Майқы би мен Мөңке бидің шешендік сөздері
Майқы би
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Майқы би мен Мөңке бидің шешендік сөздері — қазақтың дәстүрлі билер сөз өнерінің үлгілері. Бұл мұраларда әділдік, бірлік, ел басқару және адамгершілік туралы терең ойлар нақыл сөздер мен көркем пайым арқылы жеткізіледі. Шешендік сөздер қазақ халқының құқықтық ойы мен рухани мәдениетін таныстырып,...
Мөңке бидің шешендік сөздері
Төрт Тентек
Мөңке бидің бала кезінде бір бай жоқ сұрау үшін көш алдында келе жатып, ауылдың жанында асық ойнап жатқан бір топ балаға жолығыпты. Балалардың бірі байдың атын үркітеді. Оған бай ашуланып, әлгі баланы қуалайды. Байдың мінгені асау байтал екен, баланың желбіреген көйлегінен үркіп мөңкиді. Мөңкіп жүргенде байдың басынан бөркі ұшып түседі. Байтал одан бетер тулап, байды жығып кетеді, бай қаза табады. Сонан кейін байдың тумалары және елінің игі жақсылары жиналып келіп, балалардың елінен құн сұрайды. Екі ел келісе алмай, кеңес бірнеше күнге созылады. Мөңке сол ауылдың баласы екен, жиналған көпке келіп, Мөңке бала былай депті: «Иә, ағалар-билер, сіздер бұл кеңесті тым ұзаққа создыңыздар ғой және бір шешімге келе алмадыңыздар. Осының билігін маған берсеңіздер, мен тез бітірер едім», – депті. Көпшілік баланың ықыласына риза болып, бірауыздан: «Билікті бердік, ал айта ғой», – десіпті. Сонда Мөңке бала былай депті: «Бұл шалдың өліміне кінәлі ел емес, тентек. Ал мұнда тентек – төртеу. Меніңше, сол төрт тентек құнды бөліп төлейтін болсын және ердің құны жүз жылқы болсын», – депті. Сонда Мөңке бала: «Бірінші, мың жылқыдан бір жуас ат таба алмағандай, асау байталға мінген және елде адам құрығандай асық ойнаған балалардан жөн сұраған бай тентек; екінші, адам көрмей жүргендей, баладан үркіп тулап, байды жығып өлтірген байтал тентек; үшінші, ұшып түскен бөрік тентек; төртінші байталды үркіткен бала тентек. Мінеки, осы төртеу құнды бөліп төлейтін болсын», – депті. Осы билікке екі жағы да разы болып, балалардың ауылы құнның төрт бөлігінің бірі – жиырма бес жылқы төлеп құтылыпты. Мөңке баланың би болуына осы билік басты себеп болыпты.
Майқы бидің шешендік сөздері
Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,
Төртеу түгел болса, төбедегі келеді.
Ханның биі ақылды болса,
Қара жерден кеме жүргізеді.
Би екеу болса, дау төртеу болады.
Дауыл болмай жауын болмас,
Даулы болған қауым болмас.
Егіз ешкі сауын болмас,
Екі жалқау ауыл болмас.
Естіге айтқан тура сөз,
Шыңға тіккен тумен тең.
Есерге айтқан тура сөз,
Құмға сіңген сумен тең.
Ақиық қыран қартайса,
Жас жағалтайдан тепкі жейді.
Парақор биге ісің түспесін,
Сараң үйге кісің түспесін.
«Кімнен кім туады?»
деген сұраққа Майқы би былай деп жауап берген екен:
“ Тұлпардан тұлпар туады,
Сұңқардан сұнқар туады,
Асылдан асыл туады,
Жалқаудан масыл туады,
Масылдан мал бақпас туады,
Тілазардан қылжақбас туады,
Таздан жарғақбас туады,
Сараңнан бермес туады,
Соқырдан көрмес туады,
Мылжыңнан езбе туады,
Қыдырмадан кезбе туады.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру