Мазмұнға өту
Home

Шығармалар жинағы 8 том

Қалижан Бекхожин

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Шығармалар жинағы 8 том

Авторы: Қалижан Бекхожин

Қалижан БЕКХОЖИН ШЫҒАРМАЛАР ЖИНАҒЫ 8-ТОМ Алматы УДК 821. 512. 122 ББК 84 (5 Қаз)-44 Б 39 Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді.

Құрастырушылар: Зайда Бекхожина, Мирасгүл Бекхожина БЕКХОЖИН Қ. Шығармалар жинағы. – Алматы: ҚАЗақпарат, 2014. ISBN 978-601-03-0202-0 Т.8. - 380 б. ISBN 978-601-03-0260-0 Қазақтың белгілі ақыны Қалижан Бекхожиннің аудармашылық қызметі де баршаға мәлім. Қаламгер шетел, орыс ақын-жазушыларының көптеген туындыларын қазақ тіліне аударып, оқырмандар ықыласына бөленді. Бұл томға автордың Гетеден, Низамиден аударған еңбектері енді. УДК 821. 512. 122 ББК 84 (5 Қаз)-44 ISBN 978-601-03-0202-0 © «ҚАЗақпарат», 2014 ISBN 978-601-03-0260-0 Б 39

Низами ЖЕТІ АРУ (поэма) МАДАҚ Рахманы зор құдіретіңмен, жасаушысы – бұл жаһанның Баршада бар нұр сипатың, тірлігісің күллі жанның. Жаратқан сен бұл ғаламды тәж-тағына өзің ие, Шексіз жайнап фәрмәніңмен, өшер бір күн бұл дүние. Сен аспанды күмбез етіп, өз нұрыңды шамдай жақтың, Он сегіз мың бұл жаһанға жұлдыздарды сен жайнаттың. Шапағатың шамшырақтай бұл фәниге жанар мәңгі, Уа, жасаған, тіршілікке мекен еттің жылы аяңды, Зергерісің дүниенің бар әлемге сәулет берген, Бар ғажайып өз сипатың, дергәһыңмен өрнектелген. Тумақ, өлмек және де бұл дүниенің басы, соңы. Барша тағдыр бір өзіңде, маңдайыңа жаздың соны.

Ғайыбына дидарың да, көрінбейсің пенделерге, Сен аянсың әрбір сәтте, кереметпен деме-демде. Дүниедегі бар тіршілік құпия сырмен тірлік еткен, Сенің сырлы сипатыңда тірлік өзі өмір шеккен. Сен жанысың бар жиһанның, жаралғанның тірлігісің Бар өмірге нәсіп берген мейірбансың, сен нұрысың. Есімің де барша есімнің әуелгісі құдіретті, Жаралғанның әдепкісі – жасаған сен жер мен көкті. Тірлік әлем шексіз жайнап, кең аяңда шыр айналған, Қайта айналып құзырыңа, мәңгі-бақи шырайланған. Құзырыңа құштар едім, қиялыма қапың жабық, Құпияңды білейін деп, ойым ұшар бұлтты жарып... Ешкімнен сен туған жоқсың, туған да жоқ ешкім сенен, Баршасы да бір өзіңсің, қалғандары жел гулеген. Құдіретті елһамыңмен дүние жолын жайнатасың, Ғайыптардың сырын ашып, меңіреуді сайратасың. Жалбарынса мүскін бір жан дәргәһыңа басын иіп, Сәуле сынды түнде жанған мейір бердің соған күн ғып.

Арай төгіп атар таңға, көктемге сен сәулет бердің, Ай мен күнді емірентіп, жұлдыздардан шешек өрдің. Жер үстіне ақ, қарадан көлеңдетіп шатыр жайдың, Ақ түстісін күнге қиып, қарасымен жаптың айды. Ақ ордаңның алдын басып, құлдарыңдай лек-лек өрген, Күн менен түн кезектесіп, сипатыңа сәлем берген. Ізгілік пен зұлымдық та – туар сенің әміріңнен Әміріңсіз ешнәрсе жоқ өз бетінше өмір сүрген. Шамшырақтай ақыл-ойды безендіріп миға жақтың, Алауымен асылдардың аспаныңды жарқыраттың. Бірақ жанған сол ақылды сен өзгеше меңзеп бердің, Өзіңе өзің бойла терең, жайна сыртқа кең деп бердің. Бір өзіңе бекім етсе пенделердің парасатын Шүбә шәкке бойды беріп, жолға түспес адасатын. Тірлік мәнін жан билесе, тәнімізге сол жан кірген, Бірақ сол жан бойда болса, қайда екенін кім бар білген? Бәрі өзіңсің. Бірақ сенің құзырыңды білген кім бар Мүскін пенде, кем ақылын қайтіп айтар, саған мұң-зар!

Сен жаббарсың пенделерге, қайда сенің тәж бен тағың Барсың өзің әрбір жерде, әм ешқайда жоқ тұрағың. Жеті қат көк бөлшегіміз өзің ғана толығысың Жеті түпсіз шыңыраудай бізден алшақ ғайып ісің. Құзырыңа саңлау тауып бара қалса бір батыл жан, Қасын қақпас көрсе сені, именер де айбатыңнан. Қараңғылық түнегі де, күннің шұғыла жарығы да, Іңкәр сенің құдіретіңе күллі әлемнің барлығы да. Бар дүниенің тағдырының, түйіндерін шешетін сен, Пенде емес, ағысына, сара жолды кесетін сен. Ізгілік те, жауыздық та бәрі сенің пәрменіңмен,ғ Өз бетінше өріске де өспес бір тал сол нәріңнен. Қырлы тас пен саз балшықтан туғызасың асылдарды Жалын түсті жауһар тасты, інжу сынды асыл нәрді. Жұлдыз-нама жүргізгеннен тумас па еді ер Кей-Кубад Құзырыңның қақпасында иіріліп тұр айналып. Сенің нұрлы көлеңкеңде, жүрген рухтар сая табар, Тірлікке сен жасағансың, сенсіз өмір зая табар.

Ізгілік пен зұлымдыққа қуат берген әлде күн бе? Күн мен жұлдыз бағынышты құдіретті күшке мүлде. Жұлдыздардан егер бізге дарыса бақ, не зор қуат, Жұлдыз-намә жүргізгеннен тумас па еді ер Кей-Кубад. Сәуегейді көрдің бе бір, адамдардан жұлдыз баққан, Нысанасын жұлдыз меңзеп, түкпірден бір алтын тапқан. Бірақ надан бал аштырар жұлдызшаға теңге беріп, Утарид1 пен Маррихты2 ол, айырмайды мән де беріп. Жұлдыздардың ағысы мен құпиясын оқыдым мен, Сол ғылымнан зейініме жарық сәуле тоқыдым мен. Көне кітап парағының сылдырынан сыр іздедім, Таптым сені, саған жолым, сайрап жатыр қазір менің. Бар дүниенің хикметі мен тетіктерін таптым сенен, Барша істің жаббарысың, өмір өзің,– хақ деп сенем. Сенің ізгі шапағатың, жансыздарға рухты берген, Бақилықтың тандырында өзің бізге дәм пісірген. Уа, құдірет, көтер мені құзырыңның қақпасына Тәкаппар жұрт есігінде денем шаң боп жатпасын да. 1,2 Утарид, Маррих – жұлдыз аттары.

Несібемді өзің сыйла, жаттан жазба сыйынамын, Өзіңсің ғой аяп маған берген ырзық, азығымды. Жас шағымнан танып сені, жүрегімді идім саған, Жаһил жаққа бұрылмадым, иманымсың сен аңсаған. Мүскіндерді мүсіркедім, аямадым нәзірімді, Өзіңсің ғой аяп маған берген ырзық, азығымды. Қартайдым мен құлдық ұрып, сенің фәни гүл бағыңда, Түсірмеші мен сорлыны тағы пәле шырмауыңа! Кешір, Алла! Қайтып айттым, ұшпу сөзім күнә емес пе? Өзің – менің шапағатшым, ғалам – маған ұя емес пе! Бұл фәнидің дүресінен есім кетті, баттым сорға, Медетім сен, құтқар мені, келші раббым, мені қолда. Сақтаушым тек ғана өзің, кімге барып жалбарынам? Кім бар мені мүсіркейтін, мейір күтем жаббарымнан! Перделенген құпия көп, дүниенің сыры ғайып, Жаббар – ием, бір өзіңе аян барша таңғажайып. Мұратымды айтуға сол тілім жетпей дірілдеймін, Түсін өзің ақ жанымды, жалған емес, дұрыс пейілім.

Арманымды сол құпия өзіңе тек арнап едім, Құпияда тек өзіңе айтып қана толғар едім. Сол бір менің аңсарымды махрұм етсең өкінбеймін, Сонда да мен бір өзіңе ар-иманым бекім деймін. Өзім ашсам сол ғайыпты, пенделерге болам мазақ, Өзіңе айтса ғайыбымды – рухым менің қағар қанат. Уа, құдірет жалбарынам, Низамиға бер медетті, Сүйініші өзің ғана, махрұм етпе, бер көмекті. Көтер оның мәртебесін, асыр даңқын патшалардан, Ізгілікпен, ақиқатпен асып кетсін басқалардан. Жебе оны, жеткенше ол басын иіп сол бір шаққа, Құз-құз жанмен кілт оянып – шу шыққанда ғарасатта.

МҰХАММЕД ПАЙҒАМБАРДЫ МАДАҚТАУ Бұл ғаламның шегін сызған өз қаламы құдіреттің, Сызған өзі әлем басын, соңғы күнін ақыреттің. Жеті қат көк бағыстаны, өсірген сол нулы миуа, Тәж гүлі боп ізгі сөздің, төккен ақыл, нұрын миға,– Кім екен ол,– меңіреу жерге жанған шырақ, болған сәулет, Расул1 – алла, құдай досы, шарапатты, ол Мұхаммед. Мұстафалар падишасы, ғалам оның – кең ордасы Қол семсері шариғаты, миғраж – тәжді құзар басы. Ол – пайғамбар, төрт қасиет, бұл дүние одан тапты, Отты аспанға – салқын сая, қара жерге шамшырақты. Ол бес рет намаз оқып, күнде Аллаға иді басын, Төрт шадияр – оның досы, тапқан сенім ықыласын. Онсыз мәнсіз ұшпу фәни, елһамымен даңқы шықты, Ол елшісі құдіреттің, Алла досы мәңгілікті. 1 Расул – елші.

Адам1 басқан саз балшықтан, шыққан тұңғыш ол асыл тас Ол сарапшы бізді елеген, қорда болған біз масыл тас. Шыр айналып күмбез аспан ақырғы рет тоқтағанда, Күнәмізге рахым тілеп құтпа-дұға оқыр ол да. Оның мансұқ еткені де Һәман бізге мансұқ болмақ, Оның хадис, шариғаты – бізге низам, парыз – ол хақ. Жарлымын деп қайғырмады, жарлылығын мақтан етті, Дүниедегі ұлылықты жүрегіне сақтап өтті. Ол – шұғыла, сәулесінен жарқын күннің кетер өңі, Бейне күндей аспандаса, жерден қуар көлеңкені. Тірліктегі ақиқаттың – ол мәңгілік таянышы, Дана қазы адамзатқа, шапағатшы сауап ісі. Ақиқатқа хилаптарды дұғасымен жайратады. Қатер жолда құлағанды демейді де жайнатады. Ізгілерге, мүһміндерге жақсылықты тудырады, Кесепат пен жаһилдердің қабырғасын сындырады. Сол қолына семсер ұстап, жаза берер сайқалдарға, Оң қолымен мұндыға нұр, бәлзәм сыйлар сырқат жанға. 1 Адам – дін аңызы бойынша адамзат атасы, пайғамбар.

Ақ семсері мұсылманда – зұлыматтан сақтап қалар, Ал бәлзәмы қасіретті жүректерге шипа болар. Сақабалар ат ойнатып, жорығында қасына ерген. Дүлділдер мен ер-тұрманы, оқаланған алтын зермен. Қайда солар? Заманалар өтті, кетті тізіліп көп, Жорықтағы нөкерінің іздесең де бір ізі жоқ. Алла өзі пайғамбарын, зор дауамен іздеп тапты, Аспанды сол әзізіне шаттық үшін жарқыратты. Мұхаммедтің жасыл-заңғар көз алдында өсіп–жайнап, Жай бақ емес шарапатты лала гүлдер, әсем, әйбәт. Жетпіс мың жыл келешекте, сонау алғы шақтағылар, Жетпіс мыңдай парыз болған өсиетін сақтар олар. Періштелер күмбез көкте түсі қоңыр сүрмеден де, Жұлдыздар боп жайнар оған, түн ортасы түнергенде. Достары оның төрт шадияр – қаһармандар зор даңқты, Бұл фәниге мәңгілікті дуал болып қалды мықты. Көз шұғыласы жарқын еді жанарынан қыранның да, Дүниеде сөнбес бақи, оның мадақ шырағы да.

Егер пальма қалса солып, хұрмасынан ада болып, Оның жұпар лебі тисе, өсер хұрма қайта толып. Ол жарқырар ақ арай боп көк пен жердің арасында, Оның мүскүс тынысында – барша тірлік аясы да. Оның рухы мәңгі бақи жайнай берер ақ мереймен, Тахты – дүние, тахытта жарқыраған ақ Сүлеймен Уа, керемет! Тікен емес, хұрма жатты жолында оның, Хұрма талы тілгіледі тікенектей жау табанын. Ақ қайшымен Алла берген сыйлап өзі адал қолға, Пайғамбары әділ бөлді ай алмасын адамдарға. Қырыққанда тырнағын ол көп жұлдызды арайлы көк Орақ сынды сол тырнақты жақшаланған айтар ай деп. Құдіреттің өз тумасы – құлдарынан туған артық Қалаулысы болып хақтың – тәжін киді пайғамбарлық. Уа, жасаған, мәңгілікті даңқың артсын сан жылдары,– Қалаулыңның мәңгі-бақи жайнай берсін шамшырағы!

ПАЙҒАМБАРДЫҢ МИҒРАЖЫ Пайғамбардың мәртебесі асты биік жер бетінен, Миғражына шақырды оны жаббар ием құдіреті кең. Жәбірейіл періштесі жетектеп кеп бір пырақты, Көктен түсіп, пайғамбарға қапияда күбір қақты. Уа, Мұстафа! Аттан жерден, ұш аспанға жөнел жылдам! Зымыра тез пырағыңмен, жолыңды ашар жел алдыңнан! Уа, Алланың сүйіктісі, бүгін түнде түсті сәтің! Күн шұғылалы құзырында ашар Алла нұр сипатын! Ізгі хабар келдім алып, жүйрік пырақ жел қанатты, Алып ұшар сені жарып, жұлдызы жоқ тұман жақты. Бұл дүлдүлің мақсатыңа жетер озып нажағайдан. Қаһарман бол! Атың – қалқан, сенімің сол қанат жайған. Жүйрігіңді айда көкке, биікке шақ өзің айсың, Жұлдыздарды құшып зымыра, өзің көкте патшадайсың. Жеті қат көк биігінің шықсаң алты өр төріне, Тоғыз қабат күмбезі бар әлем сенің әміріңде.

Балық түстес көк қырымен жүйткі шапшаң айдап атты, Періштенің мойындарын қамшы етіп серме қатты. Періште қыз жүректерін махаббаттың оты шалсын, Әфлисунды аршимын деп, алақанын кесіп алсын! Өзің шыққан ғарышыңа мұнара сал салтанатты, Сол ордаңды жарқыратып, төк сәулеңді шарапатты. Сенің ғазиз сипатыңа ну жайсаңдар нұрын төгер, Періштелер тәжім етіп, шат-шадыман жырын төгер. Жүсіпті мәз көктемінде, көрген мысыр қыздар сынды, Һүр қыздары ғашық болып, жалындасын назбен сырлы. Жиһанкезге түнгі көкте, жолын ашып сәуле жібер, Өзің жаңа жиһанкезсің, жайнап бақтай гүлдене бер! Ұшпу түнге сен иесің, ақ дұғаңды оқы шалқып, Не қаласа әз жүрегің, баршасы да табар балқып. Серпі енді! Құдіретіңнің құзырына қада көзді, Көк тағының жотасына тік өзіңе ақ күмбезді. Жайна мәңгі күн алдында, аш ғайыптың құпиясын, Сол ғарыштан ол шұғыламен жандыр жердің тұйық тасын.

Сен біліп ал құпияны, айтуға да сөз табылмас, Бұл ғаламда асқақ өзің, сен ұлысың, бәріне бас. Тәж бөлеген әз басыңды көтер асқақ көкке биік, Екі әлемді билерсің сен, майдансыз-ақ рухпен иіп. От тағалы тұлпарыңмен құм-құйынды сырып өт, Жүйткі тура құзырына, саған басқа бұрылыс жоқ. Фәнидегі сарп еткен бейнетіңді жебейді хақ, Екі дүние күмбезінде тұрар лағыл туың жайнап!» Жәбірейілден бұл ғайып сыр жеткен сәтте Мұхаммедке, Ұлы рухпен масайрады, аян болған ғанибетке. Күндей жарқын бұл аянға қиял жетпей қайрат қалды. Құлағына алтын сырға пенделікпен іліп алды. Көк елшісі Жәбірейіл алдына кеп тағзым етті, Пайғамбар ғой өзі жерде, ақиқатты тағлым етті. Бір Алланың дүниесіне – бұл екеуі – екі қорған Бірі көктен, бірі жерден туған бұлар – екі зор жан. Алла әмірін орындаушы періштесі хабар етті, Ал пайғамбар қошеметпен, қабылдады кереметті. Рухтың сөнбес шамшырағы, жаны сүйген ақиқатты, Күннің нұрлы ақиқатын ол риза боп күтті сәтті.

Сәт сапарын ерліктің ол, тағын алтын алқа көрді. Ол аспанның арқанына мойынсұнып, ерік берді. Ол пырақтың арқасына жалындай боп қона қалды, Қамшысымен жел сабалап, әулие атпен ол жоғалды. Құдай өзі ерттеп берген дүлдүлімен ұшты көкке, Қырғауылдай зымырады, нүктедей жер қалды шетте. Найзағайдай жүйткігенде жапырақтай бұлттар ұшты, Төрт аяғы төрт қыранның қанатындай қатар түсті. Тұяғынан сол тұлпардың – қауырсындай оты жайнап, Кей-Кабустың тахытындай мандайында орақ ойнап. Кешікпей-ақ жер әлемін аспан төрі аймалайды, Тұяғының астында тез дөңгеленіп ай жайнайды. Ұшқыр ой да кейде жүйткіп, ұқсамай ма найзағайға, Көк семсері қынабынан сурылғанда жайнамай ма? Ақыл-ойдың от сәулесі жүйткір қалай бұл әлемде? Көрдің бе сен қасиетпен әулие рух ұшқан өрге? Ол жүйткісе ақсап қалар, жүйрік біткен алшаңдаған, Оның зымыран ағысына тарлық етпес шексіз ғалам.

Сол пырақтың төрт тұяғы, жерге дүбір қаққан кезде, Теріс, күнгей жер кіндігі оттай жайнап кетті лезде. Жер үстінде самғағанда Алла досы, хақ пайғамбар, Ақиқат сол, ол рух болып, болды оған құдірет жар. Мұстафасы құдіреттің жұлдыздары ұшты жарып, Түнек аспан кітабінің ашты бетін ол ақтарып. Шексіз ғарыш ғаламының, дарбазасын ашып өтті, Күмбез көктің аясынан, тұңғиыққа асып кетті. Дүниеге мағлұм емес, ұшты аспан әлемінде, Періштелер жебеуімен Ай мен Күннің желегінде. Шыр айналған зымырандай жүйткіп міне айға жетті, Содан бері айдың беті нұрланды да жайнап кетті. Жарқырады Утарид та, күмістей боп тәжге таққан, Жалындады тандырдай боп, қорғасынды ертіп жатқан. Ол сәріде самғап өтті, Зуһраның1 төбесінен, Сынап сынды жалт-жұлт етіп ізі қалды нұр себілген. Ол Алланың құзырының аясына жақын жетті, Жанған күннің шоқысына алтын тәжді қойып кетті. 1 ,2,3 Зуһра, Баһрам, Мүштари – жұлдыз аттары.

Жасыл түсті шапанын ол арқасына жапқан шақта, Тәжім етті Баһрам1 жұлдыз қызыл арай – гүл сипатта. Мүштариды2 жаутаңдаған, тұла бойы зақымдалып, Мүсіркеді Мұстафа өзі жазып кетті, рахым дарып.

Ол кейуанның гүлді тәжін, аяғымен түртіп еді, Кейуан туы хош иісті Әнбрамен3 желпілдеді. Тұлпар пырақ қалқып көкте таңғы жеңіл желдей ұшты, Арқасында ақ пайғамбар арыстандай отыр сұсты. Шылауында жебеледі хақ елшісі Жәбірейіл, Ғарыштың ең биігінде аяқтады жолын ауыр. Мұхаммед те пырағынан түсті көктің шоқысына, Қалдырды атын көкжиекке мәңгі жанған от тұсына. Жәбірейіл сол бір тұста Мұхаммедтен кейін қалды, Қолыңдағы арқан-жіпті ұзын саты етіп алды. Қарап еді бір бесікке Микаилі отыр қалғып, Бір сарайда отыр жайнап, Исрафил да даңқы шалқып. Періштелер хақ тағынан жамылғыны алып кетті, Мәңгілікті шұғыла сол көк төрінен бір жарқ етті. 3 Әнбра – хош иісті зат.

Тіршілікті фәнидегі жарым жолды ол қалдырды, «Мен» дегенді мансұқ етіп, жанын рухқа айналдырды. Телегейге төсін керіп, жүзгендей ол тұңғиыққа, Адаспай ол хақ жолымен, жетті, міне, бұл тұйыққа. Жүзіп шықты, жетті, міне, ол жаббардың тап алдына, Мәңгі бақи құпияның орнын көріп таң қалды да. Есі кетіп, сол ғайыптан, жаны бір сәт әлсіз қатты, Алла сонда елшісіне рахым етті шапағатты. Құдіреттің құзырының тұрды жайнап баспалдағы,– Садақ оғы жетер жерден хақтың төрі асқақтады. Таяу келіп көтерді ол зіл перденің ауыр шетін, Көрді көзі күн теңізін, сыры ғайып кереметін. Өшпес мәңгі шамшырағы жарқыраған тәжбен ойнап, Құдіреттің ақ дидары көрінді оған күндей жайнап. Шүбә ойдың көлеңкесін қуды жаббар жүрегінен, Пайғамбары көз жанарын жуды хақтың нұр лебімен. Қарамады өзге жаққа мансұқ болды бәрі де оған, Мадақ жауды – жан-жағынан, найзағайдай шартылдаған.

Сол ғайыпта шұғыла кеңдік, не төмен жоқ, не жоқ аспан, Алты өлшем ада онда, бар қасиет – бір тұтасқан. Алты ұлы өлшем деген – хақ алдында өлшем емес,– Алдында оның жаһан да тар, найзағай да күркіремес. Бұл фәнидің өлшемдері – ләзім жердің мүддесіне,– Құдіреттің тәж-тахыты симас жердің кең төсіне. Расул-Алла, зияпатпен көріп жүзін құдіреттің, Азат жаны мерейленді, қуып түнін қасіреттің. Көз алдынан көрді Расул мәңгі ғайып хақтың тағын, Жер-жаһанда замандарда ешкім таппас хақ тұрағын. Рухы жайнап, ақ жанымен, жаңа өңірге қақты қанат, Сол құзырда одан басқа, болған емес бір адамзат. Шексіз аққан дүниеде бәлкім барар бағыт бар ма? Сірә, шексіз қиырларды, өлшем бар ма анықтауға? Тәнсіз хақты көк үстінен тек пайғамбар көрді барып, Ол тіл қатпай сөзсіз ұқты ғайып сырын құдай дарып. Ол ғайыптың кесесінен нұрды жұтып қуаттанды, Алласының мейірімен бұл фәниге қайта оралды.

Бұл бақыттың – нұр кесесі сақи оның – ғазиз ақыл, Ол уақыттың жазмышы ғой мәңгі шаққа болды бақыл. Алласынан алып қайта жұлдыз жапқан өз шапанын, Хақ елшісі тәмам етті жерге түсіп әз сапарын. Өзі білген құпияны қауымына айтты толғап, Мүскіндерге медет бері,п күнәһарді қалды қорғап. Уа, Низами! Қанша шақта басыңмен сен иілесің? Құлау үшін бір уақытта биік тұрып сүйінесің? Сен бақилық пейішіңді рухыңмен тек ізденіп тап, Пайғамбардың ізімен жүр, ақ жолында тіленіп бақ. Егер біздің иманымыз болса кәміл ғанибатты, Жүрегіңе сақта терең – шарапатты, шариғатты!

ҰШПУ КІТАПТЫҢ ЖАЗЫЛУЫ ЖАЙЫНДА Ғиззатлу бөлеп мені шапағатқа, Патшадан ғайып сәлем келген шақта,– Қырандай қанаттанып сергіп кеттім, Ұзарып қауырсыным өргіп кеттім. Жазыпты патша хатты өз қолымен, «Ал досым, айды туғыз түпсіз түннен, Бүркесін түн пердесін даналығың, Дүмшелер түсінбесін дәл анығын. Керемет, сөзің жұртқа шалқып барсын. Естіп көп сұңғылалар естен тансын. Үргілеп ізгі шоғын, бұз көмбені, Лауласын ғайып оты бүркеудегі. Аңыздың балауызын балқыт шоқпен, Сол үшін сыйлық кілтін рахым етем. Сүйрелме тар зембілмен шаң түнекте Шайырым, мінбе ақсақ сұр есекке. Он рет түшкірсең сен таң алдында, Жел есер хош иісімен гүл бағыңда.

Нұр желмен өзен беті күмістенер, Торғындап мүскүстелген гүл түстенер. Жайнатсын елһам нұры дастаныңды, Падишаң нәзір етер асқан сыйды. Көп болар михнатың сенің бәлкім, Шаһ саған қазынасынан сыйлар алтын. Нұр жаспен жайнамаса жүзім ағаш, Собығы күзде нәрсіз, қалар халас. Аңқасыз басты көрген аңшы бар ма? Арасыз бал, балауыз табылар ма? Бұлтсыз – жауын, өзенсіз теңіз де жоқ, Тандыр қызды, наубай тез күлшеңді соқ. Күтеміз әдепкісін! Жұрт таңқалдыр, Сыпыр сен түн пердесін, отты жандыр! Сол бір сәт оқығанда ұшпу хатты, Беймаза болдым мүлде, басым қатты. Ақтардым баяғының кітаптарын, Оқыдым аңыз – жырдың сынап бәрін. Көп оқып «Шаһ-намәны» көзім талды, Жыр еткен көне шаһ пен батырларды. Фирдоуси – ұлы шайыр, сөзбен асқан – Баяғы замандардан жазды дастан.

Соққанда қазынасын ол жауһардан, Баршаға қиыршықтап нұры жауған. «Шаһ-нәмә» гауһарынан нәр таптым мен, Мәнерлеп сол сынықты жайнаттым мен. Разы боп әлем жұрты қаласын деп, Өзгеден жырымды артық санасын деп. Ұстазым – жаңғырттың – десе екен деп, Қырнадым сол меруертті ескірген көп. Кітапта ақиқатты өрнектедім, Ертегі ескі жырды өзгертпедім. Алайда, туындым ғой жазған өзім, Өзгеше жайнасын деп, сөз іздедім. Сүңгідім аңыздардың түнегіне, Ғайбана тұңғиықтың әлеміне. Оқыдым арабшаны. Дариды1 да,– Үңілдім Бухари мен Табариға2. Жырларым ағат, қате болмасын деп, Аштым мен, кітаптардың қоймасын көп. Пехлевой қоймасынан бума таптым, Ізетпен әр параққа шырақ жақтым. Көненің көп кітабын тауысқанда, Қаламым қанат қақты алыстарға. 1 Дари – көне парсы тілі. 2 Бухари, Табари – діни кітаптар жазған шайырлар.

Дедім мен Сүлейменге : «Жолым қатер,– Даналар сірә, мені, мазақ етер». Зенд сынды жырды нұрлап от қаламмен, Жеті ару – сәулет берген сұлу сәнмен. Аспанның арулары қарап соған, Жарқырап жайнай түссін жерге аңсаған! Мәңгі олар ада болсын күндестіктен, Жайнасын сәуле нұрмен бірдей түскен. Жеті шарт жорамал бар ежелгіден,– Болса екен солар аян жөнін білген! Суретші он бейнені мейлі салсын, Бірінде шындық сыры анықталсын. Бейнеде болса сызық теріс кеткен, Көруші шындық таппас сол суреттен. Баһрамды келгендер көп теріс жырлап, Ақиқат жеңді бірақ жаздым шындап, Тартамын тура желі шытырманға, Сол жіптен бұрылмайтын ешбір маңға. Жібі сол ақиқаттың бір ғана тек, Інжуді тізем саған, мен өрнектеп. Шомыл сен жүз өзенге шаршасаң да Жарық пен жаның мейір табар сонда.

Тамшыдан нұр тағысып адам туар, Жаңбырдан теңізге де гауһар тұнар. Гауһардың қорығымын інжу өскен, Дәм, су бер мерейіңмен кең үлеспен. Ізгілік сыйым менің – сөзім ғана, Сақисың нұрлы шаһым, ізгі дана. Сөз – не ол? Жомарттық не? – Айтар мен бе? Бақыт сол – паш еткенім,– мен жай пенде. Кавас пен Шаян1 – ұқсас пенде ісіне – Сұм Махмұд пен кемеңгер Фирдоусиге. Асадиды2 ұнатты Әбу-Дулаф Ақын қандай бақытты, ойлан шырақ! Сөз тасқыны бойынша тұр дүбір сап, Адендегі теңіздей бұлттар шырмап. Бұлт бұзса маржандарды, бұлт өзі де, Қатады қабыршақ боп сол теңізде. Теңізге құйса бұлттар жауын болып, Қалады қабыршаққа маржан толып. Мен кіммін? Жәбірейіл берген қалам – Жындар ғой, сыйқыр сөз деп ердің соған 1 Кавас пен Шаян – екі жұлдыз бір-біріне қас боп өткен деседі. Ақын соларға Фирдоуси тұсындағы жауыз Махмұд сұлтанды теңеп отыр. 2 Асади – XI ғасырда жасаған парсы ақыны «Гершасп-нама» дастанын жазып Нахичеван хакіміне сыйға тартқан, одан көп сыйлық алған.

«Шақыр сен жын – піріңді сиқырлыққа Наурыз ғой жаңа киім ки сыйлыққа!» Әр сөзді жыннан құрап, жаса бұйым. Сүлеймен түсінсін тек сырын қиын. Сол ойда өзім бармын, мәні биік, Сол ойсыз – елтірімін қатқан күйіп, Жүзіктің тасы емеспін, балауызбын, Балым жоқ ара сынды зар ауызбын. Падишам балауызға бас мөріңді, Рухтандыр мерейімен пәс көңілді. Бақыт па, күткен мені мұң мазақ па? Берілдім сен қалаған зияпатқа. Жауһарын теріп сөздің тартам саған, Жасымнан мен бір жанмын сөз аңсаған. Жинаған жұпарымды ғұмырымда, Сатпаймын, мүскүс болсын тұғырыңа. Жүргендер жорығында сөздің қилы, Михнатпен ерлік жасап жанын қиды. Гауһардың бедерлейтін ұстазымын, Інжудей жіпке тізген сөз асылы. Ешкім жоқ мендей бұрын сөз сырлаған, Ешкім жоқ мендей бұрын көп жырлаған.

