TELEGEI

Home

Драммалары мен эсселері

Б.Ахмет

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Драммалары мен эсселері

Б.Ахмет - «Драммалары мен эсселері» шығармасы.

БАЙМАХАНБЕТ АХМЕТ

Драмалары мен эсселері

«БОМЖ» - ДАР ИМПЕРИЯСЫ

(филантропиялық драма)

ҚАТЫСУШЫЛАР: №1 БОМЖ («САЯСАТКЕР») - №2 БОМЖ («ФИЛОСОФ») -

«ГАНГСТЕР» -

«ӘРТІС» -

«МЕНТ» -

«САРАҢ» -

«НАРКОБАРОН» -

«ЖОРНАЛШЫ» - қаңғыбастар,
ТАСҚАЛА ӘКІМШІГІ, тағы басқалары.

БІРІНШІ КӨРІНІС

Сахна. Әр - әр жерде қоқыс жәшіктері. Сахнадағы жарық біресе самаладай жарқырап, біресе күңгірт тартып құбылады. Әлгі жәшіктерге сұғына еніп, төңіректеп қоқсықты — ас қалдықтарын, ескі киім - кешектерді аударыстырып, бар жарарын алып, баклашка, бөтелке жиып - теріп жүрген қаңғыбастар. Олардың аяқтарына оратылып мысық, ит және жүр. №1 және №2 БОМЖ сахнаға шыға келіп, кенет сампылдап қоя берген қабырғадағы радиоға құлақ түріп, қалта қарап тұра қалысады. РАДИО: Бүгінде қала, далаңда қаңғыбастардың қаптап жүретіні үйреншікті жайға айналды. Бұл міскіндерді жазалап болмайды. Осындай күйге түскендері үшін олар қоғамды кінәлі көреді. Ал қоғам оларды... Кейбір деректерге қарағанда, Тасқала шаһарында осылай үйсіз - күйсіз жүргендердің саны былтырғыдан әлденеше еселеп артқаны айтылады. Ұзын саны бірнеше жүздеп саналады. Олардың қатары дәл осы қарқынмен өсе беретұғын болса, ертең, жоқ оның арғы күні үш - төрт мыңға да жетер - ау. Қоғамның назарынан мүлде тыс қалған міскіндер... Күн жылыса қаланың қай пұшпағы да жаз жайлау ғой бұлар үшін. Ал қатты қыста... суық тиіп ауырып, қол - аяқтары үсіп дәрігерлерді біраз әбігерге түсіретіні бар. Ондай көмек келіп жеткенше жан тапсырып жатқаны қаншама! Көмусіз қалмайды, әйтеуір. Адамдардың оларға ақырет сапарына жөнелтерде ғана назар аударатыны қызық. №1 БОМЖ: Өйдөйт деген! Айтады - ау, шіркінің де! Бізді бір асырап - сақтап отырғандай көреді ғой өздерін. Біз... қоғамнан алшақтап қалғалы қаш - шан! Не үй жоқ, не күй жоқ. №2 БОМЖ: Соны айтамын - ау! Тек аяқ - қолымыз үсіп, домаланып қалғанда... жиып - теріп әкетеді, әйтеуір. «Знәшит», біздің не істеп, не қоятынымызды бұлар күнбе - күн сырттай бақылап та отыр... Әй, осы бізді әлгі бір «құрбақалар» құсатып эксперименттен өткізіп жатпасын бұлар... №1 БОМЖ: Ой, өйтіп «назар аударғанына» түкіргенім бар ма! Бұл қоғам үшін бәрібір сайда - саны, құмда - ізі жоқ біреулерміз... №2 БОМЖ: Басеке, әлгілер біздің қанша екенімізді де дөп басып айтты - ау! Мына Тасқаладағы «БОМЖ» - деріңнің өзі бір қауым ел бопты, «рәдиеге» сенсек. Үш мың, әлде төрт мың деді ме... №1 БОМЖ: Сөйдеді ме!? Анық солай деді ме? №2 БОМЖ: Естіген құлақта жазық жоқ енді... №1 БОМЖ: Апыр - ай! Міне, бұған 20 - 30 қаладағы қаңғыбастарды қоссақ, біз деген... тұтас бір мемлекет... империя екенбіз - ау! Иә, иә, империя. Қаңғыбастар қағанаты! ( артынша шөкелеп отыра кетіп, жерді жұдырығымен бір қойып) №2 БОМЖ: «Қағанат» дегенің не, әкем - ау! Және.. жер тоқпақтадың да қалдың. Түгіне түсінсем бұйырмасын! №1 БОМЖ: Ай, милау - ай! Соны да білмеймісің! Қағанат — өзінде адам күші де, байлық та, басқасы да бар бір тұтас құрылым — хандық! Біз де қағанатпыз... Бірақ, әлгі Абай шал айтатындай, «бас - басына би болған өңкей қиқымбыз»! Белгілі бір мәмілеге келе алмаған, ортақ мақсат, идея төңірегіне ұйысып, топтаспаған іске жарар бірі жоқ, әлсіз, топас, қарын қамын ғана ойлаумен жүрген әншейін қара тобырмыз... Әлжуаз қағанатпыз! №2 БОМЖ: Сонда... жаңағы есеп - қисабыңда өзің айтқандай, миллион болсақ та қауқарсызбыз ба! №1 БОМЖ: Енді ше... БОМЖ - дар бөтелке ұстап туды ма? Жоқ. Оларда арман - қиял болмады деймісің? Болғанда қандай! Бұлардың басым дені кезінде небір «майлы - шүйлі» қызметтердің де «қызығын» көрген. Үйлі - жайлы, балалы - шағалы да болды. Тек әлгі... уытқұмарлық пен нашақорлық қой бұларды осы күйге түсірген! Дүниеден баз кешкен бейбақтар! Көз, тіл, ой оразасын ұстамағандықтан бәрі де! Өзіне - өзі қастандық жасағанның жазасы осы... Құдайым - ау, «тағдыр түрмесіне» өзін - өзі қамау ғой бұл! Арасында қолыңа шам алып іздесең де таптыруы қиын небір кәсіп иелері, дәрігер, мұғалім, ақын, ғалым, әртіс, суретші, жорналшы дейсің бе, ығып жүр - ау, ығып жүр! Бұлар БОМЖ -дар әлеміне аяғы көктен салбырап түсе қалған жоқ. (Осы кезде азалы музыка естіліп, әлдекімнің табытын көтерген алба - жұлба киінген адамдар тобы ақырындап өте береді. Бәрінің көзінде — мұң). №1 БОМЖ: Е - е, өмір - ай! Бұл әлгі... БОМЖ - дардың кәрі көсемі болды. Қатты сырқат деп еді. Қаңғыбастардың ішінде үйін үкіметке бермей сақтап қала алғаны осы еді. Қанша байғұсқа пана болды ол үй! Енді үкіметке өтеді де кетеді... Дәм - тұзы таусылыпты мұның да. «Адамдар мейлі кім болсын, қайғыңды бөлісер - ау, бірақ қуанышыңа ортақтаса алмайды» деп бір белгілі жазушы айтқандай... Қой, болмас — жүр, біз де барып топырақ салып үлгіріп қалайық. (екеуі дүрмекке ілесе сахнадан шығады да, аз ғана үзілістен соң қолдарында жартылай ішілген бөтелке, басытқы бар, шайқатыла қайта оралады) №1 БОМЖ: Ой, дүние - ай! Өлгеннің артынан өлмек жоқ. Тірі тіршілігін жасайды. Әй, бір жағынан осы өміріміздің өзіне ештеңе жетпейді - ей... Өзің - қожа, өзің - би... Өміріңді қалай өткізгің келеді — өз еркіңде! Ешкімге кіріптар емессің! Қонарыңды — сай, ұшарыңды жел ғана біледі. Не өлінің, не тірінің санатында жоқсың... Полная демократия! №2 БОМЖ: Ой, ой! Байқап сөйле! (төбеге қарай қолын безеп) Бәрін көріп, біліп тұр Ол! Құдаймен де ісің болмаса, онда ол неғылған «демократия»! №1 БОМЖ: Бәрібір, рахат! Еш жерде тіркелімде де жоқсың. Қылмыскерсің бе, басқасың ба — онда біреудің зәредей шаруасы болса екен - ау! Әрі десе, «жұмыс, жұмыс» деп өмірі не бітіп, не қоймайтын қу тірліктің тертесіне жегіліп, ит сілікпең де шықпайды. Отбасы, қатын, бала - шаға деп, уайым ойлап, басыңды текке қатырып та жатпайсың. Кезінде проблеманы өзіміз іздеп тауып, соның ми батпағына батып милықтап жүріппіз де қойыппыз. Жылтыраққа да көп үйірсек емеспіз. Қарын тойса болды, одан басқа уайым да, қайғы да жоқ. №2 БОМЖ: Басеке, әлгінде басқа едің, енді былай өзгердің. Әлгі... «империяңа» керегі осындай адамдар ма? Қауқарсыз қағанат деп күстана қылып едің... Енді келіп былай дейсің! №1 БОМЖ: Енді... қолдан келер еш қайран жоқ қой, бауырым! Қағанат құру үшін... мына қаңғыбастарды түгел мұрындығынан тізіп, маңдайына ұрып тұрып қайта оқудан өткізбесе болмайды ғой! Оған көне ме мыналар... Қол қысқа, әттең! Әлгі Мао Цзедуннің империясындағылар кезінде торғайды қырып, тұқымын тұздай құртпады ма. Сосын шыбынға жаудай тиісті. Қазір ол елден емге шыбын таппайсың. Әрбір өлтірген шыбын басына пәлен иеннен шытырлатып тұрып қып - қызыл ақша санап алатұғын болсаң, өйтпей жын қағып па! Бізге де сондай «мәдени төңкеріс» керек - ақ еді... Тек ақша жоқ! №2 БОМЖ: Ақша, ақша! Одан басқа айтарың бар ма! Бізде... құдайға шүкір, адамзат болғалы небір данышпандардың ойы түгіл, түсіне де кіріп шықпаған ғажайып сапа бар ғой!

№1 БОМЖ: О не сапа — тантып тұрғаның! №2 БОМЖ: Сен әлі де білмейді екенсің - ау. «Данышпан» ғой деп жүрсем өзіңді... Ендеше, бері, мұнда кел... (серігін ертіп әрегірек қоқыс жәшігі тұрған тұсқа барып, бері бұрылып) Міне, көрдің бе...Үй -жайы жоқ сорлылардың жатысын. Кеш болды – бітті, ылғи да осылай...Театрға да бармайды, телебезер де көрмейді, кітап, қазит -жорнал да оқымайды.Егін салып, мал бағып та жатқан жоқ. Жүйкелері тыныш. Бір қарныңды қайда да болсын өйтіп, бүйтіп жұбатасың ғой. Болмаса арзан арақтың бір - екі кесесін тартып жібер... мәжірәжай күйге түсіріп, уыты өнбойыңды араласын да кетсін... Таза ауада ашық аспан астында бастасып, «империяның», тоесть ... бір үйдің балаларындай момақан қалыпта ұйқыны періп жатыр, әне... Әр қайсысының өздеріне лайық лақап аттары да бар. Мына бұйрабас «Әртіс», ана шал «Сараң», одан әргі «Мент», мынау «Гангстер», әнебіреу «Наркобарон»... №1 БОМЖ: Сапаң осы ма! Бұларда не сапа, құдайым - ау! Әнебір жүндес еркек емешегі үзілердей болып, демігіп қасындағысының (туған қызы ғой) қос алмасына қолын шеңгелдей салып жатқанын көрмеймісің... №2 БОМЖ: Не деп болады? Бізде... әлгінде өзің айтқандай «полная демократия» ғой! Қатып қалған «зәкүн» жоқ енді... Онан да менің не айтпағымды құйып алсаңшы ана бір «бас» деген қауашағыңа... №1 БОМЖ: Ал жарайды, аштым «қауашағымды»... №2 БОМЖ: Міне, осылар бүйтіп бастасып жатқанды айтасың... бір - бірінің есігінен сығалаушы ма еді бұрын. Бір - біріне түзу сәлемі де жоқ - ты. Бір - бірінің к... ашып, түртпектеп, қоябасын қозғауды ғана білді. Мейірімділік, қайырымдылық, ізгілік дегеннен жұрдай болды. Бәрі де бақуатты тұрмысты, ең бастысы ақшалы еді... Ал қазір... қалталары шұрқ тесік. Соншама көп ақша таба қоямын - ау деп үміттенбейді де. Әйтпесе қалталарын тігіп, сайлап жүрмес пе... Бір теңге тапса да ортаға әкеліп салады, бір - біріне тамақ жағынан да, киім жағынан да, басқа жағынан да... қарайласа жүреді, не нәрсені де қылдай бөліседі. Бір - бірін жауға да бермейді. Сатқындықтан, кісәпірліктен, аярлықтан ада. Ешкімге қылдай қиянаты жоқ, бейкүнә, момақан жандар. Барлығынан бұрын мені жайда тістесіп, тебісіп, осқырынып тұратын пенделердің момақан қалыпқа түсіп, тәубеге келіп топтаса ұжымдасып тірлік кеше бастағаны қайран қалдырады. Олар «Топтасып ұшқан қарға шүрегейге алдырмайтынын» түсінеді. Сызашық - сәуледей ғана түйсіктің өзімен! №1 БОМЖ: Сен өзің бұл «империяға» қайдан ғана тап болып жүрсің? Ағып тұрған «философсың» ғой, жүдә... №2 БОМЖ: Сол «философтығым» түбіме жеткен жоқ па? Докторлығымды қорғағалы жүргенімде «үндеместердің» құрығына ілігіп қалдым. Өштескен, көкіректерінде маған деген «қыжыл» бар дөкейлердің ісі бәрі де. Міне, солар «Жат дінді уағыздап, мемлекеттің іргенегізін шайқалтқалы жүр» деген айып тағып, абақтыға жапты. Адалдығымды дәлелдеп, шыр - шыр етіп, алты жылдай арпалыстым. Қоғам да, зиялы қауым да селт етпеді. Құлақтары саңырау екен, түге. Селт еткенді айтасың, енді - міне, енді - әне «жындыханаға» жөнелткелі жатқанда ... амалын тауып қашып шықтым. Барар жер, басар тауым жоқ еді. БОМЖ - дардың арасынан «саяси баспана» таптым... Шаршадым, тегі... №1 БОМЖ: «Әпкемнен жездем сорақы» дегендей... Сен екеуіміздің «ауруымыз» төркіндес екен да. Мен де... әлдебіреулердің қот - қоттауымен «Жауға шап» партиясын құрам деп шырмалмадым ба бұл пәлеге. «Жоқ жерден жау шақырып, елді арандатты» деді ме, «Партияның қыруар қаражатын жеп қойды» деді ме... Әйтеуір, соңыма шала алып түскендер көп болды. Мен де «қашқынмын».

№2 БОМЖ: Үй - жайың бар ма, өзі... №1 БОМЖ: Әлгі партияластарым қолына түссем, жүндей түткелі әлекедей жаланып отыр. Сондықтан, түнде - үйде, күндіз - осында... із жасырып, ілдалдалап жүрген жай ғой менікі. Айтпақшы, одан да басқа, ең басты шаруам... №2 БОМЖ: Е, ол не!? Құпия ма соншалықты! №1 БОМЖ: Құпия болғанда, айтпа! (сыбырлап) Өзіңе ғана айтайын... Бір қуаяқ жорналшыны іздеп жүрмін. Оны бір тапсам, осы арадан табармын. Өзін кезінде әсіре бағалаппын. «Талант қой мынау!» деп қаңғыбастар арасынан көріп қап, аймақтық қазитке қызметке тұруына көмектесіп едім. Бірақ, саясаттан, қазиттың ертеңді - кеш бір бітіп болмайтын ат көпір шаруасынан титықтай ма, осылай қарай — өзінің «империясына» қарап «ұлуын» қоймады ғой құрғыр. Екі - үш мәрте қашып кетіп, ізінен қуалай шықсам... осы арада мәре - сәре болып «туысқандарымен» стақан соғыстырып отыр. Желкесінен түйгіштеп қайта алып кеттім. Ақыры, өзімді қан қақсатып, бар ісімді су аяғы – құрдымға жіберіп тынды. Таптырар емес әзірге. Біраз маңызды «дүкіменттерім» бар еді өзінде... №2 БОМЖ: Е - е, құрдас, сенің де жағдайың мәз емес екен... №1 БОМЖ: Тірі адамға тіршілік ету ләзім. «Бұл заман тістінікі, күштінікі... болмаса күндіз - түні бір тынбай тірлік қылған істінікі» депті ғой бір ақынымыз. Ал мыналардың сүрепеті жаман! БОМЖ - дарды айтам. Маған тіпті ұнап тұрған жоқ... Бұлар мына түрімен арам өліп қалады. Қозғау салу керек бұларға. Жатысын, түге, етіктерінің басы қайқайып. Тірі өлік қой! «Бейкүнә, момақан» дейсің бұларды. Қалталарында мыс - мыс ақша жүрсе ғой! Соның буына мас болып, түнің не, күндіз де ұйқы бетін көрмес еді. Енді кеш батпай жатып, орын -орнында қата қалуын, түге. «Империяны» құрамыз дедік пе — құрамыз! Қанеки, тұрғыз мынаның бәрін! №2 БОМЖ: (қоқыс жәшігінің артына қарай барып) Пірадарлар, подьем! Жеті секөндте жандарыңды алғалы тұрған әнебір адамның — «империя» басшысының алдына жетіңдер! (бірөңкей алба - жұлба киінген міскіндер қыбырлап оянысып, үсті - бастарын қағынып, біріндеп сахнаға шыға бастайды) №1 БОМЖ: Қанеки, мында сапқа тұрыңдар! Рота... тоесть , қаңғыбастар, қақиыңдар! Ә, міне, енді дұрысталды! «ГАНГСТЕР»: (есінеп) Ұйқымызды бұзып...Айтатыныңды тездетіп айтшы енді... Ащы ішекше созбай. №1 БОМЖ: Сендер неменеге жетісіп ұйықтайсыңдар, осы! «ГАНГСТЕР»: Ұйықтамағанда... Тамақ, арақ, сосын ұйқы... Бізде

басқа проблема жоқ еді. Мына сен... сен ғой, «проблема» іздеп тұрған!.. «НАРКОМАН»: Не... Сендерге «проблема» соншалықты жаманқатты керек болып тұр ма? №1 БОМЖ: Сөзді доғарыңдар, түге! Сендер нені ойлап, нені уайымдаушы едіңдер... Сендер үшін мен шыр - пыр болып отқа да, суға да түсетін!

№2 БОМЖ: Соны айтам - ау! «Империя» қүрғалы жатқан жоқпыз ба...
«ГАНГСТЕР»: «Империя» дейді! Ол неме керек? Елдің текке басын қатырып...

№1 БОМЖ: Әне, сендер сөйдейсіңдер! Елдікке бет бұрайын десең - ақ осы, бұра тартып... «ӘРТІС»: Басымызда баспана жоқ балса да, демократия, әділдік бар бізде! Екінің бірі төбеңді оярдай қоқаңдап, билік айтпайды бізде! Тәңірдің құлымыз. Құлдар ғана азат!

№1 БОМЖ: Мына біреуің кім тіл мен жағына сүйеніп, сүйреңдеумен тұрған! №2 БОМЖ: Өзі де сол «тіл мен жағының» арқасында жұмысынан қуылған. «Әртіс» қой! №1 БОМЖ: Бәсе, өзім де солай ойлап ем. Ау, ағайын, өздеріңнің өркениетпен, мәдениетпен істерің бар ма, өзі! Әлде осылай қалғып -мүлгіп өмірден өтпексіңдер ме. Мына Американың, Қытайдың қайыршы... тоесть, қаңғыбастарын көрмей, білмей отырсыңдар ма! Мәселенки, американдық БОМЖ - дар бір көшенің бойына, таза жерге тізілтіп картон қағаздан әп - әдемі үйшік тұрғызып, сонда түнейді. Сендер құсап боқтыққа малынып жатқан бірі жоқ! Олар әлгі «үйшіктерін» Ақүйдің жанына да тігіп тастап, үкіметтен көмек сұрап, жоқты талап етіп «пикет» дей ме... е - е, аштық жариялап апталап жатып алады, әуелім! Ал, мына сендердей қытайлықтардың (олар сөздік қорларынан «қаңғыбас» деген сөзді баяғыда алып тастаған) алпыс пайызы, жер жетпегендіктен, жер астынан жерқазба үңгіп, сонда тіршілік етіп жатыр! Ал сендер... жер сұрауды да білмейсіңдер! Құдайға шүкір, жеріміз иен - байтақ қой! Бәрімізге жетеді. Жаздыгүні осында — қоқыс маңында, қыс болса жылу тұрбаларын құшақтап, дүмеп жатқандарың сол! А, біз үлкен күшпіз, біле - білсеңдер. Ертелі - кеш қолымыз да бос. Қолымызға қару берсе, дүмеп жауға да шабамыз. Ойбай - ау, бізді жұмыс істемейді деп текке жазғыратындар да бар - ау. Тау - төбе қоқысты олай бір, былай бір сапырылыстыра аударып - төңкеру жұмыс емес пе екен! Жарасын - жарамасын бәрінің де жолын тауып жылан жалағандай жым - жылас қыламыз. Қағаз, шүберекті ортаға үйіп өртеп, отына жылынамыз. Ал осыдан соң, комхозың жұмыссыз қалды. Бірақ, олар осы іске бәрібір қыруар қаржы бөліп, қылғыте - еп отыр. Ал біз мында... ақысыз жұмыс істеп! Намыс жоқ бізде!

«ГАНГСТЕР»: Оу, сонда бізге не істе дейсіңдер! №1 БОМЖ: «Қор» құрамыз!
«ӘРТІС»: Е, ол неменемізге керек?
№1 БОМЖ: Қоқыс өңдейтін зауыт саламыз!

«НАРКОБАРОН»: Зауыт! Онысыз да шұрқ тесік қалтамыздан шыжымдап шығарып, уысыңа салар бес - он теңге оның қай жыртығына жамау болмақ? №1 БОМЖ: Е, құдай, ол әлгі ... дүкіменттерді әзірлеп, әрлі - берлі жүгіргенге жетсе — болды. «ГАНГСТЕР»: Әй, сен өйтіп біздің намысымызға тие берме! «БОМЖ» деген атауды маңдайымызға мәңгілікке мөрлеп қойып па, түге. Осында... текке уақыт өткізіп, бой тасалап жүр деген аты болмаса, түрлі банктерге салған ақшасы құр шіріп жатқан «байшыкештер» де бар арамызда... Оны да ойлап қой! Мәселенки, мен... осында әредікте «қайырымдылық асын» беріп жүрмін емес пе?! (Қаңғыбастар шуласып: «онысы рас енді» деседі) Зауыт салмақ ниетің болса, мен де қарап қалмаспын. Айтпақшы, ол не шығаратын зауыт? №1 БОМЖ: қуатты катализатор көмегімен қоқыстан... бензин шығарады! Ақыр соңында артылар қалдығы не болады деп сұрамайсыңдар ма? Тұз! Кәдімгі қаратікен тұз. «ГАНГСТЕР»: Апыр - ай,ә. Мынауың бұрын - соңды құлақ естіп, көз көрмеген ғажайып іс екен. №1 БОМЖ: Зауыт іске қосылғаннан кейін не болады десеңіздерші. Бәрі де! Ең бастысы, комхоз секілді ақысыз - пұлсыз қалдырмаймыз. Бас - басыңа мәшине, үй болады. Әнеки! «ГАНГСТЕР»: Әй, көкесі, мен әлгінде... көп ақша беретінімді айттым ба? Айттым. Ендеше зауыттың бензинін мен сатайын соңыра... №1 БОМЖ: Жарайды. Оны мына көпшілік, қор басқармасы шешеді. Әзірге мына қағаздарға қолдарыңды қойыңдар. (Бәрі жапырлай келіп қағазға қолдарын қойып, бармақтарын басып у - ду. Осы қалыптарымен жылыстап сахнадан шығып кетіседі.) «ӘРТІС»: ( қоқыс жәшігінен бір дипломат тауып алып, оны бұлғап көрсетіп) Ойбай, мынау бір керемет олжа болды. Әрі - бері қытайы қап көтеріп, запыста болып жүр едім өзім де! Керек - ақ дүние. Бөтелке салсам да! Әй, осыныңның ішінде «бомбы» жатпасын». Өзі судай жаңа, сырты да әйбат екен. Мұндай дүниені қор қылып, «бомбы» тығып, ұзында кегі, қысқады кегі кетті деймісің біреудің! (тың -тыңдап) Ішінде сыртылдап тұрған сағаты да жоқ қой! Құдай сақтар, ашып көрейін, ә! ( біраз әуреленіп ашып, сол күйі сілейіп, өз көзіне өзі сенбегендей айран - асыр күйге енеді) Тоба! Мынау, мынау деген... өле - өлгенімше, немере, шөбереме (не деп кеттім, менде құрығанда қатын да жоқ қой) жетер байлық қой, құдайым - ау! Алла берем десе қиын ба! (жан - жағына қаранып) Осы мені біреу «шантаж» жасап, шатыстырып тұрған жоқ па! Жоқ. Әп - бәрекелді! Үйірімен үш тоғыз. Гамлетті, Оттеллоны, Ричардты ойнап, опа таппап едім, мұншама байлық табан асты алдымнан шығар ма! Мен — миллионермін енді! Қош бол, қаңғыбастық өмір! БОМЖ - дар империясы! (кетеді) «ГАНГСТЕР»: (Сахнаның бір шетінен қылт етіп көрініп) Әп, бәлем, «қармақжем» қапты, ақыры! Менің «миллионым» ғой! Өзінен әрең құтылдым - ау. Ал енді әртістің маңдайы қаншалықты шылқығанын көрейік! «МЕНТ»: (Қоқыс жәшігінің тасасынан шыға келіп) Әлдебір сыбырды құлағым шалғандай ма? Ие, ие, сөйтті. «Миллион», «бір шабадан ақша» деді - ау... Ілгеріде, жастау кезімде уысымнан бір сусып шығып кетіп еді құрымағыр... Енді айырылмаспын! Суішкілік өміріме септессе — сол жеткілікті! (Асатаяғын сілтей адымдап шығып кетеді) «НАРКОБАРОН»: (ұйқылы - ояу күйде тасадан бері шығып , отыра қалып білегін таңып ине шаншып, сәл дем басып) Ох, рахат дүние!.. (Ыңырсып, сол орнына құлай кетеді. Сахнаның екінші жағынан «Әртіс» кіріп, сол баяғы үркек қалпымен жан - жағына сезіктене қарағыштап, «Наркобаронның» тұсына таянып келіп) «ӘРТІС»: Мұны ( шабаданын мегзеп) қоқыс жәшігінің астын қазып көмейін. Сол жақсы. Құрғырдың «жалған ақша» екенін білмей қалып, тағы біреу текке арандап жүрер. Мен сияқты. Нақақтан - нақақ «Жалған ақша жасайды» деген жазаға іліге жаздағаным жоқ па! «Әртістігім» құтқарып қалды қайта. «МЕНТ»: (Мына жақтан қолындағы асатаяғын мылтықша кезеніп) Тоқта! Тырп етсең, бір оқтың жалынғаны дей бер! Екі қолыңды бірдей жоғары көтер де, шамаданды аяғыңмен ақырындап бері қарай сырғыт. Қанеки, тез!

«ӘРТІС»: Оу, көке - ау, бұл...
«МЕНТ»: Разговорчики!..

«ӘРТІС»: Не болды сонша, жан алғыш әзірейілдей. Жаңа әзірде ғана емес пе еді, бір жартылықты қылдай бөліп ішіп, емен - жарқын сырласып, жылап айырылысқанымыз!.. «МЕНТ»: Босқа басты қатырма, бала. Өткен - өтті. Біз бір - бірімізді көрген жоқпыз, танымаймыз да бұдан былай. Ұқтың ба, сарыауыз!

«ӘРТІС»: Ау, мынаның ішінде... «МЕНТ»: Білемін... Ал енді табаныңды жалтырат! Айда, марш! («Әртіс» түкке де түсінбеген күйде иығын қиқаң еткізіп кете барады) О, құдайым - ау, не деген иен - тегін дүние. Қолым жетті ме, ақыры. Енді уысымнан шығармаспын. (шамаданды сүйіп) қартайған шағымда бір жырғайтын болдым! Тәйірі - ай, не істеуші едім, Тасқаланың ортасынан ойып тұрып үй аламын... Жоқ, мейрамхана саламын. Мына сорлыларды... ой, неғыламын үйді бекер - босқа күлімсі сасық иіс - қоңысқа толтырып. Біраз жақсылықтары өтіп еді деймісің? Өтсе қайтейін! Мені де... өзім талай жыл еңбегім сіңіп, аяғынан тұрғызған мекемем оққа байлап атты емес пе?! (Қасында ес - түссіз жатқан «Наркобаронның» орнынан тұрып, айтқандарына құлағын түре өзіне сүзіле қарап қалғанына назар аудармаған күйі) Қасақана адам өлтірді деп... Өлтірейін дедім бе. Қиыр құмда атарға қара - құра да жоқ, онысыз да теріме сыймай дызалақтап келе жатсам... Жыныма тиіп. Мәшинеге тиеп алған бірер «ұрлықы» малды түстеп - танып, тап -тап беріп аттатар түрі жоқ өзінің. Оның былқ - сылқ еткен денесін терең құдыққа итере салғанымды дәп бір желкемнен бағып, бақылап тұрғандай тап басқанын айтсайшы. Он жыл тозақтың отына тірідей шыжғырылғаным аз ба! Ех, енді тойлаймын! Той... «НАРКОБАРОН»: (атыла келіп, оның алқымынан алып) Ә, кәззап, бұл сен бе едің! Ақыры қолыма түстің бе? Қанішер жендет... Тойлайсың атаңның қатқаны... Тойлатамын мен саған! Қолың қан сенің...

«МЕНТ»: Қарағым, сен кімсің?! «НАРКОБАРОН»: Ешкімге ұқсап тұрғаным жоқ па? Иә, адамға ұқсамаймын мен. Баяғыда хаюанға айналғанмын! Сен, сұмырай, әкемді атып, құдыққа көміп тастағаннан бері қарай! Әкем сол құмның малын, жанын қорғап өлді. Егерь еді. Құмның қожайыны еді. Мен де қожайынмын. Сол құмның шөбіне, жабайы қарасораға! Жетеңе жетті ме, енді... Түсейін деп түстім бе осы күйге! Сен... өмірімді уға айналдырған! (Екеуі тұра келісіп, ұмар - жұмар алысқан күйде сахнадан шығып кетеді. Дипломат сол орнында қалып қояды. Тасадан қылт етіп шыға берген «Сараңның» көзі соған түсіп, өз -өзіне сөйлейді). «САРАҢ»: Оу, мына біреуді мұнда кім сүйеп кетті! Әй, кім бар -ау... Бұл елге не болған? Әп - әдемі шабаданды көзі қиып қалай тастайды қоқысқа? Беу, заманы бұзылғандар - ай! Мұны, бұлай тастамайын. Өзі де бір келісті дүние екен. (көтере беріп) Мынауың зілдей ауыр - ей! (Ашып, ішіндегі қат - қат жасыл ақшаларды көріп, селт етіп, жүрегін ұстап отыра кетіп) Апыр - ай, мынау шын ба... Көзім алдамаса нетті! Жоқ, шын, түсім де емес. Ақсарбас! Мына ғадауат тірліктен құтылдым ба шынымен... осы жасқа келгенімде осы құқайды көрейін деген ойымда жоқ - ты. Кемпір кеткен соң, бір тайдай тулаған келіншекке әукемді созып, желіккенімнен болды бәрі де! Аяғы, міне, дүкіментімнің бәрін түз - түгел отқа өртеп, өзімді үйден де қуып шықты! Мұның сол дүкіменттерімді қайта қалпына келтіруге септігі тиер, бәлкім. Сосын, қарттар үйіне барып, ақ төсекте жатпаймын ба!.. «ГАНГСТЕР»: (сахнаның бір шетінен қылт етіп) Дүние не болып кетті! Жағдайдың беталысы маған ұнап тұрған жоқ. Мына өлмелі шалдың қолына қайдан түсіп жүр «дипломаты» құрғыр! Кәрі лақса неменің түрмең не, көрі жақын тұр емес пе? Қой, бірдеңе ойластырмаса болмас! Шалдың обалына текке қалмайын...Айтпақшы, әлгі «зауыт ашқыш» мырза бар емес пе еді... Торға сол лайық, қалай дегенде де. Басқасы құрып қалғандай, енді келіп қаңғыбастардан «қорға» деп қаражат жиып, «зауыт ашам» деп кредит алып, із - тозын білдірмей кетіп еді. Ех, қолыма бір түссең ғой... №1 БОМЖ: (Өзі сықиып киініп алған, мойнында галстук.Көпке қарап) Жорналшы көрдіңіздер ме? Өзі қазанның түп күйесіндей қап -қара. Сақалы мынадай — қауғадай. Мұрнының үстіне ілген шаңырақтай көзілдірігі бар. Әй, таптырмайды - ау! Өзін нешеме ай бойы індете іздеп, аяғымнан таусылдым... Менің үстімнен тағы да... сын материал әзірлеп жатыр деген де сыпсың сөз шығып қалды. Сол сөз рас болса, осы жолы шын - ақ құритын шығармын. Күні бүгінге дейін із шалдырмай - ақ келіп едім. Мына қызылкөз пәле соңымнан қалжауырдай жабысып қалар емес... Өй, мынауың кім тағы! Өзі малдасын құрып алып, мінажат етіп отырғандай ғой. Ә - ә! (ойына әлдене түскендей) Бұл сол... «Гангстер» айтқан миллионер шалдың өзі. Түр - келбеті де келіп тұр. Шабаданы да. Бірінші тапқан — мен! Ы -һым, ақсақал, ассалаумағалейкүм! «САРАҢ»: (Селк етіп, шабаданды құшақтай түсіп) Бұл кім - әй! №1 БОМЖ: Кімді күтсеңіз — солмын!

«САРАҢ»: Кімді күтіппін! №1 БОМЖ: Танысуға мұрсат беріңіз, № 24 қарттар үйінің директоры Қарсақ Түрпиев. «САРАҢ»: Не.. фамилиеңнің де, атыңның да әнебір... аңмен байланысы бар ма? Түлкиев деймісің?

