Мазмұнға өту
Home

Көп томдық шығармалар жинағы 8 том

Ғафу Қайырбеков

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Көп томдық шығармалар жинағы 8 том

Авторы: Ғафу Қайырбеков

© Хамзина Б., 2012 © «Қазығұрт» баспасы», 2012 УДК 821.111-03.512.122 ББК 84 (5 Қаз.-Ағыл.) 7-5 Қ 23 Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне ақпарат министрлігі Ақпарат жəне мұрағат комитеті «Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шығарылды Кiтапты жүйелеп, баспаға əзiрлеген Ғафу Қайырбековтің жұбайы Хамзина Бəдеш Қайырбеков Ғ. Қ 23 Көп томдық шығармалар жинағы./Ғафу Қайырбеков. – Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2012. 8-том. Аудармалар. – 384 бет.

ISBN 978-9965-22-415-7

Көрнектi ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi Ғафу Қайырбековтiң 8-томына өзі аударған Д.Байрон жəне М.Ю. Лермонтов шығармалары енгізілген. Кiтап көпшiлiк оқырманға арналған.

УДК 821.111-03.512.122

ББК 84 (5 Қаз.-Ағыл.) 7-5 ISBN 978-9965-22-415-7 ISBN 9965-22-255-X

АУДАРМАШЫДАН Əлем жəне орыс əдебиетінің озық үлгілерін ана тілімізде сөйлетіп, оны жүйелі түрде басып шығару – Ана тілімізді, əдебиетімізді байытатын, өрісін кеңейтетін халықтық та, мемлекеттік те аса маңызды жұмыс. Бұл жұмысты алғаш көркем əдебиет баспасы ашылғаннан бері, 61 жыл бойына, соғыс уақытын қоспағанда, атқарып келе жатқанымыз абыройлы ісіміз, мақтанышымыз болумен қатар, қаламгерлеріміздің де ой-өрісінің, талант-дарынының қалыптасуына, өсуіне, сол арқылы жалпы білім, парасат саласында басқа халықтар мəдениетімен иықтасуға, тіпті асып та түсуіне көп көмегін тигізіп келеді. Бұл жолда жинаған бірсыпыра тəжірибеміз бар. Біздің əдебиетіміздің жартысына жуық қазынасы – осы өз тілімізге түсірілген дүние жəне орыс əдебиетінің асыл мұралары. Жасыратыны жоқ, бір кездерде «Аударып не керек орысшадан, өз нұсқасынан жаппай оқитын дəрежеміз тұрғанда» деп, кеудемсоқ пікір айтқан кезіміз де болды. Қазіргі таңда ана тіліміздің қайтадан өрлеу дəуірі басталғанда, көркем аударманың өз тіліміздің бар мүмкіншілігін, құдіретқуатын танытуда үлкен қызмет атқаратынын тағы да түсіне бастадық, оның үстіне Қазақстан дербес мемлекет болып, барлық елдермен өзімізше қатынас құрғанда, мұның маңызы тіпті де ерекше сипатқа ие болды. Осы тұрғыдан «Жалын» көркем əдебиет баспасының əлем əдебиеті поэзиясының маржандарын бұдан былай мүмкін болғанша жүйелі, мақсатты түрде қайтадан, бұрынғыдай авторлар тобымен емес, жеке тəжірибелі аудармашыға сеніп тапсырып аударып, бастыруды қолға алу идеясы өте орынды деп білеміз, игілікті іс деп қараймыз.

Ал енді əлем əдебиеті аспанындағы аса жарық жұлдыздардың бірі, ағылшын əдебиетінің данышпаны Джорд Байронға келсек, бар ақындық тұлғасымен дүниені таңдандырған, бір өзі бір дəурен жасаған, романтизм деген əдебиет дəуірін бастаған ғажайып құбылыс екені оқыған, білгендерге əбден таныс. Қазақ халқы өз табиғатында, тұрмысында романтикашыл, қиялшыл, ойшыл, өр, асқақ мінезді халық. Оның барлық батырлық, ғашықтық жырларын, эпосын қарап отырсаңыз, осыған көзіңіз жетеді. Сондықтан Байрон поэзиясы бізге барынша жақын. Ал Байронды оқу, тану, аудара бастау жұмысы, меніңше, отызыншы жылдардың екінші жартысынан басталады. Ол кезде жалындаған жас ақындар – Қасым Аманжолов, Қалижан Бекхожин, Абдолла Жұмағалиев, Жұмағали Саин, Қапан Сатыбалдиндер осы Байронды алғаш танып, аудара бастап, өздері де оның сиқырлы талантының ықпалымен өлеңдер жазған. Əсіресе Абдолла оған өмірімен де, өлеңімен де көп еліктеген. Сөйтіп ол атақты «Шильон тұтқыны» поэмасын аудара бастаған, əттең, аяқтай алмаған. Сонымен қазақ ақындарының бұрынғы-соңғы буындары Байронға елуінші жылдардың аяғында қайта соғып, жасы бар, кəрісі бар күш жинап 1960 жылы тұңғыш рет Байронның бір томдық «Таңдамалы шығармаларын» бастырды. Басқан – қазақтың мемлекеттік көркем əдебиет баспасы еді (қазіргі «Жазушы»). Ол аудармашылардың ішінде мен де бар едім. Оның алдында Пушкин, Лермонтов шығармаларының көп томдық жинақтарын аударып бастырғанбыз. Ұмытпасам, əлем əдебиетінен поляк Минкевич, венгр Петефи, украин Шевченко шығармаларын да бастырдық. Осындай тəжірибемен келіп Байронға кірісіп кеттік. Көлемі 20 баспа табаққа жуық он бес мың жолды аударуға сол кездегі қазақтың ең талантты, ең тəжірибелі ақындары қатынасты. Ұзын саны он бестей ақын болуы керек. Онда Байронның алғашқы үлкен поэмасы «Чайльд Гарольдтан» бастап, ірілі-ұсақты дастандары, көптеген лирикалық өлеңдері аударылды. Мен атақты «Еврей саздары» мен «Мазепа» поэмасын аударып едім. «Еврей саздары» кейін шағын кітапша болып, жеке басылды. Осы басылымды сол кездегі студент қазақ жастары – ұлы бар, қызы бар, қызығып оқып, жаттап кетті. Шамасы, жақсы болғаны ғой. Мен өзім бір сапар пойыз үстінде Мұхтар Əуезов пен Ғабит Мүсіреповке осылардан бір-екі өлеңді жатқа айтып бергенімді жазғанмын. О, сонда ол кісілер Байронның қазақша шыққанына қатты қуанып қалып еді. Тым əріден ойлайтын кісілер еді ғой.

Қысқасы, менің дəл осы жолы, алпысты орталап кеткен кезімде Байронға қайта соғам деген мүлде ойымда жоқ болатын. Қазіргі «Жалын» басшылары сол кездегі сол Байронды жатқа білген жігіттер екен де, жаңағыдай үлкен идея бастарына келгенде Байронды сөз қылғанда мен естеріне түсе кетпеймін бе?! Мен: «Көлемдерің тым көп екен, 15 баспа табақ, он мың жол өлеңді жалғыз мен қалай меңгерем, ауыр ғой», деп едім, «Біздің мақсатымыз – кім болса да бір ақынға аударту, егер жақсы шықса, абыройға біз де ортақпыз, жаман болса, жауабын жалғыз өзі береді», – деді. Мен жүрексінейін дедім, əйтсе де ерегіскіш, баяғы тəуекелшіл мінезіммен, шарттарын қабыл алдым. Пəлен ай бойы (қанша екенін айтпаймын) бас алмастан істеген жұмысты ақыры «Уһ» деп аяқтап шықтым. Əлі де болса оқшантайда оқ қалғанына, несін айтасың, қатты қуандым. Бұл кезеңде ауыртпай-сырқатпай сақтаған əуелі Алла, сосын демепсүйеп, көп жəрдем берген, маған еріп машинкадан қолын алмаған əйеліме рақмет айтамын. Мен бұл еңбекті қырық жылда жазған қырық кітабымның ішіндегі өзінше бөлек бір төбе шығармам деп есептеймін. Əдетте, жазушылар, əсіресе, ұлттың ұлы ақындары шығармаларын əлдебіреулер əлдебір халықтың тіліне аударады-ау деп жазбаса керек. Байронға дейін, яғни қазірге дейін, мен жоғарыда айттым, Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Бунин, Брюсов, Блок, Есениндердің көп шығармаларын, тіпті Петефи, Минкевич секілді батыс Европа ақындарының бірсыпырасын аударып келгенмін. Гомердің «Одиссеясын» да орталап қойғанмын. Осынша тəжірибем бола тұра – мына жұмыстан қорқа соққанымды жасырмаймын. Біреулердің: «Жасың келіп қалды ғой, байқасайшы» дегенін де естідім. Енді, міне, аллаға шүкір, бітірдім. Төрелігін, бағасын оқушы берер. Өте қиналғаным да рас. Бар мүмкіндігінше өлеңнің түрін, өлшемін, ырғағын, əсіресе бейнелі сөздерін айнытпай сақтау оңай емес. Одан соң аса биік рухын, күш-қуатын, ой тереңін, қиялсиқырын сақтау одан да қиын. Əрине, нағыз керегі соңғысы ғой. Мен екі жағын да алып жүруге күш салдым. Əйтпесе қазаққа Байроннан не пайда? Қаншама жиған сөз қорым кетті десеңші! Менің ақындық тұрпат, стилімнің өзі Байронға бір табан болса да жақын еді, сол көп жəрдемдесті. Қызығып, ынтығып, шабыттанып жарысып істедім. Өйткені мен Лермонтовты жасымнан сүйіп өсіп ем, ал Лермонтов, шынында да, Байронның бар жағынан сыңары секілді еді. Ақындық рухы, күші, серпінімен тура айны-

майды десе болады. Байронның «Корсар» поэмасы Лермонтовта да бар ғой. Оның романтикалық поэмалары осы «Корсар», «Шильон тұтқыны», «Арал» жəне «Мазепа» маған оншама ауыр тиген жоқ. Ауыр тиген оның ең үлкен жəне ақырғы шығармасы «Дон-Жуан» болды. Бұл – Байронның енді романтизмнен шығып, реалистік бағытқа көшкендегі шығармасы. Бұл жəне өте үлкен, кітап ішінде – кітап. Бір қарағанда барынша баяндау тіліне, қарапайым оқиғаларға құрылған секілді болғанмен, арасында толып жатқан шегініс, философиялық ойлар, неше түрлі адамдардың аттары, грек, латын, сөздері – энциклопедиялық сипат алатын жерлері көп-ақ екен, сол көбіне қол байлау болды. Тастап кетіп аударуға болмайды ғой. Ал менің бұл аудармам Мəскеуде 1935 жылы шыққан бір томдықтан алынды. Онда поэма кысқарған нұсқада яғни VI тараудан, 6-жырдан аяғына дейін басылып, алғашқы тараулардың мазмұны ғана берілген. Жəне бір қиындығы поэма – октава түрінде (бір шумағы – сегіз жолды) жазылған. Ал оны қазақша сегіз жолға үнемі сыйғызып отыру мүмкін нəрсе емес. Сонда да болса, сақтауға тырыстым. Жəне ол үшін он бір буынды сындырып, келесі жолға ауыстырып отыруға тура келді. Мұның бəрін айтып отырғаным – оқушыға анықтама, түсінік берер деген ойым. «Чайльд Гарольдты» бұрын Қ. Бекхожин аударған. Бірақ қазаққа түсінігі аз, керегі де шамалы нəрсе деп білемін. Сондықтан тигенім жоқ жəне кітап көлемі де көтермейді. Ал Байронның басқа ең басты деген поэмалары түгел аударылды. Өлеңнен сол «Еврей саздарын» ғана алдым. Кітаптың жолы болсын! Ғафу ҚАЙЫРБЕКОВ

А. В. Луначарский БАЙРОН1 Жалпы мінездеме Байронның бүкіл тұлғасы толып жатқан қайшылықтардан тұрады. Ол лорд (ағылшын ақсүйектер əулеті) болып туғанымен, жеке басының жағдайлары, тағдыры мүлде қайғылы күйге ұшырады. Атадан дəулет дейтін ештеме қалып жарымады, жартылай қайыршылық күн кешті, алайда ағылшын ақсүйектерінің туғаннан бойына сіңген өр, тəкаппар мінезі, əрекет-ісі əлгіндей мұқтаждықтың қырсығынан ылғи да шындап жарқырап шығуына мүмкіндік бермеді. Оның үстіне Байрон ғажайып сұлу мүсінді адам еді, бірақ туысынан ақсақ болатын. Осыдан ол көп жан күйзелісін кешті. Өмірінің соңғы кезінде ол бір драма жазып, аяқтай алмай кетті, онда ол бір жаны тамаша, бірақ кемтар адамның қасіретін жазбақ еді. Шынында, жан сезімі асқан нəзік болатын. Ата-тегі мен кедейшілігі, сұлулығы мен мүгедектігі осынау нəзік жанға сұмдық бір қайғылы қара таңбасын басқан еді. Түйсік шіміркенгіштігі адамда жоқ болатын, ата-бабасынан қалған ашушаңдығы кейде шегіне жететіндігі сондай, жындана жаздап, көгеріп талып қалатын. Жəне бір жағынан не сұлулыққа, əдемілікке қызықса немесе біреудің қайғы-мұңын көрсе жаны ашып, ортақтаса кететін əсер күші сондай, тағы да со1 Байрон – мақаладан үзінді.

лай есінен танып, бүкіл денесі қалшылдап кететін. Мысалы, актер Киннің ойынын көргенде немесе біреудің жарасының қанын көргенде, бейне əйел секілді көз жасына ие бола алмай қалатын. Осынау асқан нəзіктік пен өзінің өзі туралы асқақ ойы, тəкаппарлық мінезі оны өз қоғамымен жарастыра алмады. Сол қоғамның өзі осы Байроннан өте ірі, биік те терең ойлы саясат революционерін дайындап шығарды. Егер ағылшын қоғамы Байронды бағалап, аз да болса еркелетіп, арқасынан қаққанда, кей əрекеттеріне кешіріммен қарағанда, ол, бəлкім, əлдебір аралық қатынаста, орта деңгейде тұрақтап қалар ма еді, қайтер еді – жоқ, олай істемеді, оны ғайбаттады, кемсітіп, мазақтап қорлады, əр түрлі өсек таңды, оның күнəсіз жастық, албырт мінезін, шалқу-тасу əрекеттерін əлдебір бұзылғандықтың, бұзықтықтың белгісі етіп көрсетті, сондықтан да ол енді өз-өзінен оңаша тұйықтыққа беріліп, өз өрлігін мəпелеп, ғайбатшыл топтан аулақтанып кетті. Оның алғашқы ақындық шығармалары үлкен даңқ əкелді, алайда бір жағынан қатты да ащы сынға ұшырады, қалыптасып қалған моральдық өлі ережеге қайшы келетін нəрселер тауып, жамандады, кейін ақын онан сайын өршелене, өте батыл нəрселерді жазуды көбейтіп жіберді, сөйтіп ағылшын ақсүйектерінің сынына қатал қарсылық білдірді. Бұл жағдайлар оның Англиядан безуіне, басқа жақтан мекен іздеуіне себеп болды. Ол Азия елдеріне, əсіресе оңтүстік шығыс Азияға құмартты. Оған ол жақта еркін өмір, азаттық көп секілді көрінді, сондықтан да ол бар өмірін дерлік Италияда, шығыста өткізді. Бүкіл Европа осынау ғажайып өзгеше, тосын адамды біресе таңырқаумен, біресе күндеумен, ызаланумен екшелеп, қадағалап, ізін бағып қалған еді. Ол өзінің əдеби еңбегімен тапқан көп ақшасын ерсілі-қарсылы судай шашатын. Барған қалаларында əлдебір тосын əрекет, бейтаныс ісімен жұрт назарын шапшаң аударуға құмар еді. Осынау ерекше «сойқандығымен» қатар ол айрықша қайырымды болатын, əлсіз, нашарды қолдауға асығатын, сері, салдық пен əлдебір төңкеріс, жаңа құбылысты жаны сүйетін. Сондықтан ол Италия карбонарийлерімен дос болды, Италия рево-

люционерлеріне, Венеция төңкерісшілеріне қаражатпен көмектесті. Мұнымен қатар ол небір ғажайып, бір-біріне ұқсамайтын, көркемдігі көз тұндыратын шығармаларды бірінен соң бірін тоғытып жатты. Оның нағыз жауларының өзі осынау тіл көркемдігін, батыл, өжет ойлары мен керемет жүйрік қиялын, шамадан тыс шабыт жемістерін мойындамасқа амалдары қалмады. Осылай ол өзінің өте қысқа өмірін аяқтады. 36 жасында өлді. Өлуі де керемет еді. Сол кездегі либералдар секілді Байрон да көне грек тарихына құмар еді. Гректердің түрік езгісіне қарсы алғашқы ереуілдері Байронның делебесін қоздырып жіберді. Ол грек көтерілісіне жан-тəнімен берілді. Ол олардың бірінші министрі, қолбасшысы секілді сезінді. Осы жолда ол саяси қайраткерлік дарынын танытты. Түріктің үстем таптарына қарсы бүлік шығарған гректерді басқарып, Грециядағы сол қанды айқаста, Миссалон батпағында қаза тапты. Бұл ғажап адамның өмірі осындай еді. Жұрттың көбісі оны не істерін білмеген сері-салтаң, сал-мырза деседі. Оның да шындығы бар: ия, жарым-жартылай ол есірік дертке ұшыраған ақсүйек болатын. Осынау мырзалық-серілік, қызық хикматтары оның шығармаларында да, өз өміріндегі əрекеттерінде де ұзақ уақыт қалмай қойды. Бірақ əр нəрсенің шегі, көлемі бар. Ол «мырза» данышпан болса, əлгіндей «керемет» нəрселері, оқыс əрекеттері өткен ғасырдың 20жылдарындағы реакциялық толық басымдық тұсындағы қоғамдық ережелердің тас-талқанын шығарса, мұндай мінез, əрекеттің зор маңызы болмақ. Бұл «қызық адам» өз заманының, сөз жоқ, ең озық адамының қатарына жатады. Ал енді əлем əдебиетіне оның жасаған ықпалы орасан болды. Қай елдің əдебиетін алсаң да – бəрінде де Байронға еліктеу бар. Ол ықпал, əсер орыс əдебиетінде үлкен. Жəй орташа жазушы – Бестужев-Марлинский секілділердің шығармаларынан бастап, байронизм дегенің тұнып тұр. Ал Пушкин мен Лермонтов Байрон ықпалына қатты берілгендігі сондай, Пушкиннің алғашқы кезеңдегі шығармалары тіпті «Евгений Онегиннің» өзі Байрон мектебінің шы-

ғармасына жатады, ал сондай-ақ Лермонтовтың да көптеген өлеңдері мен поэмалары тікелей Байрон əсерімен жазылған. Əдебиеттің барша айнасынан осынау мырзаның «дүбірлеткен» жарқылын үнемі көреміз. Ол шығармаларында шығыстың салттарын аса дəріптеп, идеалға айналдырды. Сонау кіші Азия түріктері мен гректердің ортасын ол кезде аз білетін, білсе, кейін біліп еді. Солар туралы тамаша қиялдан ертегілер туғызды, ол ғажайып сезімталдық, жалынды құмарлықты, өжеттікті дəріптеді. Осынау сəнді, көркем Шығыс, кейін жұрттың ақыл-ойын билеген, арман болған Шығыс – көбінесе Байрон жасаған Шығыс болатын. Пушкиннің «Бақша сарай фонтаны» тікелей Байронның поэмасына еліктегенінен туғаны көрініп тұр, онда да гарем, онда да құпия сырлы сұлулар, қатал мінез сұлтандар. Онда да ер кеуде батыл ғашықтар, от шашқан жанар таудай сезімді жігіттер теңіз кешіп, толқынмен алысып, махаббат жолаушылары болғандар. Осының бəрі Европаның көңілсіз қара дүрсін өміріне қарама-қарсы Азия суреттері болатын. Байронның алғашкы үлкен шығармасы – «Чайльд Гарольд» сол кезде жұртқа керемет əсер етті. Неге? Жалпы романтизм дегеніңіз – сол замандағы нағыз жақсы адамдарды; дəуір тұлғасын іштей сезіну, сол кездегі интеллигенцияның тəуір адамдарын іздеу, табу арманынан туған. Ол адамдар, əрине, ол қоғамға артық адам саналған. Барлық жер, жол бітеліп қалған. Сондықтан да олар бірі философиялық ойға берілу, бірі дінге, бірі ақындық əсем қиялға əуестенумен кеткен. Өздерінің ойда жоқта қамалып қалған торын қайтсе де бұзып шығуға жанталасқандар. Бұл «артық» адам Байрон да өзін-өзі жоқтаған, қайғыға шомған, сөйте тұра өз көз жасын дүниедегі ең қымбат бағалы нəрсе деп ұққан, солай деп айтқан. «Мен алып адам, ұлы тұлға болғаң соң жылаймын, қапаланамын, сендер, ергежейлілер, мені өздеріңнің тар дүниелеріңе тықпақсыңдар. Мен оны сындыра алмаймын, ол – темір, бірақ мен сол алып күйімде қаламын, төбемді жұлдыздарға жеткіземін, сендер арамтамақ, шірік күйлеріңде қаласыңдар. Ия, біздің жаратылысымыз əр басқа. Мен неғұрлым қатты қайғылансам, осы

күйде тұқымсыз, нəсілсіз қалсам, соғұрлым жерден биік көтерілгенім, Жер шартына бағынбағаным. Ұлы адамдар артта қалған адамзатпен бірге өмір сүре алмайды, олар жер бетіне сия алмайды. Менің асқақ нəпсіқұмар сезіміме жауап бере алса, беретін – тек табиғат қана немесе менің əйелдерге құмарлығым. Сөйтсе де айтарым – əдетте əйел заты ондай биікке көтеріле алмайды, сондықтан да тез суып, тез қайтады. Ең жақсы əйел – табиғатқа неғұрлым жақын тұрған əйел, мысалы: сыған əйелі немесе түз, даланың тағы əйелі, ол керемет сұлу болсам екен деп тырыспайды, оған əуреленбейді, жəй ғана əшейін сұлу, əдемі – əсем ағаш, тал, орман немесе қызғалдақтай. Сонда ғана ол əйелді табиғаттың бір бөлшегі есебінде сүюге болады», – дейді. Бұл, əрине, мұндай бағытты ұстаған адамның ой-таянышы, көңіл-жұбанышы да болар. Байрон өзінің шығармашылық екінші кезеңінде ақылой, сезім, тіл – бар жағынан өте тереңдеп кетеді, егер оның алғашқы туындылары көз тұндырып, өз еліктеушілерінің есін тандырып, модаға, əсем құбылысқа айналып, сырт жалтылдақ əсер қалдырса, ал «Еврей саздары», «Түнек» жəне «Шильон тұтқыны» секілділер нағыз шедевр, асыл дүниелер еді. Бұлар да апокалипсистік дүниенің ақыры, таусылуы, ғаламат шабыт, құдіретті қуатпен суреттеледі. «Шильон тұтқынын» Жуковский тамаша аударды, өзі де керемет шығарма еді. Онда қаншама азаттық шөлі, аңсауы бар, түрмешілерге деген ыза-кек, қарғыс-таңба бар. Əсіресе, поэманың аяқталуы ғажап қой, Шильон тұтқыны ерік алып босап шығып, əбдеп бойы үйреніп қалған түрмесіне, бұғауына қарап тұрып, қандай іштей қимастық, өзара байланыс қалыптасқанын ойлайды ғой. Не деген тамаша адамдық сезімдер тоғысы, керемет образдар шоғыры тұр мұнда... Ия, ол сонау көкте ұзақ жарқыраған қызыл жұлдыздай (Шолпан) еді, оның күші шіріп бара жатқан ортаның сасық əсеріне қарсылықтың құралындай болды.

БІРІНШІ БЛІМ ЛЕДЕР

ЕВРЕЙ ƏУЕНДЕРІ КӨРКІНЕ КӨЗ ТОЙДЫРЫП КЕЛЕДІ ҚЫЗ Самаладай жұлдыз жанған түн дерсің, Көрсең көркін, көз тойдырған бейнесін. Оның əсем жанарының түбінде Түн түнегі, сəулесі бар күннің де. Сол екі түс бір қосылған шақта, сен, Одан асқан ешбір нұрды таппас ең! Қара бұрым ақ денеге жарасқан, Бар тұлғада сол екі түс таласқан, Егер оның қара жағын молайтып, Ақты азайтып, сəл кемітсең сəулесін, Мына ғажап сұлулықты жоғалтып, Жояр едің əсемдіктің əммесін. Жанар беті, жайнар жүзі, біл, түсін, Ернінде ояу тұрған күлкісін. Тыныш тірлік, тұнық өмір, мөлдір жан, Ақ көңілін асыл ойға шомдырған. Оңашада ескен қалпын гүл атып – Бəрін соның балғын жүзі тұр айтып.

ЖЕРДЕГІ ПАТША, КӨКТЕ ҚҰДАЙ ЕРКЕСІ I Жердегі патша, көктегі құдай еркесі, – Əмірші-ақын арфасы тынды ал бүгін! Ең ұлы жүрек егіле жылап жерде осы, Қасиетті көз жас төгіп те бітті барлығын Арфада шек жоқ! Еселе көздің жаңбырын! Құлағын, көңілін түк қозғамас, селт етпес, Темірдей жандар тебіреніп еді бір соған. Оларға ерлік, күш беріп еді мерт етпес, Сол əсем үнмен солардың жаны жұмсаған. Дəуіттің жыры, таласар күшпен кім саған! II Жырлады Арфа патшаның жеміс күндерін, Жырлады көкте тəңрінің даңқын асырып. Шарлады асыл аймақтың бəрін сол бір үн, Жылжыды таулар, жылжыды емен бас ұрып, Сол өлең, шіркін, көкте де тұрды асылып! Ол өлең енді естілмес жердің бетінен, Тек қана биік Сенім мен серік Махаббат. Сол жырдың шыққан жеріне жетіп еркімен, Шарықтап барып болады соны қайтармақ, Қайтпайды бірақ, алғасын мекен ол таңдап!

О, ДАРИҒА, ОЛ БЕЙІШТІҢ ІШІНДЕ О, дариға, ол бейіштің ішінде Жаның өлмей, қалса сүю күшінде. Рас болса, қауышарсың есен-сау Тірліктегі жүрек ынтық кісіңе, Сапар шегіп дүниеге сол жұмбақ, Рахат қой мойынсұнып, көз жұмбақ. Рахат қой жер қайғысын ұмытып, Өлмес өмір жайын ғана сөз қылмақ! Қалса бір күн əлім шіркін төтен кеп, Ажал – шыңырау, қазір құлап кетем деп, Өмір – арқан жабысасың ұшына, Соңғы түйін қолдан шықпаса екен деп, Өзіңді емес, өзге өмірді қимайсың, Қимайсың да, қыршын жанды қинайсың. О, дариға, үміт тəтті шүбəдан, Болып мəңгі жан саламат, ден аман, Сонау ғана жанмен жаным тоғысып, Мəңгі өлмейтін күн кешем деп жұбанам. ЖЫЛАЙ КӨР... Жыла, біздей – Вавилонның көлін жаспен тасытқан, Ел тұтқында, қаңырап қалды сəнді храм басып шаң. Жыла, жыла, Яһұд жыры тасқа соқты қанатын, Ардагерлер аруақ болды елді бастап баратын. Талған аяқ құс пен шаңын су болар ма жуарға? Сион күйі жүрек дертін тарқатар ма, қуар ма?

Бұрынғыдай Иуда жыры шығарар ма құмардан, Бұрынғыдай үні бар ма жүрек толқып, сыр алған? Қу далада босып жүрген қырсық шалған бір ұрпақ, Арылар ма сор-азабың, болар оған кім ортақ? Ұясы бар қортық құстың, қу түлкінің іні бар, Сенде, Израиль, мола бар тек аяқ баса жығылар! КИІК Туған жердің тау, жотасын бөктерлеп, Орман-тоғай арасымен көкпеңбек, Əр бұлақтан шөл құмарын қандырып, Еркін киік салады ойнақ көкке өрлеп, Жанарынан жалтылдаған оқ-ұшқын, Ол зырласа, бөгет болар жоқ ешкім. Артық еді-ау əйткенменен содан да Əн шырқаған сонау тауда, со маңда. Қайран Сион қыздарының сымбаты, Ондай кездер бола бермес ғаламда. Енді олар жоқ, емен ғана шулайды, Ондай əн жоқ, жаңғырмайды, тумайды! Туған дала топырағына тік өсіп, Көрік болған, басы көкпен тіресіп, Уа, пальма ағаш, тағдырыңа масаттан. Тұрғаныңа, бізден артық күн кешіп. Қанша зорлап апарғанмен шетке, сен, Жат өлкеде бұлай көктеп өспес ең. Дауыл қуып кетер алыс түзге бір, Қурап қалған жапырақпыз біз де бір, Ата-баба қабірінің қасынан

Бұйыртпайды топырақты бізге өмір. Храм қирап, басты қайғы, қалың мұң, Жаулар таптап кетті тағын Сəлімнің! ИОРДАН ЖАҒАСЫНДА Қасиетті бұл жаға қадірлі Иордан аққан жер, Арапқа түсті ол жаға, шұбырып керуен тартқан жер. Синайда жатыр ол, əне, өзге бір дінді үгіттеп, О, тəңірім, көр соны, қастеріңді тігіп кет! Қасиетті бұл жерде, ұлы тəңірім, ас құлақ! Кетті сені ұмытып, өңшең мұнар бас құрап, Талқандауға соларды, тоздыруға тобынан, Келмей қойдың халқыңа өзіңді ұстап табынған. Нажағай көзің жарқылдап, айбынды даусың саңқылдап, Израильдың үйіне оралар қашан, шіркін, бақ? Өзіңнің асыл заңыңды, храмның сəнін қойды ұрлап, Дүниенің мына сұмдары қашанғы бізді қор қылмақ?! ИЕФФАЙ ҚЫЗЫ Туған жердің маңдайының қырсығын, Арылтуға керек болса бір шығын, Жаным, əкем, құрбандыққа мені шал, Қиналма сен, қиылар деп қыршыным! Өз мұңымды əлдеқашан ұмытқам, Сұм өмірден көңілімді суытқам. Арманым жоқ ажалымды тапсам мен Жақын жаннан, сүйіктімнен, жуықтан.

Біл, сен, əкем! Менің қаным – адал қан, Ақырғы арман аңсауынан жаралған. Жаным, əкем, құшағыңды аш маған, Ақтық рет бата аяма балаңнан! Жоқтар Сəлім, ол қайғыдан езілер, Сен берік бол, төрелігін өзің бер. Туған Отан, сен азат бол деуменен Қызың мəңгі тыныш табар, көз ілер. Қаным суып, жүрек тынса – көм мені, Жаным, əкем, ұмытарсың, өңгені. Ұмытпа тек, ұмытылмасын өтінем, Есіл қызың езу тартып өлгені! ШІРКІН-АЙ, ҚИЫЛДЫ ҒОЙ ҚЫРШЫН КҮНІҢ I Шіркін-ай, қиылды ғой қыршын күнің! Тас мола тақыр табыт тылсымдығын Ақ денең ауырсынбай жатты-ау еркін. Сен дағы гүл-райхан тұрсың бүгін, Осынау өлмес өмір сырын шертіп, Мүлгиді кипарис те гүлін желпіп. II Ал анау көкшіл өзен жарын кезіп, Ауыр мұң, шер-шемені жанын езіп, Келетін біреу ылғи бар осында, Өлі мен тірінің боп арасында, Тырысар білдірмеуге дыбыс-үнін, Бейіттің бұзатындай тыныштығын.

III Сабыр ет! Төге берме көздің жасын, Білмейді керең ажал сөз бағасын. Жыламай бірақ көңіл толастай ма, Қайғының ауыр бұлтын сол ашпай ма? Ау, жаным, жұбатасың берікті айтып, Сенің де тұр ғой жасың келіп-қайтып! КӨҢІЛІМ СҰП-СҰР Көңілім сұп-сұр. Қайда əнші, келші бермен, Алтын сынды арфаны шерт жігермен. Қалтырамай саусағың қақсын безек, Үнін оят жұмақтың, естиін мен. Тауыспаса барымды тағдыр сарқып, Бір сілкініп көрейін тағы шалқып. Көзімдегі ақ сүңгі – ақырғы жас Ет қызумен ерісін о да балқып. Ащы əніңді аяма, шерт күштірек, Тəтті əніңді көтермен – дерт күштірек. Жылат мені, етегім жасқа толтыр, Қақ бөлінсін демесең тепкіш жүрек. Келді кеудем мұң-шері бір басылмай, Уға толған ажалдың құмырасындай. Жетті сағат: ол дағы уға толды, Ұзақ төзді өзінен сырды асырмай.

СЕН ЖЫЛАДЫҢ Сен жыладың: жас ыршып, Жанарыңнан сөнді нұр. Сонда жерге асыл шық Құйылғандай болды бір. Сен жымидың: ақ алмас Тайды таймас жүзінен. О дағы өткір бола алмас Сенің отты көзіңнен. Бұлт ішіне нұр тастап, Күн жөнелсе бір батып, Ол сəулені түн жасқап, Сөндіре алмас көп уақыт. Сен де сондай жымиып, Сəуле шашып түнекке, Қуанышты нұр құйып Кетесің-ау жүрекке! ІІ АЯҚТАДЫҢ СЕН ӨМІРДІҢ САПАРЫН Уа, сабазым, бітті жерде сапарың, Басталады енді даңқың, атағың – Бір өзіңнің құдіретіңді жыр етіп, Жерден шырқап, көкке жетіп жатар үн. Алып берген азаттығын, елдігін, Сендей ерді ұмытар ма ел бүгін! Сол отаның еркін тұрған шағында, Кеудесінде шіркін жүрек барында,

Сені ұмытпас, қағып алдық біз оны, Қара жерге бұйырмады қаның да. Өзің өлдің, қаның бірақ тұр тулап, Бар жүректе, бар жүйке мен тамырда. Ерлігіңді, өрлігіңді бер бізге, Жар бол бізге, өзің мəңгі дамылда! Атыңды атап, аруағыңды қозғасақ, Жаутаң қағар, жалт бұрылар жау жасақ. Ерлігіңді есіңе алар бас қосып, Біздің елдің жас қыздары əнге сап. Болмас бірақ көзімізде тамшы жас, Кешпес сенің мықты рухың, ез болсақ! САУЛ – Көтеріл, аруақ, суыршы көрден басыңды. Ақ пайғамбар, жолыңа шаштым шашуды. «Тұр, Самуил! Ал, əне, патша, көзің сал, Оянды аруақ, елесі алдан ашылды!» Сылынған еті, сирағы кепкен, ақ сүйек, Қарасаң оған: қорқыныш, үрей, тақсірет, Қайыс боп қалған еріннен ұшқан дыбысы Қайырсыз желдей үңгірден ескен тасты жеп, Құлады Самуил, емендей жерге құлаған. Құлағы шалды, күркіреп жетті үн оған: – Кім еді менің ұйқымды ашқан? Шақырған мені сен бе едің, патшам? Сүлдемді көріп тұрсың ба мынау? Қан-сөлсіз дене – тарамыс-құрау! Мен барған жерде сенің де ертең

Сүйегің қурап, қиылар желкең. Айтқаным айтқан, бір күнге жетпей Ұлың мен өзің қатасың сеспей. Қош енді, патша! Қарамды үздім Күліміз ертең қосылар біздің. Саған да, мына еліңе, өктем Қылыштың бұлты шөгеді көктен. Беліңде тұрған семсермен ертең Жүрегіңді өзің етесің тілкім. Балаң да сенен ұзамас онша, Көрейін сосын ұрпағың қалса!» САУЛДЫҢ САЙЫСҚА КІРІСЕРДЕГІ ЖЫРЫ Уа, ерлерім! Егер менің еншіме Елім үшін өлім тисе, ренжіме! Жасымаңдар, жауға батыл барыңдар, Жау сескенер бізде мықты қару бар! Садағым мен сауытымды көтерген, Қолқанатым, саған айтып өтем мен: Қашса əскерім төтеп бермей жауызға, Онда мені өз қолыңнан бауызда! Жалғыз нəсіл, жаным балам, жеңерміз! Біз де жеңіс салтанатын көрерміз. Даңқымызды дабылдатып қайтармыз, Я болмаса, құшақтасып өлерміз!

«БƏРІ АЛДАМШЫ ДҮНИЕ» ДЕДІ ҰСТАЗ I Данышпандық, Даңқ та, жас дəуренде – Бар мұраты дүниенің бəрі менде, Шарап толы бақалым шоқтай жайнап, Төңірегім құлпырар көрінгенде. Сұлулардың көзінен тапты жаным Көңілімнің тілегін, от құмарын, Жер жаннаты, мадағы адамзаттың – Маған үйіп патша деп төкті бəрін. ІІ Алайда мен ақтарсам күн шумағын, Өтіп кеткен басымнан ісім мəлім, Неліктен деп өзіме қойдым сұрақ Мен осынша өмірге құлшынбағым. Бақсам сырлы дүние – уақыт жатқан, Күн көрмедім у ішпей бақыт тапқан. Жалған даңқ зəріне елтіп алмай, Өмірімнің кезі жоқ елді баққан. ІІІ Сиқырласа, арбаса көгалдағы, Уы қайтып, жуасыр жылан дағы. Бірақ жанға жыланның сепкен уын Арбауменен қиын ғой шығармағы. Қайтара алмас ол уын еш құдірет, Ешбір ақыл, өнердің еш үні кеп. Бір жазғырмай кеудеңді қысып, қымтап, Қасіретпен қиналар өксіп жүрек.

МЫЛҚАУ АЖАЛ ҚАЙРАН ТƏНДІ МҰЗДАТСА Мылқау ажал қайран тəнді мұздатса, Дүние төсек, астында оның мұз жатса, Еркін рух, өлмес жаның қайда ұшып, Жетер еді жер өзінен ұзатса? Кетер ме еді жұлдыздарға асығып, Əлде мына көк аспанға асылып, Өзі көріп, өзгелерге көрінбей, Кең дүниені тұрар ма еді қаусырып? Мəңгі жасап, мəңгі өлмейтін болғасын, Көк пен жердің құбылысын болжар шын. Оған аян өткен істің елесі, Ол оятар есте күңгірт не қалсын. Ол жібермес, өткен дəурен ізімен Болашақты жалғастырар өзімен. Оған оңай ескі, жаңа – бір қосып Алар ұстап ойдың өткір кезімен. Құдірет күш осы əлемді жаратпақ Болған кезде, жерге түсіп, көк аттап, Жаратқан да, жасаған да – сол күні Қалған жерде, көкке кетпей тұрақтап. Сол кезді де шолар рух жанары, Көз салады болашаққа ол əрі. Күн де сөнер, күн жалыны сарқылар, Бірақ рух мəңгі өзгермей қалады.

Тастап тəнді, тар кеудеден босанып, Пəндешілік əуресінен бой салып, – Сүю, жаулық, үміт, үрей дегеннен Болып ада, биік ұшып соншалық, Ол самғайды еш бөгетті білместен. Өлу деген шығады да мүлде естен, Жүреді рух тек биікте қалықтап, Мəңгілікпен мəңгі болып күн кешкен. ВАЛТАСАРҒА КӨРІНГЕН ЕЛЕС Қасында өңшең бөрі – нөкерлері, Падиша тойлап жатты – той өрледі. Астында қалың шамның салады ойнақ, Самсаған салтанаттың ерендері. Ерсі той, еріккен той – шарапқа жұт, Ондайда өңештемей тарап па жұрт. Жат дінді, жат құдайлы жауыққан той Дүрілдеп жатты еркін қанат жазып. О, сұмдық! Сол мезетте бір қол ойнап Шыға кеп, қабырғаға түскен бойда-ақ Жөнелді жүйтки жазып бір жазуды, Жұрт тынып, тосын үрей іштей жайлап, Бақшиып бəрі бірдей қалды қарап, Шымырлап көтерілмей қолда шарап, Ап-айқын құмға жазған жазу бейне, Ал бірақ сырлы жұмбақ – бұл не ғажап!

Сол кезде Валтасардың құты қашып, Əлдекім оқығандай үкім ашып, Сөйледі, əрең-əрең келді тілге Көңілін қорқыныштың бұлты басып: «Алдыма келсін дереу білгір біткен, Жан түгіл мақұлыққа тіл бітірткен. Жазудың мынау сиқыр сырын ашсын, Тойымның шырқын бұзып, кім кідірткен!» Халдейдің даңқы шыққан бақсылары, Осы жер даналыққа бақсынары, Алайда оқи алмай сол жазуды, Кірерге жер таба алмай састы бəрі. Ақ шашты Вавилонның əулиесі Ежелден «көріпкелі», бар киесі, Ол дағы сұмдық сөздің сырын білмей Ақылы амал таппай, жаңылды есі. Күн кешіп тұтқындықта көп жасыған, Бар еді балғын дене бір жас ұлан, Сол тұрып жазуды əлгі оқып берді, Талайдың тауын шағып, сыр жасырған. Таласып батар күнмен қолын жайып, Дəл айтқан дуалы ауыз сол бір ғайып, Күн шыға келді айнымай жорығаны, Ауыр қол, өмірлі тақ болды майып. Сондағы мынау еді жазу сыры: «Тап болды Вавилонға тағдыр сұмы!

Таң атса тақтан құлап, Валтасардың Жақын тұр жаһаннамға жаны ұшуы. Алтынды, əсем киім үстен шешіп, Болады патшаңызға кебін несіп. Бос қалған биік таққа Кир ие боп, Қақпаға жау əскері кірер кешіп». МƏҢГІЛІКТІҢ КҮНІ Мұңды жұлдыз, мəңгіліктің күні сен, Көз жасындай неткен мөлдір тыныш ең, Өткен дəурен қызығындай алыссың, Өткен дəурен еске салдың мұңын сен! Дəл осылай өмірдің не түнінен Өткен дəурен сəулесі ойнап тірілген. Ол сəуледен енді бізге жылу жоқ, Ол сəуледен көңіл суып, түңілген. Өткен күнім – жұлдызымсың, жұптайсың, Мен қайтейін, қасіретімді ұқпайсың. Көрінесің, көрінгенмен – алыссың, Жарықсың-ау, жанымды, əттең, жылытпайсың. ШЫН БҰЗЫЛҒАН БОЛСАМ МЕН Сен айтқандай шын бұзылсам егер мен, Елден безіп, бұлай қаңғып жүрер ме ем. Ата-бабам аруағына қол сілтеп, Бар кінəні артар едім түгел мен.

Амалым не, мені еріксіз айырса, Болысар кім, дауыл шықса, жай ұрса! Жауыздықтан жаның ада болса егер, Құдай қалап, құшағыңа нұр себер. Өзіңді өзің бағындырсаң еркіңе, Сен періште, сені кірлеп кім сөгер! Сен емессің – елден құдай кетірген, Өзіңмен бол, – мен өлейін бетіммен! Дінім үшін бар бақыттан айрылғам, Тəңірім өзі көңілімді жай қылған. Жүрегім де, арманым да қолыңда, Десе де еркі: «Жер бетінен тай жылдам!» Қидым соған өмірімді, отанды, Қалды менде енді қимас қай құрбан! ИРОДТЫҢ МАРИАМНАНЫ ЖОҚТАУЫ Мариамна! Қан сарыққан жүрегім – Қайғы-азаптан қажып бітті. Жүдедім... Махаббатты жеңе алмады жауыз кек, Өшпендікті өкінішке тіредім. Жалбарынам, қылмысымды кеш менің, Қан төккіздім – қырсық ашу не істедің? Тəңірі мені кешірмесін, арман тек – Көз жасымды көріп сенің кешпегің! Өлді ме ол? Боялды ма қол қанға, Бұдан өткен сұмдық үкім болған ба?

Жарқ етті ме қырсық қылыш, төбемнен Қайғы төгіп қатты тиді-ау жайдан да! О, сұмдық-ай, қалғаның-ау тіл қатпай, Салқын ерін тым болмаса дір қақпай, Мен есуас көкке кеткен рухтан Жауап күтіп нем бар еді, тек жатпай! Өлді сол жан, өмірімді бөліскен, Бақыт-шəрбəт кетті бітіп мен ішкен. Мың сан гүлден таңдап үзген гүлім-ай, Қызығыңды көре алмадым тегіс мен. Қылмысыма таптым жаза, зор айып, Еншім – азап, қалдым жалғыз сорайып. Не жөн қалды жаны қатал тағдырдан Рахым тілер, жалбарынар қол жайып! Жүргіншілер аттанарда Сионнан Қоштасатын сонау төбе-қияннан, Туған қалам көрінеді бұлдырап, Қандай ауыр безсең ыстық ұяңнан. Өрт-жалынға жатыр байғұс оранып, Құрыр болды-ау дұшпан жайлап, жау алып. Храмды да, үйімді де іздеп ем, Қайда барсам от теңізге кез келем. Мына қорлық жарақаттап жанымды Тілім тістеп, қатты ашынған кезде мен. Қарап едім өз қолыма, не пайда, Кісендеулі, қайтаратын кек қайда?

О, дариға, осы төбе басынан Сол қалаға қарап өстім жасымнан. Жайнаушы еді-ау алтын айдар сол храм, Жаңа таңның шұғыласы шашылған. Қызғылт тұман өрмелейтін тауларда Жылжып келіп көкжиектің астынан. Мен осында ем сонау соңғы сəтте бір, Бұрынғыдай күн қызықтар жоқ көңіл, Бұрынғыдай ажар да жоқ, сəн де жоқ, Жатыр қала өне бойы шоқ, көмір. Мен тіледім, Иегова кек кернеп, Сол сұмдарға жай боп түссе екен деп. Жоқ, жоқ, тəңірім, қасиетті сол орын, Асыл храм қорланбайтын болар күн. Дінсіздердің еш құдайы жоламас, Тұрақтамас, дəті шыдап олардың. Храм қирар, жүрек бірақ қирамас, Сенің халқың оны ешкімге сыйламас! ВАВИЛОННЫҢ СУЛАРЫНЫҢ БАСЫНДА Вавилонның суларының басында Мұңға батып, өзің барсың қасымда. Отырдық біз сонау күнді еске алып, Сəлім ердің соққысының астында.

