Мазмұнға өту
Home

Назқоңыр

Әбділда Аймақ

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Назқоңыр

Авторы: Әбділда Аймақ

Әбілда Аймақ НАЗҚОҢЫР (өлеңдер мен балладалар) Алматы - 2009 «Жазушы» УДК 821.512.122 ББК 84 Қаз 7-5 А 31 Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» Бағдарламасы Аймақ Ә. А31 Назқоңыр: Өлеңдер мен балладалар. – Алматы: -- «Жазушы», 2009. – 160 б.

ISBH 978-601-200-231-7

Қолдарыңдағы жинақ ақынның әр кезде жазылған жырларынан іріктеліп алынды. Ақындық сүйегіне біткен шайырдың поэзиясы бейнелеп, тұспалдап сөйлеу деңгейіне көтерілген сындарлы поэзия. Жинаққа енген өлеңдер сізді де ойларға жетелейді. А 4702250202-059 402(05)09 УДК 821.512.122 ББК 84 Қаз 7-5 ISBH 978-601-200-231-7 Аймақ Ә., 2009 «Жазушы» басапасы, 2009 Аллаға мадақ Бисмиллаһир рахманир-рахим! Малынған пендең мен едім жүзі мұңға, Күллі әлем бір өзіңнің құзырыңда. Бір сенің дәргаһіңа жалбарынған, Ғайып ерен – Қырық шілтен, Қызырың да.

Пәктігің маған мәлім, даралығың, Тұрасың ойыңда сен саналының, Атыңды ауызға алып жалбарынсам, Фәниден бақилыққа барады үнім. Көктесін кеудемдегі бүршік ілім, Жабыспай шаужайымнан қырсық ырым. Я, Алла, қабылдай гөр тілегімді, Арналды бір өзіңе құлшылығым. Сен едің бар әлемді жаратқан да, Күн нұрын жер бетіне таратқан да, Тең ғой деп өлімменен ұйқы шіркін, Қолыма құман алдым таң атқанда. Дұғамен тазаруы хақ шырайым, Бір сен деп зікір салсын жақсы, лайым. Қолдасын машайықтар, Ең әуелі Өзіңе тағдырымды тапсырайын.

Қолдай гөр, Алла тағала, өзің мені, Кеше гөр мәкүрікті сезімдегі, Құлың ем құбылаға шарт жүгінген, Қайғырдым құдіретіңді сезінгелі. Пендемін, әр нәрсені ұнатармын, Үмітпен өзімді-өзім жұбатармын. Күнәдан жаралған соң адам болып, Мен-дағы жерді басқан күнәһармын. Жолыңа тоғыз атап, болып құрбан, Ойымнан арылайын торықтырған. Айтайын әруақтарға алғысымды, Өлеңге себеп болып жолықтырған. Әуелі бүтіндейін бүлінгенді, Жалғайын ертеңгіге ілінгенді. Өзің жар бол, таратып жеті теңге, Бастайын мәңгі өмір – жырымды енді. Мұхаммед пайғамбарға мадақ – оған Алланың нұры жаусын!

Жалғандықтың шығарып бойдан барлығын, Жолыңа түсті жайнамаз жайғандар бүгін. Қонды мәңгі бақыт боп мұсылмандарға, Әмірімен құдайдың пайғамбарлығың. Үмбетіңнің көтеріп сан-алуан жүгін, Бар нәрседен ақ нұрың жаралған бұрын. Балқия сынды патшалар ғашық та болып, Сиынып саған тазартқан харамнан ділін. Бір құдайдың елшісі – Расул да өзің, Ұлық та өзің, теңі жоқ шын асыл да өзің. Жырымды оқып пенделер тәубеге келіп, Хақ жолына біржола құласын сезім. Тіледім тілек бүгінде кірлегенде адам, Бұрын да мұндай сұмдықты білмегенде далам. Нала да боп жатыр ма, кім білсін оны, Тірлігінде дәретсіз жүрмеген бабам.

Жаныма жалын бере гөр, жолыма жарық, Түсе жаздап ем шайтанның торына барып. Биік те едің бәрінен пайғамбарлардың, Күш-қуат берші, дұшпаным қорынар анық. Дем берсін жанға ақырет күні бұл өлең, Тілегім еді Ләйлатір түні тілеген. Әулиелердің атасы – Қожа Ахмет жатқан, Түркістандай өңірдің бір ұлы мен ем. Шапағат табар жан едім нұрыңнан сенің, Кетпесінші қыздан ар, ұлымнан сенім. Бастайын бүгін адалдық, адамдық жайлы, Ажырамасын мәңгілік жырымнан сөлім. Төрт сахабаға мадақ – оларға Алланың нұры жаусын! Сахабаларға бір өлең, Арнамаймын мен неге? Бостандық, азат тілеген Әбубәкір пендеге.

Кәпірді көктің жайы ұрған, Бір құдай білер себебін. Хақ, нахақты айырған, Әзіреті Омар сен едің. Өмірде мен де арнадым, Шариаттан тапқан халық құт. Хақ дінге берген бар малын, Халифа Оспан, жарықтық. Әзіреті Әлі – қаһарман, Сендерден алып сабақты. Қалдырма деп те батаңнан, Өлеңмен жаздым мадақты. І бөлім ҒАШЫҒЫМНЫҢ ДИДАРЫ *** Не болдым адам болып туылғанда, Келмейді маған бақыт жуыр маңда. Сілікпем шығып тағы қалжырадым, Қарағым, ішетұғын уың бар ма? Естімей қояр ма екен зарымды Алла, Бұрылар қайсың барсың жарымжанға? Тұншықтым, тұраладым қапалықтан, Қарғам-ау, ішетұғын зәрің бар ма?

  • * Алтын айға ұқсатамын ғашығымның дидарын, Сиқырлаған сұлу бұлақ саясында тұр жаным. Өлігім де, тірлігім де бір өзіңнің еркінде, Бұйрығы не болар екен – айтылар ма иманым!

Қожа Хафиз

*** Көргенде сені: Шүрегей сезім дүр етті. Елең еткізіп жүректі, Сол сезім кенет көл етті Тамшыдай уыз тілекті.

Көргенде сені: Шешімге келіп тұрақты, Бәйшешек арман гүл атты. Еселеп алдым еріксіз Есебі көптеу сұрақты.

Көргенде сені: Бұйығы көңіл серпілді, Қиялға балап көркіңді, Емдеуге тегі келмейтін Жасыра алмадым дертімді.

Кетерде өзің: Айрылғым келмей бал күннен, Осынау ессіз қалпыммен Іздейтінімді сездім мен. Әр таңнан, Сені әр күннен.

***

Жүрегімнің таба алмай белгілі емін, Өзімді-өзім соншама сендіремін. Суретіңді тұсыма іліп қойып, Түсініксіз үмітпен телміремін. Дүниенің сенде екен бар асылы, Жоғалыпты жанымның жарасымы. Ең болмаса хатың да келмей қойды, Қайда жүрсің көзімнің қарашығы!? *** Көрсе де анаң жүзіңнен ой тұнғанын, Келмеді ме мен жайлы айтуға әлің. Кібіртіктеп текемет түрін түртіп, Көңіліңде қалықтап айтулы әнің. Не болар деп кейінгі болашағым, Түнердің бе күніндей қарашаның? Көкейдегі ойыңды айта алмастан Санадың ба оюын алашаның?

Өткізгенде оңаша түнді үмітпен, Алыстың-ау, арайлым, сұм күдікпен. Жарым түнде түрегеп отырдың ба Сілкіп тастап кірпікке мұңды іліккен? ...Түсінемін, жағдайың сұрақ, күдік, Ой біткенді сонда да лақтырып, Айтарсың-ау анаңа мен туралы, Қып-қызыл боп ұялып, жылап тұрып. Орындалып өшпейтін айтулы әнің, Анаңа да көрерсің ой туғанын. Маңдайыңнан сүйгізіп, ақ тілеумен Қала жаққа жасарсың қайту қамын. Ақ қарға жаздым атыңды Атыңды жаздым ақ қарға, Үйінен шыға көрсін деп. Асығып бара жатқанда, Аялдап көңіл бөлсін деп. Ақ қарға сені теңгердім, Ғарыштан келім қонатын. Арымдай саған сенгенмін, Кеудемде шамдай жанатын.

Беймәлім көрдің, көрмедің, Нәр алғам тәтті күйден мен Қасыма бірақ келмедің, Баруға мен де именгем. Балалық шақта кез кеппін, Ыстық-ақ еді мекенің. Атыңның сонда сезбеппін, Ақ қармен еріп кетерін. *** Сен қалдың торғын оранып, Қап-қалың ойдың ішінде. Еске алдың мені, ол анық Жиілеу көрдің түсіңде. Жетелеп сағым-сағыныш, Барып та жүрдің бақтарға. Есіттің сөзді жаңылыс, Мені ойлап кейде жатқанда. Кетсең де бір сәт серуендеп, Қиялдың мініп кемесін, Алдыңнан талай керуен боп, Өтіп те жатты елесім. Қалғандай болдым мен келіп, Үй арты кетсе дүбірлеп. Жоғалып, тіпті, сенде ерік Атымды айттың күбірлеп.

...Өкіндің мұңға батып көп, Үйленгенімді есіттің. Өкіндім мен де, Ғафу ет, Осының бәрін кеш ұқтым. *** Саған артар ініңде тегі мін жоқ, Қызды көрсең жүресің «келінім» деп. Ойға-қырға сүйреген он жыл бұрын, Өртеп кеткен секілді желігімді от. Қызыл шоқтай жататын қозға оранып, Отырамын дертімді қозғап алып. Бір-екі әжім маңдайға тастап кеткен Бозбала таң сияқты бозбалалық. Сен жүресің ініңнің қамын ойлап, Көңіліңде жеткізбес сағым ойнап... Таныс қызды киноға апара алмай Мен жүремін самайдың ағын ойлап. Егіз шумақтар

Арманымды асқақтау танып биік, Құшағымда тұрып ең жанып, күйіп. Кете бардың қайтейін, оралмастан, Түсіне алмай жаныма салып күйік. Ескірді енді сол шаққа көп күн өтіп, Кей кездерде қаламын тек дір етіп. Ұмыта алмай, күрсініп отырамын, Жүрегіме кеудемді тепкілетіп. *** Ары өтесің, қыдырып бері өтесің, Көңілімнің кетіріп берекесін. Қиялдарға жетелеп өзгешелеу Мені бір сәт дүниеде сері етесің. Жиілетіп жүректің дүрсілдерін, Сағыныш боп, сағым боп жүресің бе өзің? ...Кірпігіңе сүрініп бір-екі рет Жай отырып, есімде күрсінгенім.

*** Өзің едің көңілдің шам шырағы да, Өзің едің кірпіктің тамшылары да. Бұл күндері сен маған жоламай жүрсің, Жан-жүрегім қайғыдан жаншылады ма? Шығармашы сөзімді теріске менің, Таң шапағын жамылған періштем едің. Сені ойламай бір сәтім өтпейді екен, Сырымды да ешкіммен бөліспеп едім. Жадыратар көңілдің самалы да -- сен, Бір мен үшін ақылды, саналы да – сен. Шошынғанмен кей кезде қасыма келмей, Тіршілікте жүрегі жаралы да – сен. *** Көріп ғашық болғандай замандасы, Арқасына төгіліп қолаң шашы. Көз алдымда кір жайып келіншек жүр, Айнымаған Винчидің Мадоннасы.

Отын үрлеп жүректің жалындаған, Тәтті сезім сыйлады ару маған. Жел еркелеп халатын жұлқылайды, Ең төменгі түймесі салынбаған. Ала бұлттан күн әуре арыла алмай, Кірін жайып ол әуре, бабы болмай. Келіншектің жел әуре етегімен, Жүрегіме мен әуре бағына алмай. *** Орта кесеге қып-қызыл қанын жұқтырып, Ұрттадым шарап көңілдің күйін ұқтырып. Тамыр-тамырымды қуалап ала жөнелді, Пендеге бітіп көрмеген әлі мықтылық. Өзімді-өзім неліктен мұнша шектегем, Шуағын-нұрын аямай бір сәт төкті өлең. Туғалы бергі іздеген нәрсем табылып, Қоштасты қайғы тістесіп менен кетпеген.

Өмірде фәни жақсылық аңсап егілген, Жаралған жеке сзімнің құлы едім мен. Талай да талай бір уыс болып бүрісіп, Ұқпайтындардан сағым да сынып жеңілгем. Шырын шараппен тұрдым-ау жанды сілкілеп, Сен екенсің-ау орындалмайтын бір тілек. Періште ару, қасыма келші, қасыма, Сөйлейін саған шаттықтан шалқып күркіреп. Не қылар маған айнала жұрттың өсегі, Жатайын мәңгі қайғыны өртеп кешегі. Көзіңнен ішіп таусылмас ләззат шарабын, Кеудеңе әппақ төңкеріп екі кесені... *** Жарқ ететін бір сәт те жетеді дей ме, Жалт-жұлт етіп алдымнан өтеді бейне. Сәл ашылып тұратын омырауынан Қос анары көрініп кетеді кейде.

Басын шатып сол мезет құлқын әр ненің, Торға түскен жүрегім бұлқынар менің. Өзіңе қарап телміріп, мелшиіп қалып Тұрған сәтімде демім де қырқылар дедім. Буындырып заһарды жиі ішкен мені, Арманым алдап, әйтеуір күйіс келмеді. Кімді тентек етпейді жалғанда мынау, Екеуінің керемет түйіскен жері. Бұл құдайдың өлеңге жарытқаны анық, Жыр жазамын сезімге шалықтап алып Жарқ-жұрқ етіп тағы да алдымнан өтсе, Жүрмес пе екем тал түсте талып та қалып. *** Өткерсем де қаншама сұрапылды, Ұмытпаспын сондағы, сірә, түнді. Қылығыңмен, уыздай шырыныңмен, Қайта әкелдің өмірге бір ақынды.

Жайлауында жүргенде ұйқы елінің, Жүрегіме тұмсығын сүйкеді мұң. Құшағында өзіңнің жатқан шақта Дүр сілкініп оянды жүйке, жұлын. Жеткізбеген өмірі жетем десем, Күннен ғана бөлінген шекер де – сен. Адамзатқа жар салсам сенер ме екен, Сенсіз өткен өмірді бекер десем. Ізде мені Өзіңді көрмегелі, шырағым-ау, Көзімді боталатып жыладым-ау. Қарадым қара қошқыл бұлттарға Нанбасаң көк аспаннан сұра мынау. Сұрашы зікір салған кептерлерден, Оларға шағынып ем жеткен желден. Артыма жаутаңдадым амалым жоқ, Өзіңе қош айтысып кеткенде елден.

Тоғайдың сырға таққан шеңгелдері, Көгеріп қалып еді сен келгелі. Телмірдім соларға да сырымды айтып, Белгісіз жек көргені, жөн көргені. Осы ма жылуы жоқ күз дегені, Тентек жел жапырағын үзген еді. Сағынсаң ысып-жанып, есің кетіп Арыстың толқынынан ізде мені. *** Келтіре алмай қор болдым елесіңді, Мына түнге елесің неге сіңді? Жер-дүниеге өзімді сыйғыза алмай, Уақыттан көрдім-ау көресімді. Сағынудан шаршайтын соқты шағым, Ішім жалын, күрсінсем от құсамын. Түсім шығар деп ойлап шошынамын, Сүйегімді еріткен от құшағың.

Өзімді-өзім барамын танымай мен, Бері даймен келіп ем, ары даймен. Кеудеңе әкеп басымды сүйедім мен Ерніңдегі қандырмай тарыдай мең. Деп жүруші ем мен саған тең бе екенмін, Бақытты да шығар-ақ енді өтер күн. Сені ғана кеудемнің бесігіне Бөлеп қойып, бөлектеп тербетермін. *** Сен екеуміз оңаша кете бердік, Қолымыздан келмейтін бөтен ерлік. Көбелектей қыз едің көп нәрсені Қанатында қауқар жоқ көтерерлік. Кете бердік екеуміз арман мініп, Бірімізді біріміз алдандырып. Аспан ғана біздерге пана болды, Күмбезіне жағалай маржанды іліп.

Сен екеуміз далада жүре бердік, Болмашыға баладай күле бердік. ...Қол ұстасып елеске айналдық та, Көкжиекке ақырын сіңе бердік. *** Жұғып қалып помадаң, Қысылдым-ау терлеп тым. Ойың болып қалаған Күліп-күліп сен кеттің. Әзілдедің тек тұрмай, Күрек тісің көрініп. Өзімді-өзім сөктім жай, Ойым саққа бөлініп. Жуып жаттым сасқаннан, Көйлегімнің жағасын. Жеткізе алмас басқа арман, Қылығыңның бағасын. Жуа-жуа шаршадым, Кетпей қойды құрғырың. Тиді сенің саусағың, Жүрегімде тұрды мұң. Жұғып қалып памадаң, Қысылдым-ау терлеп тым. Аса алмадым шамадан, Күліп-күліп сен кеттің.

*** Саған қарап өзімді тәртіптейін, Сені бүкіл өмірден артық дейін. Сұрақ белгі тәрізді бүгіліп ем, Қуат берші, еңсемді ал, тіктейін! Саған қарап өзімді шамалайын, Қоқысына тірліктің қарамайын. Кептірілген балықтай сүрленіп ем, Жүрісімді түзейін, таранайын. Саған қарап өзімді реттейін, Бұл дүниеден армандап құр өтпейін. Өзің барда қасымда гүлденейін, Өзің жоқта жаңбырдай сүмектейін. *** «Сүймеймін» деп айтшы сен шамаң келсе, Тұра қашпай біздерді анаң көрсе. Қайтер едің, қарағым, қайтер едің, Мына менің күнімді саған берсе.

Сөз аңғарған жан едім қас-қағымнан, Сүю ауыр өмірде басқа мұңнан. Не болғанын өзің де сезіне алмай, «Дос болайық» дедің-ау сасқаныңнан. Ел болған соң, сыртыңнан кім не демес, Сәл сүрінсең, өтер күн, түн демемес. Қу өсек пен күншілдік араласпай, Өткен күнді махаббат білген емес. *** Маралым - мәнім, Маралым -- әнім, Өмірдің саған баладым бәрін. Өтпеген күннің жанарындамын, Сені ойлап күнде жанамын, жаным. Жүректен әнім, шалқыды бағым, Дір еткен тәнің... қалқыдым жалын, Қасымда өзің, көзіңе қарап, Деміңе ыстық балқыдым, жаным.

Ешкімді жүрек сүймеген бұрын, Еншіме ешкім тимеген, гүлім. Шуағың сенің -- өмірдің нұры, Санамды еркін билеген бүгін. Қарайтын маған дала мұңдана, Тілегім -- сәби, талабым – бала. Кештетіп келіп махаббатымен Тербеткен мені Маралым ғана. *** Өзің болып тиемелдім Сүйе бердім, сүйе бердім. Өмірімде алғаш рет Бір бақытты иелендім. Қысып тұрып сені күлген, Сүйе бердім ерініңнен. Айрылып-ақ қалатындай, Елеңдеген елігімнен. Сүйе бердім тамағыңнан, Аймаладым анарыңнан. Мейірімің шуақ шашты Күн шығатын қабағыңнан. Күліп сүйдім, жылап сүйдім, Етпетімнен құлап сүйдім. Жүрегіме қаны қатқан Жан-жарамды сылап сүйдім.

Отқа оранып жалын денем, Жайып салып барымды өлең. Ерініме тиген жердің Сүйе бердім бәрін де мен. *** Талықсытып талдырып, Демді жиі алдырып, Дүниеде жоқ қылып, Тіршілікте бар қылып. Ерітіп те балқытып, Шарықтатып, шалқытып, Сүйе бердің сен мені Арманыңда қалқытып. Уыз тілден бал беріп, Қу денеме жан беріп. Жанарыма от беріп, Тамырыма қан беріп. Бар денемді өртеп тек, Мына ғұмыр ертек боп. Жанып, лаулап, лапылдап, Қала бердім тентек боп... *** Тентегім-ау, Келіп қалған қалаға ерке елік-ау. Балбұлақтың суындай сыңғырлаған, Таусылмайтын бір күйді шертемін-ау.

Тентегім-ау, Күйіп-жанып сен мені өртедің-ау. Өзің сыймай өзіңе лапылдадың, Кездеспейтін өмірде ертегім-ау. Болмысы да, бітімі бөтен-бөлек, Көңіліме көгершін мекендемек. Кездеспеген қырық жыл қуаныштан, Қорықтым-ау шашылып кетем бе деп. Отырушы ем әшейін қалғып атта, Ер салайын жаңадан арғымаққа. Жүдеп-жадап шаң басқан жүрегімді Шайып алшы, қарағым, Шарбұлаққа. *** Дір-дір етіп жүрегім, Саусағыңнан ұстадым. Жұп-жұмсақтау білегің, Асыл заты ұстаның. Иығыма құлатып, Иіскедім шашыңнан. Жүрегімді жылатып, Кете алмадым қасыңнан. Батылдығым жетпеді, Кінәлайын мен кімді Үміт қана көктеді Сүйе алмадым ерніңді.

*** Қайта-қайта санамда жаңғырдың, гүлім, Іздеп сені қалада қаңғырдым бүгін. Өлең жазам деп едім сезімді-ойлы, Сүйкеп жаттым дәптерге жаңбырдың жырын. Сағыныш менің жатқанда санамды сабап, Аспанды да бұлт басып қабарды қабақ. Батып кетті күн дағы елемей мені Жан-жағымды тұмшалап қараңғы қамап. Елеңдеп тұрды дегенмен ақымақ құлақ, Миымда бір найзағай шатынап құлап. Жүрегімнен үзілген мөлдір тамшыдай, Айналамды орады жапырақ жылап. Кезе алмадым дәл бүгін күлімдеп қырды, Қазанның желі бетімнің суын кептірді. Өзіңмен бірге кеткен соң амалым қайсы, Жүрексіз кеудем азынап, уілдеп тұрды. ***

Көз алдымда күндіз-түн тұрасың менің, Таң шапағын ұялтар расында өңің. Қасыңда сенің малынып нұрыңа мәңгі, Тек өзіңе тірлігім ұнасын дедім. Басылмай қойған өксуден солығым менің, Жақсылыққа да түсімнің жорыдым көбін. Жасымнан жалын ішіме сыймай келген соң, Ләззаты балдай түндердің торыдым кенін. Қажытып күндер тозақтың орынан терең, Келмеуші еді ешқандай оңынан да өлең. Ертегідегі бақытқа мына фәниде, Ойда жоқ еді кенеттен жолығам деген. Жан екенсің күйің де, жасауың бөлек, Жөн де болар тұтқыннан босауым, демек. Бәйіті құрсын бейдауа дертті дертетін, Тек өзің барда бір ғасыр жасауым керек.

Қайғы мен мұңнан жаралған өмірде мынау, Өзіңді көріп өзгеше жеңілдедім-ау. Өлеңнің Пірі дегенім, құдай біледі, Сәуірдің соққан самалы -- сенің демің-ау! *** Бей-жай да болып, берекесі ұшып тірлігім, Сөздерің сенің есімнен шықпай жүр бүгін. Сол түні сенің мас болып жаттым жаныңда, Тек өзің болып, тек өзің болып құлдығым. Көршінің сонда сәулесі бөлеп бөлмені, Ауғанша түн де жарығы бір сәт сөнбеді. Жалаңаш қана көрпеге сыймай, ой, Аллай-ай, Жынды қып қойдың сен мені. Шаршай да шаршай, құқайым болмай көрмеген, Қинаған еді көктемес ойлар көлденең. Рахат-ләззат у болып тамып өзекке, Ағыл да тегіл терлегем.

Жүзіңде сенің жүзді де бір сәт мұң сынып, Кеудем бір менің тұншығып жатты күрсініп. Өзіңді-өзің ұмытып кеттің алқынып, Не деген ауыр тіршілік! Шақырмай тауық, атпаса екен таң дедім, Қақпаса екен есікті келіп әлде кім. Аймалап жатып, еркелеп жатып қасыңда, Құрып та бітті әл-демім. Сол күні сенің балқып-ақ жатты бал денең, Қырық жыл бойы кездеспей кеткен нәрлі өлең. Жоқ еді басқа фәниде, жердің бетінде, Бақытты адам дәл менен! Пендемін мен де қоя да алам неге мін, Құладым саған, өзімде білмей себебін. Адамға Алла жалғыз-ақ рет беретін, Өмір деген де сен едің!!!

*** Кеткен шылбыр үзіп менен, Үзіп күдер, үзіп көген. Алла-тағала сыйлайтұғын, Сен шығарсың «Қызық» деген. Тұңғиыққа батып терең, Алыссам да уақытпенен, Кездеспеген, табылмаған Сен шығарсың «бақыт» деген. Жүрегімде дүрлікті өлең, Сондықтан да сыр бүкпегем... Бұл өмірде адамға тән, Сен екенсің «Тірлік» деген. Мөрлеп қойған мұратты өлең, Өткен күнді сынап дер ем. Жер бетінде болса егер, Сен екенсің «Жұмақ» деген. Тағдырыма сай өрмеген, Талай-талай ой емген ем. Барлық ақын аңсап өткен, Сен екенсің «Әйел» деген. *** Көктем келер кешігіп, Оның, сәулем, несі мін? Жел де соғар өшігіп, Мәңгі сөнбес есімің.

