Мазмұнға өту
Home

Оралу

Әуезхан Қодар

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Оралу

Авторы: Әуезхан Қодар

Әуезхан Қодар ОРАЛУ (Өлеңдер мен аудармалар) Алматы, 2006 Ә. Қодар. ОРАЛУ (Өлеңдер мен аудармалар) Алматы: 2006. Белгілі ақын, аудармашы, мәдениеттанушы, қоғам қайреткері Ә. Қодардың бұл жинағына жиырма жыл бойы жазылған өлеңдері мен аудармалары топтастырылған. Кітап ақынның жан-жақты стилистік ізденістерін және аудармашылық өнердегі өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленеді. Тәңірдің салтанаты Қар жауып тұр ұлпалап, балалаған. Қардан өзге құбылыс ала маған. Әппақ түрге енгізіп бар дүниені, Өзге ешбір бояуды қаламаған.

Ақша қарсыз қиын-ау қара жерге, Жер дарынсыз, сүйенген қара терге. Қар жауып тұр – тәңірдің ордасынан Жерге дейін шұбаған дара перде. Кім біліпті жауарын, кім күтіпті? Борай-борай кім оны ытқытыпты? Ақ түйенің қарыны жарылғандай, Түгесілмес сыңайы мықты, тіпті... Ағаштардың бұйралап самайларын, Ақ мамыққа жер-көктің қамай бәрін. Қар жауады шақырып ерулікке Ерен ерлер Доспамбет, Мамайларын! Қар жауады жасырып қара түсті, Ақ кірпікті жан-жаққа тарады ұшқын. Қара басып бұл әлем шатысқан соң, Хақ ісіне Тәңірі ара түсті!

Шыңға шыққан шыршалар – үйме жасақ, Төбелер мен дөңдерден күйме қашап, Қар жауады дұғалап Жер мен Көкті, Тәңіріше жаңадан дүние жасап! Жаңа Ғасыр, Жаңа Жыл, Жаңа Дәуір Қанатындай, қалқып қар жауады ауыр. Бар тірлікті мүлгітіп зор ұйқыда, Тербетеді үн-түнсіз шала дауыл. Үнсіз әннен дүниеде ән аз асыл, Туындатып жаңа ырғақ, жаңа нәсіл, Ақ ұлпалар жауады «Әпсүн» оқып, Көнеліктің шығарып жаназасын. Қоныс қылып әлектр бағанасын, Шыныменен келдің бе, Жаңа Ғасыр?! Тамашалап тұрғандай сезінемін Көнелік пен жаңаның жағаласын.

Өлшем бар ма өткен мен болашаққа? Бола алмай жүр болашақ, бола сақтап... Бас иеміз біз түбі сол тентекке, Қар мен мұзға, әзірше, орасақ та? Болу, болмау Тәңірдің хұзырында. Қыдыр көрсең, қадірле, тыжырынба. Қар астында қалса екен мәңгілікке Келте шешім, қортық ой-тұжырымдар. Қар жауады құралған мың ұлпадан. Дүниедегі ең жаңа, тың ұлт – адам. Әлемдегі бар ұлттар, бар нәсілдер Бір әлемдік жаралған жұмыртқадан. Ежелгі сол бірліктен бал таматын, Дін мен діл деп соны ата, жалтаң ақын. Жаңа жылда қар жауып, әйгілеп тұр Тәңірінің таусылмас салтанатын!

II Тәңірі бар ел едім мен, Тәңірім қайда? Тәңірі жоқ әмірлердің әмірі майда.

Қағаны бар ел едім мен, қағаным қайда? Қағаны жоқ тәңірсіздің талғамы майда. Елдігі бар ел едім мен, елдігім қайда? Күркіреуші ем күн көзіндей, ендігім майда. Түнгі ұйқымды төрт бөлуші ем, баяны қайда? Сегіз қиыр шартарапты баяғы қайда?! Басы барды еңкейтуші ем, қарғады ма екен? Тізеліні бүктіруші ем, жалмады ма екен? Жоқ, әлде, бір жансақтықтан кұт қашты ма екен?! Тәңірімді ұмытқан соң жұт басты ма екен?! Күнім менің қиыр-шиыр тарыла берді... Қалай жатам риза болып барыма енді? Күн тарылса, кенейтемін, күннің ұлымың! Түркіліктен тана алмаған үннің құлымын!

Мен түркімін үнсіз кеткен, жалай мұның, рас! Жоқ болудан бар болуды қалайтыным рас! Жыртқыштардың әлсіздерді талайтыны рас! Бар болудан нар болуды қалайтыным рас! Мен түркімін түрткі болған бүкіл әлемге, Қол-аяғын бүрңстірген бүкір әлемге! Менің туым желбіреді Ұрым-Қытайыңда, Бұрынырақ оянған соң бұрын ұпайым бар! Кеңістік пен уақыттың еркесі болдым! Жаңа оянған адамзаттың серкесі болдым! Қашан, кәне, кеудемдегі жан "бұғам" деді? Тозағың мен жұмағың да қанжығамда еді! Мүмкіндіктің молшылығы ойды жалғады, Ешбір құдай "қой" деген жоқ, қойдыра алмады. Қойдай бағып халықтарды, "қойдың көсемі", Шеқараға татулықтың қойдым төсегін.

Ғұннан бастап, Шыңғысхан мен Темірге жеттім, Құт қашқан соң, естен танған өмірге жеттім. Тарыдай боп шашылған соң, әркімге жеммін, Өз тұрағы, өз құрағы бар күнге кеммін. Естен танған ұрпақ туып, шаян боп шықты. Тәңіртекті момындықпен аян боп шықты. Тым кәрімін, дегенменен, көкірегім жас! Көп көрген соң, кекірейе көпіремін рас! Мойымаған тарланыңның талда болжамын; "Ойың болса, бойың болса, алда болғаның! Мен әлдеде түрткі болам дүрбелендерге, Арманыма азық болып гүлдеген елдер! Аш болсам да, нас емеспін, демде тоямын! Әлем қойса қасқырлықты. Мен де қоямын!"

III Терезеден түннің лебі ессе бір әйбәт, Болар-болмас сыбдырлардан эссе құрай жат.

Өзен шуы бұзса егер жалғыздығыңды, Ойларыңның қарбыздарын жарғыз бүгінгі. Қара түнде тыңға айналып, ұмыт өткенді: Үмітсіздік сергелдеңін, үміт еткенді. Мысқылыңды бұл түн басып, қуанышыңды, Екі мыңдық ауасымен жуама ішіңді?! Дінге тұнған бұл ауаны түркі де жұтқан. Қайыр түні, мінәжәт қып, үркіме құттан. Мейірімі Тәңіріңнің, қат, дара тіндей, Ақ нұр болып төгіледі қап-қара түнде. Араласа жер-суыңды құрық-қадамы, Тәңіріңнің өз ұрпағын ұмытпағаны. Елің әлі күркерейді ән ете жолын, Жер мен Көктің арасына дәнекер болып. Құс жолына қиялыңды керіп жат, кәні! Сезесің бе, жұлдыздардың еріп жатқанын?

Сезесің бе, тұқымыңның жөні төске мұң, Қай түпкірден, қай ғарыштан өніп өскенін? Сезесің бе, көрмегенсіп, бағалар ымды, Жоқтан шығып, жоққа кеткен бабаларыңды? Түн  түркінің отаны ғой, аттан арынды, Сезесің бе, отаныңа аттанарыңды? Миға симас болашаққа тілдей бал ашып, Түсің бе бұл, өңің бе, әлде, білмей қаласың. Көз ашсаң тек  таң атқан ба?  кие толы асыл, Түннің сыйы, бір ақ нұрға ие боласың. *** Алыптар тобы, алыптар тобы, қайдасың?! Тірілтерсені қай дұға енді, қай жасын?! Әлсіздер әлді, мықты боп кеткен шақта бұл Жетпей-ақ жатыр қобыландылардың найзасы!..

Жетпей-ақ жатыр оқ жетпес сұсы Мағжанның!?? Байқайсыздарма, бір емес менің ағзам − мың! Отаным менің Дешті Қыпшақ пкен Қайта Өрлеу Дәуірі − сонда бастауы барлық арманның. "Табыну, сүйю әркімнің өз жеке ісі", − Құлады тақтан инквизиция текесі. Ақаным сонда симады дала төсіне, Жүрегін кернеп Джиокондалық кекесін. Сондықтан болар, қазақта өшпес бір мұн бар. Қаншама ғасыр із-түзсіз кетті құрдымға. Мазарлар ғана далада тұрды шошайып. Қантөгіс сайын көбейе берді құзғындар. Жат түгіл қазақ туыстың өзін жау санап. Жорыққа шығып, жорықтан босты қаншама. өамалсыз дала қамал боп алды қатыгез, Ар-санаға үстемдік құрып тар сана.

"Алыптар тобы, алыптар елі, армысың?!, − Деп сонда Шоқан өшірді тарих қарғысын. Туыс боп шықтық ақыры бүкіл әлеммен Қимасын қиған болашақ үшін, ар үшін. Қатерлі кезең ұмыт боп қалса, ол да − мұң. Халықтың қиын өз-өзін тану жолдары. Абай да − Паскаль, Сократтардың тұяғы. Тек әттен оның эпикур бағы болмады. Ұлттарды неге алыс-жақынға бөлейін, Абайға жақса, маған да жақын Онегин. Эллин мен қазақ табысып менің санамда, Парасат бағын тапса екен деймін өлеңім... *** Тірі құдай арамызда жүрсе егер. Жазғырар ек сойлесе де, күлсе де. "Құдайлығын өзіңе, − деп, − шырағым. Себеп емес бізге деген бұл себеп".

"Сен, слуши, қиқандауды қой енді. Құдайыңдай мойындайсың көгенді. Ал егерде көгенге сен көнбесең, Арыз жазып, оямыз біз төбенді... " Сұлулығын сайқалдыққа балар ек. Ұлылығын айтар едік: "Шала!" − деп. Біз әйтеуір бүкіл оның бойынан Бойына жат ұсақтықты табар ек. Неге солай, түсінбеймін, салтымыз? Сөзіміздің "алды − жалын, арты − мұз". Өзімізде болмаған соң тектілік, Тектілікке ойбай сала қарсымыз. Жаратусыз қалғандай бір қазына, "Көзге ілмеді", − дейсің барып қазыға. Аспандағы құдайдың өзі де Құлақ асып жарытып ед назыңа?!