Уақыттан мисыз қаңқа тапқандаймын, Миымның қаңқасы кең жатқан айдын. Бекер жол іздесем де баяғыдан, Бет бұрман бірақ сол бір аяулыдан. Інжуді бедерлеуге жете ме әлім? Ожаумен өлшейміз бе жел самалын? Сеніп мен қуатыңды екшегем көп, Қоймасын ойдым, бірақ өлшегем жоқ. Аптығып аштық талай кен қоймасын, Елһамның кілтін таппай қатты басым. Сақилар сыйласа да жақсы көріп, Қоймадан қайттым налып, мүскін болып. Низами! Шапағатшың – ұшпу қалам! Мариям1 хұрмасындай сая саған. Мәуе бер сергек ойлы бұл жасында, Бақыт па? Бақыт өзі тұр басыңда. 1 Мариям – дін аңызы бойынша Айса пайғамбардың анасы.

БАҚЫТТЫ ПАДИШАМЫЗҒА МАДАҚ Түнете тулай берме, уа, жүрегім, Қиялдап іздей берме арман шегін. Шегінен апат қиял шегінейін, Безейін арманымнан, әзір кейін. Сызылған мәңгі көктің күмбезінде, Төрт жыр бар, нөпір ескен әуезінде; Бірінші – Алла тақтын бөлеген жыр,– Жаралған жарық әлем, содан өмір. Екінші – жыр арналды пайғамбарға,– Ісләмнің туын жұртқа жайған жанға. Үшінші жыр – есіміңе мадақ құдай – Төгілді ізгі ауыздан сөз жақұттай. Соңғы жыр – тыңда өзің ақ падишам! Үлгі сөз патшаларға ақылшыдан – Кең жерді билеушіге арнадым мен, Ықылымның аштым асыл арнасын кең. Сол патша құрды күшті мемлекетті, Әлемге сән-салтанат, сәулет етті.

Ол таққа отырғызды қанша шахты, Тәж сыйлап қазынасын қанша шашты. Ол елдің таянышы, дін шырағы, Заманның сақтаушысы, күн шуағы.

Ол ұлы – Крупа-Арслан1, жиһангер шаһ, Даңқына Алп-Арслан2 келмейді шақ. Ол Маһди – құтқарушы елді адасқан, Дүниеде патшалық жоқ одан асқан. Ол Рүстем, Рахш сынды пырақ мінген, Ол ұлы, елге бейбіт шуақ берген. Аспандай ұлылығы бұлттай кенен, Азуы арыстандай, қолы – берен. Тіршілік құлыпталған сол заманда, Гауһардай берді әлемге оны Алла. Ол – әлем, бейне өзендей тасып жатқан, Қолынан інжу-маржан толқып аққан. Өмірді фәнидегі байтақ әлем Бір тамшы рахымы да толқынға тең. Барша жұрт мадақтады даналығын, Биледі ол теңіз бен жер аралығын. Төбесі көкке жетті тақты биік, Көзіне мағриб – шарқ кетер сыйып. 1 Крупа-Арслан (1174-1208) – Низамиге «Жеті аруды» жазуға тапсырма берген патша. 2 Алп-Арслан (1063-1072) – Селжүктің атақты сұлтаны, Византияны шапқан.

Сипаты, аруағы тең періштеге, Ұлық ол – тума сынды пейішке де – Ол түнде жалын атып, жау табады, Найзағай қылышымен жайратады. Әулетін ақсұңқардың сақтаған ол, Ұқсаған тәлім алып тап соған ол. Ол ұлы,– басын ұрған атақ оған, Тиылып соғыс сойқан бұққан одан. Тұрғызды ол от өзекке мұнараны, Ізінен әнбрә әуә – нұр ағады. Сұсынан жаудың аты жер құшады, Арыстан құрығынан ығысады. Той болса жеміс нәрін шалқытады, Мұзды да жалындата балқытады. Найзасын қайрағанда майдан үшін, Сескенер – тірлік сезіп ойран ісін. Мырзалық бастауының ашса бетін, Сыйға ол шексіз жомарт, мейірбан тым. Тынымсыз теңіздей ол толқып ағар, Қайрылса – семсер, ақса – қамшы соғар. Семсерін сермей қалса – толқын тулар, Қамшысын соқса толқын қашып шулар.

Жарқылдар муштаридей түн көгінде, Ат мінсе кейван қашар түнегіне. Айдаһарға мінетін арыстан бар, Биікте де күндей жанған бар от қанжар. Бейне сол,– көрсең шаһты сайысқанда, От шашар айдаһар мен арыстанға. Қылышпен айдаһарды жайратады, Жыландай бүктеліп ол жай жатады. Жүйіткіген жебелері қырда түйреп, Арыстан, жолбарыстар қалды сиреп. Сұсынан аю шошып, маймаң қағар, Аю не? Арыстанды байлап алар. Арыстан, барыс, бөрі көп қырылды, Дарқан қыр киікке де тар көрінді. Сынаптай жалт-жұлт етті аң жүрген сай, Барыс пен қасқыр жарғақ – бойына сай. Садақты шаһтың қолы қалса тартып. Тығылар тал ішіне қабан қорқып. Ол мерген, өнерімен болған өктем, Бұғыға өз терісін кебін еткен. Майданға шықса сабаз ләшкерімен, Ізінде лағылдай боп тас өрілген.

Астында ат найзағай жарқылдаған, Қолында алмас қылыш жалтылдаған. Майдан мен тойда жарқын ол мерейлі, Жан алса жан беруге кенен пейлі. Ұлылық пен даңқына бөленіп жер, Масайрап жайнап өтті сол кемеңгер. Патшаға хас бейнеге ол барабар, Бойда мүшкі, жеңінде лағылы бар. Солар бергі әлемге хош иісті, Жер төбесіне алқа боп солар түсті. Жарасқан қамқа шапан тұлғасына, Дулыға көктей жайнап тұр басында. Мүмәдә алса оқты қорамсақтан, Меридиан дерсің көкті орап басқан. Ғаламның төрт негізі1 кең соншама, Патшалық төсегінде көпшік қана. Дұшпанын айбалтамен жәукемдеген, Керген ол босағаға төрт шегемен. Жайнатты алтын айдай дос келбетін, Қарайтты зынжыдай ғып жаудың бетін Сондай-ақ көктің алтын тағасынан, Төкпей ме алмас лағыл тау-тасынан. 1 Ғаламның төрт негізі – жер, су, ауа, от.

Түкпірден алмас жайнап құрметіне Кендегі лағыл жанды түнек түнде. Тау беріп, қуатымен теңіз қозар, Даңқымен арайланып жақұт маздар. Ол сақшы екі үйіне мәңгіліктің, Сақтаушы адам рухын, арын жұрттың. Түсінер ол сақилықты сөзден ғайып. Паш етер құлдарына сырын жайып. Зырлаған көк күмбезі оны сақтап, Даңқтың зафар нұрын жүрер ақтап. Патшамыз көп жасасын Алла жебеп. Билесін жерді ұзақ бақыт билеп. Нәсілі ұрпағымның жұлдыздары, Ай болсын мәңгі-бақи жайнап бәрі. Көк тұнған көз жанары жарқыл қағып, Болсын ол өшпес күндей жерге жарық. Қос күн тұр тахта бізге нәзір сыйлап, Шұғыласын дүниеге болып шырақ. Біреуі Фирдоусидей данышпан шаһ, Біреуі – Хосроудай жаны асқақ. Насрат бірінің аты – жеңісі хақ, Тәж-тақтың жайнатып сапармен шаһ.

Екіншісі аталды – Аспан болып, Ахмед – деді тағы мақтан көріп. Мұхаммед, Ахмед – бір сөз лұғаты Екеуі, бір есімнің қос сипаты. Бұл екі ат – қос жұлдыздай зымыраған, Бірақ та бір шеңберде қимылдаған. Екі үшкір, бір сызықпен дәл тартылған, Бір қолмен, бір қаламмен жаратылған. Біріне – жеңіс кілті ұстатылған, Ал бірі айдынымен көкке атылған. Бірінің жеңіс аты майданға ұшқан, Ал бірі көктен қылыш қалқан құшқан. Біреуі – әке алдында үш самғады, Ал бірі – хаққа төрт рет аспандады. Қос көздің жанарындай көп жарқырап, Шаһқа медет, біздерге болсын шырақ. Түстік пен терістікте арасы от Сақ тұрсын патшалықтың панасы боп. Оралсын шаһ торына бақыт құсы, Әрі кең бұлтсыз болсын көк тынысы. Жайнасын күн шуағы маңдайында, Мұхаммед берген нұр ғой жер райына,

Пейішін ашсын оған сұлу Балкис! Тағына Сүлейменнің жансын жұлдыз. Әлемге сақилығы кетсін шалқып, Ал Балкис ана болсын асқан артық. Хызырдай шаһ есімі жасап берсін, Әлемге өмір нәрі тасып өрсін. Саясы пайғамбардың сәуле тұнған. Сақтасын желден гүлді шалқып тұрған. Қалқаны Сүлейменнің жерді аялап, Дәулетің болсын мәңгі кең сая бақ.

ЖЕРДІ СҮЙГЕН ПЕНДЕНІҢ МҰДДАҒАСЫ Тәжіңе тәжім еткен тақыр басын Жайнат сен ел өмірін, гүл бақшасын! Даяшы – ақшам жүзі қоңыр қара, Таққаны сақина емес, тек ай ғана. Таң атса дем аламыз еркін ерек, Ұстаған үзеңгіңді таң ғой жебеп! Түн келер қоңыр бұйра күнің сенің, Ордаңа жұпар атар гүл шешегің. Әппақ румдай күн лезде болар әңгі Шаһқа қызмет шекпесе сардар сынды. Аспанның жол ғой жайған дастарқаны, Бірақ та екеу ғана тастар наны. Көк жомарт молдығына шәгіміз жоқ Бірақ көк жеті әлемге бал құяр тек. Тағдырдың саусағында медет жүзік, Кетті бақ, дәулетіңе осы шақта. Аспанның тақты сынды ай да көркем, Сенің асқақ басыңа келер ме тең?

Нәрі де тасбұлақтың саған шақ па? Лай судай сортаң тартқан бір батпақта. Сенің кең рахымыңнан жартас балқыр, Ізгілік мейіріңмен тау да шалқыр. Шуһратка шад-шадыман падишалар, Жеңіске жомарт бұлтын байлап шабар. Ол қыстың бұлттары ғой, сенің ғана, Мейірімің көктемгі күн жарқын лала. Кейбір шаһ бал берсе де қан төгеді, Әуелі жанын алып нан береді. Ал өзің түскен жанға ізгі саяң, Кеш болсын мейірімің мол біздерге аян. Ерлікті, абзалдықты білер сол жан – Ерлік пен ер кітабын көп оқыған. Ерлікті жауыздықтан айырмаған, Ерлікті бағалауға болар сараң. Патшалар мадақтанған ерлікпен тек! Ел білген дастан-жырда айтылған көп. Туымыздың даңқы – тек мейірімің мол, Сенің бақытың жұртыңның қорғаны зор. Мұндай бақ фарвардинде гүлдеген жоқ Бағыстан – шаһ мейрімін идірген көп.

Кейлердей1 Алла бақпен жарылқаған, «Жеті ерлік», «Жеті сайыс»2 – дабылданған. Көктемгі жұлдыздардай саған аян, «Жеті ерлік», «Жеті сайыс» – ісің баян. Бар ғалам – тән де, оның жаны – Иран. Айтамын мұны батыл, шындық, илан. Жер рухы – Иран, соны әмбе білсін, Жер тәні сұлу рухы биік тұрсын. Бақытты, ел билеушісі болса дана, Берілер билік дана, ерге ғана. Сен елдің жанысың, мен тәмсіл еттім Жаны бол, тақың сол,– мемлекеттің. Хызыры мен Ескендірдей болған мадақ, Білім мен ғадалетке үлгі бол шаһ. Сол руми тасты айна ғып жарқыратса, Ал Хызыры тауып тірлік нәрін ашса, Сол айна бар да шығар қасиетіңде, Жанды нәр бар ғой булұр зейнетінде. Байтақты дана патша тұрған билеп, Бәледен, кесепаттан сақтар ием. Ізгілік, ерлік, жомарт пейілің хас. Жердің жеті белдігі саған мирас. 1 Кей – Иранның көне патшалар әулеті. 2 «Жеті ерлік», «Жеті сайыс» – Фирдоусидің «Шаһ-намәсіндегі тараулар.

Бесіншісі – қолдаушың хақты мақтап, Алтауын – тұрсың демеп, өзің сақтап. Аян боп әділдігің кең кемеңгер – Бағынса бақыт табар талай елдер. Төрт патша болған екен даңқы күшті, Бесінші – дәуірі ұзақ,– өзің сұсты. Арасту1 – Ескендірдің ақылгөйі, Дарытқан шәкіртіне асыл ойын. Ануширван өмірін өтті тойлап, Бузуржмыхр – уәзірі дана ой сап. Парвиздың сұңғыласы болды Барбед, Кім айтар асқан одан жыршы бар деп? Меликшахтың болыпты бас уәзірі,– Низам Мулк – ісләмнің тас қазығы. Сен ұлысың олардан бол мейірі кең, Жыр тоқушы Низами зергерің мен. Низамиді мадаққа бөледің сен, Разы ғып ілтипатпен еледің сен. Өзге патша мейлі көки берсін, Нәзір берсе кейде бір күмпілдер шын. Арпаны сорға сепсең зая болар, Соқырға сүрме жақсаң – не пайда бар. 1 Арасту – Аристотель

Дән сепсең сортаң қасқа – не орарсың? Егініңнен ада боп аһ ұрарсың. Құнарлы жерге дәнді себер болар, Дарахты саздауытқа егер болар. Наданға шарап берсе ес қала ма?– Есірсе ол шараппазды еске ала ма? Өзіңнен ерлігімен асқан бар ма?– Тең емес саған ұлы патшалар да. Алла ашты шындық жолды елһам үшін, Өнер мен ғылымның сен қалқанысың. Химиягер қуларға сенбейсің сен, Сөзіне кәззептердің ермейсің сен. Жұлдыз-нама шартымен өз атыңмен, Бұл кітапты өзіңе наз еттім мен. Рахат сол, жомарт қолмен дән себелеп, Қайырын мол егіннен алсаң елеп. Күн жайнап адамзатқа тұрған шақта, Ашылар өз атыңмен бұл кітап та. Ұлы шах көп сый берді санамадың, Сыйды мен қаламыма қаламадым. Жеті мың жыл үшін мен, көп заманға, Қайнаттым мен дәмді жеті мол қазанда.

Рахаттан сый тағаммен, мен баптаған, Қоректен бақыт үшін бұл сыбағаң. Жанымды түгел төктім бұл тамаққа, Адал шын махаббатың тұр табақта. Туғызған нәсіліңді көк күмбезі, Тумаң көк, сені тапқан көктің өзі. Көкке мен қалай шығам жер ұлымын, Не дермін періштеге?– жер құлымын. Қазар ем қара жерден арықты кең, Өсіріп найшакарды1 бағып күтем. Сол қанттан қойманы мол жасар едім, Тойыңа қанттан шашу шашар едім. Болмаса бізге ләзім тойың сенің, Тойыңды күзетуге тиер себім. Шаһ күн ғой алапаттан жерді сақтар, Айна су, менің жаным күн жайнақтар. Күн түнде ұйықтайды судан асып, Ал толқын күн шыққанша кетпес тасып. Маған жат хаят нұры Хызыр емен, Ал оның дәмін жұтам ұйқыда мен. Көп жұрттың билеушісі, көп не қазынаң? Керуен қазына әкелдім, саған жазған. 1 Н а й ш а к а р – қант собығы.

Құп алсын асылымды сенің кенің, Ардақта соны, көңілім өссін менің. Нәрленсе тау егісі жаңбыр жауып, Ыстықта сусыз кеуіп туар хауіп. Малдырдың нәрлі суға саусағымды Үздім мен көп бұлақтан аңсарымды. Нарқы не маржанымның? Баға жетпес Өзің біл, алдияр шаһ, бағаңды кес! Қабылда хикаямды – Зуһраның Ізінше айымды ерте туғызамын. Десең сен, суретің аз расымыңда, Жел қуып гүл бояуым, жасыдым да. Көп жаса, әділдікпен хаққа сеніп, Аллаға шүкірлік ет, бақыт көріп. Мейіріңмен жер ізгілік таба берсін, Бағыңның шамшырағы жана берсін. Бақытыңа кесел болар пәле күллі,– Зәресі ұшып, кетсін жарып түнді. Жайнасын күн астында дос-жараның, Көр болсын дұшпандарың сол қалауым. Апаттан қас-жауларың жер жастансын, Бастарын тасқа соғып естен тансын.

Бәрінен күшің артық – ас білімнен! Жұлдызың алдан жансын, тасып нұрмен. Еліңді аулақ етсін, Сұбхан Аллаң Шырмау сап, пәле қолын сұққандардан!

СӨЗДІ МАДАҚТАУ ӘМ ДАНАЛЫҚ ХАҚЫНДА БІРЕР ПІКІР Әлемнен де ең көне, мәңгі жаңа, Көп айтылды ол жайлы – ол сөз ғана. Мәңгілік Кейуана – жер баласы, Тумасы соның ізгі – сөз данасы. Құдіретті, хикметті сөз – рухтай пәк, Сақтаушы асыл сырды, алсын тыңдап. Сол сөз ғой талай ғайып сыр ашатын, Әлеммен сыры жұмбақ сырласатын. Бүгін бардың ертең-ақ бәрі өшер, Сөз ғана мәңгі жасап, майдан кешер! Бақ солар, жібек жидіп, күмбез құлар, Бәрі-бәрі желге кетер, тек сөз қалар. Ұқ сырын, өсімдіктің, табиғаттың, Ұқ сырын тылсымы бар барша заттың. Ашарсың жаралғанның баршасынан, Өшпейтін ғажайыпты ең асылдан. Барша өлер, уақыт отап, болар тозаң, Тек мәңгі жасар дана, білгір оған.

Өз қырыңды ақиқат көре білсең, Ғайбаттан без, шындыққа ере біл сен. Ең ұлы ақиқатты барламасаң, Онда сенің кең емес, тар босағаң. Үй ме сол түтіні жоқ төбесінде, Бос тірлік білім – ұқтым жоқ есінде. Барға разы көр тышқан секілді ол, Мәңгілікке соқпайды сарайды зор. Рухани жалқаулыққа сылтау оңай, Сүтің іріп кетпей ме, бұл да солай. Әр іске машығы бар, кей жарандар, Пайымдамай кей істі құр сандалар. Білгір жандар алысты бұрын көрер, Білімсіздік көзіңді бумен көмер. Бай мүлікпен алысқа сапар шексең, Күзет ал, қарақшыдан сақтанып сен. Саудагер қытайдан кеп мүшкі сатқан, Мүшкісін қорғап орап, қабық жапқан. Болса да көкек әлсіз бүркіттен кем, Қыранға жеткізбейді үріккеннен. Атақтының қасында қастық дулар, Мүскіндерді қорқытпай ондай шулар

Лашын ұшар жем үшін үрейсіз-ақ, Кенет бір тұяғына түсер дұзақ. Аш жолбарыс жайратып сиырды жер, Бірақ сыймас қарнына сиыр түгел. Дән таусылмас әлемнің албарынан, Бұйырғанын жейміз тек, арылмас дәм. Арпа дәнді құсқа сен көп сепсең де, Дәм азаймас жұлдыздай көк әлемде. Алтын тәжбен шырақтай жайнасаң бір, Ойла, зар қағамын деп жайрасаң бір. У шарап масайратса ойла бірақ, Сәл күлген соң қалам деп өксіп жылап. Аз емес қой дүниеде сырластар да, Медет берер сені бір зіл басқанда. Ақыл ғана шын медет, шын панамыз, Ақылдан тек игіні біз табамыз. Ақыл-ойдан алжасқан жан ол сұмырай, Бейнесі адам, әрекеті дәл диюдай. Ақылдылар періште әз әулие,– Кереметті тылсымға олар ие. Фәни ісің не болса сен разы бол,– Туғанда маңдайыма жазылды ол.

Фәнидегі парызды сен өтей бер. Тірлік күнің өтпесін зая, бекер. Тамұқта да еңбек ет сол ғой абзал, Пейіштегі думанда – қандай мән бар. Бәлкім іске берілсе – сол игі ме? Тек қаталдық болса оның пейілінде? Кім қастықпен шүйілсе дос ізіне, Қастық бізін сол қадар бір өзіне. Ізгі жан шарафатты мейірімі мол. Абзал боп, жауыздыққа жоламас ол. Жаса сен өмірім зая кетпесін деп, Өлсем жұрт мінеп мені сөкпесін деп, Біреулер – «құрыды үйі» демесін деп, Айтпасын біреу өлсем кім осы?– деп. Мейлі сені ешбіреу қолдамасын, Жығылма, тапталмасын жолда басың. Тағдырыңды табалап мәз болғаннан, Досың абзал ізгі оймен есіне алған. Өңшең аштың қасында нан жей көрме, Шақыр қайта оларды дәм бар жерге. Күншіл барда қазынаңды санай көрме, Айдаһардай жабысар ол бай кенге.

Болса досың желдей бір жеңіл жұмсақ, Жеңіл бір жел үрлесе жанбас шырақ. Жаралған жоқ тойыну үшін адам, Ақыл – ойдың дарыны ырыс оған. Қарыны үшін тек өмір шеккен жаннан, Ит артық иесіне серік болған. Дана сен, ізгі бол да жебе жұртты,– Мол қазына, әміршіден сол ғой мықты. Хайырың – райхан гүлдей жұпар атсын, Жомарттығың – еліңе шалқып жатсын. Дана айтқан: «Тындырған жан ізгі істі, Ұйықтаса көрер ізгі, қызық түсті». Залымның жүрегі сұм, сұмдық құмар,– Өмірін сұмдық езіп, сұмдық жұтар. Жақсының ізгілікке жаны жарқын, Ізгілік өмір шегіп жаяр даңқын. Сақтан сен ашкөздіктен тәңір селі Ашкөзді соққан талай, соғар сені. Жазмышты ұқ,– фәнилік іс пен атақ – Бәрі де болар бір күн көр – топырақ. Десе : «Білім алауын адам жаққан, Бірақ жөн ғой адамның өзін тапқан.

Жауап қат аңқымай ма жұпар гүлден, Ол гүл өзі нәр алып туар жерден. «Жылан улы, жолама сол кесірге – Убасары бар бірақ желкесінде». Алданба сен фәниге рахым күтпе, Айдаһардың алдына шатыр тікпе. Айдаһардан дос іздеп әуре болма, Өзгелердей сені деп асар жолда. Әулиенің жейдесін ит сый көрмес, Мұндай сыйға пасықтар баға бермес. Адал достан айрылса кей достарың, Көресің, дұшпанымен бас қосқанын. Ақ гүлге қара шыбын қонғандай тап, Ағын қара, қарасы болар әппақ. Дін бұзылса ақтықты сұмдық езер, Иосиф аң боп, тақуа шарап ішер. Бұл шақта екі жол бар – сұмдық істе, Не сұмдық жолын жақта, ара түс те. Уа, Алла құлдарыңның ая бәрін, Сұмдықпен тұсамасын аяқтарын! Фәниде дозақ оты жанбаса екен, Сөнер шоққа май, сірә, тамбаса екен!

Тұр, жаран, құрт пасық пен зұлымдықты, Жалғанда Алла жолын ұста мықты! Мол алтын күйме барда болма жарлы, Батыл аш қазыналы қоймаларды. Қара сен лала гүлге жел түлеткен, Үш теңге үшін оны жүндей түткен. Мақтанба алтын сәлде – тәж кидім деп, Алтынды табанға бас еркін билеп. Құйылсын қара бұлттан нәрлі нөсер, Алдыңда жер құлпырып, гүлдер өсер. Алтынды күнге шаш та жомарт атан, Гауһарды тастай жарып бол жұртқа таң. Топастар – алтын құмар – деген бір пір, Пенденің көзі шала – әлем бұлдыр. Алтын не? Екі әріп қой қоса алмайсың, Ұнтағын сақтап ұзақ тоса алмайсың. Алтын сел ашқан арна сынды болма,– Шашылма, өзен шашқан құмдай жонға. Сарғайса сары алтындай бір күн денең, Жасыл шапан жамылар уақыт деген. Кімге пұлын шашпады қазынашы? Мың есікке қаланды мың кен тасы.

Бір ұйықтаса оянбас күмісі көп, Тірлік үшін оянар күмісі жоқ. Алтынды жұмсай білсең – сүйінерсің, Жасырып сақтай берсең – күйінерсің. Қара, сол достарыңа көр топастар, Тас үшін қастасып жүр сол бақастар. Қанша шақ дүние зілі басынады, Қанша шақ жер алтынын жасырады. Үш мүскін тасыр үнсіз зіл жүгіңді Төрт құл бар, баптап тұрған құзырыңды. Мекенің – жер, жел және түн қараңғы, Сүймесең жер – салқын, жел сұмдық лаңды. Жерге бір тікен түссе хұрма ағаштан, Бұлғауың етсін аспаз, салма асқан. Ақыл – ой қарынынан бөлек пенде, Гүл емес, оларыңды асқа демде. Тыйған жан ашқарақтық қу нәпсісін, Гауһардай жарқыратар шуақ түсін. Азап шексең шынығар ширар күшің, Мың түсті тарақ керек сақал үшін. Фәнидің бал бәлзамын тату үшін, Мың түрлі у жұтарсың соны түсін.

Қара сен: ет сатқанның дүкенінде, Бейнетсіз келген кесек жоқ қой мүлде. Мың үміт сөніп талай, өмір өтті, Ал біреу байып содан шалқып өшті. Жүз мүскіннің кілләсін кесіп жендет, Бір маңғаз өрге шауып өтсе екен деп. Алтынды аяғымен таптар бір паң, Бір тиын үшін сорлар мың-мың адам. Дегенің боп бітсе арман сол игі не? Бітпес арман – ол шырақ биігіңе. Арманына жеткен жан кешең бір сәт, Кепіл бұл жасауына оның ұзақ. Кеш жетер мұратқа ұзақ тірлік еткен, Ерте өлер мұратына ерте жеткен. Шыңдалып лағыл ұзақ жасар көп жыл, Ал лала қалар күйреп, соқса бір жел. Уа, қанша той көресің сен масайрап, Шырақтың сәулесінде желмен жайнап. Сыпыр сен аяғыңнан нәпсі зілін, Құмырадан батыл шығар батсын бүгін. Жеті мүйіз түбірін жұл басыңнан Құтыл сен төрт тағанды бұрқасыннан.

Құпия құдық көрсең басып өтпе, Ол зындан саған қазған түсіп кетпе! Жарқылда найзағайдай, өл күлімдеп, Өл,– тантып жүргеннен де құр күбірлеп. Ұмытпа – сен мүридсің ен дүниеге, Мүслімге шаттық беріп, бол өнеге. Сапында мүридтердің баста әм сен, Есігі үмітіңнің ашылар кең. Жүз қиын түйіншекті шешкен мұндар, Бекзадамын қыстақсыз көкке іңкәр. Мейман келсе қайтпекпін, жоқ қой асым, Дастарқанды жаятын жоқ даяшым. Ақыл сезер не ойлап, нені бүктім, Мысалдап, я тұспалдап нені күттім. Жарлылықта зіл емес бұл жалғанда, Жат есегін мінгенім кір ғой арға? Эфиопқа ұнамаса түрік сәні, Зеңгі үшін екпедім гүл майсаны, Көк қазаны тал түсті қыздырғанша, Піспеген собық болып жаттым қанша? Жұлмалап уақыт жеді собығымды, Көз майын жемісімнен сығып мыйды.

Пістім мен жүзімдей боп нәрі тәтті, Қарап ем мәуемді ара сорып жатты. Қайтейін шараппаз жоқ қайран шырын, Зая боп елсіз жерге солды жүзім. Белгісіз жолмен келем тағдыр айтқан, Келе ме алып мені суға қатқан. Аңыз бар су ұйықтаса кен боп қатар, Су емес өзегінен алтын атар. Бұл бекер жайнар қатқан су күміс боп, Жалтыр мұз, жалтыраған күміс қой тек. Бұл кезде күміс берер алтын үшін, Қиын ба айыру күннен айдың түсін? Арабша жазсаң күміс «йасын» болар, «йа»сын алсаң егер – сын қалар1. Сөз темірін аптадым саф алтынмен, Кім күмісті етер жай алтынға тең? Темір үшін бұл күнде алар алтын, Күміс үшін көтерер темір нарқын. Сақтан зергер! Өзгерді қазір жалған, Алтының күмісіңнен болды арзан. Жанымды бір ғана тек ой мазалар, Ақылға сәті түссе бақыт қонар. 1 Парсы сөзі – сын арабша – сим болып, ал парсы сөзі мыс – мс болып жазылады. Егер орнын алмастыра – күміс (мс) болып кетеді деген ғой.

Бұл күнде бағакерден сөзім қашқан, Маржанды айырмайды малта тастан. Мақтаны айтар көрсе,– шүберек деп, Қол созар арқан көрсе – бұлтты көк деп. Қоймасы толған оның торғын жібек, Қазынасын саф алтынға қойған тиеп. Алтын мен маржанды ол айырмаса, Қайғым не, еркін басым қалсын таса. Дос емес ондай найсап жалғыз болам, Құмыраға жасырам ба күнді одан. Айғайлар сақшы кетсе мейман егер, Бұл қаһар баршамызға бір күн келер. Мерзімде аяқтармын хикаямды, Ұйқысын түн өткізіп қинап жанды. Сапарда тез әзірлен тау бар алда, Құлама, қатер жолмен өрле жарға? Жүрер ем қозғалмайды көк есегім, Қалайша сенім тауып жол кешемін? Ұғамын кеткенімді сол бір жақта, Сол күні ұям құлап қалған шақта. Уа, қанша, болар ғайып арман маған, Қабағын жүрегімнің қашан жабам.

Ұмыт сен бұл фәниді түн ғой күнің Ғайып боп біраз уақыт шықпай үнің! Біл барлап өміріңнің өткен жолын, Адастың ба? Тап оның оң мен солын. Күрегіңді лақтыр! Сел жолды басты, Көк те әне күрегін алып қашты! Аспан жерді асығар көр етем деп, Топырақ пен күректі қорқытпас тек. Көз жібер өткеніңе әр кезіңе, Бұл шақта қанша дүние бар өзіңде. Екі піл қызмет етті сыйлап бұйым, Көрге тек әкетесің тұңғыш сиын. Теңіз, таудай борыш боп зіл тұр, меңдеп, Ұшасың ба қырға сен көкпен өрлеп. Борышыңды өте дос, сөзімді ұқсаң, Жүктен құтыл, жеңіл жүр жолға шықсаң. Фәни зілін лақтырсаң, жеңіл жолың, Сапарыңның қаларсың оң мен солын. Тұрғанда тахтан күшпен жұлынбай тәж, Өзің-ақ бұрын содан құтыл, сабаз. Кезі жетсе жеміс те қурап салар, Тапталар да тозаң боп тез жоғалар.

Мен қаруды тастадым гүлдей желпіп, Күншілдік пен сұмдықтан аулақ серпіп. Қажет пе сол күншілдік шіріп жанған, Отын оның сөндірсін сөзің маржан. Дүние бір қара жол қара түнек, Жүрген жолдармен өт былай тек! Көне есігін аспанның сөйле қағып, «Мен мейманмын, биле өзің мен бір ғаріп!» Низами бұл бұғауда жүрме, жетер, Құтыл енді шырмаудан басты көтер! Дүниеге рахат мәңгі туғызуға, Қорықпа жер сыйқырын сен бұзуға.

ҰЛЫМА ӨСИЕТ Ұланым! Даналардың ұқ ақылын, Мектебің ғой сол ақыл, сара ғылым. Білім ғана шын досың, сүйенішің, Қиындықты шешушің, сүйер күшің. Тірі пенде қазіргі өлер бір күн, Мәңгі жайға жөнелер тастап мүлкін. Ақылым сол: «Сергек бол, жатпа, ұлым! Мен кетемін бақиға, сақтан ұлым! Бақыт пен өмір бағын,– бір ұғам деп, Есімің қасиетті – ол Мұхаммед. Аян беріп жұлдыздар қойылды атың,– Көтер даңқын, Мұхаммед шарафатының. Әз есім тұр даңқтың болатында, Жетсін төбең көктің кең қабатына. Барғанымда пейішке мүһмін жұрттан, Құрмет көрсем ісіңе жұрт болып таң! Даналардан тағылым ал, пейілдес бол, Ұлылық пен даңққа табарсың жол. Әзіз сөзі бізге аңқыр жұпар гүл боп, Топастардың көп сөзі – тантық сыр жоқ.

Достарыңның тек бірі болса бұзық, Абыройыңды сенің сол кетер бұзып. Дүлей шымшық алдымен енсе торға, Ерген құстар шырмалып тулар сонда. Қажылардың біреуі пұл жасырса, Қарақшы қанжар сұғар баршасына. Сапарыңда қалғыма кәрі шалдай, Шаң болмасын етегің жерде шалғай. Қараңғы қас үйінде бұл жаһанның, Аулақ бол сыйқырынан қу жалғанның. Арбалма сапарыңның қызуына, Жолың қатер құлама шың-құзында. Сұңқардай самғасаң да биік көкте, Күндей боп өткір қара төңірекке. Бұл сапар саятшыға көне сапар, Қас көктің, біл, қадалар садағы бар. Темірің құрыштай тек шамырқансын, Жолың тас – магнит қой шымырлан шын! Ауыр жүк артсаң қазір қашырыңа, Ойла, құлап қалмасын асуында! Ой шырмалған қиыннан кілт табарсың, Қиын істі сонда оңай атқарарсың!

Сұмдық түстер жаныңды езер кейде, Ал түсінсең жақсылық сездірмей ме? Қайғы бізі кеудені шанышқанда, Төзімнің сауытын ки шалыс болма! Жалбарын бір Аллаға беріл оған, Фәнидің өзге ісіне болма алаң. Құдайға иманыңды таза сақта, Нан, ұлым, қор болмайсың, ешбір шақта Айрылма жауһарыңнан теріп алған, Жолама залымдарға сөзі жалған. Ғайбатшыл, имансыздар адал болмас, Сұмдықты жасар сұмдар өмірі оңбас. Сұмдықтан – туар деме жақсылықты, Сұмдық түбі – залымдық пасық тіпті. Улы және сұм келер залым шаян, Өлтір сұмды, күнәкәр оны аяған. Игі ет абзалдықты, онсыз пәссің, Есікті ашсаң қайта жаба алмассың. Білімі мол алады қолмен епті, Шыңнан лағыл – теңізден меруертті. Білікті бар, есектей құлақ қаққан. Сорлы сол білмей терең бекер лаққан.

Айхай бізде дарынын күйреткен көп, Жалқаулықпен жүр солар құмырашы боп. Айхай, бізде пәк жүрек, ой соқыр көп. Мін айтуға құмар-ақ сол пақыр топ. Егер итті үйретсең құс ұстауға, Сол құс адал ауламай қалыс қалма. Әлде неге үйретсең төбетті сен, Хақ рухына болсын сай, ниетің тең. Хызырдай мәңгілікті білімді бол, Әбілхаят суына тамсанып көр. Тәмсіл бар, нәрлі суық тек су емес, Ол – досың, жаның, ойың берер кеңес. Ақыл мен жан деп алып бір санадан, Жеңеді, мәңгі тірі ақыл мен жан. Екеуі хақ рухына бірдей құштар, Шүбәсіз осы жолға, ұлым, түс, бар. Осы екі жолдың бірін тапсаң бір сәт, Өзіңді адам дерсің, боларсың шат. Тапсаң сен өзге бірді бұл екеуден, Бас қадам ең биікке, кеңіп кеудең. Без үштен – үш қанатпен самғау қиын Без екеуден – екі дінді алдау қиын.

Ұлым сен үш арқанның ұста бірін, Үшеуден бір арқанды жаса мығым. Үшеуден безбесең сен батылдықпен, Иманнан құр қаларсың тәңір күткен. Ерлікпен без екеуден тапта бірін, Құдайың құяр саған рахат нұрын. Тек жалғызда – даңқ пен өмір, билік, Одан тыстың бәрі құр нәпсі сұмдық. Өмірдің бастауында жастық нұрлы. Табарсың мақсұтыңды, неше қырлы. Кипаристі қиратса жай садағы, Қарамай шықпас одан сауса-дағы. Ұлым, сен таң шұғыласы тұрған шақта, Ақ жолын таңда күннің қара алшаққа. Киін фак көктемгі гүл сипатындай, Иіл сен кипаристей, жебер құдай. Тоздым мен кетті сәнім, шашым әппақ, Сарғайдым, бетті қырау кетті қаптап. Айрылдым қымбат белбеу гүл тәжімнен, Зіл басты әлсіздіктен шаршадым мен. Ісіме сарбаз болдым, ер атандым, Қолымнан қайрат кетті күштен тандым.

Шырмады уақыт мені құлдай байлап, Баршаға уақыт солай салар ойнақ. Құламай келем зағип қанатыммен, Құлармын жазмыштан не табатын ем? Егер шешек Ахмадуктің бұзса бетін, Тапты дер ме ол – сұлулық кереметін. Қалмай жүр сұм көлеңке қыр соңымнан, Қалқаным білем түспес оң қолымнан. Қасірет-ау, тәнім тозды, нәрім солды, Сонда да ашқарақтық сорым болды. Мөріндей теңгеліктің салар таңба, Әркімге ашқарақтық сор ғой жанға. Уа, Жаббар, шер жүрекке шипа дем бер, Зәбірден ақылымды ада жібер. Жарық бер, азап шегем енді қанша? Түнекке шырақты жақ күн жоқ болса! Шүбәмен, үрей оймен жараландым, Қиын ба саған, жеңіл зілді жанмын! Бұғаудан босатып ем сор басымды, Бүгілдім көтере алмай зіл тасыңды. Шүкрәна аз деміңе берген маған, Ұлуға шақ – тар үнім – менің панам.

Өз үйімде бас болып өтсем деп ем, Біреуге енді қызмет етпен деп ем. Қарғысын жұлған кезде күшпен төтен. Ғаріп пен аштарға дәм берген артық, Сорлының халуасын жеме тартып. Қанжарын жарқылдатты таң да көкке, Уа, Низами оян сен, жатпа текке. Ал қаламды михнаттан сен жалықпа, Қазынаңның қақпасын аш халыққа!

БАҺРАМ ТУРАЛЫ ХИКАЯНЫҢ БАСТАЛУЫ Сақтаушы асыл гауһар құпиясын, Інжуден ашты жаңа қазынасын. Көктегі таразыда қос кесе бар, Бірін тас, ал біреуін гауһар басар. Қос сипатты әлем де алар көктен, Кейде інжу, кейде тасты құлап кеткен. Шаһтардың ұрпағы да солай бейне, Кейде гауһар, қара тас туар кейде. Әкеге тарта бермес ұлы дәйім, Тастан да кейде інжу шығар дайын. Бұл ғибрат бұрынғыдан бізге қалған, Яздигер тас болғанда,– інжу Баһрам. Әке қырды жұртты, ұлы сый ұсынды, Гауһар мен тас, тікен мен жүзім сынды. Тас әке – жұрт аяғын жаралады, Ем үшін, ұл бәлзәмін аямады.

Баһрамның тұңғыш күні жарқ еткенде, Әкенің жаманатын түнерткенде. Сәуегей мунашшимдар1 – ел данасы, Білгірі күн мен айдың ғұламасы.

Шоғырын жұлдыздардың тұрды көздеп, Елесін қорғасынның көрерміз деп. Көрді олар саф алтынды бірақ көктен, Теңізден – інжу тастан маржан төккен. Көрді олар ұлылықтың жеңіс даңқын, Келешек бұлдырынан күнді жарқын. Мұштари жайнап Балық шоғырында Оңынан Зуһра жанды таң нұрында. Зуһраға жетті бұл түн Айдың басы, Арыстан Баһрамның бақ намасы. Утарид Егіздермен жайнап таңда, Кейуан да айбат шегіп тұрды аспанда. Кейуан қарсы Данаб құрды бұлтты Овнаға күн де бүгін нұрлы шықты. Осылай жұлдызнама аян берді, Мүштари Балық2 жайнап таяу келді. 1 Мунашшим – жұлдызнамашылар 2 Бұл жолдардағы бас әріппен жазылғандар жұлдыздар есімдері, сол заманның ұғымынша бұл бақыт жұлдыздары.

Аспанда бақ жұлдызы туып оңнан, Шапағат шұғыласында туды Баһрам. Әкесі, парасатсыз Яздигер шаһ Күйінді өткен істер ойын құрсап. Ісінің болды бәрі зая, сәтсіз, Зорлықтан туар сұмдық сен,– ол шәксіз. Бұрын да патшаның көп ұлы болды, Тек қана Баһрам қалды, өзгесі өлді. Сондықтан ақыл берді сәуегей де, Өсір деп Баһрамды алыс жерде. Арабтың елінде ол тәлім алсын, Ерлікке арын баулып дайындалсын. Бақытты болар деді сонда мүмкін, Дос табар Арабстан, білім жұртын. Кәдімгі берік әдет жолын бұрды, Жат бақта болды өсірмек ұшбу гүлді. Өз ұлын ұнатпаған күншіл патша, Жіберді жеткіншегін бөтен жаққа. Ол үшін Иеменге тақ болды қоймақ, Болсын деп Аджамдағы даудан аулақ.

Иеменге елші салды патша Нұғман, Әке бол, ер жетсін деп мынау ұғлан. Аяда өссін,– деді – Байрам ұлым, Бағыңда шешек атсын жайнап гүлім. Патшалық парасатқа болсын терең Үйренсін ел билеуді,– деді сенен... Нұғманның өзі келіп ұлды әкетті, Балғын ай жат аяны мекен етті. Бұлақты теңіз болар кейін тасып, Сақтады жанарындай жаны ашып. Мінекей төрт жыл өтті, өсті өрен, Киіктей сергек, әсем кейпі ерен. Мунзирға, баласына – айтты Нұғман – Өсуге жағдай керек өзге бұған. Біздің жақ аңызақ қой күн қуырған, Бұл бала терістіктен нәзік туған. Бұған бір табу керек құздан пана, Саялап самал тауды өссін бала. Сол желі Солтүстіктің аймаласын, Рахаттан өзгені бір ойламасын.

Сол құзда қырандай боп қанат қақсын, Шындалсын қияғына қуат тапсын. Арайын падишаның кір шалмасын, Шөліміз шаңын бүркіп, дақ салмасын.

ХАВАРНАК САРАЙЫН САЛУ және Симнар шеберлігі жайында Нұғман Мунзирімен тауды кезді, Салуға Баһрамға кең күмбезді. Іздеді күн шалмайтын саяны аулақ, Тұрсын деп дәйім оған самал саулап. Сондай жер болмай шықты осы маңда, Ізгі бар ая болар Баһрамға. Мұнарлы ақ сарай салмақ болды, Шеберді тез тапқызып алмақ болды. Жат жұрттан өз елінде көп қой шебер,– Бірі жоқ бұл жұмысқа дәл сай келер. Бір күні Нұғманға жетті хабар, «Шаһ, сондай асқан шебер Румда бар. Өзендей даңқы кеткен шартарапқа. Бөлеген талайларды салтанатқа. Тастарды балауыздай жонады ол, Өрнекке жауһар нұрын жағады ол. Ол кіріссе, сарай да тез салынар, Сим руынан, өнерпаз аты Симнар.

Жұрт таң қалар, сарайы қандай әйбәт, Сирияда Ливан таудан тұр ғой жайнап. Аспаннан Ніл арайы түскен шақта, Әр ісі – оның толы ғаламатқа. Атағын теңесе де жай шеберге, Ол ұстаз болды талай суреткерге. Ол өзі салып жатқан ақ күмбезден, Тоқыды көк өрмегін көріп көзбен. Ол руми Булинастай ойға терең, Тылсыммен аспан сырын әйгілеген. Білер ой – ай ұғынып, күн зілденсе, Түсінер жұлдызды әлем дүбір берсе, Тіккендей киім сізге сарай соғар, Үстінде асқақ күмбез арайланар. Белбеудей топ-топ жұлдыз күмбезді орап, Шұғыла көк шоғыры түзер тарап. Нұғманның жүрегінде от лап етті, Симнар!– сабаз есім ойды әкетті. Румише өр сөйлейтін елші тапты, Сол елші Румге қарай дереу шапты. Симнарды ол сөзбен арбап алып келді, Нұғман ойын айтып жарлық берді.

Ынтамен Симнар істі бастап кетті, Сарайды салуға ұлға – патша-текті. Аянбай бес жыл бойы еңбек етті, Алтын қол жасады сол кереметті. Тіреген мұнарасы ай, жұлдызға, Пайда боп ғайып сарай тұрды құзда. Екінші қағба болып әлемге айғақ, Өрнекті алтын сарай тұрды жайнап. Тау арайлы қызылы таңнан нұрлы, Күмбездің іші көктей жасыл нулы. Тоғыз сипат айнала көгін орап, Терістік пен түстіктің нұрына шақ. Мың түсті бояуымен сәнді күмбез, Аңызды Луша таң боп мүгілген кез. Күн қызғанда күмбезі салқындады, Күнде күндей төбесі жарқылдады. Қаймықты үр қыздары көзін бүркеп, Әсем үй тең келетін пейішке тек. Тұрғандай күн от шашып, аспан жанып, Күмбездің іші жайнап болды жарық. Күмбездің тас пен тасын нығыздады, Құйылды сылағына өгіз қаны.

Күмбезге көк су оттай көрік беріп, Үш рет күнде түсі тұрды өзгеріп. Қалыңдықтай киінген үлде-бүлде. Ақ жасыл алтын нұрға шомды мүлде. Таңсәріде көрінсе көк арайлы, Көгілдір мұнар басты бұл сарайды. Көрінсе көкжиектен күн жарқырап, Жайнар ол саф алтындай нұр жалтылдап. Көлеңке ұшқан бұлттан түссе бір кез, Құбылып ақша қардай кетер күмбез, Көк түсті ол сағымдай боп сан құлпырды, Кейде ақ руми, кейде зәңгі сынды. Үй бітті, тіреуішін Симнар алды, Жүрегін ғажап ісі арбай қалды. Дуал мен күмбез жайнап түнді жойды, Сарайдың «Хаварнак» деп атын қойды. Симнарға шаһ сыйламақ дүниесі мол, Мұндайдың жарымын да күтпеген ол. Алтын мен інжуді көп түйеге артты, Шеберге соны Нұғман сый ғып тартты. Деп Симнар маған қызмет етсін тағы, Үрлемесең жалынды тандырдағы.

Піспеген қуырдағың шикі жерсің, Аз берсе үш есе артық өндірерсің. Көргенде мол мейірді шалқып шебер, «Тақсыр-ау, берем десең мұндайды егер,– Онда мен сенің мырза сыйыңа сай, Салар ем бұдан да асқан әсем сарай! Алқызыл, алтын арай мұнарасы, Өшірмес түсін сансыз жыл арасы. Салайын сондай сарай қалайсың ба? Мынаны онда үй деп қарайсың ба? Бұл үйде үш түс, ол жүз түсті, Мынау тас, ол жақұтпен жайнар күшті. Күмбезі бұл сәулеттің қандай әсем, Көрінер жеті жақтан аспанға тең! Шаһ жанын осынау сөз шарпып кетті, Албарын мейірімнің өртеп өтті. Патша өрт, оның оты шарпымас тек, Салғанды тұрғын үйін ордадан шет. Патша ол – раушан тоғай, маржан төгер, Тікенді бізбен шаншар жазсаң егер. Шаһ досқа мол жемісті арта салар, Артынша бұтасымен қағып алар.

Сүйенген адамдарын баптап сыйлар,– Аяусыз тамырларын қайта жұлар. Шаһ сонда ойға қалды «мынау шебер, Бір шаһқа сарай салар кетсе егер». Бұйрықты жендетіне берді Нұғман, «Биіктен құлат мұны, өлтір жылдам!» Уа, тағдыр, қанішер шаһ, ардан безген! Шеберді лақтыртты сол көк күмбезден! Қанша жыл михнат шекті сол күмбезге. Домалап сол күмбезден түсті лезде! Ол отты жақты өзі, жанды соған, Биікке әрең жетіп, тез тайды одан. Мың түрлі кезбен шырмап күмбез көгін, Білмеді ол сол биікте тез өлерін. Лашықтан биік сарай салмас еді, Өлерін сонда бұрын білсе тегі,– Егер сен, тақ орнатсаң байқа бірақ, Ойран боп қалмауыңды кетсең құлап. Бұғаудай ай мүйізін алған шырмап, Нұғманның қаһарлы аты шықты дулап. Сиқыршы ол деген әуен тарап жатты, Нұғман иемденді Хаварнакты.

Хаварнак сарайының сипаты және НҰҒМАННЫҢ ҒАЙЫП БОЛУЫ Хаварнак, Баһрам соған енген шақта, Жайнады ғажап сәнмен атырапқа. Әлемге әсем даңқы қаулап есті, «Чин пірі» не «Екінші Қыбла» десті. Суретші, шебер және нелер дана. Ағылды таңғажайып бұл ордаға. Көргендер қайран қалып, иіп басын, Ізетпен басты үйдің босағасын. Барша есік сарайдағы көкке төнген, Алтынды дұға сөзбен өрнектелген. Сухейл жайнап қайта Иемен жақта, Болған жоқ мұндай шұғыла ешбір шақта. Жұлдызды күмбезі бар сұлу Иемен, Құлпырды інжу толы бейне Аден. Дабыспен даңқы гулеп өрге шапты, Иремдей аңыз етті Хаварнакты. Овендей аспандағы жайнап жанған, Құлпырды Хаварнакпен бірге Баһрам.

Күмбезде таң атқанша Баһрам жатты, Ол үшін Зуһра көкте жымың қақты. Сәнді үйден көрді Баһрам таң сәулесін, Шатырдан ай, ішінен күн елесін. Ордада шам-шырақтар жанды түнде, Шатыры айдай болды жүгіргенше. Леп берді тас бағандар арасынан, Бақ иісі, жел жұпары, ауа судан. Сарайды кейін Баһрам көрді байқап, Ғажайып сәулетіне тұрды таң қап. Дуалдың ар жағында Ефрат ақты, Сая боп зерлі шарбақ гүлдер жапты. Сыртында мұнараның лотостай тік, Ақты өзен, сүт бал,– дерсің жыр ғып айтып. Жасыл сай, көк майсалы алда гулеп, Хұрма ағаш, мәуелі бақ тұрды гүлдеп. Нұғман әке болған Баһрамға, Ордаға келіп жүрді анда-санда. Қасында дарбазаның көгал өскен, Мәз боп, ол Баһраммен көп кеңескен. Қарайды кілем түкті гүлді маңға, Аң, құс көп – шақырып тұр аң аулауға.

Нұғман айтты: «Ұлым көңілің шат па? Жақсы аяң! Мұндай жоқ қой ешбір жақта Уәзірге қасындағы келді кезек, Дарытқан даналығын оған Изед! Ол айтты Нұғманға: фәни кетер, Мұратқа ақиқатты білген жетер. Паһімнің нұры жанса жүрегіңде, Без фәниден шындықты сүй де мүлде! Ұшпу сөз жүрегіне от жаққандай, Дір етті тастай Нұғман жай соққандай. Жеті қат көк жаралған шақтан бері, Тас жарғыш сөз болған жоқ мұндай тегі. Нұғман шаһ шықты үйден жарым түнде, Арыстандай түксиіп кетті түзге. Безді ол бай қазынадан, тәж-тағынан, Хаққа сену – артық фәни атағынан. Бай еді Сүлеймендей баяғы өткен, Безді одан кетті қаңғып, ақ ниетпен. Шаһты іздеп таппады жұрт, хабар жайып, Фәниден Кей-Хосроудай1 болды ғайып. Іздетті Мунзир ұзақ, таппады тек, Періште жасырды ма, оны бүркеп? 1 К е й - Х о с р о у – Фирдоусидің «Шаһ-намәсындағы» патша, билігі кемелінен асқан шақта қарлы боранға қашып ғайып болады.

Айрылып әкесінен Мунзир мұңлы, Өткізді қасіретпен талай күнді. Биліктің тұтқасынан қолын тартты, Ақ сарай қарайланып, мұңға батты. Бірақ сол қайғы-мұңнан сиреп кеуде, Шақырды тәж бен тағы ел билеуге. Зорлықты ол құдіретті қолмен қуды күшті, Халыққа бақыт, рахат өмір туды. Болғанда Мунзир патша нағыз толық Яздигер сый жіберді разы болып. Ал Мунзир Баһрамды сүйіп бақты, Болды әке, өз ұлындай мейір тапты. Болды бір жақсы көрген інісі де, Ұқсады Баһрам мен сол бір кісіге. Баһраммен қандас еді бір жыл туған, Қаз-қатар өсті бірге екі ұғлан. Сабақты оқып бірге, бірге ойнайды, Өткізіп мәз күндерін масайрады. Екеуі көктемде бір аң аулады, Күн менен шұғыладай бір лаулады. Осындай өсті Баһрам шын сарайда, Дана ғой баулыды оны алғыр ойға.

Білімге жасынан ол қойды талап, Ерекше оқытты оны шаһқа балап. Үйренді Баһрам араб, грек тілін, Маг1 Қадим кітаптардың ашты сырын. Ғұлама Мунзир патша парасатты, Айтты оған аспандағы ғаламатты. Он екі алқа жұлдызға, жеті жарық, Шәкірті біліп алды бәрін анық. Геометрия сызығын білім салды, Алмагесті2, көп сырды оқып алды. Түнде ол көп жұлдызды көкті барлап, Қимылын ай-жұлдыздың білді толғап. Ақылы баурап дүние ұлылығын, Ашты оған асыл қазына білім жігін Көріп Шаһ – Баһрамның білгірлігін, Білімге қайнар құштар ділгірлігін. Көрсетті разы боп шаһ меридианды, Ашты оған көк ғылымын ну ғаламды. Білгенін адамзаттың сол заманда, Болды ұлы адам қалай бұл ғаламда. Толғады кеп Мунзир түгел ғайыптарды Кітаптай Баһрамға жайып салды. 1 М а г – Зороастр сәуегейлерінің кіші лауазымы. 2 Алмагесті – Птоломейдің математикалық, астрономиялық кітабының аты. (Біздің дәуірден бұрынғы II ғ)

Ынтамен ол ғылымның білді бәрін, Дарыды даналықтан оған дарын. Кестесін жұлдыздардың тани білді, Асылды көрді, жарып жарым түнді. Астролябня, түстік шегін біліп алды, Шешті ол көк ісінен көп амалды. Ғылымға әбден жетік боп алғанда, Машық қып ер қаруын алды қолға. Ақты ол ат жалында доптай ойнап, Аспанның жұлдызындай от боп жайнап. Жүйткіді желден озып, аңды жасқап, Қасқыр мен арыстанға арқан тастап. Жапанда жарқылдаған найзасынан, Бүркеп күн таң сәулесін ай жасыған. Садақтан оған ешкім келмейді тең, Көктегі құсқа тиді оғы жерден. Жебесін қорамсақтан толғап алды, Әр жебе нысанаға дәл қадалды. Қылыштай жиі шарпып жебелерін, Аңға бір тапқызбады пана жерін. Найзасын жалаңдатты шапса зырлап, Дәл қадап шығыршыққа аңды шырмап.

Ұшымен найзасының бүріп шықты, Жалынан арыстанның шығыршықты. Мергендік қырға шықса бір кездері, Тигізді оғын қылға жүз кездегі. Қашқан аң, ұшқан құс та бұл қырдағы, Баһрамның жебесінен құтылмады. Ғылымда, мергендікте талпынғаны, Сәтті боп от жұлдыздай жарқырады. Сүйсінді ерлігіне шаһ достары, Мақтады Баһрамды ел жастары. Деді олар: «Арыстанмен алысыпты, Барысқа найза түйреп қарысыпты. Осылай Баһрамды жыр ғып атап, «Иеменнің жұлдызы» деп кетті мадақ.

БАҺРАМНЫҢ АҢ АУЛАУЫ ҺӘМ КИІКТЕРДІ ТАҢБАЛАУЫ Баһрамға Сухейлдей нұр жанғанда, Терісі сұр киіктің жұқарғанда. Баһрамға болды енді Мунзир аға, Екеуін бірдей баққан Нұғман дана. Үйретті жүйрік мініп жүйткуді оған, Разы еді Мунзир мен оған Нұғман. Баһрам толықсыған бақтай гүлдеп, Қуантты қарағанды, өсті гулеп. Күндіз-түн үзілмеді жас ойнағы, Күндіз аң, түнде – думан, масайрады. Киікті аулауға ол болды құмар, Жебесі талай аңға тиген шығар. Сау кетпес садағынан жалғыз киік, Мінгені жирен тұлпар желдей жүйрік. Теңіздің толқынындай жүйткіп кейде, Құйғытар қамшыны бір тигізбей де. Күн добын, ай табағын көкпар етер, Ол шапса, көк дөңгелеп бірге кетер.

Шиырылып жал-құйрығы жүз жыландай, Құйынды қуып озған жылқы қандай? Мұндай ат болған емес дүйім елде, Ор қазды тұяғымен киіктерге. Шыққанда Баһрам аңға атқа мініп, Киіктер таң қап атқа қалған тынып. Бұрынғыдай озып тұлпар асқан шауып, Буынан қашқан аңға туған хауіп. Барыс сынды сол сері сәрі таңда, Мыс түсті тұлпарымен жосығанда. Көрінер: түз өрнектей дуалдағы, Алау қыр, тобыр аң, тау, қыр шаңдағы. Күн сайын сәті түсіп аңға көрген, Жебесі дәл тиетін болды мерген. Аң-құсқа бай еді ғой ол кезде қыр, Мерген де мүлт кеткен жоқ сол түзде бір. Ер Баһрам кезді атымен талай жерді, Шөлдерді, елсіз қия тау мен өрді. Арқандап алды қырдан мың-мың киік. Алқымдап желкесінен жерге түйіп. Тимеді құралайға, құлындарға, Аяды түлектерді, берді сауға.

Сауырына өз атымен соғып таңба, Өссін деп қоя берді құба жонға. Шаһ мөрі соғылған соң таңба болып, Кім жасар таңбасы бар аңға жорық. Көргенде қашқан аңнан сол таңбаны, Аңшылар атпай оны жалтаңдады. Ұстаса таңбасы бар жас киікті, Босатып маңдайынан бір сүйіпті. Баһрам, таңба соққан сабаз мерген, Құтқарып таңбалыға ерік берген. Таңбалы құлымыз ғой сұлтанның біз, Құйғытпай тағдыр атын сылтып жүрміз. Құмырсқа бар ма сірә, бұл заманда,– Сауырына соғылмаған зорлық таңба.

БАҺРАМ АРЫСТАН МЕН КИІКТІ ӨЛТІРЕДІ Бір күні, бұл бір аңыз бізге қалған, Далаға нөкерімен шықты Баһрам. Сол күні талайының добы өрлеп, Тұлпары есті желдей қыза терлеп. Қыр желі самал есіп, тынды тұман, Мұнзир мен Баһрам қатар, кейін Нұғман. Баһрам әсем бойлы сұлу сұңғақ, Арыстан қайраты бар, сом бір сымбат. Кенеттен бір топ киік заулап өтті, Жер мен көк қалың шаңды ыдыратты. Көрді ол – жықты арыстан бір киікті, Тырнағын сол киікке иіп тықты. Киікті айыруға сорлап жатқан, Садақты алды зерлі қорамсақтан. Суырып сұр жебені үшкір, қатты, Садақты шеней қалып, тура тартты. Жебесі арыстанға дәл қадалды, Сол жебе киікті де түйрей қалды.

Арыстан мен киікті бірдей жықты, Қалқан не сұр жебеге мұндай мықты. Арыстан және киік жатты жайрап, Қан жебе қара жерге енді жайнап. Садақты шиыр қолы шенеп, керіп, Садағы дірілдемей тұрды берік. Баһрамның мергендігін көргендері, Аджамға шаһ болар бұл өрен,– деді. Атқосшы арабтар да иді басын, Таң көріп өжеттігін, ой-санасын. «Айбатты арыстандай ердің зоры – Баһрам-Гур» деп атады, енді оны. Шаһарға қайтып еді, хабар кетті, Шаһзада асқан мерген, айбар шекті. Дәл атып бір жебемен қайратты қол, Киік пен арыстанды жайратты ол. Келген соң Мунзир патша ордасына, Шақырды суретшіні өз қасына.. Бұйырды: көргеніңді сен есіңе ал, Осынау аң жорығын суретке сал! Суретші Хаварнакқа салды сырлап, Арыстан жас киікті жатты шырмап.

Баһрам ат үстінде садақ тартқан, Екі аң ғой оғы тиіп, құлап жатқан. Осылай өрнектеді шебер әйбәт, Мерген шаһ сол суретте тұрды жайнап. Біліп жұрт айтса мұны елеңдеді, Мадақтап жас патшаны Иемендегі.

БАҺРАМ АЙДАҺАРДЫ ӨЛТІРЕДІ ҺӘМ АСЫЛ ҚОЙМА ТАБАДЫ

Бағында тұрғанда бір көктем гүлдеп, Отырды ол нөкерімен ішіп, гулеп, Жүздірді мөлдір шарап алып есін, Шараптың теңізіне мәз кемесін. Масайрап үйден шығып шауып кетті, Құйындап қырды шаңмен жауып өтті. Киіктер үркіп қашты, қуып жіберді, Құрыққа көбі түсіп, құшты жерді. Талайын ұстап алды олжа тапты, Тағы да ұстаймын деп қайта шапты. Ұрғашы киік алдан ойқастады, Маңырап шыңғырды ол, жай қашпады. Құлағын тікірейтіп жай секірді, Мүсіні бұлықсыған тай секілді. Арқасы алтын түспен жалтылдады, Бауыры қантты сүттей жарқын тағы. Құбылған қара жолақ арқасы бар, Мойыны мен құйыршығы бірдей шұбар.

Зуннардың теңбіліндей ала жолақ, Айшық бар маңдайында аладай ақ. Бұл киік үйірінен сұлу асқан, Бәрінен озып, алға орғып қашқан. Қырдағы қаудан шыққан жалын сынды, Сұлудай үлде киген ғайып сырлы. Садақтай үшкір нәзік, сермер аяқ, Құлағы алмас қырлы семсердей-ақ. Қайқы емес жалы да жоқ арқасында, Құс құлақ сақшы құсап тұр басында. Арқасы арабша қара жолақ, Қос жолақ арқа тұсын жатыр орап. Арабы терісінде мықындағы, Күмістей әлеміш бір жылтылдады. Жайнады меруерттей сауырларлы Жауһардай қаны қызып тамырдағы. Жолақта мойнындағы қан қызарды, Алқызыл жібектей бір жарқылдады. Зынжыдай жыландарды бұраңдатқан, Қан жүрген тамырлары ширық атқан. Құйрығы тікірейіп шоқтық тулап, Шағылды сал мойынмен алтын тұяқ.