Қашып еді-ау, босып еді-ау жау залым, Оқ пен өртке тастап дүние, мал-жанын. Біздің қыздар жылап еді сонда бір, Енді солар жат өлкеде сорлап жүр. Еркін толқын баяғыша жатты ағып... «Əн сал, ойна!» деді жаулар мақтанып. Құнсыз өңкей Вавилонның ұлдары Садаға кет əнімізден, айтпадық! Қасиетті əн естілгенше сендерге Неге ғана біз кірмейміз кең көрге. Егер біреу арфа шегін қозғаса, Аруақ соғып, болсын өмір шерменде. Дедік біздер, қойдық арфа талға асып, Кеудемізден құт сарқылып, əн қашып. Орындаймыз өсиетін Сəлімнің, Ол өлсе де, біз жатырмыз жалғасып. Тұрсын біздің асыл арфа үн қатпай, Жел үрсе де жаз ішектері дір қақпай. О, қуғыншы, жендет дұшпан, жел-құйын, Бізбен сенің жараса алмас əн күйің. СЕННАХЕРИБТІҢ ЖЕҢІЛУІ Қойға шапқан қасқырдай Ассирия əскері, Үсті-басы сары алтын өңкей полк – жас бəрі.

Бейне сансыз жұлдызы жалтылдаған көкке ұсап, Жарқылдаған жау-жарақ найзасында жоқ қисап. Жазғы күнгі орманның жапырағындай жасанып, Жалқын кеште жайтаңдап, келіп еді жол салып, Қысты күнгі орманның жапырағындай қураған, Таң алдында жатты олар тағдыр қолы тураған. Періштесі ажалдың желге тосып қанатын, Үрлеп, қалың сол қолдың сарықты өмір сағатын. Көзге ұялап мəңгі ұйқы, құшақ ашты түнек көр, Ақтық рет бір соғып, тынды асау жүректер. Жатыр, міне, шын тұлпар қос танауы делдиіп, Сонау кезде дəл бұдан болмап еді жел жүйрік. Жағасына теңіздің жатады бір қақ шөгіп, Дəл сондай-ақ оның да жатты аузында ақ көбік. Жатыр, əне, иесі төрт тағандап құлаған, Ақ сауытын ат басып, шаштарын шық сулаған. Шатырлар тұр түк үнсіз, ту ұстаған құл да жоқ, ІІІартылдамас көк найза, жеңілгенге сын да жоқ. Ассирия жесірі жатыр жоқтап, дауыс қып, Ваал храм қаңырады бар əмірін тауысып. Қалған халық қылыштан қаңғып кетті қарғыс ап, Тəңірінің күнінен еріп біткен қарға ұсап.

АЛДЫМНАН АҒЫП ӨТІП БІР ҚҰДІРЕТ Алдымнан ағып өтіп бір құдірет, Ақ мейман, жүзін көріп тынды жүрек. Кез еді жұрт ұйқыда, маңай тыныш, Қан-сөлсіз тұрды алдымда бір сүгірет. Қалшылдап кеттім сонда, сүйек қаусап, Тіл қатты құдай маған іле сол шақ: «Құдайдан əділмін деп жүрсің пендем, Тілесем, періштені бір сілкем мен. Кім ең сен, бір шіріксің күлден туған, Боласың кімге қажет құр сүлдеңмен! Əулием, əзірлей бер кебініңді, Бұл түнде алам ақыл, өміріңді! Ақылдың ең күштісі зорлағанда, Білінер ақымақтығың сонда ғана!» БАҚЫТТЫСЫҢ Бақыттысың – бақыттымын сол үшін, Келер дəйім шаттығыңды бөліскім. Менде туыс тағдырыңа сезім бар, Бұл кеудемнен өшіре алмас соны ешкім. Сен таңдаған бақытты екен сол адам, Қызығамын, қайтып сондай бола алам. Егер сені жан-тəнімен сүймесе, Бітіспейтін жауменен тең ол маған.

Қызғанышым улады ғой санамды, Көріп сəби содан туған балаңды. Күліп маған қолын жайды нəресте, Құшырланып сүймегенде, не қалды! Сүйдім оны, тартпай, əттең, еш саған, Сорға қарай əкесіне ұқсаған. Айнымапты көзі бірақ өзіңнен, Сонысы ғой сүйдіретін күш маған. Қош болып тұр, сенде бақыт барында Мен өкпелеп, тіл тигізбен тағдырға. Мэри, қалқам, сен бар жерде тұра алман, Асау сезім орға жығар тағы да. Сорлы басым, ұмытам деп жыл арбап, Өзімді-өзім келіппін ғой құр алдап. Үміт те жоқ, үміт етер жай да жоқ, Жүрек қана баяғыша тұр зарлап. Жолыққанда, қарай алмай дəт шыдап, Тұрды төске бақыты жоқ бас құлап. Ешбір сөздің табылмады дəрмені, Жанды жеген сұм дертімді паш қылмақ. Сен қадалып тұрдың маған үңіліп, Көзің қайтты, тас жүзіме сүрініп. Ішкі құйын тыныштығын сырттағы Қалдың бірақ беттен оқып үлгіріп. Өткен өтті, енді өкініп, сұранба, Кетті дəурен, жастық шалғай шығанға. О, жүрегім, шыдамасаң жарыл тез, Сөн, əйтпесе, дыбысыңды шығарма!

КАДИКСТІҢ ҚЫЗЫ Айтпашы Британның кермиығын, Солтүстік сұлуларын қой, мақтама, Кадикс аруына соның мыңын Алмас ең, көрсең өзің байқап қана. Жоқ, рас, көзінде оның өткір жалын, Алтындай жарқырамас шаштары да, Қара көз дəт шыдатпас от болғанын Білесің, қара кірпік ашқанында. Бейне бір Прометейдей от ұрлаған, Испанка жайдың оғын алған көктен, Сол оты ұшып оның жанарынан, Садақтай өңменіңді тесіп өткен. Қарғаның қанатындай тұлымдары Қалар ең іш өртеніп, күйіп-пісіп, Бұраңдап төске келіп жығылады, Жатады ақ тамақты сүйіп, құшып. Британ арулары қыс қой ызғар, Болғанмен жарқыраған жүзі көркем, Ерніне ернің тисе – жаның мұздар, Шолп еткен дыбыс шықпас – қалай күтсең. Ал мына оңтүстіктің от қой қызы, Испанка лəззəт үшін жаратылған. Еркіңе қаратпайды сиқыр көзі, Сүймесең айырыласың тағатыңнан. Онда жоқ құр сылақтау, ғаярлық та, Өзін де, өзгені де босқа алдамас,

Сүйе тұрып, жек көріп – екі жаққа Сезімі оның бөлінбес, əсте арбамас, Оған біткен жүректің өрлігі үлкен, Алтын беріп ала алмас оны сатып, Ғашықтығы баянды, берік, бекем, Қалар сақтап, бір сүйсе, көп ұнатып. Келеке етпес, сөз қатсаң, ол бəлсініп, Сезіміңді көп құндар, танып іштен. Бар құмарлық, бар опа саған сый ғып Ол тартады, қайда да жалын күшпен. Испания төрінде туса майдан, Испан қызы қорықпас, күші де ерен, Қымбат жаны оққа ұшып өлсе қайран, Кек алады ол найзаның ұшыменен. Ойын-сауық ішінде, ұшқан құстай Еркін билеп, сағымдай қағар бұлдыр. Ол əн салса, елтисің бейне мастай Испандардың ерлігін еткенде жыр. Кейде оты көзінің жарқ-жұрқ етіп Əсем қолмен тартады тасбиықты, Бірде кешкі намазда күңірентіп, Қосылады қыздарға дос сүйікті. Көргенде оны дір қақпас жүрек болмас Қас сұлуға қадалар əркімдер-ақ. Еркіне оның сен құлсың, еш дəт қалмас Сонау көзбен қараса бір жаудырап. Жер бетінде жолым көп, жоқ қысылу Əлі талай дəметем қырмызыдан. Бірақ, бірақ таппаспын артық сұлу Кадикстің қара көз сол қызынан!

БАС СҮЙЕГІНЕН ЖАСАЛҒАН ТОСТАҒАНДАҒЫ ЖАЗУ Үрейленбе, ойға алма мен де адам деп, Мен қу баспын əшейін қураған тек. Тірі бастай арам ой сақтамаймын, Не ұнатып, ешкімді көрмеймін жек. Тіршілікте өзіңдей ішкем, жегем, Ол жағдайым, ол күйім шықты есімнен. Құй да шарап, іше бер, қорламайсың, Адам ерні артық қой құрт тесуден. Бұрқыраған шарапты бойда сақтап, Жүзім жеміс шырынын құйса баптап, Маған артық сыбаға сол болмай ма, Тек жатпайын құрт мүжіп, шаян таптап. Ақыл тұрған жерімде, шарап шалқып, Мен өзгенің ақылын етем артық. Кеуіп, қурап, суалған ми орнына Шарап тұрса болғаны – жібер тартып. Тірлігіңде ішіп қал, көз жұмғанда Көмілесің сен дағы көр-зынданға. Қу басыңды молаңнан қазып алып, Шарап құйып ішер жұрт той-думанда. Сөйтпеуіне кім кепіл? Қорлаған ба? Зайғы өмірден ол артық болмаған ба? Тостаған боп тойларда бас сүйегің Бір қажетке жараса – ол жаман ба?

ЕКІНШІ БЛІМ ПОЭМАЛАР

МАЗЕПА І Тыншықты Полтаваның қанды алаңы, Бұл жолы Карлды аруақ қолдамады. Жайпаған қатты қырғын, сойқан соғыс Қалың қол жатты құшып иен даланы. Бір кезде соғыс даңқы – өзім – деген, Басына абыройдың тəжін киген, Жеңімпаз əмірші еді, сонау Мəскеу Жарына жарлығы мен сөзі жүрген. Келді де соқты қырсық, қаралы күн, Жеңілмес қайсар қолды қара бүгін, Қаусады қалың əскер, қайран атақ Қор болды, жойып алды баға-құнын. Қас тағдыр жалт бұрылды, масқара етті, Бар даңқ, бар өктемдік босқа кетті. Жинапты маңайына кіл опасыз, Солардан көрді көсем басты əлекті. Құрс етіп құлап даңқ мұнарасы, Қирады, шықты сұмдық күлпарасы. Сол құлау тұндырғандай көк құлағын, Шайқалып əрең тынды жер шарасы. ІІ Тағдыры осылайша күйретті оны, Амалсыз қашқындыққа үйретті оны.

Күні-түн кең даланың кезді төсін, Сүртініп өз қанымен өз денесін. Қалың қол арасында жүрді қашып, Еш адам бірақ оған аузын ашып, Кінəлап, қиянаттап, жекірмеді, Жекіру бəрінің де еркінде еді. Онсыз да өлген даңқ, өшкен есім, Деді ме кірлетеміз текке несін. Оққа ұшып одан кейін аты да өлді, Гиета сонда түсіп атын берді. Ол өлді орыстарға қолға түсіп, Алыс жол, ауыр бейнет жанын қысып, Көптен соң жүре алмады Карл дағы Жеткенде бір тоғайға дамылдады. Жау оты жалтылдаған жақын жерде, Жамбасын тыныстатты ол тақыр жерде. Осы ма бұйырғаны сонша алысып, Айқасып тапқан тəжі жан салысып. Қарамай, ұзап қашып, ақса қаны, Осы бір тыныштық па аңсағаны? Қажыды, Карл мұқап, қатты талып, Түбіне бір теректің жатты барып. Жараның кетіре алмай зардап уын, Сұр тұман, суық еді сондағы күн: Даланы тұрды басып түн түнегі, Қан дене күйіп-жанып су тіледі, Сандырақ, өңкей елес бəрі алдатты, Тыныстап кірпік ілмей Король жатты. Қырсыққа рухы оның тозбады шын, Көтерді патшалықпен өз қайғысын. Қанды азап қинаса да оның жанын, Еркіне бағындырды ол соның бəрін. Бар бейнет тұрды көніп, үн шығармай, Алдында əміршінің тыншығандай.

III Көсемдер! Қолбасшылар анталаған, Қалыпты-ау сиреп, тозып Полтавадан! Жеңіліп, құласа да ту жығылып, Жүр олар патшасына құлдық ұрып. Шығармай қоршап оны, еш дыбысты, Жағалап шөпке келіп отырысты. Ат та тұр қастарында, күміс жүген, Адаммен тағдыр оны теңестірген, Ақ шашты Мазепа да орын сайлап, Еменнің түбіне кеп жатты жайлап. Көсемі қайсар жанды казактардың Үйренген қанағат қып, кез боп тар күн. Сонда да алдыменен татпай дəмін, Қажыған қояды ойлап аттың қамын. Босатып артқы айылын, ерді жөндеп, Маңайдан жапырақ үзіп, жүрді жемдеп, Қарнына саусағымен жеңіл түртіп, Жалынан еркелетіп қойды сілкіп. Сонан соң сүйсіне бір жатты қарап, Атының жем жегенін қадағалап. Шамшыл ат, теріс мінез, асыл текті, Суланған шыққа ұрынып жасыл шөпті, Бергенмен түн ішінде жер деймісің, – Деп шалдың билеп еді үрей ішін. Алайда ат көрсетті шыдамдылық, Сергектік, иесіне адал қылық. Жануар танушы еді өскен жастай, Иесін мың сан қолдан жаза баспай. Түн түнек, болса жолда нелер қауіп, Естілсе таныс дауыс келер шауып. IV Шекпенін жайып сызды жерге төсеп, Мазепа емен түбін етіп төсек,

Жантайып жатып шолды қаруларын, Көп болды, жорық шекті шаңы қалың, Қалды ма оқшантайда оқ-дəрісі, Айналса көретұғын оңға ісі. Кетіліп шақпақ тасы қалмады ма, Қол салды белбеудің де жан-жағына, Ақ семсер суырылатын мықты қынап, Тозбастан баяғыша тұр ма қарап. Бəрің де көріп, байқап шал болғасын, Шығарды азық-түлік, дəм дорбасын. Самсатып жайып салып, қолда барын, Кешкі асқа шақырды дос-жораларын. Бар екен аз да болса шарап тағы, Карл да ауыз тиіп, тамақтанды. Тырысып науқастығын білдірмеске, Өзінің мықтылығын салып еске, Жара да, таршылықта түк емесін Сездіріп, солғын жүзден күлкі елесін, Сөйледі ол: Серілерім, сендер осал Демеймін, сонда дағы зерлерің сал, Қанды айқас, тайғақ жолда жеңіп өтпек, Ойлаймын Мазепаның теңі жоқ деп! Я, Гетман, шыным осы, сөзіме илан, Мен сонау Александр заманынан. Шолғанда бергі уақыт, бергі жерді, Көрмедім Буцефал мен сендей ерді. Тəйірі-ай, Скифтерің тең болып па! Құйындай ұйтқып шаптың сен жорықта» «Мен, сірə, атқа шауып қайда үйрендім, Бермесін басына оның пенделердің!» «Ау, шалым, – деді король, – айтпа олай деп. Ол – өнер, ойламаймын атты оңай деп. Ол жатқан ұзақ тарих, үлкен кеңес! Айтатын, əттең, оны бұл жер емес. Жол алыс, азабы көп сапар қашық, Жан-жақтан жау төніп тұр заһар шашып,

Тықсырып даламенен келеді айдап, Дем алып, көк шалғынға атты байлап, Əрі өтіп Днепрден кеткенше ұзап, Корольсіз тыныстаңыз бір азырақ. Тұрайын басыңызға күзет құрып, Қаусаған əлсіз қолды түзеттіріп. – Жоқ; оған көнерім жоқ, қайта маған Ескі күн əңгімесі қайталаған Азырақ тыныс берер, көз ілермін, Тапқайсың əңгімеңмен өзің емін. Əйтпесе қалжырағап жанарымнан Ұйқы үркіп, сезіміме салады ылаң. – Құп, мейлі, олай болса, келем барып, Елу жыл бұрынғы іске мен оралып. Жастықтың қамсыз, ойсыз кезеңі еді, Жиырмаға жаңа шыққан кезім еді... Дəл айтам – аспаған кез сол шамадан, Польшада Ян-Казимир патша болған Шақ еді, шəкірт болып алты жылдай Қол бала, өстім соның жақынындай. Өзі де білімі мол əмірші еді! Ешкіммен соғыспады өмір, тегі, Жаулауды сүймеуші еді жаттың жерін, Елінің сақтау үшін бақ-беделін. Тып-тыныш өмір құрды – əл келгенше, Өзгедей өрекпімей əлденеше, Жалғыз-ақ Варшаваның сейімінде, Қобалжу болды аздап кейін күнде. Ол өзі сүйінуден, қызықтаудан, Толқудан əм іргесін аулақ салған, – Десем мен – болар еді сөзім жалған. Ол дағы жарды сүйген, сұлу таңдап, Əйелдің сан қылығы оны да алдап, Жанжалға жаны жақын барып қалып,

Артынша ақыл жеңіп, алып қалып, Содан соң Варшаваны дүрілдетіп, Той тойлап басылатын, мұңы кетіп. Қақпасын сарайының халық бермей, Құжынап тұрушы еді, тартып керней, Ол сонда көзін салып тұрды оларға, Не сұлу, маңғаз бикеш, мырзаларға. Польшаның кемел ақын Сүлеймені, – Деп атап, нелер ақын сүлейлері, Мадақтап жырға қосты оның атын, Тек қана сүймеді оны жалғыз ақын: Сырт қалып назарынан падишаның, Өшікті ол, бар уымен сатираның Ашуын төгіп жазды, оны ыластап, Мақтанып, жағымпазға бəрін тастап. О, шіркін, ғажап еді сонау тобыр, Өтетін салтанатпен ылғи өмір, Ойын, той, бəйге жарыс ортасында Туатын талай өлең – жыр да осында. Бəрі де əуесқойдың жыр жазатын, Менің де шығып жүрді ақын атым. Сарайдың ішіндегі көп жұлдыздан Жарқырап бір ерекше жұлдыз туған, Мырза еді, магнат еді дəуірлеген, Ойлайтын адам жоқ, деп, тəуір менен. Жүретін кеудесіне көп нан пісіп, Бейне бір келгендей-ақ көктен түсіп. Атаның атағы мен бақ-дəулеті, Өзіне алып берген зор құрметті. Тəкаппар, таупиықсыз менмен граф Жаралған жан болғансын елден жырақ, Өзіне өзі риза, өзгеге жат. Бай еді, дəулетті еді тіпті ғажап. Жетіскен жеті атасы о басынан Айырды бұл графты тобасынан. Өзгеден ойым озық, басым артық

Деп күпсіп, бой бермеді тасып, шалқып. Ал бірақ оны жар қып, ерсінбеген, Əйелі асқақ сұлу менсінбеген. Үш мүшел жасы кіші – ерін мүлдем Жансынбай, кезең еді жеріп жүрген. Көз жасын адалдыққа ант ететін Шақ өтіп, жастық сезім жалт ететін Айнығыш мінез тауып, сəтті күтіп, Жалынсыз қарт күйеуден қауқар бітіп, Өзгенің əміріне жайып саусақ, От сезім өртендіріп, лəззат аңсап, Тəкаппар өр сұлудың көкірегі, Тағы бір жар сағынып отыр еді, Графтың аяулысын жатқа сыйлап, Сол сұлу болды, міне, бақты асырмақ. V «Қартайдым осы күні, шашым аппақ, Тұрмын ғой жетпісіңнен асып, аттап. Ал бірақ сонау жастық күндерімде Атандым көркем жігіт мен де өмірде. Не талай дворянның бозбаласы, Менімен таласушы ед азғанасы, Талап та, қасиет те, бақ та өзімде, Боп жүрді сонау дəурен жас кезімде. Қайратты, пысық жəне өткір едім, Сырт момын, іштей өсіп көп түледім. Сондағы сүйкімді жүз, ажарымды, Сан соғыс, өткен жылдар ада қылды, Қазір де тұнжыраған түсім қатал, Тоздырды жолы бұраң өмір сапар. Бүгін мен кешегімнің арасында Алшақтық өте үлкен, расында! Жанашыр туғандарым, таныстарым, Егер де болса олармен қауышпағым,

Танымай қалар еді түр-түсімнен, Адамның өзгеруін кім түсінген. Өзгердім баяғыда-ақ, жасқа жетпей, Өтті ғой өмір тəуір, босқа кетпей, Кəрілік, сонда жеңіп алғаның жоқ, Ақылдан, күшімнен де танғаным жоқ. Əйтпесе отырар ма ем осы кеште, Алыс күн оқиғасы түсіп еске, Панасыз, жалаң орман қапталында Жағдайсыз жабырқау топ жатқанында, Сендерді еліктіріп, əңгіме айтып, Өткен шақ өрісіне барып қайтып. Онымда Терезаның нұр бейнесі, Көзімде айдан айқын тұр елесі. Шіркіннің тəтті мінез, қылықтарын Мен əлі еске аламын, ұмытпадым. Амал не сипаттауға тілім жетпес, Жалғанда одан сұлу мүсін өтпес. Қосылған поляк, түрік сұлулығы, Сол ғана мүмкін еді туу мұны. Қос жанар, маңдайдағы шырақ қандай, Қара еді-ау төбедегі мына аспандай. Сол көздің нұр сəулесін көрем ұдай, Бұлттан шашыраған ай нұрындай. Жарығы дүниенің жарасқандай Бір соның ақтығымен талас таңдай. Өртеніп ажал-отқа өлерінде, Қан ойнап ақтық рет реңінде Өрлікпен көк аспанға көз жіберіп, Жайнап бір қарайды адам, өзі берік. Дəл сондай мұның дағы жанарында От толы, лəззəт күшті, нала-мұң да. Күн ойнап тереңінде сəулеленіп, Түбіне аспан түсіп дөңгеленіп, Қозғалмай суы, толқын үн қатпай ма, Дəл сондай мөлдір еді беті де оның.

Тұп-тұнық, тұр қазір де елтіп бойым. Ар жағын айтып оның неғыламын. Аңсаймын, айтқан сайын сағынамын, Қаншалық ынтызар боп сүйгенімді, Бере алмас тіл жеткізіп мүлде мұны. Сүйген ем, қазірде де сүйем қатты, Болсам да əм даңқты, жарақатты. Көрсем де дүниенің не ғажабын, Толса да қуанышқа, мұңға жаным. Сүйем мен ызада да, кекті күнде, Қартайып, тұғырыма шеккенімде, Осылай мазаламақ Мазепаны Өмірдің өтіп кеткен өзге таңы. VI «Сонымен кездестік біз, көргенімде-ақ Күрсіндім, жүре берді жанымды улап. Оныма сұлу сөзсіз жауап қатты, Табиғат туады ғой не ғажапты! Дыбыс көп табиғатта түр, түс те көп, Естиміз, сезінеміз – бір күш жебеп, Алайда арман, тілек, үміт деген От болып, ұшқын болып тұнып денең. Қалайша шығатынын сыртқа батыл Түсініп жеткен емес ешбір ақыл. Сол ұшқын найзағайдай тез ұшпай ма, Жүрек пен жүрек хабар алыспай ма, Жұмбақ тіл, құпия тіл, дыбыссыз тіл – Жас болсаң тек ішіңнен ұғысып біл! От-жалын қос жүректі мекен еткен, Көз көрмей, жалғасып-ақ кетеді екен. Үндемей, ұзақ төздім, шегіп азап, Сөйтсем де ұстап жүрдім бойымды аулақ Кездесіп танысқанша мен онымен. Алысып құйындаған өз ойыммен.

Неше рет айтуға мен шақ қалдым да, Барымды Терезаға ақтаруға. Болмады сабыр, төзім, дəт табуға, Қайнады оған деген от қанымда. Алайда түсініксіз үрей билеп, Ерінім құр күбірлеп, бой дірілдеп, Сөздерім сүйіспендік қалды айтылмай. Бір күні қызу-думан алды-арты бай Дүрілдеп жүріп жатты, есіл-дертім Отыру Терезаға жақын, еркін. Ынтығып сүйгеніме, төзім қалмай, Күзетіп, бағып қалдым, көзімді алмай. Қиятын бұл сағатта бізге жанын, Сондай-ақ күзетшіні берсін тəңірім! Байқадым, отыр сұлу ойға батып, Сұп-сұлық, өңі қашқан, қаны қатып, Ойынға ықыласы берілмеген, Білмедім мен себебі оның неден. Əйтсе де отырды ойнап жұртпен бірдей, Кете алмай елді тастап, сыр білдірмей. Секілді қозғалмайды қаққан қазық, Ол отыр өзін өзі хақтан жазып, Бұл сағат тілегіне еркі қарсы, Белгілі аңсайтыны кімнің қасы, Мен соны отыр едім өзім де аңдып, Манадан көрмеп едім көзімді алып, Сөйлессем деген бір ой қалды келіп. Үмітпен тілдесуге алдым ерік, Үн қаттым, бір-екі ауыз сырымды айттым, Сөзімнің қарамадым сынына тым, Шамасы, шықса керек күңгірт, əлсіз, Сезімнің билігіне не қыларсыз? Сонда да үзік-үзік сонау сөзді Мəселе – бір тыңдату, бір тыңдаса! Екінші тыңдайды ғой кім де болса! Мұз қаптап тұрмаса егер өне бойын, Қайтсе де түсінеді деген ойым!

VII «Сүйдім де, сүйдірдім де ол бір кезде, Бұл кəсіп пəндешілік бұл мінезге, Естуші ем, уа, падишам, жаны қас деп, Егер де сіз айтсаңыз сол рас деп, – Онда мен доғарайын əңгімемді, Есіме ғашық күндер бəрі келді, Көз жасым, қуанышым ол кездегі Елітіп, қызықтырмас енді өзгені. Болады енді қазір кімге дəрі, Көрінер құрғақ мылжың сізге бəрі. Сөйткенмен, жел нəпсіні ақыл жеңу – Əркімге оңай емес қолдан келу. Мысалы, сіз ғана еркек жаралған шын, Билеген мемлекетті əрі өз басын. Мен дағы мың сан жұртқа князь едім, Бұйрығым болмады екі, сірə, менің. Айқайым шыққан кезде-ақ танушы еді, Қамалға қайтпай қолым шабушы еді. Не керек, ол үстемдік өтті бастан! Сүйдім мен, қалмай көңіл қара қастан, Сол бетпен төске шауып кетем дедім, Ол ойым болып шықты бекер менің. Сұлумен жолығушы ем мен жасырын, Күтудің ұғып ем-ау сонда сырын. Жалғанда жар тосқаннан қызық өтпес, Ол дəурен өле-өлгенше естен кетпес. Дүниенің сыйлығы ғой бізге берген, Табылмас оның теңі іздегенмен. Сол күнді қайтып берсе маған тағы, Қияр ем қиналмай-ақ Украинаны. Паж болып, нөкер болып бұрынғыдай, Беліме қылыш байлап жүріп ұдай, Бір ғана асыл жанға сүйікті боп, Өзімде одан өзге байлығым жоқ,

Күшім бар жігерім мен жас дəуренім Тұрсам-ау, арманым не басқа менің. Құпия жүрдік сөйтіп біз кездесіп, Кейбіреу сол құпия қызық десіп, Айтады, сірə, онысын мен білмедім, Білгенім: үстінде осы жер-дүниенің Оны атау əйелім деп қандай бақыт, Қалғанша сүйе берсем таңдай қатып. Құпия, құпияның несі жақсы, Естіртіп, демегесін: есік ашшы! VIII «Қашанда жұрттың көзі өш ғашықтарға, Олардан таса болар қашық бар ма? Бір күні бізді жаулар тыстан аңдып, Графқа əкеп берді, ұстап алып. Бойдағы қаруымды алды тонап, Үстіме кисем дағы өңшең болат, Мен жалғыз, амалым не сонша – көпке, Адам жоқ жəрдемдесер төңіректе, Барыппыз өзіміз де бір тасаға, Ондайда үйден аттап жұрт аса ма? Ол бір шақ мезгіл еді таңның алды, Ой деген аман қалу адыра қалды. Шақырып иманымды, мойынсұнып, Табынып тағдырыма тұрдым сұлық. Білмедім Терезаға не болғанын, Қалғанын қандай күйде қайран жарым, Қырсық сəт бізді айырды екі жаққа, Мəңгілік жүрегімді дерт қылмаққа. Графтың жыны сонда түсті маған, Ол қайтсін ыза болмай – ісім жаман. Аруағын атасының таптағасын, Адам боп абыройын бақпағасын, Түскен соң қара таңба сүйегіне,

Құр көніп, тірі жүріп керегі не? Тұрған ол аруақ жебеп, құдай қолдап, Кетер деп кім ойлаған бұлай қорлап? О, шірік! Қызметкер, бір қол бала, Санайды ол оңай жатқан кімді олжаға, Бірсəрі шені биік король болса, Көнер ед, арланбас ед оған онша, Мынау кім... Кетті дейсің, ал айтпаңыз Өзі де жұлып түсер долы ед нағыз. ІХ «Атты əкел!» деп құлдарға зікір салды, Қарғытып əкелді бір шу асауды, Даланың тағысы екен жел жетпеген, Түк емес адам ойы жүйрік – деген, Одан да ұшқыр ма деп қалдым мұны, Үркеді, ызың етсе жанның үні, Осқырып, ұстатпайды түгін жана Ұстапты, бұғалық сап бүгін ғана. Шаншылып атылады алды-артымен, Еш адам кигізе алмас алдап жүген. Даланың дүлей перзент қыл құйрығы Тап болды – тағдырымның бұл бұйрығы. Тап соның арқасына таңып мені, «Далаңа алып жоғал, ал, зыт!» деді. Мен оған көрінбедім бұйым құсап, Зымырап кете бардық құйынға ұсап... Х Зымырап кете бардық алға содан, Байқайтын алды-артымды бар ма шамам, Денемді ышқынған ат езгіледі, – Таң жаңа қылаңытқан мезгіл еді, Ақ көбік өне бойын кеткен жауып,

Жануар келеді ағып, жеке шауып, Адамның соңғы айқайы жел жеткізген, Ажалға қолдан беріп, мені өткізген – Жауымның мазақ қылған дауысы еді, Тұл бойым толған ыза, намыс еді. Жалма-жан алқымыма кек тіреліп, Арқанды ə дегенде кеттім керіп, Бетімді артқа қарай алдым бұрып, Жаудырдым лағнатты мен қылғынып. Амал не дауылдатып ұшырған ат, Жел тұрып, тұяғынан тасыр борап, Естіртпей айқайымды кетті басып. Өкіндім, кек қосылып кекке ұласып, Бəрібір өш алынды кейін бірақ. Сол жерде замок тұрған елден жырақ Көпір жоқ аспалы қып көкке салған, Жоқ қазір əсем бақ пен темір қорған, Жайқалған жасыл бақша, көк орай жоқ, Тырбиып басып кеткен жағалай шөп. Құлаған үйлердің тас қабырғасы, Қаңырап, жел гулеткен қазір басын. Бұл жерде бұрын қамал болған-ау деп, Еш нəрсе белгі бермес ол мынау – деп. Қаншама тас болғанмен берік, бекем, Ашудың өрт-шоғына еріп кеткен. Көрдім мен мұнараны өрт жегенін, Жалмамай еш жалынның өтпегенін. Тасырлап төбесіне əлсін-əлсін Жауғанын жалын төгіп бұлт қорғасын: Жатқанда ат жалына таңып мені, Жауларым сірə де еске алып па еді! Кесірсіз кетпейтінін мынау істің, Кезегі келетінін тағдыр күштің. Тағы да өзге күннің туатынын, Ол туса, ойран сонда шығатынын Қайнатып сорын өңкей зұлымдардың

Кешікпей келер менің күнім барын. Мен сонда сəнді сарай өртерімді, Ол кезде білмеді олар өрт кегімді. Мені де, қатты қорлап, мазақ етті, Қаңғыртты қу далаға, азабы өтті, Өлгенше дақ түсірді сүйегіме, Мен дағы жеттім бірақ тілегіме. Қалған жоқ қайтпаған кек мына қолдан, Енді оны неге керек етіп арман. Бəрін де кəрі уақыт жөндейді өзі, Адамды бір-бірімен теңейді өзі. Тек қана күту керек шыдап артын, Көргем жоқ кезек бермес өмір салтын. Жəне де шын өшігіп, кектенсе адам, Ол кегін ұстаса да талай заман, Əйтеуір, соның бір күн қайтпағы бар, Дүниенің сондай əдет салт-заңы бар. ХІ «Алға!» – деп аға бердік, ат пенен мен, Құйындай ұйтқып жерде дөңгеленген, Адамзат мекенінен кеттік аулақ. Құла дүз, құба жонда жеке заулап, Осылай қара аспанды тіліп ағып, Дүрілдеп, жер-дүниені етіп жарық, Сорғалап құлаушы еді жарық жұлдыз Маңайдың жасағандай бəрін күндіз. Көрмедік ізін-түзін еш қаланың, Не ауыл, не бір қыстақ, баспананың, Бір дала – шетсіз, шексіз мынау жатқан Қара орман көкжиекке иек артқан. Қиырда, əлдеқайда ескі қорған Бір кезде татарлардан қорқып салған, Сол ғана көзге сирек шалынады, Маңайдың үнсіз мылқау тағы бəрі.

Адамның белгісі жоқ одан өзге, Тек қана көрінетін қарар көзге Баяғы, сол баяғы шексіз алап, Алысқа кетіп жатыр көк қуалап. Дəл содан бір жыл бұрын сол маңайдан Түріктің əскері өткен, ашып майдан. Жарқылдап ат үстінде қылыш толғап, Сол дала енді қанды қарғыс болған. Аспанның көк күмбезі түнді үйіріп, Азынап қоя берді жел күйініп. Мен де оған күрсінумен қосылмақ ем, Амал не текке қалды есіл дəмем, Күрсініп, сиынуға келмеді əлім, Шомылтып қара терім аттың жалын, Зымырап аға бердік алға қарай, Əрі үркіп, əрі ышқынып жануар-ай, Ұшыртып қос өкпесін келеді ағып, Алысқа, бір қиырға мені де алып. Əйтеуір, қажып барып өзі тоқтар, Деген ой басымдағы шықты жоққа, Таңылған денесіне бір шалдуар, Мен оған иелікке не сəнім бар. Тек қана буынымды құрыстаған Жазбақ боп, берсем жетті сыбыс оған, Шпорды қадағандай əсер алып, Тағы да екіленіп кетер ағып. Даусымды сынап көрдім: бармысың деп, Шығады əрең-əрең байғұс үндеп. Бейне бір естігендей дабыл даусын, Ал атым елең етіп, таңырқасын. Жалтарып, қабырғадан, құлақ тігіп, Кетеді үнім шықса бір атылып. Арқаным қызыл ала батты қанға, Анталап ащы азап тəтті жанға, Тіліме шоқ түскендей дөңгеленіп, Қаталап мен келемін шөлден өліп.

XII «Біз келдік қою орман іргесіне: Салады қоюлығы түнді есіңе. Ғасырлар құрдас болған бір соларға, Көз салсаң кəрі терек, шыршаларға, Бас имей нажағайға өскен шалқақ, Қорғаны табиғаттың жатқан жалпақ. Жап-жасыл, иесі мол, дене балғын, Табиғат бере салған соған бəрін. Көктем де жылда келіп, оған сыйын Əзірлеп, кигізген-ді жаңа киім. Күз келіп жалаңаштап кетер бірақ, Қураған жапырақтар жерге құлап, Көңілсіз солғын күрең түске енеді, Қырғынның қанды ізіндей жатқан шұбап. Алаңның ортасынан көрдім каштан Зор емен бой асырып мың ағаштан Сұстанып тұрды мүлгіп қарағайлар. Бойында бар секілді ауыр ойлар. Тұрған соң жолдан аулақ алшақта тым, Олардың бұтағынан бой сақтадым, Əйтпесе, сонда-ақ мені құдай ұрып, Қоймас еді тағдырымды бұлай қылып. Арқанның түйіндері белге батып, Жарамның ауыздары қалды қатып, Көк жыңғыл, ағаш, томар арасымен, Өкпек жел, асау дауыл қанатымен Ұшыртып кете бардық жер үстінде, Құла түз, қу мекиен елсіз түнде Қалмады соңымыздан қасқыр аңдып. Аранын аша шауып, орғып-қарғып. Орманның ішінде де таң атқанда Ол жүрді соңымызда, қарап қанға, Айырып жүрдім естіп түн ішімен Тісінің сақылдаған дыбысын мен,

Шіркін-ай, сау қолыма қанжар алып, Солардың ортасына бара қалып, Аңсадым, айқаспенен өлсем дедім. Ал өйтіп, арманым не, өлсем менің! Зəрем жоқ енді менің, о, пенделік, Зорығып, қалмасын деп атым өліп! Алайда, бекер еді қорқынышым, Даланың ұғынбаппын өр тағысын, Жеп-жеңіл құзар таудың киігіндей, Жып-жылдам кенет ескен қыр желіндей, Боратқан құба дөңнен қар ұшырып, Қаратпас, жолаушының көзі тұнып Қатырып мұртына мұз, көзге сүңгі, Ұзатар өмірменен кездесуді. Күмістей күдірейте жалын толғап, Бас шұлғып, шабатұғын жолын таңдап, Орманның зымырады соқпағымен, Мал емес əлі күнге тоқтау білген. Мінезі қисық мінез жас баладай, Бас асау, орғып шабар төске қарай, Немесе бейне ашулы долы қатын, Жігіттің қырсығына жолығатын. XIII «Біз кеттік əлгі орманды артқа тастап, Алтын күн тас төбеде жайнады асқақ, Алайда ауа салқын, бір ызғар бар, Секілді ішке түскен улы заһар. Денемнің қалшылы ма, мен білмедім, Қасірет қайратымды жеңді менің! Азаптың жеңбейтұғын жаны бар ма, Көктемнің тасқынындай ұрып жарға Кезім ғой күркіреген, сонда дағы Денеме үрей, қауіп қорғалады. Сезіндім соның бəрін, сезінгенмен

Жеткізіп айта алмаймын сөзіммен мен. Жалаңаш суық дене, ұят-намыс, Қорқыныш, өшпенділік, кек пен қарғыс, Сағыныш, əм жалғыздық, қайғы-уайым Бар қырсық бір-ақ төнді не қылайын. Төзбейтін еш қорлыққа, қаны қайнап, Бұғауды тепкілеген тіспен шайнап, Ерлердің нəсілі едім, буырқанған Асау боп дүниеге туып қалған, Жаным мен тəнім азап қабат шегіп, Ауыр дерт, өкініштен тағат кеміп, Қалайша қалжырадым, қалдым жұмсап, Атасыз, тексіз жасық азғынға ұқсап? Көзімді ат шабысы тұмандатты, Алғы жол артта қалып, сұлап жатты. Көкпеңбек дөңгелектей зырылдауық Үстімде аспан тұрды зырыл қағып... Жүрегім өрекпіді, бас айналып. Зырқылдап миым шаншып, бірде тоқтап, Қайтадан қозғалғандай қалталақтап. Көзімнен жарық дүние бір-бір ұшып, Жанарым сөнбек болды түнді құшып, Жалма-жан оянуға жетпеді əлім, Көзімді ашпақ болам – жоқ амалым, Тек қана жанның терең түкпірінде Сезім бар, өзге тірлік бітті мүлде. Теңіздің долы бұрқақ кең өрінде Жабысып жалғыз тақтай кемеріне Өлмеуге жан ұшырған адамдай-ақ, Өшігіп ажал толқын, тағдыр аяп, Ілініп мен барамын қыл арқанға, Өмірім ойнақшиды – жоғалтам ба? Түнімен дөңбекшіген денесі ысып, Сырқат жан жанарынан жатқан ұшып Сонау бір діріл қаққан сəуледей-ақ, Өмірім қалтырайды – тірлікті аяп.

Тағы бір сілкініп ем – тіреп басты, Буалдыр төңрегімді түнек басты. Жіберді ұмыттырып тəн ауруын Ес танды, ақыл кетті – қайран күнім, Сезіндім соңғы сағат жуықтығын, О, тəңірім, ондай азап ұғыпты кім! Не болам, екінші рет танып естен, Өлерде сол азапты тағы кешсем. Алайда, сенімім зор, өлер шақта Одан да уыты күшті қанды азапқа Түсеміз, жатар əлі жан қиналып, Кеткенше топырақ боп, күлге айналып, Бірақ мен үрейленбен енді ажалдан, Бетіне тура қарап, көзімді алман. ХIV «Ояндым бір мезетте. Қайда келдім? Қақшиып, күші кеткен бар денемнің... Тіріліп бірте-бірте, жайнап өңір, Күшіне қайта кірді қайран өмір, Жүрегім дүрс-дүрс ұрып, тамыр тулап, Буынға қимыл енді, бойды бунап. Тағы да сыздап, ашып, ауырып тəн, Жылыды əлдеқашан суыған қан. Құлағым шыңылдады салып азан, Тағы да ой оянды баста мазаң. Көзім де көрді сəуле сүзілдіріп, Кигендей қоңыр əйнек көзілдірік. Бұл сəтте көгілдір екен аспан ашық, Жұлдыздар тұр биіктен анталасып, Жақыннан су сылдырын естідім мен Жайымды сонда сездім есті білген. Жүйткіген баяғыша ат астымда Келді де, кетті қойып көк тасқынға, Су екен ені жалпақ, қатты ағыны,

Əрең деп жүзді жеңіп ат та мұны, Белгісіз қап-қараңғы жаға беттеп, Аңырмай біз келеміз – ала кетпек Ойы бар дөңгелентіп асау толқын, Ат бірақ қақ жарады күші жойқын. Жануар жанталасып бастады алға, Ризамын жетсем лашық-баспанаға. Соны ойлап алды-артымды келем байқап, Түнек түн, тек көрінер өзен байтақ. Батамын, түсініксіз мына жайға Осы мен тірімін бе деген ойға. XV Түгінен су тамшылап, бу бұрқырап, Дымқыл жал, су тимеген жарғақ құлақ, Бар күшін жиып əрең, тəлтіректеп, Жағаға шықты жайлап, атым ептеп. Өзеннің жары биік, шықтық соған, Сол жерден төңірегіме көзім салам. Көсіліп жатқан байтақ бір кеңістік, Бір жазық бір жазыққа тұр төнісіп. Ар жағы шалғайдан соң шалғай болып, Қиырға дала шашын жалғайды өріп. Осылай ұйқысыз ми таппай сабыр, Түстен соң түс жалғасып жатпай ма бір!.. Əр жерде арагідік ағараңдап, Даладан көрінеді бозғылт таңдақ. Кей кезде ойдым-ойдым көкорайлар Елестеп, тірлік іздеп көз қарайлар. Қалтырап қараңғыдан нұрын төгіп, Ай дағы қара аспанды жүзді сөгіп. Көзімді қанша қадап, қаншама аштым, Адамның көре алмадым баспанасын. Тірліктің қонақжай бір жұлдызындай Жалғыз от шалынар ма көзге, құдай,

Дей тілеп, іздеп бақтым алыс қарап, Амал не көрінбеді жалғыз шырақ. Адасқан, тұрағы жоқ от болса да, Жаныма ыстық еді-ау ол соншама, Мен оны қапы қалмай шалар едім, Тірлікке, қуанышқа балар едім, Деп аңсап, соны арман етемін мен, Адамның сағындым ғой мекенін мен. XVI «Келеміз барған сайын алға тартып, Байқаймын – ат болдырған шауып артық. Қойыпты ол бұрынғыдай зымырауын, Ақ көбік кеткен жауып омырауын. Жуасып, енді асауым жөн көргендей, Бұл қалпын бала дағы меңгергендей. Пайда бар бірақ маған одан қанша, Байлаулы, таңған күйім бұрынғыша. Босатып жіберсе де бұл сағатта, Қауқарым болмас менің жұмсар атқа, Қажыған ауру дене, талған буын Білер ем пайдаға аспай қалғандығын. Сонда да жоқ қой жанда бір толас күн, Бұғауды үзбек болып жанталастым. Қиын ғой кенет кеміс тартса күшің, Қайратсыз зая болды арпалысым. Аспанның ажарына өң жүгіріп, Ағарып келе жатты таң білініп, О, ғажап, қойды маған мезгіл өтпей! Сұм тұман таңғы нұрды ол жібермей Тұрғандай болды ма деп күн бұйырмай, Алайда шығыс жанды алауланып, Ақырғы көшкен бұлтты жел аударып, Алтын шар – күн шарасы шықты шалқып, Нұрына төңіректің бəрі балқып.

