Мазмұнға өту
Home

Өлеңдер жинағы

Кәдірбек Құныпияұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Өлеңдер жинағы

Авторы: Кәдірбек Құныпияұлы

ҮРКЕР АУҒАН

Өлеңдер

АЛМАТЫ – 2012

І БӨЛІМ

ТОЛҒАН АЙДЫҢ СӘУЛЕСІ

ҮЙСІНТАУДЫҢ ҮРКЕРІ

Жасырмай көк шілтері, Мұңлы сәуле бүркеді, Үйіріліп үнсіз тұр Үйсінтаудың Үркері. Көк тәңірі үр демеп, Айналасын нұр бөлеп, Үйсінтаудың Үркері Үйіріліп тұр бөлек. Ұқсап алып кемеге, Ұқсап алып денеге, Күрсінгендей Үйсінтау Үркер ауып төбеге. Үйсінтаудың Үркері, Үмітімді түртеді. Үйірілген жұлдызы, Бабам көшкен жұрт еді...

ЖЕТІСУ

Адамзатқа, аң-құсқа тел иідің, Көрген жоқсың түсіріп ел иінін. Жетісуым, Сен менің киелімсің, Жеті атама төр болған, Жерұйығым! Тірегімсің бір өзің, сүйерімсің, Жер-Анамның төсінде – жүрегімсің. Шаңырағым – өзіңсің шайқалмаған, Жетісуім, Сен менің киелімсің! Тауың Ерге ұқсайды ой торлаған, Қалғып жатыр қарт құсап қайқаң далаң. Келбетіңнен нұр тамған айналайын, Шаңырағым – өзіңсің шайқалмаған! Күлімдеген көліңдей айнадайын Сеніміңе, Туған жер, сай болайын. Қарағай мен қайыңы тербетілген, Келбетіңнен нұр тамған айналайын!

Кенде қылмай өрлету, төрлетуден, Құшағыңда өзіңнің мен жетілгем. Саған жетер жазира табылмайды, Қарағай мен қайыңы тербетілген. Асқарыңда ақша бұлт дамылдайды, Айтарым көп далаң мен тауың жайлы. Қасиетіңнен айналдым, Қайран өлкем, Саған жетер жазира табылмайды. Жарқын бейнең жасарып, жайнап ертең, Жайлауыңда дүркірер той да көркем. Жетісуым, Сен менің киелімсің, Қасиетіңнен айналдым, Қайран өлкем!

ҮЙСІНТАУ

Томсырайған, томпайған түз кебінен, Тарихымның тылсымын іздедім мен. Іздедім мен өткеннің өрнектерін Үйсінтаудың шұбаған тізбегінен. Кесіп өтіп кесапат шекараны, Қазағыма өрдегі бет алады. Маңғаз тартқан керуен бара жатыр Соңына еріп төбешік, жоталары. Өн бойына мәңгілік ғұмыр біткен, Келер ұрпақ сөйлетер күнін күткен. Шежіредей көнекөз жатыр үнсіз, Қойнауында әр тасы сырын бүккен. Қытайдағы ел бұл тауды Үйсін дейді, Көре алмаған көп күншіл күйсін дейді. Осы өлкені зерттеген ғұламалар, Ақиқатқа бұл атау қисын дейді.

Сағымданып санада елес жігер, Күндер жеткен жер тозып, ел ескірер, Ұлы атауды Сартау деп өзгертіпті Саясаткер советтік кеңесшілер. Тұмшаланған сан ғасыр ой-санамды, Тәуелсіздік толқыны шайқап алды, Қатарында қаншама жәдігердің Үйсінтаудың атауы қайта оралды! Жисын тасым тарихын, жисын тауым, Құшағыңа кең жұртым сыйсын тауым. Бауырыңа алып халқыңды жаса мәңгі, Хан Тәңірге қол бұлғап Үйсінтауым! ҚАРЛЫҒАШ – ЖЫР, КЕЛДІҢ БЕ? Мұқағали рухына Көңілдерді ақ самалдай сергітіп, Қанаттары мұң, шаттықты тең құшып, Туған елін, Туған жерін сағынып, Қарасазға Қарлығаш-жыр келді ұшып.

Өлеңді іздер өр тұлғалар жоқ күнде, От пен судан аман-есен өттің бе? Жылдар салып, Ғасыр салып араға, Қарлығаш-жыр, қасиеттім, жеттің бе? Жетімдерді анасы боп құштың ба, Жерді айналып, елді айналып ұштың ба? Қарасазға оралдың ба, дәл бүгін Айналғанда өлең құсқа, құс жырға. Тыңдағанда тамсандырып ерке үнің, Жырлағанда қанатыңмен желпідің. Дүйім қазақ іздегенде жеттің бе Қарасаздың қара өлеңге серт ұлын? Қара орман жұрт құшағына ендің бе, Қара өлеңнің ертеңіне сендің бе? Әруағы боп, таңғы әні боп Ақынның Қарлығаш-жыр, Қарасазға келдің бе?! СЕНІҢ ЖЫРЫҢ Мұқағалиға

Кетті асығып келешектің құрдасы, Кетті асығып жас ұрпақтың сырласы. Көктем еді суық хабар естілді Мың тоғыз жүз жетпіс алты. Жыл басы. Қазағына Тәңір берген ұлысың, Аялайтын Періштедей жырысың! Өлеңің боп, оятатын үнің боп, Шырыл қақты елің үшін рухың. Жасыта алмай Ақын жанын азап түк, «Жан азасы» болды ма екен сөз ақтық, Денең сенің жер қойнына енген күн, Қазағыңа бетін бұрған Азаттық. Отаныңды сүйдің ессіз ғашықтай, Қалғанынша тамырда қан қасықтай. Рухың боп Сен аңсаған Азат күн, Келе жатты Қазағыңа асықпай. Қазағым деп көзден жасың таматын, Қазағым деп қайырылды қанатың. Қазағым деп соңғы демің шыққанда Тәуелсіздік бері қараған болатын.

Алаулатып кеуделерде түз гүлін, Бұзды жырың санасыздық мұздығын. Желтоқсан боп жетті еліңе ақыры, Арман еткен асыл Тәуелсіздігің. Сенің Жырың – жанған шуақ жанардан, Сенің Жырың – аққу қанат ақ арман. Тәуелсіздік – Сенің Жырың секілді, Оттан аман Отанына оралған! ҚАРСЫ АЛЫҢДАР ЖИЫРМАСЫНШЫ ҒАСЫРДЫ Қасым Аманжолов рухына Жалыққанда жадағай сөзуардан, Жабыққанда сұқтанған көзі бардан, Түңілгенде ездердің езбесінен, Өзі жайлы өзге емес өзі жазған. Көкті шарлап ақынға лайықты арман, Жалпақ жұртқа жан сырын жайып салған. Тебіренген теңіздей сезіміне Домбырасы, ән-жыры қайық болған.

Құрбан етіп жастығын бота пішін, Оққа тосқан кеудесін Отаны үшін. Барша жұрттан бүгінде бағалы ақын, Барша ақыннан бүгінде жоталы шың. Жыр көгінде жарқ еткен жасын атын, Жалау етсең жаныңа тасынасың. «Өртке тиген дауылдай өлеңімен» Бізбен мәңгі бірге жүр Қасым ақын. Таңдамай-ақ ғалым ба, ақылман ба, Талғамай-ақ келеді ол оқырманға. Керең естіп, соқырдың жайнар көзі — Жанартаудай жырлары атылғанда. Өлеңімен жұбатты Ол жылағанды, Өлеңімен тұрғызды Ол құлағанды. Қасиеттеп келеді қазақ жұрты Қасым ақын қалдырған тұмар әнді.

Биік қойып бәрінен Сөз дәргейін, Өлеңімен өсірген өз деңгейін. Зорлығына заманның зарын айтып, Мәңгілік жыр үшін де төзгендейін. Ғасыр жасап Ақынның мұңы келді, Қоңыр әуен құлаққа үні келді. Өзі келді Ақынның ортамызға, Өртке тиген дауылдай жыры келді. Өлең тойын әйгілеп жар салыңдар, Ақын жазған ғазалға тамсаныңдар! Бүгінгі ұрпақ, ал кәне, тұр орныңнан, Қасым Аманжоловты қарсы алыңдар – Жиырмасыншы ғасырды қарсы алыңдар!

АЛЛАҒА ТАБЫН!

Фетхуллаһ Гүленнің «Ғасыр тудырған күмәндар» кітабын оқыған соң жазылған жыр. Күндер батарын білеміз, таңдар атарын, Жоғалған сәттің сеземіз жанға батарын. Сүйенген иең қаншама мықты болса да, Адамға емес, ей, мүскін, Аллаға табын! Санаңды сансыратпасын сайрандап елес, Ақылың – сабыр, жүрекпен ойлан да кеңес. Ұлағат болар ұлылық көптік етпейді, Ұлының бәрі бірақ та пайғамбар емес. Қай әрекетің сірә да қалар ма тегін, Зардабы жойқын болады жаман қатенің. Жүрегіңе иман ұялат, қарсы алар сонда Мәңгілік бақыт ордасы – барар мекенің.

Қалпына келмес сан сәулет қайтадан бұзса, Ақ келешекті ақындар аңсар абызша. Адамзатқа сын – ақ жолмен күнәсіз жүру, Адасу оңай ілкі сәт шайтан азғырса. Ізгілік, иман – өмірден тапқан расым, Адамзат көшін сол екен баққа бұратын. Алланың басқа салғанын көтеру де ерлік, Сен қалай болсаң – дәл солай басқарыласың. Жаратушының жар қылып жанға аманатын, Көңілге шуақ себер жыр сан жазар ақын. Шапағат тарап Пайғамбар хадистерінен, Күллі адамзатқа дарысын Алладан рақым! Аллаға сенген бас иіп ұранға дара, Пайғамбар өтті сандаған ұлан далада. Жер үсті пейіш төріндей гүлденер еді, Бағынса барлық ақыл-ой Құранға ғана.

Айналып бара жатқандай жаз елес күзге, Болымсыз сауық-сайранға мәз емеспіз бе?! Гүленге бір сәт жүгінсек артық болмас-ау, «Ғасыр тудырған күмәндар» аз емес бізде. Ислам діні иманды тамшылатқанда, Санаға құйып тұрады таң шуақты Алла. Жаратылыстың құпия әлеміне енсең, Гүленнен жауап табасың сан сұрақтарға. Шөлдесе сана біліммен суармай болмас, Ғылым мен білім мәңгілік сыңар ғой жалғас. Ғаламның тылсым сырына құлаш ұрғанда, Гүленді оқысаң көңілде күмәнді ой қалмас. Мүлгіген ми мен сананы оятпадың ба – Желеу бар онда адасып, саяқ қалуға. Насихат ұғып Гүленнен, Құранға бас қой, Бағытың анық – Құранның аяттарында.

Сенімнің түсі кіршіксіз секілді ақ кілем, Жаратушының берері жасыл бақ кілең. Ниетің түзу болса егер имани нұрды, Санаңа құйып береді Фетхуллаһ Гүлен!

ШЫҒЫСЫМ, ШЫРАЙЫСЫҢ КҮЛЛІ ЕЛІМНІҢ

Алты алас болмаса да бес берерім, Көрсем деп осы өлкені көксеп едім. Дариға-ай, жан сырымды жеткізер ме, Шығысқа шырқай ұшып жетсе өлеңім. Кеудеде үміт оты жанады үдеп, Жадырап жақсылыққа сана, жүрек. Шығысым шырайына шырай қосты, Төріне өлеңі кеп, Абайы кеп. Армандап арай тарар арда шыңды, Көре алмай көкірегім сан басылды. Қара шал қара өлеңі хатқа түскен, Дәру боп бойға тарап, қанға сіңді. Шығысқа қарап тігіп боз сарайды, Бұ қазақ көктемені жаз санайды. Ақ таңның шапағымен арайланып, Шуақты әз өлкеден сөз тарайды!

Қабыл боп көктен түсіп көксегені, Шығыстан шырайланып көш келеді. Алабын алтын арай нұрға бөлеп, Қарсы алар қазақ таңын Өскемені. Табысын тасқындаған көр түсінбей, Еңбегі ерлерінің серт ісіндей. Тағады інжу-маржан кеудесіне, Ағады несібесі Ертісіндей. Ең алғаш сәуле түсер шыңға мұнда, Ғажайып сұлу мұнда сырғалың да. Зүбәржат нұр ойнайды суларында, Шырайы шабыт берген шын дарынға. Жаныма дидарыңның нұрын құйып, Шығысым, мен жырлайын күйіңді ұғып. Шапағың шуақ шашсын шартарапқа, Жайнасын, желбіресін туың биік! Тәуелсіз төрт тарапқа ірге құрдым, Көшімді шұғыла-нұр күнге бұрдым. Ұлы көш салқарының сәні болған, Шығысым, шырайысың күллі Елімнің!

ҚАЙҚЫНЫҢ АРҒЫ ЖАҒЫ, БЕРГІ ЖАҒЫ...

Тексіздік, жемқорлықпен найзаласқан, Кем еді сол ұлымыз қай қазақтан? Біз жақта алай-дүлей қар борап тұр, Қайқының бер жағы жаз, ар жағы ақпан. Алыстан сығалатып арман айды, Телміріп терезеден таң қарайды. Көшесін Алматының жаз кезіп жүр, Қайқының ар жағында қар борайды. Әлі де атылмаған оқ бар ма екен, Туған жер жоғалтқанын жоқтар ма екен? Бұл айды екіағайын деуші еді жұрт, Қазаққа бола ма енді ақпан бөтен? Жыланның қабығындай жалтылдаған, Қу дүние, дәл бүгінгі қалпың жаман. Қасқырдай айға қарап қанша ұлыдың, Қазаққа келмейді енді Алтын Заман.

Сызданған бетпақ тұрқы, мысы басқан, Зорлар көп, күлгендер аз ұшырасқан. Дөкейлер дөкір бишік үйіреді, Кедейден көкірегі, күші де асқан.

Қайқының ар жағы қыс, бер жағы жаз, Қайғысын көрем десең бар-дағы жаз. Жәрмеңке, той дегендер ұмыт болған Ататын қуанышпен таңдары да аз.

Ойлап па ек атылмаған оқ бар деп біз, Ойлап па ек ұлын жұрты жоқтар деп біз. Қайқының бер жағында жаз жайнап тұр, Қайқының арғы жағы – ақ қар, көк мұз...

  • *

Жанашырың бар десек те, Әзіз жаның қалды өсекке... Жүрегіңді шымылдатқан Жабырқау мұң жанға сеп пе?

Әділ ісің әдірем қап, Сұм өсектің бағы жанбақ. Келер күннен күттің нәсіп, Өзіңді өзің тағы да алдап.

Теріс жетсе дүрге дерек, Кеп қалдың ба күнге де ерек. Арамдықпен айқаспаса Адалдығың кімге керек?! Үміт құсың – бұлдырықтай, Өтер өткел – қылдырықтай. Жан жолдасың жалт бере ме Жүрек жеген мұңды да ұқпай... Иек артып мұңлы арманға Нәпақа жоқ жүрген жанға. Өзіңе сен! Өмір осы – Сенерің аз бұл жалғанда!

ДОСҚА КӨҢІЛ АЙТУ

Жусан жоқ боп, бетін басты бетегең, Емен сынып, асқар тауың құлады. ... Мен алтыда айрылғанмын әкеден, «Жетім қалдың» деп сонда жұрт жылады. Аусар кезім болса-дағы ақыл жоқ, Ауыр соқты зұлмат күндер маған сол. Топ ішіне бара алмадым батыл боп, Төр басында әкем отырмаған соң. Әкең жоқ деп сан бұзықтар есірді, Мүсіркеген мүскінге де өшіктім. Өмір өзі содан кейін өсірді, «Жетім қозы-тасбауыр» боп отықтым. Еңсе тіктеу қажет еді қайткенмен, Асқар арман, көкке құлаш сермедім. Әкесіздік әлсіз қылды, әйткенмен Шешем шекпен тоқып берді – өлмедім.

Өтер өмір, ай аспандап, күн өрлер, Талай-талай мұңым шақтым өлеңге. Қаншама рет үнсіз қалдым біреулер: Әкең қандай қызметте? – дегенде. Досым, сенің бек түсінем қайғыңды, Өмір осы – өкси-өкси өтесің. Кетсе де әкең аласартпа ай-күнді, Әке орнына өзің бүгін әкесің.

КҮЙ – ҚҰДІРЕТ

Ән әлемде жабылды да бір есік, Күй-күмбезді мұң торлады сіресіп. Көктем келді. Нұрғиса боп саз келді, Қайтқан құстың қанатымен ілесіп. Мәңгі болып жаратылмақ қайда деп, Құспен бірге кетті ме деп ойлап ек. Жыл айналып келіп-кетіп жүр Аға, Күн қолпаштап, аспандағы Ай демеп. Жадырадық, қуанбап ек қыстай түк, Келе жатыр, келе жатыр құс қайтып. Мәңгі жалғас ғұмырыңыз ұзарды, Бір өсиет кетсеңіз де қысқа айтып. Күй – құдірет қалдырдыңыз мұраға, Сол мұрамен жүздесеміз күн ара. Көктем мен күз күй ішегін шерткенде, Құспен бірге келіп-кетіп жүр, Аға.

ӨРІМ

Жанарды жасқа бұлап, жүрегім бір аунады: Алматы аспанынан әппақ қар қылаулады. Ауадан шалына аттап, кекілге дір қонады. Қылау қар қазір әппақ, Ал ертең ...кір болады. Ғұмыры келте кешкі, ақ қардың төзімі – қыл. Бүгін – үр, ертең – ескі, Өмірдің өрімі бұл.

КӨПІРЛЕР

Сапардың жол өрген көрдік қой нешесін. Шыққанда Кегеннен көпірден өтесің. Соқпақты жағалап, Қол бұлғап бұлағы, Осы өзен тау орап, алдыңнан шығады. Өтесің тағы да Шегенді көпірден. ...Ауылды сағына кезің көп өкінген. Асудан асарда өткел мол шығарын – Көпірлер қашанда еске сап тұрады. Өтіңдер, өтіңдер, көгерсін көсегең, – дегендей көпірлер жотасын төсеген. Ел-жұртым елеңдер, мен айтқан тілекке. Ақ қанат өлеңдер, көпір бол жүрекке!

БІЗДІҢ ТАҒДЫР

Біз ойнайтын бір аспап – домбыра ғой, сосын қалам, соларда орнығады ой. Заманаға кей-кейде кектенесің Шерліге ой сыйлаған сорлыға бой. Өзімізді өнердің тіні көріп, Тілімізден шығады қылық еріп. Ақ пейілдің, жүректің арқасында Ән мен жырдың жүрміз біз құлы болып. Кенде қалып жатсақ та сан құрметтен, Періштедей жебеп жүр ән-жыр көктен. Өлеңінің өлгенше құлы болып, Абай да өткен өмірден, Жамбыл да өткен. Қаншама әуен көмейден созылмады, Қаншама күй кеудеден қазылмады. Осы болса несіне ренжиміз Біздің тайқы маңдайға жазылғаны!

ЖАПАЛАҚТАРҒА

Жапалақ жалп етеді жар басында. Немене жоқтың күні бар қасында? Дос болып қас қылғаннан сақта, құдай, Қасқыр да қас қылмайды жолдасына. Қапез Байғабылұлы Жайлауым деп жатсынбай бұл әлемді, жүруші едім, бейбіт күн – күмән енді... Жар астынан жау болып бір жапалақ көзілдірік киіп ап шыға келді. Қу тірліктің қобалжып қоңыр ұлы, Өзегімнен өрбіді өмір үні. Жар астынан жау іздер ниет жоқта, Бөрігімнің астынан бөрі ұлыды. Зар заман – бұл, сосын ба? арлы адам жоқ, Кейбіреудің ісіне таңданам көп. Шөбереме шешесі сыр шертер ме Шерлі заман осылай орнаған – деп?..

Жау іздеген жоқ едім, дау іздеген, Ісім жоқ-ты ұр да жық арызбенен. Жапалақтар жылмиып сұрар болса, Еш қиналмай арымнан ...қарыз берем... Келіңдер!

АҚЫН МЕН ТАУ

Боп-бозғыл бастары мұнартқан, «Аһ!» – десе кеудесі айрылар. Шыңына, құзына мұң артқан Тауларда мәңгілік қайғы бар. М. Мақатаев Күрсініп, сонан соң жырлайтын, Жамбылға ұқсайды шыңдарым. Бұлт басқан қабағы кімге айқын, Кім білер қандай мұң, сыр барын? Кеудесі – қазына, мол мұра, Жамбылға ұқсайды тауларым. Қолына ұстаса домбыра, Кім білер қандай жыр сауларын? Ақ күміс сақалы тербеліп, Дауылдап, ал бірде жаңбырлап, Қиналған еліне дем беріп, Сөйлер ме тамағын сәл қырнап. «Қазақта қашанда шыдам мол, Ұшпаққа шығасың сен бір күн. Бұл құқай құқай ма, бұдан зор Күнді де көргенбіз», – дер мүмкін.

