыздардай тізілген
Жүзінде таң қызылы.
Сабағынан үзілген,
Оңтүстіктің жүзімі.
Өскен жазда дән алып,
Желге, күнге тотықпай.
Қалған қатар қадалып,
Алқадағы ақықтай.
Ойлап тұрсаң күз бар ма,
Оңтүстіктің күзіндей.
Онда өскен қыздар да,
Албыраған жүзімдей.
ҚАРАСПАН ТАУЫ
Төбесінде зеңгір көк —
Тебетейі жарасқан.
Жер мен көкті белдеулеп,
Тартыла қалған Қараспан.
Дауылды күні жарылып,
Ауғандай аспан төрінен.
Алғандай қоныс жалынып,
Арыстың осы белінен.
Ол жайлы елде көп кеңес,
Аңызға қойнын дала ашқан.
Жерде де емес, көкте емес,
Қалқиды жонда Қараспан.
Бейне бір қарық қылғандай,
Қандырып жазда жер шөлін.
Қараспан тауы тұрғандай,
Идіріп бұлттың емшегін.
* * *
Жанның шөлін ән-күймен
Қандыра бір суарып,
Дәм таттырып әр үйден,
Салды Кавказ шығарып.
Кілт кідіріп тоқтадым,
Қайта артыма жалт қарап,
Күміс мұнар көк тауын
Көп күн жүрді арқалап,
Жел сыбырлап сыр айтып,
Толқып құйды жыр шумақ.
Кетті солар тыңайтып,
Қалдым сергіп бір қунап.
Кейде ашуға бой ұрған
Шатырлаған аспанның.
Кетпес сірә ойымнан,
Орындықтай тастарың.
Кетіп барам балаңдай
Көңілімде орнап жаз.
Сен де менің анамдай
Тілеулесім бол, Кавказ!
* * *
Мекендеп байтақ Орта Азияны,
Тапқандай мәңгілікке жаз ұяны.
Күзде де қызыл-жасыл гүлдер жауып
Көктемдей құлпыртады жазираны.
Тимейді суық лебі мұз-қарыңның,
Болмайды мұнда ешбір ызғарлы күн.
Зеравшан қыста ағады өлеңіндей
Өзбектің қара қасты қыздарының.
Көргенде ақ мақталы тауды алыстан,
Көргенде бұлбұлдарды самғап ұшқан.
Күрсініп ауыр дем ап, жаутаң қағып,
Қарайды көршісіне Ауғанстан.
МАШУК ТАУЫНДА
Күн көзі ұясынан көтеріле,
Қиялдың қияға ұшып жетегінде,
Отырған ойлы ақын жалғыз өзі
Жап-жасыл Машук таудың етегінде.
Қалдырып жер бетінде келеңкесін,
Қиялы кеткен шарлап көк өлкесін.
Демондай құз-қиядан кеткен қарғып,
Бұлттардың қапсырып ап көк өркешін.
Кей кезде дауыл болып арқыраған,
Кей кезде толқын болып сарқыраған.
Кей кезде бойындағы бұлты тарқап,
Күн болып күле қарап жарқыраған.
Жүрегін намыс үшін бояп қанға,
Өр ақын өмір жолын аяқтарда,
Күңіреніп кеудесінен жалын атып,
Төсіне жасын төккен аяп тау да.
Бұлттардың атой салып қолы қалың,
Жапқанда Машук таудың омырауын,
Баяғы өлеңінше сабаз ақын,
Тұрғандай дауылға ашып долы жанын.
ПЯТИГОРСК
Ішін өртеп бір жалын,
Ерте тұрған ғашық күн,
Сүйгенінде шыңдарын
Бестау менен Машуктің.
Бүкіл қала тұрады,
Оянып таң нұрымен.
Омырауын жуады,
Екі таудың суымен.
Салмасын деп байбалам,
Бірдей көріп екеуін.
Жалғыз өзі жайлаған
Екі таудың етегін.
Көз алдында тау тұнып,
Өзен де тұр «жылап тал»,
Таста бүркіт талпынып,
Тасырлаған бұлақтар.
Құз қиядан құлаған,
Еріп су боп мұз белі.
Күнде дауыл сұраған,
Жатыр ақын іздері.
Таңғы лебі ауаның,
Жапыраққа тұнғандай.
Ақ денесін қаланың,
Шипа сулар жуғандай.
Ерте тұрып ол бұрын,
Сақтағандай жұрт үшін —
Жас ауаның мөлдірін,
Бұйра бұлақ күлкісін.
ЖАҢҒАҚ АҒАШЫ
Қариядай кәрі ағаш,
Келе жатқан қашаннан.
Бірақ жаны әлі жас,
Жылда көктеп жасарған.
Жапырақ жайып сақтаған
Шаңқай түс,
күн көзінен.
Бұтақтар қанша қаптаған
Ұрпақтай өрбіп өзінен.
Суырып тілді үйірген,
Тәтті жоқ со бір жаңғақтай.
Көк өрім болып түйілген,
Түйірі әрбір бармақтай.
Көрінеді көзге ерек,
Ой түсірді ол қанша...
Шіркін,
жасың жүзге кеп,
Жемісің де мол болса.
КАВКАЗ
Мәңгілік болашаққа ағатындай,
Өмірдің өзендері сағатындай.
Айналған аспанында ақша бұлттар,
Жеп-жеңіл көгершіннің қанатындай.
Таулардың таулар қарап төбесінен,
Күндесіп күн өткізген егесумен.
Жасалған әрбір шоқы, шың-құздары
Мұздардың шөгіп қалған кемесінен.
Емендер тұрып алып ертеменен,
Шығуға шың басына ентелеген.
Жап-жасыл жапырағын күнге тосып,
Шығыстың самалына еркелеген.
Ақ көңіл таңның тұңғыш нұры ойнап,
Шыққандай жібек бұлттан күні қайнап.
Кавказдың алтын діңгек ақ отауы,
Көрінер Эльбрустың шыңы жайнап.
Эльбрус елден бұрын күнді қарсы ап,
Бұлттарды бүркейді егіз шыңы қоршап.
Жатады жас тұманды жамылып ап,
Күткендей күншығыстың нұрын аңсап.
Кавказдың қалықтап күн жотасына,
Орайды шыңдарды алтын оқасына.
Алтын тау айдалада шөгіп қалған,
Ұқсайды түйенің жас ботасына.
Сытылып суық таудың мұз-қарынан,
Арылып қылыш қыстың ызғарынан,
Қарғиды өзендері қауіпсінбей,
Кавказдың қия тасты құздарынан.
Құпия көп сырларды көзі шалған,
Өлместей арттарында сөзі қалған.
Жалғыз жол Машук тауға әкетеді,
Пушкин мен Лермонтовтың өзі салған.
Шыққанда мұнарланған тау басына,
Өлеңнің тұрғандаймын Парнасында.
Кавказдың өзенімен бірге ағамын,
Жетектеп жүйрік жаным алға асыға.
БЕСТАУ
Бір ананың ер жеткен,
Бес отау боп бес ұлы.
Көп қиялды тербеткен,
Бестау — оның есімі.
Бір шыңы бар еш жанның
Ізі түсіп баспаған.
Найзасындай Бестаудың,
Көкке шаншып тастаған.
Бағып қас пен қабағын,
Жалбарынып ағалап.
Басқа шыңдар балағын
Күн өткізген паналап.
Күн күркіреп жауар шақ
Сақтандырып көршісін.
Қазбекке хабар сап,
Айдаған жел елшісін.
Ағайынды бес шыңның
Айбарынан жасқанып,
Көшкен бұлттар кешқұрым
Көздерінен жас тамып.
Қатерге де ол дайын,
Қорғанбайды ұрыстан.
Бестауымен Торғайдың
Секілді бір туысқан.
Сонау көкте мекені —
Сырласқан Құс жолымен.
Жаралғандай екеуі,
Бір шебердің қолымен.
Жан-жағында кәрі адыр,
Арыстандай аш белі.
Бестау бейне қарауыл.
Айнала тау — әскері.
ЭЛЬБРУС
Егіз шыңды Эльбрус
Мұздан ғана жаралған.
Сәулесімен күншығыс,
Қабырғасы қаланған.
Күн шығып, не батарда
Егіз шыңы көрініп.
Жалт береді жапанда
Жалпақ бұлтқа көміліп.
Екі ақша бұлт ауада,
Үзіліп бір қалғандай.
Екі аққу далаға
Салтанатқа қонғандай.
Оян да аш көзіңді,
Бере қалса жел дыбыс.
Шақырғаны өзіңді
Шаңқай түстей Эльбрус.
НАРЗАН ҚАЙНАРЫ
Аспанның ақ бұлтын ап,
Жер астына сүңгіген.
Бұлақ болып бұрқылдап,
Атқылаған үңгірден.
Табиғаттың таңғы шақ
Құйып алған ауасын.
Жақсы дәрігер жанға ұсап,
Тапқан жүрек дауасын.
Көрінгендей өзінен
Мөлдір ауа, бұлт көбік.
Елең-алаң кезінен
Ентелейді жұрт келіп.
Ширағандай бәрі де
Шипа судан бір ішіп.
Қуанғандай кәрі де
Жас боп қайта күлісіп.
Шаңға батқан қашанғы
Арам ойлы арзан жан.
Жұртқа пайда жасауды
Үйренсін сол Нарзаннан.
АТТАНАРДА
Бұлттар ойнап тауында,
Құйды Кавказ ақ селі.
Аттандырды ауылға
Қарачайдың жақсы елі.
Ұмытпапты тауымды,
Ұмытпапты жанымды.
Ұмытпапты ауылды,
Ұмытпапты дәмімді.
* * *
Қызыл гүлдей құлпырып,
Шешек жарған кезің бұл.
Жүргендер көп ынтығып,
Не айтайын, өзің біл,
Шешек жарған кезің бұл.
Жарығындай жаһанның
Жайнап қара көзің тұр,
Қолын созбас саған кім.
Ойлап қара, өзің біл,
Шешек жарған кезің бұл.
Аққу мойын, ақ білек,
Мизам шуақ, сөзің нұр.
Сәби көңіл, ақ жүрек,
Тұла бойың сезім бір,
Шешек жарған кезің бұл,
Не айтайын, өзің біл.
* * *
Қарақат ағаш гүлдеген,
Гүлдері бейне көбелек.
Кестелеп неше түрменен
Жайғандай біреу өрелеп.
Аралап ұшып андыздап,
Сорады гүлден бал шырын.
Қарлы тау ғана жалғыз қап,
Жасырғандай жан сырын.
Асқар таумен айқасып,
Келеді көктем ала алмай.
Күн барады жай басып,
Алаудай, қызыл жалаудай.
ҚАЙЫҢДЫ
Сен туралы дерек жоқ,
Баяндайтын жайыңды.
Жалғыз қайың себеп боп,
Атандың ба Қайыңды!
Көрінсең де шап-шағын,
Көздеріне басқаның.
Мінгенсін тартып ат жалын
Ыстықсың бейне жас шағым.
Төбемде тұнып аспаның,
Төменде күліп жас талың.
Сөйлесем бірге жаңғырған,
Сырласым болып тастарың.
Мен де ол кезде жалқы едім,
Жан серігін іздеген.
Сен де ол кезде жалқы едің,
Айтқан жалғыз түзде өлең.
Бүгін білсем жайыңды,
Бұрынғыдан бөлексің.
Сен де мендей қайыңды,
Ұялы бір терексің.
САРҚЫРАМА
Көз тауып мұздың нәзік ойығынан,
Төгіліп меруерт моншақ мойынынан,
Шыққандай ерке сұлу еркіндікке
Кавказдың қарлы суық қойынынан.
Құзардан құламалы аттан салып,
Со бір су құз қайнардан жатқан ағып
Кей кезде көкпеңбек боп мөлдірейді,
Құйылған көк шыныдай тақталанып.
Өмірдің шапағатты бұлағындай,
Бойынан жастық күші тұр арылмай,
Құлдилап биік құздан жарқырайды,
Кавказдың қиқу салған қыранындай.
ҚАРАТАУ
(Ғабит Мүсреповке)
«Басынан Қаратаудың көш келеді...»
Осы еді ата-баба ескі өлеңі.
Жатталып көне дала көкірегінде
Осы өлең жылдармен бір көшкен еді.
Қалпына қарапайым қарамастан,
Қаныма қалған ұйып бала жастан.
Тұратын көз алдымда көлеңкедей,
Қаратау қанды жаңбыр,
қаралы аспан.
Даланың дал-дұл болып омырауы,
Ел босып боз інгендей аңырады.
Ақтабан шұбырынды Алқакөлде
Шайқалды қазақ ата шаңырағы...
Қаратау, шығып кеше асқарыңа,
Қарадым бұлтсыз мөлдір аспаныңа.
Енді сен қамкөңілді қария емес,
Ұқсайсың өз еліңнің жас шағына.
Қарасам түнде қалың ормандайсың,
Ал күндіз киіз үй боп қонғандайсың.
Құйылған қорғасыннан құрыш қамал,
Енді сен жау ала алмас қорғандайсың.
* * *
Күн жарқ етіп төгіп нұр
Көшті көктен бұлт қалың.
Көрінді тағы көгілдір
Кішкене тауы Бұқпаның.
Келгеніңде сағынып,
Көз алдыңда - ол ұдай.
Көлге барып шомылып,
Су ап қайтқан сұлудай.
КӨК ТАУЛАР
Көк аланың үйіріндей,
Көк таулар иін тірескен.
Аспанды жайлап үйіндей,
Көк ала бұлтпен бір өскен.
Сырлары терең құпия,
Таңғажайып бітісі.
Тастары бейне тақия,
Тал-қарағай үкісі.
Көк сағымға қол артып,
Көтерілген күнге тау.
Көрінеді мұнартып,
Кеудесінде мың отау.
Көз жетпес таулар көшіне,
Алысқа сапар шеккендей.
Арқаның апай төсіне,
Орнатып біреу кеткендей.
ОҚЖЕТПЕСТІҢ ТҮБІНДЕ
(Ғаббас Жұмабаевқа)
Түбіне Оқжетпестің бір түнедім,
Көз жасым жаңбыр болып жыр тіледім
Күмбірлеп көкірегімде керемет күй
Аспандай аласұрып күркіредім.
Бұлт төнген төбесінен баспалатып,
Томсарып тұра қалған тастар қатып.
Арасын жер мен көктің жалғастырып,
Жіберді алтын найза аспан атып.
Көктастар көлге шөгіп мұнарланған,
Әскердей тұра қалды құралданған.
Көзінің аясындай Бурабайды,
Қандай жау алады деп күмәнданған.
Қоршаған көп таулардың сұсы басып,
Басылды аспан біраз ұшқын шашып.
Күрілдеп көкірегі тына қалды,
Біткендей Бурабаймен күш сынасып.
Күн шыға кешірім деп көлге келіп,
Айналып аспан тұрды дөңгеленіп.
Мен тұрдым көкке қарап, көлге қарап,
Кеудемді жаңбыр шайған желге беріп.
Құстардай қиқу салып шулап айдын,
Көрсетті көк жүзіне тулап айбын. .
Оятты жартастарын жағадағы,
Тебіскен толқындары Бурабайдың.
ЗЕРЕНДІ
Тауың көкке өрлетіп,
Тигізгендей төбемді.
Көліңменен тербетіп,
Көп туғыздың өлеңді.
Көне кітап бетіндей,
Жатқан тарих тас сайын.
Зерендінің көркіндей,
Жас қарағай, жас қайың.
Бір қиырың Жыланды,
Бір қиырың Қошқарбай.
Барлық таудың мұнары,
Басын саған қосқандай.
Толқыныңның келбеті,
Тау түсіндей көк мұнар.
Кең болса да жер беті,
Өзіңдей көл жоқ шығар.
Қарағайдың балтырын,
Қарғып сүйіп алыстан.
Күннің соңғы жалқынын,
Қағып алып жарысқан.
Жасыл толқын Зеренді,
Жасырындың сен неге?
Өзіңдей бір өлеңді,
Құя салдың кеудеме.
* * *
Тұрып алды сорғалап,
Жаңбырлы күндер айықпай.
Жатаған таулар қорғалап,
Жағада шөккен қайықтай.
Қабағын кештей жапты түс,
Күп-күңгірт түнек күнді ұрлап.
Аспаннан жауып ақ күміс,
Түскендей жерге сылдырлап.
КҮЗ ДЕМІ
Шалқар егін шалқиды тудай
Шайқалғанда жел жетіп.
Толқиды бидай, толқиды тынбай
Даланы дәнмен тербетіп.
Түндерде беті дуылдап от боп,
Жалындап дала жанады.
Найзағай жерде зуылдап жоқ боп,
Жұлдыздар жерде ағады.
Сол оттар көшкен түн ішінде
Егіншінің іздері.
Сары ала бауырсақ иісіндей
Қытықтайды күз демі.
* * *
Теңіз-ау, сенің долданған
Мінезің тентек әбес тым.
Төсіңнен бұлт торлаған
Жағаңа тегі әуеспін.
Емес бұл менің қорқуым,
Ашулы ала көзіңнен.
Ойнақы жеңіл толқының,
Алысқан талай өзіммен.
Шашы бейне толқының,
Көріп ем бір қыз жаңада,
Бермейді жанға сол тыным,
Ғашық қып алыс жағаға.
ҚАЗЫҚҰРТ
Мұз жарылып, сең қаптап,
Жеткенде осы жапанға.
Қалып па едің сен сақтап,
Нұқ кемесін топанда?
Кеме тұрсын төбеңде
Қайық тоқтар бұдыр жоқ.
Кеттің тарап сен елге
Ертегі күн жыры боп.
Тасқын шайып, жел кеулеп,
Бітіпсің-ау мүжіліп.
— Қай заманнан келген,— деп
Қарай берем қызығып.
Дастанындай даңқтың,
Көп шежірең жазылып.
Арқасында халықтың
Биіктедің, Қазықұрт.
* * *
Сонау Торғай Қызбелінде
Бұлақтардың қыз үні.
Ай шалқалап өзенінде
Ойнайды жел сыбызғы.
Сонау Торғай далалары,
Қызыл шырай жүздері.
Лениннің жалаулары,
Аманкелді іздері...
Кетем сүңгіп ағашына
Кезе берем жағалай.
Көрінер шал анасына
Сол баяғы баладай.
МЕНІҢ РЕСПУБЛИКАМ
Тауды көрсең күн көзімен таласқан,
Аспан көрсең Ай мен Күнге жол ашқан,
Менің байтақ республикам таулары —
Менің көгім мөлдіреген сол аспан.
Дала көрсең көкжиекпен ұштасқан,
Көлді көрсең секілді бір түскі аспан.
Менің байтақ республикам даласы,—
Менің көлім теңізбен қол ұстасқан.
Орман көрсең кең даланы ораған,
Жолдар көрсең шартарапқа тараған,
Менің байтақ республикам орманы,—
Менің жолым Ленин салған жаңадан.
Тұлпар көрсең желдей ұшып заулаған,
Сұңқар көрсең бұлтта қанат самсаған,
Менің байтақ республикам тұлпары,—
Менің құсым көктің жүзін шарлаған.
Қызыл бұлттай көрсең қырдың
гүлдерін,
Көрсең ашық Алатаудың күндерін,
Жерінде гүл, көгінде күн бір жүзген
Ұлан-байтақ республикам бұл менің.
Достар келіп тірей қалса ат басын,
Қарт Алатау иіп қардай ақ басын,
Қарсы алады ашық күнмен ашып бір,
Алматының аспанының қақпасын.
БУРАБАЙ КӨЛ
(Өміржанға)
Мінгескен айнала тау арқасына,
Бурабай жатыр орман ортасында.
Бір сүңгіп Бурабайдың толқынына,
Отырдым жағадағы жартасына.
Аспанға көтерілген ақ тас тура,
Секілді аңыздағы ақбас бура.
Көбігін қайтадан ол көлге беріп,
Қайыңға көлеңдетіп жаппас шуда.