Ес кетіп қуғыншыдан киік қашты, Баһрам қуып соны қырдан асты. Жүйткіді желден ұшқыр жас құралай, Арыстан аңшы қуды бастырмалай. Сәріден күн батқанша қуа берді, Жетпеді жас киікке ыза келді. Дүлдүлін қамшылады енді Баһрам, Қуды ұзақ, жетпей бірақ болды қайран. Құралай үрке қашты Гурхан кейін, Қуды оны күн қарайған кешке дейін. Көп қуды құла дүзден киік қашты, Көз жазып кездестірді үңгір тасты. Үңгірді көріп кетті есі мүлде, Күзетші айдаһар тұс есігінде. Иірілді ол қарамайлы толқын құсап, Қап-қара пәледей бір жалын тұсап. Күкірттің түтініндей алаулады, Тамұқтан шыққан оттай жалаңдады. Дарақтай жапырақсыз тырнақтары, Төнгендей шаһқа тажал дозақтағы. Ауызы тас үңгірдің аузындай тап, Айдаһар жемтік күтіп тұр құрыстап.

Ұқсайды құралайды ол жұтқанға, Сұм көзін қадай қалды Баһрамға. Аң қуып шаһ дұзаққа келіп түсті, Бірақ ол айдаһардай болды сұсты. Ашумен ұмытты ол құралайды, Қалайша ол аждаһаны жұлмалайды. Қандай бір тағдыр үшін жұлдыз жайнап, Бұл жерге әкелді екен өзін айдап? Сонда да аяп сорлы құралайды, Айдаһар жайратты ғой деп қарайды. Сол киік әлде оған жол бастады, Тажалды күйретуге алдаспаны. Аң емес айдаһар деп бұқсам егер, Тегінде масқаралап мені сөгер. Кек алам, киік үшін қорықпаймын, Өлермін, әмірі болар бір құдайдың. Солай деп ол қасқиып тұра қалды, Хадаңнан екі тілді жебені алды. Жебесін салды түздің садағына, Көздеді айдаһардың қарағына. Айдаһар жалма-жан тап берді өзіне, Жебесін тигізді ол дәл көзіне.

Сол жебе айдаһардың көзін тілді, Үзілді, Ахриманның жолы тынды. Қос тілді шаһ жебесі қандай күшті, Көр етіп, тажал көзін жұлып түсті. Енді әлем хайуанға түн боп қалды, Жайындай тап беріп шаһ найза салды. Найза ұшы тырнағындай арыстанның, Қадалса алар жанын қарысқанның. Қадалды айдаһардың тамағына, Мойнынан қан сорғалап табанына. Өкіріп құлап түсті қап боп басы, Еменді қиратқандай жайдың тасы. Құлады құздан тастай қирап жатты, Баһрам сәл іркіліп қайта шапты. Қанжармен Ахриманның кесті басын, Жалмауыз енді мәңгі жоламасын! Қылыш пен айдаһардың ішін жарды, Ішінен сол киікті жұлып алды. Киіктің айдаһарда кегі бар деп, Жұмсаған шаһты құдай кегін ал деп. Бас иіп дұға оқыды сонда Гурхан, Білді ол, Яздан жар боп, берді елһам.

Разы боп, ол атына мінбек болды, Тағы да аң аулауға ауды көңлі. Келді киік, арыстан өкірді де Кірді киік үңгірге секірді де. Тастардан аттап басын иіп төмен, Үңгірге, міне, Баһрам кірді әрең. Түнектен шамшырақтай жайнай қалған, Көрді ол қазынаны көп сақталған. Алтынға құмыралар аса толған, Інжулер перизаттай тасаланған. Гурханды қоймаға әкеп басын иіп, Әп-сәтте болды ғайып, сол бір киік. Кезікті мынау олжа маған қалай? Бастаған мені мұнда сол құралай? Ғайыптан қазына тауып шаһ болды таң, Осыны құтқарған ол айдаһардан. Шығуға тар үңгірден жол іздеді, Шақырды серіктерін шөл-дүздегі. Көп тұрды ауызында үңгірдің сол, Бір сәтте көрді, міне, әскерін ол. Қуанды нөкерлері көріп шаһты, Есен сау бұл меңіреуден әзер тапты.

Баһрам шаттанды да бұйрық берді, Жұмсады батырлар мен нөкерлерді. Үңгірдің бүйірін тесіп, ашып есік. Қойманы шығаруға әукімдесіп. Қойманы тасып шықты үш жүз тайлақ, Бай қазына өркештерде тұрды жайнап. Қаһарман құралайдың кегін алса, Зорлықшы айдаһарды жарып салса. Жарылқар құдай оны, бақыт берер, Ондай ер шарафатпен мерейленер. Баһрам масайрады, құрды думан, Қисапсыз қазынаны шашты бұған. Алдымен Яздигерге сыйлық тартып, Жіберді ол он түйеге алтын артып. Мунзирге болып кеткен туысындай, Сыйлады ол мол қазына өзіне сай. Қазынасын бөліп берді жамиғатқа, Есептеп жаздырмады бірін хатқа. Ол сондай асылдарды тағы тапты, Қуанып жұртқа бәрін мол таратты. Шақырды суретшіні Иемен шаһы, Ерлігін Баһрамның сал деп тағы.

Суретші қолға қалам, бояу алды, Болғанды зор дуалға бояп салды. Баһрам ерліктерді жыр боп солай, Өрнегі Хаварнаққа түсті талай.

БАҺРАМ ЖЕТІ АРУДЫҢ СИПАТЫН КӨРЕДІ Даладан Хаварнаққа келді Баһрам, Өткізді той-думанмен күнді дархан. Аралап сарайдағы ханаларды, Бұрыштан бір есікті көре қалды. Құпия бұл есікті көрмеп еді, Бұл жайға бір даяшы кірмеп еді, Бұйырды кілтті әкел деп сол бір шақта, Әкеліп кілтші кілтті берді шаһқа. Есікті ашып кіріп, болды қайран,– Ғажайып қазынадай көзі тойған, Осы жай жайнап қалды сәулетпенен, Өнерпаз Симнар оны әсемдеген. Дуалда жеті сұлу тұрған еді, Жазылған есімі мен туған жері. Магараджа қызы – бұл аты Фурак, Қара көз айдай жүзі тұр жарқырап. Ягманаз Хакан қызы, білген қытай, Сұлу жоқ Таразда да нұрлы мұндай.

Назпери – әкесі оның Хорезм шаһ, Байпаңдар қырғауылдай басып алшақ. Үрімше үлде киген князь қызы, Насринуш – орыс сұлуы, назды жүзі. Азарион қызы Мағриб әмірінің, Сипаты сәулесіндей ару күннің. Руми патша қызы бұл – аты Хума, Ақылды толған жаны бақыт нұрға. Дурасти – Кей-Кавустың әулетінен, Тотыдай толықсыған сәулетімен. Сипаты жеті арудың берген көрік, Тылсыммен Симнар соны қойған өріп. Шеңбердің ортасында тұрды ой сап, Өріктей алқаланған қабық қоршап. Жас сері, белбеуі інжу, тәжі алтын, Мускустай мұрты қара, жүзі жарқын. Сымбаты кипаристей асқақ басы, Жалын бар жанарында өр тұлғасы. Жеті ару соған қарап жаутаңдаған, Жүректе сыры бардай айта алмаған. Сол сері жеті қызға жымың еткен, Бәріне болып ғашық есі кеткен.

Баһрам деп оның атын жазған шебер, Оқыды астындағы жазу не дер. Болжам бір жеті жұлдыз айтқан сөзде, Шаһзада шын даңққа жеткен кезде. Табар ол жеті патша ханшасын, Сұлудың жеті бірдей інжу тасын. «Бұл дәнді сеппедім, ұстамадым, Жұлдыздың болжағаны нұсқағаным». Соны оқып жеті аруға болды ғашық, Жүрегін шаһзаданың қайғы басып. Бесті айғыр байтал көрсе бұлқынбай ма? Ер қалай сұлу көріп тұрсын жайға? Аңсары махаббаттың тұтанбай ма? Ләззаттің отын басар толқын қайда? Жұлдыздың болжамына Баһрам шат, Тұрса да талай бөгет жолын қоршап. Бірақ ол өмір сырын анықтады, Арманы рухын билеп шарықтады. Өмірге өршіл сенім болса бізде, Он есе рух береді еңсемізге. Өмірін сақшыларға шаһ естіртті, Егерде ашса біреу бұл есікті,

Сол жанға түнек болар жарқын ғалам, Аяусыз ләм дегізбей басын қағам. Сақшылар да, нөкерлер де, даяшы да, Бұл жайдың көз тікпеді аясына. Түнде бір жерге самал ескен шақта, Кілт ұстап келер Баһрам сол бір жаққа. Пейіштей көріп кірер соған таң ғап, Мүлгір ол жеті сипат көзін арбап. Телмірген жандай сусап тас бұлаққа, Ынтықтан талып ұйықтар бір сағатта. Көңілін аңға шығып шаһ жұбатты, Ордада сурет көріп ойға батты.

БАҺРАМ ӘКЕСІНІҢ ОПАТ БОЛҒАНЫН ЕСТИДІ Ғайбат сөз жетті бір кез Яздигерге, Өсектеп Баһрамды азды деуге. Гуледі: «Ұлың өсіп болды найсап, Жасынан құтырынды қасқырдай тап. Арыстан бұғып одан иттей қашар, Ашынса айдаһарды белден басар. Арқандап диюларды байлап алар, Қырқандай қияларға ойран салар, Алмасты қанжарымен жібек етер, Қанжары жартасты да бұзып кетер. Әкесі естіп соны болды қайран, «Қайсар ұл – маған ажал торын жайған. Деп әке, күншіл, зұлым оймен енді, Арыстан өз ұлынан хауіптенді. Ал, Баһрам аңғалдықпен сезбей мұны, Аң аулап, думан құрды күндіз-түні. Дос пейіл мейірбан шат әрқашан да, Иеменге жұлдыз болды жайнап таңда.

Баһрамды Мунзир сүйді ер – інім деп, Шалдуар ісін Алла әмірі деп. Бағалап, парасатын, ізгілігін, Баһрамға берді Мунзир ел билігін, Тізгінін асау аттың берді оған, Мейірімін аямады, жомарт адам. Баһрам еш дүниеге тарықпады, Төнбеді еш пәленің хауіптері. Иеменде жайнап достық нұр бағында, Болды ұмыт Аджам әке, тәж-тағы да. Ал бір күн тағдыр айдап келді сол шақ, Әмірін тәңірі бар аспан жұмсап. Өр тағын Яздигердің ойран етті, Қаһарлы шаһ шырағы сөніп кетті. Тәж-тақты әкесінен қай кезде алды, Тап сол кез тәж бен тағы қаран қалды. Шаһ өліп, тағы босап, үрей қашты, Соны ойлап ләшкер мен жұрт ақылдасты. Айдаһар енді бізді илемесін, Әулеті Яздигердің билемесін. Солай деп шешті қауым бағынбауға, Ақылды, ер болса да Баһрамға.

Болса да ізгі және өнегелі, Патшалық қасиетін елемеді. Әкесі жасап еді қатал қысым, Жек көрді Баһрамды жұрт сол үшін. «Біздерге сол жігіттің сыры ғайып, Өлімін әкесінің жасырайық. Арабтың арасында өсті жат боп, Қалайша Аджамды билер шаһ боп? Ойнатар тазилерді төбемізге, Соған біз ирандықтар көнеміз бе? Солай деп Баһрамды етті халас, (Ал Алла шешсе өзінше – бекер талас)» Мінгізді таққа, міне, жаңа шаһты, Мобедтен қарияны бір іздеп тапты. Емес қарт патшалардың нәсілінен, Бабасы абыз еді нәсібі кем. Міне шаһ киді тәжді, сұсты қарап, Патшалық жеті зерлі баумен орап. Баһрам білді – тағдыр шегін асып, Оралар жаңа белгі мейірім ашып. Тағдырдың өзге болар айналымы, Оралмас бағы ізгі қайта адымды.

Естіді: ұлы даңқ күл болды деп. Яздигер тағына бір сұм қонды деп. Яздигер нәсілі емес, бөгде бір шап, Наразы жұрт дуылдап, туды шатақ. Әуелі ол әкесіне бата оқытты, Жамылды қара шапан аза тұтты. Содан соң ол семсерін қайрап алды, Құртуға оған қастық ойлағанды. Найзамен сол бүлікті баспақ болды, Сайысқа жау қақпасын ашпақ болды. Бірақ ол парасатпен ойға қалды, «Тап берсем бездірем ғой айналамды». Етсе де Иран жұрты қастық маған,– Айыруға рәсім тақтан хақ қалаған. Бірақ мен түйілмеймін ыза-зілмен, Мархабат – мейірім табар өз елімнен. Адасса олар, сірә, қыру жөн бе? Қойым ғой олар менің жүрген елде. Терісін бүркеп олар, енді күйсер, Үн-түнсіз жайлауымда қалғи түсер. Ел антын бұзған олар қайта елге, Ұялып алдымда олар болар пенде.

Азғындық ерін қысар ер адамның, Өкінер ащы зарын төгіп жанның. Еліккен жалған сөзге қор боп қалар, Ақиқат тапқан адам – бақыт табар. Адасса Иран,– жұрты,– барайын мен, Ақ жолға, ақыл беріп, салайын мен. Аптыққан аңшы кенет тартса садақ, Жебесі тимей аңға болар мазақ...»

БАҺРАМ ӘСКЕРМЕН ИРАНҒА АТТАНАДЫ Ділмәрім өз бетіңше ақпайсың ба? Қайталап естігенді жақпайсың ба? Ал енді жұпар иісін құй көмейден! Аңқытып әнбрадай түйіп оймен. Серт бергем сол кемеңгер, әз адамға1, Мені де уәдесімен жебер алда. Бұл күнде шарап жұтып, жүрміз ширап, Ол кетті патша жырын жұртқа сыйлап. Қайтіп мен оның жырын иемденем, Ар көрем жүруді ескі сүрлеуменен. Тұрғанда жас қиялым, қағып қанат, Ұят қой жат ескісін киген жамап! Гауһарды тұтынам деп үнсіз шұлғып, Көргем жоқ қайталауға тілді құл ғып. Алайда алтын қорға жол жоқ өзге, Жебе екен нысана бір түсер көзге. Бірақ та қайталаудан қашу қиын, Тоқырмын көн паластан жібек бұйым. 1 Бұл жолдарда ақын ұлы ұстазы Фирдоусиді еске алып отыр.

Екі бір химиягер сөзді арбап, Көнекі теңгеліктер кетті жайнап. Біреуі күміс етті мысты толғап, Күмістен бірі алтын соқты сомдап1. Егерде мысың балқып, күміс болса, Таңданба күмісің де алтын бола қалса... Жырдың бастамасы Ұшпу інжу тастарды тізген зергер, Былайша құрып соған берді бедер. Жеткенде суық хабар алғашқы кеп, Ақ тағын әкесінің жат басты деп. Кейлердің ата даңқын ардақтауға, Баһрам қол көтерді арсыз жауға. Әлемде ата даңқын өрлесін деп, Мунзир де сол жорыққа берді медет. Кең ашты қазынасын падишалық, Көп қару берді сонша ат, сонша халық. Қайралды қайнап кеші алмастары, Баһрам Аджам үшін қол бастады. Иеменнен келді Аденге шеру2 2 еркін Жүз мың ер шаһқа берді сенім-сертін. 1 Бұл жолдарда Низами – Фирдоуси «Шаһ-намәде» Баһрам-Гурды жырлап «мыстан күміс жасаса» мен соны жаңғыртып «күмістен – алтын» шығарамын деп мақтанып отыр......................................................................................... 2 Ш е р у – бұл арада жауынгер мағынасында

Шын-болат сауыт киген қыр ерлері, Бұзатын тас қамалды түгел сері. Ұқсайды жолбарыс пен арыстанға, Бәрі де шаһ айбары сайысқанда. Соғыстың сарабына қол аттады, Ат зулап, ай бетіне шаң қаптады. Жүйткіді дабылдатып, кернейлетіп, Даланы дүрліктіріп, кернеп өтіп. Дабылдан азан-қазан жаңғырыққан, Бауырдың шөлі кеуіп жай оты ыққан. Аспанның астын басты селдей ұрып, Шұрқырап шапқан аттар шеру құрып. Қаптаған шегірткедей көктен өрлеп, Сол ләшкер сайыс іздеп, семсер сермеп. Иеменнен ерлер шапты Аджам жаққа. Мінсін деп Кейге ләзім Баһрам таққа. Қария таққа мінген енді састы, Айдаһар қағады деп қалтаң басты. Тәңірдің оған көзі түсті қайдан? Иеменнің бақ жұлдызы ашу жайған. Арыстан аузын ашты киік қой ол, Жұлдызы аян берді қазулы көр.

Бүлікті Аджамдағы басып Баһрам, Патша боп мүскін жұртты етер дархан. Бұл хабар Аджамға жеткен шақта, Сардарлар һәм мобедтер келді шаһқа. Келді олар Баһрамды жолатпайық, Затына Язидгердің жол ашпайық! Бітірді ақылға кеп мәслихатты, Баһрамды көндіруге жазып хатты. Жазды олар қилы ойды матастырды, Хатында сөз ұрығын шатастырды. Нақыштап, көне әуенмен жазды бастап, Сөздері болды бұлдыр ойы шатпақ. Бүктеді ақылдасып жазған хатты, Елшілік іске епті жауын тапты. Елшілер Баһрамға келіп қалды, Тағында Баһрамның жұлдыз жанды. Елшіге хаджибтері ақ ниетті, Баһраммен жүздесуге лұқсат етті. Ұлылық мархабатпен Баһрам жайнап, Қарсы алды елшілерді шекпей айбат. Елшілер қорқып әрең жақындады, Сәждә қып мадақ сөзбен тақылдады.

Елшінің қариясы таққа келді, Сол хатты жоғары ұстап шаһқа берді. Хатшысы бүктеменің бұзды мөрін, Естіртті оқып хаттың сөз бедерін.

ИРАН ПАДИШАСЫНЫҢ БАҺРАМ–ГУРГЕ ЖОЛДАҒАН ХАТЫ «Есімімен жер мен көкті билеушінің, Ақ жолды адасқанға сілтеушінің. Есімімен бар ғаламды жасағанның, Меңзейтін бақ жұлдызын барша адамның. Мұқұмы әмсе жиһан бұл жердегі, Аспан мен ауа, теңіз, тау өрлері, Баршасы – ғайып, даңқ, шалқар көңіл, Сипатпен Алла берген тапқан өмір. Дүниеде тірлік еткен титімдей жан, Алланың іңкәрімен қимылдаған. Құдайдың біз шешпейміз түйіндерін, Құдіретін егер мадақ биікте күн. Ол қожа, бағынышты жер мен заман, Бар тірлік тағзым етер мәңгі оған». Осылай бісміллә деп сөзді бастап, Жалғады хатшы былай ойды тастап,– Мақтады Яздигер мен Баһрам-Гурды, «Уа, таңның ақ жұлдызы, асқан нұрлы,

Ұрпағы патшалардың қасиетті, Ер шаһсың, әділетті ақ ниетті, Мен өзім Хосроудың өр затымын, Дұшпаннан тайынбайтын мен батырмын. Қаһарман, мен пірімін мобедтердің, Силайды сақалымды жұрты жердің. Хақ жазды ерлігіме мәртебені, Бермес хақ тақты құны кемге тегі. Тәж кидім, берік мәңгі тағым мінген. Ешкімге сындырмаймын сағымды мен. Аджамда пәрменім зор, әлім күшті, Біл, маған жын-перілер бағынышты. Ел қамы ақылымды қинап тұр тек, Балымен патшалықтың уды бүркеп. Толы еді қайрат күшке өткен шағым, Жарқырап жанушы еді шамшырағым! Ұқсаң ғой қарт ақылын, патша бала! Тақ түбі үрей шыңырау, қас айнала. Көп ойлап таққа шыққым келмеп еді, Көндірді жеделдетіп көп тілегі. Қаумалап Иран елі патша етті, Көрсет деп жат жұрттарға көкіректі.

Ант еттім жаудан елді қорғаймын деп, Парызым билік емес, қорғау ғой тек. Ескі бір нақылды еске алмай болмас, Жаһанды билеуге ынтық өзіне қас. Ашқарақ емессің сен ел билеуге, Өзгеше құмарлық бар жанға сенде. Сен үшін кебаб артық шоққа піскен, Патшалық әуре-сарсаң қиын істен. Бір жұртым шарап, сайран, ессіз думан, Тәңірдің мол сиы ғой біз аңсаған. Алаңсыз думан құрып, аңды қуған, Сол артық – билік зілмен малтығудан. Бақыт пен рахат сайран сый-сипаттың, Өзгеге арт фәнидің мехнатын. Күнімен аң аулады, түнде думан, Шарап іш, балды жұтып ұйықта бейқам. Ал өзім айрылдым жер қызығынан, Дос үшін дұшпанды ойлап сыр бұзылған. Сол үшін қайраулы тұр көк семсерім, Қорғауға өз тағымды күресемін. Ал сені тәңірім өзі жарылқасын, Мұндайды ойлап пейлің тарылмасын.

Уа, Шаһзада, мен, сірә, сендей болсам, Іске мен жоламас ем әуре-сарсаң. Берілер ем қызық пен шат-думанға, Шарапқа, ән мен жырға, шығып аңға. Мен сені ғибратсыз деп кемітпеймін, Тартады жұртты сенің кең, құт пейлің. Салтынша баяғының талассыз-ақ, Сенсің тек таққа мирас жалғыз ұрпақ. Бірақ та болды әкең жауыз тантық, Кейлердің тәжі енді болды мансұқ. Жұртына қаһар шашты қырсық әкең, Иранға күнәкәр ол, қасына тең. Ол шаһтың сойқандығын білген әлем, Жұрт оны, «Яздигер сұм, жауыз» деген. Жасады шексіз зорлық, қорлық елге, Бар Аджам аһ ұрады ол дегенде. Ешбір жан мадақтамас әулетіңді, Халқымыз қайталамас нәубетіңді. Ираннан сый табуды көрме ләзім, Кейлердің мансабынан безін өзің. Сен аптықсаң айналаң алауланар, Құр жұлқынсаң өз басың жадау қалар.

Қазынадан алтынды аямайын, Шаһқа лайық ал сыйды, бол ағайын! Ғұмырыңа жетерлік енші бөлем, Өз дүниемді тарылмай түгел берем. Мұқтаж болма дүниеге ал бәрін де, Патшадай боп байлыққа бұл өмірде. Егер сен бізде патша бола қалсаң, Мен разы сенен соңғы билікті алсам. Егер де жақтырмаса мені халық, Таққа мін жанжалсыз-ақ рахым тауып». Уәзірі оқып шықты ұшпу хатты,– Баһрамды ашу кернеп, жалын атты. Бірақ ол жас болса да дана еді, Ақылмен тұсауланды жан әлегі. Күйсе де булықпады, сабыр тапты, Ойланып елшілерге жауап қатты. «Ынта сап тыңдадым мен жазған хатты Аджамның әкімдері көп толғапты. Бұлдырлау сынды ой мен сөз астары, Алайда ойға қонар сөз бастады. Ақыл мен парасат бар кеңесінде. Хұп алмай ләзім емес егесуге.

Мен үшін бір көрінер күміс тозаң, Дүниеде тек ізгілік қымбат маған. Әйтсе де атамыздан қалған тақты, Бере алман өзге жанға тас сияқты. Шаһ әкем тәңірсіді тар қып пейлін, Ойға – хас, хақ қасында зәрре деймін. Өзгеше зерде берді маған Алла, Ынтықпын мансапқа емес, мен адамға. Күнәм жоқ жазғыруға бұл жасымда, Ұлы айып тартпас, әке күнәсіне. Қаһарлы шығар әкем, ұқсаман мен, Лағылға жол ашылар тапса кеннен. Түн ауса, жайнап ертең күн де туар, Гауһар да қара тастан қорытылар. Әкемнің әруағын мінеу жөн бе? Алланың әмірімен өлген пенде. Зорлықшы болса да жай өлген шығар, Өлген соң жамандауға не қисын бар. Уәсуаса айтқандарды тыңдар сол жан – Ізгі емес, жанын басса ойлар жалған. Бітімі пасық жандар сөйлер тантып, Солардың сөзін тыңдау – есалаңдық.

Әке ісін әруағына тапсырайық, Мен білмеген істерін паш қылмайық. Тілер ем, әкем үшін сөкпесеңдер, Күнәсін кешіріңдер, кек етпеңдер. Ғайбана түстерге мен көп арбалдым, Думаннан бездім енді қайта аяндым. Бақытын тағдыр жазып қойған пенде, Көп ұйықтап тұрар іске киліккенде. Ұйқыдан безе көрме!– бұл дана сөз, Ұйықтай бер, оян бірақ, келгенде кез! Иә менің бейбіт ұйқым болды ұзақ, Түспепті бақытыма бірақ дұзақ. Берді ғой сергек бақыт маған аян, Ұйқыны көзден қуып, деді – оян! Сендерге сая болам, ақ жүрекпен, Арылған арсыздықтан жан жүдеткен. Бейбастақ безерлерді тиямын мен, Ақылды іске жанды қиямын мен. Мен жұртқа зәбір-запа көрсетпеймін, Тыңдауға ел ақылын сергек пейілім. Кешірем аз күнәні ісін сыйлап, Ешкімнен кек алмаймын жанын қинап.

Өткеннің күнәсіне – өш алмаймын, Уақыттың ақ ісіне әсте саймын. Жұртыма әділдікті бұлжытпаймын, Ешкімнің қазынасына қол сұқпаймын. Ешкімнен алмаймын да артық салық, Жүрекке қазына кетер қастық салып. Ізгі ойлы адамдарға берем ырық, Сұм ойлы жандар болса – жоям қырып. Тағылымды аламын мен, даналардан, Беземін пейлі бұзық шалалардан. Қапа боп қалмау үшін хақ алдында, Әділ боп, ел бүлігін басармын да. Қырағы бақташыдай малын баққан, Сақтаймын ел тынышын бейбіт жатқан. Диханның нанын тартып мен алмаспын, Мұқтажға дәм сыйламай тұра алмаспын. Ізгілік жолға бастап басын аттың, Жынына арбалмаспын кесапаттың. Істерге тәңір өзі қаламаған,– Біреудің нұсқауымен болман алаң. Баһрам сөзін бітті, кәрі мобед, Бипаздап жауап берді сөзін елеп.–

«Түсіндік, шаһ екенсің шын ақиқат, Даналық сөздеріңе жанымыз шат. Бізге сен ақылыңмен жақын тұрдың, Ақылмен жүрегіңе сөз тұндырдың. Баршадан асқан ұлы сайыпсың сен, Болуға бас бақташы лайықсың сен, Саған хас тәж бен тақ тумысыңнан, Туғанда-ақ шаһ билігін хақ ұсынған. Гүштаспа зентін оқып барлайтын да, Бір өзің Кей тұқымын жалғайтын да. Бахманның тұқымысың Дар бабаң, Шырақсың ізгілікке нәр тараған. Сиямақ бағында сен өскен гүлсің, Ардашир Бабақаннан қалған нұрсың. Туғанда-ақ сені шаһқа балағанбыз, Низамда тәжге ие сенсің жалғыз. Билеген елімізді мобед біткен, Қостайды айтқанымды әділдікпен. Ерік жоқ бірақ бізде, бұғаусыз-ақ, Антымыз айнытпайды құрып дұзақ. Мінерде сол бір адам алтын таққа, Ант бердік бұзбаймыз деп бүлгін Шаһқа.

Ант еттік басқаны біз шаһ етпейміз,– Дедік біз ордасынан – бір кетпейміз. Ұғарсың жанымызды ар тұр тежеп, Бұзуға антымызды себеп қажет. Тәңір мен жұрт алдында ақтау үшін, Ант бұзып, қасіретті тартпау үшін.» Баһрам үнсіз тыңдап елші сөзін, Тіл қатты шаһқа лайық ұстап өзін: «Низамын бұрынғының бұзбау ләзім, Ойлыға өз антынан безбеу ләзім. Аджамда тақты басқан менің қасым, Бала екен ойламайтын кәрілік жасын. Алармын тәжді жұлып ақ басынан, Селт етпес айрылғандай тал шашынан. Көңілім үшін емес бұл талабым, Бабамның заңды тағын қайтарамын. Жамшидтен қалған шаһбын ақ тағдырым Ақ, қара аймақ менің – патшалығым. Тәж – бен тақ елсіз болса бар ма күшім, Патша өзі жауапты ғой елі үшін – Рәсіммен билегенге патшалықты, Аспан – тәж, жер – тақты ғой сонша мықты.

Жамшид те, Фаридун да, Кей де күллі, Болған жоқ мәңгілікті, өліп тынды. Тек қана жан қайраты барлар асып, Көтерді тәжін көкке тағын басып. Тәж бенен таққа барар жолды білем, Оған мен қылышыммен жарып кірем. Әкемнің ақ тағын бір азғын басты, Тор құрды өрмекшідей сол албасты. Айдаһар сол үңгірді кернеп кірген, Қорқа ма өрмекшінің өрмегінен. Туар ма Жәбірейілдей кесір найсап, Шегер ме шыбын, сірә, пілге айбат. Киік те батырсынар ерік берсе, Алдынан арыстан бір арс еткенше. Жүз шырақ жайнап жанған күңгірт тартар, Овнадан күн көрінсе,– нұрын шалқар. Жетім мен жаттан пана жүрсем тауып, Ордама ұры түсіп, төнген хауіп. Ұрылар шекерімді жеп жатқанда, Шер жұтып бауырым менің батты қанға. Бөгеймін қанжарымды мен несіне?– Қанжарды қадаймын жау кеудесіне!

Аджамға – ие менмін, нем бар жатта? Арабқа қарыздармын мәңгі шақта. Мунзир дос ас пен суын берді маған, Туыс қой Нұғман мүлкін аямаған. Мені сол ас бергендер қадірлейді, Жегендер несібемді зәбірлейді. Билеймін өз елімді сертім асқақ, Арыстан өз орманын кетпес тастап. Кейдің мен тумасымын, кім маған тең? Кім сыйлар жат нәсілді жалған, бөтен? Кейлер тек Кей тағына ие болар, Өзгеге сол биікке жол жоқ шығар. Әзелден әміршіміз, құлсың бәрің, Біз – мырза, тар сендердің құлқындарың. Шаһ деген – ұлы тақта, майданда да, Ер ме сол қартың таққа қойған жаңа? Шарапты кәрі сақи құйса бұзып, Дана жас бабын табар қайта сүзіп. Сендерге пәлені мен төндірмеймін, Әділдік ақиқатқа жармын деймін. Сендерге патшамын деп болман өктем, Бұзбауға анттарыңды, аспан шектен.

Теріске шығармаспын сендерді де, Шатпын мен билер жұртым сенген күнде. Білемін, бұған себеп табу керек, Ақтайды анттарыңды сол керемет. Кім батыл арыстаннан болса, сол ер, Тәж бенен тақты сол ер еркін билер! Таңертең темір тордан шынжыр байлап, Екі аш арыстанды шықсын айдап, Сап құрып тұрсын әскер кең алаңда, Байлансын қос арыстан зор бағанға. Кейлердің Хосроу киген көне тәжін, Арыстан арасына қойған ләзім. Қазіргі шаһ қартыңмен серттесемін, Мынадай екеумізге шарт кесемін: Сескенбей арыстаннан тұрған қоршап, Кім алса жатқан тәжді сол болсын шаһ! Қысқаша, үрей тастап Баһрам айтты, Алданбай көлгір сөзге жауап қатты. Сөздерді ұшпу айтқан хатқа жазды, Мөр соғып, бүктеп берді хат-қағазды. Аджамның елшілері алды хатты, Қарт шаһтан келгендерді ол босатты.