Кеш гүлдейді өріктер, Өмір де кеш ән салар. Өзіңе өзің ерік бер, Аймаласын сал самал. Бұлақ ағар асығып, Сай-саланы кезер мұң. Өлең қалар шашылып, Бәріне де төзермін. Сыздап аққан үндемей, Жұбатпайды тамшылар. Сенсіз бөлме түрмедей, Қалай ғана жан шыдар?! Жылы жаңбыр даладан, Тереземді шертеді. Ойың болмас қалаған, Өмір деген ертегі. Суретке қарап... Сен екеуің бақытты-ақ шығарсыңдар, Көпшілікке көз құрт боп ұнарсыңдар. Алтын сәуле аймалап жүздеріңді, Махаббаттың мәнін де ұғарсыңдар. Кім түсінер сендерді менен бөлек, Сендерменен қосылар денемдегі от. Дәл екеуің секілді мына біздер, Табынамыз беріліп өлеңге көп.

Біз туралы шынында ел не демек, Ағайындар тым бөлек дөңгелемек. Махаббаттың заңымен жүрсем дейтін, Ұрынармыз салт құрған кермеге кеп. Сен екеуің бақытты-ақ шығарсыңдар, Көрген жанға алыстан ұнарсыңдар. Махаббатым үшін мен шейіт кетсем, Адам емес, тек сендер ұғарсыңдар! Сендер шын-ақ бақытты екенсіңдер, Бірақ, біздің әлемге бөтенсіңдер. Біз ұққанмен сендерді, түсінгенмен, Тірілерді ұға алмай өтерсіңдер. *** Өртенетін жүрек өкінді дедім, Жылытпайды менің бетімді лебің. Өзіңді ойлап қаншама шаршағаныммен, Майсыз қалған шырақ секілді едім.

Сонда дағы үміт үзбейді, жаным, Келте өмір мынау іздейді бәрін. Өзің мені ойлап жүрмегеннен соң, Күдеріңді енді үз дейді, мәлім. Күшейтеді тағы да күдікті елесің, Әлпетіме менің күліп келесің. Құсалықтан күйіп бара жатырмын, Өміріміз тіпті бірікпегесін. Қуарсам да қанша елемейсің сен, Өзің сүйген жанға теңемейсің сен. Өлең жаздым бүгін жолыңа қарап: «Оралмай бір кеткен кемедейсің сен...» *** Адамға сірә ұнамас ойдан, Егіліп ерте жыламашы, айнам. Кеудеңнен ерке бұлақ аш, айнам, Түсінбес жаннан тұра қаш, айнам. Менің де қанша сөгілмеді үнім, Еріксіз ерте егілме, күнім. Тағдырдан қырсық жеңілме, күнім, Гүліндей қырдың төгілме, күнім.

Қасыңда болман күнде мен, еркем, Досым көп мені күндеген ертең. Жайраңдап маған еркелей сөйлеп, Ешкім де әлі жүрмеген, еркем. Қасыма жақын келмеген де адам, Шай құйып ешкім бермеген маған. Мойнымнан құшып, сүймек түгілі, Өмірі мені көрмеген балам. Егіліп ерте жыламашы, айнам, Көңіліңнен маған бұлақ аш, айнам. Еркелеп келші қасыма менің, Тазарсын дерттен, мына бас ойдан. *** Ағаш боп неге жаралмадым мен, Пана боп саған тұратын. Құс болып неге оралмадым мен, Көктемде сауық құратын. Бұлт боп неге жаппадым көкті, Жаңбырын саған төгетін. Жарқылдап жарар шақпағым көкті, Кеудеңді сенің сөгетін.

Өзен боп неге ақпадым екен, Жетелер еді ағысым. Самал боп неге соқпадым екен, Шайқалтып жүрек қамысын. Терек боп неге сыбырламадым, Қиялға сені жетелеп... Орындалмайтын бүгінгі амалым, Кеудемде арман өте көп. Жүрегімде махаббат

  1. Сендей жанды армандағам дүниеге келгелі, Жас та болып қыдыруға тағдыр ырық бермеді. Торға түскен кезімде бұл зарықтырып жолықтың, Ақ жүзіңе қарай-қарай сөнермін деп қорықтым. Елестетіп жынды болдым пішініңді келіскен, Алысқа ұшып кетермісің, ақ кептердей періштем. Сендей қызға көзім түсті, күнә екенін білемін, Амалым жоқ құса қылды тыным бермей жүрегім. Сонау-сонау бала кезде түс көріп ем тылсым бір, Өзіңді аңсап содан бері буындырды қыл шылбыр. Менің жасым кетпейді екен қайткенменен тегінге, Жолықтырам деп ойлаушы ем ақыры бір өңімде. Ай дидарың мөлдіреп-ақ жүр екенсің бақ құсым, Көктемеге айналды да жүре берді ақ қысым. Көңілімде күн шуағы ғазалдаттым бірақ та, Жете алмай-ақ кетермін деп өмірлік бір мұратқа.
  1. Титтей жылу тимесе де сенің ыстық шоғыңнан, Гауһар жүзің алдандырды ай нұрына шомылған. Жанға жылы шуақ құяр топ-толық сол саусағың, Саусағыңнан ұстадым да, бордай тозып қаусадым. Үлбіреген дидарыңда, тамағыңда бір мін жоқ, Ал кеудеме салып жатыр, салып жатыр сүргінді от. Тар қапаста қалғандаймын, қалай бұған көнемін. Күндіз-түні өзіңді аңсап, елесіңе сенемін. Сен болмасаң аласұрам жансыз қалған секілді, Жүрегімді қан жуады, жас жуады бетімді, Сезбей қойдың менің осы қорғансыздау халімді, Кімге ғана сыйлайсың сен гүлдеп қалған бағымды? Не дайындап қойды екен, біле алмадым, келер күн, Сені ғана аңсап жатып, ойлап жатып өлермін. Жан едің сен ақылы бар, өз еркің де өзіңде, Өзің дағы бағынарсың теңіздейін сезімге. Тек қана сен аман алып қала аласың жанымды, Ұқсаң егер күннен күнге кері кеткен халімді.
  1. Ақаулық та жоқ болатын шыққан ата тегімде, Саған ғашық болуға бір қақым бар ғой менің де. Нем бар, айтшы, жүрегімнен өзге менің сенетін, Пендемін мен дүниеге бір-ақ рет келетін. Қолым жетпей ештеңеге өз-өзімнен қорланам, Мұратыңа жете алмастан өліп кетсең, сол – жаман! Құдай мені кешіреді, өзі берген сезім бұл, Таптасаң да, батпасаң да, ақтасаң да -- өзің біл! Көзімді де, жүзімді де торлап алды бүгін мұң, Не десең де көнетұғын сенің ғана құлыңмын. Сен де, мен де кетерміз-ау ажал жетіп бір күні, Бірақ одан жамалар ма көңілімнің жыртығы. Шейіт болсам ризамын – құшағыма құласаң. Ит болайын одан артық жарты бақыт сұрасам!

«Сүйдім» деген ештеңе емес, ғашық болдым дерт еміп, Өзің ғана құтқармасаң, кетемін-ау өртеніп. Жынды болған шығар дерсің сөзін айтпай естінің Құдай кешер сені дағы, жөн сөзіңе көш, күнім!

  1. О, сүйікті ақ махаббат, жазылмайтын дерт пе едің? Сенің күйің болды менің күндіз-түні шерткенім.

Қайтсем ғана бұл дүниеден бір жұбаныш табамын, Махаббаттың майын құйып отқа қойған табамын.

Күйіп-жанып өртенемін, алаулаймын, жанамын, Дегеніне көнгім келмей әлем-жәлем сананың.

Жағалауды ұрғылаған толқынындай Арыстың, Ойларға ауыр шыдаймын деп жалғыз өзім алыстым.

Уақыт сені жасырды да ұмыттым деп жүр едім. Абайсызда жолықтым да атқақтады жүрегім.

Денемдегі сүйек біткен еріп кетті, таңданам, Жан екенмін өзімді-өзім аямай-ақ алдаған. Маған жұмақ секілденіп оймақ ауыз, бал тілің, Сағымменен араласып көз алдымда қалқыдың. Кездестіріп жай отындай жанарыңның жарқылын, Домнадағы қорытылған болаттайын балқыдым. Өз кеудемнен орын таппай шырылдады шыбын жан, Ая менің жүрегімді алдыңа кеп жығылған! 5. О, сұлулық тілін кескен бақтағы әсем бұлбұлдың, Қол жеткізбей орта жолда жігерімді құм қылдың. Һәйям талып түсер еді көргенде егер өзіңді, Жердің жүзін нұрландырған сенің қара көзіңді. Рафаэль құрбан етер бар еңбегін жолыңа, Көбелектей келіп түсіп сұлулық – от торына.

Жанбысың сен көктемдегі ақ жаңбырдан жаралған, Жарық әлем ақ нұрыңнан сөнбес сәуле, нәр алған. Жебе болып қадалды да жүрегіме кірпігің, Жел тербеген ақ теректей мені қайта сілкідің. Қызғалдақтың күлтесі де нәзік емес денеңнен, Жеткізе алмай қиналамын пәктігіңді өлеңмен. Күн бар ма екен ләззатыңды қымыздайын сімірер?! Сені көрсе Ақан сері үн қата алмай сүрінер. Сендей ару болған емес гаремінде хандардың, Тәттісі де жоқ шығар-ау сенен бөлек арманның. Сен шығарсың Хафизді де махаббатқа мас қылған, Өмірімді қидым саған, жолыңа енді бас құрбан! Неден болса тайынбайтын, тайсалмайтын кезім бұл, Өртеп күлге айналдырып кетем десең -- өзің біл!

  1. Жалын шығып жүрген кезде көмейімнен күрсінсем, О, сүйіктім, бүгін тағы түсіме еніп жүрсің сен.

Көптен күткен қабыл болып қалғандай ма тілегім – Бірдеме деп айтып жаттың бал-бұл жанып реңің.

Әрдеңенің басын шатып ойланбайтын баладай, Саған сөйлеп жатыр ма екем ешнәрсеге қарамай.

Созған қолым енді-енді жеткен кезде қолыңа, Оянып-ақ, кеттім тағы, не дауа бар сорыма?!

Көрген түсім сол күйінше тұр санамда жаңғырып, Неге ояндым, дәл солайша ұйықтап кетпей мәңгілік.

Жалғыз мұңдық өзім болып мына жалпақ жердегі, Кезіп кеттім байыз таппай сенсіз суық бөлмені.

Көктемдегі жер бетіндей Күн нұрымен еріген, Балқып кетіп жоқ болармын махаббатқа тегі, мен!

Қайтсең-дағы жүрегімде құсалықтан мол қайғым, Кебін кидім топшысынан жараланған торғайдың.

Мезгіл өтіп бара жатыр, ай артынан сырғиды ай, Ал мен болсам, аласұрам жем таппаған қырғидай.

Бұл өмірде өлеңдегі егіз жолдай серігім, Сенсіз мәнсіз дүниені тәрік еттім, жерідім.

Дәрменсізбін, тұңғыш рет ішім күйіп жыладым, Таусылды амал, етпетімнен төсегіме құладым.

  1. Жүрегімде сенің қайғың серпіп тастай алмадым, Өзек өрт боп күнді күнге амалсыздан жалғадым.

Құрысыншы барлығы да, өлер болдым қалжырап, Жүрмекшімін қашанғы мен өз-өзімнен қан жылап.

Тағы да бір түсіме енші, айтайын бар сырымды, Ая менің күзгі гүлдей солғын тартқан түрімді. Тал мүсінің тұрған кезде бұйырмай-ақ жатқа құр, Ақ ниетпен, ақ тілекпен босағамды атта бір! Тоят алып ерініңнен батайын тек күнәға, Одан бөлек ештеңені, ештеңені сұрама! Мас болайын лебізіңе, көмілейін шашыңа, Шуақ төгіп жүрегіме, келші менің қасыма. Ерік беріп зарлағанша күндіз-түні тіл-жаққа, Қол ұстасып кетейікші көз көрмейтін бір жаққа.

Адамбыз ғой дүниеге бір-ақ рет келетін, Келші, жаным, орындалсын өмір бойғы медетім *** Аңсағаным көп еді бұл өмірде, Бас байлайтын жан емен тірі өлімге. Қол жеткізбей барады арман шіркін, Өлең, шарап отырмыз, міне, бірге. Кесе толы шарапты алдыма алып, Дүниеде мендей-ақ зарлық анық. Көз жасымды қосамын шарабыма, Жеткізбеді ұшпаққа тар күн анық. Нем қалды деп, құдай-ау, енді менің, Терезеден көшеге телміремін. Бір жігіт пен көрші қыз сүйісіп тұр, Қуырылып жүрегім өлді менің. Көз алдымда қыпша бел – уың тұрды, Бір ысытып, денемді суындырды. Ағыл-тегіл жаңбырдай көктемдегі, Сорлы шарап жанымды жуындырды.

*** Тұншығып ойға сенделемін де, Жалықтық әбден мен де, өлеңім де. Көктемнің нұры жауратты мені, Апыр-ай, шыннан келмегенің бе? Не ойлар келмес пендеге күнде, Шараппен ғана емделемін бе? Жүрегім тағы ауырды бүгін, Шынымен маған келмегенің бе? Өзіңмен мені тең демедің бе, Тарығып кеттім мен неге мүлде? Қуырып мені шырылдатып – ақ, Ұмытып өзің келмегенің не? Қақталып әбден шөлдегенімде, Сен едің, қалқам, ең керегі де. Жеккөрсең мені амалым қайсы, Жөн шығар онда келмегенің де. *** Сағынып сені өлетін болдым, Түсімде жиі көретін болдым. Кездессең маған кетесің тайқып Сонда да саған сенетін болдым.

Көрмесем сені шыдай алмадым, Ешкімнен тағы сұрай алмадым. Сағынып сені сарғайып санам, Бір ауыз сөз де құрай алмадым. Түнімен кірпік қақпайтын болдым, Ешкімге тағы жақпайтын болдым. Айтамын деген сөзімді сүрлеп, Өзіңе ғана сақтайтын болдым. Сен болсаң көзге ілмейтін болдың, Мен жүрген жермен жүрмейтін болдың. Өзгеге есің ауыпты, қалқам, Еріксіз соны күндейтін болдым. Түсімде жиі көретін болдым, Сағынып сені өлетін болдым... *** Сөзіме онша сене бермейсің, Өлемін десем, өле бер дейсің. Алдыңда сенің пенде екенімді, Елемегенсіп неге көрмейсің!

Үзілді - кесілді безіндірмейсің, Кетемін десем, өзін біл дейсің. Күндіз де түні басқаны ойлап, Беріліп мұңға көзіңді ілмейсің. Жүрекке күйік тама береді, Ішімде бір от жана береді. Жазған өлеңім жалыны өшіп, Өзімде ғана қала береді. Мазақтап сосын күледі елесің, Қиналар тағы жүдеген есім. Сезбеген болып ештеңені де, Бұрылып кенет жүре бересің. Төмендеп жүзім бала қатары, Жаныма менің нала батады. Көшеде жігіт менмендікпенен, Қолтықтап сені бара жатады... О, Жалған – ай!!! *** Оқымаймын өлеңіңді дедің сен, Көкірегімді қаптап кетті менің сең. Алпыс екі тамырым да тоқтады, Жарға құлап кетермін бе шегінсем.

Шеңгеліне түстім қайғы – түрменің, Ия қалуды, ия кетуді білмедім. Мең-зең болдым, айырылдым есімнен – Өтірік – ау, жерде тірі жүргенім. Кеудемдегі соңғы торғай тұншықты, Бар өмірім кесірленді, қырсықты. Өлеңдерім өзім еді, күл болды, Бұзып алдым дап-дала қып тұмсықты. Таусылғаны осы ма өмір – білтенің, Сөніп бара жатты көкте үркерім. Шөгіп қалдым қан қақсатқан қайғыдан, Ал сен болсаң, қолды бір – ақ сілтедің. *** Су құйдым отқа арша да жанса, Өлеңді жырттым парша да парша. Өзімді көміп райдан қайттым, Көңілім одан қалса да қанша.

Жүректі жырттым шаштым да қанын, Үміттің дарға астым да бәрін. Айналам түнек – қап-қара болды, Құрыды көзден жас құрғап әлім. Дүние-жерді өртеп те барам, Айналды бір сәт ертекке ғалам. Маңымды жайлап су қараңғылық, Ешкім де бірақ селт етпеді оған. Су құйдым отқа арша да жанса, Өлеңді жырттым парша да парша. Өзімді көміп райдан қайттым, Көңілім одан қалса да қанша. *** Көрсетсең-дағы, қарағым өзіме сенім, Түсе бергім келмеді көзіңе сенің. Көкірегімді көкжөтел буындырғанда, Сыймай кетті лықсыған көзіме селім.

Үндемей саған жоғалдым өзімді үрлап, Қайтерсің дедім жұбатпас сөзімді құрғақ. Газеттен-дағы хабарым шықпай кеткен соң, Жүрсің бе екен түс көріп, төзімді былғап. Көңіліме ырғақ сыйлаған көктемім менің, Өзіңнен сонша қашқаным-неткенім дедім. Дертім бір саған мәңгілік қайғы болар деп, Көгерсем егер келіпті шетте гүлдегім. Дегенмен қалқам, сен мұны ұғынбай қалдың, Өрмекші ойдың торында шыбындай жандың. Алысып жатып аурумен өзіңді ойлап, Мен болсам мынау бір уыс сығымға айналдым. *** Дәл қазір аса қиын шақта жүрмін, Я, құдай, ақ тілеуін ақта жырдың. Менің бір титтей сөзім сенде болса, Кейінгі ұрпақ үшін сақта, құрбым!

Жан емен бәз біреуді қайталаған, Толқыған өрт сезімді шайқап ағам. Жоқ екен мені ешкім керек етер, Кіреді көңіліме шайтан арам. Оралмас көктемдерім қайта маған, Өлеңді кейінгі де айтар адам. Тірлікте жалғыз қалып, дір-дір етіп, Шашыма ақ кіргенде ой талаған. Дәл қазір алай-дүлей кезімдемін, Ойлап-ақ өлеңімді көз ілмедім. Кімге дәрі осы күн дәуіт, қалам, Кімге керек өлмейтін сезімдерің!? Дәл қазір аса қиын кезде тұрмын, Өлеңнің жоғалмауын көзде, құрбым! Мен деген әр адамның көңіліне Көшіп-қонып жүретін кезбе гүлмін. ІІ бөлім ҚАҢҒЫБАС Жамаулы киім кигенім, Жарлылық сенен көремін. Жағама қолдың тигенін, Жалғыздық сенен көремін. Ақтамберді

*** Шын жылап көріп пе едің ғұмырыңда, Айналып қасіреттің шығырында. Өзіне шақ қайғысы болады ғой, Ақылы тайыздың да, ұлының да . Қызық күн тоса бермес ұдайы алдан, Кей кезде шытынайды шынайы арман. Сондайда мұң сіміріп, қысылмай-ақ, Жақсы да адамша бір жылай алған! Мұң деген тағдырыңның бір өлеңі, Сонымен табылатын жүрек емі. Ағыл-тегіл жаңбырдан соңғы жердей, Шын жылау – жан дүниеңнің түлегені. *** Қадірлі ана, Мен сені танымаймын, Маған тартқан сыйлығың – жарық --Ай, Күн. Жатқанымда уызға жарымай дым, Жоқ кезінде көңілде тарыдай мұң.

Қатал тағдыр жалмапты сені мүлде, Телігенін білмеймін мені кімге? Сондықтан да демеу боп тұрмадың сен Бірде бұлтты, бірде ашық көңілімде. Кім тіріде тірлікті бағаласын, Өтіп жатқан әрбір күн балаңа сын. Айта алмадым тойларда тебіреніп, Шалқытып бір Шәмшінің «Анамасын». Кімді айыптап білмеймін, ақтарымды, Саған арнап бергем жоқ тапқанымды. Сапар шегіп ауылдан жырақ кетсем, Адам да жоқ күтетін хаттарымды. Кемпірлер де сен жайлы сұрамаған, Оңашада тек өзім жылап алам. Самарқанның көк тасы табылар-ау, Бұйырмапты молаң да мына маған.

Тұншықтырып адасып тұманда әнім, «Ана» болып келеді шын арманым. Шимайлаудан әріге аса алмадым, Келсе дағы өзіңе жыр арнағым. Ашық болып тұрса да жарық ай, күн, Өтер дейсің, өкінбей, налымай кім? Жырым түгіл, ғұмырды сыйлар едім, Қайтем, Ана, мен сені танымаймын! *** Біздің үй орны бар ма әлі, Мүжілген жоқ па дуалы? Жалғыздың жолы болмады, Күнәсін қайтіп жуады? Сыңсығандай-ақ дәл біреу, Боғатта қамыс зарлай ма? Көлеңке қуып зәрлілеу, Жантайған қамқор шал қайда? Ой кетіп өткен жолына, Ұрласа қайғы кей түнін. «Қобыландыны» алып қолына, «Оқып бер, балам» дейтұғын.

Түсініп жырды, сезімді, Берілуші еді шерге бір... Түсінбей әке, өзіңді, Көрмәдік болды көр көңіл. Не айтса елге жарасар, Ем болмас бітеу жараға. Қайтқалы қайран қара шал, Тентіреп кеттім қалаға. Басамын деп-ақ әр ізді, Кездестім қарға, жауынға. Шойынқұлақтар тәрізді, Бәрібір жаным ауылда. *** Жырылғандай аузымнан бұйырғаным, Сырғақсиды алдымнан сиынғаным. Екеу болдық, деп едім «құралармын», Жоқшылықтың таттым шын биыл дәмін. Күн аунайды, төбемнен, түн аунайды, Сүйген жарым көз жасын бұлаулайды. Жамай алмай жыртығын отауымның, Ақпан қары көңілде қылаулайды. Дұшпандарым көп еді табалаған,

Қарындасым жоқ еді ағалаған. Шырылдаған жанымның қарлығашы, Арман – үйдің шатырын паналаған. Күн сәулесі түспей бір шаңырақтан, Жастайымнан қу тағдыр аңыратқан. ...Жетімдерді жұбата алмайды екен, Жүректегі махаббат жалын атқан. *** Бір күн келсе ұрыссыз құр кетпеді, Қарғысынан жүрегім дірдектеді. Міндет етіп төбемді ояр ма екен, Қорлығы асқан ененің міндеттері. Осы күні ойдағы барды ұмыттым, Алғаны рас жағамнан жарлылықтың. Сонда-дағы мән бермей көп сөзіне, Былғанбауын тіледім ар-құдықтың. Қашан, апа, басылар сілкінгенің, Айтам деген қарғыстан іркілмедің. «О, қаңғырған бейшара адамсыған, Киіміңді ал, құры!» деп зіркілдедің.

Көңіліме алмас ем ұрысты деп, Күлге айналса қайтемін күміс тілек. Қазбалайсың қайдағы мінімді айтып, Ата жауым секілді тіміскілеп. Ете аламын, тәңірі-ау, неге міндет, Талай рет алыстым өлемін деп. Өліп-өшіп қызыңа үйленгенде, Ойлаппын ба қасірет шегемін деп. *** Жауды жаңбыр терезені сабалап, Сен отырдың мені даттап, табалап. Қыстырылып шешең дағы қапталдан Тырналайды жүрегімді жаралап. Ұрды жаңбыр, Терезені жылатты. Өшірдің-ау сен мендегі шырақты. Көзіңдегі өшпенділік оттары Саған деген сезімімді құлатты. Өз дегенін істеп ашу талайғы, Тұманданды сезім-әйнек, қарайды. Жылы жаңбыр терезені шертіп тұр, Ал көңілде қаңтар қары борайды.

Жауды жаңбыр, Алыстады аралық, Құтханамда суық үрей жаланып. Кеттім шығып, Ештеңеден хабарсыз, Балам қалды тәтті ұйқыға оранып. *** Қақырап бір қабырғам, Омырылып омыртқам. Жүрісімнен жаңылғам, Сойыл тиіп тобықтан. Мүжіліп өзек, қиылып Шатасып ақыл-санадан. Несібем жатқа бұйырып Жүрегім өлді жарадан. Қаңғыбас ит құтты ішіп, Арымның аузы қан болған. Бүкетіліп, бүк түсіп, Орта жолда дағдарғам. Құйылды да көзге құм, Ортаға түсті шаңырақ. Жетегінде өзгенің Бір қозы кетті маңырап. *** Өзіңменен өшкеннен соң от, гүлім, Өзіңменен жоғалған соң тоқтығым, Үңірейіп жұртта қалған ошақтай Қуанатын кезім мүлде жоқ тұғын.

Жігер беріп өзімді-өзім мың қайрап, Сұраушы едім бұл Құдайдан қылдай бақ. Өзіңменен қалып кеткен сонау кез Бар қызығы бұйырмаған ұлды ойлап. ...Қайткенменен сағым менің сынды анық, Өмір қалды сұм өсекке былғанып. Барған кезде бір көруге ұлымды Қуатынсың, кететінмін жынданып. *** Жексұрын болдым, Жұмысқа тұрақтамадым, Бұзып шыға алмастан сұрақ қамалын. «Азғын әке» атағын арқалап алып, Төмендеп жүзім, Солқылдап жылап барамын. Маған деген қуаныш – жабылып есік, Кеудемдегі алаулы жалыным өшіп. Дәл жүректің тұсынан қадалды шаншу Өкпек желі тағдырдың қағынып есіп.