Жиналған табиғаттың асылы бар,
Етегі — аппақ қайың, басы — шынар.
Көкшенің күмбезіндей көтеріліп,
Ойнайды жалт-жұлт етіп жасыл мұнар
Адамдай қарағайлар тауға өрлеген,
Көңілді жыр көтеріп, ән кернеген.
Сұлулар көп болса да жер бетінде,
Көкшедей кереметті жан көрмеген.
Келсе де бауырыңда тыным алғым,
Күй болып күңіреніп, шуылдадың.
Бұрқанып көл Бурабай көбік шашып,
Жыр болып құлағымда тұрып алдың.
Сиқырлы бір сұлу саз тарап үннен,
Шайқалды көл толқынмен, дала гүлмен.
Көргенде құмарымды бір қандырдың,
Көркіңе ғашық едім бала күннен.
ҚЫМБАТ ДАЛА ҚЫРЛАРЫ
Қымбат туған даламның,
Маған биік адыры.
Жатыр сонда бабамның,
Қасиетті қабыры.
Қымбат туған даламның,
Мөлдіреген көлдері.
Бесігіндей анамның,
Тербетеді ол мені.
Қымбат туған даламның,
Бір талдырмаш талы да.
Тайы болып баламның,
Батқан жолдың шаңына.
Қымбат туған даламның,
Құйылған жас ауасы.
Шипасы сол жарамның,
Ауру жүрек дауасы.
* * *
Бұлт көзімен бұлдырап,
Сығалайды кәрі аспан.
Жанында Арыс сылдырап,
Шалқаяды Қараспан.
Қарауылда бір батыр,
Қалғып кеткен тәрізді.
Қарауытып қыр жатыр,
Қайталап сол аңызды.
Шыдатпай шөл бұрқағы,
Аңсап келіп алыстан.
Қобыландының тұлпары,
Су ішті ме Арыстан?
Сұрағанмен қиылып,
Тау үн-түнсіз жатыр жай.
Бұлт астында бұйығып,
Ұйықтап кеткен батырдай.
* * *
Көп жыл өтті, көрістік,
Жарқ еттің тағы жалындай.
Көріндің көзге неге ыстық
Баяғы балғын шағыңдай.
Жұлдыздар ақты көгінен,
Оғындай жайдың зуылдап.
Кетпедің бірақ көңілден,
Жұлдызым менің жымыңдап.
Өзендер ақты суларын
Теңізге құйып күрілдеп.
Толқын боп жанда туладың,
Жел болып демің уілдеп.
Түсімде қанша көріндің,
Арайлы таңның отындай.
Кеттің сен, қайран көңілдің
Көп сыры қалды-ау оқылмай.
Шамам жоқ менің тегінде,
Басқаға мойын бұрғандай.
Жастығым жалғыз менің де,
Жоғалмай әлі тұрғандай.
АЛМА
Күз саусағы сып етіп,
Соңғы алманы сыпырды.
Бір қыз жанды жүдетіп,
Кетіп қалған сықылды.
Сыпайылық, сыршылдық,
Бар еді ұяң жүзінде.
Барсам-дағы құлшынып,
Қимаушы едім үзуге.
Құбылып көз алдыңда,
Баяғы сол ерке елес.
Жүрем алма бағында,
Ойға батып ерте-кеш.
* * *
Қара көзді қарындас,
Қайда кетіп барасың!
Ай маңдайлы ару жас,
Жұлдыздай көз қарасың.
Қомпозитор шығарсың,
Мүмкін нәзік сезімді.
Дүние сырын үғарсың,
Қадап қара көзіңді.
Шуылдаған,
бұрқаған,
Толқын күйін тыңдайсың.
Кейде еліктеп шырқап ән,
Толқын болып жырлайсың.
Күйге салған не түрлі
Қызық-ау бұл құбылыс.
Таптырмаған секілді
Жұмбақ сырлы бір дыбыс.
СЕКУНД
Соғыс — аспан төрінде,
Соғыс — өзен түбінде.
Дүние жалғыз секундтың
Дірілдейді тілінде.
Бір секундтан аса алмай,
Кетті өліп жан қанша.
Адам мәңгі жасардай,
Бір секундтан сау қалса.
КҮТКЕНДЕ
Қазақ бауы1 бұрышы,
Кездескем сонда еркеме.
Жалғасқан кештің бір ұшы
Созылып түннен ертеңге.
Қарай да қарай күн батқан,
Кештерін маған тапсырып.
Төгіліп торғын түн жапқан,
Қойнымнан күт деп жақсылық.
Сарғайған мендей дария,
Сағыныш кеузеп сарылып,
Толқыны ұрып жарына.
Жүрегі мендей қабынып.
Баққа қонып тұнғандай,
Бар көркімен жақсы күз.
Қарсы алдымда туған ай,
Тас төбемде қос жұлдыз.
Судырласа жапырак,
Сыбыр етсе нәзік үн.
Жиі дем ап, қалтырап.
Қарайлаумен қажыдым.
Түткиіл кеп көңілге,
Тінтеді көз түн ішін.
Күрсінген күз желінде,
Бардай сенің дыбысың.
Қалың бұлтқа көміліп,
Қарауытып ай батқан.
Кездесерсің сен күліп,
Қараңғыда қай жақтан;
Келмейді ме, келе ме,
Деген ойлар күмән қып.
Жалынды оттай денеге,
Жайылады құмарлық.
Көздеріңнен көзіме,
Түскендей бір от ыршып.
Кездескенше өзіңе,
Тұра алмаймын тыпыршып.
Қазақ бауы бұрышы,
Кездескем сонда еркеме.
Жалғасқан кештің бір ұшы
Созылып түннен ертеңге.
СЫРҒА НАЗ
Жағаңда таппай жаны ұя,
Жәбірді ел сенен көп көрді.
Сыңарың Амудария
Жіберді жұтып Төрткөлді.
Атың бір болды жария
Алтынға сені баладық.
Жырладық сұрғылт дария,
Жатыр деп сенен бал ағып.
Құмдарды кейде сапырдың,
Қабағыңнан тас жауып,
Арнаңнан шығып атылдың,
Ауылды жұттың бас салып.
Сарайды саздай иледің,
Келмедің әсте тобаңа.
Үйірдің жұрттың үйлерін,
Мал-мүлкін салып додаға.
Ашыла берді араның:
«Бәрі де маған керек» деп.
Мазасын алдың даланың,
Делқұлыдай дедектеп.
Асыр салған көктемде,
Еркелігің жетті елге.
Мен тұрмын саған наз айтып,
Жалбарыну жоқ менде.
ҚАРМАҚШЫ
Сырдария атылып жардан асып,
Шым үйлерді толқындар қалған басып.
Көктем күні кемпір-шал далада жүр,
Үй орнына тұрғызып талдан лашық.
Тауды үйіріп, шалқадан түсірердей,
Сұп-сұр болып бұрқанған түсі дүлей.
Таң алдында тағыдай тарпа бас сап,
Бейғам елдің туғызған ішіне үрей.
Көрген адам құлазып, татыр жердей
Қаны қайнап түтейді тақыр шөлдей.
Орын теуіп сортаңнан ойдым-ойдым,
Сырдың суы жайғасып жатыр көлдей.
Толқындардың төсінде сайран салып,
Кеше жүрген ақындар жайнаң қағып.
Түн ішінде өзгеріп шыға келген
Қармақшыға қарайды қайран қалып.
Дариямен алысып, ағынды өрлей
Дүлей күшке дүлей боп дамыл бермей,
Толқындарды тосады тосқауыл боп
Айқастағы Қармақшы жауынгердей.
* * *
Жапырақ болып жаз ұшып,
Күз келген суыт жел айдап,
Кеткенде көлден қаз ұшып,
Телмірдім тағы сені ойлап.
Неткен бір жан ең апыр-ау,
Сарғайтар саған не қылдым.
Ағашты жапты ақ қырау.
Қыста да сені сағындым.
Айрылар кездің арманын,
Айтып ек жалғыз біз желге.
Көктемнің жақын қалғанын
Сездім де шықтым іздеуге.
Жетті кеп гүлмен бір күн жаз,
Сол гүлден сені көрмедім.
Келге кеп қонды шіркін қаз,
Бірақ сен қайтып келмедің.
* * *
Жаудырдық бұлтсыз жаңбырды,
Толқыттық жасап шөлде егін.
Табынтып тылсым тағдырды,
Тастадық жағып жерге күн.
Жасадық жібек талдарды,
Жапырақ жатыр көйлек боп.
Тірілттік өлген тауларды,
Жалындап жатыр жерде от боп.
Таласар басқа қайда әлем,
Бір кезде мені күндеген.
Айы жоққа ай берем,
Күні жоққа күн берем.
МАГНИТ ҚАЛАСЫ
Серпілді төңіректі түн қымтаған,
Жылтылдап көрінді оттар әр қырқадан.
Қызығып сол оттардан көз алмадым,
Қасымда тұрды үнсіз бір қарт адам.
Поезд да баяулады адырға кеп,
Сұрадым: «Бұл Магнит тауы ма?» деп.
Сұрадым: «Көктің жүзі қызғылт тартты,
Атылған тау қойнынан жалын ба?» деп.
Шал айтты: «Жатқан алда тайталасып,
Бір аттап өтсек болды қайқаң асып,
Магнит жұлдызымен қарсы алады,
Қақпасын қараңғыда айқара ашып...
— Босқа өтті кеңесе алмай жолдың көбі,—
Деді де ұзатты ол әңгімені.
Шежіре сөз білетін бір қарт екен,
Үйіріп ә дегенше алды мені:—
Ертеде болмайтұғын қала мұнда,
Жайықтың тұратынбыз қабағында.
Бір күні шаңқай түсте шаң боратып,
Қалың қол келді қаптап Қарадырға.
Қарадыр қаусырма өркеш, қалың қабақ,
Жататын омырауын сағым орап.
Қойнында қора-қора қойтастары,
Тұратын тау біткенді қарауылдап.
Теңселтті бір ұлы күш тауды мықты,
Ең алғаш жапан дала жаңғырықты,
Сол дүбір атырапқа дабыл қағып,
Шақырып шашыраған алды жұртты.
Келді деп жеңімпаз топ Лениннен,
Ағылды ел өндіріске легімен.
Магнит заводына келіп кірген
Сондағы жұмысшының бірі едім мен...»
Көрініп жалын шалған таудың жүзі,
Бөлініп қала берді шалдың сөзі.
Айналған ай астында күмбездей боп,
Жарқ етті Магниттің жалын көзі.
Жарықтан жалтарғандай айығып түн,
Қалды артта, тасасында әр биіктің.
Паровоз бір айқайлап, көк вагондар,
Сүңгіді құшағына Магниттің.
Кеттім мен Магнитке бірге сүңгіп,
Тұрған жоқ трубалар түнде мүлгіп.
Бір сеніп, бір жарқ еткен шам секілді,
Аспаны кейде жалын, кейде күңгірт.
Орнатқан өз қолынан батыр халық,
Комбинат Жайық бойын жатыр алып.
Сырлар бар оның әрбір кірпішінде,
Солардың шежіресін оқы барып.
ҚЫРҒЫЗ ӘУЕНІМЕН
Темірқұл Үметалиевке
Асу-асу бел асып,
Іздеп келдім, Ләйліхан.
Құшағымды кең ашып,
Сіз деп келдім, Ләйліхан.
Фрунзенің бағында
Бір баласың, Ләйліхан.
Неге тұрмай жанымда,
Ұяласың, Ләйліхан?
Толқып белің билейсің,
«Бес ырғайға», Ләйліхан.
Неге бірге жүрмейсің,
Осындайда, Ләйліхан.
Ұғысармыз біз кейін,
Көп келейін, Ләйліхан.
Күдерімді үзбейін,
Көпке дейін, Ләйліхан.
ҚЫРҒЫЗ ДОСТАР
Көкірегімде кете барды көп жұлдыз —
Қырғыздардың қыздарының көздері.
Көкірегімде-кете барды көп қырғыз —
Күлкілері, әзілдері, сөздері.
Көкірегімде кете барды таулары,
Тауларының құздары мен шыңдары.
Көкірегімде кете барды орманы,
Бір кеудеме қалай сиып тұр бәрі!
ЖОЛ ҮСТІНДЕ
Ертайға
Жапырақтың көктемгі бала кезі,
Айдын көлдер секілді дала көзі.
Келе жатыр бізді алып Қостанайға
Феликс Дзержинский паровозы.
Жолдасым бар жанымда, аты — өлең,
Тапқаны жоқ оның да жақын менен.
Қарай қалдым көзімен өлеңдердің,
Қиялданбай жүрмейді ақын деген.
Ел күшіндей тасқын боп қотарылған,
Жүзіп ойнап шалқиды от алдымнан.
Қара мақпал толқын боп көрінеді
Көктем күнгі тың жерлер қопарылған.
Кең құшағын керіле ашқан жайып,
Отаныма бұл жерлер қосқан байлық.
— Тобыл бойы қалайша өзгерген?!—деп,
Шал күледі жымиып қостанайлық.
Көз алдынан бұрынғы өтті тұман...
Белгі тұрды бетінде көпті ұғынған.
Мен ойладым далаға қарасам деп
Коммунизм жылының шоқтығынан.
Шіркін, сонда болады дала қандай!—
Жатар онда қолменен қалағандай.
Жапан құмдар жарқырап теңіз болып,
Толқыр егін әлемді орағандай.
Отанымның бүгінгі ісі деген,
Ертеңгісін өзіме түсіндірген.
Талай-талай табылар тамаша зат
Менделеев кестесі түсірмеген.
Жапырақтың көктемгі бала кезі,
Айдын көлдер, секілді дала көзі.
Келе жатыр бізді алып Қостанайға
Феликс Дзержинский паровозы.
ЖЫР КӨКТЕМІ
Абай бүгін отырды,
Шолып алыс қиырды.
Ішкі сезім толқыны
Өлең болып құйылды.
Салса қиял сайранды,
Ақынға артық не керек?!
Алдында оның айналды
Дүние шары дөңгелеп.
Бір өшіріп, бір сызып,
Отырды ол жыр жазып.
Ақын мінез тым қызық,
Ақын жаны тым нәзік.
Кейде баяу әндетіп,
Кейде оқып жырларын.
Отырды ақын тербетіп,
Шыңғыстаудың шыңдарын.
Кешегі күн кешқұрым,
Кездесті ол Пушкинмен.
Кең сахара естіді үн
Кеудеде үміт ұшқынмен.
Көтерді өлең мол жүгін,
Ақын Абай мекені.
Қабылдады ол бүгін
Лермонтов пен Гетені...
Шықты алуға кең тыныс,
Жамылып ол шапанын.
Түн қалғыды тым-тырыс
Кеудесінде жотаның.
Құлаққа өлең келгендей,
Елегзіді әр дауысқа.
Келешекті көргендей,
Қарады Абай алысқа.
Жартастарды жаңғыртып,
Оған талай жыл өтті.
Тауды бөлеп қалғытып,
Талай, талай түн өтті.
Тұман түнеп адырға
Талай рет жауды бұлт.
Кім сақтайды жадында,—
Өтті,
кетті,
бәрі ұмыт.
Бірақ жыры Абайдың,
Көңілден еш кеткен жоқ.
Өтті жылдар, талай күн...
Құлпырып тұр көктем боп.
13
Ерте кезгі ізім қапты,
Қызылорда құмдарында.
Мен тұрған үй бұзылмапты,
Ортақ болған жырларыма.
Жастық жалын күшіменен
Жолаушылай жүрдім суыт.
Ауысты таң кешіменен,
Күндер өтті күнді қуып.
Бәрі таныс қазір маған,
Көп жыл болдым Сыр бойында.
Осы бір жыр жазылмаған,
Сол кезде де жүрді ойымда.
Туған тұңғыш жырларымда,
Кешір болса шалалығы.
Құмдарыңда, қырларыңда
Қалды ақынның балалығы.
Дүниенің бір еркесі —
Түседі еске балалық шақ.
Ерте күннің көлеңкесі,
Орманыңа қалады ұқсап.
БАЛАЛЫҚ ДОСЫ
Достары қандай ыстық балалықтың,
Мен оны көп жылдан соң жаңада ұқтым.
Жарысу жалаң аяқ қызық еді,
Астында сіркіреген қара бұлттың.
Сылдыр — су, бұлыңғыр — бу таң алдында
Іздедім балалығым таба алдым ба?
Дауылдай албырт күнім, аңғырт күнім,
Қалыпсың достарымның хабарында.
Күндіз-түн ән салған кез дүрілдетіп,
Басымнан кетіпті ғой бір күнде өтіп.
Барамыз дос үйіне, келіншегі
Қарар ма келесін деп кімді ертіп.
Шытпай-ақ келіншекке қабағымды,
Берермін кідірместен жауабымды:
— Келемін досымменен көрейін,— деп
Кішкентай суретімді бала күнгі.
РОЗА ҚЫЗДАР
Бұл қалада сонау бір жыл
Роза атты көп еді қыз.
Роза — бұлбұл, Роза — бір гүл,
Деп келетін өлеңіміз.
Әнге бөлеп жаздың түнін,
Көйлектерді киіп түстеп,
Роза қыздар роза гүлін
Жүруші еді сүйіп, иіскеп.
...Роза — әнші, Роза — күйші,
Көз ілеспес оң қолына.
Роза — ғалым, Роза — сыншы,
Қатал өлең жолдарына.
Роза қыздар көп болсайшы,
Роза гүлдей даладағы.
Желмен ұшпай тоқтасайшы,
Сұлулардың орамалы.
АРАЛАЙЫҚ СЫР БОЙЫН
Саяхаттап қайтайын,
Жүр менімен, сүйгенім.
Сыйлық етіп тартайын,
Сырдың қызыл гүлдерін.
Ұққан алғаш жан сырын
Бар еді бір жасыл тал.
Жасыл талда жасырын
Кездесіп ең ғашық жар.
Сылдыр-сылдыр күлкіңмен,
Құйып едің жыр маған.
Сонау өткен сол күннен
Сырыңды Сыр тыңдаған.
Саяхаттап қайтайын,
Жүр менімен, сүйгенім,
Сыйлық етіп тартайын,
Сырдың қызыл гүлдерін!
СЫР БОЙЫНДА КҮН ЖАУЫН
Қып-қызыл оттан өрілген,.
Найзағайдың қамшысы.
Меруерттей саулап төгілген,
Жаңбырдың жеңіл тамшысы.
Шаршады жаңбыр, тоқтады,
Жабысып қалың шеңгелге.
Ойнады өлең оттары,
Күркіреп бір күн кеудемде.
АҚЫН МЕН ТОЛҚЫН
(Шелли туралы)
Британия, Британия аралы,
Ақын сенен алыс кетіп барады.
Көңілі оның бұлт төнгендей қаралы
Өмірі оның оқ тигендей жаралы.
Ашылмайды тұманыңдай қабағы,
Британия, Британия аралы.
Теңіздердің ала шұбар туынан,
Астананың алыс кетті шуынан.
Алыс кетті арттан аңдып қалмаған
Тыңшыл, жымшыл Англия қуынан,
Британия, Британия аралы,
Татпайды ақын енді ащы суыңнан.
Британия, Британия аралы,
Мұнар қалпақ, көк тұманнан жағалы,
Қош болыңдар теңізшілер алауы,
Қош болыңдар кемелердің жалауы,
Ақын сенен алыс кетіп барады,
Британия, Британия аралы.
Шақырды оны алыстағы өзге от,
Кетті ақын бәрін тастап кезбе боп,
Ол туралы айтып жатты сөз де көп,
Құтты болсын енді оның қадамы,
Британия, Британия аралы.
Тұман бүркеп көрсетпейді жағаны,
Көк толқынның ұшқындайды бораны,
Толқынменен толқиды ақын жоғары.
Кенет батты... Көрінбейді ол әлі
Британия, Британия аралы.
Он күн болды көрінбейді жоқ әлі,
Бүркіт толқын баяу қанат қағады,
Жасқа толы бұл күндері жанары
Байрон ғана жар жағалап барады,
Британия, Британия аралы.