№1 БОМЖ: Жоқ. Түрпиев. «Р - р - р»! «САРАҢ»: Ә, солай де! Өзіңді бір жерден көрдім бе, әлдебіреуге ұқсататын сияқтымын! №1 БОМЖ: Е, адам адамға ұқсай береді ғой! Мәселенки, мына сізді Карл Маркс пе деп қалдым! Сізге дүкіментіңіздің қалпына келтіріліп, е - е, жүз мың теңге көлемінде зейнетақы тағайындалғанын, қарттар үйіне қабылдау жөніндегі өтінішіңіз қанағаттандырылғанын айту үшін арнайы ат басын бұра келген жайым бар!.. «САРАҢ»: Ой, айналайын - ай, өркенің өссін! Қарай гөр өзін, бәрін біліп тұр. Бірақ, мына ықпыл - жықпылы көп қаладан мені қалай таптың! Мұның өзі маяға түскен инені іздегенмен пара - пар тірлік қой! №1 БОМЖ: Ақсақал, біздің жиырма төрт қарттар үйіндегі кісілердің барлығымен де байланысымыз бар. Солардың бірінің нұсқауымен келдік та. «САРАҢ»: Е - е, жөн, жөн онда! Қарттар үйіне өтініш беріп қойғаным рас еді. (өзіне - өзі ) Мына көп ақшаны сол қарттар үйінің шотесебіне аудартармын!.. №1 БОМЖ: Ал, қария, енді жүрелік. Сыртта мәшине күтіп қалды. (екеуі шығып кетіседі) №2 БОМЖ : (кіре беріп) Мынау әлгі... «саясаткер» ғой! Сықиып киініп алыпты өзі! Бір шабадан көтерген шалдың асты - үстіне түсіп, әлдеқайда детектетіп алып кетіп барады. Тағы бір ашықауыз сорлыны жер қаптырғалы жүр - ау. Сұры жаман. Сәлемі де жоқ кісіге. Өзіне аздап «шыр» біткені сол - ақ, дем сәтте өзгеріп құбылып шыға келді - әй. «Екі жүзді» деп осыларды айтар - ау. Кеше ғана басына күн туғанда ортамызға сыналап еніп, мүддемізді қорғағансып, «қор» құрып, «зауыт ашам» деп, о, қаңғыбастардың көз жасы ұрғыр - ай, аз - мұз қаражаттың басын құрап алған бойда жалт бергенін көрмеймісің! ТАСҚАЛА ӘКІМШІГІ: (қасында көмекшісі бар, кіріп келіп) Әу, «философ»... тфу, аты кім еді, өзі? «ФИЛОСОФ »: (абдырап) Ә, мені айтасыз ба? Біз таныспыз ба? ТАСҚАЛА ӘКІМШІГІ: (көмекшісіне) Аты - жөні мында жазылған ба? КӨМЕКШІСІ: Ә, міне, Қайсар Қайтпасұлы...

ТАСҚАЛА ӘКІМШІГІ: Қайсар Қайтпасұлы... «ФИЛОСОФ»: Ата - анам азан шақырып қойған есіміммен атап тұрған мынау — алғашқы адам.... Он жылдан кейін. Иә, мархабат, құлағым сізде... ТАСҚАЛА ӘКІМШІГІ: Сізге айтар екі бірдей жаңалығым бар. Бірі — жақсы, бірі — жаман... Қайсысынан бастайын?

«ФИЛОСОФ»: Әрине, жақсысынан...

ТАСҚАЛА ӘКІМШІГІ: Онда тыңдаңыз... Сіздің Жоғары Сотқа жазған шағымыңыз бойынша... Әнебір, сізге қатысты қозғалған жат дінді уағыздады деген шикі іс, құрамында пәлендей қылмыстық белгілері болмағандықтан қысқартылыпты. Сіз ақталдыңыз! Ендігі жерде ешкім де сізді «қашқын» деп көзге шұқып көрсетпейді... «ФИЛОСОФ»: Шыннан ба! О, құдайым - ай, ақыры бұл күнге де жеттім бе? Әй, өзімнің де ішім бірдеңені сезіп еді... Рахмет, нәшәндік! ТАСҚАЛА ӘКІМШІГІ: «Нәшәндік» деме! Әкімшік Әлсеков де... «ФИЛОСОФ»: Иә, солай екен - ау... ТАСҚАЛА ӘКІМШІГІ: (көмекшісіне бұйырып) Әлгі қағаздар қайда? Сен де ыбылжисың да жүресің, осы. Қайсар Қайтпасұлы, енді екінші жаңалығыма көшейін. Бұл енді күрделі іс. Тіпті басыңызға қайтадан қара бұлт үйірілуі де мүмкін.

«ФИЛОСОФ»: Не үшін?

ТАСҚАЛА ӘКІМШІГІ: Не үшін дейді тағы да! «Тек жүрсең, тоқ жүресің» емес пе? Ал сіз... бүйте берсеңіз, осы күніңізге де зар боласыз әлі. Айтпады демеңіз.

«ФИЛОСОФ»: Ау, не істеппін сонша!

ТАСҚАЛА ӘКІМШІГІ: Рұқсатсыз митинг ұйымдастырғалы жатқан сіз бе, мен бе...Өздеріңнің түрлеріңе бір қарап алсаңдаршы, әуелім! «Біреу тойып секіреді...» Ал бұлар ... түгіне түсінсем, бұйырмасын, черт повери! Мына ... «империя» дегендерің не? «БОМЖ - дардың империясы» бар ма, немене? «ФИЛОСОФ»: Бұл мәселе сіздерге тіпті мүмкін емес нәрседей көрінер. Көрмейсіздер, білмейсіздер... Дұрысы, көргілеріңіз де, білгілеріңіз де келмейді. ТАСҚАЛА ӘКІМШІГІ: Әй, әй, байқап сөйле! «Үй артында кісі бар»! Өзіңе жақсылық жақпайды екен, тегі. «ФИЛОСОФ»: бүгінде қоғамнан мүлде сырт қалған пенделер барын ойға да алмайсыздар. Қаңғыбастар мен нашақорлар баяғыда -а... не өлінің, не тірінің есебінде жоқ міскіндерге айналып үлгерген жоқ па? ТАСҚАЛА ӘКІМШІГІ: Біз бе екен соларды осындай күйге түсірген? Бәрін де өз сорларынан көрсін! «ФИЛОСОФ»: Бар мәселе осында — бұған қоғамның селт етпейтіндігінде, мұндай - мұндайға қоғамның да, адамның да әбден еті өліп кеткендігінде! Сол қоғамыңыздың іріп - шіруі бақайшығынан біртіндеп басталып, басына қарай өрлеп келеді.Тізерлікке жақындап қалды... Ертең түгел жансызданып, құр кеуекке де айналуы мүмкін. Қоғамның ағзасы дертті, жұлынына жегі құрт түскен... Оны бүгін емдеп жазбаса, ертең кеш болады. Тасқаланың өзінде қаңғыбастық пен нашақорлық жолына түскендер көбеюде. Оларды бұл күйге түсірген қоғамы. Адамының не болып жатқанымен іс - місі жоқ қатыгез қоғамы. ТАСҚАЛА ӘКІМШІГІ: Қысқартып айт! «Империя» дейтіндей... «ФИЛОСОФ»: Әлгі мен айтқан үйсіз - күйсіз жүрген міскіндер саны, нашақорларды қосқанда... бес - алты мыңға жетіп отыр. Рас, адамдық кейіптен ада болуға жақын. Қоғамға ешбір пайдасы жоқ. Демек, Тасқаланы әлеуетті ағза десек, оның үш пайыздайы жансызданып, іріп - шіруге қалды! Тасқаланы құтқарайық та! ТАСҚАЛА ӘКІМШІГІ: Сендер үй ішінен үй тіккелі отырсыңдар»! Сен әлі бұған жауап бересің, білдің бе!?

«ФИЛОСОФ»: Бұл өзі әркім өз қотырын өзі қасыған заман ғой!... Қаңғыбастарды бүгінде... есепке алып та жатқан ешкім жоқ. Нашақорлар да солай. Денеге біткен бір шөкім арам ет секілді сылып тастаудан басқа амалы да жоқ оның. «Жоққа тән» адамдардың «империясы» болушы ма еді! Ондай атты күн туып жатса, бұған тек қуану керек болар. Өлі, жансыз етке қан жүгіргенмен бірдей іс қой бұл. ТАСҚАЛА ӘКІМШІГІ: Сонымен «БОМЖ - дар империясы» бар ма,

жоқ па?
«ФИЛОСОФ»: Ал сіздіңше қалай?
ТАСҚАЛА ӘКІМШІГІ: Жоқ, әрине...

«ФИЛОСОФ»: Қалай ойлайсыз, ол енді өз еркіңізде... Меніңше, бар деуге де, жоқ деуге де негіз бар ... (Көпшілікке қарап, толғанып) Жалпы, бар пәле — осы ақшада ма деймін. Алтын көрсе, періште де жолдан таяды деген... Тағдыр теперішін, әділетсіздіктің небір құқайын көріп, мүжіліп, бастары зеңіп жүргеніне бола ... мына қаңғыбастарды момақан, бейкүнә, мейірімді деп жүрсем... Әлгі «Гангстердің» жоғалған миллион доллар жөніндегі қауесеті құлақтарына қалай жетті — бітті, «бұдан да жақсы өмір сүруге» деген үміттерімен қоса, бойларында атам заманнан бар түрлі зұлымдық атаулы да қоса өре түрекеліп... құдай - ау, өздерін танымай қалдым! Ақша араласқан жерден береке де кетеді екен ғой. «Миллион доллардың» елесі естерінен тандырып, олардың бойындағы алғы күнге үміттерін ұштап, сенімдерін де оята бастапты. Әншейіндегі қолдарын құры жайып қайыр сұрап отыратын қара тобырға мүлде ұқсамайды. Оянып келеді! «БОМЖ - дар империясында» толқу бар! Кәдімгідей қуатты толқын! Бірден - бірге жалданып, ыза - намысқа суарылып, жер - жебір, жекен суларына жетер болған әділетсіздікке бірлесіп қарсы тұрғалы лықсып келеді... ТАСҚАЛА ӘКІМШІГІ: (түкке түсініңкіремей абдырап, айналасына ала - жұлақ қарап, біртүрлі үрейленіп) Не деп жұмбақтап кеттің? О, құдайым, менің сөйлесетін адамдарым ба осылар! Адам ба екен, әуелім! Өңшең ақыл - есінен айырылған кір - қожалақ, қи сасыған немелер! «Империямыз» дейді өздерін тағы... «ФИЛОСОФ»: (әлі де өзімен - өзі ) Қара су мен нанын, борсыған арағын әрең айырып отырғандарына қарамастан, қор құрып, жарылқаймын деген уәдесіне сеніп, «Саясаткердің» қолына соңғы тиындарын салды да берді. Ал енді «іс бітті, қу кеттінің» кері келіп тұр! Сол сұмырайдың сөзін сөйлеп, сойылын да соқтым - ау. Алаяқ екенін білдім бе. Бастарынан соры арылмаған бейбақтарды аяғына жықтым да бердім. Өзіме де обал жоқ. Ортасына түссем, түтіп жегелі отыр. Мейлі, «қасқыр да қас қылмайды жолдасына»! Не де болса бара көрейін. ТАСҚАЛА ӘКІМШІГІ: Бірдеменің шалығы тиген бе мынаған. Е - е, шетінен «анандай» ғой бұлар! Осылардың алдына алтын басымды иіп келіп тұрған мен де.. «анандаймын» ба сонда! Көмекші! (көмекшісі келесі бір қағаздарды бобыратып әкеліп, әкімшіктің алдына тоса қояды. Арттағы гулескен топқа қарай өтпек болған «Философты» жеңінен тартып тоқтатып.) М ынау... рұқсатсыз митинг! Бұл үшін жауап бересіңдер! «ФИЛОСОФ»: мұның барлығы «БОМЖ - дар империясы» қозғалысының Жарғысында көрсетілген. ТАСҚАЛА ӘКІМШІГІ: (Енді оған жалынғандай болып) Көкем - ау, сәл аялда, сабыр қыл. Мені сендермен ортақ бір мәмілеге кел деп әдейі жіберіп отыр Тасқала басшылары. Ертең дүн - дүние шулайды ғой, түге. Тасқалада бұрын - соңды болмаған «ЧП», қаңғыбастар көтерілісі орын алды деп! Сонда... Құдайдан, тоесть, бізден не тілейсіңдер өзі... Айтып өлтірсеңдерші... (Қоқыс жәшігі тұрған тұстағы қаңғыбастар қарамы да біртіндеп арта түскен. «Түрпиев, ақшамызды қайтарсын!», «Біз үйшік тұрғызу үшін таза жер сұраймыз!», «Жұмыссыздық жойылсын!» деген секілді ұрандар жазылған транспаранттар көтеріп, бері қарай тасқын судай ақтарыла жылжып, ұмтылысып келеді.) РАДИО: Сіздерге Тасқаладағы соңғы жаңалықтар топтамасын ұсынамыз. Осы қазір ғана, бір - екі сағат бұрын ғана көптен іздеуде жүрген, партия қаражатын орынсыз талан - таражға салған, қылмыс әлеміне «Саясаткер» лақап атымен белгілі Қарсақ Түрпиев бір шамадан «жалған ақшамен» қолға түсті. Әйгілі алаяқтың жаңа қылмысының жолы осылай кесілді. Оның бұдан да басқа аса ауқымды қылмыстарға қатысы бар деген күдік бар. Бұл деректер кезінде Қ. Түрпиев басқарған партия газетінің жауапты шығарушысы болған «Жорналшының» сайтынан алынып отыр. Осы іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. (Жан - жақтан андыздай құйылған қаңғыбастар легі сахнаның ортасына таман құйылып, келе беріп тоқтасып, орын - орындарында қалшиыса қалысады)

ШЫМЫЛДЫҚ.

ОШАҚ ОТЫ СӨНБЕЙДІ

3 көріністі, 5 актілі мелодрама

ҚАТЫСУШЫЛАР: Құбылиса – 60-70- тердегі кейуана, әулет иесі. Жармақ, Бәткен – балалары.

Сәруар – үлкен келіні.
Теберік – кіші келіні.
Шапия, Тофик, Абылай – немерелері.
Аңғалбай – Шапияның күйеуі.

Күлия – құдағи.
Борбас – құда.
Поштабай – хат тасушы, тағы басқалары.

БІРІНШІ КӨРІНІС

Үй - ішінің көрінісі. Ортада – дөңгелек үстел, жаюлы дастархан. Бір шетте ескі диван. Үстінде қалай болса солай тастай салынған көрпе - жастық. Үй іші де ретке келтірілмеген, ыдыс - аяқ айра - жайра күйінде жиюсыз жатыр. КҮЛИЯ: ( бір жақтан ахілеп - ухілеп, сегіз көзін таянып, ыңқыл -сыңқылы күшейген репетте келіп кіред і) Құдайдан сұрап алған бала оңа ма, тәйірі. Ауызына қараған қу жалғыздың өзі бір «шөпжелкенің» ығынан шыға алмай жүр, әне... Келін болмады, келсап болды ғой бұл. Төсегінің таңнан бері жиылмай жатқаны мынау, әдіреқалғыр. ( Оны мұны заттарды реттеп, жиыстырған болып, күйбеңдеп ) қазан -ошақ, ыдыс - аяқты ит, мысық жалап харамдап кетті ме — оны біліп жатқан кім бар... О, құдайым - ай! Асын ішіп аяғын төңкеріп кеткенді ғана біледі бұлар. ( Әудем жердегі беті ашық бесікке үңіліп ) и - и - й, күнім - ай әншейін... Осының жөргек исін аңсағалы қай заман! Садағаң кетейін - ай! Қу жалғыздан аумайды өзі... Айналайыным сол! БОРБАС: ( төсегінен аунап, бетін бері бұрып ) Кімді айналып -толғанып жүрсің, кемпушка? КҮЛИЯ: Қу шешек! Сен де осындамысың? Сені ғой деймісің! Ұл мен келініне ақыл айтудың орнына... сен де «карташыл» болып ата сақалың ауызыңа түскенде... Осы ауылда түнемеген үйің қалды ма?! Неғып үйелеп жатсың толғатқан қатындай! Не қорадағы бес - он тұяқты отқа да қоймадың... Мұның не жатыс? БОРБАС: Аздап суықтап қалғанмын ба? Бүйірімнен бір шаншу қадалып, түнемелікке көз шырымын ала алсамшы... ( осы кезде тал бесіктегі сәби «шыр» етіп оянып, жылап қоймайды ) Әй, мынауыңның жағын қарыстыршы! КҮЛИЯ: Әне, бала жыласа да... мен алаөкпе болып жүгіріп жүргенім қартайған шағымда сүйегімді саудыратып. Онысыз да мына жиюсыз қалғыр дүние - боқтың ішінде әрі - сәрі болып есеңгіреп отырған жоқпын ба? Тербетсейші былай... тірі жан болып. ( шалы жақтан тырс еткен дыбыс болмаған соң, баланы бесіктен өзі шешіп алып ) Үи - й - й, айналайын - ай, бұл үйде маған ғана керексің ғой... қоя - ақ қой енді! Сүт жылытып берейін бе, қарның ашты ма, күнім. Шешеңнің жүрісі анау... не боларын білмей бұлғақтап! Бес - алты баланы алдына қойша иіріп қойып, бірер сағат сабақ бергенінің өзін әлдеқандай көреді білем... айлығы шайлығына да жетпейді тағы. Қайта одан шалымыз екеуіміздің төбеге қарап жатып алатын пенсиеміз көп қой... Осы кезде сыртқы есіктің сарт етіп ашылғаны естіледі. Күлия да, төсекте жатқан Борбас қарт та ілкі басын көтеріп, солай қарай қалысады.

КҮЛИЯ: Бұл кім? Келін, сенбісің?

ШАПИЯ: Иә, мен! Немене, сағынып қалдыңдар ма? Мына үйге бүгін от жаққан адам бар ма өзі. Қой қорадан бетер азынап тұр ғой. ( қолына түскен әлденені төрге қарай шиырып лақтырып жібереді ) Қашан келсең де осы – «сюрприздері» дайын тұрады? Тек жатса іштері кебеді - ау деймін! КҮЛИЯ: Ойбай - ау, мен не дедім сонша шаптығатындай?! Дер мезгілінде келдің деп тұрмын қайта! «Сөрпрезі» несі! Адамша түсіндірсеңші былай! Адамның миын су қылмай...Бейбітжанның бір жері ауыра ма, қолды - аяққа тұрмай шарылдап жылап, жаңа әзірде ғана тынышталды... ШАПИЯ: ( баланы енесінің қолынан сөлекеттеу қимылмен жұлып алып ) «Қой көрмеген қуалап жүріп өлтіреді» деген... Бала ұстап көрмегендей... анаусы бір, мынаусы бір... ертелі - кеш умаждап... «Көзімді ашқанда — көргенім, ауызымды ашқанда — өпкенім» деп, тіл -көздері тиіп, өмірем қаптыруға қалды... Елдің енесі осы, от жағып, үйді жиып келіндерінің жанын тындырып, әлпештеп алақандарында ұстайды - ау! Ал бұл үй өңезе аңқып, қу моладай азынайды да тұрады! Не құдай да алмайды екен осыларды!

БОРБАС: Не дейді - әй!

КҮЛИЯ: Оқсатты сені! Ым - м, керең болғыр құлағым мұны да естіді ме, ақыры. Туған келініміз осылай деді ме! Қу жалғыздың мың қыздың маңдайынан шертіп жүріп таңдаған сұлуы сұрқылтай болып шықты - ау... Әй, келін шырақ! Сен... тіліңді тарта сөйле! ШАПИЯ: Тартпаймын! Тілімді қышытпаңдар қайта! БОРБАС: ( көрпе астынан )Не дейді - ау! КҮЛИЯ: Әй, шал, омалып жатасың ба сол! Бірдеңе десейші! Қырып барады ғой мынау! Текті жерден шықты, ата, әжесі біртоға момын жандар еді деп шеккі көрмеп едім өзін... Жымып басып келіп ұяма кірген сұржылан болдың - ау, шырағым! Әй, өзіме де обал жоқ! Сормаңдай басым, басым! Әкетіп барады! ( құлап кетердей болып теңселіңкіреп, керуеттің басынан ұстай береді ) БОРБАС: ( төсегінен атып тұра келіп ) Кемпір - әй, не болды өзіңе... ( сүйемелдеп, келініне қарап ) Шырағым, беталбаты шаптыға бермеші сен де! АҢҒАЛБАЙ: ( есіктен әндетіп кіре беріп, үй ішіне көз салып, әйелінің баласын құшақтап қыстыға жылап, әке - шешесінің состиысып тұрғандарына секемдене қарап ) Мына жерде «ұлы отан соғысы» жүріп жатқаннан сау ма өзі... Ау, неғып үндемейсіңдер? Шапия? Әке! Апа! ШАПИЯ: ( пештің қасында баласын құшақтап жүресінен отырған күйі қыстыға жылап ) Әйел етсең, мені жөндеп әйел ет. Әкеңнен де, шешеңнен де өмірімде естімеген сөзімді естіп... Отырсам — опақ, тұрсам — сопақ қылатындай не жаздым? КҮЛИЯ, БОРБАС: ( жарыса ) Оу, біз не деппіз сонша? ШАПИЯ: Не демедіңіздер... Әлгінде ғана ауыздарыңа ақ ит кіріп, көк ит шықпады ма! Енді келіп мүләйімси қалыпсыңдар! Көзкүйік болып жүрсем кетерміз ертең - ақ. АҢҒАЛБАЙ: Шапия, жаным - ау, болған жайдың ақ, қарасын айырып айтсаңшы былай... ( әке - шешесіне ым қағып, Күлия, Борбастар иықтарын қушиытысады ). ШАПИЯ: ( орнынан шаптыға тұра келіп) Кетеміз! Қарамызды батырамыз бұл қу моладан! Не үйдің, не түздің ісіне жоқ, мұндай енені көрсем көзім шықсын! Екі ортада баланы аштан бұралтып өлтіретін болды... КҮЛИЯ: ( ұмсынып ) Әу, бала әлгі әзірде ғана оянды ғой! ШАПИЯ: Бәрібір! Бұдан әрі бұл үйде бір минөт те тұра алмаймын! ( Аңғалбайға қарап ) Сен кетпесең, баламыз екеуіміз кетеміз. Болды – бітті, кестім –үзілді! Қашанғы шашымды шеткі, қолымды көсеу етіп жүрем сол!

АҢҒАЛБАЙ: Әке - шешемді өлер жасында қайтып тастап кетпекпін? ШАПИЯ: Өлмесе, неге өмірем қаппайды маған десе... САХНА СЫРТЫНДАҒЫ ДАУЫС: Стоп! ( әртістер дауыс шыққан жаққа аң - таң күйде қарап, тұрып қалысады). БОРБАС : Жап - жақсы - ақ бастап келе жатыр едік қой... КҮЛИЯ: Соны айтам...

АҢҒАЛБАЙ: Тағы не жазып қалдық...

САХНА СЫРТЫНДАҒЫ ДАУЫС: Бұлай болмайды... Тым ауыр, ауыр! Бәрін де басынан бастап көрелікші, қанеки... бәлкім сол дұрыс болар. Ал, сіздер боссыздар... Кейіпкерлер лаждары қалмағандай қолдарын бір сілтесіп сахнадан шығып кетіседі...

Сол баяғы көрініс.

ТЕБЕРІК: ( сахнаға жүгіре кіріп ) Өлә, үй әлі жиналмапты... Енем келіп қалса ұят - ты ( үйді үнсіз жиыстыра бастап). Әлгі сиырды сауғаннан соң бадаға қосуға айдап барып келгенімше... Сүт те пісіп тасып - төгіле жаздағанын айтсайшы! Әйтеуір, үлгердім... Енем мұнымды көрсе, тағы бірдеңе деп жүре ме! Әй, өзіне қалай жағуды да білмейсің - әй... Біресе бұлттанып қатуланса, біресе күлімдеп шуағын шашып шыға келер күннің өзі ғой біздің енешка... ҚҰБЫЛИСА: ( есіктен дауыстай кіреді, қолында – кішкене сәби ) Келін, үйдемісің! ТЕБЕРІК: Үйбаи - й, міне, өзі де келіп қалды... ҚҰБЫЛИСА: Мына бала таңнан аш. Сүті дайын ба еді? ТЕБЕРІК: Қазір, апа, қазір...( домаланып қолды - аяққа тұрмай ыдысын сықырлатып сыртқа шығып кетеді ) ҚҰБЫЛИСА: ( баланы жұбатқан күйі шөкелеп отыра беріп ) Әй, осы күнгінің келіндері - ай! Етегіне сүріне - қабынып, ыбылжып жүргені сол! Мына мәнжубастың босағамды аттап келін болып түскеніне де бірер жыл болды. Елпілдеп қалған біреу өзі. Әй, әлі де жарытып тірлік қыла алмайды... Бір тостақ сүтті пісірем деп жаз бойы жағар отынды текке құртады. Оның өзін біреу дайындап, тау - төбе етіп үйіп қойса, одан артық не керек! Баяғының енелері - ай! Келіндері алдын кесе өтуші ме еді? Ала көзімен ата қараса - ақ жерге кіріп кетерден әрмен болушы едік... Ай, заман - ай! Ал, бұлар болса өзіңмен тең құрбысындай әзілдесіп, шатты - бұтты бірдеңені көңірсіте - еп отырғаны... Басқа шығып болды, түге! Әй, болсайшы, жер жұтып кетті ме, бәтшағар... Баласын біреу жұбатады. «Кәмөнізім»! Баяғыда... баланы таптық деген атымыз болмаса, «балам» деп бетіне үңіліп пе едік. «Атасының, әжесінің баласы» деп, өз ұлымызды өзіміз кеудесінен итеріп көрмәдік болдық -ау. Ал бұлар өйтпейді. Керісінше... үлкен бар, кіші бар демейді, қолы қалт етсе - ақ ұлын айналып - толғанып мекірене өліп - өшіп дүниені ұмытады, мүттем. Бірауық көңілімізге қарауды да білмейді... Абылайжаным - м менің! Қартайғанымда кеберсіген ернімді жібіткен күнім сол! Мұны да біресе төркініне, біресе «бәлнеске» ала қашып... қолымыз әрең жетті өзіне. Әи - й...

ТЕБЕРІК: Міне, апа, сүтке аздап талқан шылап... Әкеліңіз бері, өзім - ақ... ҚҰБЫЛИСА: Немене, біздің қолымыздан ішер асы арам ба, түге... ТЕБЕРІК: Апа, әбігерленбей - ақ қойыңызшы... Ауызғы бөлмеге шайыңызды әзірлеп қойдым. Оның үстіне баланы киіндіруім керек... Бәткен де келіп қалар. Даяр отырмасақ болмас. Абошты дәрігер апайға көрсетпекші едік... ҚҰБЫЛИСА: ( талағы тарс айырылғандай болып, баланы бергісі келмей ) Өзім, өзім...Не омырау сүтің де жоқ. Қит етсе «бәлнеске» ала жүгіріп... Өн бойында ине шаншарға жер қалмады ғой. Құртатын болдың баланы. Осы үйдің ұлы - қызы емшек еміп, уызынан жарып, одан қалды құйрық қылғытып жүріп - ақ сойдауылдай - сойдауылдай азамат болып өспеді ме... Сен - ақ аспан жаумай су болып... ТЕБЕРІК: Қойыңызшы, апа... Не болса соны айтып, бала құсап... ҚҰБЫЛИСА: Ым - м, енді мені балаға санадың ба, бәтшағар... ( баланы шарылдағн күйінше келінінің қолына ұстатып жатып ) Мә, ала - ақ қойшы ендеше қарық қылсаң... ТЕБЕРІК: Апа - а! Неге лақтырасыз баланы! Мен мұны төркінімнен туып келіппін бе? Осы үйдің, осы әулеттің тұқымы... Тегі жақпай - ақ қойдық қой сізге. «Кет» десеңіз кетіп қалайын. Баланы, бірақ, осында тастап кетемін! Әрі алыңызшы... ( баланы жұлқып - сілкіп кейуананың өзіне қарай икемдеп, алдына лақтыра тастап, орнынан тепсіне тұрып есікке беттейді) Енешкаға бүгін не болып қалды? Аяғымды неден қате бастым екен, ә? ҚҰБЫЛИСА: ( келіні кеткеніне әбден көзі жеткен соң) Үий - й, күнім әшейін, бір жерің ауырып қалған жоқ па? Шешеңнің әнебір қылығына қитығып... Сені төркінінен туып келгендей болатынын айтам да. Күндіз - түні айналшықтап үстіңе төніп, үйіріліп шықпайды жүдә. Бізді бір жаттың адамы көре ме! Әжесінің баласында несі бар әрі - беріден соң. Әрі жүрсінші! Ии - й, күнім - ай! ТЕБЕРІК: ( сахна шетінде шымылдықтан сығалап ) Е, бәсе, енем неге қитыға қалды десем... Немересін бізден кәдімгідей қызғанады екен ғой! Апа - у, мұныңызды қайдан білейін. Айналайыным - м, апасының баласынан сол! ( кетед і) САХНА СЫРТЫНДАҒЫ ДАУЫС: Е, міне, енді дұрысталды! Осы қарқынмен одан әрі жалғастыра беріңдер! ШАПИЯ: Бұл үйде жан баласы қалмаған ба... Қайда жүр бәрі. Апа, жеңешем қайда? ҚҰБЫЛИСА: Ә, қызым, сенбісің? Әке - шешең аман ба, айналайын. Не болды? Жау қуғандай ентігіп жеттің ғой, түге. ШАПИЯ: Апа десе, жеңешемнің бір әдемі гүлді көйлегі бар еді ғой... Соны бүгін мектеп бітіру кешімізге киіп бара қояйын деп едім ( ай -түйге қарамай төрдегі сандықты ашып, ішіна ақтарыстырып ). ҚҰБЫЛИСА: Әй, әй, Шапия - ау, оның не баса - көктеп! Жеңешеңнің өзінен сұрамайсың ба? Жар дегендегі жалғыз көйлегіне көзің түсіп сенің де... Өткендегің анау, бір киер топылиын із - тозсыз жоқ қылдың. ШАПИЯ: Е, оның өкшесі онысыз да түскелі тұрған болып шықпады ма? Түкке жарамады... ҚҰБЫЛИСА: Сен бұлай дейсің. Әнеукүні соныңды шешеңнің аяғынан көрдім бе, осы... ШАПИЯ: Сіз де қайдағы жоқты айтып... Оны папам Қаратастан әкеліп бермеді ме? ҚҰБЫЛИСА: Апта бұрын Теберік жүзігін жоғалтып, шарқ ұрды да қалды. Бір жақтан жау келді ме? Сен де жүрмедің бе осында сол күні... Көзіңе түспеді ме, қарағым? ШАПИЯ: Өлә, апа, мен ұры атандырайын дедіңіз бе енді... Ондай жүзік мамамда баяғыдан бар. Неғылам бөтеннің затын? ҚҰБЫЛИСА: Қызым - у, Теберік бөтенің бе еді? О не дегенің! Әлгі көйлекті де... өзінен сұрап киерсің. Шапия әжесінің сөзі құлағына кіріп - шықпай айна алдына барып, әлгі көйлекті тұла бойын шақтап көріп, әрі - бері қызықтап өзімен - өзі. Ыңылдап әндетіп те қояды. Осы кезде үйге Теберік кіреді. ШАПИЯ: Жеңеше десе, қарашы... Қалай құйып қойғандай жараса қалды өзі. «Вешірімізге» бір рет қана киіп барайыншы, ә. Өзімде де бар ғой... Бірақ, түсі мынадай қанқызыл емес.

ТЕБЕРІК: Жарайды, жарайды...

ШАПИЯ: Ой, жақсы болды - ау! ( қуанып, әлгі көйлекті сөмкесіне орап салып ) Чау, жеңеше! ( кетеді ). ҚҰБЫЛИСА: Келін - ау, өзіңде ес бар ма... Іске татыр жалғыз көйлегіңді беріп қойып... Ертең неңді киесің жұмысқа. Сен секілді қызметте де емес қой ол сорлықар... Ертеңі не боларын ойламайтын секектеген біреу әшейін. ТЕБЕРІК: Апа, қызықсыз. Бала да болса қайынсіңілім. Көңілін қалдырғаным қалай болады. Соны да сөз қылып... Ұнатса — кисін! Қыз ғой!

ҚҰБЫЛИСА: ( аузы аңқиып ) Келінім - у... Теберікжан - ау... күнім - ау!

ЕКІНШІ КӨРІНІС

Қазақы қоржын там. Аула. Там «көлеңкесінде» Құбылиса ұршық иіріп, Жармақ етік көктеп отыр. ҚҰБЫЛИСА: Ай, құдай - ай! Сені де бір мекеменің мүйізі қарағайдай қызметкері дейді - ау... Көн шоқайыңды бүтіндеп отырысың мынау, түге... Әлі күнге жәпірейген мына тоқал тамда үйіліп - төгіліп тұрып жатырмыз. Кейде деймін - ау, бір үйлі жанбыз, жалғыз көрпе астынан өргендей болып жүретінімізді ойлап жеті пұстым жерге кіргендей болады. Ағайынды екеуің де, міне, сойдауылдай азамат болдыңдар. Тым құрыса, мына ауланы кеңейтіп, шатырлап шағын үй тұрғызсаңдаршы... ЖАРМАҚ: ( естілер - естілмес күңкілдеп сөйлеп ) Он екіде бір сайманы жоқ, материал дегенің удай қымбат... ҚҰБЫЛИСА: Не деп міңгірледің жаңа... Мынаның күйдіруін - ай! Шалымның осы итарқасы болмаса, өле қалатұғын ба едіңдер, түге... Бала - шағаның да басы көбейіп қалды... ЖАРМАҚ: Енді маған неғылдейсіз. Қол қысқа, уақыт тапшы... ҚҰБЫЛИСА: Сен өй деп сөзіңнің артын сиырқұйымшақтатпа! Іріңдей үш бірдей қара сатып оқытқандағы оқсатқаның осы болса... Үйлену тойыңды да дүрілдетіп жасап бердім. Бәрі де шалымнан қалған малдың арқасы. Кімнен кем қылдым сені...