Жүрген жері, бұрынғы төбелес, ілік, Сөйлей алмас дұшпаным төбеге шығып, Қайда барсам қарсы алды Қорқыттың көрі, Уықтарым үзіліп, кереге сынып. Барады көкте тырналар – мөлиіп тізбек, Көктемім өшті тым ерте көк иық күз кеп. Ғайып ерен – Қырық шілтен қолдай гөр өзің, Бәрін де тастап кетейін Жерұйықты іздеп... *** Дәл өзіңдей ешкімді сүйгенім жоқ, Одан бөлек бойымда түйме мін жоқ. Есігіңнен сығалап, тесігіңнен, Өзімді-өзім терідей иледім көп. Сен кеткенде тоналып абат бағым, Жұртта қалған жандай-ақ алақтадым. Қайта-қайта барсам да үй жағыңа, Есігіңе ит байлап жолатпадың.

Шаршаған соң сен жаққа бара-бара, «Бармаспын!» деп серт айттым жаңа ғана. Аман болса болды да, Тек әйтеуір Сенен туған қазақы қара бала! *** Басыма менің сан күндер құрды өрмегін, Таусылды білем серуен-сауық ермегім. Екі көз төрт боп жолыңды күттім күн сайын, Бермедің хабар, қиналған кезде келмедің. Берік пе еді төзімің сенің соншалық, Жүрсің-ау менсіз таңдарды талай қарсы алып. Ойладым сені мезгілсіз мынау көңілде Тоңғанда сезім көңілсіз күйден тамшы ағып. Екеуміз едік еліктің екі лағы, Екеуміз емдік бір таудың мөлдір бұлағын. Тұтандырар деп үміттің сөнбес шырағын, Өткеннен-дағы, кеткеннен-дағы сұрадым.

Қорқамын сенің хабарсыз кеткен кезіңнен, Қорқамын осы сұрқия, суық сезімнен. Құзғынның даусын түсімде жиі естимін, Бау-бақшаң аман болса екен дәйім өзіңнің. Мазасыз кеште шиебөрілер жылайды, Сағыныш арман кеудеме келіп құлайды. Үмітім менің секілді күздің мизамы, Үлпілдеп ұшып мезгілден медет сұрайды. Уылжып піспей үзілер ме екен өрігім, Әйтеуір сенің естілмей жатыр өр үнің. Құзғынның даусын түсімде жиі естимін, Аман болса екен дауылдан сенің өмірің. *** Мен емес ем өмірден безер кісің, Жігеріме қылышын кезеңді сын. Мұң сыйлаған мезеттер миды шақты, Қарлығаштар, қалімді сезермісің?

Төрт қабырға еді ғой сырласарым, Сендермісің ендігі мұңдасарым. Білгің келіп тұр ма әлде, шырылдайсың, Былтыр көрген оранды мұңға ошағың. Дәм беретін анам жоқ қалаулы астан, Мына төрде інім жоқ сан аунасқан. Тек қана сен қайта кеп ұя салдың, Бұрышына үйімнің шылау басқан. Іргетасы бұл үйдің мүжілгенде, Көрсетуді қойғанда жүзін пенде. Тамылжыған сендердің сазың толды, Көз алдыма туғандар тізілгенде. Қарлығаштар, бұл үйден нені іздедің? Толқып кетті сезім-ой – теңіздерім. Бәрің түгел биыл да келдіңдер ме, Өткен жылы алтау ма ең, сегіз бе едің?

Күдік өліп біржола жағаны алған, Өмір – үміт шырағын жағады алдан. Сендермен-ақ бір бақыт келсе жетті, Ал ағайын келмесе, одан әрман! *** Қасірет түндер, Жүрегімді жаныштап басып өттіңдер, Мен емес бірақ өмірден жасып өттім дер. Бұлағынан бақыттың дәмелендіріп, Мені мәңгі ғашық еттіңдер. Кім ұғады өзімді жиі алдағанымды, Болмас істі болдырып қиялдағанымды. Он жерден менің өзегім өртенсе дағы, Жарық күнді кім ұғар қия алмағанымды. Кеудені бұзып кете алмай арыстан-арман, Қызғалдақ дәурен алаулап алыста қалған. Тәлтіректетіп тағдырдың тәлкегі мені, Қара бура – қайғы сұм жаныштап алған.

Қарап қалған кезінде кісіге күнім, Жаутаңдады әркімге күшік -- өмірім. Сүтке тиген мысықтай ғұмыр кешетін, Жалғыздықтың жан сырын түсінеді кім? Қасірет түндер, Жүрегімді жаныштап басып өттіңдер, Мен емес бірақ өмірден жасып өттім дер. Бұлағынан бақыттың дәмелендіріп, Мені мәңгі ғашық еттіңдер. *** Өткен күн өтті, Тозығы жеткен шапандай, Атым да тіпті аталмай. Іштегі дерттің құлы боп жүрген күндерде, Жүйкені түттім сөйлеуге жанға бата алмай. Көңлімде менің өшпеген сырлы ырғақ қап, Кететін еді кеудемді кейде нұр қаптап. Жалғыздықты жеңе алмай қойдым қайткенмен, Бас қосқан жерден сырғақтап...

Біздің үй тұрды ауылдың орта шенінде, Оранып алған әкемнен қалған кебінге. Кез еді ол бір адыра қалып ошағым Пітірім қашқан менің де. Жағалай үйдің білдіріп әр кез тоқтығын, Қара қазандар бермейтін еді оттығын. Түнерген үйде түңілуші едім мен ғана, Өйткені мен де жағатын шам да жоқ тұғын. Не істеймін десем өзімнің бәрі «еркімде», Мін болмаушы еді сертімде. Тек қана күндіз қаңғырып кетіп ауданға, Түнеуші едім үйіме келіп жер түнде. Төрт дуал іші деміммен менің жылитын, Ішек-бауырым іритін. Үңірейген үйде темекі болып ермегім, Кеміріп түнді көршінің иті ұлитын.

Өткен күн өтті, Тозығы жеткен шапандай, Атым да тіпті аталмай. Теңселіп тұрып тілімді тістеп кетуші ем, Қамығып-қаңғып, балаларға да бата алмай. *** Қорқытпа мені өлтіремін деп, Ажалым жетсе өлермін. Онсыз да күнде мертігемін көп, Ажырай қоймай менен мұң. Шынымды айтсам өліп те көргем, Қаптаған өрт боп айналам. Махаббатым сол берік дегенмен, Бір оққа мені байлаған. Қорқытпа мені, өліп те көргем, Тіршілік тұрмас дін аман. Дүниеге ұл боп серік те келген, Әкесін іздеп жылаған. Уығы сынып далада қалған, Уыз отауым мен тіккен. Төсекті былғап маған арнаған Өзге бір еркек ентіккен.

Болайын тегі мен неден дарқан, Айықпай тұрып дертімнен. Ажалдан емес, пендеден қорқам, Ұятты күнде өлтірген. *** Тағдыр салса не күнді кешесің де, Темірланның көп жүрдім көшесінде. Көз алдымда ластау сырахана, Одан бөлек түк те жоқ еш есімде. Азанымен шараптан тартып алып, Қандай ойға дейсің бір малтымадық. Содан кейін таныстар кездесер деп, Жүретінмін, Қолымда жарты балық. Жалғыз мендей өмірде тентіреген, Ісім болмай басқаның дертіменен. Сырахана шетінде тұрушы едім, Жүрегімнің алысып өртіменен. Жерім жоқ боп басқалай шегінетін, Бар қабырғам қақырап, сөгілетін. Саптыаяққа шынымды, сырымды айтып, Көзімнен жас моншақтап төгілетін.

Тағдыр салса, не күнді кешесің де, Темірланның көп жүрдім көшесінде. Көз алдымда ластау сырахана, Одан бөлек түк те жоқ еш есімде. *** Сықыр да сықыр бөтелке дорбамда мынау, Өмірде мұндай мүжіліп, қор болмадым-ау. Сұқтана қарап әркімнің ішкен-жегеніне Жылап та келіп шағынған, подвалдарым-ау. Жадыланған санам да сығылады ойдан, Табыла қойсын мендейге құбыла қайдан. Әкемнің қоңыр дауысы құлақтан кетпей, Өкіріп тұрып жылағам, кім ұғады, айнам? Мен тілек еткен шырқырып көсеге де оңбай, Қасқалдақ қаны – шарапқа кесе де толмай, Күңіренген қуыс айналып тозаққа бір сәт, Қырылып қалды кеудемде нешеме торғай.

Подвалдарым-ау, сасыған сызын сыйлаған, Өзіңе енсем жадырап, жүзім шираған. Кемсіткен мені пенденің көзінен қашып, Еріді сенде кеудеме мұзым сыймаған. Езуімдегі темекі – қасқырдың көзі, Осы ма еді кездескен жақсы ұлдың тезі. Бәрі де безді ұмытып, мен де безіндім, Тағдырым, айтшы, шарапқа тапсырдың ба өзі? Көрінсем жұртқа жиреніп, мұрынын басып, Сөз етер мені сыртымнан былығымды ашып. Ағама тағы жамандап қыбын қандырар, Отырған жеңгем омалып бұрымын қасып. Ішімді бүрген зәріме басыртқы қайда, Білмеймін, мендік шыбын жан асықты қайда? Тамшы дәміне шараптың айырбастап ем, Пыш-пышын мінген айнала пасықты майда.

Тауыса көрме ендігі амалымды Алла, Сахинамамды жазайын талабым барда. Басым да сынып барады, солқылдап шекем, Кесеңді берші, ей, Сахи, шарабың бар ма? *** Кезім еді болатын сезімге мас, Кетті бірақ, қайтейін, қарамай бақ. Бір бөтелке қолымда, Көзімде жас, Мен отырмын сендегі баланы ойлап. Сұрқай төбе, Сұрықсыз су ағады, Жел еседі өзеннің аңғарынан. Сорлы сезім шарапқа жұбанады, Ал мен болсам өзіңе жалбарынам. Киелі мұң тұзақтап көгеніне, Бүк түсірген өмір-ай, білсең еді... «Ойлай берем баламды» дегеніме, Сенен бөлек жүрген соң кім сенеді?

Астаң-кестең, қым-қиғаш бар құбыла, Жөнін табам, апырай, енді ненің? Бала үшін ішіп кеттім – ал мұныма, Жұртты қалай айнала сендіремін? Далбалақтап кеудесін ұрды жарға, Қос қанаты қиылған қайран құсым. Жеккөрінішті боп біттім құрбыларға Сенің тастап кеткеніңді қайдан білсін? Кезім еді болатын сезімге мас, Кетті бірақ, қайтейін, қарамай бақ. Бір бөтелке қолымда, Көзімде жас Мен отырмын сендегі баланы ойлап. *** Менің жайым мәлім болды, Сенің қалтаң қалың болды. Қорғайтыным арым болды, Ал тергеуші залым болды. Сол тергеуші биыл мені, Тұра алмастай құлатты ерте. Бар дүние үйімдегі – Бір кереует, бір-ақ көрпе.

Кесе-шәйнек, шелек-пелек, Толы еді қоқысқа ошақ. Бәрін хаттап бөлек-бөлек, Жатты үйімді «опыс» жасап. Қазақы там мыжырайған, Осылайша қолды болды. Тергеушіге тыжырайған АКТ қағаз толды – болды. Қарауытып талды көзім, Уланды аңғал-саңғал жүрек. «Қалай тұрдың жалғыз өзің?» Деп тергеуші таң қалды тек. Зар құсқанмен санам жүдеп, Алдан үміт үзбейді екен. Тергеушілер адамды тек Соттау үшін іздейді екен. *** Қысқан кезде жан-жағымнан, Қайғы ауруға ем де қонбай. Қолды жайып жалбарынғам, Жайымды ұғар пенде болмай. Көзден қаным аққанда да, Бар дүние мұз, керең боп. Жалғыз дірдек қаққанда да Ешкім мені іздеген жоқ.

Үміт көлін жағалаған, Бал құрақты бұлақ едім. «Баласына қарамаған, Қылмысты» боп шыға келдім. *** Өмірім менің поэма, Өмірім менің роман. Аяма тағдыр, аяма, Аяған жоқ қой бір адам? Өмірім менің «былғаныш», Өмірім менің түн-түнек. Бозторғай жырым пырлап ұш, Күнәһар жанды сілкілеп. Неше жыл жатқан текемет, Шаңынан оңай арылмас. Сырымды айтсам «Е-һе!» деп, Ұғатын жан да табылмас. Қағида қалған сіресіп, Өзіңді өрте, ас дарға. Көргеніңменен күресіп, Тіл бітпес мылқау тастарға. Көретін жарық көп әлі, Кейіндеп кетсем қатардан. Он сегіз жаста не бары, «Тас бауыр әке» атанғам.

Болған жоқ десем бұл оңай, Маңдайдан сипап, кім сенер? Жайымды тіпті сұрамай, Жайғады мені дүмшелер. Болмады менде бір бақыр, Табылмай жақын «тегім» дер. Жолыма торды құрды ақыр Жемсауы толмас жебірлер. Жағамнан алды кемпір-мұң, Туысы көптер жасайды-ақ. Көтеріп ұлды сен тұрдың, Өш алып менен масайрап. Өмірім менің «былғаныш». Өмірім менің түн-түнек. Қуамын жарық күнді алыс, Тазармас жанды сілкілеп. Өмірім менің поэма, Өмірім менің роман. Жайыңа өмір қоя ма, Тіршілік етер тірі адам! Тіршілік етер тірі адам! *** Түпсіз терең шыңырауға, Құлап кетіп барамын. Кездестім де бір дауға, Жылап кетіп барамын.

Қатыбезер енемді Сыбап кетіп барамын. Әруақтардан бір медет Сұрап кетіп барамын... *** Әкем де болған, шешем де болған мұңдарым, Ешкімге сенбей, сендерді ғана тыңдадым. Иілсем-дағы боранның тұрып өтінде, Сынбадым, Қайта бос туған жанды шыңдадым. Сырымды айттым кеудемде менің тұншыққан, Сендерге аян сазды әуендерім сыңсытқан. Өздерің едің тал бесігімді тербетіп, Қара көзімнен бір түйір жасты ыршытқан. Менімен бірге талай жерлерде түнедің, Торыққанымда сендерді қарғап-сіледім. Балдай шарапты бөлісіп ішіп өзіңмен, Келетін бақты қолымды жайып тіледім.

Айналам толы достарға талай ашындым, Өзімді өзім түсінбес жаннан жасырдым. Сондықтан болар, сенімен егіз жаралып, Қайран мұңдарым, сендерге ғана бас ұрдым! *** Сағыныш сезіміңді жалындатып, Көке, мені мамырлаған мамырда күт. Шошынба терезеңді шертіп тұрсам, Беймезгіл қалған кезде бәрің жатып. Мен үшін қиналмай аш есігіңді, Қорықпа, қозғамаймын бесігіңді. Айта бер адастың деп, ал басқаша Мен саған тигізбеймін кесірімді. Қорғаштап жалғыз арды жан ұшырған, Таяқ жеп қалып, жүрме намысымнан. Біржола өртеп алма сезім гүлін, Адамның қателескен, сағы сынған.

Келеді үміт толы таңым да атып, Күте бер өзің мені мамырлатып. Шошынба терезеңді шертіп тұрсам, Қалғанда уайымсыз бәрің жатып. *** Ауылға келдім, Туған жер суық қарады. Мен жайлы өсек өрттей-ақ гу-гу тарады. Баяғы үйдің орнында тұрмын құлазып, Қаңғыбас төбет қолымды келіп жалады. Селт еткен жоқ-ау ауылдың алма ағашы, Селт еткен жоқ қой жалбызды арық жағасы. Амандаспады ешкім де келіп елжіреп, Қалмағаны ма адамның түк те бағасы. Ағызып қанын жүректі қатты жаралап, Тұрғандай болды күллі ауыл мені табалап. Қаңғырып кеттік қаңғыбас төбет екеуміз Өзенді бойлап, жоғары өрлеп жағалап.

Өлімге деген бір сезім билеп ырқымды, Сыймаған ойдан қақырап кеудем жыртылды. Қайғыдан қаусап теңселіп келем, Ал, бірақ, Көңілді еді қаңғыбас төбет бір түрлі. *** Қыңсыладың қиналып, арсылдамай, Екеумізді кім сірә, керек етсін? Жаралғаннан болып ең арсыз малай, Зарлағанда құдайға не демексің? Ойламап ем жылар деп сені бұлай, Көріпсің ғой, байғұсым, көресіңді. Обал бопты-ау, өзіңе серігім-ай, Жұлып ала жаздапты өңешіңді. Азулылар тартып жеп тапқаныңды, Келдің бе сен тағы да ызаланып. Теріс мінгізе аламын атқа кімді, Барғаныммен оларға мұз оранып.

Білем, төбет, жайыңды білем, міне, Білем сендік намыстың таптағанын. Азулыға бар жұмыс тірелді де, Әлсіздердің шеттетті жақпағанын. Пана таппай ешкімнің қалқасынан, Тірі кеуде айрылды бағасынан. Сен де кеттің иттердің ортасынан, Мен де кеттім адамдар арасынан... *** Ештеңеге көңілім тұрақтамай, Сезімімнің елігі лақтамай. Қызықтырмай жүр мені көктемдегі Бүршігінен бал тамған шуақ маңай. Ештеңем де қалмады бүлінбеген, Кім боп шығар екенмін түбінде мен? Сырымды білген жанның көздеріне Дардай ісім шіркейдей ілінбеген. Жұбанышым бар менің басқа неңнен, Аумай қалам кей-кейде тас кереңнен. Өткен күннің күйесі кетпес деймін,

Өзге өмірді қайтадан бастағанмен. Атым шығып келеді дәуірлегім, Бет алысым – көкжиек, Тәуір дедім. Кей түндерде кірпігім айқаспайды, Қайткенменен тағдырым ауыр менің! Толтыра алмай қойды ғой ортамды әзіл, Басым батпан, Көтертпес арқамда зіл. Осал жерден бір күні оқ қадалып, Шейіт кетер жандай-ақ қорқам қазір. Қапырық боп мен үшін барлық алаң, Шыққанымда биік деп, Жар құлаған. Миясынан тазартып бидай жанды, Қай құдірет қайтарар арды маған?! *** Топшысы опырылып қаршығамның, Жанымды жастайымнан жаншыған мұң. Содан да болар бәлкім мен өзгеше, Сен түсінбес тұңғиық жан шығармын.

Құлатқанда көпірден өткел-өмір, Өкпелесем, тағдырға өкпеледім. Қисайып қалған кезде демемеген, Адамдарды несіне жек көремін. Желкендерін тоздырған жауын-қарға, Бағынған кемедеймін дауылдарға. Бір мәре мен мұндалап тұрмаған соң, Айналама ренжір дауым бар ма? Жеткен самал секілді көктемеден, Жан сырымды ешкімге төккен емен. Жалғыз өзім дауылмен алыссам да, Жан емеспін ешкімге өкпелеген.

Қайткенмен Күн нұрына жерік екем, Ақ үміт өлтірмейтін серік екен. Қысқа күнде қырық түрлі көрсем пәле, Соның бәрін өзімнен көріп өтем. *** Бұл өмірді өтетін құйын дедім, Таусылған жоқ әзірге сыйым – демім. Қазамын деп әуремін құмнан құдық, Тарықтырған тағдырым қиын менің. Өткен күн татымайды таңдайға түк, Сүріндім, Сүріндірді жанбай жатып. Көзіне дос-дұшпанның тура қарап, Шіркін-ай, өткен өмір қандай бақыт!! Жабы болды тұлппар деп жемдегенім, Я онда жоқ, мұнда жоқ, сенделемін. От-қайғы тамшылайды жүрегіме, Күйіп бара жатқандай мендегі егін.

Өткен күн татымайды таңдайға түк, Сонда да адаммын ғой, алдайды уақыт. Дос-дұшпанның көзіне тура қарап, Өткен өмір, шіркін-ай, қандай бақыт! *** О, тағдыр, керек емес тосқауылың, Өмірлік қайғы емес, басқа ауылым. Бұлбұлдың жүрегімде ұясы бар, Жібіткен мейірсіздің тас бауырын. Адамдар жақсылықты кеш көреді, Өкініп, содан кейін ескереді. Мендегі мейірімнің күші бөлек Әбжылан қарсы келсе сескенеді. Бір қиял бір қиялды өңгереді, Жаманды жақсыменен теңгереді. Арыстың бұлдырлаған бұлағы едім, Енді-енді ашылғанда, көмбе мені!

Белгілі қуанарым, өкінерім, Күмбір-күмбір күй менің көкірегім Шарпыған жалыным бар шартарапты, Су сеппе сол жалынға, өтінемін! *** Маңдайымды тіредім жақ таянып, Өткен күнім өртеніп жатты оянып. Ешкім мені іздемес баяғыдай, Күндер өтер тағы да оқтай ағып. Кімге алданам, Тағы да өлеңге ме, Ағайыным дейтұғын кереңге ме? Адамға тән бір ғұмыр бұйырмады, Жаутаңдадым жоғары, төменге де. Кімге алданам, Дәруіш, палшыға ма, Өзімді-өзім алдаудан мән шыға ма? Кеудемдегі бозторғай пырлап ұшып, Айдалада жем болды қаршығаға. Баса алмай запыран-зәр, күйігімді, Жібердім жүндей түтіп иінімді. Жесір қалған қатындай ебіл-дебіл, Бейуақытта таяндым бүйірімді.

*** Түнді кінәла, бәрібір күнді кінәла, Бұл өмірдің қалады сұмдығы ғана. Ерегіскенде не табам пиғылы жатпен, Болғаннан соң жүрегі, кіндігі қара. Бүгін де үйдің кезекті қызынды лаңы, Қожайынның тағы да «бұзылды қаны» Итіне дейін басынып, сирақтан тістеп, Безеубеттер бүйірден бізін тығады. Қақталған күнге жаным да терідей еді, Өмірдің мендік өзгермес өлідей өңі. Сайқалданған бойжеткен сызданып тұрып, Сағызын шайнап әйнекке бедірейеді. Дән емес пе екем суыққа үсіп, өнетін, Қызық күн қайда, Құдай-ау түсіме енетін? Олай да бұлай мойынды бұрғызбай әсте Осы шығар у деген ішіп өлетін.

*** Ей, қара түн, Айтшы маған ақтығын, Мен осынша зарға қамап тапты кім? Кінәлі деп айтайын ба шешемді, Әкем бе екен іздеп өткен бақ пірін. Ей, қара түн, бірдеме деші маған, «БОМЖ»-дардың тірлікте несі ұнаған? Мұнан басқа не айтар жесір адам, Кешір әке, сен мені кешір анам! Ей, қара түн, несіне түңілдің сен, Сәйгүлікті не шара сүріндірсең. Әлдеқалай айнаға қарай қалып, Қорқынышты боп шығар түрім күлсем. Ей, қара түн, жаныштап жібер мені, Мен дегенде ұпайың түгел ме еді? Вокзалдарды паналап, жағаладым, Маза бермей қаланың жүгермегі.

*** Көзімнің жасын көл қылып төгіп талай күн, Қара қазанның түп күйесіндей қарайдым. Тізерлеп тұрып қолымды жайып аспанға, Өзімді өзім жұлып жеп иттей талаймын. Туылмай жатып жөргекте жылап қалған ем, Отызға дейін тентіреп тағы зарлап ем. Артымнан ерген жөргем де болмай кезінде, Құдайды керең, естімейді деп қарғап ем. Өзімнен туған перзентке тіпті қарамай, Өгей де болсам мәпелеп едім баладай. Бұрылып маған қарауға бір сәт жарамай, Жусаң да кетпес бетіме жақты қара май. Әйелге сосын бетімнің дағын сүрт деп ем, Көгеріп тұрып сөздерін айтты діттеген. Сөзімді менің сөйлейтін адам табылмай, Қауға да басым дауға да қалды бітпеген.

Сосын да барып шырылдап жүрек езілді, Қарға боп келіп шұқыды әйел көзімді. Бөтен біреудің мәпелеп қызын өсіріп, Жалаға жаман құрбандық еттім өзімді. Кеудемде түк жоқ өшіп бір қалған көріктей, Санамда түк жоқ, өртеніп кеткен көліктей. Мәңгүрт боп қалдым, түгіңе, өмір, түсінбей, Молаға сүйеп дайындап қойған өліктей. *** Әкемді де жалмаған, Шешемді де жалмаған, Бұл өмірде маған да Титтей орын қалмаған, Қай жеріңді малданам? Әкем де опа таппаған, Шешем де опа таппаған, Қыл көпірдің үсті еді, Менің жолым аттаған. Мен ем жалғыз жапырақ, Түйсініп кім тоқымақ? Жалынбайтын тіріге, Тәкаппар жан ақымақ, Бауырыңа ал, топырақ!

Тіршілікте бәрі де өш, Жалғыз адам жарым ес. Бүкіл тамыр қурады, Қане бақыт, қане үлес? Қу жүрегім, сен енді Қабірімді жарып өс! Титтей опа таппаған Қай ісіме мақтанам?! *** «Алла» деп оянады несібелі ер, Алланы пір тұтқан жан өсіп-өнер. Ұмытқан сәттерім көп иманымды, Я, Алла, өзің мені кешіре көр! Сәждеге басымды иіп көрмеген ем, Шайтанның ісі болды мендегі өлең. «Махаббат» деп шарапқа тойыңқырап, Жыладым зарлы жоқтай елде менен Кітабын дінсіздердің парақтадым, Пақырға жеті теңге таратпадым. Тілімді кәлимаға келтірмедім, Сондықтан жол бермеді жаратқаным.

