Мазмұнға өту
Home

Өмір сүруді үйрене алмай келем мен…

Ерлан Жүніс

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Өмір сүруді үйрене алмай келем мен…

Авторы: Ерлан Жүніс

“Өмір сүруді үйрене алмай келем мен…”

Таңертең тұрсам, таң қалып жатыр екенмін, тылсым ойларға арбалып жатыр екенмін, Құлазу атты құрдымға құлап кеткендей, жылт еткен нұрға қарманып жатыр екенмін. Сағыныш деген – сағымға сіңген көш екен, Көңілдің көркем күймесі тағы бос екен, Жалғыз-ақ сүріп үйренген басым өмірді, Екеулеп енді сүре алмағаны несі екен? Бұл үміт деген – екі дүниенің де есі екен, Үр қызы менен Гүл қызын қалай дос етем?! Әлемнің жанын сезе алған мынау жүректің, Әйелдің жанын сезе алмағаны несі екен?! *** Жымиып қана қош айтып өткен жылдарға, жолаушы жүрек жолдарға қарап тұрғанда, бейімделуім керек-ақ шығар бұл күнге, кейін келуім керек-ақ шығар бұл маңға. Басынан бұлтты, қасынан жұртты өткеріп, о, талай сезім таң атар тұста кетті өліп… Әлдебір жанға алғашқы сәттей ғашык боп, әлдебір жанды ақырғы сәттей жек көріп, әр сәтке, міне, ескерткіш қойып өлеңмен, Ескерткіштерге Өмір деп ессм берем мен! Өлен жазуды өзімнен артық білсем де, өмір сүруді үйрене алмай келем мен! *** Адасып кетіп, жадымнан бір сәт жаңылып, Таулар мен көлдер, жолдарда ұзақ сабылып, Алдына сенің үйіңнің барып тұрсам ғой, Өзіме таныс терезелерді тағы ұрып. Есімнен танып, айрылып бір сәт еріктен, Шалдығып, тоңып, жолсоқты болып деміккен, күйімде бір сәт қателесумен тұрсам ғой, Өзіме таныс нөмірді тағы теріп мен. Өткеннің мұңын өшіре алатын болса адам, Екеуміз жайлы ең нұрлы сәттер қалса одан, шіркін-ай, шіркін, ақылдан танып бір күні, Жаңылып кетіп «жаным!» деп қалсам мен саған!.. *** Тұңғиық мұңнан тұншығып шыққан тұмса өлең – ғұмырым менің – адасып жүрген бір сәлем! Жүрегім бір сәт атқақтап барып басылар, алдымда сен боп асқақтап менің тұрса әлем!

Таңдардың саған жеткізу үшін сәлемін, арманның саған жеткізу үшін сәлемін, үздігіп жазып үміттің нұрлы өлеңін, Жап-жарық Жүрек, мен сені іздеп келемін! Кең дүние мынау тарылып кетпесе екен деп, Кең пейіл жандар камығып кетпесе екен деп, ағыл да тегіл сезімді іркіп келемін, жүрегің сенің жарылып кетпесе екен деп!

*** “Кімсің?” дейді ол; Кім болушы ем, қарауылмын жай ғана: Өзін-өзі өзге үшін байлаған, Күзетемін сұлулығын әлемнің, асқақтығын, нәзіктігін өлеңнің, Шыншылдығын күзетемін сөзімнің, адалдығын, сергектігін сезімнің, Жалғыздардың қамқоршысыз жүрегін, Ғашықтардың ең бір ынтық тілегін, Күзетемін киелі түн жазбасын, Сұлуардың, сұлулардың коз жасын, Сәбилердің тыныштығын, шаттығын, Адамдардың көңілінің ақтығын, Ақ шыңдардың аласармас биігін, Аналардың маңдайлардан сүюін, Дүниеде үміт оты бар кезде, Сол бір үміт нұр шашқанша әр көзде, Мен күзетте тұрам «Үміт үшін!» деп, Сол күйімде қатып қалам мүсін боп! *** Бұрын, бұрын бір сөзді білуші едім, Іштей ғана қайталап жүруші едім, Кейін соны ұмыттым… неге ұмыттым, Не біліп кеп, өмірден не біліппін?! Қалың-қалың томдардан таба алмадым, Қиыр-қиыр жолдардан таба алмадым, Таба алмадым мұражай, мұрағаттан, Далалардан, өзеннен құлап аққан, Мезгілдерден, маусымдар жаңбырынан, Ақшамдағы шұғыла, таң нұрынан, Дұғасынан молданың, шаманның да, Таба алмадым, білмеймін, таба алдым ба, Әйтеуір мен, жүректің бар арманын, Іздегенін, тапқанын, жоғалғанын, Сол бір сөзбен айтсам деп саған, жаным,

Көздеріңнен көзімді ала алмадым! *** Мен – парасатсыз, Бұл әлемде махаббат барына сендім, Адамдардың арына сендім, Әулиелердің жолына сендім, Қалалардың жанына сендім, Таң дұғасын Шығыстан создым, Түн дұғасын Батыстан создым, Киесін корғағым келді Сөздің, Нұрын сақтағым келді Көздің, Оңтүстіктен ой шұғыласын шаштым, Солтүстіктен сезім шұғыласын шаштым, Құрлықтарды аштым, Теңіздерді бастым, Жаратушының берген Жырымен, Табиғаттың берген Сырымен, Қара тасты да шайыр қылғым келді, Кара ағашты да биім қылғым келді, Аш жүректерді тойындырғым келді, Жалаңаштарын киіндіргім келді, Бәрінің қасынан табылдым, Бәріне құрбан шалдым, Қара жерді жастандым, Көк аспанды жамылдым, Өз жүрегім жалаңаш, Өз жүрегім аш қалды, Өзім жалғыз қалдым! …Ең ғажабы, бұл маған ұнайды! *** Сағындым Күнімді – кішкентай Күнімді, Айымды – аяулы Гүлімді, Ең жарық Жұлдызды, Өмірді сүруді, Өмірді білуді, Өмірді сүюді үйреткен үш әлем! Өзімді өзіме билеткен үш әлем! Сендерге, сендерге ұшар ем, Сендерді, сендерді құшар ем, Көз жасы теңізін кеше алмадым, Табалау тауларын аса алмадым, Өзгенің жұмбағын шеше алмадым, Өзгенің жауабын тоса алмадым, Тас қорғандарды тесе алмадым, Қара құлыптарды да аша алмадым,

Үш әлем, киелі үштаған – үш ғалам, Беріңдер, беріңдер, беріңдер күш маған!!! *** Осы көз – туыс маған, Осы ерін – бауыр маған, Көңілмен суыспаған, Жүрекпен ауырмаған, Кездескен кез есімде, Ұялшақ түн есімде, Сен соны сезесің бе, сен соны білесің бе?! Жанарың… есімде мұң – өлеңдей оқылмаған, Осы қол – досым менің, бұл құшак – жақын маған! Кешікпей келші дедің, келмедім, алыстадым, ойларың – көршілерім, сөздерің – таныстарым! Сәулем-ау, содан бері – кері жол, теріс орам, ұнатса адам нені, ұзамаушы еді содан, Ал мен ше, безінемін, Дүние – көзіме жын, бөтенмін өзіме өзім, дұшпанмын өзіме өзім!

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