Ашылған жоқ менің де әзір бақ-Айым, Несіне оны күнге мін ғып тағайын. Оңай боп па таңдандыруТәңірді? Көзге ілмесе, бойыңды өсір, ағайын. *** Белгісіздеу бағытым да, жасым да. Кетуім де мүмкін менің құр жанып. Профессор Доуэльдің басындай, Менің басым қателіктің құрбаны. Әр қадамым амалсыздық амалы. Жеткілікті болса-дағы өз қайғым, Бұл дүниенің ең әлжуаз самалы Жүрегімнің көкқұрағын қозғайды. Түсінбесе, түсінбесін әлдекім, Кедергі жоқ егер сенім болса нық. Сыйлай тұра қанаттылар әулетің, Кетсем деймін Айға жаяу жол салып.

Әсем теңеу, − тіпте, өзім де күлемңн. Қайтем енді бұйырмаса бәсеңдік... Әсемдікке қарсы менің жүрегім Ұйқтататын дәрі болса әсемдік. Қайдағы ұйқы? Тірелдік қой тұйыққа, Ұсақталып сезіміміз, сөзіміз. Батискафтай тік бойлаған мұхитқа. Бойлайықшы өзімімізге − өзіміз. Қорқынышты... Бірақ әділ бағаңды ал. Көз жасыңмен жуып көңіл шаласын. Мен қызығам жаны таза адамға, Тарихшыдай тапқан бақыт қаласын. Ал өзім ше? Жасындар мен лашындар Мені көктен туысындай тұр танып. Профессор Доуэльдің басындай, Менің басым ізденістің құрбаны. ***

Ех, Диоген, ох, Диоген − дуана, Қосылар ем мен де саған қуана. Бірақ менде тамшы жастай үміт бар. Сол үміттен жымияды күн − ана. Қосылар ем, қосылар ем, амал не, Өз-өзімді тоқтатамын сауалмен: "Диогенім толқытпаған адамды Толқытамың оқытамын қалай мен?.. " Түпсіз терең сауалдардан талғанда ой, Шошытады арзан қайғы, арзан той. Арман, үміт, дүние жалған десек те, Шексіз мұңның түнегі де жалған ғой. Тарих куә, көп құдайға табынып, Гректердің озғанына... Сан ұрып Қалған олар, сеніп талай тиранға. Қолдайтын тек өзімшілдік нанымын. Адам солай − бойлай алмай тереңге.

Қор болды, ғой, сонет оқып кереғге. Құдай санап жыныс мұның, жын мұның, Өтті талай ойдан талған кемеңгер. Табынбаймын креске де, айға да. Плутосқа табын дейді айналам. Болмасамда онша ырза өмірге, Ең әрісі, күрсінемін жәй ғана. Ой − шылымның түтініне көміліп, Мынау менің отырысым, оны да ұқ... Ех, Диоген, ох Диоген, әулием, Кешір, бүгін болмай қойды көңілім. *** Тұңғиыққа талайды батырды мұң. Мұңның өзі ерлікке татыр бүгін. Сүйсінерсіз мықтылық өрлікке сіз, Түсінсеңіз Сизифтің батырлығын. Құдайлардың ұшырап қаһарына, Жырақ қалып теңіненң қатарынанң Өзінен дәу жартасты итермелеп, Қайта алмай жүр мардымсыз сапарынан.

Шығаран соң зорығып тасты шыңға, Тас кері домалайды − қастығында Құдайлардың рахым жоқ. Бәрі бекер Күш-жігерін, ақыл-щй, жастығын да. Бірақ Сизиф тұнжырап, жасымайды, − Тамашалап жақыннан асыл айды, Ол қайтадан түседі, сәл мұңайып. Ойланып тым қатыгез тасы жайлы. Есінде жоқ соқпағын бұлт кескені, Сыздамаса жарасы білмес те еді. Бір сәт қана есінде − шыңға шығып, Жер − көкпенен үн−түнсіз тілдескені. "Құрдымда да, тағдырым, қуана біл, Шықтай таза көңілді буама мін? Кері кетсен, кете бер, мен бәрібір Сені шыңға қайтадан шығарамын.

Мейлі, болсың бекер-ақ қайсарлығым, Бірақ, менің ол емес айтар мұным. Ұмыттырған алаулы жеңіс сәтін Арсыз күштің қинайды сайқалдығы. Жүрегімді ашыну, нала жұлып. Болды жалғыз қаруым наразылық. Домалатып тасымды кетіп барам. Өз-өзімді шындыққа таразы қып... " Қабір-көңіл сезімге тойынама? Сол батырдың ұнайды ойы маған. Ей, сизифтер, сендерге тағзым етем, Тұл тірлікте мән іздеп, мойымаған. *** Мефистофельмен кездесу (Ироникалық баллада) Телпегі бар басында құс қанатты, Мефистофель кіріп кеп, сұс таратты. Қойынында екі күшік – сөз бастады Оңды-солды фюрерше нұсқалап бір:

«Ой табынан, сірә да, түсің кішік, Парасатпен сөзімді түсін, пішіп Құпия сыр арқалап саған келдім, Фаустпен жүре-жүре ішім пысып. Тереңдеп талай тылсым тұңғиыққа, Періштедей боп кетсем мұңға ұйып қап. Сол Фаустың кесірі... Сайтанмын ғой... Мен басқа жан іздемеймін құн тұықтап. Ұзамаған Табиғат аясынан, Дәріс алып ханынаң қарасынан. Сіздің халық өзгеше көрінеді, Бақытсыздау адамзат баласынан. Сәні емес пе өмірдің кетіксіз жер? Жер жыртудың таппапыз ретін сіздер. Сіздің сонша бауырмал болғаныңыз, От пен күнге табынып өтіпсіздер.

Күннің көзін жоғалтпау игі арманы. Күн нұрына халқыңыз күй арнады. Құл ұстамай өтті ол тарихында, Құлшылыққа өзін де қия алмады. Болмапты ғой сіздерде бос сүйісу, Амандасады екенсіз төс түйісіп... Тазы салып затсыздық іздесе де, Кеудеңіз тек даланың хош иісі!» Іздеп жүріп «құпия әлемді» елден, Румдықтар, қытайлар – бәрі емделген. Алыстан алты жасар бала келсе, Алпыс жасар қария сәлем берген. Ұлттар аз ба дүниеде еш ырымсыз? Досқа адал, ал жауға кешірімсіз, Жолатпапсыз кіршіксіз жаныңызға, «Күмән» атты тірліктің кесірін сіз.

Ал мен болсам – сол сұмның түлегімін, Сұмпайы ойдың қасаңдау жүрегімін. Дегенменен көз жетпес түкпірімде, Диуанадай жымиып түнеді мұң. Сүйсінерлік таба алмай ештеңені. Естеріңе жабысқан ес-кенемін. Сократты мен шаққам бесігінде. Кеше алмасаң, түкірдім, кешпе мені!.. Сол Сократ – алғашқы Христосың, Христосқа сенбесең, дұрыс, досым. Мен ұйреткем адамды тағам жеуге, Бал-шырынның орнына бұрыш қосып. Адам содан жетіліп тулеп еді – Жиырмасыншы ғасыр боп түрегелді. Алдар Көсем ышқыртқан байғұс қой деп, Мына маған данадай күледі енді. Өсімдігің өспесін ексе не ғып? Жетілудің мәнін кім екшеп еді? Адам қазәр қазымыр Фауст құсап,

Өз-өзін де тыншымай тексереді. Тексеруге негіз бар: парықташы Ұрынды ғой сұмдыққа барып ғасыр. Жан алқымы мұрнына тірелгенде, Өз-өзінен кетеді халық тасып. Заманыңы сенімді артасың зор, Қалу керек аңқаулық партасында ол. Ақырзаман егерде көргің келсе, Ғасырыңның сүйікті картасын көр. Жаратқанды мәз ғып ед қай таң күліп, Адамзат зиялы деп қай тантуы? Харам бәрі – көк жері, теңізі де, Сайтан кірер қалмады сау тамтығы. Содан маған маза жоқ, мархаббаттым, Вирустердей мені де маркалаттың. Соғыс пен СПИД-тердің көсемі деп, Парықсыздау лақапты арқалаттың.

Бірақ мендей дүлейге жұға ма мін? Маған келсе, алдайды құмалағың, Бұдан да өткен адамзат жасасам деп, Мен түтіктен маймылдар шығарамын. Дегенмен, сайтан алғыр, өнбей ісім, Адам болмау оңай ма, сен де түсін – Маған қазір бірдеңке керек боп тұр, Тозып біткен жүйкені емдеу үшін. Қыбырлаған әлемде жоқ тірегі, Қарғыс атқан қашаннан көп тілегі. Маған қайта түлеуге қажет боп тұр. Нәрестедей адамның көкірегі. Қайтармассың бетімді, ақынсың ғой... Киесіне сезімнің бағынсын ой. Өз ұғымың бойынша, адам түгіл, Сайтанға да бауырдай жақынсың ғой. Нұр жауады дегендей талаптыға. Мен өзім тиіспеймін – қарай тұрам. Сені, сұлу жаныңды алу үшін.

Күшіктерге момақан талаттырам. Қуанар ем, қайтейің, түсің сынса. Желік үшін есіру кісіге ынсап. Сайтандықтың жетілген ғажап түрі – Бумерангтай күш емес, күшік жұмсау... Байқадым мен – үнінде күрсініс бар, Қанша ғасыр жалғыздық қысып ұшқан... "Қалағаның болсың – деп, құтырығым", – Оп–оңай–ақ келістім ұсынысқа. "Алсаң – ал, – дедім оған– көк тірегін. Көк тіреуге жарайды кқкірегім. Дәл осылай өзің кеп қиялмасаң, Жаратулыға дап–дайын боп тұр едім." *** Жаңылға Жаңылды тапқан жаңылмай, ажал, Не деген қатқыл, сұсты едің. Мазалы жерде табылмай маза, Аспаны жанған құс па едім?

Жаңыл деп сонда несіне қойды Анамның менің есімін? Нағашым әлсіз есіней қойды, Жұтқандай емін, кесімін. Иә, ажал үнсіз, ажалда жоқ тіл, Онда тек бұйрық, үкім бар. Кешірген жоқпын, сазарған жоқпын, Тағдырға тұйық, қыртымбай. Жаңылмай ажал, Жаңылды жұтты, Ажалдай тосса, маң - ылаң. Іздесем егер танымды құтты, Жаңылмен қоса жаңылам. ***

ЗӘМЗӘҒА

Дарытып біздің жанға емді, Қырыққа толдың Зәмза енді. Қасыңда біздей шалың бар, Аймашка деген балың бар. Береке керек болса егер, Ал, достар, ұрттап қалыңдар! Осыдан он жыл бұрын мен Қуанттым сені жырыммен. Сейілді сосын арнауым, Таңданды бұған бар қауым, Зәмзамдай жары бар адам Қойды деп неге сарнауын? Бұрқасын толы жылдарда, Біз астық неше қырлардан. Дәм татып шаттық, ашудан, Аса алдық неше асудан. Сонда сен маған бас болдың Сақтаған асып-тасудан. Қолымда найзам жарқырап, Көрінді тарлау бар тұрақ. Ешкімге көңлім толмады Бар бақыт болып жарты бақ. Мұңым мың және жүгім мың Екенін тек сен ұғындың.