Я, Құдай, шек келтірмен кеңдігіңе, Тобаға келіп тұрмын енді, міне. Мен дағы Мұхаммедтің үмбеті едім, Заманның қарғыс айтқан кер күніне. Қираса сенен шығар көшім егер, Қор болды ессіз ойға есіл өнер. Құрысын шарабы да, сүйгені де Я, Алла, иманды қыл, кешіре гөр! 1972-1985 ж ІІІ бөлім МІНӘЖАТ Ей, Есім хан, Абылай ояныңдар, тұрыңдар, Сахилықтың жолында күйдіреді ұлыңды ар. Тірілерден бір қайыр болмаған соң дорба алып, Қол сілтедім тірлікке ертең жоқ та, бүгін бар. Жеті теңге – жеті жыр 1-жыр Жеті кәміл пірлерім, жалындым саған, Кеудемде күмбір күй толы, жаным жұмсақ ән. Жеті теңге жырыммен жұбатқым келді, Жүрегімді, жүйкемді жалын құрсаған.

Батаңды бер сен маған, Шашты Әзіз баба, Қалса не болды өмірде басқан із ғана. Бақсылық менің бабама қонған-ақ екен, Жырыма енді қарасын басқа қызғана Әке мен шешем бесікте табыстамап па, Бара алмай жүрмін түнеуге Арыстан бабқа. Қайтейін, бірақ олардың дегенін қылмай, Басымнан менің мезгілсіз бақ ұшқан жоқ па? Теріс те оқып кітапты, түрегеп сиіп, Қураған жанды келіппін дүрелеп, күйіп. Даналардың сөздері адыра қалған соң, Мына біздерді шынында кім елепті иіп. Мәскеу болып тұрғанда құбыла демек, Етпеді бізге Нажмадин Күбірә медет. Сайрамдағы сансыз бап -- ғұламаларым, Сендерден қайдан болсын бір шұғыла-көмек.

Перінің қызы Бекторы басыма би боп, Шайтандармен от жаққан қосыла билеп, Бабамнан қалған қыл қобыз шанағы сыңсып, Кеудемнен көшті сазды әуен – шошып ақ үйрек. Сиынып саған, бабалар, отырмын бүгін, Бермесін Алла басыма соқырдың күнін. Пана таба алмай заманнан, қоғамнан-дағы, Әулиелерге дұға боп оқылды жырым. 2-жыр Ей, әке, арзу айтсам тыңдаймысың? Әркім де өткен-кеткен жырлайды ісін. Соншалық тақуа да емес едім, Адамның өлең еттім мұң-қайғысын. Білемін, өзің маған өкпелісің, Еске алмай ұрпағыңның кеткені үшін. Салынып құлқынға да, нәпсіге де, Жетер деп күпір болдым көкке күшім.

Білмеймін бұйыра ма «Сақардан» дәм, Қашып ем Қаләндардан бата алғаннан. Құмар боп кәнизәктің ышқырына, Оралдым шарап ішіп сапарлардан Құбыжық, құшынаш көріп сәлделіні, Әруақтың мойнын бұрмай дәмге бірі, Маймылдың намазына жүгінген соң, Балаңның айналғандай әнге өмірі. Қызып та көрмегенмен шекем тіптен, Ғұсылсыз қайтып жүрдім мекерліктен. Жәдігөй әпсун оқып, дуалады, Дем салып жанындағы нөкер біткен. Тек мені алып кеткен ағыс қана, Сен маған бәддұғаңды бағыштама. Арманға, Шаһадатқа ұқсап жете алмадым, Жүргенмен пана тұтып, орысты аға.

Кеш мені, атпас дәйім қағынып таң, Айналып бір әруақтың барын ұққам. Тобаға келдім, әке, машырықпен, Шақырып әулиені мағырыптан. 3-жыр Өлер кезіңде, анажан, Кімдерге мені тапсырдың? «Садағаң – сенің шаранаң» -- Айтатыны осы жақсы ұлдың. Бибі Фәтима -- иманың, Кетпеді-ау сенген көңілден. Үш жасар мені қимадың, Қоштасып жатып өмірмен. Күпір де болу жоқ ойда, Қалдырмас едім дұғамнан. Қабіріңді де, алайда Туыстар естен шығарған. Пәруана көңіл елеске, Жұбанады ма, шыдай ма? Түсіре алмай сені еске, Мінәжат еттім Құдайға. Дәруіш едім тәркілік, Жолына түскен момынның. Тілегім-сөзім сарқылып, Қабыл да болмай қорындым.

Өзіңе арнап айтып ән, Өзіңе арнап жаздым жыр. Бұл күнде, бірақ, қай Тұран, Әруақты сыйлап мәз ғып жүр?! Кешір сен мені, жан ана, Кештетіп көңіл бұрғанға. Берді Алла ынсап балаңа, Шоқынып кетпей тұрғанда. 4-жыр Қәландарлар, зікір салған құшағыңа ал мені, Дауыстарың, а Құдай-ай, сонша неткен зарлы еді. Бұл дүниенің таласынан аулақ кеткен пенделер, Дүнием түгел болғанымен, жан жүрегім жарлы еді. Таңғажайып періштелер лаулап жанар берді де от, Мен де мына өлең жаздым көкірегім шерлі боп. Жәһілдердің жолы болғыш құлазиды күллі әлем, Қалғаннан соң тақуалар қатары да селдіреп.

Шайыңды бер, демімді алып кеңесейін сендермен, Мүшірікке жолым беріп пақыр едім сенделген. Күнәмді мол жуғым келді тоба қылып Аллаға, Өздерің ең адамзаттың барлығын да тең көрген. Тәспі аударып ұмытайын кәнизәктің қойынын, Жалғандыққа суарылған бұл фәниде мойыдым. Жығылайын құбылаға, дәргәһіна құдайдың, Тәрік етіп жын-шайтанның, әзәзілдің ойынын. Қасам ойды ұялаған көкіректен үркітіп, Мүрид болып қол тапсырдым өздеріңді пір тұтып. Шайқыларға дұғамды оқып, жібітейін сірісін, Алда менің ұрпағымды қандай заман тұр күтіп?

Тапқанымды қорек етіп тыйдым нәпсі сайтанын, Ниет етіп бес парызға, шаһадатты айтамын. Ғазалыңа күңіренген Сахинамам қосылып, Бар менің де жан-тәнімді тазалағым, шайқағым. Құдай-жалғыз, білген құлға, Пайғамбар-хақ, Құран-шын, Қәландарлар, мені талай ұға алмастан сынарсың. Азаныңды шақыра бер, орап алып сәлдемді, Қойдым басты сәждеге енді шерімді іштен шығарсын. Алла-ай, хақ, Алла-ай, хақ, Алла-ай хақ, Һуу-Алла, һуу-Алла, һуу-Алла, һуу, һуу!

5-жыр Қап тауындағы қаптаған пері, Түнімен шулап жатпаған пері, Адамдарға сары майдайын Сайқалдығын сақтаған пері, Қобызымды сыңсылатайын, Ар-парыздан аттаған пері, Көшпесіңе қоймайын сенің, Жын-шайтанды жақтаған пері. Шашы сап-сары сары қыздарым, Жауратты жанды зәрің, ызғарың. Сендерден қалай құтыла аламын, Албасты басқан қаліміз мәлім. Құйынды жерде өсіп-өнетін Желіккен жынға дәрі қыздарым, Қобызыма кесірің тиер, Әрі кетіңдер, тағы мұздадым.

Әй, пірлерім, тыңдап алыңдар: Қап тауындағы жынға барыңдар, Әруақтардың сүйегі қалған, Сусыған жылан-құмға барыңдар, Қара дәулер де көмекке келсін, Олардан-дағы бір хабарым бар. Дабылым қайда, қамшымды әпер, Биле ханымдар, шула ханымдар! Жалмауыз кемпір, көрінбе маған, Өкірмесінші көріндегі адам. Толыбек бақсы, өзің-ақ айтшы, Өгей ме туған жерінде балаң? Алпыс перінің алдына барсам, Көмегің тисін сенің де маған. Бойы қырық кез сырттанды шақыр, Қу жаным қазір өлімнен аман.

Арбама мені жалаңаш қатын, Жолыма тұрма, жағаласпа тым. Бәйітім тарап мәлім боп қалды, Менің де енді бар Алашқа атым. Қорқыт әулие, батаңды берші, Сүрінді білем қара қасқа атым. «Құтжолым» қайда, кә, кә, кә, кә, кә Менімен сенің шамалас затың. Жетібай менен Тоғызбай бабам, Ертелі-кеш те Абызды ойлаған. Кәленім – атам, Піретім – пірім, Қылқұйрықтарын аңызға айдаған Аймақ қол тапсырған сахабаларым, Қысылған кезде қобызда ойнаған. Ең үлкен бабам Құдайқұл еді, Тамшы су кетпе тамызбай маған.

Қара дәу өзі желеп-жебеді, Мәңгіге байлап өлеңге мені. Сары қыздар да ажырамайды, Не деген өзі өлермен еді. Қара қасқамды жетекке алған Қорғайды атам неден де мені. Алпыс пері де ләппайлап тұрсын, Дәп қылып қанша көлеңдеп еді. Ге-ге, ге-ге, ге-ге, ге-ге, ге-ге, ге-ге, һуу-һуу, Алла-ай, хақ, Алла-ай, хақ, Алла-ай, хақ. Һуу, һуу, һуу! 6-жыр Бесігіне қасқырдың тырнағын байлап, Тербетемін болашақ ұл қамын ойлап. Домалақ ана түсімде аян берді де, Ұсына берді төрт түйір құрманы жайлап... Қазағың едім палына үш бөрі түскен, Жылан бапы сорпасын үш бөліп ішкен. Қаһарымнан қаймығып қарсы шапқанда, Азуы айғыр айдаһардың тістері түскен.

Жұтып та қойған атамыз жыланның тілін, Шошытқан сөйтіп әу баста ылаңның пірін. Осындай елдің баласы ем, азғырып шайтан. Намырттың ісін істеуге құмармын бүгін. Сырқатпын тегі айырылдым әлімнен демде, Қырық бір шөптен қайнатқан дәріңмен емде. Айыр тұяқты, ай мүйіз ақсарыбас шалып, Бата тіледім, аталар, бәріңнен мен де. Бұл ауру өзі, немене, «қағынды» ма екен, Айналып келіп бірдеңе тағы ұрды ма екен? Қаққыласам да қара қой өкпесіменен, Тазарта алам ба бойдағы қанымды бөтен? Көш пәлекет, түйенің сом жілігіне, Қу басқа көш, қарғыс айт сорлы күніме. Қара сиырдың орнына аунап алайын, Айналамдағы сірескен тоң жібіді ме?

Әулиелер, қабыл ал құрбандығымды, Балаңды жебе басыңда тұрған бүгінгі. Жердің жүзін қурата жаздаған мына, Тірілтейінші зәрлі ызғар ұрған гүлімді. 7-жыр Қасиетті Түркістан, Қаләндарлар мекені, Әнбиелер алысқа ұзамаған екі елі. Дәрет алып тақуа, құбылаға жүгініп, Жалбарынған Құдайға жасқа толып етегі. Қасиетті Түркістан, қалың қазақ жайлаған, Саудагерлер – жаһілдер керуенін айдаған. Мекен таппай жүргендер қаңғырып кеп жан-жақтан, Керуен сарай орнатып, өзіне орын сыйлаған. Имам отыр мешітте қырағаттап дұғасын, Қабыл болса тілегің, шайханаға шығасың. Беті сопы аспаздың, ал жүрегі жәдігөй, Палау жесең тойынып, қорыта алмай тұрасың.

Ей, әулие Түркістан – Машырықтың Меккесі, Сыйламаған өзіңді қазағыңды сөкпеші. Тілек тілеп памдатта, жүрегіме қан қатты, Жүрмеймін бе деп, сірә, әуре болып текке осы. Ей, Есім хан, Абылай ояныңдар, тұрыңдар, Сахилықтың жолында күйдіреді ұлыңды ар. Тірілерден бір қайыр болмаған соң дорба алып, Қол сілтедім тірлікке ертең жоқ та, бүгін бар. Жатқан кезде құсадан ұлы дала сілкініп, Ұстатпай-ақ кете ме бұлаң етіп түлкі-үміт. Қожа Ахмет бастаған киелілер – түмен бап, Медет бере көріңдер кетпей өзек қырқылып.

Жаздым бүгін наламен жеті теңге-жеті жыр, Жеті жырда қазақтың арманы жүр, ниеті жүр. Ал, қол жайдым, құрбандық жаным қабыл болар ма, Жадыланған балаңның оңғарылған беті бұл. Тоғыз жұлдыз – тоғыз сөз 1-сөз Көкірегімде қалған екен шер тұнып, Болар ма екен ғасырлардың дерті ұмыт. Өзгеше өлең жазайыншы мен бүгін, Тәубасызды тобасына келтіріп. Әруағымды мойындамай қысылып, Келіп едім өзімді отқа пісіріп. «Бисмилла» деп бастайыншы сөз басын, Имансыздың үрейін бір ұшырып. Дәрет алып, бір Аллаға сиынып, Мұсылмандық шартына тас түйіліп, Аударайын оңашада тәспімді Дінсіздердің имандарын үйіріп.

Жеті атамның әруағын шақырып, Қаламымды ұлы дәуітке батырып, Жырымменен тұмар жасап берейін, Қандасыма кеткен кеше сатылып. Жауырынды отқа қақтап, қыздырып, Жүгінейін жақсылыққа жүз бұрып. Шала қазаққа ішірткімді берейін, Харам жолдан үміттерін үздіріп. Албастыны шаштан ұстап тепкілеп, Сиынайын, Пірлер, саған текті деп. Ағузу биллаһи мин аш-шайтани-р-ражим, Небір күндер бұл басымнан өтті көп. Ақ сәлдені бастарыңа төрт орап, Жырымды оқы, ей, мұсылман, ортаға ап. Дем салайын тұла бойың тазарсын, Сал бойыңды тұмшалаған шер тарап.

Кәлимаға келтірейін тіліңді, Тұншықтырып көр кеудеге жыныңды. Ақыры бар, әуелі бар әркімнің, Жарылқай көр, Алла тағала, құлыныңды! Төрт нәрседен пінә болдым о баста, Төрт нәрсенің құдіретіне таласпа. Әуелгі де, ақырғы да Мұхаммед, Үмбетіңнен бар пәлені аласта! 2-сөз Жар болған Алла осы елге, Дәстүрім, салтым шақта аман. Май құйып отқа шешем де, Табалдырықтан аттаған. Айыр тұяқты мал атап, Шұбар жыланды түлетіп. Жүргенде әкем, таң ата-ақ, Келіппін жерге шыр етіп. Сорғызып құйрық, үп етіп, Басыма жастап Құранды. Адыраспанды түтетіп, Қуыпты атам лаңды.

Сонда да кетпей албасты, Жайыпты шашын төріме. Жезтырнақ жеңге жармасты, Кірердей бірге көріме. Шығысым батыс болып бір, Әруақтар безіп ошақтан. Жүрекке енген солып гүл, Молаға бала тас атқан. Жетіқарақшы ұрлаған, Болмысым менің – Үлпілдек. Көгеріп, көктеп тұл ғалам, Енді-енді, міне, сілкінбек. Келмеске Мәскеу кетті деп, Аталар жүр ме жағалап. Кеудені жүрек тепкілеп, Орнына сыймай барады-ақ. Сілекейін алған жылқыдай, Жатқанда түйе боталап. Жолымды берсін бір құдай, Қор қылмай жатқа бата-бақ. Құрбандық шалып әруаққа, Кетпес деп кие тегімнен. Кәрі жілік іліп шаңыраққа, От – Ана, сақта, дедім мен!

3-сөз Сусындаған жүрегім өлең өпкенде, Пенде емес ем әр неге елең еткенде. Жауырын тұсым құрысып жүретін еді, Жолықтым бүгін тал түсте кереметтерге. Төзімнің тасын жасымнан тіседім келіп... «Тасыбай» тоғай. Жүр едім пішенімді орып. Ысқырған дауыс ысылдап желке тұсымнан, Мелшиіп қалдым, қорқыныш кісенім болып. «Бисмиллә» дедім дүрсілдеп жүрегім ұрып, Қайнатқан айран секілді тілегім іріп. Тостағандай қос көзі жарқырап жанған, Бір жылан көрдім қуратқан реңін бүлік. Абдырап сол сәт қолымнан орағым түсіп, Етпетімнен құладым, барамын ысып. Есімді жисам, о тоба, жатыр екенмін, Ақ сақалды қарияның балағын құшып.

Жарқырап жанған қос көзі қадалып маған, Деді ол жайлап: «Қорықпа, адал ұқ, балам!» Батамды саған бермесем, шашты-сақалды Шегір көздерге жан-жақтан таланып барам. Арыстың мынау арнасы ылаң кептеліп, Кетер ме екен бостан-бос Тұран текке өліп. Қысылған кезде сусылдап көрінбей көзге, Желеп-жебедім ұрпақты жылан боп келіп. Дауа да таппай сенделдім дертіме бір күн, Өзіңді көріп дәл қазір көркіме кірдім. Қолыңды жайшы, көмейің өлеңге толсын, Шақ келмеуші еді ештеңе өртіне тілдің». Маза да бермей толқыған жаным бір айдын, Ұйып бабама тізерлеп қолымды жайдым. Батасын беріп әулием ғайып боп кетті, Нұсқап бір маған көрсетіп жолын Құдайдың.

Іштегі жалын дес бермей тамағым қарып, Мең-зең болдым көз алдым нала-мұңданып. Ағылып жатқан көмейден өлеңді ғана, Ұстап қалуға тырыстым қаламымды алып... 4-сөз Бейсенбі сайын түндерде келіп, Әруақтарға тыным бермеген. Болсын деп сосын іргем де берік, Жайнамаз жайдым төрге мен. Мұсылмандағы парықты ұққаным – Қағбаға қарап жүгіндім. Үміт үзбепті жарықтықтарым, Келіп жүр екен бүгін түн. Майқы би еді түп-тегім менің, Солмайтын мәңгі өзегім. Талай жаулардың бүктедім белін, Жібермей сөздің кезегін. Түгел сөзді де бабамнан алғам, Жарқылдан өнген өлеңім. Ойсызға, сірә, сараңнан әрман, Құпия болар тереңім.

Бәйдібек бидің қаны бар менде, Жарасқан бойға тектілік. Кеудесінде бір жаны бар пенде, Ұлылықты бізден кетті ұғып. Уызын берген Домалақ анам, Құланнан сайлап қалжасын. Жарықшақ сынды дана бабам, Жалғаған біздер жалғасын. Төле би атам айбары еді, Абылайдайын хандардың. Бабалар бүгін қайрады мені, Өзіме өзім таң қалдым. Көк тәңірінің де өзі қолдаған, Көк бөрі текті ел едік. Қасқыр ұлдарға сөзін арнаған, Тектіге беріп төрелік. Екшеп мың ойдың көбін еледім, Ертеңгі сөзді сайлап ап. Ұлы бабалардың төлі мен едім, Маған, серт, кетсем майдалап!

5-сөз Күнәһар ойдың құшағындамын, Қиялды шайтан тізгіндеп. Білмейді қайдан ұшарын жаным, Жықпыл-жықпылды сүздім көп. Шүкір деп қана тобаға келем, Өткен күніммен беттесіп. Жатады сосын домалап өлең, Кірпіктен түскен шөпте шық. Ырзығын теріп бала-шағаның, Құмырсқа тірлік кешкенмен. Болмыспен қалай таласа аламын, Қызықты қайтем кеш келген. Кесеге құйшы шырын шараптан, Жүректің өртін өшірсін. Пендемін мен де күнін санатқан, Жұмаққа жанды көшірсін. Сезімім таза, өзіме мәлім, Сұқтансам қызға несі мін? Жаққан да өзі көзіме жалын, Алладан болар кешірім.

Зинақорлық деп ұғына көрме, Өзгені ойлап жүдесем. Жараспайды ма шұғылалы ерге, Қасында бір күн түнесем. Сүйек балқытар жалаңаш тәнін, Баласам бір сәт мұратқа. Қайталанбайтын шала мас қалім, Тап болар бәлкім жұмаққа. Қуа алмай солай әлекпін бойдан, Өзгеден жұққан кеселді. Келерін білмей нәлеттің қайдан, Тыңдадым талай көсемді. Сап, сап, сап көңіл айныма, тегі, Бейауыз тілім жазықты... Пенденің мынау қайғыдан көбі, Маңдайға нені жазыпты?! 6-сөз Жүрек шіркін бекерге туламайды, Күнім өтсе, ол байғұс у жалайды. Өліараның аяғы тақалғанда, Көрдім тағы жаңадан туған Айды.

...Өзіңбісің толқыған кесір кемем, Жарылқасаң болғаны, есіркеп ең. Сен жаңарсаң, өмірім ескіреді, Сыры кетіп мұқалып есіл теген. Бүтіндеймін деп жүрмін жыртығымды, Алдамайды тағдырдың кілті кімді? Мекендеген өзіңді сонау кемпір Санамаса болғаны кірпігімді. Қара бұлтты бетіңе қалқалап ап, Шалық тиіп тұрсың ба шалқалап-ақ. Тіршілікте таусылмас тауқыметін Мына пенде қашанғы арқаламақ. Итсигекке ит ұлып сарып еді, Уды у ғой қайтарар, сақ үреді... Тырнағымды жаладым саған қарап, Көрсетесің, білмеймін тағы нені? Туғаныңды көрдім ғой, қарамайын, Онсыз дағы жұқарып барады айым. Тәжім етіп шөп жұлып отқа салдым, Аман болсын жердегі бар ағайын!

Ғафілдердің қашан да өзегі мұң, Жердің бетін тінткілеп кезеді жын. Жанды ұрлаған ібіліс ұрпақтары, Жамандыққа бағыштар өз өмірін. Ай кезбенің жүрегін арамдап ап, Пал ашады мыстандар саған қарап. Пәле-жала кетсін деп ескі айменен, Жаздым өлең есі бар бағамдамақ. Жағымпаз жын өзіңе мекерленсін, Бұл пенденің түбіне жетем дерсің... Менің жаным тіріге көмектесер, Ал сен болсаң моланы мекендерсің. 7-сөз Дей көрме әке: «Жыршы боп тегім де оңбады!» Ақындық маған шынында тегін қонбады. Амандассам оң қолын бермеген таныс Жырымды оқып ойланар Темірландағы.

Қуаныштан кей-кейде тасып-толғанымды, Тірлігімде бір қызға ғашық болғанымды. Айтар ма екен ағайын шенеуніктерден, «Батыр атаға» сан рет қашып барғанымды. Мен де өлермін бір күні суынып қаным, Кірермін жерге – мәңгі үйім жуылып тәнім. Шаһаризада мен жайлы ертегі айтар, Шаһзаданың алдында қуырып жанын. Қырық қадам да кеткен соң тірілер менен, Қызығынан жалғанның түңілер денем. Үйренер ақын көрге де амалы қалмай, Бұл дүниеде ешкімнің тіліне ермеген. Бұйырса сонда ұрпақтың дұғасын еміп, Жатармын көрде жаза алмай құлашым керіп. Ғазалдарыма ғашықтар әуенін қосып, Бәйітімді оқып молама жыласын келіп.

Арысым ағар сабырлы кейіппен ғана, Тұншығар өсек мен жайлы көйіткен бала. Мүңкір-Нәңкірдің тоқпағы естіліп жатар, Басылмаған ыстығы бейіттен жаңа. Не кінә бар жүректе, тіріге сендім, Кей кезде кештім амалсыз күнін есердің, Жаңылмас па екем алдында Мүңкір-Нәңкірдің Қайталап айтып сөздерін Ұлы көсемнің. Кәлимаға күрмеліп тілім де келмей, Хордың қызы, жұмақ па – бірін де көрмей, Қабылдамай тозақ та дүбәра жанды, Сандалар пенде табылмас түбінде мендей. Молда емес те ем жұмылған жанары кілең, Еркін жайлаған қайғысыз даланың гүлі ем. Қу жаным менің кезгенмен Алланың алдын, Бұл дүниеде рухым қалады білем.

8-сөз Ала жылқылы, алтын ошақты, Әруаққа ел ек сиынған. Пәруәрдігерім талқыма сапты, Жақсы-жаманды бұйырған. Екі иықтағы екі періште, Көрген, білгенді жазарсың. Ықпал етші сен ниеті теріске, Кеудесі соның тазарсын! Нәуміз жырларым жылап келеді, Хордың қызы да егілер. Біздің қоғамда сұрақ көп еді, Боркемік жанды кемірер. Төрт кітаптың да киесі жебер, Жырыммен жүрмін арбасып. Ертеңгі күннің иесі келер, Бабамның жолы жалғасып. Суын ішпеген Әбілхаяттың, Пендеміз біздер кәдімгі. Қалмайды, сәрі, жанымды аяп тым, Қара жер алар тәнімді. Сауап ісімнен мол болар күнәм, Сезбейін оны неге мен. Мүбәрак еді оңғарар Құран, Сүресін тартсам көнеден.

Бұйырмайды екен, білемін енді, Мұсаның маған таяғы. Жебесін дұғам, тілегім елді, Қаңғырып кетпей саяғы. Кем емес бәлкім кәлам – жырларым, Дәуіттің сауыттарынан. Өшпесе екен санам-нұрларым, Адаспай қызым арынан. Оқиын енді «құлһуалланы», Қиялды қуып не түрлі. Шығармай естен бір күн Алланы, Меккеге бұрдым бетімді. 9-сөз Тоғыз тарау өлеңім-тоғыз жұлдыз, Қазақ, өзбек, ноғайым, оғыз, қырғыз. Тоғыстырып тоқсан ой бір арнаға, Қоңырлатып Қорқытша қобыз жүргіз. Тоғыз тарау өлеңім – тоғыз шумақ, Санасында кәпірдің соғыс тулап. Аталасты қайтадан есіме алдым, Болған кезде түтіліп қоныс тулақ.

Тоғыз-тоғыз өлеңім үйірімен, Алтын сақа ниетпен иіріп ем. Текелері теңкиіп далада қап, Күй қашқанда даланың киігінен. Тоғыз өлең тоқ саба саумал ма екен, Бір Алланың ниеті ауған ба екен? Риза болса әруағы болар еді Соғыс кетіп, қайтпаған жаудан көкем. Тоғыз жырым – тоғыз ат, шапанымен, Бабалардан сұрадым батаны мен Лаң кіріп жүргенде, тобаға кел, Келін ойнап атаның сақалымен. Тоғыз жырым -- әруаққа кілем жапқан, Оқығандар ауруға мың ем тапқан. Бойға кие дарысын деп тіледім, Түркістанды жайлаған түмен баптан.

Тоғыз жұртым, аза боп жан сыздатпа, Мінгізе де көрмегін қамсызды атқа. Тапсырайын сендерді ағайын жұрт, Сайрам жерін жайлаған сансыз бапқа. Тоғыз жырым – сырттаным, ақ баталы, Қор болмасын жұртымның жатқа атағы. Тапсырайын періште әумин дер, Бабтар бабы – Арыстан бапқа тағы. Тоғыз тарау өлеңім – тоғыз жұлдыз, Қазақ, өзбек, ноғайым, оғыз, қырғыз. Тоқсан ауыз тоғыссын бір арнаға, Қоңырлатып Қорқытша қобыз жүргіз. Әумин! 1990 жыл. Шымкент. ІҮ бөлім ЖАСЫНДА ЖАНДЫМ... *** Түн басады еңсені, езгілейді, Өліараны жын-шайтан кезді дейді. Бір уыс боп жүрегі дір-дір етіп, Болашақта болатын сезді үрейді

*** Жүрегімді келіп бір назға орағым, «Өлеңім» деп өзімше мәз боламын. Сырт айналып бәрі де жүре берді, Кімге керек қатықсыз сөз, қарағым. Төңірегімді торлаған тозған ағын, Азып-тозып мен дағы қозғаламын. Өтсем екен естімей дүниеден, Ескерусіз өлеңнің боздағанын. Адам қалай бүтіндер азған арын, Жүргендеймін бауырында өзге ананың. Арыс болып ағып ем, ебіл-дебіл, Білгенімде өзіме сөз қонарын. Қалып кеткен ескіден көз ғанамын, Өзгелерден сол шығар озбағаным. Адыраспан түтетіп тазарсам ба, Жасап алып жолыма аз ғана ырым.

Қоламтада ойымның қоздағанын, Сеземін де шығады, боз-бораным... Ескерусіз тағы да қалып кетіп, Мүжіп жатыр өзімді өз қаламым. 1995 жыл, тамыз. *** Бірдеңе қосатындай көшіңе мен, Жындымен жынды болдың, есіл өлең. Әркім тартқылаған төсіңе мен, Жармасқанмен шандырдың несім емем? Абайдан мынау әлем артылмаған, Олардан аса алмаған салтың жаман. Қалғанын Мұқағали жиып-терген, Мәлім боп қалды бүгін артың маған. Сен едің текті ақынды оңдырмаған, Мен бе екем жон арқасын жондырмаған. Керегі көген еді маған-дағы, Несіне өлең шіркін қондың маған.

Міз бақпас айдындағы қалтқы-қалам, Білмеймін, нені өмірден арттыра алам? Менің де сен қызығар ештеңем жоқ Көш кейін қу төсіңді тартқылаған. 1995 жыл, қыркүйек *** Шың басынан сырғыған көшкін мен едім, Өстім дедемім, немесе өштім демедім. Басып та жаншып жүргенмен әлде біреулер, Телмірмеді әйтеуір ешкімге өлеңім. Ләуку-Махфузда не барын пенде білмеген, Сондықтан да емделдім мен де жырменен. Тәспінің тасы тобаға тоқтатып қойды, Ақын ба ақын жыр жазып елде жүрмеген. Тылсымы – күйі бәйіттің данаға мәлім, Салауат айтып шендіні жағаламадым. Әшкере оқып көрмедім дұғамды тағы, Айналды теріс шын сеніп «Ағалағаным»

Елеусіз елге сіңдім де, қаландым, мәлім, Илеуде қалған сүйектей таландым, жаным. Кітапқа қарап атымды қойыпты әкем, Өмірдің жарық етер деп қараңғы жағын. Жұбатқанымен тірліктің балқаймақ әні, Заһары кетпес өткеннің таңдайдан әлі Өздерін өзі әр пенде Пайғамбар санап Біздің елде адамдар қалмай барады. Шың басынан сырғитын көшкін мен едім, Сырдың суын шайқап бір кештім демедім. Қабылдар деймін оқырман мына бізді де, Айтқаннан соң өлеңім естің дегенін. *** Бұлт тарап көгілдір көгімдегі, Атқа қондым «Алла!» деп тебінгелі. Жеті атамның атына құран оқып, Салт-дәстүрден айнымай елімдегі.

Ер қаруы – бес қару түгелденіп, Жолға шықтым түтеген түменге еріп. Жолдас қылдым, қаламды қара көріп, Алты малта асымды үнем көріп. «Бисмилла!» деп бастадым сөздің жайын, Тамызық қып отына көздің майын. Сөйтіп жүріп жотаға шығыппын-ау, Будақтаған шаңымды сезбедің бе, айым? Ата жолы менің де жолым дедім, Шаң астынан көрінер қолым менің. Жолықтырып Алланың қазынасын, Таусылғандай болып тұр сорым-кенім. Естілгенде даусы да жаңғырықтың, Қосын-қосын көп оймен сән қүрыппын. Төрлет деді Тұранның төркін жұрты, Басталғаны осы екен мәңгіліктің!

*** Көзін алмай көк аспан гүлді өңірден, Біздің жаққа түспейтін түн де бірден. Түндей тылсым жүрегім бұлқынатын, Ұқсаймын деп ақыры күнге күлген. Батыс жақтың реңі оюланып, Бірте-бірте қараңғы қоюланып. Желең қалсаң далада желбегей жел, Жеңгедей жел сипайтын бойыңды алып. Темірланда көбейген келімсектей, Үргенситін көк төбет еріншектей. Жалт-жұлт етіп Арыс та демалатын, Бойын баққан жалаңаш келіншектей. Суға бір сәт кетердей Аспан құлап, Секіретін былдырап тастан бұлақ. Сыбызғысын шегіртке сызылтқанда, Құрбақалар жататын бастаңғылап.

Кететұғын мұндайда есім шөлдеп, Табиғатты өлеңге көшірсем деп. Армандаушы ем сол кезде рахаттан, Арыс болып, шіркін-ай, көсілсем деп.

  • * Әкелер-ай болашақты аңсаған, Перзент үшін тіршілікте шаршаған. Есейгенде кештеу біліп қадірін, Әкесіне жете алмай жүр қанша адам?!

Әкең барда еріктісің, еркесің, Бақыт күйін балбыратып шертесің. Әкең жоқта жылытар деп жанымды Жамыларсың исі сіңген көрпесін.

Өмір осы, өзің де әке боларсың, Оңалам деп оңаша оқ жонарсың. Әкелердің жолын жалғап жүрсең сен Ел-жұртыңа бақ құсы боп қонарсың.

Сал-сағыныш жүрегіңде ер жетіп, Ақ жаңбырың дауылдатып, селдетіп, Әкеңді ойлап отырарсың кей кезде Бесіктегі перзентіңді тербетіп. Қанға тартар небір жайсаң, қасқалар, Ай астында су ағар да, тас қалар. Әке-бала -- адамзаттың өзегі, Барлық өмір тал бесіктен басталар. *** Композитор Қалдыбай Құрманәлиевке Жалшымаған жаншылған жан сығылды, Кірпігіме қаншама тамшы ілінді. Қызыл шақа жүрегім дір-дір етіп, Арыстанды Қарабасқа қарсы ұрынды. Содан болар өзгеше мұңды ақынмын, Қалт-құлт етіп мұз басқан шыңда тұрдым. Қабырғасын сұм дауыл қайыстырған, Дара өскен қайыңдай ырғатылдым.

Түсінерсің сен мұны, түсінбессің, Ұға алмаған кезінде ісімді ешкім. Өйткені мен жайлаған Қап тауларын, Дию-шайтан, жын-пері ішінде өстім. Алары анық деп ажал мені жерге, Бағыштадым дұғамды өлілерге. Адамдарға жалынбай, жалбақтамай, Сеніп келем жебейтін перілерге. Жалын қосып жаныма сенім ұдай, Жүрмейді деп әруақтың төлі бұлай, Оңашада отырып зікір салдым, Жаратқан соң ерекше мені Құдай. Өмірімді өлеңге сабақтадым, Әзәзілді тозақта тамақтадым. Аман болсын Қап тауы -- пері мекен, Аман қылсын жырымды жаратқаным!! 1993 жыл, тамыз ***

Тырс, тырс, тырс, Желдетеді, тамшы ұрады. Өшіп-жанып лыпылдап жан шырағы, Жүрегім әрнені ойлап қансырады, Сандалған санамда ой сансырады. Қаңылтырға тамады суық тамшы, Жон арқамды қабады суық қамшы. Қайта-қайта қасыма келе берді-ау, Қырық бір құмалағын буып палшы. Тырс-тырс, тырс, Қара жаңбыр тынбай тамар, Шемен болған жүректе мұңды айта алар. Мына менің жырымды өлгеннен соң, Өзімдей боп, шіркін-ай, кім қайталар? Мен де ғашық едім ғой бақ, талапқа, Менің думан күндерім тоқтамақ па? Жалғыз қалған сәттерде дәл осылай, Тырс, тырс тамды жаңбырым ақ параққа.

*** Бойыма сыймай барады тасқыным-күшім, Қайтардым талай жерлерде бақсының мысын. Мендегі қайрат мерт қылар, болмаса өзі Бір жерден жарып шығады, тақсырым, түсін. Үйге де сыймай , түзде де аласұрамын, Бір нәрсе істеп кетсем де жақсылық үшін. Білмеймін қалай жанымның самалдайтынын, Тірліктен өтер бұл пенде ала алмай тыным. Кетсем бе екен ілесіп диуаналарға Өмірде түгі жоқ тағы алаңдайтұғын. ...Жүрегім аунап кеудемді тепкілеп жатыр, Жыртығына көңілдің бола алмай тығын.

Түсінем маған бір нәрсе керек екенін, Момының едім ұсынған төреге төрін. Майда-шүйде бірдеңе болып барады Ертелі-кеш шимайлап өлең етерім. Қосылсам күнә болады-ау ішкіштерге бір. Дәл менің сонда, Құдай-ау, немене теңім?! Барсам ба екен қатынға қойыны жұмақ, Қалар да бәлкім оларға ойыным ұнап. Шарапқа толы кесені малданып алып Шағынсын бір сәт шырқырап ой – ұлым жылап. Тойынып көңіл, тағдырым, тұрар ма екен Түсті деп сонау алысқа сойылың құлап.

Бойыма сыймай барады тасқыным-күшім, Көре алмай мына өмірден жақсының түсін. Қиратып быт-шыт санамды торлаған ойды, Сөйлейін енді, медет бер, ақ шыным үшін. Әйел мен шарап тозаққа бастайтын еді Болсыншы менің пендеге жақсы ырым – ісім! *** Өз-өзіммен оңаша Құрып кетсем деп едім. Көкжиекке Күндейін Сіңіп кетсем деп едім. Жер астына сопыдай Кіріп кетсем деп едім Айтатынды айтып бір Тынып кетсем деп едім. Көпірменің езуін, Жырып кетсем деп едім. Зинақордың бір жерін Тіліп кетсем деп едім. Пенделіктің құйрығын Түріп кетсем деп едім. Тірілерге сөйтіп бір Күліп кетсем деп едім.

*** Табыстым құран оқып ұлы күнмен, Өзімнің болмысыммен, тұнығыммен. Мұхаммед – пайғамбарым, Құраным -- шын, Құдайдың, әлхамдулла, құлымын мен! Құранды қасиетті жоғары ілдім, Ғұмырда көргеніме тоба қылдым. Түгелдеп құбыламды есім барда, Тағы да тәкпір айтып, жоба құрдым. Дұғасын кейінгілер маған да арнар, Ей, шайтан, тозаққа көш санамды арбар. Бекерге қалам ұстап жүргенім жоқ Ортадан орын беріп Қаләндарлар. Ақыры тобаға кеп, бас білдім-ау, Аузымда -- салауатым, тәспім мынау. Пірлерім жеті кәміл сәлде ораған, Қолымды өздеріңе тапсырдым-ау.

Болар ма кешірімді алжығаным, Бір Алла бұйырта ма бал жұмағын. Майданда екі ұдай сезімменен Ертеңгі жайымды ойлап зар жыладым. Ей, Алла, қоғамдағы дүбірменен, Бүлінсем, пенделікпен бүлінген ем. Түмен бап әлдилеген бесігінде Түнімен күбірлеген құлың мен ем. Түкірдім иманы жоқ қызығыңа, Тойындым жын-перінің ызыңына. Мол еді шапағатың пенделерге Барайын мұсылман боп құзырыңа. Табыстым құран оқып, ұлы күнмен, Өзімнің болмысыммен тұнығыммен. Мұхаммед – пайғамбарым, Құраным -- шын, Құдайдың, әлхамдулла, құлымын мен.

*** Шатыр да шатыр басымда мынау, Найзағай отын жасырмадым-ау. Шарапқа толы кесе төңкеріп, Өрекпіп ойдан басылмадым-ау. Сезімді сақтар асылдарым-ау, Соғыстым барып жасынға мынау. Сала алмай жасық масылға бұрау. Ардың да күрдің тасырладым-ау. Өлеңді өртеп, ұшырып күлін, Сонда да оған ашынбадым-ау. Болмысым түгел көніп те тұрды, Албасты бірақ төніп те күлді. Қояды дейсің ашынған сезім, Еркіне кімді, ерікке кімді? Қасымда бәрі еріп те жүрді, Сиқымды семген көріп те білді. Көктемім көшіп, жоғалды жалған, Байлап та кеткен өрікке гүлді. Үн-түнсіз жатқан үдеріп үрей, Кемігімді тағы келіп кемірді.

Бәрін де көрдім кірпігімді ілмей, Ұлыды боран жыртығымды үрлей. Үілдеп тұрды кеудемде дал-дұл, Боранмен, әсте, күркірім бірдей Қалықтап ұшып, алыстап кеттім, Мен үшін, бәлкім, түлкі күн кеней. Бірақ та мынау құбыжық жердің, Тұрар деймісің жұрты күндемей...

*** Алпыс жыланның терісін, Қулық қылған мен едім, Жетпіс жыланның терісін, Сулық қылған мен едім. Өзі көкте болса да, Зікірі де шалқыған. Зиярат еткен бар Тұран, Киемнің жыны кекіріп Иемнің жыны өкіріп, Салауат айтқан артынан. Ештеңе ұқпай парқынан, От піріне жалындым, Су піріне жалындым, Жер тәңіріне бағындым. Жыр сұлуға соңынан, Бір Алла қолдап шағылдым. Шайтанның ыстық шоғына Шайқалып келіп қарылдым Албастыны жеңе алмай, Дегеніне көне алмай, Дүркін-дүркін тірестім, Жүз жиырма төрт мың пайғамбар. Отыз үш мың сахаба, Сексен сегіз сәруар, Тоқсан тоғыз машайық. Арттарыңнан ілестім, Қойқаптағы әулие. Баба Түкті Шашты Әзиз. Ғайып ерен – Қырық шілтен, «Ләйлаха-илолла» Қожа Ахмет айтқан сөз, Шақырғанда кел, сана, Оң иыққа мін, сана! Ай-хай, бермен келші, қыз, Осы айтқанға сенші, қыз. Тек жолыма құрбан боп, Тек мендік боп өлші, қыз! Қазынаны ашып көрейін, Бүркіттің миын берейін. Қасқырдың етін төлейін, Мен де артыңнан ерейін. Бұл да дауа болмаса, Кесірткенің құйрығын, Қалдырып саған кетейін. Жыланның етіп пісіріп, Астауға баптап түсіріп, Тілеуіңді тілеп өтейін. Бар мақсатым бұл емес, Қуды мені түн елес, Қуды мені күн елес,

Білемін, қыз, арманың Менікімен бір емес, Пенделердің үміті Ойлап тұрсам – түк емес! Орындалмай арманым, Жаным менің түлемес, Өлең-жырсыз, қайткенмен, Менің күнім күн емес! *** Ештеңені ешкімнен жасырмап едім, Сойқанын салған немене басымда менің? Қап-қара бұлт құшақтап көтеріп кетіп, Қанатын жайып қоныпты жасынға өлеңім. Жасының тулап от шашты сілкініп қалып, Азар да азар басылдым жұлқынып барып, Өлеңнің ауыр салмағын көтере алмай, Тұншығып жатты көк аспан қылқынып, талып. Мен жүрмін шалқып өлеңнің мамығын жастап, Жер бетіндегі пенденің тамұғын тастап. Періштелермен дос болып әуезі әсем, Жоғалмайтұғын рухын таныдым асқақ.

Оқыдым жырды есінен тандырып бәрін, Періштелердің де бір сәтке жандырып жанын. Алты қат аспан құшағын айқара ашып, Бойыма құйдым сол жерде мәңгілік қанын. Қаламымды бал сия – асылға малып, Ақ шапанды шал тұрды қасымда ағарып. Ынтасын қойып Құдайдың бұйрық-әміріне, Бара жатты өлеңім жасында жанып. *** Басым да мың-дың, айналам мың-дың, мың-дыңмын, Бір кіріп есі, бір шығып жүрген жындыңмын. Есебін таппай тіршілік деген құрғырдың, Жібіне жырдың қыл мойынымнан қылғындым. Басым да быт-шыт, айналам быт-шыт, быт-шытпын, Шыға да жаздап шықырлап тұрған шықшытпын. Жылжыттым қалам ақ қағаз бетін қарайтып, Басына малып көзімнен шыққан сүт-шықтың.

Кеудемнен менің шарығы кемдеу бас қашып, Лақтым-ай сосын көкжиек көкпен астасып. Қармайтын титтей бұта да таппай жүйкелеп, Жүректің орнын кетіпті сұп-сұр тас басып... Орнында мидың кемеден ауыр қорғасын, Кездесіп жиі мең-зең де мендей сорға сын. Күн менен Айдың астында жүрмін әйтеуір, Пенделерменен, Өзім де пенде болғасын. *** Бұл фәнидің түңіліп көжесінен, Шарап іштім әкеліп көзесімен. Өлең да мас, мен де мас, би биледік, Жарық дүние айрылып өз өсінен. Сырдың суы келмеді сирағымнан, Басыртқы жеп жырымның құймағынан. Естен шықты бәрі де, бәрі, бәрі, Өлтіруге ақынды қимады лаң.

Лапылдадым іштегі шерді төгіп, Ата-баба әруағы келді көріп. Жүрегімді үстелге қойып тұрып, Жан-жағынан аямай пергіледік. Ой салды ма жасаған лаңы көп, Бізге қояр жүректің сұрағы жоқ. Жуып-шайып сол күні бар күнәсін, Қаны ағып, солқылдап жылады кеп... Мен фәнидің түңіліп көжесінен, Алып келдім шарапты көзесімен. Ет жүрек те мас болды бір кездері Тайып кеткен жаңылып өз есінен. *** Тәтті қиялға жанды жүздіріп, Шарапты іштім қанды қыздырып. Өлең де жаздым, әнге де салдым, Жүрегімді мәңгі қыз қылып. Түп-түгелденіп құбыла деген, Шарапты іштім құмыраменен. Аймалап жатты ақырын келіп, Бет-жүзімді шұғыла дөнен.

Бұдан бір асқан жылу бар ма, аға, Сел болды сезім тығулы арнада. Бұрала билеп жөнімен бөлек, Қасымда болған сұлулар ғана. Пейіште болар мүсінді тірі, Келтірді Алла, түсінді түбі. Қыз-қыз қайнаған қызыл шарапты, Пияламенен ұсынды бірі. Бұрын да мұндай төгілмедім-ау, Мың батпан жүктен жеңілдедім-ау. Сұлулар менен шарапқа мас боп, Сыймай да жаттым өмірге мынау. *** Соқыр түнде жыр жазып соқыр ақын, Өз әлінше мәз болып отыратын. Елемейтін оны бір көрмегенсіп Ары-бері өтетін тоты қатын. Құдай берер алдынан бақты күтіп, Көңілін билеп ақынның тәтті қытық. Жарымаған өмірі жүректегі, Қайғы-мұңды тағы да шаттық ұтып.

Ақ қағазға өшпестей жыр егілген, Алысатын қараңғы түнегіңмен. Керек етпес ештеңе анық шайыр, Жылтыры көп, пенде көп бұл өмірден. Отыратын қиялға батып ақын, Соқыр түнде жыр жазып соқыр ақын. Кейде-кейде таңырқап қарайтұғын, Ары-бері өтетін тоты қатын. *** Сендер маған ұрыспаңдар, өтінем, Сәл еркінсіп, серуендеп кетіп ем. Қалам малып бал шараптың буына, Құс өте алмас мұхиттардан өтіп ем. Жарты құртты алты ай азық ететін, Жаяу едім шаңы шықпай кететін. Сендер маған ұрыспаңдар, өтінем, Менің жаным тым балауса, бөпе тым.

Сендер маған ұрыспаңдар лайым, Ұрыссаңдар бұзылады шырайым. Кейімеңдер, жылап қалам баладай, Тұман тұтып қалғандай-ақ Күн, Айын. Жыр жазуға қалмай айла-амалым, Бұза алмадым өсекшінің қамалын. Жалғыз едім өлеңде де, өмірде, Сондықтан да мұң жамылды жамалым. *** Өлең менен адаспаса болғаны, Жетті-ау деймін бәрінің де толғағы. Ал Қәландар әлемге хат жолдады, Есі барға бақ-дәулетің қонбады. Әкімдердің уысына толмады, Сонда да өлең абыройын қорғады. Бұйырмай ма тілек тілеп еккені, Бұйырмай ма несібе деп орғаны. Өлең атқа мінгенімен «Пірім!» деп, Жүрек күйреп, ортасынан тілінді өт. Баяғыдай патшаларды жағалап, Киелі өлең, әруақты жыр бүлінбек.

Өлең қазір көшеде жүр сандалып, Кіл мазаққа неғылсын ол шамданып. Ішқұса боп өртенеді оңаша, Шенділерге жалбақтауға арланып.

Өлең менен адаспаса болғаны, Жетті-ау деймін бәрінің де толғағы. Ал Қәландар әлемге хат жолдады, Есі барға бақ-дәулетің қонбады.

Әкемді еске алып...

  1. Түсіме кірші менің, кірші менің, Мен-дағы тіршіліктің дүрсілі едім. Неге сен алыстадың менен, әке, Жанымды жалғыздық жеп күрсінемін.

Кей-кейде қырсыз ойдан түршігемін, Таба алмай ізіннің де бір сілемін. Айтайын айналама түсіме енші, Менде де әке барын білісін елім.

Тірлігіңде барыңды түсінбеп ек, Ең болмаса тіл қатшы түсімде кеп. Ақылымнан адасып қала берем, Сөзім бөлек шығады, ісім бөлек. Жабы ойлар жоғалсын арам қатқыр, Аяғына жем түскір жаманатқыр, Түсіме енсең сейіліп кетер ме едім, Сақалыңды қолыңмен тарамдап бір. Кім дәрі етер жалғыздың құр сүренін, Бүгін түнде түсіме кірші менің. Жолым да бола қоймай әбіржідім, Жер бетіне кеп қалған қырсық едім. Төбемнен кетпей қойды нала құсы, Жетектеп жүрген де жоқ қара кісі. Бет шымшып күлген маған сары қыздар, Бар мені ебін тауып талағысы.

Қайрылмай немерең де кетті маған, Өзінің әнін салып көпке ұнаған. Ойлардың тоқпағыңда соққылаған, Түнеукүні молаңа соқтым аман. Қалт-құлт етер мен мінген сең далбаса, Не етейін жаға түгіл, жең қалмаса. Түсіме еніп, бір сипап маңдайымнан, Жолың мынау деп кетші ең болмаса. Көңілім қайтсем ғана марқаяды, Шөберең шікірейіп талтаяды. Адасып бара жатыр арда емгенің, Опырды омыртқамды ар таяғы. Түсіме кірші, әке, кірші менің. Жаңқаланған жүрегім білсін емін. Жария боп заманға өтейінші, Тіршіліктің мен де бір тылсымы едім. Түсіме кір, жан әке, түсіме кір, Балаңды өлең қуған түсіне біл. Сен келіп қолдамасаң осы жолда Береке қонбай қойды ісіме бір.

  1. Бармай жүр ме жіберген елшілерім, Түспедім бе жолына жөн-сүренің, Отау құрып шыққалы елден бөлек, Өлең дейтін киені еншіледім.

Көп қонақтап көңілге көктен елес, Көз алдымнан нұр бейнең кеткен емес. Шөліркеген бақшасы дымқыл енбей, Шыр бетпеген ұлға әке өкпелмес.

Өкпелемес анам да сүтін берген, Әупіріммен әйтеуір бүтінделгем. Жырым-жырым жүрегім жыр болыпты, Жан емес ем жасымнан күтім көрген.

Енді, міне, сендермен сөйлесемін, Жиып алып ашылмас ой көсегін. Өмір бақи өрісім түгелденбес, Айналамнан алданған тойды есебім.

Болмаған соң көп нәрсе жанға сабақ, Қырық бірмен бал аштым далбасалап.

Алысып алты басты албастымен, Қыл көпірде өзімді барға санап. Талай жерде соғылды соққа басым, Беделділер бет алды оттағасын. Қылғынып қалған пері перзенттерің, Сендерді қалай ғана жоқтамасын. Таусылмас көкірегімнің көрші кенін, Мен деген өлең-жұрттың меншігі едім. Келіндерші, түсіме еніңдерші, Бара қалса жіберген елшілерім. Жетімсіреген жүзімдер Оралып едім қайтадан, Көп жылдан кейін ауылға. Жұмыртқа ойды шайқаған, Кездестім мұңды дауылға. Құлазып тұрдым кеште мен, Шиқылын тыңдап шымшықтың. Жаныма болмай ештеңе ем, Тынымсыз түйсік, Түршіктім.

Көңілді тасқын құлатып, Кірпікте бір сәт шық тұрды. Қасыма келіп жұбатып, Кейуана көп жай ұқтырды: -- Шал кеткелі осы бақ, Қиындық көрді не түрлі. Сан көктемді тосып ап, Жылайтұғын секілді. Шал кеткелі жүзімнің, Тазартқан жан жоқ арығын. Қаңтарда үсіп, үзілген, Жел ұшырды пәрігін. «Пензент» деп еккен еңбегін, Жеңгесі едім көз көрген. Болсын-ау қайдан сенде мін, Жүдеген кезде кез-келген. Көркейтем дейсің кеш келіп, Бұзылған орнын ошақтың. Әруағын шалдың ескеріп, Шешеңнің көңілін босаттың. Есіме алып мұңданам, Әкеңнің сонау сау күйін. Жолыңа бітсін гүл, балам, Батамды бердім, Әумин!!

Тербетіп сөзі кемпірдің, Егіліп кетті ер көңіл. Бұза алмай тағы мен тұрдым, Өрмекші мұңның өрмегін. Әкешім қайтқан кездері, Көңілдің сұрқай күзінде. Жаутаңдап еді «көздері», Артында қалған жүзімдер. Боталап жүр-ау көздері, Жетімсіреген жүзімдер. *** «Айналаға отыра қап өренім, Жыр оқыдық түніменен» деп едім. Мырс етті де былай деді бір досым, «Қараңғы үйде қалай болды өлеңің?» Тұрса қайтем мына қоғам оянбай, Моторым жоқ жарық жағып қоярдай. Жарық дүние жыр емес пе мен үшін Ал мынаның не дегені, ой, Алла-ай! Рас, менен оның күйі көп бөлек, Келмеген ол жоқшылықпен бетпе-бет. Алла оған берген шығар дүние, Бірақ маған жыр беріпті төкпелеп.

Түсіп кетсем ой дейтұғын қалыңға, Жетілік шам түтіндейді жанымда. Дегенменен тіршілікте, шіркін-ай, Не жетеді Өлеңдегі жалынға! Алғашқыда өкпеледім досыма, Тарықтырған қу тағдырың осы да! Артынша оның байлығына қол сілтеп, Келіп кірдім жыраулардың қосына. 1998 жыл. *** Бүгін ешкім ат ізін салмады маған, Өмірімді тағы да жалғады қалам. Ауырғанда жолдастар есікті қақпай, Жалғыз өзі кісінің қалғаны жаман. Керексіз жан ешкімге саналдым дағы, Апта болды, үйіме қамалдым тағы. Достарым түсіп кетті де есіме менің, Ұйқымнан шошып ояндым таң алдындағы.

Отырдым тұрып төсекте мезі еткен мені, Бірақ та бірақ өлеңге кезек келмеді. Шырылдап торғай ақ таңнан хабар беріп тұр, Өкініш біткен өртеніп өзек кернеді. Барады екен ойлансам бәйгең де қалып, Орнымнан тұрдым басымды ой кернеп алып. Оңаша ғана бөлмеде оңаша ғана Отырдым сосын бір шәйнек шәй демдеп алып. 1998 жыл. *** Бір пана тілеп тауға да бардым, Күркіреп құзға құладым. Түсінбей ешкім саудада қалдым, Қиқымнан көрпе құрадым. Өлімші болып өзенді кештім, Башпайым соққа соғылды. Бал шарап құйған көземді тестім, Таппадым бірақ жоғымды.

Күн салып қайта қырқаға шықтым, Адастым тағы сағымнан. Болмайтын іспен құр таласыппын, Тайып-ақ кеттім тағымнан. Гүл іздеп келіп жағалаулардан, Қураған қурай теремін. Бақытымды іздеп табан аударған, Көкке де ұшсам деп едім. Аймалап қана торы ала мені, Күннің де нұры төгілсін. Жарылқамаса Жер – ана мені, Көк аспан, шіркін, не қылсын! 1985 жыл *** Ойға батып отырамын, Келмесе деп атыма мін. Бауырымда сусындаған, Қайда түсер жапырағым? Кірпігімнен жас кеппеді, Адам түгіл, тас та өкпелі. Болашағым не болады – Ештеңеге бас жетпеді. Шай да батпай шайлығамын, Шыңылдайды қай құлағым? Кімге керек адалдығың, Кімге дәрі қайғылы әнің.

Тұрған жоқ-ау қозым да оңып, Тұрақтамас сөзім қонып. Кетсем бе екен ың да шыңсыз, Өзім менен өзім болып. Қу тіршілік жағаласып, Қайрылмады қабақ ашып. Өлеңім де өртенеді, Бара жатыр бәрі адасып... 18 маусым, 2004 жыл. Шырын шумақтар *** Шараптан көрмесе де кісі емделіп, Іштім бе, іше берем, ішем келіп. Бірауық масаңдау боп жүрген артық Қалғанша қайғы-мұңға кісенделіп. *** Қайғыңды керек етпес нарық, көкем, Шараптан басқа маған қалып па екен. Көзіңе қараймын да мөлдіреген Шырпыдай жалғыз-ақ тал жанып кетем. ***

Шаршадым өмірден де, өлеңнен де, Дәметпен тайыздан, тереңнен де. Шыныға атым қалар жазылып бір, Қаңғырып дауа таппай мен өлгенде. *** Кез келер Әзірейіл жалаңдаған, Бола алмас бұл дүниеде санаң да аман. Сен, қалқам, тұңғиыққа түсіп кетсең, Мен қалай тіршілікте аман қалам?! *** Сөз бағып әлімсақтан келеді адам, Таусылмай кетті сенің неге налаң? О баста тіршілікке келу бекер, Бір-бірін түсінбей-ақ өледі адам. *** Аймалап Пайғамбардың нұры бізді, Көтерген ажалдыдан құнымызды. Жел, Су, От, Топырақтан жаратылған, Ей, Алла, жарылқай гөр құлыңызды!

*** Өлеңде отты да – мен, текті де – мен, Әруақты, арқалы да, епті де – мен. Артымда сөзім қалар бақыттымын, Ендеше, неге ғана көп түнерем? *** Күйдірсе көкезудің оттағаны, Темекі езуімде шоқтанады. Ақырын ойламаса, амал қайсы, Жөн шығар уәждің де тоқтағаны. *** Мөңіредім өмір бақи тұлыпқа көп, Май жағып әлек болдым сыныққа ә деп. Тағы да жалғыз қалып барамын-ау, Қалғанда орта жасқа – қырыққа кеп. *** Өлеңмін, мен туралы қалар елес, Өршиді қу тірлікте жаралы егес. Несіне өшігемін айналама Адамның бәрі бірдей анам емес. ***

Мезі етіп мына мені өсек-енем, Таяқ жеп Алла жазған пешенеден, Жанымды елжіретіп, желпіндіріп, Сімірдім балдай шарап кесеменен. *** Жастықтың оймен кезіп құр сілемін, Көзіңе қараймын да күрсінемін. Май шамдай әлсіреген жанып-жанып, Жайымды ойлаймын да түршігемін. *** Өзімді күн алдадым, түн алдадым, Шишаның сынығындай құралмадым. Қаншама әурелікке түскеніңмен, Бақытқа жете алар ма құмар жаның? *** Шарап бер жүрегімді емдейтұғын, Мас болып көк төсіне өрлейтұғын. Тән бар ма қартаймайтын, ескірмейтін, Жан бар ма мәңгі жасар өлмейтұғын? ***

Сорғалап суық жаңбыр қазандағы, Өлеңім құлашын кең жаза алмады. Түнде де құмар оты ошаққа сап, Өкініш өртеп кетті азандағы. *** Жетпейді қу жүректің дертіне түк, Шоқ қалған Қаләндардың өрті кетіп. Айла да, амал таппай өзімді-өзім Болғаны жібермесем тентіретіп. *** Тобасы естен шығып, жасағаны, Ұмыт боп кейбіреудің кешегі әні. Кек қуған кетісетін ағайыным Тойымда суырылып өш алады. *** Келмейді ойсыз сөзге құлақ асқым, Кісіні кей ортада сынамас кім? Уәжден ұтылып та көрмеген ем, Дауасыз бетпағыңнан тұра қаштым. ***

Жыр жаздым тірлігіңе жыным келіп, Жатқан соң түнім де өліп, күнім де өліп. Қай кезде бұзылмадық, бүлінбедік, Біз қашан жарық күннен түңілмедік?! *** Пенделер бұл өмірге кекті неге, Ақырын ойламас-ты текті деме. Бәрібір босанып сен шыға алмайсың, Ей, жүрек, қу кеудені тепкілеме! *** Шарап бер бал уызын тамшылатып, Тимейді тіршілікте жалшыға түк. Сандалған сөздер мені сансыратып, Барады буындырып, қансыратып. *** Бермейді-ау бұл заманда талап пайда, Ешкім де құр сөзіңді жаратпайды, ә. Дос-туыс дегендерің кімдер екен – Алайын түсін түстеп, шарап қайда? ***

Көзімді сұлуларға көп қададым, Жыр десе, суырылып тоқтамадым. Кеудеме қорғасындай құйып қойған, Қайғының бұза алмадым от қамалып.

***

Адамдар бекер келген жер бетіне, Сондықтан Алла алдында пенде түге. Тірілер бірін-бірі қорғамайды, «Қорықсаң» дейді қазақ «көрге түне!». 1995 жыл, тамыз.

  • *

Қаратау бар қазаққа шаңырақ еді, Қапталда жетім қозы маңырап еді. Басынан Қаратаудың көш көрінсе, О баста көшті үркіткен қалмақ еді.

Бұл жерде аңыз қалған ғашықтардан, Ел-жұрты аңшылыққа машықтанған. Қалмақтың өктемдігін көтере алмай, Қарт таудың қара тасы басып қалған.

Сол жерде Бәйдібек би заңғарда тұр, Алаңсыз Үлкенбөген – аңғар жатыр. Назым қыз Қызылкөлде өрмек тоқып, Табысқан қыз Назыммен Қамбар батыр. Жинаған асыл мекен бар аңызды, Әлі де аман сақтар даламызды. Оранған кимешекке Қостұрада Кім білмес Домалақтай анамызды. Көп еді айта берсем тектілерім, Басына тектілердің көп түнедім. Келгенде тәуелсіздің жалаулатып, Біздің ел бостандыққа жетті дедім. Қалғын жыр Орынбай мен Нұралыдан, Басталған Қаратаудың бұлағынан. Сәулесі түсті білем бір Алланың Өлең-жыр ажырады тұманынан. Жарасқан бір Аллаға құлшылығы, Мен едім өлең емген жыр Сүгірі. Маңында Қаратаудың басталыпты Алғашқы адамдардың тіршілігі.

Жүрсем де Кәландардың дорбасымен, Жол салдым бұрынғының арнасымен. Киелі Қаратауды мекендеген Алғашқы адамдардың жалғасы -- мен.

  1. ХІ. 2006 жыл.

Қара талдар

Таң қаламын қарап сенің сыртыңнан, Қара талдар, ортасынан қырқылған. Табылар деп өткен күннің елесі, Іздеп жүрмін бір деректі жұртыңнан.

Талай күндер шығып кеткен менің де Бағынбастан, тым әлсіздеу ырқымнан. Сұрғылт тартқан сүреңсіздеу тұрпатың, Сұрқай кездің сүренінен жыртылған.

Шағың қайда көкке орлеп құлпырған, Еркең қайда көздерінде сыр тұнған? Ештеңені аямапсың сен өзің Ұрпағыңнан келешкке ұмтылған.

Қара талдар -- қара атандар, қырқылған, Сен де тарлық көрдің бе екен құлқыннан. Мезгіл сайын ортасынан қырқылған, Айнымайсың менің Қазақ ұлтымнан.

20 тамыз, 2006 жыл

  • * «Ай көрдім, аман көрдім, Бұрынғыдай заман көрдім...» Бұрынғыдай бұлт оранып, Заманаға таман келдім.

«Бұрынғыдай заман көрдім...» Түлеген бір қоғам көрдім. Әлі қазақ бола алмай жүр Серкелері жарамды елдің.

«Ай көремін, аман көрем», Пейілсіздеу адам деген. Бай мен кедей жуыспаған Қыз ойнайды харамменен.

«Ай көремін, аман көрем», Сандалады санамда өлең. Желтоқсанның жаңғырығы, Таласып тұр заманменен.

«Ай көрдім, аман көрдім, Бұрынғыдай заман көрдім...» Құл болудан құтылғым кеп «Желтоқсанға» таман келдім.

Қан сасыған алаң көрдім, «Қазағым!» деп аранда өлдім. Амалы жоқ, айласы жоқ, «Ереке тоқты» -- балаң менмін.

Жарылқасаң, жарылқа Алла, Бодау болмас арым қанға, Шын есірке, қараң қалсын Қарқылдаған қалың қарға. Қашанғы мен қайғы емейін, Аман-сен Ай көрейін...

  1. ХІ, 2006 жыл.
  • *

Қаз-қаз балам, қаз балам, Қадам бассаң мәз болам, Бақытты жан өзіңсің Сенен ешкім озбаған. Мына жердің бетінде Ұрпақ үшін қозғалам, Өлең айтсам ұлым деп Жүйкем қалмас қозбаған, Өсиетім өзіңе -- Сөздерім бар аздаған: Тұсауыңды кесейік, Жолыңа гүл төсейік, Өздеріңмен көбейіп Өркендейік, өсейік, Елге қызмет жасай бер, Жігіт болып, есейіп. Ала жіпті байладым, Келешекті ойладым, Ақ жіп қосқан себебім, Ақ жол болсын дегенім, Жасыл қосқан себебім, Көктей өссін дегенім, Қызыл жіптей алаулап, Желбіресін желегің. Қаз баса ғой, құлыным, Балдан тәтті қылығың. Аталардан бір түйір Қалған асыл сынығым. Ашық болсын жамалың, Құтты болсын қадамың!

  • * Жас кезімде қайратты едім, бәріне де керек ем, Дәрежем де тең болатын ел билеген төремен. Айқайлатып гармонымды құйқылжыдым тойларда Қатарыма ап сұлу қызды ләззатына бөлеген.

Таңғы шықтай мөлдіреген тап-таза еді көңілім, Желден жүйрік жүйіткитін арман деген көлігім. Қолпаштаған айналама мақтанышпен қарап ап, Дәл осылай тұратындай көрінетін өмірім.

Білінбейтін кедейлігім, жан анамның жоқтығы, Жастық шақтың алып ұшып алаулатқан от күні. Төлегеннің жырын оқып, Шахановқа еліктеп, Бұл дүниеде жалғыз мен ем бір Құдайдың тоқ құлы.

Уайымы жоқ еске түссе қызық күндер кешегі, Бүкіл санам жас-өзеннің жағасына көшеді. Қос бұрымға оралатын балғын денем уылжып, Жер бетінің рахаты – сұлу қыздың төсегі. Тар төсекте тек екеуміз, бір адамға айналып, Қалатынбыз махаббаттан тіл-ауызмыз байланып. Ал таңертең бәйге атындай тұратынмын жұтынып, Келер түннің қызығына, ләззатына сайланып. Қызу қаным осылайша атой салған денемде, Мініп алып құстай ұштым үміт деген дөненге. Менсіз тойлар өтпеуші еді біздің туған ауылда, Менен жүйрік ешкім де жоқ әнге және өлеңге.

Сәмбі талдай солқылдаған қыздар мені тербеткен, Талайына қолым жетпей кетті соның шөлдеткен. Бүгін, міне, соның бәрін жоғалттым да, шатастым, Есі шыққан кемпірдейін тіні шыққан өрмектен. Бүгінде тек қиял ғана жұбатады санамды, Өлең жазып кейбір кезде тырнап алам жарамды. Ешнәрсеге көңлі толмай әйелім де жекірер, Қайратымда кеміп кетті, алдым бұлдыр, қараңғы. Отырамын өткенді еске ап, ыңылдаймын оңаша, Енді қайтем жастығымды зұлым уақыт тонаса. Алдым аяз, айла-амал жоқ, қалтыраймын еріксіз, Қыздар құшқан денемді кеп күздің желі ораса. 8 қыркүйек, 2006 жыл.

  • * Маған неге мына қыз амандаспады? Тазармаған жан ба едім санам қаспағы. Қиямпұрыс ойларға қайдағы бір Көңілімнің тап-таза таланды аспаны.

Жексұрын боп шықтым ба жер бетіндегі, Уыз күлкі жоғалды келбетімдегі. Қасқалдақ та қонбайтын, үйрегі де, Ұқсап қалдым мұз қатқан көлге түндегі.

Қоштаспай кетті кетерде жөніне тағы, Қонған-ау, сірә, арманшыл төріне бағы. Шөгіп те қалдым әлде бір жымысқы ойдан, Ұқсастау ғана ақын ем серіге жаны.

Сәліміңді қимасаң айла-амал бар ма? Міндет етіп тартайын қай бағамды алға. Шетте қалып кеттім мен келесаулардай Немді айтармын мен жайлы ойлағандарға.

Маған неге мына қыз амандаспады? Тыным бермей жүр ме, әлде, балаң жас қаны. Шылым сасып қалым-ау, Секілденіп, Күйіп кеткен тамақтың жаман қаспағы...

  • *

Мынау әлем бір сәтке көз ілгенде, Оянды ма шөлдеген сезім менде. Сабырсыздық санамды билеп алды, Тынышынан айрылды сезім – көл де.

Сенің үнің ән болып қалықтады, Күмбірлеген күй болып шарықтады. Өңім менен түсім де араласып, Қарсы алады өмірдің талып таңы.

Жел алдады сен болып желеңдеген, Таңғы тұман арасы, елеңдегем. Көңіл шіркін есіліп елжірейді, Сезімімді тербетіп өлеңменен.

Жарқыратқан жарығы айналаны, Таң сәулесі сен болып аймалады. Менің жебеп жүретін періштем-ау, Сенің бейнең төбемде айналады.

  • *

Көп болды, компьютерге отырмадым, Өлеңнен кесте болып тоқылмадым. Балдардың нәпақасын айырам деп Ертелі-кеш әрнені қоқымдадым.

Алғанда асау тағдыр тақымға ұлын, Ісін де істей алмай ақылдының. Кітабын көрінгеннің жазып кеттім, Есімнен шығып кетіп ақындығым.

Шөпке тышар ұлықты жағаладым, Күнім үшін байларды ағаладым. Бала-шаға өскен соң амал қайсы, Сүйегін мүжіп жүрмін садағаның.

Күнім де күн болмапты сырғанаған, Беймәлім Бетпақтамын құм бораған. Қоғамды ақша билеп тұрған шақта

Ақынның жағдайына кім қараған?

Қала кезген кәдімгі дуанамын, Құр қиялды далақтап қуаладым. Даладан келгенімде өлең емес Нан тауып келгеніме қуанамын.

Үйім де, Отаным да өлең еді, Мен едім жыр аулының Төлегені. Маңырай-маңырай бүгінде жетім қалды Көкке жетпей көңілдің көбегені.

Шілде, 2008 жыл. * Жынды қылған бұл өлең Төгіліп кетсе қайтеді. Кеуде тұсым қақырап Сөгіліп кетсе қайтеді.

Толып қалған ішім де Жарылып кетсе қайтеді, Сөздеріме айналам Табынып кетсе қайтеді?

Түк қалдырмай жүректің Қырындысын қаспағын. Датымды айтып Аллаға, Жеткізіп жатса қасқа мұң.

Қазынасын кеуілдің Қаза алмай-ақ қор болдым. Тілімдегі сөзімді Жаза алмай-ақ қор болдым.

Кім қызығар түріме Осы менің тұрысым. Жаза алмасаң дертіңді Көрген күнің құрысын! Тентек еткен бұл өлең Төгіліп кетсе қайтеді, Кеуде тұсым қақырап Сөгіліп кетсе қайтеді? Қабылдау бөлмесі Телефонмен шақырдың келіңіз деп, Өзіңізге дайын ғой төріміз деп. Салып ұрып барайын бәрін тастап, Адамзатқа жетпейтін көңіл іздеп. Қарауылың «жоқ» деді дүңк еткізіп, Ішімнен бір қойғандай сылқ еткізіп. Кеп қалар деп күттім кеп сол арада, Күдік дейтін ойымнан үркекті үзіп. Мәшинеңіз көрінді көз талғанда, Айтылмайтын көмейде сөз қалғанда. Пәуескеңе ұмтылдым үмітпенен, Секілденіп далада тозған қарға.

Өте шықтың жанымнан көрмегенсіп, Көңіліңді көрсең де бөлмегенсіп. Есігіңді амал жоқ күзеттім кеп, Сені көрмей мәңгілік шөлдегенсіп. Хатшы қызың тирақсып тергеп мені, Нығыздады қылыштай өрмектегі. Дәлізіңде күткенде, о, Құдайым, Пайғамбар боп көріндің жер-көктегі. Өтті менің күтумен жарты күнім, Көңіл шіркін бөлмеңнен қалқыды мұң. Кеткен екен биіктеп бөлемесінде Бастықтардың бағасы, нарқы бүгін. 4 шілде, 2008 жыл. *** Лебі еспей менен жаздың, Ойым быт-шыт, өлең жаздым. Сөз жүйесі жүйкелеген, Құралмаса, неден мәзбін? Хат та жаздым әкімдерге, Аузым бармас жақын дерге. Тұншығады пана таппай, Құралмаған мәтін көрде.

Кім көрінген қоңаштайтын, Кедейлерге жараспайтын, Өлеңдерім кімге керек Дәптерімнен әрі аспайтын. Шыққан жерім, тегім мәлім, Ешкім келмес төрім мәлім. Қара нанға зар болатын Қырық жамау менің қалім. Өлең жазу теңім бе еді, Газеттен де көрінбеді. Байлық маған қонбаған соң, Тірлік оңбас өңімдегі. Жыр да байға жарасады, Ән де байға жарасады, Бір тиынға зар боп жүріп Мен қайтемін тамашаны? Мен секілді өлерменнен, Аямаған, өлең берген, Алла-тағала жаратыпты Артықтау қып «кереңдерден». Осы ғана мақтанышым, Тіршілікте тапқан ісім. Кейді бірақ, жағалаумын Өртеп кеткен от қамысын. 24 қараша, 2006 ж.

  • * Пенделер істейді екен өз дегенін, Ал менің сәл бөлектеу көздегенім, Халықтың датын айтып өтсем деп ем Жүрекке салғаннан соң сөз көгенін.

Бой бермес байлар басқан қоғам мынау, Оңай ма дүниеде оларға ұнау. Құдайға жақсам болды деуменен тек Байлардың арасынан жоғалдым-ау.

Боп жүріп шөре-шөре екі арада, Шығыппын әжептәуір жотаға да. Әкімнің сөзін сөйлеп кетсем егер Ақынды кешіре ме Отан – ана.

Тілімді қан жоса ғып тілімдеген, Оянам сойқан соққан дүбірменен. Жығылған жайнамазға ағам менің Жалынып Жаратқанға күбірлеген.

«Әмин!» деп мен де жаям алақанды, Шуаққа бөлей көр деп ала таңды. Қытайдан ауып келген қара құзғын Далада жеп жатады балапанды.

Жұмысқа дайын болып баптағаным,

Дүдәмал дүбәра оймен аттанамын. Орыс мінез, орысшыл ректордың Ұшырап қаһарына қақталамын.

Аққанда қан аралас түпкі тұма, Күледі шегір көздер сықпытыма. Шығады ректордан маң-маң басып, Технарлар алшаңдатып бұтты мына.

Балықтай шыжғырылып табадағы, Санам да сан сұраққа таланады. Тілімнің түк керегі болмай қалар, Технарлар басқарған соң замананы.

Өртімді өшіре алмай лаулай жанған, Тағы да өлеңімді жаулайды арман. Орысша зәрін шашқан ректорың Отырар Шыңғыс ханнан аумай қалған.

  • *

Өмірімді менің де созыпты мұң, Әлденеден, білмеймін, көзікті ырым, Желге беріп бетімді желпінейін, Бара жатыр бекерге тозып түрім. Лапылдай ма алаулап шырақ – қайғы, Наурызың да жүректі жұбатпайды. Балконды ашсам, самал жел шалқып кетіп, Есігімді шуақ пен нұр аттайды. Мен де елге өлең боп тараймын ба, Жыр дейтұғын шомылып бал айдынға. Тілім бірақ күрмеліп қала берер Заһары көп заманға қараймын да. Басым дағы бас емес, келідейін, Қай бетіммен қоғамға көрінейін. Айдалаға ол дағы лағып кетті Әшейінде ауыз жаппас сері гөйім.

Замананың көз алды күлтілдеген, Қиығында былшығы сүртілмеген. Тәрік етіп ғұмырды Кәландарша Безіп кеткім келеді бір түнде мен. Сықырлаған астымда жаман арба, Мүсәпірге тимейді садағам да. Бай-кедей боп жік-жікке түсіп бітті Мектептегі бейкүнә балалар да. Бекер болды құмартып сағынғаным, Бала-шаға әзірге бағынғаным. Өлең оқып күшеніп жүргеніммен, Мен де сол кедейлердің жағындамын. Кедейді шенеуніктер менсінбейді, Кедейге жалғыз қотыр төл сіңбейді. Тойларда атым шығып жүргеніммен Мына қоғам біздерді менсінбейді.

  • * Білмеймін бұл өмірдің сұры қандай, Оншалық зауқым да жоқ құнығардай. Адамдар бар пейлінен айырылған Әкімдердің алдында жығылардай.

Қазақтың күні ертең не болады, Бола ма жүрегімнің жорамалы. Қаптаған кірме бізді жұтып, Қазақ Басы ауған жаққа қарай домалады.

Мақтандық, баймыз дедік, дүрдидік кеп, Қалаларда сауналар, түнгі үй гүлдеп. Байлардың қайыры жоқ қазағыма Қыздардың қойынына сүңги білмек.

Беделі үшін бір мешіт ашқан болып, Жан-жақтан жарамсақ бас қосқан толып. Қайыры жоқ мешіт емес, ұлт керек, Ертең ұлтты аламаймыз тастан жонып.

Біздің ұлт бар ма өзі бұл өмірде, Шошытар ой апарды тірі өлімге. Кімдер үшін жазамын бұл шатпақты, Өлеңге із қалмады жүрегімде. *** Басым сынып барады, басым сынып, Жарым отыр жанымда жасын сығып... Құбыжыққа айналған қоғам мынау Барлық сөлін ап қойған ғасыр сығып. Миым түсіп барады, миым түсіп, Қайыршының тіршілік күйін құшып. Бір топалаң тигендей көрпе-жастық Домаланған бөтелке, үйім – құсық. «Кіммін өзі?» -- біле алмай зәу-затымды, Қалдырыппын таусылмас дауға атымды. Қай жақтан пайда болды мендейлерің Айыра алмас Құран мен Тәуратыңды. Шайтан біткен жабықтан жыртыңдай ма,

Ниет бөтен бүгінде, құлқын майда. Әруақтар сабады түнеукүні Тегім қайда, Құдай-ау, ұлтым қайда?

Қарқылдайды басымда қара қарға, Аузы ашылып қалмаған жара бар ма? Мазақ боп жүр қара көз қалаларда, Пана таппай тентіреп далаларда.

Кәлимаға келмейді тіл бұралып, Текті болмас қашан да құл құралып. Жақсы сөзді ұшырды долы дауыл, Ниетімді кірмелер қылғып алып.

Басым сынып барады, басым сынып, Жан-дүниемді ғаламат ғасыр сығып. Айбалтамды сайламай болмас деймін, Қалтасына дұшпан тұр тасын тығып.

  • * Не болды маған өлеңнен мақұрым қалып, Өзге нәрсе жұтқан ба ақылымды анық. Күлігіме қамшыны баса алмай келем, Мұнша жерге келіп ем тақымым талып.

Ойлау жерден орғытып ойқастап едім, Ойлыларға тәп-тәуір ой тастап едім. Бәдізделіп қалды деп масайрап жүрдім, Қазығұрттың белінде, қойтаста мөрім. Ол бір кезде жағам да жайлауда болған, Мыңғырған мал да көп еді қойнауда толған. Ал бүгінде нан іздеп құмырсқа болдым, Күнім дағы күн емес айдаудан әрман. Тойларға бардым жалданып тиын-тебенге, Парық та алмай мендегі құйынды өлеңде. Бес теңгені малданып көңіл жайладым, Толып кетсе де шаншыған миым тебенге. Жаяулатып тойдан соң үйге беттедім, Солығын басып самалмен күйген өкпенің. Той берген жанның «Джипі» қағып кетердей Шаң қаптырды тәнімнің сүйрелеп көнін.

Тойдағы жұмақ жоғалып, көшеде қалдым, Қалың да қалың қайғымды еселеп алдым. Ақын едім, бүгінде байға жалданып, Шарап толы ақымды кеседен алдым.

Қайран өлең менімен қоштаса жаздап, Көкіректегі шеріммен астаса қоздап, Қолымды сілтеп бәріне тұңғиық сүңгіп,

Қайта іздедім жырымды басқаша боздап.

Жарамады-ау жүргенім мақұрым қалып, Жырға айналды тағы да ақының анық. «Нан бола ма өлеңің өліп-өшкенде», Деп жүрмесе болғаны қатыным налып...

  • * Өлеңге ауды бүгін тағы толғағым, Өлең еді туғаннан-ақ қорғаным. Мына заман бетпақ, арсыз, байдікі, Кедей ақын жырлап өтер ел қамын.

Осы күні жазғыштар да көбейді, Сөйлетеді ақша мылқау көмейді. Ақшалы ақын алқа топта әдейі Таптап кете жаздап жүрер кедейді. Кедей жүрер мадақталмай, мақталмай, Әлін біліп әлгілерше баптанбай. Ақшалы ақын алшаң басып аяқты Суырылар бар қазақты баққандай. Бай шіренер көкті тіреп тұрғандай, Қайраткерсіп мемлекетті құрғандай. Руластар жүрер соның соңында Байлар артын қылғандай. Ел аралар Әуезов боп, Абай боп, Шығып жатар ауыздардан талай боқ. Жас ақындар сауналарға сүйрелер Байдың жүрген жері алтын сарай боп. Диірменді айналдырып көтімен, Пірадарсып ақыл айтар шетінен. Қолдарына су құятын жас ақын Мәз болар-ау сарқыт берсе етінен.

Жәй Қасымдар хан атанар кісі боп, Ақша, мансап – көретұғын түсі боп. Руластар қолтығынан қолтықтап, Тіміскілер кеуделерін күшік – от.

Жырға деген ниет бір сәт тапталар, Мүшәйрада елден таса, сақ болар. Сауналатып барын салған жас ақын Уақытша бас бәйгені ап қалар.

Теріс қарай ағызғандай Есілді, Шашбаушылар соңына еріп есірді. Ал жас ақын еске салды баяғы Ояздарды тасып өткен көшірді...

Тіршілікте ұқсаса да қасқырға, Бола ма олар бұл қазаққа бас тұлға. Өлгеннен соң, «міскін-кедей» ақынның Қалып кетер табанының астында.

  1. 10. 2008 жыл
  • * Жазираға

Түсінемін, жан сырыңды түсінем, Құтылмайсың Құдіреттің күшінен. Оңашада көз жасыңды көлдетіп, Бір жылы сөз күттің ылғи кісіден. Топшысынан қайрылғанда қанатың, Жұбатпады сені ғана дала, түн. Ағайындар қайдан ғана ұғынсын, Өз отының ошағында жанатын. Әйел жаны жараланғыш, тым нәзік, Әуре болдың айдаладан құм қазып. Сені қалай жұбатамын деп тағы Мен отырмын сәл ауырлау жыр жазып. Лағындай елеңдеген еліктің, Айналаға сән беруші ең, көріктім. Сол бір түні сол жігітпен жолықтың, Бар мейрімін аямай-ақ төгіп түн. Есің шығып аяладың, аймалап, Арманыңды үмітіңе байлап ап. Бәрі бірақ өте шықты көктемдей, Қане қызық, еліктірген қайда бақ!?

Зар жыладың көмек тілеп Алладан, Одан бөлек үміт сенде қалмаған. Ит тірлік-ай, барын сығып алды да, Өлмес күнді өлмес күнге жалғаған. Сені көріп менде, қарғам, жыладым, Жұлынған соң мәпелеген құрағың. Соңымыздан еріп едің елеңдеп, Аңқау едің, бала көңіл шырағым. Ел не демес, осы күні сыртыңнан, Бәрі шығып кеткеннен соң ырқыңнан. Соғып өтті тағдырыңда бір дауыл, Ештеңе де қалдырмастан жұртыңнан. Бірақ, қарғам, өмір алда, бақ алда, Жазылады сыздай-сыздай жараң да. Бақыт деген кейде ұшқан құстайын, Қайта соғар өзі таза адамға.

Мөлдір тамшы кірпігіңнен құлатып, Қалып едің сол жігітті ұнатып. Алдап кетсе, амал қайсы, жаным-ау, Күрсінбеші жүрегіңді жылатып.

  1. 09. 2008 жыл. *** Толқынына телміріп ұлық Сырдың, Көріп келем жасымнан қырық сүргін. Нем бар менің қазақтай ұлттан бөлек Сол себепті ұлыған ұлтшылмын.

Ұлтшылмын Ахмет, Мағжандардай, «Ұлтым» десем алдымнан бақ жанғандай. Тіл тигізсе әлдекім ұлтыма кеп Сөз сөйледім аспанды қақ жарғандай.

Алдандырған әуелден нала бағы, Қазағымды қай кірме таламады. Суын ішкен ұлтым-ай мәңгіліктің Ұлт болмаса мен кіммін даладағы?!

Ұлтшылмын Міржақып, Жүсіпбектей, Өлең жаздым «ұлтым» деп, ісіп-кеппей. Аман қалғам түңғиық түсіп кетпей, Боранына «Қызылдың» үсіп кетпей. Сұмдық ойлар тереңге батырса да, Ғаламшарда қиялым шатылса да, Ұлтшыл боп қаламын, Ұлтшылмын, Талай боздақ тағы да атылса да. . Менен артық еді ғой атылғандар, Кемелерін саясат батырғандар. Саясат деп ұлтымды құртып тынбақ Құлқыны үшін өзгеге сатылғандар Келер күнді отырмын жұтай күтіп, Біз жеңерміз қалған жоқ ұпай бітіп. Ұлтшыл боп қаламын жер бетінде, Қойғанынша қазақты қытай жұтып.

Боз жусаны секілді кең даланың, Ұлт болмаса боржыған көң ғанамын. Жердің бетін топан су басса дағы Қазақ қалар, содан соң мен қаламын. 17 қаңтар, 2009 жыл ТҰҢҒЫШБАЙ Бұл ғұмырда не көрмеген Тұңғышбай, Мәңгілікке көнермеген Тұңғышбай. Арыстанға арыстанша ақырып, Өсіп өнген өнерменен Тұңғышбай. Жолбарыспен алысатын Тұңғышбай, Болашақпен табысатын Тұңғышбай. Пәк ниетін арнап келді тойыңа Өзіңізге таныс ақын, Тұңғышбай. Сіздей жанның өресі – арман, Тұңғышбай, Көне Тараз бере салған Тұңғышбай. Ақ жаңбырдай өзім деген адамға Бар пейілін төге салған Тұңғышбай.

Қазақ деген байтағыммен, Тұңғышбай, Отырар боп қайта келген Тұңғышбай. Ұлтымыздың бар мұңы мен арманын Абылай боп айта білген Тұңғышбай. Жалғыз өзі бір театр Тұңғышбай, Бар мінезі шын театр Тұңғышбай. Құнанбайдың бекзаттығын сіңірген Өзегіме нұр құятын Тұңғышбай. Артылмаған сенен, менен Тұңғышбай, Әнге ғашық «өлермен ең», Тұңғышбай. Бар тұлғаңды сиғыза алмас ішіне Қасиетті өлең деген, Тұңғышбай. Қыдыр дарып, Бақ қараған Тұңғышбай, Ақ жүректі аппақ ағам, Тұңғышбай. Кенге толы Кенен атам тәрізді, Өлең десе тоқтамаған Тұңғышбай.

Бәз біреуді даттамаған Тұңғышбай, Дарынсызды жақтамаған Тұңғышбай. Мен секілді інілерге пана боп, Хақ жолынан аттамаған Тұңғышбай. Қазақ та – сен, далам да – сен, Тұңғышбай, Ғажап та – сен, ғалам да – сен, Тұңғышбай. Саған қарап таң қалам да жүремін, Шайқалмаған Толам да сен – Тұңғышбай!!! Маңдайыма оқ тиді Алтынбек Сәрсенбайұлына Соқыр ма мына билік, керең бе екен, Біздің де мұңлық жырды көрер ме екен?! Ешкім де құлақ асып жатпаған соң Қаламмен мұңдасам да, өлеңдетем, Бір айтсам, тоқтай алмай терең кетем, Жаман ой шықпас еді менен бөтен. Алдында шікірейген шенеуніктің

Қалайша өз бағымды төмендетем . Кез келдік саясаттың қандайына, Келгенін істеп жатыр қарға ойына. Алдында шікірейген шенеуніктің, Қалайша өз бағамды төмендетем. Бекер-ақ ой-қиялға батыпты асқақ, Мұрнына ауыл жатыр қатып қаспақ. Дұшпандар алшаң басып бара жатыр, Ахаңдай Алтынбекті атып тастап. Қазақты қорғаймын деп тоныменен, Ахаңдар кеткен еді тобыменен. Бүгінде бір-біреулеп кетіп жатыр, Алысып елдің мұңы-жоғыменен. Аналар арам қатып толғағымен, Кеңестер өртеп еді орманымен. Бүгінде бір-біреулеп атып жатыр, Кез болған байғұс қазақ сорға кілең.

Қиылды көк желкеден үміт-арман, Аттады қыз батадан, жігіт ардан. Ақшаның құлы болған бұл қоғамның, Жанары жасаураған, нұры талған. Қоғамның тілі басқа, ділі басқа, Шақырдық шырақ жағып ұрыны асқа. Жерді де, жер кенін сатып билік, Тұлыпқа мөңіреп жүрміз құры босқа. Айтпасақ ұлы сөздің атасы өлген, Қамшыдан таяқ жедік топас өрген. Кеңсайда томпайды да қала берді, Ахаңның артындағы ботасы ерген. Құтылмас қақпандағы ырық сордан, Құныққан қанымды да сүлік сорған. Қосылды Ахаңдарға Алтынбек те, Бір кезде «ұлы» Сталин қырып салған.

Қазақтың бағаланбас дерті мысқа, Айналды жұмақ қоғам қорқынышқа. Мерт болды Арыс ұлын, беу қазағым, Шенеуніктер айтатын «ел тынышта». Айырып момын елді шырағынан, Дұшпандар тарқады ма құмарынан . Үміт еткен балам-ай болашақтан, Тұрса да күн көрініп құлағынан. Әй, қайдам, тарқамайды-ау бай құмардан, Іздейміз болашақты қай мұнардан? Біздегі безбүйректеу билігіңнен Кеңсайың мәрт екен-ай қойнына алған. Кеңсайда томсырайған мола ғана, Оларды тербетеді Обал – Ана. Қазақтың маңдайына оқ тиген соң, Мертіккен ұлы көшің оңала ма?

Жалмады жалаңдаған талағымды от, Жоқтадым Алтынбекті қарағым деп. Біреу-міреу оқитын шығар-ау деп, Өкініп өлеңдеттім, амалым жоқ.

Соқыр ма мына билік, керең бе екен, Тыңдай ма біз пақырды төрем -- көкем... Көтерсе біздің сөзді сол көтерер, Артайын Қазанатқа -- Өлеңге тең.

15 ақпан, 2006 жыл.

  • * Төлеген Тоқбергеновке

Бұл күнде «данышпан» мен «көреген» көп, Әкімдер көп нәрсені елеген жоқ. Тәкен мен Асқар жүрді бізді айналып, Бірақта Тоқбергенов Төлеген жоқ.

Төртеудің тойы болды дүркіреген, Ағылды көмекейден бір түн өлең. Есімнен кетпей қойды Тоқбергенов Тасқындап тау суындай күркіреген.

Мұндайда кім жетер датың, көкем, Мұңайды мұң жамылып пақыр мекен. Қыртысты Қаратаудың бір жерінде Беу, Төкең, теріс қарап жатыр ма екен? Ұялдым, мазасыз ой мүйіздеді, Біреулер атақ, мансап, сый іздеді. Тоқбергенов секілді көк бөріні Сұңқылдап Момбековтің күйі іздеді. Хан апама Інің едім жолыңды жөн санаған, Ренжідің несіне сонша маған. Айналамда пәлекет көп қой менің Азуымен етімді боршалаған. Қырық жылдық қырсықпен қырқысып ем, Сонда дағы көмейден гүл құсып ем. Тар қапаста зарладым ақынға тән Ісім болмай өмірдің түр-түсімен.

Айналамда күніге шөккен өлім, Көгере ме, білмеймін, еккен егін. Бомба түсті миыма бүгіндері Несіне, апа, сен маған өкпеледің.

Жетіліп жүр талай жан саяңда есен, Ал менің шеңгелі көп аян көшем. Шағындым өзіңізге апалап кеп, Ағайыннан айнала таяқ жесем.

Інің едім жолыңды жөн санаған, Ренжідің несіне сонша маған. Өзіңіздің орныңыз ерекше ғой Айналама «жанашыр» толса да адам.

Құқайым да болар ма мұншама көп, Кешір сен, жасықтықты қылсам әдет. Алдыңа барар едім, қорқам, апа Бет-жүзіме қарамай ұрса ма деп.

22 мамыр 2007 жыл.

  • *

«Бес жүз қабат үй салу да емес бүгін боз елес, Ақшаң болса «маймылды да» бастық сайлау сөз емес» М. Шаханов

Рас, көке, бұл айтқаның, таң қалатын сөз емес, Шүлдірлеген мына бізге кімдер мылтық кеземес. Желтоқсаггың жолбарысы көш бастаған сен едің, Алтын басты көкбөоі едік, жылтыраға жез емес. Желтоқсанды айтқан кезде қан да қайнап кетеді, Далбасалап қалған қазақ отқа өртеніп өтені. Бабаларым осы күнге жетелеген үмітпен Дал-дұл болып, алба-жұлба шеңгел сырған етегі. Темір таяқ теңгедей боп, темір етік тебендей, Бізге жеткен бабалардың жүрген жолы өлеңдей. Шегір көздің табанында қалып кеттік бір кезде, Ешнәрсеге жарамай да, ешкімге де еленбей.

Қатал заңды талқандаған Желтоқсаннан айналдым, Қазағымның мұңды үніне шер қосқаннан айналдым. Қазағымның сол ерлігін бар әлемге паш еткен Өзіңіздей қаһарманым, төл қасқамнан айналдым!

Мұқтар көке, арызым көп айтатұғын термелеп, Біздер үшін қазақ бөлек, Желтоқсан мен Сен бөлек. Сендей ұлдың арасында рухымыз келеді, Тайғанақтап тозған табан тауға қарай өрмелеп.

Орыстардың жетегінде шенділер жүр тірлікте, Айналғандай бала кезде біз ойнаған шүлдікке. «Қазақ жауы -- қазақ» дейді, жұлыстырып біздерді, Қашан ғана жетер екен қара қазақ бірлікке?

5 ақпан, 2007 ж

  • * Генерал Жеңісбай Сұлтановқа

Ар алдында адалмын ба өзі мен, Қарайыншы сырт адамның көзімен. Талай нәрсе сіңіп еді санаға Көпті көрген генералдың сөзінен. Сендіп адамдар маған дағы ақын деп, Пенде емес, ғарыш жаққа жақын деп, Қол босатпас тіршіліктің арқауын Күйкілікпен үзетұғын пақыр көп. Алдағандай болып жүрмін, не етемін, Алаңғасар ақын болған не теңім! Кейде-кейде асқақтап-ақ жүргенмен, Бөксемді де жаба алмайды етегім. Генералдай адал жанды көрмегем, Адалдықпен аман тұр ғой жер деген. Менмін деген кейбір шенеуніктердің, Ұшып кетіп жатыр сөзі желменен.

Ата көрген оқ жонады деген бар, Жазар болсаң, генералдай тереңді ал. Желкемдегі шайтан кері тартқанмен, Кеудемде бір бағынбайтын өлең бар.

Генералым, алдағандай болдым-ау, Алдымызда жатқан қысқа жол мынау. Өзіңіздей ағалардың сенімін Ақтай алмай жүргенім де қорлық-ау.

Ар алдында адалмын ба өзі мен, Талай жаннан сөз түсінбес безіп ем. Айналамды риза етіп, өмірге Қарайыншы имандылар көзімен.

  1. 08. 2008 жыл

Кендебайға

«Өкінішті, оһ, қандай өкінішті» Кендебай Ахат.

Қайран өлең қасқырдың өтін ішті, Өлеңімнен қалғанын жетім ішті. Өлең өліп барады өлкемдегі, «Бұлқынғанмен бұза алмай бекіністі».

«Өкінішті, оһ, қандай өкінішті!» Жамай алмай келемін кетік істі. «Көке» дедім әркімге жаутаңдап құр Байқай алмай бұзылмас бекіністі. Сарғаюдан етім де бетім істі, Жұт дегенің әлемде Жеті күшті. Айналамды маймылдар жайлап алды, Ал маймылдың, білсеңіз, көті мыс-ты. Бітпес дерттің мендегі беті күшті, Өзімді ойлап, еске алам тоты құсты. Көкке қарап қол жайып көріп едім, Петіршенің жан алғыш соты күшті. Ақындардың дегенмен ниеті, Алауыма арқардың еті пісті. Өлең-жырдың тақырда ескерілмей Қалып бара жатқаны өкінішті!! «Оһ, қандай өкінішті!!» 4-шілде, 2006 жыл Жан жаңбыры (Ақын Әкім Ысқаққа)

Бозторғайды оятқан жан жаңбырың, Түркілеген ұйқыңды таңнан бұрын, Көңіліңде бүр атып арман гүлің, Өзек еттің өзіңе жалған жырын. Жүрегіңе өрнегін салған бұрым, Сол өрнектен жаралған жан жаңбырың. Көктемені әлдилеп жұбатады Енді-енді сәуірде жарған гүлін. Гүл кеудемнің қашан да төрі – дала, Жан жаңбырға жұбанған бөрі бала. Оңашада төгілген жаңбырлар-ай Жұбата алмай келеді мені ғана. Жырларыңда мөлдіреп жан жаңбырың, Дүбірлетер кеудеңді бағлан құлын. Дәтке қуат, бойға нәр алып жүрміз, Жанды еріткен жаңбырлы балдан бүгін.

Көтере алмай шаршасаң жалған жүгін, Тебірентер жүйкенің алуан қылын. Бөржардағы баланы аялашы, Кәусарыңа жуындыр, жан жаңбырым!! Сәуір, 2008 жыл.

  • *

О дүние маған жат емес, Бұл дүние маған қат емес. Сүйреп жүр мені әшейін, Өзім де білмес жат елес.

Әніңді қайтем сондағы, Тағдырым жастай қорлады. Қырыққа дейін қаңғырдым, Осы ма өмір оңғаны?

Алдады мені күн елес, Алдады мені түн елес. Адамға біткен қайғының, Алдында өмір түк емес.

Қойшы, ей, сен маған ән жазбай, Өзіңше күліп мәз болмай. Илеп те көріп бұл өмір, Осындай күнді жазды Аллай-ай.

Темекі шектім кеміріп, Кеткем жоқ одан семіріп. Насыбай болды атқаным, Өмірім содан өріліп.

Ей, құдай мені алшы енді, Көргім де келмес жалшы елді. Әніңді қайтем мен сенің, Мазамды алмай баршы енді. 1-желтоқсан, 2008-ж. *** Мен өлген соң өмірде не болады? Екінші өмір тіріліп, оңалады. Ай астында күн бермей қойған еді Зорлықшылдау тірліктің зобалаңы. Осы болып бәрібір қоғам әні, Ұмытылып пенденің тоба – мәні, Тірілерің жүрер-ау алшаң басып, Мұрынына жетпейтін орамалы. Пікір айтып мен жайлы қауым бір сәт, Игере алмай жатқанда дауын жұмсақ. Шынымен-ақ кетті ме, жоқ па әлі деп, Күн астынан қарайды-ау жауым күн сап.

Мендік өлең жазылмас – көңіл гүлім, Сезінбеспін я ауыр, жеңілдігін. Өзім барда тірлікке селт етпеген, Шуақ шашар екінші өмір – күнім. Мен өлген соң білмедім не боларын, Жай отындай жанам деп жобаладым. Бұтағымды тірлікте көгертем деп Несібемді теріп жеп домаладым. Мен өлген соң бірдеме болар ма екен, Әлде дүние көркейіп оңар ма екен? Баяғыдай байларың құдайсынып, Панасы жоқ кедейлер тоңар ма екен? Дұғасын да білмейтін кімге арнарын, Жайнамазға жылығар діндарларың. Дүние-боқ қу жанын қызықтырған, Жайлап жүрер байларға мұндар жанын. Имандыға беретін сеңсең сыртын, Тіршілікті жайлаған өңшең құлқын.

Құлқындардың құрдымға кеткен кезін, Өлген соң да бір келіп, көрсең шіркін!!

  1. ХІ. 2006 жыл.
  • * Өлең маған ғашық-ау, мен өлеңге, Ұқсаймыз ба Қыз Жібек – Төлегенге . Айнымайтын Отаным бала-шағам Шаңырағым да – жыр менің, керегем де.

Екеуміз де бүгін бір қалжырадық, Шатассақ та әзірге алжымадық. Өлең мені түсінбей, мен өлеңді. Екі жақта екеуміз зар жыладық.

Жол алған бұрынғы сал-серілерден, Алыстым түніменен Перілермен. Шешесіз ұйықтай алмас баладаймын, «Анаң осы» деп жырға телігеннен.

Қу дүние, неменені бұлдадыңдар, Анам жоқ, есесіне жырларым бар. Тіршілік, жанды жедің осыншама Жыр түсінбес жандарды ұрғаным бар.

Ү бөлім Дала аңыздары

  • * Шемен ойды қозғадым шерленген соң, Қалың қамыс секілді тербелген соң. Ағайындар мені де «Балаш» десін, Ие болса бопты да өлгеннен соң.

Балаш апа /баллада/

Жетім кемпір бір өзі қой бағатын, Жетім тамды жеті рет айналатын. Сырқыраған тізесін шандып байлап, Күбір-күбір сөйлейтін, ойланатын.

Шолақ өмір шолтитқан кемге налып, Тәтті қиял кететін демде жанып. Қойдың қиы қайнатқан тас құманнан, Бір шәйнек шәй өзіне демдеп алып.

Бетпе-бет кеп о дүние, Құдайменен, Отыратын өзгеше шырайменен Терезенің шынысы жылтырайтын Сынған жері сыланған лайменен.

Есіне алып көшкенін, өшкенін де, Жетілік шам жағатын кешке күнде. Сыртқа шығып қойлармен сөйлесетін, Байыз тауып отырмай бөстегінде. Соған қарап өлеңді өретінмін, Бір Аллаға, кемпірге сенетінмін. Тіршіліктен жылынар шуақ таппай, Мен-ақ жиі сол үйге келетінмін. Жетім кемпір, жетім ұл кемсендейміз, «Тас бауырлар айнала өңшең» дейміз. Біздер бірақ «тізімде» болмаған соң, Ағайынның нарқымен өлшенбейміз. Жұбататын біздерді аласа там, Бататын түн, ататын қаласа таң. Қоймен бірге ес көріп, қара көріп, Шай беретін маған да Балаш апам.

Қоржын тамға жиып ап бар қызығын, Көз жасымен тазалап ар-жүзігін. Жарым түнде сұңқылдап жоқтайтұғын, Жарық күнде жоғалған жалғыз ұлын. Күз күніндей бесікке сыз бөлейтін, Сондай шақта өткенін тізбелейтін. Жолғалған ұлы түгіл, беу дүние, Балашты да жан адам іздемейтін. Адастырған таусылмас ой түнегі, Ел біткен «Балаш жынды» дейтін еді. Ел не десе, о десін, бала кезден Табындырған кемпірдің кейпі мені. Аман қалған мүбәрак сірі күннен Машайықтың соңы еді тірі жүрген. О дүниеге кеткенде қайран кемпір, Айдалада жүріп – ақ ұлыдым мен.

  • * Солай, солай, Балаштың сыңарымын, Құран оқып, дем салған тұмарымын. Балаштікі -- қой еді, менде -- өлең. Жоқ болғанмен жан аға, ұғар інім.

Шемен ойды қозғадым шерленген соң, Қалың қамыс секілді тербелген соң. Ағайындар мені де «Балаш» десін, Ие болса бопты да өлгеннен соң.

Қазығұрт

Бабалардың ізінен «Алла» деп бір ерейін, Бүлкілдесін көмейім, Сөз маржанын терейін, Қатпар-қатпар тарихты, Зерделейін өрейін, Қойнауына ғасырдың Тереңдетіп енейін, Қазынасын Түріктің, Өлеңдетіп берейін,

Түркі жұрттың нұр шашқан Шуағына бөлейін. Көкбөріден тараған, Жаратылған даладан. Ұлы күштің иесін Көк тәңірі санаған, Қуат алған ғарыштан Ер түріктер аламан, Бұл даланың өздерін Қожасына санаған. Түркістанның іргесін Көктәңірі қалаған. Адамзаттың ұрпағы Түрік жұрты жайлаған Ен даладан тараған. Былай деді бар аңыз: Топан басып жер бетін, Ораныпты дала «мұз». Нұһ пайғамбар кемесі, Жалғыз аман қалқыпты. Ал тіршілік көктейтін Соған сенім артыпты. Адам Ата екінші Мақұлықты қос-қостан Кемесіне артыпты, Су бетімен сонан-соң, Тәуекел деп тартыпты. Ай астынан өшкенде Тіршіліктің елесі, Таулар біліп тұрыпты – Жер бетінің төресі, Қайда тоқтар Нұһ деген – Сыналатын жер осы! Дауласыпты тауларың Көрінгенде алыстан Пайғамбардың төбесі Бірақ бұған жетпепті Ешкімнің де өресі, Ұлы Алла жарлығы Таң қалдырып барлығын, Қазығұртқа тоқтапты, Нұһ пайғамбар кемесі! Осы айтылған сөздерге Тылсым ғасыр төреші. Ұлы Түрік елінің, Ұлы Түрік жерінің, Кіндігі осы Қазығұрт, Көктәңірі бөрінің. Жандырыпты қайтадан Тіршіліктің көрігін, Адам Ата екінші – Нұһ пайғамбар өзі еді, Қазығұртта көктеген Тіршіліктің өзегі. Топан суға қаптаған

Ғарық болған жер беті. Жарық болған ол кезде Қазығұрттың келбеті, Адамзатты қайтадан Қазығұрт тау тербетті. Су апаты жойылып, Адам қайта ер жетті. Адамзатқа тылсымнан Бақ орнатқан, Қазығұрт, Екінші Адам-Атаға Тақ орнатқан Қазығұрт, Ғайып Ерен, Шілтенді Самалдатқан Қазығұрт. Жаса, жаса Қазығұрт Жер бетінің киесі!!! Скифтер

Геродоттың аңызы, Жетелейді сан-саққа. Аңыз бірақ елдікі Айналмайтын жаңсаққа, Геракльдың әйгілі Жоғалыпты күлігі. Іздеп оны сабылып, Шайқалыпты тұнығы. Жетсе дағы Гилейге Таба алмапты ұрыны. Иесі боп Гилейдің Бір мақұлық жайлапты, Әйел басты ол неме, Найзағайды шайнапты, Жылан екен бөкесі, Соншалықты айбатты, Ал Геракль жасынан Батыр еді қайратты, Одан көзі таймапты. Жылан -- әйел дегенмен, Пайдаланып тылсымын, Жеңе алмапты Геракль Тағдырының қырсығын, Қанша амал етсе де Ұғына алмай қыр-сырын, Мақұлыққа бағынып, Сақтапты жан шымшығын. Бірге тұрып екеуі Өмір кешті тұшымды. Жылан-әйел әкелді, Дүниеге үш ұлды. Ең кенжесі ақылды, Оғлан екен пішімді. Скиф деген осы екен, Көтертпейтін мысыңды.

Ишпакайды скифтер, Патшамыз деп атаған Соғыспенен ол дағы Талай жерді отаған. Патша Ишпакай өлген соң, Тақ қалғанда атадан, Партатуа ие боп, Көгеріпті от аман. Қалған дейді бұдан соң Елдің ұстап байрағын, Бағындырып алыпты Кіші Азия аймағын, Кіріп аңыз дерекке, Осы жырды сыйладым, Атей патша тағы да Сайлап сардар, сайманын, Мына жағы Қап тауы Салған дейді ойранын. Осылайша Скифтер Қанат жайып, көктепті, Гректермен соғысып, Терін де аз төкпепті. Көп кешікпей гректер Етін отқа қақтаған Мына дала сөйлесе Әруақтар қаптаған, Олар да әсте өмірде Бір тыныштық таппаған. Тұмар ханым

Нені «айтпайды» Қаратау, Салып көрсең зердеге. «Қара шаңырақ» деп атап, Қадірлеген ел неге? Оның тылсым сыры бар. Шежіредей көмбеде. Қаратау аман тұрғанмен. Атақты Кир парсылық Сыймай кеткен жерге де, Сыймай жатыр көрге де. Замандарда есте жоқ, Сақтар мен Парсылар, Бірін-бірі тураған Қанға бөккен тағы да Көпті көрген қу далам, Даңқ құмарлық талайдың, Ақыл-есін улаған, Тақты аңсап көрмеген Патша әлі тумаған. Қаратаудың баурында Түрік, парсы соғысты, Құс орнына сол сәтте Көк аспанда оқ ұшты, Тұмарыма әруақтар

Жақтасты да, болысты, Томирис – Сақ патшасы, Қызды соғыс майданы, Ер қаруы бес қару Бойда түгел сайманы, Парсыларды талқандап Асырды қыз айланы, Менменсіген Кирді әкеп Пенде қылып байлады, Басын кесіп жауының Жеңіс тойын тойлады. «Қанға тоймай өттің» деп, «Енді маған жеттің» деп, Қыз ашуын шақырды, Кирдің басын алып кеп, Қара қанға батырды, Орындалды бар тілек Үміт жанды ақырғы. Тұмар ханның ерлігі Аңыз болды далада Қалып қойды қыз-патша Тарих атты санада. Кирдің басы қан толы Шайқатылды сабада. Таусылған ба қырқысы Мына жарық жалғанның, Қанға батып жүр әлі, Басы жауыз жандардың. Тумын қаған

Басын қосқан Ғұндардың Тумын деген ер еді, Әлі күнге өшпеген Ерлігі мен дерегі, Қиян-кескі шайқаста Дес бермеген өр еді, Қанға бөккен далада, Пайғамбармен тең еді. Тумын қаған батырдың Ашылмаған тереңі, Ен жайлаған ғұндарды Салтанатқа бөледі, Қытай – алып айдаһар Жер-дүниені жалмаған, Айналмаған қытайға Тайпалар да қалмаған, Ғұндарыңды жұтуға Талай жорық арнаған, Бірақ, жолы болмаған, Ақылды ісі Тумынның Бұлтты ысырып торлаған, Күннің нұрын себелеп, Ер түрікті қолдаған, Қытай үшін бұл кезең

Апат болып сорлады, Сондықтан да салынған Ұлы қытай қорғаны. Бабаларға мың алғыс Айтар бүгін орманы, Пәлекеттен бабалар Өз ұрпағын қорғады. Тумын көшкен айлаға Жауға толы айнала. Күн ханшасы Қытайдың Бекзаттарға сай ғана, Тумын соған үйленді Саясатты ойлана. Құда болып Қытаймен, Алыстады қан-қырғын. Үміт тағы көктеді Нөсерінде жаңбырдың. Тумын – бізге сыйлаған Бақыты еді тағдырдың. Үйсін, Қаңлы бұл кезде, Отау құрған ел болып. Бірі аға, іні боп, Бірі жаға, жең болып. Бірақ Тумын қағанға Тумас ешкім тең болып, Қалған Тумын ерлігі Тарихта алтын мөр болып. АТИЛЛА /ЕДІЛ/ IV-V ғасырлар

Айбыны асқан Атилла, Қыпшақтарды ел еткен, Көшпенділер көсемі, Керегесін кең еткен. Еуропаны шаңдатқан, Ашылмаған сыр қалды, Бағындырған өзіне, Кавказ бенен Бұлғарды, Атиллаға қарап ап Біліп ал, ұрпақ, тұлғаңды. Еуропада Римнің Қан қылышы ойнаған, Атиллаға жансыздар Қысастығын ойлаған, Қаннан өзен ақса да Бұл қара жер тоймаған, Дес бермейтін Римді Ер Атилла жайлаған.

Көшпенділер көсемі, Қыпшақтардың данасы, Куә болған бәріне Қаталауын даласы, Менменсіген батыстың Келмейді емес шамасы, Ғалымдардың әлі де Бар осыған таласы Атилласыз елімнің Жазылмаған жарасы. Ер Атилла шынында Өр мінезді болса да, Сенгіш екен кісіге, Жанында өрт жанса да. Халықпен бірге күн кешіп Бола білген панасы, Ер Еділге бас иер Бүкіл қыпшақ баласы. Атилламен толыққан Түркістанның санасы. Қорқыт VIII – IX ғасырлар

Дәдәм Қорқыт, киелім, Қаным менен сүйегім, Сол заманда ағыттың Қобызыңнын тиегін. Қорқыт баба, асылым, Қара қобызғасырым. Жер әлемді тербеткен Күйлерің мен машығың. Қорқыт баба – қобызым, Қазақ, қырғыз, өзбегім, Бүкіл түрік, оғызым, Келе жатқан ілкіден, Жасауланған тоғызым. Қорқыт баба –шежірем, Ер Түріктің өзі ме ең, Рух жолын таңдасам. Өзіңменен кезігем. Түркістандай өлкенің, Қарашығы, көзі ме ең?! Түрік еткен Түрікті Қобызың мен өзің ең. Қобыз болып аңыраған, Даланы жау жалмаған, Бақсылардың атасы – Қорқыт қобыз толғаған, Тар жол тайғақ кешуде Сен едің жол жалғаған, Көктәңірін шақырып, Қобызың да сарнаған, Пірлер қолдап күйіңді,

Тастап жаттың арнадан. Сенің үнің естілер Түрік деген қосыннан, Еділ –Жайық еңкілдеп Еңіреп кеп қосылған, Сыр жағалап ел көшіп, Төңірекке жосылған, Қорқыт баба алдында Перғауын да тосылған. Ары тартқан қылқобыз, Бері тартқан қылқобыз, Заманалар көшінен Желі тарқан қылқобыз, Қорқыт баба қалғыса, Пері тартқан қылқобыз, Көктәңірі дем беріп Бөрі тартқан қылқобыз, Қорқыт болып тағы да Сері тартқан қылқобыз, Қаратаудың адуын Желі тартқан қылқобыз, Пірі сенсің Түріктің, Бірі сенсің қырықтың, Күйіңмен –ақ сан қырлы Қас жауларды іріттің. Қобыз – күйдің бұлағы, Ен даланың құлағы, Түмен баптар шырағы, Даламыздың ұлы әні, Қорқыт ата қобызбен Күйін тартып тұр әлі.

ӘБУ НАСЫР ӘЛ-ФАРАБИ (870-950 ж.ж.) Дүниенің тылсымын, Қара жердің ұршығын, Ұқтырдың-ау пендеге, Көк аспан мен Күн сырын. Бүкіл әлем бас иген, Асыл текті шыншылым. Жетпіс тілді меңгерген, Жетпіс түрлі ел көрген, Расытханаң әлемнің Асылымен тең келген. Ғазиза жырлар әуенге, Сағынышы зерленген Ордалы Ойдың бабасы, Отырардың баласы, Жер бетінің ұстазы, Адамзаттың данасы. Думандатқан бүгінгі Түркістанға қарашы! Сен болмасаң,бізді ешкім Елемеген шамасы Ғұламаны алымды Тербеп жатқан Түркістан, Азияда айдарлы Көлбеп жатқан Түркістан, Тойын тойлап бүгінде Ерлеп жатқан Түркістан.

Әлқисса, музыка тілін терең меңгерген Әл-Фараби сазды (мелодияны) қағазға түсіру үшін таңбалар ойлап тапқан дейтін сөз бар. Бұл – бүгінгі музыкада қолданылып жүрген жеті нота – до, ре, ми, фа, соль, ля, си. ҚОЖА АХМЕТ ИАСАУИ- (ХІ ғасырдың екінші жартысында туған) Нұры жауған Алланың Әзіреті Сұлтаным, Мүшірікке бас болған, Ұлы Пірім, сұнқарым Көзін ашқан жәһілдің «Дафтар сәни»-- нұр таңым Түркістанның тұмары, Сахауатты іңкәрім. «Меккеде бар Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет», Деп айтады ел бүгін. Дүниенің сақтаған, Қожа Ахмет теңдігін, Арыстан баб әулие Аманаты тапсырған, Терге көміп терлігін.

Әлқиса, Мұхаммед пайғамбар Түркістанда Әзіреті Сұлтанның туылатынын күні бұрын біліп отырыпты. Қайтыс боларының алдында сахабаларын жинап, «Түркістанда сондай бір адам дүниеге келеді, оған менің өмірім жетпейді, бірақ сол адамға менің аманатым бар еді. Соны кім тапсырады?» депті. Сонда Арыстан баб тұрып, «Мен тапсырайын» деп, Пайғамбардың аманатын – құрмасын алыпты. Сонымен құрманы Арыстан баб жүздеген жылдар бойы тілінің астында сақтапты. Айтпақшы, Арыстан баб, «Мен аманатты берермін-ау, бірақ оны қалай танимын?» деп сұраған ғой. Пайғамбар, «оған саспаңыз, аманатты балаңыз өзі келіп алады» деп жауап беріпті. Сонымен күндердің күнінде Арыстан бабқа бір бала келіп, «Ата, аманатымды беріңіз» деген екен. Арыстан баб тілінің астындағы құрманы алып беріпті, сөйтсе құрманың құры сүйегі қалған екен. Бала құрма сүйегін алып жүре беріпті. Арыстан баб, «сонша жыл сақтағанымда, ең болмаса ризалық та білдірмеді-ау» деп ойлап қалыпты. Іле-шала артына бұрылған бала, «Ата, бұл аманаттың бар маңызы Сізде қалды, маған сүйегін ғана бердіңіз ғой» деген екен. Міне, осыдан кейін зиярат ететін ел алдымен Арыстан бабқа түнеп, содан кейін Қожа Ахметтен тілейді екен.

Нұрсұлтанның отаны, Арқыраған Түркістан, Иасауи боп әлемге Жарқыраған Түркістан, Бұлбұл ұшып бағынан Бал құлаған, Түркістан, Жетті біздей ұрпаққа Салтың аман, Түркістан, Басын иді бүгінде Жарты ғалам Түркістан! КЕТБҰҒА (шамамен 1150-1230 жылдар) Шыңғыс ханмен замандас Түріктің ұлы абыздарының бірі. Шыңғыс ханның көмекшісі деп те айтылады.

«Айналайын Ақ Жайық, Ат салмай өтер күн қайда? Кетбұғадай билерден Кеңес сұрар күн қайда?» Доспанбет жырау осылай Бүгін тағы жырлай ма, Айналған ғұмыр ұршықтай Бір орнында тұрмайды, ә. Ғасырлар қалған бұлдырап, Қаратау қолын бұлғай ма, Әнімді айттым көкке де, Жырымды айттым ырғайға, Кетбұға Абыз қайда деп, Сырымды айттым сырнайға. Жердің жүзін билеген, Шыңғысқа пенде жақпаған, Қаратауға келгенде Кетбұғаға тоқтаған. Кетбұғадай дананың Сөздерін де жаттаған, Тілегін де ақтаған, Содан кейін болыпты Тұғыр да аман, тақ та аман.

Құлан ауып белдерден Аң аулаған Жошыхан, Киеліге жолығып Ұлы дала шошыған, Өлігінен құланның, Тау менен тас сасыған. Сырттанға бірде жолықты Жошы ханың тасыған, Ажал келіп кенеттен Өмір өтті басынан, Шыңғыс ханға айтуға, Кімнің дәті барады Тәуекел деп осыған. Қазасына Жошының, Ұлы дала шыдай ма, Баһадүрдің өлгені Шыңғысханға ұнай ма?

Кім естіртер оны енді, Тәуекел деп құдайға, Толғаныпты Кетбұға Батып күні, түні ойға... «Теңіз бастан былғанды, Кім тындырар а, ханым, Терек түптен жығылды, Кім тұрғызар, а, ханым!» Деп бастаған Кетбұға, Домбырамен мақамын, Азалы күй тартыпты, Желбіретіп сақалын. Домбырадан күй борап, Шайқапты хан отанын, Көк жүзінде құс ұшпай, Аң таптапты жатағын. Жошыханның өлімін, Естіртіпті күйменен, Күйдің зарлы дауысы Ен даланы илеген, Шыңғыс ханның жүрегін Осындай оқ түйреген...

*** Өлең жаздым өрелеп, Өзің желеп-жебе деп, Түркістаным керемет! Жыраулар мен хандардың, Асылы сен, Түркістан, Мағжандардың, Қасымның Ғашығы сен Түркістан, Нұрсұлтан боп телегей Тасыды сең, Түркістан. Түркістан Ордабасы ордалы, Темірланның жерінде, Қозы ойнаған көгінде, Лағы тасқа секіріп, Қариясы отыр төрінде, Қыран ұшқан өрінде, Бұлақ аққан белінде. Ордаң осы сенің де, Ордам осы менің де. «Елімайлап» қазағым Қаратаудан құлаған, Майдандағы батырдың Қарындасы жылаған, Ұлы баба -- билерім Алладан медет сұраған, Қылышынан жоңғардың Талай шаңырақ құлаған Қалуы үшін діл аман,

Қалуы үшін дін аман, Қалуы үшін тіл аман, Ел жиналып ордаға Үш жүз басын құраған, Осы тауда бар қазақ Шын елдігін сынаған. Әлібекұлы Төле би Сөзін айтқан салмақты Қаз дауысты Қазыбек Бар тілегін арнапты, Асыл текті Әйтеке, Уәлі сөз жалғапты, Сауын айтып ұлы ел, Жоспар құрды жан-жақты. Бабаларға ас беріп, Абыз жырын арнапты Әбілқайыр бас болып, Талқандапты қалмақты, Ордабасы ордалы Қазақ жұртын қорғапты. Ұлы билер сол таудан Елге деген сөздерін, Болашаққа жолдапты. Дәл үш ғасыр өткенде, Осынау алтын бөктерге, Мамыражай көктемде, Аспаннан нөсер төккенде, Назарбаев Нұрсұлтан Туын тікті көк белге. Ордабасы түледі, Аунап түсті сол жолы Бабалардың сүйегі, Уылжыды сол жылы Қарт тарихтың жүрегі . Қобызымен Қорқыттың Кірді дала реңі, Қайта жанды Түркістан Бұл даланың тірегі, Шәмші әніне айналды, Бал қыздардың гүл өңі, Менде сонда жырладым, Бата беріп Ғұн елі, Басын қосты тағы да, Түркістанның түмені! Дәл сол кезде басталған Түркістанның той жыры, Тұрды қолға ту ұстап, Нұрсұлтандай ойлы ұлы, Түгел аунап жатқандай, Ер Түріктің ой-қыры.

*** Әзіреті Қаратау Шаңырағы Тұранның,

Шоқылары ербиген, Құлағындай құланның, Ежелден-ақ куәсі Елді жұтқан лаңның, Әзіреті Қаратау, Ұлы ұясы қыранның Түркі халқы үшін де Аятындай құранның, Әзіреті Қаратау Бауырыңда құралдым. Сыр жағалап ел көшіп, Төңірекке жосылған, Еділ-Жайық еңкілдеп, Еңіреп кеп қосылған, Қорқыт баба алдында Перғауын да тосылған, Қобыз үні естілер «Түрік» деген қосыннан. Ары тартқан қылқобыз Бері тартқан қылқобыз Зманалар көшінен Желі тартқан қылқобыз, Қорқыт баба қалғыса, Пері тартқан қылқобыз Көк тәңірі дем беріп, Бөрі тартқан қылқобыз Қорқыт болып әуелде Сері тартқан қылқобыз Қаратаудың адуын Желі тартқан қылқобыз Түркістанның бүгінгі Елі тартқан қылқобыз Төрт қақпалы Түркістан Құбылаңды түгелде, Арыстан баб әулие Тірек болған түменге, Қожа Ахмет Иасауи Пір боп келген бұл елге Түркістанды ойласам, Оғыз еске келеді, Осы өлеңнің соңынан Бүкіл рух ереді, Осы өлеңнен табылар Түркістанның дерегі Осы өлең көркейтер Қараны да, төрені, Түркістанға байланған, Төрт құбыла себебі. Иасауидің тұмарын Маған берер Түркістан, Төрткүл дүние дөңгелеп Саған келер, Түркістан, Тойға бүгін тай мініп Балаң келер Түркістан Түгелдеуге Түрікті,

Шамаң келер Түркістан! Ақ таяққа таянып, Бабаң келер, Түркістан, Ақ жаулықты жамылып, Анаң келер, Түркістан, Болашаққа бағаңды Данаң берер, Түркістан! «Қазіргі қазақ поэзиясы» Әбілда Аймақ

НАЗҚОҢЫР

Өлеңдер мен балладалар Редактор Сәндібек Жұбаниязов Техникалық редактор Зайра Бошанова Көркемдеуші редактор Бейсен Серікбай Компьютерде беттеген Мәншүк Шелекбаева

ИБ № 7064

Теруге 20.09.2009 жіберілді. Басуға 28.10.2009 қол қойылды. Қалыбы 84х100 1/32. Офсетті басылыс. Қаріп түрі «Тип-таймс». Баспа табағы 10.0 Шартты баспа табағы 7.8. Таралымы 2000 дана. Тапсырыс № 150 Қазақстан Республикасы «Жазушы» баспасы, 050009 Алматы қаласы, Абай даңғылы, 143-үй ЖШС «Курсив»

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