Елшілер абзал шаһтың мөрін көріп, Сөзіне сол хаттағы келді еріп. Жас патша ақтағандай бар үмітті, Тек қана қойған серті абыржытты. Ұнатты сыр-сипатын Баһрамның, Патшалық нұрын тартты нәрін жанның. Елшілер ырза болды: «Нағыз шаһ!»,– деп, «Шын патша, бір кіршік жоқ, қаны пәк»,– деп. Кім болар бөгет, сірә, атар күнге?– Ешкім де қарсы тұрмас бұған мүлде. Айбат пен қайраты зор арыстан бұл, Жайратар айдаһарды қарысқан бұл. Тақты тез қайратымен алар тартып, Бізді аты тұяғымен кетер тарпып. Талабын еркімізбен тындырайық, Бекерге майдан отын қыздырмайық! Шарты оның ойлағанға болар қатер, Кім барсын арыстанға жазым етер. Арыстан түсінгенге тапқан айла, Қасқырға қу болса да түлкі ұқсай ма?» Осылай ойлап кірді ордасына, Айтуға елге келді шаһ қасына.

Қарт елші оқып берді сәлем хатты, Жасырмай білгендерін айтып бақты. Сонда шаһ кәрілікте тақты басқан, Тағынан түсті жұлып тәжін бастан. «Қажетсіз тәж бен тағы жас асқанда, Сол үшін жем болам ба арыстанға? Кетейін тақтан тірі өз еркіммен, Арыстан қарпығанша көк етімнен. Өмірден безбеген жан қалып ықылас, Жеміне арыстанның қолын сұқпас. Баһрам бассын мейлі ата тағын, Көтерді таққа лайық ер атағын. Кейлердің мирасқоры тәж бен таққа, Қартайдым, ілікпеймін бұл шатаққа». Ал сонда сұрқылтайлар сәуерледі, «Көсемсің сен ақылдың кемеңгері. Шаһ етіп сені таққа көтергенде, Шарт қойдың көтерме деп керіп кеуде. Сен ғана патшамызсың қойған қалап, Кетесің тақтан біз тек қойсақ талап. Тәж тарту арыстаннан ермек емес, Шешейік таң атқанша құрып кеңес.

Сескенбей орындайық шартын айтқан, Қасқисын қос арыстан тәжді баққан. Қорықса ол арыстаннан жеңіс таптың, Таланса ол – сен иесі тәж бен тақтың. Амал не жеңіп шықса – оныкі тақ, Құтылар ауырлықтан халық бір шақ. «Ол таққа – лайық!»– деп жұрт кетер гулеп, Уа, тәңірі, сондай халден құтқарғай тек!». Шешті олар не болса да көреміз деп, Бас тартпай шартына да еркі береміз – деп. Күтті олар ғайып істі атар таңнан Қандай шаһ тәж алады арыстаннан?

БАҺРАМ АЛДЫ ТӘЖДІ АРЫСТАННАН Шыққан күн алтын тәжбен жайнап жерге, Ақ тағын шұғыласына бөлеген де, Сардар мен сұрқылтайы екі шаһтың, Майданға құрды әскерін екі жақтың. Сап құрды Арабстан әскерлері, Аджамның тұрды сонда көп ерлері. Аңдардың ауласынан айдап келді, Екі аш арыстанды көзі шелді. Екеуін қос бағанға қойды байлап, Қалсын деп арасында Баһрам жайрап. Аңдарды баққан сонда бас батыр кеп, Тәж қойды қос арыстан сақтасын деп. Қос айдаһар қоршаған айдай түсті, Алтын тәжді жатты торлап екі аң сұсты. Жай оты айдаһардың қорқытпады, Баһрам семсерінен бұлтықтады. Өкіріп арыстандар жаман састы, Құйрығын ұрып жерге жанталасты.

«Қай батыр бізден тәжді тартып алар, Кім батып айдаһарға әлек салар?» Деп ойлар, бірақ Баһрам от жүректі, Ол талай айдаһарды әлек етті. Бұлғаулы арыстандар берді тап-тап, Жебені бөгер бірақ қайтіп аттап. Шартынша мобедтердің жас Баһрам, Алдымен тәж алмақшы арыстаннан. Жеңсе ол арыстанды болады шаһ, Тиеді алтын кесе астына тақ; Мәгерки беті қайтса безер тақтан, Жат жаққа қайтсын безіп біздің жақтан. Бұл шартты сөзсіз Баһрам қабыл алды, Сабырмен сол аңдарға жақын барды. Ол өзі Иемендегі асқан мерген, Талай аң садағынан жайрап өлген. Арқандап арыстанды талай тұтқан, Найзамен талай аңды түйреп жыққан. Қаһарман жүздеп қырған арыстанды, Көргенде бұл екеуін құрыстанды. Қалқанын белбеуіне қыстыра сап, Жыртқышқа барды Баһрам қарсы сол шақ.

Қаһармен ақырды ол арыстанша, Тәжді алды арыстандар жабысқанша. Сәл бұғып арыстандар айбатынан, Сескеніп арыстандай қайратынан. Тап берді бірақ аңдар құтырынып, Найза тез ауызына кетті кіріп. Шаһ қанын арыстандар жұтпақ еді, Мирасын патшалықтың құртпақ еді. Аңдардың бірақ Баһрам, басты мысын, Бояды аң қанына ақ қылышын. Бастарын арыстанның қағып кетті, Майданнан ата тәжін алып кетті, Басына киіп оны таққа мінді, Бақытқа тәңір жазып жетіп тыңды. Тәжді ол арыстаннан тартып алып, Түлкіні ата тақтан қуды барып. Баһрам әкесінің тағына мінді Көк – тәңір шаһ туды деп аян еткен, Жарық күн шарапатын баянды еткен. Жұлдызға қарап көрмей шаһтың жүзін, Байқады сәуегейлер тағдыр ізін. Арыстан жұлдызының үйірінде, Баһрамның тақтан тұрды биік мүлде.

Муштари, Мерген, Овна1 Зуһрасымен, Жайнатты Баһрам үйін пейіштей кең. Алқалап Утаридты күн аспандап Берді аян, елестеді сол асқан шақ. Аспанның нышандары нұрға толды, Оныншы ай, алтыншысы Баһрам болды. Бақыттың кесесінен ай нұрланды, Баһрам қанжарымен қаһарланды. Кейуанның қолы тұрды таразы боп, Кең шалқып аясында қазына көп. Мүбәрәк нышанмен ол түскен жарық, Ізгі шаһ таққа мінді бақыт дарып. Тақ – кеме жүзді гауһар теңізінде, Гауһарды мол таратты елге өзі де. Қаншама қазынаны жұртқа берді, Патшалық шарапатын халқы көрді. «Тәж киіп, шаһ атанған бұрынғы шал, Тәйірі ұқсамайды мынаған сәл». Десіп жұрт жаңа шаһтың ісін ақтап, Мейірімін, даналығын кетті мақтап. Деді жұрт: «Даңқың артсын жас патшамыз! Әлемде асқан әділ шаһсың нағыз!». 1 Мерген, Овна,– жұлдыз есімдері, бұлақ бақытты болудың нышандары.

«Ұлы шаһ!»– деп атады мобедтер де, Көтерді сұрқылтайлар туын өрге. Баһрамды бәрі солай мадақтады, Басқаның әке тағын ел ақтады. Осылай Баһрам тәжбен асқақтады, Дабысы жетті жұртқа алшақтады. Разы боп Алласына, құт бағына, Оқыды ол мінәжатпен құтпа, дұға. Баһрам-Гурдың әділет құтбасы Тағдыр жазып міндім әкем тағына, Зор құдірет медет берді бағыма. Мадақ айтып, тәубе етемін тәңіріге, Хаққа жардың жарылқаймын бәрін де. Арыстаннан тәжді әперген қанжар ма? Тәңір мені патша еткен Аджамға. Тәжді киіп, таққа ие болғанда, Әділ болам тәңір үшін бар жанға. Медет берсе жаббар өзі мәрт болам, Нала болып жүрмесін деп жұрт маған. Достарым мен сұрқылтайлар сендер де, Адал жолмен адымдаңдар өрлерге. Теріс жолдан басын тартқан адал ер, Әділдіктен ая тауып, гүлденер.

Оң құлағын сақтамаған жарандар, Сол құлағын қасіретке арандар. Барша жанға тиер қамқор нәсібім, Әділдіктің кең ашамын есігін. Ақ іс үшін алдық қолға билікті, Әділдіктен жұртым менің сый күтті. Жауыздыққа – жауыздықты төндірем, Ізгілікке – ізгі пейіл білдірем. Жасыл аспан жайнап тұрған бұл шақта, Ізгі жандар тыныш кетсін ұжмаққа. Тірілерге қорған болам мейіріммен, Зәбірлемей іспен ізгі пейілмен. Мүмкін қадар кешіремін айыпты, Залым болма, мейірімді бол байыпты». Осылай ақыл ізгі айтты толғап, Иілді сұрқылтайлар сөзін қолдап. Кеңесін жақын топпен етіп тәмам, Кетті ол дем алуға кешке таман. Биледі ол әділ, дана іспен жұртын, Разы боп халқы соған берді ырқын.

Әр іске білгірлермен ақылдасты, Бүліксіз жұрты тыныш қауымдасты.

БАҺРАМ-ГУРДІҢ ӘДІЛ БИЛІГІ Отырды ұлы таққа шаһ Баһрам, Иранға сәулет беріп шат-шадыман. Жеті алтын таған тағын тұр көтеріп, Жеті зерлі белбеуі көрік беріп, Қос түсті қытай тәжі тұр басында, Румилық қамқа шапан арқасында. Румнан ол ізгілікпен алым алып, Төледі Чин қаһаны оған салық. Көрсетіп фак, мүскінге қамқорлықты, Күйретті жауыздық пен жемқорлықты. Ордасы құлпын ашты мұң қапастың, Бөледі шарапатқа ол қол астын. Гүлдеді патшалығы тапты рахат, Мүмкін жұрт тыным алды жайбарақат. Қой қоздап, мал молайды аймағында, Түзге өрлеп шалқыды су қайнары да. Миуалар дарақта мол толқындады, Ділдалар саф алтыннан жарқылдады. Баһрам шаһ барша істің біліп сырын, Сұмдықты ашты терең көп жасырын.

Шаһ ісі ғибрат болып әкімдерге, Барша Иран алға басты, гүлдеп өрге. Әкесі билегенде сорлағандар, Масайрап сарайына толған солар. Қазына қамалдарды билеп сақтап, Жүргендер шахта кілтін берді жақтап. Хош алып келген бұйрық жарлықтарды, Әр әкім шаһ ісіне шабыттанды. Ісіне патшалықтың жұмылды шаһ, Халқына игі тілеп күшін жұмсап. Күйзелген мемлекетін түзеді де, Әкелді босқындарды өз еліне. Қойларды сұм қасқырдан бақты сақтап, Сұңқар мен кептер өсті қатар баптап. Ол ескі сойқандықтың шуын басты, Хайуандық, зұлымдыққа күрес ашты. Ойрандап, дұшпандардың таянышын, Достардың жебей берді адал ісін. Адамдық қасиетті етті ғибрат, «Ізгілік пендеге хас, зәбірлік жат». Қорлама, балағатттап залымды да, Онан да өлтір жылдам жалындырма!»

Кешпесең күнәларын мейірім ашып, Имансыз жауыздарды өлтір асып. «Дүре мен қорлау – сұмдық асқан шектен». Тартты шаһ жұртты өзіне ғаделетпен. Жаны ұлы, сақилығы болды күшті, Мейірімі әр пендеге бірдей түсті. Қайғыға берілген жоқ Баһрам бірақ, Берілді думан-тойға шадыман-шат. Фәнидің баянсызын түсінді ол, Жүрегін жан рахатқа ұсынды ол. Аптада бір күн іспен шұғылданды, Алты күн – ләззатқа тек қиды жанды. Махаббат есін алды, төзім кетті, Есігін махаббаттың дүбірлетті. Махаббат арбамаған пенде бар ма? Өмір жоқ махаббатсыз тұл жандарда. Дүниеде ол махаббатты ардақтады, Ғашықтар сарайында бұлғақтады. Ғарышқа жерден шалқып даңқы кетті, Биледі ол кең әлемдей мемлекетті. Бұл тұста тықсырылды дүре қылыш, Ағылды қазынаға алтын-күміс.

Аджам мол мәуелі болды бір бақ, Баһрам мейрімді күн – шамшырақ. Аян іс билеушіге – құлға жат қой, Аздырды күншілдерді алапат ой. Алласын ұмытқанды – қаһар соғар, Адамға мейрімсіздер апат болар. Байыса пасық сондай пітнәлар, Құдайға тәубә етпей қырсықтанар. Ал бір күн сол байлығы құрып қалар, Темір, от, қан мен бейнет – соры болар.

ҚУАҢШЫЛЫҚ ЖӘНЕ БАҺРАМНЫҢ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҒЫ Бір жылы түз біткенді алау аптап, Дән бітпей қуарды жер, бетін қақтап. Күллі Иран астық шықпай нәрсіз кепті, Аш дихан малша күйсеп жеді шөпті. Аштықтан елі мұңмен иді басын, Өсірді саудагерлер нан бағасын. Жеткізді ел апатын шаһқа барлап, «Жер бетін аштық жайлап, жатыр жалмап. Зарланып, аштан қатып жатыр жұртың, Қасқырдай адам жеуге берген ырқын». Соны естіп Баһрам дереу берді жарлық, «Ашылсын астық тұрған албар барлық». Елдегі әмір берді хакімдерге, Шаһ қоры берілсін деп, ғаріптерге. Қоймамнан барша қала һәм қыстақта,– Алсын жұрт нанды тегін аштық шақта. «Алыңдар бай астығын пұлға сатып, Аштарға нан беріңдер, жай таратып.

Құтылған шақта жұртың бұл аштықтан, Құстарға жем себіңдер сол астықтан! Болмасын бір аш адам патшалықта, Ырзықты аямаймын аш халыққа!» Қоймаға аш мүскіндер кеп жеткенде, Қапшықтап шаһ бидайын әкеткенде. Алдырды сатып дәнді басқа елден Таратты оны жұртқа аштық көрген. Аяп ол әке қорын тарылмады, Мейірімі нөсердей боп жауындады. Төрт жыл жер еміренбей нәрсіз қатты, Ашаң жұрт шаһтан көмек алып жатты, Апатта Кейдің атын ол ақтады. Оны жұрт: «Ізгі шаһ!» деп мадақтады. Иранды құтқарды ол қайғы-мұңнан, Әйтсе де, аштық бүріп өлді бір жан. Сол үшін Баһрамды басты күйік, Қыстағы қатқан судай жатты тұйық. Көтерді жерден басын бір кез бірақ, Язданға жалбарынып жәрдем сұрап: – Өзіңсің бар жәндікке қорек берген, Сенімен жомарттығым келмейді тең?

Кішіні өз қолыңмен ұлы етесің, Ұлыны пәс етесің, күйретесің! Қолдағы азық-түлік аздау менде, Жетпейді киіктерді жемдеуге де. Сен ғана құдіретті пәрменіңмен, Қорегін жан-жәндіктің бере білген. Аштықтан өлсе бір жан не шарам бар, Айыпты мен емеспін, кешір, жаббар! Аштығын сол мүскіннің білмей қалдым, Білдім де енді, міне, қапаландым, Язданға жалбарынды солай Баһрам, Ғайыптан бір үн шығып болды қайран! «Кең пейлің үшін сені тәңір кешті, Аштықтың енді еліңде оты өшті. Жеріңде төрт жылға бойы өспеді дән, Қорыңды жұртқа бердің сен мейірбан. Бақытты болады елің төрт жыл енді, Білмейді жоқтық, ажал дегендерді. Ақиқат – төрт жыл солай дәуірледі, Тартпады қасіретті қауым елі. Өз елін жарылқаған бақытты шаһ, Жұртынан аулақ болды аштық, апат.

Өрбіді аман-есен үбірлері, Дәулеті шапқын елдің дүбірледі. Халқының артып саны масайрады, Сән құрды жаңа салған сарайлары. Тізілді үйлер жаңа шаһарына, Ұласты алшақ үйлер қатары да. Бір соқыр келсе Рейден Исфаһанға, Жағалап жетер үйге тосқан алда. Бұл сөзің нанымсыз деп, сынамашы,– Кінәлі, жазбай кеткен жылнамашы. Жұрт өрбіп жейтін ауыз өсіп кетті, Ал ырзық жейтіндерге асып жетті. Жарандар тау мен сайда тыным тапты, Өзендей шаттық нұры шалқып ақты. Тойларда көштік жерден қос-қос тұрды, Шырқап ән, чанг, рубаб, барбатты ұрды. Күн сайын көше гулеп, тамашалап, Тоғанда, арық бой тұнды шарап! Бәрі ішті, ұмытты олар сақ қанжарды, Сауыт қап, киді жібек шапандарды. Ұмтылды шулы майдан ызғындарды, Садақ пен сақпандардан безді бәрі.

Шамалы ауқаты бар пенделерге, Рахатты тапты мәз боп, бұл кезеңде. Ал нағыз жарлыларды аяп патша, Көңілін көтерсін деп берді ақша. Баршаны игі іске жұмылдырды, Шаттықты көтерудің сырын білді. Бөлді шаһ күнделікті екі жайға, Еңбек ет, содан соң тек, ішіп ойна. Алмады жеті жылдай жұрттан салық, Жүз жылғы мұң терегін кесті жарып. Шақыртты алты мыңдай ең шеберді, Суретші, күйші, биші, әншілерді. Өнері асқанға сый бергізді ол, Шаһарды, қыстақтарды кездірді ол. Әнімен елге рахат тудырсын деп, Халықпен өздері де бір күлсін деп. Сәуір1 мен Егіз2 жұлдыз тұрған қоршап, Зуһра, Әлдебаран3 көкте ұшқан шақ. Басар ма мұң адамды бір сәт илеп, Сәуір мен Зуһра тұрса көкті билеп? 1,2,3 Сәуір, Егіз, Әлдебаран – жұлдыз аттары.

БАҺРАМ ЖӘНЕ КҮҢ Баһрам аңға шықты бір мезгілде, Аң іздеп алас ұрды тау кезді де, Таң ата жүйткіп атпен қырға шықты, Жебесі бір киікті атып жықты. Муштари, Мергеннен бір дүзген еді, Муштари шаһ садағын жебеледі. Алыстан аңшылар да келді қуып, Үйірін киіктердің айдап жуық. Аңшы шаһ разылықтан жай таппаған. Бөгеді атын әрең ойнақтаған. Кермесін садағының қалды тартып, Зулады жебе лек-лек желде шалқып. Мүлт етпей мерген атты дәлдеп атты, Үріккен киіктерді көп жайратты. Атылған киік болса – шарап әзір, Қуырдақ ашқараққа болар мәзір. Осылай шаһ жебесі аңды қырды, Істіктей киіктерге жебе кірді. Тіпті бір желдей ұшқан жүйрік аң да, Жебеден құтылмады қашып жонға.

Баһрамның болды сұлу бір күң қызы, Ғажайып туған айдай жарқын жүзі. Сыйқырлы аты оның Фітнә еді, Жаныңды арбап күлсе тіпті әдемі. Ән салса, алтын шекті қақса шалқып, Оралар ұшқан құстар үні тартып. Думанда аудан тыным тапқан шақта, Шырқайтын әнді, даусы ұнап шаһқа. Жебе ғой шаһ қаруы, қызға жебе, Шектер ғой өнер сазы тез денеге. Көрінді көкжиектен сол бір сәтте, Киіктер үркіп қашқан арғы шетте. Шаһ көріп шапты сайға боз тұманды, Садақтан жіпті шешіп, оңтайланды. Жебесін шығыршыққа енгізді де, Кермені тартты жебе кетті дүзге. Қадалды оқ қашқан киік сауырына, Жануар құлап түсті сары құмға. Аз уақта талай аңды ол жайратты, Оқ бітсе, арқан тастап байлап бақты. Ал күңі, тұрды бұған теріс қарап, Келмеді мақтағысы бұл деп ғажап.

Ызасы келді шаһтың үн қатпады, Қырдан бір киік сонда бұлғақтады. «Қысық көз түрік қызы!– деді, оған шаһ, Қарамай аяйсың ба менен мадақ. Мергенмін, маған баға бермейсің бе, Қысық көз, әлде ештеме көрмейсің бе? Әне бір қашты киік жебең жетер, Құйрықтан жалға дейін тесіп өтер!» Сол күң қыз тапқыр еді сөзге епті, Мінезі қыңыр, өткір, өр жүректі. «Мақтайын сол киіктің тартып садақ – Құлағын тұяғына қойшы қадап». Қиқар сөз шаһ ашуын шарпып кетті, Желден де зымыран оқты талап етті. Кермеңе қорғасыннан оқты салды, Сол оқпен аң құлағын атып қалды. Безектеп аң тұяғын құлаққа ұрды, Құлақтан түсірем деп оқ құрғырды. Шаһ оғын жай тасындай зулады да, Тұяғын тікті аңның құлағына. Күңіне айтты патша: «Көр ісімді!» Күң айтты: «Тыңдырдың бұл жұмысымды.

Бұл өзі емес, сірә, қиын кәсіп, Мұндайға керек қой тек дәйім машық. Тұяғын құлағына аңның тіктің, Ерлік пе, ол ісі ғой ептіліктің!» Қыз сөзі шаһтың сағын шаншып өтті, Ашуы айбалтадай жарқ-жұрқ етті. Жүрегін қаһар басты, ыза қайнап, Мейірімін түнек басты, зілін қайрап. Ал патшам, күйретпеші мәзлұм жанды, Айрылма әділдіктен, тый ызаңды. «Фітнәні өлтірмесең көрем азап,– Әйелін ер өлтірсе болар мазақ. «Өзіме дақ түспесін!» – деп зілденді, Шақырып қолбасыны бұйрық берді. «Балтамен шауып өлтір мына күңді, Ордама осы тағар сұмдық мінді. Ғайбатты болмас бізге бояу қанға»– Сұрқылтай қызды әкетті таяу тауға. Қыз басын қияйын деп білте шамдай, Үйіне әкелді ол тауға апармай. Сонда қыз жасын төгіп жалынды оған, «Өзіңе қас болмасаң түсін маған.

Сұмдықты жасап алма, ақылға бақ, Күнәсіз пәк қанымды жүрме арқалап. Сырласпын, сүйіктімін Баһрамға, Күңдерден ашына мен – жасырам ба? Думанда шаһтың тапты жан рахатын, Досындай ол да төкті мархабатын. Жын арбап бастым шалыс, қыңыр-қисық, Мейірімді ұмытты шаһ ашу қысып. Қалайша өлтіресің? – дос-ақпын шын, Өлтірме бүгін мені тос екі-үш күн. Жалған айт шаһға мені өлтірдім деп, Егер шаһ разы болса құп күлімдеп. Уа, онда Фітнәні өлтіре бер! Өмір жат – оған лайық қу қара жер. Мүбәда Баһрам мені қалса аяп, Құтылам бұл ажалдан төнген таяп. Өзің де құтыларсың ар зілінен, Айтармын саған алғыс наз үніммен. Хұрмасы құдіреттің бекер солмас, Қазіргі құнсыз Фітнә мансұқ болмас. Сый берем сенің ізгі көмегіңе, Тас алып алқасынан,– деді міне!

Сардарға берді жеті лағыл тасты, Бұлардың алтыннан да бағасы асты. Орманның екі жазғы сиына шақ, Түсінді қыздың назын сардар ой сап. Фітнәға титтей залал келтірмеді, «Үйімде даяшы боп сен тұр»,– деді. Атама Баһрам атын ешбір жанға, «Даяшымын» деп тарат осы маңға. Өзіңе парыз істі атқар ар мен, Назыңды ұмытпаймын – етем жәрдем!» Ант беріп келісті де есен қалды, Пәледен, қыз ажалдан қорғап жанды. Сегіз күн өтіп сардар шаһқа жетті, Қыз жайын Баһрам тез сұрап кетті. «Жыланды айға бердім,– деді сардар, Қаны үшін құн төледім төктім де зар». Баһрамның жаспен көзін тұман басты, Сардардың жүрегінен үрей қашты. Сардардың бар еді аулақ жерде, Оңаша тас сарайы тұрған өрде. Шыңдардан мұнарасы асқан биік, Толқынын жасыл көктің тұрған сүйіп.

Биікке шыға алмас басқышы бар, Шатыры ай-жұлдызбен тұтас шығар. Күрсінген сонда жалғыз Фітнә ғана, Күндері өкінішпен өтті дара. Сол маңда бір сиырдан туды бұзау, Сол бұзау болды ерке һәм дені сау. Күн сайын Фітнә оны мойнына сап, Апарды мұнараға құздағы асқақ. Көктем мен Сәуірді күн әкелер, Ай бұзауды қалайша тік көтерер? Күн сайын әлжуаз жан сол қыз бейбақ, Бұзауды шықты арқалап құзға бойлап». Көтерді алты жылдай шың жартасқа, Өгіз боп бұзау жетті алты жасқа. Сұлу қыз, гүлдей нәзік ісі ғажап, Күн сайын зіл өгізді шықты арқалап. Жіңішке қыз мойыны қандай күшті, Семірсе өгіз, қыз күші ширай түсті. Сардармен бір күн кеште қалып жалғыз, Бір сырды бастады сол шалдуар қыз. Алқызыл төрт інжуді сырғасынан, Үзіп ап, айтты сырын қыз жасырған.

«Сен осы асыл тасты сатып жібер, Қайырма маған пұлын сатылса егер. Сатып ал ақшасына өзің қарап, Сояр қой, алуа –шекер, шәрбәт –шарап. Бал шарап әнбірәнің иісі аңқып, Сарайда тұрсын үстел дәммен шалқып. Падиша келсе бізге шық алдынан, Тәжім ет, иіп басыңды шұлғып оған! Жабыс сен шылбырына Баһрамның, Жайып сал адалдығын арлы жанның. Баһрам жаны ізгі, кең мінезді, Келсе үйге қуантады екеумізді! Осынау мұнарада бұлтты жарған, Жасаймыз патшаға сай тойды дарқан. Егер де бұл ойымыз шешім тапса, Бұрылар тағдырымыз ізгі жаққа». Алмады гауһардан сол безді сардар, Мың түсті асыл тастар өзінде бар. Керекті қазынасынан пұлды жұмсап, Алдырды той тамағын патшаға шақ. Мұнда фара, Үндістанның барша дәмі, Зафран, жеміс, балық, құс симады.

Райхан гүл, жұпар шарап, тәтті тағам, Қойылды суфра иісі гүл аңқыған. Баршасын әзір етті сардар өзі, Күтті ол шаһтың аңға шығар кезін. Шұғыл көп жұмыстармен қалған шаршап, Тау кезіп аңға шықты бір күні шаһ. Сайдағы құс пен аңды атпас бұрын, Құс болып өзі торға түсті бүгін. Таңертең бел-белестен жортып өтті, Көзіне нулы абат түсе кетті. Көрді ол жасыл гүлді сая бақты, Пейіштей бейне ая салтанатты. Көз арбап жапырақпен жел ойнады, Деді шаһ: «Мынау қандай байдың бағы?» Сарайдың иесі естіп шаһ дыбысын, Ұстады келіп шаһтың үзеңгісін, Жүгініп жерді жалап,– деді шапшаң,– «Құлдарға рахымы мол, тақсыр патшам, Менікі мынау абат сен сыйлаған, Тамшысы шарабыңның тамды бұған. Құлыңа ұшпу ізгі болды ая, Ұнаса жүрегіңе тыным сая.

Бұл жайым саған жақса мәртебем зор, Тәкаббар емессің сен, мейірімің мол. Жалынам кір бағыма гүлім жайға, Дән – риза,– қарт нөкерің – болсаң мейман. Сыйыңмен сенің жомарт болдым да бай, Күмбезі көкті жарған салдым сарай. Мұнара тұр асқақтап гүлдер орап, Шаһ сонда жұтса бізден зәмзәм шарап,– Есігін мұнарамның жұлдыз өбер, Жұпар жел жан саяға нұрын төгер. Ағызам өгізден сүт, шыбыннан бал!» Бұл сөзді шын жүректен айтты деп шан! Шаһ айтты: «Тілегіңді алдым қабыл, Аң аулап, кешке үйіңде алам дамыл». Баһрам нөкерімен кетті жүріп, Жиһазды даяшылар жатты жуып. Баршасын сардар өзі шықты байқап, Кілеммен үй пейіштей тұрды жайнап. Төселді қос-қос кілем алаңға ашық, Лағыл мен інжу септі құмдай шашып. Аң аулап серуеннен оралды шаһ, Кілеммен Хуттал1 тұлпар өтті ойнақ сап. 1 Х у т т а л – Памирдағы жер аты.

Шаһ биік басқышына басты қадам, Көрді ол мұнараны аспандаған. Күмбезі Хаварнактай асқан биік, Тұрғандай жұлдызды аспан соған тиіп. Кәусермен аңқып тұрды дастарқаны, Әнібрә шарап тәтті астар дәмі. Тағамға Баһрам тойып болған кезде, Айналып шарапты ожау, кетті лезде. Шаһ жайнап, бал шырынды жұтып еді, Жібітті гүл маңдайын шықты тері. Деді шаһ: «Қандай досым мерейің кең Жәннәт қой, басқа үй жоқ үйіңе тең. Мұнараң асқан биік қандай ғажап,– Төбесін бұлт арқандай тұр алқалап. Япырау, алпыс басқыш алып шыңға, Қалайша шығып жүрсің, алпысыңда!» Ол айтты: Мәңгі жаса патша ағзам, Үр қызы құйсын саған шарап-зәмзәм! Еркекпін, машық маған тау қиясы, Сатылап шықсам жоқ қой құпиясы. Ал мұнда бір сұлу бар айдай нұрлы, Ақ құстай әппақ нәзік, жібек сынды.

Ал сол қыз мұнаралы сонау шыңға, Мінгізіп зор өгізді иығына, Күн сайын апарады арқалап ол, Сол өгіз қос өгіздей пілден де зор. Аяғын семіздіктен әрең басқан, Көтеріп өгізді қыз дем алмастан,– Шығады алпыс басқыш мұнараға, Ешбір ер ондай зілді шығара ма? Шың түгіл жарты қарыс жерге тіпті, Көтеріп зор өгізді қыздай мықты? Ал әйел шыңға апарып сол өгізді, Биікте таңдандырды көк пен құзды». Қайран қап тістеп алды бармағын шаһ, «Ғажапты қайдан таптың?» – қойды сұрақ. «Бұл жалған, рас болса бұл сиқыр ғой тек, Сенбеймін, көрсетпесең соныңды әкеп!» Бұйырды – тез жеткіз деп, сол сиқырды, Дәті жоқ, күтуге сәл әрең тұрды. Басқышпен төмен қарай шал жүгірді, Фітнәға айтты бәрін, ұғындырды. Әккі қыз, күміс түсті білген бәрін, Әзір де шаһқа айтуға ішкі зарын.

Мүсінін бөлеп қытай жібегіне, Ал күрең нәркез гүлді берді өңіне.