Достарым көп боп дүр қасы Көкірегімізде жыр тасып Жүруші ек бөлек елдей біз Ендігі досым ұрғашы. Бірі өлді, бірі ығады, Тек Зәмза маған шыдады. Зәмзаның ыстық жүрегі Тек мені сүйіп түледі. Қырыққа кепті байқамай, Жарына болып тірегі. Зәмзәгүл үшін алайық, Мен сүйем оны, халайық! Жолаушы Шарасыздық – қазіргі хал-жағдайым, Қалғаным ба осы орнымда мәңгілік? «Қанатынан айырылған қаздайын», Байқаусызда көліксіз қап әңгүдік, Айдалада аңыраям сандалып, Әуеніндей адасқан бір қобыздың, Айналада жоғалғандай мән де анық, Жәй бір сыңсу – белгісіндей көп іздің.

Дала... Дала... Ұлаңғайыр кеңістік. Мен бір нүкте тоқтата алмас сөйлемді. Ұйқаса алмай, үндемеуге келістік. Жел аймалап, тазартуда ой, демді. Бала... Бала... Бала екенмін әлі мен. Өкіну не, опыну не, бәрі бос. Мәңгі болмыс емде мұнар әрімен, Емде мені, аспаныңмен, кәрі дос! Бірде Күнге, бірде сеніп Құт, Айға, Салыстырма дүниетаным лезде өскен. Шөл – теңізбен Будда көшіп Қытайға, Түркілердің Тәңірімен кездескен! Көшпенділер жол – даланы үй қылып, Арбаға артып, сүйреледі қосын кең. Мазарларда қырық шілтен тығылып, Ой шырағын Сыр еліне көшірген.

Келді, кетті... Ғарыштан да әрі енді Сол тіршілік қол бұлғаумен санаға. Дала қылам деген бүкіл әлемді Соңғы Қаған өзі сіңді далаға. Бұл даңғылда демемейді мені ешкім, Маған келіп үзілсең сен, үзіл, Мән! Мен Қаған да, Пайғамбар да емеспін, Жәй жолаушы... мәшинесі бұзылған. Мән – көсемді өз қолымен соқты адам, Өз қолымен құлатты да. Құқылы-ақ... Байқоңырға жете бере тоқтаған, Күйбеңдеймін, мәшинемді шұқылап. *** Сүкімсіздеу сусыннан шөл де мың артық... Аспан түстес ауадан бөлме мұнартып, Жетелейді ойларға ауадай нәзік, Айналған соң әруаққа сау адам азып. Жасыл көзді бұтақтар қылтиып көкке, Майысқанда, айта көр бұлтиып, өкпе.

Тау үстінен созылса түтілген түбіт, Тағдырына сүйсініп, түтілгенді ұмыт. Терезеден көре алсаң жәй небір маза, Терезесің сен де бір әйнегі таза. Аспан түстес болса егер ақыл-болжамың, Заты ғажап бір күшке жақын болғаның. Қарайсың да тұрасың, самал өпкесін, Көңіл-көкті кеткенше самолет кесіп. *** Жебірейше тоқып жадыма, Қазақша сені жаңғыртам, Ауа сілкінтер қазына, Саған мәз бүгін мәңгүрт-ән. Орыс пен қазақ құраған Жанымда қай бір күй болсын. Трамвай жолға тұра ғап, Ессіздік маған үй болсын. Аңқау қыз болсын сүйгенім, Қадірімді білсе, жетеді. Болашақ деген би-гений Басқаға түрсін етегін. Сен, бірақ, маған ұғындыр Үнсіздік кемпірқосағын.

Кекесін толы үніңді Екі тілде де тосамын. *** Уақыттың тықылы, темекенің тұқылы Күлсалғышқа аунаса жым-жырт қана, құқылы. Күн көңілсіз... Не етемін оны да мен сілеп құр, Қабырғасын бөлмемнің тыныштық кеп тіреп тұр. Мен отырмын шұқшиып, жаным толы сұрақ кіл, Сөредегі кітаптар мас достардай сұлапты. Портрет боп елеусіз, ұстап зерен, қылышын, Әруақ тұр нәр әкеп тірілетін ұлы үшін. Динамитше зиянсыз, бастауы оңай ылаңға, Бауырымда телефон – үйретілген жыландай. Терезеге қарасам, бейне шаштай ұйысқан Ирек-ирек бұтақтар мұң-құсадан құйысқан. Бөлектенген дүние, тыныштығың сақтаймын, Көп заттардың ішінде мен де тылсым заттаймын.

Доспын күңгірт бөлмеме, көңілімде ноль екпін, Доспын, тіпті, өзіме, доспын, бірақ, бөлекпін. Жуысқым жоқ ешкімге, ешбір жанды аңсаман, Әріптерге айналып, жырым егер тамса аман. Қағазыма үңілем, үңілгендей әлемге, Тыныштықтан басқаны таба алмадым әлі емге. *** Аздап Мағжанша Кісікиік, кентаврмын, жат маған Бар ойларың адам үшін сақтаған. Асқан тұлға, арыстанмын, ойнақтап, Тым пендеуи мақсаттардан аттаған. Керек емес кеңселерің, тар маған Кабинетің нән көтенге арнаған. Мен омалып отыруға келмегем Бұл дүниеге шексіздікке самғаған.

Жатқыза алмас жылы қойын, төсекке, Мені ғарыш кезбесі деп есепте. Әйел – зындан, мен зынданға көнбеймін, Борандардан ық жөнділеу десек те. Қоғам - әйел, мың құбылған құрығы, Сол құрыққа түссең егер, құрыдың. Бұзып-жарып көп қабатты үйлерді, Сеуіп кетем еркіндіктің ұрығын. Адам да емес, аңда емес, болмыспын. Болмысы бар тектілерге қол қыстым. Мен ұшқыннан жаралғанмын ежелгі, Тұтастықтың бейнесіндей сол ұшқын. Ей, адамдар, тым адами ұсқындар, Газет қылып, сандырақты құстыңдар. Бас көтеріп қарасаңшы, жан-жағың Әуелеген таңғажайып ұшқындар.

Бірі кітап, бірі аспап ұстаған, Бірі ұяң, екіншісі сұсты адам. Жиырмасыншы ғасырың тұр, шоқ гүлдей, Шешек атқан Ницше сынды ұстадан. Мешітке оны тыға алмайды құдайың, Оған тексіз ығайың мен сығайың. Жыныс пен жын кентаврдай бірлесіп, Көбеюдің қарасуда ыңғайын. Жиырма бірің камикадзе боп шықты, Бұл ғасырға қоя берме көпшікті. Соқыр, саңырау, аяғы жоқ, қолы жоқ, Тумай жатып, талай жанды өксітті. Келесі ұшқын оны тесіп өтеді, Тек, әйтеуір, таусылмасын өттегі. Көп ұшқындар әуелейді, жамырап, Сырға толы құшағы мен етегі.

Көп ұшқынның жымыңдасқан бірімін, Заманымның енді айтар жырымын. Егер де мен тірі болсам дүниеде, Өлімтіктен жиіркенумен тірімін. *** Өтежан Нұрғалиевке Бір адам бар Алматыда адам деуге тұратын, Көздері де, сөздері де найзағайдай сұрапыл. Келе жатса таудай болып, иығында қорегі, Жалғыз көзін екі қылған Төбекөзді көремін. Иығында соғым емес, кітап толы қапшықтар, Кітап оқып, ол өз-өзін теңіздерге ап шыққан. Гомерлермен пікірлесіп, Овидийға «кімсің?» деп, Жақтырмайды пенделерді сауда сіңген, кір сіңген. Өзі болса, кітап сатып, жағар емес еш жанға, Көнетоздау шляпасын сатқан былтыр Есжанға.

Киімі де қызыл-жасыл, жасытқандай ынжықты, Өзі сері, өзі бақсы, талай жанды жүнжітті. Өзі ақын, өзі ойшыл, грекше айтсақ, «философ», Нән дәптерде буырқанып, із тастайды «стилосы». Кім айтады бұл кісіні Байганинде туған деп, Ауыл маңы қояндарын жалаңаяқ қуған деп. Бар айыбы, оқып апты тым ертерек Ду Фуды, Содан болар ұнатпайды бос сандырақ, у-шуды. Өзі қазақ болса-дағы, Ду Фу, сірә, жұққан-ау, Өтекеңнің бар өнері: қазақтарға ұқсамау. «Қазақылық қай ұғым, - деп, бөсер, - бәрі жат маған!», Фалестен де, Герместен де, Абайдан да таппаған. «Шектесеңдер, ағайындар, надандықты шектегін!», Сөйтті-дағы жаза салды «Афинаның мектебін».

Бірақ, жартас сол баяғы Абай көрген қалпында, Мызғымайды, міз бақпайды, талпын, яки талпынба. Жартас тілін ұғу үшін ену керек хаосқа, Сөйте-сөйте, бірте-бірте айналасың даосқа. Өтекең де даос болды жоқ пен барға бір сілтеп, «Бәрі өтірік, бәрі дұрыс, әлі адасып жүрсің!» - деп. «Старый мастер», - дейді өзін. Десе, жөн-ақ, хас түрі, Бірақ, егер мастер болса, шатастыру мастері. Батыспенен Шығысты өңдеп, Шығыспенен – қазақты, Ойшылдықты мазақ қылып, етті ойшыл мазақты. Батыс жақтан бір Ай туды. Оңсыз, әлде, оң Ай ма? Соқыр шөлде нұрлы көзді Гомер болу оңай ма?

ЖҰМАТАЙҒА

Енді сізден хабар да жоқ, дерек те, Телефон да шала алмаймыз керекте. Сіз кеткен жақ қалай өзі, қайтпайсыз, Деміңізбен бізді алыстан демеп тек. Құстар сайрап жыр қылады сізді кеп, Сіз болсаңыз: «Таптым алтын ізді!» - деп, Хаямменен түйістіріп көзені, Ләйляңызға қосып жатсыз ізгі леп. Құт болған соң, болғаны жөн қотырсыз, Питекантроп жерлестер жоқ көкір сыз, Шакьямуни Буддаменен сырласып, Көлеңкеде малдас құрып отырсыз. Қобыз тартып Қорқыт отыр – бас бақсы, Жұмақтан да біраздан соң қашпақшы. Сіз де елтіп өткінші өмір зарына, Шыңғысханға Ұлы Музей ашпақсыз. Қайтқаннан соң емес пе еді бәрі пір, Әлсіз мұнда пенделіктің зәрі құр.

Маңғұлдығын мойындаған Абайдай, Тегіңізді таптыңыз-ау нәрі бір. Жыр жүзінде қосқан Шығыс, Батысқа, Халқыңызды көп дүбірге қатысқан, Бойтұмардай мойныңызға тағып ап, Ендіңіз Сіз тоқтамайтын ағысқа. Ол ағыста гүлденуде бек Далам, Ол ағыста таба алмайды шек Ғалам. Бір леп келіп аймаласа бетімді, Сіздің сайын рухыңыз ба деп қалам... Жұмағұл-Шора, Жұматай, менің досым-ау, Ақынның күпті тағдыры деген осы ма-ау? Жат болдым жұртқа мен Айдың арғы жағындай, Амалым да жоқ жағдайдан мына шошымау.

Жасыңнан сенің ассам да, қызық біткендей, Болса да бәрі, қасиет пенен құт кемдей. Оздым ба, әлде, қалдым ба артта, білмедім, Қозғалтпай қойды нөпірлеп келіп жұрт сеңдей. Жасына да жат, кәріге тағы жатпын мен, Елде жоқ тілде жазылған жұмбақ хатпын мен. «Дат! – дейді, - тақсыр!». Еш тақсыр датты бермейді, Даттары оңға шешілген ешбір сәт білмен. Ешбір іс оңға баспады... Бәрі дұрыс қой. Батырдың орны қаза кездесер ұрыс қой. Бұлардың берген астары маған у болды, «Атпен жүр! – дейсіз, ол да бір қате жүріс қой.

«Ұлыны сыйла!». Ұлылар іші нас халық. Ұлы досым бар дидарлы емес, маскалық. Киіп ап маска ойнаймыз солғын партия, «Бастаңыз, көке!». «Бастасақ, Қодар, басталық!». Бұ Қодар аты боп кетті маған табыттай, Үндіше «абыз» бұл аттың мәні... Шабыт қай Ұқтырмақ мұны? Кетем-ау, сірә, опынып, Әкемнің аты Әбдіраман екенін танытпай. «Орыс» ем, енді қазаққа, міне, айналдым. Жорғадай қазақ қазығына кеп байландым. Жайлауым қайда, қалың ел қайда, бос орын... Зулап өтуде машиналары байлардың. Гораций қайда бассүйек мұңлы ұстаған, Ескерткіш қойған өзіне ойша – құс талап. Ескерткіш маған керек те емес, себебі, Ұсталар бітті, ақындар көп боп ұстадан.

Ақынға деген бітпейтін бізде борыш бар, Ақынды сыйлап, ел болды, әне, орыстар. Ақынды жою дәстүрің болса, жол болсын, Билікте жүрген әкімсымақтар менен «болыстар». Жұмағұл-Шора, Жұматай, менің Жұм-ағам, Қазақ жоқ маған өзіңнен артық ұнаған. Алпысқа биыл толады екенсің, он бес жыл Жұмақта жүрсің арылып барлық күнәдан. Ішпейсің онда, шекпейсің онда, жазбайсың, Абайша айтсақ, шыбыны да жоқ жаздайсың. Мінсіз ең... Енді мінсіздігіңізге зәруміз, Христос ақын, оралшы бізге азбай шын. Тіріліп тағы, жинашы қайта қағанат, Жиренің қайда, болмайды саған шабан ат. Серіксіз, доссыз өлімші болдым, Жұм-аға, Өлуден гөрі тірілу – жақсы аманат.

Өзіңсің мұны аманат қылған, әмірім, Өзіңсің басқан бар нәзіктіктердің тамырын. Тағдырың сенің жас ақындарға көшуде, Тірілші, кәне, «мамырың келді, мамырың!». Асықпай қойды көктем де, Көңілді немен жұбатам? Барыммен ішкі жоқты емдеп, Аспанға қарап құр жатам. Қозы мен Баян - гүл күй ме? Бөрідей Қодар - бөтен ұл. Қозыны сүйсін дүние, Бөріні сүйіп өтемін. Махаббат неткен жасанды! Ашудан таза жоқ сезім. Періште болам қашанғы, Садақсыз өтті оқ кезім. Қыдырғандарға той - мәңгі, Қыдырша саяқ, кідірдім. Жоғалттым біраз формамды Балбал тасындай Сібірдің. Өзіме-өзім тұғыр да, Өзіме-өзім құлпытас. Мен тоздым, болып ығырдай, Көңілім ғана тұр тұтас.

Көңілім менің - шық қаса, Таусылмас мәңгі жүз грамм. Егерде көктем шықпаса, Мен ойша оны тудырам. Ұқпасын мені сағымдар, Көгертсін мені кім атап? Жұмақтың бұлбұл бағында Атаса болды Жұматай. Мамырды бірге келтіріп, Ләйлямен ләйліп күліп ап. Жортамыз екі бөлтірік, Адамша сөйлер тілі бар. Жаңғыртып мида Хаямды, Шараптан таттық ойша біз. Шайырлар үшін ғаламды Тәрк еткен, алып қойсаңыз. Асқарға мінәжәт

Асқар аға! Кезiнде қайырымсыз аға буынның шекара-шебiн бұзып-жарып, әдебиетке өз буыныңызды әкелiп едiңiз. Тiрi болсаңыз бiзге де, кейiнгi толқын iнiлерге, де шарапат-шапағатыңыз тиер едi. Бiрақ, бiз Сiзден айырылып қалдық. Сiзден айырылу әдеби, зердеуи тірелiктен айырылумен тең екен. Қазiр пiкiр айтар, ой жауапкершiлiгiн өз иығына жүктейтiн тұлға қалмады. Бiлсе де айтпайды. Айтса да, жарытымды үлес қимай, қитұрқылап, оң жолдан адастырып айтады. Сондықтан бiз оларға сенбеймiз, Сiзге сенер едiк. Сiз мойындауға тұрарды мойындап, халтурщиктердiң басына әңгiр таяқ ойнататын едiңiз. Бiз қазiр өз-өзiмiздi оқып, өз-өзiмiзге сыншы болудан жалықтық. Жалғыздық деген жыл өткен сайын ұлғая беретiн қу тақыр iспеттi. Қайтып оралыңызшы, Ас-аға! Орныңыз толар емес...

Қара жамылып, азалап өттің ұлтыңды, Бақытты да болғың, тіпте, келмеді. Сіз кеткең соң, ой да тыңды, жыр тыңды. Жазуы жұрттың сағым ба, әлде, жел ме еді? Үш-төрт-ақ кітап бар бізге қалған мұраңыз, Том-томдап жазды қатарлас Сіздің құрбыңыз. Анекдот қылып сүйкеніп Сізге жүр аңыз, Түсімде менің жақтырмай бізді тұрдыңыз. Қиқымдар өңкей қиқуды салып дүр болды, Жырда да, сырда ырылға толы бәсеке. Содан ба, қайдам, біз келдік Сізге құр қолды, Асқарсыз қазақ тұл жетім екен, Асеке... Асқарсыз қазақ асқарлы болмас қашаңда, Ешкім жоқ бүгін дәріптер өнер мұратын. Алшаңда, қазақ, мал болу оңай, алшаңда, Моцарт пен Бахты ешкім жоқ іздер сұратып.

Музыка тыңдап, булыққан мұңға Ас-ағам, Зердені сонда тек Сізге ғана берген бе? Жасаған жоқ қой, егер де болса Жасаған, Атылар еді тірідей Сізді кергендер. Хайуанға біткен бекзаттық таппай құрбыдан, Адамнан бетер өттіңіз сыйлап жылқыны. Жалмады Сізді ұсқыңсыз орта, сұр жылаң, Енді мен кеттім орамда суық бұлқынып. Енді мен кеттім, менімен бірге Өтекең, Әлия... Дидар... жұлдызы бітсе, түн түн бе?! Көне түркіше уақыт деген «өт» екен, Уланса өтің мәдениет жасау мүмкін бе? Бір түйір жылы лебізін қимас жайсаңдар, Қушыкеш іні арамза шалды пір тұтқан. Тақтада мұндай қандай фигура жайсаң да, Шешеді бәрін шахматтан тыста-ау бір тұтқа.

Хош сау бол, аға. Рәсімді мен де бұзбайын. Ой бастар емес, той бастар қымбат қазаққа. Жеті қат көктен қолдасаң бізді, біз дайын Шыдауға әлі қалжыңы шексіз азапқа. *** Оралу Өлеңім менің  Көктөбем, Азадан тозып, өктем ең. Алаңсыз, ессіз кезімде, Мен көктен бітіп, көктеп ем. Түсірдің талай арнаға, Қалмады қалам бармаған. Абсентін ішіп Верленнің, Хаямға ғазал арнағам. Ван Гогтың сыңар қүлағын Жеткізіп барып, құладым. Сондағы мені емдеген Жыр көзі  Касталь бұлағы. Болсаңыз егер ер талап, Құрлық көп әлі бет алар. Ақындар  неон отындай, Ақындар  планеталар.

Бұзылса нілдей күй егер, Келтіру қиын жүйеге. Жырласа бірі ақықты, Сүйсінер бірі күйеге. Сапарым бітер түрі жоқ, Қылшанда босқа шірңді оқ. Келеміз әлі түр-түссіз, Беймәлім көптің бірі боп. Айырмай досым, қасым бұл, Бұзыппын талай рәсімді. Нотр-Дамға да мен сүйсінгем. Игем жоқ, бірақ, басымды. Үнсіз ем, енді үн бітті, Тереңде жатып мұң, тіпті, Текті ұрпақ үшін болашақ, Мұхитқа терең сүңгіттің. Өлеңім менің  Көктөбем, Азадан тозып, өктем ең. Төбеңді сенің көксеумен, Жоқ жерден шығып, көктеп ем. Көңілде ауыр қалқып ән, Мен саған баяу талпынам. Топрырағыңнан айналдым Өрлік пен ерлік аңқыған. ***

Несіне аңсап дос, орта, Іздейсің жұрттан нұр-пайым. Білесің көбі бос, қорқақ, Секемшіл және тұрпайы. Өсек қабына мол қол сап, Сыпсың да сыпсың, не етейін. Аңсаған тілім сол болса, Мен мылқау болып кетейін. Аяққа ұлттык кір бопты, Жоғалса добы пәлекте. Жетім қақпаға бір допты Тыға алмай, түстік әлекке. Айбатқа шебер, ырылға, Үлкенге қазір су у да. Сырт көзге ұлт деп шырылдап, Өздері ақша қууда. Жастарың көріп жоқтықты, Болғысы кер жүр қу, епті. Кейбірі ескі боқтықты Қайтадан сілкіп, ту етті. Кейбірі еріп Батысқа, Түсіне доллар кіреді. Шеруге бірі қатысқан, Ашығу болып тірегі.