Өлі дене ісіп-кеуіп асқынған,
Шықты өлік көтеріліп тасқыннан,
Бөтен елде жан тапсырды жас құрбан.
Британия, Британия, көрдің бе?
Байрон көзін сол кездері жас жуған.
Байрон да өлді күні жетіп қаралы,
Ол бір күндер ұмыт болған жоқ әлі,
Сол жүректер әлі тулап соғады,
Соларды сен есіңе алсаң болады,
Британия, Британия аралы.
* * *
Осы мен аз бердім бе, көп бердім бе?
Қараймын сыншылдықпен өткен күнге.
Кейбірі нәрсіз, әлсіз болғанымен,
Жазыппын көп өлеңді көппен бірге.
Жаз – дауыл, күзде – жаңбыр, қыста –
боран
Туған ел бірге болдым көктемінде.
Үйреніп емілеңді, есебіңді
Баламмен бірге отырмын мектебіңде.
Сыпайы өлеңіммен бір болармын,
Алдағы өтетұғын өткеліңде.
ҚАСЫМ ТУРАЛЫ ӨЛЕҢДЕР
БІРІНШІ ӨЛЕҢ
Алақандай бұл жерге,
Қалайша енді сиярсың?
Жақын ең кеше жүргенде,
Бүгін сен алыс қиялсың.
Жырладың өзің өлкенің —
Даласын, тауын, көлдерін.
Көре алмай кеттің ертеңін,
Көре алмай кеттің көп жерін.
Сілтедің ұшқыр қаламды,
Өмірдің сырын ерте ұғып.
Алшаңдап бастың қадамды
Өсірді елің ерке ғып.
Ой тізгінін ірікпей
Күнде жаңа жыр туып.
Дауылмен ойнап бүркіттей
Алушы едің сілкініп.
Өлді деу сені қиянат,
Өлмейтін жан дер едім.
Әр жүректе ұялап,
Жатыр тулап өлеңің.
ЕКІНШІ ӨЛЕҢ
Теректерге асыла,
Шықты ол таудың басына.
Ой жүгіртіп көз салды
Құздың қия тасына.
Ойнақ салып лепіріп,
Жатты бұлақ өкіріп.
Табиғатпен сырласты
Ақын жалғыз отырып.
Қонды ойына құбылып,
Жұмбақ сырлы дүние.
Айқай салып жыр буып,
Жүгірді ақын үйіне.
Сүйді бұлақ Қасымды,
Құлағына сыбырлап.
Қайта-қайта ашылды,
Дәптер беті судырлап.
ҮШІНШІ ӨЛЕҢ
Нық бұралып құлағы,
Домбырасы тұр әлі.
Шертпейді ақын сені енді
Алысқа ол жөнелді.
Дейтін ақын: «мұнда ап кел»
Жатыр жабық жыр дәптер.
Боларсың сен аңсаған,
Оралмайды ол саған.
Жаңғыртты да жер, көкті
Ерте бастап, ерте өтті.
Өлеңде үлкен орны бар,
Соған көңіл орнығар.
ТӨРТШШІ ӨЛЕҢ
Бар еді жырдың кеңесі,
Кешікті неге ол енді.
Болаттай балқып денесі
Отыр ғой құйып өлеңді.
Алдында оның көп арман
Алдында өзен, көк тоғай.
Асыға аттап Оралдан
Тартады қиял тоқтамай.
Арпалысқан кеудеде,
От жалынды бір тасқын.
Дүние қалды төменде,
Кезеді ақын бұлт астын.
Табиғатпен тұтасып,
Тауысты барып ол енді.
Қиялдың бұлты от шашып,
Құяды нөсер өлеңді.
БЕСІНШІ ӨЛЕҢ
Көк жүзінде көп жұлдыз бар
Бірі сөніп, бірі қалар.
Кейде жылы, кейде ызғар,
Табиғаттың күні болар.
Күндер, шіркін, өте берер,
Зырлап, зулап, асыр салып,
Ақын даңқы кете берер,
Алар оны ғасыр танып.
АҚЫН СЕЗМІ
Аспан ашық, желсіз, үнсіз күн тымық,
Гүлді, нұрлы жатыр дала құлпырып.
Қарағайлар терезеге қарайды,
Қолын созып талпынғандай ұмтылып.
Тау бұлағы жол бойында сыңғырлап,
Тербетеді әлденендей жыр жырлап.
Түсінбеймін, құлағыма келеді үн,
Жас баланың сөздеріндей былдырлап.
Ортасында отырып мен ән-күйдің,
Көңілім ояу, көзді жұмып қалғимын.
Өлең болып құйылса деп қағазға
Жер мен көктің құпиясын аңдимын.
КҮН ЕКІГЕ БӨЛІНБЕС
Я не знаю где граница
Между севером и югом.
Я не знаю где граница
Между товарищем и другом.
Михаил Светлов.
Батыс пенен шығыстың
Ортақ күн мен айы бар.
Бәрі ортақ туыстың
Кім бар оны айырар
Шығыс, батыс ол ұғым —
Жолаушыға мезгеген.
Біз білеміз барлығын,
Сұрамай-ақ кезбеден.
Айыра алмас шегін еш,
Ағайындық, қарындас.
Күн екіге бөлінбес,
Ай екіге жарылмас.
Жоқ ешқандай бөтені
Күнбатыс пен күншығыс.
Егіз ұлдай екеуі —
Ерте кезден бір туыс.
Бөлетұғын кім өзі,
Арамызда туыстық.
Тұтылмасын күн көзі,
Бола берсін тыныштық.
ЭКСПРОМТ
Жалынынан айрылып суып денем,
Кетпесе екен кеудемде тұнып өлең.
Құрыса екен дүниенің құзғындары,
Прометейдің жүрегін жұлып жеген.
ТҮРКІСТАН ЖОТАСЫ
Ақ мақтадай басын жапқан ақша қар,
Орта Азия ортасында ақсақал.
Түркістанның алашұбар жотасы
Тұрды қарап тілегендей сәт-сапар.
Ерте тұрып жан-жағына алақтап,
Қарай қапты басын иіп ол аппақ.
Үйіріліп түсіп жатты қара бұлт
Асқарына ақ моншақ боп қонақтап.
Қалың елді бауырына ап қылыштың,
Ауыр қолы өткен мұнда Шыңғыстың.
Ақсақ Темір айқайын да естіген
Көпті көрген қариясы Шығыстың.
Тілі болса айтар еді ол егер,
Өксіп одан өткен талай кемеңгер.
Шеберлердің мұнарада басы қап,
Ат үстінен ауып түскен өлеңдер.
Белеңінде тұнжыраған күн суық,
Төменінде гүлін жарған тіршілік.
Жас анарлар жапырағын жайғанда,
Қауашақтан қарағандай күн шығып.
Бұлбұл етіп бақшасына қондырып,
Бізбен бірге түске дейін жол жүріп,
Қала берді Түркістанның жотасы,
Белі талған қариядай болдырып.
ТӘТТІ КӨРШІ, ТАТУ ДОС
Жыр арнадым мен де ұлыңның біріндей,
Саған деген көңілім бар күніңдей.
Саған деген сезімім бар аяулы
Өзбекстан, өз бақшаңның гүліндей.
Алақанда бүкіл сенің аумағың,
Құмдарыңда бала кезде аунадым.
Алғашқы рет үзіп берген жүзімін
Ферғананың ұмытам ба бауларын?!
Бұқараның таңы ыстық тал түстей,
Январьда тұрады оған қар түспей.
Қолда кесе, саусақтары сыртылдап,
Шайханада билейді өзбек артистей.
Өзбек қызы албыраған анардай,
Әндіжанда туа қалған жаңа айдай.
Кетті-ау, шіркін, қазақ ақын қиялы,
Гүл бақшаңа бұлбұл болып қона алмай.
Самарқанның шығып оқшау иығы,
Жарысады мұнаралар биігі.
Көк тастарды тесіп өткен тамшы жас —
Науаидың қасіреті мен күйігі.
Онда зерлі тақиядай тұнық көк,
Соның қиын құпиясын біліп көп.
Өзі жерде, ойы аспан төрінде
Қатты ұйқыда қатып қалған Ұлықбек...
Тағдырының тартылған тың арнасы,
Өзбекстан — Орта Азия ордасы.
Қара түнді басынан бір кешірген,
Қазақтардың қанды көйлек жолдасы.
Арамызды кімдер біздің бөлгендей,
Құшағымыз өзбектерге сол жердей.
Бұлбұл құстар Наманганда сайраған,
Күнде келіп бақшамызға енгендей.
Жыр арнадым мен де ұлыңның біріндей,
Саған деген көңілім бар күніңдей.
Саған деген сезімім бар аяулы,
Өзбекстан, өз бақшаңның гүліндей.
КЕСТЕШІ ҚЫЗ
Көп жұлдыздар қараған,
Күлімдеп көк жүзінде.
Түн төсіне қадаған,
Сен өсірген жүзім бе?
Қалған тұнып жер-аспан
Ділгер болып бір тілге.
Зердей сұлу Зеравшан —
Сенің күміс күлкің бе?
Күн жадырап әлемге
Жарқ еткен таң кезінде.
Әлде күн бе, ол әлде
Сенің сиқыр көзің бе?
Шегіп шымқай өрнекті
Ертеңгілік, кеште де,
Сыйғызасың жер-көкті
Шәйі-жібек кестеңе.
Шығармайын естен мен,
Айтқаныма көңіл бөл.
Аспан сыйған кестеңнен
Оймағыңдай орын бер!
ГҮЛСТАН
Өзбектердің секілді жас еркесі —
Қызғалдақты қадап алған шөл төсі.
Самарқанның жібегіндей көз тартқан
Гүлстанның, нұрстанның өлкесі.
Шөл даланы шербет суға бөлеген,
Біз сіздерге алып келдік көп өлең,
Алып келдік қазақ Фархад сәлемін
Сырдария мен Ертіс суын бөгеген.
Жатқан жерде жалпақ тақыр, бурыл құм,
Өсті гүлдер бұрымындай сұлудың.
Біз сіздерге алып келдік сәлемін,
Қазақ қызы қара көзді Шырынның.
Бұл Гүлстан болған сенің арманың,—
Сайра бұлбұл, айнала гүл жан-жағың.
Жас қаладан мұнара сап үйренген
Өзбектердің тұрмын танып қолдарын.
О Гүлстан, о Гүлстан, Гүлстан,
Жұлдыз болып аспаныңа жыр ұшқан.
Шөл даланы желекке орап тастапсың
Алғыс саған, өзбек елі, туысқан!
ОРМАНШЫ
О, орманшы, орманшы,
Домбыраңды қолға алшы.
Орманыңдай ойланшы,
Өзеніңдей толғаншы.
Азынаған тулап күй,
Қара орманды қыс буған.
Бүкіл орман бір-ақ үй,
Боран ұлып, ышқынған.
Сыры тылсым дүние,
Азынайды жел даусы.
Ондай кезде үйінде
Отырмайды орманшы.
Қар лақтырып көзіңе,
Қариды қыс бетіңді.
Орманшының өзі де
Аяз-ата секілді.
Жортып қырдың жонында
Боран бір күй тартады.
Орманшының қолында
Бүкіл орман әр талы...
О, орманшы, орманшы,
Домбыраңды қолға алшы.
Орманшыңдай ойланшы.
Өзеніңдей толғаншы.
ҚОРҒАЛЖЫҢДА
Күн бойына құйып нәрін,
Жаңбырымен бұлт суарып.
Тіршіліктің түйір дәні,
Жер астынан шықты жарып.
Солтүстіктің өлкесінде,
Өсірген ел шаршап талмай.
Толқиды егін жер төсінде,
Жайылған жас саусақтардай.
* * *
Алма бақта — алтын жазда,
Қолаң шашын гүлмен өріп.
Ұқсап қыздар аққу, қазға
Би билейді дөңгеленіп.
Аяқтарын жылдам алып,
Қағып тоты қанаттарын.
Ұшатындай зулап ағып,
Құшатындай таң оттарын.
Наз дауыстар дірілдейді,
Қан пернесін басып ылғи.
Көкірегімде дүбірлейді,
Күмбір қағып осы бір күй.
* * *
Кешкі шұғыла — күн жалауы,
Арай шашып алыс түнге,
Құшақтап алып кең даланы
Толқындайды тау үстінде.
Туласа жел тынбай соғып,
Құбылады күз бұлттанып.
Бұлт та сонда тудай болып,
Желбірейді қызғылттанып.
* * *
Мың қолдар сау болсын деп,
Мен бір қолымды бердім.
Мың жолдар жалғансын деп,
Мен бір жолымды бердім.
Мың гүлдер солмасын деп,
Гүлдей жастық күнімді бердім.
Мың ақын толғасын деп,
Мен бір жырымды бердім.
БЕРІКТІК
Айнала тастай түн күңгірт,
Айтып ең маған сен сырды.
Жұлдыздар сөнді, жел жым-жырт,
Ойланып орман тұр мүлгіп,
Айтып ең маған сен сырды.
Жоғалттым жастық жылдарды,
Күз бұлты төніп сұрланды,
Бәрі де көзден ұрланды.
Айтпа деп өзің тапсырған,
Көңілде со бір сыр қалды.
Қызғандым оны дауылдан,
Қызғандым оны ағыннан.
Қызғандым жастан, кәріден,
Қызғандым жұрттың бәрінен.
Өзіңнен шыққан сол сырды
Келемін сақтап әлі мен.
* * *
Тұр ақ қайың түнде де,
Сұңғақ бойын сақтап тік.
Құйылады гүлдерге,
Айдан саулап аппақ сүт.
Ауылдың бір шетінде
Жатыр өзен ұйықтап.
Дірілдейді бетінде
Әлгі аппақ сүт ұйып қап.
СЫРЛАС ӘН
Ерте тұрып жолазықты мол алып,
Таңмен бірге қызғалдақты қыр асам.
Көңіліме өз-өзінен оралып,
Меніменен жол шегеді сырлас ән.
Салып соның әуеніне ыңылдап,
Жер бетіне жазамын мен жырымды.
Құлағыма әлдене деп сыбырлап,
Әкеледі ол жұмбақ сырлы бір үнді.
Сол бір үнді қайталайды далада,
Ұйып тыңдап мөлдірейді жазда түн.
Қанат қақпай қалықтайды ауада,
Сол ән менің жан тынысым, ләззатым.
Тұла бойым бір суынып, дірілдеп,
Құлшына кеп қиял құлаш ұрғандай.
Мені сүйген бір қара көз күлімдеп,
Сол бір әннің тасасында тұрғандай.
КҮРЕҢ ЖОРҒА
Кей кезде түске кіреді,
Балалық шақтың кезеңі.
Даланың жасыл кілемі,
Торғайдың мөлдір өзені.
Ағынды күрең жорғамен
Ағызып жазық алаңда.
Жүремін кілең жолда мен,
Кеудемді тосып самалға.
Қалады талай жолда дөң,
Басына шығам биіктің.
Тосамын алдын жорғамен,
Жайылған белде киіктің.
Шұбалтып шаңмен жолдарды,
Жаңғыртам бүкіл жазды әнмен.
Жалынан сипап жорғамды,
Жарысам ұшқан қаздармен.
Ол күндер қазір армандай,
Көретін қызық түс түнде.
Балалық кетіп қалғандай,
Жорғаның со бір үстінде.
ҚҰРДАСҚА
Белгісіз туған күніміз,
ЗАГС жоқ қазақ жерінде.
Жиырма екінші жылы біз
Келіппіз осы өмірге.
Білмеймін түнде ай қарап,
Көрдің бе күндіз жарықты!
Күз желі мені аймалап,
Көтеріп дөңнен алыпты.
Біздің ел онда Сыр барған,
Жалғасып кем-кетікпен.
Жарлы да қанды жылдардан
Өтіпті қазақ етікпен.
От алып өмір ұшқыннан,
Биледі бойды күш ағын.
Кейіннен оғы ысқырған,
Майдандар ашты құшағын.
Денені шұрқ-шұрқ оқ тесіп,
Шинельдер қанша қырқылды.
Жеңіске жеттік от кешіп,
Ажалды аттап мың түрлі.
Терімен жанның суарып,
Гүл ектік, жаздық өлеңді.
Біріміз ән-күй шығарып,
Өмірге жайдық өнерді.
Шашымда қырықтың қылауы
Ағарған жылдар көшінде.
Бұрқырап күшім тұр әлі
Өлеңнің жиырма бесінде!
АНА МАХАББАТЫ
Реңі кіріп даланың
Біткелі соғыс неше жыл.
Жас селі шайып жанарын
Жалғызын күтіп шеше жүр.
Сенбейді өлді дегенге,
Ойлайды ұлын тірі деп.
Қосады атын өлеңге,
Боранды желдей уілдеп.
Қарайды жолға күн ұзақ,
Қарайды жолға түн ұзақ.
Ойда жоқ соғыс біткелі,
Кеткені талай жыл ұзап.
Хабары қолда тұрса да,
Дейді бұл жай бір лақап хат
Болар ма күшті мұншама
Аналық алып махаббат.
ЖОРЫҚ ЖЫЛДЫҢ ХАТТАРЫ
Жорық жылдың хаттары —
Жалап өткен оқ үстін.
Қанды майдан ақпары,
Шежіресі соғыстың.
Алаулардың түтіні,
Қарлығашы үміттің.
Жүрегінің лүпілі
Жарын сүйген жігіттің.
Жорық жылдың хаттары —
Қақаған қыс бораны,
Ормандардың батпағы,
Ұзақ жолдар торабы.
Қаптап алда жатыр хат —
Достарымның сезімі.
Бояуы жоқ ақиқат,
Соғыстың бұл өз үні.
ҚАРЛЫҒАШ
Секілді туған бауырлас,
Аттанып бірге майданға.
Кішкентай ғана қарлығаш
Бір жүрді қиын жайларда.
Үйіріп соғыс қаңбақтай,
Бармады мені қайда алып?
Туған жер құс боп бармақтай
Алдымда жүрді айналып.
ЕКІ АТТАНЫС
1
Жаркөлен мен аттандым,
Жаутаң қағып жас гүлге.
Көз жасымен қарттардың,
Қап-қараңғы тас түнде.
Туған дала, туған көл
Қалды ішінен тынғандай.
Ере берді шулап жел
Эшелоннан бір қалмай.
Найзағай боп түсуге
Кеттім бұлттай түнеріп.
Жүрдім майдан ішінде
Мың тіріліп, мың өліп.
Алған ұрлап ұйқымды,
Алған ұрлап күлкімді.
От қамшылап оқ мінген
Көрдім ажал шіркінді.
Жерден, көлден, аспаннан
Соқты жауды ел күнде.
Берлинде алғаш басталған
Бітті соғыс Берлинде.
Талай қимас жолдасым,
Қалды ұйықтап қабырда.
Күлкі аралас көз жасын,
Алып қайттық ауылға.
2
Алматыдан аттандың
Армияға Жеңісім.
Достарыма мақтандым
Бақыттай бұл мен үшін.
Аспан ашық айлы түн,
Вокзалда тұр состав.
Жоқ баяғы қайғы-мұң
Шырқалады жыр асқақ.
Қалжың сөзбен астарлы
Алыс жолға ұзатып.
Жаңа жауған жас қарды
Лақтырады қыз атып.
Алғаш оны көруім
Өскен елік ол құзда.
Мүмкін менің келінім
Болашақта сол қыз ба?
Шекара алда тұр тосып,
Ұзатып сап тұр елің.
Сақта еліңмен бір қосып,
Со бір қыздың жүрегін.
ҚЫС КЕЛБЕТІ
Жерді қармен құшақтап,
Келе жатыр қыс аттап.
Қаратайдың басына
Ұялаған құс аппақ.
Қайтқан бұлтты қайта айдап,
Алдына сап отардай.
Қыс келеді айқайлап,
Қой қайтарған шопандай.
Қыс қабағын ашпаған
Бір қария шашы аппақ.