Сүрмемен қасын бояп ғажап етті, Сиқырмен көзінен от жайнап кетті. Інжуді кипариске шықтай жапты, Көп жұлдыз шоғырында айдай ақты. Иығын қолаң шашы, гүлдей басты, Зәңгідей қара бұрым белде айқасты. Қап-қара үндістен де беттегі мең, Зәңгі мен үндіс бойда шайқасты тең. Сәукеле інжу толған тұр басында, Шәлісі құс жолындай ай қасында. Құлақта лағыл жайнап, шашылып от, Көз тартқан дүкендей бір асылы көп. Жеті ауа-дәрмекті түгел сайлап, Он бесте туған айдай кетті жайнап. Өгізге қыз таянды саспай тіпті, Қозғады мойнынан мақұлықты. Көтерді жауһар ойнап тұр астында, Жарқырап су сиырдай сел-тасқында. Бұл өгіз жатыр еді түнде оттап, Арқалап оны шыңға шықты аттап.

Айналып шатырды қыз өтіп жылдам, Алдына келді тақтың шаһ отырған. Күлімдеп тұрды өгізді тік көтеріп, Баһрам қайран қалды мұны көріп. Түсінбей есі кетіп, ұшып тұрды,– «Көрінген түсім шығар бұл бір түнгі». Өгізді түсірді де мойынынан, Қас қағып айтты шаһқа, ойын тұнған. «Арқалап шыңға келдім өгізді мен, Көтеріп кім барады мұны төмен. Шаһ айтты: «Бұл өгізді көтергенің, Талай жыл машықталып төселгенің. Мойныңды үйреттің сен ауыр жүкке, Машық қой одан басқа жоқ қой түк те!». Фітнә басын иіп тәжім етті,– «Алдияр, тағат етіп тыңда гәпті: Сен маған зор қарыздар боласың шаһ, Сен аңды атып едің машықсыз-ақ – Өгізді көтеруге машық қажет, Күш емес көп машығым болды медет. Жасадым, тақсыр, міне, ерлікті мен, Алдыңа машығымды ізет етем.

Киікті атқаныңда дәл көздедің, «Машық қой мұның деп ем – бос сөз дедің! Бұл сөзден сүйіктісін білді Баһрам, Пердені айдан жұлып алды жылдам. Нөсердей көзден жасы моншақтады, Кешір,– деп еңкілдеді, құшақтады. Қасынан қуды бәрін есік жапты, Деді шаһ : «Бұл тас сарай саған жақты. Сен есен сақталыпсың, мен қате еттім, Апатқа айдап сені азап шектім». Отырып шаһ алдына бұрынғыша, Қыз айтты: «Уа, падишам, болма құса, Аластап Фітнәңді мерт етіп ең, Жан бердің кездестің де құдіретіңмен! Жанымды ғашық дерті езді-ау менің, Киіккке дәл тиді ғой, көздегенің. Жебе емес, қорғасын оқ қадалған сол, Қолыңды тәңір сүйді мейірімі мол. Мен байғұс аңқаулықпен байқамаппын, Қарамай сүйіктіме қайда лақтым? Сондай бір кереметті, не ғайыпты, Көрмеуге ақауы бар көз айыпты.

Тақсыр-ау, айыбым ба, жын арбаса, Күдік сап жан сырымды мұнарласа?» Ұшпу сөз жылы тиіп жүрегіне, Деді шаһ: «Сенікі хақ, шын тегінде! Баһрам жарылар ең, тастай сынып, Адал дос, сақтамаса сені күтіп». Сардарын шақырды да сыйлық берді,– Алқалап асыл тасты, інжулерді. Көрген жоқ, ондай жомарт патшаларды, Сыйлады гүлді Рейді, бір шаһарды. Үйіне қайтты патша, көктем жайда, Шашу боп, алуа-шекер қасында Айға. Біткенше жыл маусымы шыр айналып, Сұлудан тапты ләззат шырайланып.

ҚЫТАЙ ҚАҺАНЫНЫҢ ИРАНҒА ШАБУЫЛЫ Баһрамның гүлдеп даңқы жарқын жайда, Байлықтан жер көздеген – жеткенде айға. Қасында асқар ерлер айбат шекті, Даңқ пен ізгі мұрат жайнап кетті. Зымиян сойқандар да үнсіз қатты, Қара су қайғысына бәрі батты. Бар еді Нарси атты қария бір, Шаһқа дос, ақылға бай, дария бір. Дана еді білгір ойы, шамдай жарқын, Болжаған ғайыптардың алдан парқын. Гуштасп, Дар патшалар ұрпағы бұл, Баһрамға мол білімнен шалқытты нұр. Меңгерді парасатпен шаһ жұмысын, Сыйлады Баһрам да сол туысын. Нарсидың болды жақсы үш ұланы, Үшеуі – шал мұраты, күш ұжданы. Білімнің кені болды үлкен ұлы, Бас уәзір етіп қойды, білгір мұны.

Жүз түрлі сыннан өткен өжет ерді, Билетіп қойды патша мобедтерді. Көреген, қиыр жолды көзбен шалған, Ақиқат өмір жолын барлап алған. Басқарды ортаншысы қаржы жағын, Қолында кілт пен саны қазынаның. Бұл ерді, ақтығы үшін ақша жақта, Аджамға бастық етіп қойды патша. Нарсидің кенже ұлы – әскер басы, Әсілі шаһ қасында жан жолдасы. Бар істі уәзірлерге тапсырды шаһ, Оларға сенді патша осы бір шақ. Үшеуі іспен адал шұғылданды, Алаңсыз шаһ жасады той-думанды. Басқарды ол диірменше елін тербеп, Таратты жұртқа барын қолын сермеп. Ал сырттан қайрады жау айбалтасын, Кесуге Баһрамның гүл ағашын. Деді олар: «Иран шаһы көкіп кетті, Семсерді – шарап, дінді – динар мансұқ етті. Күнде мас, масайрайды достарымен, Күйретер мемлекетін аспаны кең...»

Талайлар бақыт жолын ойлап кетті, Көршілер әскер құрып айбат шекті. Чин1 жақтан һәм Тураннан2 шықты қаһан, Қарумен бағынсын деп Иран маған. Тураннан үш жүз мыңдай ләшкер шықты, Бәрі атқыш, айдаһардай әккі, мықты. Баһрамның хакімдерін қырып салмақ, Мавереннахр3 жерін ол басып алмақ. Жейхуннан асып жетті Хорасанға, Әскерін Баһрамның құртты сонда. Пайымдап шапқыншының сол бүлігін, Білді шаһ әскерінің сорлылығын. Кетіпті керенау боп көп ерлері, Ат мінбей, найза ұстамай жауынгері. Дұшпанға сардарлары сатылыпты, Сенімді ер қалмапты қазір, тіпті. Шеттегі уалаяттың ұлықтары, Қаһанға хат жолдапты құбылтқалы. Бөлшектеп билеу үшін Иран жерін, Шаһты құрту сұм ойы әр төренің. Жазыпты Чин ханына: «Саған құлмыз... Басып кір! Сүрінбейді, бағың мінсіз! 1 Чин – Қытай.................................................................................... 2 Туран – ертеде түріктер мекендеген жерді солай атаған. 3 Мавереннахр – Жейхун мен Сайхун аралығы..............................

Әлемді сен билейсің жолың ашық, Патша боп жарытпайды Баһрам жасық». Тілесең – басын кесіп өлтірейік, Болмаса байлап тірі келтірейік. Жалғанда сезілмейтін құпия бар ма, Бұл хатты біліп қойды Баһрам да... Бұлардың сұм ойына шаһ зілденді, Жер-жерде сұрқылтайға билік берді. Тасаға кетті өзі – не деймін деп, Әскерім әлсіз, ханды жеңбеймін деп... Ұлы шаһ соғысудан қорқып, сасып, Деді жұрт – тағын тастап кетті қашып. «Қаһанға тең келе ме?– сұсы басты, Сондықтан тақтан түсіп, өзі қашты». Қаһанға жаушы, міне, келіп жетті: «Баһрам тәжін жұлып қашып кетті. Иранға патша сенсің, биле жылдам, Кейлердің жұл тамырын, билік құрған. Бағынтқан қос өзенді, Хорасанды, Қаһан сол айтқан сөзге сене қалды. Мәз болып оңай олжа, тез жеңіске, Берілді бұл да думан, ғапыл іске.

Қанжарын қынға салып, жауды ұмытты, Ән тыңдап, бейқам тұрып, шарап жұтты. Бұрын ол Баһрамға таққан мінді, Қайталап, енді оған жұрты күлді. Ал Баһрам күшін жиып тосқауылда, Жіберді жансыздарын қас жауына. Қаһанның әскерлерін шықты шарлап – Қуатын, қайрат күшін білді барлап. Паш етті: Қаһан ішіп, ұйқылы мас, Баһрамға қарсылыққа ол шыдамас. Сонда Шаһ қалың қолдан таңдап алды, Үш жүздей сайыпқыран сұстыларды. Бәрі де көзге түскен майдан сайын, Айдаһар – дүзде бұлар, суда – жайын. Анардың үш жүз берік дәнегіндей, Топтасқан, сенімді күш бәрі бірдей. Шаһ жауды сездірместен алдап бақты, Айласын жасырды да, бетін жапты. Жау бетін бүркеп дымқыл көк түтінмен, Қаһанның ошағына кірді түннен. Дұшпанның қадалды тап жүрегіне, Жау сырын барлап бұрын біледі де.

Шаһ түнде тап берді хан ордасына, Шаң бұлты айналып тез бұрқасынға. Қаптады қара құйын түн көгінде, Көрінді әбжылан боп жау көзіне. Тау, дала қарауытты қарға болып, Ай, жұлдыз түнек көкте қалды сөніп. Қаһанның шебі састы жауды көрмей, Жүз мың мас негр түнде лап бергендей. Ажал мен көр тозаңы бұрқап кетті, Түнекте турандықты шырмап соқты. Күмбез көк, қара жібек торын жапқан, Ұқсады құмыраға мұнай жаққан. Сол түнде әнбірәдай күңгірт түсті, Құйындай жауға Баһрам тиді күшті. Түйілді Чинға Баһрам көк жасындай, Түйрелді болат қылыш, найза сынбай. Қапысыз садақтан ол жебені атты, Жебесі қытайларды домалатты. Жебесі мір оғындай тасты кесіп, Шар болат кіреукені өтті тесіп. Болса да қан жаралы, көрмей жауды, Турандар оқ ата алмай, естен танды.

Шуласты «келген ажал – бұл дозақтан!» Оқсыз-ақ жара салып, қан жалатқан». Алыстан жаудың шебін атты абайлап, Баһрамның қолы ширап, шекті айбат. Қара теңізінде жауды құрсап, Үйілді Чин сүйегі тауға ұқсап. Қашқан жау денелері жатты жайрап, Қара жер аққан қанды жұтты жайнап. Баһрамның сұр жебесі қадалғанның, Басынан ұшты рухы шыбын жанның. Таудан күн жарқ етті де, қызарды таң, Ұқсап бір шіләпшінге аясы қан. Қан жұқпаған семсер мен леген бар ма Семсер, леген бар жерде ағар қан да. ...Сайларда қан өзендей шалқып ақты, Жер беті қызыл қанмен шылқып жатты. Тынбады, таң атқанша қызды майдан, Күн емес, от пен жалын ашу жайған. Жебелер бұлтты қуып ызың қақты, Ысқырып әбжыландай жалмап ақты. Жұлқынды бұл шайқаста Баһрам шаһ, Шарқ ұрып алмас жебе жауды жайпап.

Соққанда қылышымен дулығасын, Атының кеудесінен жұлды басын. Шүйілді қытайларға қырандай тап, Болатпен қағып түсті ерден шайқап. Сескенді қаһарынан қалың дұшпан, Қашты олар тым-тырақай әрбір тұстан. Үш жүз ер оларға тым көп көрінді, Үш жүз мың бұлар қалың топ көрінді Қаруын тастап қашты жауынгері, Мұқалды мысы құрып жау жігері. Баһрамның құрыштары жарқылдады, Түріктің қарулары қалтылдады. Қытаймен бірге қуды Турандықты, Жау ойран болар сәтті Баһрам күтті. Қу құмға қуып салды жауды қоршап, Сәріде бұлтты қуған дауыл құсап. Шаһ сонда айтты үш жүз сарбазына, «Сендерге түскен олжа бар қазына! Тағат жоқ тынығуға, өрендерім, Қаһанның құрту керек төрелерін!» Лап берді үш жүз ері арыстандай, Айдаһар қолдарына қарысқандай.

Қисапсыз Чин әскері ессіз қашты, Айрылып ар-намыстан ажал басты. Сол қолы ерте зытып, оңы қашты. Бір тобы дөң сыртында топырласты. Сол топқа атой берді қаһарман Шаһ, Қаһанды ойрандады сонда қоршап. Осынау арыстандар құрыш тырнақ, Дұшпанды шеңгеліне алды шырмап. Заххақтың жыланындай жебе шұбап, Шұрқырап жаралы аттар қашты зымырап. Ойларсың ертегіге бұл ұқсар деп, Жейхуннан әрі қашты түрік лек-лек, Қытайдан көп қазына олжа тапты, Дабирлар санын білмей басы қатты, Мавереннахр аршылды, дем алды Аджам, Жұртына шарапатын иді Баһрам, Еліне жеңімпаз шаһ өктем келді, Халқына қайта бақыт көктем келді. Батагөй мақтап тағы қипаңдады, Шаһ алдын сақалымен сипалады. Шаһ үшін чанға қосып айтылды өлең, Пехлеви ділмарлары төккен ерен.

Сайрады шаһ алдында арабтар да, Рубабтың қосын жырын мадақтауға. Бұл патша ақын жырын сыйлап өткен, Сый берген жақсы жырға зияпатпен. Қастерлеп сол бір күнді шарапатты, Язданға құрмалдықтың отын жақты. Етектен – гауһар, қалқаннан – алтын төкті, Шырақшы абыздарға көп сый етті. Қаншама алтынды шаһ жұртқа берді, Жарлылар жарылқанып бір кенелді.

БАХРАМНЫҢ ӘСКЕР БАСЫЛАРҒА СЫН ТАҒУЫ Бір күні отырып шаһ ордасында, Жинады сардарларын өз қасына. Ежелден келген рәсім ізгі патша, Сыйлайтын қаһарманды жеңіс тапса. Алдында күндей тақтың тұрды самсап, Әмірлер, қолбасылар жұлдыз құсап. Семсердей ауызын шаһ ашып қалды, «Әмірлер, қолбасылар!»,– деп жар салды. «Әскер ол ел айбыны, ел қорғаны, Онсыз ел – меңіреу тастай, қуарғаны. Кешегі майданда ерлік еткен кім бар? Ал кімдер, жан аямай, соғысқандар? Сендерді қалап өзім, өрімдеп ем,– Сайыста, ал, біріңді көрдім бе мен? Кім алмақ менен жүлде лайықпын деп? Кімді айтам бұл даңққа лайық шын деп. Көрмедім сендерді мен қатер кезде, Ажалдан қаштыңдар ма ұқсап езге?

Қайсың бар қатал жауға соққы берген? Айрылған жерімізді елге әперген? «Бабамыз ер Ираж!»– деп мақтандыңдар, «Араштай батырмыз!»– деп шаттандыңдар. Біреуің ұрпақ болдың Пахлаванға Біреуің жиен болдың Тахамтанға!1 Арыстан, жолбарыспыз!– деп бөстіңдер, Шайқасқа түспей кіммен күрестіңдер? Айттыңдар, қараңғыда күңкілдесіп, Патшамыз бейқам және мыйсыз десіп. Дедіңдер!– шаһ шарапқор, думан құмар, Бұл өзі шаһ емес қой, бізге ұнар! Шаттандым шарап ішіп думандаттым, Ал қашан шаһ ісінен бейқам жаттым? Мейлі, ішсем де мен көл шарапты,– Ұйқыда баспас мені жау-жарақты. Мен бейне нөсердегі жасындаймын, Шарапты ішіп сығам тасын жайдың. Иә, мен шарап ішіп әндетемін, Қанжармен елімді мен күзетемін. Алдамшы, ғапыл ұйқым жай елес қой, Мені ешбір ұйықтатқан жоқ шадыман топ. 1 П а х л а в а н, Т а х а м т а н, И р а ж, А р а ш – ертегі-жырдағы Иран батырлары.

Біліңдер, күлмедім мен мастанып бір, Ал күлкім – арыстанда, мастығым – піл. Арыстан, қаны қызса күліп жайпар, Жолбарыс масаң болса, топты тайпар. Ақымақ ішсе ақылдан адасады, Ақылды ішсе пейліне жарасады. Шарапты ішсе мейлі ойлы пенде, Санасын жеңдірмейді ішкенмен де. Бір аяқ шарап ішсем, мұрадым кең, Кейсардың1 тәжін басып тұрамын мен. Шараппен асқақтаймын тастап сарқыт, Қалғанын жау бетіне шашам сарқып. Отырсам достарыммен шарап ішіп, Қолтыққа жер қазынасын қоям қысып. Сақ көзбен қияларға қараймын мен, Істікті жау жанына қадаймын мен. Ал енді тілеуқорлар қорықпасын, Аспан тұр құйып маған шұғыласын. Болсам да мейлі масаң, бейқам бір шақ, Бағымның ақ жұлдызы сөнбес бір сәт. Көп ұйықтап таңды бейқам атқыздым мен Қаһанды ұйқысына батқыздым мен. 1 Кейсар (қайсар, цезарь) – Византия императоры........................

Бейкүнә сол қатемді терең ойлап, Ұрыны үйге түскен соқтым алдап. Енді жау арық иттей кетті қаңғып, Үңгірге жасырынып, мүлгіп, қалғып. Айдаһар жатса қалғып үңгірінде, Арыстан айдасаң да кірмес мүлде». Шаһ солай дана сөзін толғап, түйді, Ұяттан төрелердің беті күйді. Сәждә қып шаһ алдында басын иді, Сездірді пейілдерін қосып игі. «Сөзіңді құлдарыңбыз, құп аламыз! Әлемде асқан дана сіз данамыз. Сақтаған дана сөзбен дауамыз сіз, Сөзіңді сырға етіп тағамыз біз. Тәжіңді берген өзі – бір жасаған, Жұрт сөзі әшейін бос жел ғой саған. Шәк қойып, сенің абзал атағыңа, Талайлар таласты ғой тәж-тағыңа. Тәжіңе ұмтылам деп құлады олар, Жоғалды ғайып болып, сорлы қулар. Ер бар ма сенен асқан бұл жаһанда, Ұқсайсың әлемге таң қаһарманға!

Матадың айдаһар мен диюларды, Жайраттың талай пілді, аюларды. Бүркіт пен күшігенді көктен аттың, Жалынан жолбарыстың сүйреп тарттың. Дүниеде аңшы бар ма, сенен асқан, Алқымдар киігіңді қырдан қашқан. Барыстың меңіне дәл көздеп аттың, Нілдегі жайын тілін оқпен қақтың. Үндінің патшасына қаһар төктің. Туранды семсеріңмен ойран еттің. Қытайдың қаһанынан салық алдың, Румидың Кейсарына салық салдың. Палуан – арыстандар болған бұрын, Ерлікпен ойрандаған жау тобырын, Тек сенсің үш жүз ғана жауынгермен,– Үш жүз мың жау жасағын жайпап жеңген. Оқыдың жазбалардан Кейлер салтын, Шайқас пен тойда асырған атақ-даңқын. Соғыстан Кей-Кубад та даңқ тапты, Ескендірге – майдан мен шарап жақты. Бірақ ол мұнша күшті жауды қалың, Ешқашан жеңген емес қолмен шағын.

Шаһтарын баяғының алсақ еске, Мыңына Баһрам жалғыз тең емес пе? Олардың бірі жаугер, бірі даңғой, Ал өзің ұлы әлемдей данасың ғой. Қылышың соқса жаудың дулығасын, Есіктей екі жаққа айырасың! Тисе егер алмас оғың тасқа мәр-мәр, Қақырап тас дуалдар құм боп қалар. Жыландай найзаң сенің ойнақ салар, Жыландай табаныңда жау тапталар. Сұсыңнан балауыздай балқыр темір, Арыстанның аузы мый боп ерір! Саған хилап құлыңның құты қашар, Қаны қара жандарды дажал басар. Есірсең де естісің ойлылардан, Ұйықтасаң да сен сақсың ояулардан. Қырсығасың! Ішсең де ойда бейқам,– Сен саусың, мас болады дұшпан сойқан. Әлемде асқан дана падишасың, Сұмдыққа – қас, ізгілік жағындасың. Сен билеген шақта тек ел гүлденді, Медет те қажет емес, бізден енді.

Аспанда күн жарқырап тұрған шақта, Бөлей бер бізді дана шарапатқа. Ұлы тақтың жер бетін нұрландырсын, Өзіңе тәңір-аспан нұр жаудырсын!» Осылай айтып шаһқа пейілді ізгі, Гауһарға сөздерімен маржан тізді. Музирдің ұлы Нұғман сөйлеп кетті, Аңыртып алдындағы тұрған көпті. «Шетінен жеріміздің ту шалғайға, Әділ шаһ көтерді ту көктегі айға. Шаһ ісін сарапқа сап, кімдер мінеп, Айтпақшы – қалай өзі тәжге не?– деп. Падишам, тәжді саған берді Яздан, Даңқына барлық ғалам қолын созған. Бір сенің құлдарыңбыз, ордаңдағы, Саяңда жүргеннің жоқ армандары. Байлық қой бізге ұлы қасиетің, Сенсің тек, ақ-қаралар бас иетін. Аджамнан сонау Иемен жерінде біз, Сен үшін ажалға да берілеміз. Ордаңнан жылыспаймын, тақсыр, сенің, Атқардым адал қызмет, таптың сенім.

Сый-құрмет еттің адал қызметіме, Байыдым, асты атақ, құрметім де. Алдияр, патшам маған, берші лұқсат, Үйіме оралатын туды ғой сәт. Әкемнің аясында тынығайын, Шақырсаң – келуге мен әзір, дәйім. Мейлің, қайтармасаң мархаббатпен. Өтемін парызымды арқалап мен!» Сол екен, қазынашыны шақырды шаһ, Бұйырды сый беруге досына шақ. Иранның жиһаздарын әкеп төкті, Мысыр мен Омандағы сән-сәулетті. Маймаңдап даяшылар сый тасыды, Тең-теңдеп қоржындарға көп асылды. Тартуда алтын, мускус бәрі де бар, Сыйланды қырқын қыздар, көп арулар. Үлде мен бүлде берді қисапсыз көп, Жомарт шаһ, бұл фәниде ұқсасы жоқ. Әсемдеп әбзелдерін алтындаған, Арабтың дүлдүлдерін тартты оған. Үндінің мың семсерін көп шыңдалған, Жіберді Араратқа кеме қалған.

Гауһар мен інжу-маржан, асылдарды, Білгірлер Нұғман үшін таңдап алды. Лағылды тәжін тартты басынан ап, Румилық киім берді досына шаһ. Иемен мен Аденді де қоса берді, Нұғыманның мерейі артып аса берді. Қисапсыз сыйлық алып қайтты Нұғман, Зауһардай қарап Айға, жаңа туған.

БАҺРАМ ЖЕТІ ПАДИШАНЫҢ ҚЫЗЫНА ҮЙЛЕНДІ Көп қиын жорықтардан шаршаған шаһ, Берілді жан рахатқа шадыман-шат: Әуелі жұрт мүддесін қамсыз етті, Содан соң өз ісіне бұрды бетті. Иранның жауларын ол ойрандады, Дүниеден ләззат іздеп жайраңдады. Бұрынғы жан рахатын алды есіне, Ұмытты әуре істің әммесін де. Жеті арайға жайнаған Аржан сынды, Фаварнак, жеті сипат тартты сырды. Ол, міне, жеті ғайып сырын ашты, Жеті отпен ғашықтықтың шоғын басты. Біріншісі – аруы Кейдің асқан, Айрылған әкесінен бала жастан. Гауһарын өз затының алды қалап, Мың түрлі жиһаз беріп, зор бағалап.

Қытайдың қаһанына елші шапты, Нәшінде сұсты сөз бар, алып хатты. Қызы үшін қазынасын мол ұсынды, Қосам деп жеті жылда толық сыйды. Баһрамға берді Қаһан ханышасын, Берді көп алтын зейнет қазынасын. Тап берді бір күн Баһрам Рум еліне, Қапыда Кейсар түсті әлегіне. Баһраммен әлі жетпей тартысуға, Қызымен қанша қазына тартты сыйға. Мағрибтың сұлтанына елші салды, Тарту ғып тәж бен алтын сыйлықтарды. Айласы Баһрамның асып кетті!– Мағриб ханышасы келіп жетті. Кипарис сұңғақ бойлы өскен кезде, Жеріне Үндістанның жетті лезде. Үндінің раджасының елтіп басы, Баһрамға әйел болды ханшысы. Елшісі Хорезм келді, міне, Шаһ қызы әйел болып кірді үйіне.

Сақлабтың1 патшасына тарту берді, Үйіне інжу қызы жар боп келді. Жеті ықлым патшасының қызын алды, Шаһ сүйіп жеті аруды қызып-жанды. Бақыт пен ләззат бөлеп Баһрам шаһты, Жас шағы наз рахатқа батып жатты. 1 С а қ л а б – славяндар....................................................................

БАҺРАМНЫҢ ҚЫСҚЫ ТОЙ-ДУМАНЫ һәм жеті сарайдың салынуы Аспанға шықты да күн жайнап ақты, Маңдайынр көк күмбезі жарқыратты. Сәтті шақ болды сол күн, нұр сәулелі, Түнертпес оны мәңгі жылдар тегі . Бұл күні даналарын шақырды шаһ, Ордасы жайнай қалды сұлу құсап. Бақ та емес, құрды кеңес ордасында, Шадыман осынау күн қыс басы да. Бақтағы жиһаздарды үйге апарды, Шырақтар сөнді де бақ қараң қалды. Бұбұлдың тынды үні дымқыл дарақ, «Әне ұры» деп қарқылдар қарға қарақ. Қарға мен үнді туыс деген сөз бар, Үнді де қарақшы1 ғой, ұрлық құмар. Бұлбұл кетіп, қарғалар қалды бақта, Гүл орнына тікендер тұр дарақта. 1 Парсы поэзиясында қарға (қарақ) – үнді деген сөз ұқсас аталады. Үнді де қарға, қарға да қарға ғой. Қарақшыға теңеулі содан.

Таңғы жел – суретші ғой, жерді кезген, Оқалап су тікендер тұр дарақта. Оттың да күшін суық алған ұрлап, Шұғламен судан семсер соққан шыңдап. Ал құйын, шапқыншыдай найза безеп, Ысқырған мұз өзенге қар төпелеп. Құмырада сүт мұздайды қатық құсап, Суйиды ыстық қан да, дымқыл құрсап. Ақ кісті тау жамылған, сай – ақ мамық, Жалбыр тонды аспан тұр, қылауланып. Аш қасқыр улы шөптің кезген үстін, Терісін жұлмалауға қой байғұстың. Көк майса бұрымдарды жер жастанды, Құнары паналады қуыстарды. Химиягер – әлем дарах гүлді алтындап, Жасырды гауһар отын тасқа қымтап. Сол даруар райхан гүлді дару етіп, Құмыраға қойды тығып зәру етіп. Қою су сынаптай боп ұйыр желге, Күміс қаңылтыр бүркенер күн келер де. Шаһ үйін жылы жайнап әйнегінен, Қыста да төрт мезгілдің әрін берген.

Алтын шоқпен шұғылалы, жанған отпен, Мұзды ауа жылып мұнда, суық кеткен. Жеміс пен шарап мыйды маужыратып, Балқыған ой мен жүрек балға батып. Көмірмен қызған алой сандал жанды, Жалбарынған үндідей жалындалды. Зардуштың үмметіне от лаулады, Қуаныш алтын отпен алаулады. Тас өңеште, тандырда от қалтылдады, Алтын жібек секілді жалтылдады. Жалынмен – төс мәуесі көмір лаулап, Қызуы өзегіне түсті саулап. Алма боп қызыл көмір сырттай жанды, Алмұрт боп өзегінде ұрықтанды. Маржан боп шашылды шоқ қарамайлы, Түтіні ұшқын атты ақ арайлы. Қап-қара боп маздады сандал ағаш, Перизат тұлымындай гүл қара шаш. Түріктей күннен туған жайнады от, Зардуштың үмметіне пайдалы от. От өмір, Жүніс жүзі, Мұса ойы, Әз бағы, Ибрагимнің Иса тойы.

Қара мускус боп түсті көмірге дақ, Мыс айнаға түскен бір кіршік құсап. Баһрамдай от жайнады қараңғы үйде, Жайнаған гауһар тастай тар үңгірде. Алау от асыл тастай көзді шақты, Сары, қызыл, жасыл рең жарқыл қақты. Оты боп жас арудың шалқып ұшты, Ұшқындап алқа шоқтар мускус түсті. Алтын мен ақ жалынға үй масайрап, Алмұрттай шешек атқан кетті жайнап. Той үйі ақ жібекпен торқаланып, Қырғауыл, бөденелер шоқта жанып. Қуырған бала аспаз, болған әккі Құстардың қауырсынын жұлып жатты. Сары шоқ ұқсады бір алтын қорға, Ал түтін – ұқсап кетті айдаһарға. От ұқсар һәм дозаққа, һәм ұжмаққа, Пейіші – сәуле, дозақ қой жанған шақта. От – ая дозаққа сол түскендерге, От – пейіш, қыл сираттан өткендерге. Зардуштың көне Зенді атты мақтап, Пірлер жүр көбелектей отқа қаптап.

Жалтыр мұз от шарпыса су боп кетер – Неге от – деп атадық біз, бекер, бекер! Орданың шатырлары тік түрілді, Кипаристей асқақтап көтерілді! Қырғауылдың қанындай қызыл шарап, Құйылып ауыздарға жатты тарап. Құстарды көк қауырсын тастап жатты, Қабабқа вәхир жылдам баптап жатты. Сақталған құмырада шарап көп жыл, Жалындай – дымқыл және судай мөлдір. Ол кезде соқырлар да ішкен аздап, Қуырылған киік еті отта маздап. Қыстың сол құтты күні думан тойлап. Баһрам шарап ішті парқын ойлап. Бал шарап, құс қуырдақ, достар, ән-күй, Қыс болса сол думанды сүйем ылғи! Жымиған қыз ерніндей шарап реңі, Бір жұтсаң – суығыңды сиретеді. Ән-күймен меймандардың миы қайнап, Жүректер балауыздай балқып, жайнап. Шадымнан данагөйлер шарап сілтеп, Қисынды қызу сөздер кетті гулеп.

Бәрі де шын пейілмен мақтап шаһты, Алғыспен ғайып сырын айтып жатты. Алтынның тізбегіндей сөз сабылып, Өзендей алғыс сөздер келді ағылып. «Падиша, жер жүзінде тағың биік, Аспанға атақ-даңқың жетті тиіп. Бөледің жұртыңды сен әділ заңға, Мұндай заң болған емес, бұл ғаламда. Күн басыңмен сен бізді жарқыраттың, Бақытпен нұрын бердің жарқын шақтың. Әр үйге ырыс келді, молдық келді, Қорғадың бізді жаудан сақтап елді. Біз енді хауіпсізбіз, байлық та бар, Бәріне де ризамыз болсын тек ар. Тыныштық, тоқтық, болса үйімізде – Қажет пе інжу, гауһар тегі бізге? Түспейік қаһарына көктің ғайып, Сұқ көзге сақта тәңір шалынбайық. Аспанға сиынамыз, біздер налып, Болсын деп әмсе, бізге жұлдыз жарық, Алда да бақыт бізді орай берсін, Қуаныш бейбіт нұры арай берсін!