ЖАРМАҚ: Апа - ау!

ҚҰБЫЛИСА: Сөзімді бөлме деймін! Сонымен бітті ме... Аздан соң «ойбай, үйіне түсем,қатынымның қалың малын берем» дедің. Осы күнге дейін сабақты ине ұстатуды қойдың ғой, түге... Енді келіп, қазынаның дайын үйіне көшемін деші... Жәпірейген үйде біз қала берейік сол... СӘРУАР: ( қолтығына леген толы кір қыстырып шығып, онысын кермеге іліп жатып) Енді біздің қазынаның үйіне көшкенімізді көре қалдыңыз ба... Көзіңізге күйік болып біттік. Қарамызды батырамыз аз күн сабыр етсең... ҚҰБЫЛИСА: Келін, тіліңді тарта сөйле! Сендерді жаман болсын деп жатқаным жоқ. Мына қарашаңырақты қиқайтып тастап бара жатқандарыңды айтам. Осында өсіп, көгермедіңдер ме... Енді Бәткенге ауыр соғады - ау деп ойламайсыңдар ма? Өзінің оңған жұмысы да жоқ... Мына үйдің іргесін кеңейтіп беріп кетсеңдерші, еш болмаса... СӘРУАР: Біз де тұрдық қой жәпірейген үйде. Қазынаның үйін алсақ — еңбегіміз. Ішер астарын да шайнап береміз бе ұл, келініңізге... Бізге сонша неңіз өтіп еді?! ҚҰБЫЛИСА: Ойбай, мынау нем өткенін айтады ғой! Нем өтпеді! СӘРУАР: Қорадағы бес - он тұяқты да қылдай бөлісеміз әуелім...

Еншіміз бар біздің де!

ҚҰБЫЛИСА: Не дейді - ау! Аз еді алғандарың. Енді бетіне қарап отырған бірер сиырдың да тұқымын тұздай құртып, аузымызды топайдай етіп кетеміз десеңдерші! Мынаның күйдіруін - ай! ( бармағын көрсетіп ) Мынаны аласыңдар...

СӘРУАР: Мә болса, мә!

ҚҰБЫЛИСА: Құралайдан құрап әрең деп мал жидық па дегенімізде... Әй, мәнжубас, мынауыңа бірдеңе десейші! ЖАРМАҚ: Мұныңкі де жай домбыту! Не деп болады? ҚҰБЫЛИСА: Қояды десе, мынауың мені кім деп жүр! Беттен

алып, төске шауып...

БӘТКЕН: ( Осы кезде сырттан келіп кіре беріп) Оу, мында кішігірім соғыс басталғалы жатыр ма... Әу, жеңеше, қоймаймысың, түге... Ел - жұрттан ұялсаңшы...

СӘРУАР: ( тепсініп, орнынан тұра бере қыстыға жылап, Жармаққа қарап) Шешең
мен інің екі жақтап... Неғып отырсың омалып? ЖАРМАҚ: Өзіңе де сол керек!

СӘРУАР: (Үйге кіріп, артынша шабаданын алып шығып ) Бұл үйден мына шешең кетпей бір күн де тұра алмаймын! ( шығып кетеді). Баяғы аула. Үнсіздік. Құбылиса үйдің бұрышында бүктүсіп отырған екі немересіне - Шапия мен Тофикке қарайлап, ұршығымен болып отыр. ҚҰБЫЛИСА: Еи - й, Қысы - жазы сирақтарың сидиып бала -шағаңмен дүмеп жатқанда намыстанбап едің... Енді қазынаның үйіне көшіп құтылатын болдың «азаптан». «Үйді кеңейт» деп он жыл құдайдың зарын қылдым ғой... Көндің бе соған! ЖАРМАҚ: Енді - і... жаз шықса көреміз деп тұрғаным жоқ па? ҚҰБЫЛИСА: Осы Жалпақсайға көшіп келгелі бері қанша жаз,

қанша қыс... Қойшы - ей осыныңды!

ЖАРМАҚ: (ісі мандымай, жібі жиі үзіліп, инесі, біресе бізі тайып кетіп саусағын жаралап, абдырап - сасып) Бір істі бастасаң - ақ, осы. Сендер де... Түртпектеп тыныштық беруді қойдыңдар. Осы үйге зәуімен екі келін түсе қалып еді... Басы бір қосылмай... Қайтаруға көнбейді - ау енді. Әй - й, кім, Сәруар - р... ( орнынан тұрып барып Сәруарды сахна шетіне қақпайлап әкеліп) Қой енді... бір ашуыңды маған бер. СӘРУАР: ( бұлқынып) О, несі - әй! Үндемегенге... Кетсем, кетем де қалам! Шешем де «ішіме сыйған қызым сыртыма да сыяды» деп емешегі үзілумен отыр. Бірісін - бір, екісін - екі кешіріп... Әйтеуір, төзіп келем... Жібер деймін былай! ШАПИЯ: ( орнынан жұлқына тұрып, інісін қолынан жетелей бірер көрпе, жастықты іле кетіп) Жақсы үйге көшкеніңді де көре алмайды бұлар... жүр, өзіміздің үйімізге кетейік. Маматай, сен де жүр... Жақсылығыңды бұлар біледі ғой деймісің! (кетеді)

Сахнада Құбылиса, Бәткен.

ПОШТАБАЙ: (есік қағып кіріп) О, амансыздар ма?! Апа, Бәткен! Екеуіңіздің оңаша болғандарың, жүдә, жақсы болды! Апа... неғып қабағыңыздан қар жауып отыр? Мұндайда қуану керек, ақ түйенің қарнын жарып тастау керек қайта! Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба дегендей... қуан, ағыңнан жарыл, шашыл, апа - ау...Сүйінші - і! ҚҰБЫЛИСА: Қалағаныңда ал, қарағым! Дәу де болса бір жақсылық хабарың бар - ау өзіңнің. ПОШТАБАЙ: Болғанда қандай! Екеулеріңнің оңаша қалғандарың қандай жақсы болды деп айтпадым ба әлгінде... ( жүрелей отыра кетіп, сыбырлап) Мұны өзімізден басқа... бөтен - бастақ біреулер естімеуі керек! Өте құпия! Әлгі Көкіш көкем де бұл хабарды құпиялап жеткізуімді сұрады... ҚҰБЫЛИСА: Айтарыңды ащы ішекше созбай айтшы енді... Жүрегіміз онысыз да қырық жамау... ПОШТАБАЙ: Айтсам, сол! Бәткен балаңыз үлке - ен бастық болып облысқа ауыспақ! Көкіш көкем солай деді. Бәткеннің болашағы бар, ауылда жүрсе де, алты алаштың қамын жеп жазған - сызған үлкен ғылыми жобасы қабылданыпты! Облыста үлкен бір мекеме ашылғалы жатыр екен. Оған Бәткенді лайық көріп жатқаны да содан! Апа - ау, су берсеңізші! ҚҰБЫЛИСА: Е, ақсарыбас! Аузыңа - май, астыңа - тай, қарағым! Құдайым - ай, жетімді жетілдіріп, жеткердің бе, ақыры...( күбіден шалап құйып әкеліп, ұсына беріп) Күндіз - түні көз майын тауысып, ауылды көтерем деп бірдеңелерді шимайлап жүруші еді... Соның есесі қайтты десейші! БӘТКЕН: ( орнынан атып тұрып, абдырап, басын қос қолдап қысып) Шын айтасың ба, Поштабай аға! Апа - а! Үміт ақталды, міне! ( Аналы - балалы екеуі бір - біріне ұмтылысып,құшақтасып, көздеріне жас ала қуанысып) Алда үлкен мақсаттар тұр, апа! Батаңды бер ботаңа! ҚҰБЫЛИСА: Айналайын, мені өлер деймісің! Әләзір күш - қуатым бойымда. Қайда жүрсең де аман бол. Бағыңды байлап неғылайын! Келін екеуіңе де ризамын. Айтқанымнан шықпай, қолыма үйіріліп... барларыңды ауызыма тостыңдар. Қаласаңдар, сол қаланың өзіне көшіп те алғандарың жөн - ау! Екіжақты болмай... Мені құдай алады ғой деймісің, күнім! Елдің бір кәдесіне жарап, өз қолдарың өз ауыздарыңа жеткеніне қуанбайды ғой деймісіңдер... БӘТКЕН: Апатай... «Қызмет — қолдың кірі» дейді... Сені мұнда шошайтып қалай тастап кетеміз? Келініңіз әлі бір бес - алты жылдай осында қалып, қолыңызды жылы суға малып қана отырар деймін... Үй алып бір жайлы болған соң, қолымызға алармыз. Қолымнан келіп жатса, мына қарашаңырақты да қарқарадай қылып, еңселендірсем деп жүр едім... Ақсарайға айналдырам бұл үйді... Сөзім - сөз! Қапа болма, апатай! ҚҰБЫЛИСА: Ой, айналайын ботақаным менің... Көз алдымда алаңсыз ойнап - күліп жүрсеңдер болды маған. О не дегенің! ПОШТАБАЙ: Ой, апа - ау, балаңыздың қалада базарда арба сүйреп, елбе - делбе болып жүретіндерден сорты бөлек, үлкейі - іп кетіп барады! Ақсарай тұрғызу сөз болып па бұған! (шалабынан бір сіміріп қойып) Айтасыз - ау сіз де... Менің де осы інімнің қоластына, қалаға барып жұмысқа тұрсам ба деген жаман ойым бар. Бес - он теңгеге бола бет албаты шауып, ауылда әбден қапа болып өлетін болдым әйтпесе. ШАПИЯ: ( қасында Тофик бар, есіктен екпіндей кіріп, буыншақ -түйншегін реттеп жатып) Мамамның тонының, көйлек - көншегінің өзіне бір мәшине керек қой, құдай - ау! Сен ана көрпе - жастықты алып жүр, Тофик! Мамамның артынан келген көрпе - төсегі... Бұл үйде іліп алар жөнсу бірдеңе бар ғой деймісің! ( Сәруар,Жармақ кіреді) СӘРУАР: ( ешкімді елең - құлаң құрлы көрмей, балаларын асықтырып) Қанеки, тездетіңдер... Серке де келіп қалар бір жағынан трәктірін дүрілдетіп... әне - міне дегенше. Дүние - мүлікті теңдеп біткенімізше...

БӘТКЕН: Ау, үйлеріңе апақ - сапақта көшіп...

ҚҰБЫЛИСА: Соны айтам. Не, ұрлық жасағандай, түге. Былай... көрші - қолаңға құдайы тарқатып жөн - жосығымен көшсеңдерші... СӘРУАР: Қойшы сол! Мына тұрған жерге көштік деп, шашылып -төгіле берейік пе? ( Бәткенге) Шешең отырғанымызды –опақ, тұрғанымызды - сопақ қылды да отырды. Көшейік дедік пе! Тойларыңды жасап берсек те жақпаймыз мүттем... ҚҰБЫЛИСА: Келін, тілімді қышыта берме. Немене, қайта - қайта соқтығыса бердің... Той жасап дейді ғой! Оған сенің көк тиының шықты ма, түге! Бәткен мен келін қолыңа айлықтарын ішпей - жемей салды да отырды. Қарап жүрмей, белшеден қарызға батырғаныңды айтамысың!.. ЖАРМАҚ: Қойыңдаршы... Әбден титыққа тиіп... сендер де... (күбіні көтеріп бара жатып) жаңа үйге көшкенімізді де көре алмайсыңдар. Енді ел болып жатсақ... ПОШТАБАЙ: ( көпке қарап) Бұл үйде құпиялайтын да ештеңе қалмаған екен. Аралары онша емес. Әлгіні айтпасам болмайды енді. Менің де... ішім жарылып өлуге қалдым. Әй, Жармақ, сен ештеңе естіген жоқпысың, әлде...

ЖАРМАҚ: (тоқтап) О нені!

ПОШТАБАЙ: Пәлі, мынаның әлі ештеңеден хабары жоқ қой! Нені, нені! Мына Бәткеніміз үлке - ен дөй бастық болып, тұп - тура облыс орталығының өзіне ауысқалы жатқан жоқ па! Көшкеннің көкесі енді болғалы тұр, әне! Бастық - қ! ( саусағын көкке шошайтып, басқалар үнсіз. Құбылиса Бәткенге, Сәруар Жармаққа қарасып, аң - таң күйде орын - орнында тұрып қалысады)

ҮШІНШІ КӨРІНІС

Сол көрініс. Аздаған өзгеріс – сахнада тәпелтек қоржын үйдің емес, зәулім үйдің макеті. Ауладағы төсекте Құбылиса. Шашы ағарып ақбуырыл тартқан. Айнала - төңіректен құйқылжи сайраған құстардың үні келіп тұр. Гүлдеген алма ағаштары, гүлді хауіз, суатқақ. ҚҰБЫЛИСА: Жүйрік уақыт - ай десейші! Әне - міне дегенше арада он жыл зыр етіп өте шықты, міне... Айналайын Бәткенжанның арқасы бәрі де. Қарашаңырақты қақырайтып орнына ақсарай тұрғызам деді. Тұрғызды. Хауіз жасап, төңірегін гүлмен көмкеріп тастады. Өмірі қалада өтіп жатса да, көңілі елбіреп мында...біздің қамымызды күйттеумен жүр. Қайта аға - жеңгесі бала - шағасымен зәулім үйде ақар -шақар өмір кешіп, құдайы беріп қалды. Бір ауыз рахметі де жоқ қой шіркіндердің. Жұмысты да жетістіріп жүрген жоқ. Сәруар үйден кеткелі қаш - шан! Әне - еу Байқоңырда жүр сайранды салып!.. Оқта - текте төбе көрсетіп, қытайы арзан киім - кешекті үйіп - төгіп әкеліп, отбасын жұбатып кетеді әйтеуір... Мұнда күйеуінің ұрғашы иісін аңсап, емешесі құрып жүргені ойына да кіріп шықпайды. Қоймай ма сол бақалшық саудагерлігін! Қарық қылғаны шамалы. Мындағылардың күнкөрісіне менің «пенсием» жарап тұр қайта. Осы «пенсием» ғой мені оларға сүйменді етіп тұрғаны! Үйіріле қолыма қарап отыр. Ұлы да, қызы да тал түске дейін шалжиып ұйықтап, «көрөртте» жүргендей көреді өздерін. Жер тырмалап, тірлік қылайын дейтін бірі жоқ. Е, құдайым - ай, қайтейін енді. Жан - жағындағы елге де бірауық қарап қойса неғылады! Есігі алдында тышқақ лағы да жоқ. «Пенсиеме» екі - үш ірі қара алыңдар дедім — көнді ме! Айына жеткізбей ішіп - жеп қояды, түге. Тұяқтары қимылдаса - ақ, зар қақсап шыға келеді шетінен. Хан - төренің тұқымы ма дейсің бұларды. Ешбір уайымдары жоқ. Әй, Шапия, қайдасың! Ана қазанға ит тиіп кетер. Жолдан былай алып қойсайшы өзін. Әне, үйге кіріп алады да, еңірете ұйықтайды да жатады. Әлгі Тофик сорлы да көрінбейді. Әкесі «карташыл», ұлынан не үміт, не қайыр.. Бір жақтан Бәткен, Теберік келіп кіреді. Арқалаған, көтерген қоржын - қосқалаңдары қомақты.

БӘТКЕН: Апа, қайдасың!

ҚҰБЫЛИСА: Бұл кім - әй! Дауысы таныс өзінің. Айналайын Бәткенжаным ғой мынау! И - и - й, күнім - ай... Алдыңғыкүні көзім тартып еді, осыған көрінген екен ғой. Бәткен, Теберік қасыңда ма? БӘТКЕН: Апа - ау, сені іздеп, аңсап келген бір адам болса, ол менмін қазір... Дауыс ұзатып жатқан да мен. Осы дауыстың о жақ, бұ жағынан ең әуелі келініңізді іздеп, сипаланасыз да отырасыз. Менімен Теберіктің кіндігі бір, қосарлана жабысып жүреді ғой деймісіз...Мені сағынбадың ба! ҚҰБЫЛИСА: О не дегенің, құлыным - ау! Теберікті сағынғаным рас. Абылайымның да оның түп етегіне оралып жүрерін білем ғой. Немере тәтті өзі... Теберік, қайдасың? Бермен келші, жарығым...Көз де нашарлар тұр. БӘТКЕН: Жай айтып жатқаным ғой, апа. Міне, Теберік. Өзіңізге деп алып келген сыйлығы, сыбаға - сарқыты да мол, келмесіме қойды ма! Дидарыңызды бір көруге ынтық болды да отырды...

ҚҰБЫЛИСА: ( құшағын айқара ашаып) Жарығым - м, қалқам... Абылай келмеді ме! ТЕБЕРІК: Балалармен ойнап қалды орта жолда. Әй, Абылай, мында кел! ( Абылай келіп әжесінің құшағына күмп береді) ҚҰБЫЛИСА: Күндерім менің! Дені - қарындарың сау ма. Шапқылап жүрмісіңдер тегіс... БӘТКЕН: Апа - ау, сол қалада біздің қолымызда тұра беруіңіз керек пе еді. Байқаймын, жағдайыңыз мәз емес - ау. Ауыл деп, ана үлкен ұлдың жайы не болады деп ертелі - кеш үйге сыймай, аңырадың да отырдың... ҚҰБЫЛИСА: Енді қайтем... Сенің жағдайың, құдайға тәуба, біртіндеп түзеліп келеді. Сендерге алаңдамаймын. Мына жабысқыр Жармақтың жайы ғой мені мазалайтыны... Бүйіріме шаншудай қадалды да тұрды сол. Оның үстіне... қартайғанда сүйегімді сықырлатып барар жерім бе сол қалаң. Сіңіп кете алмадым. Келінге де өкпем жоқ. Бар жылы - жұмсағын ауызыма тосып, қолды аяққа тұрмай үйірілді де жүрді. Әлгі... Сәруар да үйден шықпай жүріп алды емес пе? Ауылда - ақ тұрсаңызшы, ел - жұрттан ұят - ты деп. Сөйтсем, оларға керегі мен емес, менің «пенсием» екен ғой! Оны өзім де білдім. Ауылдан құйысқанымды көтеріп нем бар. Әрі абысын - ажын, құрбы -құрдастарымның бәрі де ауылда. Сенің әкең де, ата - бабаларың да осында. Үйреніп қалған жер ғой, әдіреқалғыр. Жармақтарға да «пенсиеммен» септескім келді... БӘТКЕН: Бізге өкпең жоқ па. Кенже ұл қарашаңырақтың иесі ғой қашан да. Сол үдеден шықпадым ба деген ой жанымды жегідей жейтіні де рас. ҚҰБЫЛИСА: Оқасы жоқ, ұлым. Ол әрідегі әңгіме ғой. Қазір заманның зейілі, өмірдің кейпі солай болды. Адам - өз тағдырының құлы қашан да. Мені түсінбейді ғой деймісің...

(Сырттағы дабыр - дұбырдан оянып, іштен Жармақ, Шапия шығады) ЖАРМАҚ: Бір дабырынан бір дабыры асып... Бұлар кім деймін. Апамның құдайы беріп, жырғап жатыр ғой мұнда! ( Қызы екеуі келгендермен амандасады). Теберік қоржын - қосқалаңын көтеріп Құбылисаның төсегі тұсына келіп сый - кәдесін ұсынуға қызу кірісулі.

ТЕБЕРІК: Міне, апа, мынау сізге...
ҚҰБЫЛИСА: Мұның не?

ТЕБЕРІК: Жылы жүн жемпір, былғары кеудеше...мәсі, кебіс,тағысын тағылар.. Тәтті нан, науат, кәмпиттер мына дорбада екен - ау... ЖАРМАҚ: Түу - у...шешелеріңе бәрін үйіп - төгіп... Тараздың базарының бір қанатын түгел көшіріп келгеннен саумысыңдар...Бізге тағы да түк жоқ, ныспы қалдық қой! ҚҰБЫЛИСА: Тәйт әрі! О не дегені - әй! Қысқы соғымнан сыбаға деп тұр. Аз - мұз етін сүрлеп сақтап, «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер» шағында ауызынан жырып жеткізгенін айтсайшы қайта. Жаңа үйтілген қойдың тұтас сүмесі, бас - сирағы дейсің бе, қоржын басын қиқайтып әкелдім деп тұр. Сол аз ба бұл үйге? Ауылда тұрып, қаладан ет дәметесің тағы. Қайта бұларға сойысын қамдап беріп отырудың орнына.

ЖАРМАҚ: Тегісін айтып жатқаным да.
ШАПИЯ: Біз де Қаратасқа көшкелі отырмыз емес пе! Мал асырап не етеміз?

ҚҰБЫЛИСА: Иә, онда барып оқсатарсыңдар - ау. Жалғыз тайыншаны ит - құсқа беріп қойып...

БӘТКЕН: Ол не, тайыншаны қасқыр тартып кетті ме? Өзі буаз емес пе еді? ЖАРМАҚ: Е, сөйтті... Өрістен қайтпай қалып… Ит - құс қалың бұ жақта. Мал өсіруге мұрша берер түрі жоқ. БӘТКЕН: Шапия нені меңзейді? Әлгі көшуді айтам... ЖАРМАҚ: Е, әшейін домбытып жатқаны - дағы. Мына тұрған қалаға нәйеті жолкіре таппай отырғанда... Үйде де үнем қалмауға айналып барады. Сәруар келмесе, қырылуға қарадық... БӘТКЕН: Баяғы пайға алған жер үлестерің бар емес пе еді? Содан бір пайда бар ма өзі... ЖАРМАҚ: Ол да бір өнбес іс қой. Өлместің күні. Тек малдың қыстық жем - шөбіне ғана сеп. Әрі бізде мал да жоқ енді. Тиесілі шөпті сатып шай пұл етпесек... БӘТКЕН: Жалғыз сиырды ит - құстың жарып кеткенін көрмейсің бе!? Бұл болмады. Апамның ауызы аққа енді тие ме дегенде... ЖАРМАҚ: Ой, сен де... бірдеңе болса, «апам, апам» деп шыға келеді екенсің. Бұл кемпірді құдай алады ғой деймісің! Мұнда отбасымызбен түгел қырылуға қалғанда... Балалар тұттай жалаңаш. Солардың киімін бүтіндеймін деп Сәруар ертелі - кеш сауданың соңында жүр емес пе? ( шылымын тұтатып, бірер сорып, тұқиып отырып қалады). БӘТКЕН: Қап - әй, буынсыз жерге пышақ ұрып... Былай етейікші, аға... Менде аздаған ақша бар еді. Ауылда мал болар сиыр бар ма өзі? ЖАРМАҚ: Е, қазір әрбір үй — базар. Қалаға апаруға көліктің құны удай қымбат. Өй, сиыр табылмайды деймісің... Мына Мырзақұл да аларман іздеп бірнеше күннен бері алашапқын. ( Бәткен берген бір буда ақшаны алып, отырып, асықпай санай бастайды) Ой, мұндай -мұндайды тастай қатырамыз ғой!

ШАПИЯ: ( Теберікті оңашалап) Жеңеше, мұнда келші... Апамды айтам да.
ТЕБЕРІК: Ол кісіге не болыпты?

ШАПИЯ: Не болғанды айтады ғой. Айтарға ауызым бармайды. Бірақ хабардар болсын деп жатқаным... Соңғы кезде... астын жиі былғап... Мұны өзі де білмейді. Ауызымды дәкемен тұмшап алып, әйтеуір, асты - үстін қайта - қайта қағып - сілкимін деп - ақ титықтап біттім. ТЕБЕРІК: Немене! ( ауызы ашылып, ойланып тұрып қалады). ШАПИЯ: Ойбуи - й - й! Менің де есім шығып... Әлгінде құманды токқа сұғып кетіп едім. Ендігі тасып - төгіліп жатқан да шығар. Үйге, шайға кіріңіздер, қанеки!( кетеді) БӘТКЕН: ( Теберікке) Мен осы жаңсақ естімедім бе? Әлгі қыздың көңірсітіп тұрғаны не... ТЕБЕРІК: Түу - у - у, не деген саққұлақ едің! Оны да қағыс жібермедім деші... Мұның ақ - қарасын өзім де біліңкіремей тұрмын. Бұл қыз екі адамның арасына от салып, шағыстырмай жүре де алмас, тегі... Апамның ақыл - есі түзу көрінді...

БӘТКЕН: ( шыдамай) Апа десе...
ҚҰБЫЛИСА: Әу, жарығым...
БӘТКЕН: Ауырып жүрген жоқсыз ба?
ҚҰБЫЛИСА: Жоқ, ә... Әлгі бір әредік буын - буыным қақсайтыны болмаса...

ТЕБЕРІК: Ішіңіз ауырмай ма?

ҚҰБЫЛИСА: Бұрын бүйтіп шұқшиып сұрамаушы едіңдер... Күндерім - ау, мен жөнінде біреу бірдеңе деді ме? БӘТКЕН: Деді. Немереңізді әбден, асты - үстіңізді тазалатып әбігерге салып жүрген сияқтысыз! ҚҰБЫЛИСА: Е, құдай, сол ма! Өзі ғой төсек жаймаларын күнде бір тазалап, сілкіп салып пысықсынып жүретін... Осында ертелі - кеш үй ішін жуып, сүртіп (басқасы оңып тұрғандай!) қырнайды да жатады. «Өйтпе, бүйтпе» деп өңгелерінің де екі аяғын бір етікке тығады да жатады. Әдеті оның! Құдайға шүкір, аяқ - қолым сау, дәретім таза. Бұл қыздан ба... шығады бәрі. Ой, қос үйді қоса қондырмайды бұл. Осының түбіне осы мінезі жетіп жүрмесе түбінде. Қайсыбірін айтасың... БӘТКЕН: Е, бәсе! Бұл қыз ба... бұл қыз... Көңіліңе де қарамайды. Апа, ауырмаңызшы... ЖАРМАҚ: ( елеңдеп) Тағы да... апа, апа деп емешегің үзіліп. Айтқандай, өткенде... Апам біртүрлі болып... әрнені бір айтып... ҚҰБЫЛИСА: Тәйт, найсап! Насыбайдан қысқаныңды айтқалы келесің ғой! Менімен ойнаған түрлері... Бұлар ма, бұлар... Менің өз ақшамды өзіме қимай, нәйеті насыбай әкеліп беруге де жарамайды, түге. Оның өзін шым - шымдап беріп... ЖАРМАҚ: Ой, соның арқасы емес пе... бетің бері қарағаны... ҚҰБЫЛИСА: Әдіреқалғырлар - ай! Бұлар менімен ертелі - кеш құрдасындай іліп - шалып, әзілдесіп ойнауды ғана біледі... Бітірер басқа жұмысы да жоқ қой. Қайтсін! Шәкер шал қайта насыбайымен бөлісіп отырды... Оны бұлар қайдан білсін - ау! Түбің түскірлер, ал естігілерің келгені сол болса! Насыбайсыз болғаным жоқ.

ЖАРМАҚ: Ау. Адам деген жақсылықты білсе етті! ( шылымын тұтатып, сорып)
Арада бірқауым уақыт үнсіздік орнайды.

ШАПИЯ: (үйден басын қылтитып ) Шай ішіңіздер! САХНА СЫРТЫНДАҒЫ ДАУЫС: Стоп! Бұлай болмайды ! ЖАРМАҚ: Міне, ойынымыз тағы да түкке алғысыз болып шықты! Отырсақ — опақ, тұрсақ — сопақпыз. Бұл неткен адам өзі! ҚҰБЫЛИСА: Бәрі де жап - жақсы үйлесіп келе жатыр еді... БӘТКЕН: «Өзі жақсы әнді маңқа келіп бұзды» дегендей... Бұл хикаяны да дұрыстап аяқтауға мұрша бермедіңіз, құрметті режиссер... САХНА СЫРТЫНДАҒЫ ДАУЫС: Болды, жетті енді! Шайға

барыңыздаршы!
( бәрі үйге кіріп кетеді)

Аздаған үзіліс. Сахна сәтке ғана тыныш күйге енеді. Екі жақтан Күлия, Құбылиса шығып, бір - біріне қарай құшақтарын айқара аша ұмтылысып келе жатады. КҮЛИЯ: Әу, қыз - ау... Сені де көретін күн бар екен ғой. Бір қыс, бір жаз өтті. Тыпыр етер түрің жоқ! ҚҰБЫЛИСА: Әлденеме бұлданып, көкірегің қарс айырылып, хабарсыз жатып алдың ғой өзің де! өепең тарқады ма енді. КҮЛИЯ: Өзіңді сағындым, қыз - ау... Бұдан әрі шыдап жата алмадым. Таласты жалдап өтіп, жаяу - жалпылап құстай ұштым өзіңе... ҚҰБЫЛИСА: Өзің де дап - дардай басыңмен... әлі оң - солын білмейтін «шөпжелке» келініңді тәрбиелеп, жөн - жоба, жол көрсетудің орнына балаша бұртиып өкпелегенің не, жазған - ау... Үлкендігің, өмір көргендігің, қане? КҮЛИЯ: Жарайды. Бір ағат іс өтті басымнан. Мына құрғыр заман да адамды әуейі етіп... «Нервіни» қылды барлығын. Дүние құрғырың былай тартсаң оған, олай тартсаң бұған жетпейді. Бит терісіндей жетімсіз бірдеңе әйтеуір... Әлгі... немеремнің жөргек иісін аңсадым.( кемсеңдеп) Теріс батамды қайтарып алдым. Райымнан қайттым. Жастар жеңді — мен жеңілдім, қайтейін... ҚҰБЫЛИСА: Қой енді! Төріңнен көрің жақын қалғанда өзің де бір өрекпуді қоймайсың ғойі! Адуынсып, айбынасың келіп! Шамаңа қарамайсың тегі... Бір жағынан Жармақ, Сәруар бірдеңені көтеріп кіріп, абдырап тоқтап, бір - біріне қарасып үнсіз қалысады. ҚҰБЫЛИСА: Әй, мында келіңдер! Құдағиларыңа сәлемдесуге де мұршаларың келмей сүрлігіп жүрмісіңдер! Әлгі ұлдары Тофикті аяқтандырып...соның қамы ғой.... ( Жармаққа ) қорадағы әлгі екі - үш қойдың бірін сой да, соны боршалауға кіріс ерте күнді кеш қылмай! Құдағиыңа бір тамақ беруге шамаң келер түге!

ЖАРМАҚ: Бопты! Міне, қазір ... ( кетеді) ҚҰБЫЛИСА: ( Сәруарға) Сен неғып тұрсың селтиіп... Адам көрмегендей... Шайыңды қамда сасып - салбырамай! Сәруар кетеді. Осы кезде сырттан Поштабай даудырлап, дабыралатып келіп кіреді . ПОШТАБАЙ: Сүйінші! Сүйінші! ( Құбылиса, Күлиялар жалт қарасады. Сәруар есік жақтауына сүйене елеңдей қалып) Бәткеннің үйінде — қуаныш! ҚҰБЫЛИСА: Мұнда да қуаныш. Оның несін айта бересің! ПОШТАБАЙ: Ә... құдағи, сіз де келіп қалғанбысыз! Ауыл - аймақ

тегіс аман - есен бе? Көкемнің жайы қандай?

КҮЛИЯ: Үйбай - ау, мынау әлгі... Осында ауым - сауым болып қазит тасып жүретін Поштабай ма? өзі сықиып киініп алыпты! Әзер таныдым. ПОШТАБАЙ: Иә, сол пақырыңызбын. Қазір облыстамын, Бәткеннің «курьерімін»! қаражаяу поштабай емес! ҚҰБЫЛИСА: Жарқыным, әлгінде сүйіншілеп, тасыраңдай кіріп едің... Соныңның мәнісін айтпадың ғой ! ПОШТАБАЙ: Е - е... оны айтуға мұрша беріп жатырсыңдар ма! Жаудай жағаласып! Шапия қызымыз тағы да... ұл тапты! КҮЛИЯ: Немене! ( сәл толқып) Айналайын - ай, қу жалғыздың бір басын екеу етсем деп... Өзі аман - есен аяғын бауырына алды ма, әйтеуір. ПОШТАБАЙ: Аяғын бауырына алғанды айтасыз! Олар жаңа үйге көшкен. Кілтін осы жуырда алды. Импотекаға! Жұмыстары да жақсы. Бәткеннің қол астында баяғы. Адам болып кетеді әлі - ақ... Айтқандайын, екі кемпірге... тойст, сендерге деп бір дорбабазарлық, орамал, көйлек те беріп жіберді. Міне...

ҚҰБЫЛИСА, КҮЛИЯ: Алла разы болсын! (Сәруар қолымен оқыс бетін басып, өксіп, үйге кіріп кетеді) ПОШТАБАЙ: Айтқандай...

ҚҰБЫЛИСА, КҮЛИЯ: Тағы да бір қуаныш?!

ПОШТАБАЙ: Бәткен Жармақ көкеме қожалықтың жұмысына, тойға үлгере алып жатыр ма, көмек керек пе деп, біраз қаражат беріп жіберіп еді...

КҮЛИЯ: Е, айналайын - ай...
ҚҰБЫЛИСА: Ботақаным сол!
САХНА СЫРТЫНДАҒЫ ДАУЫС: Енді бітті. Айтпағымыздың бәрі осы!

ШЫМЫЛДЫҚ.

Эсселер

СӨНБЕЙДІ, АПА, ШЫРАҒЫҢ...

«Жұрттың бәрі солай — біз өзіміздің бойымыз үйренген тіршіліктен айырылғымыз келмейді, басқаның бәрінен безініп тұрамыз: өйткені басқаша тұрмысқа қалай бейімделуді білмейміз»

Пауло Коэльо.