Ағаштарды тастаған
Ақ қыраумен шашақтап.
Бір шал отыр шалжиып,
Ертек соғып ерінбей,
Көктем жатыр әл жиып,
Қар астында көрінбей.
ҚОРДАЙ ҚАЙҚАҢЫ
Аумайды ол түйеден,
Қоршауында қойтастар.
Басына бұлт түнеген,
Тұр тұнжырап ойлы асқар.
Жалтырайды төменде
Көк шыныдай мұз шатқал.
Түксиеді төбеңде
Құлайтындай құз жақпар.
Жолға түсіп тақтадай
Ақтық ұқсап жұлдызға.
Қордай тұрды қақпадай
Жолды ашып қырғызға.
* * *
Біздің жерде болған жоқ тау да, құз да,
Көгершіндер қонған жоқ ауламызға.
Балалық шақ жел қарып, күнге күйіп,
Масақ теріп алданып қалды аңызда.
Шауып өткір шалғымен шабындықты,
Жаз шөліркеп даланың шаңын жұтты.
Көтерді ол талдырмаш денесімен
Таудан үлкен сом батпан ауырлықты.
Бір шаруадан қарамай өңгесіне,
Табаны құм тілінді шөңгесіне.
От басында ұрлана тұрды ол қарап,
Құрт қайнатқан тамсанып жеңгесіне.
Мақсатына жеткізер талап еткен,
Туды жайнап ғажайып жаңа көктем.
Балалық шақ тұр бүгін аттанғалы,
Айға сапар шегетін самолетпен.
ҚЫЗЫЛ ЖЫҢҒЫЛ ҚҰШАҒЫНДА
Сонау бір алыс күндерде
Құшаққа алды бұл жерде:
Тізіліп тұрған тау көші,
Алғашқы күннің сәулесі,
Алғашқы жаңбыр тамшысы,
Алғашқы өмір әншісі,
Бетімнен мұнда желпіген
Алғашқы желдің лебі кеп.
Қараған тұңғыш көркімен
Алғашқы шық мөлдіреп,
Қараған тұңғыш тау гүлі,
Қараған тұңғыш таң нұры,
Есігін ашты алғашқы
Мен үшін Ай, Күн барлығы.
* * *
Бораны қырда ысқырып,
Болады онда қыс суық.
Аспаны жалтаң көк шыны
Аязы — қызыл үскірік.
Қып-қызыл бұлттай реңді,
Ал енді жазы басқаша.
Көгалы қандай, кілемді —
Керіп бір жайып тастаса.
Ақ гүлдер аузы ашылып,
Орайды жерді алқалап.
Бұлақты көзден жасырып,
Тұрады тоғай қалқалап.
Аспандай онда тұнған көл,
Қыздардай қызыл аршалар.
Дариға, өзім туған жер
Мен болып барсаң қарсы алар.
КЕЛІНШЕК ТАУ
Келіншек тау
Май айында көрікті.
Бурыл бұлттан
Киіп алған бөрікті.
Енесіне
Ентелеген ботадай,
Етегіне
Тас төбелер шөгіпті.
Тым еріншек
Бір келіншек
Ой аулап.
Көшті тартып
Жылжиды жай баяулап.
Іркіс-тіркіс
Жатыр іздер жосылып,
Қанды асуын
Баяғының баяндап.
Қарайтұғын
Суретіне бас алмай.
Қара тастар,
Ала тастар
Жасаудай.
Қара нарлар қатып қалған секілді
Қаратаудың қабағынан аса алмай.
Шумағындай шерге толған өлеңнің,
Аса алмаған арманындай ол елдің.
Тас ғасырдың тағы адамын орнатып,
Тастағандай қолдары бір шебердің.
Көңіл шіркін
Сұлулыққа тым ынтық.
Қарайды оған
Қиял көзін жүгіртіп.
Бұлт ойнатып,
Бұлдыратып
Нүктедей,
Тағы тасқа
Жан береді тірілтіп.
Тіршіліктің
Бойын шарпып сәулесі.
Тағы қайта
Қозғалады тау көші.
Тағы қайта
Жоғалады ғайып боп,
Таусылмайды
Ертелі-кеш әуресі.
Бұл тау жайлы
Толы аңызға ел іші
Келіншектің
Алтын дейді кебісі.
Бір жартасқа
Қалған дейді ілініп,
Аруанадан ауып түсіп келісі.
Бір кездерде
Ермек еткен ел тегі
Ол аңыздар —
Кәрі аңыздар —
Ертегі.
Көз алдымнан
Кетпейді бір суреті.
Сол сурет —
Барлығының көркемі.
Сол баяғы
Аңыз болған асуда,
Бұйра-бұйра
Көк бұлтының қасында.
Бір келіншек
Жас қозыны көтеріп,
Тұрды күліп Келіншек тау басында.
Тау басына
Ескерткіштей орнаған,
Өлең құйып
Әсер етті ол маған.
Мың есе артық
Көрінді сол келіншек,
Келіншектен
Өмірде еш болмаған.
* * *
Шымылдығын ысырып
Көрінсін бір түн жүзі.
Жарық сәуле түсіріп,
Көтеріл көк жұлдызы.
Төрде сонау ал тұрақ
Күзетте боп күт таңды.
Сәулеңменен жарқырат,
Бұлдыраған бұлттарды.
ШӨҢГЕ
Туған жердің шаңдатып төсін бүгін,
Айлы түнде шарлаймын Тосын құмын.
Өткелінен аттаймын Қарғалының,
Толқынына жанымның қосып жырын.
Балтыр түріп жүгірген баладай-ақ,
Мен келемін құм кешіп жалаң аяқ.
Табаныма бір шөңге қадалғанда,
Баяғыша жыңғылдар қарады аяп.
Қалып қойған құмның бір кеудесінде,
Өткен күнім оралып келді есіме.
Сағыныппын, дариға, туған жердің
Гүлі тұрсын, тікенек-шөңгесін де.
Көз бұлдырап, елжіреп барады ішім,
О, туған жер, сен күнсің балаң үшін.
Қалтама сол шөңгеңді салып алдым,
Бала күнді еске алып қарау үшін.
КІРІСПЕ
Бүкіл қазақ өлеңі
Алматыдан аттанып.
Ашхабадқа жөнелді,
Ақ көңілін ақтарып.
Аппақ гүлді баулары,
Ақ мақталы күміс жер.
Жатты теңіз, таулары
Жайып салды туыс ел.
Алға тосты бар сыйын,
Болдық тәнті бауырға.
Ағайынның ән-күйін
Ала қайттық ауылға.
Көңілдерге түсірдік
Көркін көркем жерінің.
Айтуға аздап қысылдық
Айыбын құм-шөлінің.
Теңізін де, тауын да
Араладық бірқатар.
Жанды тербеп тағы да
Түсті өлең боп бұл сапар.
ФЕРУЗА ХИКАЯСЫ
Копетдагта Феруза ағаш
Келген заман зарын ұқпай.
Көп жыл тұрған көзінде жас
Талып түскен таңғы шықтай.
Құздан құлап жатыр ағын
Бауырында тас жотаның.
Сонда ол жайған жапырағын
Табанындай жас ботаның.
Сонда ол өскен шынар ағаш,
Шырқап биік шың басына.
Басқалардан тұр ол оғаш,
Сыбырлап тау жылғасына.
Ғасырларды басып өтіп,
Кеткен тарап елде аңыз.
Тұтқындаған ғашық етіп,
Талайларды Феруза қыз.
Көгілдірдей көлде жүзіп,
Аппақ бұлттан айнымаған.
Түнде ылғи көзін сүзіп,
Аспанынан ай құлаған.
Шынарына назар ауып,
Гүлдеп өсіп тұрған бақтың.
Келген сұмдық хабар алып,
Шапқыншысы Иран шахтың.
Түркімендер тұрып алған,
Бермейміз деп Ферузаны.
Тау үстінде тұнып қалған,
Қара бұлттай кек ызалы.
Тағдыр торын жайған алға
Жауыққан ел екі арасы.
Шыққан жайнап
қан майданға
Ферузаның жеті ағасы.
Талайлардың қалған басы,
Жолды тосқан жортуылда.
Қара көздің тамған жасы,
Құлап өзен толқынына.
Кешсе-дағы ауыр жолды
Иран шахы тайынбаған.
Қара тулы қалың қолды
Қанды айқасқа дайындаған.
— Ферузаның атамекен,
Түркіменде қоныс жері,—
Деп Иранға қатал-бекем
Байлау айтқан орыс елі.
Ығысты жау ұлы елден,
Құдіретін жаңа танып.
Феруза қыз күлімдеген
Арқа сүйер аға тауып.
Таудан құлап жатыр ағын
Сипайды оны жел еркелеп.
Ферузаның жапырағын
Тұрмыз біздер көлеңкелеп.
— Болма көзді қадап алаң,—
Деп ескертіп Иран шахқа.
Қарайды алыс ала баған —
Шекаралық тұрған сапта.
ТҮРКІМЕН КІЛЕМІ
Бұлақтармен жаңғырып,
Қиқулаған құз у-шу.
Ойнайды көз талдырып,
Қызғалдақ гүл, қызыл су.
Күннің жерге асылған
Күміс найза кірпігі.
Құндағынан ашылған
Мақтаның ақ бүртігі.
Жаңа жолды су сызып,
Барады құм үстінен.
Соның бәрін сыйғызып,
Тұр ілулі тұс кілем.
Құм адырлар құрсаған
Теңіз суы, жартасы.
Түскен түгел бір соған
Түркіменнің картасы.
Таң қалдырған баршаны,
Көрдім сонда өнерді.
Жіпке жүйрік саусағы
Түркімен қызы Жеренді.
Дейді:— Айналып келіңіз,
Ешбір бояу қосылмай.
Ертеңгі күн жеріміз,
Болады дәл осындай.
СЕКСЕУІЛ
Кеште таулар түтіндеп,
Соқты құйын аптығып.
Құм даланы түтіп жеп,
Аш бөрідей жатты ұлып.
Алақ-жұлақ жүгіріп,
Жалғыз өзі жолда ойнап.
Жерден құмды суырып,
Қуалады жолға айдап.
Тілсіз жауға жаланған,
Төтеп беріп кеште бұл.
Жолды сақтап бораннан,
Қалды қалың сексеуіл.
Еккен оны түркімен
Қоймаған соң құм қаптап.
Жолды апат-бүліктен,
Сексеуілдер тұр сақтап.
АШХАБАДТАҒЫ ЛЕНИН ЕСКЕРТКІШІ
Жел күрсініп,
Жер сілкініп,
Тау жалынын шашқанда.
Ашхабадты
Тастан қатты
Зіл топырақ басқанда.
Жер шатынап,
Шөлді атырап,
Түскенінде аунақшып.
Талайларды,
Сарайларды
Жатқанында тау қақшып
Тұрды Ленин
Дүниенің
Діңгегіндей бір өзі.
Тау жарылса,
Аударылса
Саспайтын сол мінезі.
Өрт жалақтап,
Жұрт алақтап,
Түн ішінде қашса құт.
Тұғырында,
Бір орында
Тұрды ол бәрін басқарып
Әмірінде,
Ауыр күнде
Болды оның бар алап.
Жас, қария
Сасқанында,
Қалды оны паналап.
Алаңдағы,
Ала алмады
Ескерткішті жел долы.
Мәңгілікке,
Ар-үмітке
Соққан еді ел оны.
ҚЫЗЫЛ СУ
Бір өзіне көзді аударып алғандай,
Теңізде ойнап қып-қызыл от жанғандай.
Шығанақта жатыр шалқып қызыл су,
Батар күннің бояуын ап қалғандай.
Ақ шағала — ақ орамал аспандап,
Ақ көбіктен гүл тереді қасқалдақ.
Теңіз ұлы тербетіліп толқында,
Суды еседі ескегімен қос қолдап.
Сүзеді ол судың түбін ақтарып,
Тулап түсіп қайта оршиды ақ балық.
Түркімен қызы көйлегінің түсіндей
Құбыла ойнап қызыл толқын жатты ағып.
Күн де батты, тиді бетке түнгі ызғар,
Жоталарда жанды қызыл жұлдыздар.
Ұғасың ба жағалауға шақырып
Қызыл гүлді оттай ұстап тұр қыздар.
ДАУЫЛ АЛДЫНДАҒЫ ТЫНЫШТЫҚ
Шекаралық бағандар
Тұр ұқсаған солдатқа.
Айнала тас, тау заңғар
Иран жатыр ар жақта.
Қарс жабылып қабағы,
Қара түнек қазандай.
Жатыр Иран жаралы
Қанатын бір жаза алмай.
Аш-жалаңаш, әл бітіп,
Көздерінен тамып жас.
Қамығады қан жұтып,
Иран қызы қарындас.
Қарап ғаріп мүскінге
Құриды ылғи жұрт мысы.
Ұшады Иран үстінде
Америка жыртқышы.
Көмейін оқ кептеген,
Зеңбіреқтер булығып.
Жасырынып шөппенен
Тасаларда тұр бұғып.
Иран қару кезенбей,
Қоймас батқан зар-мұңға.
Қазір тыныш кезеңдей,
Тұрған дауыл алдында.
ШЕКАРА
Шеп құрып ап шекараның шетіне,
Тұр бағандар терең бойлап бекіне.
Бір жағы ашық, ал бір жағы күп-күңгірт,
Жалпақ аспан жарылғандай екіге.
Айрылысып көлдің екі жағасы,
Шарт сынғандай бүтін таудың арасы.
Көріспеске кеткендей бір ажырап
Ормандардың қатар өскен ағашы.
Мұң естіліп таяқ тастам жердегі
Кернейді ой көк толқындай кеудені.
Бақыт, мұңды тастағандай қақ бөліп,
Шекараның жалғыз сызық белдеуі.
Жаутаңдайды Иранның шөл даласы,
Көңілінде көп қасірет-наласы.
Әрбір елдің шекарасы болғанмен
Болмаса екен бақыттың шекарасы!
НЕБИТ-ДАГ МҰНАРАСЫ
Өз-өзінен сызданып,
Бедірейіп құм, батпақ.
Мұнайды елден қызғанып,
Қойған бүркеп құндақтап.
Бұлқынса да бұлтарып,
Жібермеген шөл, тас, құм.
Бұрғы үңгіген бұрқанып,
Жеті қабат жер астын.
Сыртқа теуіп шыққанша
Небит-Дагтың мұнайы.
Терін төкті жұрт қанша
Күн күйдіріп ұдайы.
Жер үстіне діңгектей
Орнатқанша мұнара,
Қасарысып бірбеткей
Тұрып алды бұл ара.
Көзді бүркеп құм дауыл
Күйді ыстықта алақан.
Сағым кешті қырда бұл,
Сахара аты — Сарыатан.
Белді бекем буынып,
Қешті ел батпақ-лайды.
Жер астынан суырып,
Алды тартып мұнайды.
Жаңа қала орнады
Жер бетінен кетіп дақ.
Құшағында орманы,
Құлпырады Небит-Даг.
Орманға жел атылып,
Келеді алып соққысы.
Ойрандайды жапырып,
Жер қанының от күші.
Болса да әбден қызылмай,
Жасап долы құм айбын.
Тұр орнында мызғымай
Мұнарасы мұнайдың.
ЖИЫРМА АЛТЫ КОМИССАР
Станция алыс қалды,
Қалды кейін тау оттары.
Жиырма алты комиссарды
Келеді айдап жау атқалы.
Шулап теңіз тартты күйік
Ащы даусы ұлып желдің.
Ағылшындар жатты киіп,
Бөріктерін түркіменнің.
Жолы болмас көзге ілінсе
Жау абыржып асығуда.
Айла жасап өздерінше
Ойлайды ізін жасыруға.
Аяқталмақ азап күн бұл
Ақырында жапан түзде.
Қол-аяғын қажап шынжыр
Келе жатыр Джапаридзе.
Тұрғанында ұлы халық,
Қаһарманға қаза жоқтай.
Шаумян ойы түнді жарып,
Жарқырайды маздап оттай.
Оқ орнына өзі ұшып,
Бірде жауға атылғандай.
Бірде алыстан көзін қысып,
Баку оты шақырғандай.
Бірде Каспий аударылып,
Құлағандай дәл алдына.
Жұлдыз болып жанған үміт
Әкеткендей жоғарыға.
Жер жемісі тоналғандай,
Бірде ашады аштық аран.
Бірде ол жаңа оралғандай
Лениннен — Москвадан.
Революция ұлы ісіне
Жұмсаған күш, бар ақылын.
Келеді ол түн ішінде
Алдында ажал сағатының.
Құстай ұшып құйындайды
Алабұртып көңіл тағы.
Бұларға ертең бұйырмайды
Жайнап туар өмір таңы.
Қап-қара аспан жел дауылды
Алапты алып жатыр бүтін.
Тосқан алда көр-қабірді
Қанға сусап ақырғы түн.
Тоқтатты әкеп Ақшақұмға,
Айнала сол түн меңіреу.
Тығылып жар жапсарына,
Тәртіп беріп тұрды біреу.
Салып жатты оқты түйдек,
Жанталасты жау төгіп тер.
Ағылшынша жатты сөйлеп,
Ала шапан, дәу бөріктер.
Комиссарлар алдында тұр
Қарап түнге ақтық рет.
Соңғы тыныс шағында бұл
Тудай тулап соқты жүрек.
— Қарақшы жау қанды шоқпар
Жете алмассың арманыңа.
Түнде ұшатын жарқанаттар
Жарық күн бар алдарыңда.
Түспес түрме зынданына
Оққа ұшпас елдің бәрі.
Большевиктер тұрғанында
Қайтарылар ердің қаны.
Мен көп болса жасамаспын,—
Жаса, өмір! Жаса, жас күн!
Деді Шаумян, өксіп желмен
Күңіренгендей қоса тасқын.
Винтовкадан ұшты зулап,
Ұшқын шашып ажал-оқтар.
Түн қойнына түсті құлап,
Есіл ерлер, азаматтар.
Кетті ұзақ жылға даңқы
Жапса да ұйтқып қарыспа құм.
Туымызда жиырма алты,
Қандары бар, комиссардың.
ОМАР ҺАЙЯМ
Гүл бағында, жыр тағында
Көңілінен күй есіле,
Отырды ол жұрт алдында
Ұқсап дүние иесіне.
Ұшқын шарап дарып бір сәт,
Жайылғанда денеге оттай.
Қас дұшпанға қару жұмсап,
Атқан сайлап өлеңді оқтай.
Жеткен жыры бар халыққа
Жанашыр бір сырласындай.
Әзілдескен әр уақытта
Құдайменен құрдасындай.
Жарған өлең қауыздарын
Гүлдің нәзік бүртігіндей.
Айтқан елге уағыздарын
Таң атқанша кірпік ілмей.
Көрінбеді ұлылығы,
Әттең, сонау кезінде тек.
Келеді ол жырдың ұлы
Жанды елітіп, сезімді өртеп.
АМУДАРИЯ — КАСПИЙ
Айдалада, айналада
Ұйытқи соққан құм дауыл.
Аспанда күн қайнағанда
Қурап ұшар қырда гүл.
Шөл аптаған, күн қақтаған
Қызылшақа қиыр құм.
Желмен басы бұлғақтаған
Ызыңдайды бұйырғын.
Шөл жағасын тарта келіп,
Қары қолдың қарысып.
Аңызақта аңқа кеуіп,
Таңдайға тіл жабысып.
Ел жаңартып тас жапанды
Түсірем деп жас күйге,
Амудария ақсақалды
Барады алып Каспийге.
ТҮЙЕ
Көлеңкеден күнгейге
Шыға алмастай жан ұзап.
Оттай шалқып тұр бейне
Әуе айналған аңызақ.
Көрінсе су жарқырап,
Көк күмп етіп түскендей.
Су бетінен тартып ап,
Аспанды үлек ішкендей.
Содан кейін ойлап қап,
Шөккен құмды түйе деп,
Жөнелердей ойнақтап,
Бұйда жібін сүйрелеп.
