TELEGEI

Home

АЛИФ

Әдебиет порталы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

АЛИФ

Ерғанат Кеңесбекұлының «Алиф» атты тұңғыш кітабына жырлары мен аудармалары енгізіліп отыр. Ақын шығармаларында адам-қоғам-заман үштігінің қыры мен сыры сипатталып, оқырманның тосын шешім жасауына, өзінше түйін тұжыруына мүмкіндік ұсынады.

Ерғанат

КЕҢЕСБЕКҰЛЫ

Алиф
Өлеңдер

Кеңесбекұлы, Е. Алиф. Өлеңдер. — Қарағанды: «Parasat-M» ҒББО, 2016. - 100 б. Ерғанат Кеңесбекұлының

«Алиф»
атты
тұңғыш
кітабына жырлары мен аудармалары енгізіліп отыр. Ақын

шығармаларында адам-қоғам-заман үштігінің қыры мен
сыры сипатталып, оқырманның тосын шешім жасауына,
өзінше түйін тұжыруына мүмкіндік ұсынады.
Тұңғыш кітәбімнің жарыққа шығу

барысында қолдау көрсеткен сыйлас ағаларым
Бекзат Алтынбеков, Мұқатаев Айдос
Ағдарбекұлына алғысымды білдіремін.
Автор.

І БӨЛІМ

ЗӘМ. ЗӘМ.

*** Зымыран уақыт Зулайды, ғажап! Сабылыс жерде, сабылыста аспан. Қожырап бақыт, шабыныста азап. Демікпе жанды сағыныш басқан. Мұндайда мүлдем, мүмкін бе күту, Жанығыс елден, жанығыс достан. Айналам толған быту мен шыту, Әлемді мынау сағыныш басқан. Дүрлігістерден, сүрлігістерден, Байқасам тірлік сабыры қашқан. Өлеңге орап уата алам ба, Қара жерді мен сағыныш басқан?..

*** Жағаласып, алыспасам теліммен, Сәл сырғысам шыққан мынау төрімнен, Жыртыңдауын қойса, бәлкім, көрінген, Адамға ұқсап өмір кешер едім мен. Тұсым болса сәлдеу ғана шегінген, Мәмілеге келе алсам жебірмен, Тіл табыссам кеуделімен, керіммен, Адам сынды өмір сүрер едім мен. Серік тауып алмағанда сезімнен, Селкеулікте жұтынбасам сеніммен, Таусылмаста аспасам бір шегімнен, Адамша бір өмір сүрер едім мен. Намысымды ауыздықтап тебінген, Жырымды іздеп кетпегенде өмірден. Көздер жасын көрмегенде төгілген, Адам сынды тірлік етер едім мен.

Түйсіну
Тағдырыма таңырқадым бүгін мен,
Ол да мендей ұсқынсыз...
һәм әдемі!..

Бір қуанып, миллион рет түңілген,
Міне, осындай ақындардың әлемі!
Мынау елге жақпай қойды мінезім,
Болсам-дағы жомарт әрі мәрт көңіл.

Дүниеден дәметпейтін үлесін –
Ақындықты түсінбейді шалт өмір.
Жұмыр басым жарылғалы жүр менің,
Жығылмасым бесенеден белгілі.

Алқымыма жармасады кім менің,
Оны тірлік көрсетеді ендігі.
Келген шығар ірілерге ұқсағым...
Жұрттан сұрап таба алмадым жауабын.

Алыстағы сауалымның тұспалын,
Ғарыштағы ағалардан табармын.
Теріс қарап тыр жалаңаш жалғаннан,
Бәріне де бір сілтедім қолымды.

Ешбір адам арман қылмас арманнан,
Тапқан дұрыс жолымды!

Бесік пен кесік
Тұр әне бесігім,
Әлдимен тербеліп.
Ашқан жан өмірдің есігін,

Шығады күні ертең төрге нық.
Мөлдірей жанары,
Кезеді қияны сенімі.
Тағдыры – домбыра сағағы,

Ал өзі әуеннің көрігі.
Байлап ап періште қанатын,
Ұшады, талмайды сәтке анық.
Кезі жоқ шаршайтын, талатын,

Суыққа бір тоңып,
ыстыққа қақталып,
Ойламай шағын да қонатын.
Ақтарып тоңдардың қабатын,

Жүргенде осылай масайрап
соғады сағатың!

Ей, біздің тым жұмбақ өмір-ай!
Тербелген бесікке ұқсаған...
Жетілсек кетеміз,
Айналып жыртқышқа күстабан.

Ойламай өлімнің һақтығын,
Жүргеннен бол енді сақ бүгін.
Тәңірім екі айтпас әмірін!
Сондықтан бесікті аяла,

Құрметте әруақтар қабірін!
Күрмеу
Кірпігімнен сырғиды күндер үнсіз,
Кірбің көңіл – бір мұңлы, бірде мұңсыз.

Тас жолдағы тас үйдің тұрғыны боп,
Сан мамырды өткердім гүл керімсіз.
Бұл маңайда атамның үйі де жоқ,
Жаба салар есігін ілгегінсіз.

...Басқа біткен жазмышты жазғырамыз,
Тасқа біткен аршадай діңгегінсіз.
Р.S. Даладағы көктемнің жөні бөлек,
Қаладағы көктемдер тым көңілсіз...

Сағынышбасқан
Менсінбей жүріп шағын қаланы,
Үрпек сезімнің дамылдағаны...
Дір етер сәлге, қайран да қайран,

Жүректің ғана қабылдағаны...
Өлеңдерімді өшіріп алса,
Сағынышбасқан әнім қалады.
Көксерек күннің қасында жүріп,

Әзе-е-ер дегенде жаным қалады.
Таңқалғандарым – жапырақ жырлар,
Аңғал арманым орындалады!
Тиек

Барша әлемнің қасіреті көзінде,
Жасы жуған қарашығы тұп-тұнық.
Балалықпен бақұлдасқан кешімде,
ұзатылған көктем жүр...

Әзіз анам тым мейірман болса да, Кезі жоқ ед(і), орынсызға тасынған. Омырауының иісін сезсем тамсана қабірінің басынан... Солай, солай, енді саған не дейін... Шұғылаға көмкерілген кеңістік. Жазылмаған жырларыма көмейін, сезімдерді ең ыстық. Жегі құрттар жесе-дағы жанымды, Сұлулыққа сан мәрте бас иген боп. Содан бері аласұрып кәдімгі ешкімді де сүйгем жоқ. Сағынышқа еліктеген құрдан-құр, Сол дәуреннің біле-білсең назы ізгі. Маңдайыма сыймай кеткен бір тағдыр, жанарымда жазулы. *** Өзіңді іздеп ем, көрінбедің... Сондықтан да сағыныш шегіндемін. Еске түсіп нәркес бір қарағаның, және үнсіз егілгенің.

Атырау, сылқ-сылқ ағар ерке Жайық, Мөп-мөлдір мезеттерді еске алайық. Сен мені сағындың ба, шыныңды айтшы? бақыттан кеш қалмайық... Мен сені сағындым ғой, өрте мені! Бір жұлдыз аспан жақтан еркеледі. Күлкіңе жымиысын балап бақтым, сол сәттер ертегі еді. Тұншықты жүрегімде сәби арман, Есімде жәудір жанар қатты ұялған. Енді оны көремін бе, көрмеймін бе, шіркін-ай, фәни жалған... *** Кеудесінде құндақталған намысы, Көкірегінде ұжмақ күндер, таң ісі. Сендік жүрек жүрек емес кәдімгі – Уілдеген нәрестенің дауысы... Жанарымды шарпығанда от демің, Көкорайға тұна қалар көктемім. Кеше ғана тек кесені сүйетін, Оймақ ернің дымқыл тартты көп-көрім.

Мен де саған сезімімді ұрлаттым, Сен де маған сәл назданып тіл қаттың. Кірпігіңнен кілт үзілген жасты кеп, Сүйіп алып таңдайымда құрғаттым. Нәзік қана керіліп қап қабағың, Күрсіндің де жымия кеп қарадың. Қорғаның боп қорғай алсам жарады, Құралайдан аумай қалған, қарағым. *** Жүрегім төгіп тынды, Өзіңе сыйға бір ән. Ит ермек жолықтырды, Интернет дидарынан. Тәрк етіп өмірді бұл, Болған ед(і) қамқоры дүр. Аузынан төгіліп бір, Ұжмақтық алхоры гүл. Қалтырақ дүниеде, Адасқақ тағдырымыз. Арманның құлы болған, Жалғанның жалғызымыз.

Мен үшін киелісің! Күйзеліп торықпа еш. Сұлуды сүйгені үшін, Ақындар жазықты емес. Жанынан үзген күдер, Сөзге анық иланбасы. Өлеңді өртеп жібер, Тек қана қиналмашы... *** Хал қалай, жадымдағы нәп-нәзік гүл? Тұрсаңшы хабарласып, хат жазып бір. Жүдеген жалғыздықтан есіл жаным, Шалғайда қалып қойған нақ қазық құр. Қашқан ба қасиеті қаламымның, Тамбайды неге жасы жанарымның. Жүрміз-ау ұятты боп қара жерге, Астында күңіренген табаныңның. Шарқ ұрып қайран шабыт шартарапқа, Ақтармай айдай сырды ақ параққа. Жүрміз біз, жүрек қалай шыдай бермек, Езіліп ұнжырғасы тар қамақта.

Мұңайған жапандағы ерке елігім,
Жарасар қайда қалған еркелігің?
Қап кеткен екеумізден лағыл жырдың,
Жолдары жүрегімді өртеді мың.

Ызғарда қауыз жарған қызғалдағым,
Қалды ма аласарып ізгі арманың?
Жоқ, әлде адастырып жіберді ме,
Жаныңды қалтыратқан күзгі орманың?

Ызғарда қауыз жарған қызғалдағым...

Алхоры қыз
Түсіме еніп сен бүгін мына менің,
Наздана кеп халімді сұрап едің.
Мен бақытқа жеткендей шаттаныппын,

Болмысыңды көргенге бұла, керім.
Неге екені белгісіз...
шуақ тағы,
Жанды қарып бір мезет шыдатпады.

Ал, соңында ғайып боп кете бардың,
Алхорыға айналып жұмақтағы.
Неге сонша жүректі азаптадың?!
Мың-сан торға қамалды азат халым.