Өзінен бірер күн алыстасам - ақ құшағына қайта оралуға асығып тұратын туған ауылымнан, өскен - өнген, әбден бауыр басқан ортамнан күндердің күнінде тамырымды мүлде үземін - ау деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Бірақ жазмыштан — маңдайыңа жазылғаннан қашып құтыла да алмайды екенсің. Құдіреттің ісі ғой! Оған қылар қайрат, қарсылық қайдан болсын жұмыр басты пендеңде! Солай, тағдыр айдауымен бір - ақ күнде мынау деген қала тұрғыны болдым да шықтым. Ал бұдан сәл ғана бұрын Ақкөлде қызмет еткенімде, аудан орталығы — іргесі тиіп - ақ тұрған жер, ауылға екі күннің бірінде ат басын бұрып, қарашаңырағымның төрінде аунап - қунап, апамның қолынан дәм татып кететіндіктен алыстығы да білінбейтін. Ауылмен ара - қатынасыма пәлендей сызат түсе қоймаған - ды... Түп көтере көшіп у - ду қаладан бір - ақ шыққанымда, бөгде әлемге тап келгендей оның таныс та бейтаныс һәм сұстылау тас көшесінде бірауық сәмсіреп тұрып қалғаным бар. Өмір бойы ауылда, табиғат қойнында бұла өскен ұлдың айнала - төңірегін тас үйлер қоршаған қалада өкпесі қысылғандай ішқұса күй кешкені анық... Өмірім қалада өтіп жатыр дегеніммен, көңілім бауыр басқан ортамды, ауылды аңсап, алып - ұшады да тұрады — шаһар тірлігіне үйренісіп, сіңісіп кете алсамшы! Айналамды түгел тас қаптап кеткендей. Мейірім, шуақ, ізгілік, кеңдік дейсің бе.... бәрі де көз ұшында сағымдай бұлдыраған сол бір ат төбеліндей ғана аяулы ауылымда қалып қойған секілді... Мұндағы өмір ондағы өмірге ұқсамайды, мүлде жат. Бұл да ештеңе емес екен, ауылдағы үйімді сатқанда көрдім көресінді. Өзімді ауылмен жалғап тұрған соңғы ілекер - жіп еді. Ол да үзілді, ақыры. Айында, жылында бір көретін, бұрынғыдай дем - тынысын дәл құлақ түбінен сезінбейтін ауыл елеске айналды. Ондағы өткен өмірім де. Енді мен үшін діліме жат, болмысы - табиғаты да суықтау ортада ойым түгіл түсіме де кірмеген өмірімнің келесі, өзіме де тосындау кезеңін бастан өткерудің, бойымдағы бұрыннан сіңісті болған өмір сүру салтын мүлде ығыстырып тастап, жаңа дүниеге бейімделудің, «далалықтан» нағыз қалалыққа айналудың кезегі келгендей... Бәрібір, ауылда анаммен бірге өткізген балалық бал күндерімнің елесі көңіліме мәңгі мөрленіп те қалды... Оны өшіре де алмайды екенсің. Қайта аңсар - сағынышыңды қоздатып, сол үзік - үзік елесінің өзімен тұла бойыңды сыздата өрерін қайтерсің! Осы күні анамның балиғатқа да толмай жатып әкеден айырылған екі жетімекті — ағам екеуімізге «не ішем, не кием» дегізбей, тамағымызды – тоқ, көйлегімізді — көк етіп, тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай бұла өсіруге күші - қайраты қалай жеткен деп те қайран қаламын. Тіреліп тұрған дүниеміз де жоқ қой. Бірер сиыр, оншақты уақ малдың еті, сүті, айран, май, құрты, сосын әлгі... бізге кәмелет жасына толғанға дейін төленетін «пособие» (оның өзі жиырма төрт сом ғана) күнкөрісімізге қаптал жетіпті де тұрыпты. Жастау кезінде үй бетін көрмей, не бітіп, не қоймайтын колхоз жұмысының тертесіне жегіліп (соның өзінде жарытып айлық та алмады ғой), шарболаттай шыңдалып, шынығып өскен соң ба, апам отбасының бар ауыртпалығын бір өзі қара нардай көтеріп, шырқ үйіріп алып та кеткен. Содан былай қарай, үйдің отын - суы, малдың жем -шөбі, біздің ас - ауқатымыз — соның мойнында, жоқты тауып, барды ұқсатып, отбасының берекесін бір ортайтпапты. Қылшылдаған қырық жасында (өзінен әкем екі мүшел жас үлкен болатын) жесір қалып, ойын - күлкіден тиылып, еркеккіндікті атаулының бетіне қарауды да қойып, былайғы ғұмырын «екі ұлымды жетілдірсем» деумен сарп еткен ана ерлігі еді бұл! Рас, соңыра біз де есейіңкіреп, анамызға қолғанаттыққа жарай бастадық. Сондағы бар бітіреріміз — жазда қойкезекке барып келу, ауыл төңірегіне қозы - лақ жаю, ал қыстыкүні қолға қарайтын малды суарып, алдына шөбін салып, астын құрғатып, көң ою, одан қалды төбесі саманмен жабылған тоқал там үстінің қарын күреп тастау секілді кәкір - шүкір іс... Апам малдың шөбін жаздай өзі арқалап тасып жиюмен болады. Айтқандай әредік біздің есек арбаны дыңғырлатып айдап, құры ілесіп барып келетініміз бар ғой. Оның өзінде бірде арба, бірде есек таптырмай жігеріміз құм болатын - ды. Шөп науқанының қызып тұрған уақтысында күш - көлігін бізге кім көзі қиып бере қойсын! Апам онымен де шектелмей, қыстық отынға деп малқоралар орнының қиын үйіп, суырып, тезек теріп, шағыр, шеңгел шауып, алты - жеті шақырымнан арқалап таситын. Көбінесе мені өзіне ерқара етіп ілестіріп алушы еді... Мені еңбекке баулығаны ма екен, әлде... Бір арқа отынды бұйым құрлы көрмей «әуп» деп көтеріп алып,шайқалақтап теңселе басқан күйі қасындағы менімен жайбарақат әңгімелесіп те келе жатады... Әредікте тоқтап, арқасын босатып, аз -кем дем басады да, әлгі өзінен әлденеше есе үлкен қау отынды арқасына қайта сілкіп салады... Осылай дәу үймек отын алыстан қараған кісіге (маған да) ауыл шетіндегі біздің үйге өздігінен жылжып келе жатқандай көрінетін. Астындағы апам көрінбейтін де. Үйге жақындап келіп «топ» еткізіп түсіріп, арқанын босатқанда, әлгі бір арқа отын қобырап біраз жерді алып кететін еді. Ал апам болса ағып терлеп, тіпті арқасына көйлегі жабысып арық жиегінде аз - кем дем басып отыратын - ды. Осылай апам Тәукей шеңгелінен қаншама рет арқалап отын тасыды екен! Әй, есебі жоқ - ау оның! Апам мені «аурушаң» деп, ауыр іске жұмсай қоймайды. Дегенмен, қолы қысқа. Бірде мені амалсыздан «Қарасан келгір - ай, тіпті үй бетін көруді қойды. Бұзауын да ұмытты. Суалып кетер, түбі» деп қызыл қасқа сиырды қайдан болса да тауып, айдап келуге жұмсады. Ал менің түс қайта басталатын сабағымнан қалмауым керек. Қызыл қасқа таптыра қойса — жақсы.

— Шоқай баздың о жақ, бұ жағындағы қалың шеңгел ішінде жүрген шығар... — деп апам оның бағытын да нұсқады.

Обалы неге керек, астымдағы қара тайқарым лыпып тұр, тегі. Жонарқасын қамшымның сабымен ысып келіп жібергенімде қытығына тие ме, әлде ызалана ма екен, бөксесін көтере мөңкіп, құнжыңдап мені сол бойда шаңға аунатып кеткісі де келеді. Бірақ иығынан аз - кем осылай мытып - мытып жіберсең, жүрісі ширай түседі құрғырдың. Қара тайқарды ұшыртып айдап, Шоқай базға да жақындап келемін. Мезгіл күз кезі. Шөбі шабылып, жер ашылып, ауылдағы сиыр атаулы бададан босап, қай тұстың шөбі шүйгін болса, басы солай қарай ауып, бет -бетіне кеткен - ді. Тұспалдауымша, қызыл қасқа манағы баз маңындағы көлшіктің қалың қорысына кіріп, шиеніне бөгіп жатыр - ау. Өйткені сол тұстағы малдың қараң - құраңы молдау көрінген. Дегенмен, мына елсіз құла түз, «өлдім» десең келе қоятын маңымда ешкімнің жоқтығы мені біртүрлі елегізіте бастады. Жаздыкүні мұнда өзімнен ересектеу ағама ілесіп келгенімде, пішеншілердің ығы -жығы болып, тірәктірлердің әрлі - берлі шөп тасып ызғып сапырылысып жүргенінен құлағымыз сарсылған. Ал қазір... олардың бірі де жоқ. Дала бей - жай қалғиды. Есесіне аң - құстың құдайы беріп қалыпты. Мына жым - жырт түз енді біржола солардың иелігіне көшкен. Тап бір қалың қаудың ішінен тісін ақситып қасқыр шыға келетіндей. Түлкі ме, қарсақ па, әлдебір аң алдымды кесе көлденеңдей жүгіріп өтуі менің бұл қорқынышымды үстей түскен... Ендігі бір сәтте алдымыздағы биік жар қабағынан әлдебір шиқыл - дауысты естіп, төбе құйқамның шымырлап -ақ кеткені... Сөйтсем, сарышұнақтар. Бұларың маған таңсық емес. Ініне су құйып, түтін салып талай суырдың сорын да қайнатқанмын. «Ехе - ей, сендердің де мені қорқытқыларың келе ме» деп қуана айқайлап та жібердім.сол бетте жарқабақты қолымдағы қамшыммен жосылта салып өттім: «Қарай гөр бұларды!» Қалай дегенмен, адамдардан әбден запыста болып қалған мақұлықаттар емес пе, олар сол бойда індеріне зып беріп кіріп, «көздерін құртты». Тек мына біреуі... Ойбай - ау, бұл сарышұнаққа ұқсамайды ғой! Өзі қоңырқай түсті, белі де әнтек ұзындау секілді. Күзен болды бұл! Маған қарай бүктетіле жиырылып атылғалы тұр ма, қалай? «Сен кімсің?» дегендей менен көзін айырмай бағжия қарап қалыпты. Айқай - ұйқайыма пысқыратұғын түрі жоқ өзінің. Оның мұнысы мені ілкі тіксінтіп те өтті. Заматта үсті -басымды мұздай тер жапты. «Сасық күзен адамның өзіне қарай атылып, тамағын орып жіберуден де тайынбайды» дегенді естуім бар. Тауығымызды талай тамақтап та кетпеді ме бұларың! Ал мынау мені баласынып тұр, дәу де болса... Өзімнің де дауысым шіңкілдеп... Астымдағы қара тайқар да оқыс іркіліп, құлағы тікірейіп, осқырына төрт тағандады да қалды. Аяғын ілгері басар емес. Дұрысында, аяғын қия бастырмай тұрған — әлгі пәлекет. Жер бауырлап жата кетіп, аңысын аңдып, бір пәлені бастағалы тұр. Тайқардан қалай сырғып жерге түскенімді де білмеймін. Тай есекті қалқалап, қалайда бір қайрат көрсетуді ойлап тұрмын. Апыр - ай, осындайда қолыңда ұзын сырығың болса екен - ау... Құрғыр қамшы қайбір қару болып жарытсын, түге. Айдалада мынандай пәлекет албастыдай басады деп кім ойлапты. Қолыңа ілігерлік тас та жоқ қой мұнда... Сөйтіп арбасып тұрғанымызда, мың жасағыр қара тайқарымның (ауылда қалған енесі есіне түсті ме) басын шұлғып -шұлғып тұрып, жер - көкті басына көтере әңкілдеп ақыры - ып келіп жібергені бар емес пе?! Сол, сол - ақ, әлгі күзен жалт бұрылып алып, кездей құйрығы жер тоқпақтап, құлыперен құйғыта қашты - ай келіп. Бұлыңдап артына қарайлай зытты... Осыдан кейін қара тайқары құрғырды қалай жақсы көрмейсің! Дес бергенде, қызыл қасқа да орнынан табыла кетті... Мені көріп, танығандай «мө - ө» деп қойып, мүйізін шайқап отқа қайта бас қойды. «Әй - й, жетті енді! Сені іздеймін деп жүріп күзенге жем бола жаздағаным жоқ па?» Қызыл қасқаны ал кеп қуалайын. Ол шіркіннің шүйгінді тектен - текке тастап кеткісі жоқ, тегі. Бұлталақтай қашты. Дегенмен, мені, қара тайқарды көріп, бұзауы есіне түсті ме, сәлден кейін өзі - ақ ауылға қарай мойнын соза мөңіреп алдыма түсіп, бортылдатып желді де отырды... Апам менің «еңбегімді ескеріп», семіз қойдың қоң етінен қатырып тұрып ащы қуырдақ жасап қойған екен. Жалпы апамның оқудан келген бетте жүрек жалғап алсын деп, бірде картоп, бірде қуырдақ қуырып, қазанжаппа жауып, май - сөк бөктіріп, дап - дайын етіп қоятыны бар - ды. Мұнысын бір сәтке ұмытқан күні және жоқ. Соның бәрін қайдан табатыны, ауыз жарымас ақшаны қалай ұқсататыны бір құдайға ғана аян. Өзі жұмыс істеп, айлық та таппайды ғой. Әлгі жиырма төрт сомды сағызша созып соған дәлме - дәл жеткізетін, әйтеуір. Бірақ ол ақшаң бір қап ұн мен екі - үш келі қанттан артылмайды да ғой! Бұған ол кезде мән бермеппін. Ал қазір соған өзім де қайранмын. Тек бізді қайтсем тарықтырмаймын деп таңды таңға ұрып уайым жеп, дүрсілдей соққан ана жүрегінің үні ғана құлағыма келгендей болады... Айтпақшы, әлгі ып - ыстық қой - қуырдақты қарбыта асап отырып, сасық күзеннен қалай қорыққанымды әңгімелеп бергенімде, апамның көзінен жасы аққанша қоймай күлгені бар. «Құдай - ай, қайдағы бір сасық күзеннен қорқып... Қоян жүрегім - ай сол! Қара тайқарың құтқарыпты қайта!» деді әлден уақытта. Апам сонда менің алғашқы сынақтан аман - есен өткеніме қуанды ма екен!? Тағы бір жай есіме түсіп отыр. Бұл енді кішкенерек кезіміздегі болған іс. Апам әлдебір шаруаларымен аудан орталығына баратын болып, бізді «бір күнге бас - көз бол» деп көршілес тұратын абысынының қолына табыстап кеткен... Көршідегі әйел бірақ, бізге ал дегеннен - ақ қырын қабақ танытты. Оған отырғанымыз - опақ, тұрғанымыз - сопақ көрініп (өзінің өмірде пұшпағы қанамаған кісі еді), «қит» етіп аяғымызды қия баса да алмай қалдық. Ол үй бізге таңғы ас берді ме, бермеді ме, берген күнде де ол ас алаңсыз ойынға айналмағаннан соң бойға сіңбеді ме. Жүрегіміз сазып, кешті әрең батырдық - ау... Оның үстіне әлгі әйелдің бізге су да татырмай, ертеден кешке дейін қозы - лақ қайыртып, одан қалды ауласын сыпыртып, су тасытып діңкелеткенін қайтерсің! Алғаш қарнымыздың ашқанын сол жолы сезіндік. Анамыздың арқасында дымды да білмей келіппіз - ау. Анасыз тамағымыз - тоқ, уайымымыз жоқ болып бір күн де жүре алмайтынымызға көзіміз сонда бір жеткен. Екеуден - екеу анамыздың жолына қарап, қыр басында ербиіп отырдық та қойдық... Дес бергенде, апам да сол күні - ақ кештетіп қайта оралды, әйтеуір. Өзі де «балаларымның жайы не боды» деп алаңдап, үкідей ұшып жетті. Алдынан жүгіре шыққан бізді жылы құшағына орай берді. Бірер күн кешіккенінде күніміздің қалай болатынын көзіме елестете де алмаймын... Көршідегі әйел: «Мыналарың кісікиік пе, өздері... жан баласына елікпейді - әй!» деп бұрқылдап жүр. Анамызбен өз қолымыз ауызымызға жеткенінше бір күнге болсын арамызды ажыратпаған Алаһқа мың мәртебе алғыс! Біздің отбасымызға алпыс сегізінші жылдың әйгілі қысы, айтары жоқ, қатты - ақ тиді. Қыс тым ұзаққа созылды. Ақпан айының соңына қарай азын - аулақ жиған шөбіміз тақұл - тұқыл бітті де қалды. Жалғыз біз бе, тіпті совхоздың өзінің малы шөбі түгесіліп, қырылудың аз - ақ алдында тұрды... Сырттан келер көмек шамалы - тұғын. Өз бетімізше амалдаудан басқа жол жоқ. көхананың үстін соның алдындағы жылы қалың етіп сиырқұйрық, құрақ төсеп жауып, жаңалап сылап алғанымыз бар - ды. Апам, ләж жоқ, көхананың төбесін ашуға қосты бізді. Әлгі сиырқұйрық, құрақ аралас «шөпті» мал біраз күн талғажау еткен. Бірақ ол соншама малдың жұмырына жұқ болсын ба. Сосын апамның ауылдан алты - жеті шақырым жырақтағы «Асу базда» совхоздың малын бағып отырған бір жамағайыннан «әке, көке» деп жүріп, күніне бір - екі «престен» арқалап тасып жеткізіп (тізеден келетін қарды омбылап соншама жерге сыбай - салтаң жаяу жүріп жетудің өзі қиямет -қайым ғой), «шөптің» басын біраз қарайтты. Одан әрі қолға қарап қалған малға ұннан қайнатып быламық бердік пе - ау, өзімізден артылған «сорпа - суаннан» қарайластық па - ау, сол жылғы қыста, әсіресе, апамның азын - аулақ малдың басын қалай дін - аман сақтаймын деп, жан беріп, жан алғандай болып арпалысқаны есімде қалып қойыпты. Ол әлгі зілмауыр «престі» ит өлген жерден көтеріп келіп үй іргесіне «дік» еткізіп тастай беріп, «ух» деп отыра кетеді, арқасынан тердің буы бұрқ етіп сыртқа теуіп, аязыңды да елең - құлаң көрмейді, тіпті. Сонда оның қасы - қабағына, орамалының шетіне сауыс -сауыс болып мұз - қырау қатып үлгергенін көріп, өзін бейне бір «қар адамы» ма деп те қаласың. Осындай - осындайын көріп, аяп, менің апама көмектескім де келді. Бірде үйдің тап іргесінен алдында қар сүргіші бар шынжыр табанды тірәктір дүрілдеп өтіп бара жатты. Ол сол күйі тоқтамай, сонау көз ұшындағы су бөгетке дейінгі аралықтың қарын сүріп, жол салып кетті. Барып көріп едім, бульдозер тісі кей жердің топырағына дейін жалаңаштап, мал ауызына ілігерлік бірен - саран жантақ, шағырдың қылтиып түбі көрініп жатыр. Малды осы жол сорабын қуалай айдап, су бөгетке дейін барып қайтсам, олардың да ішіне біраз «ел қонып» қалары анық еді... Апам мұнымды бірден құптап, «мұның жөн екен, тым құрыса бой жазып қайтсын» деді риза болғандай пішінде. Жол табанына түскен мал әр жерден бір қылтиып көрінген шөп тамырын таласа - тармаса үзіп жеп біраз жерге барды. Әлгі жерге осылай бірер күн мал «жайып» лаждағанымыз да есімде... Бірақ, қар арқауы сетінемей біразға дейін жатты. Бірде өзімізге жамағайын болып келетін жылқышы Ережеп есігіміздің алдына ыңыршағы айналып, өлуге қалған тырыли арық шабдар биені алып келіп байлап жатты. «Бір үйір жылқыларыңнан қалғаны осы. Өзгесі түгел қырылды» деді қапаланғандай үнмен. «Бұл сорлы киеңкі ауру болған соң, өлмей аман қалған екен да!» деді апам сонда күйіп кетіп. «Енді... қыстың түрі мынау» деп Ережеп мұрнының астынан күңкілдейді... «Жыртық үйдің құдайы бар» деген. Көп өтті ме, аз өтті ме, қыстың кәрі қайта бастады. Қар кетіп, жер аяғы да кеңіген. Малдың тең жарымын «қысқа» беріп шықтық, біз де. Бір үйір жылқыдан қалған көз — шабдар биені де... Алпыс сегіздің қысы осылай біздің отбасымыздың да берекесін шайқап өткен. Апама, әсіресе, осынысы қатты батты. Қыстың аты – қыс. Ал сол қыс қаһарынан да суық ызбар, қиянат, зорлық басқа емес, жамағайынымыздан келгені көпке дейін өзегін өртеп, күнұзақ өзінен - өзі бұрқылдап, солармен «ұрсысып» жүретін де қоятын... Ашуының артында зілі жоқтығын біреу білді, біреу білмеді... Сол ақжүрек аңқылдақтығын сәтімен пайдалана да алған секілді. «Балаларым ішсін, жесін, солар қуансын, қатарынан қалмасын» деп қаншама азапты, ауыр күндерді уайыммен жалғыздан -жалғыз арпалысып өткіздің екен сен! Мұңың да, уайымың да тек ішіңде болды. «Тырс» етіп бірін де сыртқа шығармадың. Өзіңді, әр кезде де жайраңдаған қалпыңда көретінбіз. Сенің уайым ойлауға уақытың да жоқ - ты. Қашан көрсек те, сиырды, қосақтап қой - ешкіні де сауып (біз солардың басын ұстап ербиіп қана тұратынбыз), одан қалды қазан -қазан сүт пісіріп, айранды күбіге қотарып, күмпілдетіп пісіп, құрт қайнатып... бір тынбайтынсың. Сөйтіп жүріп қысқа жетерлік бірер қап құрт, екі - үш қарын май жиып алатынсың. Біздің қамымыз еді ғой бәрі де! Тәңір саған ат басындай алтын жүрек беріпті, қазір ойлап отырсам! Сенің басыңдағы, міне, осы ауыртпалықты бүгінде басына түссе, екінің бірі көтере де алмас - ау! Сені соларға үлгі еткім де келеді... Бетімізден қақпай көрмей өскеніміз сенің арқаң емей не! Әкеміздің жоқтығы да білінбеді бізге! Әкенің де, шешенің де орнын басып, бізді балиғатқа жеткіздің, ақыры... Қанша жерден таршылық пен тағдыр теперішін көріп, өзегің өртеніп жүрсең де, бізге, біздің теріс қылықтарымызға налып, суық қабақ таныттың ба екен десейші! Біздің де, апа, саған көрсетпегеніміз жоқ - ау, сірәдағысы! Бірде іргедегі Көкөзектен балық аулаймыз деп алып кетіп, лайға малып әрі сүйреп, бері сүйреп, көлдей масахананы (ол кезде мұндайдың таптыруы да қиын - ды) ірітіп, түкке алғысыз етіп тастағанымызда, күлдің де қойдың. Есесіне өзіміз жаздай айнала -төңірекке қи жағып, түтін салып әлектеніп, бәрібір масаға таланып шықпадық па! «Шілденің мына ми қайнатар ыстығында қайда барасыңдар, салқын үйде демалыңдар, түге» деп, сыртынан құлып салып түкпір тамға қамап тастағаныңда, терезеден амалдап шығып, сол күні Асу баздағы Рысқұл көкенің үйіне барып, бір жетідей жүріп алғанымызда қабағыңды шытпадың... Жанқалтаңа тығып сарымайдай сақтап жүрген «пеннсиеңнің» жымқырып кетіп, жартысының басына су құйғанымызда да... Балалық қой бәрі де. Сол балалығымыздың тұнығын шайқағың келмейтін. Еркелігімізді «бәрі де сендерден садаға кетсін - ау» деп кешіріп, маңдайымыздан сипайтын да қоятынсың. Сенің кеудеңде ат басындай алтын жүрек соғып тұрды, өйткені! «Біз» деп соқты. Сол жүрек тағы бір қатты қыс келгенде, екі мың бесінші жылы соғуын мәңгіге тоқтатты. Сексен алты жасқа қараған шағыңда ешкімге сабытыңды да салмай, өмірден өттің, аяулы ана! Егіз құлыныңды Тәңірге тапсырып! Боталарыңды әділбұлыққа жеткізіп, олардың өз беттерінше тірлік ете алатынына нық сеніммен Мәңгілікке аттанып кете бардың...

Көзімнен жасым күн - түн бұршақтады,
Өзіңе сыр сақтадым, жыр сақтадым.
Міне, енді қабірің құшып аңырайды,
Ата боп бір кездегі құрсақтағы ұл!

Сіңісіп Мәңгілікке көшің кетті,
Қос атпен жете алмаспыз қусақ - дағы.
Анашым, ақ жаулығың ағараңдап,
Бізбенен жүрер едің бір сапта әлі!

Қалғандай саябырлап бір сәтке әнім,
Көре алмай ақ жүзіңді бір шақтағы.
Өзіңнің талай - талай ізің қалған
Кезсем де туған жердің қыр, шатқалын!

Отырмын бармағымды қыршып, алла - ай,
Көлдетіп көз жасымды бір тыя алмай.
Жеткізіп жақсы көру сезімімді,
Қалдым деп маңдайыңнан бір сүйе алмай!

Жыр арнап ұлы шайыр, жыршылардай,
Жылайын іштей өксіп, үн шығармай.
«Балам бар артымда» деп арқа тұтып,
Аяулым, ол жақта да жүрші ұялмай!

Бір медет етеріміз, артыңда ұл - қыздарыңнан тараған он сегіз немерең, отыздан астам шөберең қалды. Сөнбейді, апа, шырағың сенің, ендеше!

МЕДЕТ БАҺАДҮР

Атадан — ұлға, ұлдан — ұрпаққа үзілмей жалғасып, сонау ықылым заманнан там - тұмдап жеткен ерлердің есімі кең сахара даламызда кеңінен тараса, ол «алтын сандық» - ауыз әдебиетіміздің құдіреті мен күштілігінің арқасы. Үлкен, кішілігіне қарамай қай ауылдың болса да арқалы ақыны, дуалы ауызды би - шешені, елін, жерін жарақты жаудан қорғар өз жеке батырлары да болғаны ақиқат. Дегенмен, жыршы - аңызшылардың шеберлігі мен шешендік деңгейіне қарай, әрі соңғы жетпіс жылдан астам уақыт бойы бұрмаланып келген, тіпті тұншықтырылып тасталған тарихи ақтаңдақтардың әсерінен бізге жетіп, көпшіліктің талғамы мен талқысына түсіп отырған деректерде кей батырдың есімі тарихтан біржола жоғалуға шақ қалса, оның үстіне қазіргі әдебиет, баспа беттерінен қағажу көріп келеді. Олар туралы мағлұматтар мен ертеден ескерткіш болып қалған тарихи мұрағаттардың уақытын және зерттеушісін күтіп жатқандары да баршылық. Қазақ жұртының ХҮІІІ ғасырда бір емес, екі емес... үш дүркін «ақтабан...» болып шұбырындыға түскені Ұлы тарих жадында мәңгіге мөрленіп қалды. Оның ішінде халқымыздың үштен екісіне жуығын қырғынға ұшыратқаны – 1723 жылдың көктеміндегі жоңғарлармен арадағы қанкешу мен алапат ашаршылық еді. Осы «жүз жылдық жосын» - ғазауат соғыс аздаған үзіліспен 1758 жылға дейін созылғаны белгілі. Үйсін Сарышуан жырау жырлағандай, қазақ жасақтары «жау тиді десе жата алмай, о шетіне бір шыққан, бұ шетіне бір шыққан, жауға кеткен елді ойлап, көзінің жасын мың сыққан» ауыр күндерді бастан өткерді. Бұл дәуір оқиғаларын жете зерттеу, зерделеу аса маңызды іс. Осы тұрғыдан қарағанда, халық тәуелсіздігі жолындағы күрес дарынды қолбасыларды, аузы дуалы билерді, талантты дипломат - елшілерді, жалынды жырауларды, көреген батырларды, көріпкел - әулиелерді, ерлігімен, ақыл - парасатымен аты аңызға айналған аруларды оқтын - оқтын тарих сахнасына шығарып отырған. Бұлардың бізге дейін аты жеткендерін анықтап, оған құрмет көрсетіп, қадірлеп - қастерлеуге, аруағына бас июге, ұрпағы мақтан етуге тұрарлық ата - баба, ару - аналардың әйгілілері ретінде бүгінде 3 аса ірі мемлекет қайраткерінің (Салқам Жәңгір, Әз Тәуке, Абылай), 30 - дан астам қолбасының, 100 - ге жуық аға батырдың, 4 қолбасы жыраудың, 7 ұлы бидің, 15 бидің, 30 - дай елшінің, 6 ақын - жыраудың, 8 көріпкел -әулие, абыздың, ондаған аты аңызға айналған ару - ананың есімдері төл тарихымызға алтынмен апталып, күміспен күптеліп жазылды. Олардың қатарында Талас өңірінде туып өскен, қазақ халқының басына ауыр күн туып, қауіп - қатер төнген екіталай заманда туған жерін, елін қорғап, ту алып, тұлпар мініп, жауға қарсы тайсалмай қан майданға шыққан аға батырлар ошақты — Саңырық, шапырашты — Көшек, ысты — Төлек, шымыр — Қойгелді... (әлі белгісіздері қаншама) есімдері де аталады. Кезінде озық әскери жүйесі бар, тіпті зеңбіректермен қаруланған жоңғар шапқыншылары қазақ жерінің оңтүстік - шығысында жатқан Талас өзені алқабына дейін жаулап алған - ды. Сол тұста халқымыздың қамын жеп, жауына арыстандай атылып, алмастай серпілген Жүніс, Құдас, Төлек, Бұғыбай, Қалтас,Төлтік, Медет батырлардың ұрпақтары қазір де осы ауданның аумағында тұрып жатыр. Олардың баһадүр бабаларына деген құрметтері де ерекше. Ерлік елге — мұра, ұрпаққа — ұран екенінің бір тағылымы бұл! Осындай есімі, ерлігі қағажу қалыңқырап тұрған тұлғалардың бірі — Ұлы жүздің Ысты руынан шыққан Медет батыр Жақсыбайұлы. Ол шамамен ХҮІІІ ғасырдың орта шенінде 1750 жылдары Көкдала өңірінде (қазіргі Талас ауданына қарасты Бөлтірік ауылы) дүние есігін ашыпты. Батырдың балалық, жастық шағы қазақ елін Жоңғар, Қалмақ, Қоқан хандықтарының талапай - қысымы, қазақтың өз ішіндегі алауыздық, барымта секілді әлеуметтік қайшылықтардың өрттей шарпып тұрған кезеңімен тұспа - тұс келіпті. Саурық, Сұраншы батырлардан бұрын Ағыбай, Өтеген, Жауғаш, Райымбек, Наурызбай батырлармен тұстас өмір сүрген. Қайсыбірімен жорықтас, үзеңгілес болыпты. Көне көз, кәрі құлақтан жеткен әңгімелерге қарағанда, Абылай хан сарбаздарының бірі. Сыртқы жауларға қарсы соғыстарда ерен қаһармандық көрсеткен жүректі ер. Ақиық ақынымыз Сүйінбай Аронұлының қырғыз ақыны Қатағанмен айтысында:

Абылай атқа мінгенде,
Арқа сүйеп келгенде,
Жер қайысқан он мың қол
Үйсіннен маған ергенде,

Жол қылды дейді жортумен
Алатау, Алтай арасын!
Шаш ал десе, бас алып,
Аттары кетпес кермеден.