СУ
Шөл жапаны ішінде
Көлбеп жатыр көк арал.
Суы да бар ішуге,
Талы да бар дем алар.
Байрамәлі бағынан
Шықсаң ұзап сәл ғана.
Сая таппай сағымнан,
Болғандайсың фаруана.
Күн қатырған сілесін,
Күйдіреді сары құм.
Сонда ғана білесің,
Тамшы судың қадірін.
ҚАРАҚҰМДА
Күннің көзі өртеп шөл тек
Үміт күтіп жатыпты алдан.
Жер бетінде жентек-жентек
Сұр толқындар қатып қалған.
Жел жүгіріп тіл қатады,
Еш нәрсенің жөнін ұқпай.
Баяғы құм бірде тағы
Сіреседі өлі бұлттай.
Копетдагтың келмеген еш
Желден жерді қымтауға әлі.
Шөл төсінде белес-белес
Шөгіп қалған құм таулары.
Көні кепкен көне тақыр
Аунап бүгін түсті неден?
Көк толқындар келе жатыр
Қарақұмның үстіменен.
* * *
Тынымсыз көбік атады
Көгілдір Каспий айдыны.
Тулайды да жатады
Көрсең де оны қай күні.
Дауылда дал-дұл айрылып,
Жыртылған теңіз қолтығы.
Жарды ұрып, кейін қайрылып,
Шапшиды қайта толқыны.
Аспан мен теңіз қабысқан,
Көпір боп дауыл араға.
Қап-қара бұлтты жара ұшқан
Жарқылдап аппақ шағала.
Толқын — шу, желдің ызыңы
Үйреншікті күйіндей.
Сүйеді ол асау теңізді
Сүйеді туған үйіндей.
* * *
Бұрқырап жатқан теңіздің
Бір-ақ уыс көбігі.
Көмкерген бұлттың көк жүзін
Бір-ақ рет өмірі.
Теңіз де тулап тез тынар.
Дауыл боп демі басылып.
Шатынап бұлт та тез сынар,
Жаңбыр боп жерге шашылып.
Өзіңе іштей берілдім,
Көргенде сені сол түні.
Ашылмас бұлты көңілдің,
Басылмас жанның толқыны.
БИБІЖАН
(Қуандыққа)
Бибіжан қыз Ақтөбеден
Жолға бірге жөнелген.
Содан атын сақтап келем,
Іздеймін тек өлеңнен.
Көлде бойлап, көкте жайнап,
Ойнады тау желімен.
Көкірегімде құстай сайрап,
Бірге жүрді менімен.
Көңілімде күйі қалып,
Көз алдымнан ұрланды.
Жалынына күйіп-жанып,
Жаза бердім жырларды.
Махаббаттың отын көріп,
Шақырғанмен дауыстап.
Кейде әдейі жақын келіп,
Кейде қашты-ау алыстап.
Көрмесем де жалын жүзін
Бейнелеймін теңеумен.
Түркіменнің ару қызын
Іздей берем өлеңнен.
Ондай қыздың жоқ болуы
Мүмкін емес өмірде.
Мүмкін маған тап болуы
Түркіменнің жерінде.
ҚҰДЫҚ
Шел қысып, күн күйдіріп,
Маңдайдан тер жосылған.
Жапан түзде бір құдық
Ұшырады тосыннан.
Құдық түбі құм тастақ
Су тұнып тұр мөлдіреп.
Шылбырды атып құлаштап,
Жұрт үстіне төнді кеп.
Шөл сусынға тапшы ұдай,
Бақыттай-ақ бұл нағыз.
Шыдамайды қайтсін-ай,
Тигенінше суға ауыз.
Жұрт ерінін жібітті,
Қалған әбден қаталап.
Кім қазса да құдықты,
Тигізді бір шапағат.
КОЛХОЗ МУЗЕЙІ
Тұр музей көлдей кең іші,
Қалада емес,
ауылда.
Тұтасқан колхоз жемісі —
Төртбұрышты қабырға.
Көз алдында бар қыстақ
Тіршілігі қызулы.
Қыз барады қолға ұстап,
Жұлдыздардай жүзімді.
Бау-бақшамен құлпырып,
Асқақтаған зор қала.
Кәрі шешей тұр күліп,
Соған қарап ортада.
Байыппенен бір-бірлеп,
Көрсең музей залдарын.
Сөйлегендей күмбірлеп,
Өткенің мен алдағың.
ВАГОНДА
Тарта берді бізбенен
Жеңіл ұшып жел еріп.
Құшақ жайды түз деген,
Көгалдары көгеріп.
Жұмсақ вагон келеді,
Жол үстінде шайқалмай.
Қайда жүрсек төнеді,
Терезеден ай қалмай.
Көктен сайлап қонысын,
Көтерілген қос жұлдыз.
Көк вагонда сол үшін
Көтереді тосты қыз.
Жұлдызды айтып құралпы
Тастағандай құрығын.
Кім біледі қуақы
Қыз баланың қылығын?
ЕСКЕРТКІШ
Өткізіп жаз бен қысын көп,
Жартасты жел қашаған.
Жаңбыр мен тасқын мүсіндеп,
Адамның кейпін жасаған.
Айналып дүние ұршығы,
Жылдардың жібі үзілген.
Таулардың ұшып тұмсығы,
Өзеннің жары мүжілген.
Бұлт садағы иіле
Соқса да талай жел-құйын.
Әдемі-ақ әсем күйінде
Келеді сақтап жер сыйын.
Тау құлпырса жер көктеп,
Адамның сол еңбегі.
Шықты оны өрнектеп,
Адам — өмір зергері.
Айтпауға оған алғысын,
Көріп бойға ар-ұят.
Соққан салып бар күшін,
Бір ескерткіш табиғат.
БЕЛОРУССИЯ
Қойныңа ендім құмартып,
Орманға толы өлкеңнің.
Түтіннен түсің мұнартып,
Сен кеше жанып өртендің.
Әкелді соғыс жұт-індет,
Шайқалды қоныс-жұрттарың.
Жер тұрсын көгің түтіндеп,
Өртеніп жатты бұлттарың.
Аспаннан басып еңсеңді
Айналды құзғын от бүркіп.
Ақ қайыңдар теңселді,
Ақ көйлегін оқ жыртып.
Жеріңде қаннан көл тұнып,
Көгінде тұрды ай қызыл.
Қөзіңді жасқа толтырып
Кеудеңді басты қайғы зіл.
Партизан болып түндерде
Атылдың оқпен аралас.
Жайқалған қазір бұл жерде
Тарихың сенің әр ағаш.
ТАНК
Соғыста сонау бұрқанып,
Селдеткен оқтың нөсерін.
Минскіде тұр танк
Ортасында көшенің.
Алыптай оның түр-түсі
Соғылған болат темірден.
Жеңістің осы жыл құсы
Қалаға тұңғыш көрінген.
Көйлегін бұлғап ту қылып,
Қалпағын доптай лақтырып.
Көшеге шыққан күллі жұрт
Қарсы алып оны аптығып.
Жылжиын алға десе де
Жібермей жұрттың толқыны.
Тұрып бір қалған көшеде
Ескерткіш болып ол тірі.
НАПОЛЕОН БЕРЕЗИНАДА
Наполеон тұр әрең
Баяғыдай жоқ халі.
Қашты талай жырамен
Қуып орыс оқтары.
Күрсінеді аһ ұрып,
Айналасы от-тозақ.
Ойнайтұғын атылып,
Жоқ астында ақбоз ат.
Қайда айбыны дауылдап,
Дүниені шайқаған.
Парижде бір дамылдап,
Жауға тисе қайтадан...
Ұйқыдағы түстей бір
Бұлдыр сағым бұл алыс.
Кіжінеді іштей құр
Ойдан іздеп жұбаныш.
Туды басқа тар кезең
Алақтады қол босып.
Артында жау, қанды өзен
Жатыр алда жол тосып.
Қашса артқа бір өлім
Басса алға бір өлім.
Бір найзағай өткендей
Екі бөліп жүрегін.
Азар өлмей ұяттан
Зытып берді ол бұғып.
Ұлылықтан бір аттам
Жер ғана екен сорлылық.
ҚҰРЫЛЫСШЫ ҚЫЗ
Арманшыл асқақ талабы
Биіктен бақыт іздеген.
Шарлаған құстай ауаны
Аспаннан ақ бұлт — қыз көрем.
Құмармын оның әніне
Сырласқан алыс көкпенен.
Жердегі жанның әлі де
Қолдары оған жетпеген
Айналып таңның арайы,
Сипайды шашын кешкі бұлт.
Созғанмен қолын талайы
Сүйген жоқ оны еш жігіт.
Аударып қоныс асығыс,
Бір жерде тұрмай тұрақтап.
Киіктей ұшқыр осы қыз
Аспанды жердей жүр аттап.
ЗЫҒЫР
Жаңа жауған жаңбырдың суын кешіп,
Үй алдында тұр бұйра зығыр өсіп.
Тербеп өтсе Балтықтың тұзды желі,
Теңселеді дамылсыз күбірлесіп.
Сол үндерден құпия күбірлеген
Жүрегімде құпия жүгірді өлең.
Ойладым мен сол үйде келе ме деп,
Бір қыз өсіп жарысып зығырменен.
ОРМАН ОТЫ
Отырдық бірге орманда
Оңаша басқа кісі жоқ.
Жүзеді биік заңғарға,
Қойнынан түннің ұшып от.
Тұрғандай біреу қолқалап,
Биле деп оған өтініп.
Билейді отты ортаға ап,
Ақ ару қайың секіріп.
Қайыңның биі таусылса,
Ойымды кенет бөле қап.
Елінің ескі салтынша
Оқиды достым өлең ап.
Ақынның үнін кәрі орман
Тыңдайды ұйып тым-тырыс.
Дейді ол егіз жаралған
От пенен өлең бір туыс.
Маздайды оттың жалыны
Маңдайды сипап лебімен.
Өлеңнің күшті сарыны
Ойнайды от боп менімен.
Орнады тыныштық бар маңда
Таза ауа тұнып мөлдірдей.
Отырдық біздер орманда
Өлеңмен отты сөндірмей.
ҰШҚАН ҰЯДА
Төрт жыл жаумен атысқан,
Кезген тау, тас қиясын.
Келді жігіт батыстан
Іздеп ұшқан ұясын.
Не қыларын білмеді,
Баса алмады күйігін.
Құлап түсіп діңгегі
Күлі жатыр үйінің.
Шаң боп ұшып кетіпті,
Жасыл гүлдер — таныс бақ.
Соғыс басып өтіпті,
Табанымен жаныштап.
Айрылды бар күшінен,
Көкіректе шер тұнып.
Үндемеді ішінен
Көпті көрген жер тынып.
Ал аспан ше —
Аспан да
Қарауытты күрсініп.
Тек қана бір жас талда,
Уілдейді тіршілік.
ҚОС ҚАРАҒАЙ ТҮБІНДЕ
Дегендей-ақ сырымды сұраспай ұқ,
Қос қарағай тәкаппар тұр қасқайып.
Құлапты ер кеудеден оқ тигенде
Екеуіне қол артып, құлаш жайып.
Туған жердің жан беріп даласында
Екеуінің жатыпты ол арасында.
Қарағайлар жауыпты қанатымен,
Жел дауылды бұрқаған борасында.
Жапырақтар жамырап шуылдаған,
Үмітінің көгіндей туындаған.
Жалпақ жонда жол қаптап жалғызаяқ
Ел көңілі еріне суынбаған.
Күн күркіреп болса егер ақырғандай
Тұрады өз орнынан қапы қалмай.
Қос қарағай түбінен атылады
Бір кездері жауына атылғандай.
ЕМЕН
Белорустың жерінде,
Басын иіп сәл төмен.
Бір ой салып көңілге,
Тұр сыбырлап қарт емен.
Соғыс жылы денесін
Өтіпті оқтар жаралап.
Қабығынан көресің
Бұжыр-бұжыр қара дақ.
Ол да үлесін қосыпты,
Туған кезде елге сын.
Жауған оққа тосыпты,
Қалқан етіп кеудесін.
Бұтағына асылып,
Қарапты ерлер қарауыл.
Жапырақпен жасырып,
Болыпты әр кез пана бұл.
Айырыпты меже боп
Өмір, өлім арасын.
Партизандай өр өжет,
Тұр ол сипап жарасын.
ЯДВИГА
Көздерінен өзгенің,
Сенің көкшіл көздерің.
Айырықша тым өткір,
Белорустың аспаны,
Белорустың орманы,
Белорустың өзені
Сол көздерге түнеп тұр.
Үйірілген толқындай,
Көк көйлегің кестелі.
Тарттың жайдың отындай
Артық айтсам кеш мені.
Сипап өтер шашыңды
Болар ма едім кеш желі,
Ядвига! Кеш мені.
Құл-күң етіп қорлауға
Жау тигенде жалақтап,
Жүрдің қалың орманда,
Қолға қару-жарақты ап.
Қатал етті қан майдан
Сендей қызды жаны аппақ.
Ядвига атыңнан
Шошынды жау алақтап.
Ядвига — батыл жан,
Ядвига — партизан.
Ядвига, ақынмын,
Бауырыма тартамын,
Қарындасын Якубтың,
Қарындасын Янканың.
Аралаймын өзіңмен,
Белорустың алқабын.
Түсіп орман жолына,
Бір жүремін қатып түн.
Кілтін бердім қолына
Мендегі бар уақыттың.
Ядвига!
Жүреміз
Ертең ерте Неманға.
Ессін шаттық желі алда.
Ядвига!
Жүреміз
Ертең ерте Неманға.
ӨСИЕТ
Тұрмын алып бас киімді
Туысқандар қабырында.
Көздерімнен жас құйылды
Жаным батып ауыр мұңға.
Қайта оралды алыс қайғы
Қаралы бұлт кескініндей.
Жел азынап дауыстайды
Өлген жандар өксігіндей.
Жаудың ізі жатыр сайрап,
Тростонец дөңесінде.
Көп халықты атып, айдап,
Өртеген пеш өңешінде.
Міне, осы жау ғаламаты
Құртудан жоқ құлқы басқа.
Өлгендердің аманаты
Жазулы тұр құлпы таста.
Жауын-шашын шайса-дағы,
Әлі әріптер көнермеген.
Сол өсиет ой салады,
Тасқа жазған өлеңменен.
«Жаулар турап жапырақтап,
Ет кессе де етімізден.
Тұрдық адам атын ақтап,
Сырды шашпай шетімізден.
Тартып азап ең ауырын,
Біз көмілдік бүгін жерге,
Тапсырамыз жер тағдырын,
Аманат қып тірілерге».
Осы сөздер жалын болып,
Құйылғандай қанымызға,
Алай-түлей дауыл соғып,
Тұрғандай бір жанымызда.
МӘҢГІЛІК ОТЫ
Тарихын талай жас жаттап,
Болатын талай жылға аңыз.
Бір мұнара асқақтап,
Аспаннан қарап тұр жалғыз.
Тозаңды кері лақтырып,
Жуытпай оған жүр самал.
Күзеткен оны сақ тұрып,
Қалпағы жасыл шыршалар.
Ұшқандай адам үмітін,
Жалынымен көкке алып.
Түбінде соның күні-түн
Тұрады мәңгі от жанып.
Жылдарға алыс жеткендей
Осы бір жалын мәңгілік.
Жүрегін ерлер, кеткендей
Осында от қып қалдырып.
* * *
Ұшты ажал арындаған оққа мініп,
Жатты ажал жалындаған отта күліп.
Жапты ажал далаларды боранымен
Тастады айналаны оппа қылып.
Азынап айналаны кернеп шуы,
Қаралы күйді тартып жел өксіді.
Белорус ормандары күңіреніп,
Белорус өзендері дөңбекшіді.
Соғыста бойы мұздап суып қалмай,
Айқасты ол жекпе-жекке шығып талмай.
Тұр орман бұрынғыдан берігірек,
Шыңдалып от ішінде шыныққандай.
ПАРТИЗАН ҚЫЗЫ
(Муза Заслонова)
Сонау бір жылы ел өткен
Еске алса соғыс өзенін.
Қуарып өңі кенеттен
Өртейді қайғы өзегін.
Орманды, терең сайларды
Тасалап, оқты жаудырып.
Қыздырып тылда майданды
Әкесі жүрді жау қырып.
Оққа ұшып, отқа жанбайтын
Атады ел оны батыр деп.
Фашисте зәре қалмайтын
Естісе болды атын тек.
Жаулардың бүзып қоршауын
Өртеніп отқа жалындап.
Орманында Оршаның
Ұйықтады батыр дамылдап.
Құрытып қайғы лажын
Теңселіп қызы құлады.
Сол күні түскен бір әжім
Маңдайында түр әлі.
СОҒЫСТАН ҚАЙТҚАН СОЛДАТТАР
Жаутаңдап қарап дала тұр,
Көз жасын сүртіп жаңа бір.
Хабарсыз ұлын сұрауға
Жолыңды тосып ана жүр.
Қанша үйдің ұрлап адамын,
Қанша үйде сөніп қалды оттар
Көрдің бе үлын ананың,
Соғыстан қайтқан солдаттар.
Кешікпей жарым келер деп,
Төрінен сайлап орынды.
Батысқа қарап елеңдеп,
Ару жүр тосып жолыңды.
Көтерді бәрін ауырдың
Азамат болып арды ақтар.
Көрдің бе жарын арудың,
Соғыстан қайтқан солдаттар.
Кетерде солдат жарының
Ішінде қалған ана жыл.
Көкемді айтпай танырмын
Деп бір сәби бала жүр.
Қайрылмай қалай кетесің
Хабарсыз қалай ол тоқтар.
Көрдің бе оның көкесін,
Соғыстан қайтқан солдаттар.
Қаралы қағаз жіберіп,
Қаншама қайғы салды оқтар.
Барады үнсіз түнеріп,
Соғыстан қайтқан солдаттар!
АНЬКА-ПАРТИЗАНКА
Жаудың күшті тұрағы,
Аларда бір көпірді.
Партизан қыз құлады
Оқ тиген құс секілді.
Анька-партизанка.
Жаңа ғана жүгіріп,
Жүр еді ол оқ тасып.
Көкірегі суынып,
Жатыр енді қоштасып,
Анька-партизанка.
Көріп талай өлімді,
Кетсе-дағы еті өліп.
Командирі егілді
Алды жерден көтеріп,
Анька-партизанка.
Қозғап жүрттың сезімін,
Қалжыратты бұл өлім.
Айтуынша өзінің
Қойды орманға жүрегін,
Анька-партизанка.
Көк орманда сол жүрек
Гүл боп, шықты желбіреп.
Атайды оны Анька деп
Жұрт ішінен елжіреп,
Анька-партизанка.
ҚАЙЫҢ МӘЙЕГІ
Жаздың ыстық күнінде
Соғады үйтқып жалын-жел
Жатты қайың түбінде
Жаралы бір жауынгер.
Кешіп дала сағымын,
Жетті ол шөлдеп, қаталап.
Жарып қайың қабығын
Қолын тосты жата қап.
Ақ қайыңның шырыны,
Сусын болды сырадай.
Бекіп әлсіз буыны,
Жанды көзі шырадай.
Сезбеді ол жұтқанын,
Сумен қоса күн нұрын.
Аспанның ақ бұлттарын,
Таңғы шықтың мөлдірін.
САҒАТ
Сағат, сағат, тоқтап қалдың сен неге,
Тұрсың үнсіз ақын жатқан бөлмеде.
Сеніменен бірге тоқтап қалыпты,
Қайран жүрек соқпай кәрі кеудеде.
Якуб Колас сеніменен түн қатты,
Сені бұрап сыңғырлатып жырлатты.
Бар даусымен оқып жазған өлеңін,
Оңашада бір өзіңе тыңдатты.
Ақынға ажал тартты бір күн садақты,
Содан бері талай-талай таң атты.
Үмітті боп жүріп кетпес пе екен деп,
Қолыма алып тыңдаймын сол сағатты.