Газеттер қаптап, созды кеп Секс пен тарих сағызын. Советтік бастар тозды деп, Теппеді миын ағызып. Егуге дайын, отауға, Қазағың жатқан ми-былық. Бостандық деген отауға Енбей-ақ қойдық үй қылып. ***

МАЖАР ДӘПТЕРІНЕН

I Атилланың жортқан жері осы ма? Будапешттің түстік келіп қосына. Қонысымыз арал екен жасанды, Ресторанның аты болса "Косма". Ғүндарды да дейді-ау біреу есірік, Бұл қалаға түк тимепті кесірі. Көшесінде жарнамалар от шашып, Ұрымдықтар болмысын түр өсіріп. Мұнда тарих серігіңдей, досыңдай. Екі жаққа танытады қос ыңғай. Шығысқа да, Батысқа да жігі жоқ, Мен көрмеппін бейбіт қала осындай. Зәулім үй аз мұнда аспан тіреген, Мажарларың момындықпен ірі екен. Көкшіл көзді, сары түсті, келбетті, Ғұнн үрпағы, өзгерседе, тірі екен.

Қазіргі шақ мұнда қонақ, жәй кісі. Дегенменен оның да жоқ қайғысы. Бардан шықса, тұр жарқырап "Пежосы", Көше бойы көрмейсін бір байғұсын. Әрбір көше дүкен тосқан шатырлы, Шараптар тұр Сізден тілеп батырлық. Тағамдар тұр, жеміс-жидек молынан, Көзең болса бағасына татырлық. Ақша деген байбатшаға сақшы көп, Алар заттың керектісін тапшы дөп. Тіл қата алмай сатушыға тұрмыз біз, Қаржы түгіл, сөз қорымыз тапшы боп. Бар пұлыңмен, не қылса, да ойдымда. Кәне, тағы артық жұмсап қойдың ба? Құны бөлек мұнда, бақсам, бәрінің – Ақшаның да, тауардың да, ойдың да.

Құны бөлек – еңселі де, тұяқты. Біздің жақта қымбатшылык ұятты. Арзаншылық сүйгеніміз соншалық, Өз бағамыз арзандаған сияқты. Қымбатың да арзандайды жебеусіз, Баға мәнін жоғалтады теңеусіз. Орыс тілі, арқыраған біздегі, Мұнда жәй бір канден иттей, елеусіз. Бұл мажарлар қашса-дағы зілінен, Айнымапты дегдар ғұндық ділінен. Әлем көнген ағылшынға бас бұрмай, Достас екен көрші неміс тілімен. Болмасын деп жымиғаным құр жарық, Мажарларға махаббатым бүр жарып. Тұманбайша бәрін тізіп айтқанда, Өзіме бір жилет алдым былғары.

Бюджеттері толмаса да дәл бұдан, Бұл "ерлігім" ырым еді қаңғыған. Жүрегімді бір жылытқан ел екен, Күшейейін мен алумен әл бұдан... Енді, міне, қолымда тұр билетім. Ұшақ дайын, асықпайды үйге кім? Сақта мені зіл-заладан, тіл-көзден. Мажарлардың көбе сынды жилеті. Шаман келсе, есеңді еш жегізбе. Хевиз бардық дегендей бір "Демесін". Тәнім менің риза болды Хевизге, Тән риза да жан байғұсың не десін. Хевиз деген хауіз екен суы ыстық. Суы түгіл, жып-жылы тас едені. Түсінгенім, ең ғажайып туыстық  Туыстығы шипа су мен дененің.

Тән күйттеген қанша адамдар жүр мұнда  Немісі бар, ағылшыны, қытайы. Мұнда дене қадірсіздеу жұртымда Суда жүзіп еркелеуде ұдайы. Тоғай қалай ағаштары самғаған, Шыршасы бар, қарағайы, терегі. Мұнда ұштасқан сан атырап, сан ғалам, Әр дәстүрден ұсынумен дерегін. Мұнда ешкім жоғары емес, кіші емес  Таршылық жоқ, қайда барсаң, бәрі кең. Жұмақ деген ертегі емес, түс емес, Жоқ дегенмен, Хевиз жақта бар екен. Тән мен жанның бір емесі бос былық, Күре тамыр іс жүзінде күдерлі. Зәмзә менен Хевиз суы қосылып, Мұнлы ақынды бақытты ғып жіберді. *** Абайға елiктеу

Итке айналдық, "Ас бер!" - деп, күлiмдедiк, Iшмерез қаншықтарды "Гүлiм" - дедiк. Оны айтасыз көнетоз сенiмменен Сатқыншақтау достардан түңiлмедiк. Сыйладық үлкендi де, кiшiнi де, Сыйға тұрмас болғанмен пiшiнi де. Пиғылдарын нас демей аға қылдық Ағалықтан садаға кiсiнi де. Ешбiр iс жүрмесе де, насаттандық, Пайғамбар жасында да жас атандық. Ешбiр құрмет, аялау, той көрмей-ақ Бақыт-баққа құтырған мас атандық. Ақымақтың пiкiрiн қостай бердiк, Мақұлықтай ұлықты достай көрдiк. Кедейлiкке жабысып қалғандай бiр Күрке менен лашықты қостай көрдiк.

Басымызды қатырмай көп есеппен Жүре бердiк қоңырқай топ есепте. Жұрт шұлғауша көлiгiн ауыстырса, Тепеңдедiк баяғы кек есекпен. Ешнәрсеге өкпе-наз бiлдiрмедiк, Иыққа ешбiр шапан iлдiрмедiк. Сәнқой бикеш самалша қытықтаса, Мiз бақпадық, сезiмнен тұлдыр ма едiк? Бiз ешкiмдi жiбекке бөлемедiк, "Төле!" - деген жерлерде төлемедiк. Дәл бiздей ақша көрмей өтсе Абай, Оның Абай болғанын көрер едiк... *** Қарсы ашылар есік жоқ, Тұшынарлық несіп жоқ, Сүйретіліп келемін. Қала – таныс, тым таныс, Тіршілігі –қымтаныс, Білсе, білер, жел-ебін.

Қорап-үйлер таң қысқа, Бірін-бірі аңдысқан, Күртілдек қар-қатқан нан. Машиналар аң сынды, Қол көтерсең, паңсынды,- Күнәға міз батқанға. Қайдасың сен, нар-талап? Жалғыздықты арқалап, Аяңдаймын көшемен. Өңеш жыртқан алаңда, Тобырларға жаранған, Ыңтық та емен, өш емен: Бәрі ермек қой дүрмекке – Ашыну да, құрмет те. Дүрмек те ермек біреуге. Жоғымды іздеп келемін. Тым алыста керегім. Жарамайды тіреуге. Жарнамалар от шашып, Ұсынуға "ботқасын",- Кеш батқан ба – бу қалай? Келем көше сызықтап, Барлық желік, қызықтан Өз-өзімді дұлағай. *** Қол ұсындың: "Сәлем",- деп. Уясыма толмайды. Зияны жоқ бәлендей, Құрдассың ғой мол бағы.

Сенде көп қой әңгіме. Шала тыңдап, мүлгимін. Қалғаным ба мәңгіге Құрбаны боп тұл күйдің? Терезеңді аш, мойында, Ауа кірсе әуелеп. Көне Сырдың бойында Жатушы едік мәуе жеп. Күйсіз жанға сүбе кем, Ұсынбашы күректі. Ой да ауыр жүр емен, Тазартпаса жүректі. Кімнен еңді тазарам? Кімге арнаймын ойымды? Қорлап болды азар-аң Басталмаған тойымды. Ұқтың ба енді, "есіл ер", Тежеп қиял түменін, Саған неге тесіле Қарайтынымды менің. *** Махамбеттің дәптері Қара дөңнің басында, Сұр дәптері қасында, Махамбет отыр түксиген. Мырс ете қалып, жазады, − Сыққандай барлық азабын Дәптеріне дық сүйген.

Оңнан солға итиіп, әріптер жатыр сый түйіп, ал ақын болса – ашулы. Оған тар мыңа кеңістік, Оған мұз – құшақ ең ыстық, Өмір – тұл және ас – улы. Сонша ой–арман өңгеріп, Жеткені осы дөң бе еді?! Бұл қашан жаудан қаймықты?! Дарытпай найза, қылышты, Жағдайға таңып қыл үсті, Мерт қылған мұны қай мықты?! Қаруды ғана дәріптер Быттиған саусақ... Әріптер Полифем–дәудің қойындай... Қайда сол дәптер: Білмедім. Әйтеуір соның зіл-кегі Тұнады жыр боп бойымда. "Аспан ба төнген, табан ба? Не қалды сонда адамға, Түзей алмаса ол бойын?!" ...Болса да аты доғалы, Әр басқан ізі жоғалып, Таппады маза жол бойы.

Қоржында дәптер іші мұң, Бағдарын ойлап ісінің, Серпілді... Айсыз түн еді Тығылып қалаларына Полифем–дәудің зарына Одиссей-заман күледі. Достық әзіл, немесе Үш жұмбаққа бір жауап Тұрсынжанның Шапайы Чапайша жүр қатайып. Өтекең мен Асқардан Ығар емес қақайып. Әлия, Дидар түк емес, Әуезхан да құп емес. Бес адамды бір жұту Шапай үшін жүк емес. Озбаса да өрісі, Бір өзі сын төресі. Пәлсәпаны танымай Көреді секс елесін. Мұқатар хан, ханымын, Сөгер сазды әні – мың, Тұрсынжанның Чапайы Құтты болсын танымың! ***

Дұғай сәлем айтамын Қырымбекке, Сiзге кеттi-ау сүйенген ырым текке. Өзiм барда сыйлайсыз, ізiм жоқта Iздемейсiз, ең кемi, iнiм деп те... ***

КІШКЕНТАЙ АЙМАНҒА

Қызым менің! Сен мен үшін шежшреден кемсін бе? Саған қарап, мен тарихтың жазба түрін менсінбен. Саған қарап, көремін мен Керулен мен Орхонды, Қос өзеннің құты қонса, саған бақыт мол қонды. Саған қарап, көремін мен Қазан және Еділді, Сені білмей, тарихшылар нені жазды, не білді? Саған қарап, көремін мен Қазтуғанды ар дарын, Шекелері бұдырайған менің құрттай сардарым. Саған қарап, көремін мен бұла кезін Абайдың, Сап-салмақты, кірпияздау, зейін көзді абайлым. Атаң сенің Сыр елінен, тірегі еді елінің, Ерте қайтып, көре алмады немересін, келінін. Әбдіраман − атағы бар, бір аймақтың сөзгері, Ашуланса, кетеді екен қып-қызыл боп көздері. Терең Өзек мекенінен мезі қылған "бұл кім?" деп, Қармақшыға көшіріпті «алтындарды» бір түнде. Енді жатыр жермен жексен, ескерткіш те жоқ мүлде, Ең болмаса, айта берер, бұйырмапты шоқ гүлде. Гүлді қайттік, гүл орнына сені берді орын ғып, Аяқ-қолы едірейген, ербең құлақ орындық. Қайталаумен бет-бедерін, қас-қабағын айнытпай, Атаңдыда тірілттің сен, көктен түскен Ай құрттай. Шындық – сенде. Сөйле енді, жазайық біз елжіреп, Жәудіреген, гәудіреген, ауызы аңқиған шежіре.

Иманғалиға Имандыға айып көп, Дүйім сайтан – періште. Дүние жатыр Жайық боп, Сырты – мөлдір, шері – іште. Еңбекке еш ерінбей, Болса-дағы төр тенің, Шырылдайсың: "Жерім!" – деп? Намыстан бет өртеніп. Қолпаш сөзге ерімей, Ойлап өсу жолдарын, Құйдың туған жеріңе Шетелдіктің долларын. Көп құзғынға бір бүркіт, Мақсатың - өр, назар – тың, Жетпіс жылда бір сілкіп, Атырауды тазарттың. Ұтылмайды, берсе де еш Жерге дәнін бидай шын. Жұрт жинаса "Мерседес", Сен ескілік жинайсың. Өлілерге – құлпытас, Тірілерге – бал құнды. Халқың сені ұмытпас, Ұмытпасаң халқынды. Шоқанның монологы

Петерборды тұман басқан, танымайсыз еш затты, Адамдарды, күймелерді, күймедегі бекзатты. Нева алаңы тасқындаған цилиндрлер ағыны, Жортар ма еді кең даламен ерттеп алып тез атты. Жортар ма еді бикештерден тым жасанды алыстап, Есектерден мундир киген айдалада қалыс қап. Петерборым, кешір меня, бұлдырсың сен мен үшін, Ниетіңді түсінбедім жақындатпай танысқан. Бәрі бұлдыр: боданымын Ресейдің мен неге? Қайда орыстың ұлылығы дем беретін пендеге? Жүрмін жалғыз қала кезген қорқау қасқыр секілді, Қонақ болып көрінуге тырысқандай сенделем.

Мен бөтенмін, оның да рас, бірақ түбі сендікпін, Елім менен, қара орыстан, шошынудан ентікті. Қандастарға болсамдағы бір жұқпалы аурудай, Мен елімді жетелеймін ой жолына ең мықты! Толғақ қысып кәрі әлемді әбден болып-толысқан, Босана алмай жатыр әлем, ешкім оған болыспай. Жазығым ба мұрт жіберіп, эполетті таққаным, Қазақ үшін мен кәпірмін, жабайымын – орысқа. Жан-жағымда жүрер жер де, басар тау да тарылды, Шыңдар ғана сүйіп мені, түсінеді барымды. «Мәңгілікпен салыстырсаң дүние деген түк емес!» - Деп бір ақын жұбатады жас болса да, дарынды.

О, дәуірім, қайдасың сен, иық тосып, демеші, Сұр тұманда майып болған көптің бірі демеші. Жез аттылы Петр патша атын, әні, орғытты, Тұяқ қояр орын таппай қалықтауда елесі. ***

ЗӘМЗӘҒА

Мен "Зәмзәм!" – десем, қарайсың күліп, Шомылған нұрға түлкідей. Миыққа тығып талай сұм ұылыұ. Талықсып ессіз күлкіден. Алмабет ару, аңызаө ділі Жымиысыңда керілген. Жырлайын сені аңыз-ақ қылып, Сөз тұзағымен сері ілген. Дәм кетіп астан, нәр кетіп мидан Сазғанда, үн сөзді, есті, - Үнсіздік шқлін әндетіп тыған Зәмзәм суындай кездестің. Өлең, жыр – менің Хаджардай анам, Айнымай дегдар тұрқыңнаң, Керексіз болды базардай санам Талқанға көнген жұртыма. Көңілде содан өалғандай сына, Дегенмен әлі бар айбын. Зәмзәмдай болсаң жалғанда мына, Иеленуге жараймың. *** Тәңір ием жарылқап бір шапағатымен, Кездестірді Әуезханды махаббатымен.

Толқын түсті көйлекпенен су перісіндей, Есіп өттің тағаланың супер ісіндей. Күлкің сенің ес кетірді балықтай шоршып, Иегіңді қанат қылып, қалықтапкөрші. Жәннат – күлкің шатыр-көкке шашылған інжу, Көктен шашып, пенде ақынның асыл жанын жу. Тәңір күліп, сол күлкіден туындаған – біз, Басқа ешбір ірекетпен жуынбағанбыз. Ұйытса да сыйға толы мәзірше сөзің, Бұл жалғанда күлкі аспабы әзірше өзің. Болмау керек жігітпенен қыз арасы – мұң, Шарықтай түс –көнеліктәі бұзба рәсімін. Қарасам тек көз тоймайтын ләззатым менің, Ұйқасуға есіміңмен мәз атым менің. Сені көрсем билеп тылсып әуез қанымды, Қуанамын. Қуантсаңшы Әуезханыңды. ***

Наурыз күні – үміт толы таза ауа, Келгендей бір маусым аттап жаз ауа. Бұтақтарда тары сынды бүршіктер Көже ішінде жүрмесіне мәз-ау, ә? Жинап алса гүл бүршікте өз есің, Қаусызданып, жаяр "наурыз көжесін". Жан-жағыңнан сезілгенде жұпары, Жаңа жылдың жаңа иісіне төзесің. Жаңа иіс, жаңа сезім, жаңа әдет, Әкелсе екен жаңа өмір, заң, әдеп. Қағаз былғау қажеті не, егерде Ақыфндыңтан күшті болса жаңа леп. Алыстатып Ахриман – пәлені, Аққа жақ қып тірілердің әлемін, Арттырады әділдіктің ақ тауын НАУРЫЗ КҮНІ – көне әлем сәлемі. *** Бұйра-бұйра жапырақтан, Ойнап алтын балықтай, Күн сәулесі шашырап қап, Жүзіп жатыр жалықпай.

Қырмызылау тау кеудесін, Жайған мұнар құшағын, Ақ ұлпалы "бау" кездесіп, Көктен сырғып құшады. Құстар сайрап, масайраса, Қзен де ірі үн қосып, Күн аптығын жас Ай басар, Кеш қылығы күнде осы. Бұлттар жылжып. "Біл",-деседіТүрлі сыр кеш реңінен. Ауа да ілбіп, тілдеседі, "Тірі жан" деп, менңмен. Балконымнан гүл кештім, Кеш-бикешке:"Теңсіз", - деп, Білсем-дағы бұл бикештің Қайырмасын менсіз де. *** Айна алдында тұрып ап, Өз-өзімді аядым. Құр денемен қарусыз Кешудемін зая күн. Пайдам жоқ келелі, Зияным да шамалы. Сұрамаңыз сіз менен Қорғанудың амалын. Көбем жоқ құрсанар, Дулыға да, қалұан да. Бар қамалым – бассүйек, Талқандасаң талқанда.

Беймалім – бар дінім, Күнә деймін кек ерге. Мен бір тылсым құбылыс Жаратылған бекерге. Аспан сынды, бұлт сынды, Бұлтқа оранған тау сынды. Жаңғырыкпен адасқан Шатастырам даусымды. Батыспен де, Шығыспен, Теріскеймен, күнгеймен, Жаңғырығым үздңгңп, Діл іздеген үндей мен. Есімде жоқ өткенім. Өтпегенім есімде. Шындықтан да жирендім, Құштар келте шешімге. Шындығы да жоқ болмыстың Мұнарымын құнарлы. Талқандасаң, талқанда, Ебін тауып мұнарды. *** "Мамай"- дейді зор даусымен бір ағам, Мен мәнісін түсіне алмай, қызарам. Кекесін бе? Өзімсінген әзіл ме? Әлде жәй бір мәнері ме ұлықтың? Жете алмадым түпкіріне құлықтың.

"Мамай" десе, мен Мамай-ақ шығармын, Менің де бір оң жағымнан шығар күн. Мамай сынды хан болармын қарадан. Төрелерге аузын буған өгіздей, Тиесілі дәм-тұздарын жегізбей. "Мамай" десе, неге Мамай болмасқа, Біздің де, біл, оңай емес жол – қасқа. Заман да сол Мамай көрген бөз тұман. Елге келсек, серпер емес тұяқты, Ыдыраған Алтын Орда сияқты. "Мамай" десе, ол бір көзсіз ер еді, Табылмай-ақ бұл жалғанда керегі, Адасты ол, маған жолын мұра ғып, Ортасында үрыс пенен атыстың. Арасында Шығыс пенен Батыстың.

Десе, десін, мен көңілін қайтарман. Шаршадым мен болып батыр, майталмаң,- Үлкенді де енді сыйлап көрейін, Беделі үшін, аға сүйгіш жұрты үшін, Ең кемінде,едірейген мұрты үшін. Десе, десін, тарихшылар шатасып, Білмей жүр: кім Қаһарлы Иван атасы,- Ол Мамай ғой генуэздэк оқ жұтқан. Мамай сынды, аңғалдыққа із берген, Оқ күтпеймін дос кейіпті жүздерден. Әзілге де қарсылық жоқ. Қарсымын Кекесінге ұрдажықтау қарқыны, Ниеті мен дәрежесі екі ұшты. Заманда бұл, еркелетер жендетсіп, Өз есімің бұйырғанға не жетсін. *** Желтоқсаншыл жігіттің ағасына айтқаны

Алаң да алаң алаңда, Талаңдар бізді, талаңдар. Бөспеші, бірақ, көпіріп. Кезесе солдат сойылын, Белгілі болды қойылым, Уәдең бәрі − өтірік. Қуыршақ сынды тырбаңдап, Тастадың бізді құрбанға. Кім үшін шықтық мығым бек?! Қорғайды мал да жас төлін, Алаңда қанға мас ӨЛІМ, Үкімет Үйін − ығым деп. Ішінен теуіп қыздарды, Атқылап сумен ызғарлықақаған қыстан сұсты боп, Солдаттар шықты түленіп, Оң − солды жұмсап күрегін, Біздегі жалғыз күш − білек. Айтасыз: "құрып кетеміз. Алыптан талып не етеміз, Тараңдар, − дейсіз, − құрыңдар!" "Құлдыққа көнсең, құл болдың. Адам атынан тұл болдың",− Деуші еді атам бұрында.