Әулие жұлдыз жебеп шаһ үйінен, Кетпесін рахат дәні жел-құйынмен. Жаса шаһ, мәз думаның арылмасын, Сен үшін етер пида халқың басын!» Осылай баршалары жалбарынды, Әр мейман жүрегімен шын жарылды. Сұқбаты ізгілердің қызық өтті, Шаһ үйі ыстық сөзбен жылып кетті. Отырды бір жат жұрттық түсі бөлек, Маңғаз ол төре тұқым болса керек. Ол күндей жүзі нұрлы Шида аты, Суреткер, сезгір сұлу, жан сипаты. Білгірі әр ғылымның сегіз қырлы, Сәулеткер, асқан шебер, көп сиқыры. Тастарды жаныды ол балауыздай, Көп жасар әлеміші әрін бұзбай. Қашап ол сарайларды өрнектейді, Дуалға ғажайыпты суреттейді. Қарасаң ол жасаған ордаларға, Фархад пен Мани болар таң соларға!

Дарытқан яздан оған бұл өнерді, Баулыған Симнар өзі сол зергерді.

Нұғманға Симнар сарай салған кезде, Болысқан сурет салып сол күмбезде. Бұл Шида жақсы көрді Баһрамды, Ұнатты парасатты сергек жанды. Орнынан тұрды да ол сол бір шақта, Бас иіп ұшпу сөзді айтты шаһқа. «Егер шаһ лұқсат етсе, берсе жарлық, Ираннан кетіремін мінді барлық. Ғалыммын ашып жүрген аспан сырын, Ғайыбын жұлдыздардың ашқан бұрын. Туғанда аян берген оған дарын, Үйреткен шеберліктің Симнар бәрін. «Болжадым жұлдыз сырын көк жүзінен, Аспаннан шаһқа қастық жоқ сезілген. Фәнидә тағдыр жазған жасауға ұзақ, Қаһардан қорықпасын, алдияр шаһ, Жанындай сау болады денесі де, Көктегі Лушадай жер өресінде. Берілді маған аян пір қолдады, Орнат деп шаһқа лайық жеті орданы. Аспанның ал деп нұрын жеті арай, Болсын деп жеті түсті жеті сарай.

Жеті қыз шаһқа тиді, жеті нұрлы, Елінің сипаты бар жеті түрлі. Сай болсын әр аруға сарай түсі, Жайнасын жеті жұлдыз, күн, ай түсі. Орай ғып күн мен жердің өзгерісін, Жаңартсын жеті сайын өзге түсін. Шаһ рахат тапқан шақта бір жарымен, Жайнасын сол жұлдыздың ажарымен. Осынау кеңесімді құп алса шаһ, Әр кісі қанаттанар айға шырқап. Патшалық шарапаты кетер тасып, Алаңсыз шаттық рахат көңілін ашып». Шаһ айтты разымын сол жеті орда, Алтынмен жарқырасын гүл орманда. Ал мен бір сәт кетпеймін бе, тәңір жаққа, Несіне әуре болам салтанатқа? Салмақсың жеті орданы арнап маған, Жұмақтай ішкі жағы дәл аумаған. Нәпсім тек сол жайларда жай таппай ма,– Қай үйде жалбарынам мен құдайға? Ләззатпен масайрасам көп сарайда, Тауап үй қайда маған, құдай қайда?

Бірақ шаһ мұным теріс деп ойлады, Шәкшілмін әрнәрсеге маңайдағы. Естір сол жаратушы жер мен көкті, Қай жерде оқысаң да ақ тілекті. Соны ойлап шаһ шебермен таласпады, Рухтанып теріс ойын аластады. Симнардың өрнегінен көрген өзін, Қоршаған перизаттар қадап көзін. Сондағы ақ мұраты болды ләзім, Жар болып жеті жұлдыз төкті назын. Шиданның қонды сөзі жүрегіне, Ол сабаз сәуегейдің бірі еді де. Бірақ шаһ айтпай сырын ол күн бүкті, Шидаға сездірмеді сәтін күтті. Жанымен сеніп тағдыр жұлдызына, Шеберді шақыртты ертең құзырына. Үлгісін жеті орданың өзі қарап, Құрылысқа керек затты айтты қалап. Пұл берді, адам берді жеткілікті, Құрылыстың басталатын сәтін күтті. Сарайды салар шағын күтті бірақ, Сәт шағын жұлдыздардың тосты шыдап.

Тылсыммен болжап шебер жұлдыз баққан Дәл тапты сәтті күнді өзі ұнатқан. Әуелі құдіретке оқып дұға, Негізін бір сарайдың салды Шида. Екі жыл жеті орданы салып бақты, Сәріден орман барып ағаш шапты. Сәулеткер қандай ұлы шебер дерсің Ғажайып сарайларға сүйсінерсің! Өзінше әр орданың сыр-сипаты, Бұл ары, шебердің шын ілтифаты: Баһрам көрді бақтан жеті орданы, Жеті көк күмбезіндей жарқын бәрі. Симнарды өлтіргені Нұғманның – Аузында жүрген еді бар жаһанның. Барша жұрт Нұғманға айтқан нәлет, Сабазға Симнар сынды салған әлек. Шидаға төгіп Баһрам шапағатты, Сыйлады бай шаһарды Бабек атты. Шаһ айтты:– Нұғман жаза басқан шығар, Хақым жоқ оны қазір даттап сынар». Симнарды сараңдықтан өлтірді ол, Жомарт боп шаһ берген жоқ гауһарды мол.

Ежелден рәсімі ғой фәнидің сол, Біреуге түсер олжа, біреуге сор. Сусаған кетер суға сарқып күшін, Сыйлықты алды Шида, Симнар үшін! Атар таң біздер үшін қараңғы ғой, Пендені тағдыр билер – амалды қой.

ЖЕТІ САРАЙДЫҢ СИПАТЫ Кубадтың тәжін киіп жау жеңген шаһ, Хосроу шамын айға жеткізген шаһ! Шеберлер өнері мен күшін жұмсап, Бисутун1 сынды ордалар тұрды самсап, Жеті орда – жеті күмбез көкке жеткен, Әр күмбез бағанасы жалт-жұлт еткен. Дуалмен қоршап қойды сарайларды, Шаһ соған шығып көкке таяу қалды. Жеті орда жеті жаһан боп көрінді, Жеті жұлдыз секілді жеті нұрлы. Бас күмбез Кейуанға бағышталған, Мускустей қара таспен нақышталған. Орда бір муштариден елес берген, Сандалмен іші-сырты әсемделген. Баһраммен қызғылт тартты нұрлы сарай, Порфирмен болды түсі қызыл арай 1 Б и с у т у н – Бағыстан, ескі наным бойынша құдайлар мекені, Хамадан мен Кирмишаһ аралығында, Мұнда Дарақ патшаның көне жазулары, түрлі өрнектер сызылған мұралар бар.

Ал орда күн белгісі жарқын түскен, Жайнады күндей сары алтын түспен. Күмбез сол Зуһра жұлдыз нұрын берген. Мәрмәрі шұғылаланған ақша реңмен. Утарид ая болған құтты сарай, Көк аспан жанған бейне утаридтай. Ал орда туған айдай түсі нұрлы, Көктемдей, шаһ бағындай – гүл құлпырды. Сәулеткер жеті орданы тез орнатты, Жеті арай жаһан сынды нұр-сипатты. Ол шаһқа жеті әлемнен нұрды берді, Жеті ару жетеуіне күліп енді. Әр ханша өз ордасын алды таңдап, Жүзіне, нәсіліне дәлін барлап. Сәні мен ішкі мүлкі әр орданың, Көркіне, түсіне сай, құрған бәрін. Жеті күн жетеуінде болып Баһрам, Әр күні бір сұлумен шекті сайран! Сенбіде Кейуан күні қара ордаға, Шаһ кірді-аян берді оған дана. Шаһ барды сары ордаға жексенбіде, Әр түні әр сұлумен өткен бірге.

Тұрса да рахат тауып қай сарайда, Бөледі оны орда күн мен айға. Сиқырлы жаны сұлу ой саналы, Әр ханым падишасын аймалады. Әр ару шаһ жүрегін арбағалы, Тосылды аузына алуа, балы. Арулар мейман жоқта үйде оңаша, Әңгіме айтты шаһқа таң-тамаша. Баһрам жеті сарай салды сәнді, Бірақ та құтылған жоқ, ажал алды. Низами! Тарт көзіңді фәни бақтан! Онда гүл тікен болды сені шаққан. Баһрамға пейіш нәпсі болды дозақ, Ойлан сен, бұл жалғанда – алдау, азап.

Бірінші хикая СЕНБІ. ҮНДІ ХАНШАСЫ Сипатын жеті арудың жаны сүйіп, Ләззатқа берілді шаһ жанып-күйіп. Сенбіде мускус қара күмбез жаққа, Шаһ келді үндістандық перизатқа. Рахатпен кешке дейін құрып сауық, Берілді мәз думанға, ләззат тауып. Шұғласын ақ жібектен күнгі шақтың, Жапқанда қара мускус қабахат түн. Кашмирдің ертегісін тіледі шаһ, Аңқыған хош иісті самал құсап. Леп берген түнгі шықтан, түнгі бақтан, Аңызды таңғажайып сырға батқан. Гүл сөзбен айтшы – деді – тамсандырып, Маужырап балқиын бір ынтам құрып. Ағытып мускус қалта түйген басын, Ақмарал бастап кетті хикаясын. Шаһтың ән-күйлі сазын көк тыңдасын, Төрт бүрлі айдан асып толқындасын.

Падишам күн сөнгенше жасай берсін, Барша шаһ басын исін, соңына ерсін! Болмасын думан ғана шаһтың бағы Әлемнің асылдарын алсын тағы! Перизат, Кашмир гүлі – бастан кетті, Аузынан бәлзәм шырын аңыз төкті. Ұялып мөлдір көзін төмен тікті, Әңгіме әлемде жоқ мұндай тіпті.

ЕРТЕГІ Ақсақал падишадан ата тегі, Туысым мұны маған айтқан еді. «Пейіштей ордамызда қыздар толған, Болды бір жас перизат жүзі солған. Ай сайын сол қыз бізге келіп тұрды, Киімі шылғи қара, түсі мұңлы. Сұрадық: Неге қара киінесің? Не сыр бар, неге мұнша күйінесің? Ақ күміс жүзің неге қарайланды? Түсіндір қайғы шоғың қалай жанды? Сен бізге ізгілікпен сүйіктісің, Неліктен қара киіп, күйіктісің? Ақыры, сол перизат айтты сырын, «Айтайын уақиғаны өткен бұрын. Басымда жамылғаным қара жібек, Жамылдым қайғы шегіп сорлы жүрек. Сезер деп сіздер сырды күткен едім, Ашайын, сол қайғымды бүккен едім. Патшаға қырқын болдым мен бір кезде, Ол әділ, пәрмәнді һәм кең мінезге,

Патша еді көрген талай қасіретті, Сондықтан қара киіп, қайғы шекті. «Қара киген падиша»– деп аталды, Көктің сор жұлдызына ол маталды. Жасында алтын аптап, жүрді жайнап, Айрылды мәз шағынан соры қайнап. Шапағат мейірлі боп мадақ тапты, Ол жұртқа таңғы гүлдей күлім қақты. Сарайы асқақтады айлы әлемге, Меймандос ашық төрі келгендерге. Әрдайым дастарқаны дәмге толған, Күні-түн арылмады меймандардан. Мейманы не дегдар ма, не мазлұм ба, Бәрі де сый-зияпат көрді мұнда. Сұрады меймандардан бәрін патша, Не көрді, не боп жатыр қиыр жақта. Меймандар айтты, патша тыңдай берді, Көз ілмей атқызды да таңертеңді. Осылай уақыт өтті тыныш шақта, Меймандос салтын бұзбай тұрды патша. Ал патша бір күн құстай болды ғайып, Таппады іздетсе де хабар жайып.

Талай күн жоқтап оны қайғырдық көп, Жоғалды самұрықтай зым-зия боп. Ғайыптан патша бір күн пайда болды, Үн-түнсіз өз тағына қайта қонды. Ләм деп шаһ тіл қатпады тек түнерді, Кигені шылғи қара, түндей реңді. Басқарды елін солай бірнеше жыл, Бойынан қара киім шешілмей бір, Бақсыздық болмай сірә, дертті болған, Қайнар судай түтікте тұтқындалған. Патшаның қасында мен болдым дәйім, Бір күні күрсінді де айтты жәйін. Падиша үнмен мұңлы айтты налып: «Қарашы аспан маған тұр қадалып, Иремнен күшпен мені сүйреп келді, Мәңгілік қара зілге илеп берді. Сұрай ма ешкім қайда жоғалдың деп, Ақ шашқа неге қара орандың?– деп. Сол сөзін үнсіз тыңдап аядым да, Ойланып, басты қойдым аяғына, Тіл қаттым, уа, қамқоры бейбақтардың, Падишам әділ, әзіз ой мен парқың.

Сені тергеу көкке балта сермегендей, Ер бар ма ғайыбыңды ашар сендей?» Сенді де маған патша сөзге басты, Гауһарын қашап, мускус қабын ашты. «Дүниеге патша болып келгенімде, Кең аштым есігімді мен әркімге. Келген сол меймандардан сұрай бердім, Ізгі, сұмдық жайлардан көргендерін. Үйіме бір жат мейман келді түнде, Қап-қара киімдері кіл үстінде. Салтынша мейманға дәм бергіздім мен, Сұрадым қонақ жайын игі жүзбен. «Білмедім ахуалыңды айтшы маған, Кигенің неге қара, түн құсаған. Ол айтты: «бұл жайында сұрай көрме, Самұрықты таппайсың ғой іздегенде» Айттым мен: «Досым бүкпе, бұл сырыңды Айт көрген қызығыңды, сұмдығыңды!» Айтты ол: «Кешір патшам, қайтып айтам, Айтуға тіл жетпейді, сырым сойқан. Жарандар ұқпас менің ғайыбымды, Ұғар тек қаралылар қайғы-мұңды.

Жалындым аш деп ұшпу құпияңды, Ұқпады ол жаным менің күйіп-жанды. Үнімді жалбарынған тыңдамады, Ашпады сыр пердесін зіл қабағы. Бірақ ол кейісімді сезді білем, Ұялып қасарғанға тілсіз мүлдем. Бастады: «Чин тауында бір шаһар бар, Пейішке сән-сәулетті дәл барабар. Аталар –«Сорлы кенті», «Мұң мекені»– Жұрты тек, қара киіп, күнелтеді. Адамы сұлу оның, айдай нұрлы, Өткізер қара киіп айсыз түнді. Бәз біреу ішсе шарап бұл қаладан, Қараны кигізеді, дереу оған. Не үшін қара кебін киінеді?– Айтуға кереметін қиын тегі?! Соны айтып есегіне жүгін артты, Есігін тілегімнің берік жапты. Оның жат әңгімесін ойлап қатты, Шақырттым оны қайта кетіп қапты. Шам сөнді түсті үйге қараңғылық, Ес кетті әлгі сұмдық алаң қылып.

Сол сырдың жалғасын мен білгім келді, Қозғадым ой дойбысын әрлі-берлі. Дойбыма биге шығар жол көрмедім, Дуалға арқан байлап өрмеледім. Жұбатпақ болдым алдап мен өзімді, Ой шыдап, бірақ жүрек көп езілді. Алдыма, жиһанкездер келіп жатты, Сұрадым білмей сырды аузын жапты. Біржола патшалықтан бездім бірден, Билікті туысыма бердім мүлдем. Қаржы мен азық алдым қиын жолға, Мұқтаждық қыспасын деп қиырларда. Қытайға келдім де мен сұрай-сұрай, Таптым сол іздегенді, жар боп құдай.

Иремдей шаһар гүлге тұр бөленіп, Ал жұрты қара киген нұры сөніп. Бәрінің денелері сүттен де ақ, Кигені қарамайдай сиықсыз-ақ! Бір үйден жай алдым да тыныш таптым, Жыл бойы адамдарын байқап бақтым. Еш адам маған жылы сыр бермеді, Бәрінің құлыптаулы еріндері.

Ақыры кездестім ет сатушымен, Байсалды ер, жүзі нұрлы, тынысы кең. Пәк ойлы, ізгілікпен ғұмыр кешкен, Сұм, ғайбат, сөзден тілін тартып өскен. Дос тартып ердім оған көлеңкедей, Кездесе бердім оған күн-түн демей. Болып ап онымен дос, айла таптым, Алдымен сыр ашуды ойлап бақтым. Сыйлап мен асылдарды аямадым, Достықты ділдә тілмен аяладым. Күн сайын, тартуымды алып жатты, Алтынмен темір аяқ ауыр тартты. Досыма қазынамды арта бердім, Құпия сырды одан тарта бердім. Құйылды алтын оған жаңбырдай мол, Құрмалдық бұзауындай мәңгірді ол. Сыйларым зілдей оның мысын басты, Алтыным езіп жанын құты қашты. Бір күні мені үйіне алып келді, Дәм толы мол дастарқан жайнап берді. Бәрі бар жер сыйының дастарқанда, Қожасы қандай мырза дос барғанда!

Масайрап болып, сұбхат басталғанда, Көп сыйды даяшылар тосты алға! Сыйлығын санап болмас тартқан маған, Өз сыйын қосты сыйға мен сыйлаған. Ізетпен сыйын беріп, сөйледі ол, «Қисапсыз қазына бердің, мырзасың зор. Дүниеде мұндай сыйлық болды ма екен? Разымын тартуыңа тағзым етем. Досым-ау, тарттың сыйды мұнша неге? Қалайша ақтаймын мен, әл жетер ме? Не тіле, аямаймын уәзипәмді, Жалғанда тірлік біреу,– азы қалды, Берсе егер он тірліктің зілін маған,– Салмағын баспас сыйдың сен сыйлаған! «Салмақты болмас, сірә, қоқтық жаннан» Деп қасты нөгеріме қақтым жылдам. Ишарат еттім үйге барып кел – деп, Жасырған алтынымды алып кел! – деп. Саф алтын бердім қанша теңгені мен, Асырдым бұрынғы көп бергенімнен. Ол менің айламды бұл түсінбеді, «Мен саған борыштымын»– досым деді.

Сол үшін сыйыңа сый етпек едім, Сен қайта сыйға мені көп бөледің. Ұят-ай, саған сонша не өткіздім, мен? Үйіңе сыйлығымды жеткіздім мен. Есесін қайтарсын деп, бермеп едім, Менде сондай қазына бар дегенім. Сыйлап-ем, сонша неге пейілдісің? Сен қайта еселейсің соным үшін. Ал, досым, құл болайын саған енді, Ал қайта маған берген дүниеңді. Сендім мен достығына танысымның, Достығы хақ, риясыз, парығы шын. Сендім де айттым оған бар сырымды, Айтқызды бүркемеді ар шынымды. Деп айттым, тәж-тағымды тастап кеттім, Құпия, елі бөтен жаққа жеттім. Білуге – бай шаһарда, шалқыған тоқ,– Неліктен қуанышты бір адам жоқ? Неліктен қайғы көрмей қамығады? Неліктен бәрі қара жамылады? Сырымды тыңдады да естен танды, Қой еді, қасқыр болып ол тұтанды,–

Жүрегі жұлынғандай ол дір етті. Қапыда жын соққандай мүлгіп кетті. «Сұрадың – деді – неге мұндай жайды? Жауабын айтам кешке, бұл бір қайғы. Аңқыды әнбра мен камфара түн. Бөленді жұрт ұйқыға, айқара түн. Қожамның үні шықты: «Тұр, мейманым, Көресің, орындалар ой-арманың, Амал не, саған ізет мен етейін, Ғажайып ғайыптарды көрсетейін!» Соны айтып, мені үйден шықты алып, Меңіреу көшелерді өттік жарып. Бастаушы ол, мен келген жан өзге жақтан , Ешкім жоқ, тек екеуміз келе жатқан. Ол үнсіз билеп шетке мені әкелді, Көрсетті ойран-топыр меңіреу жерді. Әкелді бір қуысқа қап-қараңғы, Перідей, жоғалар ек бұған мәңгі. Тұр екен бір қорабша дуал жақта, Арқанды байлап қойған сол қорапқа. Бастаушым – қорабқа тез отыр – деді, Әп-сәтте көкке сені көтереді.

Білерсің сонда неге біз мұңлымыз, Неліктен қара киіп жүрміз үнсіз. Ғайып бар бұл қорабқа құдіретті, Тек өзі ашар тұйық, сырлы кепті». Сендім де дос сөзіне адал ниет – Мініп ем қорабына уа, керемет!– Аяғым тигеннен-ақ құстай ұшты, Қуғандай бейне құйын, шырқай түсті. Әкетті сүргін көкке мені қораб, Сиқырлы от белбеумен алды орап. Мұнара тұрды асқақ ай қасында, Шығарды мені тылсым дәл басына. Жыландай шыйырылып арқан қашты, Мен қалдым, сұмдық үрей, мені басты Налыдым тәңіріме медет сұрап, Үсте көк, меңіреуде – жер құлдырап. Мұнара шатырында, зәрем ұшып, Отырдым кетті жаным жерге түсіп. Қорықтым аспанға бір қарауға да, Жерге де көз тігуге шарам бар ма? Үреймен есім кетіп, көзді жұмдым, Көнуге қара күшке бойды ұсындым.

Бұл кінәм үшін налып, зар иледім, Қайғырдым, қайда қайран үйім менің. Опық жеп өкінгенмен жай таппадым, Күйініп, от ішінде жалтақтадым. Уақытым түс көргендей, өтті бір сәт, Аспаннан құс келді де жайды қанат. Отыр ем жалғыз жылап сол құс сұсты, Өзі – тау, қауырсыны қара түсті. Құйрық пен қанаты шоқ шынар сынды, Тұяғы тік бұтадай жуан қырлы. Тұмсығы Бисутундағы бейне баған Ал тілі айдаһардай жалаңдаған. Алып құс қауырсынын сілкіп қақты, Тастады жерге гауһар қабыршақты. Қанатын сілкіп түзеп қаққан сайын, Шаңдатты мускус бұлтты көкке дәйім. Үстіме қонып сол құс кеттім мүлгіп, Бөленіп мамығына жаттым жым-жырт. Бұл құстың сирағына нық жабысам, Ойладым сонда жермен тез табысам. Мейлі, не пәлені көрсем жерде, Құтылар айла жоқ қой көктен менде...

Залым дос, опасыздық етті маған, Азапқа душар етті анталаған. Бәлкім ол қазынама қызықты ма? Ажалға айдады ма, бұзық мұнда?» Осылай зарладым мен, атқанша таң, Жер даусы жетті маған бұлдыр тұңғиықтан. Басында құс жүрегі дүбір қақты, Үстінде құс қанаты діріл қақты. Қанатын жайды биік желкеннен де, Жармастым сирағына бекем менде. Зымыран құс бауырына мені қысты, Жер ұлын алып күнге дауыл ұшты. Сәріден алып ұшты түске дейін, Күн өртеп жан тәсілімге қалдым бейім. Кенеттен үстінде көк дөңгеленді, Байқадым құс айналып жерге төнді. Құсты сол жер мұнары тартты білем, Қалғандай найзадай-ақ жеріме төмен. «Рахмет, – дедім құсқа алып ұшқан, Босаттым сирағын тез қолым қысқан. Көгалға құлап түстім жай тасындай, Жұпар гүл, мөлдір шықты көз жасындай.

Сәтті шақ, көзді жұмып, жаттым гүлге, Қайдамын, хал не болмақ, білмей мүлде. Жүректен үрей жылдам тынбады да, Бір сәтте қарай қалдым жан-жағыма. Көктен де жасыл арай жер нышаны, Көгалға түспеген бұл жердің шаңы. Мұнда мың алуан гүл, құлпырған бақ, Жапырақтар сергіп, тынған су ұйықтап. Көк майса мың құбылып көз арбаған, Жұпар жел жанды мас қып бұлаңдаған. Сүмбілдің сабағымен райханды иген, Раушанды қызыл жасмин тілден сүйген. Жер тарпып аргаваның1 тәтті тілін, Мұнда жер әнбрадай болды шырын. Бұл маңның құмы алтын, тасы жауһар, Төсінде гүл толқыны қызыл каусар. Ақықтай әппақ салқын нұр сипаты – Бұл жанар аспанның бұл зияпаты. Сынапта, жалт-жұлт етіп дүзгендей тап, Судағы балықтары күмістей ақ. Көкмайса жағалары көлбеп жатқан, Масаты қос кілемдей аңыз айтқан. 1 А р г а в а – хош иісті өсімдік........................................................

Жұмыр бел жақұт түсті қапсағай да, Кипарис, емен, терек өскен онда. Меруерттей жар тастары жалтылдаған Дарақтар қызыл алау алтындаған. Алой мен сандал ағаш араласқан, Кезген жел сай-саланы таудан асқан. Рас, мұны – көк рухтары салған баптап, Дауыл мен аңызақтан қойған сақтап. Тәңір көк, жақұт аяқ деген мұны, Ал пейіш «деген мұны – әлем нұры». Көрмедім ғажап жерді бұдан асқан, Мәз болдым сый тапқандай асыл тастан. Сол сайдан әрлі-берлі кездім барлап, Салауат құдіретке айттым арнап. Ашығып жемістерді теріп жедім, Ығына кипаристің жатып едім, Ұйықтап кеттім, үрей болды ұмыт, Рахымы көк тәңірдің маған жуып. Жарым түн жерге жасыл, қара жауып, Бұлттарға сүрме салды арай ауып. Құздардан аңқып иіс келді маған, Көктемнің самал-желі жорғалаған.

Күркіреп өтті күн де сәуір нұры,– Сайларға себеледі, көк жаңбыры. Сай қанды күн нұрына самал соққан, Сай толды аруларға сылаң қаққан. Әр сұлу үр қызына ұқсас келген, Алдымнан өтті бәрі түстей көрген. Сиқыршы тұңғиық түн туғызды ма? Көктемдей жайнап маңым толды қызға. Шараптан қызу, қызық мынау әлем, Меңдеген ақ тәндерді қынаменен. Аузы інжу қызыл гүл, қан қызыл рең, Бағасы Хузистанның қантымен тең. Алтын көз жылан жүзік саусақ толған, Гауһар алқа, сырғалар сән толтырған. Қолында арулардың алау шырақ, Ұшқынды жалындамас бықсып бірақ. Көзімді арбап әрбір бұраң белі, Іңкәр ғып ләззатына тартты мені. Жұлдыздай жалтылдаған кілем тақты, Алшақтап үр қыздары әкеп жатты. Көгалға кілем төсеп, тақты қойды, Ақыры не болмақ деп бүктім ойды.

Сәл бір сәт өтіп еді сол бір кезде, Жарқ етті бір шұғыла тиіп көзге. Аспаннан ай түскендей жерге төмен, Көгал мен гүлді басып көлбеңдеген. Ай емес, аруларға екен патша, Мұдағы қыздар майса, ал ол басқа. Перизат кипаристей гүл қасында, Асып тұр өзге қыздан гүл басы да. Ханымдай ару келіп мінді таққа, Ұйқылы жер оянды сол бір шақта. Бетінен бүркеншікті сәл түргенде, Ордадан шықты патша деме-демде. Алдында румилік ақ ләшкер бар, Артында үнді қара әскері бар. Қас-қағым өткен –де жоқ, дереу ханым, Естідім нөкер қызға бұйырғанын. «Жан жанның иісін мен сезіп тұрмын, Мұнда бар жер пендесі иісін білдім. Жөнел де ізде соны сай-саладан, Айдап кел кездескеннің бәрін маған» Періден жаралған қыз ақты жылдам, Қараңғы сайды кезіп, мүлгіп тұрған.

Көгалдан мені тауып, қайран қалды, Күлімдеп қыз қолымнан ұстап алды. Деді: «Тұр, түтіндей тез зымырайық!» Өзіме керегі сол кеттім тайып. Тотыға ерген қарғадай дедектедім, Тақ алдында тұруды дәметкемін. Топ қыздан шеткерірек тұрдым төмен, Патша қыз: «Орның емес, тұрма шетең, Шық төрге, қасыма кел, орын берем, Шоқ жұлдыз ай алдында дүзер деген». Тіл қаттым: «Уа, патшасы таңғы көктің, Құлыңа айды бекер тағылым еттің. Балкистің тағын басу маған айып, Тағыңа Сүлеймен тек болар лайық!» Бұйырды: «Сен иесің, отыр таққа, Енді сен әміршісің, билік сақта. Өктеммін өзім ғана жалғыз саған, Ашамын ғайыптарды сен аңсаған. Сен менің мейманымсың, құрмет етем!» Бағындым дегеніңе, қайда кетем,– Айрылдым өз ырқымнан, таққа мені Нөкер қыз қолдан ұстап жетектеді.

Отырдым перизаттың қасында мен, Разы боп жылы сөзге қадірлеген. Жайғызды ханым тойлы дастарқанды, Толтырды оған сансыз ас-тағамды. Аяқтар толы жақұт үстел аспан, Аңқауды тартып көзге шаттық шашқан. Жұбандым тәтті дәмге тойдым да мен, Қандырдым жанның шөлін шербет сумен. Келді де кернейшілер, сақи кетті, Ойладым: мендейге, жер сорлысы, құрмет етті, Бақыт та таяу шығар маған енді,– Қыздардан маған мадақ жыр тербелді. Қыл шектер, шылдырмақтар безектеді, Құйын би ойнақтады мәз еткелі. Көгалға башпайлары тимей жылжып, Арулар қанат жайды орғып-зырғып. Содан соң қыздар күліп думандатты, Сақилар шарапты тез құйып жатты. Шарап пен құмарлықтан есім кетті, Қан қайнап тамырымда дүрс-дүрс етті. Ханымға қант ерінді создым қолды, Жүзінен іңкәр көріп, көңілім толды.

Көсілді ғажап сұлу аяды да, Жығылдым қос бұрымдай аяғына. Арудың аяғын мен сүйе бердім, Тартынса – тіпті қатты сүйер едім. Сайрады үміт құсы түнгі гүлден, Екі жаным болса да – қиям мүлдем. Деп ойлап,– бал сұлудан жалындым мен, «Кімсің сен, айтшы сәулем, жаным күлген?» «Түріктің наз қызымын, жүзім нәзік, Атымды Түрікназ деп қойған жазып. Мен айттым: ғажап ұқсас атымыз да! Атымыз үндес келді затымызға. Түрікназ – нәзіктік қой, мен – Түріктазбын, Жалынам түсін енді парқын наздың! Өртейік жын періні қоршап кеткен, Жүректі сергітейік бал шараппен! Бәрін де ұмытайық, ...ләззат тауып, Бөлейік жанымызды рахат жауып!» Жымиған жүз бен көзден ұқтым сырын, «Басыңа бақыт құсы қонды бүгін! Рахат сәт туды саған... жоқ ешбір жан... Іңкәрмін, сүй ендеше құмар болсаң!»

Сүйістің ашты есігін ару сонда, Мың рет сүйіс оты берді жанға. Шараптай сүйістен сол жалындадым, Лапылы айға жетті жанып жаным. Деді ару: «Бүгінше сен, сүйе бер тек, Төңкеріп бал шарапты қойма сілтеп. Әзірше нәпсіңді сен ұстай көрші, Шаш сипап, ернімді тістей берші. Ал нәпсі ақылыңды жеңген кезде, Тәбетің таппай қалса тағатты өзге,– Табынам нөкерімнің ару бәрі, Ләззатқа түнде күндей жарық жаны. Біреуін берем саған өзің таңда, Ырқына көнер сол қыз мен айтқанда. Оңаша беріледі жар боп саған, Тапқызар ләззәтіңді сол аңсаған. Нәпсіңнің басар отын жарқылдаған, Бірақ нәр өзегіңде қалдыр маған. Басқанда түнек дәйім күннің нұрын, Беремін гауһар қыздың саған бірін. Соны айтып нөкерлерін көзбен шалды, Солардан бір сұлуды таңдап алды.