ПОЛК КОМАНДИРІ
Сонау алыс Испания жерінде,
Оқ ішінде қарады ол өлімге.
Қиыр Шығыс аспанының астында
Жаралы боп жатты Хасан көлінде.
Керзі етікпен аттап майдан шептерін,
Өтті ол талай қанды асулар өткелін.
Жалындар мен түтіндерге берді ол
Жастық атты өмірінің көктемін.
Тағы, міне, зор ұрысқа қатерлі,
Қанды майдан эшелоны әкелді.
Көп жорықты бастан кешкен батырдың
Бір сілкінтіп тастағандай аты елді,
Тұтасқандай кішілік пен ұлылық,
Тұр жүзінде қаталдық пен жылылық.
Жүрегіне алатындай құйып ол
Бір көргенде солдат жанын үғынып.
Жақсы болсаң жайып салып пейілін,
Әкелік бір көрсетеді мейірін.
Кейде көзбен ығыстырып алады,
Көңілінен шықпай қалған кей ұлын.
Қан майданның атой салып төрінде
Оныменен жеңіл жауды жеңу де.
Оныменен жұртқа бақыт секілді
Керек болса, жанды қиып өлу де.
ФИНЛЯНДИЯ ВОКЗАЛЫ
Мраморлы ақ жары —
Қорған алып
Қыста қарды жамылған жер жүзіндей.
Финляндия вокзалы —
Толған халық
Сапырылған Балтықтың теңізіндей,
Қызыл күн — қызыл гүлдер аралында
Финляндия вокзалы алаңында
Броневикте —
Тұр ең биікте
Ленин жоғарыда.
Жеткенде жаңа дәуір белеңіне,
Ленинді басшы еткен
Тарих қалап өзі.
Тұр Финляндия вокзалы кемерінде
Лениннің аты шулы паровозы.
Баяғы көнетоз сол сақтап түсін,
Табысқан ол тарихи мекенімен.
Ленин паровоздан аттап түсіп,
Броневиктің үстіне көтерілген.
Ленинді көріп мұнда
Көтерілген ел еңсесі.
Ленин тұр зор тұғырда
Гүлдерді сипап нұрлы көлеңкесі.
Тұр биік люстралар
Шашып жұлдыз
Станция ақ залына,
Ленин келе жатқандай басып нығыз
Финляндия вокзалында.
ПИСКАРЕВ ЗИРАТЫНДА
Оқтан, аштық апаттан
Халі бітіп қаусаған,
Бейбіт күнді аңсаған,
Жатыр мүнда қанша жан.
Тамырлар қурап тартылып,
Шаңға аунап талай бас қалған.
Қызыл гүлдерге қан тұнып,
Қара тастарга жас тамған.
Жер жамылған қара гүл —
Өлімін жұрттың ауырлап.
Биікте Отан — ана тұр
Бейіттен бәрін танып ап.
Ұшқандай мұңның ұшқыны
Күрсінген шерлі кеудеден.
Соғыстың суық тыныштығы
Зиратты үнсіз тербеген.
НЕВА ТОЛҚЫНДАРЫ
Сонау түнек заманда
Еркін құлаш соза алмай.
Тұрды Пушкин жағаңда,
Нева, сенен көз алмай.
Мың адамның кескіні
Арпалысып ойыңда.
Жүрді Гоголь кешкілік
Нева, сенің бойыңда.
Түстің қиын күндерде
Төсегіңнен мың аунап.
Жүрді Блок түндерде,
Нева, сенен жыр аулап.
Жырдан үлес мол алдың
Дей алмассың олқым бар.
Ойлары ғой солардың
Төсіңдегі толқындар.
ПЕТЕРГОФ
Петергоф.
Фонтандар —
Биікке құстай шарқ ұрған.
Петергоф.
Фонтандар — Кемпірқосақ тартылған.
Фонтан —
Атқан отты сел
Көктемгі аспан бұлтындай.
Фонтан жауған көк нөсер
Күндіз-түні бір тынбай.
Фонтан — моншақ сауылдап,
Гранитке жабысқан.
Фонтан — жерден жалындап,
Ракетадай жаңа ұшқан.
Сол фонтандар ішінде
Самсон батыр тұр бөлек.
Оның қайрат күшіне
Жасай алар кім бөгет?!
Арыстаннан шошымай
Жатыр жұмсап білекті.
Петр бір кез осылай
Жұмарлаған шведті.
КОМАРОВО
Репин жатқан қорған-оба
Жасанды көл.
Гүл алаңы.
Қарағайлы Комарово,
Финнің жалпақ шығанағы.
Құлағыма құйып өлең
Бір ай бойы сыбырладың.
Мен де жасыл иірімнен
Үнсіз-түнсіз сыр ұрладым.
Жайбарақат жатты Балтық
Шу асаудай түскен ноқта.
Төсіне күн батты балқып,
Сом темірдей піскен отта.
Жоқ томсарған тастарда тіл
Тыныштық теңіз алабында.
Жерде көкшіл аспан жатыр
Кронштадт қамалы ма?
Арбап сиқыр ертегі елес
Алысқа алып жүзді мені.
Сүйді беттен ертелі-кеш
Көк теңіздің тұзды желі.
Қарап айдын ұшанына
Толқындарды құшаққа алдым
Теңіз маған ұқсады да,
Мен теңізге ұқсап қалдым.
Желпіп жырдың сырлы сазы
Жаңғырығып қалдым біраз.
Рақмет,
Фин бұғазы,
Рақмет, жаңбырлы жаз!
ИСФАРА
Тау басына қонса мейлі қыс ақпан,
Жазды Исфара босатпайды құшақтан.
Айтты досым тәжіктерше Исфара —
Деген сөз ол:— тоқта, мейман, түс аттан!
Тебіренбей адам жаны бұл тілге,
Исфараға түспей кету мүмкін бе?
Анарлардан алау жағып жолыңа.
Қарт Исфара қас батырдай тұр түнде.
Жердің қанын шыңыраудан тартып ап,
Сол қандардан жасап жарық шамшырақ.
От көтерген Исфараның таулары,
Маңдайынан мұнайлы тер тамшылап.
Исфара өзен түсіп талай сынаққа,
Түнде үйлерді бөлейді күн шуаққа,
Жүгіреді құбыраны қуалап,
Құйылады шырын болып Шурабқа.
Исфараны уақыт өзі сынаған,
Мына таулар неге болса шыдаған.
Македонский тасқа соғып маңдайын,
Исфарада аттан ауып құлаған.
Тау басына шапағын күн қалдырып,
Алау-жалау Исфарада жанды бұлт.
Ибн-Сина өртенді ме сол бұлттай,
Адам үшін, өмір үшін мәңгілік.
Ел тағдыры ет жүрегін жаралап,
Рудаки Исфараны аралап,
Жазды ма жыр ай жарығын шам етіп,
Қолына бір қауырсыннан қалам ап.
...Туды Исфара қайта жаңа жыр үшін
Күндізгідей жарқыратты түн ішін.
Терең бойлап алып жатыр Исфара
Жер астына түсіп кеткен ырысын.
ГИССАР
Гиссар жасыл аралдай
Омырауы — абат бақ.
Қолдан соққан қамалдай
Ораған тау қабаттап.
Гиссар толы гүл-баққа
Алақандай арман жер.
Құмартқанмен бұл жаққа
Аса алмайды таудан жел.
Қыста да тұр гүл жарып,
Жаздың жасыл өзегі.
Мұрабтай жүр суарып,
Душанбенің өзені.
Гиссар — күннің от лебі,
Гиссар — таудың жас гүлі.
Тәжікстан көктемі,
Тәжікстан жастығы.
ПАМИР
Дүние сырын пайымдап,
Памир тұр әлем төбесі.
Басында қалған қайырлап,
Аса алмай бұлттар кемесі.
Күндеген оны күйініп,
Жел менен бұлттар қастасып,
Лақтырып желді үйіріп,
Тастаған бұлтты тасқа асып.
Тағы қыс Памир атанып,
Басынан көп жыл өткерді.
Бөктеріне апарып,
Қондырды тәжік көктемді.
Ел сыйын қайта ақтауды,
Өзіне Памир мұрат қып.
Көкала мұзды,
ақ қарды,
Ағызып жатыр бұлақ қып.
ҮҢГІР
Көп пе, аз ба бәрі бір,
Бұл үңгірде жатты адам.
Табанының табы тұр,
Алғаш кіріп аттаған.
Кіргізді оны кім бастап,
Осы үңгірдің астына.
Күркіреген күн жасқап,
Әлде аңдардан қашты ма?
Адам ата кім білген,
Жүрді қандай күйге еніп.
Шыққан болар үңгірден,
Үй салуды үйреніп.
ШЕКАРА ТҮНІ
Тас қияда жел бөгеліп,
Тұнған қалың жыныс бақша.
Барады жай дөңгеленіп,
Ай бір сомдық күміс ақша.
Пяндж өзені өкіреді,
Мың жолбарыс жұлқысқандай.
Айрылып мұз көкірегі
Көбігінен бұлт ұшқандай.
Тұр шекара қадалары,
Биік қарап нар қамыстан.
Пянджының ой жағалауы,
Жалғыз үйлі Ауғанстан.
Екі бөліп тау адырын,
Әркімге өз атын беріп.
Екі дүние аралығын,
Жалғыз өзен жатыр бөліп.
Тұр жайқалып тұт ағашы,
Тұр шекара ақ шынары.
Мұнда тау, тас, бұта басы —
Мемлекет сақшылары.
Шығуға жер бетіне,
Тентек бұлақ талпынды.
Жібермеді еркіне,
Басып үстен тау тұрды.
Дүбірледі ол шауып,
Ат қып мініп тасқынды.
Шықпасын деп жол тауып,
Басып үстен тас тұрды.
Ашуланды тастарға,
Асқар тауға ақырды.
Жер астынан аспанға
Найзағай боп атылды.
Келмеді әлі бұл жолы,
Көрді тау, тас жабылып,
Қуанды аспан бір оғы
Баяғы атқан табылып.
ГҮЛДЕР МЕРЕКЕСІНДЕ
Гүлдің бүгін қонағы,
Керме иықты жеңгейлер.
Көтерілді жоғары,
Кере құлаш кернейлер.
Қарт тәжіктер жыр жырлап,
Кернейлерді ойнады.
Қақты бірі ұрғылап,
Дүңкілдетіп дойраны.
Ашылды гүл пердесі,
Ашылды гүл көрмесі.
Толқын болып тербелді,
Театрдың бөлмесі.
Жиналыпты бас құрап,
Таулы өлкенің гүлдері.
Қызыл, сары, ақшыл, ақ...
Гүлдің барлық түрлері.
Бірі алтынның буындай,
Бірі күннің нұрындай.
Түскен көктен мөлдіреп,
Бірі бұлттың суындай.
Бірі нәзік балдырған,
Бірі сондай сүйкімді.
Өткендей көз алдыңнан,
Жас сұлулар сиқырлы.
Жеңгейлер гүл айдынын
Көздерімен жүзіп жүр.
Сүйді таудың қай гүлін
Қалды ма ұнап қызыл гүл?
Алғаш аттап жар үйін
Келін болып түскенде;
Алғаш көріп сәбиін,
Шаттық суын ішкенде.
Құттықтаған бірінші,
Мүмкін қызыл гүл болар.
Балқытқандай гүл исі,
Күлімсіреп тұрды олар.
ҰШҚЫШТЫҢ ӨЛІМІ
Өмір шіркін жалт беріп қас қағымда,
Жанды ол лаулап Польшаның аспанында
Қоштасуға ақтық оқ атылмады,
Қойылмады тәні оның жас қабырға.
Өмір-өлім жекпе-жек таласында,
Жер мен көктің жоқ болды ол арасында.
Соңғы жасы құйылмай қалды тұнып,
Дөңгеленген көзінің шарасында.
Жалын өртеп жас жанын тілге келмей,
Болды ол қолын соңғы рет сермегендей,
Көк жүзінен жұлдыздай кетті ағып,
Шіркін жерде туған соң жерде өлмей.
Алда көрер қызығы, тамашасы —
Жиырма жас не, жиырма жас —
бала жасы.
Көкке қарап телміріп қала берді,
Бір қара көз жайылып қара шашы.
Снарядтай от шашып күн зыр қағып,
Жапты аспанды қарақшы түн ұрланып.
Жүрегіндей өртенген жас батырдың,
Жарық жұлдыз биікте тұрды жанып.
ШАХМЕТКЕ
Келіншек пен қыздардан,
Келсе де кейде жасырғың.
Көрініп қалар күз шалған
Қырауы самай шашыңның.
Қасқалықтан сақтасын,
Қайырым қып бір алла.
Алпыс келе жатқан соң,
Шүкірлік қой қырауға.
ГҮЛ САТУШЫ БАЛА
(Шетелге барған бір жолдастың
аузынан)
Нью-Йоркті болар емес түсініп,
Темекінің түтінінен іші бұлт.
Бір бала жүр кешке жақын жаутаңдап,
Алыңыз деп әркімге гүл ұсынып.
— Бұл гүлімде әшекейлі өрнек көп,
Жатыр мұнда құстар сайрап, жер көктеп
Алыңызшы, арзан беріп кетемін,—
Дейді бала ұшып-қонып елбектеп.
Алданышпен өтіп жатқан күні құр,
Осындағы көп баланың бірі бұл.
Қолындагы жасанды гүл болмаса,
Өмірінде көрмепті ол тірі гүл.
РЕДАКТОР
Көп көздерден қаралып,
Қолдан шыққан әр әріп.
Қорғасыннан құйылып,
Біткенінше қаланып,
Білем, саған тыным жоқ,
Кірпік ілген түнің жоқ.
Бәрін көздеп өткеріп,
Өз мініңді көп көріп.
Тағы оқисың газетті,
Түк ұйқыңды төрт бөліп.
Жұрттың бәрі көз ілген,
Сырласасың өзіңмен.
Тапты ма мін менен деп,
Тұрсаң ерте елеңдеп.
Кейбіреулер жатады
Әріп емес, сені өңдеп.
Шай үстінде бір білгіш,
Бола қалар күлдіргіш.
Біреу қарғап, алғасын,
Болар талай алда сын.
Еңбегің ел алдында —
Редактор, жолдасым.
Жүздесуге асығар,
Сенің толған досың бар.
* * *
Африканың азынаған желдері,
Арабстан құлазыған шөлдері,
Жолбарыстың жондарындай белдері
Көлеңкедей күңгірт тартқан өңдері.
Бояуың бар көз тартатын не түрлі,
Шаңқай түстей аспанында екінді.
Қамалың бар ирек-ирек қаланған
Арыстанның азу тісі секілді.
Сахара шөл — сағым көлі алдаған,
Жолаушыны ту қиырдан арбаған.
Шуда-шуда, алба-жұлба құмдарың
Аруананың өркешінен аумаған.
Қиыр шөлдер, қызыл желдер зулаған,
Құйын белдер күнде көшіп тулаған
Араб жері о заманнан құлазып,
Бәдәуидің мұңлы әнін тыңдаған.
Қызыл шақа күн күйдірген тар ұя,
Арабстан көпті көрген қария.
Аспаныңның ашықтығын тілеймін,
Саған деген көңілім Ніл дария.
ИНДИЯЛЫҚ ДОСҚА
Қалыпты ол кез жадымда,
Еді осындай күн ашық.
Алматының бағында
Көп қыдырдық сырласып.
Көңілімнің көп сырын
Көздерімнен түсіндің.
Алатаудың шоқ гүлін
Алақанға ап ұсындым.
Орман,
таулар арада,
Алыс одан болсақ та.
Индияға қадала
Тұрдық қарап сол шақта.
Күйдіргендей күн кейде
Аңызақпен лапылдап.
Қалғандаймыз Бомбейге
Біз екеуміз жақындап...
ЖЫР ТАСҚЫНЫ
(Тайырға)
Ақынның болса да онда балғын күні,
Кететін көкке самғап дабылды үні.
Айқай сап Алатаудан атылатын,
Тасқынның тасқа соққан жаңғырығы.
Сол күнде-ақ осы күнгі сырға қанып,
Күнге де күнде барған зырлап ағып.
Тасқынын ешкім тартып ала алмаған,
Жастығын кете алмаған жылдар алып.
Нарынның жалында ойнап құмдарының,
Көтерген батпан жырдың күнде ауырын.
Елуге жігіт болып келді Тәкең
Құшаққа қысып алып «Құм дауылын».
Кейде ол сыймай әлем аумағына,
Көз тастап жалт-жұлт қарап жан-жағына.
Қол сермеп қара шашын қарсы серпіп,
Оқиды өлеңдерін алдарыңда.
Білмейді еш уақытта ол ашуды,
Іздейді жақсы жырдан жанашырды
Көзін бір төңкергені иек қағып,
Бәрі де өлеңіндей жарасымды.
ТУҒАН ЖЕРМЕН СЫРЛАСУ
Уа, Торғай, тыңда мені, қымбатты анам,
Бала боп барсам аунап-қунап қалам.
Желіңе, толқыныңа, жаңбырыңа
Жасқанбай жанымдағы сырды ақтарам.
Орынсыз айқай салып желікпеген,
Мен сенің сабырыңа сеніп келем.
Туған жер, бұл әлемде өзім үшін
Артықсың бар табиғи бөліктерден.
Атылып Ұлытаудан ұрандаған,
Өзенсің көк төсіңде жыр аунаған.
Үні бар толқыныңда құлыншақтың,
Даусы бар келіншектің құраулаған.
Тербеткен бесігісің батырлардың,
Аяулы әз жырысың ақындардың.
Картадан көрінсең де кішкене боп
Өзенсің дүниеге аты мәлім.
Жырлаған қанды майдан жортуылын,
Құлақта, Торғай, сенің толқын жырың.
Әуелде өзің мені ұшырып ең
Әрқашан қонақтайтын бол тұғырым.
* * *
Сүйгісі келіп жұлдыз тұр
Асқардың аппақ төбесін.
Қызғаныш жасап шың-құз тұр
Тартып ап кейін денесін.
* * *
Жапырақ жайып жасыл алақанын,
Қарсы алса қызыл арай дала таңын.
Шөптерге бұлт шықтары қалса тұрып,
Соларға қарауды мен жаратамын.
Селеулер сақалындай кәрі атаның,
Жасырса торғайдың бір балапанын,
Мен соны тауып алып ұшыруды
Баладай қызық көріп жаратамын.
Қылмыстың түсірмей бір қара табын,
Ұстаса сүттей таза ар атағын,
Әділ боп айтқаныңда тұрып қалса
Сол жанды жақын тартып жаратамын.
* * *
Балам бірге толғанда,
Жырға толды жүрегім.
Мен ұқсадым орманға,
Айналамда ну егін.
Өмір осы дейтұғын,
Мен қай заттан кем-тармын,
Өс, өркенде, Бейбітім,
Күзетіңде мен бармын.
Сенің сәби ұйқыңды,
Ат ойнатып кім бұзар.
Есітуге күлкіңді
Дос-жарандар ынтызар.
Бізбен бірге тойлайсың,
Бірге толған күнім деп.
Шешем естіп қоймасын,
Мен айтайын інім деп.
Менің інім, туысым,
Өс, талпынып шарқ ұра.
Құйылған сом құрышым,
Жайна кундей, жарқыра.
* * *
Туған елдің тойында,
Ән салайық бір болып.
Өзендердің бойында,
Жайқалайық гүл болып.
Бір кеудеде қос тілек,
Кірлемесін тот басып.
Тулай соқсын жас жүрек,
Өмір бойы от шашып.
* * *
Жаңбыр болып, табиғат қарлы болып,
Келісе алмай келеді даулы болып.
Өкінеме соларға толқынды өзен,
Өкіреді тынбастан жарды соғып.
* * *
Демалыс күн,
Мен алыспын,
Кетем кезіп қияны.
Жұрт үстінде,
Бұлт ішінде,
Ақын жанның қиялы.
Демалыскүн,
Мен алыспын,
Өлең қызбен жолығам.
Жақын дос-жар,
Ақын достар,
Жүгірмеңдер соңымнан.