Дер мүмкін... Сонан соң қайтадан, Жантайып қалғиды қара шал. Теңеуге (түсінер байқаған) Ақын мен тау ғана жарасар! КӨКТӨБЕ Мейірбек көшкенде Көктөбе, сенің көркіңді көріп, Көңілім өсіп, марқайдым. Қарыңдай қалың дертім бір еріп, Мұңымнан қанша ортайдым. Шекеден қарап шәһарға мына, Шерлі кеудемді түлеткем. Тазалық іздеп асау жаныма, Шыққандай едім түнектен. Ыс басқан қала табанда қалып, Биіктен қанша дос таптық. Ешкімді біздер жамандамадық – Абырой беріп асқақтық. Бір маусым кетіп, бір маусым келіп, Уақытты жатыр бітіріп. Билерше кеңес құрмаушы ма едік, Биікте шырт-шырт түкіріп.

Қалалық болды шаңырақ қанша, Басталып сенен жол алды. Адасып қайтқан ақ лақтарша Кейбіреу кері оралды. ... Төменге кетті тағы да бір із, Бітпейді жолдың ғұмыры. Көктөбе деген – шаңырағымыз, Сетіней ме өстіп уығы?.. Мейірбек көшті, Қайым да кетті, Төменге соқпақ тартылған. Тұншығып үнсіз, уайымға бөкті Көктөбе, сенің нар тұлғаң. Алматы бөлек, Көктөбе бөлек, Ел-жұртың арнап айтады ән. Перзенттерің «өкпелеме», – деп Оралар ма енді қайтадан?.. Төсіңе төсеп, мұң басқан жанын Тірілер нәсіп тереді. Қысқа ғұмырда қимас жандарың Сенемін, бір күн келеді. ТЕР Жұмағаңа – Жұматай Жақыпбаевқа

Бір терім бар бойымда алынбаған, – деп шештім де, ақбоздай арындаған асқақ қалпым – ешкімге жалынбаған, Қойып кеттім қалаға жалындаған. Қалдырғандай артыма үш кенжені, Кетіп қалдым, Көзім де түк көрмеді, ... Жұмағаңның үйінде ӨЛЕҢ тыңдап, Алматыда маңдайым шып терледі. Жұмағаңның үйінде таңға «шіреп», Өлең болып ӨЛЕҢ-ге жалғасып ек. Сол жолы ғой, Жыр-аға жымиып ап, Маңдайымнан иіскеді алғаш рет. «Шикарный екен», – деп жазғандарың, Әр сөйлемнің Жұмағаң созғанда әрін, Шықпай жүрген Кегенде кермек тердің Сездім мен самайымнан қозғалғанын.

Жары болар жасаған жарағанның, десек-дағы, бақидан... бағаландың. Ащы терін ала алмай ерте кеттің Өзің қосқан майданға аламанның. Уақытта есеп жоқ арындаған, Қала тұр күйіп-жанып жалындаған. Маңдайда мөлдір тамшы жылтырайды Бір тер бар біздің бойда алынбаған. ҒҰМЫРЫМ – КҮРЕС Жұмагүлге Мені талай қырларымнан танисың, Тағдырыңа өкінесің, налисың! Шарт кетесің, болмаса ауыр күрсініп, Шыдамыңды жігеріңе жанисың. Болар жолым, болмас мүмкін – тәлейім, Не болса да тек өзімнен көрейін. Өміріме өзек болған үмітті Сен ұқпас деп қалай жерге көмейін?!

Деп ойлама: байлықпенен өлшенем, Бақытқа да бата алмайсың белшеден. Алдымдағы ғұмырымның саналы, Күрестерден тұрарына мен сенем.

ТҮНГІ АСПАН

Ақ бұлттар көшуде өр елге, Ауылдағы аяулы түтіндей. Ай туды – тамаша өлеңге Алтынмен қойылған үтірдей.

КҮЗ РЕҢІ

Күннен-күнге қабаржып күз реңі, Көк жүзіне тырналар тізіледі. Ақ қайыңның тәнінен талмаусырап, Сарғаймаған жапырақ үзіледі. Ызғардың да ықтырып ығыр демі, Тым ертелеу қымтайды түн іргені. Бозаң тартып жүресің өткенді ойлап, Болар шақты болжамай күн ілгері. Жадау тартып жабырқау жауыр қырлар, күрсінгендей... Көңілде ауыр мұң бар, Жүзі жарқын жандар да жүдегендей, Төгілмейді дәптерге тәуір жырлар. Сырғи-сырғи сездірмей күз де өтеді, Жанға жақын біреуді іздетеді ... Тағдыр қатал болмаса тал бойынан Жапырақ – үміттерді үзбес еді...

ЖАСЫЛ МҰҢ

Қамсыз жатқан қырдағы елге еркелеп, Жылдағыдан қыс биыл келді ертерек. Жапырақтар жап-жасыл жауды жерге, Жаумасына қоймады жел де ентелеп. Сары күзде сарғайып үлгірмеді, Бір-ақ таңда қыс күйі күмбірледі. Мұз құрсанған жап-жасыл жапырақтың жанарына жас тұнды. Күн күлмеді. Бұтақтың да бойынан нәр ала алмай, Аң-таң қалып ақ қарға қарағандай. Шым етті де жүрегім үнсіз қалдым Жапырақты көргенде жаралы аңдай...

АҚЫРҒЫ САМҒАУ

Жалқынданып жанарда жасыл жалын, Кісінеумен білдіріп ашынғанын, Тықыршыған тәкәппар асау айғыр, Кетіп барады үстінде машинаның. Кісінейді, белгісіз сапар – алда Комбинатқа мал сояр апарар ма? Шыбын жолай алмайтын сауырына, Сұмпайы істік тогы бар тақалар ма? Тақалар ма?! Тәрк етіп мұңлы арманды, Көзден бұлбұл ұшырып сұм жалғанды. Қою қара қан қатып ұйысар ма, Жібек жалы білмейтін былғанғанды. Желбірейді жалауша жалы қалай, Жан ұшыра кісінеп жануар-ай, Кетіп бара жатырсың, қасиеттім, Қасіретіңді бұл күнде жан ұға ма-ай?!

Кездесерің неғайбыл екінші рет, Жайлау қалды артыңда жетімсіреп. Үйіріңді сен енді таба алмайсың, Табан асты бола ма есіл тілек. Айлы түн де, арман да жоқ болады, Бұл самғауың ақырғы боп қалады. Сен соңғы рет қарайсың адамдарға, Жанарыңа жап-жасыл от толады... ... Жасыл әлем осылай жоқ болады!

СЫР

Ағалар жаға бола алмай, Ініден тыныс таба алмай, Алдыңғы топқа ере алмай, Ортаңғы топтан қала алмай Келе бір жатқан пендеміз Не жалғыз болып жаралмай. Топырлап ұшса топ құзғын, Қорамсағыма оқ тіздім. Көлбеп бір самғар көк те жоқ, Көкелеріміз де жоқ біздің. Көзімізге кеп мақтайды, Қулығын ішке сақтайды. Сүріне қалсаң даттайды, Шапанын бойға шақтайды. Дүние-ай, Дүкен, дүрлерге Қай қылығымыз жақпайды. Көкейдегіні көп сүздім, Жетер ме сірә, көкке ізгі үн. Алаңсыз жүзер айдын жоқ, Ағаларымыз да жоқ біздің.

Артайық үміт таңдарға, Жалғыздыққа енді қорланба. Адаспай жылым орманда, Шығайық алыс жолдарға. Аманатты ақтау үшін де, Жету серт бізге арманға!

ТІЛЕК

Жігіттер ораза ұста, намаз оқы, Ғарасат майданы бар тергеледі. Шал ақын Ораза тұт, нәпсіңнің тізгінін қақ, Ауызыңды аш, құрма мен тұзды ырымдап, Қомағай бір бейопа заман келді Құнығуға тұратын құзғыны ымдап. Ораза тұт, Аллаға құлшылық қыл, Нұр тілеулі тәмсілге тіл шынықтыр. Түйсініп біл баянсыз боқ дүниені, Бүгін бар да, ертең жоқ тіршілік бұл. Ораза тұт, Тәрк етіп тән құмарын, Сәресімен сабақта таң мұнарын. Жақсылықтың шомдырып шуағына, Күллі әлемнің тойындыр жарлыларын. Ораза тұт, өзіңді тәрбиеле, Былғанбасын жан – мұңға, тән – күйеге. Қадыр түні халқыңа бақыт тіле, Жалбарынып әулие-әмбиеге.

Ораза тұт, оразаң қабыл болсын, Иманды жұрт ізгілік таңын көрсін. Жақсылыққа үндейтін жарқын дәстүр, Қасиет боп қазақы тамырда өнсін.

НҰР

Пендесіне мейірімі Алла жоқ деп пе ең, Нұр да сепкен, кеудесіне от сепкен. Құс сайрайды Жаратқанның жаршысы, Кеп қалдың ба, айналайын көк көктем? Бүршік жарды бүртік-бүртік тал басы, Табиғаттың тамыр бүлкіл жалғасы. Жаратқанның жарлығымен жайнады, Нұрға толып өзенімнің арнасы. Табиғаттың сезіліп нұр, өрнегі, Көңіліңде көркемдейді әрнені. Қар еріді, су тасыды, құрғады, Барлығы да бір Алланың пәрмені.

ЖОЛДА

Шарпылғандай боп жалынға денем, Мазасыз, мұңлы күйім көп. Қайқыдан асып ауылға келем, Аунайтын бірақ, үйім жоқ... Кеткендей едім асқарға ән құшып, Арманға сеніп имандай. Тұрар ма екенмін аспаннан түсіп, Маңдайым тасқа ұрғандай. Қарсы алар, бәлкім, Мойнақ қыңсылап, Жоғалтып алған біздерді. Күрсініп, сосын армансыз жылап, Іздеймін қалған іздерді. Дауылға неге иіледі адам, Тағдыры болып сормаңдай. ...Сатылып кеткен үйіме барам, Үмітім сонда қалғандай...

ІЛЕНІҢ МҰҢЫ

Қала канализацияларынан жіберілген лас су шайындылары Іле өзенінің экологиялық тазалығына орасан зиян келтіруде. (Газеттен) Шайтан дүние шыр айналуда, Тазалық деген былай қалуда. Сорбұлақ көлі сор боп жабысып, Іленің суы лайлануда. Жанары жәудір налып қарады, Құмығып шықты жабыққан әні. Қолынан келер қайраны болмай, Қайран дария ағып барады. Теріс бұрылып таң шашын өрді, Жан-жануары қан сасып өлді. Нәжіске толды арнасы мүлде, Не бетін айтар Балқашына енді? Күн қайда азуын айға білеген, Осы ма тағдыр ойраны деген?! Неге келдім? – деп... өртене жаздап, Ағып барады қайран ұлы өзен.

ТҮНГІ АЛМАТЫ

Нәзіктеу жүрек налаға бөкті, Әуеден көріп гүл құлағанын. Самаладай боп санаға жетті, Мұңлы келбеті түнгі қаланың. Алып дененің тамырларындай Жолдарда жүйткіп оттар ағады. Жын-ойнақ әлем сарындарындай Шырқалып жатыр ақшалар әні. Қырын берсе де сырын бермейді Тылсым тірліктің қалың қатпары. Қалталыларға күлімдейді енді Түнгі қаланың кәнизактары. Тұнып тұр шаһар ашуға, шуға, Қиянат етпей араққа қылдай. Есенин жазған ғасыр басында Мәскеудің масаң кабактарындай. Бусанған үйдің балкондарынан Байшыкештердің барағы үреді. Тар көшелерде талтаңдап ұлан, Сақылдап түнгі қала күледі.

Тап болар тағдыр талабына қай, Көше кезеді кіл мұңлы қыздар. Қорқау құрдымға қара жырадай Жұтылып жатыр жұлдыз-ғұмырлар.

МҰҚАҒАЛИҒА

Шапақтай шашылғанда асқар жақтан, Нұрыңа мейірленді ақ таң да атқан. Жасына пайғамбардың жеткеніңде Ақ тілек жауып берді аспан жақтан! Әппақ қанат өлеңің секілденіп, Қар ұшқыны қонады кекілге еріп. Өзің жайлы ғайбат сөз айтқандарды Жаудай көріп, көп інің кешірмедік. Қарық қылып тағдырың «сыйға» небір, Алпыс түгіл елуін қимады өмір. Өзің жоқсың, көзіңдей болып қалған Өзің жазған қанағат жырға көңіл. Шырқау көкте шырқалып дара сазың, Енді туып келе ме сара шағың?! Қарашы көзіңді ашып, сен туған күн – Тойлап жатыр қазағың, Қарасазың...

АЯЗ-ЗАМАН... ҚЫС-ӘЛЕМ

«Мен тындырдым!» – дейтұғын менмен үн көп, Кекірігі – жұтаған елге міндет. Қыс-әлемге қытымыр үңілесің, Өмір-әйнек қырауын деммен үрлеп. Сөгілмейді сұр қабақ бұл сең нағып, Жарты бақыт – бүгінде жүрсең жарып. Аяз-заман алдында жүгіреді Қара халық көшеде бүрсең қағып. Қиындықтың қоқаңдап жүз жасағы, Сыртың түгіл ішіңді мұздатады. Суықкезек жараны жанға түскен Қу жоқшылық іріңдей сыздатады. Қарыны ашса қамығып ханға қарап, Кедейлер жүр тірлікке зорға жарап. Ертеңгісін тұрасың оң жамбаспен Алдан туар ақ күнді армандап ап...

ЛАБАСЫНЫҢ БАСЫНАН...

Сынағандай қарайды қыр-сырыңды, Көшкен елдің көңілсіз жұрты мұңлы. Күн райы тағы да бұзыла ма, Лабасының басына бұлт ілінді. «Жомарт қауым айналып жанбақыға, Ауыл ауып кетті ғой Алматыға», – Осылай деп ақсақал күрсінеді, Жарасы бар жазылмас жанда, сірә. Хан-Тәңірін қара бұлт қымтай қалды, Боратуға қам жасап бұрқай қарды. Ауа райы тағы да бұзылады-ау, Лабасының басынан бұлт айналды. Бірі озардай бірінен шабуылдасып, Алматыға барады ауыл қашып. Атамекен төрінде бұйығады Бозқараған, қарағай қауымдасып. Ауыл жақты ауыр мұң құрсаулайды. Теріскейін тірліктің күн шалмайды. Күн райы осылай қалар ма екен, Лабасының басынан бұлт аумайды.

ТАЛДЫНЫҢ ТӨРІ

Басқаның бәрі аласа білем, Талдының төрі тамаша кілең. Жан-жағың тұнған жап-жасыл әлем, Жайылған бейне алаша, кілем. Жолдары тікке шаншыла жатқан, Жарасып суы сарқырап аққан. Бүлдірген кешсең жүре алмайсың-ау, Құйылып қызыл тамшы балақтан. Сыйлаған әсем еліне гүлін, Арнасын ақын жеріне жырын. Таң қала қарап таңдайың қақсаң – Изейді басын желіде құлын. Шаршамас құс та күн ұзын ұшып, Бәрі – мәз, тірлік сызын ұмытып. Ағаның үйі – аунайсың, шіркін, Жеңгенің балдай қымызын ішіп. Жастықты жалын күз жек көре ме, Аяңдап ертең іздеп келе ме?.. Жоқтайсың қарап балалық шақты, Сүп-сүйір сонау Сүндеттөбеге.

Адамның пейілі, малдың іңкәрі, Жасарар жайнап жандының бәрі. Таңдайын қағып, тамсанғандарды Табындыра бер, Талдының төрі!

ҚАРАСАЗ

Ақ жаңбыр, тайғақ жолмен тайталасып, Байпақтың кезеңінен байқап асып, Еңіске ентік басып, бет қойғанда, Тұзкөл жатар құшағын айқара ашып. Қара жол Қарасазға тура бастап, Сұлулықты тұр әне, су да растап. Елшенбүйрек етегін бұлт тұмшалап, Таулардың желбірейді тулары асқақ. Керім өлке келбетін көріп, танып, Күбірлейсің күмбір ой ерікті алып. Қойнауында қос таудың қол бұлғайды, Қара өлеңге қазақы жерік халық. Жыр елінен бұрқырап тараса ізгі үн, Жұбатады жаныңды жарасы аз күн. Көз суарып көркем тау көркіне ерен, Қасиетін танисың Қарасаздың.

Қасиетті Қарасаз! Қайран өлке, Желбіреген ақынның байрағы ерке. Сұлулықты мәңгілік жиғансың-ау, Опасызын жалғанның ойлап ерте. Бас идірмес бүгінде бағасы аз үн, Сыздатады жүректі қараша мұң. Қара өлеңі қазақтың аман болса, Сен де мәңгі биіксің, Қарасазым!

САУАЛ

Күдікті кейде молайтып тұманды қала, Кеудеміздегі сенімді күмән қуа ма? Жақсы лебізді жадырап тыңдаған жақсы, Болашақ бірақ жарқын ба, Қуандық аға? Тыңдаумен келдік саяси ұранды ғана, Уланып қалған ұғымды дұғаң бұра ма? Бүгіннің кейбір бұлыңғыр тірлігін көріп, Сене аламыз ба ертеңге, Қуандық аға? Күнәміз болса дұғалы тұмар жуа ма, Жаңалықтарға атар таң құмар қыла ма? Кереметтерін кешенің ұмытсақ егер, Болашақ құшақ жая ма, Қуандық аға? Әуезді естілген әлдиге уанды бала, Нұр бүркіп өтсе бұйра бұлт қуанды дала. Кеше мен бүгін салмағы шамалас, сірә, Болашаққа онда сенген жөн, Қуандық аға!

ӘКЕ СУРЕТІ

Тағдырымыз сияқты жүрдек кеме, Өмір көшіп барады тізбектеле... Ұрпағыма кейінгі керек қой деп, Менің әкем түспепті суретке де. Дүр сілкінткен талайды таптық мәні, Дүрлігуге сай кепті жастық шағы. Сағынғанда әкемді сарғайыңқы суретіне қараймын паспорттағы. Жалғыз сурет... жадырап жымимайды. Тік қарайды, ешқайда бұрылмайды... Сандықтағы суретке қараған күн, Анам да үнсіз көз жасын сығымдайды. Бір-ақ сурет... қараймын, үнсіз қалам, Аласұрып жүрегім, жыр сыздаған. Бұл суреттің алдында Пикассоның Қаламының сиқыры құнсыз маған!

... Альбом да көп бүгінде, сурет те көп, Шақыратын сан тойға билет те көп. Күйіп-пісіп жатады кейбіреулер Суреттегі сиықсыз күйге өкпелеп. Бұл өнерге қалайша тағайын мін? Сақтап жүрміз бейнесін талай ұлдың. Суреті жоқ туысты еске аламыз, Естелігі арқылы ағайынның. Өмір – теңіз, жүзуде жүрдек кемем... Жарқын күнмен жаңарып, гүлдеп келем. ... Анашымның ақ жүзін әжім басқан Жиі-жиі түсірем суретке мен.

ҚАЙҚЫ

Жатқасын ба қайқайып, Қайқы дейді, Жарқыраған жартастар... жай тілейді! Қырқасына Қайқының іліккенде Күн кідіріп, Күміс нұр Ай түлейді. Жалғанатын көктеммен екі арасы, Қыс пен жаздың секілді шекарасы. Бұл өңірде асу көп асқаралы, Қайқы деген солардың отағасы. Құбылмалы мінезге үйір егес, Кеше көрген қызығы бүгін – елес... Шындаса егер шілдеде ши тұтатар, Қар жамылу – Қайқыға бұйым емес. Соқпақтары қиялап тасты жарған, Жүрексіздің көзінен жас шығарған... Сопысынып, сырбазсып, оқта-текте – Сәлде орайды басына ақ тұманнан.

Танытардай таулардың дара тегін, Әдіптейді бөркін мұз, қар етегін... Аттанғанда ауылдан Қайқы айтады, Асулардың алдыңда бар екенін!

АЙДЫ ІЗДЕУ

Қанаты қайырылған кептердей Ай бұлтқа арбалды адасып. Себезгі сәулесі өшкендей Тым өктем түнекпен санасып. Жарыққа зәру боп жанарым Түйілді. Айнала – қараңғы. Айымның ашатын ажарын Самалды күттім мен таң алды. Жер бетін зілдене орады, Түнгі аспан қап-қара кілем боп. Жанымды жалғыздық тонады, Тымырсық. Лүп еткен леп жоқ. Алыстап барасың Сен неге, Үміттің шырағы жанбай ма? Сәулесін түсірер кеудеме Апырмау, арайлы Ай қайда?!

ТАЛМАУСЫРАП ТАҢ АТТЫ

Қағып жүрек қанатын қаным ақты, Алматының ағарып таңы да атты. Тағы бір түн қалды артта тылсым оймен, Шаттығына бөлемей шаңырақты. Сәбилерді шеттетіп ұясынан, Көкейіңе көп мұңлы құясың ән. Көз ұялар барасың қылыққа да, Кейбіреудің көрмәдік ызасынан. Мұң ішумен жүрекке мұз қатады, Көзіңді ашып-жұмғанша түн басады. Сызын ішке жинаған ызалы ірге Сырқатыңды қайтадан сыздатады. Сан соқтырып, сағым боп сан ұраным, Жетім қозы – шер көңіл маңырадым. Бұдан асқан қорлық жоқ – тынсаң іштей Шаттығыңа айналмай шаңырағың. Тағы да бір таң атты талмаусырап, Ала қашып барады алдамшы бақ. Аласартпай киесі – Хан-Тәңірін, Алғы күнге келеді арман шыдап.