Аспанның жұлдыздары сөніп жатты, Мынау от оның солғын өңін жапты. Өзгеден қарыз алмас қалың нұрмен Күн жомарт жердің жүзіп жадыратты. XVII Алды-артта, айналада жасыл кілем, Бейне бір көкжиекке ұшын ілген. Көсіліп байтақ жазық дала жатты, Үстінен бозғылт тұман иек артты. Осынша ұзақ жүйткіп кең даламен, Орманға сүңгіп кіріп, сау қап əрең, Алысып асау толқын жалында ойнап, Келеміз қай тірліктің қамын ойлап? Баяғы, сол баяғы бір даламыз, Не бір аң, тастамаған не адам із, Еңбектің белгісі жоқ қол істеген, Табиғат байлығын еш бөліспеген. Ауа да таза мөлдір, тыныш, тынық. Шөп басы қимылдамас – дыбыс шығып Жатпайды қалың қаудың арасынан, Жəндік жоқ беймаза боп алас ұрған. Құстар да сайрамайды таңды қарсы ап, Қалыпты бұталардың басы босап. Қажыған жалы жатып, мойны талып, Келеді астымда атым əрең алып, Өкпесі сыр-сыр етіп дем ала алмай, Жануар қиналады ауру малдай! Қырсығып кездеспеді жанды қарға, Кеудеге қасіретпен толды нала. Бір кезде сонау алыс əлдеқайдан, Шоқталып өскен қалың қарағайдан Сыбысты қалдым естіп мен елеңдеп, Құйын ба əлде бұтақ кеткен тербеп? Жоқ, анық көрдім сол кез жылқы үйірін,

Даланың серік етіп жел-құйынын, Жайылған қайырусыз өз бетімен, Тимеген бастарына ноқта-жүген. Көрмеген бүйіріне шпор батып, Қамшының шағылмаған дəмін татып. Жалдары суыл қағып, желді құшып, Астында жез тұяқтың жер құрысып, Құлдилап құйындай боп тасты қағып. Қап-қара толқындай-ақ шапшып ағып, Дəл бізге қарсы шауып қалды жақын, Кісінеп қоя берді астымда атым. Теңселіп, жаңа жортып жөнелгенде Жануар құлап түсті, жеме-жемде Ала алмай бойын жинап, алас ұрды, Қорқырап, ажалына мойынсұнды. Жылқылар шауып келіп тұрды қарап, Тосырқап, оқыранып, кейде жанап, Кейде үркіп, атқып түсіп, жалт берісіп, Тығылып бір-біріне, шарт тебісіп, Таң қылып, таңулы арқан мені көріп, Кісінеп, құла дүзде үні кеміп, Кенеттен орман жаққа кетті шауып. Оларға, бəлкім, көзім етті қауіп. Кетті олар соныменен мені тастап, Зор қайғы кең далада жəне бастап, Құлазып қала бердім өлік атпен, Арылып ауыр жүктен мехнаттан Серейіп атым жатты, мен де жаттым. Өлгелі рухын құшып өлген аттың! Баяулап мезгіл өтті минут санап, Ауру жан түкпірінде тірлік сəл-ақ. Кешегі қалың қайрат, толы күштен Айрылып, қасірет уын қанып ішкен Құр сүлде талмаусырап демі біткен Осы деп ақтық күнім – жатыр күтіп, Үміт жоқ, хабар да жоқ тірлігімнен

Қоштасып ең ақырғы бұл күніммен, Ажалды жайбарақат тоса бердім, Көгіне жаутаң қағып осы əлемнің. Алайда өмір қиған кісі бар ма, Ажалға адам жаны құлшынар ма, Өлімнің құтылмаққа тозағынан Жүрмей ме арпалысып ұзақ адам! Кей-кейде өлейін деп, ашынамыз, Тілейміз, хаққа жылап, бас ұрамыз, Ыза боп, құсаланып əлденеге, Боласың қол жұмсамақ сау денеге, Сөйтсе де тағдыр оған тегі көнбес, Тірлікте сағатында өлім келмес. Тірлікте қасіретіңе есеп бермей, Ақыры, тындырады су сепкендей. Алайда бір ғажабы: мұңсыз жандар, Тіршілік қызығына көп тойғандар Əдетте тыныш қана кетеді өліп, Өлімді ұйқыдағы түстей көріп. Орталап келген адам жер сапарын, Білген соң жақсылықтың бірқатарын, Аңсайтын, армандайтын ісі болмай, Көшеді дүниеден ізі қалмай... Ал енді бақытсыз жан бағын тосып, Жүреді алғы күнге үміт қосып. Үлгіртпей ажал шіркін келсе тосын, Өлімді ол жек көрмей кім жек көрсін? Ол өлім бар үміттен қол үздірмек, Болмайды рахат көрмек, өмір сүрмек, Айырып арманынан кетеді алып, Жердегі күткен жұмақ текке қалып! Ертеңгі көрер күні жомарт қандай. Даңқты, рахатты ол артқандай, Бар көрген бейнетіңді ұмыттырмақ. Есесін жақсылықпен толықтырмақ. Гүл төгіп, қалған күнді қарық қылмақ,

Түнекті алып, жолды жарық қылмақ, Көл қылған көз жасыңды имек болар Бақытың барғаныңша сүйреп бағар. Қайран күн, ертеңгі күн, алдағы күн Арбайды азаптағы адам ұлын. Бар қызық, тəтті өмірді дəметкенде Ажалға риза болсын неге пенде! XVIII «Күн қонды ұясына, мен жатырмын, Жастанып қу сүйегін өлі атымның. Ойладым осыменен қалам өліп, Көзімді мұнар басты, ұйқы жеңіп, Ол ұйқы жай ұйқы емес, мəңгі ұйқы еді, Тағдырым ажал деген жарға итерді. Қарадым ақырғы рет көк аспанға, Айналып ұшып жүрді құзғын қарға, Баққаны оның жалғыз – көз жұмбағым, Содан соң білем оның той қылмағын: Кейде ол жерге қонып, кейде ұшып, Қалықтап жүрді маған жанай түсіп. Батқан күн ақ сəулесі арасынан Құзғынның көз жазбадым қарасынан. Бір рет тіпті сонша келді жақын, Дариға-ай, қол бос болса – бар ма қапым. Қозғалмақ болғанымда табан тіреп, Шықырлап қиыршық құм – бой əлсіреп, Ербеңдеп əлсіз қолым əлсін-əлсін, Тығылып тамағыма үнім-даусым, Шошытып жібергені сол қарғаны, Жатыр ем бір соғуға қарманғалы. Одан соң қалдым білмей мен есімді, Алдымда өңшең бұлдыр елес тұрды. Ішінен сол елестің жалғыз шығып, Алыстан, көк аспаннан тыныс қылып,

Қалтырап тұрды жанып солғын сəуле, Жетем деп сол жұлдызға жаным əуре. Одан соң тағы ес жиям, жалғыздыққа Оралам, сорлы күйге, халсыздыққа, Тағы да естен танам көп ұзамай, Тынысым естіледі əлдеқалай. Салқындап тұла бойым, көз мұнартып, Жүрегім мұзға айналып, төмен тартып, Миымда əлсіз ойым аласұрып, Күрсініп ақтық рет – қалам сұлық. XIX «Ес жидым, мен ояндым бір мезетте, Қалайша келіп жатқам мен төсекке? Япыр-ау, кім болды екен мына кісі, Шынымен, жатқан жерім үйдің іші? Кім екен қимылымнан көзін алмай, Үңіліп тұрған күтіп төзім қалмай? Бұрышта, тақау жерде оңашарақ, Казактың бір жас қызы отыр қарап. Жаны ашып, көздерінен мөлдіреген Көңілін қалдым танып елжіреген. Көзімді қайта жұмдым – сəл кеп күшке, Білейін деген оймен: өң бе, түс пе? Жарқырап ой оянды, көңіл сергіп, Əлгі көз тағы алдыма тұрды келіп. Түс емес байқап білсем, бой шымырлап, Өңің деп бар сезімім тұр сыбырлап! Көзімді ашқанымды білісімен, Жаныма от жіберіп күлкісімен, Жүгіріп келді жетіп сұлу балғын, Дегендей белгі берді: шығарма үн. Бетіме қолын басып алма-кезек, Басыма жастығымды салды түзеп. Ақырын жайлап сосын есік ашып,

Білдірмей кетті шығып, жіті басып. Білінді тыныштықта қозғалғаны, Сыбыры секілденді – өмір əні. Тағы да жалғыз қалдым бұл шағымда, Оянған ойдың қалың қоршауында. XX «Одан соң ертіп келді қыз əкесін, Ар жағын əңгіменің созам несін, Жатпайын мыжып айтып, талдап бəрін, Мен болдым арасында казактардың. Тауыпты сонау орын, құла түзден, Күйімде өмірімнен күдер үзген Содан соң əкеліпті үйлеріне, Себеп боп тағы да өмір сүрмегіме. Жауыма мені қайта кезіксін деп, Не екенін кек-намыстың тез ұқсын деп! Есалаң дұшпандарым не істемеді, Деді де қорлық көріп босқа өледі. Қаңғыртып қоя берді қу далаға, Бұйыртпай тыныш өлім, бір мола да. Жіберді қанға бояп, жалаңаштап, Қайғыдан сол даладан қолды бастап, Білді ме сол жолыммен келерімді Тағына үстемдіктің мінерімді. Тағдырын тірлігінде кім болжаған Қамығып, жөн бе қазір мұңды ойлаған? Қуғыннан құтылармыз көп ұзамай, Жетерміз кең далаға тозғындамай, Атымыз Борисфенде алар дамыл, Бізге де еркіншілік болар дəуір. Ие боп, құлдық қылып бір еркіме, Қуана қарармын-ау, Днепрге! Ал, достар, қайырлы түн! Есен-аман!» Деді де Гетман сөзін етті тəмам.

Жүз жылғы жуан емен саясында, Аста жер, үсте аспан аясында, Төсеніп жапырақты сом бір тұлға Бұдан соң рахаттана шомды ұйқыға. Үйренген мұндай халге, жат жағдайға, Қиындық көрген қартың жер таңдай ма, Ұрымтал кезі келсе, рахаттанып, Тынығып сала берер, қуат алып... Ал Карл алғыс айтпай, кетсе ұмытып, Таңданба, ерсі көріп, бос үміт қып. Денесі тыныш тауып қажып талған, Бір сағат бұдан бұрын ұйқтап қалған.

ШИЛЬОН ТҰТҚЫНЫ I Жүзіме, о, жарандар, бір қараңдар, – Мен бейне сақал-шашы ағарған шал, Емес ол кəріліктен, не сырқаттан, Немесе тумысымнан шала-жансар, Яки не үрейден, қорқыныштан Кеткен жоқ шашы ағарып қапылыстан, Бел бүкір, маңдайымда шөккен əжім, – Түрмеде азап шегіп отырыстан. Білсеңдер тапқан зардан мұның бəрі, – Айрылып тəтті күннен бұрындағы, Ауасыз тар қапаста, кісендеулі Торғайдай шыбын жаным шырылдады, Қуардым күннен күнге қурайдай-ақ. Сарғайып тірлік бітпей тұрып алды, Бақытсыз сорлы əкенің, амал бар ма Тағдырын тағы берсе балаларға? Олар да ажал тапты тар бұғаудан. Олар да ұшырады қайғы-зарға. Атадан алтау едік – бесі кетті, Тəңірім жастай өлім – несіп етті... Жасынан азап шеккен əкем байғұс Қартайып өлді ақыры кешіп өртті. Екі ағам ар, намысқа жанын қиып, Жолында махаббаттың кетті күйіп,

Үшеуі енді қалған тас түрмеде Мəңгілік сүйектері жатты шіріп. Қаусаған қазір түрім мынау менің, – Сорыма тірі қалып, соларды енді Кəсібім болды жоқтау, жылау менің. II Жан-жағын Шильонның су қоршаған, Тереңде, жер түбінде жеті баған – Көгеріп, көпіршіген мүктер басқан, – Биіктен əлсіз сəуле құлайды оған. Арбиған қабырғаның жарығынан Ол сəуле дымқыл еден үстін басып Жанады өлеусіреп, түсі қашып Батпақтың үстіне əкеп жаққан оттай, – Түнектің шығады одан исі сасық. Байлаған əр бағанда шығыршық бар, Оларға таққан шынжыр – шын қырсықтар Ойлайсың у жаққан ба – деп соларға Денемді тиіп кетсе – қан қақсатар. Ештеме өшіре алмас, мəңгі мəлім, Олардың тəнге басқан таңбаларын, Білмеймін қанша уақыт күннің барын. Ұқпаймын түннен кейін таң боларын. Мен енді аңсамаймын еркіндікті Құр сүлде, жан айныды, еркім бітті, – Соңғы інім көз алдымда жан тапсырып, Сөндіріп кетті содан соңғы үмітті, Мен жаттым аласұрып сулы еденде Сенбестен енді жарық бар дегенге. III Бағанға шынжырменен таңылған біз, Біргеміз, бірақ бөлек айрылғанбыз,

Болмады жалғыз қадам жақындауға Көруден жүзімізді жаңылғанбыз. Орнаған қара түнек арамызда, Ол түнек ойымызда, санамызда, Жат қылып бауырларды бірге туған Жүректі айналдырған қара мұзға Жалғыз-ақ жанға медеу – үн қатамыз, Сонымен сорлы жүрек жұбатамыз, Сонымен ескі күнді еске аламыз, Сонымен жасымызды құрғатамыз. Кешікпей ол да бітті – дауыс тынды, Үнсіздік əлсіз үмітті ауыстырды. Дауыс та өзгереді – жат болады Кəдімгі таныс та емес, таныс сынды. Түрменің жəй əшейін жаңғырығы Секілді жанға қаяу, салды мұңды Баяғы ерлік күндер, батыр жылдар Ақырған жауларына ақырғы ұлдар Дауысы арман екен, о, дүние-ай, – Бəрі де болып кетті жат құрғырлар. IV Мен едім ең үлкені үшеуміздің, – Сондықтан бас қамынан күдер үздім, Соларды бағып-қағу есіл-дертім – Тұрмыстың көрсетпеуге жүдеу жүзін. Кіші інім – еді əкемнің сүйікті ұлы Əйтсе де, кескін-кейпі, сұлу сыны, Аспандай сəуле шашқан əсем көзі, Шешемнен айнымайтын – сөздің шыны. Сол еді бар жұбаныш – бақ, дəулетім, Не керек адал көңіл, ақ ниетім Өшті ғой көз алдымда гүлдей солып, Қайғының маған тастап бар бейнетін. Кескіні əдемі еді-ау айдай анық,

Сол еді түрмедегі түскен жарық, Таза еді таңғы шықтай, тəтті-ақ еді, Бойында бал балалық – исі қанық. Өзгенің қасіретіне жан ашығыш, Көзінен тұрар еді жасы тамып. V Дəл сондай жаны таза екінші інім, Айтсаң сен рухының өршілдігін, Барынша қайратты еді, қайсар еді, Күшімен айналдырар жер кіндігін. Бір өзі қалың жауға қарсы барар, Жан емес өлем-ау деп жар сығалар, Алайда бұғаулауға төзбес еді. Шынжырдың дауысынан көрді-ау азап! Сезіндім, көрмесем де сор азабын, Алдында жатқандығын ол ажалдың, Сөнерін қайғы қажап, қасірет мүжіп, Бауырынан дəл қасында көз жазарын! Атақты мерген еді тауды кезген, Ататын құралайды аңды көзден. Қашаннан қасқыр, қабылан қуғыншысы Оны да түрме құртты – қанды безбен. VІ Леманның қара бұйра ормандары – Қоршаған Шильонның қорғандары. Бер жағы қара терең қаптаған су – Солқылдар соқса толқын содан жары. Жар менен асау теңіз – қос қамалдан Болмайды, сірə, босап қашқан адам. Қайғылы қара күмбез тұғырлары – Айнымас бізді көмер тас моладан. Жартасты күндіз-түні толқын ұрып

Сол шудан ми айналар, бас қаңғырып, Соққанда дəудей толқын аласұрып, Жатады көбіктері ішке кіріп, Сонау бір биіктегі терезеден, Алады сонда бізді жуындырып. Кейде бір дауыл соғып, жай ойнаған, Жартасты ашуымен буындырып, О, сұмдық! Құлатса екен – деп тілейміз, Біржола астында қап, өліп кетсек – Жатқанша бүйтіп қор боп, дымың құрып VІІ Айттым ғой ортаншы інім – ер еді деп, Бар еді кеңшілікте керегі – деп, Амал не, тас түнекте талдай қурап, Кім білген жаны езіліп, семеді – деп. Өшігіп тіршілікке, тісін қайрап, Нəр татпай, құр қара су қорегі боп, Сонда да алып мерген, емен тұлға Аштыққа көпке дейін көнері жоқ. Əлпінің ешкісінің сүтін ішкен Біздерді сасыған су құртып іштен Аздырды, көз жасымен жібітеміз Қара нан іші шикі, сырты піскен. Кісенмен оның жасы құрдас шығар, Алайда ауырлыққа тек тас шыдар. Осы інім шыдап бақты, оны құртқан Бұл емес, тұтқындықтың азабы еді. Кезінде шоқты шайнап, жалын жұтқан. Еркіндік, бір бостандық аңсағаны, Егер де жұмақ болса қоршағаны – Бəрібір азаттықсыз, əрекетсіз Оған жоқ рахаттың да онша мəні. Айттың не, айтпадың не енді, міне, Ол өлді... ең соңғы рет сол ініме

Қолымды соза алмай да қалдым-ау мен. Бір қарап, шіркін, шырақ сөнуіне, Көзін де жаба алмадым қайран ердің, ІІІыңғырып шынжырымды шайнай бердім Жап-жақын, жатсам дағы дəл қасында, Амал жоқ алыс болып қалмасыма, Естідім ең ақырғы дем алысын, Қанының тамырдағы соңғы ағысын, Кісеннің бір тартылып созылғанын, Сорлы інім сарыққанын зорға күшін, Тым-тырыс бола қалды кенет бəрі, Қашаннан əзір тұрар жендет заңы – Сыпырып кісендерін шешіп алып, Сүйрелеп əкеткені тездеп тағы, Табытсыз, сызды жердің қойнауына Білінді көмгені де, қойғаны да. Сонда мен жасты көзбен жалындым кеп, Тағдырға бауыр үшін табынғым кеп, «Моласын ең болмаса жерге қой», – деп, Тұратын көкте күннің жарығы кеп». Ол дұға, ол өтініш бос əурелік, Сонда да бекіндім мен босай беріп, Бір оймен: «Ең болмаса табытында Байғұсың алды ғой деп боса да ерік. Түрмеде маза болмас өліге де». Деген ой əлде ерсі көрінді ме, Бір суық күлкі естілді ту сыртымнан, Қабырғам əлде күрт-күрт сөгілді ме? – Көмілді түрменің су ауласына, Жер батып сықыр-сықыр жамбасына. Басында темір шыншыр бір бөлегі, Секілді киген бөркі – делбегейі. Секілді бөрік емес – оған соққан Сұм жендет өлтіргіштер мавзолейі.

VIII Кіші інім – бар əулеттің сүйіктісі, – Жарығы, періштесі, ұйытқысы, Жаралған жөргегінен сүйкімді боп, – Тəңірінің көк жайлаған биік құсы, Анамның ақ бейнесі, адал жаны, Əкемнің мақтанышы, бар арманы, – Ол үшін қидым рахат, кештім бейнет – Ол үшін түрмеде де алаңдадым. Азабын қайтсем жеңілдетемін деп, Босанып, еркіндікке жетеді деп, Не пайда! Төзіп бақты бала жаны, Жұмсалды сабыр, ақыл, сана бəрі, Тып-тыныш, моп-момақан күйден танбай – Тағдырын терең оймен саралады, Мен емес, ол сүйеніш болды маған, Не керек, күннен күнге солды жаман. Күрт күйреп, қажып, қаусап бара жатты, Ағаштай жапырағы тез қураған. О, құдай! О, жасаған! Көру маған Болды ауыр əр сəттерін жан қинаған, Осынау тірлік үшін ажалменен Қаншама алысады қайран адам! Көріп ем қан майданда ер өлгенін, Қаншама салса дағы өнерлерін, Жабысып жалғыз тақтай ернеуіне, Жүзгіштің су түбіне жөнелгенін, Сытылып, соңғы үміттің жібі үзіліп, Кеткенін көзі ақшиып, түр бұзылып, Көргенмен жауыздың да жаны тəтті Болғанын, өзгелерге діні қатты, Қатыгез қансыз ажал кімді аясын, Қарғысшыл оны дағы аузын жапты: Əрине, ол кəдімгі үрей болатын, Ал мынау – қайғы жүрек жұтқан дəтін.

Ол сөнді үнсіз көнбіс періштедей Үмітсіз күйіменен сабыр-салқын. Еске алып, жыламастан жақындарын, Бəрін де ақырғы рет шақырғанын, Білдім мен өзімді де аяғанын, Ішінен иман айтып, аһ ұрғанын. Амал не! Сөнді байғұс қарай-қарай Арбаған көзімізді шұғыладай Алаулап кешке жақын сөнерінде, Дүниеге енді қайтып бұрыла алмай. Сөнді ол – өкініш жоқ, күрсініс жоқ, Тағдырға ыза да жоқ, сілкініс жоқ, Тек қана анда-санда меніменен Қалатын үн қатысып, бір туыс боп, Еске алып өткен дəурен кескіндерін, Тірлікте қызық күндер кешкендерін, – Жанымды азап мүжіп жанталастым, Қызығым, дəл қасымнан өшкенде күн. Есімнен əлсін-əлсін ауып жаттым, Ол жатты тырнағында ажал қарттың, Сонда да білдірмеді-ау сор азабын – Кенеттен алған тыныс сирек тартты, Дірілдеп тұрған бойы, қалды тынып, Бұл сұмдық үнсіздіктен мен ышқынып Ояндым, құлақ тостым – тас тыныштық! Жан-жақтың бəрі тылсым, бəрі сұлық! Айқайлап жібердім кеп жынданғандай, Сілкінді зіл қабырға таңданғандай, Жаңғырық əлдеқайда барып тынды, Бұлқындым, енді дүние тар болғандай. Бұғауды бар күшіммен керіп қалдым, Үзілді ол. Ə дегенде мен ұқпадым, Сол бойда ұмтылдым кеп бауырыма, Інім жоқ! Бір мезетте көріп қалдым Салбырап бағанада тұр асылып, Еңкейіп төмен түскен басы сұлық.

Қолымды апарып ем сəл көтеріп, Денесі барады екен жаңа суып. Жанымнан қуат кеткен секілді мен Тұншықтым өкіре алмай өксігімнен. Содан соң құр сенделіп жүріп алдым, Түрменің ішін кезіп, бос күйіммен Сұмдық бір тыныштықтың мысы басып, Табыттың шыққандай бір исі сасық. Еседі салқын ызғар – дене мұздар, Өлікке қарап тұрып, көзімді ашып, Кенеттен тірі екенін сездім анық, Бауырымның енді жоғын есіме алып, – Қиынын қырсық сəттің кешкен қандай, Кешегі бірге туған жүрек жарып. Соны да менің көзім көрді, міне, Білмеймін сенімім бе, ерлігім бе, Немесе тіршілікке суынғандық – Сол үшін тіршіліктің кеңдігі ме, – Əйтеуір, қалдым босап енді, міне! IX Одан соң есімде жоқ не болғаным, Күн, қайсы, түні қайсы – баға алмадым, Ес-түс жоқ, тікемнен тік тұрған бойым, Бір кезде ауа бітті, дем алмадым. Тас та тас, мен де таспын – кіл меңіреу, Бейне бір ауыр түсті көрген біреу Секілді, бұлдыр-бұлдыр қалың елес, – Көз алдым көлеңкедей қатқан сіреу. Түн де емес, күндіз де емес – шексіз түнек, Жайдағы түрме де емес – жүрек жүдеп Сан уақыт сарғаюмен жан аздырған, Тұратын бағанаға арқа тіреп! О, ол бір – қараңғының қараңғысы, Түпсіздің түпсізі еді – оған кісі

Еш уақыт миы жетіп, үңіле алмас, Ол емес – жендеттің де жан алғышы. Шеті жоқ, нəсілі де, тегі де жоқ Əлдебір құр сүлделер дүниесі, Күні жоқ, аспаны жоқ, көгі де жоқ. X Бір сəуле миыма кеп түсті кенет,– Ол сəуле – құстың даусы – о, керемет! Бір тоқтап, бір сайраған тас төбемде Келген бір əулиедей мені жебеп. Жаныма жайлы тиді үні тəтті, – Сезіндім, қайта сергіп, рахатты. Құмартып тыңдай беріп сол мезетте Бір кезек есімнен де танып қаппын, Бірақ та ол күйімнен тез айықтым, Ояндым, əттең, əлгі ғажайыптың Бəрі жоқ, баяғы сол тас түнегім Баяғы тұрған күйі таз қалыптың, Баяғы түскен сəуле саңылаудан – Тəңірінің жалғыз сəті көңілі ауған – Сол жарық құйылып тұр əлсіз ғана, Əншім тұр сол жарықтан орын алған. Қозғалып, қағынады, сілкінеді Секілді бұлттан жаңбыр сіркіреуі – Кішкентай қанаттары діріл қағып, Тұрғандай маған айтып бір тілеуін, Тұрғандай сəлем жолдап тіршіліктен, Тыңдадым тағы да əнін, сүйсініп мен. Ол əнде қанша ғажап сыр бар еді, Байқасаң мағынасын түсініп сен! Бəрі де өзім жайлы айтылғандай – Ынтығып жүрек, көңіл жан тыңдардай, Қаншама уақыт өтті көрмегелі Ғажайып көріністі, сəтімді ондай! Оның да мендей бауыры болғандай-ақ.

Мезгілі жетпей қурап солғандай-ақ, Ол дағы мен секілді жалғыз қалып, Аузында айтқан əні – армандай-ақ. Көрінді маған солай. О, жебеушім, Мені аяп, қажығанда сүйеу үшін. Құдайға, адамға да керегі жоқ Байғұсты қанатымен тіреу үшін. Сол əннен тірілдім мен, кірді жаным, Алайда кім болды екен бұл мейманым? Салам деп көк жүзінде бір сайранын Аспанның тұрғыны ма еркін жүрген, Байқаусыз кіріп кеткен торға мына, Тағдырдың бір бақытсыз, сор жанына. Сайраған еркіндіктің жырын тəтті – Білем бе, айта алам ба – аңдадым ба? Кейде мен əлденендей ойға түстім,– Осынау жəй құс емес, əсем құстың Жұмақтан келгені де, рас шығар деп Əлдебір сиқырымен құдірет-күштің, Інімнің рухы шығар маған келген, Жаныма жабыққанда жəрдем берген, Жарығым, желеп-жебеп кету үшін Соққан ғой бауырына алыс жерден. Алайда жұбатушым болды ғайып, Сонау бір күн жолына қанат жайып, Жо-жоқ, ол інім болмай шықты менің – Оп-оңай інім болса – кетпес тайып. Ешқашан екінші рет мені тастап, – Екі есе жалғыздықтың сорын бастап, Сорайып тағы қалдым – бір шала өлік, Басыма сықырлаған табыт жасап. XI Кенеттен тағдырымда тосын бір жай, Жібіткен күзетшіні қайсы құдай,

Жасады мен дегенде аяушылық, Жақсылық болу қайда бұрын мұндай, Қатты еді қолымдағы кісеннен де, Бұл іске таңырқана түсем мен де, Не себеп осыншалық рақымға – Білмедім – өңім бе əлде, түсім бе əлде? Таңбады мені қайта бағанға əкеп, Шынжырдың үзіндісі мойнымда тек Салақтап қалып қойды, соныменен Түрмені кезіп жүрем – жолымды өтеп. Талайдан жүрілмеген аяқ басып, Бағандар арасымен санап басып, Кешегі інілердің моласынан Аянып, аяңдаймын аулаққа асып, Жердегі соңғы қасиет мекендерін Қорлауға дəтім жетсін неге менің... XII Сырттағы басылғанда аяқ дыбыс, Қашадым қабырғадан аяққуыс, – Баспалдақ, сірə, бірақ ойымда жоқ Босанып шығу деген – босқа жұмыс. Сорайып қалған жалғыз жетім басым, Ұмытқан жарық дүние – жер тұлғасын, Түрмеге сіңіп кеткен бар ғұмырым, Түрмеге көмген жақын бар тумасын, Жоғалтқан бар аяулы, бар қымбатын, – Кетемін қалай тастап, барып дəтім. Ондағы қызық дəурен тойында көп Мен үшін барғанменен орын да жоқ. Тірі – деп, келер деген үміт те жоқ, Ешкімнің менің атым ойында жоқ. Жайнаған ашық аспан күмбезінде Қаңғырған жалғыз бұлттай күн көзінде, Оның да керегі жоқ – көгіне жат,

Сондай-ақ дүниеге жат мен өзім де. Алайда бір қарағым келді менің Сонау бір маған таныс таулар көркін Ондағы орман көркін, гүл желегін. ХІІІ Ақыры, көрдім содан мен оларды, Мəңгілік шың басында жатқан қарды, Құдайдың оны өзі де қозғамаған, Төменде Əлпі тауы сан аңғарлы, Көкорай шалғындары аты мəлім, Көрдім мен көлдің əсем жарқырауын Күмістей Ронаның ақ тасқыны Естідім арыстандай арқырауын. Естідім аққан бұлақ сылдырларын, Жартасты ақ көбікпен жудырғанын, Бұлттардың суға түскен көлеңкесін Желкенді қайықтардың зуылдарын, Заулаған аспан мен су арасында, Аумақты айдын көлдің шарасындай Жағалай аласа үйлер, қос-күркелер – Баяғы жүрген ауыл шаруасында. Қалалар одан əрі үйлері əсем. Ақ тұман, бу астында жүзген бəсең, Содан соң көзім шалды бір аралды – Серікті жапа-жалғыз іздеместен Дара тұр, тұлғасына көз тұндырған, Хош иіс, саф тазалық бой ұсындырып, Осынша көк жайқынның ортасында Сұлудың алқасындай асыл мүлік. Көрдім мен өсіп тұрған үш ағашты, Оларға тау ауасы құшақ ашты, Ойнады шалғындардың басында жел, Сол жерден асау бұлақ тұра қашты. Қашты да, мың бұралып өр жағалап,

Еркелеп, жартастарды сүйді аймалап, Бір кезде біздің қамал қабырғаға Қаңтарып қайықтарын, жар жағалап. Дем алып, тамақ ішіп жүзушілер – Аздан соң желкендері желге қарап, Зымырап, асып жүрді көкжиектен, Солармен қиялым да ере кеткен. Бұлттардың арасында бүркіт ойнап, Көк аспан қыран құсын еркелеткен, Мен бұрын көрмеп едім шапшаңдығын Ғажайып жүйткиді екен бақсам бүгін, Кей-кейде тереземе соға жаздап, Кетеді қайта шырқап, тастап жүнін. Қызығып еркіндікке жан құлшынып, Көзімнен шыға келер жас ыршынып, Тағы да батамын да құса-мұңға, Тағы да тəрік болып бар тіршілік. Аядым бұғауымды анау қалған, – Түрменің түбіндегі өмір-жалған, Төменге қайта түссем – мұздай табыт Секілді болды мені құшаққа алған. Сорлы інім – менің соңғы махаббатым, Соңғы рет ағасының атап атын, Көріне жаңа кірген секілденді Дүниенің маған тастап машақатын. Алайда мұздаса да жүрек қанша, Тіршілік қанша аяусыз сияқтанса – Қайғыдан аз да болса дем алуға Түрменің түнегі де керек сонша. XIV Күн өтті күн артынан жылдар ақты, Мен өзім санағам жоқ, кім санапты? Жадымнан ада болған секілдендім, Жердің де зердемде жоқ еш сипаты.

Ақыры, келді бір күн бір адамдар, Келмеген сорлы азаттық сұрағанда, Бермекші енді қазір соны маған. Білгем жоқ не үшін, неге, бірақ онда. Бұғау ма, бұғаусыз ба – өмірім менің Бəрібір – оған ешбір мəн бермедім, Тек қана үмітсіздік – үйренген іс, Тыңдадым айтқандарын келгендердің, Жəй ғана шеше салдым бұғауларын, О, ғажап, не тылсымын біле алмадым. Жер асты қимасымдай болды кенет! Секілді бір үйлі жан – қия алмадым, Қимадым бəрін дағы – сөздің шыны, Төбемде ау тоқыған өрмекшіні, Жүгірген сəуле қуып тышқанды да Қимадым маған серік – өрнекшіні. Соларға қараушы едім көз алмастан, Кісенге қолдарым да бауыр басқан. О, дүние! Пендешілік мінез тайғақ – Шүкірсіз сол мінезін қашан қоймақ, Басқанда алғаш қадам бостандыққа, Күрсіндім артта қалған түрмені ойлап.

ТЕҢІЗ КӨКЖАЛЫ («Корсар») Бірінші жыр Қара көк жайқын судың өлкесінде Дем берген асау толқын еркесіне, Жайлайды мынау біздің азат əулет Олжа іздеп аласұрған «қайда жау» деп, – Жағалай телегейдің ортасында Желігіп жел гулеген жартасында – Сол ара – үйіміз де, күйіміз де, Бүтін бір мемлекет биіміз де, Болмайтын шекарасы – шегі де оның – Өзіміз кең жайлаған теңіз жолын. Көргенде жалтылдаған туымызды Бас иіп, басынбаған бірі бізді, Қайнаған өміріміз – қанды күрес, Тағдырдан аунақшыған алдық үлес. Кім білер біздің жайды? Білмейді əсте, Қашанда құлдың аты – құл емес пе? Білмейді еркетотай, жатып ішер Құлдардың өңшең жасық рухы мешел Яки ермек сүйгіш, бақ құмарлық, Шала ұйқы, шала күлкі бəтшағарлар, Білсе тек білер бізді – тау толқынға Қайқайып кеуде тосқан өр жойқындар,

Өршіген сезімі өткір, қайнағыш қан, Жолсыздан жол табатын кіл арыстан. Сол сезім, бізге серік сол қасиет, Қауіпті шығаратын жолға сүйреп, – Айқастан табатұғын шын қанағат, Тұрған Жер қорқақтарды үрей қамап Біз үшін рахат майдан орыны еді, Шаттық пен шабыт толы төңірегі. Кеудеге құдірет күш – үміт толып, Дүрсілдеп дүние тар боп жүрек соғып. Жауымыз жайрап жатса – өлім бізге Көрінбес Құбыжықтай көзімізге Біз жүрдік ажал іздеп, қайдасың деп. Тағдырға қарсы келіп, найза сілтеп. Əлсіздер ауру күткен, дертті баққан Сүйретіліп сүлделері үйде жаткан. Жылдан жыл демін санап, күйіп-жанып Тұрмасын төсегінен басын алып, Біз болсақ мүк төсеніп, тас жастанып, Қалады ə дегенде ұйқы қанып. Олардың бірте-бірте шығар жаны, Біздерде бір-ақ сəтте тынар бəрі. Өлгенде олар жатар бай табытта, Мақтасар жауы жаны жай тауып та, Біздегі сараң жаста жалғандық жоқ, Көк мұхит көмсе бірін қай уақытта. Тойларда бізді аңыз ғып айтар бəрі, Толтырып тостағанды шайқардағы, Батырлар бір-біріне олжа салар, Көкжалдар жоқ жандарды есіне алар Көздері дымқыл тартып, көңілі іздей: «Өлмесе – мəз болар, – деп, – ол да біздей. ІІ Осылай гуілдесіп таң атқанша, Таң нұрын көк мұхитқа таратқанша

Отырды Қарақшылар аралында – Жарқырап от сəулесі жанарында. Жаңғырып жартастардың жатты іші – Ерлердің ерен сөзбен қақтығысы Əдемі əуендей боп естіледі, Кетеді содан жайнап кескіндері. Үстінде алтын құмның аунап жатып Кейбірі қылыш қайрап жарқылдатып, Кейбірі қарта тартып, бал ашады. Кейсісі қайық жамап, ескек сайлап, Қыдырып əлдебірі ойын ойлап, Құс аулап, енді бірі дұзақ құрып, Біреуі ау тазартып ұзақ тұрып, Көз тігіп тағы біреу көк тұманға Алыстан келе жатқан желкен бар ма, – Дегендей, тағы да бір кіріп дауға, Қазынасын жолаушының олжалауға. Олардың ортасында көсемі бар, Қолында олжа табыс есебі бар, Бəріне өзі қожа, өзі қолдан Бəріне үлестіріп, болса олжаң. Есесін жібермеген ешкімнің де, Біледі солар ғана есімін де, Даңқты ерлігімен шыққан аты, Бірақ та ешкімге жоқ қиянаты. Ешкіммен əзіл-қалжың бөліспеген, Ешкім жоқ оның сөзін теріс деген, Жүзінде қатал бұйрық ызғары бар, Көзінде көкшіл оты – мұздары бар, Қолының сілтегені қате кетпес, Бұлардай шарапты да ермек етпес. Ешқашан ерні тиіп көрген емес. Думанның қызығына ерген емес, Алайда оның ішер асын көрсең – Өзің де бүйткен асы құрысын дерсің, – Жұтым су, қара нан мен шөп тамыры,

Жаз болса жеміс-жидек, көктің бірі. Сəні де, дəмі де жоқ мұндай асқа Оллаһи, қайыршы да қарамас та. Осылай ұстай білген өз тəбетін, Рухы одан сайын бекінетін. Десе ол: «Тарт жағаға!» тартар еді. «Тұр!» десе – тұрар еді, тоқтар еді. Десе ол «Ер соңымнан!» Ерер еді. Бəрі де бір жеңіске сенер еді, Бəрінде бағыну бар, бас тарту жоқ, Қалса бір сəл қарсылық – басқа айту боп, Екі сөз, бір көз ату – басқа түк жоқ. III «Əнекей – Желкен! Ақыры, келді-ау айқас! Кім екен, дүрбіменен, кəне, байқашы! Ой, мынау таныс желкен – өзіміз ғой, Жау емес, жалауынан сеземіз ғой. Жалындай қызыл-шымқай жарқылдаған, Асыққан, үйімізге жақындаған. Үрле жел, жетсін бізге жедел желкен, Мүйістен айналды, əне, туған мекен – Қарғыды шығанақтан бері қарай, Ақ көбік үсті-басын басқан орай, Садақтың жебесіндей зымырауын! Кең жайып ақ қанатын, ту-жалауын. Тулайды су үстінде жанды заттай, Аспан мен көк теңізден тауы қайтпай, Егесіп ежелден-ақ от, дауылмен Бақытын кім теңесер тапқан ұлмен! IV Зəкірдің зіл арқаны зырыл қақты, Желкендер жығылды да, сұлық жатты,

Жағада тұрғандарға шалынды, əне, Қайықтар қанатының қағылғаны, Мүйіске келе жатыр жылдам еніп, Тірелді тұмсықтары құмға келіп, У да шу мына жақтан, ана жақтан Қол алған, қолтықтасқан, амандасқан! Алғашқы сұрақ, жауап, əзіл, күлкі Ашылар алда тұрған тойдың кілті. V Айтылған топ көбейіп, жаңалықтар, Əңгіме гуілдеген жаңғырықтар Сөздері əйелдердің үрейленген Хабар ап туғандардан, күйеулерден: «Тірі ме біздің онда жүрген ерлер? Жеңіспен ұран салып қашан келер? Бұл күнде əлде олардың көбі жоқ па? Кез болып қан жорықта ұшты ма оққа? Əлде олар айқасты ма арыстанша, Кеудеден қайран шыбын жан ұшқанша? Шіркін-ай, ол сабаздар тез оралсын, Сағынып, бізді сүйіп, мауқы қансын!» VI «Ал біздің көсем қайда? Қандай хабар? – Кездесу бақытына қанбайды олар. Бір сəті қуаныштың артта қалып, – Тез, Хуан! Көсемге апар бізді алып, Хабардан көрген, білген аянбайық, Бəрін де бастан аяқ баяндайық». Түнеріп тұрған биік мұнараға Жартастан соқпақ салған бұл араға, Шырмауық, тағы гүлдер жыпырласқан, Құлаған асау бұлақ құз-жартастан,

Бейне бір айнымайды көз жасынан Қанып іш – дегендей-ақ олжасынан, Сол жерге осынау топ өрмелеген, Анау кім жалғыз өзі өр кеудемен Шығысқа көзін салып, жеке отырған. Қылыштың қынабына қол батырған? – Ия, мынау, Конрад қой ойға батқан, Хуан, бар! Берші хабар біздің жақтан, Кеменің келгендігін отыр біліп, Əкелдік біз жаңалық суыт жүріп, Қап,əттең! Енді қайттік? Оның ойын Бұзсақ біз, көрсете ме қиын «ойын». VII Сонымен кетті Хуан, күтті бұлар – Кезеңді, сірə, жұмбақ сəтті сынар, Қолымен көсем үнсіз берді белгі: – Келсін! – деп дауыстады Хуан енді, Келді олар, сəлемдесіп басын иді, Отырды ол өзгертпестен үнсіз күйді. – Мынау хат сізге грек бір шалынан: Түрі бар қатерге өзі бір шалынған. Жан-жақтан жиған оның хабарын біз...» Дегенше, «Тоқтат!» – деген шықты айқай. Шегінді келген тобыр үріккен қойдай, Алыстан жайлап қана күбірлесті, Ол енді келген хаттың жібін шешті, Оқыды, бақылайды бұлар жайлап, Көсемнің кескінінен сыр абайлап, Бірақ ол толқыса да түсін ашпай, Оқыды теріс қарап, аспай-саспай: – Ай, Хуан, маған есеп-кестені əкел! Гонзальво қайда əлгі? – кемеде екен. – Капитан! – онда мына бұйрықты апар, Кешемін кемеменен өзім сапар,

Болыңдар бұл ісіме бəрің əзір! – Бүгін түн бе? – Ия, солай түн күтеміз. Қолайлы кешкі желмен түнгі теңіз. Дайында қаруым мен желеңімді! Енді бір сағаттан соң жөнелуді Бастаймыз, ал қолыңа дабылыңды, Тазала мылтығыңның шаңын үңгі, Тағы бір қылышымды қайра менің, Шеберге сабын қарат, сайла жөнін, Сонау бір соңғы жойқын ұрыста мен, Шаршағам жаудан емес, қылыштан мен. Теңізге бұрылғанда менің бетім, Дауысын шығар кешкі зеңбіректің. VIII Сонымен асықты олар жолға тағы, Дем алып жарытпаған болса дағы, Олар жоқ өкінетін, үндемейді, Үндемес Конрадқа кім де мейлі. Түнергей түндей жүзі, құпия жан Күлместен, үрей-зəре – құтыңды алғай. Қандай ер естігенде оның атын Қарадай жаннан безіп торығатын. Билеген жалғыз өзі бастан аяқ Көрмеген сөзіменен ешкімді аяп, Не деген əмір дерсің мұнша мықты – Қаншама жасаса да заңсыздықты. Бəрі үнсіз бағынады, түсінеді Осыншама бір өзінің күші не еді? – Ол əмір – Ақыл, ойдың салтанаты! Əрқашан бола берер істің сəті, Өзгенің əлсіздігін бірден танып Өзіне бағындыру – өнері анық. Таңылған барлық жеңіс соған ғана, –

Өзі би, өзі қожа, өзі дана. Бұрын да солай болған, бола бермек, Соқырдай бəрі оның соңына ермек. Сол үшін бүкіл тобыр еңбек еткен, Бар табыс құйылады төңіректен. Алайда оның мынау тас тағдырын, Көтерген ауыр жүгін, баста мұңын, Білген жан сатпас оған еңбегін де, Құдайдың шүкірлік қып бергеніне. IX Істеген əрекеті Диюға ұқсас, Пенденің ол сиқырлы бірі де ұқпас, Сұлу ғой баяғының қаһарманы – Сымбатты, көрікті деп айтар бəрі. Ал біздің Конрадтан ондай белгі Таппаймыз, ал көзінің оты енді Жанда жоқ, қайратты еді сом денесі, Ертектің болмаса да Геркулесі. Бойы ұзын, бірақ онша алып та емес, Өзгеше жұрт білетін қалыпта емес. Басатын албастыдай мысы мықты, Қасиеті жұртқа даусыз түсінікті. Бірақ ол неге былай? Білмейді ешкім Күн қаққан қоңыр жүзі, маңдайы аппақ Милығын қара бұйра шашы баспақ! Қашанғы сыңар езу, қисықтығын, Айтып тұр ауызы оның қырсықтығын. Сабырлы болса дағы даусы анық. Бар бəле сол дауыста – жатқа танық. Əлпеті тұрады оның жүз құбылып, Кетер сонысымен жұртты бұрып, Ілінер сол дауыстан бақсаң өзің Құпия құмарлық пен шапшаң сезім. Кім білмек? Кім сұрайды одан оны?

Сөйлетпес сонау өткір көздің оғы, Қараса дəті жетіп қарар оған Бұл топта батыл жүрек шамалы адам. Көзіне көз кездессе шыдамайды, Алапат арбауынан шыға алмайды. Қапысыз қарсы жақтың ойын тапқан, Білем – деп оның сырын, тауы қайтқан. Сұмдық бір кекесінмен езу тартса – Қаласың бейшара боп, қабақ қатса – Құпия үрей билеп қоса қабат, Ол кезде қош бол, үміт, қош махаббат! Жүзінен қаскүнем ой білінбеген, – Кеудеде тентек жаны дүбірлеген. Ап-айқын жанған жалын махаббатын Бүркеген тəкаппарлық таң қалатын. Алданыс, ашу-ыза кек тұманы Əп-сəтте күлкі ізін жоқ қылады. Тек қана ерні мен қуқыл жүзі Анау бір маңдайдағы əжім ізі. Көзіне елестетіп жатқаны шын, Іштегі асау сезім арпалысын. Онда да көзге түспей көрсе оңаша, О, оның құбылысын өр тамаша, – Ішінен көтеріліп бір зор дауыл, Жарқылдап найзағайы, күркірі ауыр, Баяғы бүркеншігі бетіндегі Алынып, денесінің селкілдері Күшейіп, от сезімі сыртқа шығып Еркіндеп, салып ойнақ бір тасынып, Албырап екі беті өрттей жанып, Жанары жарық шашқан көзі қарып. О, сонда көрсе оны көлденең жан! – Дариға, сол еді ғой ондағы арман! Қара сен, қарай алсаң дəтің барып, Жылдардың қасіреті қатпарланып Керемет кеудесіне мұздай шөккен!