ТОЛҚЫН
Қеудесінде күн күркірі,
Бұйра-бұйра көк айдарлы.
Кей кездерде қыз күлкілі,
Бұрқ-сарқ еткен кейде айбарлы.
Тастан-тасқа орғып-қарғып,
Көк толқындар өтті алдымнан.
Оның күшін қалдым аңдып,
Электрдің оттарынан.
Алға ұзап аға берді,
Жаңғырығып жойқын шуы.
Көп қарап ем, қала берді
Көкірегімде толқын жыры
* * *
Көкте қалқып шағала,
Сұңқылдайды, шулайды.
Өзен ұрып жағаға
Бұрқылдайды, тулайды.
Жатқандай-ақ қойнында
Шұбар ала жолбарыс.
Торғай өзен бойында
Суылдайды нар қамыс.
Айдынында асыр сап
Алабұға, ақ балық.
Құдды асау жастық шақ
Торғай өзен жатты ағып.
Орағандай жиһанды
Сарқыраған дабысы.
Жөнелді алып қиялды,
Жүйткіп, ұйтқып ағысы.
* * *
Кейде шықсам далаға,
Боламын жаңа туғандай.
Отырып алғаш жағада,
Өзенмен бетті жуғандай.
Қараймын тіпті таңырқап,
Көргендей тұңғыш көк жүзін.
Биікте сонау соңырқап,
Туғандай менің жұлдызым.
Қараймын қалың орманға,
Сыңсиды олар гулесіп.
Қараймын қарлы тауларға,
Биіктеп бойым бірге өсіп.
Қараудан мен тоймаймын,
Ауады әрі асып бұлт.
Осы ғой деп ойлаймын,
Өмірге сонша ғашықтық.
* * *
Ауаның демі —
Даланың желі
Еркімен есті.
Мұзартты шыңдар,
Көз тартты қырлар
Көркімен кешкі...
Көкжиек көліне
Шомылды шың-құз,
Мөлдіреп көгінде
Көрінді жұлдыз.
* * *
Жарларының жақпарына
Атқылайды су толып.
Аралға күн батқанында
Кетті Арал күн болып.
Өткен жандар бейіттері
Теңіз жүзіп, бойлайды.
Ескі роман кейіпкері
Су бетінде ойнайды.
Кешкі аспанның арайында
Арал жатыр алаулап.
Сұлулықтың сарайында
Бұл көрініс санаулы-ақ.
ДӘН
Күн көретін нәр алып,
Тамырының талшығы:
Ақ жауынды ала бұлт,
Күннің нұры,
Қар суы.
Бидай жатыр жел шайқап,
Сүтке бөгіп тырсиып.
Аспан мен жер кең байтақ
Бір қауызға тұр сыйып.
* * *
Көк те,
Жер де
Ұйқыда.
Көл де,
Жел де
Ұйқыда.
Бәрі жатыр дамылдап,
Бәрі ұйқыда табиғат.
Жүргендей бір жоқ сұрап,
Ұйықтамайды тек бұлақ.
Тастан тасқа атқылап,
Жүгіреді шапқылап.
Ұйықтамайды түнде де,
Ұйықтамайды күндіз де.
Күтуші боп гүлдерге,
Қызмет етіп жүр күнде.
* * *
Аспандағы қара бұлттан,
Жер де, өзен де қарауытқан.
Аш арыстан күн күркіреп,
Атылуға алабұртқан.
Бірде жаңбыр, бірде бұршақ
Табиғатта бар ма тыным?
Соның бәрін көрдім бір сәт
Аспанынан Алматының.
КҮН КӨЗІ
Тұманды аспан қар тастап,
Тұр еді кеше суытып.
Лақтырып қысты жамбасқа ап,
Күн шықты жерді жылытып.
Жапырақты жел тербеп,
Қайтадан ұшты шық қалмай.
Бұрқырап буы жер терлеп,
Моншаға түсіп шыққандай.
Жылылық жұртқа бермекке,
Құйылған нұрлы күншуақ.
Жетеді қалай жер-көкке,
Екеу де емес, бір шырақ?
Жерменен бірге жарысып,
Зырлаған заман кәрі күн.
Алмаған қалай тауысып,
Миллион жылдар жарығын?
Бүркесін тұман, жапсын бұлт,
Бәрібір жайнап ол шығар.
Қартаймай жеткен жақсылық,
Бәрімізге сол шығар.
СЕЗІНУ
Кеудеңді кейде басқан мұң,
Өзіңнен өзің езіліп.
Жерде тұрып аспанның,
Білесің жайын сезініп.
Құрыстап денең дел-сал боп,
Буының сыздап сырқырар.
Құлазып көңіл енжар боп,
Бұзылар ойдың шырқы бар.
Кеудесі тұнып сырылдап,
Алар бір аспан жөтеліп.
Жел қанаты суылдап,
Әкетер бұлтты көтеріп.
Ашылар аспан әудемде,
Басылар дем ап күн жауып.
Сырлы да нұрлы дүниеге,
Қарарсың сонда бір ауық.
Қиял құс көкке шарқ ұрар.
Жазылып бойдың құрысы.
Жауыннан кейін жарқырар,
Жуылған көктің шынысы.
* * *
Қызыл-жасыл гүлдермен
Жалындаған жаз оттай.
Ақ боз атта шіренген
Алатау қарт қазақтай.
Қарайды ол қиырдан
Күннің көзі — дүрбісі.
Бауырына жиылған
Өзен, көлдің күллісі.
Сақшы болып далаға,
Келген талай мың жасқа.
Әрі ұқсайды бабама,
Әрі ұқсайды құрдасқа.
МАЯКОВСКИЙ МУЗЕЙІНДЕ
Жалғыз оқ,
Жалғыз от
Өлтірді ме,
Өртеді ме ақынды?
Жоқ!
Өзі оқ боп,
Өзі от боп,
Кәрі өлімге атылды.
Оқты уыстап,
Лаулатып,
Оқты ұштап,
Жауды атып.
Жүрді ол еркін адымдап,
Даусы күндей дауылдап.
Әлсіз жүйке тамыры,
Осал жан деп есептеп
Жатты жаулар қауымы
Ұлы ақынды өсектеп.
Шақырды оны майданға
Өмір — күрес алаңы.
Ұшты жылдам жайдан да,
Ақынның сөз — жарағы»
Жеңе алған жоқ оны өлім,
Жоя алған жоқ жат үні.
Тұр ту етіп өлеңін
Революция ақыны.
* * *
Орал кейін шегінді, Алда Россия жолдары.
Ақын Тақташ көрінді
Құшағында Тамбов орманы.
Отқа малып шыңдап алған,
Сөздері Маяковский сөзіндей.
Тамбов ормандары бұйраланған
Ойға батқан ақынның өзіндей.
Тамбов кейін шегінді,
Жылтылдап жұлдыз —
үстінде қар.
Рязань, Москва көрінді
Алда Есенин, Пушкиндер бар.
Өтіп жатыр күн, апта
Осы бір ұзақ жол басталғалы.
Жеткізбей келеді бірақ та
Классиктер баспалдағы —
Поэзия асқарлары.
МАЛШЫ
Борандарда болмасын деп мал шығын,
Жанталасқан көрдім кезін малшының.
Көрдім оның мұз боп қатқан мұрттарын,
Көрдім оның жалғыз малта талшығын.
Аласапыран, алай-дүлей дүз боран,
Ауыл енді алыс емес, жүз қадам.
Бірақ боран алдап алып әкетті,
Хабарсыз да қалып жүрдік біз одан.
Көктем келіп жайғанда көк жөргегін,
Қолмен ұстап, көзбен көріп еңбегін.
Тұрды малшы күнмен бірге күлімдеп,
Маңдайынан сылап-сипап төлдерін.
Тұрса-дағы елу жастың өрінде,
Осал адам көрінбейді тегінде.
Табиғаттан айнымайды мінезі,
Ақпан қыстың аязы бар демінде.
КОЧЕГАР
Өмірдің оты ойнап жанарында,
Кетеді жұмысынан таң алдында.
Кетеді жылылығын жұртқа беріп
Түтінді тұндырып ап қабағына.
Ұйқыда қалмасын деп суып денең,
Бойыңды бусандырар буыменен.
Тұтанып батарея түтіктерін,
Кранның сипар жылы суыменен.
Лебінен бүрқыраған бұл жігіттің,
Жылынып бөлмеге еніп тұр суық күн.
Қызуы суымайды күндізде де,
Ол жалғап кеткен түнгі тіршіліктің.
ІЛИЯС
Күйшінің күй тартқанда мұрагері,
Даланың қалған ұйып құба белі.
Жұлдыздай со бір кезде жүйткіп өткен
Қазақтың өлеңінің Құлагері.
Пай, пай, пай, неткен өлең гүрілдеген,
Безілдеп сырлы шектер дірілдеген.
Құздардан құламалы қиқу салып,
Дауысы дауыл болып дүрілдеген.
Өлеңі тербеп өлке құм қиырын,
Қиялы шарпып өткен, шың биігін.
Сапырған Жетісудан сабаз ақын,
Тебіреніп теңіз ойдың тұңғиығын.
Желпініп жаңа ғана жаны күліп,
Өлеңді қара терге малындырып.
Ілияс жетті-ау бүгін ортамызға,
Көп жылдар көзге түспей сағындырып.
Сыр айтып Жетісудың тастарына,
Аңыз ғып Аршалыны дастанына.
Ілияс өзі бүгін қарсы алғандай,
Біздерді Арқарлының асқарында.
БАЯҒЫ СӨЗІҢ ӘЛІ ЕСТЕ
(Сейтжан Омаровқа)
Сұр шинельді киінген,
Соғыстың сонау жылдары.
Аспан мен жерді үйірген,
Ауыр күн есте тұр әлі.
Көңілім толқын бір түрлі,
Кеудеден жұмбақ өлең кеп.
Жібердім саған бір жырды,
Қолының ұшын берер деп.
Жазып ең жауап сол хатқа,
«Жігітім, талмай серме»,— деп.
Дем беріп сол сөз солдатқа,
Өлеңге шықтым өрмелеп.
Сілтедім қанша білмеймін,
Келемін көлкіп өлеңмен.
Ойымның отын үрлеймін,
Айналып қиял төбемнен.
Қалғандай қазір қаз тұрып,
Баяғы жырым нәресте.
Қуантқан мені мәз қылып,
Баяғы сөзің әлі есте.
СУРЕТШІ
Ақ қағаздың жүзіне
Алуан бояу түсіріп.
Қадап көзін сүзіле
Ойын құстай ұшырып.
Суретші дамылсыз,
Сүйкектеген қаламын.
Айналаның бәрі үнсіз,
Ашық нұры ауаның.
Бурыл тартқан самайы,
Басқа емес өз сынынан.
Тағы қайта қарайды,
Тауды қойып қырынан.
Тұрақтамай әлі де,
Тұр қиялы дағдарып.
Байыптайды бәрін де,
Ойымен он аударып.
Қолын созып ұсынды,
Әлденеге ойы ауған.
Алмақшы ма бір сырды,
Аспандағы бояудан.
ЛЕРМОНТОВ ҮЙІНДЕ
Алдында Кавказ аңғары
Отырды ақын көзінде от.
Осы үйде оның бар жаны,
Құйылды нәзік сезім боп.
Осы үйден бір үн ағындап,
Ораған таудың оябын.
Осы үйден бүкіл табиғат
Өзінің тапқан бояуын.
Тұрағын таппай жиһаннан,
Азаттық көксеп аңсаған,
Осы үйде ақын қиялдан,
Өмірге келді қанша адам.
Жүрегін мейлі таласа,
Тағдырдан тайқып қашқан жоқ.
Осы бір үйден аласа,
Көрінді ол елге аспан боп.
АҚЫН ӨЛІМІ
Қара көйлек көк киіп,
Қараңғы тартты ашық күн.
Құлады ақын оқ тиіп,
Етегінде Машуктың.
Аяды жауын тура атпай
Ақ болып жаны өлсе құл.
Жығылды бүгін тіл қатпай,
Дүниеге кеше берсе тіл.
Орман-тау қайда баяғы,
Алдында көздің жоқ түк те.
Үзілді өмірбаяны
Қойып бір өтті оқ нүкте.
Табиғат жоқтап жыршысын,
Қабағын түйді тұнжырап.
Найзағай тіліп бұлт ішін,
Күңіреніп тұрды күн жылап.
ҒАФУР ГУЛЯМ
Арпапайдың көшесінде тұратын,
Жолдас маған өзбектегі ұлы ақын.
Алпыс жылға аяғынан шалдырмай,
Жас күнінің сақтаған нұр,
қуатын.
Май айының қайнап тұрған күнінде,
Болдық біздер Ғафур Гулям үйінде.
Палауымен, көк шайымен сыйлады,
Отырып ап тұт ағаштың түбінде.
Кейде адам өзін-өзі сезінбей,
Ойлайды өзін баяғы жас кезіндей.
Шаштарына қылау тұрып қылаңдап,
Асқар таудың ақ шалса да өзіндей.
Сол тәрізді ол да әлі жас бала,
Шаруасы жоқ өлеңінен басқада.
Арам емес аңқылдаған шын ақын,
Өлең жазған өзбектерге жақсы аға.
Даңқы оның жайылса да ертерек,
Қартаймауға берген оған ел көмек.
Көшесінде келеді ол Ташкенттің,
Өзбегіне, өлеңіне еркелеп.
КҮНБАҒЫС
(Шоқанның қабірінде)
Қарайсың өткен күнге алыс,
Қабірді қайта айналып.
Жалғыз тұр сонда күнбағыс,
Күн күзетіп, ай бағып.
Алтын күн таудың алқабын,
Жүзгенде нұрға толтырып.
Бұлғайды сары қалпағын,
Биіктен сонау ол тұрып.
Талпынған солай күнге алыс,
Сағымын кешіп жапанның.
Әлде, сол жалғыз күнбағыс,
Арманы ма екен Шоқанның.
КІШКЕНТАЙ АДАМ
(Қазақстан Жазушылар одағы үйінің
вахтері Анна Степановна Коробкова
пенсияға шыққанда)
Алыпқа оны еш ақын теңеген жоқ,
Керек десе ол жайлы бір өлең жоқ.
Білді өзінің кішкентай қызметін,
Басқаны ол ешкімнен тілеген жоқ.
Отырғызып аулаға талды бір түп,
Еден жуып, әйнектен шаңды сүртіп.
Қора ішіне қыс күні қонып қалған,
Күрекпенен лақтырды қарды күртік.
Көндірерлік күш бардай өз еркіне,
Кішіпейіл әдепті ізетінде.
Бірнеше жыл түн бағып, кірпік қақпай
Тұрды жырдың үйінің күзетінде.
Дағдылы іс болғанмен мұның бәрі,
Жастық шағын, жалынын жыл ұрлады.
Елу бесте шыққанда пенсияға,
Сый көрем деп осынша үғынбады,
Бір жиналыс ашылып өзіне арнап,
Айтқанда жұрт қызмет кезін талдап.
Дөңгелейді қуаныш нышанындай,
Бір тамшы жас дөңбекшіп көзінде аунап
Құттықтаған қызықты демалысын,
Жасап жатқан жолдастық жоралғысын.
Достарына сол сәтте сөз таба алмай,
Көз жасымен айтқандай ол алғысын.
ЕЛАҒАСЫ
(Елубай Өмірзақовтың 60 жылдығына)
Қазақтың ұлан-байтақ кең даласы
Дейді әр кез Елубайды «Елағасы».
Арман не тисе осындай сыбағасы,
Берілсе Елаға деп ел бағасы.
Еңбегі Елағаңның жатыр толып,
Біресе ол жыр төгеді ақын болып.
Біресе Бозқасқадан шаң боратып,
Шабады Аманкелді батыр болып
Құлағын бұрап сырлы домбыраның,
Қосқан ол Қостанайдың қоңыр әнін.
Секірткен қабақтарын мың құбылтып,
Құрбыға ашып тастап омырауын.
Алпыста әлі жассыз, Елаға, сіз,
Өнерге көкірегі кең даласыз.
Халқыңмен бірге жаса жақсы күнде,
Болмайды тон жағасыз, ел ағасыз.
ГЕТЕНІҢ ЕМЕНІ
Ойнатып Гете өлеңді,
Құмарын жанның қандырған.
Бойлатып көкке еменді,
Мұра қып артқа қалдырған.
Болсын деген бұл емен,
Ну орманның патшасы.
Түбіне өзі түнеген,
Борандай бұрқап ақ шашы.
Сұлу орман бикеші,
Тапсын деген қанағат.
Құрыған жан жүйкесі,
Жатсын деген паналап.
Қасқая қарап емен тұр,
Жаңғырып жылда көктеген.
Үстінде қалқып өлең жүр,
Тілдесіп күнде көппенен.
СИЯ САУЫТТЫҢ ПАСПОРТЫ
(Ә. Тәжібаевтың 50 жасқа толған
мерекесінде оқылған өлең)
Шыңдарын аялаған аспан сүйіп,
Оралдың таулары бар асқан биік.
Жасаған шебер қолдар сол арада
Өзіңе сол сауытты тастан құйып.
Ол жерде фонтан болып ән атылған,
Жер-суы өлең сөзден жаратылған.
Сол жерде Златоуст шеберлері
Оралдың соққан мұны болатынан.
Тербетіп тұнық ойды тереңдегі,
Ақынның толқысын деп өлеңдері.
Сауытты жасап еді Орал таудың
Бүргені тағалаған шеберлері.
Өзіңді дәмеліге санап қойып,
Алдыңа Алатаудай талап қойып.
Салды олар өлең ата суретін,
Жазғын деп ұлы Абайға қарап қойып.
ҚЫСҚЫ КҮН
Жөнелді жылы жаққа қаз,
Көлінен қуып қыс деген.
Жайылды жерге ақ қағаз,
Жазулар әлі түспеген.
Теңселіп тентек бораннан,
Басында қатып бал мұздақ.
Теректер көкке қадалған,
Телміріп жерден андыздап.
Ай аспанда тағадай,
Өзендер киген көк көйлек.
Жел бір мазаң баладай,
Қатырған басты көп сөйлеп.
Лақтырған аспан саулатып,
Жұлдыздай қардың ұшқыны
Тұрғандай жазды толғатып,
Аязды, ойлы қыс күні.
* * *
Асқардың басын шалған бұлт,
Төгілді жерге жаңбыр боп.
Кетпеді босқа ол қаңғып,
Көрінді көзге шалғын боп.
Күз тырнамен ұшса да,
Бермеді шалғын түсін көк.
Тұрды одан қатал қыста да,
Жаңбырлы жаздың исі кеп.
* * *
Кетпейді қалған қар қонып,
Алатаудың басына.
Кетпейді қалсаң шал болып,
Қонған қар қара шашыңа.
Ақ қардай жанда қалмай кір
Ұмытар едің қайғыңды.
Шіркін-ай, Алатаудай бір
Бола алсаң сонда айбынды.
* * *
Бұлттардың көз жасынан,
Телегей-теңіз жасалған.
Тебірене толқып тасыған,
Теңіздің жаны — асау жан.
Таң атып, күн батқалы
Көрмейсің тынған бір кезін.
Күркіреп тулап жатқаны
Кеудеге ұрып күнде өзін.
Жар жағалап шарлаған
Баяғы бала қалпында.
Тереңнен бір күй толғаған,
Теңіздің тілі — толқында.
ТЕРЕК ПЕН ТАЛ
Теректің ұрлап жалынын,
Кетсе де жылдар еңкейтіп.
Жанында жайып тамырын
Талдар тұр оны көркейтіп.
Дүниені нұрға бөлеп бір,
Жасайды талдар иелік.
Құламай кәрі терек тұр
Соларға енді сүйеніп.
* * *
Ашуы қайнап ашынып,
Кемерге шапшып асылып.
Көз жасы ұшып көбіктей
Бұрқырап бұлтқа шашылып.
Жатады теңіз кей кезде
Дүниені жалғыз басынып.