МҰҢ

Өлеңнің шоғын үрлеумен, Қысқа бір жіпті күрмеумен, Күн кешіп жүрген ақынның Жүрегін тербеп жүр кеудем. Саясат емес, жыр ұнап, Өлеңнен жасап ұжмақ, Кеміріп қағаз отырам Бозала таңнан тұрып ап. Қалада қызық қайнаған, Қол емес бірақ ол маған. Беліме шоқпар байламан, Момақан ғана ой бағам. Сотқа да түстім, отқа да, Жабылып жақты жат жала. Шырқырап жүрген әз басым Шырылдап сыйды ноқтаға. Өмірден көрмей бал, сыйды, Кеңсірік ашып, қаңсиды. Ұшпаққа шықпас ұрпақты Көргенде жүрек шаншиды.

АЙ АСТЫНДА ЕШТЕҢЕ ЖОҚ МӘҢГІЛІК

Көктөбеде жүрем кейде қаңғырып, Сана, миды сарсаң қылып сан күдік. Алшаң басқан мықтыларға күлемін, Ай астында ештеңе жоқ мәңгілік! Ай астында ештеңе жоқ мәңгілік, Жасаса да тән қарсылық жан бүлік. Бәрі өткінші, бәрі жалған – бір сәттік, Өмір деген көкке сіңген жаңғырық. Түнге қарай қорғасынша ақса іңір, Жанып бітер жаңқа-ғұмыр шоқша өмір. Ай астында ештеңе жоқ мәңгілік Мәңгілік тек – Көкте тұрған Хақ – Тәңір!

АЛМАТЫҒА ҚЫС ОРАЛДЫ

Алматыға қыс оралды тағы да, Күтпесек те құшақ жайып, сағына. Кәрлі аязы біреулердің сорына, Әппақ қары біреулердің бағына. Алматыға қыс оралды тағы да. Алматыға қыс оралды қарлатып, Қара жерге қардан қамал орнатып. Ақ бораны құтырына шабынған Біреулерді кетер ме екен сорлатып. Алматыға қаһарлы қыс оралып, Қайың қалды жапырағынан тоналып. Қымтанып ап біреулерді күткендей, Кеңсай жатыр ақ кебінге оранып. Төмпешікке толтырып бұл қыратты, Былтырғы қыс біраз жұртты жылатты. Аналарды асқарынан айрылған, Көк желекті көктем келіп жұбатты.

Қарлы боран ұйтқып соғып қағына, Алматыға қыс оралды тағы да. Кәрлі аязы біреулердің сорына, Әппақ қары біреулердің бағына... Алматыға қыс оралды тағы да.

САҒЫНЫШ

Бөлексазда аяз ба екен, түсті ме екен қар қалың. Малдың қоңы ояз ба екен, қымтады ма ел жан-жағын?

Бекітіліп шатыр бекем, оңалды ма ел күтімі. Ауыл бейғам жатыр ма екен, түзу ұшып түтіні?

Құшақ жайып қазағым кең, нығайды ма нау мекен. Арақ деген әзәзілден, жастар есен-сау ма екен?..

Табиғаттың ерек шағын, қарсы алды ма ел түйініп, Қыр ішінде Бөлексазым жатыр ма екен бұйығып?

Талға қырау қатты ма екен, Қарқараның буынан. Тәтті мекен, бақты мекен, Қасиетті құбылам!

Елдің қамы ойлағаны, Алматыда жүр балаң. Ауылының арман-әні ой-өрісін шыңдаған.

Қоңыр кеште қоңырайып, қамығады қоңыр ұл. Ауылды біз сағынайық, жар болғай деп Тәңірім!

  • *

Сайлап жатыр апыл-ғұпыл, Ұл дөңгелек, бала шана. Бұтақ сынып сатыр-күтір, Келді, міне, қараша да. Ит қуғандай бездіреді Көркем ойды көмескі ұғым. Қар ызғары сездіреді Қыстың алыс еместігін. Көңіл-күй де ортайып тұр, Қабаржыған тауға қарап. Кеттік, досым, қайтайық бір, Өзен бойлап, жар жағалап...

ТҮНГІ ПАРАДОКС

Жан жылатып кермек күдік құрымай, Сансыратып ой-санамды жүр ұдай. Түн ортасы табалаған сыңаймен Тереземнен сығалайды сынық Ай. Тереземнен сығалайды сынық Ай, Елегізген ақ сәулесі жылымай. Кеудем шаншып, күрсінем де отырам, Тағдырымның талмаусырап мұңы жай. Сырласқандай жүрегімде мұң Аймен, Жыр жасқанбай төгілдірем бұл ай мен. Ал, сынық Ай сығырайып күледі... Түн ортасы табалаған сыңаймен. Тыңаямын түнгі қала отынан, Мұңаямын мезі қылып бос ұран. Сөніп-жанған жұлдыздарға телміріп, Кеудем шаншып, күрсінем де отырам.

Жарқылдайды, ән тыңдайды түн елі, Солқылдайды алып қала жүрегі. Жұлдыздары бұл шаһардың тым мұңлы, Ал сынық Ай сығырайып күледі. Жоғалғандай тіршіліктен мәнділік, Жаралғандай көкте ғана мәңгілік. Қарашығымды қара түнге батырдым, Сөніп-жанған жұлдыздарға телміріп. Сан арайды қойнына алып күндізгі, Аялайды, есіркейді түн Жырды. Ару қала Аймен бірге күледі, ...Жұлдыздары бұл шаһардың тым мұңлы... ШӘКІРТ СЫРЫ Бижамал Манановаға Кезіміз-тін көкке құлаш сермейтін, Бойда жалын таңға тыным бермейтін. Жек көремін алгебра сабағын, Ал тәтейді қалай жақсы көрмейсің?

Қыздар қашып құшақтардан сытылып, «Вечерлерде» би билейміз құтырып. Миымызға есеп құймақ мұғалім, Биыл ғана келген оқу бітіріп. Ұстаздардың ұрысқанына қыңбаймыз, Көп сабақта көпіршіген жындаймыз. Ал Бижамал тәтейді біз тыңдаймыз, Жастық шағын, сұлулығын сыйлаймыз. Бұл сабаққа көрген жоқпыз кешігіп, Шешендер де сөйлемейді есіліп. Жасұландар жынын алған бақсыдай, Амантайлар кете алмайды есіріп. Жас мұғалім – жастық шақтың жалауы, Сырын тыңдап кеудеге арман толады. Миымызда – мың-сан қиял әлемі, Ал класта – алгебра сабағы.

Сабақ білмей сүмірейген қандай-ды, Талай-талай көрдік, бәлем, ондайды. Екі алсақ та өкінбес-ек есептен, Тәтей, бірақ жаман баға қоймайды. Шәкіртімен тең құрбыдай сырласып, Жүрді бізбен білім сырын бірге ашып. Тәтейіміз қалды бір күн, біз болсақ Кете бардық Қайқы деген қырды асып. Біреуге ыстық, ал біреулер тоңдым дер, Біреу көктеп, ал біреулер солдым дер. Алда қанша асқар арман тұрса да, Сағыныш боп қол бұлғайды сол күндер. Жайқалады Сіз өсірген шынар бақ, Уақыт бағбан оны мәңгі суармақ. Тойыңызға тебіреніп келіп тұр. Бүгін, міне, шәкіртіңіз жыр арнап.

ҚАЙРАТТЫҢ ҚАЗАСЫНА

Шырағыңның шынымен сөнгені ме. Қош айта алмай кеттің-ау шерлі еліңе. Қайрат дос-ай, қалайша түсіп қалдың Шеңгелдіде ажалдың шеңгеліне?! Жанардағы өзі ең ғой қарашықтың, Жүруші едің ортаңа жарасып тым. Беретінің халқыңа мол еді ғой, Қайратжан-ай, со жаққа неге асықтың? Қазақы жыр қанаттан қайырылды, Ел тағы да бір Ұлдан айырылды. Жұмағаңды жоқтаумен жүргеніңде «Ағыс алып кетті ме қайығыңды?» Алаңдамай алдамшы алыс баққа, Арманыңмен жүр едің табыспаққа. Бір қарамай артыңа кеткенің бе, Көп жақсылар бет алған ғарыш жаққа?

Удай ашып жүректе жара сызы, Қабырғаны күйретті қаза сыны. Жоқтайды енді Өзіңді мына Алматың, Жоқтайды енді ҚазМУ-дің қалашығы. Ерте кетем деп бәлкім ақын болдың, Ақын болдың – халқыңа жақын болдың. Елің-жұртың ешқашан ұмытпайды – Бақұл болғын, жан досым, бақұл болғын!.. БАСЫМ КЕТІП БАРАДЫ Махамбеттің монологы Сүйгеніме өкінбен, құшқаныма, Қонғаныма өкінбен, ұшқаныма. Денем кетіп барады жер қойнына, Басым кетіп барады дұшпаныма. Алағай да бұлағай тұста мына, Алаңдадым іштегі, тыстағыма. Исатайдай нарымнан кек алмаққа – Басым кетіп барады дұшпаныма.

Деп жүргенде иә бар, жоқ етемін, Жиды дүние бір күнде мол етегін, Бас шұлғыды дұшпаным бас кеспекке – Тіл кеспектің білген соң жоқ екенін! Өсек айтқан сыртымнан ез неменің, Сақтамасын білгенмін сөз кезегін. Асым керек болмаған дұшпаныма Басым керек болғанын сезген едім. Жаншылумен тағдырдың қыспағына, Шықпақ емес нәмәрттар ұшпағына. Түн ұйқысын төрт бөліп күн бермеске Басым кетіп барады дұшпаныма.

ҚАЙРАН АҒА

Өрден қырға, Көктен жерге түсіп кеп, Күміс қанат жырларымен ұшып кеп, «Жетісудың» бөлмесінде желпініп, Өлең оқып тұратұғын Нүсіпбек. Қайран аға қолын сермеп айбынды, Жеңілдетіп, ауырлатып қайғыңды, алаңдайтын ертеңіне елінің, Жайып салып болмысына сай мұңды. «Өрісіңді өрт алғанда ез қыстар, Өстіп үнсіз отырсыңдар жазғыштар. Әділет жоқ бұл заманда әзірге Билік құрар күн бар ма? – деп – жазмышқа Ар?!» Шерін төгіп осылайша шерлі Аға, Көп арманын кетті бірге көрге ала. Сондай ұлын сең соққандай іздеп жүр, Асқар таулар, айдын көлдер, кең дала. АҚЫН ҚАЗАСЫ Мұқатай Жылқайдарұлының рухына

Алдыңыздан не күтті – беймәлім-ді, Сіз кеткен соң бір күдік ойға ілінді. Аяқ асты болды ғой, әттең, бірақ, Ажал аяп жүр еді қай дарынды? Туыстардың төрінде толғанбаққа, Сіз кеткенсіз аяңдап Талғар жаққа. Алдыңыздан сол күні күтті ме екен О дүние дейтұғын қорған-қақпа? Жоғалтуға асығар кім асылды, Сұмдық сәтті сезді де түн аһ ұрды. ...Боз мәшине боздатып ащы даусын, Қағып кетті қапыда бір ақынды. Жүректерді заһардай мұң тілгілер, Жанып кетті жарқ етіп қыршын жігер. Ақын өтті өмірден – деді-дағы, Күрсінді жер, тым ауыр – Сілкінді жер.

Мойнымызда қалдырған тұмарыңыз – Бір жасайды ұрпақпен жыр-әніңіз. «Жерді, жолды сүйем», – деп айтатынсыз, Жер сілкінді. Сіз жолға құладыңыз. Жер сілкінді. Сілкінді жүрегіңіз, Жер сілкінді. Сілкінді тірегіңіз. Жер сілкінді. Сіз кенет жығылдыңыз, Үзілді де өмірден күдеріңіз. Жер сілкінді. Мөлшері жеті балдай, (Ақындарда тағдырдың өші бар ма-ай?) Баратұғын Талғарға ұлы жолда, Ақын жатты қираған Отырардай. Жақұт жырды тапқандай тастан қазып, Мұқағали туралы дастан жазып, Ескерткішін соқтыңыз, елемеді ел, Төңкеріліп кетпеді аспан нағып?!

Күн күркіреп, жаһанға жар сала кеп, Жоқтап Сізді жас төкті алқара көк. Көз жұмдыңыз: «Керімсал Кеген, Қайқы, Қасиетті аман бол, Қарқара!» – деп. Жел желпіді соңғы рет мұнар-әнді, Жер күрсінді, сонан соң тына қалды. Ақын өлді бойында қасқа жолдың, Аспан ұзақ жоқтады – жылап алды!

БІРЛІК

Бірліктің бағалап қуатын, Тірлікті бірлік деп ұғатын, Көкем де өтті бұл пәниден, Аңсаумен ақырғы мұратын. Аптығын баса алмай желіктің, Алқынған күндерде нені ұқтым? Береке-бірлікке, бізді енді Бөлінсек, шақырар келіп кім? Бас-көз боп малы мен жанына, Сөз айтты ел-жұрттың қамына. ... Күрсініп алатын кей сәттер, Кемпірін есіне ап қамыға. Бір айбар қондырып мұртына, Әр болып шаңырақ шырқына, Қыдырып қайтатын күніне Ат мініп ауылдың сыртына. Аңсары – береке, бейбіт күн, Тірегі – бірлік деп елдіктің, Кешқұрым әңгіме айтатын, Еліне жетелеп ерліктің.

Келісіп, кей кезде келіспей, Қарсылық білдірсем беріспей, Шежіре, шерлі сыр шерткенде, Жыр толғап кетуші ем мен іштей. Сөзіңді көп жандар ұқпады, Діттеген жеріңнен шықпады. Ондайда бармағың тістедің, Ертеңнің еленбей түк мәні. Күйзелдің – жүрегің ауырды, Өткізіп бастан не дауылды. Көңілдің кірбіңін шаятын, Аңсадың бір мөлдір жауынды. Жаумады, амал не, сол жауын, Таба алмай тағдырдың қолдауын, Кеттің бе арқалап алысқа, Бүгінгі тірліктің мол дауын? ... Тірлікті бірлік деп ұғатын, (Бірлік деп қояйын жыр атын) Көкем де өтті бұл өмірден, Аңсаумен аяулы мұратын.

СЕН СЕНІМ АРТҚАН...

Алдыңғы топқа жете алмай, Артқыдан ұзап кете алмай Келе бір жатқан пендемін, Күрмеуін тағдыр шеше алмай. Кең қанат жайып Кегеннен, шыққанымда ұшып еленгем. Елімнің артқан сенімін еңселі жасап келем мен. Менсінер деумен мені кім, Кетілдім талай, кемідім. ... Асқарға бірақ бастады ақ ұлпа сенің сенімің. Жібермей жатқа есені, Өркенім көктей өседі. Сен сенім артқан бұл ақын Арманға бір күн жетеді!

ҚАПЫРЫҚТА

Алматының кақталып жалынына, Түскендейін тас қала тамұғына, Қайран шешем алқынып демігеді Сар даланың жете алмай сағымына. Үй бар еді Кегенде, күй бар еді, Үйге түсіп шәй ішер би бар еді. Сары самаурын аулада түтіндесе, Абысын-ажындарын жинар еді. Шыбынсыз жаз, шырайлы күн елде қап, Қайран шешем күй кешті-ау жүдеу қабақ. Кеспе жасап жүретін кешке жақын, Қорадағы малдарын түгендеп ап. Түсіне еніп түндерде баяғы әдет, Шаңырағын ойлайды ояна кеп. Қапырыққа қамапты өзін-өзі Қу жалғыздың артынан қалаға кеп. Өкпеле енді өмірге өкпелеме, Адуынды айналдың кекті енеге. Қоныс бермей Алматы сыртқа тепті, Бауыр бастық амалсыз Көктөбеге.

Бір үй алып бере алмай ақын ұлың, Жаның жүдеп, күй кеміп, жасыды үнің. Қара шәйді қамығып сораптайсың, Қарғап қойып қаланың қапырығын.

АРМАН

Ақ көктемін сағынып, Көктер ме екен ағашым? Осы дерттен сауығып, Кетер ме екен анашым? Қарар ма екен қауымға Ақ қабағы ашылып? Барар ма екен ауылға Баяғыдай асығып? Ішер ме екен тамағын Өздігінен қолына ап?.. Жүрер ме екен Заманын Арқасына салып ап? Жүрер ме екен өрімде, Басқа орнатып бал бақыт? Жата ма енді төрімде Немересін ойнатып? Жапырақ-жүрек тағынып, Тірілер ме ағашым? Осы дерттен сауығып, Оралар ма, анашым?..

ҚАЙРАН ШЕШЕМ...

Бұрылмай көпке қитықса, қырсығып асқақ, Қоятын еді тік сөзбен— «қыршыны» жасқап. Отырар еді «омалып» оттың басында Келмеске кеткен Күндерін күрсініп еске ап.

Түйіліп, сынып, Қабағы — қаршыға қанат, Жәреуке, жарымес «дүрлерді» жалшыға балап, Отырар еді опасыз жалғанды қарғап, Былық тірлікке Биіктен Шаншыла қарап!

Қайран, шешем-ай!..

  • *

Құлпытас қойдым анама, Құлпытас қойдым ағама. Айналған жандар еді ғой бір кезде менің панама.

Ақылын айтар Аға жоқ, Құшағына алар Ана жоқ. Аңыратып мені кетті олар. Кетті олар. Енді пана жоқ.

Жоқтығын ойлап Ананың, Жоқтығын ойлап Ағаның, Жанармен жас боп ағамын. Өзімнен соңғы өскіннің Панасы қайтіп боламын?..

ТҮС. ТАҢ АЛДЫ.

Сағыныш боп, көзден жас боп там, Апа, Түнде түстен шықпай жүрсің, жан Апа. Талма құсап тамыр қысып жатқанда, Таң алдында оятасың мені, Апа. Көңілдесің, өмірдесің сен, Апа, Тағдырымда асқар таудай бел, Апа. Өзіңді естен шығармайтын мен түгіл, Сөздерінен тастамайды ел, Апа. Ел жұртыңның қойған аты – Әл-Апа. Ұрпағың да еске алып жүр, әз апа. «Әжең қайда?»- деп сұрасақ, Заманбек жауап берер: «Жайлауда жүр»-деп, Апа. Барша ұрпағын тағдырына балаған, Тамырыма сағыныш боп тараған, Таң алдында оятып жүр әрдайым, Өміріме өзек болған жан Анам.

АНАМА

Ұрпақтарын таралған батасымен жебеп тек, Етегіне оралған немересін өбектеп. Жетегіне ап қайда да қиқар ұлды ойнатып, Жүруші еді аулада сар самаурын қайнатып. Ақ жаулығы басында иығында сұр жемпір, Қазан-ошақ қасында жүруші еді бір кемпір... ...Анам менің жоқ қазір – аспанда жүр, жерде емес. Жоқта жүрек, жоқта жыр, Соның бәрі – енді елес...

КӨЗІМДІ ІЛСЕМ...

Маған деген тағдырдың ішкі есебі Жүрегімді үш тіліп, үш кеседі. Қиналғанда жабығып, жан анашым, Көзімді ілсем көремін түсте сені. Жанға сеп қып тірліктің жалған уын, Қаншама екен қапыда қалған күнім. Көзімді ілсем тұрасың анау қырда Ағараңдап басыңда ақ жаулығың. Бір көрініп, көрінбей түрің анық, Бағытыңды жүресің Құбыла қып. ...Ертеңгісін жатамын есеңгіреп, Көз жасымды күрсініп, сығып алып...

ЕНДІ МАҒАН...

Анашымның мейірімі, қуанышы, Әрқашан да тұрады жетпей маған. Т.Молдағалиев Десек те ұрпақ жалғап өмір өлмес, Көңілім қуаныштың көбіне ермес. Енді маған ешкім де ешқашан да, «Садағаң кетейін» деп еміренбес. Шаттықтың жапырағын тонап қайғы, Санаға сән мен әнді жолатпайды. Енді маған ешкім де ешқашан да, «Түріңнен айналайын» деп айтпайды. Жегі мұң жан жүйемді тұмшалайды, Шыңымды қара желін бұлт орайды. Көрпемді қымтап жауып таң алдында, Енді ешкім маңдайымнан сипамайды. Тұз-дәмімнің жүретін батасы боп, Сынығыма жүретін оташы боп, Құшағына мені ешкім алмайды енді, «Құдайдың бере салған ботасы» деп.

Қуарды бір-ақ сәтте көңіл бағы, Мені ешкім еркелетпес ендігәрі. Бейішке бетін түзеп кете барды, «Жар болсын жаратқан иең» деді дағы...

БАҒЫТ

Артын ашып, түкіріп қоғамына, Ар-ұяттың қарамай обалына, Ышқыр кетіп барады төмен қарай, Етек кетіп барады жоғарыға. Құбыжық бір түске еніп ала-құла, Құтырынып билейді қала мына. Кедей түсіп барады ылди жаққа, Байлар ұшып барады жоғарыға. Зарын айтып запыран заманына, Мұң шағады ақындар қаламына. Ұят жылжып барады етек жаққа, Ұятсыздық ұмтылып жоғарыға. Бұдан асқан қасірет болады ма, Тығылады бір өксік тамағыңа. Адам құлап барады төмен қарай, Надан самғап барады жоғарыға!

ЛАШЫҚ

Көңілі тоқ қауыммен ұласып кіл, Бара жатыр қалықтап қыр асып нұр. Қайғысын да, мұңын да ішке бүгіп, Жар астында жарбиып лашық тұр. Артын ашып әлсізге, қырын ашып, Күлер қоғам, тереді тірі нәсіп. Көзге шыққан сүйелдей күн кешеді Жар астында жарбиған бір лашық. Уақыт емес қоятын еркелетіп, Жұртты жұртқа жүгіртер ентелетіп. Қоғам жүгін көтерер бір азамат Лашықтан шығады ертелетіп. Сәби сорып емшектен ұмсынып нәр. Таңға жуық қыңқылдар қырсығып сәл. Қыбыр-қыбыр қимылдар басталады, Лашықта да өзіндік тіршілік бар. Қоғам өңін бермейді – жыла-сықта, Күле аласың әзірше – күн ашықта. Зәулім үй боп бір зауал келе жатыр. Жар астында жарбиған лашыққа!

«ЖЕТІСУ» КӨШКЕНДЕ Наз Кезіксе де кейбіреумен жекісу, Болмақ емес арамызда кетісу. Барған жерің бағыңды ашсын – тілек сол, Алматыдан ауа көшкен «Жетісу». Жауап таппай көңілде көп сұраққа, Қимай-қимай біз де кеттік жыраққа. Кей жағдайда көңіліміз қалса да, Қоштасу сөз жазған жоқпыз бірақ та. Әкімдіктің әнтек сыны дел-сал ғып, Талай-талай «сыбаға» алдық, «енші» алдық. Жарғақ құлақ жастық таппай жүргенде, Саған біраз жұмсалыпты денсаулық. Сынға толы, өткір мінез бет үшін, Жоғарымен болды талай шекісу. Сексенімде үй берем деп қаладан, Әкім құсап сен де алдадың, «Жетісу».

Бір үмітті бір үмітке жалғаған, Қабырғаңда күндер өтті сандаған. Өзіңе айтқан кезекті бір назым ғой, Жалғыз сен бе мені осылай алдаған. Қиналсақ та тауып әсем жарасым, Сан жырладық Талдықорған қаласын. Талдықорған Талдықорған десек те Алматыны қалай қиып барасың? Басылым көп беделі бар аздаған, Басылым көп дәуірінен озбаған. Қандай күштің құзыры екен өзіңді Сексен төртте жылы орныңнан қозғаған. Кезіксе де кейбіреумен шекісу, Арамызда болмақ емес кетісу. Сенде қалды ең бір ғажап күндерім, Жастық шағым Сенде қалды, «Жетісу».

Беделділер талай берді саған жол, Мақтаныш қой баршаға да, маған да ол. Келу үшін, бәлкім, кеткен шығарсың, Көріскенше, «Жетісуым», аман бол!

  • *

Жүрегім қансырады, Санам да сансырады. Зілмауыр мұңлы ойларға Ақылым жаншылады. Күңіреніп отырғаным Жоғалып жан шуағы. Қалғандай сөніп бір сәт Өмірдің шамшырағы. Маңдайдан сұп-суық тер, Зәһардай тамшылады. Тезірек білінбей ме Шығыстан таң шуағы!

ЗАР Теледидардан алаштың азаматы зар төкті

Асқындым, зәрлі кесел ем, Қирады қиял кесенем. Күтіп тұр екен қандай күн, Сормаңдай менің пешенем.

Аспаным ауыр түнерді, Үзем бе, қайтем күдерді. Кирелеңдеген белімді Қалпына салар – діл өлді!

Жауырынның жігі кетілді, Асылмаққа арқан есілді. Осының бәрін Тәңірге Жеткізер Тілім кесілді. Сатайын енді елімді, Сатайын енді жерімді. Тозаққа сосын берейін қуыру үшін терімді... ҚАРАҢҒЫ Пессимистік элегия Қараңғы бәрі, қараңғы, Жаныма қайғы жамалды. Жақсылық іздеп жалғаннан Жүрегім итше таланды. Қараңғы бәрі, қараңғы, Таппадым сырлас адамды. Мұңымды шағып жат жанға, Қадірлеп кеппін наданды. Қараңғы бәрі, қараңғы, Тығырыққа ойым қамалды. Қараңғылықтан құтылып, Жоғалта алмадым қарамды. Қараңғы бәрі, қараңғы, Жоғалтар едім қарамды, Құсадан өлер артымнан Аяймын асыл анамды. Қараңғы – бәрі қараңғы...

АЛҚАШТАР

Бойларын жын буған, себепсіз шыңғырған. Ләззат алады ырдудан, дырдудан. Жабысып сорға нақ, жанарын шел қамап. Ұмтылар шишаға сілекей сорғалап. Дауыстар гүрілдеп, көздері іріңдеп, Бір-бірін білеуге білектер түрілмек. Қанбай бір шөлдері, Маңдайлар терледі. Өлексе сасиды, Өңезіп демдері. Орынсыз жыртыңдап, ырқылдап, қырқылдап, шаршайды, құлайды арттары тырқылдап. Ой-ниет семеді, ертеңін көмеді. Алқаштар әр түні, тірідей өледі!

ТҮҢІЛУ

Арқалап азапТанталдай, Ербиіп жүрміз тал-талдай. Қазіргі ғаріп қалпымыз – Сүйенген оққа арқардай. Жыр емген бізге күй емген, Көмек жоқ иең, киеңнен. Таяныш қылған қаламды – Арқармыз оққа сүйенген. Басқа өрлеп зорлық кеселі, Үміттің жібін кеседі. Қаңтардың қалың қарындай Маңдайда сор тұр бес елі. Апандар жұтып арманын, Ұшырып оққа ардағын. Қапқалы келе жатырмыз, Жаһанданудың қармағын.

АЛМАТЫНЫҢ КЕМПІРЛЕРІ

Көрікті ойды құртады ізгі, Сыйласаң да жасын кәрі, Сұйық шашы – қыл тәрізді Жалмауыздың басындағы. Сана шошып сырқырайды, Көз алдыңнан ұшқанда елес: Боялған шаш бұрқырайды, Жалмауыз да, мыстан да емес. Назарың сал, қара, кәне, Барша құрмет жоғалады. Бүкең қағып, барады әне, Басында жоқ орамалы. Шалбар киіп ері құсап белгілі ғой сый табары. Үйітілген тері құсап қызарады құйқалары. Көрмейді Олар ерсі мұны, Айта алады бес тілде өсек. ...Әжелердің көркі, нұры, Емге бүгін жоқ кимешек! Уақыт өтер. Кім жоғалмас?! Аянышты – өң-түрлері. Шашын жаппай жүр жалаңбас, Алматының кемпірлері.

ҮРГЕН ИТТЕР

«Ит үреді, керуен көшеді» Мәтел Жан таптырмай денесін кірге күйттер, Жыландайын шақса егер бүрге, биттер, Шабаланып құлақты тұндырады, Удай ащы үндері үрген иттер. Бірі шәңкіл, бірі әупіл дауыстары, Кім екені белгісіз жауыққаны, Шаршамайды, үреді таң атқанша, Шақырғанша ауланың тауықтары. Бірі үреді тойғаннан, кекіргеннен, Бірі үреді еріккен, секіргеннен. Енді бірі үреді ұясында Марғау, мәнсіз, тәкаппар, кекір деммен. Жүрген шақта қайғылы, қамырықты, Ежеттес дос дертіңнің мәнін ұқты. Керуеніңді соқтыртып келе жатсаң, Үреді иттер төс табан, нән иықты.

Азды-көпті ел-жұртқа сыйың барда, Ит-ырылға шыдайды миың зорға. Күліп-ойнап отырсаң қайғы-мұңсыз, Үреді иттер тойларда, жиындарда. Тәңір берді тағдырды өлшеп сызып, Сол өлшемді жүрміз ғой теңшеп тізіп. ... Келе қалса сол иттер қамшылар тұс Бір тартасың тұмсықтан қаңқ еткізіп. Ұлыларын ұлтымның ес көріп ем, Мұны қашан, ақтөстер, ескеріп ең? Үре берсін сорлылар шаңға аунаған, ...Қара жолда келеді көш-керуен!

ҚЫЗЫЛАҒАШ ҚАСІРЕТІНЕН КЕЙІН ЖАЗЫЛҒАН ЖЫР

Бөгеттерді саттық біз, суды саттық, Ормандарды саттық біз, құмды саттық. Жанармайдың бекеті, дүкендерге Маңдайшаға ілер сөз – «Нұрды» саттық. Бөгет енді біреудің еншісінде, Меншіктенді жер, суды көрші сіңбе. Үрерге иті, сығарға биті де жоқ Тек қазақтың малшысы, кеншісінде. Тықпалады қоғамға нарық құлдық, Қанағаттың шекесін жарып тындық. Тоспа суды сатам деп топастықпен, Топансуға ауылды қарық қылдық. Алла берген су елдің байлығы еді, (Су сатқандар пиғылын әйгіледі.) Тосын келген тоғышар апатынан, Қан жұтуда қазақтың қайғылы елі.

Жас толтырып сұрайын жанарыма, Қанағат бер, Тәңірім, саналыға. Сатар ма екен осылай жүре берсек, Ертең біздің үкімет ауаны да?!

  • *

Естісе де құзғындардан өктем үн, Сезінсе де қыстың аяз, өкпегін, Қар астында жаншылса да тұрмастай Көтеріліс жасайды ертең көктемім!

Мұз құрсаудан суырып ап кемесін, Қызғалдақпен өртке бөлеп белесін, Көптен бері күтіп жүрген көктемім, Көтеріліс жасайды ертең көресің!

Қара жер мен жасыл орман тірегі, Солып, өліп жоғалған жоқ гүл елі. Көтеріліс көшін ертең бастайды, Бас көтеріп бәйшешектер түмені.

Көбесінен сөгіледі қар енді, Шапағымен оятады таң елді. Дүр сілкіну жақпағанмен дүрлерге, Көктем келіп өзгертеді әлемді.

«САЯХАТ» ПЕН САҒАТ. СОҢҒЫ ДЕМ.

Алматыға келгенде кең даланы тар санап, Қарсы алатын «Саяхат», қарсы алатын дәу сағат. Алып сағат астында, таныстарын тауып ап, Кең даладан келгендер, таң қалатын тауына ақ. Алатаудай ақ қала, күн шуағын тараттың. Алматының қақпасы – «Саяхат» пен сағат-тын. Сағаттай боп тынымсыз соғып нәзік жүрегі, Аттың басын қанша үміт «Саяхатқа» тіреді. Жарық етті жастық шақ, Ақ қаланың түнін де. Қанша тағдыр қосылды, сол сағаттың түбінде. Алатаудың шыңынан, талай шапақ таң атты. Мәңгіліктей көруші ек, «Саяхат» пен сағатты. «Саяхатта» сайрандап, сағатына қарап ап, Жүруші едік алаңсыз, гүлдей жайнап бар алап.

Ақ қалаға қимастық ет-жүректі боршалап, Алматыдан аттансақ, қол бұлғайтын сол сағат. Күндердің бір күнінде, шешім шығып албаты, «Саяхат» пен сағаттан, қалды айрылып Алматы. Суық, қара жүзімен, елдің мысын басатын, «Саяхат» пен сағатты талқан қылды тас әкім. Жерін сатты сірә да, толтырмақ боп қалтасын. Обыр жалмап кеткендей, Алматының ортасын. «Қой» дер қожа болмады, тайраңдаған қараққа. Тып-типыл боп жер жатыр – «Саяхат» жоқ, сағат та. Жер сатуды меңгерген әкім ісі – саясат. Ғайып болды сағымдай, сол сағат пен «Саяхат». Несін алды «Саяхат», несін алды сол сағат?! Егін екпек болды ма, айналасын қоршап ап.

Қоршау іші – қиранды, жер сілкініп өткендей. ...Тайып тұрды сол әкім, іс бітіп, қу кеткендей. Ойрандалды «Шаңырақ», ойрандалды Алаң да. Қирамаған жәдігер қалды ма екен қалаңда?.. «Саяхатты» іздеп жүр, ақындардың сан жыры, «Саяхатты» сағынды Райымбек даңғылы. Байшыкештің бүгін таң баю болды ұраны. Қараша елдің үміті дәу сағат боп құлады. «Саяхат» пен сағаттың болмады ма иесі? Сұраусыз зат жоқ дейміз, кімді атады киесі?! ...Бәрі де өтіп басынан бәрі өткінші жалғанда, Саяхаттап сол әкім соңғы демін алғанда, Дүние кезек! Сол сағат қараша әлде ақпанда, миын шағып күмбірлер, Соңғы секунд соққанда!!!

ТОЛҒАН АЙДЫҢ СӘУЛЕСІ

Қарасаң қара аспанға сыртта жатып, Толған ай толқынданар бұлтқа батып. Жалған-ай, біздің елде туар ма күн Шүленше таратылар жұртқа бақыт? Төгілер ай сәулесі алаламай, Баршаға – маған, саған, оған, Алла-ай. Табиғат бәрімізге ортақ еді, Бүлінді неге ендеше қоғам аңдай? Іш жылап, ал сырт жағы күліп елге, Нәпақа іздеумен жүр тірі кеуде. Төбесі бұлтқа тиген тоғышарлар Бірінің кесіп етін бірі жеуде. Жайылып зәрі бетке, құты к...ке, Кедейде улы жүрек, түтін өкпе. Сылтауын сауғаға сап жүруші еді, Дағдарыс дұрыс болды үкіметке.

Ертеңге кімдер, сірә, бал ашпады, Неғайбыл бірақ шынға жанаспағы. Дәл бүгін бұ қазаққа не дер керек Биттері басқа өрлеген балақтағы. Жазбасқа жырдан басқа бар ма амалым? Алдында ұрпағымның қорланамын. Толған Ай сәулесіндей жарыққа емес, Түнекке бет алдық па, сорға қалың?..

ҚАРАҒАЙ

Жырым-жырым жартастар сыртыңдағы, Өрісің тар, жайлауың, жұртың кәрі. Дауыл соқса, жай ұрса, нөсер құйса Қарағайым, қайыспай тұрсың ба әлі?

Байырқалай алмаған байқап елді, Шарасыздық шырмаса – шайқал енді. Қиналсаң да күрсініп тұрсың үнсіз, Жасылыңмен жарылқап жарты әлемді.

Ғажабың да бойыңда, азабың да, Ажарың ба бұ бейнең ажалың ба? Дар алдында тұрғандай үнсіз, қазір Көнбістігі өзіңдей қазағың да!

  • *

Орман – таудың қамалындай, Талы – тоғай, аршасы – ну. Ару қыздың жамалындай Гүлдер неге сонша сұлу?

Өткен күндер санада тұр, Тұман басқан тау мұңындай. Бұлттар көшіп бара жатыр Анамның ақ жаулығындай.

Кедергіні селдей бұзып, Тау өзені сарқырайды. Өтер-кетер көрген қызық, Басы – шаттық, арты – қайғы...

ДАТ, ҚАЗАҚСТАН!

Жалауың болып ұстарым, Қаламды қанша ұштадым. Сетіліп Сенім барады Қайтейін, Қазақстаным! Қарғаумен қоғам құзғынын, Түңіліп жүрміз біз бүгін. Ерге сор, елге жұт болған Осы ма Тәуелсіздігің?! Былыққан билік тұстарын, Көрді де лоқсып құсты Арым. Қай жаққа кетіп барасың, Қадірлі Қазақстаным? Көз жасы толып кесеге, Өсе ме халқың өше ме? Өмірдің солғын бояуын Көрсеңші шығып көшеге. Ата-бабаның киесі, Ежелгі жұрттың иесі, Ауырлап халі барады Ауылдың басын сүйеші! Қалмады қарттар қадірлі, Таба алмай жүрміз мәз үлгі. Қазақстаным, көрсеңші: Қалпымыз осы қазіргі.

Жыл қысып, күн мен ай қысып, Дағдарыс келіп – қайғы ішіп, Кедейің отыр қан құсып, Байларың жатыр май құсып. Ұранға жалған босқа ердім, Соңында қалдым көштердің. Адастырдың ба, қайткенің, Қазақстаным, қастерлім?! Шығарып жатты төріңе, Қазақты тықтың көріне. Апатты тұсқа тақаған Ақырзаманның кері ме? Адыра қалды күш, дарын, Ғарышқа жалған ұшқаным. Қазақтың халін көрсеңші, Көзіңді аш, Қазақстаным!

ДЕРТ

«Ел үстінен күн көргесін,шалқақ иық кей ұлық, кері шаптырар дерт табады». А. Сүлейменов «Бесатар» Аршамен аластанып, Жаныма Жарасты алып, Жарқырап жүріп едік Алқалы алаш танып. Біреудің кесірінен, Сауатсыз шешімімен Жан-жаққа шықтық шұбап, «Заңның» біз есігінен. Көрсек те тантық қылық, Талайды тәртіпті қып, Жұмысқа бердік қанша Күш-қайрат сарқып құйып. Адалдық антқа бақтық, Шендіні жалт қараттық. Өмірден өстіп жүріп, Өспей біз «артта қаптық». Қам жасап күйретуге, Мықтыға илетуге, Әкелді жас баланы Бізге ақыл үйретуге. Ақылды ара шақты, Санаға жара шапты. Келешек кер кете ме Алға сап «Болашақты»...

Газетті шала лас қып, Жасады қара қастық, Аузынан ана сүті Кеппеген жаңа бастық. Шығарды жеке жарлық, Көрсетті бекежандық. ...Тіреуші көкеміз жоқ Қайтеміз, кете бардық. Жаныма Жарасты алып, Аршамен аластанып, Кеттік біз жұмыссыз боп, Аулада ағаш жарып, Қоғамнан аласталып...

ҚЫСТЫҢ БАСЫ

Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай, Қыстың басы бірі ерте, біреуі жай. Абай Кегеннің сырқатымды желі емдетіп, Ауылдан Алматыға келем бекіп. Қараша қарайлай ма деп жүргенде Желтоқсан жетіп келді жеделдетіп. Кез қайда кешіп жүрген кеше шықты, Келеміз тоздырумен неше есікті. Сар түсі сағынышқа бас ұрғызған Көруші ем күзді жақсы – өте шықты. Кегеннің керім желі білем ерке, Мінезін көрсетеді түрегелсе. Қатқақсып қара жолға көз саламын, Бірі – жай, қыстың басы біреуі – ерте.

ҚАЙРАН АУЫЛ

Көкірегіме жан болсам да от бұққан, Сан азапты көріп келем жоқтықтан. Шындық үшін шырылдаған сәттерде Есерлерге кезім де көп соқтыққан. Ұшып шығып алтын ұям – Кегеннен, Тағдырымды байластырдым өлеңмен. Асыл анам еске түсіп күрсінем, Көрем-дағы өңіңді үнсіз көнерген. Шарлағым кеп шартарабын жер-көктің, Жанарыма жас құйып-ап мен кеттім. Қанбай ішіп балалықтың бал дәмін, Қайран ауыл, қабырғаңда ержеттім. Тауларыңа, шыңдарыңа құмартып, Мақтанған да болармын-ау тым артық. Неге ғана кеттім екем мен сенен, Арқама ауыр азабы мол жүк артып.

Тас қалада түсіп тағдыр тезіне, Мәңгі ұйқыға анам қайтты өзіңе. Мына әлемнің тым тарлығын сезіне, Ауылды ойлап жас тұнады көзіме...

ЕЙ, АЛМАТЫ...

Жатқа оратқан сайқалдай бұрымыңды, Көремін де түңілем қылығыңды. Жиырма жылда жүректі жылытпаған, Ей, Алматы, қайтейін жылуыңды. Суың улы болған соң, тұзың улы, Қызынуды үйрендік, бұзылуды. Бар жақсысын, байлығын күлге шашқан, Ей, Алматы, қайтейін қызығыңды. Адыра қып Алатау арманымды, Байларың кеп отады орманымды. Отанымның ұлдарын оққа ұшырған Ей, Алматы, қайтейін қорғаныңды. Жатқа жайып,құшағың, мейіріңді, Жарлылардан жасырдың сейіліңді. Шаңырақтың шаттығын ойрандаған, Ей, Алматы, қайтейін пейіліңді! Торға қамап тұлпар мен қыранымды, Базарларда сандалттың ұланымды. Суықторғай секілді бүрсеңдеткен, Ей, Алматы, қайтейін шуағыңды.

Айналдырып төбеге тау ұлымды, Лайладың ақ күміс жауынымды. Жат санамен улаған жастарымды, Ей, Алматы, қайтейін сауығыңды!

Асқаныңды қайтейін, тасқаныңды, Қара түтін құрсап тұр аспаныңды. Ей, Алматы, қайтейін сонау бір жыл ЖЕЛТОҚСАНДА көргенбіз сасқаныңды!

  • *

Қара жамылған қап-қара қалпын ағартайын деп, Алматыны қар жапты. Қара түнекке ақ сәуле оралтайын деп, Әппақ ұшқындар зар қақты.

Қап-қара жерге төгілген қанды жасырайын деп, Алматыны қар басты. Әділеттен күшімді асырайын деп, Асыр салды ақ шашты албасты.

Оққа ұшқан бауырларымның бейітін жылытайын деп, Алматыға қар жауды. Ұлы бабалар ерлігін ұмытайын деп, Үйрендім бе үнсіз қарғауды?

Оқталған мылтықтың оталдырғышын дымдағысы кеп, Алматыға қар құйды. Сорлы тірлікті жырлағысы кеп, Сормаңдай қиял қаңғиды. Мамықтарындай құсқанат жырдың жапалақтайды, Алматыда қар әппақ. Осылай әр қыс босаға аттайды Біздің ел үшін қонақ бақ...

СОЛ ҒАСЫР ӘЛІ ДЕ БҰЛ ҒАСЫР

«Бермесең бермей-ақ қой баспанаңды!» Қасым Аманжолов Баспана бермеді бас қала, Баспана бермеді Астана. Өлеңшөп жаптық та үстіне, Өлеңнен тұрғыздық баспана. Мұздатты, қаңғытты тас қала, Қарамай сақалға, жасқа да. Өлеңнің отымен жылынды Үйдегі жас бала, бас бала. Ақындар бүгін де «кіл масыл», Қыңқылдап айтамыз жырға сыр. Қасымын қаңғытқан үй бермей, Сол ғасыр әлі де бұл ғасыр. Жер қылды жемірлер өнерді, Сонда да пір тұттық өлеңді. Бүгінде бәрі де тәуелсіз, Тек ақын тұрмысқа тәуелді. Төбеден қу тірлік ұрғасын, Қалайша шат күнді жырласын? Үміті сөнуге бет алған Сол Қасым әлі күн бұл Қасым.

Байлыққа, билікке құл ынсап, Оралды араға ғұмыр сап. Ақынын қаңғытқан қоғамда Бақытты бола ма бұл ұрпақ?!

АЗАТ ЖАНЫМ...

Азат жаным өсектен, күстәнадан, Тілі ұзында болады қысқа қалам. Сол қаламды кейбіреу құл етеді, Бабалары ғұмырда ұстамаған. Азат жаным арамдық, пасықтықтан, Арамзалар қорқады ашықтықтан. Сондайлардың қасында өр сөйлеймін, Мақтан тұтам үнімді асып шыққан. Азат жаным күңкілден, дүңкілден де, Көре алмасаң мұнымды жыртыл, кел де! Азаттықты мендегі түсінбейді Көкірегі майланған ырқыл кеуде. Азат жаным жымысқы, мүләйімнен, Ада жандар қаншама шынайы үннен? Солар мені өлгенше жамандасын, Өткір жырмен оларды сынайын мен.

ҚАСҚАНЫҢ ҰРПАҒЫНА

Аламын деп қасқаның тас қамалын, Тас жүрекпен қашанғы тас боламын?.. Мұқағали

Сол қасқаның бүгінгі ұрпағысың, Сыртың бүтін болғанмен, бұрқақ ішің. Адалсымақ көрінгің келгенімен Арам ісің аямай құртады шын.

Ағзаңдағы арам шөп бір елі түк, Аярлықтан жүресің күреңітіп. Көңіліңдегі көк мұздай кесірлікті Ай аластай алмайды-ау, күн ерітіп.

Жаннан асып бұл күнде әккілігің, Түршіктірер жүректі жат қылығың. Жамандық боп оралды жылдар өте Менің саған жасаған жақсылығым.

Табағына бір адал дәм түспеген, Ар құлағы сендегі шартық керең. Таспен атқанды аспен ат деуші еді жұрт, Екеуін де мен саған артық көрем!

  • *

Жоспар, жоспар, жұмыс деп жиі ұрсамыз, Жақтау қиын қатеге ұрынсаңыз. Басекеңнің алдында басыңды иіп, Қылдан таймай, қыбырлап жүру парыз. Ананы айтпа, мынаны олай деме, (Тұншығулы қалады сан ой неге?..) Шындық атты шыңырау тереңіне Зәкір тастап жоқ болған талай кеме. Сынның қайрай алмайсың ұстарасын, Жәй сөзден-ақ өктемге ұсталасың. Абайсызда басшыңа жақпай қалсаң, Тарамайды бойыңа ішкен асың. Мәңгүрт милар ел үшін ойланбады, Жалған сөйлеп, жат жұртқа жайраңдады. Жекелеген жегіштер жетілсе де, Бұқараның бұғағы майланбады.

Атса дағы әр таңы күдікпенен, Ел ертеңге қарайды үмітпенен. Бір сілкіну қазаққа керек деумен, Көппен бірге күрсініп жүріп келем...

БАЙЛЫҚ

Жасыта алмас жала да, кек пен нала, Өлтіре алмас өзекті тескен жара. Ең мықты адам әлемде – мен ғанамын, Ең бай адам әлемде – тек мен ғана! Өзіме тән шаттыққа кенелемін, Байлық емес, барыммен еленемін. Ел алдында еңсемді аласартпай Асқақтатып келеді өр өлеңім! Күнкөріске жете ме айлық саған? – Деп мұрынын шүйірер әйдік надан. Ұрпағым бар, Жырым бар, Отаным бар, Бұдан артық керек пе байлық маған?!

ІІ БӨЛІМ

ТІЛЕК ПЕН ОЙ КӨМБЕСІ

ЕСКЕРТКІШ Серік Әбікенұлы Үмбетовке Оңға түзеп теріс біткен тетірді, Істер жасап іргелі әрі бекімді, Ел тарихын тастан қашап жатырсыз Тәуелсіздік Күлтегіні секілді. Болашаққа туған елмен бір барар, Бізбен бірге қарсы алады күнді олар. Сізбен бірге еріп келген сияқты Талдықорған төріндегі тұлғалар. Сіз салдырған, қала қандай, үй қандай! Берекесін қыз жүгі етіп жиғандай. Ескерткішпен жазудасыз Шежіре – Қара тастан алтын әріп құйғандай! Бабалардың балбал тас боп сырласы, Келген жоқ па тастан тарап жыр басы! Жетісуды қолдап, қорғап тұр бүгін Қадырғали, Қабанбайлар тұлғасы.

Көркем тастан көкірегіме күш құйдым, Сазына ердім жалғандықтан тыс күйдің. Ел бірлігін ұрпаққа айтып тұрғандай Өр еңселі ескерткіші үш бидің. Найзағайдай ел намысын жанитын, Қиын шақта түп-тамырын танитын, Сіз сияқты-ақ болған шығар кезінде Қайран, бабам, тасқа жазған тарихын. Шежірелер шертетұғын сырды ұғып, Сүйінбайлар, Жамбылдардан жырды ұғып, Жазудасыз Тәуелсіздік беттерін Қара тастан алтын әріп құйдырып! ТАУ ТҰЛҒА Тұрарбек Мәжілұлы Асановқа Қаншама сын, қанша биік тосты алдан, Асты талай мұзарттардан, асқардан. Өмір атты ұлы асуға соқпағы, Хан Тәңірі етегінен басталған.

Көрінгенмен қойдан қоңыр, жуас боп, Сермедіңіз сан қияға құлаш көп. Сіз туарда ұлы әжеңіз айғай сап, Түндік, есік ашқызыпты «Тұр, аш!» деп. Сәби күлсе көңілденіп, жаз күліп, «Тұраш» депті еркелетіп, мәз қылып. Сол әжеңіз бекемдепті есімді, Тұрарбек деп метіркеге жаздырып. «Бек болады менің осы немерем», деп сеніпті, Әулие еді не деген! Елін, жерін сүйетұғын Азамат, болсын депті бата беріп көреген. Бата дарып, бойыңызға құт дарып, Ата жолын мәрт қалыпта ұстанып, Биік-биік мінбелерден сөйлейсіз, Алмас кездік, қанжардай боп ұшталып.

Гүлдендіріп баба жүрген даланы, Нұрландырып Алматыдай қаланы, Қуандырып ауылдағы дананы, Шуағыңыз шапағат боп тарады. Алтын айдар ұл-қыз бөлек бесікке, Өсірдіңіз ырзық қосып несіпке. Ел мерейін көтеруде бүгінде, Сіз салдырған ескерткіш те, мешіт те. Барша мадақ артық болмас мәрт ұлға, Қаншама жұрт Сізге сенім артуда. Ел мен Жердің еңселенсін қорғаны, Асқақтай бер Хан Тәңірдей тау тұлға! ҚАЛЫҚТАҢЫЗ ҚЫРАНДАЙ Ырым ағаның туған күніне Заман үнін зейінмен тыңдадыңыз, Сара жолмен салдыңыз шыңға бір із. Жаз күшіне енгенде туған күнмен Құттықтайды қыздар мен ұлдарыңыз.

Бір тыныстап ел-жұртпен, халқыңызбен, Үлгі беріп келесіз жарқын ізбен. «Алатауды» биікке көтердіңіз, Алатаудай өр, асқақ қалпыңызбен. Дақ түсірмей бойдағы Ар,Намысқа, Көрсетесіз жастарға арда нұсқа. Бір шаңырақ секілді ұжымды да Ұрындырмай келесіз дағдарысқа. Пайғамбарлық жастағы сара шақта, Жүрегіңіз тұнып тұр парасатқа. Дастарқан тек жайылсын той үстінде, Қуаныштар көбейсін «Болашақта». Таба берсін жалғасын әр ісіңіз, Кең жайлауға айналсын өрісіңіз. Туымыздың бетінде қалықтаған, Көк тәңірі – Қыранмен тең ұшыңыз! ТҰРАНҒА ТІККЕН ОРДАСЫН Қасымхан Бегмановқа

Сөз үшін сен оқымадыңӨзіңде Сөз болғасын, Сондықтан да әрбір Сөзің дөп құйылған қорғасын. Қара өлеңде қасиетті су төгілмес жорғасың, Қазақтың бір ақынысың «Тұранға» тіккен ордасын. Өлеңге көп төленгің кеп қу жаныңды қинадың, Ал қасыңа жолдасыңа айналар ұл жинадың. Көз алдыңда көлбесе егер тырау тырна, бұйра құм, Алабұртып ақын жүрек кең әлемге сыймадың. Құшағыңа қуаныш та, қоңыр мұң да толтырып, Көз алдыға кешегі өткен арыстарды келтіріп, Кең дүниені кезіп жүрсің бұрынғы өткен Ер Түрік Мұраларын мәңгі жинап қалдыруға беркініп.

Қаншама Ұлды, қанша Жерді махаббатпен жырладың, Өлең сүйер ел-жұртыңа еркін жетіп сырларың. Алыс кетсең сағынады қолын бұлғап қырларың, Арулар да сағынады жүрек тербеп мұңлы әнің. Әлі талай жырдың кенін сапырарсың, қазарсың, Халқың үшін әлі талай өртенерсің, тозарсың. Елің Сенен ән-жыр алсын, өнегелі сөз алсын, Кешегі өткен ер Қасымдай жұрттың Сөзін жазарсың! ЖЫР ЖАЛАУЫ. МӘСКЕУ САПАРЫНАН КЕЙІН Жүрсін Ерманға Жырмен ұшып, ал бірде жырмен ағып, От жүректің ұшқынын Күннен алып, Айдан алып әппақ сыр анау бір жыл Қайтып едік Мәскеуге бірге барып.

Қуанышын арқалап, азабын да, Қайнадыңыз осы өнер қазанында. Айтыс өтті Мәскеуде халықаралық Таң қалдырып орысын, қазағын да! Жұрты қолдап жәдігер бастамасын, Өлең, айтыс тең қақты қос қанатын. Орманды елде ойлы бір айтыс өтті – Тамсандырып орыстың астанасын. Қыран жырға айналып бала дәптер, Қанат қақты, қарымын бағалап көр. Жалаулатып жеңіспен қайтты ақындар, Сіз қолбасшы болғанда олар әскер. Санаты мол өтіп жүр сан дүрмектер, Айтыс деген ғажайып! Ал күндеп көр. Барғанша да келгенше ән ағытты Дәулеткерей, Ораздар, Балғынбектер.

Бір купеде менімен Оразалы, Білінбеді сол сапар жол азабы. Ауызашар дайындап зыр жүгірді Бақыт жеңгем. Болатын ораза айы. Демеп еді ақша етем, атақ етем, Болды ма әлде берілген бата бөтен. Оразалы бауырдың ойлап тұрсам Мәскеу барған сол соңғы сапары екен. Сізді қанша қарсы алып күліп бектер, Бір жиынын қазақтың ұлықты етті ел. Жалынымен қолдады Қырымбектер, Дарынымен қолдады Ұлықбектер. Қасиеті қазақтың жырланып кең, Мәскеу төрі танысты күллі алыппен. Жалын жүрек жастарға бата берді Мырзатайдай ағамыз мырзалықпен.

Дұшпаныңның елемей табаларын, Болғанша ой – өрт күрестің, сана – жалын. Демеушілік танытып келе жатыр Амангелді, Өмірзақ ағаларым. Атбегісі айтыстың, баптаушысы, Ұлы өнердің шырақшы, жоқтаушысы. Біле-білсем дәл осы соқпағыңды Патшаның да кесетін жоқ қайшысы. Шыңға қарай бет алар енді бағыт, Сенім семсер болғанда сең бұзалық. ...Жыр жалауын сол жылы желбіретіп, Алматыға жеңіспен келдік алып! КҮЛІП ОЯН Танакөзге Қабырғалы халқыңа жырың аян, Қыдыр бабаң дарытсын қырық аян. Алматыны оятып жүрсің әр таң, Өзің де әр күн, Танакөз, күліп оян.

Мұрша бермей мұздауға, тоңазуға, Күліп оян сауық аз, той азында. Көктем етіп көңілің, өміріңді, Күліп оян қаңтардың аязында. Жүрген жоқсың атақ пен тақ қамында, Талантың мен күшіңді сақта жырға. Ақ жүзіңді көлеңке көмкермесін, Күліп оян ақпанның ақ таңында. Иландырып сезімді жыр иманға, Мақтауларға, қолпашқа кіл иланба. Күн менен түн теңелер кез келді деп, Күліп оян наурыз жымиғанда. Көк шалғыны күнгейдің дүркіресе, Ақын көңіл тәңірден жыр тілесе, Қаламың мен асығып ақ қағазға, Күліп оян көкек-күн күркіресе. Күннен күнге құбылып нұр аспанда, Қыз бен жігіт қалықтап қыр асқанда, Мерекелер мерейі тасып-толар, Күліп оян мамырың гүл ашқанда.

Көрерменің көбейіп сырласқанда, Үлгі болып өнерің гүл-жастарға, Жаз қызығын сезініп жер-дүние, Күліп оян маусымда мұң қашқанда. Бұлақтарың қуанып бұлқып аққан, Көңілдерді сергітсін ынтымақты ән. Өмірің де, жаз жайнап өнерің де Күліп оян шілдеде ши тұтатқан. Танымың мен ойыңа қала сай ма? Осыны да бірер сәт оңаша ойла. Жаз өмірің жарасып айналаңмен, Күліп оян тамызда – тамаша айда. Оңғарылсын әрдайым жолың оңға, Жалған даңққа маңдайың соғып алма. Болашағың мектепке асығатын Күліп оян қыркүйек – қоңырауда. Жырыңды жаз, өлеңнен өмірді ізде, Жарқын күннен ертеңгі сенімді үзбе. Күні бойы жұмыстан талып ұйықтап, Күліп оян қазанда – қоңыр күзде.

Хабар берер әр сөзің көп жайттан да, Ақын қызға ақ тілек аз ба айтқанға. Алматыға әнімді арнаймын деп Күліп оян қараша қаз қайтқанда. Сені көріп сабырлы, желөкпең де, Бұл қандай – деп таң қалар – ерек пенде. Жаз көңілің аязға бой бермесін Күліп оян желтоқсан желі өпкенде. Шыққан күндей шырайлы ой әкелер, Ақын жанын ақ нұрға бояса егер. Алатаудай атаңнан ақ бата алып, Алматыны әр таңда оята бер! ӘН Ілиясқа Шашыратқы гүлдей шашырап кетіп шаттығым, Шалыс та бастым, опаны содан тапты кім. Шәлкестеу тағдыр шалмасын тастап мойынға, Шарынның суы сияқты болып ақты мұң.

Құтылғым келіп өтірік, өсек, күнәдан, Қыспақтан босап Қарқара жаққа құлағам. Құлағымдағы шуыл да бір дем ғайып боп, Қайқыдан ассам қарсы алар мені бір адам. Әлдиіне алып әуелеп шығар әні әсем, Әп-сәтте жаным жадырайды-ау бір ересен. Әнтектеу айтты, артықтау айтты деме сен, Әміреге оны, Жәнібекке оны теңесем. Шынайы дауыс, шерлілеу жүрек бұлбұлым, Шырқайды дерсің өткеннің шертіп мұң, жырын. Шашырап кеткен шаттығым қайта оралар, Шырғалаңдардан шығарып мені күмбір үн. Тұрсынбай келіп, Нұрболат келіп үйге осы, Тұп-тұнық әсем басталар сосын жыр кеші. Төсектен тұрып төгілтіп тұрып шырқаған Талапты ұлға да тартылып алғыс-жүлдесі.

Абайдың әні арғы-бергіні аңдатып, Арындап шықса Шашубай әні шаңдатып, Аңқасы кепкен алматылыққа мына бір Аңыратса сосын «Сарбидай» әнін сарнатып. Құрдасым менің, сырласым менің сол адам, Қуаты зорға құдірет болып қонады ән. Құмбыл әуеннің сиқыры мені серпілтіп, Қайсар қалыпта қалаға қайта оралам. ҮКІЛІ ҮМІТ Ұлан дүниеге келгенде Бәйгі атындай бап тілейтін күтімі, Үмітім бар – үлпілдеген үкілі. Осы үмітті жетелейді ертеңге, Туған үйдің түзу ұшқан түтіні. Үкілі үміт үлпілдеген нұр жүзді, Қолымызға қондырғандай жұлдызды. Біз отырған шаңырақтың астына, Уыс-уыс шаттық әкеп кіргізді.

Күлкісінен жүректерге жыр еніп, Мәз қылады. Қылығынан гүл өніп. Жымиғанда жап-жарық қып әлемді, Күлімдейді қабағында Күн еріп. Мұңайта алар енді мені мұнар қай? Жайқалайық біз де биік шынардай. Үкілі үміт жылытады жүректі, Аяулы анам түйіп берген тұмардай.

ЖҰМАБЕККЕ

Таңырқай қарап тамылжып тұрған сан түске. Сезбей жүр едің шарпуын мүлде өзге өрттің. Көксерек құсап таланып қалып тал түсте, Өмірге деген көзқарасыңды өзгерттің. Көгерді көзің, қарайды қаның, өзгердің, Жаныңмен ұқтың жәдігөйлігін жалғанның. Есіңде қалар тағдырдың тезін сезген күн, Қарсыластардың аямайтынын аңғардың. Аңғардың, енді аңғалдығыңды ада қыл, Аяу жоқ мынау ардан баз кешкен заманда. Аңдиды сені ай, күн аманда әзәзіл, Ақыл мен сабыр бағдаршам болсын санаңда. Жігітке, ботам, жүрекке байлар сес керек, Есе тимейді сорлыға және момынға. Біле-білгенге бүгінгі тірлік – жекпе-жек, Шаршы алаңдағы шатыраш тағдыр – қолыңда!

АЙСАМАЛ

Ашты неге құшағын айқара мұң, Баяу тартып барады байсал әнім. Шашауланып шаттығым, шөлдегенде Шәйін құйып береді Айсамалым. Күннен-күнге көбейіп түймелері, Күле қалса құлаққа күй келеді. Тәуелсіздік құрдасы төл қызымыз, Желтоқсанда көктем боп үйге енеді. АЙ – желтоқсан, ал САМАЛ – тәуелсіздік, Ол туғанда осылай әуен сыздық. Желтоқсанның желі ғой сілкіндірген, Жайлағанда қазақты еренсіздік. Шыны керек, бір дауыл аңсағанбыз, Аңсай жүріп еркіндік, шаршағанбыз. Он жетінші желтоқсан, он екіде Келді іңгәлап өмірге Айсамал қыз.

Асқаралы арманға аңсап өрлеп, Сол бір түні шырқалды қайсар ән көп. «Ардагерде» ерекше нәрестеге Жас ақындар ат қойды: Айсамал деп. Самал есіп бұғаудан құтқаратын, Көкке қыран қомдады нық қанатын. Айсамал деп қуандық атын қойып, Бізбен бірге қуанды Мұхтар ақын. Бола қалған жағдайда керек шешім, Ден қоятын елміз біз дерекке шын. ... Сен осылай келгенсің дүниеге, Ал есімің жай емес, ерекше есім!

ТІЛЕК

Заман сабақ оқыса, Мен жырымды жазайын. Ол көңілге тоқыса, Жан сырымды қазайын. Ертең бәлкім ол да өстіп, өлең жазар жымиып. Елмен еңсе теңдес қып, үй тұрғызар, жүк үйіп. Құсы болып жырлауық, Қызыр қолдар қадамын. Талабына нұр жауып, Таудай болсын Заманым.

МАҚСАТҚА

Көбейтсе егер әжімді сенбе айнаға, Анда-санда кілт етер белді ойлама. Ердің жасы елуді кел, тойлайық, Күйеубала мен болып, сен қайнаға. Келер көктем, өтер қыс, өтер күз де, Сыйластықта туыс жоқ жетер бізге. Қайнаға мен күйеу боп кел, тойлайық, Елу деген немене екеумізге! Сый көрсетпей бұл тойда кім тарылсын, Құттықтауға өзіңді жұрт ағылсын. Арпа ішінде бидайсың, жөнің бөлек, Арасында үш қыздың бір тал ұлсың. Жанашырлық жарасып хан басыңа, Тоның шешіп бересің қандасыңа. Нұргүл, Кәмшат болғанда Нарынқолда, Жұмагүлің қасыңда – Алматыда.

Қадір тұтқан қашанда қариясын, Кемел аққан бүгін бір дариясың. Тұздыбастау төрінде тұз көзірдей, Асқақ жүрсің қасыңда Ғалияшың. Ақжол балаң шаттықтың салғызды әнін, Өрісіңді ұзартты жан қыздарың. Ердің жасы елуді тойла бүгін, Бажаларың қасыңда, балдыздарың. Шаңырақтың өзің боп асыл сәні, Өміріңнің жайнасын жасыл шағы. Елу жаста сен бүгін генералсың, Ішкі істердің кешегі капитаны. Шыңға барып тірелер өрдің басы, Сенің орның бүгінде төрдің қасы. Шын жүректен тілеймін бар жақсылық, Құтты болсын Елуің – ердің жасы!

РӘБИҒА АПАҒА

Тойыңыз құтты болсын, Рабиға апа, Маған да шеше орнына табиғы апа! Осындай мерекені тілеймін мен, Жиналған қуанышқа жамағатқа. Немерелер бүгінгі жанашырың, Қамқорысың балаңның баласының. Елін сүйген ер болсын ертеңгі күн Тілашарын жасаған Ерасылың! Немерелер көбейсін, шөберелер, Шуағына шаттықтың бөлене бер. Сіз бұйрық беріңіз: бала тап деп, Аймарадай келіндер көне берер. Бәйгі беріп бала көп туғандарға, Көбейіңіз қол созып нұрлы арманға. Келіндерің қиналса ештеңе емес, Қабырға жеткізе алмай Құрмандарға. Ортаймасын ұрпақтың дәулеті мың, Салтанатты жайнасын сәулетінің. Рабиға апа, осылай ұзақ жаса, Ырысы боп Әріпжан әулетінің!

АЛҚАЛАСЫН ТӘҢІРІҢ! Нұрлан 50-ге толғанда Құтты болсын Елуің – Ер жасына келуің. Ер жасында Өзіңді Ерге нағыз телідім. Мендей болып дәп бүгін Құттықтамақ Сені кім? Ертеңіне еліңнің, Сетінемей сенімің, Елуіңе кеп жеттің Көріп өмір көрігін. Байыптадың достарды – Босаға кім, Төрі кім? Миыңда тұр талықсып, Ғұламамен тең ілім. Айтыста да асқақтап, Шығып еді өр үнің. Елу деген не тәйір, Басылған жоқ солығың. Өлең болды жасыңнан, Айырылмас серігің. Тауып айтқан жөн сөзге Қорғасындай ерідің. Жастық өтті жалтылдап, Басылды ма желігің?

Жақсылықты дәріптеп Жамандықтан жерідің. Жатпай-тұрмай орындап Жаратқанның әмірін, Ұлағаттап келесің, Ұлылардың өмірін. Тектілік пен Арлылық – Саған шақтар тең ұғым. Біреуге көл, ал енді Шөл біреуге көңілің Өрудесің Өмірдің Қырық бұрау өрімін. Белесіңді елудей Ер жасына телідім. Ердің ісін жасауға – Алқаласын Тәңірің. Құтты болсын Ер жасы – Құтты болсын Елуің!

НҰРЛАНҒА

Қалпым осы – жатқаным да, тұрғаным, Өлеңім де, сырларым да, мұңдарым. Оянайын түн ортасы ауғанда – Саған арнап жыр оқиын, Нұрланым. Жалғызсырап жалт-жұлт еткен жалғанда, Сырласарға жан таба алмай қалғанда, Саған арнап жыр оқиын, жан досым, Түн ортасы, не болды деп таң қалма! Тағдырымыз жазылғаны – тар маңдай, Арманымыз қалың орыс ормандай. Түн ортасы... түсінерсің, отырмын. Сырласарға, мұңдасарға жан қалмай. Мені сендей түсінетін жан бар ма, (Сеніп ек қой әппақ, алыс арманға) Саған ғана сырымды айтып отырмын Мына әлемде жалғыз, жалғыз қалғанда...

АЛТЫНБЕК КЕЛІН АЛҒАНДА

Көктөбенің аспанын әнге бөлеп, Келін алып, қуандың елден ерек. «Жұғысты болсынды» айтып келіп тұрмыз, Келінді боп біз әлі көрмеген ек. Көктөбеде жақсы үрдіс бастадыңыз, Ішімізге ішейік жақса қымыз. Жаңаарқаның төрінен келін алдың, Астана деп, Арғын деп саспадыңыз. Құтты болсын ендеше құдаларың, Бұл дәстүрді жалғайық бұдан әрі. Астана мен Алматы мықтылары, Құдалықпен бүгінде сыналады. Әркімде де болады сыналар күн, Қуаныштың сынына шыдар әркім. Сенен мықты, Алтеке, кім бар бүгін – Қайын – қырғыз болғанда, құдаң – Арғын!

Тойда айтылған оң болсын сөнбес тілек, Ұл-қызыңа жүре бер тең қосшы боп. Өрісіңді ұзартсын ұрпақтарың, Жазылмасын жұптары – Елдос-Жібек!

АЙЖАН ҰЗАТЫЛҒАНДА

Жат жұрттық қып жаратқан, Жаратқанның қай заңы-ай? Сыңсу айтып қоштасып, Кеткенің бе, Айжан-ай? Гүлсімхандай шешеңіз Күлім-күлім жүруші ед Ешнәрсені ойламай, Қалады енді артыңда Қамығып бір, жалған-ай! Балғын күнге қош айттың, Бағыңды ашсын барған жер, Бақытты бол, Айжан-ай! Қызығына өмірдің Кім бар екен тойған-ай? Шындығына кей кезде Жүрміз рас бойламай. Нұр жүзіңде жымиған, Сыр шашады ойлы арай, Нұрланыңмен нұр құшқын, Бақытты бол, Айжан-ай!

Осы жырды жазуға Батылданды қол қалай? Қыз кеткенде қойсын ба, Көңілді мұң торламай. Жарқын етсін жолыңды Ақ сәуле боп бар маңай, Жарық етсін түніңді Нұрын шашып толған ай. Келіп едің әкеңнің Жарқын ізін жалғап-ай, Жолыңа енді гүл бітсін, Артыңа енді қарамай, Бар, бара ғой, Айжан-ай! Ай арман-ай, арман-ай, Қарақат көз қарғам-ай. Басыңа бақ орнағай! Би-Бәтима пірлерің Қиындықта қорғағай, Жіңішке әйел-жолыңды Ата-бабаң әруағы Желеп-жебеп жалғағай! Қосағыңмен қоса ағар, Бақытты бол, Айжан-ай!

КЕНЖЕ

Мұң, шаттығын бір бөлісіп әр күннің, Қаншама жыл, алғаным-ау, тең жүрдің. Енді, міне, ертеңгісін жатырмыз Маңлайынан иіскеп қойып кенже ұлдың. Қоғам бізге жасаса да сараңдық, Жүректерге қуаныш боп жамалдық. Екеумізді кезек-кезек құшақтап, Ортамызда кенже ұл жатыр жалаңбұт. Тек жақсылық тілеуменен елге біз жүрген соң ба, босаға емес төрдеміз. Бір әттеңі – әжесінің жоқтығы, Ортамызда томпаңдайды кенжеміз. Шүңкілдесіп сырласамыз тек жатпай, Осыменен тоқтаймыз ба, көзжақсы-ай?.. Кенже ұл барда ана үшеудің, тәйірі-ау, Жақындығы боп қалды ма жекжаттай...

Орындалсын ұрпағыңның арманы, деп жүруші ед шаңырақтың қормалы. Еміренсек кенжемізге екеуміз, Қоңырайып қалмайды ма қалғаны? Жұмыстан да, қонақтан да ерте кеп, Заманбекті құшақтаймыз ентелеп. Шуақ шашып кенже ұлымыз шауып жүр, Бауырға да, ауылға да еркелеп. КІШКЕНТАЙ МЕНІҢ КӨШІРМЕМ Заманға Мерейімді көкке өсірген, Көңілімнен мұң өшірген, Құдайдың берген ботасы – Кішкентай менің көшірмем. Күнім боп озып кешімнен, Құлын боп озып көшімнен, Құлдыраңдап шауып жүр Кішкентай менің көшірмем. Қымталғандайын бос іргем, Пенде едім бұрын хошым кем, Өзгертті мүлде өмірді Кішкентай менің көшірмем.

Еркелігің көп есірген, Жайым бар жомарт кешірген. Қылығы қызық ертегі, Кішкентай менің көшірмем. Жайлаудай болдым көсілген, Аймалап самал есілген. Болмасаң өзің қайтер ем, Кішкентай менің көшірмем?! НҰРЫМНЫҢ ТОЙЫНДА Ілиясқа Жатыр бүгін гүлденіп қырың, далаң, Басы екеу боп көбейіп Нұрым балаң. Қуанған мен қорыққан бірдей ме екен, Мәлім еді титтейден сырың маған. Шырқау көкте шырқалар шынар әнің, Дәп бүгінгі тойыңды құп аламын. Келінді болған, досым, қандай екен, Қолы ұзарып қалды ма Клараның? Созған әнің тірлікте, өрген жырың, Өмірде де ізіңе ерген бе ұлың? Нұрым сенің жолыңды қуды-ау, сірә, Үйленіп ең кезінде елден бұрын.

Зереден соң, құрдасым, күйің келді, Қуанышың қос-қостан түйінделді. Кілең еркек саусылдап жүруші еңдер, Бұрымдылар көбейді үйіңде енді. Көңілің бар Кегендей кенерелі, Азаматқа өзіңдей сенер елі. Ертең тағы бір тойға жиналайық – Болғаныңда «қартайып» немерелі!

ТӘЖІК ҚЫЗЫНА

Бақыт құсы басыңа кеп қона ма, Қазақ жері бақ-тұрағың бола ма? Елеңдейсің емшектегі ұлыңа, Елің қайда, жұртың қайда, Санома? Сұрағыма жауап бердің керіспей (Таңданады маған қарап таныс кей) Жан-жағыңа жаутаңдайсың, Санома, Кеп қалардай әзірейіл полицей. Алаңдайсың – полицей кеп қала ма, Тапқаныңды санап, тартып ала ма? Тәжікстан тәрк етті ме ел-жұртын, Отаныңнан неге бездің, Санома? Елеңдейсің емшектегі балаңа, Алаңдайсың алыстағы анаңа. Жат топырақ саған жұмақ бола ма, Еліңе қайт есің барда, Санома.

МҰРНЫН ТЕСКЕН ҚЫЗҒА

Ар жақсың ба? Бер жақсың ба? Қай жақсың? Кіммен осы тірлігіңді ойластың? Құлақ тестің – Жөн-ау дедік ал, енді Мұрын тестің – Тайраңдаған Тайлақсың! АЛАКӨЛДІҢ АЛҒА ЖҮЗГЕН АРМАНЫ Ахмет Кендірбекұлына Алакөлдің алға жүзген арманы, Қара өлеңнің ту ұстаған сардары. Ұнатқаны, жырлатқаны – ардағы, Кітабының бір қапталы – жан жары. Есте сақтап кедей күнін, бай күнін, Өзгертпеді қуаныш та, қайғы-мұң. Болашаққа үміт жалғап келеді Жырға қосып Алакөлін – айбынын. Қара өлеңнің қамын ойлап мұңайды, Елтең-селтең жазғыштарды сынайды. «Алакөлің қалай?» десем, ол менен Қарқараның хал-жағдайын сұрайды.

Тоғышар қып бұза алмады әкімдік, Маңдайдағы бағың шығар ақындық. Сен де жалғыз, мен де жалғыз, содан ба Арамызды жалғайды бір жақындық. Аман болсын Алакөлің – арманың, Аман болсын ұрпақтарың, жан жарың. Алтын балық ілмесе де қармағың, Алтын өлең баса берсін бармағың! Сеніміңе айналған соң серігің, Кәміл еді осы әлетке келуің. Жақсы жеттің жер ортасы шағыңа, Құтты болсын ердің жасы елуің!

АЙАРЫС ПЕН БЕЙБАРЫСТЫҢ СҮНДЕТ ТОЙЫНА

Ата-анаға артылатын міндет боп – Мұсылмандық азаматқа бір мектеп. Нұрбосын мен Алма бүгін тойлауда Айарыс пен Бейбарысты сүндеттеп. Ақ тілекті ақтарған жөн тұрса ойда, Бата жүрмес деп жатамыз құр шәйға. Нұрмұқандай нағашыға ілесіп, Қазақстан келді бүгін бұл тойға. Мұсылмандық мәртебе боп көңілге, Сүндеттелу жолдама бұл – өмірге. Нұрбосын мен Алма бүгін шырқатып, Той жасауда Үрімжінің төрінде. Бұ қазақта той – бәсеке, той – жарыс, Той дегенде оянбайды қай намыс? Ата-анасын ұшпаққа ертең шығарсын, Азамат боп Айарыс пен Бейбарыс.

Ұл өскенше, қыз кеткенше – бағасың, Ұрпағыңның кірлетпейсің жағасын. Айарыс пен Бейбарыстың тойы деп, Ат сабылтып келіп отыр нағашың. Мәртебелі ең үлкен той – сүндет той, Жігіттіктің басталуы – бір деп қой. Айарыс пен Бейбарысқа ақылым – Насыбайың ашыса сәл үрлеп қой! Сүндеттелу міндеттелу білгенге, Сүндеттен соң жігіт болу бір демде! Бұл жалғанда не жетеді шіркін-ай, Қазақ болып азат өмір сүргенге! Тәңіртауда дара тұрған ерек шың, Мәртебесі Хан Тәңірмен теңессін! Айарыс пен Бейбарысқа батамыз – Қазағының намысты ұлы боп өссін! АЛПЫСҚА АРНАУ Қуат жездеме

Жібек мінез, шапай мұрт Қуат жездем, Балдыздарға бал сусын суат жездем. Қайынжұрттың қарымын ұзарта бер, Үйір болмай көп сөзге құлақты езген. Қу тілденіп кетеді қуларға ерсе, Атымтай боп кетеді думан берсе. Қолы қышып тұрады кірпіш көрсе, Тілі қышып тұрады Құрман көрсе. Әзіл-күлкі жарасса жалғайды ойды, Таңдағанды кей кезде талғам жойды. Адалдығымды Албанға танытам деп, Әлмеректен басқаны алмай қойды. Құтты болсын бүгінгі алпысыңыз, Алпысыңыз – ел айтқан талтүсіңіз. Бітірдім деп көп нәрсе отырсыз ғой, Бітпеді әлі біздіңше жарты ісіңіз.

Талай қызық түседі еске біздің, Көңілдерде сақталсын көшкен ізгі үн. Алшаң басып алпыста жүргеніңіз – Арқасы ғой үйдегі әпкеміздің!

ӨМІРЗАҚ ДЕГЕН АҚЫН БАР ЕДІ

Өмірзақ деген ақын бар еді, Айтуға соны хақым бар еді. Қасында жүрген сырластарының Барлығы дерлік батылдар еді, Барлығы дерлік ақындар еді. Жарық жұлдызы болатын жырдың, Кетті де қалды сол ақын бір күн. Жүздерден озған жүйрік еді, Саналмайтын ол санаты мыңның, Кетті де қалды сол ақын бір күн. Жырымен елді жақсылыққа үндеп, Жоғалар әлі жоқшылық бір деп. Қу тірлік мына құлазытқанда Кететін еді бақсылық та іздеп, Жыры жүр енді жақсылыққа үндеп. Елінің сеніп нұрлы ертеңіне, Қуаныш етті мұңды өртеді де. Есіміне оның кереғар болып, Өмірі қилы тұнды «ертегіге», Сенді бірақ ол нұрлы ертеңіне.

Өмірзақ деген бір ақын өтті, Жырымен жұртты жылатып өтті. Жырымен жұртты жұбатып өтті, Қарсы келгенді жұдырықпен де, Өлеңімен де құлатып өтті. Өмірзақ деген бір ақын өтті. Таниды інісі, таниды ағасы, Бүгінде оны таниды Алашы. Ақын есімін ту қып көтеріп, Желбіретіп жүр Қали қожасы, Бүгінде оны таниды Алашы! Өмірзақ деген ақын бар еді!...

ҚОСШЫҒА ҚОШТАСАРДА БЕРІЛГЕН ҚОЛТАҢБА

Арасын үй мен жұмыс күнде жол қып, Кемді күн кең тірлікте бірге болдық. Бастығың басқа жаққа кетеді ертең, Жасалмай жатыр бүгін кімге зорлық?! Қасымда сан сапарда болып серік, Зырладық тағдыр дейтін көлікке еріп. Жұлдыздай қасқа жолда ақтық қанша Жылдамдық жел көңілге желік беріп. Сені де таңдандырар тантық қылық, Келсе де жібімейсің жантық күліп. ...Жүргенің ілкі сәтте бір жымиып, Сырымды жеңешеңнен артық біліп. Тозады таудай талап, тозады арман, Күтпесін деп тілейік тозақ алдан. Кімнің кім екендігін тамыршыдай, Басшы емес қосшы білген о заманнан.

ДОДАБАЙДЫҢ НҮСІБІ

Ықтырмаған тірі жанның қысымы, Алыптарды елестетер пішіні. Қара бұжыр, қара жартас төзімі Додабайдың Нүсібі. Қатуланса қара боран қысымы, Мейірленсе Мәкенінің «мысығы». Дақ түсірмей келе жатыр арына Додабайдың Нүсібі. Жұртта қалып күндегендер күшігі, Елуге кеп ет-жүрегі ысыды. Айнұрың мен Мәкеніңнің қасында Бақытты бол, Додабайдың Нүсібі.

ІІІ БӨЛІМ

СЫРЛЫ СЕЗІМ ПЕРНЕСІ

ТҰЛА БОЙЫҢ ТҰНҒАН ШЫРАЙ

И лицо с внимательными глазами, с трудом, с усилием, как открывается заржавевшая дверь – улыбнулось... Л. Толстой «Война и мир» Сағыныш әбден сезілді дер күн Кездесейік деп сөзіңді бердің. Дәл осы сәтке шаттығын арнап Күлімдеп тұрған көзіңді көрдім. Ғашық қып саған өзімді, күнім, Арнап ем небір сөзімнің нұрын. Күлімсіреді көзіңмен бірге Жарасар ғажап көзілдірігің. Өкпесін алып өткен күн менен, Мұңнан да біраз шектелдім дер ем. Тұла-бойыңмен нұр боп қиылып, Ернің де күлді көптен күлмеген. Қимасам-дағы қызығын мұңлы, Уақыт жастық жүзімін жұлды... Жымиғаныңда өзіңмен бірге Саусағыңда әсем жүзігің күлді.

Тыңдасақ бірге сырлы әнді, күйді, Нұрлы сезімге иландық игі. Қуанғаныңда қосылып саған Құлағыңда әйбат сырғаң жымиды. Минуттар зырлап, сағаттар жүрді, Күлді әлем, көше, ағаштар күлді. Байқайтын жандар бар ма екен, сірә, Тек екеумізге жарасқан мұңды?!

ҚАРСЫ АЛ, ЖАНЫМ...

Себезгілеп сыр тартып көктен нұрлы. Гүл күлгенде күн күлді, көктем күлді. Біз екеуміз, қарашы, кездесетін Қандай ұқсас көктемге өткен жылғы! Ұқсас қандай қылығы, Пәк самалы... Ақ махаббат бақытқа мастанады. Аққу-мінез армансыз жұпты меңзеп, Аспанның да ашылған қас-қабағы. Үміт оты сөнбейді, маздай қалып... Қиялымда қыс барып, жаздай барып... Қарсы ал, жаным, кетті ұшып өзің жаққа Сағынышым сары ала қазға айналып.

АКСИОМА

Күйіп-жанып жалынға мың, Менің сені сағынғаным, Аңсап, шаршап үздіккенім – Махаббатқа табынғаным. Аласұрып мида қаным, Сені өзгеге қимағаным, Сыздап жүрек қызғанғаным – Махаббатты сыйлағаным. Түсе жүре әлекке мың, Сені ғана өбектеуім, Сені ғана шын сүйгенім – Махаббатқа тәу еткенім. Кім айта алар асылға мін, Сезімімді жасырмадым. Менің сені шын сүйгенім – Махаббатқа бас ұрғаным!

КЕРТОЛҒАУ

Табыспайық, жарайды, біз лайым, Құзы дайын өмір ғой, сызы дайын... Күпір болса күнәсіз күмбір сезім, Өміріңнен мен сенің сызылайын. Бірімізді біріміз мазаламай, Бірімізді біріміз жазаламай... Ғұмыр кешсек тып-тыныш «қандай жақсы», Кәусар сезім кірпігін тазаламай... Селт етпесін сезімдер, сергімесін, Жанарда жас жасырын мөлдіресін. Мәңгі тұрмас махаббат маусымында Біздер емес, басқалар елжіресін. Тақпас бұдан ешкімге қоғам айып, Бірімізден біріміз жоғалайық. Көп көзіне күйік боп жүргендейміз Айта бердің, доғарсақ – доғарайық!

ҚАРАША

Қайтам деп ең ауылға бара сала, Үнсіз кеттің бір өкпең тараса да. Желтоқсанды күтемін жетімсіреп, Қарашаға жарар деп арашаға. Қарашаны қатал деп кім ойлаған, Жүдеп жүрмін жандай-ақ мұңаймаған. Баққа кірсем бұйығы күй кешемін, Сап-сарыала сағыныш, күз айналаң. Сар жапырақ сананы сансыратып, Жоғалғандай жарты әлем, жарты бақыт. Қайыңдар да, құдай-ау, қамығады, Жанарынан жәудір жас тамшылатып. Жылғасынан көңілдің жиі ақты мұң, Өзің жоқта мен де жоқ сияқтымын. Екеумізді аяусыз екі бөлген Қарашаның қарашы қиястығын.

... Ертең, жаным, табысып жаңаша біз, Жүрек бірге, жұбымыз жарасамыз. Бәрі де артта қалады, мәңгі емес қой – Желтоқсан – қыс, наурыз, қараша – күз...

ШАРШАДЫҢ БА?

«Бүгін бәрі бітті» – дедің... Жүгенсіздік жанды жүн қып түтеді, Жүрек жүдеп өзіңнен сыр күтеді. Сонша тәтті екеуара бал-сезім Қанша ғажап болса-дағы бітеді... Шер кеудеге шемен болған ақ құсым, Сол сезімді бітіруге жақпысың?! Тылсым түнде тұнығыңа нұр сепкен Құр қиялға айнала ма пәк түсің?.. Періштеден пәс төмен боп пендеше Құшағыма құламап па ең сен кеше. Жалықты ма жаһан-дария сезімің, Сәл үзіліс жасайық бір ендеше. Тұма мұңнан, құлазудан – шаршадың, Жүрегіңді жұлқылады қанша арың... Соның бәрін сезе тұра тілеймін Жанарыңда жаз күлсінші, жауһарым.

БІЗ ЕКЕУМІЗ...

Сар көйлегің сағынышты еселеп, Өлең жаздым өзіңе арнап неше бет. Бүгін қайта жүрегімді жүдеттің, Қуантып ең, нұрлантып ең кеше кеп. Бірде сен боп, бірде мен боп кінәлі, Талай-талай кетісерміз біз әлі. Естілгендей болады да тұрады, Сарыуайым сырлы үніңнен күз әні. Бірде сен боп, бірде мен боп кінәлі, Талай-талай табысармыз біз әлі. Бал сезімге балқып кетсек, кенеттен «Барғызбасың» барша үмітті бұзады. Күміс күлкің көңілден мұң өшірді, Шын сырларың шығарады есімді. Біз екеуміз бақытсызбыз, қайтейін, Қосылмаған Қозы-Баян секілді...

ҚҰЛАЗЫДЫМ

Аларымды ала алмай алты күннен, Жетіншіден жеримін, артығым – кем... Мәңгіп жүрмін, маңдайдан сипасаңшы Сабырымды сарқымай салқын үнмен. Көңілің – нала болғанмен, емің – дара, (Мен ғарышқа кетермін лебіңді ала...) Күллі дүние бос қуыс осы күнде, Сезіміңе сенемін сенің ғана. Құлазыдым. Қалмады маңайда сән, Жадыраңқы туады жаңа ай қашан? Қандай күйге түсесің? білер ме еді Бейуақта бірауық мені ойласаң... Қысқа ұласып аяғы есер күздің, Кемімеді, көбейді кесел біздің. Уыз күндер жұтылды уақытқа Құпиямыз секілді екеуміздің.

ҚОС МҰЗТАУ

Жорға мініп жаяу мұңым, Тербеледі баяу гүлім. Құлағымда қалар мәңгі «Ағай...» деген аяулы үнің. Ессіз үміт еміндіріп, Есті алады керім қылық. Емеурінмен ым білдірсең Ентігемін демім құрып. Қырсық ойлар қиыр қалып, Жүрекке нұр құйылды анық. Арамызда ағылып жүр От сезімдер күйіп-жанып. Төгіледі қасидалар, Саған сырлар тасиды олар. Мәңгі өзіңді қалар едім... ... Саусағыңда сақина бар. Көнбейді өмір кері ағысқа, Мұң шағамын қаламұшқа. Қанша жақын болсақ-тағы Сен – алыста... Мен – алыста... Құмар қанып басылмай біз, Шаттық болып шашылмаймыз. Мұхиттағы мұзтаулардай... Алыс тұрып жақындаймыз.

СЕНІҢ ТУҒАН КҮНІҢЕ

Қатал күннен қайтпасын десің дәйім, Нұрландырсын әрдайым кешіңді айың. Төрт жылда бір айналып соғатұғын Сенің туған күніңе не сыйлайын? Гүл сыйласам солады үгітіліп, Зат сыйласам қалады ұмытылып. Тарту етсем бір көйлек таңғажайып, Ол да ертең тозады қыры сынып. Бір білезік сыйлар ем ұста емеспін, Бір мәшине сыйлар ем күшті емеспін. Бір үй алып берер ем – бай емеспін, Жолдама да жоқ менде – мықты емеспін. Лебімен күнді де, гүлді де өпкен, Сезімім бар қарасаң бір дір еткен. Сол сезіммен тұп-тұнық тұма күйде, Жырларымды сыйлайын шын жүректен.

КҮНДЕР ҚАЙТЫП ОРАЛМАЙДЫ

Маған өлең арналды деп қуандың, Құшағында қалқығандай бір әннің. Қайғым кетіп қанатында бір құстың Бір құс келіп желпігендей жұбандым. Жақсы көрсін, мейлі біреу жек көрсін, Қызғанса егер құлқынына шоқ толсын. Өзімсініп өзіңе арнап жазған жыр Сенің әппақ сеніміңе сеп болсын. Көз ұшында көлбеңдесе сағым ән, Қайта оралмас күндерімді сағынам. Аттанамыз екеуміз де күні ертең Алматының ақ нұр қонған бағынан. Келеміз бе, келмейміз бе – күмәнді, Енді қайтып шырқамаймыз бұл әнді. Осы сәтті ұмыта алмас сезімің Жанарыңда жаспен бірге шыланды.

СЕН КЕТЕДІ ДЕГЕНДЕ

Арқау етіп өлеңге, Сезіміңмен үйлестім. Сен кетеді дегенде Сең соққандай күй кештім. Көңіл нілдей бұзылды, Күрсіндім де мұңайдым. Күміс нұрдай жүзіңді Көрмей қалай шыдаймын. Көзден кетсе көңілден Кетер деген рас па екен? Болар ма екен төгілген Жанарыңнан жас бөтен?.. Өксік жұтқан үніміз, Жүрекке тұр құйылып. Бірімізді біріміз Қимай тұрмыз қиылып...

СЕНІ ІЗДЕЙМІН

Қарқараның суынан Қанып ішпей шөлдедім. Жат жандай боп суыған Уәдеңді бермедің. Мән қоймадың тілекке Көкірекпен ұғынып. Қаяу салдың жүрекке, Қырық мәрте құбылып. Қарқараның суындай Тасып... бірде басылып, Жүрсең-дағы суынбай Сені іздеймін асығып. Кәусарыңнан, қарғам-ай, Қанып ішпей шөлдедім. Зарықсам да, жалған-ай, Уәдеңді бермедің.

МЕН ЖОҚ ЖЕРДЕ

Мен жоқ жерде беймарал күй кешесің, Жұпсызбен де, жұппен де үйлесесің. Шаршы топта шығасың ортаға да, Жүрген жандай жіберіп биге есесін. Мен жоқ жерде айналаң арайланып, Нұр жүзіңнен тылсым сыр тарайды анық. Сылқылдаған күлкіңді тежемейсің, Қымсынбайсың жалт етіп қарай қалып... Мен жоқ жерде еркіңше күліп-ойнап, Көп жағдайдың ашылар сыры жайлап... Бас қатыру бір сәтке болады ұмыт, Махаббаттың мазасыз мұңын ойлап. Мен жоқ жерде сені ешкім сынамайды, Ойламайсың опынтар күнә жайлы. «Онсыз да өмір ғажайып екен ғой» деп, Сиқыр сезім санаңа сыналайды.

Мен жоқ жерде, дүрия-ай, дүрсінесің, Жүрегіңе жолатпай жыр сүресін. Мен жоқ жерде... қаншама жасырсаң да Мен жоқ жерде ауыр бір күрсінесің!

НЕ ЖАҢАЛЫҚ?

Қара бұлт жаңбыр төккенде, Қабырғамды сырқат сөккенде, Сан шапалақтап көп пенде, Өзге бір өріске кеткенде, ... Оралдым ойлы қалыпта – Жаңалық деген жоқ менде.

Көкейді күдік тескенде, Жолымды біреу кескенде. Көлгірсіп жүрген көп пенде Сеніміме уын сепкенде, Оралдым-дағы таңқалдым – Жаңалық деген көп менде.

Қайсыбіріне шыдайсың, Қайсыбіріне құлайсың. Тұнықсығанға – лайсың, Шерменділерге – шырайсың. Жаңалықтың бәрі – жүректе, Қарғам-ау, несін сұрайсың!

  • *

Мендегі сезім билігі өр, Жалғаннан қанша суыдым. Сүйдірер, кейде күйдірер Күлте жал құлын қылығың.

Көктемде гүлдей құлпырып, Жүректі қанша өртедің. Ұмсынып, кейде ұмтылып, Іздедім талай дерт емін.

Таптым ба, жауап кім айтар, Жымиысыңмен жылыдым. Қуантар кейде мұңайтар, Күлте жал құлын қылығың.

  • *

Күрмеуге келмей қылығың ерке, Күдерді сенен үздім өкініп. Жоғалтып алған жылуын ерте, Су да суыды сүмбіле туып.

Сүмбіле туып, суыдық біз де, Пендедей болып пәктік жаңылды. Жүреміз де енді жылынып күзге, Таба алмай жаздан жастық жалынды.

  • *

Қас пен көздей жақын еді арамыз, Бұл өмірдің қиястығын қараңыз: Сен Батыста, мен Шығыста жүргендей, Бірте-бірте алыс кетіп барамыз.

Кеудемізге айырбастап қуысты, Жарқын күндер жайлап артқа жылысты. Кеше ғана мәңгі бірге сияқты ек, Мен білмеймін, неге арамыз суысты? Менің сорым, жолдасыңның бағына жаралғансың, осында бар мағына. Жеделхатпен жіберем бе жырымды, Туған күнің келді биыл тағы да?..

МЕН КЕТЕМІН, СЕН ҚАЛАСЫҢ КЕГЕНДЕ...

Неге құштар болдым екен өлеңге, Беймағұлым бір діріл бар денемде. Маңдайыма жазғаныма көнем де, Мен кетемін. Сен қаласың Кегенде. Таң қалады ел ақыл-есі сау ұлға, Кетіп барам қарайламай бауырға. Қош айтысып қабыл көрген қауымға, Мен кетемін, сен қаласың ауылда. Шаттығымды ортайтты ма ұрлап күз, Өле-өлгенше бір мұратты қумақпыз. Өзің жайлы азды-көпті жырлаппыз, Мен кетемін, сен қаласың, жұмбақ қыз. Тосса-дағы тағдыр алдан қармағын, Амал қалмай осы жолды таңдадым. Үмітімді үміттерге жалғадым, Мен кетемін, сен қаласың, арманым!

Өрісімді өрнектеп жүр баяу мұң, Шүкір, қазір ұйқыда емес, ояумын, Сен қаласың. Мен кетемін таяу күн, Есендікпен көрісейік, аяулым...

ЭЛЕГИЯ

Заман билік жасайтынын күштіге Меңзеу етіп барады өтіп қыс, міне. Түн ортасы тірілемін тұрғанда ... Жұлдыз тамып Алматының үстіне. Жүректегі сызын басып жараның Осы шақта сені ойлаймын, қарағым. ... «Қазақстан» қонақ үйі жанып тұр, Төмен жақта тәжіндей боп қаланың. Жоғарыда бара жатыр ай маңып, Жұлдыздар тұр биігінде ойланып. Көктөбеде бір жан отыр сәл мұңлы Алматының ақ көркіне таң қалып.

ӘППАҚ ӘЛЕМ

Сен сүйген әуен жанды баурайды, Сағыныш – сезім тамызып. Далада әппақ қар қылаулайды, Қайыңдар үнсіз қамығып. Көмеймен ішкі қосылып әнге, Сейілткендеймін мұңымды. Бетіне қардың көшіріп әлде Жазып шықсам ба сырымды... Сорабындай боп соқпақ өлеңнің, Көңілге із салды кестелі ой. Құшағына еніп әппақ әлемнің Айналып құсқа кетсе ғой...

ҚЫЗ НАЗЫ

Келіп те қалған күттірмей күзді аңдамай шын, Күлумен жүрміз (мұндайды қыздар қалайтын) Мұңлы бір әуен менімен сырлас боп алды. ... звондамайсың. Ел жаққа құстар қайтса да есіңе алмайсың, Іздемейсің түк, менімен өші бардайсың. Елесің келіп кей түндер есік қағады ...Несіне алдайсың? Қалдым ба, қалың тобырда Мен де еленбей шын? Хас сұлуларға, түсінем, тең де көрмейсің, Елеңдеп жүрем есіктің қоңырауына ... Сен келердейсің. Келіп те қалған күттірмей күзді аңдасаңшы, Бақытты өмірді басқадан қызғанбасаңшы. Көз ілмей жүрем алаңдап ақ телефонға, ...звондасаңшы!...

ӨЗІҢ ЖОҚСЫҢ

Сұмдық қой, сені ұмыттым деп сенгенім, Бәрі өткінші, – дегенді ескергенім. Алматыға алқынып тағы оралды, Бәз-баяғы балауса кештер керім. Ақ тұманға оранған сырым еді... Сағыныштың сызы енді білінеді. Бүркіп жауған жауыннан (өзің жоқсың), Бүлкүл сезім бүк түсіп, түңіледі. Сол Алматы. Сорлатар бағы кемді, Қашық емес жадырар жазы да енді. Біз екеуміз «билеген» бір бұрышты, Сені сүйген мұңлы көз тағы көрді. Сол Алматы. Айтатын сөзім көп-сын, Көзден аунап сиқырлы сезім көшкін. Өзімсініп, Өмірім болған қала – Сол Алматы. Сәл салқын. Өзің жоқсың...

МЕН БІРЕУДІ КҮТЕМІН

Мен біреуді күтемін, ... бүгіп ішке сырымды. Көктен жерге түсемін Мамық етіп түнімді. Мен күтемін сол жанды, Арманымдай ізгі анық. Жаһан білмес олжамды Жан біткеннен қызғанып. «Мен, мен едім...» – деп оған, Ақтарылам аспандай. Жалғыз пірім – сол адам, Ай дидарлы ақ маңдай. Жатқа бұрмай жар сөзін, Сол адамды күтемін. Сарқылса егер сал сезім, Мен де сол сәт... бітемін.

ҮТІР

Сан сыбыстың арамызда қыры тұр, Суырылмай семсер-сезім қыны тұр... Қиналмай-ақ қойды кеше біреулер Екеуміздің арамызға бір үтір. Сен қолдадың сөз айта алсам ұтымды, (Сезім – жетім, көрмесе егер күтімді) Көңілден де өмірден де ендеше Сен боп, мен боп жоғалтайық үтірді. Жалғыз жүріп адасқанда орманда, Тыныс кейде таусылғандай болғанда, Бір таяныш табылардай сол маңда Үтір, рас, айналады қорғанға. Көп ісіме қойып үтір, кідірдім, Білдірмей-ақ бүлдірді ғой бүдір мұң. Қабыршығы қан боп қатқан жараны Жүрегімнің жүлгесінен сыдырдым.

Сендіргенде талай мықты күліп кеп, Көп ісіме үтір қойдым – үміт деп. Сүйгендерім сындырды ғой сағымды Сылтауына себеп болған сынық көп.

Ұлыларға және соңғы сорлыға Махаббаттан қалады екен мол мұра. Үміт үзбей саған сәлем жолдаймын, Сезімімді қойып үтір орнына.

  • *

Шұғыласы күннің әлде айдың нұрысың. Көркің көздің қандырады құрышын. Ақ төсіңе есім ауып қараймын Шырқау көктен көргендей боп шың ұшын.

Шөгіндідей шым жоғалып лай мұңы, Тербеледі сезімнің пәк айдыны. Оқыс ойдан оянса егер толқыны, Аялаумен тыншытады ай нұры.

САҒЫНУ

«Я по вас... соскучилась...» Г. Жаным, сені сағыну – Санаға мұң тамызу. Оңашада ой кешіп, Әлденеге қамығу. Жаным, сені сағыну – Күйкі өмірден жалығу. Пәк қиялмен көкке өрлеу, Сосын шаршау, талығу. Жаным, сені сағыну – Мұңнан алқа тағыну. Махаббаттың мазасыз Қосып ішу балына у. Жаным, сені сағыну – Ғашықтыққа табыну. Кездесетін сәтті аңсап, Тағдырға іштей жалыну. Жаным, сені сағыну – Тылсым күшке таңылу. Махаббаттай құдіретке, Басыңды иіп бағыну.

БІР ЖЫЛ НЕМЕСЕ ОН ЕКІ АЙ

Себезгілеп сыр білдірер сынақ-жыр, Мен білмеймін... қай қылығың ұнап жүр? Біз екеуміз танысқалы – он екі ай, Біз екеуміз танысқалы – бір-ақ жыл. Былтыр көктем биылғыдай болатын, Өтіп кетті бірақ жылдам о да тым. Сеніменен сәлемдескен сәттерде Бұла жүрек бір бұлқынып қалатын. Сарабынан өткізердей бес бидің, Саған деген сөз тұсауын кеш қидым. Өзің жақтан жылы лебіз күткенде, Он екі айдың ұзағын-ай деп түйдім. Біле тұра тілгілерін өткір мұң, Жүрегіме ғашық дәнін ектірдім. Тамағыңнан иіскегенде талықсып, Бір жыл мерзім қандай жылдам деп тұрдым.

Бақыттылар есептемес күнді, айды. Көз жасымыз самал желмен құрғайды. Екеуміздің арамыздағы ақ сезім Ай, жылың не, ғасырға да сыймайды!

КЕШІР, ҚЫЗ...

«Сүттен ақ, судан таза адалым-ай...» Мұқағали Жоқ-барымды тұрушы еді түгендеп, Қазынамды жүруші еді үнемдеп. Асаулығым шектен шыға бастаса — Жуасытып алушы еді жүгендеп. Жүруші едік екеуміз де мәз қабақ, Қу тірлікке рас екен жаз қонақ. Маңдайымнан сипаушы еді аялап, Гүлдей нәзік саусағымен қаз қанат. Мен қуансам қуанатын шаттана, Мен мұңайсам мұңаятын жасқана. Гүлдей күліп қарайтынбыз екеуміз, Сәбиге де, кәріге де, жасқа да. Бақытты сәт болады екен қас-қағым, Бірте-бірте солады екен жас шағың. ...Қасымда жоқ қарапайым қамқоршым, Қасымда жоқ ақ маралдай асқағым.

Айналамда сар жапырақ, жетім күз, Қурай басқан, ырғай басқан секілді із. Мәңгі жақсы болатындай барлығы, Мен бағаңды түсінбеппін, кешір, қыз...

  • *

Кезің қайда сезімге таңданатын, Сезім қайда көзіңе арбалатын. Сол сәттерді шарқ ұрып іздеумен жүр Алматыда адасып қалған ақын.

Енді қайдан жырыма от алармын? (Сырларыңа шөлдермін, қаталармын). Алматыдан жүргендей құтыла алмай, Алды артыңа қарамай кете бардың.

Тұтата алмай сол өртті кешегі өшкен, Сен де мәз боп жүрсің бе бос елеспен? Жарқ еткізіп қоясың анда-санда, Жұқанасын бір сырдың смс-пен.

Әрі-бері сабылтып салқын нөпір, Біздің бақыт есіктің артында тұр. Сағым болып кетпегей деп тілеймін, Арамызды жалғаған алтын көпір.

  • *

Я помню чудное мгновенье, Передо мной явилась ты... А.С.Пушкин

Ақ жүзіңе жарасып, көзәйнегің қап-қара, Күмәнді оймен таласып, келе жаттың жасқана.

Жүрек соқты атқақтап, қарсы жүрдім қапылып. Құлауға да шақ-шақ қап, жанға медет шақырып.

Сол баяғы паң қалпың, өзгермеген түрің көп. Атқандай боп таң жарқын, шыққандай күн күлімдеп.

Қайта оралып сал кезім, шалқып-толқып тұрған ем... Күлімдедің кербезім, күлімдеді күллі әлем.

Уақыт тоқтап қалада, көкте жасын жалт етті. Өткен күндер... санада бір-ақ сәтте жарқ етті. Теңселемін жан ғаріп, өз көзіме иланбай. Қарсы жүрдің таңданып, жаңа ұйқыдан тұрғандай. Бағзы ғашық пішінде, табыса алар ма екенбіз... Алып қала ішінде тек екеуміз, екеуміз... ...Ақ жүзіңе жарасып, көзәйнегің қап-қара, Күмәнді оймен таласып, қарсы жүрдім жасқана...

СЫРЫҢНЫҢ ТЕРЕҢІНДЕ...

Сырыңның тереңінде ұйып, талдым, Алдыңда сөз айта алмай тұйықталдым. Беті аулақ десем-дағы беттен басып, Қарғам-ай, сірә өзіңді сүйіп қалдым. Жалыққан жауынгердей ұрыс көрмей, Жүр едім тымырсық күн тыныс бермей. Жүрегім сені көріп аунап түсті, Құладым аттан ауып, у ішкендей. Сымбатың сиқырлы орман маралындай, Жүректі тіліп түскен жанарыңды-ай. Шаһарын Талдықорған таң қалдырып, Қасымда қалқып жүрдің, уа, дариға-ай! Көргенде қыр астынан бесінді анық, Кенеттен болып кетті кешім жарық. Қарғам-ай, қарсы алдымда қиыласың, Еркелеп, елес құсап есімді алып.

Өзгеше рауандап таң реңі, Апырай, көрсетпекші тағы нені?.. Көктемде Сені маған көздестірген, Жалған-ай, дүние неткен жарық еді!

IV БӨЛІМ

ОЛАҚ ОЙДЫҢ «БЕЙНЕСІ» (Пародиялар) Пародиялар СҮЙЕ БЕРДІМ... ...Сүйе бердім тамағыңнан, Аймаладым анарыңнан... ...Күліп сүйдім,жылап сүйдім, Етпетімнен құлап сүйдім. Жүрегіме қаны қатқан Жанжарамды сылап сүйдім. Отқа оранып жалын денем, Жайып салып барымды өлең. Ерініме тиген жердің Сүйе бердім бәрін де мен. Әбділда Аймақ, «Сәуірдің самалы», «Жұлдыз», №1,2011ж. Бас-көз демей иелендім, Сүйе бердім,сүйе бердім. Күйе тиген жерің болса Соны сүйіп күйелендім. Қолаң шашты тарап сүйдім, Құшағыма орап сүйдім. Сылап сүйдім, құлап сүйдім, Иіскеп сүйдім, жалап сүйдім.

Аямадым сезімді де, Сезімге ерер ерінді де... Сүйдім тіпті көзді жұмып, Күн тимейтін жеріңді де. Етпетімнен жатып сүйдім, Сар балшыққа батып сүйдім. Тіл ұшына тиген дәмнің Барлығын да татып сүйдім. «Отқа оранып жалын денем», Жұртқа жайды барымды өлең. Қолым, ернім тиген жердің Жырға қостым бәрін де мен. Қалам алып қиялдадым, Өзімді өзім жиі алдадым. Сені сөйтіп, сүйгендейін Өлең-жырды сүйе алмадым. Ақ қағаздай бозарды өңім, Өзіме өзім: «тазар!» – дедім. Поэзияны сөйтіп сүйсем Өстіп өлең жазар ма едім?!

КЕТІП БАРАДЫ...

Қас пен көздің, бауырым, арасында, Асқақ кеуде соңына қарасын ба? Басым кетіп барады білегінде, Санам кетіп барады санасында. ...Көзім кетіп барады бұрымында, Өзім кетіп барамын жүрегінде. Аманхан Әлімұлы, «Ай нұры алақанымда», Алматы-2003 ж., 120-бет. «Қас пен көздің, бауырым, арасында», Жазып шықтым бір өлең нанасың ба? Басым кетті бір қызбен басыбүтін, «Санам кетіп барады санасында». Икемделіп тұр екен белі кімге? Асқақ кеуде асу боп көрінуде. Көңілім кетіп барады көңілінде, «Ернім кетіп барады ерінінде». Сезім кетіп барады от төсінде, Көзім кетіп барады бөксесінде... Әр қадамы қадалып жүрегіме, Өзім кетіп барамын өкшесінде.

Қонатұғын басқа кеп сөз де бақ па? Салынбайды, әттең-ай, көзге ноқта. Көзім, өзім сол қызға ерген кезде, Өлең кетіп қалыпты өзге жаққа.

БЕЛГІСІЗДІК БАҒЫТЫ

Қазақы қандай жақсы көрінгенің, Сеземін сағыныштың керім демін. Түсетін жерің сенің белгілі қыз, Белгісіз түсетұғын жерім менің. Аманхан Әлімұлы, «Пойызда», «Жас қазақ», №6, 19.02.2010 ж. Бір күні Қожатоғай төріндемін, Бір күні Қызылқұмның шөліндемін. «Түсетін жерің сенің белгілі қыз, Белгісіз түсетұғын жерім менің». Жол салған бабаларым жаһандарға, Шығамын мен де жиі сапарларға. Кей кезде Мәскеу бара жатқанымда, Түсіп қала саламын Отардан да. Сапар шеккім келеді ғарыштарға, Ең болмаса Ресей, Дағыстанға. Түркістанға сапарлап бара жатып, Түсіп қала саламын Арыстан да.

Қалам алам қолыма дағдарғанда, Сын жазамын күштіден қорғанғанда. Үйге бара жатам да түней салам, Офистерге әйтпесе подвалдарға. Жиһанкез деп мені де айтар ма елім, Бір күн төбе, бір күні ойпаңда едім. Біле алмай сансырадым стансамды, «Біледі пойыз барып қайтар жерін».

ЕПТЕГЕН МІН

...Ептеген мін, шіркін-ай, ептеген мін! Сен болмасаң Шындық сол – шектелермін! Хор қызы да сүттей ақ күй кешпепті, Періште емен! Бірақ та... деп келермін! Көктем күнім! Сен мені, сөкпе дермін! Әміре Әрін, «Тамызық», Алматы-2004 ж., 128-бет. Бойымда ақындығым ептеген мін, Сөздерді жіктегенмін, септегенмін. Пысықтық, еңбекқорлық арқасында Көрпеше қара өлеңді көктегенмін. Бойымнан табылады ептеген мін, Қой бағып, ешкіге де шек дегенмін. Кенеп ап тамағымды керек десе, Оңаша талай қызды ептегенмін. Жарасар шіркін, маған ептеген мін, Өкініш – поэзияда өспегенмін. Мейлі ғой, кітаптарым шығып жатыр, «Тамызық» – жылтыраймын, өшпегенмін.

Көтерер өстіп мені ептеген мін, Мінімді сезгендерді жек көрермін. Журналист, әнші, ақын, әртіс, бастық – Осылай талантымды беске бөлдім. Бойымда жоқ дей алман ептеген мін, Сосын ғой көп мақсатқа жетпегенмін. Әр сала, әр аймақта тел өскен соң – Ептеген мінімді, жұрт, сөкпе дермін!

ЫЛЫҒУ МЕН БЫЛЫҒУ

Ырықсыз келгенім, кетерім, Ылығып әрнеге нетемін? Алланың дидарын аңсамай, Не мұрат, мақсатқа жетемін! ...Өзің деп кеудемді өр еттім, Онан соң, көңілді шер еттім... Қара жер, Көк аспан, жауап бер, Мен кімге керекпін? Болат Жетекбай, «Аян», Алматы, 2010 ж., 119-120 б. Кей кезде делеңдеп етегім, Аузыма келгенді бөсемін. Ондай сәт ойламай Алланы, «Ылығып» әрнеге кетемін. Артымда із қалар дерекпін, Сақ жүрген саяқ бір серекпін. Ырықсыз болса егер жазғаным, «Ылығып» мен кімге керекпін?

МӘСТЕК КӨҢІЛ

Қоғамда беделі бар кішігірім, Мен де осы біздің жақтың пысығымын. Тышқан аулап беретін әркімдерге, Жылмиған жылдам қимыл мысығымын. Тұқымы жолбарыстың болғанымен, Мысықтай ғана бүгін түсінігім. Есенқұл Жақыпбек, «Қазақ әдебиеті», №8, 25.02.2011ж. Азайды бұл күндері күшім, інім, Жолбарыс кеше болғам түсін, інім... Тышқан аулап беретін шенеунікке, Мен бүгін әкімдіктің мысығымын. Жүретіндер аяғын зорға басып, Құлақ,бастан сипаса – ол да бақыт. Күлу үшін – Ойыншық тышқандарын Кілтін бұрап қояды жорғалатып. Ондайда мен де өтірік тап беремін, Жанды жерден бүргендей шап беремін. Ақпарат керек десе аңдып жүріп, Қажетті, қажетсізін ап келемін.

Байқағанға су асты көп қой ағын, Шамам келер шабақты жеп қоямын. Қол жетпейтін биіктен мансап көрсем, Күрсініп, «сасығын-ай» деп қоямын. Тықырына тышқанның бұрылмаймын, Әлсізге ара түсем деп ұрынбаймын. Әлем – тыныш. Әкімнің қолтығында Мәстек көңіл мәз болып пырылдаймын.

БОП АЛДЫМ

«Көкжиекті көрмегелі, Күзгі бақтай тоналдым. Мейірімге шөлдегелі, Сырақұмар боп алдым. ...Туған жердің нұры сіңген, Өкпем өшіп,қабынды. Қалаға кеп тынысым мен Пейіл неге тарылды?..» Ілияс Мұқаев, «Бола қоймас жерің жат, көшең бөтен» «Қазақ әдебиеті», №15,15.04.2011. Мейрамхана көрмегелі, Мазам кетіп тоналдым. Аптап келіп шөлдегелі, Араққұмар боп алдым. Тұтқынымын бос елестің, «Өкпем өшіп қабынды». Шақырмайды кафеге ешкім, «Пейіл неге тарылды?» Бір шиша алып бермегелі, Достан кетіп тоналдым. Шапағатқа шөлдегелі, Шарапқұмар боп алдым. Көбігі асқан күрішкеммен Топқа сіңіп жоғалдым. Сыздықтатып сыра ішкеннен Өлеңқұмар боп алдым...

ИМАНЫҢДЫ ҮЙІР...

«Иманыңды үйір, халқым, Ел-жұртың босқын болмасын. Иманыңды үйір, халқым, Табан астында тасқын болмасын Иманыңды үйір, халқым...» Серік Тұрғынбекұлы, «Бұл қазақты төзім ғана тұр сақтап», «Жас Алаш», №31,21.07.2011. Иманыңды үйір, қазақ, Оралмандар босқын болды. Иманыңды үйір, қазақ, Табан асты тасқын болды. Иманыңды үйір, қазақ, Байығандар қашқын болды! Иманыңды үйір, қазақ, «Әділ» соттар залым болды. Иманыңды үйір, қазақ, Сауатсыздар ғалым болды. Иманыңды үйір, қазақ, Ер ұлдарың жазым болды. Иманыңды үйір, қазақ, Болашағың құрбан болды. Иманыңды үйір, қазақ, Қаншама жұрт жынданды, өлді. Иманыңды үйір, қазақ, Ажалың қай сұмнан болды?

Жан көргісіз күйім, кейпім, Болдым, біттім, Тәмәм күшім... Иманыңды үйір дейтін Мен емеспін жаналғышың...

ӘТТЕҢ-АЙ!..

...Жазған әкем, сөзіңді әсте бөлмейтін, Өзгертпестен сол арманын, сол кейпін. – Өлең деген тірлік пе екен, Балам-ау, Тілімді алсаң «зоотехник» бол дейтін! ...Алматының бір бұрышын мекендеп, Сол ауылдан кеттік біз де бөтен боп. ...Оңашада кейде ойға батамын, Әкем тілін неге алмадым екен деп! Әлібек Шегебай, «Қайран әкем білген екен бірдеңе...», «Қазақ әдебиеті», №36,9.09.2011. Небір қасқа,жындыларға жақын кеп, Нем бар еді Алматыда ақын боп? Бір тілегім ілінбеді құлаққа, Билік жаққа айтылса да датым көп. Талансам да қанша «бүрге», «масаға», Ақындықтан тиген орын-босаға. Кекірігім азып, әттең, жүрер ем, Зоотехник бола алмадым,не шара?!

Сағат тілі сыртылдайды тоқтамай, Өмірімнің өлең іздеп өткені-ай! Жамбас мүжіп жатар едім жайлауда, Әкем тілін неге алмадым, әттең-ай!..

ҚОШҚАР БОЛУ ЖАЛЫҚТЫРДЫ

Адамдығым қайда менің? Нәпсім жеңіп буындырдың. О, құдірет, желігімді ал, Менмендіктен суындырғын. ...Сергек қарап селк етпеймін, Көз үйреніп етім өлген. Ақ саулыққа айналдыршы, Қозысына мекіренген!.. Дәулетбек Байтұрсынұлы, «Нәпсіге ерген тоқтықтан, сабырға ерген аш артық». «Үркер», №8, 2011. О, құдірет, хайуан қылшы, Адамдықтан «етім өлген», «Ақ саулыққа айналдыршы, Қозысына мекіренген». Бір азаптан құтыла алмай, Жүрміз жамап бір азапты. Қошқар болу жалықтырды, Саулық болған жүдә жақсы. Емізейін қозымды мен, Иіп денем мекіреніп. ...Не жазсам да өзім білем, Кетті ме әлде етім өліп?...

ЖАЯУ ЖҮРМІН

Жаяу жүрмін, өмір-бақи жаяумын, Кейде – жүйрік, кейде – жөнсіз баяумын. Сәби күннен шыққан екен сіңірім, Қажеті жоқ енді мені аяудың. Жаяу жүрмін жолым мұз боп қатқанда, Жаяу жүрмін гүл төгіліп жатқанда, Ми қайнатқан шілдеде де жаяумын, Жаяу жүрмін ала боран ақпанда... Жанғали Набиуллин, «Жаяу Жәкең», «Жұлдыз», №9, 2011ж. Жаяулығым түсірмейді еңсені еш, Көлік мінген күле берсін кеңкелес. Қажет болса жаяу жетем Меккеге, Керек емес желден озған «Мерседес». Қажетсінбей тұлпарларын қиссаның, Қанатсыз-ақ биіктерге ұшты әнім. Жанықпай-ақ жаяу барам қайда да, Керек емес желден жүйрік «Ниссаның».

Өлеңіммен өлі ұйқыдан оятам, Шабыттансам от ойнатып, жай атам. Бұл тірлікте жаяулап-ақ келемін, Керек емес кербестідей «Тойотаң». Жаяу жүрмін. Алла жолды оңдасын, Соқпақ, сүрлеу бала күннен жолдасым. Жаяу жүрсе жаяу жүрсін Жанғали, Тек өлеңім қаражаяу болмасын!

АШУЛЫ ЖЫР

«Талпынды шабыт құс сынды, Бойкүйездікті тасқа ұрды. Көк тіреп ернім үстіңгі, Жер тіреп ернім астыңғы...» Зейнолла Әкімжанов, «Шабыттың оты», «Жұлдыз», №8, 2011ж. Ашуым сел боп ышқынды, Сабырды сілкіп тасқа ұрды. «Көк тіреп ернім үстіңгі, Жер тіреп ернім астыңғы». Қанымда долы шоқ барда, Жарылуға да шақ қалам. Шабытым келген шақтарда Ашулы жырды ақтарам!

ТАКСИДЕ КӨРГЕН ТӘТТІ ҚЫЗ

– Атың кім? – деп ем, – Лариса, – деді, Бетімді шарпып жалынша лебі. Елеңдеп әлі күтумен жүрмін Телефон шалар деп сағынса мені. Түседі жиі есіме тегі, Тағдырым қандай шешім етеді. Хафиздің жырын іздеген шақта Звондай салса несі кетеді... Жүрсін Ерман, «Түнгі такси», «Жұлдыз», №8, 2011ж. Қылығы шарпып жалынша жанды, Күйдіріп кетті сағым-санамды. Таксиде көріп танысқалы бері Сағынып жүрмін Лариса-жанды. Әріне Арын қорған қойған қыз, Ақынға асқақ арман болған қыз. Алматы тұрмақ Ертіс пен Сырды, Есілді тіпті алмай қойған қыз. Десем де қазір аққу не теңім, Жырыма қосып гәккулетемін. Ларисаны іздеп қайбір түндері Түнгі Алматыда таксилетемін.

Шаттықтың мәнін ұтумен білдім, Кетігімді өмір бүтіндер бір күн. Телефон шалар деп түріктің қызы «Елеңдеп әлі күтумен жүрмін». Өтсе де өмірім күрес,егеспен, Махаббат үшін күнес емес пе ем? Несі кетеді сағынған сәтте Сәлем жолдаса бір sms-пен. Жанады от боп жалынша кеудем, Жан едік өлең сағынсақ өрген. ...Ұйқысырап кейде Бақытжамалды Шатасып жүрмін «Лариса...» – деумен...

МАСКА

Саусағыммен түртіп қалдым аспанды, Отын жақты, жасқанды... Шешіп қойып жатыр едім маскамды, Бетім жатты тастанды... ...Айды түрттім құламады еш төмен, Білмейді екем ештеңе. Біреу көкте жазып отыр бір өлең Кроссвордтағы кестеге... Ақберен Елгезек, «Кроссворд», «Жас Алаш», №104, 29.12.2011. Қаламыммен түртіп қалдым қағазды, Бір жаңылтпаш жазылды. Нөлдер қосып жыпырлаттым саны азды, Қыс жасадым жазыңды. «Саусағыммен түртіп қалдым аспанды» – Қара бұлттан сөз жауды Түртіп қап ем ұйықтап жатқан мастарды Өлең айтып қозғалды. Түртпек едім Айға қолым жетпеді, Арыстандай мерт болдым. Тұтқынына айналыппын көктегі Милау кроссвордтардың.

Жыр әлемге байланғаным бекер-ді, Тұңғиығын кешпеппін. Саусағыммен түртпек едім шекемді, Маскамды әлі шешпеппін.

Өтіп кеткен, келмеске кеткен қызулы жастығыңды, қызық жастығыңды алдыңа қайта әкеліп, жаныңды рахатқа бөлейтін өлеңдер блады. Жас ақын Кәдірбек Құныпияұлының «Қарқара, қайда барасың...» атты лирика кітабын оқып шыққанымда мен осындай қызық та қызулы әсерді өз жүрегімнен өткізіп, өткенім қайтып келгендей, өшкенім жанғандай қуандым. Бұл кішкентай жұқа кітап бейне жаз күнінің шуағындай жан-жүйемді қуаныш бесігіне бөлеп аялады, ой бесігінен сезім бесігіне жетектеп әкеп бойыма жігер, жүрегіме нұр құйды. Иә, бізден кейін де қазақ өлеңіне лирик ақындар аз-аздап болса да келіп жатыр екен-ау! Біз олардың кейбіреуін байқасақ та, кейбіреуіне көз жұмып өте шығады екеміз-ау! Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ, Қазақстанның халық жазушысы.

  • *

Кәдірбек ақындығына қоса батылдығының да мықты екенін дәлелдеген ақын. Кеңестік кезеңнің адуынды кезінде жоғарыдан түскен пәрмен бойынша Райымбек ауданы өңіріндегі Қарқара өзені бұғауланып, қырғыз жеріне қарай тартылмақшы болды. Осы сәтте ақын ерекше бұлқынды. «Қарқара, қайда барасың?» деп жазған жыры қоғамдық пікір туындатты. Қарқара қазір өз арнасында ағып жатыр. Ақындық пен батылдықтың мазмұндас екенін осыдан көруге болады. Сапабек ӘСІП, жазушы.

  • *

Жалпы өмірде қылаусыз бауырмал, кіммен де болсын етене кірігіп, шынайы шырайымен табысатын Кәдірбек ақынға «ары бардың бетінің алауы бар» дейтін мақалды арнаса да болғандай. Тегінде адамның өмірді сүюіне қарай өмір адамды сүйеді ғой. Жанат АХМАДИ, жазушы.

  • *

Ащыны да, тұщыны да тұла бойына сіңіре жүріп қалам тербеген Кәдірбек Құныпияұлының қолтаңбасы нақтылыққа құрылады. Сағыздай созбайтын ұшқыр ойы өлең дүниесіне айналғанда айналасы жұп-жұмыр болып, дөңгеленіп-ақ түседі. Орысбай ӘБДІЛДАҰЛЫ, ақын.

Құныпияұлы Кәдірбек (27.04.1962) № уд.личн.: 020 92 04 41 ҚР Әд.Мин. 03.05.2007 ж.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