Шақырды ымдап соны тақ қасына, Күлім көз назды сұлу тұр қасымда. Ай сұлу мені жылдам жетектеді, Қараңғы тоғайға бір етектегі. Елтідім қолаң шаш пен меңіне де, Түсімде ну орманда келем міне. Шатырға алып келді мені назбен, Сұхбат таптым қыздан сырлы сөзден. Қойыпты құс төсекті бұрын сайлап, Гүл кілем, торғын жібек тұрды жайнап. Төсекке жата кеттік ауқымдасып, Сүйістік ынтық ләззат мауқын басып. Ырғайдың арасынан гүлді таптым, Гүл шоққа сүңгідім де мүлгіп баттым. Сақтапты асылын қыз тұрағында, Аштым мен соның кілтін бұрадым да. Аруды таң атқанша аймаладым, Төсекте, жұпар атқан жайнап жаным. Шықтым мен құшақтан күн шыққан шақта, Сылаң қыз разы болып жан рахатқа. Алтын көл, түбі жақұт әзір етті, Шомылдым нұрға, бойып сергіп кетті.

Шатырдан шықты түсте шыжып тұрған, Жоқ қыздар кеше мұнда сауық құрған. Бастаудың қасында мен жалғыз қалдым, Сарғайған жапырақтай сәл қозғалдым. Шараптан ішкен түнде әлі маспын, Тершіген маңдайымды шөпке бастым. Тал түстен күн батқанша ұйықтадым, Бақыт қой ұйықтап сәл тыныққаның. Түн-киік мускус қабын ашқан сәтте, Қара мускус желегін жапты көкке. Ұйқының зеңбілінен тұрдым сонда, Түбірдей су шайқаған толқығанда. Түндегідей желді бұлт көкті қаптап, Сайларда жасыл жатты сел моншақтап. Жел сайды желпіп, нөсер нәрін төкті, Жел гүл сеуіп, ал нөсер раушан екті. Сай үстін әрбір мұнар жапқан кезде, Жүз толқын қызыл гүлдер басты лезде. Бұлар сол – үр қыздары түнде кеткен, Әкелді тақты асылмен жалт-жұлт еткен. Алтын тақ көк майсаға қонды қайта, Бүркеді тақты жібек, қымбат қамқа.

Сұлулар бастап кетті мәз думанды, Ән, күлкі жадыратты үнсіз маңды. Жайнатып түн шырағы қыздар тұрды, Ортаға абзал ханым кеп отырды. Бұйырды тап деп мені қыздарына, Қайтадан отырсын деп өз жаныма. Разы боп шақырғанға келген шақта, Мінгізді кешегідей мені таққа. Алдыма жайды жасыл дастарқанды, Дәм, шарап қойылды да шамдар жанды. Аш қарным тойып, қандым сусынға да, Үндесті тамырларым жіпсіп қана. Өзекті шарап өртеп, бас айналды, Шараппен махаббат та жайнай қалды. Түрікназ төкті тағын мархабатын, Оңаша табайын деп жан рахатын. Қыздарға ымдап қасын, қалды қағып, Кетсін деп, сырласуға біздер қалып. Жүректен ынтық отым миға шапты, Ал миым, балауыздай жанып жатты. Шыдамай қызды белден құшақтадым, Төсіне төсті басып, босатпадым.

Патша қыз кешегісін айтты сонда, «Біздікі емес бұл түн, сәті алда. Қанағат тапсаң салқын сүйістен сен, Бұл түні тек сүйе бер, тиіспе сен. Аз мәзір, көп нәзірге жеткізеді, Нәпсіге құлды пақыр еткізеді». Күңк еттім: «Тапшы, патшам, бір айласын, Шерлі боп тұңғиыққа батты басым. Мұнайдай қара шашың, жылан бұрым, Ессізбін, лайықпын мен саған, шыным. Бұғаула жынданбасын десең мені, Сор тұтқын тор бұзбасын десең тегі. Түн өтіп, таудан әне, сезілді таң, Апырау, бітпес назым қайтып айтам?! Немесе өлтір мені аямай-ақ, Қанжарым, міне, тұрмын басты таяп. Жоқ, білем тоғысы бір өміріңнің, Сен бұлақ болсаң, мен де соның мөлдірімін. Сусадым, нәр бермесең құримын мен, Өмірім желмен ұшқан қиырмын мен. Медет бер өліп барам, деп бер маған. Нәр іздеп, суға батып ағып барам.

Күткізіп, ұзақ мені қинамашы, Нәріңнен бір жұтым бер, бұлдамашы. Қадалсын инем жылдам жібегіңе, Әйтпесе күл себем көз тілегіне. Есегім қисайған жоқ, месі мінсіз, Құс түнде гүлде қонып, ұшар күндіз». «Бүгінше бағын!– деді сұлу,– соған түсін Шабдиздың1 тағасы отта қыза түссін. Тартынсаң мақсатыңнан бүгін түнде, Ұстайсың шамшырақты өшпес мүлде. Бұлақты сатып бүгін тамшыны алма, Бүгінгі у болар да – айналады ертең балға. Нәпсіңді бүгін кілттеп, тынсын жаның, Сол үшін бақыт табар келер шағың. Сен сүй де сипалашы шашымды өрген, Ойнарсың күңдеріммен нәпсіге ерген. Бағың бар –несіне сен бақ іздейсің? Құсың бар – құсқа неге өзеурейсің? Кетемін қазір сенен – ойла, шырақ, Бәрібір берілемін – кейін, бірақ. Торыңа түсер балық терең көлден. Ал айды ұстау қиын дәйім қолмен». 1Шабдиз – Хорсоу патшаның дүлдүлі

Байқаймын ару мені алдандырып, Көп сөйлеп сақтанады, ойландырып. Шараппен сілекейін бірге жұттым, Нәпсімді ашпай отқа күйіп күттім. От сүйіс жалын шарап, жанымды өртеп, Мәжнүн болып қайта, алқындым тек. Сиқырлы түрік қызы мені аяп, Жұбатты от жалынды ернін таяп. Тағы да нөкер қыздың берді бірін, Бассын деп жалынымды құйып нұрын. Шатырға кеттім тағы сол бикешпен, Жүректің отын бастым қайға кешкен. Кілемде ойнақтадым перизатпен, Таң түннің жамылғысын сырып көктен. Түн – сыршы жарып бояу құмырасын, Күн шықса көгалда тұр жалғыз басым. Мейлі, тек арманым сол,– тұрдым қарап, Тезірек түн оралсын жұтып шарап. Қытайдың перизатын құшып, сүйсем, Жүрекке жүрек қосып, жанып-күйсем. Рахаттың балы толы түн де келді, Жайнады ай-жұлдыздай тағым енді.

Осылай түндер өтті мәз думанмен, Ән, күлкі, ессіз сүйіс, мол шулармен. Кеш болса, алау, әндер, шаттық шарап, Түн ауса қызды берді маған қалап. Күндіз – бақ, рахат жайым болса, ал түн – Пейіштей мускус жері, үйім алтын. Жәннәттің патшасындай құштым айды, Алдыма бар тілектің бәрін жайды. Ал мен бір тәубесіз жан – уһледім, Ләззатқа батып өзге нәр іздедім. Өтті шақ, отызыншы кеш те жетті, Мускусті көлеңкесін көк келбетті. Бұйра бұлт әнбірәлі көкте желпіп, Тұлымнан ай ғашығын тартты елтіп. Жұпарлы желмен нөсер шауып өтті, Сай-сайға селебесін жауып кетті. Шу шықты, даң-дұң дыбыс көкке жетті, Жайнатып орман сайды күн жарқ етті. Көгалға қырқын қыздар қойды тақты, Әнші мен бишілері сылаң қақты. Патша қыз келді, міне, күн сипатты, Кеудесін қолаң шашы бүркеп жатты.

Сыңғырлап сырнай керней шықты саздар, Наз қолмен құйды шарап, сақи қыздар. Патша қыз айтты нөкер қыздарына, «Досты тез әкеліңдер, қазір мұнда...» Тапты да мені бұлақ жиегінен, Әкелді падишама сүйіп-күйген. Бас иіп отырдым мен оң жағына, Бұрынғы ынты-зарым лаулады да. Махаббат оты өртеп естен тандым, Арқандай бұрымынан ұстай қалдым. Ару тез бау бұрымын тартып қалды, Мәжнүнді өрімімен орап алды. Шырмалған шыбын болдым өрмегінде, Арқанмен жүргіш болдым өрге түнде. Есектей арпа көрген құтырдым мен, Жындыдай елтіп айға жұтындым мен. Ұрыдай жаттың құмар күмісіне, Дірілдеп қолды создым гүл мүсінге. Аймалап ақ мүсінін әлсіредім, Сонда ару артты маған ақ білегін. Қызғанып сүйді ару қолымнан тек ,– Сол қолым асылына қонбасын деп.

Бекілген есігіме қол да созба, Жетпейді оған тіпті, ұзын қол да. Кенімнің кілті берік, мөрі мықты, Сол мөрді күшпен жұла алмайды ешкім тіпті. Дараққа ие болдың шыда, шынық, Хұрмасын жұлмас сынар шыбық. Шарапты іш, келер сосын қуырдағың, Таңды күт жайнар бөлеп нұрына күн. «Уа күнім дедім оған,– бағымдағы,– Көзімнің нұры мен сен шамшырағы! Раушаны ақ жүзінің ақша гүлдей, Қатайшы, қасыңда мен ессіз жүрмей. Көрсеттің сусағанға суды нұсқап, Содан соң дедің: «Ішпе, аузыңды жап. Тағы да жанымды сен салдың отқа, Ақ таға қайтып отта шарпылмақ па? Жүзгенін айдын теріс бөгермін бе? Зәрремен күнге тозаң төгермін бе? Қолымды қайтіп тартам қолға түссең? Азапты қайтіп шегем – сен сүйіссең? Ал, міне, ерініңе тиді жаным, Сүй тістеп! Салқын сөзге шыдамадым.

Қайтемін, түсті теңім түйедегі, Рахым ет, көп қинама, сүйе мені. Аспанның аш қасқыры қаһарлы көк,– Қасқырша талап мені қояды жеп! Тап берер маған тажал арыстан да, Пардустай күл болармын жер құшқанда. Ашпасаң босағасын асылыңның, Азаптан күйіп өлем басып мұңым. Болсайшы патшалардай мейрімі кең, Назымды ұқ, аямасаң құримын, мен. Бітті әлім... енді менен кетті шыдам,– Деді ару! «Тоқта сордан алып шығам,– Басамын ынтығыңды, бақсың маған, Сен менің әміршімсің, күңмін саған! Сай болмас жұпыны сый – сендей затқа, Табарсың соны кейін сәтті шақта. Бүгін сен аймала да көр рахатты,– Төсімді, ерінімді сүйіп қатты. Тек тиме, інжуіме, оны сақта, Мың түн бар күткен бізді алғы шақта. Бақытың сонда. Егер тұрсаң қызып, Беремін айдай қызды, көрші қызық.

Босат сен етегімді бүгін менің, Естідім құр дыбысын, түсінбедім. Дірілдеп – «тиме!» дедім өзіңе мен Маздады темірімнің от жүзінен. Дедім мен: «Шекті шертіп тыйдың нәшін, Талайлар таппай соны қиған басын. Тапқанда сол асылды жатқан дарқан, Жүз бөгет болса қолды қайтіп тартам! Аруым таққа шам ғып, жақшы мені, Немесе буып мені қақ шегені. Рахаттың кілемінде берші билеп, Басымды не төріңде тапта илеп. Өзіңсің жан-жүрегім, көзім, санам, Сенсіз тек көрген өмір, көр ғой маған. Жетсем бір арманыма осы сәтте, Қияр ем, тірлігімді өткен текке. Жандыршы шұғылаңды бүгін түнде, Күйейін, кетсін дертім жанып мүлде. Тыңдашы! Қаным тулап тұр кеудемде, Жанымды, шақыр жендет, алсын демде! Сол кезде қаным қайнап, кетіп есім, Тап беріп идім қыздың гүл денесін.

Нәпсімді жалын атқан баспады қыз, Сөйледі – сол отымды басқалы қыз. Жалынды: «Ертең болар зарыққаның, Басарсың құмарыңды жарып жаның. Бір күн ғой, шыда отыңды ертең басам, Есігін асылымның өзім ашам. Шыда осы, бір-ақ түнге, бір түн ғана, Шын ғашық шыдайды ғой, бір жылға да! Деді қыз, мен соқырдай белін қыстым, Жындыдай аласұрып, қыса түстім. Жүз есе өршіп кетті жан құмарым, Шыдамай есім кетіп жалындадым. Жырттым да босаттым мен ышқыр бауын, Аруға ұнамады шыдамауым. Айтты ол: «Сен бір сәтке көзіңді жұм, Ашамын асылымды қазір шыным. Көрсетіп асылымды биле дер ем, Сонда жет, ләззатыңа ерік берем!» Осы бір тәтті сөзге елтіп қаппын, Аруды босаттым да көзді жаптым. Сендім де наз сөзіне күттім сәтін, «Көзіңді аш!» дегенде тез бітті дәтім!

Ынтығып аруыма қарап едім, Көрдім тек – қораб, арқан, қыр белеңін. Ару жоқ, үр қызының бірі де жоқ, Күйіндім, салқын желмен желпіндім көп. Қалған бір көлеңкедей батар күннен, Түрікназ – күн ғой батқан, батармын мен. Сол кезде ет сатушы досым келді, Құшақтап маған көңіл хошын берді. Ол айтты: «Жүз жыл айтсам сенбес едің, Енді өзің бастан кештің таптың сенім. Көрдің ғой құпияны біліп болмас, «Осыны айту қиын,– білген оңбас». Өкініш өртеп мен күйіп-жандым, Қайғырып қара киім киіп алдым. Дедім мен: «Мұңлы мендей, сорлы, досым, Ой меңзеп, ұшыраттың шерге тосын, Дариға, арманым да болды ғайып, Қараны кию енді маған лайық!» Басыма қара жібек бүркедім де, Қаралы қаладан сол кеттім түнде. Ордама келдім қара жүрегіммен, Қаралы падишамын түнерген мен!

Есуас құмарлықтың кесірінен, Айрылдым дүниеде бар несібімнен!» Шаһ маған осы сырды айтқан шақта, Ұқсадым, күңімін ғой мен де шаһқа! Іздедім Ескендірдей хаят суын! Ай едім қара бұлттай енді сыным. Қарамен көмкерілді патша тағы, Қара түс, жақсы гүл ғой бақшадағы. Балықтың сүйегі ақ, қара арқасы, Жасқа сән – болса қара шаш пен қасы. Береді қара көздер әсем сипат, Мускустың қарасы да келер қымбат. Болмаса аспан түні қара жібек,– Сол түнге қояр ма еді айды бөлеп? Жеті қат көктің өзге әрбір түсі, Солардан тек қара түс ең күштісі». Әлқисса, үнді қызы таңғы шақта, Бітірді бұл ғажапты айтып шаһқа. Разы боп Кашмир қызын мадақтап шаһ, Ұйықтап қалды қызды ол құшақтап.

Екінші хикая ЖЕКСЕНБІ. ТҮРКІСТАН ХАНШАСЫ. Жайнап бір тау аңғары, қыр белесі, Алтынын шашқан шақта күн сәулесі . Сол күні жексенбіде Баһрам шаһ, Алтынды киім киді күнге ұқсап. Ұқсап бір, жүзі күннің арайына, Кірді шаһ зәулім сары сарайына. Жүрегін онда рахат беңқам басты, Атын шарап, ән-күйге тез ұласты. Шұғыласы жексенбінің өшкен кезде, Күн түсті рахат тапқан сол күмбезге. Қытайдың жұлдызынан шаһ тіледі, Бал сөзбен балқысын деп лал жүрегі. Туранның гөрегені1 сыр аңсады, Ертекті – ордаға сай сыр мен сәні. Тілегін айтты да шаһ сөзді күтті, Ұнатпас бұлтаруды патша тіпті. Бастады ертегісін қыз Ягманаз: «Саған шаһ бағынды Рум, Туран, Тараз. 1 Г ө р е г е н – патша күйеуі.............................................................

Көп жұрттың патшалары келіп саған, Мадақтар, сәлем сыйын беріп саған. Кесірдің бас имеген талабына,– Басы оның жатар пілдің табанында». Осылай Чиннің қызы сыр бастады, Шырақтай леп түтіні будақтады.

ЕРТЕГІ Ғираттың шаһарында ертеде бір, Ақ жүрек әділ патша шеккен өмір. Күндей ол мейіріммен сүйді халқын, Көктемдей наурыздағы болды жарқын. Ерлікпен даңқы оның асқан еді, Ақылы, білімі де асқар еді. Болса да тумысынан бақытты ол, Өткізді қасіретпен уақытты ол. Әулие әлмисаққа жазған оған. «Әйелден хауіп төнер түбі саған». Сондықтан үйленбеді, сол кесір кеп Басыма әлек салып жүрмесін деп. Әйелден безіп сол шаһ тұрды жалғыз, Ордада күн өткізіп еш алаңсыз. Бірақ та жалғыздықтан жапа шекті, Ғайып бір іздеп жарды көңлі кетті. Бірнеше сұлуларды алды сатып, Алмады бірде-бірін шаһ ұнатып. Көп қызды осылайша қайырды шаһ, Келмеді біреуі де көңіліне шақ.

Бәрі де – бибі хатын болмақ еді, Байлығын Қарынбайдың алмақ еді. Болды бір шаһ үйінде бүкір кемпір, Мыстандай, қу, пітнә, пәлеқор бір. Ордаға қырқын қызды әкелсе шаһ, Сол мыстан бұзды қызды іріткі сап, Азғырды: «Рум бикеші» сен болып бақ, Аяма сый-нәзірді өзің жұмсап. Уәсуәса сөзге еріп күңдер бейбақ, Патшаға жақпай бірі кетті аулақ. Жалғанда достың көлгір сөзі күшті, Талайдың арбап басын, жұлып түсті. Жалған дос қарсы шықпас бұқпадан тек, Ойрандар үй-күйіңді оғын бүркеп. Қыздарды қанша сатып алса да шаһ, Көңілі бірін қалап болмады шат. Көп күңге сақинасын салып бақты, «Маған тең бұл емес» деп қайта сатты. Күңдердің бірін алып, бірін сатты, Шаһ күңнің саудасымен шығарды атты. Жан-жақта естіген жұрт сөкті шаһты, Жұмбағын білмей бірақ басы қатты.

Алайда патша бұдан болып мазақ, Құштарын таппады бір, тартты азап. Жұлдызы қырын жар таппады, Күндерден ләззат таппай жалтақтады. Шаһарда сауда қызды сол бір шақта, Құл сатқыш біреу келіп айтты шаһқа. «Келді бір бай саудагер көне Чиннен, Ғажайып мың сұлумен мың құбылған. Тау асып, шөлейт құмды жарып келді, Қытайдың мың сұлуын алып келді. Күлкісі қыздарының күнді шағар, Көрген жан махаббатпен ләззат табар. Ішінде бір ару бар... ол әрине, Перизат ондай қыз жоқ бұл фәниде. Сырғасы інжу – өзі пәк одан да, Саудагер деді: «Қымбат жаныңнан да». Еріні – ақық, тістері лағыл маржан, Сөзі тұз – бірақ күлсе тәтті балдан. Сәулетті тәңір оған бере білген, Сөйлесе шекер төгер нәзік тілден. Аузынан алуа-шекер төгілгенде, Шұбыртар сілекейін көрген пенде.

Күң сату жұмысын көп жүргіздім мен, Қайранмын сипатына бұл қыздың мен. Миндальдің бұтасындай гүл жайнаған Осы күң адал әйел болар саған!» «Көрсет деп бәрін маған қуанды шаһ,– Көрейін ерте бәрін құмарым сап!» Саудагер ертіп келді күң қыздарын, Шаһ ұзақ қарап шықты қыздың бәрін. Бәрі де айдай сұлу, қайсысы шақ, Тек содан бірін ғана ұнатты шаһ. Осы қыз асқан сұлу күн сипатты, Саудагер айтқан қыздан қияпатты. Шаһ айты саудагерге: «Құп, алайын!» Бұл қыздың мінезінің айтшы жайын? Ұнаса мінезімен бұл қыз маған Екі есе пұл төлеймін қазір саған...» Саудагер айтты сонда: қара оған, Әдемі, һәм ақылды, сөзі бәлзәм. Алайда кесірлі бір бар мінезі, Төзбейді өкімдікке менмен өзі. Қарашы түрік қызы сұлу қандай! Пәк жаны асыл қанмен ұйысқандай.

Шын айтсам, осы қызды әркім алды, Бәрі де қиянатсыз тез қайтарды. Тәкаппар өктемдікке бас имейді, Қағады қолын, патша болса мейлі, Зорлықпен махаббатын бағындырмас, Ондайға қолын сілтеп, мойнын бұрмас. Бұл күңнің қыңырлық бар мінезінде, Кідісін байқап тұрсың сен өзің де. Егерде мінезің тік болса сенің, Уа, патшам, болмас бұл қыз көксегенің. Бұл қызды қалап бүгін сатып алсаң, Ертең-ақ қайтарасың маған шапшаң! Шын айтам, осы қызды ала көрме, Күңім көп, таңда бірін қайта көр де. Таңдасаң жаныңа сай сұлуды ерен, Сол үшін пұл алмаймын тегін берем». Шаһ сонда мың сұлуды қайта қарап, Алмады бірде-бірін жаны қалап. Әуелгі қызға қайта қарады шаһ, Ләззаты ауды соған, әлегін сап. Сүйген сол қызды алып кетпек болды, Білмеді, жұмсар ойнап, қайтып қолды.

Келмеді айрылғысы бір көргеннен, Ойлады назбен ертіп, меңгерем мен. Сақтанды әбестіктен ойға батып, Махаббат билеп, қызды алды сатып. Төлетті қазынашыға көп күмісті, Күмістен әппақ қызға құлқы түсті. Күңді алды жылдам нәпсім басылсын деп, Айдаһар бақты – жігі ашылсын деп. Қыз-ойнақ һәрамінде шаһтың сол қыз, Құмдаққа өскен гүлдей тұрды үнсіз. Ұлпа гүл ақ қауызын ашып жайды, Ғашық шаһ сыр сездірмей, құр мұңайды. Сұлу да үй ісімен шұғылданды, Сол үйдің ханымындай болып алды. Жатар үй есіктерін жапты кілттеп, Шаһ үшін бір есікті жаппады тек. Шаһ қызды кипаристей тұтып биік, Қыз төмен бұға берді басын иіп. Бір күні қызға келді бүкір мыстан, Бүгуге шынар қызды, ары қысқан. Ал күң ше? Тұла бойын ашу буды, Кемпірді сөгіп берді, әрі қуды.

«Ханым емес, мен күңмін тұтқындаған, Даяшы болу ләзім мұнда маған!» Бұл сөзді патша жедел естіп қалды, Түсініп үйден қуды сол мыстанды. Ынтығы сол қырқынға қызып жанды, Күніне өзі құл боп естен танды. Тамаша түрік қызын жаны қалап, Шаһ жүрді ғашықтығын жай тасалап. Сұлу да шаһқа ғашық болып еді, Алайда ашып сырын төгілмеді. Сұлумен кездесті шаһ бір күн түнде, Чин жібек, қамқа тоны тұр үстінде. Айқарып алды қызды жайып құшақ, Жүректің төкті назын жүрген сусап. Қыздың да махаббаты жанып кетті, Сезіп шаһ ынтызарын налып төкті. «Уа, хұрмам жапырағы дірілдеген, Көзісің жан-жүректің күлімдеген. Кипарис тік пе сендей, сенсің сұңғақ, Ай – сенің қасында бір тесік аяқ. Бір сәулем өзіңде тұр бар тынысым, Ақ сөйле, бұл назымның парқын түсін!

Естісем өзіңнен бір шын ілтифат,– Тағдырым мүсініңдей табар сымбат. Таратуға қыз мейрімін ізгілікпен, Ақша гүл, алуа төкті қызға үмітпен. Тәлімді тәмсілді бір айтып кетті. Сүлеймен, Балкис жайлы бір ертекті. «Болыпты екеуінде бала жалғыз, Бірақта қол-аяғы мүлде жансыз. Бір күні Балкис айтты: «Сүйіктім-ау, Денеміз екеуміздің дұп-дұрыс сау. Баламыз неге кемтар? Қолаяқсыз, Құдайға не жазып ек сондай-ақ біз? Ем-шипа ұлымызға табу міндет, Данасың, жаз ұлыңды дару іздеп. Құдайдан Жәбірейіл келер саған, Айт сонда мүшкіл халді, налып солған? Періште көгіне сол қайтқан шақта, Қарасын «Лаухулдағы» жазған хатқа, Бар ма екен ем, сірә, бір ғарып ұлға? Айтсын ол қайда сол ем, бар ма мұнда? Мүмкін бір шипа тауып ұл жазылар, Өртеген дерт қайғыдан ой арылар!»

Сүлеймен орындауға уәде етті, Жәбірейіл келе қоймай көп күн күтті. Бір күні Жәбірейіл түсті көктен, Сүлеймен айтты шерін ұлдың шеккен. Періште ғайып болды келді қайдан? Әп-сәтте, келді қайтып тап құдайдан. Жәбірейіл деді сонда: «Бар ондай ем – Ғайып ем, шипасы тек екеуіңнен,– Шарты сол зайыбыңмен адал сырлас, Екеуің бастан өткен сырларды аш. Ашсаңдар сырларыңды қойған жауып, Жазылар ұлың жедел шипа тауып». Сүлеймен естіп мұны үйге қайтты,– Балкиске періштенің сөзін айтты. Қуанды Балкис байғұс бұл лепеске, Ұлына іздегені ем емес пе! Сөйледі: ақ жаныммен жарқылдаған, Айтайын бүккенімнің бәрін саған!» Сүлеймен дүниенің шам-шырағы – Баршаға сүйіктісің деп сұрады. Бірақ сен сүйдің бе тек мені ғана? Болды ма жан-жүрегің маған таза?

Ханымы айтты: Сенші адал жанға, Сен күнсің, сенсіз күн жоқ бұл жалғанда. Болсаң да керемет жас мен қалаған Саған тең келмесе де жалғанда адам, Болсаң да асқан патша ізгі жақсы, Болсаң да пейіш баққан сұсты сақшы,– Ғайыпты болмысты да бастасаң да, Саусақпен жаһанға сұс тастасаң да. Болсаң да шұғылалы күндей ғажап, Болсаң да бақыты асқан, әлемге шаһ,– Ал кейде сұлу жасты көре қалсам, Нәпсімді тия алмаймын, шыным, нансаң! Осыны айтып ана тоқтағанда,– Көтерді жансыз қолын ұлы сонда. «Анажан! Қолым міне!– көрші байқап,– Жазылдым медетсіз-ақ!– деді айғай сап! Шипалы ұлын көріп қуанғаннан, Ананың есі кетті, күйіп жанған, Тіл қатты: жын-періге ие патшам, Данасың, қаһармансың даңқың асқан! Ал сен де аш сырыңды ұлды сүйсең, Жазатын аяғының емісің сен.

Бір ғана сауалыма бер жауапты: Байлығың шектен асқан, салтанатты. Тау құрдың алтын, гауһар, інжулерден, Өзгеден бар ма кезің рақат көрген?» Сүлейман хақ пайғамбар айтты сонда, «Рас, менен асқан патша жоқ жалғанда. Балық жұлдыз басынан айға шекті,– Құпия сақтап жүрмін бай дәулетті. Құдірет мол байлықты мәңгі берген, Сонда да дәметемін келгендерден. Қараймын қолдарына не сыйлар деп, Осындай пиғылым бар ұялар тек». Осыны хақ Сүлейман айтқан шақта, Ұл тұрды қан жүгіріп екі аяққа. «Әкежан! Қара маған тұрып кеттім, Шипалы лебізіңмен рахым еттің!» Деді шаһ жазды солай мүгедекті, Шипа боп хақ елшісі мейірін төкті. Ақ айтсақ, адал болсақ бір тұруға, Сілтенсін тоятыма жебем тура. Уа, сәулем, айымсың сен, жарқын менің, Сүйемін, неге мұнша салқын едің?

Егіліп, зар төгемін, күйінемін, Телміріп қарап саған иілемін. Арусың, нұр сипатың қандай ғажап!.. Қатал боп неге мені еттің мазақ?» Түсінді сонда сұлу падишасын, Амалсыз айтты шаһқа сұлу расын! «Бұл менің күнәм емес, шын торығар, Бақ емес біздің рудың бір соры бар. Өліпті анам,әжем жедел лезде,– Күйеуге шығысымен жүкті кезде. Күйеуге шықсақ – өлу, тағдыр қарғап, Еркектен мен өзімді жүрмін қорғап. Алдияр бас ұрамын расымды айтып,– Жанымды сәл ләззәтқа қиям қайтіп? Тірлігім қажет ерсіз түнерсем де, Сәл рахат уын жұтып күйрегенше. Падишам, ләззат емес, тірлігім зар, Шыным сол, болмаймын мен ешкімге жар. Қақпағын құпиямның аш, еркіңе бер, Ордаңда қалдыр, мейлің сатып жібер. Беріліп ақиқатқа айттым бәрін, Шаһ, сенен жасырмадым, ақ қой арым.

Енді аш, құпияңды маған ашсаң – Уа, тақсыр, жаһандағы асыл патшам, Айтшы сен, жинап неге күлдің қызды көп, Қуасың сорлыларды жылда жүздеп. Тұрмайсың бір аптада бірімен де, Неліктен салқынсың сен бәріне де. Соларды кептер сынды ұялатып, Шырақтай сөндіру ме, қияға атып? Аспанға көтересің, әлпештейсің, Бейбақты аластайсың, мыңқ етпейсің?» Шаһ сонда жауап қатты: «Ерік бердім, Олардың сүйіп бірін елікпедім. Келгенде бәрі жақсы тәжім етті, Кешікпей жандарынан сезім кетті. Ордамда ханым құсап жарқылдады, Күтпеді бірақ мені, салқындады. Болмаса жаның соқыр, біл шамаңды, Әр құрсақ қадірлемес адал нанды. Тек темір құрсақ қана талғамайды, Жей берер, қаламай-ақ дәмді жайлы. Әйелге еркек етер, өліп-талса, Сүйгенін мақтай берер елтіп сонша.

Ал әйел жапырақ қой жел айдайтын, Жүрегі бар ма оның, айнымайтын? Алтынды көре қалса қызығады, Безбенге басын артып бұзылады. Шикі анар меруертке толы болар, Піскенде дәні лағыл болып жанар. Әйел де көк жүзіндей келер нәзік, Ал піссе, тез қарайып, кетер азып. Жайнатар түнді айдың ақ сәулеті, Еркектің адал әйел – бақ, дәулеті. Күң қыздар сенен бұрын болған мұнда, Берілді өзінің тек сән қамына. Маған тек қызмет еткен бір өзіңсің, Жаныңда мархабатшыл бар сезім шын. Махруммын ләззәтіңнен, айтып қалам,– Өмір жоқ сенсіз тыныш, енді маған». Солай шаһ айтты күңге махаббатын, Келмеді фатуаға бірақ жақын. Қиқар қыз әдетінше бас имеді, Шаһ оғы нысанаға дәл тимеді. Ғашықтық зіл қайғысын патша шекті, Қаңғырып тас қияны кезіп кетті.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