Қабырға, бордюр жұлқылап, Қарамай бойы, ұлтына, Атқылап, айыз қандырдық. Машина жанса, дал аңдып. Сапырылысқан алаңды Қоршап ап, талай жан тұрды. Неге олар сонда кірмеді Ортаға? Жаны сір ме еді? Ез бе еді, әлі зар ұйқы? Ар болып әлсіз қаруы, Соғылған тасқа аруың, − Қазақтың жаңа тарихы. Солдаттар − теңіз, біз − арал. Қаша бастадық қызара, − Басынса ӨЛІМ бос емің... Аруда қалған − көп қайғы, Тепкі астында жоқтайды Хабарсыз кеткен КӨСЕМІН. Маймылдарға

Маймыл да адам сияқты, Екі аяқ, екі құлақты. Ақылға ол да жүйрік-ті, Бірақта, әттең, құйрықты. Дегенмен ол да зиялы. Шалбарға жетті қиялы. Құйрығын қысып адамша, Келеді тәй-тәй қадам сап. Өлексе болып қорегі, Сор суын уыз көреді. Егерде қалса кезігіп, Қайталауменен мезі ғып, Тоздырар сенің ойыңды, Сойғандай ұрлап қойыңды. Сен күлсең, ол да күледі, Түлесең, ол да түледі. Сен жатқан жерге аунайды, Өзіңнен сосын аумайды. Жағдайды қозғап қайдағы, Жалықпай ақыл айтады. Сорып ап сенің нәріңді, Қайтсін ол ұят-арыңды. Сен тыңда, − дейді, − бұйрықты: "Тағып ал мына құйрықты..." ***

"Көне дүние − жаңалыққа кепілдік, Қайта туған бодхисатва секілді, Заман − киім, жаның − тәнің көрге жат. Көп мүмкіндік варианты сол тәнің, Жүрсек екен жолымызды мол танып, Танымасаң, әлеумеииік мөрге сат". Мөр басылған ақ төсекте жатырмын, Көніл солса, витаминге татыр мұң, Дибазолға мүң қосылып, шүкірмін. Ақыл қысып жуылмаған басымды, Кәдімгәдей Ницше құсап тасындым, Тасындым кеп, өткеніме түкірдім. Мен ішпеген у мен қоса бу бар ма? Көрдім қорлық мәдениетті қулардан. Күзбін қазір, кеше ғана көктем ем. Абыройсыз, күпті менің жайымды Түсәнер ед ақкөніл де, пайымды: "Не жалею? Не зову",− деп өткен ер.

Ашынғым жоқ, опынғым жоқ менің де, Бірақ менің қорқыныш бар демімде, Серігіндей өмірқұмар Фаусттың. Сол серікпен тілдесемінтүсімен, Мысқыл сезем тым сабырлы үнінен, Қашқақтаудың бар әдісін тауыстым. Қымбат болып әрбір қимыл, әрбір сөз, Тозғандай ма үйкелумен тағдыр-бөз? Халім мүшкіл − бұл әбден-ақ нанымды. Сана кетсе тұнғиықтап, аспандап, Зор қимылмен кірпігімді ашқанда, Қуанамын жаңартқандай жанымды. Жүрегім мәнсіз қалдырап, Қарағысы жоқ тереңге. Үрейден ғана хал құрап, Айналдым соқыр, кереңге. Аңқау күш көзі, қайдасың? Аздың ба сен де, түбіттім?! Келемін қойын айдасып. Еті өлген, көнбіс үміттің.

Ұйқы-төсекте дөңбекшіп, Деміккен дене мен бе едім? Жүрегім менің еңбекшіл Фактіге осы сенбеді. Жүрек бұлқынды басқаға... Ол күйді не ден құрайын? Пижама каген қасқа аға, Өзіңнен ғана сұрайын. Балконымның есігінен жел есіп, Бар серігім - өзен шуы, ай нұры. Енсе – дағы ібілістің елесі, Селт етпейді паркет еден айдыны. Бұл бөлмеде мазадан тыс мен ғана, Сая таппай көңіліме, ойыма. Мен дегенде тарылып тұр кең ғалам, Жалғыздықты өиып бүкіл тойынан. Санағандай зұлымдықтың көзі деп, Дегендей бір: "Бұл пақырға оң қайғы!" Эдгар Поның қарғысының өзі де Терезенің жақтауында қонбайды.

Ондай сыйға тұрмайтын да шығармын, Мүмкін менің несібем де бөлек тым, Таң атқасын арайланып шығар Күн, Тек сол Күнге мен, әзігекерекпін. Егіздердің шоқжұлдызы бар алда. Сыңар іздеп, түн тұйығын кезеді. Найзағайдың жарқылынан жаралған Бір замандас кездестірсем деп едім. Тазша бала, немесе, таз болмыспен тiлдесу

Қазақ өте дегдар халық ежелден, Ернi оның жоқ iздеуден кезерген. Тануға жоқ шын асылдың бағасын, "Тазша бала" деп атаған данасын. Тазша бала я қарт емес, жас емес. Жансыз деуге тағы болмас - тас емес. Жанды жерi - қышуы мол тақырбас, Тақыр басын тазша бала жасырмас. Ол бейшара ойшыл түгiл адам ба? Жарамас ол балпаң-балпаң қадамға. Орныға алмас ерге де ол, таққа да, Тым жұпыны мансап пенен баққа да. Боз отаулар қырды жапқан жұртында Оның орны - мал қораның сыртында. Қанша артсаңда, оның жүгi жүк емес, Оған берген уәде де түк емес.

Асауларды ниетi бар көкiмек, Тазша бала қылды бiздiң ұкiмет. Тазша бала, тазша тiрлiк, таз болмыс... Азғанына, жазғанына мәз болмыс. Мезi болып көктен Жердi табалар, Айдалада дың тұрғызған бабалар. Дыңдары оның дiндарларға қарсы едi, Тың тыңдаумен жаңалыққа жаршы едi. Жер мен көктiң сақшысындай қақия, Ешнәрсенi жiбермедi қапия. Тазша да сол дыңы едi ұлтының, Iшке жұтқан "дымы" едi жұртының.

Тумай жатып шаштан ада, аш қарын, Аш қарынмен сезе бiлдi асқарын. Тумай жатып уайымнан қартайды, Шаш өспедi қамалаумен бар қайғы. Өзi қанша бойлағанмен тереңге, Тазша болып көрiндi ол кереңге. Сөзге керең қай ұғымды жарытсын, Айту да ерсi кереңдерге барып сын. Тазша - тұл ой, жетiм боздақ мекенсiз, Ешнәрсенi қабылдамас секемсiз. Шекарасы ол күйiк пенен түйсiктiң, Биiк дың мен иткүркедей үйшiктiң. Ойдың бәрi - туып бiтсiн, тумасын,

Тазша екеңнiң туысы мен тумасы. Тазша - досы гректердiң, Мысырдың, Бұзауы ол буаз болған қысырдың. Тазша - Қорқыт... Қимайтындай оң шама Кiмдi Қорқыт қорқытыпты соншама? Кiмдер бiздi Тазша қылды, таз қылды? Сарқылмайтын молшылықты аз қылды? Неткен билiк емшек сүтiн суалтқан? Қуантса егер, жоқшылықпен қуантқан. Көздiң майын, басыңдағы миыңды ап, Жарылқаса, жарылқаған тиындап. Неткен билiк жоқ-жiтiктi көрмейтiн, Орда жатып өзiн-өзi зор дейтiн? Неткен билiк ел мұңына семiрген, Туған елiн қу сүйек қып кемiрген? Неткен билiк мұнай сатқан, қар сатқан? Бәтiңкiдей құдай сатқан, ар сатқан? Неткен билiк ескiрмейтiн, тозбайтын?

Мәңгiлiкке қаламын деп боздайтын?

Неткен билiк еш билiкке тоймайтын? Таз қып бiтпей бар әлемдi қоймайтын? Тазша бала, тазша сауал, таз билiк... Бас көтерсең айта қалар наз билiк. Қандай едiң бұрын, ендi қандайсың? Хан көрмеген, жан көрмеген жандайсың. Құл қылыпсың, тұл қылыпсың бәрiн де, Жастар азған, алжығандай кәрiң де. Шеттеу қалып мейiрбанды назардан, Шыңғысхан жүр рэкетир боп базарда. Ақсақ Темiр киоскiде етiкшi, Жаңа iсiне болып апты жетiк шын. Қаздауысты Қазыбегiң шет елде, Қайыр сұрап қол жаяды отельде. Айтекенiң бар тығылған апаны Болып шықты Төле бидiң шапаны. Төле биiң Үкi көзi теңгедей Қалталыдан саналады ең кедей. Барлық елде, салтанатқа ғашық тым, Ұлы жүздiң филиалын ашыпты. Абай отыр күзетшi боп гаражда, Соңғы ақшасын жұмсап нан мен "Таразға". Жамбыл болса тойын тойлап Мәскеуде, 150-де иiскелейдi жас кеуде. Қабанбай жүр хатшы болып орысқа, Доллар санап миы Әбден толысқан. Мағжан сорлы, (емес пе едi бөлтiрiк?), Сотталыпты бiр кешенi өлтiрiп. Ахмет жүр Ақселеуге айналған, Мiржақыбың сенаторға сайланған. Шоқан төре Олжас болып қимасы Басқарып жүр мәңгүртшiлдер фирмасын. Көмекшiлер бiрiнен соң бiрi алдай, Абылай жүр Нұрсұлтанға кiре алмай. Байқаусызда келiп қалып нарық тап, Шер-ағам жүр кәшек жеумен арықтап. Асан Қайғы циркте қазiр iстейдi, Гимнаст қызға мiнiп алып түспейдi. О, дүние, саған сонда кiм ие? Қазақтың бұл азғаны ма, дүние? Дүние сонда жауап бердi Тазшаға: - Балам, менде болған емес бас, жаға. Болған емес менде жең де, қолтық та,

Емеспiн мен асқан биiк, қортық та. "Осындайсың", - дешi маған. Емеспiн. Мен жәй ғана мүмкiндiкпiн, елеспiн. Жалғандағы өзгерiстiң теңi - мен, Менi сезген өзгередi менiмен. Сезбегендi мен де сезбей өтемiн, Қоқан лоқы маған жасау өте мiн. Түлкi болсам тазы боп шал - бар, айда! Ал таз болсам, шашымды өсiр, қалайда. Семiзi бар, шегiрткедей арық бар, Әркiм менi өз бетiнше парықтар. Ұқсатқанмен менi өзiне тақыры, Өзгеше боп шығамын мен ақыры. Тақыр-билiк пайдаланып бар сәттi Қазақ қылам деумен менi шаршатты. Қазақ болу шарт па асау дүниеге? Жаратылыс заңдарына кiм еге? Қазақ болу дәл мен үшiн сөзжұмбақ, Осы ұғымсыз бар ма жандар көз жұмбақ?