Қарадай жан түршігер мұндай дерттен. Қара сен – қарағанмен еш данышпан Дүниеде жан құпиясын жоқ тауысқан! XI Табиғат зорлаған жоқ, шақырған жоқ Баста – деп, қылмысты əулет шатылған топ, Əуелде ол да басқа адам еді, Кезінде бақытты еді, бағалы еді, Мынау бір қырғын жолға бастағанша Топ ертіп жұрттың қанын шашпағанша. Өмірден, тағдырынан көңлі қайтып, Жаралған еркі мықты, ақылы артық, Адасты ісін істеп ақымақтың, Адамдар сатқындыққа жақын-ақ тым Алдады оны оңдырмай, жарға жықты, Кінəлап ақ көңілдік, адалдықты, Осының бəріне де сол жазықты – Деп ойлап, қару алып жолға шықты Ісі жоқ – алдаған кім, қорлаған кім? Соңына түсті өшігіп, бар адамның, Арнаса жақсылыққа бойда барын Ендігі бақытты бір жан боларын Білмеді ол, қатты өшікті, қашты жұрттан, Ызаға дауа тауып қас қылықтан, Кінəлап аз топ үшін бəрін елдің Қарамас қарғысына, кəріне елдің Біледі ол өзі жауыз екендігін, Өзгенің өзінен де бетерлігін Ұғынды, ұстанды да оны заң – деп, Адалды айыптады оңбаған деп. Озбырды оған қарсы үлгі тұтты, Білді ол жек көрерін өзін жұрттың, Білді ол сескенерін жауының да, Жаны жат, тағысы еді тағының да,

Тіл қатпас, ешкімменен бөлмес сырын, Сақтаған əрекетте дербестігін, Секілді қынаптағы өткір алмас, Оны жұрт қорықса да, жек көре алмас. Кейде бір ұйықтап жатқан жыланды аяп, Аяқпен құртты жаншып тұрғандай-ақ: Құрт өлер, сорлы кегін ала алмай-ақ, Əрине, жылан да өлер табанда нақ, Бірақ ол ала кетер жауын дағы, Өзінің уын төгіп ауыздағы, Демеген о басында тегін өлем, Табанда тапталғанмен, жеңілмеген... XII Алайда қарауытып, тұманданып Жүректе бір сезімнің тұрары анық, Ынтығы өзгелердің, құмарлары Түк емес, жоқ секілді бұған мəні, Баланың ойыншығы, ермегіндей, Бұл болса құштарлығы кернеп үдей Іштегі қанын қозғап, сапыратын, Махаббат – деп жүрміз ғой оның атын! Бір əйел жандырған да, күйдірген де, Осынша отқа қарып, сүйдірген де. Қасында тұтқын қыздар сұлу сылқым Тартпады біреуі де мұның құлқын, Олардан мүлде қашып безген де жоқ, Олардың бұл қайғысын сезген де жоқ, – Зар болған көзінің бір қарасына, Махаббат тасып, толған шарасына, Шыныққан қасіретін соның тартып, Тəкаппар алыс сұлу қадірі артып, Күн сайын сағынышын асырды оның, Сезді ол одан артық ғашық жоғын, Арада қаншама жыл өтсе дағы,

Кемімес асқақтығы сол баяғы. Үзілген қимас үміт, қиын түстер. Бір ғана жымиыққа бəрі түсер, – Бəрі де сол күлкіге сыйып кеткен. Бəрі де дерт, қайғысы, сезім күші, – Сақтаған сабыры мен төзім күші, Тек соны ренжітіп алмаса екен, Арманы одан басқа болмас бөтен. Бейілі жоқ безуге де, анттан аттар – Өйткені дүниеде махаббат бар! Ол жауыз – жауыздығы үшін дағы Мүмкін ғой ғайбаттауға ұшырауы. Алайда бір мейірім бар еді онда Күштірек жауыздықтан – байқағанда. XIII Тоқтады ол, сондағы топ соқпақпенен Келгенше қара нөпір, сотқар кілең. «О, ғажап! Кештім талай оттың жауын, Соққысы секілді бір мынау соның. Жүрегім сезгендей-ақ. Бірақ үрей Жоқ онда, бұрынғыдай əлі дүлей. Айқасқа кірем анық, жеңемін – деп Ажалдан қашу бекер өлемін – деп. Бұл жерде қалу маған өліммен тең Мақсат зор – оның қайыр жолын күтем. Біз тойлап, жылаушылар шығар алдан. Ұйықтасын əзірге олар, тыншын алман. Сəулесі мына түннің күннен артық Көрмеген олар мұны шын құмартып, Теңіздің кекшілдерін ұйқылы-ояу, Жылытқан жүректерін соққан баяу (Кəне, жел оңынан тұр, үрле қатты!) Аттандым Медораға, көңіл тартты. Жүрегім қысылғандай əнтек тулап,

Тек қана ол сезбесін мұны бірақ. Ежелден ер едім ғой, тобым батыл, Ара да өзін қорғап, шағар қапыл. Жай ғана батылдықтың өзі батып, Біздерді жібереді аңға ұқсатып. Он есе қорқынышты көбейтеді, Көк тиын оның құны, менен, тегі, Үйренген серіктерім айқасуды, Көк жойқын кешіп жүріп, байтақ суды, Бірақ мен қанды босқа төккізбедім, Оларға өлімді ермек еткізбедім. Бұл жолы не өлеміз, не жеңеміз! Солай-ақ болсын мейлі – бір сөнеміз, Қашу жоқ мен бастаған жерде бірақ! Обал жоқ өзіме де, қарғыс табам, Тұзаққа түскені ме алға ұстаған. Саудаға түскені ме ғазиз бастың? Туды ма қырсық сағат, айырбас күн? – Бəрі де құрыды ма, билік-əмір, Біте ме бір-ақ сəтте қайран өмір?! О, тағдыр! Кінəлама тағдырды сен, Алайда ақырын күт, сабыр қыл сен, Арыстан, ал бір тағат, тап қанағат Соққан жоқ соңғы мерзім, соңғы сағат!» XIV Өзімен өзі осылай сөйлесті де, Көз таныс мұнараның шықты үстіне, Шықты да босағада тұрып қалды – Естіді терезеден салған əнді, Бірде асау, бірде нəзік сүйкімді үні Шырқаған мынау еді сонда жыры: «Бар менің бір құпия жүрегімде Ашпаймын оны ешкімге тірі өмірде, Екеуміз бірге болсақ гүлдейді де,

Тағы да батар үнсіз түнегіне. Алтын жіп тарқатады түнгі шырақ – Жанады жанды сəуле жылыұшырап, Түн түнек сөндіре алмас оны, сірə, Өзі де сол сəуленің жоқ қой бірақ. О, жаным, мені ұмытпа! «Кешір» деші, Атымды қабірде де өшірмеші. Мəңгіге мені ұмытсаң – сол қасірет – Жанымның көтере алмас есіл дерті. Өтінем – көз жұматын сағатыңда, Шамаң жоқ өтінішке бағатын да, Кезінде, махаббатым үшін менің Болсыншы жалғыз жасың таматын да». Аттады ол босағадан сол мезетте Көрді оны залда отырған кірген бетте: «Медора, əнің қандай мұңды сенің!» «Конрад жоқ – мұңсыз болар бар ма жөнім! Əнімді естімесең тым болмаса Жанымды ұқ жеткізетін оған қоса. Ойым бар онда менің таза мөлдір, Сөйлеймін ернім үнсіз, жүректен құр. Түсімде оянамын ылғи шошып, Жел ұйтқып, қанатына дауыл қосып, Соғылып нажағайға сенің кемең, Əп-сəтте сен кездесіп өлімменен Қалқисың ақ толқынның арасында, Жүгірем жан ұшырып жар басына, Жоқтаймын, булығам да көз жасыма, Əлдебір жауыздардың айласы ма – Өшірген маяк отты бағдаршамды, Солайша атырамын көзден таңды, Жұлдыздар түнгі аспанда тұрады ұзақ – Амал не, сен алыста – одан жырақ. Дауылдан зəре кетіп, жан мұздаған, Күннің де сəні болмай, жалғыз қалам, Жақпайды жасты көзге жарық сəуле,

Ақыры аңызақтан талыққанда Бір күні желкен көрдім жуық маңда, Ол бірақ болды аздан соң көзден ғайып, Тағы бір желкен шықты – қанат жайып, О, бақыт! Ол – желкенің екен сенің! Осылай өте ме өмір тектен тегін, Алатын күнің дамыл бар ма сенің, Конрад, айтшы маған, өтінемін! Байсың сен, дəулеттісің – мекен жайың Сан сарай қайда барсаң еткен дайын, Білсең сен, қорықпаймын өзім үшін, Қорқамын сен болмасаң – сөзім бұл шын. Қорқамын мынау қымбат тірлік үшін, Қорқамын құртады-ау деп бұл жүрісің. Барасың жау шақырса, Махаббаттан Қашасың, рахаттан, шапағаттан. Жүрегің мені сүйген, мен деп соққан, Не үшін босамайды оқ пен оттан!» «Оның шын, – жүрек анық өзгергені, Жаншыды құрт-құмырсқа кез келгені, Олардан алдым кекті əб жыландай, Ерніңнен басқа сенің қызық қалмай Барады жер бетінде мына маған Жалғаннан өзге қызық сұрамағам. Ызаң да көп сақтаған маған сенің – Мен үшін ыстық, қымбат бағасы оның, Өйткені байланысты бір-бірімен Ыза да, махаббат та біздер білген. Мысалы, дүние сүйсем, сені сүймен. О, жоқ, сен қорықпа енді! Өткен, күйген Көп жылдар қайтып келмес, тый жасыңды, Тағы да ажыраймыз, жол ашылды». «Дəл қазір сезіп еді-ау сұм жүрегім... Шынымен, кетесің бе? Бұл дүниенің. Осылай үзетіні-ай тəтті үмітті,

Шынымен, қуаныштың сəті бітті – Дейсің бе, əлде азырақ тоқтармысың? Болса егер маған арнап соққаның шын. Кемеңнің бұғазға кеп кіргені осы, Кешікті тағы бірі, соны тосып Жағада серіктерің тыныстаған. О, досым, шыныңды айтшы дұрыс маған, Əлде бұл əзілің бе? Жалынысыммен, Əлде сен ойнайсың ба сағынышыммен? Жақтырман ойыныңды ондай сұмдық! Қой, Конрад! Жүр менімен! Бізді күтіп Жүр, əне, даяршылар дəті бітіп, Пісіріп тəтті тағам саған арнап. Жемістер жаңа үзілген, балдай шарап. Əкелгем мұздай суды өзім барып, Қайнатып аппақ жүзім соған салып, Əдейі əзірледім шəрбəт саған, Қарашы, көрсең көзің жауын алған! Бір татсаң ұйқыңды ашар, шымырлап қан, Кезің жоқ, бірақ шарап сен ұнатқан, Белгілі əдетің ғой мұсылмандық. Мен сені кінəлəман, ұсынғандық Жəй ғана пейілім ғой, қайта соған Нəпсіңе қуанамын тыйым салған. Əнекей, жайылды стол, жағылды шам, Бір түнге асықпай сен, сабыр қылсаң. Жинаймын қыздарымды осы араға Би билеп, əн салады дос-ағаға. Гитарым оятады қиялыңды, Білесің одан талай күй ағылды. Ертегін Ариостаның айтсам ба екен Баяғы Олимпияны тастап кеткен? Біліп қой, сен сонау бір залымнан да Жүз есе сұм болғаның жалынғанда Қарамай қазір кетсең... Есіңде ме, Сол көсем қара жартас төсін кере

Тұрғаны, Ариадна биігінен Қарадың күлімсіреп, күйігімнен Əлсіреп тұрсам дағы, айттым ойнап: Ішімнен бірақ суық үрей ойлап: «Конрад мəңгі тастап кетер-ау!» деп, О, соным енді тұрмын, бекер-ау деп. Кетем деп ойладың да, қайтып келдің». «Оралам, қайтып келем ылғи саған, Қалса егер қан жорықтан жаным аман, Келем мен, енді жақын кетер сағат Айрылысу бейне құстай қағып қанат Біздерге келіп жетті, сұрама жөн – Қайда – деп, не үшін, яки неге деп сен. «Қош!» деген жалғыз сөзбен жөнелермін, Айтар ем, уақыт жоқ, мен не дермін. Қорықпа, бұл жолғы жау қауіпті емес, Қалдырам бір гарнизон – аздық демес Қорғауға оншама əскер бұл араны. Ал кеттім тағдырымды сынағалы, Жабықпа, жалғызсырап, бекер жүдеп, Қасыңда қатын-қыздан нөкерің көп. Жазсын – деп көрісуге қайта келіп, Енді сөз керегі жоқ айта беріп. Əнекей, соқты дабыл! Ойна, Хуан! Кəнекей, сүйісейік, Сен де қуан, Сүйе ғой, тағы... тағы. Енді хош бол!» Дегенде ұшып тұрды қыз атылып, Құшаққа құшырланып кетті кіріп... Тұрды ол ауыр ойдың тұтқынында, Еңіреген қыздың жасын тұтқиылда Көруге шыдамады, сағыныштың, Аңсаудың, өкініштің зары күшті. Құлаған иығына қолаң шаштың Толқыны тулатады бойда тасқын Ақ төсі əлсіз ғана діріл қаққан, Сол төсте, сол кеудеде билік тапқан

Əмірші жалғыз ғана мұның өзі. О, тəтті сұм өмірдің сұлу кезі! Зеңбірек хабарлады күн батқанын, Сезбеді ол күнге қарғыс бір айтқанын. Баурына қыса түсті тағы... тағы, Өмірінің бар қызығы, жан жұмағы Жабысып тұрып алды құшағында. Төсекке алып ұрған бір шағында Үңіліп қарап еді, бой дір етті... Соңғы рет қарағандай болып кетті – Өмірден бар тапқаны, олжасы да – Махаббат – бəрі, бəрі қалды осында. Қол сілтеп, сүйді, жетті арманына – Қалайша? Шындап кетіп қалғаны ма? XV «Кетті ме?» О, неше рет осы айқайдан Жүрегі жарылардай болды қайран! «Еді ғой болғаны оның осы ғана», – Деді де, ұмтылды ол босағаға, Көз жасы көлдей болып жуды бетін, Жасынан жылай-жылай безінетін, Бармайды «қош» деуге де аузы бірақ, Бар қырсық осы сөзде тұрғандай-ақ. Қаншама сеніп, күтіп, үміттенсе, – Сонау сөз қажытты оны, иілтті еңсе. Қатайған ақ мəрмəрдай бетінде оның Қайғының көлеңкесі басты мөрін. Жаралған көк көздері ғашықтыққа Бақшиып, қалды қатып тас тұйықта. Кенеттен көрген шақта сүйіктісін Қайтадан жарқырады жиып күшін, Əлі де кірпігінде тұрған кеппей Қалса да көздің шығы меруерттей. «Кетті ол!» – деді дағы қолын көзге

Апарып, сосын жайып көк күмбезге. Тəңіріге жалбарынды – жалт қарады: Мұхиттың аласұрып жатты алабы, Қанатын жайды желкен, əне, тартты! Денеден əлі кетті, ауыр батты, Есіктен кері қайтты, қайтқан жандай Моладан кісі көміп, о, сор маңдай, «Тасталдым, талақ болдым – қор болдым-ау Түс емес, кəдімгідей өң ғой мынау!» XVI Асығып, тастан тасқа ырғып Конрад, Ойы жоқ енді артқа мойын бұрмақ, Өйткені артты ойласа болар қиын, Жүрегін билер оның алақұйын. Сонау бір тұрған замок жар басында Кім кепіл тағы да арбап алмасына, Жұлдызы қасіреттің нұр жайнаған Сүлесі оны таппай, сірə, қоймас Мейлі, қараңғы түн, теңізде де. Дейді ол өзіне өзі – оны іздеме, Ол жердің қызығы бар, тынышы бар, Алайда онда мұның тынысы бар Қаншама толқыды ол – лəззат қуып, Азғана аялдауға, бірақ суық Теңіздің толқыны айдап, айқас арбап, Бой бермей тұрып алды аттан салдап. Алайда не болады есе берсе Əйелдің көз жасына көсем ерсе? Кемені көрді, əне, жел дүрілін Естіді, ауыр ойдан сергуі мұң. Асықты одан сайын, бірақ кенет Анайы жетті бір шу құлаққа кеп. Əбігер, айқай-ұйқай, абыр-сабыр, Зəкірлер жатқан жерден алынса бір,

Мачтаға өрмелеген жас теңізші, Жағада қол бұлғаған үлкен-кіші, Желкенді жел кернеді сол уақытта, Көрінді қызыл жалау тулап сыртта. Көзінде от ойнады, кеуде жалын Келтірді баяғыдай қайта бабын, Қаһарлы айбынымен бойын жинап, Жүгірді, асықты алға, басты ширақ. Аз тоқтап, кең кеудесін алды керіп, Мұхиттың ауасы емес оған жерік, Қалпына түсу еді қату, берік, Анау топ қарсы алдынан шықса келіп. Конрад көсем еді мысы басым, Білетін топ басқару құпиясын, Тəкаппар суық жүзі, сұр реңі Алатын жасқандырып жұрт үрейін. Сабырлы аспай-саспай адым басқан, Білінер сұрапыл күш көз қарастан, Əмірін тыңдататын екі етпестен, Бар еді қайырымы да кетпес естен. Біреуді еркелетсе жан жүрегі – Дүниенің бар сыйынан артық еді. Күмбірлеп көмейінен шықса бір үн – Байғұстың қалдырмайтын түк сабырын. Бірақ бұл сирек болар жағдай еді, Жасайтын рахымы кейде əдейі. Жаралған жұрт билеуге, құлдануға – Жасынан өзі үйренген бұл нанымға. XVII Күзетші күткен оны жағалауда. «Хал қалай? Аман-түгел, жұртың сау ма?» дейді ол. «Кемедегі іс бəрі бітті, Қайық тұр тас түбінде, Сізді күттік». «Ал маған қылышым мен плащты əкел!»

Байланды берік қылыш, буынды бел Жамылды қара желең қалбаңдаған. «Қайда жүр, Педроны шақыр маған» Келді ол, көсем қарсы алды тəуір Секілді əрі досы, əрі бауыр. «Ал енді есеп қағазды өзің оқы, Маңызды нұсқауларды ойға тоқы. Екі есе сақшыларды көбейт қазір Ансельмо келген бойда, бұйрық əзір Болсын да үш күннен соң құдай жазса, Қайтармыз қайырлы таң жолыңды ашса. Бауырым, тыныштық болсын – деймін саған!» Кезі еді көңілінің сəл жұмсаған. Отырды қайыққа кеп құдіреттеніп, Ескектер қара терең ішіне еніп, Толқынды жарқ-жұрқ етіп тілгілейді. Кемеге келді, міне. Палубада – Конрад, ысқырықтар дабыл қаға Жедел бір түсті бəрі қозғалысқа, Кемені жүргізуге болған ұста, Руль де көнбіс қалпы қолға жеңіл. Мұндайда көтеріңкі көсем көңіл Мақтайды командысын, Гонзальвоны, – Кенеттен діріл қағып кетті бойы. Көзіне биік замок келе қалды, Азабы айрылысудың тағы шалды. Медора! Кемесіне тұр ма қарап? Денеге махаббаттың буы тарап, Бір сəтке кетіп еді, ол алайда Тістеніп қайта есін жиған бойда Тырысты қарамауға. Күн шыққанша Алда тұр талай жұмыс күтіп қанша! Отырып Гонзальвомен каютада Ойланып, алдағы істің жайын таба, Столда, карта жайып шам түбінде Баяғы өр тəкаппар, паң түрінде

Отырды, түн ортасы ауғанынша, Уақыттың есебі жоқ болды қанша. Зымырап кеме оңнан тұрған желмен Бұл кезде өтіп кетті талай жерден, Қалды артта талай арал, мезгіл жетті, Таң атпай портқа кіру бар ниеті. Ал, міне, көзге түсті мүйіс жақтан Пашаның көп кемесі тыныш жатқан. Көрді олар – қарауылы мұсылманның Ұйқтаған бəрі түгел, тұсынан бір Байқатпай өте шықты кемелері, Барды да жартастарға шегеленді. Тасада аңдып жату мақсаттары, Осы айқас келген іздеп, аңсап бəрі. Жинады Конрад көсем командысын, – Қашанғы шеберлерін қан айқастың, Бұларда ұйқы да жоқ, күлкі де жоқ, Түскен ғой талай-талай сілкіге көп. Ғажап қой аспай-саспай айтулары Сұрапыл төгілетін қан туралы. Екінші жыр I Корони бұғазында тұнған кеме, Бер жағын қара түнек тұрған кере, Ар жағы жарқыраған қала шамы Үлкен той – Сеид паша тамашаны Жайнатып жасап жатыр мына түнде. Ертеңгі үміт артып шығар күнге – Жеңістің бұл болашақ қақпа ашары. Алланың атын атап анттасады, Қиратпақ пираттарды – қарақшыны, Мұнда əкеп бүкіл флот жайластырды.

Қаптаған теңізшілер жаға кезген, Бəс тіккен гу-гу талас, бейпіл сөзбен. Мақтанып, əзір жауды қырмаса да, Таң атып, ертең күлі шыға сала Жайраған жауды көрмек шығар, сірə, Əзірге ұйқтасын күзетшілер, Түсінде жеңіс ұран үні естілер Сонау бір ежелгі жау гректерге Бұл жолы күшін жұмсап реттеуге Құлшынып, біреулері шалма тартқан, Алдында құл таңырқап таңдай қаққан, Батырдың əдеті ғой мақтанатын, Сондай-ақ масаттанған мынау көсем, Бүгінгі қолы жомарт, дəмі де əсем. Ертеңгі елестетіп қарсы жауын, Көресің енді бір сəт қалшылдауын. Пашаның той тойлады тобы солай, Өзі де күліп-ойнап тамашалай. Дем беріп осылайша, мақтап алып, Кеткен соң, ол тобырды боқтауы анық. II Сарайдың жатты Сеид сəн залында, Сақалды шейхтары жан-жағында Желініп палау асы, той тыншықты, Ал көсем əлсін-əлсін шарап жұтты. Онысы шариғатқа келмесе де, Жемістің шырындары мол кеседе Асы деп, лұқсат еткен пайғамбардың Алдына құлдар əкеп жайған бəрін. Содан соң қорқор тартып түтіндеткен, Бұралтып сұлуларға би билеткен. Атар таң шейхтарды суда көрер, Оларға түнгі теңіз үрей берер. Əрине, құс жастықта жатқан жақсы,

Теңіздің шомылғанша суына ащы. Тойлаңдар! Ертең болар қан соғыста, Мен демей, құранға сен, құранды ұста. Осынша қалың əскер, мол күшпенен Оп-оңай болатындай жеңіс деген. III Бір кезде құл кеп кірді қақпа жақтан, Денесін иіп, бүгіп құлдық айтқан. Еңкейіп алдыменен жерді сипап, Сөз айтты сосын барып, қипалақтап: «Бір дəруіш қашып шыққан қорқау топтан Кіруге бола ма оған, рұқсат жоқ па?» Сеидтің шапшаң ұғып көз ыңғайын, Кіргізді əулиенің өзін дайын. Дəруіш екі қолын төске басқан, Сүлесоқ, əрең-əрең көзін ашқан, Қартайтқан оны мұнша жылдар емес, Секілді оразадан, қарны ашқан. Астында далбағайдың қара шашы Қолында əлсіз тұтқан бар асасы. Денесі көрінбейді қапталынан, Аузынан құдай сөзі ақтарылған. Сабырмен қарап тұрды жайлап қана, Сескенбей жұрт көзінің сұқтарынан, Өзгелер ынталанып байқайды кеп, Дəл қазір Паша не сөз айтады деп. IV «Қайдансың? Қайдан келдің?» «Пираттарда Тұтқында болған едім, бірақ та алла Құтқарды жəрдем етіп...» «Қай арада, Қай жерде ұсталып ең?» «Скаланың Портынан Хиосқа бет ұстаған күн

Еді ол біздің кеме. Бақытсыз жол Қамалдық, қарақшыға қарасы мол, Тоналды артқан тауар дəулет барлық. Өзіміз тұтқын болып, сорлап қалдық. Мүлік жоқ өз басымда тоналатын, Алланың атқару ғой аманатын. Бір түні тым тымырсық төзбес мүлде Балықшы қайығына кездестім де, Онымен қашып шықтым, осында кеп, Паналап жүріп едім, болсын да деп Пашаның қолғабысы – қорғанышы. Шынында, кім келеді саған батып?» «Ия, қалай? Не əрекет пираттарда? Ұясын – тас мекенін қиратпауға Өздері сене ме екен, сезе ме екен Ордасын жыландардың жермен-жексен ететін, өртеп кетер күштің барын?» «О, Паша! – көзі мұңды тұтқын жанның, Таппайды тыңшы болу ықтималын, – Тыңдадым талай толқын шулағанын, Олардың маған қайыр қылмағанын, Ақыры, шықты бір кез жарқырап күн, Мен үшін сəулесі оның қаттырақ тым. Сездім мен жақсылықтың жақындығын, Бұғауды лақтыратын ақыр бүгін. Мұндамын, тұр мінекей көзің көріп, Ұстамас енді мені олар келіп. Мен онда болып едім түнде қашпақ, Күзеті мықты түнде, күндіз тастап Кетеді кейде тұрған орындарын, Көрген жоқ қашқанымды тұман түнде Аман-сау алдыңа кеп тұрмын, міне. Паша! Мен арып-ашып келген бетім, Астанып, ұйқтап алу – бар ниетім. Лұқсат ет кетуіме! Рақмет-алғыс, Бəріңе рақмет, бір дем алғыз!»

«Дəруіш, тоқта, болғам жоқ əлі сұрап! Шаршасаң – отыр, дем ал, əлің жинап. Тойғызар құлдар сені, сусындатар, Той тойла, мына бізбен отыр қатар, Болған соң тояттанып, асың тарап, Бересің не сұрасам – соған жауап». Дəруішке бəрі абыржып қарап қапты. Көсемге ала көзбен қабақ қатты. Тойды да жақтырмаған түрі айқын, Жайы бар ешкімді де сыйламайтын. Бір кезде шықты бетке қаны қайнап. Сəлден соң тыншыққандай тағы жайлап. Үндемей отырды ол, қатал жүзі – Момақан бұрынғыдай сақталды ізі. Содан соң той жалғасты, Дəруіш бірақ Қойғандай ас алмады, біреу улап. Сонша күн оразаға шыдағанда, Дəл қазір дəм татпаса, кінə бар ма! «Сен Дəруіш, аурумысың? Əлде бұл үй Кəпірдің үйі ме еді? Жау ма ылғи Қоршаған сені мынау жұрттың бəрі? Атпай ма қасиетті тұз бен дəмі?! Қашанда жау болмайды тұз татысқан, Етеді жауларды да тұз туысқан!» «Əрине, тұзбен астың дəмі кірер, Қорегім шөп қой менің – тамыр бірер, Содан соң шөлдегенде су ішемін. Қайтесің сіңген əдет, кəрі сенім. Ас ішпен досыммен де, қасыммен де, Əрине, дейсіңдер ғой осың жөн бе? Басымнан қорықпаймын, əмірің үшін Сұлтандық тағың үшін – бəрі де үшін, Салтымды бұзатұғын ретім жоқ! Пайғамбар оны бұзсам – əмсе, тегі, Меккеге жолымды ашып бермес еді. «Ықтияр, болсын солай! Жұмағыңа

Іздеген бара ғой да, сұрағыма Жауап бер – қанша екен жаудың саны? Қалайша? Таң ба мынау атып қалған, Сəулесі əлде жұлдыз көкте жанған, Нендей күн судан шығып келе жатқан? Япыр-ау, шыққан өрт қой кеме жақтан? Өртенді-ау барлық кемем – өзім мұнда! Тыңшыға, бекер сендік Дəруіш сұмға! Ұстаңдар, əкет дереу түрмеге оны Оңбаған, өлім болсын оның жолы!» Орнынан тұрды дəруіш сонда атылып, Əзірейіл, əбжыландай ширатылып, Мынауың дəруіш емес, əулие емес Кəдімгі жауынгері майдан, егес, Сыпырды далбағайын, желбегейін, Созылған алдаспаны жерге дейін, Үстінде ақ сауыты жарқыраған, Дулыға қауырсыны қалтыраған, Көзінен сұп-суық от шашыраған, Секілді көктен түскен жасын-адам, Өзіне қол жуытпайды жасқап-ұрып, Айқасты үске шығып, асқа кіріп. Төменде жаққан алау, жоғарыда Өрт жалын желдей ұйтқып соғар мұнда. Жағалай өкіргендер, бақырғандар, Сартта-сұрт қайқы қылыш – ұстағандар! Ауаның өзі тозақ секілденді, Құлдар жүр ажыратпай түс пен өңді, Жағалау қанға батқан, мұхит өртте, Пашаның даусы шығады оқта-текте: «Ұстаңдар, Дəруішті! Ұр сайтанды!» Бұлардың жан ұшырған үрейінен Болды оның тас түскендей жүрегінен. Кетіпті күткен сəттен ерте бастап, Əуелгі уəделі сертті тастап, Белгіні күтпепті олар берем деген,

Оқа жоқ, онысында дегенменен, Суырды мүйіз дабыл қалтасынан, Үрледі қатты-қатты қалт тосыннан. Ана жақтан қайтарылды оған жауап. «Жайсаңдар, жатпапсыңдар текке қарап, Сендерді «жайбасар» деп ойлаушы едім, Сондықтан көп сене де қоймаушы едім». Деді ол, риза болды ерлеріне, Кінəлап, өзін қайта жерледі де. Кешеулеп қалғандығын есіне алып. Жатқанын жаудың көріп есін танып, Қарайды рахаттанып, жапа-жалғыз, Болса да дұшпаны көп бейне андыз, Əр жерде бөрік, тымақ қақ бөлінген, Аямай тиген қылыш қапелімнен. Ызалы жолбарыстай Сеид ашық, Ұрыста тайталасып, қылыштасып, Амал жоқ алдында оның шегінеді, Ол да бір алдырмайтын ерің еді, Жауының тіпті мынау түрі басқа, Бір түрлі албастыдай үстен басқан. Көргенде кемелерін отта қалған, Сақалын жұлып жылап жоқтап алған, Қашты ол ұрыс тастап, ел аулаққа. Ойысты қарақшылар гарем жаққа, Жалынды құлдар тастап қылыштарын, Қалдыр – деп, ең болмаса тыныш жанын, Бұларда аяу бар ма – кекке басты, Қандарын, байғұстардың текке шашты. Дабылы Конрадтың шыққан жаққа Асығыс ұмтылды олар тез бармаққа, Жеріне қанды айқастың нағыз қызған, Қатыгез жаралғандар жаны мұздан. Конрад қанға тойған жолбарыстай Шүйлігіп жапа-жалғыз жауға құстай, Қаптаған өліктердің арасында,

Көз тастап сойқан ұрыс даласына, Сəлемін көкжалдардың қабыл алып, Тіл қатып қояды бір көзі жанып. «Пашаға дайындап ем өлім-ажал, Пəтшағар қашып кетті – құтылды азар. Əлі де күтіп тұрған жұмыс алдан, Қаланы өртемейінше – тынышталман!» Сөйткенше ала сала от-шаланы, Сарайлар мұнарасы көп қаланы, Əп-сəтте қызыл жалын өртке орады. Жарқ еткен көсем отқа көз салады, Сонау от таңдай нұрлы, не ғажайып, Көргенде сала берді дəті азайып, Қайтадан өшті сол от – əйел даусы, Шыңғырған естілгенде жерден қарсы. Қаза боп аза бойы қоя берді, Соғыстан беті қайтпас сонау ерді Нендей күш дір еткізген, қалтыратқан? «Гаремге кіріпті ғой! Тоқта, доғар, Кешпеймін, мынау сұмдық, мынау обал! Тимеңдер біреуіне əйелдердің, Бəрін де қырсаңдар да – еркектердің, Олар – жау, жау болған соң қырсаң еркің Ал бірақ артпайсыңдар қайғы-дертін Қарусыз, қорғансыз көп ұрғашының! Амалын ойласыңдар бір басыңның Кем емес, кері қайтып, басылыңдар! Артпауға бұл күнəні асығыңдар!» – Басқыншы сөй деді де шықты ырғып, Аяғын өтті қарып ыстық сұмдық, Түтінге тұншықса да тыныс бітіп, Көзінен жіберсе де жас ыршытып, Жүгірді ол жан ұшырып залдан залға, Тауыпты! Құтқарыпты! Əкелді алға Ғажайып бір сұлуды сиқыр көрік, Байғұстың зəресі ұшқан сиқын көріп,

Əлдилеп, аяласып күтіп жатыр. Осылай қимылдайды көсем батыл, Тоқтатып сойқан мінез, қанды қолды. Əлгі бір əсем əйел – ол кім болды, Құтқарып алған мынау қалың өрттен? Кескіні махаббаттың мұңын шерткен, Гаремнің бар ажары – періштесі, Көргенде Пашаның да кеткен есі! VI Сəл ғана Гүлнарамен сəлемдесті, Үйренген жылы сөзге жан емес-ті, Ерліктің көрсеткенмен ол үлгісін Кəдімгі батырлардың жоралғысын. Қашқан жау үрейленіп алғашында Соғыстың көрмеген соң жалғасын да, Білген соң жоқ екенін қуғыншының – Соғысқа қайта кірді біліп сырын Жау топтың аз екенін Сеид көрді, Кенеттен ширап бойы қоя берді, – Əлегін бос үрейдің жаны сезіп, Ұяттан осыншама, ардан безіп, Қашқанын өз бойына мін көрген ол, Əскерін қайта жинап үлгірген ол, Аллалап кірді жауға – қанға қан деп, Қолға-қол, тісіне-тіс, жанға-жан деп, Қашқандар – кілт бұрылып қайта шапты. Жеңгендер – енді жанын қорғап бақты. Конрад сонда білді қауіп барын. Қоршауға өз тобының жолыққанын. «Құрсауды шығу керек бұзып шапшаң!» – Деп еді, жиналысып қайта бастан Боп шықты онысы тек əурешілік, Қанды көз қасқырлары тағы орданың Жайпады жолындағы жаудың бəрін,

Үмітсіз, уайымсыз да көсем сонда Баспасын білді қырсық ісін оңға. Əп-сəтте оның тобы қалды сиреп, Қырылды, жаншылды олар қирап-күйреп. Қайтсін-ай айқасты олар арыстанша, Кеудеден ақырғы рет жан ұшқанша. Қансырап өлгендердің ұрыстағы Жайнайды қолдарында қылыштары, Жазылмай саусақтардың құрысқаны! VII Конрад жаумен жалғыз салды ұрыс, Жарқылдап қолында ойнап қанды қылыш, Гаремі күн гүліндей Гүлнараның Оралды ол ішіне мұнараның, Оралды Мұхамедтің сарайына, Мəз болып келген істің орайына, Қуанып өңшең сұлу жас құрғатты. Есіне ап тек Гүлнара сонау сəтті. Болды сəл қызараңдап толқығандай, Сонау бір қас пираттың қалпы қандай, Сыпайы, даусы бəсең, көзі жұмсақ, Тұрса да қанды жара бойын құрсап. Махаббат сағатында неткен сырбаз, Сеидтен қайырымдырақ еді сабаз. Сеидтің еркелеткен, наз қылғаны – Тұрпайы қытықтайтын қыздың жанын. Қарақшы құтқарды оны, жылы сөйлеп, Əдепті сырбаз жігіт солай келмек. «Болар ма сол көсемді тағы көрмек», – Деген ой отыр мені арбап, билеп. Не деген биік еді ерлігі асқан?! Сеид емес, мені жауға тастай қашқан».

VIII Көрді ол, көрді, ақыры, қайран ерді, Ол жалғыз, қалған жұрты жайрап енді, Жауы да оның талай жер жастанды, Құрыды жеңген құрлы өз бастары Қансырап тығылды ол, бірақ өлмей Тірідей қолға түсті, сірə, көнбей. Қорлықпен өлсін деді қырсық жауы, Салынды қыл бұрауы, мың құрсауы Əр тамшы тамырынан қанын сарқып, Қатыгез жауыз Сеид мың есе артық Асықпай ала берді одан кегін, Сонда да өлмей қойды қайран ерің, Жеңімпіз бір кездегі шіркін көсем, Атайтын соңы ғана бұл кім десең, Аузынан шыққан сөзі заңдай еді, тұрғаны енді, міне, сондай ерің. Қаруы тұла бойдан сыпырылған, Қарайды саспай жауға құтырынған – Жалғыз-ақ өкінері – өлмегені, Өртейді намыс оты өр кеудені, Тұп-тұтас толған жара тұла бойы, Солар да ажалға оны бермей қойды. Бəрінен жұрдай болып, жалғыз қалып Аттанбай о дүниеге қалған неғып? Азаптың жеңілген соң көрді бəрін, Тағдырдың оған теріс бұрылғанын. Жеңген жау аяған жоқ бар білгенін, Суырып алмаса да жан, жүрегін. Алайда ғажап еді қайсарлығы Өртке де қайыспайтын салсаң мұны, Тəкаппар туысымен асау тегі Əлі де жеңімпазға ұқсаушы еді. Қажыған, қансыраған ол айқастан, Еңсесі иілмеген көзі от шашқан,

Алыста қарғыс айтып жатса дағы Қалың жұрт өр жігіттің тайса бағы, Жақыннан жамандауға тайсалмады. Риза боп жауынгердің баршалары. Ғаламат ерлігіне тамсанады. Апарып түрмеге оны қамарын да Түрінен сескенетін қарауыл да. IX Жағдайын дəрігер де келіп көрген Мұншаға шыдамасын сеніп келген, Кісенді шыбын құрлы көрмейді екен, Деді ол: – о, дүниеге жөнейді ертең, Өйткені ақырғы азап болады ауыр, Əрине, одан дағы өлген тəуір. Ертең кеш, күн ұяға қонарында, Қазыққа қағады оны – сол орында, Азанда тұрғызып ап жүгірткенде – Төзбеген бұл жазаға бұрын пенде. Сұрапыл мынау сұмдық сор азаптан Шөлдеген жан ұшырып, таңдай қатқан, Сонда да өлім келмей, тағдыр көнбей Құзғындар төбесінде ұшқан көлбей, «Су! Су!» – деп сұраса да, тамшы бермес, Берсе ол тез өледі – деген егес, Конрадқа сорақы үкім сондай еді! Қасында ешбір адам қалмай енді, Қор болған қайран батыр бақыты ауып, Кісенде қала берді шаңды қауып. Ұйтқыған алуан сезім бойын алып, Не екенін ол сезімнің білмеді анық, Кейде бір жүрек пенен ақыл, мида Болады алай-дүлей анда-санда. Тұншыққан тұла бойда күшті қозғап, Кенеттен ыза-кектің оты маздап,

Секілді долы Демон ұзақ жылдар Үндемей іштен тынған, асау мұңдар Кезінде дүниенің бəрі тынған – Сонау күш ақыл айтпақ енді бұған! Не керек, мəні бітті ол дауыстың, Бүлк етпес санасы оған қолдау үшін. Күшті рух бой бермейді өкінішке! Тұрса да ішкі сарай, жаны ашылып, Жасуға, жібуге де жəне асығып. Ой да жоқ, сезім де жоқ баяғыдай Беретін артықшылық оған ұдай. Тек қана өткен жылдар оқиғасы Көзінен көшер жөңкіп бар тұлғасы. Өрлік те, өлген, біткен махаббат та, Өмір де, өшкелі тұр атақ-даңқ та. Қуану, шаттану жоқ, өшігу бар Өзі емес, өзге құрған салтанатқа. Өткеннің бəрі сұлық, алдағыдан Күтпе сен жамандық та, жақсылық та! Айтқан сөз, істелген іс бұрын жылдар Бойында еске алмаған, енді қаулар Ойына түсіп оның, не амал бар?! Сондағы жай əрекет, жеңіл кəсіп – Жүректі езеді енді ауыр басып, Мағынасы жауыздықтың көзден таса Болса егер, қиын азап сол бір аса, Жасырын күнəнің де зардабы зор, Бəрінен осы арада жиналды қор, Аңқиып ашық табыт секілденіп Жатады барлық шындық бетін беріп, Жаныңды айнадай ғып жалаңаштап, Сонда тек жалғыз өрлік қалады асқақ, Сол өрлік жасырады бəрін қымтап, Бəріне соққы берер ерлік мықтап, Бəрін де дұрыстауға болады деп. Тек қана масқараның зауалы көп!

Қорқыныш бəрінде бар, сол үрейді Жасырып қала білген берілмейді, Күнəнің оқасы жоқ ондай болса, Ер емес, ол текке құр айқайласа, Ерің – сол, өлімге үнсіз таймай барса! Үйренген баяғы сөз «кешір» деуге, Өзіне өзі сенген есіл ер де, Ажалға өтінішпен қолқа бар ма? Өлімді қарсы алды, əне, орта жолда! XI Сонау бір мұнарада, тар қамалда Басы бос, аяқ-кісен, қол байлауда Отыр ол, отыр Конрад, Паша Сарай Өртеніп жатыр əлі басыла алмай, Тұтқын да, өзгесі де – бəрі осында Осы жер таңдап алған панасы да. Болмақшы Конрадқа үкім қатал, Бұл болса, Сеидке де соны жасар. Отыр ол, жапа-жалғыз өткенді ойлап, Көңілінде қаяуы жоқ тап сондай-ақ. Жанын тек жалғыз нəрсе мазалаған: «Егер де жетсе мынау хабар оған, Медора нендей күйге түсер екен?» – Сонда ол, сонда ғана ыза кернеп, Темірді тепсінеді үземін деп, Қайтадан сосын тыныш табады кеп, Күледі сағыныштың салдары деп. «Шыдауға азабыма ертең көрмек – Дем алу керек маған бүгін жөндеп!» Деді де төсегіне тартты еңбектеп. Қажыған қайран дене, əттең, ептеп. Əп-сəтте көзі ілініп кетті ұйықтап, Соғыстың болғанына бір-ақ сағат, Үйренген тез қимылға уақыт санап,

Секөнттің білетін ол бағасын да,– Қалт етпей қас пен көздің арасында, Жауыз да қылмыс жасап үлгірмей ме? Ұқсайтын дəл осыған бұл да кейде. Ішінде бір сағаттың қанша өзгеріс Қарауға керек оған тек көз көріс, Айналды дəруіштен жауынгерге, Айқасты тығардай боп жауын жерге Ақыры, қолға түсті, өртті көрді, Тыңдады екілене соққан желді, Өлтірді, құтқарды да, түрмеге енді, Кеткенін тас ұйқыға білмеді енді. XII Жатыр ол тыныш ұйқтап, тынысы да Білінбей, арманы еді мұның, сірə, Мəңгілік қалса оянбай дұрысында. Мынау кім бетіне оның төніп тұрған? Жау кеткен, достары да өліп тынған. О, ғажап! Əйел – мынау бір керемет Тұрғандай ажарынан нұр себелеп. Қолында жаққан шырақ бүркемелеп Сəулесін жасырады, ұйқтап жатқан Адамға түсірмеуге əдейі жапқан. Байғұсты аяғандай болады ол Жап-жаңа қанды азаптан тыныш тапқан. Қара көз, қандай əсем, бойы сұңғақ, Маржан тас бұрымында тұр жарқырап. Жеп-жеңіл көлеңкедей, жалаң аяқ, Қыстағы көз қарыған қардай аппақ, Қалайша күзетшіден өтіп кеткен? Əйелдей асқан батыл жан бар ма екен Адамды аяғанда, болысарда?! Гүлнара көз ілген жоқ, Сеид ұйқыда Түсінде жаза кесіп бұл тұтқынға,

Соны айтып жатыр еді сандырақтап. Қолына мөр сақина киіп алып Жөнелді ол қараңғыда жолын танып, Отырған күзетшілер ұйқысырап, Жатпады мөрді көріп, жөнін сұрап, Бөгеусіз өте шықты, олар шаршап, Отырған адамдар ғой ұйқыны аңсап, Əшейін күзет деген аты ғана, Қисайып қалғып кетер артын ала. XIII Ұйқтауын қарашы деп, жүдə, бейбіт! – Таңданды ол – жүрсе өзгелер жылап-өліп Өзінің қамын ойлап, уайымдап, Тауысты менің дағы шыдамымды ап, Ол маған болды сонша неге қымбат? Ол, рас, өзімді де, абыройымды Құтқарды, бар əйелді қорғай білді. Жə, жетер, уақыт жоқ ой ойлауға Бет алды, дем алысы неткен ауыр, Көтеріп басын, көзін ашты да бір Жарықтан жасқанды ма, қайта жұмды. Дегендей бұзды менің кім ұйқымды – Қарады өз көзіне өзі сенбей, Қолдарын қозғап сосын, əлсіз сермей, Кісеннің дауысынан сылдыраған, Түрмеде екендігін енді аңғарған. – Оятып келіп тұрған бұ кім мені, Күзетшім дəл осындай сұлу ма еді? – Мені сен танимысың! Ерсің батыл Жақсылық жасадың сен, бізге, батыр. Қара да ұмытпа сен! Жұртқа мəлім Ажалдан мені сенің құтқарғаның Осындай түн жамылып келген себеп, Ол үшін беру еді саған көмек.

Өлімің маған сенің қорқынышты. – Сұлуым, қалай батып жолың түсті? Аяған сөздеріңе рақмет, Қашанда ажал келер бір-ақ рет, Қайтесің, жеңіс енді солардікі, – Тойласын, жасасын да ойын-күлкі. Əйтсе де олар жомарт, ер, асылы, Жіберген маған мұндай жанашырды. Кейде осы көңілділік, ғажап, бақсаң, Сағыныш алдайды өзін жымиыспен, Ол күлкі ащы бірақ удай ішінен. Қасқайып келе жатар талай ерлер Өзінің басын қазір алар жерде. Күлкімен сұм үрейлі, дəл осылай, Жүрегін адамдардың алдау оңай. Солдай-ақ осы сəтте Конрад та Күлді кеп, батқандай бір рахатқа, Тілінің ағытылды тиегі де, Нұр кірді оның əжім реңіне. Соңғы рет, бəлкім, мынау жер үстінде. Өмірі арылмаған шер ішінде Немесе соғыста өткен адамдарға Жарамас күлкі деген – амал бар ма! XIV – О, батыр! Жазаң қатты – жазаң – өлім! Мақсатым жəрдемдесу – қорғау менің, Пашадан өтінемін – тым болмаса, Үкімді орындауға асықпаса, Қашуға осы қазір сенде күш жоқ, Ұсталсақ – одан ауыр өкініш жоқ. – Бəріне əзірмін мен! Не көрсем де, – Аяну, ауырсыну болмас менде, Жығылдым, енді қайтып тұрам демен, Жығылу мүмкін емес бұдан төмен.

Азғырма еркіндікке, қолың жайып, Ондай іс – емес нəрсе маған лайық. Бəрі де қырылғанда, жалғыз менің Саулығым кімге керек? Ол да – өлім. Бір əйел – жайы соның маған батқан, Соны ойлап, көзден жасын сорғалатқан. Жолымды жарық қылған жер бетінде – Кемем де, қылышым да, құдіретім де – Сол еді, айрылған соң содан енді, Жазмыштан, міне, осындай жаза келді. Жалынып қорламаспын биік тақты – Қорқақтай қимайтұғын жанын тəтті. Бəрін де көтеремін, шықпас үнім, Қолымнан қылыш түсті, теңіз түбін Мекендеп жатыр кеме, тек қалғаны – Анау бір махаббатым – бар қаруым, Тек соған жалынуым, жалбарынып Сол ғана мені өмірге шақыратын, Мен өлсем, жүрек жарып, аһ ұратын. Қалатын гүлдей солып сол ғана тек. Гүлнара, қызғанышты ойлама тек, Оған тек көргенім жоқ əйел затын! – Басқаны сүйемісің? Менің нем бар? – Ешқандай жұмысым жоқ, ойыңа қояр, Ол үшін жайым да жоқ, ойыңа алма! Шынымен, ғашықпысың? Сонау жанға Қызығам, бақытты екен, жүрегімен беріліп, мұндай ерді сүйе білген! Жан емес, əрең жүрген жылап өлмей, Қу жаны құлазыған мына мендей. – Мен едім оттан сені алып берген Адамға сен əлпештеп, дəріптеген, Қалайша сүймей оны, аймалайсың? – Мен бе, мен? Пашаны ма? Сүйем бе екем? О, жоқ, жоқ! Ол жексұрын, маған бөтен! Ойы да, сезімі де оның жалған,

Қаным да оған деген мұз боп қалған. Махаббат еркіндіксіз болмайтынын Болғанмен, көрінгенмен бақыттырақ! Қоямын жүрегімнен кейде сұрап: «Сен оны шынымен-ақ сүйемісің?» – Ия! – деп, үн қатпайды менің ішім. Маған жат, маған ауыр еркелетіп, Аялап, аймалауы еттен өтіп, Сүйекке жететіндей, сүйкімі жоқ, Қолымды сипалауы бір түрлі боп, Тұрпайы көрінеді, қаным салқын, Өзгермес сол баяғы селсоқ қалпым. Ерніме суық тиер сүйгені де, Мұп-мұздай сөйлегені, күлгені де, Жоқ оған құмарым да, өштігім де, Жүректен ыстық сезім өшті мүлде. Зауқым жоқ жолығысқа, қол алысқа, Болғанмен ол қасымда, мен – алыста! Басыма неше түрлі келеді ойлар, Жек көріп, өзімді өзім жеген ойлар, Оған мен – қатын болу – қандай мақсат! Одан да құл боп, күң боп қалу жақсы-ақ! Ол егер басқа əйелді құшып жатса, Оллаһи, күндемеймін, бақыт тапса! Осы түн сүю сезім келсе маған Жарайды – демеймін мен аз сыбағам – Ол дағы саған көмек беру үшін, Біл, тұтқын, адамшылық – менің ісім. Мақсатым – өміріңе өмір сыйлау, Оралту ғашығыңа сенің сонау, Қайтару мен білмеген махаббатты, Қош, сау бол! Тағы, міне, таң да атты, Өтірік айту менің өзіме сор – Өлмейсің ертең бірақ – білерің сол!

XV Саусағын басып тұтқын жүрегіне Қамығып, қайран жүзі жүдеді де. Ғайып боп кетті сосын көрген түстей. «Болғаны рас па» деп, толғанды іштей, Тағы да жалғыз қалып, сорлы басы, Кісенде жарқыраған көздің жасы. Алмастай əлі де тұр екен кеппей. Қайғысы төгіп кеткен бекер кетпей, Байғұсқа ортақтасқан, жаны ашыған Белгідей шебер соққан көз жасынан. Əйелдің жасынан күшті не бар екен, Жүректі найзағайдай тіліп өткен. Сол еді бар қаруы əлсіз жанның – Сауыт та, қылышты да – соның бəрін Кетеді-ау кей кезде бір айырбастап, Қайырымды құтқарғыштай жолға бастап. Адасқан ақылынан данышпан да, Бас ұрған бар дүние алысқан да, Батыр да ұрыс тастап жеңілгенде, Көз жасы Клеопатраның төгілгенде. Жағалай жер күңіренген, аспан жылап Тізерлеп алдына кеп бəрі құлап, Бас құрбан, болған екен жүрек шығын, Басуға ерке əйелдің бір өксігін! XVI Таң-атты. Кескініне оның үнсіз Түсті бір əлсіз сəуле – ол қайырсыз. Күтіп тұр не сыбаға оны алдан? Қанатын қарға-құзғын қанға малған Қона ма оның мына басына кеп? Бола ма көзін оның шоқып əлек. Күн батып, баяғыша түсіп тұман,

Бейжай ғып дүниені тұншықтырған, Жандану, қайта туу, тірілу хақ, Ештеме тірілтпейді мұны бірақ! Үшінші жыр І Морейдің өртке малып шоқыларын Ал күрең батар күннің оты қалың Шөкті кеп қызыл доптай көкжиекке, Бұл жақта ұқсамайды терістікке Тұратын күннің жүзін тұман орап Жарқырап тұрар мұнда барлық алап! Тереңнің тесіп өтіп түкпірлерін Ішінен жасыл толқын күн күлгенін Көресің, ақырғы рет сəлем жолдап, Эгиннің жартастарын нұрға бояп, Осылай елінде оның кеш ұзаған, Тұрса да өмір-шырақ өшкелі алдан Ұзарып кешкі таулар көлеңкесі Көрінер Саламиннің көк өркеші! Бөлейді көздің ыстық жанарларын Алыстан андыздаған аралдарың. Осылай өз сапарын аяқтайды Күн-құдай көңілде мұң оятпайды. Түн-түнек қанатын кең жайғанынша, Содан соң ел ұйқыға барғанынша. Бір кеште дəл осылай жарқыраған Афинада сөнген еді Сократ бабаң. О, сол бір көрсең кештің сұмдық түрін, Тауысқан ол сабаздың соңғы күнін О, жоқ, жоқ! Күн батқан жоқ əлі бірақ. Сонау бір қымбат сағат созылды ұзақ. Енді оның созылғаны керегі не,

Жанары көп кешікпей сөнерінде. Таудың да керегі жоқ жайнағаны, Жарқылдап кешкі арайдың ойнағаны, Алайда қабағы ашық күннің əлі, Сыртына Киферонның тығылмады. Босады бірақ удың тостағаны, – Үрейсіз дүниені тастағаны Білінді Сократтың, əне, сонда Кəдімгі қарапайым ұқсап жанға Дүниеде болды, кетті – ісің бар ма! О, міне, шықты үстіне Гимет таудың Алтын ай-түн патшасы сымбатты айбын, Жолында жатқан тұман, тұрған дауыл Ақ жүзін баса алмады оның тəуір, шаншылды мұнаралар ай астында, Жарыққа тоспай көркін аясын ба! Басында мешіттердің бір-бір орақ, Андыздай шыға келді мен мұндалап. Сілкінді, сыбдыр қақты қалың орман, Толқыны Кефис-өзен сылдыраған, Қаралы кипаристің жапырақтары – Үн қатты самал бетте қалтырап бəрі. Пальманың дөп-деңгелек шатыр басы, Тезейге көлеңкесін түсірді асыл. Мыстай боп жарқырады бар төңірек, Мұндайда қуанатын көзің керек. Ызасы іште бұққан шықпай сыртқа, Теңіз де бір момақан, тыныштықта. Толқындар алуан түсті шұғыла шашқан Бірде алтын, бірде маржан араласқан. Жалғасып ұзын-ұзын көлеңкелер Мұхиттың аралдармен басын қосқан. II Жырларым сен емессің бірақ ойым, Сенімен бірге жаным, тұла бойым.

Афина! Атамауға атыңды мен Шыдармын, қалай ұстап дəтімді мен? Көрген жан сенде қалай күн батысын, – Мəңгіге есіне алып, ұмытпас шын. Өтсе де қаншама жыл екі арада Жүрегім сенен əсте кете ала ма? Жырлаған менің батыр, ерлеріме Əрине, жат емессің сен де, міне: Аралы сенікі еді Конрадтың, Береміз əлі саған соны қайтып! III Күн батты. Соңғы сəуле тарқап, өшті. Медора кірпігінен ұйқы қашты. Кеткелі үш күн болды, ол келмеді! Алдады, алдап соқты тағы мені! Жел əлсіз, баяу теңіз əлдилері, Кемесі Ансельмоның қайтты кері. Хабарсыз, бірақ одан түк білмейді Білмеді ер тағдыры не болғанын. О, Конрад, білсе еді ғой, əттең, əттең! Сарғайып күткені оның осы желкен, Мұнда да болмай шықты, күн ұзаққа Қараумен көзі талды теңіз жаққа. Түн болса талай келді жағалауға, Сағатын қанша жүрген шамалауға Хəлі жоқ, жапа-жалғыз – жарды кезіп, Үстіне су шашырап, үйден безіп, Жағаға жіпсіз байлап қойғандай-ақ, Тына ма асау теңіз долданбай-ақ, Дірілдеп, талай соқты жүрек мұздап, Үрейден, қорқыныштан жаны сыздап, Осы сəт жетіп келсе батыр ұлан, Адасып қалатындай ақылынан. Мінекей, келді ақыры... Сынық қайық!

Көрді оны ескекшілер, көзі тайып Шыдамай, сөзге сараң, тіл байланып, Жайларын əрең айтты, аз ойланып. Айтты олар əзер қашып құтылғанын, Белгісіз көсем қайда жұтылғанын Білмейді, білмеген соң не дері бар? Əйелдің сұсты жүзін көрген бетте Бəрі анық, болады оған не демекке? Қалды үнсіз, өз қайғысын өзі қарсы ап, Өр əйел, еңсесі зор, сезімі асқақ, Жан еді күреске əзір, тəуекелшіл, Қаншама өшіп тынды үміті есіл! – Еңіреп қоя берді – дегенменен, Құрыды, бітті бəрі – көрем деген Қызықтың, бақыт, рахат атаулының. Сонда да бойын дереу алды жиып, Бар ойын бір күш билеп тұрды биік: «Қорқыныш болмас сұмдық бұдан артық» Кейде бір ауыр безгек ыстығы артып, Жатқанда аласұрып сандырақтап, Қалатын күш болады тəнді сақтап. Білем мен, айтпасаң да – сезем сұмдық. Бірақ та іштеріңде алай-дүлей. Білем мен, айтпасаң да – сезем сұмдық. Сұрауға аузым бармас – ернім суып. Сонда да, айтып өлтір, қайда жатыр, Қай жерде денесі оның қалды шіріп?!» «Білмейміз, тек біреуден естідік біз, Тұтқынға түскендігін ессіз-түссіз, Алысып ұзақ жаумен, қанға батып, Бірақ ол тірі болған – көрген уақыт!» Ол қайтып қалған сөзді тыңдамады, Ішінде əлдененің қирағаны, – Секілді күш, еркінің күйрегені, Денесін аяғы алға сүйреп еді, Болмады, қайта-қайта құлай берді.

Теңізге көмер ме еді құдай енді, Жоқ, оны күсті қолдар, жасты көздер Демеді, жəрдем етті осы кезде, Аузына су тамызып, бетке бүркіп, Əп-сəтте жан кіргізді – ашты кірпік. Шақырып қызметші əйел, нөкерлерін Кіргізді əзер есін, əкеп емін. Ансельмо – аяңдады бұған қарай Сөз айту – болмайды енді оған да оңай, IV Алқа топ кеңес құрды, ақылдасты, Ашулы небір сөздер айтылды ащы, Ызамен бойларында кек қайнаған, Іштерін өкініштен өрт жайлаған, Кешегі Конрадтың көкжалдары, Аяйтын көсемі үшін жоқ жандары, Құтқару – тірі болса енді ойлары, Егер де өлі болса – кек қайтару, Қол жинап, шабуылдап қайта бару, Əлі де ер жүректер таусылған жоқ, Əлі де жеңілген жоқ қайсар бұл топ! Гаремде отыр Сеид тұтқынды ойлап, Жүзінде түнеріңкі сұмдық ойнап, Біресе Гүлнараның қылығы арбап, Біресе ойы жүйткіп түрме шарлап. Күң-сұлу жібітпек боп суық түсті Жасайды-ақ нелер өнер, нелер істі. Мойылдай қара көзге мөлдіреген Жауап жоқ, сонша қатал болды неден? Тартады таспиығын қолына алып, Болашақ жау жазасын ойы бағып. «Ал, Паша! Туды күнің, жау қолыңда! Өледі ол... Түсер бұғау қыл мойынға, Ол соған лайық болсын дейік, рас,

Кесілсін дейік сөйтіп тағы бір бас, Ал содан не пайда бар? Ойлап көрші! Кеш мені болса егер сөзім ерсі! Қашанда қазына-байлық қарақшыда, Алтын көп жиған олар жар астында Соларға сат одан да, айырбаста, Сен үшін қанша қайыр өлі баста. Одан да тірі жібер пайдаң үшін, Тұтқынға тағы келіп қайта түссін. Конрадтың қимағанмен жалғыз басын, Өзге елдер кетер талап қазынасын. «Ол, мейлі, əрбір тамшы қаны үшін Төлесін інжу-маржан – бəрін қисын, Ол, мейлі – шашының да əр талына Тау-тау ғып алтыннан сый тартады ма? Бəрібір істей алмас, құтыла алмас. Кегімнен менің қатал, өткір алмас. Жазасын кешіктірмен бір сағат та, Өлтірем, саламын да мың азапқа». «Сеид, сенің жұмсарта алман ашуыңды, Айтқаным ақыл қосып, жəй сырымды. Алып ал қазынасын, нең кетеді? Ол қайтып шабады деп сенбе, тегі, Айрылған қаруынан, əскерінен Қу басы қауіпті деп əсте білмен. Ұзамай қайта қолға түсуі анық, Баяғы қол басқарған күші қалып». «Қайтадан оның қолға түсуі анық... Дейсің бе – босату ма – ұстап алып Жыланды өз қолымнан? Айта көрме! Дəл осы тілекті айтқан мына сен бе? Болайын қорғаушыңа! Жауыз сұмды Босатып, өтемексің қарызыңды, – Кəпірдің құтқарғаны үшін сені, Ақысын өзім берем, жібер мені! Саған мен сөз айтайын құлағың тос,

Сенбеймін, сен əйелсің – жалынба бос! Тұтқынмен сосын менен босап алып Екеуің қашпақсыңдар осы арадан. Білем мен, сөзің құрсын, айтпа маған, Əнекей, жүзің сұп-сұр қан тараған. Сақтан сен, о, сұлуым! Мен бе кешер, Ол түгіл өз басыңа келер кесел! Жалғыз сөз.. Жо-жоқ... Айтпа оны маған, Сол сəтті қарғыс атсын сені құтқарған! Онан да жақсы еді ғой... Қой, беті аулақ! Қалайша сенсіз өмір сəні болмақ. Алайда алдамшысың! Дұшпанды сен Құтқарам, бауырыма басам – десең, Қиямын білегіңді, сол айтқаным! Қашанда опасызға төзбес жаным!» Тұрды да, беттеді ол есік жаққа, Ашумен əзір күйі іс қылмаққа! Білімің əйел жайлы нашар, Сеид! Əйелді жеңе алмайсың босқа кейіп. Кектенсе одан батыр жан болмайды, Назданса – сөзі майда қандай жайлы! Сен бекер ренжітіп кеттің оны, Ол үшін керек емес кектің жөні. Өзі күң, өзінде ерік жоқ адамға Жаны ашу – борышы ғой əрқашанда. Мінекей, тағы да ол сақтанбастан Тілегін айтып отыр қайта бастан, Тағы да Паша бойын ашу кернеп, Реті келмесе де басу бермек, Тағы да онсыз сəні келмейтінін Білді ол, онсыз қызық көрмейтінін. VI Арада өтті күндер, өтті түндер, Жалығып əрі үрейден жаның жүдер,

Қаншама қатты, батыл болса дағы, Əр сағат өлім тосқан қоршаудағы Əр қадам өткен басып мына тұстан Секілді əкетуге келген адам Өлімге, қатал үкім берген оған. Əр дыбыс арасынан қара түнек Естіген дыбысындай ең соңғы рет. Алайда рухы оның өр, тəкаппар Өлуге жаралмаған, өмірге зар, Қаншама шексе де азап, шыдап бақты, Қинады, үмітсіздік жанға батты. Айқастың қызу айқай, дабыр шуы, Сырттағы дүбірлеген дауыл сыры – Қалдырмас ой ойлауға еш уақыт, Əлсіреп, ауыр сезім сесі батып, Қатесін есептеуге, өкінуге, Тағдырдың салғанына бекінуге, Көнуге дүние қайтып келмесіне Ажалдың кеп тірелген кермесіне – Бəріне, бəріне оның жоқ мүмкіндік. Көретін досы да жоқ, – жау үкім ғып Өлімді қайсарлықпен қарсы алғанын, Ал мынау өсек айтар дұшпан тобы Өлерде мазақ етіп, қорлап оны. Кім айтар күшті екенін намысының – Соңғы рет сыну білмей алысуын. Ышқынған, ыңырсыған жалғыз «ойбай». Жинаған абыройынан етер жұрдай. Жердегі бұл тірлікті тастарында Жұмақпен жарылқамас аспаны да. «Қош!» деген ғашығына жалғыз сөзбен Сонау бір сағынышы жанын жеген Бəрінен ауыр тиді Конрадқа! Денесі өртенсе де тозақ отқа, Төзді ол соған дағы, жетті күші, Төзген соң – болмас оның өкініші!

VII Күн өтті – Гүлнара жоқ – əлі үмітті, Екі күн, үш күн өтті – текке күтті. Əлі оған болғандығы дүние тұрақ, Бір соның сиқыры деп, білді бірақ. Мінекей, төртінші күн кеші батты, Маңайды түнек басты сесі қатты. Теңізден табушы еді-ау рахатты! Болатын асау толқын шуы тəтті, Тағы да тағы рухы, асау жаны Өрекпіп, өткір көзі жасаурады! Өр толқын ашуына ашу қосып, Ол оны жүйткуші еді осып-жосып, Жағаны ұрған оның дыбыстары Естілді құлағына таныс бəрі Секілді тіпті жақын... Амалы не! Дəл қазір жетпеген соң, соған, міне! Құтырды күшейді жел, дауыл тұрып, Жақыннан жайдың оғы түсті ұрып. Көктегі от-шимайы найзағайдың Жұлдыздан сүйкімдірек осындай түн. Сүйретіп ауыр бұғау-кісендерін Төнді кеп терезеден – құр сүлдерін Дəл қазір тастап жаны – өлсем – деді, Тіледі, ажал сұрап, кемсеңдеді. Көтеріп бұғаулы қол көкке тосты, Денесі күлге айналса сəтте осы! Темірге түссе – деді жайдың оғы, Түспеді, тайып кетті оның жолы. Басылды долы дауыл барып-барып, Төңірек шала-шарпы анықталып. VIII Болғанда енді, міне, түн ортасы, Есікке келді біреу жеңіл басып,

Сəл ғана кідірді де, кілт сылдырап, Кідірмей ашылды есік, көз бұлдырап, Қарады келген өзі – күткен сұлу, Періште жүрегіне берген жылу! Алайда осы аз күнде жадау тартқан, Қалтырап, дауысын да баяулатқан. Үрейі көрініп тұр көздерінен, «Үкім жоқ сол қалпынан өзгерілген, Жарқыным, өлім сенің – бір сыбағаң, Өлесің, соқты сағат тыншымаған! Əрине, өлім артық мың азаптан». «Мен дағы құтқаруды сұрап жатпан, Айттым ғой үш күн бұрын, содан қайтпан, Басқа сөз естімейсің Конрадтан! Қалайша құтқармақсың қарақшыны? Жазасын кінəсі үшін алмақшыны, Қылмысым есептесе шашымнан көп, Кешір – деп жалынғам жоқ, жасығам жоқ, Сол үшін Сеидтің кегі сыйлық маған, Жүрегім ол жазадан шайлықпаған». «Не үшін құтқармақсың? – дедің маған, Өткенде сен құтқардың – қалдым аман. Ап-анық нəрсені де көріп тұрып, Көрмейсің соқырлардай, мен ұқтырып Болмап па ем сезімімді, толқуымды? Білдіріп сол шынымды, мол сырымды. Əйелдің сезімді ашып айта алмасын Қалайша аңғармайды қайран басың. Жанымды шайқап-сілкіп жібердің сен Аяймын... Сүйем сені... біле білсең. Сен маған айта көрме басқа əйелді, Жазғырма сүйеді деп босқа мені. Болар ол сүйкімді де, бəлкім, жақсы, Істерді мен істейтін жасай алмақшы Емес ол, берілген соң жүрегіммен Кете алман сені тастап, білемін мен,

Корсардың əйелі боп, ердің жары, Қоймақ па қаңғыбас қып бұдан əрі? Қарыспа... енді болмас сөздің мəні. Біздің жан қыл үстіне ілінді, əне! Тұп-тура, бетпе-беттен қорықпасаң, Мə, қанжар! Тұр орныңнан! Кеттік шапшаң! «Оу, қолда бұғау бар ғой, аяқ кісен! – Олардан босауымды ойлап па ең сен? Күзеттің қалай өтем арасымен, Білдірмей аяқ, қолдың жарасымен?» «О, байғұс... Күзетшіні алғам сатып, Бəріне алтын беріп, алдарқатып, Бүлікке дайындалдым – бір сөз айтсам, Көзбе-көз бұғауларың болар талқан, Мен жалғыз, көмекшісіз не болмақпын? Оларды күндіз-түні арбап бақтым. Сен үшін бəрін соның ойлап таптым. ...Жоқ! Жауды жазалаудың жоқ күнəсі! Конрад! Паша өледі.. Кектің басы. Сол болмақ! Қорқамысың, үркемісің? Барады зор күнəні кім кешуге? Мені ол көп қорлады, таптады көп, «Көзіме оңашада шөп салдың» деп, Сол үшін жүрегіме сақтадым кек. Шынында, опасыздық жасағам жоқ. Əуелде берген серттен аса алғам жоқ. Ия, солай! Күлесің бе? Жоқ, күлме, сен, Айып па? Онда сені мен білмесем? Айтқаны жаман оның қызғанышпен, Өшігіп маған содан, тынған іштен, Осылай келтіреміз кезінде біз, Мені ол сатып алды, күң етті, рас. Бірақ ол ала алмады жүректі, рас! Сенімен қашасың, –деп айтқан кезде, Еш жауап таба алмадым мен лезде. Ал енді болсын оның болжағаны,

Еді өзі оңбағанның оңбағаны! Сені ұзақ өлтіртпеген мен дейсің бе? Ал оның жауыз ойын енді есіңе, Өлтірмек ұзақ қинап сені азаптап, Маған да масқаралап күйе жақпақ. Əзірге сүйгендіктен аман сақтап, Келді ол, менен көңлі суыған соң, Бір күні қапшыққа сап, теңізге атпақ. Ажарың əзір таймай тұрған шақта, Несі бар, айналасың қуыршаққа, Ойнайтын ермек етіп ақымаққа! Мен сені көрдім дағы, сүйдім бірден, Əзірге басым аман тұрғанында. (Ол жауыз шалар бір күн құрбанына!) Пашаның көзін қазір жоймай-ақ мен, Міне, мен қолыңдамын сүйем-күйем! Білмейсің, сүймейсің де мені, білем. Сонау бір тұңғыш қиял, тұңғыш кегім, От-жалын отанымдай шығыс менің. Сен ғана сол өртімнен қорықпас ең, Батқанда құшағымда рахатқа əсем. Сол ғана жанған шырақ, бағыт сілтеп, Қайыққа жағадағы жеткізсін тек. Өткенде жатқан бөлме біз тұсынан, Оянбай қалар Сеид ұйқысынан!» «Гүлнара! Мұндай əлсіз күйге менің Құлдырап түскенімді білмеп едім. Сеид менің – ашық жауым қан күресте Жеңген соң – жазалауы анық емес пе? Мендейдің қылыш қана қаруы емес пе? Қылышқа қылыш жауап – дəру емес пе? Сондықтан қанжар емес маған лайық, Өлтіру ұйқтағанды болар айып. Оллаһи, ол үшін сені құтқармадым, Өкінбен, бітті үмітім, бітті арманым. Шығармын ең соңғы рет қуысқа ұйқтап».

«Ұйқы, ұйқы! Ертең сенің маңдайыңнан Қан ағар тер аралас, маңайыңнан, Андыздар қара баған, қанды баған, Қарауға көзім төзбес, зар жылаған Күйімде, сен өлгенде – мен де өлермін. Бəріне біржолата құн төлермін, – Өмірге, өшпенділік, махаббатқа Қош айтып, бақи жанға жөнелермін! Сеидті өлтірмесек, қаша алмаймыз, Қашқанмен біз ұзаққа аса алмаймыз. Ол қуып жетуі хақ, сосын кегім Алынбай қалар мəңгі өшім менің. Қорлықпен өткен қайран жас жылдарым, Өшіріп мынау сұмдық тастар бəрін. Егерде қанжар саған шақ болмаса, Көншімес əйел көңлі пышақты алмаса. Ал Корсар! Мен сəт болса, оралармын, Болмаса жер бетінен жоғалармын! Өлкеде біздің мына күн шыққанда, Мəңгіге сенің үнің тұншыққанда. Көрер жұрт менің дағы кебінімді. Сенің де қанға батқан өлігіңді». – IX Деді де, ғайып болды жауап күтпей, Таппастан бұл да өрепкіп, тағат титтей, Кісенін əл келгенше жинап алып, Əдетте жүргізбейтін аяққа оралып, Есікке ашық тұрған ұмтылды ол да, Қарамай қыз соңынан оң мен солға, Түн түнек, ешбір жерде жарық шам жоқ, Жолында оның тұрған тірі жан жоқ, Кенеттен түсті жарық бір түкпірден, Оны да ойы сезіп, түйсік білген, Қалпымен, соған қарай жүріп еді,

Бетіне соқты келіп түннің лебі. Қараса, қалған екен залға шығып, Жайнады жұлдызды аспан алдан шығып, Ар жақта, жақын жерде бір от жанып Тұрғанын əрең-əрең қалды аңғарып, Есіктен жарық түсті сəуле беріп, Сол жерден бір көлеңке түрегеліп, Жүргендей болды беттеп бұған қарай... Қараса... О, құдірет! Гүлнара екен, Қылмыстан ол жасаған із жоқ бөтен. «Сеидті өлтіре алмаған екен-ау» деп Ойлады ол, бірақ көзде өрт-алау көп Жанып тұр ыза-кектің белгісіндей, Бетінен шашын қою кері сермей Қалғанда, оның жүзін байқады анық. Біреуге тағы төнген қайта барып, Ол төнген адамның қас түбінен Қан көрді, маңдай үсті қақ тілінген! Қаншама көріп еді қанды ұрысты, Түрмеде қинады азап жанды күшті, Көтерді жазаны да, назаны да, Талықсып тас бұғаудың азабында, Көрді ол тұтқындықтың қорлығын да, Бəрін де кешті бастан ол бұрын да, Сұмдықты көрмеп еді бірақ мұндай, – Мəңгілік, көз алдында тұратындай. Мынау бір қансыз-сөлсіз қара таңба! Қаншама түсініксіз қарасаң да. Қаншама көріп еді қанды бөккен, Бірақ та еркек қолы оны төккен. XI «Мінекей, бітті бəрі! Ол түсінде Тек қана ақырғы рет бір күрсінді... Ол өлді. Түсті бірақ маған қымбат

Не керек айтып-айтпай сөзді құндап, Кет аулақ! Кет пəлекет, пəлен деме, Əнекей, жағалауда күткен кеме. Бар ма екен достарыңнан қалған аман, Сен керек, солар керек енді маған, Ал мынау айтам кейін істі саған, Алыстап кеткеннен соң жағалаудан». XII Берді ол алақанын соғып белгі, Күзетші грек пен Мавр жетіп келді, Бұғауын қол-аяқтың дереу шешіп, Далада еркін соққан желдей есіп, Босады ол. Жайланбады жаны бірақ, Түскендей еңсесіне ауыр салмақ. Гүлнара белгі берді үнсіз ғана, Аңқиып ашылды есік артын ала, Жүгіріп, асықты олар жағадағы Құмға кеп толқын ұрған тиді аяғы. Конрад селсоқ күйі аяңдады, Белгісіз құтылғаны, алданғаны, Баяғы бəріне əзір, бел буғаны. Пашаның көзі тірі болғандағы. XIII «Жел ойнап, желкен судыр қақты тағы. Түсті еске Конрадтың өткен шағы. Мінекей, қара жартас анадағы, Мүйісі зəкір тастап, тоқтағаны, Сол түні секілді еді кеше ғана, Бір ғасыр өткендей-ақ екі арада – Жоқ мұның көрмегені, сор азабы,– Қайғысы, қасіреті, жау мазағы. Мачтаға жартас үстен төнген тұста

Қолымен бетін басып, төмен ұстап, Тағы да есіне алды Гонзальвоны, Басталған қанды қырғын, жанжал жолы, Жеңісі. Жəне тағдыр жалт бергені, Сарғайған сағынышы... Көзін ашса – Адамы кісі өлтірген тұрды қасында! XIV Мынаның жиіркенген түрін көріп, Гүлнара кетті ішінен күңіреніп. Баяғы өштің оты көзден сөніп, Соңында солқылдайды жасын төгіп. Жабысып қолына оның, қысар қатты: «Кешпесін Алла мені, ал сен айтшы – Егер де мен өйтпесем, не болар ең? Əп-сəтте жер бетінен жоғалар ең – Жазғырма еңболмаса мына сəтте! Сұрапыл, о, сұмдық түн, əттең, əттең, Ол шақта өзімді мен танымадым! Еске алсам, қазір естен жаңыламын. Сүймей де, жасамай да жауыздықты Тап-таза қалар ем ғой. Ауыр жүкті Арқалап нем бар еді менің сонда? – Сен тірі қалмас едің, бірақ онда!» XV Бірақ ол қате айтады, сірə да, оған: Бұл емес өзін ғана кінəлаған – Бəрі үшін осыншама болған істің. Жүректе сызы жатыр сағыныштың. Бұл кезде келе жатты кеме жүйткіп, Асығып үйге қарай желдей ұйтқып. Кенеттен көзге түсті жалғыз қара

Кеменің тұмсығының алдын ала, Желкенді қайық екен қаруланған, Асығып жақындады бұлар да оған, Қойылған қатар-қатар зеңбірегі Айбынды ашқан аран төңірегі. Бір кезде шықты гүрсіл, от шашылды. Көрінді көзге ыстық тез басылды. «Кемем ғой мынау өзімнің! Қызыл жалау! Бұлай деп кім ойлаған? Əлі де мен Теңізде тіпті жалғыз емес екем...» Деді ол, қуанғаннан жан ұшырып Қарсы алды айқайласып, бəрі шығып, Дереу тез су үстіне қайық салып, Тұрысты палубада толып халық, Толы еді қойындары қуанышқа, Кездесу салтанатты мына тұста, Көрісті көсемінің ер тұлғасын, Оларға келе жатқан еркін басып, Ұмытып көрген азап, бейнет-сорын, Қарт көсем сəлем берді бəріне оның, Қуанып Ансельмо да қолын қысты – Тағы да күрес, жеңіс жолын тосты! XVI Соғыссыз құтылғанын қалай көсем, Еш пират білмей аң-таң. Олай десең – Мүмкін бе, жалғыз əйел мұндай ерлік Жасауы? Іс еді бұл жұмбақ дерлік. Патшадай онда мұны дəріптеуге Бəрі де əзір еді – жанып кеуде – Жарқырап жанарлары қарайды кеп. «Таңдауы Конрадтың қалай бұл!» – деп, Қызарып, ұялшақтап сонша көзден, Өзінің зор қылмысын өзі сезген, Қолымен қорықпастан қанға барған,–

Жағдайы еске түсіп, енді аңғарған, Түсірді бет-пердесін дереу жауып. Иіліп, кеудесіне қол апарып. Тағдырдың не боларын, бұдан əрі Қалды ол тосқан күйі – сұрамады. Кешегі аласұрған, жанталасқан, Күресте қаталдықпен шектен асқан, Керемет сүйкімді еді назды көрік, Қалды ол əрқашанда əйел болып. XVII Қалайша аямадың Конрад оны? Өткенді оралтудың қиын жолы, Мың көздің оны жасы жуа алмайды, Жазалар қырсық сəтте құдай дағы. Ия, солай! Азаматтығы үшін соның, Сол үшін қанжардан да тартпай қолын, Қан төкті, қауіпті де көрмей кетті, Қызығып қиды соған жер мен көктің Қарады қара көзге жаудыраған. Қамыққан, қапа көңіл қалжыраған, Жанарын төмен салды, маңдайында Қайғының көлеңкесі, тал бойында Бір мін жоқ, қызарған тек бет ұшында Сүйістің табы қалған ет қызуда. Ол енді қысып еді қолын жайлап дірілдеп қоя берді, қаны ойнап, Өйткені оның қолы енді жұмсақ Сезілді, секілді емес, жайдағы шақ. «Гүлнара... О, сүйіктім!»

Сөз айтпастан Тек оның көзіменен көзі айқасқан, Құлады құшағына лəм деместен, Лəззəттің минутында танып естен. Қашанда еш жүректің бармас дəті, Қатал боп, қайтаруға мұндай сəтті! Аяды, қайтармады бұл да солай. Жүректің түйсінері болмас оңай, Сол түйсік, сол сезіну болмаса егер, Сүйгені – опасыздығы емес еді. Ол одан сұраған жоқ ештемені, Бір сəтке келе қалған əлсіздігі. Сонау бір жан сұлуы, жар үздігі – Сонау бір сүйген ерін от қызуы, Хош иіс рахаттың өткір буы – Бəрі де ала алмады одан ұрлап, Қаққандай қанатымен

құс шырылдап. XVIII Кеш түсті аралға анау алыстағы, Бұларға əр жартастың таныс бəрі, Маягі, жарқыраған бағдар шамы, Естілген айқай, у-шу дауыстары, Қарсы алған алдан шығып қайықтарын, Шоршыған дельфиндері, балықтары. Қарлыққан шаңқылдары шағаланың, Күнделік, тіршіліктің бəрі мəлім, Жақын тұр осы арадан тиіп бəрі. Теңізден қарағанда ошақ-оты – Не деген ыстық еді: сүйікті еді! XIX Сонау бір шолып биік маяк жағын Іздеді ол Медораның жаққан шамын, Таппады! Таңырқады, кетті есі Қараңғы жалғыз соның терезесі, Не ғажап! Осы жолы қарсы алмады, Шынымен, өшкені ме өмір шамы?!

Жағаға ұмтылады аласұрып, Сонау бір асылына жаны асығып, Шаршады ескекшілер есіп-есіп, Қалжырап, дем алуға есі кетіп, Құс болса қанаты бар, расында, Зымырап жетер еді-ау сонау шыңға! Күтуге дəрмені жоқ одан əрі. Секірді жардан суға, жалдады, əне, Жағаға жетті жүзіп, жолмен соқпақ Өрледі жоғарыға жылдам аттап. Мінекей, келді есікке, үй тым-тырыс. Түн ғой бұл, естілмеді ешбір дыбыс. Жалма-жан қол қалтырап қақты есікті, Жауап жоқ, іштен адам көп кешікті. Əйтеуір, ашты біреу – тек ол емес. Сүйгені, аңсағаны ертелі-кеш. Екі рет оқталды да сұрайын – деп, Бірақ та дəті барып сұраған жоқ. Қолына шырақ алып аттап еді, Қазір-ақ көремін деп, боп дəмелі. Қолынан түсіп кетіп əлгі шырақ. Ешкімнен жатпай енді отты сұрап, Қарманып ішке қарай барып еді, Əріден жанған əлсіз сəуле көрді. Үстіне кіріп барды, о, құдірет! Көргеннен жүре берді жылап жүрек! ХХ Мелшиіп қадап көзін қалды қатып, Дірілін денесінің алды қайтып. Осылай сандырақтап, ессіз жатып, Үміттің енді жоғын ұқпай батып,– Қараймыз бақшырайып, көз аунатып: Құлпырып жатқан күйі гүлдей жайнап Сөнгендей жаңа ғана жатып сайрап

Мұздаған саусағына салқын гүлді Белгісіз кім үлгеріп əкеп ілді. Жатқандай ол əдейі ұйқтағансып, Ондайға өксу, жылау-сықтау артық. Жабулы жібек кірпік, суық қабақ, Жатқандай от жанарын қуып-қамап. Ажал сұм аямайды əсем көзді, Сондай-ақ ақыл, ойды, көсем кезді. Аспандай көкшіл жанар – қос шырақты, Əнекей, батқан күндей мəңгі жапты. Оймақтай ауызы əлі сол қалпында, Күлімдеп еріндерін қозғалтуға Жатқандай əзір-мəзір əзірленіп, Алайда қалған екен көбік еніп, Ал мынау ашық түсті бұрымдары Желменен желбірейтін бұрындағы Бəрі өлік, қазір енді бəрі жансыз Жоқ қой ол! Жоқ болған соң тұру – мəнсіз. XXI Мəн сұрап, мағына сұрап керегі не? Мəрмəрдай тартқан суық реңіне Қарасаң – бар болмысты тұр ғой айтып, Сұра не, сұрама енді – өлді қайтіп? Үміті, махаббаты шат күндердің – Ұрландың бір-ақ сəтте, бір-ақ күнде өлдің. Бұл сордың өзіне де обал жоқ қой, Қашанда асқан жанға зауал көп қой. Қасиет құтқарушы адал жанда, Болмайды күнəкарларда ешқашанда Жердегі, төмендегі салтанатқа Мəз болған уақытша қонған баққа Байғұсың өр көкірек, ойда жоқта Ұшырар ұлы қайғы – жаманатқа. Кейде бір өткір көздің сыр білдірмей

Түбінде жатады бір сұмдық үрей, Жатады кешкен қапа, көрген зəбір, Сондай-ақ жалған күлкі жымиыста Жатады үзген үміт бұл тұрмыстан. XXII Көтерген көп қасірет жан да солай, Ауызбен айтуына болмас оңай, Тірілер бір-ақ ойға сансыз ойың Қамалған жалған қызық, жансыз ойын. Жүректің сөз табылмас құпиясына, Көп сөздің кісі сенбес шын-расына. Конрад сағыныштан, опыныстан Қайғының запыранынан өтін құсқан. Жүректен өліп қалған тыныш тапқан, Көзінен сорғалап жас бұршақтаған Айрылған бір кездегі өткір шақтан, Езіліп, одан сайын қайғысы артқан, Дəл бұлай қалмаса егер жалғыз басы – Мұншама ақпас еді көздің жасы. Осынша тарта-тарта өмір зарын Тауысқан жылай-жылай оның бəрін. Болмады Конрадқа күннің сəні, Қызықсыз одан сайын түннің бəрі. Түннен де қорқынышты жүрек түні, Қайғының соқырлығы кірлеп күні. Көйлектей жуылмаған, сығылмаған Нең қалды, жетекшің жоқ жығылмаған?! XXIII Қадірін жақсылықтың білмей өтті, Ол ұзақ зұлымдықты ермек етті. Бірақ та ой жүйесі, қиялы оның Тескендей бейне тамшы қия жонын.

Жосылып аға берді жол аяқтап, Қарайды, бұрынғыдай болмады аппақ. Жай түсті, кенет көктен тасқа келіп, Күйреді ол қолын көкке жасқай беріп, Қасында шыңырауда өскен гүл бар еді, Жай оғы екеуін де талқан етті. Гүл жанып, жартас күйреп артқа кетті. Қалмады гүл байғұстың жапырағы да, Жартастың жарықшағы жатты маңында. XXIV Таң атты, кім бөлісер таң қайғысын? Ансельмо жоғалтқанын қайдан білсін. Көсемін тастан іздеп, таудан қарап Таппады, жүрді жəне су жағалап. Түн келді, əлі оның жоқ хабары, Тағы күн, тағы да түн, еш амалы Қалмады, табады енді қайдан іздеп, Тек жартас жаңғырады «біз бармыз» деп. Тінтпеген жер қалмады, жалғыз сүйем, Қайықтан шынжыр қалған бір-ақ сілем, Кемелер теңізге де шығып қайтты, Із-түз жоқ, күндерден күн өтіп жатты. Конрад жоқ, сыбыс та жоқ, ол жайында, Білмеді тағдыры не болғанын да, Өлді ме, əлде көзден болды ғайып? Жоқтады, дұға қылды қолын жайып, Баяғы ескі достар жастары ақты, Басына Медораның тас орнатты, Ескерткіш жасамады Конрадқа, Көз көрмей, жорымады жаманатқа. Кім білсін, тірі шығар даңқы күшті, Сол сабаз бастан кешкен

сан қылмысты, Бас иген жалғыз ғана махаббатқа!

АРАЛ НЕМЕСЕ ХРИСТИАН МЕН ОНЫҢ ДОСТАРЫ Төменде айтылатын хикая 1789-жылғы көтеріліс жəне Тынық мұхиттың «Жолдастық» аралдарын басып алу туралы баяндау деген лейтенант Блэйдің жазбалары жəне Маринердің «Гонго» аралдары туралы хабарлама атты жазбаларының негізінде жазылды. (Генуя, 1823 ж.) С. Байронның ескертпесі) Бірінші жыр I Ауысты күзетшілер. Су бетімен Шалғындай судыр қағып тербетілген Қақ жарып көк толқынды жүзді кеме, Секілді алып соқа жерді тілген. Маржандай шашып көбік жан-жағына, Көз жетпес бер жағына, ар жағына, Көк жидек көсіледі көлемі ұзақ, Еркіндік дүниесі – таңғы шуақ, Алыста, қалды артта жат сулары, Шуласқан аралдардың тұтқындары, Сиреді түнгі мұнар, қылаң берді,

Жаңа таң нұрға бөлеп алыс белді, Секіріп дельфиндердің ойнағаны, Секілді күнді қарсы ап тойлағаны, Жұлдыздар жасырынып нұрдан қашып, Жасқанды кірпіктері жыбырласып. Жайнатып желкендердің аппақ төсін Қатайып жел көрсетті əуселесін. Секілді теңіз беті күрең күміс, Күн шықпай басталмақшы енді бір іс! II Қырағы күзетшілер, сенім берік, Түсінде сонау алыс елін көріп, Капитан жатты қалың ұйқыға еніп, Барған соң, ерлігіне баға беріп, Еңбегін ауыр жолда еткен мұның, Отаны тойлайды деп өткен күнін, Өйткені ол түстік полюс жолын ашты, Тарихқа атын жазды ол алғашқы Сонымен бастан өтті нелер дауыл, Енді бір тыныс табар, алар дамыл... Мынау не? Палубада асыр-тасыр, Асау топ, өрекпіген өңкей жас бір, Кеменің руль-тұтқасын тартып алып, Əлекті кеме үстінде жатыр салып, Үйі жоқ онда барса сағынатын, Күйі жоқ табылатын қыз бен қатын Тағы боп түзде жүріп кеткен əбден, Қайдағы бос қиялмен неткен əуре Дейді олар, аңсайды бір жұмақ жақты, Жемісі мəуелеген тым-ақ тəтті, Көксейді еркін жүрген аңшылықты, Жері кең білмейтұғын таршылықты, Аш көздік баяғыдан бізге біткен, Əкімдік заңмен оны тас бекіткен.

Аңсайды қазынаны ашық жатқан, Алатын қолмен күреп қанша батпан. Ол жақта – еркін өмір, храм-сарай, Ол жақта – бақ пен жеміс – алсаң қалай Болады, бəрі жеңіл, бəрі де оңай. Табиғат еркелеткен перзенттерін, Қалаған емін-еркін ер жеткенін, Ұлудың қабығынан маржаны көп, Адамның оған жеткен арманы жоқ. О, жастық, осылайша шалықтаған, Қиялмен қайда-қайда барып қалған! Ал мынау жаңа таңмен бұрқанған жұрт Жіберді сол қиялды күл-талқан ғып. III Оян сен, тұр, орныңнан, батыр Блэй! Жау жайлап босағаңды жатыр дүлей, – Сілкін сен! Кеш боп қалды, бірақ, əттең! Шегіне шықты бүлік! Мынау өрттен Құтылу болмай қалды, алдында тұр Көсемі бүлікшілдер алған қапыл Тұр, міне, кеудесіне қылыш тіреп, Байлап ап қол-аяғын, тыныш тұр деп, Бұл кезде жарияланып болды бүлік! Айырды сені еркіңнен қолды қылып! Əнекей, алып шықты жоғарыға! Əп-сəтте билік сенен жоғалды да, Рульді тартып алды, барлық жабдық Бағынды бір солардың сөзін заң ғып. Көздері қанталаған өңшең бөрі, Өшігіп алған саған есерлері, Қарайды көзімен жеп, өзі өңмеңдеп, Ызаңнан, ештеңе өнбес ашуыңнан, Амал жоқ өзге бұған бас ұрудан.

IV Алайда ажалыңның алдында сен Қалмадың үнсіз-түнсіз қалпыңда сен! Шақырдың адалдарын əлі де сен, Амалсыз бүгін тұтқын, кеше көсем, Мазақтап күлді полк, алайдағы Міндеті бағынышты бар ойдағы Кейбірі шығуға алға батпай тұрды «Айтыңдар, мынау бүлік неге туды?» Бірақ та сұрағыңды кетті көміп, Долданған айқай-ұйқай, қарғыс, желік. Жарқылдап көз алдыңда болат қанжар, Таялды тамағыңа – тақау ажал. Алынды қарауылға сенің кеудең, – Жері бар қай ажалдың жеңіл келген? Сезімі өшігудің өршігенде – Қатыгез қарақшы қол кешігер ме? Сен дағы адам едің өжет туған, Бір қарап көп мылтыққа кезеп тұрған «Атыңдар, кəне!» – дедің. Сонда барып Басылды құтырған топ, ырзаланып Қалғандай болды сенің ерлігіңе! Бір сəтке алды оларды үрей қамап, Кешегі көсеміне тұрды қарап, Жетпеді өлтіруге батылдары, Тектен тек жазалауға бармады ары... Содан соң: «Лақтырыңдар суға! – десті, – Беріңдер толқындарға – ермек етсін!» V «Қайықты түсіріңдер!» – деді басшы, Əрине, «Жоқ!» – деп оған кім айтпақшы, Құтырған қалың топқа қарсылық жоқ. Жынды күн шықты, міне, аршылды көк

Кішкентай салды суға бір қайықты, Азығы аз өмірге лайықты Аяды аз да болса тағдыр сені! Қатқан нан, қара сумен өндіршегін, Азырақ қорек қылсын – дегендері, Соңғы нəр арпалысып өлгендегі Жəне бір арқан, кенеп берген болды. Жүзгіштер бұрын мұндай көрген жолды, Оны да өтінішпен алып еді, Жалғыз-ақ сол-ақ үміт қалып еді, Сонымен «Оң сапарға ал тарт!» – деді, Тағы бір бағыт үшін компас берді, Осылай қара жолдың серіктері Жосылтып ескектерге ерік берді. VI Төтенше бүгін мынау болған істің Аптығын басу үшін толғанысын, Тобына жалған көсем жарлық берді Енді бір ішу үшін қанып, тегі. Беріктің бір кездегі айқайындай: «Ерлерге арақ бер!» деп айтқанындай. Даңққа жеткізетін, мұратқа да Көңілді бұл дүниеде шарап қана! – Десті де, жеңімпаздар гуілдесті Болайық дау-талассыз бүгін десті. «На Отанти!» деген айқай, ұран-дауыс, Бергендей анаған да, бұған да күш, Кейде бір тентек тойдың тілі қызық, Шығатын іштен тасып, кеуде бұзып. Шынында, Отанти – деген Арал Осылар оны армандап, болған құмар – Молшылық дүниесі, күнде думан, Мəңгі той, мəз-мереке, сауық құрған. Тамаша табиғаттың балалары,

Сыйлығы махаббаттың – жан алады... Осы еді теңізшілер түсте көрген, Қаңбақтай жел аударған, күстеленген Теңіздің суыменен денесі – тұз Қаңғырған өмірбойы мекені – түз. Сый тауып жауыздықтың колыменен, Батырлар тыныш тапты долы кілең – Адамның біз білетін болмысы сол, Табатын бір бақытқа əр түрлі жол. Байлық та, мəртебе де, сəттілік те, Тумақ та, жамандық та, ақ тілек те – Айналар күні бітсе саз-балшыққа, Құдайдан «Қайт!» деген бір үкім шықса, Даңқтың ұраны да, саудагердің Қазынасы, қуанышы жеңген ердің – Сыяды бір жүректің қуысына, – Түкпірде жаңғырықты дыбысына Өмірдің ала-құла хикаясы Оқылар бірдің соңы, бірдің басы, Алланың мəңгі өшпейтін дауысындай – Кеудеңде күмбір қағар арың тынбай! VII Қайғылы қара қайық, жаман қайық, Ішінде адам толы, алмағайып, Көбісі көсеміне берілгендер, Мұнымен тағдыры ортақ көрінгендер, Сыймайды бəрі бірдей тар қайыққа, Кінəсіз жолыққандар зор айыпқа, Күйреген тақтайында жандарының Жүзеді – баспанасы – ол бəрінің – Кəдімгі жайдақ кеме үстінде ағып. Тағдырдың сыйлап қойған ісін бағып. Желменен таласады жетім желкен, Қай жерде сорлы қайық күйрер екен.