Алақанда аялап өтер едім,
Айналдырып тағдырды ғажапқа мың.
Сұлулыққа тамсанып қанасың ба,
Табиғатпен бөленген жарасымға.

Көз жасыма гүлдеген алхоры қыз,
Нөсер ұлды ұмытып барасың да.
Гүл ғұмырға ұқсап бір тез де өшерміз,
(сезсең егер, өзге мұң, өзге шерміз).

Алхоры гүл түсіме жиі еніп жүр,
Бақта, бәлкім, бейіштің кездесерміз...

*** Күлкісін жайып сыр бақтан, Гүлзарға баяу тыңдатты ән. Жанарын күнге төңкеріп, Шашына тәж ғып гүл таққам. Шашына тәж ғып гүл таққам, Еркелей ол да тіл қатқан. Елжірей өбіп самал жел, Аялап сені тұрмақ маң. Мөлдіреп сол сәт тұрды аспан, Көкпенен кез көп сырласқан. Қыз қайың жайып сыбырын, Жаныңмен тылсым мұңдасқан. Босағандай бір құндақтан, Жүректі қысты жыр батпан. Көз жасың – кәусар өлеңім, Өлеңнен опа кім тапқан... Кофе демдеп берші...

Бақытты бол, адамзат!
Студентпіз.
Ол кезде көктем еді,
Сол көктемде сан терек көктемеді...

Бізбен бірге бір жігіт оқыған-ды,
Қыздар оны қашанда бек көреді.
Бірбеткей-тін.
Тік сөйлер тілі бар-ды,

Жігері де құлатар түбі нарды.
Нәзіктілер үздігіп жүруші еді,
Меңзегендей қылымсып «үзіп ал» ды.
Оның басын қай «сайтан» арбамады,

Түсуге бар топырлап торға бәрі.
...Күн ашықта найзағай ойнап берді,
Қарапайым қыз екен таңдағаны.
Сүйреңдескен еріндер дамылдамай,

Сыпсың сөзді күн естіп, қабылдады ай.
Бірақ, жігіт қыңбады біріне де,
Бақытты-тын ол осы жалынға арай.

Р.S.

«Тағдыр маған ауыр сын тағыпты» деп,
Кінәлаймыз бәріміз уақытты көп.
Көрсеқызар көңілге дауа бар ма,
Жүрейікші адамға бақыт тілеп!

Зәм.Зәм.
Зәм!
Зәм!
Жүрегімді ерітті кім?..

Тобылғыдай беріктігім!
Зәм - зәм.
Адамдармен сынға түсу,
ғаламшармен үн қатысу...

Зәм. Зәм.
Сұлулығы жанарыңды қарыған.
Планета: бір есімі – Мағжан!
Зәм. Зәм!

Беу, жайдарман, жайдарман:
нәрестенің кіндігіне байланған;
Текеметтің суретіне айналған;
бассыздардың маңдайынан бәйгі алған!

Зәм. Зәм.
Қарғымақ кім тағдырынан азулы?!
Оқысын да!
Арғымақтың көзіндегі жазуды!

Зәм.Зәм!
Әуел баста бекінгенмен өлмекке,
бірте-бірте айналдым-ау өрнекке.
Зәм. Зәм.

Қара қасқа кеңістік-ай. Мағмұр.
Қара тасқа сыр жасырдым тағы бір.
Зәм. Зәм.
Тысқарыға ұмтылғанмен сағына,

іш жағына сіңіреді Қағба!
Алла!
Зәм-зәм – дыбыс еске салды Алланы.
Дирижердің қолындағы қаламы.

Зәм...
Зәм...
Мистика
Түсім де емес,

өңім де емес.
Екеуінің тоғысы —
жер мен көктің арасы.
Сегіз бейіш қаласы...

Сол шәріптің ішінен көрінеді
бір Ақынның қарасы.
... Музейі екен Мағжанның...
Тұңғыш рет

Һәм соңғы рет таңқалдым!

Жарқыраған шамдардың
сәулесіне шағылысқан
айна барын аңғардым.
Қарап едім айнаға, –

арғы жағы – айдала!
Қалың-қалың арасынан бұлттардың,
Анық басып жай ғана...
Қасым маған қарады:

қабақ керіп ойлана!
Ар жағында – Жұмекен.
Жұматай бар.
Жұбан ағам... өлген әрі тірі екен!

Жейдесінің жағасына кір түспей,
Ең соңында Артығали тұр екен...
Ақындардың армиясы!
Міне, осыны көріп қалып айнадан:

(Әу басында онша сене қоймағам),
оң жағыма бұрылып ем:
Тарихтағы тұғырым ең.
Отсыз қайнап тұр екенсің Тайқазан!

Іле-шала жанұшырып,
Қайратымның сағы сынып.
Хан Кененің басын іздеп,
Күлтегіннің тасын іздеп!

Сорпа ішінен – зор күшіммен:
тауып аппын Нарқобыз!
Мың жылдықтың арасынан,
алакөздің табасынан

жасырғым кеп...
Соңғы қалған дүниемдей,
алар дейсің кім иемдей.
Мұражайдан сыртқа аттап,

тысқа шықсам, тұр екен бір
аспан жақтан Сырттан ұлып.
Дір ете қап!
Көзімді ашсам,

Жерұйығым екен деймін:
Бұл дүниеде өзім қашқан.
Бұл күнде
Сен де жалғыз, бұл күнде мен де жалғыз.

Бір мұң сыйлап кетеді керсағал күз.
Көзден аққан жасыңның құны қанша?
Елге көктем сыйлайтын кермарал қыз.
Сен де шерлі,

бұл күнде мен де шерлі.
Елік жүрек қайыспас ерге сенді.
Сен де іздейсің ол күнді, мен де іздеймін.
Іздегенің алдыңнан келмес енді...

Сен де мұңлы,
бұл күнде мен де мұңлы.
Кекетумен келеміз келте өмірді...
Бақытыңмын мен сенің ең қайғылы

Қасіретімсің сен менің ең көңілді...
Келте
Қайдасың?
Сағындың ба?

Күліп жүр ме миықтан жаның қырда.
Санаса сан жетпейтін сауалдарға
...Шомылдырма.
...Мен саған...

серт беріп ем...
Көңілімнің ескірген дәптерінен.
...Мөлдір өлең біреуге – сордың дәмі...
Біреуге – бақ керуен!

Сол баққа бара берем...
Алакеуім шақтарда алаң-елең...
Жолайырық сәттердің келтесіндей
Аяқталмай қалсыншы... (аяқталмай...)

...жаралы өлең...

Шідер
Шұбар ауыл.
Шұбар бел.
Шұбар дала.

Шұбар бұлттан күн күлді мұнарлана.
Шұбартауда жайылған шұбар айғыр
Шідеріне қарады күмәндана.
Жетім бала әкесін сүйе алмады.

Жесір әйел әлдене қиялдады.
Тоқал тамның төріне жасырынған
есі ауысқан өмір-ай қияндағы...
Жастандырып беткейге өз тағдырын.

Жас қабірде жатқан жоқ аз тағылым.
Қас қаққанша қаздиған молаларға
қасқа белден көз тігер қасқа құлын...
Һақтан ризық тілеген жалбарынып,

Қала жаққа сүйреді жаралы үміт.
Қара базар ішінде қара қазақ -
Қара қазан қалыпты аударылып...

Түсінік
Мезі болып әбден жүдеп-жададым
жалғаннан.
Түріктердің кілемінде жатамын

шалқамнан!
Киімдерін жарқыратып киемін
шетелдің.
Тілін дінін ән мен жырын сүйемін

бөтеннің.
Үш тұғырлы: қазақ, орыс, ағылшын
Тілім де.
Үшті-күйлі болып кетсек не қылсын

Түбінде.
Түркі жұртын тамырыма балаймын
Орхоннан.
Көшедегі көшпендіге қараймын

Балконнан...

Ақыржалған
Үшбұлақ,
Қасқабұлақ,
Ақбұлағым!

Құлын боп құрағыңнан тартқыладым.
Күбірге көшетін ед(і) жасыл ермен,
іңірде қайшыласа ат құлағын.
Күбірге көшер еді жасыл ермен.

Ерменнің ертегісін ғасыр өрген.
Жасыл қына ентігің басылды ма?
Тарих дейтін тарғылдың тасына өлген!
Жасыл қына ентігің басылды ма?

Ауылды аңсап ақылдым аһ ұрдық, ә?
АҚЫРЖАЛҒАН алқынса алаөкпе боп
Ақындардан арзиды АҚЫРДҰҒА!

АЛҚЫНСА АЛАӨКПЕ БОП

АҚЫРЖАЛҒАН,

АҚЫРДҰҒА АРЗИДЫ

АҚЫНДАРДАН!

Тамы тозып кетсе де, үйі күйреп
Жосалының баурында атым қалған.

АҚЫРЖАЛҒАН...

Оқшау
Жалқы жыр.
Сүргін іңір.
Оқшау ғұмыр.

Сүйеді сулығыңнан оқтаулы нұр.
Нөпірдің мөңіреген гөй-гөйінен
қала да есіне алмас тоқтауды бір...
Ал мендік сезім — тұйық.

Жүрек — кінәз.
Соны да жүрдек сағат жүдеттің аз.
Далаға тартқансың ғой білгеннен соң,
ауылға өтетінін бір реткі наз...

Жатыр әне бауырда шешей налып.
Келген бе бұрынғы шақ кеше айналып.
Өзге шаруа тірлікте қалмағандай,
От көсейміз тұрып ап көсеуді алып.

(Кейде солай қаламыз кеш ойланып).
Құлтемірдің пернесі әлемді арбап.
Жаратқан түрім осы.
Сол енді Әруақ.

Ауылдағы үй ішінде біреу отыр,
ХХІІ ғасырға сәлем жолдап.

Күбір
Құшақтаса егер жердің бедері,
ұмытпас мені ұлар күн.
Отызға келіп өлгім келеді...

... сұмдық өлермен шығармын.
Кім білген бұлай тіл қатарымды
Айналдым, менің айналдым!
Көріп қап түнде үр жамалыңды,

көзіңе сенің байландым.
Аршта балқып үрім қанаты,
Құлын әндерім құрақта.