Жаңағы жыны басылып,
Жасамай енді асылық.
Алқаракөк айдыны
Айығып бұлттан ашылып.
Жатады теңіз кей кезде
Кешірім сұрап бас ұрып.
Баяғы толған кезінде
Болса бір жанмен ісі жоқ.
Көрінер теңіз көзіңе
Момақан енді кісі боп.
* * *
Шықылықтап сауысқан,
Ызыңдайды күз желі.
Оңтүстікке ойысқан,
Тырналардың тізбегі.
Сезетіндей олар да,
Туған жердің не екенін.
Айналады ауарда
Бауыр басқан мекенін.
Ыстық жазғы тұрағы,
Қия алмайды құс мүлде.
Төңіректеп тұрады,
Туған жердің үстінде.
Қия алмайды Арқаны,
Қалған әбден достасып,
Қарай-қарай тартады,
Қиқу салып қоштасып.
* * *
Қолда барда құны жоқтай алтынның,
Білінбейтін бір қыры бар әркімнің.
Сол қырлардан көк құрыштай құйылып
Сом тұлғасы жасалғандай халқымның.
ӨРМЕКШІ
Өрмекші алмай тынымды,
Күні бойы болдырып.
Ұстауға ұшқан шыбынды,
Тастады бір тор құрып.
Бітпегендей бір ісі,
Тұрақтамай жерде көп.
Тартты қашып тынышы,
Қабырғаға өрмелеп.
Ұмытылып қалыпты
Тағы да бір өрнегі.
Кереге көз сауытты,
Болып шықты өрмегі.
Шаруасында түк үнсіз
Жүр осылай өрмекші.
Тыпырлаған тынымсыз,
Ол-дағы бір еңбекші.
* * *
Ұшам ба әлде тозаң боп,
Тұрам ба гүлдей қияңда.
Бұлақтай азан-қазан боп
Бұрқырап көлге құям ба.
Тұрам ба әлде далада,
Сыбызғы болып уілдеп.
Жатам ба әлде жағада,
Қауашақ болып жел үрлеп.
Басымда қурай ызыңдап,
Жатам ба әлде жапанда.
Гүл болсам қыздар үзіп ап,
Шығар ма алып сапарға.
* * *
Табиғатты барласаң,
Бар ғажайып өз үні.
Бір қалыпты әрқашан,
Жоқ бірақ та сезімі.
Жаңғырығып таулары,
Орманы да шуылдар.
Суылдаған талдары,
Көлінде де бір үн бар.
Сол үндерді қағып ап,
Қалт еткізбей кезінде.
Салсаң қайта жалындап,
Орап ыстық сезімге.
Тыңдар еді дамылдап,
Күлім қағып жайраңдап.
Сұлу үнді табиғат,
Өз даусына қайран қап.
* * *
Шақырайған талма түс
Тас төбеде күн қызған.
Қанаттары талмай құс
Жем іздейді Ырғыздан.
Тыныштық жоқ ауада,
Өзен бойы бір у-шу.
Көтерілген шағала
Қанатымен сызып су.
Өрлеп өзен жағасын
Қиқу салып керісіп.
Балықшыдай олжасын,
Жапырлайды бөлісіп
КОМБАЙНШЫНЫҢ БАЛАСЫ
Арқасын аптап күн қарып,
Ақ жүзі желге тотыққан.
Еңбекпен дала суарып,
Ерлікке оны оқытқан.
Күректей алақаны да,
Саусақтары арбиған.
Бірақ та бала жанына
Жылуын жылдар мол құйған.
Әкесімен бір болған,
Шиырлап қиын жолды алыс.
Егінді қырда бірге орған,
Тигізіп талай қолғабыс.
Егінін орып даланың,
Басталған солай құт қадам.
Комбайншы боларын
Өзі де ол кез үқпаған.
Әкенің ауыр мінезі,
Саспайтын небір қиыннан.
Секілді өткір күн кезі
Бойына дарып құйылған.
Даланың осы күзінде,
Бидайды кешіп түн қатқан.
Моншақтап жаңбыр жүзінде,
Ұйқысын түнге ұрлатқан.
Арқасын аптап күн қарып,
Ақ жүзі желге тотыққан.
Еңбекпен дала суарып,
Осылай оны оқытқан.
КҮЙШІ МЕН ТАУ
(Әбікен Хасеновке)
Кешкілік алып еркін дала тыныс,
Уыздай ұйыды бар жаратылыс.
Ақпады атырапта жұлдыз — киік,
Қақпады көк аспанда қанатын құс.
Көрінген таулар мана кәрі алыптай,
Жабысты жерге шөгіп қарамықтай.
Қарайып кетті ормандар етектегі,
Аспаннан аунап түскен қара бұлттай.
Ұйытқан сал жігітті,
қыз баланы,
Қазақтың күйлерінің мұзбалағы.
Сол таудан өз тұрпатын танығандай,
Түксиді төмен құлап құз қабағы.
Кеуденің күй сарайы күмбірлемей,
Тұнжырап күйші бір сәт тұрды үндемей
Булығып әлденеге тұншыққандай,
Күймен бір бүлкілдейтін бұлбұл көмей.
Кәрілік, сырқат бірі еске кірмей
Бір кезде бұлаң қағып өссе гүлдей.
Кетіпті маңдайына жылдар тартып,
Қос сызық домбыраның қос шегіндей.
Тау жатты бойында оты сөніп қалған,
Шал тұрды со бір таудай шөгіп қалған.
Білмеді ол таудан биік тұратынын,
Күй болып көңілдегі көрікті арман.
ҚАЗАҚТЫҢ ЧАЙКОВСКЙЙІ
(Мұқан Төлебаевқа)
Көктемің келді өзіңнің
Сызылтып тағы сиқырлы ән.
Көктемдей еді сезімің
Ояншы, досым, ұйқыңнан,
Ояншы, досым, ұйқыңнан!
Қабағы таудың қатулы
Қапсырған қара бұлт төніп.
Ұзатып жолға ақырғы
Алматы саған шықты еріп,
Алматы саған шықты еріп!
Жүлдені алған ол бұрын,
Жүйрігім еді жоқ теңі.
Өмір-ау сенің өндірің
Талантты сондай көп пе еді?!
Талантты сондай көп пе еді?
Тоқта, ажал — азалы үн!
Артыңда қанша күй қалды.
Басыңда сыңсып зарлы өлең
Қия алмай елің қиналды!
Қия алмай елің қиналды!
Тоқта, ажал — азалы үн!
Өмірдің шалқып ес күйі!
Қош бол, қайран сабазым —
Қазақтың Чайковскийі!
Қазақтың Чайкосскийі!
ҚЫЛЫШ
Даладай дастарқаны иен дүние,
Дәкеңнің әнге басып кең үйінде.
Отырдық ішімізден разы боп,
Жібектей жеңгеміздің пейіліне.
Жақсы сөз сәулесімен жан нұрланып,
Сезімді шертіп жатты ән ұрланып.
Ойнады бокалдар да күміс толқын,
Көпіршіп ұшқын атып, жалынданып.
Домбыра күмбірлеген тынысты алып,
Бір кезде қалды халық тынышталып.
Сөйледі үй иесі Дәкең сонда,
Қолына қынаптағы қылышты алып:
–Қырымда комдив өзі мұны ұстаған Шыққан бұл аруағы асып ұрыстардан. Чеканың ерте кезгі өкілі деп, Сыйлаймын ескерткішке қылыш саған.
Қырымның елестетіп құзын биік,
–Дұрыс,— деп әдетінше сөзін түйіп. Мұқанов генералдай тұрды сонда, Қылыштың жарқылдаған жүзін сүйіп.
ӨЛЕҢНІҢ АМАНКЕЛДІ БАТЫРЫ
Өмірің бүкіл қазақ өміріндей,
Бітіксің Қостанайдың егініндей.
Солтүстік аспанынан бұлттар ауып,
Күн көзі жарқылдады көңіліндей.
Жерің жоқ, жалтақтаған, жан
сақтаған
Кезің жоқ өз еліңнен алшақтаған.
Күніне жүз көрсе де шөлі қанбай,
Туған жер қол созады аңсап саған.
Өмірдің шөлде өткізіп тар кезеңін,
Балауса, балғын күнде талды өзегің.
Сондағы іздеріңді сақтап қалған,
Әрбір бел, әрбір көлің, әр өзенің.
Өмірдің сүйресін деп ерге көшін,
Жалпақ жер беріп еді мол денесін.
Өзендер беріп еді толқындарын
Дегендей ұзақ жолда шөлдемесін.
Ертектер қандырса да жан аңсарын,
Көрінді кейін келе олар шағын.
Туған жер ормандары өзің жаз деп,
Ұсынған қарағайлы қаламсабын.
Ананың аялаған әлдиімен,
Сол жердің өстің жаста ән-күйімен.
Сол жердің борышты едің топырағына,
Сезімтал, Сәбит аға, сәбиіңнен.
Тыңдадың дала күйін жаның ұйып,
Алдың сен көкірегіңе бәрін құйып.
Болдың сен өз халқыңдай қарапайым,
Тұлғасы әрі аласа, әрі биік.
Қайратың көрген емес әлі қайтып,
Тұлғаң бар Көкшетаудың тауындан тік.
Көлдерін, өзендерін елестетіп,
Бердің сен туған жерге бәрін қайтып.
Халықтың қамқоршы бір жақынындай,
Майданға түстің талай батыр ұлдай.
Сондықтан көреді елің сені, Сәбе,
Өлеңнің Аманкелді батырындай.
СӨНБЕЙТІН ЖЫР
Баяғыдай күн шашқан күмістерді,
Баяғыдай сырласқан шығыс желі.
Бірақ көзге түспейді тағы да бір
Өлең соққан заводтың жұмыскері.
Жүрмеді ол жайына жанын бағып,
Түсті майдан күреске дабыл қағып.
Жатыр ұйықтап жорықтан оралғандай
Туған аспан астында дамыл алып.
Қарауытып қабағы жағалай жар,
Күрсінеді алыста ағады Айдар.
Комиссарын күзеткен солдаттардай
Жас қабырды қоршайды қарағайлар.
Жылдар ұшып жалында арғымақтың,
Өзгергенмен өмірде бәрі заттың.
Өлең қалар өзгермей өз күйінде,
Кеудесінде күмбірлеп табиғаттың.
АЛШЫҢНАН ТҰР ДА ЖҮЗГЕ ЖЕТ
Қолды-аяқты баладай,
Қарасаң шағын тұлғасын,
Жастарға туған ағадай,
Елуге кепті бұл Қасым.
Аязды жылдар қарыған,
Маңдайда әжім қыртысы.
Бір өзіне дарыған,
Жүз адамның күлкісі.
Жайнап бір тұрған гүлдейсің,
Мәжіліс-мейрам дегенде.
Отыратынын білмейсің
Орнығып қай кез өлеңге?
Серпіле қалса бірақ та,
Серігі болып түнгі аспан.
Айналасы бір апта —
Алдында жатар бір дастан.
Ақсақал берер батадай
Айтатын сөздер сізге көп.
Қорғасын құйған сақадай,
Алшыңнан тұр да жүзге жет!
ШЕБЕРЛЕР
Біздің үйге жұмысқа,
Келді ағаш шебері.
Қойып жатты бұрышқа,
Сом балғаны, шегені.
Анталап кеп бар бала
Қойды қолды шегеге.
Бірі ие боп балғаға
Шегені ұрды төбеге
Құрылыс жері кеңейді,
Жатты айтылып өлеңдер.
Содан бері көбейді,
Біздің үйде шеберлер.
ЕСІЛ КЕШІ
(Қабаш Оспановқа)
Тастады өзін арқа ашып,
Арқа — өзен, бал құрақтар...
Жерді сүзіп, тарпа басып,
Алып қашты арғымақтар.
Ілесе алмай қарқыныңа,
Қалып қойсам кешірерсің.
Тәтті әзілдер айтылды да,
Бір бөлістік Есіл кешін.
Сыпырдық та ер-тоқымын,
Дедік: еркін атқа тынық.
«Жаназасын» ерте оқыдым,
Шампанский жатты атылып.
Шықты атылып жаз сыртқары
Күзгі жайдың от оғы ұрып.
Ауған жедел қаз бұлттарды
Түсірді Есіл фотограф.
Көп айлар мен көріспеп ем,
Нелер қалды бөле ішпеген.
Дала, өзен, бұл тоғайдан
Нелер қалды бөліспеген.
Тыңдай берді Есіл күліп,
Сенің сүйген айтылды әнің.
Көк толқынды кешіп жүріп,
Байқамаппыз ай туғанын.
Саған сырлар шерттім қанша
Көңілімнің құсы түсіп.
Кейде осылай боп тұрмаса,
Өледі адам іші пысып.
ҚОШ БОЛ, ҚАЙРАН АРДАГЕРІМ
Алатаудың түнеріп төңірегі,
Бүкіл дала еңіреп егіледі.
Кеудеде бір бұлт атып найзағайын
Жаңбыр болып көзден жас төгіледі.
Өлмейтін жан елімнің ұғымында,
Душар болды ажалдың құрығына.
Абай бүгін қайысып қабырғасы,
Теңселеді тұра алмай тұғырында.
Қара жердің қатыгез алды қойны,
Кетті ортадан кемеңгер алғыр ойлы.
Талай бәйге кезінде топты жарып,
Биік ұстап өтті ол абыройды.
Сөйлетуге жер-көкті келді әлі,
Талантына таң қалды елдің бәрі.
Қаламынан шыққанды қағып алып,
Қайталады қайтадан жердің шары.
Оның асқақ тәкаппар шың қиялы,
Сахараға қондырды Индияны.
Дүние жүзін қаусырған данышпаным,
Жатасың-ау жастанып бір қияны.
Туған жерің теңселді, Мұха, бүгін,
Ауыр аза тұнжырап тұтады күн.
Бірақ өлмес өмірің сайрап жатыр,
Дана ойлы бетінде кітабыңның.
Жарық жұлдыз секілді ғарыштағы,
Сен жетесің күндерге алыстағы.
Қош бол, қайран ардагер, асыл адам,
Қалың елдің қадірлі данышпаны.
ҮНСІЗДІК
(Мұхтар Әуезов қабірінің басында)
Ұлы деп мәңгі-бақи аталатын,
Аяулы жанның іштей атап атын.
Басында қабірінің тұр халайық
Үн-тілсіз білдіріп өз махаббатын.
Тұнжырап тұр айнала қорған үнсіз,
Гүл үнсіз, бұлбұл үнсіз, орман үнсіз.
Ардагер азаматтың қабіріне
Құйылған шар тараптан жолдар үнсіз.
Болса да тыныс бітіп тұншығардай,
Тұр тілсіз достары да үн шығармай.
Ол үнсіз, қиялы үнсіз жатыр ұйықтап,
Қиялға құлаш ұрып құлшына алмай.
Мөп-мөлдір құйып алып талай мұңды,
Үнсіздік терең тартқан бар қайғыңды.
Үнсіздік әрі сонша салтанатты,
Үнсіздік селк еткізер әрі айбынды.
Қарауыл қойып әркім дыбысына,
Айтпай-ақ көңіл күйін ұғысуда.
Сөздерден мың есе артық қуат бардай
Үн-тілсіз жұрттың осы тұрысында.
* * *
Алпыста Жақан көңілді,
Баяғы бала қалыпта.
Аралап Әйет, Тобылды,
Жүргендей Қарабалықта.
Осындай онда жас жаны,
Болса да қырықтың бесінде.
Даладай ұзақ дастаны,
Қалыпты жұрттың есінде.
Айыру қиын Жақаннан
Өмірдің қырық пен алпысын.
Серісі елдің атанған
Ақын бір бала халық үшін.
СКУЛЬПТОР
(Хакімжан Наурызбаевқа)
Ұйықтамай түндер ол шыққан
Кеудесін кернеп бір арман.
Құдайдай құйып балшықтан
Адамды жасап шығарған.
Маңдайдан терін сыпырып,
Көрмеген жаны жай тауып.
Өліге тірлік бітіріп,
Өмірді берген қайтарып.
Құйындай қиял үйіріп,
Әуремен өткен әр кеші.
Металға түскен құйылып,
Ойының ұйып сәулесі.
Ұйқысыз түндер өтеліп,
Тұғырға- қонды тас тұлға.
Өнерін биік көтеріп,
Өзі тұр соның астында.
ҚАРШЫҒА
(Әлжаппар Әбішевтің аузынан)
1
Қаршыға ұқсап көктің нүктесіне
Қалықтап тұрды алмай түкті есіне.
Бір мерген көре салып нысанаға ап,
Жабысты мылтығының шүріппесіне.
Бұрқ етті қою түтін шудаланып,
Қадалды атылған оқ тура барып.
Бір аунап түсті де құс құлдилады,
Лақтырған тастай жерге зырлап ағып.
2
Жатты ол көкке қарап көл шетінде,
Ұшардай қанат шіркін көнсе еркіне.
Кек оты жанарында жалындады,
Көз жасын намыстанып көрсетуге.
Қөңілін жапты қайғы — қара тұман,
Сорғалап ақты қаны қанатынан.
Мергенге қараған жоқ. Көзін салды
Көгіне ұшу үшін жаратылған.
Шайқады дауыл тұрып тыныш күнді,
Жатты ол шығармастан дыбыс үнді.
Тек қана аспаннан көз айырмады,
Тағы да аңсағандай бір ұшуды.
ХОРОНГОН
(Боки Рахим-Задаға)
Күз салса да құрығын,
Жүдемеген жұтап тал.
Мүйізіндей бұғының,
Бунақталған бұтақтар.
Қарауытқан іңірдей,
Хоронгонның биігі.
Төбесінде тілімдей,
Қалыпты айдың қиығы.
Үндемейді сыр ашып,
Тұйық жеті қат көгі.
Шалқасынан тұр ашық,
Көгілдір көк дәптері.
Жазып жұлдыз өлеңін,
Сол дәптерді тауыспақ.
Бітірген бір бөлегін
Оқиды өзен дауыстап.
ҚОС АНАР
Бақтың іші шуылдан,
Тербеледі теңіздей.
Бір бұтақтан туындап,
Қос анар тұр егіздей.
Досым алып ұсынды,
Төбеме оны көтердім.
Мүмкін анар мүсінді,
Жүрегі ме екі елдің.
Қайда барсам туысым,
Мархобо деп қош алар.
Қос жүректің тынысын,
Жеткізгендей қос анар.
ЖІБЕК
Ленинабад жібегін
Жапырлап жатыр жұрт көріп.
Толқиды таңдай реңі
Күрең гүл қызыл бұлт болып.
Жарайды ол нендей жолыңа
Ұялтпас сені не керек.
Уыстап алып қолыңа
Ұшырсаң ол бір көбелек.
Шебер қыз күліп тұр өзі,
Қызарып көздер отынан.
Биязы екен мінезі
Жібектей өзі тоқыған.
ҚАЙРАҚҚҰМ ГЭС-і
Тәжікстан,
Ыстық күн.
Айнала тау, адырлар.
Соққан желі түстіктің,
Сапырылған сағымдар.
Кетер еді қайнап күн,
Кетер еді жер жанып.
Болмаса егер Қайраққұм,
Болмаса егер ер халық.
ҮЙРЕК
Таллин.
Балтық вокзалы іргесінде
Медальдай көл әлі күн тұр есімде.
Жағасын көріп ем қарияны
Ала қоңыр июльдің бір кешінде.
Онша назар аудармай жиын-көпке,
Тұрып еді ол жем тастап бір үйрекке.
Күнде кеште шықпайтын осы көлден
Жабайы құс үйренген сый-құрметке.
Жаутаң қағып жас үйрек жар басына,
Баратұғын бір сүңгіп шал қасына.
Құс шіркіннің көңілін қайтармауға
Қол салатын қария қалтасына.
Жалғанғандай достықтың жібі мықты,
Бір-бірінің шал мен құс тілін ұқты.
Құс та болса дариға сезеді екен
Жақындықты, жақсылық, жылылықты.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру