Алаш үшін жүрегін алау еткен
М. Халиолла
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Алаш үшін жүрегін алау еткен. М. Халиолла
Алаш үшін жүрегін алау еткен
Қазақта жігіт сұлтанын көкке көтеріп мақтағанда толғауы тоқсан қызыл тілдің бар жеткен жері сегіз қырлы, бір сырлы теңеуі. Алаштың ардагері атанған Әлихан Бөкейханов сынды дарабозға осы теңеудің өзі олқы соғады. Ол сан ғасырлар ішкі, сыртқы жауларымен арыстандай алысып, жолбарыстай жұлқысқан қазақ халқының азаттық, тәуелсіздігі жолында ғазіз басын, ғаріп басын бәйгіге тіккен жаужүрек күрескер көсем. Тар жол, тайғақ кешулерде қасқайып сөз бастаған серке саясаткер, замана тынысын шипагердей тап басып айыра білген жас баладай аңғал халқының назарын көпті толғандырған көкейкесті мәселелерге аудара білген, сол жолда алмастай өткір қаламын найзадай берік ұстаған публицист қаламгер-журналист, (Әлекең анкетінде мамандығын журналист деп көрсеткен), елінің болашағы, тағдыры қандай кәсіпке байланысты өркендейтінін білгірлікпен болжаған ғалым-экономист, қазақ халқының тарихын саясат емес, нағыз ғылым ретінде саралаған тарихшы, ұлттың жаны - тілін, ділін, дінін, салтдәстүрін пәруана болып қорғаған этнограф, ауыз әдебиетінің асыл қазынасына тереңдеп бойлаған фольклорист, сол заманда қазақ санасының шырқау биігі болған ұлы Абайды өз халқына ғана емес, өзге жұртқа да тұңғыш таныстырған ең бірінші абайтанушы, ислам дінін қазақтың ата-баба дәстүрімен орайластыра түсіндіре білген дін танушы, әдебиет әлеміне сыншы ретінде араласушы, орыс, Еуропа жазушыларының, ғалымдарының шығармаларын тәржімалап, ұлтымыздың қажетіне жаратушы аудармашы, байлыққа, байлық арқылы жиналған бедел, мансапқа бас имеген, қызықпаған, адамды бай, кедей деп емес, ақылына, өнеріне, біліміне, адамгершілік қасиеттеріне қарап бағалап, ұлт мүддесін тап мүддесінен жоғары қоя білген, барша адамзатты ізгілікке шақырған дарқан жүректі біртуар, дара тұлға, еңсесі биік, санасы сергек, ақылы асқар дана адам, елін, жерін, Отанын елжіретіп те, жалындап та сүйген еңіреген ер болған еді. Біздің Әлекеңе берген осы бағамыздың артығы жоқтығын өз замандастарының лебізімен дәлелдеп көрейік. Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып, күн болуды армандаған, жастай дүниеден өткен көрнекті ақынымыз Сұлтан-Махмұт Торайғыровтың мына бір өлең жодары Алаштың Әлекеңе арнаған мөлдір махаббатындай: Ешкімнің Әлиханға бар ма сөзі, Демейді қандай қазақ оны оң көзі. Семей тұрсын, жеті облыс бар қазақтан, Талассыз жеке дара тұр ғой өзі... Заманда басқан аяқ кері кеткен, Жасымай Алашына қызмет еткен. Болса да қалың тұман, қараңғы түн, Туатын бақ жұлдызына көзі жеткен. ... Басында ол қарағым тұр ғой дайын, Тек ұзақ өмір берсін бір құдайым. Дулатов, Байтұрсынов, Бөкейханов, Білемін бұл үш ердің айтпай жайын. Кешегі қара түнде болмап па еді: Бірі күн, бірі Шолпан, бірі Айым! Солардан басқа кеше кім бар еді? Қазақ үшін шам қылған жүрек майын... Енді Әлекеңнің өмір қосқан, тағдыр табыстырған үзеңгілес серігі, мақсаттары бір нүктеде тоғысқан алғадай ерлердің бірі Ахмет Байтұрсыновтың Әлекеңе арнаған «Досыма» деген өлеңінің бір шумағын тындап көрейік: Қырағы, қия жазбас, сұңқарым-ай! Қажымас қашық жолға тұлпарым-ай! Үйілген өлексені өрге сүйреп, Шығармақ қыр басына, іңкәрім-ай! Әлекеңнің талантты ізбасарларының бірі, Алашорда үкіметінің белді мүшесі, кейін Қырғыз (қазақ) автономиялық республикасын құру және оның шекарасы мен өзіндік ерекшеліктерін белгілеуде зор еңбек сіңірген Әлімхан Ермеков те бір әңгіме үстінде мынандай жылы лебіз білдірген екен: «Ол кісі Санкт-Петербург орман техникалық институтының экономика факультетін тәмамдаған. Заң факультетіне Ленинмен бірге экстернат болып емтихан тапсырған. Шет елдердің тоғыз тілінде еркін сөйлеп, жаза білетін, дей келіп, - Тоқырауын өзені Балқашқа бірде құйып, бірде құймайды ғой (қардың түсуіне қарай), сол сияқты Алаш үкіметінің бар мүшесінің ақыл-ойы сол Тоқырауын өзеніндей, ал Әлекең Балқаш көліндей дария еді ғой» деп баға берген екен. (Қ. Мәкенбаев, Қ.