Қазақ болу - қандай десе - дерегiң? Ең дұрысы, қазақ болмау дер едiм. Қотырлары сау жерiмен егескен, Қазақстан тазша бала емес пе? Тазша бала... Өзiн өзi зор деген, Ұш ғасырда бiр жақсылық көрмеген. Я кәрi емес, я жас емес – дүбәрә, Қотырлары маза бермес күнәрә. Аш Тазшаны ешбiр асың тойдырмас, Ұрлығын да ешбiр адам қойдырмас. Сандырағы келе берер Тазшаның, Тек айнаға Тазшекеңнiң қас жаны. Көргiсi жоқ бейнесiн ол оқыстан Шал мен сәби қасақана тоғысқан. Бұл Тазшаны таққа нықтап отырған Барды салып емдеу керек қотырдан. Немесе ол қаси-қаси желкесiн, Құрбан қылар әлi талай серкесiн. Құрбан қылар тiпте бүкiл отарын, Жатар сосын жуындысын қотарып. Тазша бала, бiрде серi қыз жиған, Бiрде ойшыл, бiрде патша ыздиған. Бiрде - болмыс, бiрде құрдым саз аққан, Қиын екен сенi тану қазаққа. Қазақ сенi көркейткiсi келедi,

Ең әдемi теңеулердi тередi. Ал сен болсаң - қышуы мол сауалсың, Бiреуге - бал, ал бiреуге - зауалсың. Сен Тазша емес, толқымалы тiрлiксiң, Бiрде араз, ендi бiрде - бiрлiксiң. Ойға жүктi қарт боп туған баласың, Балалығын ұмытпаған данасың. Жер сықылды, жатсынбайтын тезегiн, Сенiң басың космосты кезедi. Осы басты қорғаштамай дертiнен, Еш шарт қоймай жiберсе екен еркiне. Осы басқа тымақ емес, кепкi емес, Жарасады сепсiз елес, септi елес. Мәшинесi жоқ болса да, кемесi, Тазша бала - еркiн ойдың елесi. Елiмiзде қайшылық жоқ, дау ада, Қалқып жүр ол жұмбақ болып ауада. Оны шешер, болсын кәрi, жас ұлан, Тек Тазшаның қотырларын қасыған. Жоқ Ару

Бар аруға ғашық болсаң, жоқ Аруға ғашықпын, Түр түсі жоқ тылсымға мен әрқашанда ашықпын. Енді менің өміріме хикметті Жоқ Ару, Енді маған болмайды екен құрып кету, жоғалу. Маған айтты: Әшки киме, диоптрияң өтірік, Жарық дүние алдамшы ол алдап кетер көпіріп. Ішкі көзді тудыр, ақын, сыртқы көзің құр тесік, Талай сырлар, талай жырлар таңдайыңды тұр тесіп. Сыртқы көзің көреді де жасқанады зорлықтан, Ішкі көзің қорықпайды ешбір жәбір, қорлықтан. Сыртқы көзің көрсе қызар, ұмтылады әр неге, Ішкі көзің қанағатты қолындағы барменен. Өзі жоқ боп ішкі барын көбейтеді ылғи да, Жылжымай да, кейде жылжып, кейде тіпті ызғи да.

Түнде келіп шақырса егер, құшағымды жаямын, Жоғалады түнге еніп, тауып алып сая мың. Біреулермен сөзге келіп, шапшыса қан басыма Ол үн-түнсіз жұбатады келіп менің қасыма. Шөлге барсақ көреміз біз қанағаттың үлгісін, Дәруішті шөлге сіңген құм-құм болып түр түсі. Аш та болса, нас та болса жоғалтпаған ол есін, Қасында оның аштан өлген бөлтірікті көресің. *** Жынды аруым, жоқ аруым биік өкше киеді, Асфальт оған қағаз сынды көрінбейтін киелі. Не қылса да өзі біліп басады кеп өкшесін, Мен тұрамын сипағым кеп бұлтаңдаған бөксесін. Киррилица, латиница – бәрі қалды бос болып, Жоқ арудың жұмсақ жері жүрек сынды қос бөлік.

Руна әрпі, иероглифтер алдында оның түк емес, Руна түгі қос анары Жоқ аруға жүк емес. Мәтін қайда, мағына іздеу, пайымдаулар мектебі, Бәрі қалды керексіз боп Интернеттей тептегін. Еншіміз тек сүріндірер Ой мен Ұйқас жүйрігін, Ай шешейдің көзі тескен Жоқ арудың құйрығы. Аудармалар РАЙНЕР - МАРИЯ РИЛЬКЕ. "Мiнәжат" кiтабынан. Бәрi болар ұлы hәм бұйырымды, Жер — кәдiмгi, суы да иiрiмдi. Ағаштар — нән, ал дуал — бiр-ақ аттам. Жайлар сонда қырың мен қиырыңды Қойшылар мен дихандар жұрағаттап.

Шiркеу болмас құдайды қоршалаған, Тұтқындағы аң сынды боршалаған, Қан жылаған жоғалтып сыңар iздi. Ұйлер болар қонақжай, ығынумен, Шегi жоқ құрбандыққа жүгiнумен Қылығымыз көркейер мына бiздiң. О дүниеге телмiрмей, зейiндемей, Қайғы түгiл ажал да көзге дықсыз. Күнделiктi тiрлiкке бейiмделе, Аялармыз өмiрдi өзгерiссiз. *** Жалғыздық та жаңбыр сынды тың iрге, Ол теңiзден көтерiлер iңiрге, Алыс қырдан жетiмдiктi сiңiрген, Көкке шығып, толы мұң мен налаға, Сонсоң ғана көктен құлар қалаға.

Нөсерлетiп уақытта екiұшты, Барлық көше бұрылғанда шығысқа, Екi ғашық құшақтасқан бек күштi, Тоят таппай бiр бiрiнен ығысқан, Бiр төсекте жат жандарша тыныстап,- Сол бiр шақта, сезiмге жоқ шығыны, Жалғыздықтың ағытылар тығыны. КУРТ ШВИТТЕРС, немiстiң дадашыл ақыны. Анна Блюмэға О, менiң 27-тi сезiмдерiмнiң жары, мен сүйемiн Саған! Сен, Сенiкi, Сенi Саған, мен Саған, Сен маған - бiз болғанымыз ба? Айтпақшы, мұның бұл араға қатысы жоқ! Кiмсiң сен, саны белгiсiз бикеш, сен барсың ба, барсың ба сен? Жұрттың айтуынша сен бар көрiнесiң. Айта берсiн, мұнараның қалай тұрғанын олар бiлмейдi.

Сәлем, Сенiң қызыл көйлектерiң ақ қыртысқа тiлiнген, Қызылды сүйемiн мен Анна Блюмэ, қызылды сүйемiн мен Саған. Сен, Сенiкi, Сенi Саған, мен Саған, сен Маған бiз болғанымыз ба? Айтпақшы, бұл салқын аңызаққа қатысты екен ғой! Анна Блюмэ, қызыл Анна Блюмэ, қалай айтады жұрт? Баға мәселесi: 1.) Анна Блюмэде құс бар. 2.) Анна Блюмэ - қызыл. 3.) Құс қай түстi.

Көк түстi Сенiң сары шашың, Қызыл түстi Сенiң жасыл құсың. Сен күнделiктi көйлек киген қарапайым бүлдiршiн қызсың, Сен сүйкiмдi жасыл аңсың, мен сүйемiн Саған. Сен, Сенiкi, Сенi Саған, мен Саған, Сен маған - бiз болғанымыз ба? Айтпақшы, бұл алаулаған жәшiкке қатысты. Анна Блюмэ, Анна, А-Н-Н-А! Мен тамшылатамын сенiң есiмiңдi. Сенiң есiмiң тамшылайды сиырдың жұмсақ майындай. Сен бiлесiң мұны, Анна, сен ендi мұны бiлесiң, әйтсе де, сенi арттан алға қарай оқуға болады, Өйткенi Сен, Сен бәрiнен де тамашасын, Сен арттан да алдағыдайсың: А-Н-Н-А. Сиырдың майы тамшылайды ЕРКЕЛЕТУ менiң арқама төнiп. Анна Блюмэ, Сен аңқау аңсың, Мен - сүйемiн - Саған!

Мазмұны

Тәңірдің салтанаты Алыптар тобы, алыптар тобы, қайдасың?! Тірі құдай арамызда жүрсе егер Белгісіздеу бағытым да, жасым да Ех, Диоген, ох, Диоген − дуана Тұңғиыққа талайды батырды мұң Мефистофельмен кездесу (Ироникалық баллада) Жаңылға ЗӘМЗӘҒА Жолаушы Сүкімсіздеу сусыннан шөл де мың артық... Жебірейше тоқып жадыма Уақыттың тықылы, темекенің тұқылы Аздап Мағжанша Өтежан Нұрғалиевке Асқарға мінәжәт Оралу Несіне аңсап дос, орта, Жұматайға МАЖАР ДӘПТЕРІНЕН Абайға елiктеу Қарсы ашылар есік жоқ Қол ұсындың: "Сәлем",- деп. Достық әзіл, немесе Үш жұмбаққа бір жауап Махамбеттің дәптері Дұғай сәлем айтамын Қырымбекке КІШКЕНТАЙ АЙМАНҒА Иманғалиға ЗӘМЗӘҒА Тәңір ием жарылқап бір шапағатымен Наурыз күні – үміт толы таза ауа Бұйра-бұйра жапырақтан Айна алдында тұрып ап "Мамай"- дейді зор даусымен бір ағам Балконымның есігінен жел есіп Желтоқсаншыл жігіттің ағасына айтқаны МАЙМЫЛДАРҒА Көне дүние − жаңалыққа кепілдік Жүрегім мәнсіз қалдырап ТАЗША БАЛА, НЕМЕСЕ, ТАЗ БОЛМЫСПЕН ТIЛДЕСУ.

Жоқ Ару Жынды аруым, жоқ аруым биік өкше киеді, Аудармалар РАЙНЕР - МАРИЯ РИЛЬКЕ. "Мiнәжат" кiтабынан. Бәрi болар ұлы hәм бұйырымды КУРТ ШВИТТЕРС Анна Блюмэға

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