Дегенмен қалт-құлт етіп келеді алып, Басқарған əккі моряк ер еді анық, Мұхиттың періштесі қорғап, қағып Келеді еркін жүзіп, алдын бағып. Өр толқын лақтырады өркешіне, Кей кейде шығарады желкесіне, Кей кезде тереңіне бұқтырады, Шаншылып кейде желкен тік тұрады. Жеңіспен қайтқан кеме керуені Түк емес секілді оған көрінеді. VIII Бəрі де болды дайын. Кеме əзір, Теңізге жөнелуге қазір əзір, Белгісін басшылардың тұрды күтіп: Блэйдің күзетшісі – хəлі бітіп, Амалсыз құлдай көнбіс болды оларға, Көсемін аяйды іштей, амал бар ма, Қарайды қабағына бағып қана, Ол болса шөлдеп, іші өрт боп жана, Еріні кеберсиді, мынау оған Жемістің суын беріп, алаулаған Тосады ерініне, көріп қалып Онысын бақылаушы тұрған бағып, Айқайлап, қуды оның маңайынан: «Жоқ оған еш рахым!» айғайынан Жаулары келіп қалды жан-жағынан Бір кезде панасына алған ұлан, Мынау бір жас матрос – бүлікшінің бірі еді, алға шығып, білгірсуін: «Не күтіп тұрасыңдар?» – деді борттан Айқайлап жүзгіштерге: «Дереу аттан!» Кешігу өліммен тең – пəтшағардың Тұрғанын істеп мынау – аттап ардан Кенеттен көзін оған сала беріп,

Есіне өткен күні түсті келіп, Жасаған жақсылығы, қамқорлығы Көсемнің адам етіп ол сорлыны, Жендеті болды кімнің енді бүгін? Шығарып сыртқа Блэй кегін, зілін Деді оған: Осы ма еді берген ақың? Жаныма тартқан үшін сені жақын? Осы ма қайтарғаның жақсылыққа Байлаған үміт үшін басты мықтап, Даңқ үшін Англия жанды қиған Жоқ екен, о, сұмырай, сенде де иман!» Селк етті басын сонда төмен салып, «Қарғады құдай мені!» – дегені анық, Көрінді жыбырлаған ерінінен. Кеменің үнсіз тақап ернеуінен, Блэйді қалды итеріп қайыққа əкеп Бере алмай бір қарауға көзі төтеп. Сөзінде жалғыз ауыз «Кешір!» деген Бар еді талай мəніс шешілмеген. IX Жайнаған тропиканың күні биік, Еркелеп, жел ойнайды толқын сүйіп, Арфаның алтын шекті ызыңындай, Соғады ол теңіз бетін сызып ұдай. Осынау жалғыз қайық қуғын көрген Ескегі қайсарланып толқын керген, Анау бір бұлдырлаған жартастарға Бет алып, жұмбақ жаққа жол бастауға Бекінген, мұңды сапар жан салатын, Алдынан ешкімі жоқ қарсы алатын! Мен емес жазар оның қасіретін, Күні-түн қауіп-қатер кешіп өртін, Бекініп көзсіз соқыр тəуекелмен Жан дəрмен рухына нəр əперген,

Аштықтан сүлделері семген, кепкен, Танымас анасы да көрген беттен. Бəрі де жəй бір сұлық, тірі аруақтай, Дымдары құрып біткен, еш нəр татпай. Сан рет жұтылуға аз-ақ қалып, Құтылып əупірім деп, азаптанып, Қаусаған жартысы сынып сорлы қайық, Сырғанап толқындармен мың қисайып, Сұм шөлден іш өртенген, өңеш кепкен, Бір тамшы тек көзіне елестеткен, Аспаннан бұлт шықса да дəмеленіп, Сусаған еріндері еміреніп, Кенепке жауын сіңсе, сығып алып, Нəр қылған соны ғана ыңыранып, Қашқындай жан қорғаған қарақшыдан Қайтадан теңіз құшып аунақшыған, Айтуға тілім жетпес бұл сұмдықты, Адамның рухы деген қанша мықты! Бəрінен ауыр еді-ау, о, айтпақшы! Жоқтауы жүзгіштердің үй, от басы! X Тағдыры соныменен бітті олардың. Дүниеге жетуі мұң бұл хабардың – Ерлердің азасынан ел күңіренді, Бəрі де ант, кек алуға берді енді: Флоттың тиді бұлар намысына Ежелден даңқы менен дабысына Сүйсінген, аңыз еткен тарихы бар!.. Полктың тарихына шектік сапар. Сонау бір дүрліктірген елдің бəрін, Байқайық аңдап ізін, не боларын, Олардың ойында жоқ ел ызасы, Бəрінің есіл-дерті, ықыласы – Сонау бір таңғажайып арман – Арал,

Тек қана еркіндікті содан табар, Өмірдің бір рахат көріп сəтін Болса да өкініш жоқ көз жұматын. Ажарын, жердің ғажап əулиесін Көрердей сағынысып, танып есін, Онда əсем табиғат бар, əйелдер бар! Сені олар бейнеттенбей өзі-ақ табар. Ағаштың басында нан пісіп тұрмақ, Жүрмейсің жайдағыдай ұрлап-жырлап, Қиналып, аудармайсың жер қыртысын, Құл болып жүрмейсің де күнің үшін, Атанған онда уақыт – алтын ғасыр, Өз еркің – алтынсыз-ақ атыңды асыр, Алтынды – алтын екен – деп білмейді онда! Қылышпен Европа бармағанда, Оларды жаулап алмай тұрған шақта, Ол солай! – еркіндікті қызғансақ та. Оларға біз апардық дерт, мерезді Ұқтырып алтын, күміс, мыс пен жезді. Жə, қазір айтпайықшы ондай ойды! Əлі де табиғаттың таза бойы, Онда олар ол ананы құрметтеген, Мəңгілік сондай таза жүрмек екен. «Ура! Ал, біз беттедік Отанитиға!» – Жүйткіген желкендері соған қарай, Желі де оңнан тұрған оған орай, Жығылған толқындар да ыққа беттеп Көкжиек шақырғандай «жылдам жет» деп, Жан қолы сипамаған қыз денедей Жап-жазық мынау өлке көзге мерей! «Арго!» деп дауыстаған шақта бірақ, Баяғы туған өлке ыстығырақ, Секілді, жүзгіштер де артқа қарап Қояды, көңіл босап, көз жасаурап, Ал бұлар теріс қарап ұшты тынбай, Баяғы Нұх пайғамбар қарғасындай.

Ұшты ол да қарлығашы махаббаттың – Ұясын іздеп алыс жас жұмақтың! Екінші жыр І Жақсы ғой Тубонайдың1 əуендері Коралдың ту сыртынан күн өрледі. Жарасып шыққан күннің нұрыменен Айтады сол араның сұлуы өлең: «Барайық бау-бақшаға құс сайраған, Көңілде күй оянып, күш қайнаған, Əнекей, тоқылдақтың тұмсығынан Орманның төбесіне ұшты бір əн. Дауысы құдайлардың емес пе екен, Естілген Болотрдан, елестеген. Атақты гүл терейік молалардан, Сол жерде батыр ата-баба қалған. Болады онда өскен гүлдер де əсем, Қыдырып екеу-екеу кеште келсең, Əндетіп отырайық, қарағайдың Ішінде, сəулесінде жарық Айдың. Сыбдыры қандай жақсы жапырақтың, Болады оны естісең тəттірек мұң. Барамыз содан теңіз шығанаққа, Тулаған толқыннан жөн сұрамаққа, Жартастың кеудесіне соққан тынбай, Көбігі көкке жетіп тоқтайтындай. Керемет бір айқас қой осы дағы, Кей-кезде одан жаның шошынады, Кей-кейде жаның қайта рахат тауып, Тұрасың тыныштықта аппақ сауыт Көзіңе шағылады, теке-тірес 1 Арал аты.

Алдыңнан басталғандай айқас-күрес. Болады көркейткендей Ай ажарын Теңіздің көріп тұрып ақ жолдарын». II «Табыттардың босағасына өскен гүл, – Оны жұлып, той жасаймыз кеште бұл, Аруақтардың мекенінде асыр сап, – Көк толқынға денемізді жасырсақ, Қойнында оның ақ шабақтай ойнаймыз, Жұмсақ мүкті оранамыз бойға біз! Қасиетімен құдіретті жандардың Қосыламыз, о дүниеге барған күн, Түсті, міне, қараңғы түн, шақырды Муа1 бізді, жаққан оттар шарпыды Түн қанатын, күреңітті атырап, Би билесіп, көк майсада жарқырап. Жатыр бəрі, біз де сонда кетейік! Өткен күнді еске салып өтейік. Қайдасың сен, қайран дəурен, тыныштық? Келді жаулар, қанды жорық ұрыс қып, Қырды қыршын кілең гүлдей жастарды, Біздер үшін қырсық дəурен басталды. Ұмыттық біз қуанышты күндерді, Шұғылалы, тыныш айлы түндерді, Біздерге жау өрт қоюды үйретті. Оқ атқызып, найза беріп түйретті, – Енді соның көрсін өзі қызығын. Түні бойы тойлаймыз біз. Күн шыға Басталады қанды соғыс – у-шуға Дүние толар. Дөңгелен би, дөңгелен! Құйыл шарап тостағанға көлбеген! Біреуге атақ, біреуге – өлім таң ата! Шығамыз біз жаз киімі жараса, 1 Муа – қаланың аты.

Киіп алып жаңа көйлек таппадан1 Көркімізді көктем өзі мақтаған. Мойнымызға асыл моншақ тағамыз, Шұғыладай құлпырады жағамыз Қоңыр тартып кескініміз алаудан, Өршіл көңіл жауынгердей жаланған! III «Би тарқады, бірақ қыздар кетпеңдер, Мерекені жалғастырып, ептеңдер! Ертең Муа бізді айқасқа шақырар: Əзір мына бір соғатын хақың бар. Теріп əкеп алқабынан Лику2-дің Гүл шашыңдар астында айқай-қиқудың. Туған жердің сиқырлы əсем қыздары, Тарқатыңдар қам көңілдің ызғарын! Көріктерің көркем еді не деген! Хош иісті рахатқа бөлеген Уылжыған еріндердің дəмінен Мастығымнан айыға алман əлі мен. Матолоко3 соққан самал тауынан Аялайды теңіз төсін сағынған, Лику бізді шақырады, арбайды. Сабыр жүрек, асығуға болмайды. Ертең таңда аттанамыз жорыққа, Сабыр жүрек, асықпа да, қорықпа!» IV Ғасырлардың əуені мен ырғағы, Дəл осылай естілді де, жырланды, Ақ нəсілдер келгенінше жат жерден 1 таппа – матаның аты. 2 Лику – жер аты. 3 Матолоко – тау аты.

Солар зұлым, сорақылық əкелген Əрі тағы, əрі еркін өлкеге. Ол ақиқат яки кеш пе, ерте ме – Күнəменен үйреніскен жанымыз – Əбіл, Қабыл ұрпағымыз бəріміз. Екі жақты ішкі дүние сарайың, – Көңілінде Ағару мен Қараю! Ескі əлем азып бітті, жаңа əлем Ол да ескірді күнə, ғайбат, жаламен, Дүниеде болмайтыны секілді Еш уақытта азаттықтың екі ұлы. Колумбаның тапқан осы алыбы, Оған дағы құлдық соры дарыды. Барлық жерде масқарасы бір соның, Құртса, шіркін, жер бетінен құл соңын. V Əлдеқашан өткен күннің даңқына Мадақ айтқан жырлары əлі қалпында. Дəл осылай өсиет етіп қалдырған Ерлер жайлы аңыздары жаңғырған. Жыр шындығы – емес қиял ермегі, Ол тірілтер рухты да көрдегі, Гармония, ол – өзіңсің! Шегіңмен Оятасың қазіргідей көңілмен Туған елдің даңқтарын кеше өткен. Туар жыршы жас ұрпағы кезекпен, Шіркін, əрбір гимн, мадақ-ұранда Айтқан əсем жаңа ұрпақ туарда Бар үйлесім анау асау толқынмен Бұлақтарда сылқ-сылқ етіп көп күлген! Күз-шатқалда, ойпаттарда жаңғырған, Жүректерді қозғайды ғой сол бір əн! Онда барлық жаның тұр ғой, байқасаң, Нелер таңба-əріптерде басқан шаң

Жалықтырар ұзын сүре, шежіре. Өлең – деген – бүйрегі ғой сезімнің Дірілі ғой қайран біздің жүректің! Қандай ғана қарапайым сол жырлар – Қарапайым тыңдаушысын толқытар! Сол жырлардың қасиетін бағалап, Нормандықтар жүзіп шыққан жағаға... Азаттықтың уыменен зардабын Сол елдерге жаймас бұрын жау залым, Не пайда бар əсем дастан, жырыңнан Ешбір жүрек болмаса егер жылынған? VI Солай өлең рахаты ақ жарқын Көмілді аспан тұнығына көк жайқын. Өліп бара жатты күннің жанары, Жерге төніп оның күрең шанағы. Тропиканың қызыл жалын мейрамы, Дүниені хош тыныштық жайлады... Қозғады, əне, пальма басын жеңіл жел, Оянғандай небір жартас, қоңыр бел! Яки толқын үнсіз баяу қозғалып, Оңашада жас жігіт пен қыз қалып, Отырды олар əн салысып, ырғалып, Көздерінде жалт-жұлт етіп нұр жанып. Махаббаттың мас уына буланып, Əлі шыбық жаңа шыққан бүр жарып, Қандарында алауланып от жанып, Өртенуден жасқанбай да сақтанып, Осы күйде өліп кетсе – жоқ арман! Бүкіл өмір садағаға арналған. О, ғажайып, махаббаттың жалыны-ай! Өтесің-ау жер бетінен табылмай!

VII «Тағылар» деп аталатын қауымда Өсті бір қыз əсем бақша-бауында Келе жатты ол да əйелдей жасанып, Кəмелетке толмаса да жасы анық, Біздің жақтың есептеуі бойынша, Əлі бала жүретұғын ойын сап, Əсем еді, өрт еді бір бейкүнə, «Жүген-құрық түспеп еді мойнына». Жұлдызды аспан секілді еді қара көк Əлде мыстан келбетінде жанады от. Сайрап тұрған тілдей еді көзі де, Ұқсайтұғын Афродита өзіне! Жағадағы періштесі теңіздің, – Толқындары ең биікте, ең ұзын Аяғына лақтыратын маржанды, Қылығына табындырған бар жанды, Ұйқыдағы түстей еді сиқыры, – Бəрі ғажап жүрген жүріс, қимылы. Екі беттен қаны тамған, шамшырақ Шыға келген күндей нұры шашырап. Қоңыр кеште жайнап солай коралдар Сүңгуіші қызықтырып көз арбар. Өзі де бір ойнақтаған толқындай, Талма түсте теңіз кешкен ол тынбай. Жат қайыққа мініп алып, реті келсе, Зымырайды жер шетіне жеткенше, Қуалайтын қуанышты қашаған, Бар қызығы, бар мақсаты аңсаған Сүйгеніне берсе барлық қызығын, Үрейі жоқ аса батыл жүзінің Сенген əбден қиялына, берілген, Оған істің бəрі де оңай көрінген. Таза үміті – інжу-маржан тасындай, Жанып тұрған жас аптығы басылмай,

Өмір əлі қиын жолын тоспаған, Балалыққа тəжірибе қоспаған, Жылауы да, күлкісі де лезде, Дəл осылай көлдің бетін бір кезде Жылдам сипап өте шығар жел болар, Баяғыша қайта тынып көл қалар. Көл сабасын толтырады бұлақтар, Жер сілкініп, қалмағанша құлап жар, Бұлақтардың көзі бітіп, құрғап, бар Айрылғанша сəні менен нəрінен Көл де жұрдай болғанынша бəрінен! Оны күткен алда қандай сыбаға? Аян бəрі жалғыз ғана құдайға, Адамды да, апатты да билейтін Жазмыш қой тек – талғауыңды білмейтін. О, құдірет, өз қолыңа ұстаған Күнде ойнайтын ойыншық қой біз саған! VIII Баласы солтүстіктің көгілдір қаз, Мынау бір жүзгіштерге таныс əр кез, Дегенмен, тағы өлкеге тап болған ол – Айқасып мұхит артқан жартасқа қол Сары шашты қонағы еді осы жақтың, Бесіктен əлдилеген досы жақын, Теңіздің көбігімен көзін ашқан, Əлдекім сəби күнде алып қашқан, Айналған ошағына ол туғалы Теңіздің ойнақтаған толқындары Кəдімгі досы-мұхит құшақтасқан, Құпия Ментор1 көңілін бір сəт қосқан. Лақтырып ойнаушы еді бала қайық, Тағдырға əуес болып алмағайып, Ерлікті аңсаушы еді ол жасынан, 1 Ментор – теңіз құдайы.

Қанында тентек рух аласұрған, Үмітсіздік бар сезімнен таңдағаны, – Арабтың топырағында жаралғаны Бəріне себеп еді бұзық ұлан Шығып еді қарақшылар тұқымынан. Түйеге, шөл даланың кемесіне Мініп ап, Имаилдай желмесіне Кім кепіл, яки герк тауларында Клефтей əлек салған жауларына, Немесе Кацик көсем Чилидегі, Анық еді соғыспенен бір жүрмегі. Яки Ақсақ Темір секілденіп Билеген кең даланы еркін берік. Бірақ ол жаралмаған ел билеуге! Рухы аласұрған, желді кеуде Желігіп жеңдірмекші құмарлыққа,– Жағдайға болып душар жығар-жықпа. Нерондай маңдайына тақ бұйырмай, Еңбегі зая кетіп, бақ құйындай Ауытқып, басқа Нерон – жай жауынгер Қызығын көрген оның – білсең егер, Ғасырға кеткен сөйтіп масқарасы – Кімге опа берген дейсің тақ таласы! IX Сен соған күлесің бе? Салыстыру Ерсі ме, саған одан алыс тұру? Римнің көлемі мен көп ісімен Тең келер осы тағдыр не күшімен? Несі бар? Күлгің келсе – күліп бақшы, Əрине, құр қайғыдан күлкі жақсы. Ия, солай, болар еді ол осылардай Өр қайрат, талабының хошы бардай Арманға өрмелеп-ақ бағып еді, Батырдың біткен оған ер жүрегі,

Бар еді өктемдігі биліктің де, Даңқтың шұғыласын сүйіп күнде, Талайын жасар еді сұмдықтың да, Дүниеге қарар еді шығып шыңға. Адамның ойынан да бетер кейде Бұл тағдыр көтерер де, тастар жерге. «Бəрі де – түс қой оның, ал шынында, Кім еді ол? Кім боп шықты ақтығында? Торквиль есімі бар осы жігіт, Кемеде кешегі күн салып бүлік, Басына азаттығын əзер алған, Қызына Тубонайдың күйеу болған. Х Қарайды ол иірім-толқын үйіріне, Қасында əзір қызы сүюіне,– Аралдың əлпештеген Ньючи есімді Қызы еді, серілердің бір нəсілі, Гербісі болмаса да əулетінің Жеңіспен алып берген елге тыным, Жалаңаш бабалары, аталары, Əлі тұр моласының қатарлары, Сонау бір көк төмпешік шөбі басқан. Сандалдым оларды мен таба алмастан Молаңды, Ахилл, сенің, кешір мені! Келгенде жат меймандар есіңде еді, Жай атып маңайына, дүрілдетіп, Қаптатып кемелерін бұрын жетіп, Сыңсыған қалың желкен пальмалардай, Теңізден өсіп шыққан өрім талдай. Немесе қанаттарын жайған бұлттай. Қала деп су үстінде айтарлықтай! Атылды сонда сұлу жал үстіне, Қарғыған киіктей боп қар ішінен. Қайықты есті қарсы екіленіп,

Судағы нереида секілденіп, Қарады аң-таң қалып кемелерге, Апсағай алып, ауыр денелерге, Тастады зəкірлерін кеме тоқтап, Жағаны толқын ұрып, көбік қаптап, Секілді күнге шөккен арыстандай Аша алмай түнгі ұйқысын, тауысқандай. Қайықтар ерсілі-қарсылы зымырап жүр Осылай талма-түсте құжынап бір. Аралар ұшар еді айналсоқтап, Жалына арыстанның қонып, тоқтап. ХІ Жағаға келіп түсті аппақ адам, Қаншама осы сөзде көп мағынаң! Жаңа əлем Ескі əлемге артып сенім Қап-қара созды қолын – жазып белін. Мəз болды екеуі де, таңданысты. Жақындық ұзамастай енді алысқа. Қуанды мыс денелі бауырлары, Қауышпақ от жанарлы арулары. Əрі-бері алғаннан соң көз қанысып, Аралдың қара қызы болған ыстық. Көрмеген өмірінде қардың түсін, Оларға ғажап еді кіл-ақ мүсін. Айнала жүгірісті, аң қағысты,– Əр қоста тағам дайын, дəм алысты. Ауларын жылы теңіз, салып суға Төңірек бəрі шолпыл қағысуда. Тып-тынық жұлдыз толы түнгі аспаны, Өңіне ертегісі ұласқаны, Басында пальмалардың тыныш тапқан, Бақытты сəби Вакхты ұйқтатқан. Тəңірінің шатырынан емес биік Бүркіттің ұялары, көкті сүйіп,

Каганың тəтті сөлі мас қылады, Ыдыс та, сүт те дайын – жас құмары. Ағаштың басында тұр соның бəрі. Айрылмас дəулетіңдей қолыңдағы. Мұнда сен жер жыртпайсың, егін ормайсың, Бəрінде аспан – дүкен, тегін алғайсық, Əп-сəтте көкте біреу нан пісіріп, Қойғандай тас төбеңнен дəл түсіріп. Дос түгіл, аштық деген жауда да жоқ, Бұл жерде сату да жоқ, сауда да жоқ. Құдайдың несібесі берген артық. Біреудің біреу алмас дəмін тартып, Жаратқан бəрін сосын қайрымды ғып, Аса көп армандамас баюды жұрт, Үй іші тату-тəтті, майда мінез, Жұмсартты ақ адамды бұлар ілез, Өзгертіп жыртқыш қоғам құрылыс заңын, Баулыды адамдыққа дұрыс бəрін. XII Талайдың сол бір мекен қосты басын, Орнатып жұбайлардың құтханасын, Солардың бірі біздің – Торквиль, Нюга, Болмайды бақыттарын тəрік қылуға, Екеуі екі алыста туса-дағы, Басында жалғыз ғана күн жанады. Астында бір жұлдыздың тағдырлары. Жалғанда бір топырақ – алған нəрі. Балалық өтті-кетті көрген түстей, Қаншама іздесең де көзге түспей, Дегенмен, ең алғашқы көрген сурет Тау болса – тұрады екен соған сүйреп, Соны іздеп өзге жердің тауынан да – Тұрады сүйгісі кеп бəрін онда. Жат жерде өткіздім мен қаншама жыл,

Альпіні əулие тұтып соншама бір, Бас идім Аппенинге, Парнасқа да, Олимпке қолым создым жап-жас бала, Зевстің көзім көрді Идасын да, Ия, олар ғажап еді, расында. Тек қана аңыздағы құр бір елес Əшейін əуес қылған сиқыр емес. Əсердің сəби күнгі оты өшпеген, Троя қиялымда өркештенген, Идамен соны дағы араладым. Есіме салды Келттер қалаларын Шұбалған фригийдің жон арқасы, Атылған Касталийдің бұлақ басы, Сонау бір Шотландияны көзге əкелді. Көрдім мен Гомерді де – өз əкемді! Уһ, сен Феб тəңірі, кешір мені, Қиялдың жолы мұнша көсілгені! Баулыған, оқытқан да бала мені, Сонау бір солтүстіктей анам еді, Сүюге, қымбат қылып мен үшін де, Ажарың жарқ-жұрқ еткен жеңісіңді! XIII Махаббат бар дүниені қуанышқа Бөлейді, қауіп-қатер тым алыста, Жастыққа шұғылалы тəж кигізіп. Мəз қылып, бір күрсініп, бір сүйгізіп, Жұмсайтын кеудедегі күшті рухты, Бұларға берген тəңірім сұлулықты, Сүйгізсе, ару бір сəт ернін беріп Жаланған жалаң қылыш секілденіп, Бұл оны аймалайды, шарпып жүзі, Жалғанның жарқыраған қос жұлдызы, Жарығын жалғыз өртке ұластырып, Қойғандай қос тағына тұтастырып.

Енді жоқ өткен айқас ер есінде, Қаңғыған дамыл таппай кемесінде, Тыныстап асау жаны кеудесінде Бүркіттей тербетілген кермесінде. Көзінен от шашырап анда-санда, Қараған бауырындағы балапанға, Сезім бе əлде оны əлдилеген,– Əп-сəтте тұтқын болып қалды неден? Түс еді ол, тіршілікті жаны ұмытқан, Басында қаралы гүл аза тұтқан, Солмайды ондай гүлдер қанды жұтқан, Алайда өлі тəнде шіріп жатқан, Болмай ма дəл осындай бір жұмбақ сəн? Мысалы, Клеопатра құшағында Цезарьдың есі танған бір шағында – Шіркін-ай, Рим де азат, дүние де азат Болмас па еді, жеңісіне бəрі де шат? Амал не, ұят пен ар ұмыт қалған, Кезінде сұм əмірші, қырсық шалған, Секілді ескі бұғау даты басқан, Белгі ғой қалған мұра əуел бастан. Табиғат, ақыл, даңқ болса жұртта, Шақырған барлық елді бостандыққа. Мысалы, Брут сондай жеке дара Өзгенің күші батпас іске бара, Əулие, əкімсіген маймылдарды Басынан ағашының тайдырғаны, Түсіріп бəрін төмен сілкіп жерге – Риза болмаймысың, шіркін, ерге! Бүркіт – деп таныған соң біздер оңай Үкілер қорқытпай ма бізді солай? Шынында, шарасынан көзі шығып, Отыр ғой өзі қорқып, жан түршігіп, Өйткені азаттықтың бір ұраны, Көресің, ертең оны күл қылады!

XIV Тұлғасы, бүкіл əйел тұрған бойы, Ньюга, балқып дене, шалқып ойы, Дүниені ұмытқандай оңашада. Ал оны елітуге бар ма шара Əлде бір жаңалықпен, қызықпенен Немесе тосын əзіл, күдікпенен, Дірілін жүрегінің өршітуге. Сонау бір өзі үйренген шалғай топта, Естіген есер өлең, жалған мақтау – Бақытын, рахатын, даңқын оның – Мадақтың білген өзі парқы жоғын, Сөйтсе де жанымен де, тəнімен де, Жалаңаш əсем еді бəрінен де Осылай аспандағы кемпірқосақ. Көзіңе алуан түсті көркін тосад Елестеп бар ажары сұлулықтың, Арбайды ар жағынан ту биіктің, Болса да қарауытқан аспан түсі, Жайнайды махаббаттың хабаршысы. XV Жартастың толқын қазған үңгірінде Жатты олар жасырынып күнді күнге Жалғаған өтті уақыт, зулап мезгіл, Ажалдың қоңырауы – құрғақ тез бір Əзірге сыңғыр қақпас, соны күтіп, Қалғанша құлақ тосып, демі бітіп, – Бұл өмір секілді деп аз-ақ қалған. Пенделер өзін өзі мазақ қылған! Өткен күн, келер күнде не шаруасы – Бақытты аман болса қазір басы? Дабылын қоңыраудың айырбастап Теңіздің толқындары ұрады асқақ,

Жəне аспан күмбезінің күрең шары. Тұп-тұтас күн дегенің бір-ақ сағат, Əуре боп керегі жоқ оны санап, Аспаннан шар еңкейсе – кешкі сыңғыр, Гүлдердің арасынан жырлар бұлбұл. Əнекей, күн доңғалақ түсті құлап, Құлауы біздегідей емес бірақ, Біз жақта шөгеді ғой күн теңізге, Қарайсың ұзақ қызыл түскен ізге, Кенеттен мұнда болып оттан ыстық, Керемет жан ұшырып, арпалысып, Жерменен айрылысардай мəңгілікке, Төменге тік түседі шаншылып кеп. Баяғы батырлардай басын тіккен! Екеуі енді тұрып орынынан Іздейді күннің нұрын ғайып болған, Қайтадан бір-біріне көз қадасып, Үңілсе түптеріне жанарының – Ол жерде от жанып тұр, қараңғының Маңайды мысы басқан көптен, міне – Шынымен, бір күн өтіп кеткені ме? XVI Табиғат іс істейді таңданатын, Жасаған жаратқанда тəнге, бəлкім, Өміршең ұрық беріп, жан салатын, Ол сосын тəңірісінің мақтап атын – Міндетін кезегінше атқаратын, Уақыт, дүние өтер шұбатылып, Қалмайды рух ісі бірақ тынып, Өсірер құдіретін махаббаттың, Жол табар құдай үйіне апаратын. Дүниенің жақсылығы оған да ортақ, Бұл рух – алғаш рет «Мен» есімін Алған соң, жайлар еркін жер бесігін.

Армансыз араласар табиғатпен, Ұнаған жандарына жақын, жатпен. Далалар, таулар менен өзен, Бəрінің жалғыз ортақ рухы бар! Мейлі, орман өліп, су құри ма? Теңізден толқын қайтып, су жыли ма? Тастардың омырауынан жас аға ма? Жаны бар бəрінің де, жасағанға Жалынар тілі де бар, сөзі де бар. Арбайды рухымызды біздің олар Шақырып түпсіз əлем – кеңістікке! «Мен» деген дұрыстық па, терістік пе – Оны біз ұмытамыз рахатқа Жəне бір шомған сəтте, жастық шаққа Бəрі де жарасады, «Мен»нің мəнін Келмейді төмен ғой деп мойындағың. Жас кезің патшалықты құрар күнің, Ол – сенің махаббатың, құмарлығың! XVII Ғашықтар тұрды орнынан. Тар мекенде Түсіп тұр күн жарығы əрбір жерде Қуыстың жарқыратып қабырғасын, Аспанда жұлдыз туды жамырасып. Анау бір қос-күркеде, пальма астында Кезеді кеш пен түннің жалғасында Сол екеу – бақытты да, үнсіз еді, О, қасиетті махаббаттың мұңсыз елі! Ұйқысыз толқындардың бір сарыны, Тастардың жай аунаған жұмсақ үні, Сəбидей ажыраған емшегінен, Айрылып тəтті ұйқының бөлшегінен, Тереңнен ыңырсыған үн келеді, Орманның көлеңкесі тербеледі. О дағы маужыраған күйге енеді.

Ұяға құс қайтады ұшқан көктен, Сар етіп, нөсер құйып аспан көктен, Көлдерді жарылқайды аңқа кепкен. XVIII Кенеттен пальмалардың арасынан Шыққандай болды дыбыс... жаңа ашылған Есіктің дыбысы емес, яки желдің... Лебі емес тыныштықта кешкі демнің, – Дүние арфасының күйі де емес Арасын кезген дала, булы-белес, Хор айтып тұратұғын жаңғырығып, Яки дабылы емес жаудың бүлік Немесе дауысы емес түнгі құстың – Судағы не əупілдек, не байғыздың, Арызын айтып, зарлап, байғұс мұңын Бұзатын ылғи түннің тыныштығын, Бір тосын дыбыс еді ол үздік-үздік, Жандарға таныс суда жүрген жүзіп, Майлаған тіреу баған кемедегі Құралдың дыбысына дəл келеді. Қарлыққан даусы естілді əлдекімнің: «Əй, бауырым, сен Торквиль, бармысың, əй? Қайдасың? Аман-есен саумысың, əй?» – «Кім екен?» – деп, Торквиль іздеп еді: Естілді – мен! – дегені, – Біз! – дегені. XIX Сол кезде хош иісті қараңғыдан Жап-жаңа көңіліңді алаң қылған, Бір тосын иіс аңқып қоя берді, Əрине, гүл иісі емес еді. Ішінде шарапхана гуілдесіп

Отырып, шат көңілдің буын кешіп, Тартатын трубкамен темекінің Иісі ғой, танауыңа енетұғын, Сол иіс бір адамның келгенінен Жап-жаңа мыналарға белгі берген. Оңтүстік, солтүстікке кең жайылған Сол түтін Портмуттың шалғайынан Осынау полюске де келіп жеткен, Тозбайтын сол труба еді неткен! Дейсіз ғой иесі оның кім болды екен? Əрине, ол теңізші не философ1 Шылымды тамағына жейтін қосып. Шығыстан күнбатысқа жетіп жатқан Шалғайда трубкасын еркін тартқан, Ежелгі матрос қой – жалқау түрік Мінезін бейнетімен жалғастырып, Сабазсың көрген көркін Гаремнің де Көп тартқан апиындай бəлеңді де Стамбұл сені сыйлап құрметтеген – Қонақжай мұсылманға міндет деген Сүйесің Странда өлкесін де, Ол жердің болмасақ да еркесі де Түтіні Кальянның таныс саған, Ақықтан мойыныңа тұмар ұстаған, Алайда жалаң дене мына сұлу Таратқан сүйегіңе отты жылу – Бəрінен артық шығар, Сенің осы Исіңді арттыратын көңіл хошын Аңғарар, бағалар да күн ілгері Тек қана темекінің білгірлері! XX Іңірдің алакеуім айнасында Қарасаң келген кісі бой-басыңа, 1 Атақты философ Лоббз трубканы көп тартқан екен.

Бір түрлі ерекше еді киген киім, Жатарын қай үлгіге білу қиын – Кенеттен теңіздегі маскарадқа Киімге ұқсаушы еді мас қонаққа – Асау топ, тентек жиын – тағы тобыр, Келетін экваторға шағы со бір – Сол сəтін теңізшілер тойлаушы еді, Би билеп палубада, ойнаушы еді Сыңсытып, сыңғырлатып гитарларын, Сол кезде арбасымен Нептун шығып, Жата алмай су астында көп тұншығып, Мынау той қызығына бөленетін, Жүзгендей толқынына емін-еркін, Су-тəңір еркелетіп өз перзентін – Ұрпағын теңізшінің жек көрмейтін. Дəл мынау киген киім сондағыдай... Күртесі жыртық-жыртық болған ұдай, Жанады трубкасы анау фок-мачтадан1 Желкендей шайқалақтап аяқ басқан, Сонда да кəрілігін ол айтпастан – Баяғы батыр қалпын салады еске... Басына таңып алған шалма да ескі, Шалбары бұрын тозған мезгілінен, (Түктері шығып кеткен көзге ілінген). Əлдебір штансымақ тұр салақтап, Онысы əрі дамбал, əрі қалпақ, Жалаңаш күнге күйген сирақтары, Тəн емес ақ адамға сияқтанды. Ақтығын танисың тек қаруынан. Біз ғой тек соғысудың заңын қуған. Мылтығы көрініп тұр иыққа асқан, Денесі жаратқандай құйып тастан, Ойнаған бұлшық еті ұршыққа ұқсап, Жалаңаш бүйірінде болат пышақ. Қыны жоқ (оған қынның керегі не). 1 Кемедегі бас баған.

Ілінген қос пистолет белдігіне – Ұқсайды күйеуі мен əйеліне. (О, достар, оны осылай суреттесем – Мазақтап отыр деме, əлбетте, сен!) Əйтеуір, «бір де болса – бірегей – деп, Айтарым – қаруын сай түгендей кеп, Асынған ол аз болса, найзасы бар, Тот басып қалса дағы пайда шығар, Баяғы батыр күйі, ер қалпында – Осылай жұбайлардың тұрды алдында! XXI – Бэн Бантинг! – деп Торквиль айқай салды. Не болды? Баяндашы біздің халді? Ол басын осы сəтте шайқап қалды: – Əр түрлі деп айтқанда ахуалды, – Аз емес жаңалықтар – соның алды – Бір кеме бізге қарай тақап қалды. – Кемеме? Қой, шатпа сен əлденені! Теңізден көрмеп ем ғой ештемені. – Бұғаздан жерде емес ол сен көретін, Желкенді қарғыс атқан көрдім еркін, Жартасқа шығып тұрып бірақ алыс, Кеме емес бұрын біздің көзге таныс. Мен едім бүгін тұрған қарауылда, Келеді ол теңіз тыныш, жел оңында. Болғанмен жел қайырлы, ол қайырсыз Кемедей, – деді де ол қалды үнсіз. – Сонда не? Зəкір тастап, тоқтады ма? – Жоқ! Жел де кенет қатты соққанында Бұрылмай, келе жатты бізге тура. – Жалауы кімдікі екен? – қолда труба. Оны анық көре алмады қиыр шеттен, – Əйтеуір, бізге деген ниеті – бөтен. – Бар ма екен зеңбірегі? –

– Болғанда ше! Ендігі бізге қоршау қолданбақшы. – Ия, енді біз түсеміз тар тұзаққа. Несі бар? Қаша алмаймыз ешуақытта! Ешқашан сескену жоқ, жау алдында, Ажалды қарсы аламыз осы орында. – Ия, солай! Қойдық біз де алдын ойлап, Не Християн? – Ұр, дабыл! – деп қалды айғайлап. – Бəрі де қару-жарақ жатыр сайлап, Құрулы қос зеңбірек аузын майлап Тазарттық, күзетшілер даяр онда Жалғыз-ақ сенен басқа

бəрі орнында! – Не, менің кеудем керек болғаны ма? Əрине, қам жемеңдер ол жағына, Сендермен бөлек қалу болмақ қайдан, Бір тағдыр бəрімізді байлап қойған! – О, Ньюга! Егер қасымда сен болмасаң, Ажалға жалғыз барып бас байласам, Тағдырдың үкіміне не шарам бар! Бірақ сен қасымдасың, дос адам бар, Енді мен өкінбеймін, Қазір бірақ Жібер сен, бөгет болма, қолды байлап, Жасың тый, тілек тіле, мен сендікпін! Бəрібір не болсам да алдан күттім!.. – Деді Бэн: «Қайтсін енді – теңізші ғой, Қашанда намыс қорғау – Ер ісі ғой!» Үшінші жыр I Тынды соғыс, жарқылдап жай оттары Тұманға сіңді дағы, тояттады,

Жабылды ажал аузы жалмап-жалмап, Қолқаны қапқан түтін жерді қорлап, Аспанды ыластады, ылайлады, Енді жоқ тарсыл-гүрсіл шимайлары, Түнгі орман бұзбайды ешкім енді ұйқысын, Алады қалғып қана жер тынысын, Естілмес аш кеңірдек қақалғаны, Кек бітіп, жау аяққа тапалғаны, Кешегі бүлікшілер болды талқан, Көбісі бұғауланған, тұтқындалған Қызығар – өлгендерде жоқ деп арман, Тығылып аз ғана топ аман қалған. Жүр, əне, қалың жыныс қапталында, – Кешегі қайран арал қас қағымда Айналды қуғын-сүргін мекеніне, – Кетті олар тас тағдырдың жетегінде Қаңғыды жерден, судан пана таппай, Байланып мойынына қара тақтай, Отанын сатқандарға жоқ рақым, Ұстады аңдай қуып соғып əр күн. Бала емес анасына тығылатын, – Бір қуыс іздегені сұғынатын. Қасқыр мен арыстанның апаны тек Оларды мүмкін еді сақтауы тек, Мынау бір екі аяқты жыртқыштардан Қауіпті əлдеқайда «ит-құстардан». II Теңізде, алыста бір тұрды жартас, Дауылда дəу толқыннан беті қайтпас, Толқын да өршеленіп болмас ұдай Шұбыртқан əскерлерін қолбасшыдай. Құлайды құздың қуыс аңғарына, Мінеді сонда жартас қаһарына, Басына ақ жалауын тігіп тастап,

Екі жақ ерсіл-қарсыл майдан ашпақ. Алайда бітті бір кез теке-тірес. Адамдар өмір үшін кешіп күрес. Қажыған, қатты шөлден қаны кепкен, Қалжырап, мүлде бітіп əлі кеткен, Аз ғана қашқын тобы қаруы бар, Əлі де жоғалтпаған арын олар, Тəкаппар еркіндіктің ұландары, Əлі де өжет еді бұлар – бəрі, Қайтпайтын қайсарланып алған беттен, Көнбестен тағдырына тəлкек еткен, Байлаған тəуекелге белін бекем, Күш берген үміт пе екен, сенім бе екен! – Таппайды енді бізді бұл үңгірден! Деген бір миларына ұғым кірген. Сол ұғым зор үмітті қарқ қылып, Жіберді уайымнан айықтырып. Алайда олар тапқан сол жұмағы, Оларды ұзақ сақтап көп тұрмады, Аңсаған еркіндікті жақсы арманы Бəрібір қайырлы боп басталмады, Жаңа Отан, жаңа мекен болмай тұрақ, Соңына қуғын түсіп, жақты шырақ, Олардың əр қадамы басқан сайын – Алдында дар ағашы тұрды дайын. Қоршалды, енді нешік амалы бар, Болыспақ болып еді аралдықтар, Қол жинап, өздерінше жасақ сайлап, Өз жерін қорғау үшін андағайлап, Не істейді жалаң қылыш, құр шоқпармен? Жер-көкті тітіреткен оқ-доптармен Жіберді дүниені түтіндетіп. Өңешін зеңбіректер көкке созған, Жалаңаш батырлыққа көр ғой қазған. Қайтсін-ай, қатты айқасты қашқын полк, Əлдінің əлсізге істер жолы болып,

Ақыры жеңілді олар «Жер-кіндікте Өлсек те өлейік деп еркіндікте!» Баяғы Элладаның ұлдарындай,– Басшы боп Фермопилдің тұрғанындай, Жə, жетер! – деген еді ыза толып, Аламыз біз бұғаудан семсер соғып, Гректер не тірілер қайта қаулап, Немесе сүйектері қалар жайрап! III Киіктің қамаудағы үйіріндей Не сұмдық хəлге түскен күйін білмей От жанып көздерінде, үрке қарап, Жүздерін таршылықтың мұңы орап, Кей ісінің мүйізінде қанның дағы – Кешегі салған қатал жау ылаңы. Паналап жатты бұлар жар астында, Сарқырап асау теңіз сабасына Биіктен құлап бұлақ құйып жатыр Жаңбырдай жел аралас суылдап бір, Мөп-мөлдір тəтті суын нұрдай жарық, Анау бір төгеді кеп тұзға апарып. Алыстан көрінеді күміс жіптей, Сəбидей өзі таза, өзі титтей, Альпінің əдемі көз құралайы Осылай биік құздан бір қарайды Мұхитқа иірім-иірім сызықтанған Содан соң секіреді биік жардан Су ішіп, өрт өзегін бір басуға, Шөлдеген қарғи-қарғи шың басына, Сондай-ақ ұқсар біздің мына топқа, Мылтығын тастай салып бір аулаққа Ұмтылған жібітуге таңдайларын, Жууға денедегі қатқан қанын. (Махаббат емес таңар ол жараны –

Орнына кісен-бұғау орнар əлі). Азайып қалыпты олар тас түбінде. Сөйлеген естілмейді ешбір үн де. Болғандай бəрі сақау көздерімен Қарасқан бір-біріне, өзге мүлдем Сұп-суық ұсқындары баяғы емес, Ашылмас ауыздары, түк те демес. Іштегі тіршіліктің бəрі де өлген, Тосырқап бірін-бірі жаудай көрген. IV Қап-қара ойы күңгірт, жаны жым-жырт, Түнерген түсі суық бейне бір бұлт, Төсіне екі қолын айқастырып, Християн тұр маңайын байқастырып, Кеше еді-ау, тамылжыған беттің нұры, Көңілдің қамсыз күні, сəтті күні, Сары шаш бұйра-бұйра ширатылған! Секілді енді қазір ол бір жылан, Салбырап қабағына түсіп тұрған. Мүсіндей қалған қатып тастан құйған. Жымқырып еріндерін, іштен тынған, Дем алмай, тыныс алмай тас пен тас боп, Жабысып қалған құзға айырбас боп. Тебініп, қояр аста құмды таптап, Кіжініп, əлдекімді балағаттап, Тағы да бір қиырға көз тігеді. Ғаламат қан-қан болған бет-сүреңі, Жан-жақты жанарында үйіреді, Торквиль – жігіттің де тұйғыны еді! Ол мынау қорықпайды жарасынан, Бəрінен жүрек сыздап, жан ашыған, Өліктей жүзі бірақ түк қимылсыз. Сары шаштан қызыл тамшы салады із. Қажыған рухы емес, аш өзектен

Есі ауып, анда-санда талып кеткен. Аямай Бəн Бантинг бар көмегін Шықпайды жанынан еш əуреленіп. Оншама ебі де жоқ, кəдімгі Аю, Бауырындай тек, əйтеуір, жанын жаю. Жарасын жайлап қана жуып-шайып, Тұтатып трубкасын сорып алып, Бар мүлкі жүз қырғыннан аман шыққан, Түтінге қанша жұтса жоқ тұншыққан. Төртінші бір жолдасы таппай тыныш, Ермегі ерсілі-қарсылы ыңғай жүріс! Кенеттен тауып алып аяқ асты Тебеді, ойнақшытып малта тасты. Кей-кейде ұстап алып ышқырынан Жүгіріп, салады бір ысқырып əн. Қарайды жұрт бетіне қысылғандай Десеңші сондағы бір ұсқын қандай! Əп-сəтте мұңая қап, жанын қинап. Алады лезде қайта, бойын жинап. Бес-алты минут өтті құмдақтағы – Білінер. Сөзді сонша ұзартқаны! Əр сəті ұзартылған өлместіктің Біреуін бір жылыңа бермес бүтін. Кəдімгі мəңгіліктің жібіндегі Сол сəттер – шешілмейтін түйіндегі. V Джек Скайскрэп алдағы мынау тұрған. Сынаптай, жігіт еді бұл антұрған, Жеп-жеңіл желпуіштей денесі де, Ұқсайтын ұшқыр құстың елесіне. Ер емес, бірақ əсте жасық та емес, Кезінде өлуге бар – ашық егес. Оны да, қажытқан ғой ұзақ айқас!. «Соd dамn» – деп, осы кезде салды айқай,

Жалғыз сөз, екі буын Британның, Керемет құдіретіндей əсері бар Оны айтса ердің жайнап кетері бар, Оны айтса құтылады қай қиыннан! Исламның «Алла!» деген айбынынан Сонау сөз ешбір титтей айнымаған. Бəрі бір – «Рzоһ Тuppіtег» деген сөзбен Салт болған ағылшында ерте кезден. Джек соны айтты ақыры қысылғанда, Көрмеген ауызға алып ешқашанда Осымен бəрін айтты түк қалдырмай – Іштегі қасірет уын жұтқан ұдай. Дегендей: «Бүйткен дүние құрып қалсын!» Аузынан алып сəтке трубкасын, Сол кезде жаны ашыған ойлы Бэнк Түкіріп қалды жерге соны көріп. Қос сөзбен əлгі сөзді түйіндеді, Оны айту ауызбенен қиын еді. VI Ашуын төгіп болған жанар таудай Əлі де, бірақ зілін тарата алмай, Християн тұрған бойы айбынды еді, Секілді бұлтты айдаған қайғы желі, Əжімнен беті шимай, айғыз еді, Жанының табылмаған жалғыз емі. Жанары кенет оның өрттей жанып Жарқ етті əлгі сөзді естіп қалып. Анау да Торквильді көзі шалып Именіп қарай берді жүзі ұялып. «О, балам, болдың ба ақыр сен де құрбан,– Адасқан, ақымақ болған менің кінəм, Деді де, үсті-басы қан-қан болған Жігітті жұмсақ қана алды қолдан, Алды да басты өзінің кеудесіне,

Кім білсін, түсірді ме елді есіне, Бір түрлі ыстық еді ілтипаты, Алайда қыспай қолын, сəл босатты. Хабарлап жарасының жеңілдігін, Көп достық көтергендей көңіл жүгін, Жұмсарды аздап жүзі қайғыланған. «Сонымен қасқыр апан шығып алдан, Біздерді болды қырсық тосып алған, Алайда қорқақ қоян біз емеспіз Өлерміз, бірақ есе жібермеспіз. Құнымыз түсер жауға өте қымбат, Мен жалғыз өлермін-ау, бірақ, бірақ, Сендердің менсіз күнің қалай болмақ. Біз азбыз, əл-дəрмен жоқ алысуға, Кеткендей болып тұрмын салым суға – Арманым – құтылсаңдар екен сендер, Шіркін-ай жалғыз қайық əкелсеңдер, Табылса жалғыз астау, мен сендерді Босатып жіберер ем – өлсем де енді Армансыз өлетін боп ырзаланып, Сыбаға – өлім деген маған анық. Азат бас қиналуы – ол сұмдық па, Көнгенше қорлық пенен тұтқындыққа?» VII Соны айтып болмай жатып құз-жартастың Сыртынан, түнеріңкі тұрған қатып, Өрінен сонау теңіз тулап жатқан Бір ноқат көзге түсті бұлаң қаққан. Секілді шағаланың көлеңкесі, Шүйілген төмен қарай жерге еңсесі, Артынан көрінді енді тағы бірі... Құбылған кейде ұсақ, кейде ірі, Жоқ болып, қайта шығып, бұлдырайды. Қос кеме бері қарай зымырайды...

Қарап тұр қара түсті қалың адам, Анау бір ескектерге жарқылдаған, Қайықтар көк толқынды көпіршіткен, Сүңгиді кейде терең сүйір тұмсықпен. Секіріп, ыршып кейде жалға шығып, Ұрғанда асау толқын аласұрып. Ақыры аман өтіп сұрапылдан Бейне бір екі құстай суда тұрған – Бері қарай түн-түнектен шыға берді... Ежелден тағдыр берген бұл өнерді Теңіздің тентектігін жеңе туған – Бұл жердің адамдары шебер туған. VIII Баяғы жүзіп шыққан қауашақпен Емес ол Нерерда – көрген сəттен Қайықтан ырғып ұшты құс бейнесі Жарқылдап жап-жалаңаш мыс денесі. Алыстан сүйген жарын көзі құшып, Ньюга еді мынау келген ұшып! Сол еді тұла бойы үміт-арман Ерке қыз шыққан сыннан, тұйықтардан Ер жаны, адал жаны шын берілген! Қауышты ақыр келіп сүйгенімен, Есі жоқ, бірде күліп, бірде жылап, Асылып мойынына, басы құлап – Жарының құшағына кетті кіріп. Торквиль білмей тұрды – өң бе, түс пе? Сөйткенше қыздың жылдам көзі түсті Дененің жарасына,– кетті шошып, Дегенмен, жеңіл екен! Құдай қосып Жаны аман қалған екен! – деді дағы Тағы да жылады да, күлді тағы. Қызы ғой ежелгі қарт жауынгердің Жорықта қанын көрген талай ердің,

Өзі де батырлықтың жолын кешкен, Шыққан жоқ не қиямет – бəрі де естен! Көзінен жас боп ағып қуанышы, Өзі үнсіз, күмбір қағып тұрған іші. Өксіктен омырауы діріл қаққан Шыққанда сезім деген бір жұмақтан. Осылай жалғыз демнен, жиі демнен Білдірер бақытының сыйын көрген. IX Қос жүрек бірге соғып қауышқанда Рахат құшағында табысқанда, Жан бар ма, қанша қатал болса-дағы – Көңілі босамайтын, сонша жаны?! Өзі де Християнның кетті балқып, Жастардың бақытына тілек айтып. Күндері текке кеткен жаман түстей, Есіне түсті дағы, күңіренді іштей. Енді не? Үміт өлді, арман сөнді, Алдамшы өрт – бəрі соның жалған болды. Бұлардың бақытына қуанады... Алайда көп бейнетке бұл кінəлі, Секілді «бəрі менің қырсығым!» – деп, Кетті ол теріс айналып, бір күбірлеп. Бірақ та қарамауға тағы дəт жоқ. Осылай қалса бір сəт түсіп көзіне Қарайтын кəрі арыстан күшіктеріне. Содан соң қалды тастай қайта қатып. Қамсыз да, қайғысыз да қара бақыт. X Алайда жақсы ойдың да, жаман ойдың, Белгілі мерзімі бар. Арал қойнын Қайтадан дүрліктіріп, мүйіс жақтан

Естілді ескек даусы келе жатқан, Кəдімгі қуғыншылар – жау қайықтар Кім екен сатқындыққа лайықтар, Бұларға жөн сілтеген жау мұндалап? Жалғыз қыз құтқарушы, жалғыз ғана-ақ? Келеді жаудың қолы қаптап, қамап. Қоршауға алғалы тұр аттасаң-ақ Қыз байғұс түздіктерге белгі берді. Қайық пен жабдықтарын алып келді, Мінгізіп құтқаруға қашқандарды – Християн екі досын қасына алды, Қайыққа аяқ салды, мінді келіп,– Қалдырсын екеуінен кімді бөліп, Ньюга Торквильден қалғысы жоқ, Ұмтылды басқа қайық алғысы кеп, Жосылды қара қайық қос-қосымен, Жаулар да қуып берді өкшесінен. Аралдар тізбек-тізбек қалады артта. Ит балық, шағалалар жүрген жақта Сорайған кешкі іңірде қия жартас, Жетеді-ау, енді-енді болады айқас! Жау қырсық келе жатыр қоймай қуып. Қалады ұстай жаздап, келіп жуық. Амал жоқ, айрылысты екі қайық. Қақ бөліп қуғыншыны, бетін алып, Белгісіз қайсын қуар, қайсы кетер Ал зула, зула қайық, желден бетер! Бар үміт – ескекте енді! Өмір-ескек, Арпалыс тірлік үшін ол емес тек. Сен, Ньюга, махаббат үшін қалтырайсың! Жан аяп, неден боса тартынбайсың. Алайда қайығың тым əлсіз еді, – Қасыңда дүрсіл қаққан жар жүрегі – Сол – медеу, Мақсат жақын,

жау да жақын,– Қайығы махаббаттың жай қанатың!

Төртінші жыр Адасқан көк дауылда ақ желкендей, Алыста, жағалауды жатқан ендей Ақ жолақ жарқыраған сəуле көріп, Ажалдан жан-жағында жүрген еріп – Қап-қара судан, бұлттан тұрған төніп, Ұмтылар құтылуға жанталасып,– Солайша соңғы үмітте сəуле шашып, Жаныңды жылытады. Дауыл-дүлей, Ішінен жалт-жұлт етіп, білмей үрей Ақ желкен басылады көзге ыстық Əр толқын əкетсе де бөктерісіп, – Сұп-сұрқай, сызды жаға, қалың тұман Бəрібір ешбір бөгет етпес бұған. II Тубонай түбегінде бар бір жартас Онда адам жиі бармас, аяқ баспас. Балықшы шағалалар қиқу салып, Жағасы құжынаған кіл итбалық, Үңгірде күні бойы қатып-тоңып, Күн шықса рахаттанып, салып ойнақ, Жүзеді шолпылдатып, суды бойлап. Қайықтың сықырын сəл ести қалса, Құс біткен шуласады – тағы сонша. Бауырымен жылытады олар балапанын Жаулардан шыр-шыр етіп қорғап жанын, Жол ашық теңіз жақтан тар шатқалға, Ыңғайлы содан келіп құс атқанға, Бер жағы құмдауыт жер тегіс жалпақ, Сол жерге тасбақалар шығар қаптап. Томпайған ауыр сауыт арқасында,

Балпаңдап ерінгендей бір басуға, О дағы көк толқынға өрмелейді, Ыстықта олар онша шөлдемейді, Дегенмен, судан тамақ табады олар, Жағада қыздырынып, сайран салар. Жартастың бір жақ беті айбақ-сайбақ, Бəлені неше түрлі толқын айдап, Толтырып жағалауға кеткен үйіп, Өліктің табыты ма, май ма сұйық, Шіріген неше түрлі зат, шүберек, Кеменің сынықтары – неге керек,– Бəрі бар, – кейде кеме күйрегенде Қуанар жерге аяғы тигеніне Бақытсыз жолаушылар – осы арада. Осы еді тапқан қыздың бір мекені,– Əйтеуір, баспанаға не жетеді, Досына қызметі еді, құрметі еді, Келетін жер емес қой күнде, тегі. Осы еді құпия жер құтқаратын Тек қана қыз білетін, қыз табатын. III Қыз айтты ескіштерге соңғы ретте – Ауысып мініңдер, – деп, бұлшық етке Аз ғана тыныс беріп, қол босатып, Қайықтар жылжыған соң баяу тартып, Тезірек қимылдауға болар жəрдем, Қуғыншы шығып қалмақ таяу жерден. Християн көнбейін деп ойлап еді Ерікке қыз бұйрығы қоймады енді. Өйткені амандықтың көңілі еді,– Қашанда тура келген не тілегі. Қайықтар құлаштарын еркін керіп, Жүйткіді аққан жұлдыз секілденіп. Жау енді жете алмайды қанша қуып –

Деп ойлап, жағалауға келді жуық. Бірақ жау қалар емес, үдеді егес, Жігіттен қыз қайраты бір кем емес. Қайықты бір қуысқа əкеп тықты,– Тереңге тас тұғырлар шеккен мықты, Жүз қайық тіркегендей алыстықта Келеді қалмай еріп жау қырсық та. Алдында тіп-тіке жар, барар жер жоқ. Қаншама ұмтылғанмен əбігер боп. Қарады жігіт қызға ренжігендей – Оған бір сөз айтуға көңілі келмей, «Ау, жаным, ажалға айдап əкелдің бе?» – Қалдық па қу аралда қапелімде, Тас болып табытымыз іздеп тапқан?» – Дегендей жігіт қызға ой аңғартқан. IV Ескегі Ньюганың түсті қолдан, Нұсқады арттан жауды тақап қалған, – Торквиль, ер соңымнан! Қорықпа! – деп, Қойнына қойып кетті қара түнек. Меңіреу тұңғиықтың тұсына кеп. Бір сəтке кешіккенде, уысына кеп Ілігу қуған жаудың, анық еді. Құлағы кісен даусын шалып еді. Айқайлап, атын атап қылмыскердің Ескекке салып еді бар күштерін, Ежелгі сүңгігіштің нағыз өзі, Бір сынар сол – өнерін келді кезі, Бұлыңғыр оны дағы үміт билеп, Күмп берді, қара терең кетті сүйреп, Əп-сəтте болды дағы көзден ғайып, Шықпады су бетіне енді қайтып, Жаулары үңілді кеп иірімге, – Жартастың алдындағы биігіне –

Жоқ ешкім көрінбейді қайтып шыққан Қалайша түсе салып, тез тұншыққан? – Деді де таңданысты тұрған жаулар, Көпіріп түскен жері – көбік ойнар Тек қана шымырлаған күйі қалып, Етегін баяу толқын жиып алып. Бейне бір өлік салған ақ табыттай Ағарып толқын жалы түк танытпай, Үн-түнсіз махаббаттың моласындай – Қорқыныш дүниеде жоқ осындай! Кім білсін осы сəтте екі жүрек Дүрсілдеп, жалғыз жұтым ауа билеп Тұр ма екен су астында! Өң бе, түс пе, Көрінген көздеріне əлде елес пе, – Аруақ па, əлде жын мен шайтан ба еді, – Келдік, – деп осы араға қайдан тегі, – Санады бұл жағдайды жаман ырым – Дағдарған сырын білмей жаулар мұның. Шықпады, сіңді-кетті мұнысы не? Моладан шыққан оттай түн ішінде – Əлдебір жерге бітпес жарық беріп Тұрғаны, естерінде анық көріп, Ол бірақ адам емес секілденді, Бір сұмдық тағдыр мөрі бетінде еді. Қорықты, зəресі ұшты бəрі бірдей, Қашты енді, жүректерін алып үрей, Сонда да қайтар жолда ағаш, бұтақ, Шылаудың арасында жатыр ма деп, Осы бір алыста емес, жақында деп, Денені іздеді олар жерден, көктен Көбікпен көбік болып еріп кеткен. V Қайда сол жолаушысы тұңғиықтың? Жаңағы қыз жетектеп кеткен тұтқын? Арылып жер үстінің қырсығынан,

Паналап су түбінде бір шыбын жан. Тереңде, коралдардың күміс баған Астында, əлде, бəлкім, тыныстаған? Ұлудың үлкен-үлкен сауыттарын Жатыр ма тінтіп, маржан тауып бəрін? Ньюга бұрымдарын тарады ма, – Иірімге шымыр еткен қара, мына, Əлде оның алған ыстық демі ме екен, Əлде жай толқындардың лебі ме екен, Маңдайға тағдырлары тепті ме екен, Содан соң мəңгі ұйқтап кетті ме екен? VI Түйіскен толқындарға шығып, батып, Көк жайқын туған қызын шалықтатып. Келеді ол жүйткіп жүзіп бері қарап,– Соңында жігіті бар – сүйген қалап. Денесі жарқ-жарқ етіп жасыл суда, Құтылған қуанышы басылсын ба, Келеді ол су перісі салған жолмен, Жасынан көзі үйренген, сырын білген. Солтүстік теңізінің перзенті ғой, Тереңнен маржан аулап ер жетті ғой. Сондықтан үйреншікті тұңғиықтар... Төменге қыз тайғанап түсті дағы, Қуысқа кіріп кетіп, шықты тағы Өрмелеп жоғарыға, қолын жайып, Бір ырғып алды дағы сəл шалқайып, Далаға шыға келді, түн қараңғы, Аспанда жұлдыз да жоқ – бір қарады. Көбіктен аршыды да жібек шашын, Жіберді қуанғаннан күлкі шашып... Күмбездер жаңғырықты жартастағы Астыда жар, үстінде тəңірі аспаны, – Үңгірдің төбесі ғой, аспан емес, Сарайдай алтын баған, тастағы елес,

Сəскенің түскен оған нұр сəулесі, Табанда таяз суда шолпылдаған, Қабығы балықтардың жалтылдаған. Шашымен бетін сүртіп сүйген жардың Тағы қыз – нағыз өзі ынтызардың, Таңданып қарайды бұл жан-жағына. Қол беріп, қыз жетелеп ар жағына Қуыстың, жарық түскен саңылауына Бастайды, одан əрі жарық жартас, Сұлулық тілі жетіп, адам айтпас – Самсаған жер астының құпиясы, Мүсіні, əлдекімнің құлпытасы Секілді толып жатыр құбылыстар Қазынасы табиғаттың тығып ұстар. VII Бананның жапырағының арасында, Смола – қара майдың шаласына Малып ап, таяқ байлап сағасына Болды қыз шырақ жақпақ дəл осында. Қақ шөптен қалқа жасап жасыл оған Тимеуге су толқыннан шашыраған, Енді ол от іздеді, Торквильге Тастаған пышағы бар таңып белге. Соны алып, тасқа шауып жібергенде От шығып, жалын қаулап үрлегенде Жарқырап жанды шырақ, жарық түсті Тас сарай, мүлгіп тұрған үңгірлерге. Баяғы готикалық күмбездердей Нанбайтын айтқаныңа шын көз көрмей, Ашылды керемет зал қарсы алдынан – Ғажабы табиғаттың бұл салдырған. Табанын жер сілкініс көтеріп сəл, Бағандар мұнарасын тіреп ұстар, Жаралған ол бағандар кенді тастан Кезінде жер сілкініп, тасқын басқан,

Содан соң бəрін жалмап өрт алғанда, От тиіп, мына тұрған көп бағанға, Балқытып жіберіпті, қайта құйып, Шебері ертегінің тастан қиып, Дейсің сен «қараңғыда қалай салған?» Егер де құдай берсе қиял саған – Көресің: Алтын тақта михрабты, Кресті, асатаяқ, сый табақты – Бəрі де патшалардың бұл сияқты Мекенін, қазынасын, салтанатты, – Мінбері азан айтар молдалардың, Өрілген мəрмəр тастан, одан əр күн Бейіштің секілденер үні естілген, Табиғат мұның бəрін үлестірген. VIII Жетектеп досын солай қолдан алып, Көрсетті неше ғажап жерге апарып, Биіктен шамнан түскен сəуле жарық, Күндіздей бəрін көріп көзі қанып. Көп екен үлкен үңгір құпиясы, Залдары секілді бір – құт ұясы, Жарқырап күліп жүріп көрсетті қыз, Күн туса мұнда қашып келсе тығыз, Болсын – деп, махаббаттың үйі дайын, Жасырын мұнда келіп күн-күн сайын. Бəрін де жасай берген жабдығының, Білгендей не боларын тағдырының. Жөкеден жұмсақ төсек дайындаған, Мүк-көрпе ешкім əлі жамылмаған, Саялы сандал ағаш жапырағы Адамды рахатқа шақырады. Түскі асың – əзір наның ағашта өскен, Сусының кокос суы – шөлдеп ішсең. Бананның жапырағы – дастарқаның. Алдында піскен еті тасбақаның.

Сауытын тостаған ғып пайдаланып. Сіңеді ішкен асың майдай жағып. Жап-жақсы жаратасың ас-тамаққа, Құйып ап бұлақ суын асқабаққа. Май шамға смоланың бұтағы бар – Сөнбейді, сөнсе қайта тұтанар хақ. Бəрі бар. Үйің-үңгір. Өзің – тəңір. Жарың бар – таптырмайтын саған сабыр Бөлеген сезімінің алауына, Қызулы, не істесең қалауыңда. Ғажап қой – бұл тағдырды болжағаны Бардай-ақ көріпкелі, қолдағаны, Ғашық боп келген күннен сол баяғы, Тимеді жерге мұның қолды-аяғы Ішінде жеміс толы таң азанда Теңселіп қайық тұрды жағалауда. Кешкісін қайықпенен үлкенірек Қазынасын тасып жүрді бүркемелеп... Шіркін-ай, қандай еді жан-жылуы, Өшпейтін салтанаты, бар қызуы, Осынау махаббаттың отанының Осынау бақыты асқақ, өр сұлуы! IX Қыз сонда сүйген жігіт жанарынан Оқыды ризалық пен таңданудан Жаралған бір сезімді, енді бұл да Аса бір құштарлықпен жан буына Елітіп, оралды оның мойынына. Ал күрең алаулаған білектері, Айтылар махаббаттың тілектері – Аңыз боп қалған бізге баяғыда – (Махаббат – мынау кəрі дүниедей Ескі ғой. Біреу келген, біреу келмек, Жаңарып соларменен жасай бермек.) Қаншама ой жаңарды содан бері,

Жас көсем мынау жерге бір келгелі, Жартасқа су астынан сүңгіп шығып, қуысқа паналаған сонда кіріп, Құпия шарлап жүріп есік тапқан, Ақыры жауларымен көп айқасқан, Тұтқындап дұшпан қызын алып қашып Тартуға бермек болған князына – Тапқаны əскерінің бір қазына, Əкеліп осы үңгірге тыққан еді. Соғыстың ауысқанда жатқа желі, Сол көсем бар əулетін жинап алып, Мұхитқа биік жерден кеткен қарғып. Жарыққа содан қайтып оралмаған. Мəнісін қалған əскер біле алмаған, Ұғынып белгісіндей бір сұмдықтың, – Жалбарынып, əулиеге құлшылық қып, – Олардың əулиесі – көк Акула, Жағалап жар бетінде, улап-шулап Іздеген, қайық есіп, қолы талған Көзінде (бір көрініс үрей салған) – Мұхиттан батыр сүңгіп шыға келген, Жарқырап су перісі – жас əйелмен – Елес боп көргендері – шынға айналып, Қуанып, жағада топ айқай салып, Мəз болған дүңкілдетіп, керней тартып, Қарсы алып жұбайларды, көз қуантып. «Өлгенше өмір сүрген бақытты боп. Бізге де берсе солай бақытты көп!» Дегенде айтқан аңыз аяқталмай, Қызығып құмарлыққа тағат қалмай, Құшақтар тар қуыста тағы қалды... Бұл тұста, тоқтат жыршым, хикаяңды! Күшін айт: Тек керемет махаббаттың, Баяғы өткен тарих – ақиқаттың, Жиырма жыл өткеннен соң, Авеляр Оянған көрде жатып, о, алдияр. Ғашығы Элоиза – ол да өліп,

Сүйегін қойған кезде мұнда əкеліп, Құшағын жайып оны қарсы алыпты, – Көшкенде қайта екеуі енді бірге, Көр іші толып кеткен сыр-күбірге, Сүйісіп шолпылдасқан мауқын басқан. Соқса да сыртта толқын бір тынбастан. Естіліп жатса керек жылау, өксік... Күшіне махаббаттың амал нешік?! X Бұлардың қайда сонау серіктері, – Қашқындық күндеріне себеп, тегі Солар ғой? Қайда қазір сол достары Айтысқан адал, тілек жолдастары? Жаулардан долы толқын құтқарар ма, – Қалмайды соңдарынан тіпті олар да, Олжадан айрылған оңай қолдан Бүркіттей ыза болған, көз қанданған Өшігіп, өйткені олар күш молайтып, Барады барар жерін тым тарайтып Тастады қашқындардың жолын кесіп! Зорайып, өркештеніп, толқын өсіп, Мүйіске тірелді кеп алда тұрған Жоқ таңдау, жолы жабық, амал тынған. Басуға ең соңғы рет жерге шықты, Сол жерден қарсы алады ажал мықты – Бəрібір айқаста өлу – жазада өлу... Жауларға өзін өзі қолдан беру Болмайды, босатты енді тағы жұртты Қиятын бұлар үшін жанын тіпті, Қашыңдар – деп Християн берді лұқсат, Артық қан төгілмесін деген мақсат. Құр қалқан, не істемекші құр садақпен, Үңірейген болат өңеш ұрса доппен?

XI Табиғи басқышы бар жалаң жартас Бұлардың тоқтағаны келіп алғаш. Жармасты бəрі бірдей мылтықтарға, Жауларды көзімен жеп, қырсыққанда. Ауыр ой, не болары алдағы сəт Ойнады көздерінде ажал құсап. Бақшиып қалған қатып ол қараста Жендетке деген өштік, жанталас та. Бар еді, үмітсіздік, қорлық, өлім, Өздері үш-ақ адам... Фермопилдің Баяғы үш жүз ері секілді еді, Ұқсаған не тағдыры, не түрлері, Əрине, жері де бар ұқсамайтын. Шешетін бəрін соның мақсат айқын – Яки масқаралық, даңқсыздық па, Яки болып қалу аңыз жұртқа Мəңгілік ерлігімен, ер өліммен, Көз көрген куəлердің дерегімен Отаны үшеу үшін қайғырмас та, Көрмек те соңғы сəтін, кəрі-жас та, Сөз етіп, əрі жылап, əрі күліп Ғасырлар айтқанымен аңыз қылып. Жаңғыртпас ұрпақтары оны өзгертіп, Болмаса жəй айтқаны мақтан етіп. Аттары ештеме айтпас жүректерге. Олардың өзі келіп жыр етер ме? Сондағы ажал бұлтын серпіп тастап, Даңқтың өрт-жалыны жанған асқақ, Осынау қанды айқасты көрсетер ме? Əрине, өздерінің сезеді іші, Осылай құлауының, себепшісі, Тек қана жалғыз адам екендігін. Ол өзі туған адам ерлік іске, Бəрінің тағдырына иелік істеп, Сол үшін қамап қойған тығырыққа!

Ойыншы үйіргенде соңғы асықты, Онысы қатал үкім, сорға шықты. Ұтылды өмірі де, намысы да, Алайда ол өрлігімен тағы шыдап, Қасқайып тұрды қарап, тастай қатып. Мылтықтың ауызында қақпай қасын Осылай тұрушы еді күнге қарап, Қасқайып долы бұлт та қақпай қабақ. XII Жағаға келіп түсті қарулы топ, Сескену, беттерінен қайту да жоқ, Белгілі қызметін орындауға Амалсыз қолға келген мына жауға Қуатын жел де солай қу жапырақты Орманды, жалаңаштап атырапты. Əрине, əлдеқайда жеңіл болмақ,– Бұдан да қаны бөлек жатты жаулап Алғаны, қырғаннан да өз қандасын. Ұмытқан Британияны мұңдар еді, Дегенмен, олар да оның ұлдары еді! Шықты айқай: «Беріліңдер!» деген сол сəт Бірақ та олар үнсіз. Мылтық самсап, Жарқ етті күн көзіне болат қару. Тағы да шықты əлгі айқай, тағы да əлгі Үнсіздік үшінші рет тағы айтылды, Тағы да ешбір жауап болмай тұрды. Тек қана шыңдар басы жаңғырықты. Əлдебір құзға сіңіп барып бітті. Кенеттен бытыр-бытыр, болды жарқ-жұрқ. Түтіндей кетті жан-жақ, дауыл тұрып, Бораны айқай-шудың қаптағандай, Оларды екі еселеп құптағандай. Жаңғырды, шаңқылдады жартас-қаншық Жаулардың оғы тиіп, қайта қақшып. Берілді соңғы жауап сонда ғана.

Енді үміт, енді амалы қалмағанда, Шыққанда тасқа өрмелеп жаудың тобы. Айқайы Християнның да шықты соңғы: «Атыңдар!» – деген дауыс басылмастан Екі жау аунап құлап түсті тастан. Қайтпастан өрмеледі қалғандары,– Көрінді əбден ыза болғандары, Мынадай ессіздерге. Енді болмас – Тезірек істі бітір, жанжалды бас – Дегендей ұмтылды кеп жан есірік, Қамалдай əрбір басқыш, əл өсіріп Болысты байғұстарға, жау жанталас, Өлгенін, тірілгенін жан байқамас. Соғысты Християн түре салып Достарын шеберлікпен келеді алып, Кілең бір аран тастар арасымен. Бүркіттер ұя салған шың басымен Өрмелеп, жанталасып жаны іздейді, Бір атса болғаны оның – жау сирейді. Өлікке өлік барып жалғасады, Сырғанап құздан құзға, əрі асады. Жанығып, құтырынып алғандары, Ерлері жүрегінің түгі барлары Өрмелеп, жан-жағынан қаптап қоршап, Боқтанып, үшеуіне қатты айқай сап, Тірідей мүмкін болмай ұстаулары, Оларды акуладай құрсаулады. Үш сабаз алысты-ау бір арыстандай Құласа, оқ тисе де, намыс қандай. Бірі жоқ ыңырсыған үн шығарып, Екі рет Християн жараланып, Күтпеді аяушылық жаудан анық Өмірін қия гөр – деп өтінеді, Өтінсе, қиюлары мүмкін еді. Көсемге ол ұсыныс жасалды да, Ол бірақ басын имей, тісін жармай, Айрылған балапаннан ақ сұңқардай,

Оқ тиіп, қалған сынып жамбасымен Сырғанап, əрең жылжып жар басымен Келеді əлі тірі, шала есімен. Кенеттен секілді боп үн естілген Шақырған, шапшаң жиып алды ақылын, Өзіне тақаған бір жау жақынын Ымымен шақырғанда ол қашты да, Жалма-жан мылтыққа бұл жармасты да, Атпақ боп көріп еді – оғы біткен, Соншама тапқырлықпен, алғырлықпен Үзді де қамзолының жез түймесін Оқ қылып салып жіберіп, тиер-тимесін Ойламай, басып қалып жібергенде, Анау жау қалпақтай боп ұшты жерге. Бұл оған сəл жымиып қарады да, Жыландай тағы тасты орады да Тік жарға түсе берді сүйретіліп, Содан соң қарады артқа, жұдырығын Тас қылып түйіп алып, барлық зілін Төккендей, «Қап, бəлем!» – деп, дəл осы жол Жерменен қарғыс айтып қоштасты ол! Сөйтті де жөнелді өзі құзға құлап... Төменде өлі дене жатты сұлап. Тас жыртқан, жырым-жырым, талқан болған, Əр тастың үсті-басы қан-қан болған, Қалжасы құзғынның да аз-ақ қалған. Бас жатыр қанның буы бұрқыраған Қасында болат қылыш қарауытқан, Секілді ол да иесін аза тұтқан. Оны да əлсін-əлсін соққан толқын Тоздырар қабығымен басқан тоттың. Қайда оның бас, қылыштан басқа жері,– Өмірін бөлшек-бөлшек тастады енді. Ал сонда жаны қайда екен оның? О, жанның білген кім бар мекен-жолын! Өлгенді дұрыстап жерлеу – бізге борыш Беретін біздер емес, етіп бөліс

Өлгеннің істерінің төрелігін. Төрелік еткеніңмен оның жүгін Сен барып көтермейсің тəңірі алдында. Белгісіз өзіңді өзің қорғарың да. Солайша өтер өмір, өтер дəурен, Мəңгілік парызыңды өтей алмаумен! XIII Сонымен бітті бəрі. Келгендердің Аралға алғаш рет, жел кеуденің, Арманның жетегімен – бітті бəрі. Бірі өлді, енді бірі тұтқындалды. Бəрі тұр басын төмен салбыратып Кемеде қалған топтың, салдыратып Салынған аяқ-қолға кісендерін, Кім білген мұндай күйге түсерлерін Өздері қызмет еткен палубада. Жазылған маңдайына тағдыр о да. Көрген жоқ еді, əрине, мұндай қорлық Кешегі қанды айқас, соңғы жорық Кешкендер, сол жорықта кеткен өліп. Олардың сүйектерін қалды көміп Иленген қан аралас шаңды көбік. Шіріген, иістенген енді оларға Аңдыған қонып жатыр құзғын-қарға. Айғайлап, шуылдасып, қарқылдасып. Төменде тулап теңіз, толқындасып, Əмəнде жырын жырлап мəңгіліктің Жатады, ойнап дельфин үйірімен, Балықтар қарғып толқын биігінен Ұшады аз бір сəтке ауаланып, Азырақ асау теңіз дауаланып, Жатады тыныштыққа əзер көніп, Тағы бір тулауына əзірленіп.

XIV Келеді таң сібірлеп, шығыс алаулап, Ньюга төңіректі шықты барлап, Сүйікті жар ұйқысын күзетеді ол, Қарады, сонау суда тартылып жол Жарқ етті жалғыз желкен көзіне анық Ағады пайдаланып желдің оңын Дірілдеп қоя берді омырауы, Алысқа, тым алысқа кетті жауы! Тағы да, тағы кеме қос-қосынан Барады ағып өтіп өз тұсынан Күдік жоқ, енді олардың кеткені анық Алғандай қуаныштан жүрек жарып, Мəз болды алақайлап, анау алап Бойына, сүзіп көзін тағы қарап. Үміттің ол іздеген айғағындай,– Көзінен бұлбұл ұшып тайған ұдай, Аспанның алуан түсті шұғыласын – Баққандай, іздегендей құбыласын – Теңіздің апай төсті кең айдыны Жатпай ма жайма-шуақ майдай күні. Хабарын азаттықтың тез білсін деп, Жүгірді ол Торквильге жүрек дүрсілдеп. Естісең сүйген жардың өз аузынан,– деп сүңгіп, оның жатқан шықты орнынан. Не білді, нені сезді, нені көрді,– Бəрін де түк қалдырмай айтып берді. Тастады бақыттылар тас түрмені, Толқыннан суырылып, басты ілгері, Ньюганың тығып қойған күні бұрын Қайығын тауып алды, мұның сырын Білетін жалғыз ғана қыздың өзі – Тереңде мұның жалғыз жүзген кезі Жүргенде əлі кетпей жау қуалап, Қайықты тығып қойған қыз тасалап. Қайығы махаббаттың бүтін екен

Соңынан қуып жеткен ығып кеткен. Бақытты осынша мол шыққан артып Толқыннан, қайық бар ма

бұдан артық! XV Сонау бір сүйікті арал тағы алдынан Шықты ғой, мұнартып тау-тау толқыннан! Жау оны ластамаған, бүлдірмеген, Дүниеде қаһарлы жоқ сол кемеден – Қайырсыз түрме ғой ол жүзіп жүрген. Ал мынау жер емес пе жұмақ мүлдем! Қалың топ қарсы алып тұр кернейлетіп, Əнекей, қыз бен күйеу келер жетіп! Князі, əулеттері, тұқымдары,– Секілді бір үйлі жан бүтін бəрі, Қабылдап баласындай, жас пен кəрі Қасында Ньюганың құрбылары, Сүйіскен, құшақтасқан, бар құмары – Сұрағы – құтылдыңдар қайтіп деген. Ол ұзақ хикая ғой, айтып берем – деген соң, таусылар ма ұзақ таңға, Немесе түн сағатын ұзартқанда. Шалықтап думан шуы кеткен көпке, Жайылып қалған аңыз төңірекке, Сол күннен бері қарай атап кеткен «Ньюганың үңгірі» деп, сонау мекен. Мыңдаған шырақ жағып келеді оған Алыстан, ауыл-аймақ, айдаладан, Той-тойлап құрметіне адамдардың Сондағы тірі қалған, амандардың. Қасиетті құдіретіне махаббаттың Бас иіп бəрі бірдей жамағаттың. Тойлайды күндізіңді түнге қосып, Сонымен рахат қой дүние-бесік!

ДОН-ЖУАН Поэма алты жыл бойы жазылған (1818 – 1824), алайда оны аяқтауға үлгермей дүние салған. Ол Байронның енді реалистік бағытқа ауысқан кезеңін көрсеткен:. Венецияда жүргенде жазған «Беппо» повесінен соң іле-шала жазылған. 1818 жылы 9-шілдедегі Байронның Мерейге жазған хатында: «Беппо» деген бір көңілдірек нəрсе жазып жатырмын»,– деген. Онысы, əрине, «Дон-Жуан» екенінде күмəн жоқ. Сол жылдың тамыз айында Венецияға келген Шелли поэманың бас жағын тыңдап, шын сүйсінген екен: (Беппоға» ұқсайды, бірақ одан əлдеқайда артық»,– деп жазған). 1819 жылы 20-қаңтарда поэманың екі тарауы (екі жыры) аяқталады да, екеуі де 15-шілдеде жарық көреді. Бірінші жыр Дон-Жуанның Испанияда өткен балалық, жастық шағына, оның донна Юлиямен алғашқы махаббат хикаясына арналған. Екінші жыр оның Испаниядан қашуы, кеме апатына ұшырауы, аштықтан əрең өлмей қалғаны, грек архипелагының бір аралынан келіп шыққаны, сол аралда бір теңіз қарақшысының (Ламбро) қызы, грек Гандэмен кездесуін баяндауға арналған. «Дон-Жуан» алғаш жарияланғанда керемет дау-шу көтеріледі. Ақынға көргенсіз, бейбастақ, жосықсыз – деген ғайбат кінəлар жан-жақтан жауып кетеді. Ақын оған қарамастан поэманың келесі тарауларын жаза береді. Ол Венецияда болған кезеңінде (қазан желтоқсан 1819) поэманың III–IV тарауларын жазып шығады, нақты аяқталу күні 1819 жылдың 19-желтоқсаны. Ол Ровеннаға (24-желтоқсан) көшіп

келісімен V тарауды бастап, 1820-жылдың қарашасында аяқтап шығады да, 1821 жылы тамызда үш бірдей соңғы тараулардың басын қосып, алғашқы тараулардан бері арада екі жыл өткенде жарыққа шығарады. III – IV – V жырлар (тараулар) сол баяғы поэманың басты кейіпкері мен Гандэнің арасындағы махаббат əурешілігіне, оның ақыры қайғымен біткеніне арналған. Онда Дон-Жуан құлдыққа сатылып кетіп, ғашығынан айрылған қыз құсадан өледі. Дон-Жуан түрік сұлтанының сарайына тап болады да, сұлтанзада Гүлбимен айналысып, байланысып қалады. V тарауды біткен соң «Дон-Жуанды» жазу жұмысы едəуір уақыт үзіліп қалады. Бұл графиня Гвиччиоли деген əйелдің, өтінішімен болған еді, өйткені ол поэманың соншама жалаңаш шындықты аянбай жазуынан зəресі ұшқан көрінеді. Алайда Байрон ол əйелге берген уəдесін ұзақ ұстауға шыдамы жетпейді. Екі жылдан соң Пизаға көшкенде (1821 ж. 29 қазан) Байрон VI тарауды жазып, оның артынша VII – VІІІ тарауларды жалғастырады. 1822-жылы шілдеде үшеуін де аяқтап, 1823-жылы шілдеде, тура бір жылдан соң бастырады. Алтыншы жыр бесінші жырдың тікелей жалғасы болады да, сұлтан сарайындағы қызық хикаяларды баяндап шығады. Бұларда да Байрон сол еркін, ойнақы стиль өрнектерінен айнымайды. Алайда VII – VІІІ тараулардың баяндау үлгісі сəл өзгеріп кетеді. Дон-Жуан орыс армиясына қызметке кіреді, ол əскер сол кезде, яғни 1790-жылы түрік қамалы Измаилды қоршап жатқан. Онда Суворов болатын. Бұрынғы шығыс əлемінің сезімтал суреттері енді қатал соғыс, қырғын өлім, талан-тараж көріністеріне ауысады. 1822-жылы тамызда, өзінің Пизада болған соңғы айында Байрон IX, X, XI жырларды жазуға кірісіп, Генуяға келген соң əрі қарай жалғастырады, бірақ дəл қашан аяқтағаны белгісіз. Бұл үш тарау да бітісімен 1823-жылы тамызда Байрон Грецияға келген кезде басылып шығады. IX – X тараулардағы оқиға орны Петербург қаласы. Суворов оны Измаил-

ды алған хабарын императрицаға жеткізу үшін жіберген. Өзінің асқан сұлу келбетімен сарай төңірегіндегілердің есін тандырған ол, тез жоғарылап, шапшаң беделге ие болып, Екатерина II назарына түсіп, оның тіпті сыбайласына айналады. Біраз уақыттан соң Екатерина оны бір дипломатиялық құпия тапсырмамен Англияға жібереді. X тарау Дон-Жуанның Германия арқылы жол шегіп, Англияға келуімен аяқталады. XI тарау оның Англияда болған кездерін баяндайды. Генуяға келген соң «Дон-Жуанды» жазу жұмысы өте шапшаң қарқын алады. 1823-жылы наурызда ол XVI тарауды жазып бітіреді. Сол жылдың желтоқсан айында XII – XIII – XIV тараулары жарық көреді де, ақтығында ең соңғы екі тарау – XV – XVI 1824-жылы наурыз айының аяғында, яғни Байронның Грецияда қаза табуынан бірнеше жеті ғана бұрын жарық көрді. Поэманың ол тарауларында ағылшын қоғамының ДонЖуан араласқан ортасының кемшіліктерін келеке ету мақсатына қойылған. Поэма негізгі кейіпкердің басынан кешуге тиіс бір қызықты оқиғасының тұсынан үзіледі. Байрон XVII тарауды да бастаған, бірақ оның тек 14 октавасын (8 жолдық өлең шумағы), жазып тоқтаған. Бұлары көпке дейін белгісіз болып келіп, 1903-жылы ғана Кольридждің басқаруымен шыққан «Байрон шығармалары» деген басылымның IV томында жарияланған. Алтыншы жыр «Адамдық əрекеттің тірліктегі – Тасқындай келуі бар, қайтуы бар». Пайдалан келген сəтін кідіртпей бір; Сонда ол зор қуаныш тойға айналар». Шекспир заманында солай деген,

Алайда кейбіреуге болмай қалар Ұстаудың оны сəті, дүние ғажап, Өлем деген жеріңнен тірі қалмақ. Сондай-ақ өмірінде əйелдің де Тасуы, қайтуы бар – ол бір теңіз. Көз жетпес иірімдердің көлеміне,– Егер де оған сенсең – өлдім деңіз, Өлмесең де қайырсыз, түбі азап. Ерлерді ақыл, намыс, ерік билемек – Əйелде ес болмауы емес ғажап, Оларға жүрек үкім етер демек. Сұлуға əлем, өмір, тақ та тəрік – Жіберер жалғыз сəтке айырбастап – Құласа құшағына жетіп барып Жарының болды сосын – бəрін тастап, Кеткені, оның сұмдық сиқырына Диюдың теңеседі күші ғана. Бір сүйсе – қатты сүйер болып құмар,– Сүйем – деп, еркек жанын беріп тынар! Сан рет дүние сорлап бақ пен тақтан – Сол үшін елдің қаны судай аққан. Зияны қамқорлықтың одан да өткен,– Амалсыз көнісеміз жауыздықпен, Антоний жеңіспенен зор атаққа Кеткен жоқ өзін шалып құрбандыққа, Билікті айырбастап махаббатқа Бір ғана Клеопатра үшін құрыған жоқ па!

Бірақ ол жеңіссіз де, даңқы қалды, Дегенмен, бір өкініш кетпейді естен,– Ол кезде сұлу жасы – қырықтың алды, Бəлендей Антоний де жас емес-ті. Мерзімі жас кезде ғой махаббаттың,– Ол өтсе – сезімің де тартар ескі. Алмайсың бар байлықпен оны сатып, Жастықтың орны толмас – сонысы артық. Мен дағы сүйгеніме өліп-өшіп, Беретін болмаған соң патшалығым,– Бойдағы бар құмарлық өртін өстіп Аяусыз беріп тынғам жас шағымның – Тəңірінің сыйлығы ғой жастық деген Ішінде өте шығар қас-қағымның. Дүние – дүние ме махаббатсыз,– Сезімсіз, рахатсыз, шапағатсыз. «Құдай кім? Құдай деген – Махаббат шын,– Деп бізге келеді айтып қаншама рет. Махаббат – құдай деп те аталмақшы, Əлбетте, дəл осылай болса керек! Жер беті ада кезде зұлымдық пен Адамның көз жасынан – босап ерек, Қысқасы – жастық өмір, қадір кетер,– Сан соғып, бармақ шайнап қалма бекер. Қиынға кеттім тастап геройымды, Аяп та отырғам жоқ оны онша.

Тыйым салған жемістің дəмі оңды,– Ұсталсаң көп болады соры сонша, Сұлтандар кешірмейді ол кінəні, Баяғы іс істемес ол Катонша – Əйелін өзі рахатын көріп, тойған Досына уақытша беріп қойған. Гүлбиді жазғырмасқа жоқ ретім, Көп опа таппасам да жазғырудан. Шындықты жасырмайтын бар əдетім, – Гүлбидің ақылы аз, наз қылудан Алдына адам салмас, тəтті қылық,– Сондықтан тəуекелге белді буған, Ол үшін билігіңнен сүйіс қымбат, Сұлтанның əйелі көп, өзі де қарт. Əрине, барғаннан соң жас санауға, Ойымның ауыр болмақ қортындысы – Сұлтан қарт, көп əйелден қалған дауға Бəрін де жарылқауға жоқ-ты күші, Сондықтан өмір жақсы бола алмайды, Қандары қайнап тұрған өрттің іші, Берілді Гүлби сосын құмарлыққа, Үздіксіз сусын керек бұл зарлыққа. Əйелдің мінезі асау махаббатта, Алысып қорғайды олар өз меншігін. Қорлыққа төзе алмайды, еш мазаққа Ойнатар күндесінің көзіне шыбын, Қимайды қолдағының бір бөлшегін,

Болғаны есеп емес өзге шығын. Ал егер алса біреу несібесін, Қайтсе де қайтарады əйел өшін. Шығыста опасыздық кешпес күнə, Əйелдер өртенеді қызғаныштан, Ерлерін кешірмейді əсте, сірə, Сан рет үй ішінен майдан ашқан. Өріс жоқ христианның əйеліндей Өрескел əрекетті іске басқан, Алайда жалын сүйіс, құмар басым – Білеміз талай қанды оқиғасын. Гүлбиді сүюші еді Сұлтан ерек Бəрінен көп əйелдің өріп жүрген. Ал оған ортақтастық емес керек, Көптікті түсінбеймін мен де мүлдем. Өсегі көп болады көп қатынның. Таласып өмір сүрген бір күйеуге, Жүргенде бір əйелді жарылқамай, Етеді қамтамасыз бəрін қалай? Ал міне, Ұлы патша... (шын құрметпен Қарауға əміршіге əзір ғой жұрт, Алдында бəрі оның тағзым еткен, Оларды жалмағанша) – келді Сұлтан Құмартып, аузының суын қылғып, Гүлбиге жуықтады аз кідіріп, Ол одан күтіп еді назды қылық.

Бұл жерде ескертерім – наз-қылыққа Біз ылғи сене бермейміз – сөз расы – Олардың көбі жалған əсте, ұмытпа, Мысалы, баста орамал, шляпасы Əшейін əшекейге киер киім. Оларды шеше салу – емес қиын. Сондай-ақ еркелесе, қанша иықтап Жатады ар жағында жүрек ұйқтап. Ұяттың қызыл түсін бетке шыққан, Дірілін қуанышты құмарлықтың Əйел заты жасыруға тым асыққан, Тұншыға алған демнен ұғар мүмкін,– Қашанда шын махаббат белгісі осы – Кездесу жалғыз сəті – бақыт бүгін, Махаббат үшін қауіп – оны ұмытпа, Тым асқан қызуың да, салқындық та. Жалған өрт, тым тəттінің жолы тайғақ. Ал егер асқан сезім болса адал Ұзаққа бармайды ол, есепке алмақ Үнемі сезім күшін – жаман амал. Тым шапшаң ол дəулетің өзге жанға Көшуі ғажап емес,– бағасын сəл Кемітсең, ақылы аз кей əйелдің Тым аса суықтығы – оған өлім. Өшпіз біз əрқашанда салқындықпен. Жүрекке кім ұмтылмас өрт тастауға?

Өлтірер сұлулықты артын күткен, Кейбіреу жанын қимақ, жоқ бас сауға – Зар олар «мен де сүйем» деген сөзге. Сол сөзбен барлық ұлттың махаббатын Гораций айтып өткен атақты ақын, Ұран боп қалған артқа, мына бізге. Бұл жерде кетті, бəлкім, бір сөз артық. Алмақ ем керегіме жаратып мен. Өлшемге гекзаметр кетті тартып, Қойып ем октаваға қаратып мен. Болады мұндай тəсіл өлеңге сор,– Заң ғой ол келе жатқан арғы түптен. Əйтсе-де цитатаның оқасы жоқ, Беретін оқушыға пайдасы көп. Гүлби де шықты атқарып ойдағы ісін, Осындай сəттіліктің көп пайдасы – Керек бұл махаббаттың өз қамы үшін, Бұл жерде жалғандықтың асты айласы! Əйелдер алдағыш қой, бізге ондайды Əзелде жасау қиын – түк қонбайды. Əйтсе де махаббаттың сөзі заңды – Бұйыртқан құмар сезім бізге мəңгі. Сұлтанмен ұйқтай берсін сұлтаншасы, Кереует тақ емес қой – жайлы төсек. Алайда ауыр сезім – алдамшы осы, Алаңсыз рахатқа болмайды есеп! Өмірдің сəтсіздігі – ауыр қайғы,

Кейде ауыр тиер бізге жеңіл – десек, Ауырды меңгереміз жеңіл кейде Тамшыдай тасты тескен – көрінбей ме? Шабан ат, тентек бала, мазақ қатын, Қарызың жойттен1 алған – өтеуге жоқ, Ауру ит, сараң кемпір – мұра затын Біздерге тастамаған – бөтенге деп. Ойласақ түк емес қой мұның бəрі, Несіне қиналамыз бекерге – деп, Ал бірақ көтеруің соларды да Жаныңа ауыр бейнет болар, жүдə! Адам, мал, ақша, қағаз – бəрін-бəрін Сайтанға сатар едім – философтай. Əрине, бөлек қоям əйел жанын Олардан, дүниеден – күл, қоқсықтай. Қиялға беріледі жаным менің – Немене жан мен ойым – құрғақ сырттай Ондай көп мəселені шеше алмайды. Онан да қоя салған сол ыңғайлы. Бəріне қарғыс айтсам – риза едім мен, Қарғысым не болады бірақ менің? Əулие Афанасийдің өзі берген Үлгісін қарғыстаудың – бір-ақ теуіп Артынан жатқан жаудың, көп оқыдым Қызығып, құмартып, мұрат көріп, Қасиетті сол кітапты, сонда ұқтым – Бəрінен артық еді ол дұғалықтың! 1 Жойт – еврей.

Жары ояу, Сұлтан өзі қалды ұйқтап, Не қиын əйел үшін ұзақ түннен, Құштарлық күші жеңген оны мықтап, Болмайды онда бір сəт көз ілінген. Жатқаны өз отымен арпалысып, Алысып қанбай қалған сезімімен. Елесті неше түрлі көріп əуре,– Оянып сүймес күйеу қалса зəуде... Жұп-жұмсақ, қардай аппақ құс жастықта, Матадан тіккен перде алтындатқан – Бірі де құтқармайды бұл мастықтан Шымырлап тұла бойын алып жатқан, Өзі де күнəкар қар қалай шыдар Мынау бір сойқын нəпсі қалжыратқан! Жұбайлық – ұтыс ойын, ұтқан жеңер, Жағдайы мынау Гүлби соған дəлел. Тарқауға берілді əмір, өңкей сылқым, Иіліп, тағзым етіп, жөңкілді ішке, Дон-Жуан жақын еді бұларға тым Өзінің киімімен бөлек түсте. Гаремге ол да тартты, сұлтан нұсқап, Осынау ұқсағандар гүлге-десте, Барады омыраулары бүлкіл қағып, Ішінде қу нəпсінің өрті жанып. Баяғы Калигула, о, сұм, жауыз! – Деген ғой: «Бүкіл дүние бір-ақ басы

Болғанда түсірер ем бір-ақ шауып!» – Сондай-ақ мені де бір қиял басты – Жаспын ғой, не ойлатпас қайран жастық, Болса егер бар əйелде бір-ақ ауыз, Бір сəтте бəрін сүйіп шығар едім,– Деген бір арманым ғой бұ да менің. Қызығам саған алып Бриарей, Қос-қостан туа біткен аяқ, қолың – Мүшеңнің өзгесі де өлшем білмей, Бұтақтай қаптап өскен тұрған бойың. Ал саған жар болуға бұйырмаған Əйелдей менің музам – кербез ойым, Дəулерге əйел болу нендей жұмыс, Одан да ергежейдің өзі дұрыс. Патшаның залдарынан шықты Жуан Ылғи бір жас келіншек арасынан, Гаремге бет түзеді, бойын буған Нəпсіңің қызыл желі аласұрған, Аңдаусыз, көп жасады тəуекелді, (Түрікте құн төлемес опасыз жан Тек қана ағылшында бар ондай заң). Бекер ол қас сұлуға қарай берді, Əлгінде өте беріп дəл қасынан. Бірақ ол ұмытқан жоқ қызметін. Өңкей бір қоршауында əтектердің Сап түзеп, қадағалап рет-ретімен Келеді бастық əйел, тентек, тегі,

Гаремді қалтыратқан, тəртіп баққан, Тазалық аттамауға ар-ұяттан, Тапсырған əміршінің өзі қатал, Гаремде «анамыз» деп бəрі де атар. Сұлтанның ордасында зор дəреже,– «Қыздардың анасы» – атты атақ алу. (Де Тот пен жазып кеткен Кантемир де), Самсаған сарайдағы соншама ару Бір соның қызы деген сөзге нану – Мен үшін жұмбақ еді, жəне сосын Соларды қыз деп атау еді тосын, Оларға кигізетін өңшең қара, Болмайды оны-пұны, өсек-жала Алайда қызметі оның емес қиын, Жағалай темір тормен ауыр есік. Əтектер, евнухтар – қалың жиын, Болады еркек жоқта қылмыс несін! Соншама бақылаудың не мəні бар? Гаремде өтіп жатты күндер өстіп. Осылай күн өтеді Кельяда – Оңаша дін үйінде – Италияда. Ол жерде бір-ақ жол бар нəпсі табар. Қандай? – деп сұрайсың ба? Адалдық пен Тазалық жол ұстаған жандар олар. Орынсыз сұрап нең бар – адамдықпен Созайын əңгімемді кілең кербез Шұбырып келе жатты – Гарем күткен.

Осылай Əсия гүлдер – əсем қызық Жайқалып тұрар еді суда жүзіп. Келген соң олар сөйтіп қонысына, Тарқады күзетшілер бет-бетіне, Тарқаған үйлеріне шəкірттердей, Толқындай кері қайтқан бүктетіле, Құстардай зымыраған көз ұшында. Жіберген əйелдердей өз еркіне, Əдейі күні бұрын келіскендей Жөнелді кенет бəрі шырқай, билей. Танысты жаңа келген қызбен бəрі, Əр түрлі əуез айтар жұрт əдеті: Көйлегі жараспайды екен əлі,– Талғамы нашар екен,– деді əдепкі, Сырғаның қадірін де білмейді екен, Жасы да келіп қалған,– бет-əлпеті Оншама көрікті емес, бойы дағы Еркектей,– ол, əрине, оның бағы... Дескенмен, қыздың көркін мойындасты, Анау бір Грузимдан бұдан артық Сұлуды ешкім іздеп таба алмас-ты,– Келгені бірақ мұның жанға батып, Мұңайып Гүлби сұлу қалды азырақ, Сұлтанды алу мүмкін арбап, тартып, Билік те, махаббат та соған ауып Кетуі ғажап емес – осы қауіп.

Көргенде бұл сұлуды, бір ғажабы, Оншама көп жамандап, қорламады. Олары мінез болды бір бағалы – Өйткені барлық елдің сұлулары Болмайды бір-біріне əділетті, Оның да себебі бар – қызғанады, Күндейді, қорқады да,– əйел біткен Жауласып өткен ылғи көркемдікпен. Жақтырмас мақтау сөзді Гарем əсте, Жасады жалғыз ғана өзгешелік, Əдеті жыныстардың бар емес пе – Қоятын бір-біріне көңіл бөліп. Жуанға қызығудың не себебін Айтуға өзім дайын, сенім берік: Бұл сонда нендей нəрсе, нендей сиқыр? Тартатын магнит пе? – Ойбай, сабыр! Қояйын қозғамай-ақ арғы жағын. Жандары жаңа қызға жақын тартты Көбісі əйелдердің, қас-қабағы Дұрыстап оған деген, тату-тəтті Біреуі сіңлісіндей көріп оны, Біреуі құрдасына балап жатты. Қызығар пайғамбардың елшісі де Мұндай жан тие берсе еншісіне! Ішінен тоқалдардың Гаремдегі Үшеуі, əсіресе, ұнатты оны.

Бастарын айналдырып, əрең, тегі, Естерін жинап жүрді ақыр соңы – Катенка, Лола, Дуду – өңкей сылқым, Көркіне көз тоймайтын – жігіт соры. Үшеуі бір-бірінен өткен сұлу – Оларға достық көңіл берген жылу. Қызындай қоңыр күрең Индияның Өзге еді Лола сұлу, Катеньканың Аяғы əдемі еді, қыз омырауын Көргенде көк көзі мен жұмыр санын Кетеді сүйер ме – деп қызып қаның. Қызы еді ол сонау алыс Грузияның, Дудудың қылығы əсем, сəл керенау,– Сол дағы махаббатқа сəн береді-ау! Ұйқтаған шолпан жұлдыз секілді еді Сол Дуду, ер ұйқысын шайдай ашқан. Сұлудай аңыз болған ертедегі, Толысып кеткен бірақ, майға басқан. Дегенмен, кемсітуге ниетім жоқ, Қоюға болады ғой байқамастан, Бойынан мін таба алмас оның ешкім, Табатын жəне дағы мен емеспін. Жүзінен лебі есетін май таңының,– Тым сергек болмаса да қаны қызба. Келбеті əлде жұмбақ айтар мұңын, Көзінде сағыныштың оты маздап Мүсіндей қолы салған Прометейдің –

Егер де салыстырып алсам аздап, Дудуды, айып емес, соған ғана,– Мүсінге жан біткендей болса жаңа. «Атың кім? – деп сұрады одан Лола, «Жуанна – деп еді, анау»: Əдемі ат қой!» – «Қайдансың?» – деді Катя, іле-шала. «Мен испан қызымын»,– деп жауап қатты. «Дегенің Испания – ол қай жақта?» «Сүйіктім бұл сөзіме айып тақпа,– Ұят қой оны білмеу – расындағы, Арал ғой Африканың қасындағы». Катяны надансың деп айыптады Əмəнда ащы тілді Лола сұлу. Қараудан Дуду көзі айықпады Жүзінен Жуаннаның көріп жылу. Шашынан анда-санда сипап қойып, Шашағын киімінің ермек қылып. Кез келген тағдырына ауыр мына Байғұстың кəдімгідей жаны ауыра. Қыздарға бастық əйел келді жақын, «Сендерге болды уақыт дем алатын, Дайындап үлгірмедім,– деді,– əттең, Жататын Жуаннаның кереуетін. Бəрін де дайын қылам, өзім ертең, (Гаремге мына сөздер жатты естіліп). – Қамықпа, кіналама, мені жүдеп, Шығамын сеніменен бірге түнеп.

Лола айтты: «О, анажан, қиналмашы, Мен өшпін адамдармен мазаңды алған. Əрі ауру, əрі əлсіз келген жасың Шығасың ұйқтай алмай таң азаннан, Онан да бір жатайын мен онымен. Екеуге қазір барам, төсек салам», Бұл жақта айқай салды Катя кенет «Бір жату оныменен маған керек! Жəне де қорқам жалғыз жатуға мен, Көзіме əлденелер елестейді, Көргенде мен соларды топ-тобымен, Кірпігім кірпігіме үйлеспейді. Көзімнен атырамын ылғи таңды. Мұнымен бірге жатсам түк етпейді»,– Дегенде кемпір айтты: «олай болса – Жарытпас Жуанна да – ұйқтап сонша! Лоланы жібермеймін Жуаннамен,– Айтпаймын неге екенін – себебім бар – Бармайды Катенька да бұған да мен Сенбеймін, неше түрлі «өнері» бар. Бəрінен Дуду болар қолайлысы,– Жұп-жуас мінезімен маған ұнар». Дуду да бұған қарсы үндемеді, Үндемеу – еді мұның бір өнері. Кемпірдің маңдайынан шөп еткізіп Сүйді де, Лола менен Катеньканың Жөнелді беттерінен қабат сүйіп, Ұйқтайтын бөлмесіне – жатын орын.

Амал жоқ кемпір айтса көнбесіне, Келтірмес қатал еді шендесіне, Өзінің айбынымен, ашуымен Ұстаған тырп еткізбей жасты кілең. «Ода» деп аталатын кең зал еді, Біздіңше «ұйқтайтын бөлмелері», Қаз-қатар кереуеттер самсар еді,– Үстінде түсірілген перделері, Салты бар бүкіл Гарем атаулының Жататын бір бөлмеде əйелдері, Олардың бəрі сонда не керегі,– Кемісе Жуаннамен теңеледі. Көркімен Дуду əсте көз қарымас, Алайда тіл жетпейтін сүйкімді еді. Көргендер басы айналып болатын мас Арбағай – қиянаты бір түрлі еді. Таң қалмай қасынан жан өте алмайтын Тартатын абжыландай сиқыр лебі. Сондай бір сұлулықты толқымалы Салуға суретшінің жоқ құралы. Əлдебір салады еске кең жазықты Дудудың осы көркі тұнық, тыныш. Секілді күнде көрген көз қанықты Жан-жаққа ылғи мəлім – бір құбылыс. Көрмеген жаны тулап, қаны қайнап, Табады құмарлықтан қандай ырыс. Көп көрдім асау сезім сан əйелді – Бəрі де үрей емес маған енді.

Дудудың көздері бар ойға батар, Бірақ ол ешқашанда қамықпайтын, (Сабыры бала кезден біткен қатар). Мінез жоқ бос қиялмен шалықтайтын, Жүрмейтін сылап-сипап күйттеп бойын, Əсіре еркелікті жаны ұқпайтын. Келсе де он жетіге жаңа ғана, Ол емес өз ажарын бағалаған. Бай еді ол оның бірақ есесіне, Қайырымды қасиетімен дəулетті еді, Деп жүрміз – «алтын ғасыр» – кесесіне Құйылған ырысы мол əулетті де. Алтынды ол заманда білмейді ешкім – Ұқпаған сол екен – деп сəулетті адам. Бірақ мен біздің күнде айтар едім, Дүниені сол алтынмен шайқар едім. Құбылғыш сенім, таным, пікіріміз, Сайтанның өзі-дағы түсінбестей. Бұл күнде сол металдың біз құлымыз, Боламыз оны қолдан түсірместей. Бір дəуір – мыс бұдан да артық еді, Оқушым, болдың ба сен кешірместей, Шегініп оқиғадан кеттім аулақ, Осындай мінезім бар кетер заулап. Келейін хикаяға қайта оралып, Көрсетті Жуаннаға – Дон-Жуанға

Сарайдың бəрін Дуду, арнап барып. Не мақтап сөйлемеді, не жамандап, Əйелдің үндемейтін бір мінезін, Көрейін салыстырып, мен амалдап, Мысалы, үні шықпас найзағайдай – Теңеуім ерсі ме бұл, əлдеқандай? Бұл елдің түсіндірді əдет-салтын Тағы да Дуду айтып Жуаннаға. (Жуанна – деп отырмын Жуан атын, Оның да себебі бар бұл арада – Үстіне əйел киім киген еді). Сұлтанның гаремдегі заңы қатал, Шықпайды көп əйелден бір күнəкар. Бұл жерде күзетші көп қатындардан,– Соны айтып, сүйді Дуду жас құрбысын. Ештеме жоқ еді оны жазғырардай Болса егер таза көңіл, сүюі шын. Əйелдің бірін-бірі сүйгенінде Мағына болмайды еш біздер үшін – Оларда табы жатар жалғандықтың, Оны мен талай көрдім, талай ұқтым. Шешінді енді Дуду құрбы алдында, Қауіп жоқ түк ойында, алаңы да, Күнəсіз, əлі сəби қыз қалпында. Өзіндей табиғаттың балаң бұ да. Күтпеген дене бойын, сəнденбеген. Бармаған өмір бойы айна алдына,

Маралдай көре салып судан өзін Тығылған тал ішіне – көр мінезін! Деп еді, құрбысына – сен де шешін, Бас тартты ол, шешінуді ұят көріп,– Білсең сен ұялудың ғажап күшін! Ағытты түйреуішін бірақ келіп, Азабы түйреуіштің білмес қолға Ауыр ғой, көрмеген соң ол үйреніп. Жуанна қолын түйреп алды кенет,– Білмесең – түйреуіш те болар бейнет. Əйелді тастамай ма бүрістіріп, Қайтадан оны алу да бір қиямет. Шеберлік жасамасаң дұрыс қылып, Егерде сəтсіз болса ол əрекет Құдайдың ұрғаны де... мен өзім де Қасығам сан əйелді талай рет, Қадағам түйреуішті мен де күнде Із-түзі білінбейтін бір жеріне! Ренжір бұл сөзіме тақуалар,– Мен дағы кезім болар ақыл айтар, Ғылымнан көп іздедім – бəтуа, ар,– Көңлімнің бірақ одан қайтқаны бар, Жауапсыз қанша сұрақ қалып жатыр! Тағдырдың қай құпиясын тапқаның бар? Мақшарда сен не дейсің, көр не дейді,– Сұрақ көп – көнсең мейлі, көнбе мейлі.

Ұйқының жатты Гарем құшағында, Жағалай қабырғада шырақ жанып. Сұлтанның сұлулары бұл шағында Тып-тыныш жатыр түсте құмарланып. Сүйкімді бұдан артық сурет бар ма, Рухтар жүрген текке мола барып. Одан да осы жерге келмей ме екен, Жалғанда мекен бар ма бұдан көркем! Сонау зал секілді еді тамаша бақ, Гүл шашқан, хош иісі бұрқыраған. Дүниенің бар сұлуы жараса қап, Жиналған осы араға бүкіл ғалам. Бұрымы біреуінің тарқатылып, Əдемі жұмыр басын төмен салған. Жемістей жерге төнген бұтағымен Шиедей қызыл ерін, тісі маржан. Сүйеген ақ білекке қызыл бетін, Сұлудың енді бірі қара шашын Сұлатқан омырауына емін-еркін, Керілген маңдайында қиғаш қасы, Алаңсыз ұйқтап жатыр күлімсіреп, Осылай бұлт астынан сəуле шашып. Аспанның аймағынан ай қарайтын, Ақ төсін ашып жатқан аймалайтын. Ұйқыға үшіншісі мүлде батқан, Күрсінген, ыңырсыған, ол түсінде –

Секілді туған жерін көріп жатқан, Баяғы барып қайтып өлкесіне, Омырауы көтеріліп, аққан жасы Шұбырып ілініп қап кірпігіне. Осылай кипарис те желмен еркін Шомылып күміс шыққа тербелетін. Төртінші – түйіріндей мəрмəр тастың, Мызғымай жатыр ұйқы тұтқынында. Секілді таудан түскен бұлақ тасқын Ағып кеп тоқтап қалған тұтқиылда. Немесе ұқсатасың тас мүсінге Орнаған елден биік бір қиырда. Аямай жатырмын-ау теңеуді де, Оқушым, жараймын деп керегіңе. Гаремді елестетем портретпен, Ал мынау бесіншісі – «жасы жеткен». Біздіңше, «ұлғайған» – деп айтады еппен. Əйелдің жасы жақсы – бейне көктем. Таңбасын өткен жылдар салмай қоймас, Бұл кезде оны еске алу – əуремен тең. Жасалған көп күнəні баяғыда Еске алып қызығы жоқ аяғында. Дудудың кім жеткізер түсін айтып, Болады қиын оның, күрделісі. Оны анық білмеген соң, болжау артық, Ондайдың жалғандығын білер кісі. Ал, міне... тыпа-тыныш түн қойнында

Құжынап елестерге жүрген іші, Сонау бір жанған жерден толықсып шам Дудудың даусы шықты жан ұшырған. Үлкен зал үрпе-түрпе тұрды орнынан, Бір сұмдық болғандай-ақ шошитын жан, Мұншама байғұс қызды кім қорқытқан. Ешкімге жазығы жоқ моп-момақан? Себебін оның қазір мен де айта алман. Əйелдер сапырылған, үн қайтарған, Үрейге толып кетті үйдің іші, Секілді теңіздегі толқын күші. Дудудың келді жетіп серіктері, Көздері жайнаң қағып, не болды деп, Жарқылдап жалаң дене – көріктері,– Құйрықты жұлдыздардай аққан түнде. Төсекте отыр Дуду қалш-қалш етіп, Дуылдап екі беті өрттей мүлде, Көзінде қорқыныштың оты жанып, Қарады құрбылары аң-таң қалып. Қыздардың азан-қазан шуы бірақ Ұйқысын бұза алмады Жуаннаның. Əйелмен өткізгенде түнін ұзақ Қорылдар еркектердің жайы мəлім. Ештеңе ойында жоқ күнəсіз бір Адамдай жатты ол, тіпті оянбады, Содан соң əрең барып көзін ашты, Есінеп, маңдайына қолын басты.

Жан-жақтан қатал тергеу, жауды сұрақ, Шуласып қабат-қабат кетті бəрі. Бұларға мүмкін емес қарсы тұрмақ. Болсын да мейлі ақылды, мейлі ақымақ! Дудудың өзі білмей не болғанын Бақшиып қарап отыр, жұртқа əлі. Бруттай шешен емес, жайы мəлім, Айта алмай сезіліп тұр қиналғаны. Ақыры айтты ол көпке не болғанын, Айықпай əлі сұмдық үрейінен. Ішінде жүр екен бір қара орманның, Солардың адасып қап біреуінен Қаңғырған Данттың өзі баяғыда Сайтанның ұстағандай білегінен, Таңады құмарлықтан əйел есінен... Əр қарай созды Дуду əңгімесін. Қалың да, қара орманның түкпірінде Тұр екен дейді өсіп алма ағашы Жемісі ағыл-тегіл тіпті мүлде, Алуға қолы жетпей жанталасты. Сол кезде əдіс-айла ойына кеп, Лақтырып жіберді оған жалаң тасты. Біреуін ең болмаса алмақ ойы, Бірақ та реті оның болмай қойды, Үмітін енді үзем дегенінде, Белгісіз оның бұған себебі де,

Бір алма аяғына келіп түсті, Əлгіндей жұмсамай-ақ онша күшті. Қолына енді алам деп жатқанында Бір ара шақты келіп, салды тісті – Шаншылып кеудесіне найзадай-ақ, Оянған жаман қорқып, қатты айғайлап. Қалшылдап, тіл күрмеліп əрең-əрең Дуду да аяқтады əңгімесін. Ренжіп қалды бұған бүкіл гарем, Дегендей текке жұрттың алдың есін. Кей-кейде түс болады шынға бермес, Қоздырар оны жорып жұрт əуресін. Сандырақ болмасын, деп елге жаяр, «Кездейсоқ сəйкестік» деп қоя салар. Себепсіз құр даурықпа, бос əбігер,– Десті де, бүкіл гарем кетті тарап. «Шешеміз» ұйқы бұзған түнде кімдер – Дегенсіп, ашуланып, қатты қарап, Дудуға дүрсе қоя берді дейсің. Байғұс қыз, сөйлей алмай жыламсырап, Жіберді өксіп-өксіп, өз кінəсін Мойындап, алған босқа жұрт зəресін. «Көріп ем өмірімде сан сорақы – Мұндайды көргенім жоқ,– деді кемпір. Түс қылып қайдағы бір сандырақты Болмайтын қисынына ешкім кепіл: Əлде бір алма дей ме, ара дей ме,

Не деген масқаралық еді дөкір! Сұлтанның дəрігеріне көрсетерміз Немене, мынау тосын не деген түс?» «Сен бұздың Жуаннаның тəтті ұйқысын, Паналап келгенінде алғаш рет, Ұнай ма біздің тəртіп, жат бұл ісің? Үлгі етіп, жүргенімде алға сүйреп, Осы ма көрсеткенің! Өл ұяттан! Жынданып кеттің бе əлде, о, қасірет! Ұйқысы бұзылмасын Жуаннаның, Қолына берем оны мен Лоланың. Лоланың қуанғаннан көзі жайнап, Дудудың екі көзі толды жасқа, Қалмақшы тағы жалғыз соры қайнап, Мұндайды екінші рет болдырмасқа Ант етіп, жалынды ол, кешу сұрап. Дəметіп, кешірімін өксіп жылап, Бір жолға, бірінші бұл күнəм ғой деп, Мен оны қайтсем-дағы жуам ғой деп. Тағы да, тағы қоймай жалбарынды, Ол босқа қорқыныштың əлегі деп, Босаған жүйкесінің зардабы да, Оған да бірақ себеп бар еді деп. Азырақ тыным алса – басылар деп, Дем алып үшкіргенде – сол емі деп. Болысып құрбысына Жуанна да,– Деді ол əжесіне «Алаңдама».

Мен қайта жақсы ұйқтап шықтым бүгін, Айқайын оның тіпті естігем жоқ. Тыңдаңыз, нанбасаңыз жұрттың үнін Оятты əрең-əрең есіктен кеп, Бүкіл зал жаңғырықты сол айқайдан,– Ол үшін мен ешкімге өшіккем жоқ, Бір жайсыз əлдеқалай түс көрдің деп, Дудуға мен қиянат істерім жоқ. Қысылып, естіп Дуду құрбы сөзін Жығылды омырауына сүйеп басын, Жасырып ұялғаннан соған жүзін, Осылай жас көктемде, бақта жасыл Қызарып тұрушы еді райхан гүл. Ал оның ұялуында нендей сыр бар? – Оллаһи, ол арасын мен білмеймін, Шындықты айту парыз – таза пейілім. Сонымен, мейлі, екеуі тағы ұйқтасын. Бірақ таң атып қалды, əне-міне, Алтын ай мекендеген мешіт басын, Өрмелеп шықты бұл сəт көк өріне. Фосфордың көк толқыны күреңітіп, Шыңдары Қап тауының көрінді, əне. Курдтардың баяғыдан сол мекені, Алысқа шұбатылған керуені. Қызарып осы сəтте күн шыққанда, Көз ілмей Гүлби сұлу ұзақ таңға,

Төсектен атып тұрды, тұншыққандай, Мысал бар – айтайын бір сөз ұққанға. Бір бұлбұл ғашық болған жүрегіне Ышқынып, əлдебіреу біз сұққандай, Сайрапты айтып жырлап махаббатын, Жар десе сабыры мен сарқып дəтін. Оқушым, болған шығар өзіңе аян, Орындап, борышымды, ойымды адал, Айтып-ақ шықтым білем, етіп баян. Бірақ мен мақтау күтіп болман алаң. Сендерсің, көздеріңді шындық десе Қашанда теріс қарап, тарс жұмған. Көбейіп кетті қазір жазғыш мұндар, Өзінен басқаларды кім бар тыңдар? Гүлбидің болғанымен орны жұмсақ, Мазасыз шыға алмады тəтті ұйқтап. Махаббат ерлікпенен қатар жусап, Жүрегін тұрып алды қатты құрсап. Бұзылып өңі, сұп-сұр қалыпқа еніп, Қақшиып, бір тас мүсін секілденіп, Тездетіп киінді ол, дəті бітіп Айнаға қарауды да кетті ұмытып. Сұлтан да аздан кейін тұрды орнынан, Билеген шетсіз-шексіз бай өлкені Дүниесін бар мұсылман бағындырған. Ал бірақ бағынта алмай мына еркені, Оң көзбен қарата алмай дымы құрыған,

Көк мұзын өшпенділіктің кім ерітеді? Немене, бір əйелдің өшпендігі, Бұл елде көп қатынның – ол да бірі! Біз емес – біреу ғана заңды əйелі! Ал сұлтан елігетін аз қызыққа, Жүректің құпиясын аңдау ебі Жоқ еді, махаббатқа, наз-қылыққа Қарайтын енжар ғана, бірақ оның Байлығы – қарауында сұлулықта Көп еді теңдесі жоқ əйелдері. Қол боста солар еді бар ермегі. Бəрінен көрді Сұлтан Гүлбиді артық, Бір соның көтеретін еркелігін. Жуынып, жібек желең иыққа артып, Заңымен Пайғамбардың ертеңгі күн Кофе ішіп, мəжілісін шақыратын. Соғысып жатыр еді ол Ресеймен, Айықпай əлі күнге бір үрейден,– Жеңістен бар шығысты күңірендірген. Даңқты бүкіл əмірші əйелдерден, Жалпы əйел атаулының құдіреті – Екатерина патшадан үрейленген. ...О, ғажап, немересі сол патшаның Өлеңім, жетер, бəлкім, соған құйғып, Көрермін астанаңа жол ашқанын! (Тұманды Петроград болса да алыс, Бұл күнде өлең деген құстан жүйрік).

Өлеңде кейде болар пайғамбарлық, Əуені Азаттықтың есер шалқып, Сонау бір күмбірлеген суларыңда! Ал бірақ ақында да кетпес артық Белгілі шекара бар,– кейінгі ұрпақ Ісіне атасының бермес жауап. Қайғылы өткен істің тозған жұрты Тарихта қалар ізі – əдет-ғұрпы! Алайда жаманы сол – бұрынғының Сабағы бізге пайда болмайды үнем. Алмаймыз заң тұтынып, одан білім, Жан-жақтан ажал аңдып, жатқан кілең. Жағалай ағып жатыр қан тасқыны! Əрине, мен де соны жақсы білем, Сұлтан да патша əйелмен бұл арада Соғыссыз келер еді ымыраға. Күн сайын сұлтан ашты мəжілісті, Құтылу емін іздеп мына жаудан. Патша əйел ақылымен болған күшті, Шайқалтып патшалығын, қырына алған. Жетіп тұр бір жеңістен бір жеңіске Бір қамал құлап түсіп бір қамалдан. Таба алмай бір амалын, бармақ шайнап, Сұлтаннан тыныш кетті, қауіп ойлап. Гүлби де сырын бүркеп өрекпіген, Ойларын тарқатуға түк мəні жоқ,

Жөнелді бөлмесіне сол бетімен – Ол жерде көз қуаныш, гүл сəні көп, Жайнаған лағыл тастар өңкей асыл, Фарфордың онда самсап қисабы жоқ. Малынған бар байлықа сол бөлмеде, Хош иіс, жұпар сеуіп тұр денеге. Мəрмəр да асыл тастың неше түрі, Жырлаған алтын торда алуан құстар, Боялған əйнек, шыны түс сиқыры – Жұмсартып күн сəулесін – перде ұстар, Сипаттап айтып болмас салтанатын. Алатын көздің жауын сол бір тұстар. Қаламмен жерлерімді жеткізбеген Қиялмен жеткізерсің тек көзбенен. Жуанның білмек үшін соңғы хəлін Шақырды Гүлби Баба-құл негрді. Шынында, ол күзетшінің алдап бəрін Əйелдер жатқан сонау үйге кірді. Баба-құл – бастаушысы бар күнəнің Алдында қипалақтап əрең тұрды. Сұрады бітті ме деп ойдағы ісі – Өзінің келген əсте қолдағысы. Сұлудың білу еді бар арманы, Жуанның Гаремдегі өткен түнін, Сұрақты жаудырды кеп, аянбады Негрден білу үшін істің түбін. Ұялып, негр сырын жасырғандай,

Айта алмай аузы барып бір сұмдығын. Желкесін қаси берді əлсін-əлсін. Сөйтпей ме, кенет кісі қысылғасын. Шыдамсыз еді Гүлби жаннан асқан, Үйренген не тілесе орындатып, Амалсыз енді күтіп жауап тосқан Қалпы бар! Құл да сөзін былжыратып, Қысылды одан сайын, қыз да қоймай Сұрағын қайталайды, қабақ қатып Қарайды қара құлға қаны қайнап, Қып-қызыл оның табы жүзінде ойнап. Қу негр сезіп қалып бір сұмдықты, Өтінді ашу басып, тыншығуын. Деді ол: Дон-Жуанды Дуду түтті, Бəрін де жайғастырдым, бұл сырымның Мəнісін білген ешкім жоқ,– деді ол. Құранмен қосып айтып құлшылығын, Кінəлі еместігін болған іске,– Оныкі борышы ғой – қолқабыс тек. Жуанды бастық əйел бақылайтын, Берілген қарауына оның қатал, Евнух өкінген-ді, кəрі қатын Бəрін де бүлдірді деп осы сапар, Гаремге мұның кірер хақысы жоқ Жəне де көлденең сөз кемпірге айтар, Өйтсе ол күшейтеді күдікті де Егер де күдік туса – іс бітті де.

Баба-құл сенімді де сөйтсе-дағы Жуанның дұрыс тəртіп сақтауына, Өлімге көре тұра кім бармағы, Ажалдың түскені ғой қақпанына! Алайда түс көргенін Дуду қыздың Əккі құл Гүлбиге оны айтпады да. Несі бар жанып тұрған отқа мына Май құйып, онсыз да өршіп жатқанында! Баба-құл сөйледі енді дамыл таппай, Ол сөзді Гүлби бірақ тыңдамады. Тұтанды асау сезім жанған оттай, Кеудесі қысылады, дір қағады, Қапыда соққан мынау сұм хабардан. Құйындай басы зыр-зыр айналады. Маңдайдан сұп-суық тер сорғалады, Жүректің неткен күшті сол азабы! Болғанмен жігері мол сұлтаншаның Көрінді Евнухқа осы сəтте Есі ауып құлайтындай, шыдам шағын Қайғы ізі тарағандай нұрлы бетке, Талығып, талмаусырап бара жатты. Осынау дауа жоқтай тосын дертке, Менің де түсіндірер амалым жоқ,– Оны іздеп, əуре болман табамын деп. Шабыттың үстіндегі Пипиядай, Түнеріп, қарауытып тұрды қатып,

Кеудесі быт-шыт болған шыдай алмай, Жанары шарасына терең батып, Сөнді оның от-жалыны лапылдаған. Дегенмен ол есіне келді қайтып, Диванға отырды сəл басын сүйеп, Қайғыдан балқығандай асыл сүйек. Бұрымы сала құлаш бетін жапқан, Еденде жатыр ұшы сүйретіліп. Жас талдың бұтағындай жерді қапқан, Жүректің бар дауылы өре тұрып Көтеріп соғатындай омырауын! Осылай тартыстарды жатады ұрып, Шегініп, қирап, бітіп дəудей толқын, Ұмтылар қайта жинап күшін сосын. Қап-қара тарқатылған қара бұрым, Бүркеген бетін, бүкіл денесін де. Еденге толқындай боп түсіп жатыр Білегін ақ мəрмəрдай, көресің бе, Диванға аса салған қара да тұр! Тумадым ақын болмай, суретші боп, Салсам ғой оны қазір қыл қаламмен Болмас еді ондай сурет бұл ғаламда! Баба-құл бұрын оның білген сырын, Тапжылмай қарап үнсіз тұрып алды. Гүлбидің бірте-бірте өңі кіріп, Соғысы жүрегінің дұрысталды. Қалғандай қайғысы да жеңілденіп,

Ызаның əлі көзде ұшқындары. Осылай дауыл ойнап өтсе дағы Басылмас көк теңіздің өксігі əлі. Бөлмеде бірде баяу, бірде шапшаң, Гүлби қыз басып аяқ жүрді кезіп. Ол жанның белгісі еді жанталасқан, Қалмай ма қайтсе-дағы ізі нəзік? Адамның жүрісі – рух өлшемі ғой. Ертеде ер Саллистий кеткен жазып: «Еш баяу Катилина жүре алмайтын Сезімнің арпалысы ол шыдамайтын!» Сұлтанша келді дағы бірнеше аттап Тоқтады, əкел – деді екі құлды Кешегі мойынына күнə артқан. Баба-құл істің мəнін дереу білді, Дегенмен, білмеген боп, сұрады одан: Əкелу керектігін кім мен кімді? Бұйрықтан кетпеу үшін қателесіп, Боларын білмегенсіп арты нешік. Үн қатты жайлап қана Гүлби оған: «Грузин қыз жəне оның ашынасын Құпия ішкі есіктен шығар дағы, Қайыққа салып жібер, ал басқасын Өзің біл!» – деді ызаға булығып ол. «Ашуын,– деді негр,– басып алсын,– Ішінен, тұрды күтіп толқынысын Содан соң айтты барып өтінішін.

Əтек құл сөз бастады былайша деп: «Міндетім – не істесем – соны орындау! Адалдық қызметіңе бергемін серт – Қашанда айтқаныңды екі қылмау. Алайда кеңесім бар – асықпа сен, Ол өзі жігіт екен жас балғындау, Кінəсіз болар, бəлкім, ел алдында, Ниет қыл үкіміңді доғаруға! Жазалау – оңай шаруа. Қулар үнсіз. Көмілді сан құпия, жұтты теңіз. Осынау тас қамалдың іргесінде! Қаншама болды құрбан, бəрі есімде, Тулаған сан жүректер өшті солай! Жас құлға ғашықтығың білесің бе? Одан сен құтылуың – болар шапшаң, Ал бірақ құтыласың ба махаббаттан? «Құрт-мерез, сезімімде нең бар сенің! – Деді ол ашу кернеп тұла бойын. – Орны бар, реті бар əр нəрсенің, Сенікі істі орындау айтқан бойы, Жөнел тез!» Жасып қалды құл табанда, Қымбат қой бұған дағы өз мойыны, Сондықтан дер кезінде тұрмақ тайып, Болды ол найзағайдай көзден ғайып. Баба-құл кетудей-ақ кеткенімен Іштегі жасыра алмады ит-ызасын.

Боқтады бар əйелді шеттерінен Қаптатып бастарына бар кінəсін. Ақымақтық, əулекілік, зинақорлық, Дүниеге көңілі мен көзқарасын Қатырды, əсіресе, сұлтаншаны Бəрінен озған өзі – тыныш жаны. Шақырды, жинал,– деді өзге құлдар Апармақ сұлтаншаға жас қыздарды, Шаштарын тарап, өріп, жуындырар Содан соң киіндіріп, асын дəмді Бергізіп, бəрі əбігер болды, қалды. Таң қалды Жуан мұндай қызу іске, Дуду да түсті əлек, сілкініске. Үкімге қарсы болу– мүмкін, күш пе? Сонымен келмек олар Сұлтаншаға... Үземін əңгімемді осы арада. Кездесу оныменен бақ па, сор ма, Жүйкесі долы қатын босаған ба, Лақтырмақ болғандығы суға оларды? Құпия ол маған да, ол саған да. Сондықтан асықпайын күні бұрын, Шешуге құпиясы көп əйел сырын. Жолықты ауыр хəлге геройларым, Сонда да жақсы ниет мен ойладым – Құтылар Жуан,– деймін,– балықтардан Болса да мынау қиын жайы мəлім. Мен енді романды құбылтайын

Басқа бір оқиғамен тұрған дайын. Қоштасып Жуан, Дуду қала берсін, Бастаймын мен соғыстың əңгімесін. Жетінші жыр Махаббат, Даңқ – екеуі де, нансаңыз. Көп сүйенер тірек емес – солқылдақ. Қанша мақтап еткенімен қанша аңыз, Құйрықты жұлдыз секілді олар жалтылдап, Өте шығар көркімен көз тұндырып. Қала береміз соңдарыңан құр қарап. Қызуына сəл жылынып қас қағым, Мұздай жолда тағы сапар бастадық. Романым осы өмірдің өзіндей Алуан тарау, ұқсайды оған терістік. Ұзақ кеші, кейде жүрер көз ілмей, Алыс елдер мұз өлкесін ерітіп, Дəл сондай-ақ, ылғи ауыр сезімнен Қиналғанша – алдамшы өмір онсыз да, Опасыздық, уайым, күлкі, кезексің,– Кейде біраз күліп алғанға не жетсін! Ия, несі бар? Бұл поэма иесін Жатыр бəрі жан-жағынан кінəлап, Деседі олар сен шындықты сүймейсің, Жазатының ылғи сұмдық, қиянат.– Сөйтіп быт-шыт қылып жатыр ақынды,

Сонда маған қоятыны не талап? Осыны айтып өксіп өткен Данте де,– Тақ Сүлеймен, Сервантес те ертеде. Жер өмірі бəрін-дағы жеріткен – Платон, Свифт, Тилотсон мен Весли, Руссо да, Макновел, Ла-Рошфуко – Мені сонда жазғырады несіне? Сұм тағдырға көну оңай болмаса, Сол үшін де жауап беру ерсі ме? Өлу жақсы ма, өмір жақсы ма – дегенді Шеше алмаймыз – мені менен сен енді. Сократ айтқан – біздің білген, түйгендер Дəлелдейді өздерінің бостығын. Сондықтан да ақылды деп жүргендер Есек – деуге болады екен – нақ шыным! Ұлы Ньютон, ашқан сырын əлемнің Мойындайды – шындыққа жол жоқтығын Пəнде үшін жаратылған өлуге, Адам əлсіз оның сырын білуге. Ескі кітапта: «Дүние – бəрі бос əуре» – Деп жазылған. Дін басшысы – əкейлер Бара алмаған бұл пікірді жай деуге, Дастандарда жазып кеткен дөкейлер Бұл өмірдің түкке тұрмас əуресін. Ақылдылар осылай деп дəлелдер. Өмір жайлы сондай қатал үкімді Жасыратын жоқ ақынның хұқығы!

О, адамдар, яки иттер, (бұл теңеу – Сендерге мен берген баға, абырой, Шындығында, иттен бағаң көп төмен). Дастанымда айттым қайта тəуір ой, Не деуге де лайықсыңдар, үріңдер. Абалаңдар, демей-ақ қой – ауыр ғой. Қасқырлардай Айға қарап ұлыған, Өңшең күшік, садаға кет жырымнан! «Шабыт алам махаббат пен соғыстан» (Бұл цитата, бəлкім, дəл де болмас та, Таласым жоқ, алғаным жоқ оқыстан,– Бірақ солай мағынасы о баста). Сол жоғарғы екеуінен де көз жазбай Жүріп бағам, жарасаңдар жолдасқа. Қаласына Суворовтың қоршаған Міне, қазір жол шегемін мен соған. Миға құмар Ольдермендей, Суворов Адам еді ол да қанды аңсаған. ...Жағасына дария Дунай құмдауыт Қала Исмаил – ертеректе бұл салған Қамал еді үлгісімен Шығыстың. Енді бүгін төнді қырсық дəл соған – Жеңіп жауын, жер қылды оны Суворов, Жатушы еді алты шақырым ор болып, Жүз шақырым алыс еді теңізден, Жайрап қалды, жан-жағынан жау торып.

Ығы-жығы елді қоныс жан-жағы, Бағынбаған қала салу заңына. Баптап еді бақ өсіріп аумағын Грек ғалым көзі тірі шағында. Сор боп шықты қорғануға сонысы. Ыңғайлы боп жаудың атыс жағына. Атқан оққа бола алмады қорған ол, Жалғасқандай қырсыққанда сорға сор. Қорғанысқа дұрыс тəсіл білмеген, Жаман Бован – бəрі соның кінəсі. «Жабық жолды» жасамаған іргеден, Құрлыстардың өлшенбеген арасы. Форфостарды мүлде ұмытқан, расы. (Кешіріңдер, инженерше сөйлесем) Биік еді қабырғасы, дегенмен, Бейне мұхит – оры қазған тереңнен. Тағы бір үлкен бастион тұр шеткері – Барар жолы жіп-жіңішке тарлауыт. Сыйған оған қос батарей серіппелі, Бір оның Барбет жақта – ең қауіп, Енді бірі Казематтың ішінде, Екі жақтан ұрып жатыр оқ жауып, Быт-шыт қылып көк Дунайдың жағасын. Бір-бірімен көп зеңбірек таласып. Дунай жақтан ашық қалды Измаил, Оны бірақ қорғаған да жоқ ешкім.

Орыс флоты келетін жоқ ыңғайы – Оған қауіп су жағынан емес-ті. Бірақ сонау айдынынан Дунайдың Жау кемесі шыға келген сағатта, Зəресі ұшты түріктердің «Аллалап!» Келе жатқан жауды көріп анталап. Құдайларын Даңқ пенен Соғыстың Шабытпенен келіп отыр жырлағым, Ғажайып сол батырларын орыстың – Тас қамалға қайтпай қарсы тұрғанын. Жауынгердің мұнша қатал тұрпатын. Бастан-аяқ қанға, шаңға толы үстін. Тілім келмес есіміне олардың, Сонда-дағы кейінірек соғармын. Кейбіреуін атап кетсем оқа жоқ, Тұратұғын аттары əсем сыңғырлап. Арсеньев, Строганов, Чичагов – Есімдері газеттерде жүр мыңдап. Атар едім тағы да мен біразын. Ниетім жоқ даңқтарын қор қылмақ. Даңқта да дабыл, труба – дегенмен, Құлақ та бар – еститін де, елеңдер. Сондықтан да тізбегімді үземін, Оларды мен айта алмасым сеземін. Сыйғызасың қалай ғана өлеңге – «Ишкин», «Ускин», «Овскийлер» дегенге Ұйқас тауып, үйлестіру қиын-ақ.

Сонда да айтам, тəуекелмен төменде: Шихматов, Шереметов, Куракин Разумовский, Мусин-Пушкин – бір атын. Абырой, намыс адамы еді бəрі де, Қателеспей даңққа жол табатын. Муфтидің де, Мұхамедтің кəрінен Сескенбестен, ажалына шабатын. О, дариға, терісінен солардың Мықтылығы – барабан қаптауға болатын. Табылмаса көк терісі бұзаудың,– Қымбат болса саудасында базардың. Бұл жерден шен аулаған, жем аулаған Əр елдің адамдары жүрді қаптап. Өз қамын соғыстан да көп ойлаған, Олар жоқ ел намысын келген ақтап, Көбісі ағылшындар еді соның, Орыстың əскерінде жанын сақтап, Бір ғана Томсондардың он алтысы, Бар еді Смиттерден топ-топ кісі. Томсондар атақты ақын құрметі үшін Джемми,– деп, атын қойған өздерінің, Сол үшін еркелеткен тағдыры шын, Қымбат ат – шырағындай көздерінің. Мысалы, аяулы еді Гербіден де. Құрметті Смиттер де кезген бүгін, Солардың бірі атақты полковник – Соғысқан Галифаксте аты шығып.

Тауыспан атын айтып бар Смиттің, Ішінде, болған оның Петрлар да. (Солардың үшеуінің атын ұқтым) Содан соң Джектер, Билдер – толтырды о да Газеттің көп беттерін, оқысаңдар Айтады нендей ерлік істегенін. Солардың ішіндегі ең мықтысы – Еді ол Кемберленд те ұста кісі. Марсқа менде құрмет зор болғанмен, Тамаша мінездемем ерлігіне. Лайық болмайды-ау деп толғанам мен. Қолының снарядтан кемдігіне. Келісер пікіріме Шекспир де,– Керемет қазына ғой – толған кілең – Сөздері ғибратты – ел ішінде. Ақылы ақиқат зор мен үшін де. Көп еді француздың əскерлері, Көңілді, əзіл айтқыш, əсемдері – Оларды еске алмауға болар ма еді? Əлі де ауыр күндер алда еді. Джон Буль француздарға қас боп алған Олармен бітім болғалы əлдеқашан, Сонда да бір қоймайды өшігуін, Бұрын да, кезінде де осы күннің. Орыстар алға қойды екі мақсат – Аралға бастионды салып тастап,

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