Сәдуақасов «Әлімхан Ермеков» Жезқазған қаласы, 1992 жыл). Әлекеңнің інісі Смаханның «Әлекеңнің өмірі» атты естелігінде де («Жұлдыз» журналы №3 1996 жыл) және «Жұлдыздың» 2003 жылғы үшінші санындағы «Әлекеңнің әулеті» атты шежіре деректерінде де ардақты ағасына жүрегі елжірей отырып берген бағасы көңіл аударарлық. Смекең аяулы ағасын еске алғанда «Әлекең байшыл адам емес, жанның бәрін бірдей көреді. Ешкімнен ешнәрсе алайын демейді, пара алмайды. Қазақтың қамын жеген сорлы, тілеуі қабыл болмай Есенгелді, Саржан, Кенесары, Наурызбайдай арманда кетті, қайтейін! Дүние жалғанда шаһит, қиямет танда Алла, ел үшін өліпсің, туған адам өлмек, жау қолында шәһит болыпсың! Дүниеден кеттің арманда, армансыз кім бар жалғанда, топырағын торқа ғып, рақым айла қалғанда...» деп тебіренеді. Әлихан Бөкейханов 1866 жылы Семей губерниясы Қарқаралы уезі, Тоқырауын болысы 7-ауылда (қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының жерінде) дүниеге келген. (Бұрын туған жылы 1866, 1867, 1869, 1871 болып әр түрлі жазылып жүрген. Кейін Омбы мұражайынан сенімді құжаттар табылып, туған жылы күмәнсіз анықталған). Әлекеңнің шыққан тегі сонау Шыңғысханнан басталады. Шәкәрім Құдайбердіұлының шежіресінде: «Бөкей ханның тоғыз баласы болған. Олар: Шыңғыс, Есім, Уәлі, Тәуке, Батыр, Сұлтанғазы, Абылғазы, Көксал, Әбілмәмбет. Осында айтылған Батырдың бір баласы Мырзатай, оның бір баласы Нұрмұхамбет, оның бір баласы Әлихан Бөкейханов. («Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» Орынбор. 1911 жыл.83 бет).Орта жүздің екі ханының бірі Уәлі хан (Шоқанның атасы), екіншісі Бөкей хан. (Патша өкіметі қазақ хандығын әлсірету үшін осылайша бөлшектеген. Кейін хандықты біржолата жойып, аға сүлтандықты негіздеген). Бөкейхан-Барақсұлтанның ұлы. Әбілқайырханды өлтіріп, Көкжал Барақ атанған. Әлекеңнің әкесі Нұрмұхамет ел ішінде мықан төре дейді. Анасы Бегжан Бегім ханым Тобықты Мамай батырдың Жолбарыс атты ұлынан туған Дулат батырдың қызы. Смаханның естелігінде Әлиханның балалық, жастық шағынан біраз мәлімет берілген. «Алты жасқа дейін тілі шықпаған. Балуан, аусар, теріс бұтақ қисық, көнбейтін. Бақсы, балгер, құмалақшы көрсе өтірік айтады» деп қуады. Бақсы «Әлихан келсе, жын қашады» дейді екен. Зорлықшы баланы сабап, жетімжесірге жаны ашып, әлсізге көмектесуге дайын тұрады екен. Аң аулағанда бүркіт ұша алмайтын қызыл шұнақ аязда тоңбайды екен. Жеті жасында Қарқаралыда Зариев деген татар молдадан тіл сындырады. Үш кластық орысша мектепке өз бетімен ауысып алады. Одан әрі үш жылдық училищені тәмамдайды. Білімқұмар жас 1888 жылы Омбы техникалық училищесін, 1894 жылы Санкт-Петербург орман техникалық институтының экономика факультетін бітіреді. Оқуын аяқтап Омбыға оралғанда Ә.Бөкейханов Ресей империясының отаршылдық саясатына деген өзіндік көзқарасы қалыптасқан, марксизмнің экономикалық қағидаларымен қаруланған, саяси астыртын күрестің түрлері мен әдістерін үйренген біршама тәжірибесі бар саяси күрескер еді. Студент кезінде-ақ сенімсіздердің қара тізіміне ілінген Әлихан алдымен Семей түрмесіне түседі, одан Самар қаласына жер аударылады. 1906 жылы жер аудару мерзімі бітіп, Орынборға келісімен қаланың қоғамдық, саяси өміріне белсене араласып, журналистік қызметін қазақ елінің азаматтығы жолындағы күреске біржола бағыттайды. «Қазақ» газетін шығарушылардың және белсенді авторларының бірі болып Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтармен рухани табысып, өз өмірін қараңғылықта қамалып, отаршылардың қанауында езіліп, жаншылған қазақ халқын оятуға бар білімін, күш-жігерін, ақыл-ойын арнайды. Атақты «Қарқаралы петициясын» жазушылардың бірі болып, патшаның отаршылдық саясатын ашық әшкерелейді. Жоғарыда айтқанымыздай, Әлекеңнің бойындағы асыл қасиеттерінің бір саласы -ғалымдығы еді. Ол саяси күресті басты бағыт етіп ұстай жүріп, өз халқының сауатын ашуды, санасын оятуды, рухын тындауды бір сәт те естен шығармады. Өзінің өткенін білмеген халық болашағына селқос қарайтынын ол өзгелерден гөрі жақсы түсінді. Ғылыми еңбектерін осы бағытта өрістетті. 