Одан бері Ыстым бар, Алатаудай күштім бар! — деуі ыстыдан шыққан баһадүрлердің сол бір ел қорғау жолындағы қанкешулерде үлес салмағы мол болғанын да көрсетеді. Кешегі ғарасат майдандарда елдікті ту ғып ұстаған жүректі ерлердің басы қайда қалмаған десеңізші! Сондай есіл ер Медет Жақсыбайұлының ерлік істері аңызға айналып, ауыздан -ауызға тарап, ұрпақтан - ұрпаққа ауысып бүгінге жетті. Бөлтірік ауылының тұрғындары Әшірәлі Тайжанов, Қали Қасыиовтардың айтуымен жазылып алынған Медет батыр туралы әңгімелердің бір парасы мына төмендегідей... Бірде ауылдың естияр еркеккіндіктілерінің барлығы бірдей бір жортуылға кеткенін пайдаланып, ел шетінен қалмақтың жарақты қосыны келіп тиіп, өрістегі қыл құйрықтыны түгел алдарына салып айдап кетеді. Бұл — бала Медеттің намысына тиеді. Жарақты жаумен бетпе - бет соғысудан жасқанып, бірақ қалың жылқы ізімен жүріп, жау қарасы көрінер жерде соңынан қалмай ілесіп отырады. Жау жағы мұны байқай қоймайды. Бір уақыттарда межелі жерлеріне жетіп, бір - ақ бел босатыпты. Аттары әбден зорығып, өздері де шаршаған. Бала Медет аулақтан барлап қарап, қалмақтардың бір бәйге атын желіде байлап ұстайтынын байқап қалады. Енді соны қапыда қолға түсіруді ойлайды. Мұның да орайын тауып, белі мықты әлгі ат тақымына тиген бойда алалы жылқының бетін ел жаққа бұрып, бөрліктіре айдай жөнеледі, ақыры... Тақымына тоқ жарау бәйге аты тиген бала Медет тіпті арқаланып кетеді. Соңынан қуа шыққан жау жасағына найзасын білеп, «қанеки, қайсың менімен жекпе - жекке шығасыңдар. Жеңілсем — жылқы сендердікі» деп қасқая қарсы келді дейді. «Осы жас бала не істей қояр дейсің» деп жау жасағы оның бұл уәжімен де келісіпті. Бірақ өзімен жекпе - жекке шыққан қалмақтың үйелмендей батырын әп - сәтте найза ұшына іліп, ырғап допша домалатқанын көріп, өзгелері тайсақтап, тиісе алмай кейіндеп қалып қойыпты. Жау қолынан ауылдың алалы жылқысын қайтарып әкелген Медеттің бұл 12 жасар кезі екен. Тағы бір аңызи әңгіме. Ақжолтай Ағыбай батыр туырлықтай тұтасқан үйсін елінің ақтылы қой, алалы жылқысын барымталап, Арқаға беттеп Талас өңірін көктей өтіп бара жатады. Әлде бұл оның Жайық бойындағы Бостан байдың ауылын шауып (Ақжолтай батыр мұны 73 - ке келіп жантәсілім етер шағында үш өкінішінің біріне қосқаны тарихтан белгілі) келе жатқан сапарындағы бір бүлігі ме екен... Сонда Медет батыр бауыры Қуат екеуі «ауыл үстінде сойылдассақ, бала -шаға қорқар» деп, мініс аттарын киіз үйге кіргізіп, тығылып бас бағып тұрады. Барымташылар ауылдан әбден қара үзіп ұзады - ау деген мәурітте соңдарынан қуа шығып, жеткен бойда Ағыбай сарбаздарын бірінен соң бірін сойылмен жасқап, ер үстінен ұшырып түсіре беріпті. Реңі қарасұрланып, қалың қасы көзін жауып кеткен қазанат мінген ердің алапат күш иесі екенін жазбай таныған Ағыбай, ендігі жерде қантөгістің тіпті орынсыз екенін ұғып «Батыр, тоқта, жөн сұрасалық» деп қарсы алдынан шығып, атынан түсіп қарсы алыпты. Медеттің Ағыбай батырмен алғашқы таныстығы, міне, осылай басталыпты. Кейін қос батыр Кенесары, Наурызбай қолының құрамында талай жортуылдарға бірге қатысқан. Медет батырдың Абылай хан сарбаздары қатарына алынар алдында сынақтан өтуі де айрықша қызықты. Абылай хан, әдетте, жаңа келген сарбаздарды есебін тауып ескі қорымға тобымен жұмсап, қаншалықты батыл, жүректі екендерін електен өткізіп алады екен. Соның кезегі Медетке де келіпті. Сарбаздар тобы қорымға жақындай бергенде, одан беті - ауызы ақ матамен тұмшаланған «әруақ» шыға келіп, бұларға тап беріпті. Міне, осы кезде қаннен - қаперсіз келе жатқан өзге сарбаздар шошып, тым - тырақай қаша жөнеліпті де, Медет болса, қынынан қылышын суырып, серт ұстап, «тірі әруақ жүргенде, өлі әруаққа не жорық» деп әлгінің өзіне ақырып тұра ұмтылған ғой!.. Медет баһадүр Абылай ханның сенімді сарбазы ретінде бір айтулы жорыққа қатысып, қалмақ ханының туын, басқа да жәдігерліктерді олжалап, онысын кейін елдегі туыстарына таратып та береді. Сол заттардың бірде - бірі сақталмапты. Ең өкініштісі де сол. Бірақ небір қилы заманда тар жол, тайғақ кешуді басынан кешірген халықта ондай мүмкіндік қайдан болсын - ау. Батырға ел арасында, «батыр аңғал, ер күдек», «батырды қазақтың кез келген долы қатыны туады» деп те сипаттама беріліп жатады. Батыр — алапат қара күш иесі, соғыс өнері машығына жан - жақты жетік болумен бірге, алдын - ала болжай білерлік көрегендігімен, жүректілігімен, ойлылығымен, даналығымен де батыр. Бұған, мысалы, Медет батырдың жершілдігіне қатысты әңгіме дәлел бола алады. Күн - түн қатқан көп жорықтардың бірінде қайтар жолда боран тұрып, адасқан сарбаздардың өздері қай тұсқа келгенін де шамалай алмай абдыраған бір сәті болса керек. Медет сонда ат үстінде отырған күйі найзасын жерге қадап «Түсіп қараңдаршы, кеше осы жерде түстеніп едік қой» депті. Сарбаздар түсіп көріп, батырдың кеше түстенген жерінде ұмыт қалдырып кеткен кездігінің сабын найзасының ұшымен тіреп тұрғанына қайран қалыпты. Өлкеміздің экологиясы, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі бағзы кездегідей емес, соңғы жылдары елеулі түрде өзгерді. Ал кезінде Талас өзенінің қалың қамысты алқабы жолбарыс мекені болғаны белгілі. Тарғыл шері ауыл маңына жақындады, бітті — елде әбігершілік туады. Оның ақырған дауысынан буаз малдың өзі іш тастап, құлан қағынан жеріп қашатыны анық. Сондай бір ірі жолбарыс екі ауыл айырығында мекендеп, саяқ шыққан малға, тіпті адамға да шауып, мазалап, елдің не істерге білмей дағдарып отырған кезі екен. Жырақта жортуылда жүрген Медет батыр мұны, әрине, білмейді. Жорықтан түн қатып қайтып келе жатқан жолында ол әлгі жолбарыспен бетпе - бет келіпті. Бес қаруы бойында жүрер баһадүрдің мұндай - мұндайға әбден еті үйренген ғой. Шалт қимылмен қапысын тауып, әлгі ирелеңдеген алабажақ пәлекеттің басына шоқпармен бір салып қалып, есеңгіретіп, төрт аяғын қыл шылбырмен тас қып байлап - матап тастап, жүріп кетеді. Ертесіне ауылдастары Медеттің келгенін біліп жиылып, «Батыр -ау, кеше түнде қай жолмен жүрдің» деп сұрасады. «Мына Таластың өрлеуіт жағасымен - дағы» депті батыр қаннен - қаперсіз. Жұрт одан бетер үрейленіп, «апыр - ай, батырекесі ол тұс қауіпті еді ғой. Қалың қамыс ішіне жолбарыс бұғып, малға, жанға талайдан зәбір көрсетуде. Сен оның тырнағынан қалай аман - сау қалдың?» деседі. Медет сонда жәйімен ғана: «Иә, түнде сол тұстан бір мақұлық артыма жармасып, қалмай қойғаны бар. Сосын шоқпармен басқа ұрып сілейтіп, байлап тастап кеттім бәтшағарды» десе керек. Жұрт жиылып, әлгі тұсқа қорқа қорқа жақын барып көрсе, шынында да аяқтары матаулы шері көзі жайнап, айбат шеге иретіліп жатыр дейді. Соның өзінде елдің оны ұрып алуға да батылдары жетпейді. Медет батыр сонда «байлаулы мақұлықтан несіне сонша қорықтыңдар, тәйірі» деп келіп, жолбарыстың жүрек тұсына найзасын қадап өлтіріпті. Жалма - жан терісін де сыпырып алып, үйінің төріне ілгенде тарғыл шері терісі шұбатылып жерге тиіпті. Сонда батыр «бәсе, түнде байлап жатқанымда құрғырдың бөксесі қомақтылау көрініп еді» депті, өзі де аң - таң қалып. «Батыр – аңғал» келетініне бір мысал осы. Ұлы жүздің ішінде ысты руының «бес жетім» анасынан тарайтын Жақсыбайдың қос ұлы Медет пен Қуат ұрпақтарының өзі бүгінде бір ауыл болды. Екі ағайынды кісінің ұрпақтарының бертінде ауызбіршілік болмауынан, бірінің - бірі жағасына жармасып, тоз - тозы шығып, екі жарылып Шу бойына, Жалайыр арасына ауа көшуі — кешегі «ел, жер» деп түн қатқан Медет батыр атына қара дақ болып телінгені де есте. Ел болған соң, ұрқөкпе содыры, телі - тентегі болатыны ақиқат. Оларды тезге салар текті қариялардың болғаны қандай ғанибет. Кейін солардың араласуымен туған жерінен өз ішінен шыққан бірен - саран содырдың теперіш - қысымына шыдамай ауа көшкен жұрт кері көшіріліп те алыныпты. Ерлердің елін, жерін қорғайтыны, біріктіретіні, ал ездердің — содырлардың біртұтас елді екіге айыратыны әлімсақтан белгілі. Саңырық, Кенже, Медет, Қойгелді батырлар елдің біртұтастығы үшін қанкешулерде шаһит кешті. Олар ел іргесін бүтіндеп, бүгінгі тәуелсіздігіміздің туын тіктеп кетті. Жас ұрпақты қаһармандық, батырлық рухында шыңдап, отансүйгіштікке тәрбиелеудегі ұлы үлгі -өнеге бұл... Осы үлгі - өнеге ұрпақтар жадында мәңгі өшпестей болып жаңғыра берсе екен!..

АЙ ТҰТЫЛҒАН ТҮН

(поэма)

Әлқисса, бағзы замандарда... елді береке, бірлікке шақырып, ыдыратпай ұстаған басты ұйытқы — сол елдің ауызы дуалы би -шешендері, абыз ақсақалдары, жеке батырлары еді... «Бір құмалақтың бір қарын майды шірітетіні» секілді дер кезінде тиым салынбаса, азын -аулақ телі - тентектің қиямпұрыстығы мен қиғылығының өзі тұтас елдің тыныштығын бұзып, бір атаның балалары арасына от салып, бірін -біріне «алтыбақан, ала ауыз» етіп, жауластырып қоятынына да тарихта мысалдар көп - ақ. Ағайын арасындағы түсінбеушіліктен, бір ата балаларының бір қазанда бастары піспеуінен туындайтын өкпе -базына, араздықтың елге билігі, сөзі жүретін абыздардың араағайындық жасауымен басылып, руластардың бір - бірімен шұрқыраса қауышып, өле - өлгенше құшақтары жазылмастай болып табысып кеткендігіне де. Ағайын араздығының ушыға келіп, тұтас елді шарпып кетуі қаупі байқалса, онда ру, тайпалардың қонысын алысқа салып, уақытша болса да бір - бірінен іргесін аулақтата тұрғаны, мүлде суысып та кетпей алыстан сыйласқаны жөн. Әйтеуір, сол бір билік институттары қалыптаса қоймаған, қауымдық - әулеттік, иерерхиялық қоғамда аталас, қандас ру - жүздер өкілдерінің арасындағы үлкенді -кішілі дау - жанжалдарды шешуде «қанға - қан, жанға - жан» принципін ұстануы, бір - біріне зәбір - зорлық көрсетуі қазақ қасіретнамасының «ақтаңдақ» бір беті де секілді... Өзге емес, өз жерінде үркердей болып көшкен жұрттар қасіретнамасы... Атақты би, шешен, батыр Бөлтірік Әлменұлы өмір кешкен тұста болды осындай бір жай. Бидің бел баласы Танабайды Іргеқұмда бас бағып, ел шетіне жау жуытпай жатқан ошақтылар таң бозында айыра алмай «қалмақтар» екен деп аңысызда оққа байлап, соңыра бұл дау екі рудың (ойық, ошақты) өзара араз болмауы үшін (қазақта мұның өзі мәңгі бітіспеске, түп - тұқиянға кетер «кек» қой) Бөлтірік би ауызсүген атасынан тарайтын үркердей жұртты түгел жиып, Балқаш бойына ауа көшуімен саябырсымап па еді?! Ойықтың төрт арыс елінің (Ауызсүген, Қызылқұрт, Көкшекөз, Сәтек) бір бөлігі осылай лаждың жоғынан қандастарынан көшін аулақ салуға да мәжбүр болды. Би шешімі хан жарлығынан да кем болған жоқ. Ауызсүгендердің елден жырылып, ауа көшуін базбіреулер «еншіге таласудан» деп көрсетеді. Мұның да жаны жоқ емес. Бұл да қазақ қоғамының сол кезде «ескі дертерінің» бірі. Дегенмен, ондай «майда - шүйдені» есімі алты алашқа мәшһүр, қара қылды қақ жарар әділ би, әрі батыр Бөлтіріктің шеше алмауы мүмкін емес. Шешуді айтасыз, «пәледен - машайық» деп, үркердей жұртын бастап, ешбір мәмілеге де келмей, алды - артына да қайырылмастан атақонысынан бір түнде өкше көтеріп, көшіп жүре бергені де қисынсыз. Бұдан гөрі «көштің» себебін Танабай өлімімен байланыстырушылардың уәжі анағұрлым негізді. Өйткені, екі рулы ел арасындағы болашақта болмақ - дүр жанжалды ушықтырмай басу, кешірім жасау Бөлтіріктің ғана қолынан келетін іс. Кешірім де жасаған сияқты. Бөлтірік шешен туырлығы тұтас ел ішінің бірде болмаса бірде бұзылып, ыдырауына осынау оқиғаның өзі (қасақана жаулық жасалмаса да) әбден жеткілікті боларын, «жара орны» оңайлықпен бітіп кетпесін сұңғылалықпен болжай алды, әрі өзінің ішкі жан күйзелісін басуы үшін де осындай қадамға барған болуы керек... Сол кезде Танабайдың қаза болған орынында «Танабай жуғысының» тұрғызылуы да бұл оқиғаның қателіктен туса да, Бөлтіріктің ғана емес, тұтас ел - уалаяттың қабырғасын қайыстырып өткеніне дәлел бола алады. Таулы, тасты өлкеде шайқас үстінде шаһит кешкендердің басына пәлен жүз түменнің осылай бір - бір тастан қаластырып, омақа (белгі) үйіп кететіні тарихтан белгілі. Ал құмды шөлейт жерлерде тас орнына ақтаспа кендір - шөбі пайдаланылса керек. «Танабайдың жуғысының» орны осы бертінге дейін сақталды... Аумалы - төкпелі замандардағы «үркердей болып өз ішінде өзі көшкен жұрттардың» бірінің тарихы осындай - ды.... Ал осы төрт арыс Ойық елінің Көкшекөзінен тарайтын атасының бірінің (бес жетім) екі жарыла көшуіне не себеп болды? Мұны ел ішіндегі телі - тентектердің дүмі қатты болуының, күштілерінің әлсіздеріне тізесін батыруының әсері деседі қариялар. Ал, ақынша айтсақ....

І

Кейде бір жайт көңіліңді пәс қылады,
Абдыратып тастайды, састырады.
Бір ата ұрығынан жаралғандар
Қалайша бір - біріне қас қылады?

(Жолда ұзақ жолдасына қас қылмайды,
Біледі қасқыр екеш қасқыр әлін!)
Қалайша өзіне - өзі қимаған сол
Өрісін дұшпанына бастырады?

Мақтайды әлдекімнің мәстек атын,
Өрелеп ұстар өзінің жас пырағын.
Індеті өзін - өзі танымаудың
Мінекей, осыдан кеп асқынады.

Құрметтемеу, үңілмеу өзіне - өзі
Рухтың бітейді тек тас бұлағын.
Осыны ойлағанда, «ойпырм - ай» деп,
Еріксіз кеудеңе ащы жас тұнады.

Болған - ды бір кез жеке батырлардың
Ел - жұрттың тұтыстығы – басты ұраны.
Жел өті, ел шетінде тұрды олар,
Бірігіп ел ес жиды, бас құрады.

Ел – жетім басшысы жоқ, батыры жоқ...
Суалар рухында бар басты нәрі!
Құдай - ау, кім ойлаған тәрк етер деп
Баяғы билікқұмар нәпсі бәрін.

Кім қалды батырлардан, абыздардан...
Табамыз қайдан елдің жақсыларын?
Ожарлар жүр ойына келгенді істеп,
Білместен елдің жайын Хақ сұрарын.

Өзіне аманаттап берген жанды
Аллаға қалай, қайтіп тапсырарын,
Тізесін туғанына батырғанға
Жүрерін дос қарсы боп, жат сынарын,

Елінен айырылғанның ерні кеуіп,
Қаңсыған қу емендей шарт сынарын,
Бүгінде жүргенменен тақымы толып,
Мінерге лау таппай, атсырарын,

Елден жеп, үріп ішіп, шайқап төгіп,
Кешуде ожар жынсыз бақсы халін...
Құдай - ай, меңіреу, көзі, құлағы жоқ
Неткен жан... өзін - өзі жатсынады!

— Батырдың ұрпағы — мен, не істесем де,

Барша жұрт «тақсыр, батыр» деп тұрады...
Тентектің тіпті ісі жоқ, мейлі мұны
Былайғы ел жақтырмайды, жақтырады...
Әйтеуір, сырттан келер дұшпанға емес,

Ағайын - туғанына төкті кәрін!
Баяғы қос батырдың атасы — бір
Бірінің ұрпақтары, «оттылары»
Қоңқаштап, екіншісін түп - тұқиянымен

Кім білген түптің түбі «жоқ қыларын»!
Ерлігін енді ожарлар малданып жүр,
«Ел, жер» деп дүниеден қанша өтті нарың!

ІІ

Әлқисса, бұл кезде қос батырдан (шартты түрде Ботпан, Құтпан деп алдық) тараған ұрпақ Сарыдаланың өзінде бес жүз үйлі ауылға айналып үлгерген - ді. Дегенмен, бір ана көкірегін еміп өскен ағалы - інілі батырлар ұрпақтарының арасындағы дүрдараздық ойда жоқта туды. Құдайшылығына келсек, құлан жортса тұяғы, қыран ұшса қияғы күйгендей аптапты, көз тоқтатар қараусыны жоқ мидай жазық маң далада, кең - байтақ құмды өлкеде бұлар бөлісе алмайтындай түк те жоқ қой! Алайда пендешілік дегенді қойсаңызшы бұл! Бар пәле Қалпан тұқымының өрен - жарандарын, телі - тентегін төңірегіне жиып, «батырдың ұрпағымын» деп ұрынарға қара таппай, жау жоқта шоқпарын тақымына қысумен жүретін Зорбектен шықты! Еншісі бөлінбеген ағайын - туысты айдың - күннің аманында «Ботпан, Құтпан» деп екіге бөліп, ата - бабаларынан қалғанның бәрін (мал, жер, су, суат, жайылымдық, қыстау, қоныстар да баяғы) меншіктеп, дау айтып, пәле салумен жүрген де сол... Астағифралла, Ботпан балаларына ішіне бүгулі бармағын көрсетіп, «мә, аласыңдар қатқандарыңның басы» деп төбелеріне шоқпар үйірді. Алдындағы малын айдап кетіп, жақын -жуығына тізесін батырды - ай кеп!.. Зорбекке қарсы келер кім бар. Баяғыда осы ел, жер үшін Ботпан мен Құтпан жауға біріге, бір атқа мінгесе шапқан еді! Ал мына Зорбек олардан да зор шықты! Жүз шақты үй - қандасының мүддесі жақын еді оған. Ботпан балаларынтоз - тозы шыққанын көруден артық бақыт, рахат жоқ еді оған! Ботпан балаларының күнде құдайға зар қылып, күңіреніп, жүдеп - жадап отырғаны оның миығына ащы кекесін үйіретін. Ботпан балаларының барын тартып алған Құтпан батырдың өрен -жарандарының ауыздарынан ақ майы ақтарылып жатқаны анау. Аяқтарын хан ұлындай алшаң - алшаң басады, түге. Е - е, мұның барлығы да құм өлкесін билеп - төстеп отырғаны жалғыз Қамбар қасқалы атты «батыр» Зорбектің арқасы екенін ел біле ме! Нәпсіңнің айдауына еріп, илеуіне көнгенің — рухыңның өлгені. Нәпсінің боданы болған пендеден еліне келер пайда жоқ. Зұлымдыққа, зұлмат қара күштердің топан смуына бұрқанысты қайратпен қарсы тұра алмайды ол. Нәпсінің құлдығынан босанып шыға алмаушылар бұған дейін де Шыңғыс хан, Напалеон, Грозный патшалардың талай тасын өрге өрлеткен... Зорбектің бойында да шексіз билікке көзсіз құмарлық бар - ды. Өздерінің миссиясын (елін, жерін жаттан қорғап, мерейін өсіру) атқарып болып, бақилыққа кеткен абыз, батырларынсыз бұл ел (бес жетім елі) біраздан қорғансыз, жетім күй кешулі еді... Күндері Зорбектерге қарап қалған. Зорбектер өздерін «батыр» сезінетін. Олардың әмірі күшті де еді...

Иә, ит жоқта шошқа үреді қораға...
Бүлдіргі алма ел бүлінсе, жолама.
Телі - тентектерге күні қараған
Басқосшысыз елдің жайы оңа ма?

Батыры жоқ, абызы жоқ, рухы жоқ
Елге тіпті обал - ә!
Мәнсіздігін ұқпай мына ісіңнің
Мәмілеге ермедің - ау Зор аға!

Құтпан батыр балларына деп бөліп,
Ақтылы қой, жылқы айдатып көк ала...
Ал Ботпанның ұрпағына өшігіп,
Азу басып.... келмедің - ау тобаға!

Өмір бойы ат үстінен бір түспей,
Елін жүрек жылуына ораған
Әруағы назаланып жатыр - ау
Ботпан, Құтпан батырлардың молада!

Ал сен елді қорғамадың, қорладың...
Ел басына тудырдың бір зобалаң!
Қас қылмайды жолдасына қасқыр да,
Қасқыр құрлы болмадың - ау, Зор - аға!

Елін - жұртын азы - тозы еткеннің
(Өкінішті) болмай тұрсың соңы, аға!
Түртпек көріп өзге емес, өзінен...
Ботпандар да (бір қауым ел, кө - өп адам)

Елден ауа көшуді жөн санаған...
Қарқ - қарқ күлді мұны естіп Зорбегің...

— Сендерге құт болар ма екен сол ара!

Бар, барыңдар... Бізден бөлек кеткенде,
Қарын тойып, бүйірлерің тола ма?!
Бұл сөздері ұрдажықтау неменің
Ұқсайтын - ды қолдауға емес, табаға...

— Шуға, қалың жалайырлар ішіне

Бармай, біздің жағдайымыз оңа ма?
Солай Ботпан балалары көш сайлап,
Әбігер де боп қалды екі арада.

Абыр - сабыр боп жатты сол түні ауыл...
Бала жылап, кей тұста үй жығылып.
Бір қауым ел көшуге қам ғып жатты
Шешімнің бұл білсе де шикілігін.

Мұндай түні ойласын ұйқыны кім?
Қу тірліктің ойласып күйкілігін,
Аңысызда лайлатып бір тұнығын...
Әйтеуір, ел іші ұйқы - тұйқы бүгін...

«Ұнамады, ағайын, бұл қылығың,
Осыған да кісі енді... өкпелей ме,
Әй, қойыңдар, бала боп кеттіңдер ме?»
Дейтұғын кім, толғантар кімді мұңың?

Құрысын - ай ұрдажық ағалығың,
Бар болсын - ау болғаның бүйтіп іні...
Қорадағы қой да азан - қазан болды,
Түнде байғыз сұңқылдап, ит ұлыды...

Тіпті ол аздай, аспанда ай тұтылып...
Тіксінтті елді Құдайдың бұл қылығы...

Сыңсып жылап бет алды маң далаға...
Мұнда қалды талай қандас, туысы,
Көзі жасқа, тұнып көңілі налаға.
Мұнда қалды талай қимас, қарындас...

Қарайтұғын кез бе бала - шағаға.
Өзінде жоқ жылуды іздеп өзгеден,
Тағдырына нәлет айтып бара ма?
Қайықтары шығып қалып жағаға...

Қыз - анадан, іні айырылды ағадан!
Обалдарың Зорбек сынды озбырға,
Арс - арс еткен ит секілді қабаған.
Алдындағы малын алып, жер бермей,

(Хан да емес қой күш көрсетер қараға),
Бір атаның балалары айырылысты
Түсті - дағы Зорбектей сұм араға...
Несі жақсы айырылудың ел, жерден,

Бір мұңлы әуен тарай берді далаға.
Орнынан да қозғалмады, ал... Зорбек сұм
Бауырларын ойлап, аяу орнына...
Ойларына қанағат қып көп арам:

«Бәрі менде қалды, — деумен, — жер - судың» Жөн - жосықсыз көшкен жұрттың соңынан

Рахаттана қарап тұрды сол адам!..
Қарсы кетті көш жел - құзға бораған...

ІІІ

Келеді көш... атаеншіні, жер, суды
Зорбектердің уысына сап беріп!
Жел, жаңбырға малшынумен болды ығыр...
Ат арыды... желқом үсті – ақ көбік.

Суық ызғар уақ малға соқты ауыр...
Жол бойында пырдай болып жатты өлік.
Ботпандарға Зорбектерден тисін не,
Ала алмады бұлар енші - үлесін

Бодауына атан беріп, ат беріп.
Қалады олар тыныш, бейқұт өмірді,
Бара жатты шұғылалы бір жаққа еніп.
Өзге жерден бұйыратын алдағы

Несібесі аз ба еді, әлде көп пе еді?
Өз еліңнің өгейсуі дегенің
Қандай қатал... өкініштей өтпелі!
Өзін - өзі қорлау еді бұл, өзі...

Зорбектердің өресі оған жетпеді.
Өз бауыры өз - өзінен безініп,
Кеткенде де жүзі бір «бүлк» етпеді!..
... Келеді көш, көзі жасты, қарны да аш...

Өміріне асығумен шеттегі!
Жаман екен елден, жерден айырылған!
Кең ашса да жалайырлар құшағын...
Бір Зорбекке өкпе артысып кетіскен

Ботпандардың болмай жайы, көрді азап...
Жерсіне алмай, туған елді, жерді аңсап,
Ұл мен қыздың көңілі болды құсалы.
Ал қайтпаққа... «кетістік қой, ақыры...»

Деген өкпе аяқтарын тұсады.
Амал нешік, ел болдық деп біз де бір
Қонарын - сай, ал... жел білген ұшарын.
«Әй, біздер де... Зорбектерге өкпелеп...

Босатпастай ыстық еді ел құшағы.
Бір ісіне бола телі - тентектің
Біздер неге болдық шетте құсалы?
Елге тұлға болатұғын Зорбек кім?»

Деген де ыза кеуделерін қысады.

ІҮ

Көңіл бірлеп, бірін - бірі жұбатып,
Тағдырына мойынсұнды ел, көндікті...
Өте берді арада көп уақыт.
Алаңдайды көңіл бірақ ел жаққа

Қалдырғандай сол жақта әнін бір ақық.
Ал әңгүдік Зорбек болса бұл жақта
Өзін - өзі мүжиді - ай кеп кінә артып!
Өзге рудың серкелері мұны енді

Бетіне де басып кетті, мұқатып:
«Қалай ғана жүрсің қара жер басып,
Ботпандарды, бауырларыңды жылатып!
Сенің бүйткен батырлығың — өзіңе...

Миың болса, мұны өзіңе күнә тұт!»
Өзіне еш сөзі өтпей шал, кемпір де
Көздерімен қарасады мұны атып!
Көкшекөздің «қаныпезер, сұм» десіп,

Жүрген мұны біреуі жоқ ұнатып!
Ашкөздігі алшаң басып жүргізбес
Бар былыққа батыпты әбден былапыт!
Өзін жұтар аждаһадай көрінер

Алдындағы мына байлық, мына құт.
Зорбек бірде іштей шешім жасады:
«Ағайынсыз бітпес маған, сірә, құт,
Бақытым да бүрін жармас гүл атып.

Бұдан гөрі өзімді - өзім жазалап,
Кеткенім жөн, — деді, — елсізге құм асып!
Өз қолымды өзім кескен екенмін,
Бәрінен де батады осы жаныма, —

Деп өз - өзін тартып қалды жағына! —
Қары сынсын тартпағанның қанына!»
Қарттар жағы қуанысты мұны естіп,
Осылайша Зорбек келіп тәубаға

Теріскейді жібергендей күнес қып!

— Ботпандарды қайтарайық кері, елге...

бізден де бір өткен екен білместік.
Онда олардың жүр ғой құры сүлдесі,
Туған елді ойлауменен күнде өксіп.
Қарттар осы ойға табан тіресті,

Ботпандардан кешірім сұрап баратын
Топ соңына Зорбек лаж жоқ... ілесті.
Алдан көктем самалы боп андыздап,
Татулықтың, берекенің жыры есті!

Р.S. Бірақ, ботпандардың елге кері оралуының сәті отызыншы жылдары ғана (бір ұрпақ ауысқаннан кейін ғана) түсті. Жергілікті жұртпен бір туғандай етене жақындасып, бауыр басып, үйренісіп кеткендіктен, осында жаңа ұрпақ дүниеге келіп, өсіп, өніп тұрақтаңқырап қалғаннан соң ба, олар іргесін қозғалтқысы да келмеген - ді. Ондағы - мұндағы ағайындар тығыз қарым қатынас жасасып, бірімен - бірі баяғыдағыдай жақсы араласып тұрды, бірақ. Ағайын арасындағы өкпе ұмытылғалы қаш - шан! Қазір қос батырдан тарайтын ботпан - құтпандар атақоныстарында ұрпақ өрбітіп, желегін кеңге жаюда. Олардың арасынан шыққан ғалымдар, ақындар, еңбек ерлері де көп - ақ! Қалай болғанда да ел ішінде ешқандай да араздық болмаса, «ағайын тату болса — ат көп, абысын тату болса — ас көп» болатыны ұмытылмаса екен дейсің.

БІР КЕМ ДҮНИЕ

(үштаған)

Музаның көз жасы

Сол күні, әлде маған солай көрінді ме, әншейінде гүлі шешектеп, бұлағы сыңғырлап, бұлбүлы сайрап, мың сайран күйге бөленіп жататын миуа - бақ әлденеге өкпелеген баладай бұртиып, біртүрлі... томсарып тұрды. Бақ сыртынан Музаның сыңсып жылағанын естідім. Жұбатайын десем, оған батылым жетпей, өзімнің де көңілім босап, бауырым езіліп, жан дүнием астаң - кестең бұзылып іріп жүре бергендей болды. Ықылым замандардан бері көзге көрінбей келіп қаншама ақынның қаламына қанат бітірді ол! Аңғал әрі әпенділеу, періштедей ақ, адал жандардың сөйтіп ол жебеушісіне, дем берушісіне де айналған - ды. Ақын атаулы өздерін жыр толғағы қысып, әлім - берім шақ туғанда соны іздеп, содан ғана медет тілеп, қолын көкке жая жалбарынып: «О, Муза! Ғайыптын кел де, мені демеп жібер!»деп апшынатын. Жұмыр жер бетіндегі күллі өнершіні сұлулықтың, мөлдірліктің, адалдықтың символы — сол Муза аруақтай алқап, әлдебір сиқырымен арбап, алдарқатып, арқаландырып та келген еді ғой! Ол барша өнерші үшін ең басты Идеал - ды. Ол болмаса, онысыз да шабыт буып, киелі өнердің шалығы тиіп, ой сәмсіреткен оғыландар рух күші алдында шыдас бере алмай, қос қолын төбесіне қоя құлақ естімес, көз көрмес қияндарға безіп жоғалар ма еді, әлде қайтер еді... Олар Музадан жұбаныш тапты, соны табандарына тиянақ - тірек етті. Атам замандардан бері солай болып келді. Ал қазір... Сұлулыққа, әдемілікке, жалпы көркем өнерге басқалардан гөрі бір табан жақын жүретін қауымның өкілдері, әсіресе, ақындар әдемі қыз көрсе - ақ «Сен менің Музамсың» деп «жүрегін» қолына алып жүгіріп, алдын орап жүргізбей, майлы ішекше айналдырып, одан қалды көзімен ішіп - жеп әукесін созып, әбігерге түсетін болды. Сөйтіп жүріп, сол сұлуқия қыздардың өзіне «ен» тағып, еншілеп, қолдан Муза жасап алғандары да жетерлік. Кейбіреулерінде қос - қостан осындай «Муза» бар! Ал мен... ақындарды «Антей - екінің бірі бара алмайтын жерге барып, жанбайтын жерде жанып жүретін, тағдыры қызық халық» (М. Мақатаев) деп жүрсем!.. Қара тастан да мейірім күткен ақынды қатыгез қоғам, қатыгез жандар ашындырып алды ма екен, әлде... Әйтеуір, әдеби орта тудырған миф көбейді. Соның бірі «Қазір шығармашылығы жұрт көзіне түсіп, танылып жүрген қайсыбір ақын қыздарымыздың тасасында талантты да тегеурінді, бірақ өз есебіне де жүйрік ақын ағаларының тұрғаны жасырын емес. Олар өз қанаттарының астына алған қарындастарына (кейбір жағдайларда көңілдестеріне) керек жерінде қалқа да, төтеден жол салып берер мұзжарғыш та, ақыр соңында ғажайып жарнамашы да бола біледіге» (Ә. Балқыбек, «Қазақ әдебиеті», 16. 07. 04.) саяды. Сондай - ақ, орыс әдебиетінде әлдебір ортан қол ақын әйелге Максимиллиан Волошин өлең жазып беріп, ол өлеңдерге, өлең арқылы әйелдің өзіне Николай Гумилев ғашық болып қап, кейін ақиқатын білген кезде екі ақынның — Волошин мен Гумилевтің атысып қала жаздағаны туралы да әңгіме бар. Мен де осындай... аты аймаққа әйгі арқалы ақынның қолдан «муза» жасамақ болған күлкілі әрекетін білуші едім. Мұны әлгі... жайдан - жай әлдебіреудің «музасы» — жандықуыршағы болғысы келмеген қыздың өзі айтты. Дегенмен, ақын көзі қиядағыны шалыпты — қыз шынында да кім - кімнің де сезімін қытықтап, көзі құртына айналарлық көркемдікке ие еді. Суси төгілген қолаң шашы қылтасын қаға толқынданады. Қиылған қиғаш қасы, қарақат көзі, шие ерні, құс төсі... түнде түсіне еніп, еркеккіндікті атаулының емешесі езілді. Бірақ әлгі қызға Муза болып қана қою тым аздық ететін еді... Қысыр жыландай қылаң ұрған қылықты қыз қолына мыс - мыс ақша ұстап жүруді ғана діттепті. Әйтпесе, айналасы бірер айдың ішінде ол газет - жорналдарда өлеңдері екі күннің бірінде жарияланып, Айтақыр аймағына кәдімгідей «сыршыл» ақын ретінде танылып үлгерген - ді. Алпыстағы Ақын ақбоз айғырдай арқырап, ақтық қуатын бойына жиып, күндіз - түні ұйқы көрмей «Айттым сәлем, Қаламқас, саған құрбан мал мен бас» деп, әлгі қыздың құдды өзіндей болып, бір сәт соның қалыбына еніп, өлеңді бұрқырата бір жазды дейсің!.. Муза, баяғыдан бері қиялда жүрген мифтік образ, мейлі, қолдан жасап, көркемдеген жеке өзіңнің жандықуыршағың болсын, қанша дегенмен, алданыш елес — Идеал ғой! Бұл Ақынға әжептәуір күш бергендей, тасты бұзып, тауды қопарардай қопаңдап, арқаланып кетті білем. Алпыс екі тамыры бірдей иіп, жүйе - жүйкесі босап... кеңес үкіметінен мұраға қалған көнеріңкі көлдей үстеліне етпеттей жата қалып, жазып жүріп, қалыңдығы кереқарыс кітап боларлық «көр - жер» дүниелерді қаттап үлгерді. Ақын енді міне, енді әне өзінің өле - өлгенінше Музасына — «жекеменшігіне» айналғалы тұрған керме қас сұлудан ештеңесін аянып қалмады... Қайда барса да, оны жанынан бір елі тастамай өзімен бірге ертіп жүретін. Аялай сипап, үкілей көрсетіп, «болашағынан үміт күттіретін мықты ақынымыз, міне, осы» деуден жағы да талмады, ұяттан өртеніп жүзі де жанбады, «осыным шылғи өтірік қой» деп айылын жиып та жатпады. Жан алып, жан беріп отқа да, суға да түсіп жүргенде, Ақыннан Ұяттың өзі бетін басып безді. Бірде, алда қор болған мұңлық - ай, алпыстағы көкеміз бір үлкен мәртебелі жиында - фуршет үстінде «Осының барлығы да сенің құрметің үшін» деп, «бізді де бір еске алды - ау, ақыры» деп қиян түкпірден емпелеңдеп жеткен ақсақалы, қарасақалы, жасы, жасамысы бар қаламгерлердің күллі үмітін, сенімін, өзіне деген құрмет - ықыласын бір «шөпжелкенің» жолына құрбан етті де жіберді! Былайғы жұртқа «шөпжелке» болғанмен, ол үшін Муза емес пе?! Не керек, айналасы бірер айдың ішінде «Қаламқас Қара» деген есімді Айтақыр былай тұрсын, Алматы жұрты да ести бастады. Бірер мүшайрада жүлдегер ретінде оның аты да аталып үлгерді. Құдірет - ай, десеңізші! Қаламқастың поэзия дегеніңнің иісі мұрнына да бармайтын. Құлағына «наушнигін» таңып алып, дүн - дүниені ұмытып, рок -музыканың сазына насыбайшыдай елтіп, Алыпайдың қабылдау бөлмесінде шоколадпен шай ішіп қана уақытын өткізетін - ді. Әлгі басына өзінің аты - жөні қойылып, газеттерде жарияланып жүрген өлеңдерді оқып та қарық қылмайтын. «Өлеңің шығыпты ғой!» дегендерге «айтсын» деп қана сынық жауап беріп, ал поэзия төңірегіндегі әңгімелерден бойын сырт салып, «мұрның қайсы» десе, құлағын көрсетіп өлеңге өгейлігін де танытып алушы еді, жазған. «Қаламқас жазды» деген өлеңдер — басын тауға да, тасқа да ұрып, күндіз - күлкі, түнде - ұйқы көрмей жазған Алыпай ақынның өз туындылары еді. Әйтеуір, Алыпай Қаламқасты өзіне қарату үшін барын салды... Өлеңін жазып беріп, ақын қылды. Сыйлықтан да кенде етпеді. Ақында бұдан басқа өзгелерге бөліп берерлік не болсын! «Енді маған «Муза» болмағанда, бұл Қаламқастың несі қалды...» деді бірде таңертеңгілікте өз - өзінен жынды адамша сақылдай күліп, Қаламқас әкелген қою күрең кофені сораптай отырып... Ал Қаламқастың... аты жарты әлемге жайылғанда қалтасына не түсті. Көк тиын да түскен жоқ. Қайта бұған таныстары «Әлде ғана қу шұнақ құдай - ай, әжептәуір қызды екі есті делқұлы етіп қойғанын айтам да! Одан да әртіс, манекенші болса, құп жарасқандай екен өзіне» деп мүсіркей қарайтын болды. «Қаламқас» есімінің «қияли» деген «құйрығы» қоса қылтиды бір жерден... Енді «өлеңдері» солай деп тұрса, қай ауызға қақпақ қоярсың. «Қияли» Қаламқас емес, Алыпай екенін Құдай, сосын екеуі ғана біледі ғой! Қыздың ақын болғысы келмеді. Өлең кітап көрсе - ақ жүрегі май ішкендей кілкитін болды. «Өлеңді үзілді - кесілді қоям енді» дегенді де айтып жүрді... «Ақын» деген мәртебелі есімді ... өзінің әу басында - ақ дүниеге - байлыққа құмар тойымсыз болмысымен, лас әрекетімен ұзақ иеленіп жүре алмасын, күндердің күнінде өзінің кім екені әшкере болмай қоймайтынын беймәлім бір түйсікпен сезді - ау, сірә. Өзінің «Муза» болып жарытпасына көзі жетті ме... Енді ше... Алыпайдың үздіктіріп, ішегін көгертіп барып «жүлдең», «қаламақың» деп айында бір беретұғын жартымсыз тиын - тебенді өзін оқта - текте саунаға апаратын «жаңа қазақтар» бір - ақ түнде алақанына салып кетіп жүрген жоқ па! Ақыры, ол хатшылықтан кетіп тынды. Алты ай арпалыса жүріп қолдан жасаған ақынынан айырылып, Алыпайдың айдыны Музасын жоқтап, «аһ» ұрып қалды. Қайран дүние - ай, Алыпай ақынның еш болған есіл еңбегі, сор болған тұзы - ай десеңізші! Қаламқас сол кеткеннен мол кетті. Газеттерге де «өлеңдері» шықпай қалды. Көрдім - білдім деген бір жан жоқ өзін. Оның неге Алыпайға «Муза» болғысы келмегені де жұмбақ күйінде қала берер ме еді, әлде қайтер еді ... Бірде ойда жоқта оның өзімен кездесіп қалдым. Қарға аунаған түлкідей құлпырып, әдемі болып кетіпті. «Айхай, жиырма беске» енді ғана толып, уылжып пісіп, сағағынан үзіліп түскелі тұрған жемістей өзі.

— Омай, дегенің - ай! Бірде... ертеңгілікте шай - суын алдына қойып, енді айналып кеткелі бұрылғанымда шап беріп мықыныма қол жүгіртіп, жұмсақ диванға жығып, жұмарлағысы да келді - ау ол шалыңның. Құдай - ау, мен қызындаймын ғой. Әрі - беріден соң маған несі өтіпті! «Ақын» деп атымды елге жайғаны ма? Түкірдім онысына ! Мен, өлең тұрмақ... өз атымды дұрыс жаза аламын ба екен әуелі! Көрінеу мазақ қылғысы келеді. Сосын... торғай да тегін ән салмайды ғой бүгінде! Алты ай бойы айлық алмай тегін жұмыс істеппін. Соны енді соттассам да алғалы келдім, — деп Алыпайға деген ашу - ызасын ақтарды дерсің...

Мен не дейін. Тілімді тістеп тұрып қалдым. Кеше... жасыл бақтың сыртында бүк түскен күйі екі иығы селкілдеп Музаның неге өксіп жылағанын енді түсіндім. Қыздар... мың жерден сұлу, әдемі, көркем, ерке болсын - бәрібір, Музаның орнын алмастыра алмайды екен - ау. Ақындардың серігі - Муза, көз жасыңды тый! Ақындар шарқ ұрып сені іздеп, таппай жатыр. Сенен үміт, сенім - жігер күтеді олар! Әлгі... Алыпай ақындікі - сені әлдебір «шөпжелкемен» шатыстырып жүргендігі әншейін бір сәттік адасуы - дағы. Қара тастан да мейірім күтетін ақындарды қатыгез қоғам, қарау жандар қатайтып, апшынтып, пендешілікке — «алды - жөн, арты - соқпақ» шиырларға бастап жатқанын сен де түсін, Муза!

Шүйжелке

Ақынның әлім - берімде көзі шалып қалғаны да бір - ақ нәрсе... Айқара ашық сырлы емен есік көзінен әрі аттап... Шүйжелке сыртқа шығып бара жатты. Иә, кәдімгі кісінің кежіге - шоқтығы... толайым май басқан тоңмойын. Томардай болып білеулене буылтықтанған кезінде тіпті сұсты көрінеді екен. Ол ләм - мим деп тіл де қатпайды. Әлгінде Ақынмен әжік - күжік әңгімеге барысып, иіліп - жайылып отырған Иесін алдына салып, айдап шықты. Тілді айтасың, онда құлақ та жоқ — қанша жерден шыр - пыр бол, мейлі, ешбір уәжіңді тыңдата да алмайсың. Көз де жоқ - алдында не тұрса да бұза жарып, көктей өте шығады. Жүрек... ол қайдан болсын! Тіпті қол жоқ бұл шіркініңде. Әйтпеген күнде әлгі емен есіктен өзінен бұрын мұны қолынан жетелеп отырып шығарып тастамас па еді? Тоңмойынды өңі түгіл, түсінде көрмеген Ақынның тіл мен жағы байланып, мәңгіріп қалды. Әкімде не жазық? Тіпті бұған «әкең, шешең» деп бір ауыз қатты қайырым сөз айтты ма? Жоқ. Ақынның сөзін тыңдамай, көзін де салмай, кекірігі азып, ұзына коридорды бойлай екі иініне де бұрылмай бедірейіп кетіп бара жатқан оның... шүй желкесі ғой! Ол әкімнің алдына алуан түрлі жағдайлармен жансауға, көмек дәметіп келген мұңлық жандардың да осылай көзіне бір көрініп, ғайып болып... әкімді қаншама мәрте «пәле - жалалардан» қорғап қалды десеңізші! Әкім де сол шүйжелкесінің айтқанын істеп, айдауына әбден көніп көнбістенген. Еруліге қарулы етері де сол. Жұдырығы орнына... желкесін көрсете қояды. Бөрінің арығын білдірмей, сыртқа жүнін қампайтатыны секілді. Әкім Шүйжелкемен қашаннан бері ымы - жымы бір сыбайласқа айналып үлгергенін бір құдайым білсін. Ол бүгінде өзінің анау айтқандай сесті көріне қоймайтын «шөпжелке» шағын тіпті де есіне алмайтын болды. Ақын солай әкімнің әншейінде сұстылау көрінетін көлдей кабинетінде жалғыздан - жалғыз сопайып қалып қойды. Айтары көп еді. Енді ше... осы бүгінгі оның қабылдауына да күнде келіп, сықсиып сұранумен жүріп әрең деп қол жеткізген. Соның өзінде біреулердің «сенің қолыңа су құюға жарамайтын қайдағы бір жазғыштардың әкім арқылы шығарған кітаптарынан үй жабуға болады бүгінде. Сен кембісің олардан» деп «қот - қоттауынан» соң ғана. Орнын сипап қалам -ау деген ой қаперіне кіріп шықпаған. Әкім мұны «ал» дегеннен - ақ тым салқын қарсы алды. «Атағы дырдай ақын - ау» демеді. Не жазып, не қойып жүргенімен ісі - місі болып жатпады. Ақынды әлгі бір жоқ - барды теріп, ата - бабаның арғы - бергі шежіресін қаузаған, газет - жорналдардан көшіріп құрастырған күлді -бадам дүниелерін қалыңдығы кере қарыс кітап қып шығарып жүрген өлермен жазғыштардың санатына қосты - ау, шамасы. Қашырта сөз сабақтауы соны аңдатты. Ақынның көңілі қабаржып - ақ қалған. Сөйте тұрса да:

— Аға - ау, сізді де бір төбе ғой деп келдім, - деді жыламсырағандай болып.

Ал ағасы қара аспанды суға алдырып, зар - зар етеді. — Кітап дегеніңнің басына ит сарып жатыр. Кеңсе - кеңседе өтпей, тіреліп тұр бәрі. Қаражат қоржынымыз да тақұл - тұқыл... Ақын тұңғыш рет ... өзі туып - өскен жұртының жүген - құрығы «ақынын сыйламайтын әкімнің» уысына тигеніне қатты қапаланды. «Ит те, құс та қарық болып жатыр ғой. Маған келгенде - ақ қоржындарыңыздың түбі көрінеді де қалады екен» деген сөз не әрі, не бері өтпей, алқымында қалды.

— Өлеңім елге жетпей жатыр. Қолымның қысқалығынан жібі түзу жинақ шығара алмай жүрмін... — деп басқа, көзге қарамай, бастырмалата берді ақын. Ол әкім ағасы алалы жылқы, ақтылы қой айдап отыр. Ауыл сайын ашқан дүкендері мен май құю бекеттері де сауын сиырындай қыруар пайда түсіріп тұр деп еститін. Көптен тартпада жатқан қолжазба кітабын баспадан шығарып беруге өзінің де әлеуеті қаптал жетеді ғой деп емексіп келгені де рас - ты. Оның үстіне бұдан он шақты жыл бұрын демеушілікке кәсіпкер жігіттерді үгіттеп көрейін деп әкім басымен уәде бергені де бар еді. Енді, міне, ол сөзінен де танып, «болмайды ғой...» деп бұлталаққа салып отырғаны.

Ақын қызды - қыздымен біраз жерге шапты.

— Құр уәдемен кісіні сүйретпеге салып... Ана ауданның да, мына ауданның да әкімдері қылтиып ақын шықса - ақ қағып әкетіп, кітабын құдайыға шығарып беріп жатыр ғой, түге. Қаймана қазақ та қайырын аямай жатыр. Оның бер жағында бес атадан қосылатын ет жақыным деп келдім...

Ақын көзін бір ашып, төңірегіне бажайлай қарағанда, жаңа бір әзірде өзімен тең кісідей сөйлесіп, кермалдасып отырған адамын Тоңмойын орнынан тұрғызып, алдына салып, төпелеп қуып бара жатқанын ғана көріп қалды.

— Ай - й... қайда кеттіңіз? Не «бар», не «жоқ» деп айтсаңызшы… — деген үні тас қабырғаларға соғылып, құмығып шықты. Ақын әкімнің орнын сипап қалғанын сезді. Біртүрлі жаман қатты қорланып, жылағысы да келген. Тоңмойыны әкімнің әлдене деп уәж қайтаруына да мұрша бермеген - ді.

Алдына аңқылдай жетіп, жауһар жырларын жайып салғалы келген Ақынға ағасы желкесін көрсетті. Әкім Шүйжелкеге айналып кетті.

Ал Ақын... сол баяғы аңқылдаған, ақжарқын, аңқау күйінде қалып қойды. Ол - Тоңмойынмен түсінде емес, өңінде көріп тілдескен ақындардың басы да, соңы да емес - ті...

Антипод

Осы Наполеон, Гитлер, Шыңғыс хандардың мың - сан әскер жасақтап тып - тыныш бейбіт елді шауып, қан - қасап ойран салғандағы мақсаты не еді? Әрине, бұл... агрессия, басқыншылық! Бір елдің жерін тартып алып, ен байлығына ие бола қалуды, қала берді өзге елдерге үстемдік етуді, ғаламдық билікке қол жеткізуді ғана көксеу! Сол жолда адам қаны су болып аққанын елең - құлаң көрмеді олар! Әлгіндей даңқ, мансаптың буы басын айналдырмай қойсын ба?! Көк Тәңірінің инсаният үлгісін тәрк етті. Сөйтіп, ібілістің азғыруына да ерді олар. Мысалы, ефрейтор Адольф Гитлерге сол ібіліс «тарихта қалудың» жолдарын қағазға сызып тұрып көрсетіп беріпті деген де сөз бар. Батыстық зерттеушілер Гитлердің осы тұрғыда шайтанмен келісім жасасып, қолын қойған хатын да тауыпты... «Жер жүзі мені ғана таныса, маған ғана табынса, әлемдегі еркеккіндікті атаулыны - құл, әйелдерді - күң, ал ару қыздарды кәнизек етсем, барлығы да менікі болса» деген тойымсыз пиғыл, ақыры, олардың түбіне де жетіп тынды... Шайтанның шалығы Халтура шалға да тиген - ді. Баяғыда - а... Алайда оның әлгі атақ - мансап, билік жолында күрес жүргізу тәсілі тіпті басқаша еді. Мұқым дүниеде оны көрдім деген бір адам жоқ әзірге. Көзге көрінбей күреседі ол. Болмаса іштен шалады. Оның ең басты туындысы - анонимді арыздар. Біреудің бойында бар айрықша қасиетті, тіпті тәп - тәуір істі көрсе де, күндеп, қызылкөзденіп, қызғанышы қабындап шыға келеді өзінің. Адамзат қоғамындағы әлгіндей игілікті істі заматта жоқ қылуға, қасиет - қадірін түсіріп, түкке алғысыз етіп, аяғын құрдымнан бір - ақ шығаруға жатпай - тұрмай жыныға кірісетінін қайтерсің!.. Кеңестік кезеңде... қаламгерлердің әдебиет саласында үкіметтің арнайы қаулысына сай халтурашылдықпен күрес науқанын бастап кеп жібергені оған оқтай тиген. Содан ол әдебиетке тиіп - қашты араласып, көзге бадырайып көрініп қалатын болған соң одан да тиылып, (нанын басқа салалардан «айырғысы» келді - ау, сірә) біраз уақыт елді ізінен адастырып, ізім - ғайым жоқ болып кетті... Сол тұста оның бір басы екеу болып, басы көбейгенін - ұрпақтары балалап өргенін кім білген! Әдебиеттің төңірегіндегілер қолдарына шам алып бит қарағандай үңіле іздеп, басылымдардың бас - басына бақауыл қойғандықтан да, есіктері қазіргідей ашық - шашық емес - ті. «Цензор» деген бір азамат (шетелдік пе, әлде) халтурашылдықпен ғана емес, ескішілдікпен, ұлшылдықпен — пан - туркистік идеялармен де қым - қиғаш күресіп, көзі, басы көкпеңбек болып жүретін. Оны көргенде, Халтура шалдың да зәре - құты қалмай қорықты - ау, шамасы... Сол кеткеннен мол кетті. Бірде... (бұл өзі Қызылқұмның дөп ортасында қиян алыс, қиыр шетте болған оқиға. Ахатай десятник Ақшолақтың иініндегі үлкен трассадан сәл ғана бұрыстау Сәмен қойшыға деп соғылып, қабырғасы енді өріліп жатқан үйдің ішін аралап жүріп, жарты қабырғалық тұтастай кірпішпен емес, арақтан босаған шыны құтылармен өріліп кеткенін көріп, көзі атыздай болды. «Халтура!» деп даусы да қатты шығып кетті. «Аты - жөнін ұмытуға айналған «әйгілі шалдың» хабары мұнан шықты, ойпырым - ай, талай жыл ас - судан тиылып, арып - ашып, айдаладағы Сәмен қойшының ескі қыстауында бас бағып жатқан ба өзі!» деген қызығушылықпен ішке лап қойдық. Сөйтсек, Ахатай десятник дір - дір қалшылдап, сұқ саусағын безеп, әлгі шыны қабырғаны көрсетіп тұр. Мұнда Халтура шалдың елесі де жоқ, тек оны Әбдіған бастаған құрылысшылар өлді деп ойлаған болуы керек, «әруағына» арнап ішкен арақтан босаған бөтелкелерді масаң күйде қабырғаға қаз - қатар қалап жібергендерін өздері де білмей, Ахатай десятникке, одан қалды бір -біріне қарасып айран - асыр.. . Халтура шал, сөйтсек, әдебиет ауылынан қос қолын төбесіне қоя безіп өзін - өзі «каторгіге» айдап, Бойық ауылынан бір - ақ шығыпты. Мұнда да тек жүрмей, ел ішін ала тайдай бүлдіріп жүріпті. Сол жазда құм ішіндегі тағы да бірталай құрылыстан Халтура шалдың «ізі» шықты. Соғылғанына бір жыл ғана болған қамыс қораның жалғыз қабаттап қаланған кірпіш дуалы, діңгегі әлсіз болуынан он шақты сәмеке тұсына таяй бергенде, жалп - жалп етіп құлап, Ахатай десятник тағы да жан даусы шыға «Халтура!» деп қалыпты. Бұл жай ертесіне - ақ ауыл адамдарына мәлім болды. Бойықтықтар «халтура, халтура» десіп ішектерін тартып, үрейленіп, ол тымау секілді жұғып кетеді деп сескенді ме, есіктерін де іштен кілттеп алатын болды. Әлгі «халтурашыларды» көрсе кірпіше жиырылып, «әй, соларға жақын -жуық жүрмеңдерші осы - бірдеңесі жұғып кетер» деп балаларын да шыр - пыр қорғап әлек. Халтураның шалығы тигендер көп өтпей жиналысқа түсіп, жұрт алдында сүмпиісіп тұрды...

— Әй, әлгі «үнемделген» кірпішті, пәлен жүз тақтайды қайда жытырдыңдар?

Ахатай десятниктің даусы жаман қатты шықты. — Көктөбедегі Әкіман қорықшыға араққа саттық. Үйі тезірек бітсін деп. Қораның бір мәнісі болар дедік... — Сол жиналысқа қатысқан жұрт әлгілердің әрекетінен әбден түңіліп қайтыпты. «Әу, сонда Әкіман жылы үйде маңдайы тершіп сүт қатқан шайын жәйімен сораптап отырсын деп, ана жақта — елсіз құла түзде қоғамның малы қиымен қоса қатып қалуы керек пе? Қой, мына «халтурашыларды» соттамаса болмайды екен!» Бірақ іс осымен бітсе жақсы ғой! Халтура аупарткомдағыларды да зар қақтырып кетіпті. Көзімен көргендер айтады, аупарткомдағы сол жиналыста облыстан келген дөкей басшының өзі безгек тигендей қалшылдап - дірілдеп алдындағы үстелін қос қолдап қойып қалыпты. Сосын көзілдірігін түзеп, алдындағы көлдей мәліметке қайта үңіліп, құдды жынымен сөйлескендей аузы - басы жыбырлап тұрып - тұрып: «Сәмен Сәтбаев әр жүз тоқты соңынан 200 - ден төл өргізді? Халтура! Ендігі жерде ісім сонымен болсын. Халтурамен күресті дәл бүгіннен бастаймын!» деп ант суын ішкендей болып, мінбеден алау - далау екпіндей түсті дейді көргендер. Қатысушылардың біразы «алла - ай» десіп жағаларын ұстасып: «Сонда әлгі әр жүз тоқтыдан пәлен жүз қозы туғызған (астапыралла) қошқар емес, қойшы болды - ау! Тоқтыңның өзі әлі қозы емес пе?» десіпті. Бірақ әлгі басшының кейін халтурамен табандылықпен күрескенін көрген де, естіген де ешкім болмады. Қайта, Халтура шалдың ұрпақтары өсіп - өніп, атақ - даңқ, жақсы өмір жолындағы «мылтықсыз майданды» қыздырып жатты... Білетіндердің айтуынша, «халтураның» көкесі — базарда. «Самопал», «туфта» шатақ шалдың кіндігінен тарап, тәрбиесімен жетіліп, балақтан кіріп төске өрлеп барады. Халтура, қанша жерден шатақ - шадыр шал десек те, бүгінгі заманның мынау деген бизнесмені -«новориші»! Басында шайнам ми жоқ болса да, милылармен, ақылдылармен өмір бойғы егесі, бітіспес дауы, ақыры, соның пайдасына шешілген секілді. Екі жеп, биге шығуы оның ең қымбат, ең әдемі нәрсенің, ең тиімді жүйенің, жобаның, ең талантты, ең ақылды адамның «Антисерігі» бола алуының нәтижесінде мүмкін болды... Әдебиетті алайық... Қазір не көп, баспа көп. Міне, сол баспалардан кітаптары күнде шығып, күннің көзін көлегейлеуге айналған «халтурашылдық» шын ақын - жазушылардың шынайы үнін, жүрекжарды лебізін естіртпей тастады. Ел нағыз ақынның, жазушының, көркем әдебиеттің қандай болатынын ұмытып үлгерді... Әдебиетті халтурашылар жасап жатыр. Қазір мұрнына өлеңнің исі бармайтын балабақша тәрбиеленушісі пәлен мүшәйрада бас бәйгені жеңіп алыпты дегенге ешкім таңданбайтын болды. Әнші керек пе, жоқ ғалым, әлде ақын керек пе - ақысын төлесең, немесе таныс - біліс болсаң халтурашылар әне - міне дегенше қолдан жасап бере қояды. Небір дарабоз таланттар соған қызмет етіп кетті. Күнделікті талғажау етерлік бір жапырақ нанға бола! Халтура дүмдінің арты диірмен үйіріп тұр! Неге екенін кім білсін, бүгінде әкімқаралар шынайы таланттан гөрі «халтурашыға» көбірек сенеді. Әлде олардың да халтурамен ымы -жымдары бір болып кеткен бе? Бәрінің де, құдай біледі - ау, шын Өнерді, өміршең Өлеңді жабылып өлтіргісі келіп жүр! Өнер қор болды. Ақын байшыкештерге жалданып, асаба болып ас - суын айырып, бейіттерге - бәйіт, жаназаларға - жоқтау жазып кетті. Медаль атаулы – халтурашы ақындардың мойындарында, шіркеу қоңырауларындай күңгір - күңгір, салдыр - күлдір етеді. Бұл теміріңде де қадір қалмады! Адамдардың көзіне не көрініп жүр, осы! Кеше бір ақсақал қария қарғадай ғана бойы бар тәмпіш танау қызын жетелеп алдыма келді. «Қарағым, осы қызымнан ақын шығарып бер! Жазғытұры Көкталда дүрілдеп айтыс өткелі жатыр деген сөз бар. Соған қатысып, мәшине ұтсақ, бізге біреу «қой» деп жатыр ма? Тек жақсылап әзірле! Бір сойысың – менен!» деп дігерлеп әкетіп барады шалың! Ал қызында ақындықтан жұқана да жоқ. «Мұрның қайсы» десе құлағын көрсетіп тұр, жазған! Менің түсінгенім — қарияға «халтура» дерті кішкене күнінде - ақ жабысқан! Оны сылып тастарлық құдірет менде қайдан болсын. Дереу сиыр тіліндей қағазға Халтура шалдың мекен - жайын, телефонын жазып беріп, «бұл істің үлкен білгірі осы кісі — қолынан келмейтіні жоқ» деп нығарладым... Ал бүгін... әйелімнен мектепті де, институтты да ілініп - салынып жүріп оқыған көрші үйдің келінін бақуатты ата - енесі аспирантураға оқуға түсіріпті деп естідім. Күте беріңіз – енді екі - үш жылдан кейін қазақ филологиясының көгінен атағы бар, бірақ өзі «таңдап алған» ғылым саласымен ешбір «шатағы» жоқ тағы бір «жұлдыз» жарқ етіп көрініп қалар! Ең өкініштісі, өмір бойы көз майын тауысып, ғылымның түбіне бойлап, басы зеңіп жүріп алған «кандидаттығыңды» баз біреулердің маңдайы тершімей, үйінде отырып - ақ қалпақпен ұрып алып, үлкен лауазымды орындарға да кедергісіз өрлеп кетіп жататыны, өмір бойы оқып, шашы ағарған сорлылардың бәрібір солардың қолына су құйып қана жүретіні... Болашақ ғылымымыз жұлдыздарын осылай әлдебір байшыкештерге — Халтураның үрім - бұтағы алдына тізерлетіп қойған қоғам - ай! Біздегі сол ғылым, өнер, өлең дүниясы дегеніңнің өзі құндылықтар тізімінен әлдеқашан сызылып тасталған да секілді. Жерде де, көкте де, суда да — барлық жерде де — халтура. Халтекең «Жаһандан» деген бір дөймен танысып, «ауыз жаласып» үлгерген дей ме... Екеуінің де білек түре жынығып кіріскендегі мақсаты — жоқтан бар жасау, жарықты көмескілеу, күштіні әлсірету. Яғни, көмескіні — жарық, әлсізді – күшті, сұрықсызды — сұлу, жүнді - жібектей, өтірікті — шындай, ақсақты – дыңдай етіп көрсетеді. Құндылық атаулының барлығын да терістейді. Жоқты - барды «біздікі, тек біздікі жақсы» деп тықпалап, «аттарын шығарғысы» келеді баяғы. «Мата даңқымен өтер бөз» - ез олар! Халтура шал әлгі танысының, әлде Интерқыздың септігі тиді ме, бүгінде дүниежүзіне өрмегін жайған компьютердің өзінің ішіне «Вирус» дейтін бір баласын қонжитып отырғызып қойыпты. Жүгермектің аңысын аңдып, ғасыр ғаламаты – компьютердің өзін аяғынан шалып, сүріндіргісі келе ме, мониторда кірпігін оқта - текте бір қағып көзі бақырайып отыратыны, одан қалды әрлі - берлі, жоғарылы - төменді алаөкпе болып жүгіріп жүретіні қызық... Мен тек өлеңге қатыстысын ғана айтайын... Ақынның емес, «өлеңшінің» кітабын шығартуға әкімият үйіп - төгіп қаржы бөледі – халтура, сіріңке қорабындай мақаланың өзін алты айырығынан тер кетіп әрең деп жазатындар БАҚ төңірегіне бітедей қаптап, «жорналшы» атанып, кейбірі тіпті тамыр - таныстарының арқасында халықаралық жүлделерге де ие болып үлгерді — халтура, кешегі күні алтын медалді талантты шәкірттер емес, директордың таныстары алды — халтура, қазір «тауыққорадағы университеттер» көбейді — халтура, екі әншінің бірі — композитор, халықтың емес, өзінің «әнін» көбірек насихаттайды — халтура... Бірақ, сол халтурашылардың жанбағысы біздіңкідей 15 - 20 мың теңге көлемінде емес, табысты күреп тауып жатыр. «Оригиналдардан» гөрі оспадар халтурашылар әлдеқайда танымал. Жә, жетер! Бізге де жан бағу, бала - шағаны асырау керек қой! Қашанғы қаламымызды құр тістеп, бір ғана айлықтың бетіне қарап, омалып бір орында отыра береміз! Әлгі... адресі жазылған қағазы құрғыр қайда өзі. Үйі қай тұста еді? Мен де кеттім сонда. Алдынан өтейін. Тәлімінен үйренейін... Қайда дерің бар ма?! Халтура шалдың үйіне - дағы!

ӘУЛИЕЛЕР ЕЛІНДЕ

Әулиелер әлемі бізге бәрін де ұмыттырды. Бір қиырда қалып қойған ауылды да, отбасын да. Әншейіндегі не бітіп, не қоймайтын күнбе - күнгі күйбің тірлікті біратола жинастырып тастағанымызды айтсайшы! Көңілдің титтей бір алаңы болса неғылдейсің! Аузымызда — алламыз, қолымызда — тәспіміз, алдан бір ғажайып нұр дүниесі көз қарықтыра жарқ ете түсетіндей... Әлденеге — шапағат дүниясына елігіп, емексумен келеміз. Тектұрмас, Ешен, Мәмбет, Дәуіт, Қарахан аталар мен Айшабибі, Бабәжі хатун аналардың кесенелерінің басында болудан басталған бұл нұрлы - иманды сапары соңыра Түлкібас, Қыз әулие, Ыбырайым ата, Нәлеке ата, Ақ ата, Көз әулие, Қарашаш ана, Мұратәлі әулие, Мейрам ана мазарларына маңдай төсеп, тәу етумен жалғасып, әулиелі орындардың бірде - біреуін қағыс қалдырмай, шетінен сыпыра сүзіп келе жатқан тобымызбен сіздер таныс та емес екенсіздер ғой! Біздің өзіміз де бір - бірімізді әлі жыға тани қойған жоқпыз. Бас - аяғы он бес, жо - жоқ, жиырма қаралы адамбыз. Барлығымыздың басымызды қосып, осылай қарай балапанын соңына ерткен Ана қаздай желпілдетіп алып жөнелген басқа емес, Күлдәрі тәуіптің өзі. Біріміз — Қаратаудың арғы, екіншіміз — бергі бетінен алды шипалы екен деп естіп келгенбіз. Бұдан бір жеті бұрын. доқтыр қоймай жүріп қаралғанда не... дәрігер атаулы аударып - төңкеріп түк таппай, бойымызды албастыдай басқан ауырлықтан Күлдәрі емшінің алдына келіп, құдай шипасын берсін деңіз, енді бір бес - он күнде құлан — таза арылғалы тұрмыз! “О жерім , бұ жерім қоймай сырқырайды құрғыр” деп көкірегіміз қарс айырыла күрсініп, қара аспанды суға алдырып келіп едік. Сөйтсек, біздің ауру тұрғай бәлеміз де жоқ. Ата - тегінде бар әлдеқандай бір дегдарлық, емгерлік қасиет бойына қонарда адамды өстіп, әлім - берім хал кештіреді екен ғой! Ата - тек қасиетін аялай үкілеп, өзімізді - өзіміз, бой -басымызды дұрыстап алып жүре алмағанымыз үшін текті кісілердің аруағы қысып, алдына салып айдап, не әрі емес, не бері емес күйде жүргенімізде... Құдайдың бізге Күлдәрі емшіні кез қыла қалғаны. Сонымен қойшы, осы тобымыздағылардың біразының бойында әлемет емшілік қасиет бар екенін Күлдәрі емші де аңдаған секілді. Оның бізді өзге науқастардан бөлектеп, алдымызды кесе өтпей, төбемізден құс ұшырмай жүргені де содан екен. “Емшілердің” отпен, сумен, тұзбен, қамшымен... емдейтіні де, көріпкелдік қасиеті бары да, биотогі күштісі де мидай араласып, осы үркердей тобымыздың ішінде жүр. Ал біз Күлдәрінің алдына әлденендей ұлан ауруға ұшырадық па деп қорқасоқтай именшіктеніп кіргенбіз. Қай жерің ауыратынын, жаныңды нендей нәрсе мазалайтынын қолмен қойғандай ғып айтады өзі. Әлдебір дұғаларды іштей күбірлеп, қолындағы үкілі қамшымен жоныңа тартып - тартып қалғанда, біртүрлі жаның жадырап, көзің шырадай жанып шыға келетінін қайтерсің. Емшілік дарынымыздың әбден пісіп - толып тұрғаны да сол жерде мәлім болды. Бәрінен бұрын аурудан дін - аман болып шыққанымызды айтсайшы! көзайым хабардан кейін жан - дүниеміз сергіп, ширай түскендейміз. Рухани сауығудың “біссімілләсі” ме екен бұл, әлде... “Ауру емессің, өзіңді қанмен сіңген бір кие - күш қысып жүр” деп, көңіліне, жүрегіне Сенім ұялату арқылы адамның ішкі қуатын, рух күшін оятудың теңдесі жоқ құдыретті ем екенін мен кейін бір - ақ түсіндім. Күлдәрі емшінің қолындағы ең басты “көзір” де осы еді - ау...Одан шипа іздеп келгендердің бір тобы ауруымыздың “диагназы” - емшіліктің қалыбына түсе алмаудан барып туатын аз күндік қана қиналыс екенін естіп - бір, енді осы жолға “тәуекел” деп қайтіп түсерге білмей - екі абдырадық. Күлдәрі емшінің айтуынша, “емші болу оңай емес, алда небір өткелектен өтуімізге - әулие аралап, рухани тұрғыда тазаруымызға, әлгі бір ерекше қасиеттің бойымызға мықтап қонуы үшін не қажет болса — соның барлығына да мойынұсынуымызға тура келеді. Бес уақыт намаз оқып, мұсылмандыққа бет бұрып, емшілік жолын ұстанбасақ, мұның кесірі соңыра өзімізге, қала берді туған -туыстарымызға тиіп кетуі әбден мүмкін. Барлығымыздың да ортадан қаржы жиып, автобус жалдап, бір туғандай болып, ерте күнді кеш қылмай зиярат сапарына шығып кеткеніміз де содан... бола қалсақ екен деп емешеміз құрып келе жатқаны шамалы. Бірақ, басқа түссе неге де көнесің ғой! Соңыра “ойбай, не дейсің, түгенше тәуіп болып кетіпті” деп атыңды ел - жұрт дабыра қылады - ау енді. Соған лайық бойымда не артықшылық бар өзі. Жоқ қой, жоқ” деп пұшайман боласың баяғы. Сөйте тұра бір жағынан осы сапар бойыма бірдеңе қонар деп те үміт етесің. Кімнің жалған емші болғысы келсін - ау! Көңілде - е, Құдай, досқа күлкі, дұшпанға таба қыла көрме, сапарымның сәтін сала гөр” деген баталы тілек қана... Сапарластарымның ішіндегі он екісі емшілігі пісіп - толып, әбден кемеліне келгендер Күлдәрінің өзі, сосын тағы бір емші кемпір (есімі Санновар болар, сірә) бастап, Арыстанбаб кесенесінің шырақшысы Абыз қариядан бата алып, жолдарын ашқалы келеді. Екі - үшеуі орта жастағылар, қалғаны отыздардағы уыздай келіншектер. Емшіліктен үміткер еркеккіндікті - мен ғана. Күлдәрінің қайнысы - зіңгіттей жігіт Смағұл, үш науқас әйел, екі бойжеткен қыз, және бірер жасөспірім бала бар... Әйелдер жағы түгел малынта ақ шыттан орамал, көйлек, дамбал киінген. Ақ періштелерге де ұқсайды. Есі - дертіміз әулиелерге ауған, біріміздің - әйел, екіншіміздің - еркек заты екенімізді ұмыттырған шебер құдай - ай!.. Қазақстан облысының Қызылқұм ауданындағы Глинка атындағы кеңшарды жанамалай, ауыл шетіндегі өзенді жалдап өтіп бара жатқанымызда күн қызылжалқындана байып, ұясына қонуға айналған - ды. Алдымызда –ХІІ партсъезд атындағы ауыл. Домалақ анамыздың (Нұрила) кесенесі де сонда, Кішібөген өзенінің бойында тұр. Бәйдібектің бір ұлы Жалмамбеттен көп - көп ұрпақ тарауына ең алдымен арғы анамыз Сыландыға кіші ене болып келетін осы Домалақ ананың “Ағарып алдыма түспе, қарайып соңымнан қалма! Ұрпағың өркен жайсын, өзің сияқты “иісті” (кейін ”ысты” аталды) болсын!” деп берген батасы дарыды деген де сөз бар. Армысың, Ұлы Ана! Қасиетті аналар мекенін, міне, осындай толқулы күйде аттағанбыз. Түнді Нұрила анамыздың бейіті басында шырақ жағып, ұйықтамай тілек тілеумен өткіздік .. Сол күндердегі бір таңқаларлық жағдай - қарнымыздың ашпайтыны, екі - үш күнде бір құдайыға мал атап сойып, ет - сорпасына жүз қаралы адамды ортақтастырғанда сыбағамызға тиетін бір жапырақ еттің тоғы басылмай жүретіні, жағдай талғамай, құры жерге киімшең қисая кетіп көз шырымын алып жүрсек те, ұйқымыздың қанық, бойымыздың да, ойымыздың да дәйім сергек, қунақы тартып тұратыны...Кішібөгенде... ертесіне таң арайлап атты. Ұлы Ана басында мал сойылып, құдайы садақа таратудың қамы ертемен басталған - ды. Осында, кішкене жер тамның қай жағына сиғанын, еліміздің қиян алыс түкпірлерінен зиярат ете келгендер жыртылып - айырылып жүр! Алматыдан талдырмаш қана бойы бар, есімі қалың жұртшылыққа діни - танымдық мақалаларымен танымал журналист қыздың келуі ортамызды бір ерекше нұрға бөлегендей болды. “Қаламгерлік жолымда Ұлы Анамыздың шарапаты мол тиді” дейді ол ағынан жарылып. Осы күні Балабөгендегі Бәйдібек ата кесенесі басында да болып, сол маңайда тұратындарды түгел жиып, құдайы ас тараттық. Қошқарата, Сыланды ана, Теректі әулие бейіттеріне зиярат еттік. Айтпақшы... сол күні ойда жоқта таластық бір жерлесіммен ұшырасып қалдым. Жүзі бал - бұл жайнайды өзінің. Ол бұл жерге автобуспен емес, Байжансай арқылы тіке жолмен Қаратауды асып жаяулатып жетіпті. Не деген жанкештілік десеңізші! Жол - жөнекей бастан кешкендері, айтып отырса, құдды ертегі - аңызға ұқсас. Ол ауылда мұғалім - ді. Көп уақыттар бойы жолы болыңқырамай, өзі бір аурулы күйде жүрді. Ұстаздық қызметімен қоштасуына да тура келді. Кейін естідім — осы зиярат сапарынан оралысымен - ақ оның тасы өрге домалай бастапты, мол несібе бұйырыпты өзіне. Алдына мал біткен, мәшине де алған. Ініміз сүрбойдақ еді - қазір бір басы екеу болыпты, Алматыда тұрады, үлкен кәсіпкер деп естимін. Әнеки, әулиелі жерлерді жаяу аралаудың кереметі! Қоналқаға Шәуілдірдегі Арыстанбаб кесенесінің шырақшысы Абыз қарияның үйіне жетіп жығылуымыз керек. Күлдәрі емші солай деген. Сол сөз қамшы болып, қайыра жолға шыққанбыз... бір жетінің ішінде қаншама әулиелердің басына түнеп, Күлдәрі емшінің айтуымен, қабірін айналып, тәу етіп, кірпішін ұстап сүйіп, іштей дұға қайырып күбірлеп, Сайрамдағы сансыз бабты түгендеп, Қызылқұмды қырық айналсақ та, құдая - құдуанда, әлі тыңбыз. Құдды бір әруақтар алқалап, періштелер желеп - жебеп, қай - қайсымызға да қанат бітіріп тап қасымызда жүрген секілді.... Қазекеңнің “сынықтан басқаның бәрі жұғады” деген сөзінің, тегі, жаны бар. “Аурумын” деп уйымдап келіп, әулиелерді аралағаннан кейін олардың рухтарына құран бағыштап, ертелі - кеш елбе - делбесі шығып, Аллаға жалбарынумен болған мұңлықтарға да, ақырында, бірдеңе жұғайын деді - ау. Автобустың артқы орындығында қалғып - мүлгіп отырған тырыли арық қара келіншектің оқыстан қатты дауысы шығып, көзін қасындағы қызын ертіп емшіге қаралып жүрген мосқалдау әйелдің өңменінен өткізе қарап: “Үйіңде бір өлмелі кемпір жүр” - деп қалғаны...

— Иә, енем ғой ол!

— Ауылыңыз таудың етегінде екен - ә... Төңірегі тал - терек. Әнебіреу... кім өзі? Әлде келіншек, әлде бойжеткен... Кемпір соған қолын күнге сала қарайлап тұр. Қызы ма? Қолында емізулі баласы бар.

— Көтек! Тағы қайтып келген бе?! — Мосқалдау әйел өз - өзінен оқыс селк етіп, “тәуіпке” сұраулы жүзбен қарайлайды.

— Мен көзіме көрінгенін ғана айтамын! Жалған айту жоқ қанымда! — Тырыли арық келіншек тоқтар емес, көзі жұмулы күйі екінші бір кейуананың иығынан түртпектеп жатыр... Онысы оқыс селк етіп, мойын омыртқасын үзе артына үрейлене қараған:

— Мен бе?

— Иә, сіз! Ауру емес, күйік сізді өлтіріп бара жатқан! Әлденеге құсалысыз, міне, көрініп тұр - өкпе - бауырыңыз түгел сарғайып кеткен!

— Қарғам - ау, мұның емі бар ма енді? Мен сол құсалықтан өлуге айналдым емес пе? — Кейуана қара келіншектің тегін адам емес екеніне енді көзі жеткендей. Беті бері бұрылып, мұны әулиеден бір де кем көрмей, сөзіне, дем - тынысына, лебіне елти түсті...

— Әй, Кенжекүл, тоқтат мұныңды! — Автобустың алдыңғы бетінен барқ ете түскен дауыстың иесі - “емшіліктен үміткердің” тағы бірі етжеңділеу, домаланған ақсары келіншек екен. Сөзін ашулы бастағанмен, “Мұнда сен жалғызбысың, рухы, ниеті, пиғылы алуан түрлі адамдар бар, бойыңдағы бар қасиетіңді солар түп көтере, қотарып алып қойсын дейсің бе, түге”, - деп артын жаймалап, жанашырлық ниет аңдатты ол. Күлдәрі емші болса, жымиып қана мұның бәрін көзбен көріп, ішпен сезіп біліп те отыр. Бірақ үндемейді. Болашақ тәуіптерді басқару тізгінін әулие - әмбиелерге, одан қалды өзді - өзіне ұстатып, әдейі еріктеріне жіберіп отырған сыңайлы...

Шәкәрім қажы өзінің “Үш анығында” “шартын білсе, әркімнің - ақ, алдағыны болжап айтарлық қасиетке ие болып шыға келетіні” тұрғысында айтты. Ол не шарт? Көбімізге жұмбақ. Соны халық емшілері бәлен жүз теңге берсең, бір демде - ақ үйретеді - мыс деген де сөз бар - ды. Ел не десе, о десін, ал Күлдәрі емші ешқандай да ақы сұрамай - ақ біздің боймыздағы сол бір “бесінші түйсігіміздің” оянуына ықпал етті. Әулиелерден әлдене жұғысты болды ма екен әлде? Бойымыздағы бұлықсып жатқан бір күштің көзі ашылғанына өзіміз де айран - асыр, аң - таңбыз. Айтқанымыз дөп келетінінің өзі біртүрлі қызық көрініп кетті. Базбір келіншектер біріне - бірі тілеуқор болып, “Қанекей, алақаныңды ашшы, биотогың ұрып тұр ғой!” десіп көңілдері бірленгендей күйде жүрді. Жүзінен нұр тамған қызыл шырайлы келіншек те бізбен бірге талай жердің топырағын басып, дәмдес, тұздас, сапарлас болып жүрген балпанақтай жасөспірімнің кішкене кезінде аспалы жолдан қалай құлап, мерттіккенін қолмен қойғандай қып айтып бергенде, шешесінің көзі атыздай болды... Осыны естіп, әлгі Смағұл бозбала... “емшінің қайнысы” деді ме, сапарға шыққан алғашқы күннен - ақ онымен сөзі жарасып, әмпей - жәмпей бола кеткен сұңғақ бойлы жиырмалардағы тұнжыр көз сұлу екеуі сәтке де болса құшақтарын жазысып, қоянның көжектеріндей дір - дір қағып, бүгежектей түсті. Тұнжыр көз қыз - “емізулі баласымен үйіне тағы қайтып келе жатқан “келіншектің (Кенжекүлге осылай көрінген) туған сіңлісі болатын... Ал біз... Смағұлдың онымен көзімізді бақырайтып қойып, автобуста сүйісіп отыратынын, “әй” дер әже, “қой” дер қожа жоқ, еркінсуін, әулиелі орындарды аралағанда екеуінің қол ұстасып, қайдағы бір жықпылды тау - тас арасына сіңіп жоғалатынын аса қос көрмейтінбіз. Қыздың шешесі “әлгі біздің сорлы қар көздеріңе түспеді ме?” деп әркімнен бір сұрап жүретін... Енді олардың мына пұшайман халін көріп, “өздеріңе де сол керек” дестік. Күлдәрі емші баяғысынша... соның бәрін көріп - біліп отырса да ләм - мим деп жақ ашпайды. Затының бөлектігі ғой! Смағұл үшін “тәуіп” емес, жеңге ғана. Оның үстіне ағасынан алтындай -алтындай екі ұл, бір қыз сүйіп отыр. Арзымайтын нәстеге бола уыздай ұйыған отбасы шырқын бұзсын ба! Ал қыздың... сұлулығы кімге дәрі, шошақайлығы, жеңілтектігі, иба - иманнан жұрдайлығы кім кімді де тіксінтеді! Сорлы анасының осынысын қалай тиярға білмей зар илеп, запыран құсумен жүргендігі пәруайына кіріп - шықса неғылдейсің! Менің де... көзім алдына бұлдырап, әлдене елестер келді. Жаңада соғылып біткен еңселі ақ шаңқан үй саңдай болып сыңғырлап тұр. Бірақ, ішінде іліп алар дәнеңе де жоқ. Үлкен үй ішінде, оның ауласындағы пәкене там (дүкенге ұқсайды) алдында да жарқыраған электр шамы... Үй сыртында алма, өрік дегенің самсып өсіп тұр. Түн мезгілі...Міне, менің әлгі Кенжекүл тәуіпті көзіме елестете отырып, көрген “кином”! Осыны өзіне айтсам ба екен, айтпасам ба екен деп көп ойландым. Бәлкім, бұл жалған елес шығар. Өзім ұятқа қалып жүрмейін қайта деген кібіжіктеу бар көңілде... Бойымдағы “қасиетімді” әлдекімдер орта жолда қағып әкетіп жүрмей ме? Күлдәрі емші айтса, бізге “тәуіптік” етуге әлі ерте. Маған, мысалы, әлі Арыстанбабта намазға жығылып, Шырақшы атадан, сосын Күлдәрінің өзінен бата алуым керек. Алғашқы емделушінің “емқонарын” ұстазымның қолына түз - түгел әкеліп салу да парыз.”Қызметіме” сосын - ақ кіріссем де, кеш емес. Бірақ, өзіңнің ішкі түйсігіңмен болжап білген жайдың растығына көз жеткізу деген де бір ғанибет іс. Ақыры, осы қызығушылығым шыдатпай, Кенжекүлді (бұрын - соңды кездесіп, сөйлескен адамым емес) оңашалап, өзі жөнінде көрген - білгенімді түгел жайып салдым.

— Ып - рас!... - деді ол. — Биыл үйді өз күшімізбен салып кірдік. Ішінде дүние жоғы да рас. Есімізді енді жиып жатырмыз. Есігіміз алдындағы - өзіміз ашқан дүкен. — Жүрегім лүпілдей соқты сол сәт. Күлдәрі емшінің тегін адам еместігі сол күні шырақшы Абыз атадан бата алғанымда да, ертесіне Арыстанбабта намазға жығылғанымда да, қазақтың барша хан, сұлтандарының Ұлы Қабірстаны - Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде болып, аруақтар рухының самала сәулесіне шомылып тұрғанда да ойымнан бір шықпады...

Келесі бір сәтте, айнала - төңіректі салбырап түн басып қалған шақта Қызылқұмның бір ауылынан шығып, Атабай құмындағы Укаша ата, Жылаған ата бейіттері басына дұға қылуға беттеп бара жаттық. Алдымызда, алыста әлдебір оттар жалтырап жанады. Жолсызбен таулы - адырлы өңірді көктей өтіп (бір кездері ұлы Мұқаң, Мұхтар Әуезов бір келгенінде тобымен едәуір адасып барып, Темірқазыққа қарап бағытын айқындап алған жері де осы тұс - ау), тоқтаусыз жүріп келеміз. Қанша жүрдік, адастық па, жол - жөнекей түнедік пе - қазір есімде жоқ. Бір білетінім, Укаша ата басына түс әлетінде жеткеніміз. Келіншектер, әсіресе, көптен балаға зар болып жүргендері тауды өрлеп, сол маңдағы Жылаған ата биігіне кеткен - ді. Олар қайта оралғанша деп, шырақшы шал Укаша өміріне қатысты аңыз -әфсананы тарқата отырды. Укаша атаның бейіті әлемет ұзын екен. Шамасы он, он бес метрдей - ау. Атаны аңдыған жаулары намаз оқып отырған жерінде тап басып, басын шауып,.. басы домалап түскен жері ойылып, сол тұста шыңырау құдық пайда болды дейді. Ал өзі... тікесінен - тік біраз жер жүріп барып, осы моласы тұсына жетіп құлапты. Соңында жентек -жентек ұйып түсіп қалған қанын қоса жиып жерлепті елі. Қабірінің ұзынша болуы да содан. Қобыландының Тайбуырыл атының тұяқ ізі таңбаланып түскен тас та осы тұста. Соңыра барлығымыздың басымыз қосылған соң... әлгі Укаша атаның атымен байланысты шыңырау құдық басына да бардық. Күлдәрі айтты: “Құдыққа салған қауға шелек екінің біріне “әулие суды” бұйырта бермейді. Осы тұста кім - кімнің де несібесі бар - жоғы, қаншалықты екендігі де білініп қалады” деп. Құдық басында тауға -тасқа соғылып, майысып, мыжырайып, жарамсыз болып қалған шелек дегенің тау - төбе үйіліп жатыр. Қаншама мұңлық жанды (мүмкін мың, мүмкін миллион) несібелі етті екен мыжырайған мына мылқау мосылар!.. Әулиеқұдықтан несібені бізбен қатар көрші Өзбекстаннан екі бірдей “Икарусқа” мінгесіп - ұшқасып жеткен ала тақиялы ағайындар да бірге сүзісті. Қауға шелекті бірде - олар, бірде - біз қолға аламыз. .. Біздікі - әбден көпшілікқолды болған екі бүйірі солыңқы кішкене шелек. Ал ... қашаннан - ақ ұқыпты өзекеңдер бұл сапарға қапысыз қамданғанға ұқсайды бас - басында бір - бір шелек, құлаш - құлаш арқан бар. Дегенмен, қанша жерден қам қылса да, қауға шелегі құры шығып, қайта - қайта салып бәрібір түк өндіре алмай, дымы құрып, шоқиып отырысып қалғандары көп өздерінің. Күн шалған жерді құры қоймайтын, қашанғы қытымырлықтарынан, пайдакүнемдіктерінен көрмейді мұны! “О, анаңды...” деп әлдекімдерді жазғырып тілдейді қайта. Ал біздің тобымыз олардан гөрі мейлінше несібелілеу болып шықты. Біз үшін “ ынсап сайын береке” деу бұлжымас қағидамызға айналғандығынан да шығар - ау. Ақ пен қараны дөп айырар Укаша ата шыңырауы құдырет - құпиясымен өзіне мыңдардың мойнын бұрғызумен келеді! Сол сапар тылсым дүние тағылымдарының талайымен бетпе - бет келдік... Он сандаған әулиелі орындарда басымыз бірде тоғысып, қайта ажырасып... Алланың шапағатына, хан - сұлтандар, софы алдиярлар, әулие - әмбиелер рухтарының сәуе - сәулесіне шомылуға тіктеп келген нешеме пенде - мүміндер кездесті десеңізші. Арыстанбабта жылан шаққаннан бетер шар - шар етіп, солқылдап қоймай жылап, ақыр соңында талықсып жығылған бейбақ аруларымыз ше... Қуатты рух берілісіне нәзік жүйкелері төтеп бере алмады ма, емнің қонайын дегені ме, әлде ібілістің шалығы тиді, әлде жаны - ділі шынымен сырқат бейбақтар ма ... кім білсін! Осындай аянышты көріністің куәгері болған жандардың “мынаның қасында біз дыңдай екенбіз - ау” деп дерттері жеңілдеу болып шыққанына шүкіршілік етуі соңыра олардың бойына теңдесі жоқ шипалы ем болып даруы мүмкін екені де анық - ты... Соңғы аялдамамыз Алғабас ауданы, Құмкент ауылы маңындағы Бабатүкті Шашты - Әзіз әулие бейіті болған - ды. Біз мұнда айналмалы жолмен орағыта Жаңатас қаласы арқылы келгенбіз... О, тоба, он - сан әулиелі орындарда бірнеше мәрте бас қосып, кейін ажырап, жаяулап қалып қойған иығында - ала қоржыны, қолында - добалдай қайың таяғы, қаба сақалды, шотмаңдай еңгезердей қара кісі осында жүр! Ол жөніндегі мәліметіміз де тақұл - тұқыл - ды. Білетініміз — оның Жамбыл жақтан екендігі, үйінде жас әйелі, үйелмелі - сүйелмелі екі - үш жас баласы бар екендігі, бірақ оларды асырап - сақтау ойына да кіріп -шықпай, жаяулап, керейті келсе, көлікпен аяқ жетер жерді қоймай шарлап, үйді - үйге кіріп, әруақтарға арнап бата оқып, құран түсіріп, дәруіштің күйін кешіп жүретіні. Алпысты алқымдаған кісіге бұл қайдан оңайға түссін. Кейбір қылықтары ерсілеу, әпенділігі де бар өзінің. Сол... Бабатүкті Шашты - Әзіз бейіті тұсындағы — қуаң даладағы кенересінен де асып - таспайтын, тартылып суалып та кетпейтін кішкене көлшікте тырдай жалаңаш күйі апы - күпі шомылып жүр! Көлшіктің “иесі” — ағыстың орта тұсында бұта басында иіріліп жатқан кез құлаштай қара шұбар жыланнан да қорқып - үркіп жатқан жоқ.... Біздің тобымыз бұл жерде көп аялдамады. Кесене ішіндегі қабіртасты айнала отырысып, баба аруағына құран түсіріп, дастарханымызды жайдық. Әлгі шойқара кісі ғана сонда жалғыз қалып қойды. Бейітте түнеуге.” Айдалада қалып қойсаң, қорықсаң — молаға түне “деген сөздің өзінде әулиелік бар. Тіріден гөрі өлінің мейірімі күшті. Кімді де болсын аруақтың алқап, қорғап қорғаштап жүретіні тегін деймісің! Осымен Расұл Ғамзатовша айтсақ, “тамат тамам. Вакалам, васалам әмин! “ — ауылға келдік. Әйел - қыздардың бас - аяғын тұмшап, малынтып киген киімдері ыс, күйе жұғып, әбден қарақұрымы шығып, баттасқан кір болыпты. Ал жүрегіміз бейне Алланың шапағатымен, әулиелер рухтарымен нұрланғандай... “Болашақ емшілер” түгел дерлік ауыл - үйлеріне тарасқан. Ал мен ауылым алыста болғандықтан, осындағы бір туысымның үйіне түнеп, ертең асықпай бір - ақ қайтуға шештім. Ойда жоқта Күлдәрі емшінің қолқа салып, үйі ауласында айра - жайра болып жатқан жер ошақты қалпына келтіріп беруімді қоярда - қоймай өтінгені... Әрине, мен Күлдәрі емші — жаны шуақты, таза, бекзат болмыс иесі не айтса да орындауға бармын. Тек... осы үйдің кем - кетігін түзер отағасы Қайрош құрдас, одан қалды Смағұл сүрбойдақ тұрғанда... Олардың тік жүріп, тік тұратындығы, үй шаруасына тіпті илікпейтіні, шамаларына қарамай үйлеріне келген емделуші мүміндердің әйелін күңше, еркегін құлша жұмсауға пейіл екендігі маған әу басында - ақ ұнай қойған жоқ - ты. Олар Күлдәрі емшінің бойында ерекше қасиет - кие бар деп те мойындамайтын секілді. Күлекеңнің ісіне “шарлатандық” деп күле қарайтындай көрінеді. Ал бізді... сондайға өрелері жетпейді, кілең бір қиялилар деп ойлайды - ау, сірә. Күлдәрі емшіні аяймын мен. Оның бойындағы әлеуетті қасиет, топты - тобырды жаратпайтыны, қарау ниетті адамдармен жақын - жуық араласса - ақ арқасы құрысып, тынысы тарылып, есінен танып құлап қала беретіні пединститутты аяғына дейін оқып түгесуіне де мүмкіндік бермепті. Меңсіз ақша жүзіне мейірім үйіріліп тұратын, туған айдай толықсыған қаса сұлудың өзіне жолыққан Қайроштарыңның маңдайындағы бағы зор екен, тегі. Пешті қайта соғып бітіріп бергенімде... Күлдәрі — қорғансыз ару, менің мейірімді емшім жаман қатты қуанып, жалбырап жаны да қалмай құрақ ұшты. “Сенің пайғамбарың - Нұр. Мұхтар Шахановтай ақын боласың, жаным” деп батасын да берді. Кейін... аздап болса да “емшілігім” барын біреулерден естіп, бір жеңгем сырқат немересін алдыма алып келгені бар. Көңілін қимай, өзімше “үшкіріп” ем - дом жасаған болдым. Мен қалай болған күнде де алғашқы табысымды шып - шырғасын шығармай емшімнің қолына апарып салуым керек - ті. Бірақ оны істей алмадым. Ондаған жылдар бойы алдыма емделуге келген жалғыз - ақ әлгі жеңгемнің немересі болса, оның өзі “ем қонарың” деп қолыма соқыр тиын да ұстатпаса, қайтуім керек!. . Бірақ сол бір әулиелер еліне сапардың өмірімде қалдырған ізі бар. Ең бастысы дін аманмын. Бәлкім Күлдәрі емші менің бойымдағы ерекше бір қасиеттің - өз - өзіме деген Сенімнің оянуына, ішкі қуат, мүмкіндігімнің ашылуына бірден - бір себепші болған шығар! Адамның мұндай ішкі қуаты алдында қандай дертің болсын қауқарсыз. Күлдәрі емшінің қолынан, міне, сондай бір бүгінгі медицинаның өзінің күші жетпес құдіретті іс туды! Оған Алланың нұры жаусын! Айтпақшы... біз жоғарыда аталған сапарымыздың соңында жол -жөнекей жүргізуші жігіт Кенжекүл емшіні қала шетіндегі үйіне жеткізіп салған - ды. Түн мезгілі - тұғын. Осыдан бір жеті бұрын көзіме елестеген көрініс сол күйі көз алдыма қайта келді. Ақшаңқан үй іші де, есігі алдындағы дүкен - тамның кіреберісі де электр шамының нұрына шомылумен тұр... Ол аздай, Кенжекүлдің бізге себет - себет алма әкеліп таратып бергені ше... Сол жолы өзімнің “болжауымның” айна қатесіз шыққанына қайран қалдым. Әлі де солай... Кейін бір - бірімізден көз жазысып қалдық. Алланың ақ жолында жүргендердің бақай есепке жоқ екендігі әмбеге аян. Тым құрығанда, бір - біріміздің аты - жөндерімізді, мекен - жайларымызды да жазысып алмаппыз. Сол бір жаз… сансыз баптар өлкесіне, әулиелер еліне шеккен сол сапар естен бір шықпайды. Өзі де, шәкірттері де ел -жұртымыздың деніне саулық қосып, жанына дауа дарытуда ма. Қазір қайда жүр екен Күлдәрі емші!? Ақ періштелерге ұқсап аппақ киінген, жүректерінде Аллаға деген илхам, әулие - әмбиелер әлеміне, тылсым дүниеге деген әлеуетті аңсар бар Күлдәрі бастаған сол бір арулар Қызылқұм қойнында қалып қойған секілді, әлі де қасиетті орындарды аралап, тынбай сапар шегіп жүрген секілді...

ҮШ «АҚЫН»

(тәмсіл)

Қолыма қалам алып, өлең жазуға отырсам - ақ, ең әуелі Исрайл ақынның (Сапарбай) «Байғұс өлең, бақ - дәулет тайды сенен» деген сөзі сап етіп есіме түсе кетеді. Өлең - ау, басыңнан бұл - бұл ұшқан сенің бағзы бір бағыңды қалай қайта оралтам деп қиналып, қаламымды тістелеймін ғой мен бейбақ. Бірақ, сен қаламымды мүжіп жаңқалап тастағаныммен оңайшылықпен туа да қоймайсың ғой... Ақындардың дем берушісі — Муза менен іргесін аулақ сала бастаған ба, қалай деп, «қара терге» түсем. Қаламымның ұшына сорғалап құйылып келіп қалған сөз падишасы — Өлең, соңғы кезде «толғағың» тым ащы болып жүр сенің. Екінің бірінің тілі ұшына үйіріле бермейсің, жалыңа қол тигізбес басасаулығың да біліне бастағандай. Өлеңшілерге өкпелісің бе, әлде... Иә, олар сені түсінбейді. Бірақ, сені көкжасық «жырларында» тірілткісі келеді. Онда сенің поэтика дейміз бе, рухыңның, дем -тынысыңның да жоқтығын елең - құлаң құрлы көрсе, қанеки. Олар сені емес - ау, сенің атыңды, атағыңды жамылып, өзін дардай ғып көрсеткісі, «өгіз арбалы өлеңші» болғысы келеді!.. Сол бір эгойстік пиғылымен сенің жүзіңді төмен етіп, тұғырыңды аласартып жүргенімен іс - місі жоқ. Сені көзтаса көлеңкеде қалдырып, өзінің... жарыққа шыққысы, көпке танылғысы келеді. Жүректерінде саған деген мысқалдай махаббат болса, неғылдейсің! Болса өсти ме?! Мені сенің «көзтаныс» басты жанашырларыңның бірі деп ести ме, менің алдыма да ондайлардың он - саны топырлап келіп, торсаңдап шығып жатады. Әлгі... иі қанбаған көкжасық дүниелерін оқып көріп, қабағымды тыржитып жарата қоймасам, «Өлеңді біз де тани білеміз» деп тұлан тұтып талағы қарс айырылып, тіпті, доқ көрсететіні де жоқ емес. Менің сені жастайымнан серік етіп, сырласып, сыралғы болып өскенімнің өзі олардың көңілінде қызғаныш отын қоздатады ғой деймін. Кемеңгер Абайымыздың артына қалдырып кеткен «Өлеңге әркімнің - ақ бар таласы» деген бір - ақ ауыз сөзі олардың «бетінің арын белбеуіне түюіне» қаптал жетіп жатыр. Не дерсің! Зейнетке шығып, қария жасына ілінген соң ғана барып «ақындыққа» бет бұрған бұрынғы полиция қызметкерінің қалыңдығы кере қарыс ондаған «өлең - дәптерлерін» қапқа салып көтеріп келіп, біз оқып жаратпаған соң «Енді мұны не істеймін, не газетке шықпаса, не кітап болып түптелмесе, мұны неге жаздым! Есіл еңбегімнің рәсуа болғанын көрмеймісің! Мұны «архивке» тізімдеп өткізгеннен басқа амалым жоқ» деп көкірегі қарс айырыла күрсінгенін де көрдім. Сессиядан - сессия, қапылып мұрнына «су жетпей» жүрген студенттен бастап, еріккен зейнеткерге шейін «өлеңші» бүгінде. Өлеңнің исі мұрнына бармаса да, бірер жол «өлеңін» сиясы кеппей жатып, газетке бастырсам деп сүріне - қабынып жететіндерін қайтерсің! Исрайл - ай, осыны көре білгендігіңнің өзі кемеңгерлік - ау. Өлең, сенің басыңдағы бақты үркітіп ұшыруды көксейтіндердің «сорттары» да сан алуан. Әсіресе, соның үшеуі мені ала - бөле таңдандырғаны бар. Міне, олар... Пайғамбар жасынан әлдеқашан асып кеткен кейуана редакцияға жиі келгіштеп жүрді. Жазған - сызғандары бірқыдыру екен. Бірақ, бірде -біреуінің татымы жоқ. Өлі, жасық дүниелер. Тым құрыса тақпақтың да жүгін көтере алмайды. Мұны әлгі кісіге сол жерде «дік» еткізіп айтып салу ауыр тиетінін де білдім. Лажы болса, өлеңнің жылы жазылуы керектігін жұқалап жеткізіп, кейуананы «райынан» қайтарғым бар. Ал оның алған бетінен қайтар түрі көрінбейді. Аудандық газетте әлденеше мәрте көрінген. Ауыл - аймақтың мерекелік думандарында, шілдехана, бесік тойларында үлкен - кіші түгел «ақынымыз» деп қайырылып, мұның ауызына қарап отырады екен. «Ал ақынымыз, жібер аттың басын!» деп желдірмелейді келіп. Қызық үшін ғой баяғы! Кейуана ауылдастарының әлгі - қолқасына - имандай сеніп қалса не жорық! Сол сөз дем беріп, мерекелі күндері Алматы, Астана қалаларының алаңдарында кимелеп сахнаға озып, арқалана аруақтанып жыр оқыған ғой апамыз! Облыста «маңдайы тасқа тірелмейтініне» де бек сенімді. Менің сыпайылық танытып, өлеңін түкке алғысыз етіп, сынап - мінеудің де жөнін таппай, сырғақтай бастағаным оған пәлендей әсер етпейтін секілді. Дігерлеп, соңымнан да қалмай, «әй, бала, өлеңімді қалай да шығаратын бол» деп, біраз жерге «шапты». Мені құтқарған редакторым болды. Өзі кіре берісте ұшырасып қалды. Әлгі «ақынды» баяғыдан - ақ «таниды» екен. Оның екі аяғымды бір «етікке тығып» әптер - тәптерімді шығарғанының үстінен шыққан соң не жорық. Әрі «жағдайды» бірден түсіне қойып, бір жағы, мезі де болды ма, «Сіз.. ақын емессіз! Қанша айтсақ та, қоймайсыз. Дап -дардай басыңызбен... Елге маза беріңіз, түге» деп кейуананың бетін қайтарып тастады. Мен кабинетіме зып бердім. «Концерттің көкесі енді болады» деп үнсіз демімді ішіме тартып отырмын... «Концерт» көп күттірген жоқ. Әлгі кейуана алдыма пора - порасы шыға жылап келді. «Қарағым, кешір. Қайдан білейін. Мені бұлай құтыртып қойған әлгі... ауылдағы кемиек Әтірқұл пошташы ғой! Барған бойда бетін жыртпасам ба өзінің, әдіреқалғыр!» дейді басыңқы үнмен. Оны шын аяп кеттім. Оны - мұныны айтып жұбатқан болып жатырмын... Бірақ, бұл іс мұнымен бітпеді. Апайымыз ауылына барып кемиек Әтірқұл пошташының бетін жыртты ма, түсінде аян түсті ме, жоқ әлде қабілет - қарымына өзгеден бұрын өзі қатты сеніп қалды ма... бірер айдан соң қайта «төбе көрсетті». Қолында тасқа басылған Үлкен кісіге арнаған «өлеңі» жүр... Әдепкідегідей емес, айбынып арқалана келді апамыз.Сол жолы, әйтеуір, осы дүниесін бізге қалай да өткізіп кетудің бар айла –шарғысын жасап бақты ...

— Апай, Үлкен кісіге деген жылы лебізіңізді өлеңнің қалыбына салмай - ақ, былай... қарасөз күйінде бере салсаңыз болмай ма!? Мынауыңыз бір бәлдір - батпақ дүние , — дегенімді пәруайына ілген апамыз жоқ. Екілене сапырып отыр...

— Біз де адамның баласымыз ғой... Қанша «кәзиттің» есігін қақтым. Біреуі оң қабақ танытсайшы. Неужели рахмет айтпайды маған! Ойсаз өңірінде Үлкен кісіге арнап өлең жазып, тіпті «тілбезерде» де насихаттаған жалғыз мен ғана. Алқалы топ алдында өлең оқып, Түркстаннан кілем алып келгенмін әуелім. Жоғарыға... жазамын енді. Басқа амал қалмады менде... «Еңбегің» деп қолыма бірдеңе қыстыра салса, нелері кетеді, түге! Көңілім бір марқайып қалмай ма? «Бәлнеске» жатып ем, бір жағы соған напаха бола ма деймін мен байғұс! — деп апамыз сырын айтам деп, шынын айтып қойғанын да байқамады...

Ал Бәтигүл деген отыздардағы ойнақы, оймақ ауыз қыз өлеңнен бұрын өзін таныту, күлдібадам дүниелерін газетке қалай да бастыру мәселесіне... мүлде басқа қырынан келді! Өлеңді өткізудегі, өлі дүниені тірілтудегі өлермендік дейміз бе мұны... Бәденді қыз қасы, көзі қиыла үзіліп, мөлдіреп - ақ тұр. Өзі де өлеңдей екен шіркіннің! Бірақ өлеңі — өлең емес. Дегенмен, аймаңдай арудың алқынған төсіне, дем -тынысына елітіп, емешем үзіле қарағанымды өзім де аңдамай қалыппын. Мұндай перизат алдыңда отырғанда, қатты кетудің өзі күнә секілді. Өзі келіп қолымнан су ішкелі тұрған көкаршын құсты үркітіп не жыным бар!

— Былай жасалық, қалқам… — дедім сосын мен де демімді жиі алып.

Әрі қарай... қыз қылығы балқытып, буыныма түсіп, аздап босаңсығандай да болдым. «Әлгі... мына дәптеріңізден іліп алар дүние шықпауы мүмкін емес қой. Іске жарары да бар - ау , сірә. Ондайы болса, «мұртын басып», өңдеп дегендей... әзірлей қояйын, ә» — деп, о, киелі Өлең, саған деген адалдығымның ақ жібінен аттап кеткенімді сезбей де қалдым. Бірақ ол оңай шағылар жаңғақ секілді көрінбейді... — Өлә, ағай, оныңыз не... Өлеңдердің буыны онысыз да балталаса бұзылмастай болып тұр ғой! — деп шап ете түсті. «Айналайын, мынауыңыздан сыңғырлап тұрған өңкей келісімді көре алмадық қой!» деп қалай айтарсың! Өйтсем, ай сырғалы қалқаның көңілі қатты қалады.

— Енді... қайткенде де, шамалы өңдеу қажет болады, — деймін күбіжіктеп.

— Бір сөзін де өзгертуге болмайды, ағай! — Қарындас үдеп салды, тіпті. — Бір дәптер өлеңді түгел жариялау керек! Өйте алмасаңыз, қайтып алып кетем.

Мұны естіп мен де қатаяын дедім: «мына қыз мені, түбі, жындандыратын шығар».

— Көкем, азырақ сөзге қонақ берші... Жалпы әлі... стилің, қолтаңбаң да толық қалыптаспағаны көзге ұрып - ақ тұр. Біресе, Мұхтарға, біресе Мұқағалиге... Фаризаға еліктейтін секілдісің, — деп ойдан шығарып, өзін тұйыққа тіреп тастағалы оқталып ем. Қайта жүзіне қан жүгіріп, жетісіп қалды.

— Өзіңіз де байқапсыз ғой! Ағай, мәселе, міне, сонда болып тұр емес пе?!

— Неде? — деппін абдырап - сасып.

— Әлгі... Мұқағалиге ұқсауды айтам.

— Қалай, қалай ?

— Ол өлеңдердің барлығын да көктен аян түсіп, Абай ата, Мағжан, Сәкен ағалар, Райымбек, Қарасай, Сыпатай батырлар құлағыма сыбырлап жаздыртып кетсе... маған өл дейсіз бе? Міне, содан да бір үтірін өзгертпей жариялау керек! Әйтпесе, аталардың аруақтары назаланады. Сізге де, маған да ауыр тиеді ол! — деді әлгі қыз сол жерде қызбалана сөйлеп, нығыртып та тастады мені. Ал, керек болса!

Әлгі «ақын қызға», аруақты ақын, батыр аталарымыздың «писарына» «осынысы расы ма, өтірігі ме» дегендей аузым ашылып, аңтарыла қарап қаппын. «Рас айтам»» дейді ол көзі күлімдеп. Сендейлерді өстіп бір қатырайын дегені ме?! Қарсы алдымдағы «аруақтан қорықпайтын ақын қыз» сол сәтінде - ақ бойындағы бар сұлулығынан айырылып, безеріп, бедірейген, сезім де, сенім де жоқ тас мүсінге айналып бара жатты... Сол, сол - ақ, сөзге де келмей, әлгі «ақынға» бар дүниесін қолына беріп, кабинеттен айдадым да шықтым! Міне, осылай, Өлең, сені бет перде етіп жамылып, сорыңа біткелі келген тағы бір өлермен Өлеңшіден құтқарып қалғанмын. Өзі де өлең секілді сұлуқияқыз болып, жымып басып жаныңа тым жақын келіп еді ол! Үшінші «ақын» аймақтық газеттің төңірегінде ойда - жоқта пайда бола кетті. Әуелі одан бір тілім қағазға «өлеңдетіп» жазылған, аймақтың бір дөй бастығына арналған бата - тілек түскен. Не өлең емес, не қарасөз емес. Онысы бірер күн тартпада жатыңқырап қалып еді. Әлгі шал журналистердің бас - басына күнде қоңырау шалып, әркім -әркімнен сұрастырып, тәптіштеп отыратынды шығарды. Содан да, кей күндері басқа жұмыстарын былай қойып, күллі редакция қызметкерлері сол бір хаттың дерегін іздеп дәлізде сапырылысып жүретінді шығарды. Бұл сөз редакторыма да жетті. Мені шұғыл шақыртып та алды.

— Бір өлең түсіпті бізге...

— Соның өзінің ... іліп алары болмай тұр ғой... Бірақ бастығым «звандап қоймай жатыр, жасы 80 - де екен. Бір

құрметіміз болсын» деп оның бір - екі шумағын болса да жарыққа шығаруымды ұсынды. Әлгі қан - сөлсіз сірескен күлдібадам дүниеге сезім араластырып, жылуарлап, ұйқасын келтіріп ұзатпай жариялап та жібергенбіз. Бәрібір үншалғының құлағынан айырылар шалыңды көрмедік. Екі күннің бірінде «әлө - у, қалқам, мен «пәленшемін» ғой! «Өлеңім» не болды?» деп жатқаны. Осылай, күнде — қоңырау! Газет деген шөпті де, шөңгені де өлең қылып шығара береді деп ойлайтын болуы керек. Әуелім, хатқа түсіргенінің өзі өлең бе екен — оған бас ауыртып та әуре болмайды әлгі кісі. Тақа болмаған соң...бірде жұмыс орныма өзі іздеп келді. Мұздай киініп, мұртын басып, монтиған кісіні көп болса 60 - тың ар жақ, бер жағында деп ойлайсың.

— Өлеңді көптен жазасыз ба? — дедім әдейі қитығып, әлгі кісінің тамырын басып әрі өлеңге көзқарасын да білгім келіп.

— Ойбуи - й, қарағым - ай, өмірі қолыма қалам ұстаған адам емеспін. Кезінде ірі құрылыс тресттерін басқардым. Екі ұлым да қызмет бабымен осында ауысып келген. Мені қолдарына алды. Ағайын - туыс, дос - жарандардың барлығы да туған, өскен жерімде қалып қойды.Мұнда ешкімді де танымаймын. Әбден ішқұста болдым.Сосын ғой... қолыма қалам алғаным. Ептеп «шығармалар» жаза бастадым. Сол - ақ екен, өмірге құштарлығым оянып жүре берді. Күні бойғы ермегім осы енді. Бірдеңе түртпесем отыра алмаймын. Сөйтсем, біртүрлі бойым жеңілейіп қалатын секілді, - деді сосын қария «мән - жайды» түсіндіріп. Қартайғанда, «кәрі боз тарлан шығып жатса» сөзіміз жоқ қой! «Шығармасы» әлгіндей, мектепте мұғалімі бұған «үшті» де қимас еді...

— Әлгі бір... өлеңім...

— ... әлдеқашан шығып кетті ғой!

— Ә, сөйтті ме, алда айналайын - ай... — Қария қапелімде абдыраңқырап қалды. Енді қайтсін, «тырнақалдысының» алғаш баспа бетін көруі ғой бұл.

— Мен тағы да біраз дүние жазып қойып едім... Келесіде әкелермін, — деп қария кабинетімнен кәдімгідей қунақы тартып, томпаңдап шығып бара жатты...

Бірер күннен соң, қайта «төбе көрсеткен». Бұл жолы көңілі пәстеу көрінді. Сөйтсек, газеттен «шығармасын» оқыпты.

— Менің бір сөзім де жоқ қой... –деді ренжіңкі үнмен. –Енді мынаусына қаламыңды тым батыра көрме, шырақ...

Сөйтті де, үстел үстіне буда - буда қағаздарды бұрқ еткізіп тастай берді. Ақтарыстырып көрсем, бірер күн ішінде үлгеріп, жазған - сызған дүниелері - өзі ем алған дәрігерді, дем алған шипажайдың басшыларын, әкім қараларды қосып, мақтаған өлеңсымақтары екен. Қарияға өлең туралы «лекция» оқудың мезгілі жеткен секілді. Өлеңіне «слесарь» болғандағы алған «мақтауым» әлгіндей. «Әкесі өлгенді де естіртеді» ғой. Өйтпесем, «ақыным» еңістен салып, төске өрлеп барады,тіпті. Шынымды айтсам, Өлең, тағы да сенің тазалығыңды ойлап, талағым қарс айырылуға қалды.

— Ақсақал, мынаны... мақала етіп - ақ жазбадыңыз ба? Тұлпарды ырдуан арбаға жеккендей, онысыз да иініне көр - жерді артып, өлең сорлыны әбден шаршатып біттік. Ол бір киелі нәрсе еді ғой...

Солым сол - ақ екен:

— Е - е, бұл өлең емес пе? - деп шаужайдан алды шалым. — ... емес.

— Көкем - ау, мен не жазсам да, осылай... өлеңдетіп жазам ғой! – Сосын «соны да білмейсің бе» дегендей бетіме бажырая қарап қалды.

— Алда - жалда келісер болсаңыз, өңін айналдырып, мақала етейік...Мынауыңызда тек өзіңіз танитын азаматтардың қызметін, әйел, бала - шағасын бастан - аяқ тізіп шыққансыз. Болмаса, қайта жазып шығуға мәжбүрміз.

— Оу, сонда, ертеңді - кеш текке «арам тер» болғаным ба?.. Екі арадағы дау ұзаққа кетейін деп тұр. Жазғыш қарияның

мақала - сақала дегеніңе мойнын бұрып та қарайтын түрі жоқ. «Өлеңім осы күйінде өзгеріссіз тасқа басылуы керек» деп, үзеңгісін қос қабаттап, тапжылмай отырып алды. Ғажабы сол, өлеңнің орны тым биікте екенін біледі. Өзегін жарып шыққан өлі дүниесінің өзіне сол биікті еншілеткісі келеді. Не деген өлермендік!

— Мұныңыз өлең емес! Бүйтіп жазғанша... «әркімнің бүйтіп басын ауыртқанша,үйіңізде неге тып - тыныш қана жатпайсыз!» дей жаздап барып, тілімді тістей қойдым.

— Мұнымен не айтқың келеді! — деп қарияның бетінің түгі тікірейіп, маған ілкі жауыға қарады.Әшейіндегі «әкем, көкемі» жайына қалды.

— Сен...сен... — деді тұтығып. — Мені ермегімнен айырғалы тұрсың! Қолымнан қаламымды алып... енді - енді еңсе көтеріп, құсалықтан арылып келе жатқанымда...

Осы жолы, Өлең, сенің мейлі кімнің болса да, жүрегінің емі екеніңді, құсалықта, жалғыздықта қалдырмайтыныңды, бірден - бір Құтқарушысы екеніңді ұқтым! Ұқтым да әлгі қарияны шынымен - ақ аяп кеттім. Ол сенің мөлдірлігіңді, тазалығыңды, сыршылдығыңды бимәлім бір түйсікпен сезінетін секілді. Сенімен іштей ұғысқысы, сырласқысы келеді. Сенің Ұлы Құтқарушы екеніңді де мойындайды. Бірақ, сені сыйламайды! Сендей болғысы келеді. Сенімен бақталас. Өйтпеген күнде әлгіндей «өлеңдерін» сиясы кеппестен газетке алып - ұшып жетпей - ақ, үйінде жатып алы - е - еп, бұрқыратып жаза бермей ме!? Бұл өзге үшін емес, өзі үшін керек қой! Ол кісі кетерінде маған «Көңіліме қарамадың! Байқа, бала, мен үлке - ен шенеунік болған адаммын. Ондайлар шікәмшіл келеді» деп сұқ саусағын шошайтып, доқ көрсетіп кетті. Пах, шіркін - ай, өзі өлеңнің сенің көңіліңе қарап жатыр ма! Қайран Өлең! Бүгінде Сені елдің танығысы, білгісі, сол үшін де жүрегіңнің түбіне терең бойлағысы келіп жүргені аз. Сен оларға әлем -жәлем киіндіріп қойған қуыршақ секілді көрінесің - ау, сірәдағысы. Әлде, олар да саған әлгі «үш ақынның» көзқарасымен, пайым - түсінігімен қарай ма екен!?

ЕСКІ ЖҰРТТА

(этнографиялық эссе)

Бала кезімде өзім көрген - білген, куәсі болған кейбір жайлар осы күні шырқ үйіріліп көз алдыма келеді... Cол тұста мына ат төбеліндей ғана ауыл өзінің бойында қарабайыр тұрмыс - салтын шырышы бұзылмаған күйінде сақтап та тұрыпты - ау. Қазақы қоңыр тірлікті өз көзімен көріп, көкірегіне түйген ең соңғы буын да біз болармыз, сірә... Қазір... Бөрібай арығы бойында самсай қатар түзеген сол бір жәпірейген саман үйлердің – бір шоғыр ауылдың орнында қаңырап жұрты ғана жатыр. Жермен - жексен болып кеткен көп төмпектердің қараусыны қарайып көрінеді. Бұл маңда да бір кезде қоңторғай тұрмыс кешсе де, ағайындық аралас - құраластығы бір сұйылмай, тіршілігі қыз -қыз қайнап бір қауым ел отырды дегенге, тегі, ешкім сене де қоймас -ау... Осында әкеммен ілесіп бір келгенім есімде. Қолдан қазылған мына арнамен сонда ағын су ақ көбіктеніп, кемеріне сыймай арсы -күрсі бұлқына ағып жатты. Арнаның ұзына бойынан көтерілген бу -мұнар жағаға итіне иін тірескен пәкене үйлердің құбыла тұсына тұтылған ақ шәйі шымылдық іспетті. Бұлыңдап суси көлбең қағады. Үсті саманмен жабылып, қам кесектен тұрғызылған бір өңкей тоқал тамдарды бір - бірінен айырып болмайды. Барлығының да сырты балшықпен сыланған. Кейбірінің терезелеріне көк шыны орнына жарғақ тұтылыпты. Құрылыс бұйымдарының қат кезі еді ғой. Әлгі үйлердің мұржаларынан сыздықтай көтерілген жіп - жіңішке түтін бұл маңда тіршіліктің барын сездіріп тұр. Әкем ортадағы үйдің жанына келгенде есегінен түсіп, оны жетегіне алды. Көк пішені, қараоты аралас алқапты ендей кешіп барып есегін отқа қойды. Сол - ақ, маналы бері жол бойындағы шашыратқыға тек мойнын созып, емешесі құрып келген ашқұрсақ неме үй іргесіндегі қаулай өскен қараотқа емін - еркін бас қойды да, бізді бір демде - ақ ұмытты. Әкем кей жерінің қаптама құрым киізі жалбырап, ырсиған ағаш есікті қамшысының сабымен қағып, дауыс ұзатты:

— Ай, кім бар - ау?

Осы кезде бір жағынан қымс еткен дыбысын да шығармастан салаң етіп тәует бас, ұзын бел тазы ит шыға келіп, әкемді көрген соң, «ә, сен бе едің?» дегендей шоқиып отыра кетті де, «қаңқ» етіп үн шығарып, езуін кере есіней жаланып та алды.

— Әй, келін құсап сызылмай, кірсеңші былай, кім болсаң да! — деген әлдекімнің үні жетті іштен.

Әкем емен есікті шалқасынан қайырып, серпе ашып, нариза үнмен:

— Есік алдына шығып қарсы алсаң бірдемең кете ме, — деп даудырлай енді үйге.

Бір ғана үлкен бөлмесі бар пәкене үй. Едені сыз. Кіреберісіне қазан - ошақ, қол диірмен, күбі, кетпен - күрек қатарластырыла қойылыпты. Осы бөліктен — шоланнан ұнның ба, тартылған жүгерінің бе, ашымал көженің бе, әлдебір аң терілерінің бе, зәктің бе исі мұрынға тепті. Бұрыштағы ашаға жас ет ілінулі тұр. Жер пеш те осы бөлікте. Пешке отынды (жантақ, жүзген, баялыш баяғы) көмейлете тығып, қазанжаппа жауып, томаша үстінде отырған кимешекті шүйкедей кемпір де, бөлменің текемет төселген пештен әрі қарайғы бөлігінде, төрде құрақ көрпе үстінде құс жастықты жұмарлап жүкаяққа арқасын сүйеп, ағаштан шапқан қолтоқпақтай домбырасын шертіп ыңылдап жатқан шоқша сақалды, шүңірек көз жұқа сары шал да селт етіп жүздерін есікке бұрды.

— Уйбуи - й, кісі келген бе! — деп кемпір орнынан тұра келіп, иіле сәлем мезіретін жасап, бізді жігі - жапар болып төрге оздырған.

Төрдегі шақар шал тіпті орнынан да қозғалмаған күйі әкемді әзілмен іліп - шалып жатыр:

— Омай деген! Бір дөкей келіп қалды ма десем! Желқанатымның қарсы алғаны саған аздық етеді - ау, тегі!

— Амандық - саулығыңды Желқанатыңнан білдім әлгінде, — деді әкем құрдасының қалжыңына қалжыңмен қарымта қайтарып, қол беріп амандасып шақар шал Сембектің қатарына төрге жайғасып жатып. — Сенен гөрі итіңнің кісілігі молдау ма деп қалдым!

Жұқа сары шал көзі сығырайып күлкіге қарқ болды да қалды... Сонша болмады, әлгінде есік алдында кездескен тазы ит бір жағынан салаң етіп кіріп келді де, пеш түбіндегі бөстекке иегін жерге салып ұзынынан жүрелеп жата кетті. Орны сол екен.

— Желқанатым жарап тұр! — деді Сембек қария орнынан көтеріліңкіреп отырып жатып. Иесінің «Желқанат» дегенін құлағы шалған тазы ит елең етіп, жерден басын оқыс көтерді де, алып бара жатқан ештеңе жоғына көзі жеткен соң, қыңсылай езуін жаланып, қайта жатты.

— Мына «Тәукей шеңгелінде» қоян, қарсақ, қырғауыл дегенің қалың екен, жүдә. Мана бір әзірде қанжығамызды біраз қандап қайттық. Қақпанға бір қарсақ түсіпті, менен — сауға болсын, байладым саған соның терісін... зәуімен келіп қалған екенсің. Мынау кенжең бе -ей! Әй, әлі бақуатсың өзің! Алпысыңда атандай ақырып! — Сембек шал маған қуақыланып сығырая қарап қойып әңгімесін әрмен қарай сабақтап кетті. — Көкжендетті жібергенмін жөніне. Баяғыдай емес, күш қайтыңқырады... Сорлы құс бірер айналып соғып, шаңқ - шаңқ етіп Қарашілікті айналып ұшып жүрді де, көзден ғайып болды. Ендігі бар сенерім — осы Желқанат...

Міне, бұл әңгіме әкем мен Сембек шал арасында тіпті болмаған да секілді. Менің жадымның бір қуысында ғана қатталып қалғанын ел -жұрт қайтсін! Сол бір әзіз қарттардың бүгінде бірі де жоқ. Әлгі бір тоқал тамдар да, әзіз қарттар да бір - бір төмпек болып жер томпайтып жатыр, әне. Бөрібай арығының бойында. Электрді де, радио, теледидар дегеніңді де көрмей, білмей өз замандарының зәйілімен, ағымымен, өзіндік сән - салтанатымен қазақи тұрмыс салттарын жалаулатып дүниеден көшті. Ғұлама ақынның «бүгінгідей көрінер, біртін - біртін кемілер...» дегеніндей, олардың өмірге қалай келгені де, қалай кеткені де ешкімнің есінде қалмапты. Олардың ақтық сағаты тақалғанында мына ақ жайнақ дүниені қимай жанталасқаны, өмірден өткенде туған -туыстарының, ұрпағының күңірене аза тұтқаны — бәрі де ұмыт... Ал ғұлама жылдар парағын әлі де сусылдата сапырады... Бөрібай арығының бойындағы әлгі аз ғана шоғыр ауыл тұрғынының бірі Дүртай - тын. Ол да танымал құсбегі еді. Қойнау -қойнаудан аң - құс қағып саяткерлік те құратын. Соңыра кеңшар орталығына көшті. Бұл кезде ойсаздықтар үйді бір ғана бөлмелі етіп емес, қоржынтам түрінде сала бастаған. Яғни үш бөлме. Ортаңғысы — асхана. Екі жағына теңдей етіліп қосамжарланған бөлмелердің бірі — жатын жай, екіншісі — қойма! Дүрекеңнің осы қоймасында өзінің ағаш тұғырында көбінесе мүлгіп, әлсін - әлі «шаңқ» етіп қанатын қомдаңқырап, басына томаға кигізілген кәрі шәулі құс — Көкшолақ отыратын - ды. Алғашқы қар жауған күнгі сонардан Дүрекеңнің қанжығасын қандамай құры қайтқан күні жоқ. Дүрекеңнің үйі сол күні бір «қызылдап» қалатын. Жалпы, «отауыздан» қорғасын оқ шығарып, қақпан құрып, құс салып болсын аң - құс аулау үшін де адамның дінінің қаттылығы, қолы қалтырамайтындай жүректілігі бірінші кезекте тұратын болса керек - ті. Дүртайдың да бойында осындай қасиеттері басымдау еді. Бала кезімізде Дүрекеңнің сондай бір «қатыгездігінің» тікелей куәсі де болдық. Бұл жай жазғы шілденің аспан айналып жерге түскендей ыссы күндерінің бірінде болды. Сол жаз ағам екеуіміз қатар сүндеттелгенбіз. Екеуіміз де етегі жер сызған «кемпір көйлек» киіп жүруге мәжбүрміз. Ағамдікі жеңілдеу, ал менікі ауырлау болды - ау, сірә. Ағам көйлегінің етегі жер сызғанына қарамастан тастан - тасқа секіріп ойнап, ауық - ауық бұтын жазып «желдетіп» қайтады. Сөйтіп жүріп, «дүниенің жаңалығын» жеткізеді - әй! Бірде үйге сүріне - қабына танаурай жетті. Өзінде өң - түс жоқ. — Көршінің итін (малға шапқан ба, өзі) біреу кеп «ұрып» өлтіргелі

жатыр! — деді.

Бұрын - соңды итті қолдан «өлтіргенді» естімегенбіз. Біздей балаларға бұл да қызық. Ағамның әлгі «жаңалығын» анадай жерде нан жауып бейғам жүрген апамның құлағы шалып қалып:

— Біреудің итін өлтіре ме, қоя ма — нелерің бар ол жақта! — деп өзімізге дүрсе қоя берген...

Айында, жылында кино да келмейтін, светі, телебезері, радиосы да жоқ құмның қиян алыс түкпіріндегі құлаққа ұрған танадай тып -тыныш ауылымыздағы оқта - текте болатын мұндай «қызықты» құры жібереміз бе екен! «Кемпір көйлегіміздің» шұбатылған етегін көтеріп алып, көршінің үйіне қарай құлыперен құйғыта жөнелдік. Апам: «Балаларды бұзып... Дүртайдың осынысы неткені, алжиын дегені ме...» деп өзімен - өзі сөйлесіп бұрқылдап қала берді. Жолдағы жаңада ғана жауып өткен жауыннан тұрған қақ суын айналып өтуге де ерініп, шапылдата кешіп өткенімізде, шалшық су шатымызға шашырап тиіп, қарақотырланып жазыла бастаған жара орны сыздай ашып ауырғанын да елең - құлаң көрмей келеміз... Иесі «өлім жазасына» кескен қарала итті «жазалау рәсімін» тамашалауға ат төбеліндей ғана ауылдың бізден басқа да «қарасирақтары» төрт көзі түгел жиналып қалыпты әлгі жерге... Жазагер — баяғы Дүртай. Ол әлгі «қылмыскер» итті «бас жібінен» жәйімен ғана жетелеп былайырақ аулаққа алып шықты. Өзінің осындай да «өнері» барына масаттанғандық сезіммен бізге бір жалт етіп қарап қойып, шаруасымен бола берді. Сорлы ит түктің де мәнісін ұқпай жетекке үнсіз еріп келеді. «Мынау не істегелі жүр» дегендей жан -жағына алақтап қарайлайды. Дүрекең итті сол маңдағы темір қазыққа бір демде мықтап байлап тастады, «тіфә» деп алақанына түкірініп, қолына асықпай кетпенін алды. Іштен тынып біз тұрмыз. Сонда ғана ит әлдебір қауіпті сезгендей мойнын олай бір, былай бір қозғап бұлқынып, төрт табандап тартынып сіресті де қалды. «Бас жібі» домбыра ішегіндей шірей тартылды... Дүртайдың күткені де сол ма екен, қолындағы кетпенінің дүмімен төрткөз иттің басынан оқсатып тұрып бір періп өтті. Иттің «қаңқ» етуге шамасы келмей қаңғалақтап қалған. Ал біз Дүртай көп болса итті қорқытар да қояр дегенбіз. Ит те сондай ойда болды ма екен, Дүртайдың тағы да кетпенін сілтеуге оқталғанын сезіп, біз жаққа көмек күткендей көзі жәутеңдеп жалынышпен қарайлап, қазығында жұлқынып, қыңсылап дызақтап кетті. «Мына дүлей немеге не жазып қалдым, құтқарсаңдаршы» дейтіндей. Әрі - бері жұлқынғанмен еш пайда жоғын сезді ме, байғұс. Сәлден соң тыншып, амалы қалмаған соң құйрығын бұлғаңдатып Дүрекеңе еркелеп жағынғандай қалып танытып еді. Бұтына зәрін де жіберіп қойды. Екінші соққы итті едәуір есеңгіретіп теңселтіп те жіберген. Басының қаны бұрқ етіп сорғалай ағып көзінің алдын жуды да кетті. Бұрнағыдай емес, жүні жығылып, құлағы салбырап сұрақ белгісіндей итиді де қалды. Енді ит тартыншақтағанды да қойды, сол итиген күйі басын төмен салып, Дүртайға қарай бір басып, екі басып жүріңкіреп, орта жолда дымы құрып шоқиып отырды да қалды. Кетпен үшінші рет сілтенгенде сорлы ит біржағына қарай еңсеріле құлай берді. Құйрығы әнтек дір етіп, сол күйі қимылсыз қалды... Сол, сол - ақ, ортамыздағы ең кішіміз Бәдіғұлдың «шар» еткен дауысы шығып, ағалары оның бетін бұрып, таңдайын көтеріп әрегірек алып кетті... Дүрекең бір істі тындырғандай маңдайының терін көлдей орамалымен сүрткіштеп, кетпеніне сүйене бір қауым уақыт үнсіз сілейіп тұрды да қойды. Тас төбеден шақырайған күн айнала - төңіректі шыжғыра түсті. Тіпті үп еткен жел де жоқ. Әншейінде шырылдап жақ жаппайтын шілделіктер де мына көріністен ілкі іш жиып, тіксініп, демдерін іштерінен ала тынып қалыпты. Осы кезде алау - далау жүгіріп, әлгі Бәдіғұлдың адуын шешесі де жеткен.

— Ой, көксоққан! Енді жетпегені осының еді... Осы өңірдің аң -құсына жаудай тиіп, тұқымын тұздай құртқаның аздай... Енді келіп, балалардың көзінше... Аң - құстың да, иттің де киесі бар, әуелім. Мұның не? Тұқымсыз өтеріңе көрінді ме, жазған, — деп артына ауыр зіл тастап кетті әлгі әйел.

Оның бұл сөзі Дүртайға манағы итті өмірем қаптырған кетпен дүмінен де ауыр тигенін біз кейін бір - ақ білдік... Дүртай ләм - мим деместен кетпенін сүйреткен күйі үнжорғасы түсіп, ілби басып үйіне қарай кетіп бара жатты. Сосын... оның үш күндей тілден қалып, нәр сызбай төсек тартып жатып қалып, төтеннен жабысқан кеселден таңсәріде Шолпан туа үзілгенін бүкіл ауыл білді. Бәдіғұлдың шешесінің айтқаны келді де тұрды – соңында тұқым қалмады. Талды өңіріне әйгілі құсбегі осылай жұмбақ жағдайда жан тапсырды... Біреулер оны әлгі иттің киесі ұрды десті.... Енді біреулер «соның алдында азанда жемдеуге барғанда тұғыр үстіндегі Көкшолақ құсының жансыз денесі үстінен түскен - ді. Соның құсасы, ызасымен барды - ау әнебір іске» деп болжам айтты... Ескі жұртта болғанымда көңілімнің бір түкпірінде қалып қойған осы бір үзік - үзік суреттер қайта көз алдыма келгендей болды. Ол кезде қай үйде де мылтықтың қат кезі ме, әлде, саяткерлік серті ме, әркім - ақ аңды қақпан салып, тор құрып, құспен аулауға бейім - ді. Ойсаз ауылына таңертеңгілікте «Жаңа жолдан» — әлгі Бөрібай арығы бойындағы бір шоқ ауылдан салт ат мінген қариялар қолдарына құс қондырып, өзіндік бір сән - салтанатпен келіп қайтушы еді... Аралбек қария сол құсбегі қарттардың соңғы тұяғы еді. Сол кәсібін өле - өлгенінше бір көзтаса етпей өтті жарықтық. Мына Асубазда — ескі жұртта жалғыз үй отырды. Бөрібайдағы қиранды үйі төбесіне тор құрып, ұстап, қолға үйреткен құсын бір қыс аңға салып барып, көктемде қимай - қимай өз қолымен ұшырып, құсымен қалай қоштасты — солай қария тілден де қалды, ұзамай бақиға да озды. Арекеңнің ұрпағының ішінде ата кәсіпті ұстап қалғаны бар ма, жоқ па — білмеймін. Әй, жоқ - ау. Сол бір көктемде қария қыран құсымен қоштасқанына ғана емес, өңірдің құсбегілік, саяткерлік дәстүрлерінің де сол құсымен бірге көзден бұл - бұл ұшқанына налып, жанарына жас үйірді ме екен... Аралбек қарияның қыран құсы Бозталға бірер ай оралып соғып жүрді де, кейін мүлде көрінбей кетті... Ойсаздың саяткерлік дәстүрінің соңғы бір жұқанасындай оқта - текте бір кезігер құйттай құс та көк зеңіне мәңгілікке сіңіп жоғалды... Бөрібай арығы сол баяғы өзгермеген күйінше арнасына су симай, ақкөбіктене ағып жатыр. Тек жағасына иін тіресе итінген әнебір жаппа тамдар жоқ. Өздерінше «жаңа өмір» бастап, жайлы қоныс іздеп тауып, бір көшеге қаз - қатар тізілте үйлер салып, шырышы бұзылмаған табиғатпен қойындаса экзотикалық тыныш та бейқұт тірлік кешіп, ата жолына, қазақы тұрмыс салттарына еш селкеу түсірмеген ескі көздер жоқ. Қазір бізде табиғаты әсем, көркем жерлер көп - ақ. Міне, сол тұсқа осылай қопарыла көшіп барып «жаңа өмір» бастауға тәуекеліміз жете қояр ма екен. Әй, қайдам... Бүгінде ескі жұрттағы атшаптырымдай аумақта алма бақ жайқала өсіп тұр! Бұл тұсқа қариялардың аңсары бекер аумаған - ау, сірә! Мынау – Сембек шалдыкі, анау — Аралбектікі, ал ана шеткері үй — Дүртайдікі... Айтқандайын, біреусі қаншама жыл жел, қар, жаңбыр мүжігеніне де қарамастан мұндаға дейін мұрты да бұзылмаған күйінде тұрған - ды. Әредікте мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Пәрімбек оқушыларын осында бастап келіп, әлгі үйдің бір қабырғасын біраз жыл «тир нысанасы» етіп жүрді... Көп төмпекке айналған мына пәкене тамдар соншама мол адами ыстық сезімдерді, туған жерге деген сүйіспеншілікті, қайталанбас қазақы тұрмыс салттарды, абыз қарттарды — тұтас бір дәуірді бауырына ала жығылған секілді көрінді де тұрды маған...

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