БҰЛ ӨЛЕҢІМДІ СЫБЫРЛАП

ОҚЫ...

...күбірлегендей құлаққа.
Ойласа бәрі өстіп ойласыншы.

АЙҚАЙДАН ӘЛЕМ ШАР­

ШАҒАН!

Осы жырымды естіп қоймасыншы,
түсінбей жүрген қанша адам...

Жаулығы түннен.
Жадағай елес...
Ажалым менің (ғазалым менің) сабырлы.
Сүйемін сені!

Жоқ олай емес.
Бар еткен сені Тәңірді.

СЫБЫРЛАП ОҚЫ.

СЫБЫРЛАП ОҚЫ...

ҮН-ТҮНСІЗ МЕНІҢ КӨРІКТІМ!

ФӘНИДЕ ЖАЛҒАН

СЫРЫМ ҚАЛАДЫ.

БАҚИДА (С)ӨЗІМ –

СОНЫ ҰҚТЫМ.

Сыбырлап оқы.
Тсс...
Ұшақ қанатындағы ой
(экспромт)

Темірқанат етіп асу арманды,
Адамизат қайтеді енді қалғанды.
Баспалдақты менсінбеген тұрғындар,
Аспан жақты уақытша жалға алды.

Ұшқыр кеме әуеге атты халықты.
Сірә, ел де қара жерден жалықты.
Шүберекке түймесе де жүрегін,
Стюардесса шашын түйіп алыпты.

Басым бұлттан сәл асқанда дәл қазір,
Арғымақтай атойлайды арда жыр.
Жанарымнан жалған күліп қалғанда,
Қабағымнан аунап түсті он ғасыр...

Өткеніңнің болмайды енді көмегі.
Мекеніміз қазір бұлттың бедері.
Сүремін мен мезетімді шамалы.
Біз өмірден биіктеміз себебі.

Қас қағым сәт бесігіне бөледі.
Болар шақтың бимағлұм дерегі.
Көрімізден көрік іздеп жүргенде,
Өлім бізден сырт айнала береді.

Біз өлімнен биіктеміз себебі.
Браво!
Самолет қонды.

Сот Дүниенің төрт бұрышы – төрт тарап. Төртеуі де бықсып жанған өрт-танап. Арштағы ардың соты бір бөлек, Бұл жақта да — ЖҮРЕГІМДІ СОТТАМАҚ! Жанарымнан қан боп аққан мұң әні Есіл жаным күнәсіз һәм күнәлі. Езуімді тіледі әлі есіріп! МЕНДІК ЖҮРЕК СОҚҚАНЫ ҮШІН КІНӘЛІ! Бір райхан қыз маңдайымды сүртті кеп. Мына қоғам зәһәр-зәрін бүркті кеп! ЖҮРЕГІМДІ ӘЛСІН-ӘЛСІН ӨЛТІРДІ ҚАЛАМЫНЫҢ ҰШЫМЕНЕН ТҮРТКІЛЕП! УА, ҚҰБЫЛА ҚҰБЫЛА! Сәл жымишы ұлыңа! Асау жүрек ақырғы рет алқынып Тағы бір рет тиді елдің ЖЫНЫНА!

Бір басыма үйіп-төгіп кінәні, Мына жақтың таусылмады сұрағы! Ардың соты қоңырауын қаққанша ӨЛГЕН ЖҮРЕК ӨМІР СҮРЕ ТҰРАДЫ! *** Бәріңді де танып тұрмын. Бәрің мені жалықтырдың! Дабыраңнан әрі кетіп, Домбыра шертіп қарық қылдым. Бәріңді де сыйлап өтем. Жүрегім нар сыйға бекем. Қырсық шалса қырық күнге, "Енеңді" деп мыйға кетем. Бәрің менің жақынымсың. Кірмей қойды ақылым шын. Ақылсызды қатал дәуір, Ат үстінен атып ұрсын! Бәрің сонша ақылдысың. Өспей қойды ақыл тісім. Мынауыңның есі жоқ деп, Иесі жоқ деп жатырмысың?!

Бәрің сондай сыпайысың. Тәртіпті екен ұдайы ісің. Өздерің мен өзгені алдап, Қиналмаңдаршы, Құдай үшін! Бәріңді де танып тұрмын. Бәрің мені жалықтырдың! Дабыраңнан әрі кетіп, Домбыра шертіп қарық қылдым. *** Бал күнім жақұт құсап, Кірбіңсіз шабытты шақ. Ойлатпай қоймайды екен, Оймақтай бақытты шақ. Бал күнім шербет көңіл. Жанымды тербетті өмір. Ешкімді сағынбайды, Есейіп ержеткен ұл. Бал күнім алданышым. Тап-таза таңданысым. Сен иісі Адамзаттың Шегінген арманысың.

*** Қала жақ. Аспан ашық. Шағын кеңсе. Тіршілік бұлғаққа сап арымды өлше. Әп-әйбәт монитордан қалқып шығып, Жанарын жәудіретіп жаным келсе. Қабағы – Келіп жеткен қарлығаш мұң. Жанары – Жүрегі ғой қарлығаштың. Жүрегін... Жүрегін айт кәусәріндей Оңаша манаураған таңғы бақтың. Келеді. Келер бір күн жаным менің... Кеудемде күмбір қаққан әнім керім. Келеді. Келеді ол. Келеді де, атады бақытты боп таңым менің!

Ееееей! Жырла! Егілші бір ақын жүрек! Кешіккен көктемімді шақыршы кеп! Мен сүйем. Сүйем оны. Сүйіп өтем. Алғашқы рет. Ал сосын Ақырғы рет. Тіршілік. Үстел үсті. Шағын кеңсе. Телміріп терезеден сағым көрсе... Ой, Кенет! Есік ашып сәл жымиып. Жанарын жәудіретіп жаным келсе... Алматы қазір... Алматы қазір көңілсіз шығар. Өйткені, онда сіз барсыз Бірақ мен жоқпын. Жетімбұрыш та сезімсіз шығар, Кісілері де сергек тым.

Алматы қазір...
өзгерген шығар.
Өйткені, біз де
Ешкімге бүгін сенбейміз.

Көз жазып қалар кез келген шығар,
Нұрлы кештерге шөлдейміз.
Алматы қазір...
бәденсіз шығар.

Өйткені мен де
Ажырап барам реңнен.
Терек біткені сәлемсіз сынар
Сан пиғылдардан түнерген.

Алматы қазір...
жылайтын шығар.
Өйткені ол да жесірдің күйін кешеді.
Бәз біреулерге ұнайтын шығар

Рандевуиімен кешегі.
Алматы қазір...
аласа шығар.
Өйткені оны келімсек келіп жүдетті.

Кабак біткені «тамаша» шығар
«Қақ жарып тілген» түнекті.
Алматы қазір... сол қалпы шығар..,
... ия?...

*** Тәңірімнің нұры бекіп жанға нық. тағдырыңды кертіп жедің алма ғып. Көңіл дөнен мың сүрініп мың тұрды, өмір деген аламанда – әл-Мәлік. Күндер атты құмға сіңген қалады із. Қалған ізге жалтақтамай хабар үз. Пері менен періштенің пейлінен, шындық дейтін өтірік бар – әл-Әзіз. Қым-қуытпен жеткізе алмай жанға сыр. Алғашқысы соңғысы да – сол ғасыр. Беріш болған жүрегімді ілезде, шөкім сәуле жылытқанды – әл-Ғафур. Тарпаңдығын әсте қоймас тарлан ел, Өйткені оның рухы бекем, арманы өр. Мен осындай һәм қатыгез һәм аңғал, жылқы жұрттың мұраты едім әл-Жәлел. Сабыр тауып мехнат пенен төзімнен. Тәңірімді өзім іздеп өзімнен. Түк естілмес жалған дейтін жалғанға, түгесілмес нұр қалдырдым көзімнен. Түгесілмес жыр қалдырдым сезімнен!

Өліара
Жиырма бесте сұлтаны едім жігіттің.
Әр кезеңнің болады-ау өз зауалы!
Екі көзім қыр соңында үміттің,

ет жүрегім баяғыша жаралы.
Мағынасыз аз ғұмырын мәңгі деп,
әрнені аңсап жанұшырды әлдекім.
Жатбауырдың жанарына жәудіреп,

көшеде жүр қайырмасыз әндерім.
Ыстық жас боп жүзімді өртеп төгілдім,
Өлді деуге мойынсұнбай өр кеудем.
Хәлін сұрап келген екем Көңілдің

жаназасы шығарылып жерленген.
Аласұрып алжасты да түйсігім,
Албастының ерінінен өбем деп.
Күбірі боп естілетін күйшінің,

Күндіз түні құлақ түрем,
Өлең жоқ!

1941-1945

МӘҢГІЛІК АЛАУ...

Алауменен ойнаған әңгүдік анау.
Мынау оттың демінде демігіп тұрған
Талай қыршын ғұмырдың тағдыры бар-ау!

МӘҢГІЛІК АЛАҢ...

Жексенбіде өтетін ән қылып адам.
Мәңгі бірге болуға серт беретіндер
Көздің нұрын төгеді талдырып оған.

МӘҢГІЛІК МҮСІН...

Жаһаннамнан кеп жеткен жаңғырықпысың.
Көкзеңгірді күрмейтін тас төбеңе кеп
Көгаршындай қонады мәңгілік құсың.

МӘҢГІЛІК КӨШЕ...

Солдаттарға кешегі зарды ұмыт десе.
Қаңыраған тірліктен баз кешетіндер,
Жамыраған жұлдыздай қаңғырып кесе...

МӘҢГІЛІК САНДАР...

Сандардағы қасірет мәнді ұқсаңдар.
Бейбіт күннің мәңгілік емес екенін —
Мәнсіз ғұмыр иелері

МӘҢГІ ҰМЫТПАҢДАР!

Кәрі көктем
Бозқараған үміттер бүр жарыпты.
Жапырақтың бетінде жыр қалыпты.
Диуанаға бәрі өлең боп көрінер,

Сау адамға бұл өмір бірқалыпты.
Биші қайың қыздай боп ырғалыпты.
Ескі адырдың ескі әні тыңдалыпты.
Ақын жүрек жалықпас таңданудан,

Сау адамға табиғат бірқалыпты.
Ұры уақыт желкемнен ұрланыпты.
Жағасында жейдемнің кір қалыпты.
Әлем алжып барады күлкім келді,

Сау адамға айнала бірқалыпты.
Құрақ бала бұлақтан құр қалыпты.
Жесір көктем жаспын деп бұлданыпты.
Өңі ғана жасарған кәрі жалған

Сау адамға бәрі де бірқалыпты!

*** Кешқұрым мұнша әйбәт болар ма, көктемнің лебі ескен жалқын қыр. Сағыныш жайлы ойға шомарда, жарлылау сезім ғой бәлкім бұл. Аспанға назырқау білдіріп, қара жер жымиған сыңайлы. Ақ аспан бар сырын тұр бүгіп, бимағлұм ол бәлкім мұңайды. Ой, неткен көркем ед бүгін бақ, Ой, неткен бақытты бүрлі қыр. Тұсымнан желемік сыбырлап, әй өстіп өтеді бұл ғұмыр...

*** «Сүйемін» дейміз. «Сүйемін» дейміз. Сүйетіндер күтуді ұмыта ма екен? Сүйетіндер күтуді ұмыта ма екен?! Олар күтіп, күтіп сын сағатында, соңғы жарты үмітпен жүректерін жылытады екен. Мен дәл осындай махаббатты ұлықтап өтем. Сүйген жандар мехнатты елемейді, ұмытпа көкем... «Сүйемін» дейміз. «Сүйемін» дейміз. Сүйетіндер күдерін үзеді ме екен? Сүйетіндер күдерін үзеді ме екен?! Кірпігіңнен бір тамшы жас үзілмесін деп, Кірпігіңнен бір тамшы жас үзілмесін деп, Дұғамменен обалымның есігін күзетіп өтем. Күзетіп өтем. Күзетіп өлем. Осылай көкем.

Шашылған шумақтардан
Кіл сұрықсыз ойлармен арбасып қап.
Шіркін жүрек үздігіп, таңға асықпақ.
Бір күнің бір жылыңның көшірмесі.

Ал енді сол тірліктен зор нәсіп бақ!
Ынсап та жоқ нәрсені етеді арман.
Рух, Сіздің құныңыз ол өте жалған.
Көр енді қарыны тоқ бауырыңды

Өлеңді жүре тыңдап кете барған!
Біреудің көп естілді бұрнағы әні.
Ал, біреу өзін-өзі бұрмалады.
Әлемді жалт қаратып үркітпесе,

Сенің өлең жазғаның кімге дәрі.
Қазбауыр
Санасы буланатын сайран десе,
опық жейді екенбіз ойдан неше.

Әттең өлең дегенге селт етпейді-ау,
далабтың иісі сіңген қайран көше.

Сонсоң мен қорапқа көп жылымадым. Қырдың қырбық қары еді құнығарым. Жыландыда жортатын күн енді жоқ, Дауысын жазбай таныр ұлыманың. Ой, менің түйе өркеш бағзы ауылым. О, менің бәкізе қыр, бәз қауымым. Ең адал оқырманым сайын дала. Қырға келші қазбауырым. *** Үйге келсем: қарт әкем — қоңыр тірлік. Қабағында жатқандай өмір мүлгіп. Өлең жазып келіп ем көңілденіп, өлең жазып келіп ем төгілдіртіп... Шапан. Кілем. Шешейдің орамалы. Көкірекке кермек жас домалады. Өлең құсап көшеді есіл өмір, Өзі құсап бір күні жоғалады. Сен де жетім, мен жетім, жер де жетім. Осындайда мұң ғана шерге өнетін. Жібергенін дел сал ғып көрмеймісің, Өлең тауып өмірден келген едім.

Бәрі орнында самалдық сол баяғы, Қалың нөпір тынымсыз қолды-аяғы. Өлең ғана мәңгі жас, мәңгі ғашық, Ал, адамдар өте тез қартаяды... *** Жылжытып жанарыңмен жалғанды әрман, Бүлк еткен көмейден ән салған да арман. Іздесем таба алмаған аңғарлардан: өріктің дәнегіндей болған қарғам. Салшы әнге, көңілге хат жазшы бүгін, Еркелеп қанатыңды жазшы күнім. Тұсыңнан желемік боп өткенімде, Тербеле бас шайқаған жас шыбығым. Тапқанмен сарайыңның кілтін ептеп, Бір мұңын ілестіріп бір күн өтпек. Көзіңнен сүйгім келді, о несі екен, Түйсігім жұпарыңды түртінектеп.

Аманат
Сағынышқа көңіл болса жылынар,
Сол көңілді өмір де жоқ ұғынар.
Елге қашан барарымды білмеймін,

Кел де ботам жүрегімді жұлып ал.
Үмітімді бір аунатып жерленген,
Күндерімді бейуаздарға шерленген.
Көз алдыма бір келтір де, құлыным,

Жүрегімді суырып ал кеудемнен.
Тас төбемнен түсе бермес жарық көп,
Жанарыңмен тас түнекті жарып кеп.
Жүрегімді сағынышқа орайын

Уысыңа қысып ал да алып кет!
Нала
Көздерім жылауға ерік бер,
Жарасы жүректің қанады!

Өксіген өмірім ерітер,
мұз болған іштегі жараны.

Наз көңіл жан-жаққа елеңдер,
Жасыма жуылған жанарым...
«Ер жігіт жылады»,- демеңдер,
Себебі мен әлі баламын.

Жылаудан қаласың сал болып,
Қатты екен қайғының кеселі.
Жүйкең де кетеді дал болып,
Көз жасың көмейді теседі.

У болып қайғының араны,
Бауырым барады езіліп.
Шаршаймын, өзегім талады,
Тағдырдың торына кезігіп...

Наз көңіл жан-жаққа елеңдер,
Жасыма жуылған жанарым...
«Еркексің, жыладың», - демеңдер,
Өйткені, мен мәңгі баламын!

Бағыштау
Жапырақтар - жүректің көшірмесі,
Сайтанның көшірмесі - сайқал адам.
Тұрсын Жұмаштан.

Түсіндірмей ӨЛЕҢІҢНІҢ бағасын,
Аспаныңа көз қададың бекініп.
Арш баққа асыққанда ағашым,
елсіз жерді қыймағаның өтірік.

Абыройдың «абаданы» боп жүрген,
Кеудесінде дат басатын медалі.
Топастарға есі кеткен ел бірден,
түсінуге тырыспады СЕНІ әлі.

Ақындардың АҚДҰҒАСЫ ең үстем!
Біреулерше ренжімедім жеріме.
Отызымда аппақ қанат ПЕРІШТЕМ,
Таң алдында алып кетсін мені де.

Тіршіліктен таба алмадым барқадам.
Аспан құлап кеткен екен арқама!
Естен кетпей жүргеніме таңқалам,
«Сау адамды жынды етер ортада».

Алыс жаққа жете алмаумен аңсаған,
Жабықтым-ау қу жаныма жыр сіңбей.
Жапырақтай жүрегімді шаршаған,
АЖАЛ ДА ЖҮР (Адам да жүр)

ТҮСІНБЕЙ.

Қоңыз
Тәңірімнің төгілгенмен арайы,
Адамзаттың ақша боп тұр жетегі.
Кеңседегі кеңкелестің талайы,

бастығына сүмең-сүмең етеді.
Жер бетінде қаны кеппей Абылдың,
Қабылдардың көріп жүрміз өнерін:
Тәнін сатып ұяты өлген жәһілдің,

Ар-ұжданын қайда апарып көмемін?!
Ібілістің іштен үнін ұлытып,
Қай кезде адам Һақ Алласын сүйе алды?
Аманат боп келген жанын ұмытып,

Кеше досым несиеге үй алды.
Дүниені өле сүйю – тағылық.
Соны неге түсінбейді бейсана!
Ақшасына құдайындай табынып,

Арқасына боқ өңгерген бейшара!!!

*** Асқардай ердің бірімін арманға бекем, Арманға бекем: әлі де армандап өтем! Екі елі бақты екі аттап тәрк қылғанда, Бақталастарым тосырқап таңданған екен... Жартастай ердің бірімін жігерге бекем, Жалғанның өзін састырып, дігерлеп өтем! Есігін ашсам ескі елдің төрдегілерім (Көмдірмек мені) өлді деп мені үлгерген екен... Қайратты жанның бірімін қайратқа бекем, Таяз пенденің күлген көзі де тайғақтау екен... Жүзіме тура қарайтын кісің неге жоқ?! Айғыздап бетін қағаздың айғақтап өтем. Бір қайыру Үніндей мешіттегі азаншының, қайрымы қысқа болған ғазал жырым. Мен өлеңге қызмет ете алмадым, Өлең маған арнады адалдығын.

Жармасқан алқымыма көп әлдекім,
Өзіңе бодан жүрек обал дедім.
Қайтқанда қияметке қарсы алады,
айтқанда қайырмасы жоқ әндерім...

Арзу
Берсең бер, бермесең қой баспанаңды,
Сонда да тастамаймын Астанамды.
Қасым.

Астана көшті Арқаға қарай
Қасым да көшкен
қас-қағым сәттен бақиға,
Қасымда өскен қалалық жандар

Қасымды қайтсын?!
Мәңгілік жырын оқи ма?
Мінезі тарпаң,
Тағдыры егіз,

Көңілі сүттей,
Бірі едік біз де текті ұлдың.
Баспана бермей сенделтсе-дағы
ақын халықты,

Астана жаққа бет бұрдым.
Базынамды айтып баз кешкен елге,
шенділерге де,

Үнімді кімге естіртем!?
Мен түгіл кеше даланың даңқты
ұлдары кеткен,
Барақат таппай бес күннен!

Жалғанға жауһар жырларын төгіп,
Жасындар үлгі
талайға көрсетеді әлі!
Астана жұрты қаңғыртпаса екен,

Қасымдарымды...
Пәтерін бермесе-дағы!!!
Бояу
Көктеңбіл күнге

көксеңгір аспан қарайды.
Адамзат қайда асықты.
Майда жал желге
ақселеу шашын тарайды.

Ақжауын көңіл жасыпты...
Шайға да зауқым соқпай жүр,
Бәйгіден келген шайкүрең атым есімде.
Кермеден алып керторы бетке тақаушы ем,

кер сағал күннің кешінде.

Қалаға безіп күйттеп жүрген өз жанын, Құдайдың көрдік жазғанын. Көкдөнен күнім көлденең келіп көзіме, қанжирен шерді қозғадым. Бозінген үнмен боздадым! Боз далаң сені сағынды! Боз далам мені сағынды! Боз ала таңда бозқасқа мінген боздағын... Көш Жазықсыз сәби боп көшіппін, жатырдан жазықты жалғанға. Бесіктің әлдиін есіттім, түндерден жалғасқан таңдарға. Көксеңгір аспанға көз тігіп, Ақзерлі әлемді сүйген ем. Біреуге мөп-мөлдір көшті үміт, Бір кеште билеген бименен. Кезінде көтерген әкем де, қоғамның зілмауыр салмағын. Көшумен пәтерден пәтерге, бабамның арманын жалғадым.

Бақ пенен сорымыз бес елі,
Жанымыз бақиға бергісіз.
Бір кезде рухым да көшеді,
Қай күні екені белгісіз...

Ақындар рухына бағыштау
Түн көлеңкесінің ұйыған кезі.
Үстел үстінде қағаз, қалам,
жанып тұрған шам...

Жанымда шырақ,
сәулесін сыйлап жарық қылатын.
Жадымда сұрақ
әуресі қинап қамықтыратын.

Қараңғы төрді
бөлеген нұрға шамшырақ көзі,
Кеудемді жырға,
шабытты шыңға қарық қылатын.

Шалқысын сезім! Тасысын сия!
Толғасын қалам!
Кірбің көңілім
жабырқамасын болмасын алаң.

Өшпесін шырақ
қуатын сыйлап асыл жандарға,
Қылса екен тағдыр
ақын халықтың ордасын аман!

Үзік
Әке,
тым жүдеп кеттің сен
анам кеткелі.

Оңынан шықса екен деп жүрмісің амал
дәптері.
Сен мені бақытты қылдың ғой.
мен сені

бақытты қылуға шамам жетпеді.
Әкешім,
Кешіргін опасыз балаңның қатесін.
Бір күні анамның соңынан кетесің.

Кеткен соң мәңгілік мұратқа жетесің.
Ұлыңды қалдырып ұятсыз мекенге,
қызартып жалғанның шекесін.
(Апыр-ай! Не деген кекесін!..)

Әкетай,
Мен әлі жүрмін ғой өзіңе еркелеп.
Санамды ит-ғұмыр – өртеді от.
Ол жақта анам жүр, бұ жақта адамзат,

аңсары ақша мен бір үзім бөлке боп.

Әкем-ау,
Жетпісті алқымдап қалсаң да,
Жетпедің мәңгілік аңсарға.
Қызым деп, ұлым деп көлікке

Мініп ап түстің-ау сарсаңға.
Әкешім менің...
Күйіну
Ар-ұждан жоқ бүгін адамда

Ақиқат бәрібір жеңбейді.
Қойторы, қортықтау қоғамға,
Ештеңе дегім де келмейді!
Тәңірім жырла деп жақ берген,

Ал одан не ұттым?!
Ұтылдым.
Етіме таңбасын сап берген,
Бетіне заманның түкірдім!

Өмірім, ұлыңа өгейсің,
Басымда жоқ әлі баспанам.
Тасбауыр тірліке не дейсің?!
Ақынын талақ қып тастаған.

Жеріме тірідей көміліп, Содан соң, оянам қабірден. Өзектен өлеңім өріліп, О жақта тілдесем Тәңірмен! Сипаты бұзылған замана, Жарайды ырқыңа көнбедім! Бар Ғалам қараса таңдана Мен сені, сен Мені жеңбедің! Күй Бүгін менің көңіл хошым бұлт рең, секілді боп қабағыма кілкіген... Бір кездері жақсылықтың бәрін де, қабылдаушы ем мөлдір тұнық күлкімен. Ал қазір ше? Лайық етіп айналаға сыртымды, қылқынды да, санам қайта сілкінді! Енді қайта таба алам ба білмеймін, жұртта қалған күлкімді...

*** Сұрама қал-жайымды, Керегі не? «Саулығыңның» жаныма берері не?! Халімді жақсы-жаман білер еді, Көз тастап өлеңіме. Қарама, жүдедің деп түр-өңіме, Ақындар жүдеп өмір сүреді ме. Сырымды білгің келсе үңілерсің, Сәл ғана жүрегіме... Өзіме кештім бәрін оқ атқанның, Ақындар – бауыр еті Жаратқанның! «Достарың көп шығар-ау?» - дейсіңдер ме, Оларды жоғалтқанмын! Мұң сыйлап, тағдыр маған шер тұндыртты, Қырсықпын, ақкөңілмін еркім мықты. Қоғамның шылауына байлансам да, Мен сүйем еркіндікті!!!

*** Өткіздік осылай қысты біз, Көктем. Жаз. Қайтадан түсті күз. Тауыссақ деп жүріп өлеңді, Байқадым тоқтайтын төбемді. Ғұмырым – жұмбағым қып қысқа, Әніме, жырыма түпнұсқа. Жанымды жартылап ала бер, Мен сені сағындым қара жер. *** Ән салайын ба? Бір жаңғырық естілді жансарайымда. Келте өмірдің келтіріп көрік келбетін, Таңғажайып табиғатқа тамсанайын да. Ән салайын ба? Тәубесіздің тәкәппар нән сарайында. Безбүйректі ботадай боздатып барып, Жүрексізді жүрекпен қарсы алайын да.

Ән салайын ба?
Көктем. Жазда. Күзде де.
Қаңтар айында.
Шарасыздың шабытын шақырып алып,

Сәл жымиып домбырамды қаңтарайын да.
Летаргия
Паркетте.
Кінәсіз қабырғаларды жеп қоя жаздап

көзіммен.
Өзімді қалдырып өзіммен.
Оңаша бөлмемде ой кешіп көз ілгем,
Біртүрлі сезіммен.

Біртүрлі төзіммен...
Түскенмен құрыққа.
Бағынбай бұйрыққа,
Ырыққа.

Оңаша бөлмемде тығылып
уақытша өлімді аламын сыйлыққа.
Осылай.
Досым-ай, қадірсіз.

Ессіз деп топшылап
мені де жоғалтып аласыз қазір сіз.
Аржағы мәлімсіз.
Ал уақыт не деген сабырсыз.

*** Е, менің қайран шешем қабірдегі, Сергелдеңге сап бітті-ау өмір мені. Топырақты уыстап көріңдегі, Шемен-шерді ақтардым көңілдегі. Е, менің қайран шешем қабірдегі. Е, менің есіл анам бейттегі, Жұрт мені сөз қылып жүр көйітпелі. Сен бақиға жеп-жеңіл сіңіп кеттің, Жалғанға ұлың сыймай жүр өйткені. Е, менің есіл анам бейіттегі. Е, менің асыл анам моладағы, Көп жайды айта алмадым саған әлі. Мені өзіңе ертерек ертіп әкет, Ертіп әкет кінәздеу со баланы. Е, менің асыл анам моладағы. О, менің қасиеттім, зираттағы, Жүрмін бе әруағыңды қинап тағы. Көктасыңа көз жасым тамып кетті, Отбасыма бармадым үй жақтағы. О, менің қасиеттім, зираттағы.

*** Сезім гүлің бүр жарып қиналасың ау, Ниетіңнің қақпасы ибалы осынау. Қайрылмайды екен деп иланасың ау, Теріскейге бет бұрып жиналасың ау. Мөлдіреген өкініш боталай ма екен, Кінәлай сап жоғалу оп-оңай ма екен? Есіңде жоқ тағдырдан қансырағаным, Көңілімді көтерші шамшырақ әнім. О! Сезімнің айқасы. Майдан алаңы, Сүйе салып айыптау қайталанады. Жарқабақты жалғаннан жаныңды ала жүр, Тоңған торғай секілді қоңылтақ өмір... Қоңыр қысы тонаған аһ ұрары көп, Тобылғысы екенмін жапырағы жоқ. Қыз қылығың тауып ап өте жарасым, Бізді бүгін танымай кете саласың. Рас қой?!

*** Ымыртта жамылса жаның мұң, Басына келгендей қабірдің. Іздедің білемін, іздедің, Өйткені өзіңді сағындың. Ұйқысыз таңымды атырып, Беймаза жаныммен ах ұрып. Махабат пәк сезім мен үшін, Ешқашан жазбаған тақырып. Суреткер салатын сурет пе ең? Өзіңсің сүйюді үйреткен. Мен сені сүйемін, сүйемін, Темірдей сұп суық жүрекпен. Жаныммен, тәніммен сезінген, Мендегі оянған сезім бе ең? Мен сені сүйемін, сүйемін, Ешкімге сенбейтін көзіммен. *** Мені қашан жұбатады мына әлем, Көздерімді қуантып. Алақаным амандасып күнәмен, ...енді айтылар сыр артық.

Мені қашан жұбатады мына күн, Кеуде тұсты түрткілеп. Бейтаныстың хал жағдайын сұрадым, Ол да жасын сүртті кеп. Мені қашан жұбатады сәбидің, Шық күлкісі аялы. Көңіл күйі түсіп кеткен әр үйдің, тіршілігі баяғы... Ай Маңғыстатып тіршілікті қайрансыз, «Тағдыр» дейтін болмашыға таңырқап. Уақытты айға таңып қойғансыз, тұлан тұтқан тұрмысыңа жабырқап. Жермен жасты тым егделеу Алтайдың, бауырына төсесем бе басымды. Бөлмемдегі іргелікке жантайдым бөстегіне шандып тастап бәсімді. Тәртіпсіздің тентектігін көтерген көк пен жердің арасында дәліз бар. Алты аласым бес бересім өтелген: Айтпағымды айдан сұрап алыңдар!

Мамырстан Ит басына төгіліпті ырыс-құт. Енді отыз жыл күте тұрсақ болды да! Құс ұйқысын бөліп тұрған тыныштық, Үрей тартып қабағыңа қонды ма?.. Намысыңды төртке бүктеп лақтырған, Киіктердің киесіндей бұйығы. Саған жұртым, ар да құрбан жан құрбан, Жер шарының мәмілешіл ұйығы. Атар таңың атпайды ғой жат елсіз. Құдайсыз да ел болған кез есімде. Жаһандағы кәперсізден кәперсіз Кел билейік, Сарыарқаның төсінде! *** Ашқан көзің атқан таңың тәрізді-ақ. Әттең көңіл сазып-сазып алады. Сондығынан әдемі мұң қабыздап, Қуанышқа ұластырып бағады... Нені аңдатып қойған екен жер мен көк: өң мен түстің сарқындысы ғана ма? Өн бойымды түсініксіз хәл меңдеп, бұғалықтап тастағаны-ай қалаға.

Жазарманның өлеңіндей күшеншек,
жарнама өмір баппен жайлап азғыр да.
Жұмырыңа жұта салғын үш өлшеп,
Дақ түспеген жүрегімді жазғырма.

Мақтан
Назасына жиі ұрынған осалдың,-
Бар жазығым илікпейтін асаумын.
Астамдығым – ақ көңілім шығар ол.

Қайда бастап барады екен мына жол...
Күресінге қимайтұғын жыр жаздым.
Сабаздығым, -
бір қазақтай сырбазбын.

Салған әнім – тамырлы ғой тамырлы.
Аңғал жаным –
бір сабырсыз, сабырлы.
Айтқан сертім –

беріктігі еменнің.
Кемелдігім – шым түбіндей тереңмін.
Елесімде мезіреті таңдардың.
Мен есінде мықтап қалам жалғанның.

Нәубет (аза) І Ұрпағы жат боларын сезбеді жұрт, Тағдыр да танытпады жұмсақ иін. Асырап алған екен өзге бір ұлт, Қазақтың жетім қалған бір сәбиін. Жетімдік тастайды екен шын ез қылып, Кіндігін ел-жұртынан ер үзгесін. Табанда өзгереді мінез-құлық, Адамға доңыз етін жегізгесін. Көрсетер қандасына айбат күшін, Менсінбей бабасының сөзін, тілін. Тастанды болғаны үшін қайрап тісін, Қас болар болмысына өз ұлтының. Тарихын танымастан өз ұлтының, Деп білер «баққандарға» борыштымын. Қылса да Құдай қара көзін, түрін, Анамның тілі, – дейді, – орыс тілін. Тексіздік шырмап алған мұны жіптей, Сүймейді туған елдің топырағын. Өзгенің жері дейді шімірікпей, Алаштың ата қоныс атырабын.

Қасірет – ұлтсыздықтың өзінде екен, Қасиет – сүт арқылы қанға сіңед. Ойы – жат, сана – бөлек, сезім – бө­ тен, Әйтпесе, бұл да өзімнің қандасым ед. ІІ Кеңестік кезеңде, ұлтым, не көрмедің?! Жоқ болып, жойылуға аз-ақ қалдың. Еркімде болса бәрі егер менің, Намысын оятар ма ем қазақтардың! Әуелі сәбилерін жетім қылып, Мейірге мұқтаж еткен қу тіршілік. Сол ұлттың жетімдерін жетілдіріп. Ұлтына қарсы қою – қитұрқылық! Көз салсаң отарлаудың шарасына, Жетімді төре жасау – жоба басы. Себебі, сәбилердің санасына, Не ексең, болашақта соны орасың! Керексіз еш адамға жетім еді, Бергендей ащы тағдыр долы сабақ. Қазақ боп туғанына өкінеді, Өз ұлтын адамзаттың қоры санап.

Имансыз құты семіп, ары шөгіп, Бойына у тарайды харам астан. Кеткен соң рухы сөніп, намысы өліп, Оларға оғаш емес жалаңаш тән. Зұлымдық шарап болып қанында жүр, Құмыра туыс оған, құбыла жат. Ал олар қара ормандай қауым қазір, Бәрінің тілі – сары, түрі – қазақ. Қайғы-мұң жан-жағыңнан қаумаласа, Жау шығар өз ішіңнен, Алаш, аттан! Өкініп істеріңе, тәуба жаса, Қорықпай өзге жұртқа бала сатқан! ІІІ Зообақ. Темір тордың ар жағында. Жолбарыс жатты жалап аландарын. Құдайдың құдіретін аңдадым да, Тағының тағдырына алаңдадым. Сүтіне тойып алып әлгі аландар, Бауырында жатыр екен танаулының! Ажырап Ата-Тектен қалған аңдар, Бойдағы жоғалтады бар айбынын.

Зымиян зерттеуінен адамдардың, Жануар ойламайды еш қауіпті. Сүтімен мегежіннің аландардың, Бойына дарытыпты шошқалықты. Қанына азғындықтың кеселі енді, Торай ғой, шошқа емген соң, болсын ба алан? Доңыздың аландары өсе берді, Кей-кейде үн шығарып қорсылдаған. Залымның жасап жатқан келемежі, Рухын алған сірә көмескі ғып. Жеріген күшігінен өз енесі, Құсадан мерт болыпты деп естідік. Құсадан өлген тағы тағдырынан, Қазақтың қасіретін елестетем… Бұл өзі, басып озбақ барлығынан, Барысы Азияның емес пе екен? ІV Ұмытса Алла заңын алданбас кім, Адамдар қолдан жасап масқара заң. Раббысына иілмей қалған бастың, Басына орнайды екен басқа заман.

Біреудің табынғаны дарақ екен,
Аллаға серік қосқан, пұтқа иіліп.
Жаратқан түрлі азапқа салады екен,
Қаһарға ұшыраған жұрты иіріп.

Қоспалар кіргеннен соң дінімізге,
Адасып тура жолдан, дін бұзылар.
Дініңе қайтам десең, ғылым ізде,
Білекті – бірді, білім – мыңды жығар.

Отан деп нұрлы жүрек туламай ма,
Болмайды ақиқатты айта кетпей.
Тамырсыз бәйтерек те қурамай ма,
Таухидсіз ел – тамырсыз бәйтерек қой.

Менің арқам деп ешкім айта алмайды,
Тәуелсіз етсе бізді Тәңір етті!
Дұғасын пендесінің қайтармайды,
Ол – Алла, Мейірімді, Әділетті!

Азатсың, болар талай, алда сынақ,
Сондықтан өз ұлтыңның арын сатпа.
Расулдың сүннетіне жармасып ап,
Құдайдың Құрандағы заңын сақта!

Қыз Жазық
(ретроспектив)
Бұл болыста Жазық есімді зағип,
суырыпсалма ақын қыз бар екендігін

бұрынырақта естігенім бар.
Янушкеевичтің сапарнамасынан.
Ол кезде көл пәкизат шағалалы.
Ол кезде ел пәкизат бағаналы.

Шоң, Шорман
жұртын қорып дұшпанкөзден
айнадай тап таза еді ау қарамағы.
Жыланбас шолпы таққан бұрымына,

елітіп қылықтының қылығына.
Ерітіп күн сәулесін қыр басына,
өлеңнің мейрің қанған тұнығына.
Төркінін сан тарихтың терең алсақ.

Күн мен күн айырығы ерен алшақ.
Өтіпті басымыздан небір заман:
зұлмат жыл, бодан ғасыр, керенау шақ.

Әр шоқым шежірелі заңғар аймақ.
Сол қазақ ғұмыр кешкен арманайлап.
Мезгілі сәл өзгерек демесеңіз,
көзіңе тізбектелер андағайлап.

Айбары асқақтаса хан Кененің.
Желкенін еркін керіп ән кеменің.
Қыз Жазық намысындай
Алты Алаштың

Төгіпті төңірекке зәрлі өлеңін.
Өз елін қойша қырып қанағасын.
Аштырмай бай манаптың оразасын.
Шер бүркіп қу таяқтан сұлтандардың

тірідей шығарыпты жаназасын.
Құдайдың құзырынан әмір келсе,
тентекті тезге салған тәлімгерше.
Көрсоқыр көзі ашыққа тәлім айтар.

Тұлғасы пайғамбарша тәңірленсе.
Е, жалған тауаныңа тәбділ қанша.
Адам ақынға айналар тағдырланса.
Жырлапты Алатауда ақын Жазық.

Жылапты Қарқаралыда жалғыз арша.

ІІ БӨЛІМ

ШЫРАҒДАН

(аудармалар)

21-і. Дүйсенбі. Түн іші
Анна Ахматовадан
21-і.
Дүйсенбі.

Түн іші.
Астана.
Көкмұнар көмуде.
Бәз біреу жар салып, - дұрысы

«Махаббат бар, - депті, - өмірде!»
Сенеді.
Пенде ғой жәудіреп.
Бір бақыт, жер үсті, бір қайғы.

Жүздесу.
Қоштасу.
Сан жүрек
Махаббат жайлы ән шырқайды.

Біреуге тылсымнан хабар кеп,
жанына тыныштық орнады.
Кенеттен қамығып алаң боп,
айығып кеткенім жоқ әлі...

*** Гуань Хань Циннен Некемізді аспан өзі қиғасын, Менен неге жырақтадың қимасым?.. Бар мұңымның дәруі деп шарапты... Сімірумен тағдырымның таңы атты... Бұйрық солай. Аспан қызы. Жанжарым. Мен өмірге өкпелей де алмадым. Суретіңе толып кетіп көз алдым, Түсіме еніп мазалағыш боп алдың... Пәк сезімді жүрегіме жерлер ме ең? Орын сақтап қойдым саған кеудемнен... Юань дәуірі

Көктемгі түн Су Шиден Жауһар түнім гүл иісіне байланып, Бұлт ішіне жасырынды ай барып. Флейта үні аспан жақты айналып, Әткеншекте өлең жатыр ой бағып... Сөз Юрий Визбордан Мына жаңбырдың не айтқысы келеді? Күнәдан бір тазарды жер. Үнсіздік... Тамшылардың дауысынан себебі, Таңғажайып сырлар ұғып күрсіндік. Мына біздің не айтқымыз келеді? Мылқау айға мойын бұрдық. Үнсіздік... Аппақ түннің от қарыған дерегі, Екеумізді таңырқатты мұңсыз ғып.

Мына сіздің не айтқыңыз келеді?
Сұлулықты баян еткен ақ көйлек...
Алақаннан жауын иісі өнеді:
"Сезімдері сәби сынды пәк қой ",- деп.

Мына жолдар не айтқысы келеді?
Махаббаттың мейрамына нұсқады.
Бұлт ішінен жұлдыз жанып сөнеді,
Тамшы күліп терезеңнен тысқары...

Шырағдан
Қарапайым заттардан сабыр іздеп,
Қас қарайса кеудеміз жанын үзбек...
Періште көр түсіңде терезеден,

Пеш түбінде алаулар жалынбыз деп.
Шырағдан күзеткен қараңғы түн:
Ол да біздік ғұмырдай қараңғы тын.
Тағдыр менен тағдырдың басын қосып,

Сәуле болып санаңда жанам бүгін.
Бал шақтардың тәттісін, тұнықтарын;
Қағидасын фәнидің ғұрыптарын;
Біз өртеген өкініш өткенің мен,

бізді өртеген уақыттың ұмыт бәрін...

Аққу қанат пейілмен әзілдесіп,
Лүпілінен жүректің ән үндесіп.
Кектескеннің кегін де кешір жаным,
Бізді кешкен пенденің бәрін кешіп.

Мен берген түн кілтінен сағым іздеп,
Қас қарайса кеудеміз жанын үзбек.
Періште көр түсіңде терезеден,
Пеш түбінде алаулар жалынбыз деп...

Қоштасу
Қоштасар сәт келді, достарым!
Гитара шаршады.
Тынықсын.

Назырқау, сағыныш астарын,
жеті ішек ұғынбай кім ұқсын?!
Жолдардың көкшимай дастанын
сезінсін.

Кеудеміз шынықсын.
Жеті ішек шырқаған саздарын
дәл біздей түсініп кім ұқсын...

Қоштасар сәт келді, бауырлар!
Тосады қайсыңды қай тағдыр?
Жүгіміз жеңілдер,
Ауырлар,

Қоштасу вальсін айтам бір.
Ақиқат аулына адымдар,
Санаға тамызық ой жаңбыр.
Достасу үшін де, наныңдар.

Қоштасу вальсін айтам бір.
Самайды ақ қырау шалғанда,
Қоштасу әніне салам ғой.
Көктем қыз бет бұрды маған да,

Күз еріп, жаңарды санамда ой.
Ару кеп қолымнан алғанда,
Оған да бір жауап табам ғой.
"Елуге енді кеп қалғанда,

Жиырмадан асқаның обал ғой..."
Көлге барып қайтайықшы
Әлдекімге айтамыз деп ән ізгі,
Әлденеше тоздырғанмен дәлізді.

Әлдеқашан өтегенмен қарызды,
Тағдыр бізді елемейтін тәрізді...

Жыл құсындай жылдар ұшып не түрлі,
Дос та көп еді.
Сетінеді.
Не тынды?

Балапаның қанат қақты.
Бекінді.
Уақыт беттен сүймейтұғын секілді.
Ғұмыр бақи дәлелдеумен бағаңды,

Өзің емдеп, өзің жазып жараңды.
Серіппедей сергіткенмен санаңды.
Қас қарайып, түседі екен қараңғы...
Шұлығында тығылсақ та тұрмыстың,

Жұмырында жұтылсақ та жұмыстың.
Жүзінде ойнап жүгірсек те қылыштың,
Көлге барып қайтайықшы бір үш күн.
Өткеріп ап елегіңнен өткенді,

Кімдер сатқын,
Кімге жаның кектенді.
Кешірумен,
Кешуменен өткелді,

Саумал демін жұтайықшы көктемгі.

Қамыстай боп су бетінде көктеген.
Әне кетті,
Міне кетті,
Кетті Өлең!

Сәбидей боп еш қасірет шекпеген.
Бала болып ойнайықшы отпенен.
Әне кетті.
Міне кетті.

Кетті Өлең!
Сәуірдегі сейіл
Соңғы қар да қимай еріп қоштасты,
Оның мұңын түсінсін кім,

білсін кім?!.
Терезе жақ...
Рояль үні астасты орманменен
есіттім де күрсіндім.

Жұмбақ әуен қалықтайды сыр бермей,
Керімсал жел еркелетті бөктерді.
Менің қызым ұзатылып үлгермей,
Ұзатуда рояльда ойнап көктемді...

Жігіттер - ай!
Қозғар шақта мұңды мұң,
Дидарғайып сәттерді естен шығармай.
Көктемнен соң сүйер дейсің күзді кім,

Рояль - тағдыр сыңсып барып тынардай...
Осы мезгіл.
Осы әуен.
Желемік.

Бейкүнә қыз бармағынан бал тамды.
Біздерге де қоштасар сәт келер ұқ,
көктем қылып өткергенмен әр таңды...
А.Межировқа

Әнменен толтырып жүректі,
күйбеңді мәз-мейрам қылдырып;
Ұмытып тар қапас түнекті,
ә -ә - әп - әйбәт аулаға ұмтылып;

Жадаған тірліктің төріне
қалаған есіктен ұмсынып.
Алтынмен апталған орынтақ
буына елітіп тұншығып.

Жоғалған бақытты шақырсақ,
Есіміз бір кіріп,
бір шығып!..

Сондағы шырқалған саздар - ай!
Аңғалдық аңқыған жазғы арай.
Аздаған ақылсыз болса да,
Маздаған сезімді қозғады - ай.

Ізгілік нұрымен үздігіп,
Қайғыңды қайғыңмен жазғаны - ай.
Жаныңды жылытып шараппен,
немесе алаумен талғамай...

Түнгі зал шамдары жарқырап,
Жарқырап тылсымнан ән құрап.
Көңілден, шарпыған пейілден,
пәкизат бір үміт қалтырап:

...Сәл үнсіз сыңсыды сәнді бақ...
Әнменен толтырып жүректі,
күйбеңді мәз-мейрам қылдырып.
Ұмытып тар қапас түнекті

ә -ә - әп - әйбәт аулаға ұмтылып.
Жатаған тірліктің төріне,
қалаған есіктен ұмсынып.
Алтынмен апталған орынтақ

буына елітіп тұншығып.
Жоғалған бақытты шақырсақ,
Есіміз бір кіріп,
бір шығып!

*** Жанарынан жас тамып түннің дөңгелек, Бір жапырақ құлазыр айды мұңайтып. Аппақ - аппақ қар құлар - үлбір көбелек, Жадыратар қаланы қайрымын айтып. Жер бауырлап шөгеді бұлттар көшіп кеп, Желтоқсанның желкеніндей жаға көтеріп. Кәрі төбет көздерімен күрт арбасып кеп, Жарық басқан маңайды шолады келіп. Беу, ғұмырды бастасақ па бәрін басынан, Күрке тігіп жағалауға жағалай қонып. Аунаймыз ғой армансыз адыр басынан, Алыстағы алауды аралай келіп. Жеті бақыт арқалап жеті жұлдызым, Аппақ қарға оранған арман гүлдерім. Сәл өзгеше ғайып боп кетуім үшін, Сәл өзгеше өрбиді қалған күндерім.

*** Сені жаңбыр жасырды ма екен, Әйтеуір, тағдырың бөлек. Мен күткен көктем аһ ұрды ма екен, Жатпайтын сабырымды елеп. Тек осы жазғытұрымда жел неге көп күрсінді екен... Кірпияз, кінәз аз ғұмырымда іздейтінімді сен білсін деп ем... Ұйқы шақырар дәрі бар дейді, Көзіңді ілгізер қайғысыз, қамсыз. Гитараның бір шегі бар дейді. Мұңнан серпіліп айығысқанбыз. Ештеңе маған дәру болмады, Жартас мұң жартас қалпында. Қос тағдыр сөйтіп жолыға алмады, сағыныш жылап артында. Ақылман да көп жанымды жейтін, Жалғанға жантақ болып кір деген... Ай сәулесінен тамырды үзбейтін оңтүстік барып тұр деген. Арландай зарып айға қарадым, Қолым бұлғаған орамал - үміт. Көзіңнен үнсіз аймалағаным,

есіңе бір күн оралады кілт. Сені іздеп табам шартарабыңнан, Қаймығып қайтпай дауылдардан да. Аспан менен жер алты алабыңнан. Жаурап жасымай жауындардан да. Үрпек үмітті үзбейтінің де Ол сенің еншілесің ғой. Өзің де мені іздейтініңді Сен білесің ғой!.. *** Александр Блоктан Ие, мен тәкәппар шығармын, ешкімге ешуақыт сенбейтін. Сұп-суық бір мінез шығардым жазмыштың өзіне көнбейтін. Өзің де дәл мендей болмап па ең, Жұлдыздан алатын хат-хабар. «Қараңғы орнар, – деп, – сонда әттең», жарыққа үмітпен жалт қарар.

Тастүнек.
Айтқаның айдай кеп,
сәулені іздейтін жүрек жоқ.
Көңілдер ашылмас шайдай боп,

өмірлер сыйламас жігерлі от.
"Өткенге өкпе жоқ" дейтіндер
жарықтың мехнатын қайтеді.
Кектескен самарқау кей түндер,

әл-әзір бітпейді-ау, әй, тегі.
Жетелеп ақ таңға ақ арман,
Елемей күншілдің әлегін.
Сенім мен үміттен нәр алған,

өзім де дәл сендей пәк едім.
Ал, қазір түк те жоқ.
Жым-жылас.
Сол жарық жұлдыз боп ағыпты.

Ізгілік орнына сырлы наз,
өткенге өкініш таңыпты.
Қалғаны – жымиыс, кекесін,
соңында өршіген кермек мұң.

Әйелдің қызартқан шекесін,
ұяты боп қана өлмекпін.

Сұп-суық темірдей төзіммен, Сұп-суық қабірді күзетіп. Өзіңді қалдыршы өзіңмен, Кеткенше жаныңнан сыз өтіп. *** Қорумен нақсүйер есігін есімде қалмапты есімім. Көктемгі көктүнек қоюлап, аңсарым таппай дал шешімін. Ышқынып сыздаған дертімнен. Жанарым жасаурап еркімнен. Көз алдым бұлыңғыр мұнарлар, ойларым жаңылды сертімнен. Сағымға сіңгендей жол анық. Жаным да тыныштық оранып. Көктемім көктемей сан мұңның түбіне шөккендей қаланып. Тоңазып етжүрек молада. Тастүнек орнады санама. Есімнен ақырын адасып, Салқын леп үрледім жарама.

Блуадағы байқау балладасы
Франсуа Вионнан
Бұлаққа келіп шөлдеп өлемін.
Жымиысымды шерге көмемін.

Ермек екен ғой еңбек дегенің.
Бейнетіме де сергек келемін.
Өзімнің үйім – біреудің оты,
Ал өз отаным – біреулердікі...

Дым білмейді екем – білерім осы,
Ғайыпқа сену – күмәннің басы.
Мырзасы болып бір күндігімнің,
Мойындалып ап сүргінде жүрмін.

Мәрттікті текшеп сараңдықпенен,
Үмітсіздіктен адалдық көрем.
Аязда жүріп май гүлін сұрар,
Қайыршы кейпім байлығым шығар.

Жаураған жүрек жалынның демі,
Серелі мұздан жаным гүлдеді.
Мырзасы болып бір күндігімнің,
Мойындалып ап сүргінде жүрмін.

Көңіл көншітпей бір күнгі жарық, Жақындасыппын жұлдызды танып. Жарық күнді де менсінбей жүрмін, Жердің өзін де жерсінбей жүрмін. Шер тарқатуға саңырауды іздеп, Сеңгіл тұманда саңылдаулы із көп. Жусаннан кермек балдың бал дәмі, Қанша ұрады Ардың салмағы?! Мойындалып ап сүргінде жүрмін, Үлесі қанша бір күнге жылдың. Ұжмақта жанып, тамұқта күліп, Тірідей кеттім табытқа кіріп. Мырзасы болып бір күндігімнің, Мойындалып ап сүргінде жүрмін. *** Ольга Берггольцтен Мен сенен мұңымды жасырман, Жасырмас бақытым секілді. Жүректен күй төгіп ашылған, Ғасырлас сырлаят секілді.

Тас мүсін ескерткіш ішінде, Шынылы сарайда жоқсың сен. Бар болып табиғи пішінде, Көнерген жүректен өттің сен. Ғайыптан көрініп деміммен, Тулаған қаныммен, сабырмен. Дәуірге айналдық егілген, Жүректен тіл қатып жаныммен. Мен сенен мұңымды жасырман, Жасырмас құпиям секілді. Жүректен күй төгіп ашылған, Таусылмас сырлы аят секілді. *** Вероника Тушновадан Трамвайлары енжар тым, Алғашқы бекеті қаламның. Жымия алмадым мен бәлкім... Тым қатты шаршаған болармын. Өзіме таныс үй тым бөтен. Көрінді жүрекке о несі? Мен аттар киелі іргеден, Суынды-ау жанымның кемесі.

Көңілсіз, дегбірсіз қаламда, Бетінен мұң сүйген мен жалғыз. Бір күні жымияр саған да, Күлуді ұмытып қалған қыз... *** Жарығы жоқ жаңбырлы түннен ауыр, Қадірі жоқ сөз тыңдар мұңлы өмірім. Сөз бере бер, еркелет зілден арыл, Айялдай сал қамықпасын үр көңілің. Күнделікті күйбеңнен қаншалықты, Реніш жиып алды екен сарсаң жаным. Гүл ғұмыры секілді соншалықты, Жылы сөзбен ғанибет қарсы алғаның. О, бұған шаттанады қанша жүрек, Сан адамда күнелтіп аласұрып. Сол сөздерің қуантып алса бір рет, Тағы да алдап кеткін баласынып.

Күту
Адам төзгісіз салқындық,
Деміңнен бу шығар тәрізді.
Жүректі қартайтып, марқұм ғып,

Көздерің сол қалпы: жаны ізгі...
Ғұмырың сілтідей тыныпты,
Несі бар?!
Сабыр ол – бейіштен.

Сезімің күтуді ұмытты,
Азапты күндермен, кейіспен.
Ұмыттың күтуді тағатсыз,
Сәт сайын жеңумен дертіңді.

Күйіңе күйініп тағатсыз,
Ерікке жібермей еркіңді.
Есік жақ қағылса кенеттен,
Есітсең біреудің адымын.

Со кездер, со кездер сені өпкен,
Тыңдатар тағдырдың наз үнін...
Ұшы да, бұл күйдің шеті жоқ,
Жетім күн әлдене ұқтырсын.

Дәл мендей ішіне бекіп от,
Әлдекім өзіңді күттірсін!..

Күт мені
Константин Симоновтан
Мен бір күні ораламын,
тек күте біл тағатсыз.

Сары жауын боп қарамағың,
мұңайтса да жауапсыз.
Сартап болған шіліңгірде
қар бораған шақтарда.

Өзгелер де бүгін мүлде
ұмыт болып жатқанда.
Хат үзіліп түгесілсе,
көз көре алмас маңдардан.

Бірі қалмай күдер үзсе,
жарыместеу жалғаннан.
Мен бір күні ораламын.
тек күте біл ардағым.

Секемшілдеу жорамалың
түсірсе де салмағын.
Күте-күте шаршағанда
ұлым менен анам да

Достарым кеп қоршағанда
мен тұрайын санаңда...
Мені жоқтап татқанында
нарт қызыл шараптан.

Бір егіліп ақтарыл да
айналып кет о жақтан.

Мен бір күні ораламын.
Сан ажалдың кегіне.
Тауысқандар бар амалын
жалт қарасын шегіне.

Шын сүюдің қасіретін
Бөгде қайтып ұғынсын.
Менің әлгі өсиетім
Болып тұр-ау бүгін сын.

Мен бір күні оралдым да.
жасқа толды көздерің.
Тізбектелді көз алдымда
мені күткен кездерің...

Адасқақ
Вислава Шимборскаядан
Мезгіл-мезгіл өз бойыңнан аластап,
Жаныңменен қауыш қайта адасқақ.

Күндер-күндер ұрлайды оны өзіңнен...
Жылдар-жылдар таса қылар көзіңнен.
Таңданысы құрлы болмай сәбидің,
Пілте шамы өшіп тынар фәни күн...

Жихазында жасырынып үйіңнің,
Өкшесінде өксір аяқ киімнің.
Жауап қатпай берілмеген бағамы,
Сенің жаның — сауалнама бағаны.

Бірде айтылып, бірде айтылмас бәкене,
дауыс емес, үнсіздікпен етене.
Ауырсынып қалғанымда жан-тәнім.
Алыстарға кетті ме деп қорқамын.

Өлерменннің қожайыны емес ол.
Көрерменнің көзайымы емес ол.
Жұбаныштың көршісіндей боп келіп,
қуаныштың еншісіндей кетті еріп...

Жалыққанда жалт беретін жалғаннан,
зарыққанда жоғалатын арманнан.
Қарағанда көрінбейтін айнадан,
өзіңдей боп қылаңытар айналаң.

Тәбділ етпей тауысқанмен тағатты,
Сол қолына тақпайды ол сағатты.
Мезгіл мезгіл өз өзімнен аластап,
Менде өзіндей, ол да мендей адасқақ...

Түсіме мадақ
Өң-түсімде сурет жазам не түрлі:
Тура Вермеер ван Дельфт секілді.
Мені естиді марқұмдар мен тірің де,

Сөйлегенде көне грек тіліңде!
Көрік қосар бойымдағы көрікке,
Кербезденіп жайғасамын көлікке.
Міне-міне таусылардай қағазым,

Ұлы-ұлы поэмалар жазамын.
Тың тыңдаймын елегізіп алысқа.
Әулиелер құлақ түрер дауысқа.
Адамзаттың сағындырар арманын

Рояль тілін бағындырар бармағым.
Көзін тігіп таңданысқан сан ақын.
Зәу биікке талмай ұшар қанатым.
Құласам да кенеттен кеп төбеден,

Шын бақытты екенімді көрер ең.
Мүсіркеумен құрлықтағы мұңлыққа,
Шым түбінде сусындаймын шындыққа.

Атлантида ашқанымда әредік.
Ессіз жұртта қалмас сірә зәре-құт.
Айыра сап көмес пенен анықты:
Үш күн бұрын жырағытам табытты.

Жанартаудың көзіме ілмей амалын,
Бөгенайы бөтен бола саламын.
Жауығуға міндетті емес жауыр мұң,
Мен бейкүнә сәбиімін дәуірдің!

Қолтаңба
Ақын зағипқа өлең оқып тұр...
Білген бе мұншалық қиналатынын.
Тыңдарман кеуліне тоқып тұр:

Жиып ап иман, ақылын.
Шайыр да сезіп тұр
Оқылған тармағы
Сінгенін түнекке

Ырғағы жаңылып
Кезіп қыр
Келмейді-ау, келмейді іретке.

Тәуекел!
Тәрік етіп бүгінді.
Бұл жырдан күн менен ай түңілді.
Тығырық қамап ап тылсымнан

Өнердің тізесі бүгілді.
Ол өлең оқып тұр...
Себебі, амалы қалмады.
Күп күрең ол көрген жаһұт қыр...

Күп күрең енді оның арманы...
Ал, зағип.
Ал, зағип қырағы.
Жүректе шырқалған мың әні.

Өзіне, көзіне көрінбес
Ақыннан автограв сұрады...

Мазмұны ***

Түйсіну

Бесік пен кесік

Күрмеу

Сағынышбасқан

Тиек

Алхоры қыз

Бақытты бол, адамзат!

Зәм.Зәм.

Мистика

Бұл күнде

Келте

Шідер

Түсінік

Ақыржалған

Оқшау

Күбір

Ұшақ қанатындағы ой

Сот

Алматы қазір...

Өліара

1941-1945

Кәрі көктем

Шашылған шумақтардан

Қазбауыр

Аманат

Нала

Бағыштау

Қоңыз

Бір қайыру

Арзу

Бояу

Көш

Ақындар рухына бағыштау

Үзік

Күйіну

Күй

Летаргия

Мамырстан

Мақтан

Нәубет

(аза)

ІІІ

Қыз Жазық

(ретроспектив)

21-і. Дүйсенбі. Түн іші

Көктемгі түн

Сөз

Шырағдан

Қоштасу

Көлге барып қайтайықшы

Сәуірдегі сейіл

А.Межировқа

Блуадағы байқау балладасы

Күту

Күт мені

Адасқақ

Түсіме мадақ

Қолтаңба

Редакторы: Төкен Әлжантегі
Таралымы: 500 дана.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