1903 жылы жазған «Қазақ өлкесінің тарихи тағдыры және мәдени өркені» атты еңбегінде қазақ жерінің мың жылдық тарихы қозғалды. Автор сонау Геродоттан қозғап, қытай, ұйғыр деректеріне, көптеген оқымыстылардың еңбектеріне сүйене отырып, көне ғұн, үйсін, арғын, найман, керей, алшын руларының тарихын, тағдырын сөз етеді. Монғол, қалмақ шапқыншылығы, қазақ хандығының құрылуы, орыс отаршылдығы, «қазақ» этнонимінің қалайша «қырғыз» болып бұрмаланғанын ашып көрсетеді. Қазақтың орыс, қытай, қалмақпен қарым-қатынасының тарихын баяндайды. Отарлау саясатының ішмерез құйтырқылығының сырын ашады. Патшаның қанды саясатынан қаймықпай тарихи шындықты жария етеді. Әлекең 1910 жылы орыс тілінде жарық көрген «Қазақтар» (орысшасында сол кездегі атау бойынша «киргизы» деп берілген» деген зерттеу еңбегінде қазақтардың Ресей бодандығына үшырауы, орыс қара шекпенділерінің құнарлы жерлерге орналасып алып, қазақтарды шөл, шөлейт, жерлерге ығыстыруы, қазақтардың атамекенінде біртіндеп азшылыққа ұшырауы, езіліп, жаншылып, қорлық, зорлық көрген қазақтар арасында «орыстан досың болса, қойныңда айбалтаң болсын», «орыс келді қасқыр келді» деген мақалдардың тууына не себеп болғанын жасырып, жалтақтамай турашылдықпен айтады. Отаршылардың мұсылмандарды шоқындырмақ болған арсыз саясатын, қазақтардың сайлау құқынан айырылуын, арабша хат танитындардың сауатсыздар саналғанын бұлтартпас мысалдармен дәлелдейді. Қазақ жерін ешбір ғылыми агрономиялық шараларсыз онды-солды жырту эрозияға ұшыратып, құнарсыздандыратын Әлекең сол кезде-ақ айтқан ғой. Ол заман тұрсын кеңес үкіметі тұсында да оған мән беретін адам болмай Қазақстанның көп жері пайдалануға жарамсыз болып қалғанын көріп отырмыз. 1908 жылы жазылған «Дала өлкесінің түпкіріндегі орыс қоныстары» деген еңбегінде де Әлекең жерді қалай пайдалану жөнінде ғылыми түсінік берген еді. Қазақ халқын өзінің дәстүрлі кәсібінен мап шаруашылығынан айырудың зардабы қандай қайғылы жағдайларға ұшырататынын терең ойлы ғалым сол кезде дабыл қағып айтқан болатын. 1904 жылы Том қаласында баспадан шыққан «Дала өлкедегі қой шаруашылығы» атты еңбегі - тұтас энциклопедиялық зерттеу. Әлекең қой шаруашылығының қыр-сырын жан-жақты талдап баяндап, біздің Қарағанды облысының аумағындағы «Қарқаралы, Қарақуыс, Едірей, Қу, Баянауыл тауын Бесқазылық дейді. Бұл мал кіндігі. Қойға бұлардан артық жайлы жер дүниеде жоқ десе де болады. Мұнда 150 жыл отырып, мал тәрбиелеп бақпай, былғары заводына кірісу түйені мұзға жетелеу» деп түйіндеді. Мал тұқымын асылдандыру, қол өнерімен шұғылдану жайы да ұмыт қалмайды. Патша саясаты бойынша «мал шаруашылығын тіршілік үшін ұстап жүрген жұрт 15-тен (десятина) жер алса, үлкен аяққа тар етік киген болады. Біз, қазақ-ау, 15-тен жер алмай тұрып, жан-жағыңа қара дейтініміз, қазақ 15-тен жер алып, осы алақандай жерге мал бақпақ, бұған мал бағылмайды» деп жан дауысы шыққан Әлекеңнің осы еңбектерін асфальтта өскендер оқыса, жер сатуда адасқан пікірлерінен қайтып, халықтан кешірім сұрар ма еді деп ойлайсың. Жер мәселесі Әлекеңнің ең бір жанды жеріне тиетін, жүрегіндегі шері, уайым-қайғысы, асыл арманы деген жөн. Шынында жерсіз елдің келешегі жоқ, өзінен өзі құрып, тозып, жоғалатынын туған жерімен кіндігі бір Әлекең әбден түсінген. Патша өкіметінің қазақтың бұрынғы ел билеу тәртібін сонау хандықтан бастап жойып, сайлау, партия арқылы іштей араздастырып күндес етіп, мансапқорлық ауруын егіп, жалпы қазақ психологиясын өзгертіп, бұрынғы айтқан сөзде тұратын, «уағда құдай аты» дейтін ер мінезді қазақтың күні үшін елін, жерін, ата-бабасының салт-дәстүрін, тілін, дінін, тарихын тәрк ететін қуыс кеуде бишара міскінге айналдыруды мақсат ететінін әрбір мақала, зерттеуінде түсінікті тілмен, кейде жеңіл юмор, кейде ащы сарказммен ашына, күйіне айтқыш журналистік шеберлігіне тәнті боласыз. Кейбір «ел үшін жаным пида» деп жүріп, үй айнала, бел аса бере сатып кететін «көкектердің» ұрығы сол кезде төгілгеніне, содан өсіп-өніп, енді олармен күрестің жауға шапқандай қиындап кеткеніне қинала-қинала көзіңіз жеткендей болады. Бүгінгі арқалы да арынды ақынымыз Иран-Ғайыптың Абай атасына «Сен мыңмен жалғыз алыссаң, мен миллионмен алысып жүрмін» деуінің өзінде шымырлаған шындық жатқанына көңіліңіз шүбәсіз сенеді! Кенесары хан өмірінің соңғы күндеріне арналған «Материалы к истории султана Кенесары Касымова» (Ташкент, 1923 г). атты еңбегінің құндылығы сол кезде жасы 95-ке келген қырғыз Қалығұл Әлібековтың өз аузынан жазып алғандығында, көз көрген адамның сөзінің шындығында. Жалпы Әлекең орыс заңына бас июді де, ескі шариғат заңына табынуды да қостамайды. «Орысшасы иттің жорғасындай» (Әлихан сөзі) жас болыстарды да ұнатпайды. Ел ішінен шыққан әр рудың сөзін ұстайтын билердің әділ болуын қалайды. Ә.Бөкейханов орыс және дүние жүзі халықтарының әдебиеті, мәдениеті, ғылымынан барынша хабардар, кіммен болса да терезесі тең түсетін эрудициясы жоғары ғалым болғандықтан қай мәселеде қалам тербетсе де түбірлеп,, дәлелдеп жазады. Өз пікірін жеткізуді қазақтың шешендік өнеріне сүйеніп, мақалдап, мәтелдеп, ұшқыр, қанатты сөздерді түйдектеп пайдаланып, оқушы, тындаушыны өзіне тартып, баурап әкетеді. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін тудырған қазақтан қара жұмысқа адам алу мәселесінде Ә.Бөкейханов бастаған ұлттық-демократиялық интеллигенция өкілдері қазақ жігіттерін майданға жіберуді кешеуілдетудің жолын іздестіруді, тіпті болмағанда қарусыз, қамсыз отырған бейбіт елді сақтау үшін жігіттердің қара жұмысқа баруын жақтады. Мүның өзі ауылдан ұзап шықпаған қазақ жігіттерінің көзін ашып, алыс, жақынды танытады, шынықтырады, әрі Ресейдің қол астындағы басқа шағын ұлттар алдында беделін көтереді деп түсіндірді олар. Өмір сабағы осы пікірдің дұрыстығын көрсетті. Әлекең бастаған қазақ оқығандары майдан шебіне дейін барып, қазақ жігіттеріне пайдалы ақыл-кеңес беріп, сабырлылыққа, қайда жүрсе де ел намысына кір келтірмеуге шақырды. Олардың Күнбатыс майданнан жазған хаттары, баяндамалары «Қазақ» газетінде үзіліссіз жарияланып тұрды. «Сендер жақсы көрші мысалында өрт сөндіруге шақырылып отырсыңдар. Олай болса, қолдан келгенше, көршілік, жақындық құқын өтеңдер. Жау жағадан алғанда қазақ баласы аттанға шаппады деген болмасын» деп жар салды. Бұл сөздер Әлекеңнің, Міржақыптың стилін аңғартады. Әлихан Бөкейхановтың ұлт көсемі екенін айқындай түсетін оқиғаларға қайтып оралайық. Патша өкіметі тұсында қазақ халқына да Мемлекеттік Думаға депутат сайлауға құқық берілген еді. 1906 жылы 27 сәуірде ашылған І-Думаға сайланған алты депутаттың бірі Әлекең болды. Осы Думаның депутаттары патшаның сөз бостандығын бердім дегеніне емексіп, үкімет басшыларын, зандарын сынап, тым «солшыл» бағыт көрсете бастаған. Осыдан шошынған патша бұл Думаны 8 шілдеде қуып таратады. Дума небары 70 күндей жұмыс істеп, 39 мәжіліс өткізеді Ә.Бөкейханов сайлау кезінде түрмеде отырғандықтан Дума таратылған күні ғана Петербургке жетеді. Думаның қуылғанына наразы депутаттармен бірге Выборгке барып, патшаға қарсы үндеуге қол қояды. Осы үшін тағы да сотталып, 3 ай түрмеде отырады. Бұдан кейін қазақ халқы және оның басшылары патша Думасының ішкі сырын түсінгендей болады. Қазақ оқығандары патша өкіметі құлаған соң уақытша үкіметтен, оның Құрылтай жиналысынан көп үміт күтті. Буржуазиялық демократияның шарапатымен ұсақ ұлттардың өз үкіметін иеленуіне қамқорлық жасайды деп үміттенді. 1917 жылы желтоқсанның 5-13 күңдері Орынбор қаласында өткен Екінші қазақ-қырғыз съезінің қаулысы «Сарыарқа» газетінің (бұл газет Семейде шығып тұрған) 1918 жылғы қаңтардың 25 күнгі 29-санында жарияланды. «Руссия мемлекетінде халыққа сенімді және беделді үкіметтің жоқтығынан,... бүліншілік біздің қазаққырғыздың басына да келуі мүмкін деп ойлап бүкіл қазақ-қырғызды билейтін үкімет керектігін ескеріп, қазақ-қырғыз автономиясы құрылып, ол «Алаш» деп аталсын. Алаш автономиясының жер үстіндегі түгі, суы, астындағы кені Алаш мүлкі болсын Қазақ-қырғыз арасында тұрған аз халықтардың құқықтары теңгеріледі... жерсіз халықтар болса, оларға ұлт және мәдени автономия беріледі. Ұлт Кеңсесі құрылып, ол «Алаш Орда» аталсын делінді қаулыда. Алаш Орда үкіметінің басшысы болып Ә.Бөкейханов сайланды. Кеңес үкіметі тұсында Алаш бағдарламасын орыс тіліне аударғанда қасақана бұрмалап, оқырманға Алаш партиясын, АлашОрда үкіметін сепаратистік, «Қазақтан қазақтар үшін!» деген тар ұлтшылдық, ескі феодалдық тәртіптерді бұзылмаған күйінде қалдыруды көздеген саяси ұйым және үкімет етіп көрсетуді көздеген. Н.Мартыненко сияқты кеңестік жалған тарихшылар шовинизм отына май құйып, өршіте түсті. Алаш үкіметінің ғұмыры қысқа болғанын жоғарыда айттық. Кеңес Үкіметі оны да таратты. 1925 жылы Қазақстанда саяси билік Голощекин сынды Сталиннің қанды қол баскесері, орыстың өз патшасын бүкіл отбасымен қоса айуандықпен атып тастаған мизантроп келген соң туған елінің, халқының мүддесі үшін кеңес үкіметінің қызметіне белсене араласып, еңбек етіп жүрген алашордашылар түгелдей қудаланып, түрмелерге жабылды, жер аударылды, атылды. Олардың отбасылары, туған-туыстары лагерьлерге қамалып, азаппен өлтірілді. Осы жерде жаңа отаршылардың жүз құбылған зымияндықтарын дәлелдейтін бірер мысал келтіре кетейік. 1917 жылы 2 қарашасында Ленин мен Сталин қол қойған декларацияда «Руссия халықтары (оның ішінде, әрине, қазақтар да бар) тең құқықты, суверенді болады... Тіпті дербес мемлекет болып кетуге де құқықты» делінген. Бұл алдап, бұғалықтап ұстаудың бір айла-шарғысы еді. Көп ұзамай Ленин осы уағданы «Халықтардың биліктерін өз қолдарына алу күқы мен соның қаншалықты қажет екенін (!) шатастырмау керек» деп қарғаша салып, жоққа шығарды. Ал, шығыс майданның қолбасшысы Фрунзе «ешқандай Алашорда» үкіметі дегенді біз білмейміз де, мойындамаймыз да, олармен... сөйлеспейіміз» деп, қару көтеріп, қорқытып қойды. Кейінгі сталиндік Конституция да отаршылдық саяты» дейтін Әлекеңнің өткір ажуасы тура осыңдай сұрқия көлгірлікке бағыттап айтылғандай. Әлихан Бөкейханов тұңғыш абайтанушы. Абайдың өмірбаянын, ақындығын алғаш жазған Әлекең. Қазақ мемлекеттік университетінде «Абайтану курсынан» лекция оқып тұрып, «Абай жолы» эпопеясы арқылы ұлы ақынды, сол арқылы мұқым қазақ халқын дүние жүзіне мағлұм еткен ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов «Абайдың өмірбаянын алғаш жазған Кәкітай В^а^лы» деп айтып қалады. Сонда студент Мұхтар Мағауин «Аға,Абайдың өмірбаянын алғаш жазған Әлихан Бөкейханов емес пе еді? деп тосын сұрақ қояды. Мұхаң мүдіріп қалып: «Оны саған кім айтты. Олай айтпа. Олай айтуға болмайды» деп амалсыздығын сездіреді. Бұл бір жағы өзінің өмір бойы тоталитарлық жүйеден, оның еркін ойлы адамдардың соңына түсіп, ізін андитын иісшіл «Салпаң құлақ» үндеместерінен сескенгендіктен екінші жағынан талантты шәкіртін алдағы қауіп-қатерден қорғап, жанашырлықпен айтылған сөз деп білеміз. Орыстың әйгілі саяхатшы ғалымы П.П.Семенов Тянь-Шанский мен академик В.И.Ламанскийдің редакциясымен шығып тұрған «Россия. Полное географическое описание нашего отечества» дейтін көп томдық альманахтың XVІІІ томы (1903 жыл) қазақ өлкесіне арналып, «Киргизский край» деп аталған. Осы томды дайындаушылардың қатарында болған Ә.Бөкейханов «Истори-ческие судьбы киргизского края и культурные его успехи» деген үлкен бір таруын жазған екен. «Населениө» деп аталатын 2-тараудың «Распределение на-селение киргизского края по территории, его этнографический состав, быт и культура» атты V бөлімін жазылуына Әлекең тікелей атсалысқан. Осы еңбекте ол қазақтың ақын-жазушыларынан жалғыз Абай Құнанбаевты ғана атайды және оны қазақ әдебиетінің «жаңа бағытының өкілі» деп жоғары бағалайды. Кітапта Абай есімі Конанбай деп қате басылған. «Евгений Онегиннің (Пушкиннен) және Лермонтов өлеңдерінің ең жақсы аудармалары қазақтарға өтемөте түсінікті шыққан, сол себептен де семейлік өлеңшілер арасында «Татьянаның хатын» жиі тыңдауға болады» деп жазған. «Жылдың төрт мезгіліне арналған ғажайып өлеңдері Еуропаның атақты ақындарының да құрметіне әбден лайық» деп әділ бағалайды. Әлекең Абайдың ұлы Тұрағұлмен, Құдайбердіұлы Шәкәріммен, Ыөқакүлы Кәкітаймен достас болған. Тұрағұл мен Кәкітай Әлекең Думаға депутат болып ұсынылғанда оны жақтап орыс тілінде үлкен жиындарда сөз сөйлеген. Әлекең Кәкітай қайтыс болғанда «Қазақ» газетінде қазанама жариялаған Абайдың 1909 жылы Санкт-Петербургте Илья Бораганский баспасынан шыққан тұңғыш өлеңдер жинағының жарық көруіне Әлекеңнің сіңірген еңбегі орасан зор. Павлодарда Әлекең түрмеге түскенде портфеліндегі Абай өлеңдерінің қолжазбасын 5000 сомға бағалаған. Бұл сол заманда қыруар ақша! Осы жерде Әлекеңнің рухани бауыры әрі серігі Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнәрдің «Аманат» атты естелігінде («Жұлдыз» журналы, №3-4 1994 жыл) сөз болатын мына бір әңгімені еске сала кетудің реті келгендең. М.Дулатов Сосновец лагерінде жүргенде жұбайы Ғайнижамап (Гая) артынан барғанда Міржақып Әлекең туралы мына бір жайды айтқан екен. «Бір жолы 1906 жылы Павлодар түрмесінде отырғанын Әлекең маған былай деп әңгімелеген еді, дейді Жақаң. Қамауға аларда бас-аяғымды түк қалдырмай тінтіп шығып, соңынан қолымдағы партфелімді алғандарында қатты абыржып қалдым, оның ішінде Абайдың баспаханаға өткізейін деген қолжазбасы бар еді. Түрмеде өзімді қанша ұстап жазаласа да маған бәрі бір, тек Абайым сақталса екен дегеннен басқа ойыма ешнәрсе кірген жоқ, тек арыз арқылы соны естеріне салдым. Ал кісі түрмеде қарап отыра алушы ма еді, қолыма алған еңбекті аударып тастайын деп жұмысқа кірісіп кеттім. Мезгілдің қалай өткенін байқамай қалыппын. Бір күні түрме бастықтары келіп: «Сіз, Бөкейханов мырза, абақтыдан босадыңыз, жолыңыз ашық, шығыңыз» дегенде, мен «түрмеден әзір шықпаймын, жұмысымды бітіргенім. жоқ, біраз күн отыра тұрайыншы дегенімде, әлгілер сенерсенбесін білмей: «Это Ваше дело, пусть будет так» деп шығып кеткен еді. Әлекеңде осындай жағдай болғанын естіп, біз көпке дейін күліп жүрдік» депті Жақаң. Әлекең Абаймен кездесті ме, жоқ па қазір кесіп айту асығыстық болар. Әйткенмен оның Абайды жан-жақты зерттеу, терең түсінгені айдан анық. Әлекең Шоқанды да, Ыбырайды да жақсы білген. Тегінде ұлыны ұлы ғана таниды деген сөз рас-ау. Әлихан Бөкейханов орыс әдебиетінің тереңіне бойлап, тұнығын жүзіп ішкен адам. Ол Пушкин, Лермонтов, Герцен, Достаевский, Тургенов, Чернышевскийдің еңбектерін мұқият оқып, есімдерін ілтипатпен атап отырған, Лев Толстойды «Күн жоғалмаса, жоғалмайтын жазушы» деп сүйіспеншілікпен бағалаған. «Воскресеньені» «нағыз өмір шындығы» дейді. Патша өкіметінің орыстың атақты, адал ұл-қыздарын Сібірге айдап, азаптағанын жиренішпен айта отырып: «Бауырым Ахмет, Мирякуб! Сенің екеуінің абақтың Радищев пен Новиков абақтысы» деп жазады «Ұят-ай!» деген мақаласында. Айдауда жүрген Ахмет, Міржақыптар Мәскеудегі Әлекең арқылы басқа пікірлестерімен жақындарымен хабарласып, елдің жағдайын біліп тұрған. Бұл жөніңде Ахаңның Міржақыпқа жазған хатында айтылған. Әлекеңнің ата-анасына, туған-туыстарына, туған жерге, өскен елге сүйіспеншілігі шексіз болғанына інісі Смаханның естеліктерінен қанықпыз. Әлекеңнің Семейде атқосшысы болған Рамазан ақсақалдың әңгімесі «Орталық Қазақстан» газетінде 1993 жылы желтоқсанның 7, 9 күндеріндегі сандарында басылды. Авторы Рақаңның ұлы, елге құрметті азамат Қабылбек Рамазанов. Рамазан ақсақал жүзден асып дүние салды. Әлиханды елдің көпшілігі «Ақа», «Әли-аға« деп атайтын. Мен жай ғана «Аға» дейтінмін. Бірде елге бара жатқанымда Әлекең «Рай, жусан иісін қатты сағынып жүрмін. Балалар біле бермейді өзің ала кел, деп тапсырған. Сол тапсырмасын орындап келгенмін. Бір топ жусанды насыбай иіскегендей елтіп иіскеп, ұзақ тұрды да: -Жарықтық Желтаудың (Әлекенінің атамекені) ту өскен жусаны мен қамшы сабындай сарымсағы мен тау жуасына не жетсін. Оны жеген қойдың етінен де жусан иісі аңқып тұрады. Майы шыны, ауызға алдырмайды. Осы сөзі Ақаң аса бір нәзік сағынышпен айтты... 1922 жылы шілде айында Мәскеуге алдырғанда Әлекең Желтаудағы туған-туыстарына, ел-жұртына, аяулы анасына қоштасуға келеді. Сол жолы елге көп ақ^іл-кеңес береді. Білім алуға, отырықшылыққа үндейді. Қазақи қалпымызды ұмытып, ұлттық санамызды улап алып жүрмейік. Соны ұғындар, еске сақтаңдар, халқым. Тағы бір айтарым, қолда бар малға бауыр басып отыра берсек, күні ертең итің өзіңді капқан күйге түсесің. Басы артық малды осы бастан туған-туысқа, кедей-кепшікке үлестіріп беріңдер. Жаттың қолында кеткенше, ел-жұрт^іңда қалсын, деп ақыл айтты. Анасы Бегімханым сол кезде 70-тер шамасында екен. Коштасарда: «Апа, ғұмырым аз ба, көп пе, оны бір қүдай білер. Барар жер алыс, менен топырақ бұйырмаса, аналық ақ сүгіңді кеш» деп, енесін емген ботадай иіліп кеп, кимешегін көтерді де, ашық төсіне маңдайын тигізіп, мейірлене иіскеп, тұрып калды. О, ғажап; Ел айтса нанғысыз оқиғаны сонра көрдім. Әлекең басын гатергенде анашның омырауынан атқылаған ақ сүті бетін жуып кетті. Осы бір жүрек толқытар, жан тебірентер көрініске куә болғандардың ішінен көзіне жас алмаған адам калған жоқ...деп әңгімелеген екен. Әлекеңнің өзі турмыс қиыңдығын, өмір тауқыметін көріп жүріп Мәскеуге ауырып келген Көкпай ақынға, Сосновец лагеріне кетіп бара жатқан Міржақыптың жұбайы Ғаинижамалға жасаған көмегі, Міржақыпқа деп ақша ұсынуы ошның бәрі Ұлы Адамның айтып жеткізгісіз зор адамгершілігінің айғақтары. Осы мақаланың соңында Әлекеңнің дінге, жалпы исламға көзқарасы жөнінде айтпасақ бір мәселенің орны ашық тұрғандай болатын сияқты. Өйткені сол дәуірде бір талай молла, ишандар Әлекеңді кемітудің басқа жолын, ретін таба алмай оның әйелінің орыс екендігін алға тарта бастады. 1914 жылы 15-25 маусыімда Петербургте болып өткен мұсылмандар съезінен кейін Досан молла Аманшы баласы (Орал облысынан) «Айқап» журналының бетінде Әлихаң Бөкейханов «кәпірлердің кәпірі, дінсіздердің дінсізі, жоламаңдар, мұсылмандар, айтқанын алмаңдар, артынан ермеңдер!» деп ауыр айыптар тағып, халықты қарсы үгіттейді. Әлекеңнің діни сауаты әлгі моллалардан әлде қайда терең де биік еді. Ол Қарқаралыда медіреседе оқығаннан кейін 1889 жылы жазған «Қ. оязының молласының баяны» деген мақаласында (Қ. Қарқаралы) дүмше моллалардың «өтірік, құранды ұстап жан беретінін, елді қараңғылықта ұстағанды тәуір көретінін сынайды. Бұдан соң да дін тақырыбына біраз мақалалар жазады. Мұнан түсінетініміз: Әлекең дінді емес, сауатсыз, дүниеқоңыз, жалған моллаларды әшкерелейді. Щербина экспедициясында болып, Ақмола, Семей облыстарының 12 оязын аралағанда ол ислам дінінің жайына енді ғылыми көзқараспен келіп, тереңдей зерттейді. Қазақтардың шариғат заңдары мен ата-бабаларының сенім-нанымын қатар ұстануы исламнан бұрын шаман дінінде болуынан екенін түсініп, тылыми қорытынды жасады. Осы мәселе бүгінде араб елдерінде болып, ислам дінінің заңдарын түбірлеп үйреніп келдік дейтін уахабшылар мен ата-баба аруағын қадірлеп, табынатын діншілдер арасындағы келіспеушіліктің сырын да ашады. Әлекең қазақтар ислам дінін басқа мұсылман халықтарына қарағанда өзінө тән әдет-ғұрпын, өнер, білімін өзгертпей, негізін сақтап, оны көшпенді тұрмыс-тіршілігіне икемдеп қабылдаған» деп тұжырымдаған. Бұдан шығатын қорытынды: дін ұлтты емес, ұлт дінді өз табиғатына қарай икемдеп пайдаланады. Бұдан ұлтқа келер зиян жоқ. Исламды қабылдаған соң қазақ қазақтығын жоғалтып, арабқа айналып кетпесе, ол ұлттың өміршеңдігінің белгісі. Отаршыл озбырлар 1922 жылдан бастап ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановты Мәскеуде ұстады. Үнемі аңдуда болды. 1927-37 жылдары үйқамақта болды. 1937 жылы Бутырка түрмесіне қамады. 1937 жылы 27 қыркүйекте КСРО Жоғарғы соты жалған айыппен ату жазасына кесті. Үкім сол күні орындалды. 1989 жылы 14 мамырда КСРО Жоғары сотының қаулысы бойынша әрекетінде қылмыс қүрамы жоқ болғандықтан ақталды. Әлихан Бөкейханов өз өмірін казақ деген халықтың бақытына саналы түрде арнаған. Оған дәлел жеткілікті, Бір ғана мысал. Павлодарда абақтыдан босап шыққаннан кейін ол Семейге келеді. Осы қалада Карқаралы оязының бастьғы Кинц дегенмен кездесіп қалғанда әлгі шенеунік Әлекеңді кекетіп: Патшаны кұлатамын деп шаршаған шығарсыз. Дем алып жүрсіз бе? деген екен. Сонда Әлекең: «қазақ хапқының бір мақалы бар: «Ер туған жеріне, ит тойған жерне». Менің сізге берер жауабым осы!» дейді. Кинцтің тәрбиелі әйелі айтылған сөздің астарын түсіне қойып, күйеуін одан әрі сөйлетпей: «Саған керегі осы еді! Сен Әлихан Нұрмұхаметовичтің туған жері, елі үшін азап тартып жүргенін түсінбейсің! деп күйеуін сүйреп әкетіпті. Осы оқиғаны Әлекең Тұрағүлға айтыпты. Фон Кинцтің ұлты поляк екен. Сол кезде Польша да Ресейдің отары болып отырғанын, ал Кинцтің өз елін құлданушьлардың сүйек-саяқ тастап, абалатып, қойған иті екенін меңзеп айтқан сөз осылайша нысанаға дәл тиген ғой. Ә.Бөкейханов озінің шығармаларында, сөйлеген өздерінде, мақалаларында, партия бағдарламаларында бодандықтан құтылып, тәуелсіздікке жету үшін бірлік, тағы да бірлік керектігін үнемі қайталап айтып отырған, 1917 жылы 12 қазанда Семейге келгенінде өзін ел бастаған еріміз» деп қуанышпен қарсы алған жүртшылыққа рахмет айта келіп: «Бостандыққа қуансаңдар, мені «басшымыз» деп айтқандарың шын болса, міне, мен өлеөлгенше сендерге қызмет қылуға уәде берем, сендер уәде бересіңдер ме, бостандықтың жолымен болуға? Бостандықтың жолымен болсаңдар: бишараны жемеуге, партияны қойып бірігуге, бас пайдасы мен жұрт пайдасын бірдей көруге, барлық күштеріңді ғылым жолына, бостандық арқасымен көгеру жолына жұмсауға керек.. Осыларды қылмасаңдар, бостандық өзінен өзі сендерге түк әкеп бермейді», деп турасын айтты. Осы ойлы сөздер дәл бүгін айтылғандай. Бірлік бар жерде тірлік бар, ал тірлік бар жерде ірілік, ілгерілеу бар екенін тәуелсіз еліміздің он төрт жылда ғасырлық жеңіске жеткен жемісті жолынан көріп отырмыз. Алаш арыстарының арманы толық орындалатын күн келді. Қазір экономикалық реформаларды тереңдете отырып, саяси реформаларға батыл түрде жол ашу ол үшін отарлық жүйенің ел өмірінің барлық саласындағы қалдықтарын біржола күйрету, қазақ халқының үлттық мүдделеріне кең жол ашу, қазақ тілінің іс жүзінде мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болуын қамтамасыз ету, атамекеніміздің бар байлығына бірден-бір мүрагер болуға қол жеткізу керек. Міне, сонда ғана Алаш арыстарының аруағы бүгінгі Ел басшыларына, отандастарына риза болады. Ұлтымыздың ұлы да, ұстаздық бола білген, алдағы жеңістеріміздің дем беруші рух көсемдерінің бірегейі Әлихан Нұрмұхаметұлы Бөкейхановтың туған елін бақытқа жеткізу жолындағы қасиетті күресі, қайрат-жігері жас ұрпаққа үлгі-өнеге бола берсін! деген тілекпен сөзімізді аяқтайық!
Масғұт ХАЛИОЛЛА,
Қазақстан Республикасының Журналистер одағының мүшесі.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру