TELEGEI

Home

Дориан Грейдің портреті

Оскар Уайльд

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Дориан Грейдің портреті

Дориан Грейдің портреті

роман

Суретшінің шеберханасы раушан гүлдерінің хош иісіне тұнып тұр. Бақта ағаштардың басын тербетіп жеңіл самал соғады. Жұпаргүлдің бас айналдырар хошы мен ақ ұлпа долана гүлінің білінер-білінбес нәзік иісін әкеледі. Парсы өрнегімен көмкерілген диванда, әдеттегідей, папиростың бірінен соң бірін бұрқыратып лорд Генри Уоттон жатқан еді. Ол балдай тәтті иіске балқып әрі күндей сары ракит бұтасын қызықтап жатқан-тын. Ракит бұтасының алтын түстес гүлдері күннің көзімен одан сайын шағылыса түседі, ал сәл тербетіліп тұрған бұталар осы бір төгілген күн түстес гүлдерді әрең көтеріп тұрғандай еді. Үлкен терезелерге ілінген жібек перделерге, арасында ұшып өтетін құстардың көлеңкелері алып самұрықтардың бейнесіндей түсіп өтеді, бұл көрініс жапон суреттерін еске түсіреді. Осы сәтте лорд Генри табиғатынан дәл бұлай жаралмаған дүниені қозғалыспен беруге тырысқан алыс Токиодағы сары түсті суретшілерді есіне алды. Жайқалып өскен шөптің арасында ұшып жүрген, әлде гүл тозаңының үстінде бір қалыпты тұрып алған аралардың ашулы ызыңы өлі тыныштықты одан әрі толықтыра түскендей. Лондонның құмыққан шуылы мұнда алыста ойнап тұрған органның даусындай талықсып жетеді. Бөлменің ортасындағы мольбертте көз тоймайтын сұлу жігіттің портреті тұр, ал одан сәл әріректе, иә, атақты суретші Бэзил Холлуордтың1 өзі отыр. Оның осыдан бірнеше жыл бұрын аяқастынан шықпай қалуы Лондонның зиялы қауымы назарына бірден түскен еді, сөйтіп неше түрлі әңгімелер тарап кеткен болатын. Суретші керемет шеберлікпен салған портреттегі сұлу бозбалаға тамсана қараумен отыр, өз-өзіне риза болып отырғаны жымиысынан-ақ көрініп тұр. Бірақ, ол аяқ астынан атып тұрып, бетін алақанымен жаба қойды, бейне көз алдынан өтіп жатқан таң-тамаша түсі көзден ғайып болып кетпесе екен дегендей. − Бұл сенің ең үздік жұмысың, Бэзил, бар жұмыстарыңның ішіндегі ең теңдессізі, − деп қойды ақырын лорд Генри. − Мұны келесі жылы міндетті түрде Гровенордағы көрмеге жіберу керек. Академияға жіберу туралы ойлап та қажеті жоқ. Тым үлкен ғимарат әрі ол жерге кім көрінген келеді. Қашан келсең де адам құжынап жүреді, тіпті картиналарды еркін қызықтауға мүмкіндік жоқ, әйтпесе картиналардың көптігінен аяқ алып жүре алмайсың, адамдарға да қарауға мұршаң келмейді. Біріншісі тіпті жағымсыз, екіншісі одан өткен. Жоқ, бәрінен дұрысы − Гровенорға жіберу. − Ал мен бұл картинаны ешқайда жіберейін деген ойым жоқ, − деді суретші басын шалқалақтай сілкіп қап, бұл қылығына кезінде Оксфорд университетінде оқып жүргенде достары талай күлген. − Жоқ, бәрібір де ешбір көрмеге жібермеймін. Лорд Генри қабағын таңдана көтеріп, апиын қосылған папиросынан будақ-будақ шыққан көк түтінге көміліп отырған Бэзилге қарады. − Ешқайда жібермеймін? Неге? Бұл қайдан шыққан өнер, қарағым? Осы суретшілер қызық халық! Танымал болу үшін барын салады да, ал қолы жетсе болды, буырсынып қалады. Қандай ақымақтық өзі! Сені әңгіме өткендері ұнамаса, ал мүлдем түк айтпағандары одан да жаман. Бұл портрет сені аспандағы айдан бір-ақ шығарады, Бэзил, Англиядағы көптеген жас суретшілерден жоғарылатып, кәрілердің қызғанышын оятатын болады, әрине, Егер оларда бірдеңені сезіну қабілеті әлі де бар болса. − Білем, мүмкін күлерсің, − деді суретші, − бірақ, мен, шынында да, бұл суретті еш көрмеге қоя алмаймын... Мұнда менің өз бейнем тым жалаңаш күйде.

Лорд Генри диванға жайланып жатып қарқылдап күлді.
− Иә, бұның саған күлкілі боп көрінетінін білгем. Дегенмен, бұл нақ шындық.

− Өз бейнем? Құдай ақы, Бэзил, сені осындай өркөкірек деп ойламап едім. Қара шашты, қатал жүзді сенімен мына суреттегі ақ жүзі көз қарықтырардай, нәзіктігі раушан гүліндей бозбала екеуіңнің араңнан ешқандай ұқсастық көріп тұрғам жоқ. Бэзил, түсінсеңші, ол Нарцисс, ал сен... Әрине, сенің көздерің терең ойлы, тағысын тағылар. Бірақ, сұлулық, нағыз сұлулық ойлылық бар жерде жоғалады. Тым биік ақылдың өзі ерекше құбылыс, сондықтан ол бет-әлпетті бұзады. Адам қалай ойлана бастаса болды, мұрны тыржиып, маңдайы ерекше жазылып, немесе тағы бірдеңелері шығып, бет-жүзін құбылтып, өзгеріп кетеді. Кез келген атақты оқымыстыға қарашы − қандай сүйкімсіз! Тек олардың қатарына біздің қадірменді пастырьларымыз ғана кірмейді, өйткені олар бастарына қандайда бір салмақ салмайды ғой. Епископ сексенге келсе де, он сегізде үйренгенін қайталай беруден танбайды, сондықтан да оның жүзі өз сұлулығын сақтап қалады. Суретіне қарағанда, сен атын айтпай жасырып отырған құпия досың тым әдемі сынды, демек, ол еш нәрсені ойламайтын адам болғаны ғой. Бұған әбден сенімдімін. Құдай әдейі оны су ми болса да тым сұлу ғып жаратқан болар: гүл солған қыстың қақаған аязында көз қуанту үшін, ал аптаған ыстықта салқындау үшін. Жоқ, Бэзил, босқа алданбай-ақ қой, сен оған бір тамшы да ұқсамайсың. − Сен мені түсінбедің, Гарри, − деді суретші. − Бұл бозбала мен менің бет әлпетімде ешқандай ұқсастық жоқ екені белгілі. Мен мұны бәрінен де жақсы білем. Оған ұқсағым да келмейді менің. Сен иығыңды көтересің, сенбейсің бе? Ал мен шынымды айтып тұрмын. Сырт келбеті немесе рухы мінсіз адамдардың тағдырын тосып тұрған қатер болады. Тарихтан білетініміздей, корольдардың басын аяқастынан айналдырып, қате бастыратын қатерлер сынды. Бәрінен жақсысы − елден ерек болмау. Бұл әлемде бәрінен ақымақтар мен сүйкімсіздер озады. Олар өзгелердің шайқасына қарап отыра береді. Олардың маңдайына жеңістің тәтті дәмі мен жеңілістің ащы өксігін сезіну жазылмаған. Бәріне де солар сияқты өмір сүруі қажет болатын − ешқандай ашусыз, тып-тыныш, айналадағыларға бейжай күйде. Олар ешкімді су түбіне жібермейді, өздері де бітіспес жаудың қолынан өлуді білмейтіндер... Сен атақтысың әрі байсың, Гарри, менде ақыл мен дарын бар, өзі қандай болса да, Дориан Грейде сұлулық бар. Міне, құдайдың берген осы сыйы үшін біз қарыздармыз, кезі келгенде, оның ащы жасымыз аға отырып ақысын төлейтін боламыз. − Дориан Грей? А, аты солай екен ғой? − деп сұрады лорд Генри, Холлуордқа жақындап кеп.

− Иә. Мен оның атын атамауды жөн көріп едім...
− Неге?

− Қалай түсіндірсем екен... Мен біреуді қатты жақсы көрсем, оның есімін атамағанды жөн көрем. Бұл мен үшін өзіме ең қымбат адамды бөлшектеп басқаларға үлестіру сияқты сезінем. Білесің бе, мен осыдан да жасырынып жүруге бейім боп алдым. Адамдардан жасырын жүру маған ұнайды. Қазіргі өмірдің өзіндік бір қызығы болса, ендігі қалғанының өзі осы шығар. Түкке тұрмайтын бір дүниенің езі адамдардан жасырын ұстасаң болды, ең қызықты боп шыға келеді. Лондоннан басқа мекенге кетер болсам, қайда барарымды ешкімге айтпаймын. Айтсам болды, бар қызығы жоғалады. Келісемін, бұл күлкілі де шығар, бірақ бұл өміріме аз да болса да шаттық енгізеді. Сеніңше, бұл тіпті күлкілі әрине, солай ма? − Тіпті де олай емес, − деп дау айтты лорд Генри. − Тіпті де олай емес, қымбатты Бэзил! Сен менің үйленген еркек екенімді ұмытып барасың, ал отбасылық өмірдің бір қызығы болса, ол өтіріктің неше түрлісін айтудың шебері боп алу. Мен әйелімнің қайда, ал ол менің қайда жүргенімнен хабарсызбыз. Кездесе қалсақ; біз кейде ортақ таныстарымыздың үйінде кездесіп қаламыз, бір-бірімізге міз бақпастан-ақ өтірікті түр-түрімен соғамыз. Әйелім маған қарағанда шебер. Ол ешқашан жаңылмайды, ал мен үнемі жаңыла берем. Бірақ менің өтірігім ашылып қалған күннің өзінде ол маған ашулана қоймайды, ұрыс-керіс ашпайды. Кейде осыған қаным қараяды. Бірақ ол менің әпенділігіме күліп қойып қана отыра береді. − Өзіңнің отбасылық өмірің туралы осылай сөйлегеніңді жаным сүймейді, Гарри, − деді Бэзил Холлуорд, баққа шығатын есікке қарай жақындап. − Шын мәнінде, сенің мінсіз отағасы екеніңді мен жақсы білем, тек соны айтудан ұялатын шығарсың. Қызық адамсың сен! Ешқашан ақылға сыятын нәрсе айтпайсың, бірақ ақылға сыймайтын ештеңе жасамайсың. Сенің кекесіншілдігің тек бер жағың ғана. − Білем, ойыңдағыны айта бастасаң болды, елдің бәрі мұны өзімшілдік деп ұғады, әрі мұндайды олар жек көреді! − деді лорд Генри күліп. Жас жігіттер баққа шығып, жайқалған биік лавр ағашының саясындағы орындыққа жайғасты. Күн сәулесі суға малынып жылтырап тұрған жапырақтардың үстінде ойнақ салады. Шөп арасынан ақ дәстүргүлдердің бастары қимылдайды. Үй иесі мен қонақ біраз уақыт үнсіз отырды. Сосын лорд Генри сағатына көз салды. − Сонымен, өкінішке қарай, мен қайтатын уақыт та болды, Бэзил, − деді ол − Бірақ кетпей тұрып, бір нәрсенің жауабын естіп қалайын деп едім.

− Ол қандай жауап? − деп қайталап сұрады суретші, көзін көтерместен.
− Ненің жауабы екенін өзің де жақсы білесің.
− Жоқ, Гарри, білмеймін.

− Жақсы, онда есіңе салайын. Дориан Грейдің портретін көрмеге не үшін жібермеуге шештің, соны түсіндірші. Тек шыныңды айт.

− Мен саған шынымды айттым. − Жоқ. Сен маған бұл портретте, "өзімнің жан дүниемді толық ашқандаймын" дедің. Бірақ, бұл сандырақ қой! − Түсінші, Гарри, − Холлуорд лорд Гарридің көзіне тура қарады. − Суретші сүйіспеншілікпен жазған кез келген портрет − шын мәнінде, оның өзінің портреті, бұл тіпті д ол салған адамның ғана бейнесі емес. Кейіпкерді емес, өзінің жан дүниесін ашады суретші. Сондықтан, мен бұл сурет менің жан сырымды әлемге жайып сала ма деп қорқам. Сол үшін де көрмеге қойғым келмейді.

Лорд Генри қарқылдап күліп жіберді.
− Сонда ол қандай құпия? − деп сұрады ол.

− Қоймадың ғой ақыры, жарайды, айтайын, − деп бастады әңгімесін Холлуорд, сәл кібіртіктеп. − Бастасаңшы енді? Шыдамым жетер емес, Бэзил, − деп қоймай қайталады лорд Генри, оның бас-аяғына барлай қарап. − Мұнда айтатын да бәлендей ештеңе жоқ, Гарри... Сенің мені түсінетініңе де күмәнім бар. Тіпті, сенуден де бас тартатын шығарсың.

Лорд Генри тек мырс етті де, еңкейіп бір дәстүргүлді үзіп алды. − Мен не болса да түсінемін, күмәнданба, − деп қайталады ол қолындағы гүлдің алтын түсті өзегінен көз айырмай. − Ал сенгенде қандай, айтып тұрмын ғой, дүниеде не болмайды, таңданудың еш қажеті де жоқ. Кенеттен көтерілген жел ағаштың біраз гүлін жұлып әкетті; гүлдерін көтере алмай тұрған жұпаргүл бұталары ұйқыдағы тыныштықты бұза уілдей ән салып, толқып барып тоқтады. Қабырға жанында шегіртке шырылдайды. Көкшіл тұман түстес сүйрік қанаттарын тынымсыз қағып дәуіт ұшып өтті... Лорд Генриге Бэзилдің кеудесіндегі жұдырықтай жүрегінің дүрсілі естіліп тұрғандай көрінді, енді оның не айтатынын ойлап, демін ішіне тартты. − Сонымен, қалай айтсам екен... − деп бастады суретші, сәл үнсіздіктен соң. − Бір айдай бұрын мен леди Брендонның үйінде қонақта болғам. Біздерге, бейшара суретшілерге жабайы емес екенімізді көрсету үшін анда-санда елдің көзіне көрініп тұру міндет қой. Сенің фрак киіп, ақ мойынтақ тақса болды, тіпті биржа маклері де өркениетті адамға айналады деп айтқаныңдай. Брендонның үйінде мен бар әлем-жәлемді жапсырып алған, атақ пен байлыққа ие жесірлер мен бас ауыртар академиктермен он минуттан әңгімелесер-әңгімелеспегенім сол-ақ екен, ту сыртымнан біреудің қадалып қарап тұрғанын сезіп қалдым. Бұрылып қарап едім, міне, сонда ең алғаш рет Дориан Грейді көрдім. Жанарларымыз түйісіп қалды, денем тітіркеніп кетті. Бойымды түсініксіз қорқыныш билеп алды, сол сәтте алдымда мен үшін соншалықты қымбат адам тұрғанын сездім. Егер оның ықпалында кетсем, рухымды, тіпті әперімнің өзін түгелімен өзіне сіңіріп алатынын білдім. Ал мен өмірімде қандайда бір нәрсеге тәуелділіктен қашамын. Генри, сен менің қандай еркін адам екенімді жақсы білесің. Мен қашанда өз жаныма өзім қожайын боп үйренген адаммын... қалай дегенмен де, Дориан Грейді кездестіргенге дейін. Бірақ мынау, қалай түсіндірсем екен... Ішкі түйсігім, алдымда өмірімді үлкен өзгеріске түсіретін бірдеңенің болатынын айтып тұрды. Тағдыр маған адам жаны білмеген қуаныштар сыйлап, сонымен катар жан шыдатпас қасіретін де көп күттірмейтінін сездім. Жан дүниемнің бір суып, бір ысығаны сонша, қорыққанымнан кетуге бел буып, есікке бет алдым. Қорқыныштан аяғымның есікке қарай өз-өзінен қалай сүйрей жөнелгенін де сезбедім. Әрине, қашып құтылуға тырысу жақсы нәрсе емес. Шындығын айтқанда... − Ар мен қорқақтық, шын мәнінде, Бэзил, бір нәрсе. "Ар"− қорқақтықтың ресми атауы, бар болғаны сол ғана. − Сенбеймін, Гарри, меніңше, бұған сенің өзің де сенбейтіндейсің... Қысқасын айтқанда, неге екенін білмеймін, − мүмкін өркөкіректіктен болар, қандай екенімді білесің ғой, есікке қарай беттедім. Бірақ, дәл шығардың алдында, әрине мені леди Брендон ұстап алды. "Тым ерте қашып бара жатқан жоқсыз ба, мистер Холлуорд?" − деп айқай салды ол Оның даусының қандай ащы екенін менсіз де білесің! − О, енді ше! Ол нағыз тауыстың өзі, бірақ оның сұлулығынсыз, − деп іліп әкетті лорд Генри, қолындағы дәстүргүлді салалы тынымсыз саусақтарымен жұлмалай түсіп. − Сол жолы одан қашып құтыла алмай қалдым. Сосын ол мені мәртебелері бірінен-бірі асқан, кеуделері медальдарға толы қонақтарымен, одан кейін бастарына шошайтып әшекей тәж киіп алған қонақтарымен таныстыра бастады. − Бәріне мені, бір-бірімізді көріп тұрғанымыз екінші рет қана болып тұрғанына қарамастан, − ең жақын достарымның бірі деп айтып шықты. Байқауымша, өз-өзінен мені атақты достарынан құралған топтамасының тізіміне енгізіп қойса керек. Ұмытпасам, сол кезде менің бір картинам елге танымал болып жүрген кез-тін, әйтеуір бір арзанқол газеттерде ол туралы үздіксіз жазылғаны есімде, ал қазіргі заманда бұлай болды дегенше, тарихта атың қалды дей берсең де болады. Сөйтіп жүргенде, күтпеген жерден, бір көргеннен жүрегімді астан-кестең етіп жіберген бағанағы бозбаламен бетпе-бет кеп қалдым. Оның жақын келгені сонша, тіпті біз соқтығысып қалдық. Тағы да көздеріміз түйісіп қалды. Сол сәтте-ақ, леди Брендоннан бізді таныстыруды өтіндім. Қалай дегенмен де, бұның еш қатысы жоқ та шығар, себебі бізді таныстырмаса да бәрібір тілдесіп кетер едік деп ойлаймын. Мен бұған сенімдімін. Тура осыны кейінірек Дорианның өзі де айтты. Ол да, бізді кездестірген жай ғана жағдай емес, тағдырдың өзі екенін бірден сезіпті. Ал леди Брендон осы бір сұлу бала туралы не деді? − деп сұрады лорд Генри. − Оның адамды таныстырғанда бүкіл ғұмыры туралы тез арада баяндап өтетін мәнерін мен жақсы білем. Бірде оның мені түрінен адам шошитын, кеудесі ленталар мен ордендерден көрінбей кеткен қатал бір шалдың алдына таныстыруға әкеле жатып, жол бойы кеткен өмірін өзі де ұмытып қалған шалдың қыр-сырын құлағыма тақап айта жөнелгені бар, бірақ оның бұндай сыбырын, әдетте бүкіл қонақтар естиді. Сөйтіп одан әрең қашып құтылғаным бар. Мен қандай да біреудің көмегінсіз-ақ адамдарды тануды ұнатам. Ал леди Брендон өз қонақтарын бейнебір аукциондағы сатылымда бір сатылғаннан-ақ сатып жіберуге дайындалған заттай суреттей жөнеледі, олар жөнінде не айтылмасты айтады, не болмаса естігің келмейтін дүниеден өзге ештеңе айтпайды.

− Байғұс леди Брендон! Сен оған тіпті қаталсың ғой, Гарри, − деді Холлуорд. − Қымбаттым менің, ол өз үйін "салонға" айналдырам деп ойлады, ал шын мәнінде мейрамханадан аса алмады. Ал енді сен маған ол туралы не деп айт дейсің? − Жә, қойшы соны, одан да Дориан Грей туралы не дегенін айтшы? "Тамаша балақай... біз, оның байғұс шешесі екеуміз айырылмас достар болғанбыз... Немен айналысатынын ұмытып қалыппын... Айтпақшы, ештеңемен айналыспайды... Аһ, ұмытып барады екем ғой, рояльда ойнайтын... әлде скрипкада ма, қымбатты мистер Грей?" Екеуміз де күлкіден жарылардай болдық, осылай тез тіл табысып кеттік. − Иә, достық дегеннің күлкіден басталғаны дұрыс-ақ, ал солай аяқталса жақсы ғой, − деп қосты лорд Генри, тағы бір гүлді үзіп алып жатып.

Холлуорд басын шайқады. − Сен нағыз достықтың не екенін білмейсің, Гарри, − деді ол ақырын ғана. − Сен тіпті нағыз өшпенділіктің де не екенінен хабарсызсың. Сен бәріне жақсы қарайсың, ал бәрін жақсы көру деген − ешкімді жек көрмеумен бірдей. Саған бәрі бірдей. − Сенің маған бұлай кінә тағатындай жөнің жоқ! − деп қарсыласты лорд Генри. Шляпасын желкесіне ысырып қойып, ол жаздыгүнгі аспанда қалқып бара жатқан көгілдір бұлттарға көз тастады, олар бейне төгілген жібектей жылжиды. − Иә, иә, тура солай, сен маған бұлай деп бекер айтасың! Мен сен айтқандай, барлығына бірдей қарамаймын. Ең жақын достарым ретінде сұлу адамдарды, таныс − білістікке жөндері түзулерді, ал жаулассам тек ең ақылдыларымен ғана жауласам. Бәрінен де жауды дұрыс таңдай білу керек. Олардың бәрі ойдың адамдары − барынша ақылды, әрі мені қарсылас ретінде бағалай алады. Сен менің бұл таңдауларым тек өркөкіректік қана дерсің? Не десең де, бәлкім, бұнда да бір шындық бар шығар. − Мен солай ойлаймын, Гарри. Сонда сеніңше, мен саған жақын дос емес, жай ғана таныс адам боп шықтым ғой? − Қымбатты Бэзилім менің, сен мен үшін жай ғана "таныс адамнан" әлдеқайда артықсың. − Әрі жақын дос та емеспін бе? Демек, туғаның сияқты біреумін ғой, солай ма? − Жо-жоқ! Мен бауырларымды емешегім үзіліп жақсы көре қоймаймын. Үлкен ағам қайтсе де өлер емес, ал інілерім тек осымен ғана айналысып келеді.

− Гарри! − деп тоқтатты оны Холлуорд қабағын түйіп. − Достым, мен қалжыңдап тұрмын ғой. Бірақ, шынын айтсам, өз туыстарымды суқаным сүймейді. Бұлай болуы, біз өзімізге ұқсайтын адамдардың кемшіліктерін көтере алмайтындықтарымыздан шығар. "Жоғары таптың ақаулары" деп, оларды сынап-мінейтін ағылшын демократтарына жаным ашиды. Төменгі тап өкілдері ішкіштік, ақылсыздық пен арсыздық бізге ғана тән деп ұғып алған, сондықтан біздің қатарымыздағы біреулер осындай бола қалса, бейнебір солардың бірдеңесін тартып алғандай көрінеді оларға. Саутуорк байғұстың әйелімен ажырасам деп шешкені сол-ақ екен, тобыр деген көтеріліске шығып кете жаздады емес пе. Ал ақиқатына келсек, сол бір пролетариат дегеннің өздерінің, ең болмағанда, он пайызы салауатты өмір сүреді дегенге сенбеймін. Осы айтқандарыңның бәрінде келісе кететіндей бір сөз жоқ, Гарри! Мұны, әрине, өзің де біліп тұрсың. Лорд Генри сәнді сақалын сипап, қолға ұстайтын әдемі таяғымен сапиян бәтіңкесінің ұшын тықылдатып қойды. − Сен бақайшығыңа дейін ағылшынсың, Бэзил! Міне, осымен екінші рет осылай ескерту жасадың. Ағылшынға жаңа бір ой айтып көр, ол мұның бұрыс па, дұрыс па екеніне қарап жатпай-ақ бірден бұрылып ала жөнеледі. Сондықтан, бұлай етудің керегі жоқ. Оны бір ғана нәрсе қызықтырады, айтып тұрғаныңа өзің сенесің бе, әлде сенбейсің бе. Ал негізінде, оны кім және қалай айтса да, ең бастысы идеяның өзі емес пе. Меніңше, идеяны айтып тұрған адамның өзі оған сенбеген күннің өзінде де ол үлкен құндылық, себебі, адам оған өзінің ойларын аз қосады. Міне, ақиқат сол емес пе. Айтушының ықпалынан арылған, тәуелсіз идея. Қойшы соны, сенімен саяси, әлеуметтік және метафизикалық дүниелерді талқылау қызықтырмайды. Маған адамдардың ұстанып алған қағидаттарын емес, олардың өздерін зерттеу ұнайды, ең қызықтырағы − ешқандай қағидаттарға бағынбайтындары. Одан да Дориан Грей туралы сөйлесейік. Сендер жиі кездесіп тұрасыңдар ма? − Күнде. Оны күнде көрмесем, өзімді ең бақытсыз адамдай сезінем. Онсыз тұра алмаймын. − Міне, нағыз қызық! Ал мен сені өмірбақи өзінің өнеріне ғана ғашық болумен өтетін шығар деп ойлағам! − Енді менің бар өнерім тек Дорианға ғана арналады, − деді суретші салмақты кейіпте. − Түсінесің бе, Гарри, маған кейде адамзаттың бүкіл тарихында тек екі нәрсе ғана маңызды сияқты боп көрінеді. Біріншісі − өнерде ойды білдіретін жаңа қалыптың пайда болуы, ал екіншісі − жаңа бейненің өмірге келуі. Венециялықтар майлы бояуды ойлап тапқанда қалай қуанса немесе грек мүсіншілеріне Антинойдың мүсіні қандай керемет боп көрінсе, Дориан келбеті де мен үшін осылай болатынын білемін. Әрине, мен Дорианды саламын, жазамын, эскиздер жасаймын... Бірақ гәптің бәрі мұнда емес. Ол мен үшін жай ғана үлгі емес. Жо-жоқ, өз жұмысыма көңілім толмайды деп айтудан аулақпын, әрі мұндай сұлулықты өнердің өзі де бере алмайды деп көлгірсімеймін де. Өйткені өнер бере алмайтын дүние бұл әлемде жоқ. Бір нәрсені анық көремін − Дориан Греймен танысқаннан бері жазғандарым жақсы, мынау менің ең керемет туындым. Бұны қалай түсіндірерімді білмей тұрмын, сен мені түсінер ме екенсің... Дорианмен кездесу маған жаңа бір әлемнің есігін ашты, өнеріме жаңа бір жазу тәсілін үйретті. − Маған енді бар дүние өзге бір кеңістікте, өзге бір өлшемде көрінеді. Енді мен өмірді бұрын көкірек көзім сезіп көрмеген өзге мәнермен бере алатын қабілетке ие болдым. "Басыңды ой билеп алғанда, пішін туралы армандау", − деп кім айтып еді? Есімде жоқ. Міне, дәл осындай арман болды маған Дориан Грей. Осы бір баланың − мен үшін ол жиырмадан асып кетсе де, әлі бала күйінде, көз алдымда болуы... аһ, білсең ғой, оның көз алдымда отыруының өзі мен үшін неге тең екенін! Оны өзі еш сезбесе де, бейнесі маған өнердегі жаңа көкжиектің сырын ашады, онда романтизмнің бар ыстық демі мен эллинизмнің мінсіздігі ұштасып жатыр. Рух пен дененің үйлесімі − қандай тамаша! Оз ақымақтығымыздан біз оларды кезінде ажыратып жіберген болып шықтық, сөйтіп орнына бетпақ реализм мен түкке тұрғысыз идеализмді ойлап тауып алғанбыз. Аһ, Гарри, Дориан Грейдің мен үшін неге тұратынын білсең ғой! Маған Эгнью қомақты сома ұсынып, сатуымды сұрап қиылған, бірақ сатқым келмей қойған пейзаж есіңде ме? Ол менің ең жақсы картиналарымның бірі. Неге деп сұрамайсың ба? Өйткені оны жазғанда, жанымда Дориан Грей отырған болатын. Оның болмысының өзі, жай ғана орман көрінісінен бір таңғажайыпты көру үшін көкірек көзімді ашатындай, үнемі іздеп, таппай жүрген бір кереметті қолыма ұстататындай әсер етеді.

− Бэзил, бұл таңғажайып қой! Мен Дориан Грейді міндетті түрде көруім керек! Холлуорд орнынан тұрып, бақтың ішімен ары-бері жүре бастады. Бірнеше минуттан соң орнына қайтып оралды. − Түсінші, Гарри, − деді ол, − Дориан Грейді көргенім, мен үшін өнердегі мотивімді тапқан сияқты. Сен одан ерекше ештеңе көрмеуің де мүмкін, ал мен бәрін көремін... Дориан Грейдің өзі жоқ өзге картиналарымда да оның әсері тіпті күштірек. Саған айтып өттім ғой, ол маған жазудың жаңа мәнеріне жол көрсетіп отырады. Ол мені кей пішіндердің ернеулеріндегі мінсіздікті көруге жетелеп, маған кей түстердің ашылмас сырын аша түседі. Бары сол − Бірақ онда портретін неге көрмеге қойғың келмейді? − деп сұрады лорд Генри. − Өйткені бұл портретте мен өзім де байқамастан, суретшінің салушы адамына деген махаббатын жайып салдық, оны Дорианның өзіне айтып көрген емен. Ешқашан да айтуға болмайтын. Бірақ, өзге бір адамдар шындықты көріп қалуы мүмкін, ал мен тым білгішсымақ, әрі көкірек көздері алдындағысынан артықты көре алмайтындардың алдында жанымды жалаңаштауды қаламаймын. Өз жүрегімнің бүлкілін олардың микроскоппен қарауына да жол бермеймін. Енді түсіндің бе, Гарри? Бұл картинаға мен өз сезімімді тым көп қостым, жанымды салдым. − Ал ақындар − олар бұны ұят деп есептемейді. Олар махаббат туралы жазу қашан да пайдалы екенін біледі, өйткені оған үнемі сұраныс бар. Біздің уақытта да жаралы жүрек туралы жырлар бірнеше рет бастырып шығуға сұранып тұр. − Ондай ақындарды суқаным сүймейді! − деп қалды Холлуорд. − Суретші өнердің таңғажайып туындыларын, Оған өз жанының тамшысын да қоспай сала білуі керек. Біздің заманымыздың адамдары өнер туындысын ғұмырбаянның бір түрі деп қарастыруды тауып алған. Біз сұлулықтың өзін жеке тануды ұмытып қалдық. Мен сұлулықты санаға бағындырылған күйден ада еткім келеді, тәуелсіз күйінде беруді, әрі осылай бола алатынын әлемге паш етемін, осы ойымды күндердің күнінде жүзеге асырам деп ойлаймын. Сол үшін де, әлем Дориан Грейдің портретін ешқашан көрмейтін болды. − Меніңше, Бэзил, сенікі дұрыс емес, бірақ дауласпай-ақ қояйын. Айтатын түгі жоқ ақымақтар ғана дауласады. Айтшы, Дориан Грей сені қатты жақсы көре ме?

Суретші ойланып қалды. − Дориан маған бауыр басып кетті, − деп жауап қатты ол біраз ойланып отырып. − Білемін, оны өзім де сеземін. Онсыз да солай болады, өйткені оны үнемі мақтаймын. Оған небір тамаша теңеулер айтудан ләззат аламын, әрине бұлай ете беруге болмайды, кейін бұған өкінуім де әбден мүмкін. Қысқасын айтқанда, ол маған өте жақсы қарайды, екеуміз мың түрлі дүниені талқылап күні бойы бірге отыратын кездеріміз көп. Бірақ, кейде ол тіпті де түк түсінбейтін бола қалады, мені әдейі осылай қинауға шешкендей. Сондай кездерде, Гарри, мен өз рухымды жаздың бір күндік сәні үшін ғана тағып, солған гүлдей лақтыра сала алатын адамның алақанына салғанымды жан жүрегіммен анық сеземін. − Жаз күндері ұзақ қой, Бэзил, − деді Гарри ақырын ғана. − Сенің Дорианнан бұрын әбден ләззатқа бөленіп үлгеруің де мүмкін дүние. Қандай қайғылы болса да, ұлылықтың ғұмыры сұлулықтан әлдеқайда ұзақ. Сол үшін де біз, шамамыздың келер келмесінше санамызды дамытуға барымызды саламыз. Өмір үшін жүріп жатқан үлкен шайқаста біз аяқ тіреп мығым тұрар бір айлақты, мызғымас ақиқатты үздіксіз іздейміз, сөйтіп басымызды керекті-керексіз неше түрлі оймен толтыра бастаймыз. Қазіргі замандағы идеал − жоғары білімді, барлығынан хабардар адам. Ал мұндай білім иесінің миы жарылғыш заттай. Ол бейне көне дүниелер сақталатын дүкен сияқты, бірақ ондағы әр заттың бағасы өзінікінен әлдеқайда жоғары, әрі әсіреленген түрде бағаланады... Иә, Бэзил, меніңше, ең алдымен сен өзің жалығатын боласың деп ойлаймын. Күндердің бір тамаша күнінде, сен досыңа бір қарайсың да, аяқастынан оның сұлулығының мінсіз емес екенін байқап қаласың, оның терісінің түсі немесе тағы бірдеңесі ұнамай шығады. Ішіңнен оның да сен ойлағандай мінсіз емес болып шыққанына кінә артып, осы үшін ол сенің алдыңда кінәлі сияқты көрінетін болады. Келесі кездесуде енді жайбарақат әрі бейжай қалыпқа енесің. Осы бір күйді басыңнан кешуге бел буған саған мен тек аянышпен ғана қарауға мәжбүрмін. Сенің қазір айтқан дүниелерің нағыз роман жазуға тұрарлық дүние. Иә, өнер жайындағы роман. Өзінің өмір романының соңғы беттеріне жеткен адам, өкінішке қарай, прозаға тым әуес болады! − Бұлай демеші, Гарри. Менің бүкіл ғұмырым Дорианға арналған. Сен мені түсінбессің, өйткені сен бір адамды ғана сүюді білмейтін адамсың. − Аһ, қайран Бэзил, міне сондықтан, сондықтан да сенің сезіміңді мен ғана түсіне алам. Бір ғана адамға берілгендерге махаббат тек алдамшы тазалығын ғана көрсетеді, ал оның бар трагедиясын сезіміңді таптаған кезде ғана толық сезіне аласың. Күмістен соғылған әдемі сіріңкеге арналған қорапшасын алып папирос тұтатты. Сөйтті де, мынау жалғанның бар ақиқатын бір ауыз сөзге сыйдырып айтқанына риза болған кейіппен тарта бастады. Жылт-жылт еткен жасыл жапырақтардың арасында торғайлар әндетіп, көгілдір бұлттардың көлеңкесі қанатын кере жайған қарлығаштардай жер сыза жылжиды. Бақта қандай тамаша! "Әрі адамдардың сезімдері қандай қызық, олардың ойларынан да қызықтырақ! − деп ойлап қойды лорд Генри ішінен.− Өзіңнің жаныңды және достарыңның жақсы көретін дүниелерін зерттеуден өзге қызықты нәрсе бар ма екен бұл жалғанда". Ол Бэзил Холлуордпен әңгімелесем деп, әпекесінің үйіндегі жалықтырар қонағасынан қалып қойғанын қуана есіне түсірді. Әрине, бүгін онда лорд Гудбоди да міндетті түрде болуы керек, өйтті дегенше, әңгіменің бәрі кедейлерге арнап ашылуға тиісті қонағасы үйлері мен асханалар туралы өрбиді деген сөз. Осылайша, олардың әрқайсысы өздері ешқашан істемейтін қайырымдылық істері жөнінде ақылгөйсиді дерсің. Байлар үнемділікті, ал ас ішіп, аяқ босатарлар еңбектің ұлы күші жөнінде сайрайды. Осының бәрін естіп, құлағын сарсытудан құтылғаны қандай тамаша! Әпекесін ойлағаны сол екен, лорд Генридің есіне бір жағдай орала кетті. Ол Холлуордқа бұрылды.

− Білесің бе, менің есіме қазір ғана түсті...
− Не түсті, Гарри?
− Дориан Грей туралы қайдан естігенімді айтам.
− Қайдан, − деді Холлуорд қабағын көтеріп.

− Бэзил, маған бұлай ашулана қарама. Бұл әпекемнің үйінде болды, леди Агата ше. Ол бір тамаша бозбаланы тапқанын айтты, ол оған Ист − Ендте көмектесем деп уәде беріпті, міне сол баланың аты Дориан Грей деген болатын. Дегенмен, ол оның сұлулығы жөнінде бір ауыз да айтпады. Әйелдер, мейірбан әйелдер, сұлулықты бағаламайды. Әпекемнің ол туралы бар айтқаны өте салмақты, әрі жүрегі кең бозбала деген, содан соң менің көз алдыма бірден беті секпіл, шашын тіке тараған, дөңгелек көзілдірікті, аяғы үлкен жігіт келе қалғаны. Сол кезде Дорианның сенің досың екенін білгенде ғой.

− Білмегенің қандай жақсы болды, Гарри.
− Неге?
− Мен сендердің танысқандарыңды қаламаймын.
− Танысқанымызды қаламаймын дейсің бе?

− Иә.
− Мистер Дориан Грей студияда күтіп тұр, сэр, − деді лакей, баққа шығып.

− Ал енді, қаласаң да қаламасаң да таныстыруыңа тура келеді! − деді лорд Генри күліп.

Суретші шақырайған күннен тура қарай алмай тұрған лакейге бұрылып:
− Мистер Грейге күте тұрсын деп айт, Паркер, мен сәлден соң келемін.

Лакей иілді де үйге апаратын жолға түсіп кетіп бара жатты. Холлуорд лорд Генридің соңынан: − Дориан Грей менің ең жақсы досым, − деді ол − Ол ақжарқын, әрі таза жүректі, мұны айтқанда, сенің әпекең әбден дұрыс айтқан. Байқа, Гарри, оны бұзуды ойыңа да алма! Оған өз үстемдігіңді жүргізуден аулақ бол Өйткенің − оны құртқанмен бірдей. Әлем тар емес, қызықты адамдар онсыз да жеткілікті. Сондықтан, менің өнеріме сол бір тамаша лепті сыйлаған, мен үшін ең қымбат адамды тартып ала көрме. Суретшілік ғұмырымның болашағы соның қолында тұр. Осы айтқандарымды ұмытпа, Гарри, мен саған үміт артамын! Ол осының бәрін, сөздер бейне аузынан емес, жүрегінен шығып жатқандай ақырын әрі асықпай айтып шықты. − Не деген ақымақтық! − деді оны бөліп жіберген лорд Генри жүзіне күлкі ойнап, сөйтті де оны қолтығынан қысып, үйге қарай сүйрей жөнелді.

ІІ

Дориан Грей шеберханада отыр. Ол арқасын есікке беріп, рояль алдында Шуман әуендерінің "Орман суреттері" деген жинағын қарап отыр екен. − Не деген керемет! Мен оларды үйреніп алғым келеді, − деді ол бұрылмастан, − бұларды уақытша ала тұрсам бола ма, Бэзил.

− Берем, тек бүгін жақсы жұмыс істесеңіз болды, Дориан. − Oh, мұның мені жалықтырып жібергенін білсеңіз ғой! Маған өзіммен бірдей портретім аса қажет те емес, − деді бозбала еркелей тіл қатып. Орындығынан тұрмастан бұрыла қарағанда, ол лорд Генриді көрді де, атып тұрып, қызарақтап кетті. − Кешіріңіз, Бэзил, мен сіздің қонағыңыз бар екенін білмедім. − Танысып қойыңдар, Дориан, бұл лорд Генри Уоттон, менің университетте бірге оқыған жолдасым. Оған жаңа ғана сізді керемет үлгі деп мақтап келе жатыр едім, ал сіз шаршағаныңызды айтып, соның бәрін жоққа шығарып отырсыз! − Бірақ, менің сізбен танысу қуанышыма бұл ешқандай әсер еткен жоқ, мистер Грей, − деді лорд Генри, оған жақындап, қолын беріп тұрып. − Мен сіз туралы әпекемнен көп естідім. Сіз оның ең жақсы көретін адамысыз, сөйте тұра оның қармағына әбден іліккенсіз десем де артық емес. − Дәл қазір леди Агата бұлай ойлап жүрген жоқ па деп қорқам, − деді Дориан сәл кінәлі кейіппен. − Мен өткенде онымен Уайт Чаппелдегі бір концертке барам деп уәде еткен едім, бірақ есімнен шығып кетіпті. Онда біз рояльда екеуміз қатар отырып ойнаймыз деп келіскенбіз, ұмытпасам, тіпті үшеуміз. Енді қалай қарарын білмеймін. Көзіне түсуге қорқам. − Ештеңе етпейді, мен сіздерді татуластырам. Агата әпекем сізді өте жақсы көреді. Ал сіздердің концертте бірге шыға алмағандарыңыз ол үшін тіпті маңызды нәрсе емес. Тыңдаушы халық дуэт деп ойлап қалғанына күмәнім жоқ, өйткені Агата әпекем ешкімнің көмегінсіз-ақ, бір өзі екеуден артық шумен ойнап береді. − Мұндай ойыңыз оны ренжітіп, мені тым аспандатып жібергеніңіз емес пе, − деді Дориан күліп. Лорд Генри Дорианға қызықтап қарап отырды, оның көздері тұнық көк, шашы алтын түстес бұйра, оймақтай еріндері алуаның өзіндей қызғылт еді. Бұл бозбала шын мәнінде сұлу еді, әрі бет-әлпеті адамға жылы ұшырап, іші-бауырыңа кіріп кетердей. Бойында жастыққа тән шыншылдық пен тазалық ойнап тұратын, оның мінсіз болмысы көзге түседі. Осы бір таза жүректің тұнығын өмір әлі лайлай қоймағанына әбден сенуге болады. Бэзил Холлуордтың көңіл хошы оған құлай кеткені тегін емес екен! Осындай тамаша жас жігітке қайырымдылықпен айналысу жараса ма екен! Жоқ, сіз бұл үшін жаралмағансыз, мистер Грей! − деді лорд Генри, диванға жантая кетіп, қалтасынан темекі сауытын алып жатып. Бұл уақытта суретші қылқаламдарын дайындап, палитрада бояуларды араластырып тұрған. Оның түйілген қабағынан бірнәрсеге аса алаңдаушылық білінеді. Лорд Генридің соңғы сөзін естігенде ол оған жалт қарады да, бірер минут кібіртіктеп тұрып: − Гарри, мен бүгін портретті аяқтайын деген едім. Сенен кетуіңді сұрасам, ренжімейсің бе?

Лорд Генри Дорианға күлімсірей қарады.
− Кетейін бе, мистер Грей?

− Ah, жоқ, лорд Генри, өтінем, кетпеңіз! Менің білуімше, Бэзилдің бүгін тағы да көңіл-күйі болмай тұр, ал маған оның ашулы қалпы мүлде ұнамайды. Оның үстіне сіз маған неге қайырымдылықпен айналыспауым қажеттігін дұрыстап түсіндірген жоқсыз? − Бұны түсіндіріп жатудың өзі керек пе, мистер Грей? Мұндай қызықсыз тақырыпқа сөйлесу үшін салмақты болуға тура келеді. Бірақ мен, сіз сұрап тұрғандықтан, әрине кетпеймін. Сен қарсы емессің ғой, Бэзил, солай ма? Үлгі боп тұрған адамның көңілін біреу аулап тұрса, саған тіпті жақсы болар еді деп бір кезде өзің айтпап па едің.

Холлуорд тілін тістеді. − Әрине, егер Дориан солай болғанын қаласа, қал Оның айтқаны өзінен басқа бәрімізге заң.

Лорд Генри қолғабы мен шляпасын алды. − Сен қалай сұрасаң да, Бэзил, өкінішке қарай мен қала алмайтын боп тұрмын. Өрлен клубында біреумен кездесуге уәделесіп қойып ем. Сау болыңыз, мистер Грей. Қолыңыз бір босағанда Керзон − стриттегі үйде қонақ боларсыз. Сағат бестердің кезінде мен үнемі үйде болам. Бірақ, ең дұрысы алдын ала айтып қойыңыз, әйтпесе мен болмай қалып, сізді көре алмай қалсам өкініште болармын. − Бэзил, − деп қалды Дориан Грей, − егер лорд Генри кетсе, мен де кетем! Жұмыс жасап жатқанда сіз аузыңызды ашпайсыз, ал қақиып күлімсіреп тұрудан мен үнемі жалығам. Оның кетпеуін сұраңызшы! Гарри, қалсаңшы енді. Дориан қуанатын болады, мен де саған қарыздар болар едім, − деді Холлуорд картинадан көзін алмастан. − Жұмыс істегенде мен шынында да үндемеймін, әрі біреудің айтып жатқанын естімеймін де, сондықтан да байғұс үлгілерім әбден жалығатын жөні бар. Өтінем, бізбен отыра тұр.

− Ал менің клубтағы кездесуім ше?
Суретші мырс етті.

− Оның сондай маңызды екеніне күмәнім бар. Отыр, Гарри. Ал сіз, Дориан, анау жерге барып тыныш тұруға тырысыңыз. Сонымен қатар, лорд Генриді аз тыңдауға тырысыңыз, ол менен басқа бар таныстарын әбден бұзып біткен адам. Дориан Грей − әбден мезі болған жас жігіт, бетін тыржитып алып, лорд Генриге бір қарап алды да, тұра қалды. Бэзилдің бұл досы оған өте ұнап қалды. Олар Бэзил екеуі бір-біріне мүлде ұқсамайтын, әрі мінездері қарама-қайшы еді. Лорд Генридің дауысы да жағымды! Бір минуттай тұрды да, Дориан: − Лорд Генри, сіз шынында да өзгелерге жағымсыз әсер етесіз бе? − деп сұрады. − Жағымды әсер ету деген мүлде болмайды, мистер Грей. Кез келген эсер ету дегеннің өзі − жағымсыз, ғылыми тұрғыдан жағымсыз болып табылады.

− Неліктен? − Өйткені, өзге біреуге әсер ету дегенің − оған өзіңнің жаныңды бердім деген сөз. Ол енді өзінше ойлай алмайды, өзінше емес, өзге біреудің отына жанады. Жақсы істерін де өздігінен жасамайды, күнәға батса да, әрине егер солай болса, өзінің еркінен тыс батады. Ол өзге біреудің әуеніндегі бір дыбыс, өзіне арнап жазылмаған рөлдің ойнаушысы болып қана қала береді. Өмірге келген соң, оның мәні өз жолыңды табу. Бар болмысыңмен, өз ерекшелігіңмен толыққанды өмір сүру, адам сол үшін дүние есігін ашады. Ал біз, адамдар, өз-өздерінен қорқатын заманға тап келдік. Олар ең басты парыз өзіңнің болмысыңның алдындағы парыз екенін ұмытып кетті. Әрине, олар ізгі. Ашты тойдырады, жыртық-жамауды киіндіреді. Ал өз жандарының аштықтан бұратылып, жалаңаштанып қалғанын білгісі де келмейді. Біз шындыққа тура қарау батылдығын жоғалтып алдық. Мүмкін, ол бізде ешқашан болмаған да шығар бәлкім. Қоғам не айтар екен деп қорқу, міне ар-ұятымыздың негізі, Құдайдан қорқу, өйткені ол діннің негізі, иә, иә, осылар біздің қозғаушы күштеріміз. Ал шын мәнінде... − Өтінем сізден, Дориан, басыңызды сәл оңға қарай бұрыңызшы, − деді суретші. Жұмысқа беріліп кеткен ол әңгіменің не жөнінде жүріп жатқанынан бейхабар еді, тек Дориан Грейдің жүзінен бұрын байқамаған өзгерісті көрді. − Ал негізінде, − деп жалғастырды лорд Генри, айқын да ашық дауыспен, әрі бір кездері Итондағы таныстарының өздері де еш қайтпаған табандылықтарынан жаңылмай, меніңше, егер әрбір адам әр сезімін сыртқа шығарып, әр ойын ашық айтса, әр арманын жүзеге асырып, толыққанды өмір сүрсе − әлем ортағасырлық бар ауру-сырқауларынан арылып, бақыттан басы айналар күйде болар еді, сөйтіп эллинизмнің мінсіздігіне қайта қол жеткізіп, тіпті одан да ары барар ма едік, кім білсін. Бірақ арамыздағы ең батыл дегендеріміздің өзі де өзінен қатты қорқады. Өзіңнен бас тарту, осы бір артта қалған өмірдің қалдығы, бар дүниені құртады. Осылай өз-өзімізден бас тартқанымыз үшін аз ақы төлеп жатқан жоқпыз. Өз-өзімізге рұқсат етуге тыйым салатын кез келген қалауымыз, өз жанымызды іштей тырналап, қайғыға батыра түседі. Ал күнә жасап, адам оған деген ынтықтығынан арылады, өйткені ойыңа алған нәрсені жүзеге асыру-тазарумен бірдей. Содан кейін тек естеліктер мен өз қателігіңді түсінген тәжірибе ғана ашады. Жаныңды арбаған күнәдан құтылудың жалғыз ғана жолы бар − ол оған жол беру. Ал онымен күресем деп шешсең, жаның қорыған дүниеге әуес болып, соны жасағанша тыныштық бермейді, ал адамның өзі ойлап тауып қойған заң бұл дүниелерді нағыз оңбағандық пен қылмыс деп танитын болады. Бірде бір ақылды адам айтқан екен: "Ең ұлы оқиғалар − адам миында болып жатқан оқиғалар". Ал мен оған ең сұмдық күнәлар да адам миында өзегін жарады, тек адам миында дегенді де қосар едім. Несін жасырасыз, мистер Грей, сіздің де басыңызды балалық шақта, бозбалалық өмірдің қызығында да, кейде ініңіз де қорқатын бір сезімдер айналдырған шығар. Ойлауға да ұялатын кейбір дүниелер туралы түстер көріп, армандаған да боларсыз... − Тоқтаңыз, тоқтаңыз! − деп сыбырлады, кібіртіктеген Дориан Грей. − Сіз мені ұялтып барасыз, не деп жауап берерімді де білмей тұрмын... Сізбен сөз таластырған болар ем... бірақ, дәл қазір аузыма түспей тұр... Басқа ештеңе айтпаңыз! Ойлануға мұрша беріңіз... Қысқасын айтқанда, ең жақсысы, бұл туралы ойламаған! Дориан ауызы сәл ашылып, көздеріне бір от ұялап, он минуттай қалт етпестен үнсіз тұрып қалды. Оның санасында жаңа бір ой өресі мен сезім сергелдеңі туындап келе жатқан еді. Ол өзге біреудің қасынан емес, өз ішінде ұйықтап жатып, оянып кеткендей. Иә, ол Бэзилдің осы бір досының бір-біріне қарама-қайшы ғып, сөз арасында болса да, әдейі айтқан кейбір дүниелерінің, ішіндегі бұрын ешкім де саусағын тигізіп көрмеген құпия бір пернелерді басып жіберіп, енді оны тоқтату мүмкін емес екенін сезгендей болды. Осыған дейін бұлайша тек музыка ғана толқытатын. Бірақ, ол түсініксіз бұлыңғыр еді. Музыка жаныңда жаңа әлем тудырмайды, ол жаңа хаос тудырады деген дұрысырақ шығар. Ал мына сөздер! Жай ғана сөздер − бірақ қандай қорқынышты сөздер! Ешқайда қашып құтыла алмайсың. Анық, әрі күшті, қатыгез! Сонысымен қатар, адамды бұзар сөздер! Олар бейне көзге көрінбес армандарға пішін беріп тұрғандай. Олардың өзіне тән әуені бар, лютна мен виоланың дыбысынан да әсерлі. Тек сөздер ғана! Бірақ сөзден ауыр нәрсе бар ма екен? Иә, жігіттік ғұмырының басында Дориан кей дүниелерді түсіне бермейтін. Қазір ол бәрін түйсінді. Өмір енді ғана бар бояуын көрсетіп жарқ ете қалды. Аяғының астындағының бәрі оттай қызып кеткендей болды. Осының бәрін сезбей қалай жүрген? Лорд Генри миығынан күле оны бақылап отырды. Ол қай кезде үнсіз қалуды білетін. Дориан оның қызығушылығын тудырды, қазір ол Дорианның бұның сөздеріне ой жүгіртіп отырғанына таңданып отыр. Ол он алты жасында оқыған бір кітабын есіне түсірді, сол кітап арқылы көп нәрсеге көзі ашылған еді. Мүмкін, Дориан Грейдің басынан да сол жағдай өтіп жатқан шығар? Жай ғана ата салған оқ, шынымен де, нысанаға дөп тигені ме әлде? Мына бала қандай сүйкімді еді!.. Холлуорд жан-тәнімен беріліп жазып жатқан еді. Әдеттегідей, қылқаламы кенептің бетінде керемет жеңіл батыл жүріп жатқан-тын. Мұндай нәзік те дәл тиетін жазу мәнері қашанда өнерде өте дарындылықтың белгісі. Ол орнаған тыныштықты байқамады да.

Бэзил, мен шаршап кеттім, − деді Дориан аяқ астынан.
Маған таза ауаға, баққа шығып келу қажет. Мұнда тым қапырық!

Аһ, кешіріңіз, достым! Жазғанда дүниедегінің бәрі есімнен шығып кетеді. Ал сіз бүгін бір қозғалмай тұрдыңыз. Ешқашан бұлай тұрмап едіңіз. Міне, соны пайдаланып, іздеп жүрген сәтімді түсіре қойдым. Сәл ашылған еріндеріңіз, көзіңіздегі от... Мұнда Гарридің не деп соққанын білмеймін, бірақ сіздің жүзіңіздегі таңғаларлық өзгерістің себепкері, әрине сол болғанын түсінем. Сені әбден мақтаған болар, шамасы? Ал сіз оның бірде-бір сөзіне сенбеңіз. − Жоқ, ол маған тіпті де мақтан сөздер айтқан жоқ. сондықтан оған сенуге зауқым да жоқ. − Жә, жә, ішіңізден айтылғандардың бәріне сенетініңізді мойындайсыз ғой, − деді лорд Генри, оған тұңғиық көздерімен ойлана қарап. − Мен де сізбен бірге баққа шығып келермін, мұнда сұмдық ыстық. Бэзил, бізге мұз қосылған ішетін бірдеңе әкелуге әмір берші... бүлдірген шырыны болса тіпті тамаша. − Қуана, қуана, Гарри. Паркерді шақыршы, не дайындау керек екенін өзім айтармын. Мен баққа сәлден соң барам, портреттің бір жерлерінің бояуын таңдауым керек. Бірақ Дорианды көп ұстама. Бүгін мен ерекше шабыттанып тұрмын. Бұл портрет менің ең ұлы туындым болады. Қазірдің өзінде ол нағыз кереметтің өзі. Баққа шыққан лорд Генри Дорианды жұпаргүл ағашының саясынан тапты. Гүл арасына басын тығып алған ол хош иісті құмарын қандыра иіскеп тұр екен. Лорд Генри тым жақын келіп, иығынан ұстады. − Бұныңыз дұрыс, − деді ол ақырын ғана. − Жаныңды сезіммен емдеген дұрыс, ал сезімді тек жан ғана емдейді. Жас жігіт селк ете түсті де, бір қадам артқа жылжыды. Басында шляпасы жоқ еді, жел оның қайратты, алтын түстес бұйра шашын толқындатып желпіп тұрды. Көздеріне үрей ұялаған. Жұқа танауы делдиіп, алқызыл еріндері белгісіз бір толқудан дір-дір етеді. − Иә, − деді лорд Генри, сөзін жалғастырып, − өмірдің бұл ұлы құпиясын білу ауадай қажет. Жаныңызды сезіммен емдеңіз, сезіміңіз жаныңыздың жайын тапсын. Сіз ерекше жансыз, мистер Грей. Сіз өзіңіз ойлағаныңыздан әлдеқайда көп білетін адамсыз, тек оны өзіңіз білгіңіз келмей жүр. Дориан Грей қабағын сәл түйіп, теріс қарады. Жанында тұрған осы бір бойшаң келген көрікті адам оған ұнап қалды. Күн қаққан ойлы жүзі, бәсең дауысында адамды өзіне қарай тартып, баурап алар қасиет бар. Тіпті мұздай аппақ нәзік саусақтары гүлдің сүйрік сабақтары сияқты. Қолдарының әр қозғалысында, дауысында үйлесімді әуен бар, өздеріне тән ырғақ бар. Дориан бұл адам алдында өзінің қорқатынын сезді, әрі одан өзі ұялып тұр еді. Танымайтын бір адамның кенеттен өз жанын түсінуді үйреткені рас па? Бэзил Холлуордпен қанша уақыт таныс, бірақ ол мұның өмірін астан-кестең өзгерткен жоқ қой. Енді, мына бір бейтаныс адам бірер ауыз сөзбен-ақ оған өмір құпияларын аша салды. Сонда одан несіне қорқады? Ол оқушы немесе қыз емес қой. Лорд Генриден қорыққаны тіпті ақымақтық. Келіңіз, көлеңкедегі бір жерге отыра тұрайық, − деді лорд Генри. − Міне, Паркер де шөл басар бірдеңе әкеле жатыр. Осылай күннің астында қақиып тұра беретін болсаңыз бетіңіз бұзылып, Бэзилдің сізді жазғысы келмей қалуы да ғажап емес. Күнге қақталған жүзіңіз жараса қояр ме екен. − Соны да сөз деп! − күліп жіберді Дориан Грей, бақтың түбіндегі орындыққа жайғасып жатып.

− Сіз үшін бұл аса маңызды, мистер Грей.
− Heгe?

Өйткені сізге осындай жастықтың балауса сұлулығы берілгені үшін, ал жастық дегеніміз дүниедегі жалғыз ғана байлық.

− Мен бұл туралы ойламаймын, лорд Генри. − Қазір, әрине, сіз бұл туралы ойламайсыз. Бірақ бетіңізді әжім басып, арса-арса болып қартайғанда, оттай ерініңіздің қызуын өзгелер сорып алғанда, сіз бұл туралы ащы өксікпен ойлайтын боласыз. Қазір сіз қайда бармасаңыз да бәріне ұнамдысыз. Бірақ үнемі осылай бола ма? Сіз өте көріктісіз, мистер Грей. Бұртимаңыз, бұл шындық. Ал сұлулық ұлылықтың бір бейнесі, ол тіпті оның өзінен де жоғары тұрады, өйткені оны түсінудің қажеті жоқ. Ол бізді қоршаған ортаның ең бір керемет құбылыстарының бірі, бейне күн сәулесі немесе жадыраған көктемдей. Сұлулықпен таласпайды. Ол шексіз биліктің иесі, әрі ол қонған адамын да сол биліктің тағына отырғызады. Жымиясыз ғой? О, сіз оны жоғалтып алғанда бұлай күлмейтін боласыз... Кейбіреулер сұлулық жалғанның бір қызығы ғана дейді. Ол да мүмкін болар. Қайткенмен, Сана сынды мінсіз емес шығар. Мен үшін сұлулық кереметтердің кереметі. Тек соқыр, әрі көкжиегі тар адамдар ғана сырт келбетке мән бермеуге тырысады. Өмірдің нағыз құпиясы көзге көрінер құбылыста жасырынған, оны көз көріп, құлақ естімегеннен іздеу ақымақтық... Иә, мистер Грей, құдай сізге оң көзін салыпты. Бірақ ол өз бергенін тез-ақ тартып алады. Сіздің қуаныш пен шаттыққа толы өміріңіз көпке созылмақ емес. Жастық өтер, онымен бірге сұлулық та кетер, міне, сонда жеңісті күндердің өткенін, енді ұсақ-түйек мақтаусымақтарға көз тігетін кездің келгенін анық түсінесіз. Оларды естігенше, өлгенді артық санауға да болар. Әрбір өткен ай сізді осы ауыр болашаққа жақындата түседі. Уақыт қызғаншақ. Ол құдайдың сізге бұйыртқан лала гүлдері мен раушандарын да қызғанады. Алқызыл беттеріңіз суалып, көздеріңіздің оты қайтады. Сіз жан ауыртар қайғыға батасыз... Ал енді, әріңіз таймай тұрғанда, сұлулығыңызды пайдаланыңыз. Алтыннан да қымбат күндеріңізді адам жалықтырар мүләйімдерді тыңдаумен желге ұшырмаңыз. Ешқашан жөнге келмейтін дүниені жөндеуге тырыспаңыз, өтірік идеясымақтар мен біздің заманымыздағы орға жығар ұмтылыстардың соңынан еріп, өміріңізді надандар мен көкмилардың, оңбағандардың қолына беріп қоймаңыз. Өмір сүріңіз! Сізге берілген өмірден ләззат алыңыз. Ештеңені жіберіп алмаңыз, өмір сусынын қанып ішіңіз!Ештеңеден қорықпаңыз! Жаңа гедонизм − міне біздің заманымыздағы жаңа ұрпаққа керек нәрсе. Ал сіз сол құбылыстың нағыз символы бола алар едіңіз. Сіз сияқты адам үшін мүмкін емес ештеңе жоқ. Қысқа уақытқа болса да, әлем сіздің аяғыңыздың астында жатыр... Мен бір мінгеннен-ақ сіздің өзіңіздің не үшін жаралғаныңызды әлі білмей жүргеніңізді сездім, сіз кім бола алатыныңызды білмей жүрсіз. Сіздің бойыңыздағы көп нәрсе мені қобалжытты, содан да өзіңізді тануға сүйемелдеп жіберуім керек екенін түйсіндім. "Не үшін дүниеге келгенін білмей, қайран ғұмыр өте шығар ма!" деп ойладым. Ал жастық шақ тұрмайды, көзді ашып-жұмғанша. Қырдың қырмызы гүлдері тез солады, бірақ олар қайта шығады. Келер жазда шілік, дәл бүгінгідей алтындай жарқырап тұратын болады. Әр айдан соң, бар көркімен ломонос та бүр жарады. Ал жастық шақ бізге қайтып оралмайды. Жиырма жаста қаныңды басыңа шаптыратын бақыт сезімінің бүлкілі ақырындап қуатынан айырыла беретін болады, дене қартайып, сезім сараң тартады. Біз жас шағымызда мұрындық беруге қорыққан сезімдеріміз бен жан арбар шақтарымызды үнемі еске алумен ғана бас қатырып отыратын кәрі қақсалдарға айналамыз. Жастық! Жастық! Дүниеде оған тең келер ештеңе жоқ! Дориан Грей жан-тәнімен, әр сөзді сіңіре тыңдады. Саусақтары жазылып, қолындағы жұпаргүл бұтағы жерге сырғып түсті. Сол сәтте-ақ, оған бір ара ұшып келді де, айналып − айналып, ақыры гүлдер арасымен жорғалай бастады. Дориан бар ынтасын соған аударып, әр қимылын бағып қалды. Біз кейде аса маңызды дүниелерді ойлаудан қорыққанда осылай ұсақ-түйек бірдеңеге еріксіз қадалып алып, бейне қиындықтан қашып құтылатындай боламыз. Ара тез жалығып одан әрі ұша жөнелді де, тағы бір гүлдің ұлпасына отырып алды, әлгі гүл салмақтан шайқалып кетті. Кенет шеберхананың босағасында Холлуорд пайда болды да, қолын қайта-қайта бұлғап үйге кіруге шақырды. Лорд Генри мен Дориан Грей бір-біріне көз тастады. − Мен күтіп отырмын, − деп айқайлайды суретші. − Жүрсеңдерші енді! Қазір жарық тамаша түсіп тұр... Сусынды мұнда да ішсеңдер болады. Олар орындарынан тұрып, аяқтарын еріне басып жолға түсті. Төбелерінен көбелектер ұшып өтті. Бақтың түкпірінен құстың дауысы естіледі. − Сіз менімен танысқаныңызға қуаныштысыз ғой, солай емес пе, мистер Грей? − деді лорд Генри, Дорианға қарап тұрып.

− Иә, қазір қуанып тұрмын. Бірақ үнемі осылай бола бере ме, білмеймін. − Үнемі!.. Қандай сүйкімсіз сөз! Осыны естігенде, денем тітіркенеді. Әсіресе бұлай айтқанды әйелдер жақсы көреді. Олар кездесулерінің ұзаққа созылғанын қалап, ақыры, оны бұзып тынады. Сондағы "үнемі" дегендері бос сөз. Жай еркелік пен "мәңгілік махаббаттың" арасындағы айырмашылық тек еркеліктің сәл ұзаққа созылатынында ғана. Олар ендігі шеберхананың босағасына да жеткен еді. Дориан Грей қолын лорд Генридің иығына салды да: Бұлай болса, ендеше, біздің достығымыз еркелік болсын, − деп сыбыр ете қалды ол, ұялғаннан жүзі қызарып кетті, бойында пайда болған батылдығына таңғалды. Сөйтті де орнына барып тұрды. Лорд Генри кең диванға жайғасып, оларға қарап отыр. Бөлмедегі тыныштықты суретшінің кенепке тигізген қылқаламының тықылы мен қозғалысы ғана бұзып тұр. Алыстан қарау үшін Холлуорд мольберттен алшақтағанда ол да тоқтайды. Ашық есіктен көлденеңінен жарық түсіп, онда алтын түстес шаң ұшқындары ойнақ салады. Раушан гүлінің хош иісі аңқып тұр. Ширек сағат өткен соң суретші жұмысын тоқтатты. Ол Дориан Грейге ұзақ қарады, сосын, тура солай ұзақ, қылқаламының ұшын тістелеп, қабағын түйіңкіреп портретке қарап тұрды. − Дайын! − деді ол ақыры, сөйтті де иіліп кеп картинаның сол жақ бұрышына сүйрік қызыл әріптермен қолтаңбасын қалдырды. Лорд Генри картинаны жақсылап көру үшін жақын келді. Бұл сөзсіз үздік туынды еді, айнымайтын дәл өзі. Қымбатты, Бэзил, шын жүректен құттықтаймын сені, деді ол. − Қазіргі бейнелеу өнерінде бұдан асқан портретті көрген емен. Жақын келсеңізші, мистер Грей, өзіңіз не айтасыз.

Жас жігіт біреу ұйқысынан оятып жіберген адамша селк ете түсті.
− Шынымен де аяқталды ма? − деді ол орнынан қозғалып.

− Иә, иә. Әрі сіз де бүгін керемет жақсы жұмыс жасадыңыз. Сізге шексіз алғысымды білдіремін. − Бұл үшін маған алғыс айтыңыз, − деп сөзге араласты лорд Генри. − Солай емес пе, мистер Грей? Дориан жауап қатпастан, есі шыға портреттің жанынан өте шықты да, оның дәл алдына барып тоқтап кері бұрылды, сөйтті де тура бетпе-бет келді. Бір қарағанда − ақ ол еріксіз артқа шегініп, риза болғанын жасыра алмады. Көздерінен қуаныш оты жарқ ете түсті, бейне өзін бірінші рет анық көріп тұрғандай. Ол Холлуордтың бірнәрселерді айтып жатқанын естіп тұрса да, санасын мүлдем жаулап алған картинаға көз алмастан, ештеңеге мән бермей қарай берді. Өзінің сұлулығын жаңа ғана сезді. Осы уақытқа дейін ол оны байқамапты, сондықтан да болар, Бэзил Холлуордтың таңданысы оған жай ғана достық пейіл боп көрінетін. Ол оның мақтауларын еститін де күлетін, ол сол жерде қалатын. Олар бұған ешқандай эсер етпеуші еді. Бірақ кенеттен лорд Генри пайда болды да, жастық гимнін нақышына келтіре шырқап берді, оның ғұмырының қысқалығын ескертті. Ал енді қазір мына картинадағы өзінің сұлулығына қарап тұрып, оның санасында лорд Генри болжаған болашақ өмірінің сұлбасы толығымен жүгіріп өтті. Иә, беті солып, әжім басады, жанарындағы жарқыл жоғалады, тік бойы бүкірейер, алжа-алжасы шығар. Жылдар еріндерінің қызылын ұрлап, алтын шашының түсін былғар. Өмір оның рухын қатайтам деп, өңін бұзатын болады. Ол адамды өзінен алшақтатар, сұрықсыз көптің біріне айналады. Қанжардай қадалған осы ойлардан Дорианның тұла бойы сырқырап кетті. Көзінің алды қарауытып, көкшілдері сұрланып, жасқа толды. Бейне суық қол жүрегін шымшып қалғандай. − Сізге портрет ұнамай қалды ма? − деді ақыры Холлуорд, Дорианның түсініксіз үнсіздігін көңіліне алып. − Әрине ұнайды, − деп жауап берді ол үшін лорд Генри. Кімге де болса ұнамай қала ма? Бұл осы замандағы бейнелеу өнерінің ең үздік туындыларының бірі. Қанша сұрасаң да беруге дайынмын. Бұл портрет менікі болуы тиіс.

− Мен бұны сата алмаймын, Гарри. Ол менікі емес.
− Кімдікі сонда?
− Дориандікі, әрине, − деп жауап қатты суретші.
− Басында бағы бар екен!

− Қандай өкінішті! − деді бір мезет, Дориан Грей, көзін портретінен айырмастан. − Қандай өкінішті! Мен қартаямын, адам қарағысыз қақбасқа айналамын, ал портретім мәңгі жас боп қала береді. Ол бүгінгі маусым менен асып ешқашан есеймейді... Аһ, егер бәрі керісінше болса ғой! Портретім қартайып, мен жастығымды мәңгілік сақтап қалсам ғой! Бұл үшін... бұл үшін бар дүниені тәрк етер едім. Иә, ештеңені аямас едім! Жанымды да саудаға салар едім! − Саған, Бэзил, бұндай дүниелердің ұнай қоюы екіталай! деп қойды лорд Генри күліп. − Онда суретшінің жұмысынан ауыр ештеңе бола қояр ма екен!

− Иә, мен бар жаныммен бұған қарсы шығар едім, деді Холлуорд.
Дориан Грей бұрылды да, оған тесіп жіберердей тура қарады.

− О, Бэзил, мен бұған еш күмәнданбаймын! Сізге достарыңыздан гөрі өнер қымбатырақ емес пе. Сізге салса, құным тат басқан қола мүсіннен артық емес шығар. Жоқ, сіз оны да артығырақ бағаларсыз. Таңданып қалған суретші оған көзі шарасынан шығардай қарады. Одан мұндай сөздерді есту тіпті тосын еді. Не болды? Өзі өте ашуланып тұрса керек, беті алаулап кетіпті. − Иә, иә, − деп жалғастырды Дориан. − Мен сізге анау күміс пен піл сүйегінен қашалған Гермесіңіздей қымбат емеспін. Оларды сіз үнемі сүйетін боласыз. Ал мені солай ұзақ сүйе алар ма екенсіз? Алғашқы әжім пайда болғанға дейін болар. Енді мен адам сұлулығын жоғалтқанда бәрінен де жұрдай болатынын білемін. Сіздің картинаңыз маған осыны анық ұқтырды. Лорд Генри шындықты айтады: жастық − дүниедегі ең қымбат нәрсе. Мен өзімнің қартайып келе жатқандығымды білдіретін алғашқы белгіні сезгенде − ақ бұл өмірден кетемін.

Холлуорд қудай боп оның қолынан шап берді. − Дориан, Дориан, не деп тұрсыз! Менде сізден жақын дос болған емес, болмайды да. Қайдағы бір боқ дүниеден қызғанып тұрғаныңыз не? Сіз олармен теңестіруге де келмес сұлусыз! − Мен ажары мәңгі таймайтын заттардың бәрін де қызғанамын. Мен жазған мына портретті де қызғанамын. Маған жоғалтуға жазған дүние неге онда сақталуы керек? Әрбір сәт менен ұрлағанды оған сыйлайды. О, егер бәрі керісінше болса ғой! Портрет өзгеріп, мен дәл қазіргімдей өзгеріссіз қалсам ғой! Неге ғана жаздыңыз оны? Оның маған қарап мазақ қылатын кезі де келер, сонда үнемі миымды улайтын болады! Дорианның жанары ыстық жасқа толды, қолын Холлуордтың алақанынан суырып алып, дивандағы жастыққа бетін көме құлай кетті.

− Бұл сенің ісің, Гарри! − деді суретші ауыр күрсініп.
Норд Генри иығын көтерді.
Бұны айтқан Дориан Грейдің нақ болмысы, бар болғаны сол ғана.
− Жалған айтасың.

− Жалған болса болар, менің қандай қатысым бар?
− Сұраған кезімде, мұнда қалудың орнына кетуің керек еді.
− Қал деп айтқан өзің емес пе, − деп қарсы шықты лорд Генри.

Гарри, дәп қазір, бірден екі жақсы жолдасыммен бірдей ұрсысып қалғым кеп тұрған жоқ... Бірақ сіздер, келуіңіз де, менің ең жақсы картинамды жек көріп кетуіме бар ықыластарыңызды салдыңыздар. Оның көзін құртамын. Не десек те, бұл жай ғана кенеп пен бояудан ғана жаралған нәрсе ғой. Оның бәріміздің өмірімізді запырандай қылуына жол бермеймін. Дориан Грей жастықтан басын көтеріп, бозарған күйінде, биік терезенің алдындағы жұмыс үстелінің жанына келген суретшінің әр қимылын бағып қалды. Онда не істеп жатыр? Шашылып жатқан бояу құтылары мен қылқаламдардың арасынан бірдеңені іздеп жатыр. Ә, ә, жүзі өткір пышағын іздеп жатыр екен ғой. Міне, тапты да. Ол портретті кескілеп тастағысы келеді! Күрсініп алды да, жас жігіт диваннан атып тұрып, Холлуордтың жанына жетіп барды, сөйтіп қолындағы пышақты жұлып алып бір бұрышқа лақтырып жіберді. − Дәтіңіз қалай барады, Бэзил! Қалай ғана барады! − деп айқайлады ол − Бұл біреуді өлтіргенмен бірдей ғой! − Дегенмен, менің жұмысымды бағалайды екенсіз ғой? Өте қуаныштымын, − деді суретші суық жүзбен, таңданысын жасыра алмай. − Ал мен бұдан үмітімді үзген де едім. − Бағалаймын? Мен оны жанымнан артық жақсы көрем, Бэзил. Мына портрет, бейне менің бір бөлігім сияқты. − Тіпті жақсы. Портрет кепкен соң үйіңізге жібереміз. Сонда, өзіңізбен не істесеңіз де еркіңіз білсін.

Бөлмені кесіп өтіп, Холлуорд қызметшіні шақыратын қоңырауды шылдырлатты. − Сіз, бір шыны шай ішуге келісетін шығарсыз, Дориан? Сен де, Гарри? Әлде мұндай ұсақ-түйек сені жалықтырушы ма еді? − Мен мұндай ұсақ-түйектерді өте-мөте жақсы көрем, − деді лорд Генри. − Олар − мазасыз ойлардан қажығанда, жаныңды жайлауға бірден-бір сеп. Бірақ драмалық қойылымдарды тек театр сахнасынан ғана көргенді ұнатам. Екеуің де қандай қызық адамсыңдар! Адам ақылды жануар дегенді кім айтты екен? Не деген асығыс айтылған пікір! Адамда не жоқтың бәрі бар, ақылдан басқа. Әрі осылай болғаны өте дұрыс та!.. Дегенмен, маған, сіздердің портрет үшін керісіп тұрғандарыңыз тіпті де ұнамайды. Одан да оны маған бере салыңыз, Бэзил! Мына ақымақ бала оны тіпті де қалап тұрған жоқ, ал мен өте-мөтe қалаймын. − Бэзил, егер сіз оны маған бермесеңіз, ешқашан кешпеймін! − деп шықты Дориан Грей.− Әрі мен ешкімге өзімді "ақымақ бала" деп мазақ қылуға жол бермеймін. − Портретті сізге сыйлаймын деп айттым ғой, Дориан. Mен оны жазуды бастамай тұрып-ақ осылай шешкен болатынмын. − Ал маған тым қатты ренжімеңіз, мистер Грей, − деді норд Генри. − Ақымақ баладай бола қалғаныңыз өтірік емес. Әрі, әлі де бала екеніңізді айтқанда, қуанбасаңыз, ренжи қоймайтыныңызды жасырмаңыз.

− Таңертең ғана маған осылай айтқан адам ұнамай қалатын, лорд Генри. − Аһ, таңертеңгілік! Бірақ одан бері сіз қаншама өмір белесінен өтіп үлгердіңіз. Есік қағылып, шай қойылған табағы бар лакей кірді де оны жапон үстелшесіне қойды. Кесе − қасық сылдырлап, үлкен көне шайнек екі иінінен дем алып тұр. Лакейдің оңын ала, жас бала беті дөңгелек қақпақпен жабылған кәрлен ыдыс әкелді. Дориан Грей үстелге келіп, шай құя бастады. Асықпай Бэзил мен лорд Генри де жақындады, сөйтіп қақпақты ашты да табақта не барын қарады. − Осы кешкісін театрға барсақ қайтеді? − деп ұсыныс жасады лорд Генри. − Мүмкін бір жерде қызықты бірдеңелер жүріп жатқан шығар. Негізінде, мен бүгін бір адамға Уайттың үйінде бірге ас ішем деп уәде беріп қойған едім, бірақ ол менің тым ескі досым, сондықтан ауырып қалдым немесе шақыруды кеш алдым деп айтуыма болады... Мұндай сылтау оған тіпті де ұнайтын шығар деп ойлаймын. − Оһ, фрак кию керек! Қандай жалықтырар іс! − деп бұрқ етті Холлуорд. − Фракты жаным сүймейді! − Иә,− деп келісті лорд Генри ерінген кейіппен. − Қазіргі костюмдер адам шыдамастай, қылқындырып тастайды. Біздің өмірімізде күнәға батудан өзге еш қызық қалмағандай. − Жақсы бопты, Гарри, Дорианның көзінше мұндай нәрселерді айтудың қажеті жоқ деп ойлаймын! − Олардың қайсысының көзінше? Шай құйып тұрғанының ба, әлде портреттегінің бе?

− Екеуінің де. − Мен сізбен театрға қуана-қуана барар едім, лорд Генри, − деп жауап қатты Дориан.

− Тамаша. Демек кеттік қой. Сіз де бізбен біргесіз бе, Бэзил?
− Жоқ, шын айтам, бара алмаймын. Жұмысым бастан асады.
− Онда біз екеуміз барамыз − сіз және мен, мистер Грей.
− Өте қуаныштымын!

− Суретші ернін тістеп, қолындағы шайын ұстаған күйінде портретке жақындады.

− Ал мен нағыз Дорианның өзімен бірге қаламын,− деді ол қамыға. − Сонда, сіздіңше, бұл нағыз Дориан ба? − деп сұрады Дориан Грей, оның жанына келіп. − Мен шынымен де осындаймын ба?

− Иә сіз дәл осындайсыз.
− Қандай тамаша, Бэзил!

− Кем дегенде, бет-әлпетіңізбен тура осындайсыз. Және портретіңізде мәңгілік осындай болып қала бересіз, − деп күрсініспен Холлуорд. − Ал бұның өзіндік құны бар. − Адамдар осы неге тұрақтылықты сүйеді екен! — деп бұрқ етті лорд Генри. − Құдайым-ай, тіпті махаббаттың ішінде де тұрақтылық дегеніміз шартты дүние. Ол тән қалауының тұтқыны, біздің ұстанымымызды белінен басып жүре береді. Жас жігіттер адал болғысы келеді − бірақ олай бола алмайды, кәрілер көзге шөпті қуана-қуана салғылары келгенімен, бірақ қайдағы, кіммен! Міне бар болғаны осы шын. − Бүгін театрға бармай-ақ қойыңыз, Дориан, − деді Хиллуорд. − Менімен қалыңыз, кешкі асты бірге ішейік.

− Қала алмаймын, Бэзил.
− Неге?
− Лорд Генриге уәде беріп қойдым ғой.

− Егер сөзіңізде тұрмасаңыз, ол сізді жек көріп кетер деп қорқасыз ба? Ол өз сөзін де ешқашан бұзбайтын адам. Өтінемем сізден, кетпеңіз.

Дориан күлді де, басын шайқады.
− Жалынамын!

Жас жігіт шешімге келе алмай, үстел басында шай ішіп, әңгімелерін жымия тыңдап отырған лорд Генриге көз салды.

− Жоқ, Бэзил, баруым керек. − Қалауыңыз білсін. − Холлуорд үстел жанына қарай кетті, кесесін табаққа қойды. − Олай болса, уақытыңызды босқа кетірмеңіз. Уақыт кеш боп кетті, оның үстіне киінулеріңіз керек. Сау болыңыз, Гарри. Сау боп тұрыңыз, Дориан. Тезірек тағы да қонаққа келіңіз. Ертең де болады. Келесіз бе?

− Міндетті түрде.
− Ұмытпайсыз ба?
− Әрине ұмытпаймын! − деп сендірді Дориан.
− Айтпақшы... Гарри!

− Не, Бэзил?
− Таңертең бақта өтінген нәрсемді ұмытпа!
− Не туралы еді, ұмытып қалдым.
− Байқа! Мен саған сенемін.

− Мен де өз-өзіме сенгім келеді!− деді лорд Генри күліп тұрып. − Кеттік, мистер Грей, менің кабриолетім есік алдында тұр, сізді үйге дейін апарып сала алам. Сау бол, Бэзил Бүгін уақытымыз өте қызықты өтті. Қонақтардың артынан есік жабылар – жабылмастан, суретші ауыр жүк иығынан басқандай, диванға отыра кетті. Өңінен жанының күйзеліп тұрғаны байқалды.

ІІІ

Келесі күні сағат он екі жарымда лорд Генри Уоттон Кэрзон − стриттегі үйінен шығып, Олбениге бет алды. Ол өзінің ақкөңіл болса да, кейде қаталдау, әрі сүр бойдақ кәрі ағатайы лорд Ферморды көріп қайтқысы келді. Оны сыртынан өзімшіл дейтін, өйткені ол әсте адамдарға аса пайдалы ештеңе жасай қоймайтын, ал елдің көзінше Атымтай жомарт бола қалушы еді. Ол өзінің көңілін көтеріп, зеріктірмейтіндерге қалтасын аямайтындардың бірі еді. Лорд Фермордың әкесі, ханшайым Изабелланың жас кезінде, Англияның Мадридтегі елшісі болған еді. Бір әдеттегі келіспеушіліктің салдарынан ашуланып, дипломатиялық қызметін тастап кеткен − тін. Бәріне себеп, оның Парижге елші боп сайлануы еді, дегенмен, бұл да жаман емес еді. Мерекешіл көңіл, келістіре сөз сөйлеу, жан рақаты десе тұра алмайтын мінезге бұл табылмайтын кызмет еді. Әкесінің қызметте тұрған кезінде орынбасары болған ұлы да онымен бірге кетті. Бұны сол кезде барлығы ақымақтық деп шешкен еді. Біраз айлар өткен соң, титулды мұраға алған ол, ендігі ақсүйектердің сүйікті ісі − жалқаулықты үйренудің бар жолына мықтап кірісіп те алған болатын. Оның Лондонда екі үлкен үйі бола тұра, өзі пәтер жалдап, бойдақтық өмірге ыңғайлы тұруды жақсы көретін, тамақты да клубтан ішетін. Лорд Фермор орталық графтықтардағы көмір кеніштеріне көп көңіл бөлетін. Солардың арқасында ол джентльменше өмір сүруге мүмкіндік алатынын жақсы білетін. Саяси көзқарасы бойынша ол консерватор еді, бірақ бұнысы консерваторлардың билік басына келгеніне дейін ғана жалғасты. Мұндай кезде ол оларды бір топ қарақшылар деп аузы-аузына жұқпай жамандайтын. Өзін уысында мықтап ұстайтын камердинерін ата жауындай көретін. Өз кезегінде бар өшін сан жетпес туыстарынан алатын, оларға маза бермей, үнемі тиісіп отыру сүйікті әдеті − тін. Тек Англияны ғана мойындайтын, соның өзінде де одан бір ши тауып, елдің құрдымға кетіп бара жатқанын айтып қайғырумен болатын. Ұстанымдары ескілікті, бірақ оны түсінуге де болады. Лорд Генри кіріп келген бөлмеде ағатайы қалың аңшы күртесінде отыр екен. Қолында сигары бар, бұрқ-бұрқ етіп "Таймсты" оқуда. − А, Гарри! − деді ақ шашты ақсақал. − Неғып таң атпай келдің? Мен, сен сияқты боқмұрындарға таң сағат екіден ерте атпайтын шығар, содан соң сағат беске дейін үйден аттап баспайтын болар деп ойлап жүрсем. − Джордж ағатай, сізге таң атпай келуге сізді адам айтқысыз сағынып қалуым себеп болды. Дұрысырақ айтқанда, маған бірдеңе керек боп тұр.

− Ақша шығар, баяғы? − деді лорд Фермор қабағын түкситіп. − Жарайды, отыр да сайрай бер. Қазіргі жастар ақша болса болды, басқаның бәрі түкке алғысыз деп ойлап алған. − Иә, − деп келісе кетті лорд Генри, жағасына қыстырып алған гүл шоғын жөнге келтіріп жатып. − Ал уақыт өте келе, бұның нақ солай екеніне көздері әбден жете түседі. Бірақ, маған ақша керек емес, Джордж ағатай, ақша үнемі қарызын өтеп жүретіндерге керек, ал мен қарызымды ешқашан төлеп көрген адам емеспін. Қарыз деген үйдегі ең кіші ұлдың мұраға алатын жалғыз сыйы, әрі оған жап − жақсы өмір сүруге болады. Және де мен тек Дартмурдан келетіндерден ғана аламын, ал олар қашандағыдай, мені мазалап көрген емес. Ал сізге кеңес сұрауға келдім, әрине пайдалы емес, пайдасызын тыңдауға, сөйтіп құлағыма құйып алуға. − Ал онда тыңдап тұрмын, менен сен Англияның Көк кітабындағы бар нәрсенің бәрін біле аласың, бірақ қазір оған қайдағы − жайдағыларды да енгізе беретін бопты. Менің дипломат кезімде ол бүгінгісінен әлдеқайда жақсы болатын. Бірақ, қазір дипломат болу үшін олардан осы кітaп бойынша сынақтан өткізетін көрінеді, олай болса не жақсылық күтуге болады дейсің? Емтихан деген, қарқыным, басынан аяғына дейін барып тұрған ақымақтық. Егер сен джентльмен болсаң, саған соның өзі − жеткілікті, сондағы білгенің мен үйренгеніңнің өзі бар ғұмырыңа азық. Ал егер сен джентльмен болмасаң, онда гені оқытуға да тұрмайды, өйткені ол сенің өзіңе кері әсер ететін болады. − Мистер Дориан Грей Көк кітапты түсінде де көрмеген, Джордж ағатай, − деп қосып қойды лорд Генри. − Мистер Дориан Грей? Ал ол кім өзі? − деп сұрады норд Фермор, қалың ақ қастарын түйістіріп. − Міне, міне, осыны мен де білейін деп келдім, Джордж шатай. Былайша айтқанда, оның кім екенін білемін ғой, әрине, ол Келсо тұқымындағы соңғы лордтың немересі. Шешесінің тегі Девере, леди Маргарет Девере. Ол туралы не білетініңізді айтып беріңізші. Кім болған, кіммен тұрмыс құрған? Өз кезіңізде, сіз, бүкіл Лондонның игі жақсыларын бес саусағыңыздай білдіңіз ғой, мүмкін оны да танитын шығарсыз? Мен жақында ғана мистер Греймен танысқан едім, ол мені өте қызықтырып жүр. − Келсоның немересі! − деп қайталады кәрі лорд. − Келсоның немересі... Қалайша, қалайша, әрине, мен оның шешесін өте жақсы білгенмін. Оны шоқындырғанда қонақта болғаным есімде. Сондай сұлу болатын, әлгі Маргарет Девере, қайдағы бір, көк тиыны жоқ, жаяу әскердің офицерсымағымен қашып кеткенде, барлық еркектер бармағын тістеген. Иә, осының бәрі кеше ғана болғандай, көз алдымда. Байғұс, үйленгеннен соң бірнеше ай өтпей жатып-ақ Спада болған бір дуэльде ажалын тапты. Бұл туралы неше түрлі өсек-аяң болған. Келсо Бельгиядан шыққан бір сұмпайыны жалдапты-мыс, түсінесің бе... ақша төлеген, ол елдің көзінше әдейі оны қорлапты, сөйтіп әбден әккі боп алған әлгі адам дуэльде жас жігітті қылышқа шанышқы қадағандай көрмей өлтіріпті дейді. Істі тез жапты, бірақ, Құдай куә, осы оқиғадан кейін көп уақытқа дейін Келсомен клубта ешкім ас ішкісі де келмеді. Қызын үйіне алдырып алыпты деп естігем, содан көз жұмғанша, қызы онымен бір ауыз сөз алмаспапты. Иә, Құдай сақтасын! Қызы көп тұрмады да, бір жылға толмай қайтыс болды. Содан бір ұл қалды дейсің бе? Ал мен ол туралы ұмытып та қалыппын. Қандай өзі? Егер шешесіне тартса, онда, көрікті болар.

− Иә, өте көрікті, − деп қостады лорд Генри. − Жақсы біреулердің қолына түсер деп үміттенемін, − деп жалғастырды лорд Фермор. − Егер Келсо мұрагерлігі жөнінде бүйректен сирақ шығарып кетпесе, оның ақшасы көп болар. Маргарет те ауқатты болатын. Селби поместьесінің бар жері атасынан тура соған қалған. Атасы Келсоны жұмыртқадан жүн қырыққан ашкөз деп жек көретін. Бірақ оның сараңдығы шын болатын. Ол мен Мадридте тұрғанда қонаққа келгені есімде. Шыны керек, әбден ұятқа қалдырып кетті! Ханшайым менен үнемі көшірлермен саудаласудан жалықпайтын ағылшын жігіті кім деп сұрағанда, кірерге тесік таппай кеткенім бар. Ол жөнінде дереу анекдоттар тарап кетті. Содан Сарайда төбемді көрсетуге бір ай батылым жетпей жүрдім. Ал енді немересіне келсек, мадридтік көшірлерге қарағанда, Келсо оған жомарттырақ болған шығар? − Мен мұны білмеймін, − деді лорд Генри. − Дориан әлі кәмлетке толмаған. Бірақ, меніңше, ол бай болады. Селби оған қарайды, бұны өзі айтқан... Сонымен, оның шешесі өте сұлу болған дейсіз бе? − Өмірімде көрген сұлулардың ішіндегілерден одан асқаны аз шығар. Оның әлгі жігітке неғып тұрмысқа шыққанын білмеймін. Қалаған жігітіне маңдайынан шертіп жүріп таңдап тиюіне болатын еді. Карлингтонның өзі оның аяғының астында жатқан. Бірақ оның еліккіштігі басына бәле болып жабысты. Олардың тегінде барлық әйелдер сондай болатын. Еркек тұқымдары тым нашар болса да, әйелдер қауымы керемет болғандығында сөз жоқ... Карлингтон Маргареттің алдында тізерлеп тұрдым деп өзі айтқан. Ал сол кездегі Лондонның бар қыздары соның соңынан жүгіретін. Бірақ Маргарет оған күлетін де қоятын. Иә, айтпақшы, осыдан соң есіме түсіп кетті ғой, сенің әкең Дартмур туралы не деп шатып жүр, оны америкалық қызға үйленеді дей ме? Ағылшыннан жөні түзу бір қыз табылмай қалып па?

− Білесіз бе, Джордж ағатай, америкалық қыздарға үйлену қазір сән. − Ал мен ағылшын қыздарын ешкімге де айырбастамас едім! − деп лорд Фермор үстелді жұдырығымен қойып қалды.

− Не істейсіз, америкалық қыздардың бағасы артып тұр.
− Естуімше, олар көпке бармайды, − деп бұрқ етті Джордж ағатай.

− Олар ұзақ қашықтықтағы жарыстарды ұнатпаса да, атпен кедергілерден шауып өтетін түрінен алдарына жан салмайды. Көзді ашып − жұмғанша шауып өткенде, көз ілеспейді. Дартмур оның артынан үлгере алмай қала ма деп қорқам.

− Ал сонда әке-шешелері кім? − деп сұрастырды лорд Фермор.
− Өздері бар ма екен, әуелі?
Лорд Генри басын шайқады.

− Ағылшын ханымдары өз өткендерін қалай жасырса, америкалық қыздар да өз әке-шешелерін сондай шебер жасырады, − деді ол орнынан тұрып жатып.

− Әкесі шошқа сататын біреу шығар? − Дартмурдың қамы үшін мен солай болғанын қалар едім. Естуімше, Америкада бұл пайдасы шаш етектен келетін іс. Одан өткен пайдалы іс саясат қана дейді.

− Ал әлгі америкалық қызы, тым құрығанда, әдемі ме екен өзі? − Барлық америкалық қыздар сияқты өзін әлемдегі ең сұлу сезінеді. Олардың жолдарының болғыш болуының құпиясы да осында. − Енді неғып сол Америкасында отыра бермейді екен? Онда әйелдер үшін жағдай жұмақтың ар жақ − бер жағымен бірдей жасалған деп сайрағанда сондай емес пе. − Солайы солай ғой. Сондықтан да, олар түпкі тегі Хауа ана сияқты, одан қашып құтылудың бар амалын жасамаса көңілдері көншімейді,− деп түсіндірді лорд Генри. -Жарайды онда, cay боп тұрыңыз, Джордж ағатай. Менің кетуім керек, әйтпесе таңғы асқа кешігіп қаламын. Дориан туралы айтқандарыңызға рахмет. Жаңа таныстарым туралы бәрін біліп, ал ескілері туралы ештеңе естігім де келмейтінін білесіз ғой.

− Сен бүгін таңғы асты қайда ішпексің, Гарри? − Агата әпекемдікінде. Оған өзім сұрандым әрі мистер Грейді де шақырдым. Ол қазір оның жаңа сүйіктісі. − М!.. Онда, Гарри, Агата әпекеңе айта бар, мені қайырымдылыққа ақша бер деп қайта-қайта мазалауын қойсын. Әбден миымды жеп бітірді. Соның ойлап тауып алған қайдағы бір қайырымдылық іс-шараларына түбіртек жазып беруден басқа жұмысым жоқтай көреді ғой деймін мені. − Жарайды, Джордж ағатай, айта барам. Бірақ бұдан бірдеңе өзгерсе. Адамсүйгіштікпен әбден құнығып алған филантроптарға одан басқа бірдеңені ұқтыру мүмкін емес. Олардың айырмашылығы да осында. Кәрі джентльмен қостағандай басын изеп қойды да, қоңырауды шылдырлатып, қонақты шығарып салуға лакейді шақырды. Лорд Генри Берлингтон − стритке шықты да, одан Берклей көшесіне бұрылды. Ол жол бойы Дорианның туыстары жөнінде білгендерін есіне алды. Айтылғандардың бәрінде бір көңіл аңсары бар еді. Бұл оны қызықтырып, қанын ойнатып жіберді. Махаббат үшін барлығын құрбан еткен сұлу қыз. Бірнеше аптаға ғана созылған бақыттан бас айналарлық өмір, одан кейінгі қатыгез өлім. Сосын қайғы мен қасірет шеккен уақыт, осы кезде дүниеге келген ұл. Шешесінің бұл дүниемен қош айтысуы, қатыгез атасының қоластындағы қатаң өмір. Иә, мұның бәрі тамаша, бұл баланы одан әрі сұлу әрі ақ адал етіп көрсете түседі. Кереметтің ар жағында бәрібір бір құпия жасырынып жатады. Әулеттегі ең аяулы адам дүниеге келу үшін кейде оның маңдайына ауыр тағдыр жазылуы да ғажап емес. ... Кеше екеуі клубта тамақтанғанда, Дорианның көз тартар сұлулығы жүрегін жаулап алды. Оның таңданыспен қараған жанары мен сәл ашыла қалатын еріндерінде өмір қуанышы мен қайғысының әлі дәмін татып үлгермеген тазалық тұнып тұрады. Қызғылт сәулелердің аясында оның алқызыл жүзі одан сайын алаулап, сұлулығы көз байлайтын. Онымен әңгімелесу − скрипкада шебер ойнаумен бірдей. Ол үркек қояндай, аса сезімтал, әрбір қозғалыс назарынан тыс қалмайды. Ал өзіңнің басқа адамға жүргізетін үстемдігіңді сезіну қандай қызықты десеңші! Бұнымен теңдесер ештеңе жоқ. Өз жаныңды басқа біреуге беру, соның демімен өмір сүргізу, оның аузынан өз ойларыңның жаңғырығын есту, оның үстіне жастық оты оларды одан сайын қуаттандыра түссе, тіпті керемет! Өз мінез − құлығыңды өзгеден сезіну, бейне одан сенің иісің әлі шығып тұрғандай сезіну, иә, бұл нағыз ләззат сыйлайды. Бұл замандағы адамға берілген сезімсіз, қолапайсыз, қарабайыр өмірдегі ең бір тіл жетпес қуаныш пен рақат. ...Оның үстіне, бақытқа орай, Бэзилдің шеберханасында танысқан бұл бала, керемет тұлға... одан жақсылап қолға алса, бірдеңе шығады. Ол үшін бәрі жеткілікті − тартымдылық, жастыққа тән пәктік, гректер айтатындай мәрмәрға ғана тән деген сұлулық та бар. Одан бәрін де жасап шығаруға болады: титанды да, қолбаланы да. Бірақ, сұлулықтың тез солатыны қандай трагедия!.. Ал Бэзил ше? Оның айтқандары психологиялық тұрғыдан қандай қызықты! Бейнелеу өнеріндегі жаңа мәнер, өмірді өзге бір көзқараспен қабылдау мәнері, осының бәрі, жай ғана Дорианның қасында отырғанының арқасында ғана, әрі оны өзі де сезбейді... Ну ормандардың қалың жынысында, толқын − толқын қырларда жел боп ұстатпайтын, осыған дейін көз алдыңа елестете де алмайтын, суретшінің тым көп іздеген, үздіккен Табиғат ананың рухы, аяқастынан, Дриада сынды, ешқандай қорқынышсыз, үрікпестен, оның алдына келді. Келісімен көкірек көзіне сана сезбес құпияларды, пішіндер құпиясын, әлем құпиясын ашты. Олар мінсіз, тіл жетпес мағынаға тұнып тұр. Олар Ойдан Материяға айналған пішіндер. Осының бәрі адам сенгісіз! Жоқ, мұндай құбылыстар өткен ғасырларда болатын. Ойлануды өнер деп тапқан Платон бұл туралы алғаш рет талқыға салды. Ал Буанаротти? Ол өзінің түрлі-түсті мәрмәрға ойып қалдырған сонеттер топтамасында осы жайында сөз қозғады емес пе? Бірақ, біздің заманымызда... иә, таң қаларлық құбылыс. Ойдан − ой қуып, Дориан Грейдің тамаша портретін дүниеге әкелген суретші үшін ол қандай мәнге ие болса, лорд Генри Дориан Грей үшін сондай мәнге ие болуы керек деп шешіп алды. Ол Дорианды өзіне қаратып алуға тырысады, былайша айтқанда, ісі қазірдің өзінде оңға басып келеді. Сөйтіп, осы бір керемет бозбаланың жаны бұның алақанында болады. Осы бір Махаббат пен Өлімнің тең бал асы қандай сүйкімді еді! Лорд Генри бір уақыт тоқтай қалды да, қатар-қатар салынған үйлерге көз жүгіртіп қарап алды. Әпекесінің үйінен өтіп, тіпті тым алыстап кеткенін байқағанда ішінен күліп алды да, кері бұрылды. Алакөлеңке дәлізге кіргенде, қызметші оған барлығының үстел басында отырғанын айтты. Лорд Генри лакейлердің біріне шляпасы мен таяғын ұстатты да асханаға өтті. − Сен қашандағыдай кешігіп келдің, Гарри! − деп қарсы алды оны Агата әпекесі басын шайқап. Тез арада бір сылтау таба қойып, ол үй иесінің жанындағы бос орындыққа отыра кетті де көзімен отырғандарды бір шолып өтті. Арғы бір шеттен Дорианның қуанып кеткен жүзі көрінді, ол да басын изеді. Қарама − қарсысында герцогиня Харли отыр екен. Оны айналасындағылардың бәрі ақжарқындылығы мен ақ көңілділігі үшін жақсы көретін, сырт пішініне келгенде, сәулетшілердің көзқарасымен айтқанда, местей − тін (бірақ герцогиняларға бұның қатысы жоқ әрине!). Герцогиняның оң жағында сэр Томас Берден отыр. Ол Парламент мүшесі, әрі ондағы бүлікшілердің бірі болатын. Қоғамдық өмірде бар жан-тәнімен бастығын қолдайтын, ал өмірде жақсы тамақтанғанды бәрінен артық көретін. Былайша айтқанда, "Саясатта либералдармен берге бол, бірақ тамақтанғанда консерваторлардан артықты таппайсың". Герцогиняның сол қапталына Тредлиден шыққан мистер Эрскин жайғасыпты. Кәрі, өте мәдениетті әрі жағымды джентльмен, бірақ қонаққа барғанда ләм-мим деп ауыз ашпайтын жаман әдеті бар. Өйткені, бірде Агата әпекесіне өзі айтқандай, жасы отызға келгенше, айтатын нәрсесінің бәрін айтып тауысыпты. Лорд Генриге көршілікке миссис Ванделер отырыпты. Ол әпекесінің ескі достарының бірі. Бір міні жоқ періште десек те болады. Бірақ анадайдан айқайлап көрінетіндей алабажақ киінетіні сонша, бейне тысы қызыл-жасыл дұға кітабы деуге болады. Лорд Генридің бақытына орай, миссис Ванделердің арғы жағындағы көршісі лорд Фаудел екен. Орта жастағы, өте ақылды, бірақ сезімталдығымен көзге түспейтін, қарабайыр, әрі палаталар отырысындағы министрдің беретін есебі сынды жалықтырып жіберетін адам. Екеуінің арасындағы өте салмақты мәнердегі әңгіме қызу жүріп жатыр, сыпайыгершілік сақтау үшін жүргізілетін бұл әңгімеден екеуі де мезі болса да, қашып тығылатын жерлері жоқ. − Біз, байғұс Дартмур жөнінде сөйлесіп отырмыз, − деді герцогиня, үстелдің арғы бетінен Лорд Генриге дауыстап, әрі оған басын изеп. − Қалай ойлайсыз, ол шынымен де анау сүйкімді америкалық қызға үйлене ме?

− Иә, герцогиня. Ол қыз оған үйленуге ұсыныс жасауға шешім шығарған сияқты.
− Не деген сұмдық! − деді леди Агата. − Бұған кедергі жасау керек қой!

− Мен оның әкесі Америкада қайдағы бір ұсақ-түйек сатумен айналысады деп естідім, − деді жиіркенген кейіппен сэр Томас Бэрден.

− Ал менің ағатайым шошқа етімен айналысады деген, сэр Томас. − "Ұсақ-түйек тауар" деген не сонда? − деп таңдана етженді қолдарын жая қалды герцогиня. − Америкалық романдар, − деп жауап берді лорд Генри, құр етін бөлшектете кірісіп жатып.

Герцогиня еш түсінбей қала берді. − Оны тыңдамаңыз, жаным, − деп сыбырлады оған леди Агата. − Ол ешқашан да дені дүрыс сөйлемейді. − Алғаш рет Американы ашқанда... − деп бастады бүлікші, содан ары қарай жалықтырар әңгімелер басталып кетті. Тақырыптың түбіне жетуді мақсат етіп қоятын сөйлеушілер сынды, ол да тыңдаушылардың шыдамын әбден тауысып бітті. Герцогиня өзінің өзгелердің сөзіне араласа алу құқығын пайдаланып, бір күрсініп алды да: − Сол Америка мүлде ашылмай-ақ қойса да болатын еді! − деді ол − Америкалық қыздар біздің қыздарымыздан бар жігіттерді тартып алатын болды ғой. Не деген бассыздық! − Мен Американы ашылды деп айтпай қоя тұрар едім, ол тек көзге іліне бастады десек дұрысырақ болар, − деп пікір білдірді мистер Эрскин. − О, мен олардың қыздарын көрдім, айта кету керек, олар жап жақсы қыздар. Киінгендері де тамаша. Барлық нәрселерін Парижден тапсырыспен алдыртады. Менің өзім, өкінішке орай, олай ете алмаймын. − Жақсы америкалықтар өлген соң да Парижге аттанады деген мәтел бар,− деп шиқылдап күліп алды сэр Томас.

Оның бұл тәріздес әбден ескірген, шымшып алатын қалжыңдары көп − тін. − Солай ма! Ал жаман америкалықтар қайда барады екен сонда? − деп сұрады герцогиня.

− Америкаға, − деп сыбыр ете қалды лорд Генри.
Сэр Томас қабағын көтерді.

− Сіздің бауырыңыз бұл ұлы ел жөнінде қате ойлап алған деп қорқамын, − деді ол леди Агатаға. − Мен оның басынан − аяғына дейін жүріп өткен адаммын. Онда маған өте жақсы вагондар қызмет көрсетті, бастықтары өте сыпайы, әрі шындықты айтсам, Америкаға барып-қайту біліміңізді көтеріп қайтуға да біраз септігін тигізеді. − Шыныменде, білімді адам болу үшін, Чикагоға барып − қайту міндетті ме сонда? − деді мистер Эрскин ұнатпай. − Менің онда барып-қайтуға шамам жоқ.

Сэр Томас қолын бір сілтеді. − Мистер Эрскин үшін барлық дүние оның кітап сөресінің айналасында ғана айналады. Ал біз, істің адамдарымыз, сондықтан бәрін оқып − білгеннен гөрі көзбен көріп қайтқанды жөн деп санаймыз. Америкалықтар өте қызық халық, әрі ойлау жүйелері де өте дұрыс. Мен бұны, оларды өзгелерден ерекшелеп тұратын ең бірінші қасиеті деп айтар едім. Иә, иә, мистер Эрскин, олар өте дұрыс ойлайтын адамдар. Америкалық ешқашан ақымақтық жасамайды, осыныма сеніңіз. − Қандай сұмдық!− деп қалды лорд Генри.− Қара күшке сенгендерге шыдауға болады, ал үнемі тек саналы істер ғана жасайтындарға шыдау мүмкін емес қой. Тек саналы істерге ғана сену − мұнда жағымды ештеңе де жоқ. Бұл дегеніміз интеллектке қарсы шығу.

− Мұнымен не айтайын деп отырсыз? − деді сэр Томас жүзі күреңітіп.
− Ал мен сізді түсіндім, лорд Генри,− деді күлімдеп мистер Эрскин.

− Парадокстердің өз қызығы бар, әрине, бірақ... − деп баронет дауын бастағалы жатыр еді. − Бұл парадокс па екен?− деп сұрады мистер Эрскин. − Ал мен сезбей қалыппын... Мүмкін, сіз дұрыс айтып тұрған шығарсыз. Онда солай болғаны ма? Парадокстер енді басталды. Нағыз дүниені тану үшін, оның қалай өмір сүретінін көру керек. Жіңішке арқанда шындықтың қалай қимылдағанына қарап отырып, оның күштілігі туралы да шындықты айтуға болады. − Құдайым-ай! Осы еркектер, дауласқанды қалай жақсы көреді десеңші!− деп терең күрсінді леди Агата. − Не жөнінде таласып отырғандарыңды түсінсем бұйырмасын. Ал саған, Гарри, мен қатты ашулымын. Сен неге сүйкімді мистер Грейді бізбен бірге Ист – Ендте жұмыс істеуден бас тартуға азғырып жүрсің? Оның үлкен көмек көрсете алатынын түсінсеңші, оның ойнағаны бәріне сондай ұнайды. − Ал мен оның мен үшін ғана ойнағанын қалаймын, − деп күле жауап берді лорд Генри, Дориан жаққа қарап қойып. Ол да бұған қуана қарап алды. − Бірақ Уайт Чаппелде қайғы-қасіреттен бас көтере алмай отырғандарға сан жетпейді − деп қоймады леди Агата. − Тек, адамдардың қайғы-қасіреті туралы айтпай-ақ қойыңызшы, өтінем, − деді лорд Генри иығын көтеріп. − Содан басқаның бәрін аяуға болады. Бірақ адамдардың жапа шегуі туралы әңгімелер көңіл-күйді бұзады. Жалпы жапа шеккен деп адамдарды аяудың өзін аурудың бір түрі деп атаса да болады. Тек сұлулықты, сұрқай өмірдің өңін ашатын ашық-жарқын дүниелерді ғана аяу керек. Ал тіршіліктің онсыз да толып жатқан қараңғы жақтары туралы азырақ айтуға тырысқан жөн деп санаймын. − Бірақ, Ист − Енд шынымен де ойлануға тұрарлық үлкен мәселе, − деп байқап қойды, сэр Томас, басын шайқай отырып. − Оған сөз бар ма? − деп келісті лорд Генри. − Бұл дегеніміз қаратабан құлдардың өмір бойы бітпейтін мәселесі ғой, сондықтан да оны олардың көңілін көтеру арқылы шешуді қалаймыз.

Кәрі саясаткер оған жеп жіберердей ұзақ қарады.
− Ал сіз не ұсынасыз? − деп сұрады ол.
Лорд Генри күліп жіберді.

− Мен Англияда ауа − райынан өзге ештеңені өзгертпей − ақ қояр едім, әрі осылай тыныш қана пәлсапа құрып өмірімді жалғастыра бергенді дұрыс көрем. Бірақ, он тоғызыншы ғасыр осы бір адамзатқа деген аяушылық сезімнің көл − көсірлігінен тығырыққа тірелді. Сондықтан, меніңше, адамдарды ақылына қайта келтіру үшін тек Ғылым ғана көмектесе алады деп ойлаймын. Қызбалылық бізді ол жолдан әлдеқайда алысқа апарып тастайды, ал ғылым, керісінше, өйткені ол қызбалылық дегеннің не екенінен бейхабар. − Бірақ, бұл біздің қоғам алдындағы парызымыз ғой! − деп ақырын ғана миссис Ванделер әңгімеге араласты.

− Үлкен парызымыз! − деп оны қолдай жөнелді леди Агата.
Лорд Генри үстелдің ар жақ бетінде отырған мистер Эрскинге қарап алды.

− Адам жер бетіндегі тіршіліктегі өз орнын тым жоғары қойып алған. Бұл оның ең алғашқы, әрі бар күнәкарлығының бастауы. Егер үңгірде тұрған адамдар күлу дегеннің не екенін білгенде, адамзат өмірі басқа жолмен дамыр еді. − Сіз менің жанымды жай таптырдыңыз, − деп алды герцогиня. − Осы күнге дейін, мен сіздің тамаша әпекеңіздің үйінде болғанда, одан Ист − Енд туралы бірде − бір рет сұрамағаныма ұялушы едім. Енді бетім еш қызармастан тік қарай алатын болдым. − Бірақ, беттің ұшындағы қызыл барлық әйелдерге жарасады ғой, герцогиня, − деп қойды лорд Генри. − Тек жас шағында ғана, − деп қарсылық білдірді герцогиня. − Ал мен сияқты кәрі қарға қызарса, бұл тіпті де жарасымды сурет емес. Аһ, лорд Генри, ең болмағанда сіз маған жастық шақты қалай қайта оралтудың сырын айтарсыз!

Лорд Генри бір сәтке ойланып алды. − Сіз, герцогиня, жас шағыңызда істеген қандай да бір үлкен қателігіңізді есіңізге түсіре аласыз ба? − деп сұрады лорд, оған үстел үстінен еңкейе түсіп, ақырын ғана.

− Өкінішке орай олар біреу − екеу емес! − Онда солардың бәрін тағы бір рет қайталап шығыңыз, − деді ол байсалды кейіппен. − Жастық шақтың бар қателігін қайталап қана оралта аласыз. − Тамаша теория! − деп қуана келісті герцогиня, − міндетті түрде іс жүзінде тексеріп көрем. − Қауіпті теория! − деп түзету енгізді сэр Томас, тісінің арасынан сыздықтатып. Ал леди Агата басын шайқап, күліп жіберді. Мистер Эрскин үнсіз тыңдап отыр. − Иә, − деп сөзін ары қарай сабақтады лорд Генри. − Бұл өмірдің ұлы құпияларының бірі. Біздің заманымыздағы адамдар ақылдың етегінен ұстап алып, оның құлына айналып алған, ал өмірдегі шын мәнінде ең қымбат ешқашан өкінбейтін нәрселер − жасаған қателіктері мен адасулары екенін түсінгенде тым кеш болады.

Үстел басы ду етіп күлді.

Ал лорд Генри осы ойын ары қарай өркендетіп, түрліше құбылтып жалғай түсті. Ол осы бір идеяны біресе ана қолына, біресе мына қолына лақтырып ойнақ салған цирк ойыншысы сынды, ойын аспандатқан сайын тілімен бар сұлулығын көрсете жалындатып, ойын әсемдей түседі. Парадокстермен бар сырын аша түседі. Осы бір қателіктерді мақтан тұтқан идеяны пәлсапа деңгейінде түсіндіріп, тіпті талайды көрген кәрі қақсал пәлсапаның өзін мың құбылтып, жасартып жібергендей болды. Ол бейне үсті − басына бар қызыл − жасылын іліп алып, өмірдің кедір − бұдырымен ойланбастан ойнақы билеп өтіп бара жатып, әр қадамын санап басып, жоқ нәрсені іздегендей ақырын жылжыған Силенге күле қарағандай болды. Деректерді тек өз ыңғайына қарай жығылтты, олар бұның жолына кедергі бола алмай, жан-жаққа зым-зия жоғалып кетті. Оның жалаңаш аяқтары ақ басты ақыл иесі Омар отырған қара тасты жеңіл басып жылжып өтті. Сөзсіз, оның бұл импровизациясы тамаша боп шықты. Лорд Генри Дориан Грейдің одан көзін айыра алмай отырғанын сезді. Топтың арасында әр сөзін қалт етпей тыңдаушысы бар екенін сезінген сайын сөзінің әр қыры сәулеленіп, жарқырай түсті. Оның айтқандары қызыққа толы, еш түбірі жоқ, логика мен ақылға қарама-қайшы келсе де, тыңдаушылар айтушының тамаша қиялының қаққан қанатына таңданғандай арбалып қалды, бейне кернейшіге ауыздары ашылып қарайтын балалар сынды. Дориан Грей арбалғандай оған көз алмастан тура қарап отырды, еріндері кейде дір ете түсіп жымиған сынды, кейде қарайып тереңдей қалған көзінен ой ұшқыны жалт ете қалады. Ақырында біздің заманымыздың костюміндегі болмыс үй қызметшісі кейпінде бөлмеге енді де, герцогиняға оның нөкерінің дайын екенін хабарлады. Герцогиня, өкінгендей, қолын сермеді. − Қандай өкінішті! Кету керек. Мен жолай клубқа кіріп, жолдасымды қайдағы бір жиналысқа апарып салуым керек, ол онда бүгін төрағалық етеді екен. Егер кешіксем, ол міндетті түрде ашуланады. Ал мен, әсіресе басыма мына үлбіреген ұлпадай шляпамды киген күндері мұндай ұрыс − керістерден аулақ болғанды ұнатам, өйткені тіпті бір ауыр сөздің өзі оның еңсесін түсіріп жіберер деп қорқам. Жо − жоқ, қал деп өтінбеңіз, леди Агата. Cay боп тұрыңыз, лорд Генри! Сіз − тамашасыз, сұлу кейіптегі нағыз ібіліссіз. Мен тіпті, сіздің теорияларыңыз туралы не деп ойларымды да білмей қалдым. Біздікіне міндетті түрде қонаққа келіңіз. Айталық, сейсенбіге. Сейсенбіде ешкім шақырып қоймап па еді? − Сіз үшін, герцогиня, бәрін тастап кете беруге дайынмын, − деді лорд Генри, басын иіп жатып. − О, бұл сіздің тарапыңыздан өте үлкен ілтипат бола тұрса да, жақсы дүние емес, − деп қалды қартамыс бикеш. Онда ұмытпаңыз, біз сізді күтеміз. Ол қалқыған қаздай бөлмеден шығып кетті, оның артынан леди Агата мен өзге бикештер де шықты. Лорд Генри келіп өз орнына отырғанда, жанына келіп жайғасқан мистер Эрскин қолын оның иығына салды. − Сіздің сөздеріңіз кез келген кітаптан да қызықты, − деп бастады ол − Неге бірдеңе жазбасқа? − Мен кітап оқығанды тым жақсы көрем, мистер Эрскин, сондықтан да оны жазғанды ұнатпаймын. Әрине, роман жазсам жақсы болар еді, кереметтігі парсы кілемінен артық, әрі соншалықты қиял-ғажайыпқа толы болса. Бірақ, біздің Англияда тек газеттер, энциклопедиялық сөздіктер мен оқулықтардан басқа ештеңені оқымайды. Ағылшындар жер бетіндегі халықтардың ішіндегі сөз өнерін аз түсінетін халық. − Сіз қателесесіз бе деп қорқам, − деп жауап қатты мистер Эрскин. − Менің өзім де жас кезімде жазушы болсам деп армандағам, бірақ көп ұзамай одан бас тарттым... Қазір, менің жас досым, әрине, егер осылай атауға рұқсат етсеңіз ғана, мен сізге бір сұрақ қойғым кеп тұр. Сіз таңғы ас барысында айтқан ойларыңызға өз басыңыз сенесіз бе? − Ал мен не айтқанымды ұмытып та қалдым. − лорд Генри жымиды. − Тағы да қайдағы жоқ бірдеңелер болған шығар. − Иә, солайы солай ғой. Меніңше, сізден аулақ жүру керек деп ойлаймын, әрі, әгәрәки біздің сүйікті герцогинямызбен бірдеңе бола қалса, оған кінәлі сіз боласыз дегім келеді... Мен сізбен өмір туралы біраз әңгімелессем бе деймін. Менің буынымның адамдары өз ғұмырларында көп қызық көре қойған жоқ. Бірде, Лондоннан әбден мезі болған кезіңізде, Тредлиге маған қонаққа келіңіз. Сонда, сіз маған, бақытқа орай, менде әлі сақталған тамаша бургунд шарабын іше отырып, өмірдің керемет қырлары жөнінде әңгімелеп берерсіз. − Қуана-қуана. Тамаша кітапханасы мен тамаша бургунд шарабы бар үй қожайыны күтіп отырса, одан артық не керек. − Сіз келсеңіз, онда тамаша болған үстіне бола түсер еді, − деді иіліп жатып кәрі джентльмен. Ал қазір, сіздің қайырымды әпекеңізбен қоштасуым керек. Маған Атенеумде болу қажет. Осы уақытта біраз көз іліп алатын әдетіміз бар еді.

− Бар мүшелерімен бе, мистер Эрскин? − Иә, қырық адам қырық креслода. Осылайша, біз Ағылшын әдебиет академиясы болуға дайындалып жатырмыз.

Лорд Генри шегі қата күлді.
− Ал мен саябаққа кеттім, − деді ол тұрып жатып.
Есіктің алдында оның қолын Дориан Грей ұстай алды.
− Мен де сізбен бірге барсам бола ма?

− Бірақ, сіз Бэзил Холлуордқа барам деп уәде еткен сияқты едіңіз ғой? − Менің сізбен бірге болғым келіп тұр. Иә, иә, маған дөп қазір сізбен бірге бару керек. Бола ма? Сіз үнемі менімен әңгімелесіп тұруға уәде бересіз бе? Сіз сияқты ешкім әңгімелесе алмайды. − Оһ, мен бүгін жеткілікті сөйледім! − деп қарсы шықты жымиып тұрып лорд Генри. − Енді тек өмірдің ағысын байқап, тыныш отырғым келіп тұр. Кеттік, егер қаласаңыз, бірге бақылайық.

ІV

Осыдан кейін бір айдан соң, бірде күндіз Дориан Грей жайлы креслода лорд Генридің Мейфердегі үйіндегі шағын кітапханада отырған − тын. Бұл жаңғақ пен жасылтым түсті аралатып боялған емен ағашынан биіктеп қаптал өрілген, сарғыш ернеулі, ойылып соғылған төбесі бар әдемі бөлме болатын. Еденге қапталған күрең қызыл мәуітінің үстіне жібектен тоқылған, түгі қалың парсы кілемдері тасталған. Сүйегі қызыл ағаштан қиылған үстелдің үстінде Клодион мүсіні мен оның жанында "Жүз новелла" сериясы бойынша Кловис Эвтің жүмысының бір данасы жатыр. Кітап бұрын Маргарита Валуа дегендікі болыпты, әрі оның қабы алтындатылған дәстүргүлдермен әшекейленіпті − бұл гүлді ханшайым өзінің эмблемасы ретінде таңдап алған болатын. Каминнің үстінде, қытайдың үлкен-үлкен көк кәрлен базаларын толтырып алқызыл қызғалдақтар қойылыпты. Сырты темірмен торланған терезеден саумалаған Лондон жазының күн сәулесі сарғыш түспен бөлмені құшағына алыпты. Лорд Генри әлі келмеп еді. Ол үнемі кешігіп жүруді әдет қылып алған болатын, тура уақытында келуді уақыт ұрлаудың ең қу тәсілі деп ұғатын. Дориан Грей болса сәл ашуланған кейіппен, сөрелердің бірінен тауып алған, қызыл-жасыл суреттермен безендірілген "Манон Леско" журналының біреуін тез-тез парақтап отырған. Жүрісінен бір жаңылмай тықылдап тұрған Людовик он төртіншінің стиліндегі сағаттың да дауысы оның тынышын кетірді. Ол бірнеше рет үй қожайынын күтпей кете беруге ұмтылған да болатын.

Ақыры, есіктің ар жағынан дыбыс естіліп, есік айқара ашылды.
− Қалай ғана тым кешіктіңіз, Гарри!− деп бұрқ ете түсті Дориан.

− Өкінішке қарай, бұл Гарри емес, мистер Грей, − деп жауап қатты ашық әрі өткір дауыс.

Дориан лезде бұрылып қарады да атып тұрды.
− Кешіріңіз! Мен...

− Сіз менің күйеуім екен деп ойлап қалдыңыз. Ал бұл жай ғана оның әйелі боп шықты, таныс болуға рұқсат етіңіз. Сізді фотосуреттеріңіз бойынша жақсы білемін. Менің жолдасымда, шатаспасам, олардың он жеті данасы бар.

− Он жеті жиналып үлгергендей айтасыз − ау, леди Генри? − Жә, он жеті болмаса, он сегіз болар. Сосын, мен жақында сізді онымен бірге операдан көрдім. Осыны айтып тұрып, ол көңілі алаңдап тұрса да сықылықтап күліп алды, сөйте тұрып, Дорианды ойнақшып тұратын көкшіл көздерімен басынан − аяғына дейін қарап шықты. Осы бір ерекше әйелдің үстіндегі киімі есінен адасқан біреудің қолымен тігіліп, бұрқ − сарқ соққан дауылда киілгендей әсер қалдырады. Леди Уоттон қашан да біреуге құлай ғашық боп жүретін әрі қандай жағдай болмаса да өзінің ойлап алған арман әлемінен арылмайтын. Ол бар ықыласымен таңғалдырарлық боп көріну үшін киінсе де, онысы абалақ-сабалақ киініп алғандай әсерді ғана қалдыратын. Есімі Виктория еді, шіркеуге баруды өлердей жақсы көреді, тіпті мұнысы ауруға айналған десе де болады.

− "Лоенгринде" көрген боларсыз, леди Генри? − Иә, менің сүйікті операм "Лоенгринде". Вагнердің музыкасын мен еш өзгесіне айырбастамаймын. Оның шуға толылығы сонша, кеш бойы театрда емін-еркін әңгіме соғуға болады, біреу-міреу естіп қояр деп еш қорықпауға болады. Бұл өте ыңғайлы, солай емес пе, мистер Грей? Сол жаңағы тынышсыз, үзік-үзік күлкі жіңішке еріндерінен дірілдей шықты. Сөйтті де қолына ұзынша келген қағаз кесуге арналған пышақты алып айналдыруға кірісті.

Дориан жымиып басын шайқап қойды. − Кешіріңіз, сізбен келісе алмаймын, леди Генри. Мен музыканы үнемі жіті тыңдаймын, әрі ол жақсы болса бір ауыз да сөз тастамаймын. Ал нашар музыканы, әрине, әңгімемен басып отыруға тура келеді. − А, бұл Гарридің ойынша ғой, солай ма, мистер Грей? Мен Гарридің ойларының бәрін оның достарынан естимін. Осылай оларды танып қоямын да. Ал музыка... Сіз мені оны жақсы көрмейді деп ойлап қалмаңыз. Жақсы музыка дегенде ішкен асымды жерге қоюға даярмын, бірақ одан қорқамын да, себебі ол мені тым романтикалық көңіл − күйге орап алады. Пианистердің алдында тіпті де тұра алмаймын, екеуіне қатарынан ғашық боп қалатын кездерім де болады. Қалай дегенмен де, Гарри солай дейді. Олардың несімен қызықтыратынын өзім де түсінбеймін... Мүмкін, шетелдік болғандықтарынан шығар? Олардың барлығы шетелдіктер емес пе? Тіпті, Англияда туғандарының өзі, уақыт өте келе шетелдікке айналады, солай ғой? Бұл олар үшін өте дұрыс шешім, әрі олардың беделін көтере түседі, әрі өнерлерін космополитендіре түседі. Солай емес пе, мистер Грей?.. Сіз, меніңше, менің ешбір кешіме қатысқан жоқсыз ғой деймін? Міндетті түрде келіңіз. Орхидеяларға тапсырыс бермеймін әрине, оған ақшам жоқ, бірақ шетелдіктерден ештеңе аямаймын − олар қонақ бөлменің сәнін сондай келтіріп тұрады! А! Міне, Гарри де келді! Гарри, мен сенен бір нәрсе сұрайын деп кіргем, не екенін ұмытып қалдым, оның орнына мистер Греймен кезігіп қалдым. Біз ол екеуміз музыка жөнінде тамаша сыр шертістік. Екеуміздің ойымыз толығымен бір жерден шықты... бірақ, олай емес екен ғой, жоқ, керісінше, келіспей қалдық − ау деймін. Бірақ, айтуым керек, жағымды жан екен, әрі онымен танысқаныма сондай қуаныштымын. − Мен де өте қуаныштымын, қымбаттым, өте-мөте, − деді лорд Генри, қиылған қалың қастарын көтеріп, жымия біресе әйеліне, біресе Дорианға көз тастап қойып. − Сізді күттіріп қойғаныма кешірім өтінемін, Дориан. Мен көне паршаның қиықтарын көріп кеткен Уордор − стритке барған едім, сатушымен екі сағат бойы саудаласуға тура келді. Біздің уақытымызда адамдар барлығының құнын жақсы біледі, бірақ нағыз құндылықтың не екені мұрындарына да бармайды. − Қандай өкінішті болса да, менің сіздерді тастап кетуіме тура келеді! − деді леди Генри, орнап қалған ыңғайсыз тыныштықты бұзып, сөйтті де, әдетінше, орынсыз күліп алды. − Мен герцогиняға онымен бірге қыдыруға шығам деп уәде берген едім. Сау болыңыз, мистер Грей! Сау бол, Гарри. Сен бүгін қонақта түстенетін боларсың? Мен де. Мүмкін, леди Торнберидікінде кездесіп қалармыз? − Әбден мүмкін, қымбаттым, − деп жауап қатты лорд Генри, оның артынан есікті жауып жатып. Оның келіншегі бейне түні бойы жаңбыр астында қалып қойған тауыс құстай ырғалып − ырғалып, артынан ақжұпар иісін бұрқырата бөлмеден шыға бергенде, диванға құлай кетіп, папиросын тұтатты. − Ешқашанда шашының түсі сабанға тартқан әйел баласына үйленбеңіз, − деді ол бірнеше рет папиросын тартып алған соң.

− Неге, Гарри?
− Олар тым сезімшіл
− Ал мен сезімшіл адамдарды жақсы көрем.

− Ең жақсысы, тіпті де үйленбеген, Дориан. Еркектер жалыққаннан үйленеді, әйелдер күйеуге қызық көріп шығады. Неке екі жақтың да көңілін қалдырады. − Менің үйленетініме өзімнің де күмәнім мол, мистер Гарри. Мен тым ғашықпын. Бұл да сіздің қанатты сөздеріңіздің бірі ғой. Сіз айтатын бар дүниелеріңізді ұстанатынымдай, бұны да өмірге айналдырдым. − Сонда кімге ғашық боп қалдыңыз? − деп сұрады лорд Генри, біраз үнсіздіктен соң.

− Бір актрисаға,− деді қызарып кеткен Дориан Грей.
Лорд Генри иығын көтерді.
− Тым жалықтырып жіберер бастама.
− Егер сіз оны көрсеңіз, Гарри, бұлай демес едіңіз.

− Кім ол сонда?
− Оның есімі Сибила Вейн.
− Ондай актрисаны естіген емен.

− Әлі ешкім де ести қойған жоқ. Бірақ, бір күні оның жұлдызы жарқ ете түсері анық. Тал бойында бір мін жоқ. − Қымбатты балақайым, әйелдер ешқашан мінсіз болмайды. Олар өмірдің әшекейі. Олардың әлемге айтуға тұрарлық ештеңесі болмаса да, сөйлеуді ешқашан қоймайтын тіршілік иелері, әрі мұны өте әдемі жасай білетіндер ғана. Әйелдер дегеніміз рухты басынып, басына отырып алған материя десек, еркектер дегеніміз керісінше, моральды жеңіп шыққан ақыл-ой иелері.

− Тым қатты кетпеңізші, Гарри!.. − Қымбатты менің Дорианым, айтқандарыма сеніңіз, бұл таза шындық. Мен әйелдерді өмір бойы зерттеп келем, мен білмегенде кім біледі! Сонысымен катар, оларды зерттеу дегеніміздің өзі анау айтқандай тым қиын да нәрсе емес. Меніңше, әйелдер негізінен екі түрлі боп келеді: боянбаған, боянып алған. Біріншісі бізге көбірек пайдалы. Егер өзіңізге деген дұрыс көзқарас қалыптастырғыңыз келе қалса, осындай бір әйелді кешкі ас ішуге шақырсаңыз болғаны. Екінші түрі өте тартымды. Бірақ олар бір қателікті қайталай береді, яғни жасырақ көріну үшін ғана боянып алады. Біздің әжелеріміз кезінде, ақылды әрі тамаша әңгімеші болу үшін боянатын, өйткені, ол кезде рух пен тән сұлулығының біртұтастығын сақтау дәстүрі бар болатын. Қазір бәрі керісінше. Қазіргі әйелдер боянғанда оз қызынан он жасқа жасарса өмірлерінде одан артық жетістікке жетуді армандамайды да. Ал одан жөні түзу әңгімені күтпей-ақ та қойсаң болады. Бүкіл Лондонда әңгімелесуге тұратын бес әйел ғана бар, оның өзінде, екеуіне қоғамдық орындарға баруға болмайды... Дегенмен, езіңіздің ұлылығыңыз туралы айтып берсеңіз де болады. Онымен танысқаныңызға көп болды ма?

− Аһ, Гарри, сіздің айтқандарыңыз адам шошытады.
− Қайдағы-жоқты айтпаңыз. Сонымен, қашан таныстыңыздар?
− Үш апта бұрын.
− Қайда?

− Қазір айтып берем. Бірақ, айтқандарымды түкке алғысыз етіп тастаудан аулақ болыңыз, Гарри. Егер де сізбен кездеспегенде, менің өмірімде ештеңе өзгермес еді. Бойымдағы өмірдің бар қалтарысына үңілуге деген қызығушылығымды оятқан сіздің өзіңіз емес пе. Бэзилдің үйінде кездескеннен бері менің жаным бір тыныштық тауып көрген жоқ әлі, бойым әлі күнге дейін шымырлайды. Саябақ пен Пикадиллиде қыдырып жүріп, өткен-кеткен әрбір адамның бетіне қараумен, оның қандай өмір сүретінін ойлаумен басым қатты. Кейбірі мені өзіне тартты, кейбірінен қорықтым. Бейне, ауада тәтті бір уыт тұнып қалғандай. Маған жаңа сезімдер ауадай қажет екенін сездім... Міне, бірде, тағы да сағат жетілер шамасында Лондонды аралау үшін үйден шықтым. Осы бір күнәкарларға толы, шырмап алар қайғы-қасіреті де жеткілікті, түрлі халқы бар қалада маған да сақталған бір несібе бар екенін ішім сезді. Мен соны іздеуге шықтым. Көз алдыма неше түрлі көріністер келді... Тіпті оның өзі қауіп-қатерге толы болса да, мен оны тағатсыздана күттім. Менің ойымнан сізбен алғаш рет кездескендегі айтқан сөзіңіз кетпеді, "Бақыттың шын кілті − сұлулықты іздеу" деген болатынсыз. Нені күткенімді білмеймін, бірақ мен Ист − Ендке қарай бағыт алдым. Көп ұзамай-ақ лас көшелер мен тақыр аллеялардың шырмауына түстім. Сегізден кете сырты әлем-жәлем әшекейленген театрсымақтың жанынан өтіп бара жатқам. Өмірімде көрмеген мыжық − мыжық күртесі бар бір сасық иудей есік алдында темекісін бұрқыратып тұр екен. Майланып кеткен шашын бұйралап, күс жағасына добалдай бриллиант қадап алыпты. "Ложаға қалай қарайсыз?" − деп ұсынды ол иіліп тұрып, шляпасын да шешті. Мына сұрықсыз адам маған қызық сияқты болып кетті. Сіз маған күлерсіз, бірақ мен сол бір ложадан орын алу үшін тұп − тура бір гиней төледім. Қалай тез болғанын өзім де білмеймін. Ал егер, осыны істемегенде, ойлаңызшы, Гарри, мен өмірімдегі ең басты махаббатымның жанынан өте шығар едім!.. Сіз күліп отырсыз ба? Сіздің бұныңыз мені ашуландырып тұр, шын айтам! − Мен күліп тұрғам жоқ, Дориан. Қалай дегенмен де сізге күліп тұрғам жоқ. Бірақ, құдай үшін, бұл сіздің өміріңіздегі ең басты махаббат демей-ақ қойыңыз. Одан да "біріншісі" дегеніңіз дұрысырақ болар. Сізге үнемі і ашық болатын болады, сіз де өмір бойы махаббатқа ғашық боп өтесіз. "Ұлы ынтықтық", бұл өмірін сауық-сайранмен өткізетін адамдардың басты басымдығы. Бұл еңбек етпейтін таптың істей алатын жалғыз жұмысы. Қорықпаңыз, сіздің алдыңызда әлі талай тамаша сәттер болады. Бұл тек басы ғана. − Сонда сіз мені соншалықты жеңілтек адам деп ойлайсыз ба? − деп шықты Дориан Грей.

− Керісінше, терең сезімнің адамы деп ойлаймын.
− Қалай сонда?

− Балақайым менің, мен өмірінде бір рет қана ғашық болатын адамдарды ғана жеңілтек деп санаймын. Олардың адалдық, біртоғалық деп атап алғандары, меніңше, тек қана олардың қиялдан жұрдайлығының жамылғысы ғана. Махаббаттағы адалдық пен біртоғалық тек қана адамның Әлсіздігін ғана көрсетеді... Адалдық! Уақытым болғанда, мен осы бір сезімді сараптаумен айналысатын болам. Оның иелері өзімшіл адамдар. Көп дүниемізді біз қуана-қуана лақтырып жіберер едік, тек оларды басқа біреу алып алатынын ойлағанда ішіміз күйеді... Жә, сөзіңізді бөлмей − ақ қояйын. Ары қарай айта беріңіз. − Сонымен, мен тап-тар сахна жанындағы ыңғайсыз ложаға жайғастым, көз алдымда қалай болса солай боялған жерде. Енді залды қарай бастадым. Онда арзанқол жылтыр салпыншақтар, купидонның мүсіндері молынан қойылыпты, әлгі арзанқол тәтті нандар әшекейленетіні сияқты. Галлерея мен артқы қатарлар лық толы, ал алдыңғы қатарлардағы тозығы жеткен креслолар бос тұр, ал балконның қызметін атқаратын жерде тіпті тірі жан жоқ. Қатарларды зімбір сырасы мен апельсин сатушылар аралап жүр. Отырғандар жақтары талмастан жаңғақ шағумен болды. − Тұп-тура британдық драма өнері өз биігіне жеткен кездегі көрініс қой мынау! − Мүмкін. Бұл көрініс ешқандай қуаныш сыйламайды. Мен ендігі қалай шығып кетуді ойлай бастағам, кенет көзім афишаға түсіп кетті. Гарри, сол кеште қандай пьеса жүріп жатты деп ойлайсыз? − Айталық, "Нақұрыс" немесе "Мылқау, бірақ жазықсыз". Біздің аталарымыз осыларды жақсы көрген. Жасым ұлғайған сайын, Дориан, бірнәрсеге көзім анық жете түсті: аталарымыздың көңілінен шыққан нәрселер бізге енді келмейді. Өнерде де саясаттағы сияқты, "Аға буын қашан да қателеседі". − Бұл пьеса, Гарри, біздің де әрдайым көңілімізден шығатын Шекспирдің "Ромео мен Джульеттасы". Шынын айту керек, ішімнен байғұс Шекспирді аяп кеттім, оны мұндай құдай ұмытқан жерге қоюға қалай ғана дәттері барады екен? Бірақ, бір жағынан қызық көріп, қалай болатынын көргім келіп кетті де, бірінші сахна аяқталғанша қалуды ұйғардым. Оркестрдің жағымсыз дауысы ойнап берді, оны басқарып отырған жас иудей сынық пианиноның басында отырды. Музыкадан безіп, залдан сол сәтте-ақ қаша жөнелуге шақ қалдым, әйтеуір дегенде сахна пердесі де түрілді-ау, сөйтті де ойын басталып кетті. Ромеоны денесі ауыр, жасы келген, даусы қарлыққан, күйдірілген тығынның қалдығынан мұрт салып алған еркек ойнады. Пішіні сыра бөшкесі сынды. Оған қарағанда, Меркуцио жақсырақ. Бұл рөлді комедиялық фарстарда ойнап әдеттеніп алған актерсымақ ойнап шықты. Мәтінге өз жанынан қаншама сөз қосқаны есімде жоқ. Бұл екі актер де мына театрдың ішінде бей-берекет ілінген жылтырақтар сынды қолапайсыз еді, жалпы алғанда, бұл абыр-сабыр балағанды еске түсіреді. Бірақ, Джульетта!.. Гарри, көз алдыңызға келтіріңізші, он жеті жасар, алма мойын, қос бұрымы жер сызған, гүлдей нәзік сұлудың нақ өзі. Көздері көк тұңғиық, еріндері гүл табы. Өмірімде мұндай хор сұлуын бірінші рет көрдім! Сіз бірде, ешқандай пафос қанымды ойнатпайды, тек сұлулық, сұлулық қана көзіме жас алдырады деген едіңіз. Міне, Гарри, ол қызды егжей-тегжей қарап отыра алмадым, себебі көзімді жас тұмандап алды. Ал дауысы! Мұндай тәтті дауысты естіген емен! Басында сыбырмен бастаған әр сөзінің әрбір нотасы бірте-бірте құлағыңа бұлақ сылдырындай құйыла береді. Әр айтқан сайын қатайып, сазсырнайдай ойнайды. Бақтағы көріністі ойнағанда, оның дауысы шегіне жетіп, таң рауандағандағы бұлбұлдың сайрағанындай шарықтау шегіне жетті. Жан-тәнімен ойнаған скрипка дауысын да естідім арасында. Біреудің дауысы сіздің жан-тәніңізді астан-кестең шығарған кездері болды ма? Сіз бен Сибила Вейннің дауысын мен ешқашан ұмытпаймын! Көзімді жұмсам болды, сіздердің дауыстарыңыз құлағыма келеді. Әрқайсысы өзінше өзге дүниелер айтады, шынымды айтсам, қайсысын тыңдарымды білмеймін... Қалайша оны құлай сүймейін, Гарри? Гарри, мен оны сүйемін. Ол менің өмірім. Әр күн сайын оны сахнадан көрем. Бүгін ол Розалинда, ертең Имоджена. Оны Италиядағы қараңғы мазарда, сүйіктісінің еріндерінен у ішкен кезін де көрдім. Жас жігіттің рөлінде, Арден ормандарында қыдырғанын да бақтым. Оһ, қысқа қамзолы мен сүйкімді шляпасы қалай жарасады десеңізші. Күнәдан пәк Дездемонаның да рөлінде көрдім, қара күштің иесі қап-қара қызғаншақ қолдар оның талдай майысқан ақ алма мойынын қысқанын да көрдім. Мен оны бар ғасырларда, бар костюмдерде көріп шықтым. Жай әйелдер біздің санамызды ойнатпайды, өйткені олар өз ернеулері мен дәуірлерінен еш шықпайды. Олардың жаны бұлайша өзгере алмайды. Олардың жаны мен тәні бізге басына киген шляпалары сынды жаттанды. Оларда құпия-сыр жоқ. Таңертеңгілік олар саябақта атпен қыдырады, күндіз таныстарымен әңгіме айтып уақыт өткізеді, шай ішеді. Күлкілері де бірдей, сыпайыгершіліктері де бір қалыптан шыққан. Біз үшін олар парақталып біткен кітап. Бірақ, актриса!.. Актриса мүлде басқа әлем. Тек актрисаны ғана сүю керектігін, Гарри, маған неге сіз айтпадыңыз?

− Айтпағаным, өмірімде көп актрисаны сүйіп үлгергенімнен, Дориан. − О, қандай екендерін білемін: әлем-жәлем боянғандар мен шаштарын сылап-сипағандарын айтып отырсыз ғой. − Боялған шаш пен беттен мұншалықты жеркенбеңіз, Дориан! Олардың да өз қызығы бар, қарай білген адамға.

− Шынымды айтсам, сізге Сибила Вейн туралы айтқаныма өкініп отырмын! − Сіз маған айтпай тұра алмас едіңіз, Дориан. Сіз өмір бойы маған бар сезіміңізді ақтарып өтесіз. − Иә, Гарри, мұныңыз шындық. Сізден бірдеңені жасыруға әлім жоқ. Менің жанымды ұстап тұрғандай, сіздің маған жүргізер бір билігіңіз бар. Тіпті, қылмыс жасасам да, сізге келіп ақтарылар едім. Сіз мені түсіне алар едіңіз. − Сіз сияқты, Дориан, күн сәулесіндей, жарық әкелетін адамдар, ешқашан да қылмыс жасамайды. Ал мен туралы айтқан мақтауыңызға рахмет! Ал, енді айтыңызшы... Сіріңке беріп жіберіңізші! Рахмет... Айтыңызшы, Сибила Вейнмен ара-қатынастарыңыз қаншалықты ұзаққа барады сонда?

Дориан орнынан қып-қызыл боп атып тұрды.
− Гарри, Сибила Вейн мен үшін қол жетпес көңіл құсым!

− Сондай көңіл құсын ғана құшу керек, Дориан, − деді лорд Генри, дауысын шарықтата. − Несіне ашулана қалдыңыз? Бәрібір, ерте ме, кеш пе ол сіздікі болады деп ойлаймын. Ғашықтық алдымен өзіңді алдаудан басталып, ақырында біреуді алдаумен аяқталады. Міне, осыны махаббат деп атайды. Сіз, әрине, онымен танысқан шығарсыз деп ойлаймын? − Әрине, солай. Сол күні әлгі иудей келіп, маған сахнаның ар жағына өтіп, Джульеттамен танысуға ұсыныс жасады. Мен ашуланып, Джульетта осыдан бірнеше ғасыр бұрын өліп, денесін Верондағы мәрмәр мазар құшағына алған деп жауап бердім. Ол мені бар ынтасымен таңдана отырып тыңдап алды, мені аққайнарды тым асыра сілтеп алған болар деп ойлап қалғаны көрініп тұр...

− Әбден мүмкін. − Сосын менен газетке мақала жазбаймын ба деп сұрады. Мен оларды оқымайтынымды да айттым. Ол, бейне қателесіп кеткендей, барлық театр сыншылары оны жек көретінін, әрі олардың барып тұрған сатқындар екенін айтып берді. − Мұны айтқанда, ол шындықты айтты деп ойлаймын. Түрлеріне қарағанда, олар тым арзанға да сатыла беретін сынды. − Соның өзінде, ол үшін қымбат екенін меңзеді, − деді күліп тұрып Дориан. − Осылай сөйлесіп тұрғанда театрдың шамдарын сөндіріп, маған кету уақытын білдірді. Иудей маған қайта-қайта мақтап қайдағы бір сигаралар ұсынуын қоймады, бірақ мен бас тарттым. Келесі күні кеште мен тағы да театрға бардым. Мені байқап, иудей басын төмен иіп, өнердің ұлы қолдаушысы дегенді айтты. Сондай жағымсыз болғанымен, айта кету керек, Шекспирді ондай ешкім жақсы көрмес. Ол өзінің ұлы жазушыға деген махаббатынан бақандай бес рет қалтасы бос қалғанын айтып мақтанды. Мұны ешкімнің қолынан келмейтін ерлікке балайтыны көрініп тұр. − Бұл шынында да үлкен ерлік, қымбаттым менің, ұлы ерлік! Көптеген адамдар Шекспирді сүйгені үшін емес, күнделікті өмірдің күйбеңіне деген сүйіспеншілігінен дәрменсіздікке ұшырап жатады. Ал, поэзияға деген махаббат үшін қалтасының қағылуы − бұл тұрарлық іс...− Сонымен, мисс Сибила Вейнмен қашан алғаш рет тілдестіңіз? − Үшінші кеште. Ол сонда Розалин даны сомдап шыққан болатын. Мен ақыры шыдамай, сахна артына бардым. Оған дейін оның аяғының астына гүл тастаған едім, сонда ол бір қараған-тын... Маған солай көрінді... Ал кәрі иудей маған жабысуын қоймады, ол мені Сибиламен қосуды әбден миына сіңіріп алған тәрізді. Сөйтіп мен артынан ердім... Онымен танысқым келмей, ұзақ уақыт алшақтанғаным, шынында, тым ерсі боп көрінбей ме сізге?

− Мұнда таңданатын ештеңе де жоқ.
− Неге, Гарри?

− Кейін түсіндірермін. Қазір сол қыз туралы әңгімеңізді аяғына дейін айтып бергеніңізді қалаймын. − Сибила жөнінде ме? Өзі өте ұялшақ, әрі сүйкімді. Әлі балалық уызының табы еріндерінен кетпеген. Оның тамаша ойнайтынын айта бастағанда, көзі ботадай мөлдіреп, таңданысын жасыра алмай қарап қалды, өзінің қандай дарынды екенінен мүлдем бейхабар! Екеуміз де сол кеште бір-бірімізден қымсынып тұрдық. Бұл сәт иудей шаң-тозаңы аспанға ұшқан фойеде тұрып алып, қызылкеңірдек боп сөйлеуін қоймады, ал біз үнсіз, бір-бірімізге қараумен болдық, бейне жас балалар дерсің! Шал мені қайта-қайта "милорд" деп атай берген соң, мен Сибилаға тіпті де лорд емес екенімді білдіруге тырыстым. Ол болса, ақырын ғана, жайбарақат: "Сіз одан гөрі ханзадаға көбірек ұқсайсыз. Сондықтан да бұдан былай сізді "Таңғажайып ханзада" деп атайтын боламын", − деді.

− Шынын айтайын, мисс Сибила мақтау сөз айтуды жақсы біледі екен! − Жоқ, сіз түсінбей қалдыңыз, ол үшін мен пьесалардың бірінен шығып, өмір шындығына айналған кейіпкер ғанамын. Ол өмір туралы мүлдем ештеңе білмейді десе де болады. Әбден шаршаған, солып, қартайған шешесімен тұрады. Ол бірінші кеште қып-қызыл капот киіп леди Капулеттиді ойнаған болатын. Түрінен, кезінде жұлдызы жарық болғаны көрініп тұр. − Ондайларды білем... Оларға қарасам, үнемі қарным ашады, − деп қосып қойды лорд Генри, қолындағы жүзіктеріне қарап отырып. − Иудей оның тарихын айтып бермекші болған, бірақ менің тыңдағым келмеді, өйткені мені мүлдем қызықтырмады. − Әрі дұрыс істегенсіз. Өзгелердің өмір драмаларында үнемі бір аяушылық сахналары басым болады. − Мен тек Сибиланы ғана ойладым. Ал оның шыққан тегі мен отбасын қайтем? Оның өз басында бәрі бар − мінсіздік, басынан аяғына дейін құдайдың өз қолымен соққан мүсін. Мен әр кеш сайын оны көру үшін театрға барамын, әр көрген сайын ол құлпыра түскендей. − А, кешке менімен тамақтануды доғарғаныңыз осыдан екен ғой! Ал мен сізді біреумен кездесіп жүр деп ойласам. Бірақ, мынау айтқаныңыз, менің күткенімнен мүлде өзге дүние. − Гарри, қымбаттым, біз сізбен күнде не таңғы асты, не түскі асты бірге ішіп жүрміз ғой! Сонымен бірге бірнеше рет сізбен операға да бардым, − деп таңдана жауап қатты Дориан. − Қайтем енді! Мен Сибиланы әр кеш сайын көріп тұруым керек, ең болмағанда, бір актіде болсын. Енді онсыз өмір сүре алмаймын. Осы бір піл сүйегінен ойып жасалған мінсіз мүсінде өмір сүретін тұнық жан туралы ойласам, денем дірілдеп кетеді.

− Ал бүгін, Дориан, менімен бірге тамақтана аласыз ба?
Дориан басын шайқады.
− Бүгін ол Имодженаны ойнайды. Ертең кешке Джульетта болады.
− Ал ол сонда қашан Сибила Вейн болады?

− Ешқашан.
− Онда сізді құттықтауға болады!

− АҺ, Гарри, сізге шыдап тұру мүмкін емес! Түсінсеңізші, оның бойында әлемнің бар ұлы кейіпкерлері өмір сүреді! Ол жай ғана адам деген атаудан әлдеқайда жоғары тұр. Күлесіз ғой! Ал мен сізге бәрібір айтайын, ол ұлылықтың нағыз өзі. Мен оны сүйем, сондықтан да, оның да мені сүюі үшін барлығын жасаймын. Міне, сіз, өмірдің бар құпиясын білетін адамсыз, маған Сибила Вейнді қалай өзіме қаратып алуды үйретіңізші! Мен Ромеоның өзімен қарсыласа алатын, оның қызғаныш сезімін оятатындай бақытқа ие болғым келеді. Біздің күлкімізден бүкіл әлемде өмір сүрген бар ғашықтардың рухтары оянып, көздеріне жас келердей мұңайғанын, от жалын деміміздің лебі денелерін шарпып өтсе екен деймін. Құдайым-ай, Гарри, оны қалай сүйетінімді білсеңіз ғой! Дориан қан қызуымен бұрыштан-бұрышқа арлы-берлі жүріп, сөзін аяқтады. Беттері қызарып, от болып тұр. Өзі тым елегізіп кетіпті. Лорд Генри оған іштей риза болып қарап отырды. Мына Дориан, кезінде Бэзил Холлуордтың үйінде алғаш кездестірген ұялшақ әрі елгезек бала кезінен бері мүлдем өзгерген, мүлде өзге Дориан болып шығыпты! Оның бар демі ашылып, қауызын жарған гүлдей жайнайды, алқызыл от гүлі. Рухы құпия тұрағынан шығып аспандады, ал Қалауы оны құшу үшін оған қарсы жүрді.

− Не істемек ойыңыз бар сонда? − деп сұрады ақыры лорд Генри. − Мен Бэзил екеуіңіздің менімен бірге театрға барып, оны сахнадан көргендеріңізді қалаймын. Оның дарынын дәл бағалайтындарыңызға күмәнім жоқ. Сосын оны әлгі иудейдің тырнағынан жұлып алу керек. Ол үш жылға келісім-шарт жасап, жіпсіз байланған. Ендігі тек екі жыл, сегіз айы ғана қалды. Әрине, мен оған жақсылап төлеймін. Бәрі біткенде, мен Уэст − Ендтен бір театрды жалға алып, оны бар дарынымен әлемге паш етемін. Ол бәрін есінен тандыратын болады, дәл мені есімнен тандырғандай.

− Бұл, енді бұлай бола қоймайды, қымбаттым менің! − Көресіз! Оның бойында мінсіз әртістік сезімталдық қана емес, жеке басының жоғары қасиеттері де шоғырланған! Біздің заманымызда әлемге ие идеялар емес, өзіндік тұлғасы мықты қалыптасқандар деп өзіңіз айтпап па едіңіз.

− Жақсы, онда театрға қашан барамыз? − Қазір ойластырып алайын... Бүгін сейсенбі. Ертең баралық! Ертең ол Джульеттаны ойнайды.

− Тамаша. Сағат сегізде Бристолда кездесеміз. Мен Бэзилді алып келемін. − Тек сегізде емес, Гарри, алты жарымда. Біз театрға сахна пердесі көтерілмей тұрып жетуіміз керек. Оны ойын басында, Ромеомен алғаш кездескен көрінісінде байқағаныңызды қалаймын. − Алты жарымда! Соншалықты ерте! Жоқ, одан да жетіде. Бірде-бір есі дұрыс адам жетіден ерте тамақ ішпейді. Мүмкін, сіз бұның алдында Бэзилға барып қайтарсыз? Немесе жазып жіберіңіз? − Қымбатты Бэзил! Оның көзіне көрінбегеніме, міне, бақандай бір апта болды. Бұл нағыз опасыздық. Ол маған өзі таңдаған оюлармен безендірілген ернеумен әсемдеген менің портретімді беріп жіберген... Шыны керек, ол портретке мен аздап қызғанышпен қараймын, өйткені ол менен бір ай жасырақ қой, бірақ сонысына қарамай, мен оның сұлулығына басымды иемін. Егер Бэзилге сіз жазып жіберсеңіз, жақсырақ болар еді. Онымен көзбе-көз кездесуден именемін, бар айтатын дүниелері мені қазір қызықтырмайды, әрі жалықтырып жібереді. Ол үнемі сол баяғы пайдалы кеңестерінен танбайды.

Лорд Генри жымиды. − Кейбір адамдар өздеріне ауадай қажет дүниені өзгелерге бергенді жақсы көреді. Мұндайды мен жомарттықтың шарықтау шегі деп атаймын! − Бэзил өте мейірбан, бірақ, меніңше, ол тым түзу. Мен мұны сізбен танысқаннан бері білдім, Гарри. − Білесіз бе, достым менің, ол өзінің бойындағы бар жақсысын, бары мен нәрін өнерге салады. Сондықтан да, өмірдің өзіне келгенде, оған тек саналы ақыл мен моральдық ережелерге сүйену ғана қалады. Мен білетін суретшілердің ішіндегі сұлулары ғана дарынсыз болатын. Дарындылары ешкімге назар аудармастан өз шығармашылықтарымен өмір сүре береді, сондықтан олардың өмірлері қызыққа толы емес. Ұлы ақын, шын мәніндегі ұлы ақын, тіршіліктің әр тамырын сезінуге құштар. Ал екінші сорттағы ақындар өмірдің тамаша білгірі боп шығады. Өлеңдері неғұрлым әлсіз болса, мәнерлері мен сырт келбеттері сондай мінсіз. Егер нашар сонеттері жарыққа шыққан ақынды оқысаңыз, келбетін көрмесеңіз де, өмірде көзтартарлық сұлу екеніне сене беріңіз. Олар сонеттеріне енгізе алмаған поэзияны өмірлеріне енгізеді. Ал ұлы ақындар өмірде жүзеге асыруға батылдары жете бермейтін поэзияны қағаз бетіне төгеді. − Бұның шындық немесе шындық емес екенін білмеймін, Гарри, − деді Дориан Грей, қолорамалына үстел үстінде тұрған тығыны алтындатылған құтыдан иіссу құйып жатып. − Сіз солай десеңіз, солай да шығар... Ал енді мен кеттім, мені Имоджена күтіп тұр. Ертеңгі кездесу туралы ұмытпаңыз. Сау болыңыз. Жалғыз қалған соң, ұзын кірпіктерін төмен түсіріп, лорд Генри ойға кетті. Әрине, сөз жоқ, Дориан Грейдей оны ешкім қызықтырып көрген емес, бірақ жас жігіттің біреуге өлердей ғашық болып қалғаны оны тіпті де алаңдатпады, не ашуын немесе қызғанышын тудырмады. Керісінше, ол бұған аздап қуанып та алды. Енді Дорианды зерттеу тіпті қызықтырақ бола түседі. Лорд Генри жаратылыстану саласындағы ғылыми зерттеушілердің әдіс-тәсілдерін жан-тәнімен жақсы көретін, бірақ олардың зерттеу нысандарын місе тұтпайтын. Өзінің жеке зерттеулерін ол алдымен өзінен бастап, кейін өзгелерге пайдаланып көре бастады. Адам өмірі, міне, зерттеуге тұрарлық жалғыз нәрсе. Әрине, қайнап жатқан өмірдің ортасында жүріп ол оның буы мен суынан, жаманы мен жақсысынан жүзін қорғайтындай шыны бетпердесі немесе қандай да бір қорғанышы жоқ еді. Осы бір қайнап жатқан қазанда уытын өзің сезіп көрмесең сезінбейтін у мен табиғатын өзің тексеріп көрмей түсінбейтін жан аурулары жеткілікті еді. Ал бірақ, бәрі біткенде, қандай ұлы еңбектің жемісі күтіп тұр десеңші! Әлем көз алдында қай жүзімен көрінер екен! От-жалын сезімнің болмысы мен эмоциямен қаны араласқан ақылдың түсі қандай болатынын, олардың қосылар жері мен айырылар жерін, қандай жерде бірігіп, қандай жағдайда қол айырысатынын ашқанда, о, қандай ғажап! Бұл үшін қандай баға төлесе де, бәрібір емес пе? Әр тың ашылыс үшін не төлесе де тұрады. Лорд Генри Дорианның басын ана бір қызға идіріп, аяғына оралтқан өзінің тәтті дауыспен айтқан ақылдары екенін ойлағанда (осы есіне түскенде қара тұңғиық көздерінен от көрінді) риза болып, жымиып алды. Иә, оның қазіргі қалпын ол өз қолымен соқты деп айта алады, мұның арқасында оның өмірге деген құштарлығы тым ерте оянды. Ал бұл жетістік емей немене? Әдетте, адамдар өмір құпияларын өзі ашар деп ғұмыр бойы күтумен өтеді, тек кейбір таңдаулыларына ғана оның ерекшеліктері соңғы сахна жабылмай тұрып ашылып үлгереді. Кейде бұған өнер көмектеседі (әсіресе әдебиет), олар ақыл мен сезімге қатар эсер етеді. Бірақ, бұны мойнына алған тірі жан иесінің өз жаны ауыр да күрделі ойларға толы болады, өйткені оның өзі Өмір өз қолымен соққан өнер туындысы емес пе. Өмір де поэзия, мүсін өнері немесе бейнелеу өнері сынды өз біртумаларын дүниеге әкеледі. Иә, Дориан ерте гүл атты. Өмірінің көктемі әлі өтпей тұрып, жемісін жинауға дайындалды. Оның бойында жастықтың жалыны мен өмірге құштарлығы асыр салады, осыған қарамастан, ол өз-өзін зерделей бастады. Оны бақылау − жанның рақаты! Осы бір керемет келбетті әрі жан-дүниесі жарық жас бозбала, сөзсіз, бәрінің қызығушылығын оятары анық. Осының бәрі аяғында неге апарып соғатыны, немен бітіп, өмірдің қандай соқпағына барып ұрындырары бәрібір емес пе? Ол пьесалардағы немесе мистикалық қойылымдардағы даңқты кейіпкердің өмірі маңдайына жазылған адам, оның қуанышы, қайғысы бізге тән емес, тек, оған қара да үйрен немесе жирен. Олардың жан жарасы-адам баласы үшін қауызын жарған алқызыл раушан ғана. Жан мен тән, тән мен жан − қандай сырлы құпия. Жан өз құрсағында адам болмысының жабайы бастамаларын сақтаса, оның іс жүзіне айналған материялық күйін тән сезінеді. Сезімге толы іс-әрекет жаныңды жібітіп, ақыл-ойды құрсаулап алады. Тән қашан мылқауға айналып, жан сөйлей бастайтын уақытты кім дәл ажырата алады? Беделді жантанушылардың белсенді теориялары мен аталымдары қандай ұшқалақ! Осының бәрін көріп-біліп отырғанның өзінде, ақиқатқа қай жағы жақын екенін дәл басып айту қиын! Шынымен де, адам жаны күнәға толы материяға қамалған көлеңке ғана ма? Әйтпесе, Джордано Бруноның айтқанындай, тән жанға бағынышты ма? Рух пен материяның айырылысар тұсын табу − жауабы жоқ жұмбақпен тең, олардың бір-біріне сіңісер тұсы да дәл солай жауапсыз жұмбақ. Лорд Генри жантану қайбір кезде, әйтеуір бір кезде, адамзаттың әр ішкі қозғалысының себебін дәл ашып көрсететін нақты ғылымға айнала алар ма екен деп сұрақ қойды өз-өзіне. Қазір біз өзімізді де толық түсіне алмай жүрміз, ал өзгелерді тіпті сирек түсінеміз. Тәжірибенің ар-ұяты жоқ, тәжірибе деп адамдар өздерінің қателіктерін атап алған. Моралистер болса, әдеттегідей, тәжірибеден үнемі жаман іс-әрекеттен сақтандырғышты ғана іздейді, әрі оны мінез-құлық қалыптастыруда эсер ететін бір бөлшек деп ұғады. Олар тәжірибені төбелеріне көтереді, өйткені олар біздің неден үйреніп, неден жирену керектігімізге көзімізді ашады. Бірақ тәжірибе өздігінен қозғаушы күш емес. Оның өзінде де, адамның сезу қабілеті сияқты белсенді күші аз. Ақиқатына келгенде, тәжірибе тек біздің қателіктеріміз өткен уақытта қалай қайталанса, дәл солай қайталана беретінін, бірақ алғаш рет ол үшін адам қатты қамықса, екінші, үшінші және ғұмыр бойы тағысын тағы қайталай отырып, ол оны еш қайғырмай, қайта одан ләззат ала отырып қана жасай беретінін дәлелдей түседі. Лорд Генри адам жанын ғылыми тұрғыда түсіндіруге тек тәжірибе арқылы ғана қол жеткізуге болатынын анық түсінген болатын. Ал Дориан Грей болса, дәл табыла кетті, барлық жағынан тура келеді, әрі бұдан шығатын нәтижелер де молынан болмақ. Оның Сибила Вейнге аяқастынан жарқ ете қалған ыстық махаббаты жантану тұрғысынан өте қызықты құбылыс болмақ. Әрине, бұл жерде білуге құмарлық деген сезім аз рөл атқармайды, жаңа сезімдердің дәмін татып көруге деген құштарлық. Дегенмен, мына махаббаты жабайы бастамашыл емес, сезімге толы, сондықтан да оның болмысы да күрделі болайын деп тұр. Бозбала шақтың жан қалауынан туындаған махаббатты ол аспанда қалықтаған, қол жетпес көңіл құсындай көреді, ал бұл істі шиеленістіре түскеннен өзге еш пайда бермейді. Біз бойымыздағы табиғи қалауларымызды толық түсінбейміз, бірақ біздің жан мен тәніміз сол тектес сезімдердің ықпалында тұрғанын мойындау керек. Ал шыққан тегі белгілі сезімдер олардың жанында түкке де тұрмайды, әрі ең әлсіздері болып табылады. Адамға үнемі өзгелердің үстінен тәжірибе жүргізіп отырғандай болып көрінгенімен, іс жүзінде ол өз басына жүріп жатқан тәжірибе екенін де түйсіне бермейді. Лорд Генри осылай ойға батып отырғанда есік қағылды. Камердинер кірді де, түскі асқа киім ауыстыратын уақыттың болғанын хабарлады. Лорд Генри орнынан тұрып, терезеге барды. Батып бара жатқан күн қарсы тұрған үйдің жоғарғы терезелерін қан қызыл араласқан алтын түске малып, әйнектер отқа әбден қызған металл сынды жарқырайды. Шатыр үстіндегі аспан қызғылт түске боялыпты. Ал лорд Генри болса жаңа досының жалындаған жастығы туралы, әрі оның тағдыры қалай боларын ойлады. Түнгі бір жарымда үйге келген ол үстел үстінен жеделхатты көрді. Оны Сибила Вейнмен атасқанын айтып, Дориан Грей жазып жіберіпті. − Aпa, апатай, мен сондай бақыттымын!− деп сыбырлады қыз, шаршаған, бетінің әрі тайған шешесінің тізесіне бетін көміп. Шешесі қонақ бөлмедегі жалғыз креслода, арқасын жарыққа беріп отырған болатын. − Мен сондай бақыттымын, − деді қайталап Сибила. − Сен де бақытты болуың керек! Миссис Вейн қолдары дірілдеп еті қашқан боп-боз білектерімен қызын құшақтай алды. − Қуану? − деп қайталады ол − Мен сені, Сибила, тек сахнада көргенде ғана қуанамын. Сен театрдан өзге ештеңені ойламауың керек, мистер Айзеке бізге көп жақсылық жасады. Біз әлі оған қарызымызды өтеген жоқпыз...

Қыз басын көтерді де, ұнатпаған сыңай танытты. − Ақша?− деді ол дауысын шығарып. − Аһ, апатай, қандай түкке тұрғысыз дүние! Махаббат ақшадан маңызды. − Мистер Айзеке қарыздарымыздан құтылу үшін әрі Джеймсті жолға жақсылап дайындау үшін бізге алдын ала елу фунт берді. Мұны ұмытушы болма, Сибила. Елу фунт дегеніміз үлкен сома. Мистер Айзеке бізге өте жақсы қарайды... − Бірақ ол джентльмен емес, aпa! Әрі оның менімен сөйлескендегісі тіпті ұнамайды, − деді қыз орнынан тұрып, терезеге жақындап келіп.

− Ол болмаса не істер едік, білмеймін, − деп бұрқ ете түсті шешесі.
Сибила басын артқа бұрып күліп жіберді.

− Ол енді бізге керек емес, апа. Енді біздің өміріміз "Таңғажайып ханзаданың" қолында. Ол аяқастынан үндемей қалды. Бетіне қан жүгіріп, қызарып кетті. Демі жиілеп, ауа жетпегендей аузын ашты. Алқызыл гүлдей еріндері дірілдеп кетті. Жалындаған сезімінен жел соққандай болды.

− Мен оны сүйемін, − деді Сибила жай ғана. − Ақымағым! Оһ, ақымағым! − деді шешесі қайта-қайта. Арзанқол жүзіктерге толы қатып-семген саусақтары осылай ишара білдіргенде, епсіз жыбыр-жыбыр етіп, жүректі шымырлатып жіберді. Қыз тағы да сыңғырлай күлді. Махаббаттан басы айналған хор қызындай еді. Көзінде де сол бақыттың оты ойнап тұр еді, ол бейне құпиясын жасырып қалғысы келгендей көзін жұмды. Қайта ашқанда арманның тұманынан әлі айықпап еді. Алба-жұлба креслода отырған, қатып-семген даналық оған байқап жүруді, ақыл-есінен айырылмауды айтып, өмірдің саналылық деп аталатын кітабынан түрлі сөздер келтіргенмен, Сибила оны тыңдамады да. Махаббаттың еркін тұтқыны бұл минуттарда жалғыз емес еді. Оның санасында Ханзадасы, Таңғажайып ханзадасы бірге болатын. Ол Жадын шақырып еді, ол оның бейнесін сала қойды. Рухын іздеуге жұмсап еді, ол Оны тауып әкелді. Оның еріндері әлі еріндерін күйдіріп, демі кірпіктерін жылытып тұр еді. Шешесі бұл уақытта, көңілін аударту үшін, бірден құлай сене кетпеуін, алдымен сұрастырып біліп алуды ұсынып, сөз мәнерін өзгертті... Ол жас жігіт бай болар, егер солай шықса, онда үйлену туралы сөз қозғау керек... Бірақ өмірдің алдамшы шындығы Сибиланың құлағына кіріп те шықпады. Ол шешесінің жыбырлап тұрған еріндерінен өзге ештеңені көрмеді де, естімеді, тек жымия берді.

Кенет сөйлегісі келіп кетті. Сұраққа толы тыныштық оны қорқытып жіберді. − Апа, апатай, − деді ол. − Мені не үшін сонша сүйеді екен ол? Оны не үшін сүйетінімді білемін, ол Махаббаттың төл баласындай ғажайып. Бірақ менен не тапты? Оның тырнағына да татымаймын ғой... Бәрібір, неге екенін білмеймін, оның тырнағына татымасам да, осыдан ешбір қысылмаймын. Өзімнің махаббатым үшін басымды тік көтеріп жүргім келеді. Апа, сен де менің әкемді мен Кәрі әйелдің беті арзанқол опаның астынан бозарған үстіне бозара түсіп, еріндері кемсеңдеп кетті. Сибила шешесіне ұмсынып келіп, құшақтай алды. − Кешір мені, апатайым! Әкемді еске түсірудің саған қандай ауыр екенін білемін. Сен оны құлай сүйдің ғой. Бірақ, бұлай қайғыға салынбашы, өтінем! Осыдан жиырма жыл бұрын сен қалай бақытты болсаң, мен де солай бақыттымын бүгін! Аһ, бүкіл ғұмырымды бақытты өткізуге кедергі бола көрмеші! − Балам менің, сүю үшін сен әлі тым жассың. Оның үстіне, ол жас жігіт туралы не білесің? Есімін де білмейсің. Бұл тіпті шектен шығу деп аталады. Джеймстің бізден алысқа, Австралияға сапар шегіп бара жатқанында, әрі мұншама шешілмеген мәселелеріміз бастан асып жатқанда, саған сәл ақылдырақ болған дұрыс... Дегенмен, егер ол бай болып шықса...

− Ah, aпa, aпa, бақытты болуыма кедергі болмашы!

Миссис Вейн қызына қарады да, құшағына алды. Бұл театр әртісінің өмір бойы соңынан қалмайтын, шын өмірде екінші "мені" болып алатын үйреншікті қимылы еді. Осы сәт бөлмеге тапал бойлы, қолапайсыздау келген, дудар-дудар қара шашты, аяқ-қолдары күректей бозбала кіріп келді. Оның бойында әпкесіне тән сұлулықтың ізі де жоқ-тын. Олардың ағайынды екені тіпті сенгісіз. Миссис Вейн ұлына көз тастады да, одан әрі жымия түсті. Бұл уақыт ұлы тура кірген еді, ол осы бір көрініске жетіспей тұрған көрерменнің рөлін дәл атқарды. Әрі қызы екеуінің бұл тұрған көрінісі оның ойынша тап-тамаша шықты. − Маған да бірер сүйіс қалдырсаң болмай ма, − деді ол қалжың аралас бұртиып. − Сен беттен сүйгенді ұнатпаушы едің ғой, Джим, − деп жауап қатты Сибила. − Кәрі, бұртиған аюым менің! − деп алды да бауырын құшақтай алды.

Джеймс Вейн оған мейірлене көз тастады. − Жүр, қыдырып қайталық, Сибила. Енді мен ешқашан осы бір жеккөрінішті Лондонға қайтып оралмайтын шығармын. Оны өзім де еш қаламаймын. − Ұлым менің, олай деме! − деп бұрқ ете қалды шешесі, күрсініп қойып, ол ұлының осы бір сәтті шыққан көрініске қатыспай қалғанын жақтыртпай қалды, онда бұл тіпті керемет көрініске айналар еді. Сөйтті де бір әлем-жәлем театр костюмін жұлып алып жамауға көшті.

− Шынымен, солай болса, неге олай деуге болмайды, апа? − Джеймс, сен мені қатты ренжітіп тұрсың. Австралиядан сен ауқатты болып ораларсың деп үміттенемін. Отар елдерде ешқандай жақсы орта таппайсың. Олар оның не екенін де білмейді де... Сондықтан, байлық − бақуатқа қол жеткізгенде қайтып келіп, Лондонға орнық. − Қайдағы бір "жоғарғы орта!"− деп бұрқ ете түсті ұлы. − Керек еді сол маған! Тек ақша тапсам болды. Сен және Сибила театрдан кетесіңдер. Оны өлердей жек көремін! − Аһ, Джеймс, қандай бұрқылдақ едің! − деді сыңғырлай күлген Сибила. − Сен шынымен де менімен қыдырып қайтқың келіп тұр ма? Ал мен сені достарыңмен қоштасып келуге кетіп қалатын шығарсың деп қорқып едім. Әлгі мына бір адам күлетін трубканы сыйға тартқан Том Хардимен немесе оны аузыңа алып тарта жөнелгенде шек-сілесі қата күлетін Нед Ленгтонмен. Жол жүрер алдындағы соңғы күнді менімен өткізуге шешкенің қандай тамаша. Қайда барамыз? Жүр Саябаққа барып серуендейік! − Жоқ, менің киімім тым нашар, − деді Джеймс қабағын түйіп. − Саябақта тек бай-қуатты көрермен қыдырады. − Ақымақтық, Джим!− деп сыбыр етті Сибила, оның мыжырланған пальтосының етегін қолымен сипап тұрып. − Жарайды, − деді Джеймс бірер минут шешіле алмай тұрған соң. − Тек сен тезірек киін. Сибила бөлмеден ұша жөнелді, баспалдақпен төмен түсіп бара жатып ақырын әндеткен дауысы естіліп тұрды. Сосын аяқ дыбысы жоғарыдағы бөлмеден естілді. Джеймс бірнеше рет бір бұрыштан келесі бұрышқа бөлмені аралап алды. Сосын креслода қозғалыссыз отырған шешесіне бұрылып:

− Апа, сен бәрін дайындап қойдың ба? − Бәрі дайын, Джеймс, − деді ол басын көтерместен. Соңғы уақытта, миссис Вейн, қатал да қарадүрсіндеу келген ұлымен оңаша қалғанда өзін ыңғайсыз сезініп жүрген-тін. Көкірек көзі тар және бар пәлесін ішіне сақтайтын тұйық әйел онымен көзі түйісіп қалғанда жаны шошынатын. Ұлы бірнәрсені біліп қалды ма екен деп, зәресі ұшып жүрген еді. Джеймс басқа ештеңе деп айтпады, бұл оны одан әрі мазасыздандырды. Сонда ол кінә артып, мұң-зарын төгілте бастады. Әйелдер қорғанар кезде, үнемі өздері тап бере бастайтын әдеті. Бұл әрекеттері аяғында кенеттен тапқан жеңіліспен аяқталып жатады. − Қүдай берсе, әлі-ақ саған теңізшінің өмірі ұнап қалар деп үміттенемін, Джеймс, − деп бастады миссис Вейн. − Осыны өзің қалап алғаныңды ұмытпа. Ал оның орнына бір адвокат кеңсесіне жұмысқа түссең де болатын еді. Адвокат болған өте жақсы, елдің шет жақтарында оларды бай үйлер қонаққа жиі шақырады. − Кеңселер мен шенеуніктерді жаным сүймейді, − деп шорт кесті Джеймс. − Шешімді өзім қабылдағаным шындық. Өз өмірімді қалай сүретінімді өзім шешемін. Ал саған, апа, бірнәрсені ғана нық айтамын: Сибиланы сақта. Байқа, оны жамандықтан қорғап қал! Бәледен сақтауға міндеттісің! − Түсінбеймін, неге мұны айта бересің, Джеймс. Әрине, мен Сибиланы қорғаштаймын. − Мен қайдағы бір мырза әр кеш сайын театрға келіп, сахна жабылғанда Сибилаға жолығып кетеді деп естідім. Бұл рас па? Бұған не айтасың? − Ah, Джеймс, сен бұндай нәрселерден түк те хабарың жоқ. Бізге, әртістерге, өзгелердің көңіл аударуы үйреншікті жайт. Мені де кезінде гүлге көміп тастайтын. Ол уақытта адамдар біздің өнерімізді бағалайтын. Ал Сибилаға келсек... Оның сезімінің шын екенін де, әрі бұның қаншалықты салмақты сезім екенін де білмеймін. Бірақ, ол жас жігіт нағыз джентльмен екені көрініп тұр. Ол мені үнемі сыйлап тұрады. Сонысымен қатар бай екені де байқалады, өйткені Сибилаға тым қымбат гүл шоқтарын сыйлайды.

− Бірақ оның атын да білмейсің ғой! − деп сарт еткізді жігіт. − Жоқ, білмеймін, − деді шешесі байсалды қалпынан айнымай. − Ол өз есімін әлі айта қойған жоқ. Бұл көңіл көкжиегін кеңейте түсері сөзсіз. Мұнысына қарағанда, ол ең жоғары ақсүйектер ортасынан болар, сірә.

Джеймс Вейн ернін қымқыра қойды. − Сибиланы сақта, апа! − деді ол айтқанын қайта шегелеп. − Оған дұрыстап қара! − Ұлым менің, сен мені ренжітіп тұрсың. Мен не Сибилаға жаман қарап жүрмін бе? Әрине, егер ол жігіт бай болса, оған неге тұрмысқа шықпасқа? Оның ақсүйек отбасынан екеніне еш күмәнім жоқ. Бұл барлық жағынан көрініп тұр. Сибила жақсы күйеуге тап болар еді. Олардан тамаша жұп шығар еді, ол да хордан түскендей сұлу, көркінен көз айыра алмайсың. Джеймс саусақтарымен үстелді тықылдатып тұрып, бірдеңені бұрқылдап алды. Ол бұрылып, шешесіне бірнәрсе айтпақшы еді, кенет есік ашылып, Сибила кіріп келді.

− Неғып екеуің де бұртиып тұрсыңдар? − деп алды ол − Не боп қалды? − Ештеңе де болған жоқ, − деді Джеймс. − Үнемі күлкі үйіріле бермейді ғой, анда-санда байсалды боп тұру да қажет. Ал, сау боп тұр, апа. Мен түскі асқа сағат беске қарай келем. Жейделерден өзгесінің бәрі салынып, дайын тұр, сондықтан, енді сен алаңдарлық ештеңе жоқ. − Сау бол, ұлым менің, − деп жауап қатты миссис Вейн. Сөйтті де басын тік көтерген қалпында ұлына бас изеді. Ұлының сөйлескендегі мәнері оған ұнамай тұрған-тын, ал көзқарасы одан сайын үрейлендірді. − Бетімнен сүйші, апа, − деді Сибила. Оның гүл жапырағындай нәзік еріндері әжімге толы шешесінің жүзін жылытып жіберді. − Оһ, қызым менің, қызым менің! − деді миссис Вейн, көздерін көтеріп, әдетінше, театрдағыдай балконды іздеген кейіппен. − Ал жүр енді, Сибила, − деді Джеймс шыдамсыздана. Ол шешесінің осындай ойынсымақтарын ұнатпайтын еді. Ағасы мен қарындасы күн сәулесі жарқырап, жел ойнақтаған көшеге шығып, аспандағы көшкін бұлттарға қарамастан, көңілсіз Юстонроудпен қыдырып кетті. Жандарынан өткендер нәп-нәзік қыз баламен бірге кетіп (ара жатқан нашар тігілген костюмдегі қолапайсыз жас жігітке таңданыспен қарайды. Ол қол жетпес раушан гүлін қадап алған қарабайыр бағбанға ұқсайтын. Анда-санда Джим өзіне қадала қараған көздерді байқап, қабағын түйе қалатын. Ол өзіне ішіп-жеп қарағанды тіпті де көтере алмайтын. Ал Сибила болса, өзін басынан-аяғына дейін сүзгендерді тіпті байқамайтын да. Оның күлкісінде махаббаттың сыңғыры бар еді. Оның бар ойы Таңғажайып ханзада туралы болса да, онысын біреу сезіп қоятындай, құпия сақтауға тырысты, оның орнына Джимнің жүзетін кемесі, Австралиядан міндетті түрде тауып алатын алтыны, қарақшылардың қолынан құтқарып қалатын сұлу да бай қыз туралы сөйледі. Оның басына Джеймс өмірбақи жай і ана матрос немесе капитанның үшінші көмекшісі, болмаса тағы осы сынды біреу болып қалады-ау деген кіріп те шықпайтын. Жо-жоқ! Теңізшінің өмірі адам айтқысыз! Тордағы құстай қайдағы бір кемеде қамалып отырасың, Ал оны жабайы толқындар мен құтырынған жел қуғаннан өзге ештеңе жоқ! Кеме Мельбурнға келе салысымен Джеймс капитанға ақырын ғана сау бол айтып, жағаға түсуі керек те, алтын шығатын жерге тура тартуы қажет. Бір аптаға толмай жатып-ақ ол адам көзі көріп, құлағы естімеген үлкен алтын құймасын тауып алады да, оны жағаға жүк көлігімен алты атты полиция қорғауымен шығарып алады. Ну арасына жасырынған қарақшылар үш рет шабуыл жасаса да, ойлағандарынан түк те шықпайтын болады. Қан шайқастың соңында беттерін әбден қайтарады... Жо-жоқ, бұлай емес, алтын шығатын жерлерде адамдар қара ойлы келеді, бір-бірін улауға дейін баратын көрінеді, барларда атыс-шабыс, боқтық сөз. Одан да Джеймске тып-тыныш қана фермерлікпен айналысу қажет, әсіресе қой өсірсе болады. Бірде, кешкісін, атпен үйіне бара жатып, бір қарақшының сұлу қызды ұрлап бара жатқанын көріп, қуғын салып, құтқарып қалады. Сосын, әрине, екеуі бір-біріне ғашық болады, үйленеді, сосын Лондонға оралып, үлкен бір үйде бақытты ғұмыр кешетін болады. Иә, иә, Джеймстің болашағы тамаша. Тек, ол ақылынан айырылмай, ақшасын босқа шашпай, сабырлығынан айнымаса болғаны. − Джеймс, сен мені үнемі тыңдап жүр, жарай ма. Мен сенен бір-ақ жылға үлкен болсам да, өмірді әлдеқайда жақсырақ білемін... Қара да тұр, әр күн сайын хат жазатын бол! Әр түні ұйқы алдында мен үшін дұға оқы, мен де сен үшін оқитын болам. Сөйтіп, бірнеше жыл өткеннен соң-ақ сен бай да бақытты болып қайта ораласың. Джеймс әпкесін тұнжырай, әрі үнсіз тыңдап келе жатты. Ол үйден еңсесін басқан ауыр азаппен кетіп бара жатыр еді. Жүрегін алда тұрған ауыр қоштасу ғана ауыртып тұрған жоқ. Өмірден еш хабары болмаса да, бозбала Сибиланың алдын күтіп тұрған бір қатер бардай сезінеді. Артынан қалмай жүрген анау ақсүйек керімсымақтан еш жақсылық күтуге болмайды! Ол ақсүйек, сондықтан Джеймс оны иттің етінен жек көрді. Heгe екенін айтып түсіндіре алмаса да, оның бойында тап айырмашылығын мығымдап тұрған бір түрткі бар болатын. Бұл оның бойын өз еркінен тыс билеп алған. Сонымен бірге шешесінің жеңілтектігі мен бос қиялшылдығы Сибилаға өзге жаудан артық жамандық әкелмейтінін де біледі. Бала кезде біз әке-шешемізді жақсы көреміз. Өскен соң сын тезінен өткізе бастаймыз. Оларды кешетін де кездер болады. Шешесі! Джеймс оған көптен бері, міне, көп айдан бері маза бермей жүрген бір сұрақ қойғысы келетін. Театрда кездейсоқ естіген бір ауыз сөз бен сырт айнала бере жыбыр-жыбыр айтылатын өсек-аяң бір кеште, сахна сыртында шешесін күтіп тұрғанда оған да жеткен болатын. Бұл оның басын астан-кестең етіп жібеді. Есіне түссе болды, жанын жегідей жеп, бетінен біреу шапалақпен салып жібергендей ду ете түседі. Ол маңдайындағы терең әжімін көрсете қабағын түйді, ішіндегі удың дәмі аузына келгендей, астыңғы ернін тістей қойды. − Сен мені тіпті де тыңдап келе жатқан жоқсың ғой, Джим! − деген Сибиланың дауысын естіді кенет. − Ал мен болсам бар күшіммен сенің болашағың туралы керемет жоспарлар құрумен әлек боп келем! Бірдеңе десеңші!

− Не айтам? − Ең болмағанда, тәртіпті болып, бізді ұмытпауға уәде бор, − деді Сибила жымиып.

Джеймс иығын көтерді.
− Менен гөрі сен мені тезірек ұмыт қалдырарсың, Сибила.
Сибила қып-қызыл боп кетті.
− Джим, неге олай дейсің?

− Міне, сенің де бір жаңа танысың пайда болыпты деп естідім. Ол кім? Маған неге ол туралы ештеңе айтпадың? Бұл таныстықтың арты жақсылыққа апармайды.

− Қойшы, Джим! Ол жөнінде жаман сөйлеуші болма! Мен оны сүйем. − Құдайым-ай, тіпті атын да білмейсің ғой оның! − деп қарсы шықты Джим. − Кім ол сонда? Оның кім екенін білуге хақым бар шығар деп ойлаймын. − Оның есімі Таңғажайып ханзада. Саған бұл есім ұнамай ма? Сен бұл есімді ұмытпа, тентегім. Егер сен менің Ханзадамды көрсең ғой, одан артық әлемде ешкімнің де жоқ екенін түсінер едің. Міне, Австралиядан келесің, сонда мен сендерді таныстырам. Ол саған ұнап қалады, Джим. Ол бәріне ұнайды, ал мен... мен оны сүйем. Сенің бүгін кешкісін театрда бола алмайтының қандай өкінішті. Ол бүгін келем деп уәде еткен. Ал мен бүгін Джульеттаны ойнаймын. О, оны қалай ойнап шығам десеңші! Өзің бір адамды құлай сүйгенде, сенен артық оны кім ойнай алады? Көз алдыңда қарап отырса! Бұл ойынымды соған арнаймын! Мен тіпті бүгінгі көрермендерімді қорқытып алам ба деп те ойлаймын. Иә, не шошытып алам, не мәңгілікке сол бейнеге ынтық қылам. Махаббат адам жанын биікке самғатады... Ана байғұс, мистер Айзеке, барға барып алып, бөтелкелес достарына мені ұлы актриса деп тағы да айқайға басатын болды. Ол соған барынша сеніп алған, бүгінгі ойыннан соң аяғыма жығылатын шығар. Осының бәріне себепкер − менің Таңғажайып ханзадам, менің жан махаббатым, сұлулықтың Құдайы! Оның жанында мен түкке тұрғысызбын... Енді не істейін? Кедейлік есіктен еңбектеп, ал махаббат терезеден ұшып кіреді деген. Біздің мақалдарымызды қайта қарастыру керек деп ойлаймын. Оларды көңілін қыс жайлаған біреулер ойлап тапқан, ал қазір жайнаған жаз... Жоқ, мен үшін өмірдің мәңгілік көктемі басталды, көгілдір аспан астындағы гүлдер жәрмеңкесі сынды.

− Ол бақуатты адам ба? − деді Джеймс түксиген күйінен айнымай.
− Ол нағыз Ханзада! − деді даусы махаббат әнінен бір танбаған Сибила.
− Одан артық не керек?
− Ол сені өзінің күңі еткісі келеді.

− Ал мен онсыз болатын бостандықтан қорқам.
− Одан байқа, Сибила.
− Оны көрген есінен танады, естіген сенеді.
− Сибила, ол сені ақылыңнан адастырыпты ғой әбден!

Сибила күліп жіберді де, бауырын қолтықтап ала жөнелді. − Джим, жаным менің, сен жүз жастағы қарт ақсақал сынды сөйлейсің. Кейін өзің де біреуге ғашық боласың өлі, сонда бұның не екенін түсінетін боласың. Қойшы, ашуланбашы енді! Менің осындай бақытты болып қалып бара жатқаныма қайта қуанбайсың ба. Біз екеуміз ауыр тіршіліктің талай қыспағын көрдік, бізге тым ауыр болды. Енді бәрі өзгеше болмақ. Сен өзіңе жаңа әлем ашу үшін бара жатырсың, ал маған ол осында, Лондонда ашылды... Міне, екі орын бос түр, жүр отыралық. Тамаша киінген көрерменге қарайық. Олар дем алып отырған қара тобыр адамның арасына орналасты, сөйтіп солар сияқты өткен-кеткендерді көзбен сүзуге кірісті. Жол жиегіндегі гүлдестелерде оттай басылатын қып-қызыл қызғалдақтар көз қарықтырады. Ауада ақшыл тұман, бейне хош иісті опаны үрлеп қалғандай. Бас жақтарында өткен-кеткендердің қызыл-жасыл алып қолшатырлары суда жүзген қаздай қалықтайды. Сибила қоярда-қоймай бауырының болашақ жоспарларын сұрастырды. Джеймс ақырын әрі қипақтап әрең жауап беріп отырды. Олар фишкаларымен алмасқан құмар ойын қатысушылары сынды. Джеймстің көңілін көтере алмағаны Сибиланың ашуын келтіре бастады. Әрең дегенде, әйтеуір бір жымиыстың ізі жүгіріп өтті де қойды. Кенет көз алдынан әбден жатталып қалған алтын бұйра шаштар мен сәл жымиған алқызыл еріндер жарқ ете қалып жоқ болды. Екі бикешпен бірге Дориан Грей ашық экипажбен өте шыққан болатын.

Сибила орнынан ұшып тұрды.
− Сол!
− Кім? − деп сұрады Джим.

− Таңғажайып ханзада! − деп жауап қатты қыз, көздерімен күймені шығарып сап тұрып.

Сол арада Джим де орнынан атып тұрып қолынан ұстай алды.
− Қайсы? Кәне? Көрсетсеңші! Оны көруім керек менің!
Бірақ осы уақытта герцог Беруикстің қос пар жегілген

күймесі алдыларын орап кетті, ал ол өте шыққанда, Дорианның күймесі ұзап үлгерген еді. − Кетіп қалды! − деді ренжи тіл қатқан Сибила ақырын ғана. − Сенің оны көре алмай қалғаның қандай өкінішті! − Иә, өкінішті. Өйткені, егер ол сені ренжітетін болса, мен оны тауып алып өлтіремін. Құдай ақы. Сибила бауырына шошына қарады. Ол болса сөздерін тағы бір қайталады. Олар ауаны тіліп өткен қанжардай қолдарында тұрғандардың назарын аудартты. Ал біреуі тіпті күліп жіберді. − Жүр, Джим, кетейікші бұл жердей! − деп сыбырлады Сибила. Ол тобыр арасынан жол тауып көшеге қарай аяңдады, артынан айтарын айтып, жеңілдеп қалғаннан соң, көңілі сәл көтерілген Джим де ілесті. Ахиллдің ескерткішіне келгенде қыз оған бұрылды. Ол бауырына ренжіген кейпінен әлі де болса айықпағанмен, оның түріне қарап, сәл жымиды. Сөйтті де басын шайқады. Сен ақымақсың, Джим, жай ғана, әлі балалығы басылмаған, әрі ашулы ақымақ баласың. Бұдан басқа ештеңе емес. Енді, осылай айту керек пе екен! Өзіңнің не айтып тұрғаныңды білесің бе? Сен қызғанып тұрсың, сондықтан да оған әділетсізсің. Сенің өзің де біреуді жақсы көріп қаласың әлі, осыны қалай қалаймын десеңші! Махаббат адамды мейірімді ете түседі, ал сен ашушаңсың! − Мен ендігі он алтыдамын, − деп жауап қатты Джим. − Не айтып отырғанымды жақсы білемін. Апам саған қорған бола алмайды. Ол сені сақтап қала алмайды да. Менің кетіп бара жатқаным, қандай өкінішті жайт! Келісімшартқа қол қоймағанда, бәріне қолымды бір сілтеп, сенімен қалар едім. − Жетер, Джим! Сен, әлгі, апам жақсы көретін қайдағы бір мелодрамалардағы кейіпкердей сөйлейсің. Менің сенімен керіскім келіп тұрған жоқ. Бірақ, мен оны жаңа ғана көрдім, көңілім қалай көтеріліп қалды десеңші! Енді ұрыспай-ақ қояйықшы! Сен мен сүйетін адамға ешқашан жамандық жасамайсың ғой, солай ма, Джим?

− Сен оны сүйіп тұрған шағыңда, әрине, − деп бұрқ ете түсті Джим. − Жоқ, − деді ол, шынайы өмірде бәрі де тым қарадүрсін екеніне жаңа ғана көзі жеткендей. − Демек, ол оңбаған болып шықты ғой? − деп айқайлап жіберді бозбала, жұдырығын түйіп.

Шешесі басын шайқады. − Жоқ. Оның басы бос емес екенін мен білетінмін. Бірақ біз бір-бірімізді шынайы сүйдік. Егер ол қайтпаса, бізді асырар еді. Ол туралы жаман ойлама, ұлым. Ол сенің әкең, әрі нағыз джентльмен болатын. Иә, иә, оның тегі ақсүйек.

Джеймстің аузынан боқтық сөз шығып кетті. − Маған бәрібір, − деді ол ашуланып. − Бірақ, сен, байқа, Сибиланың басын мұндайдан сақта! Оған ғашықсымақ боп жүрген анау бір адам да "ақсүйек" емес пе? Бір сәт миссис Вейнді ұят қысты. Басын төмен салып, дір-дір еткен қолымен бетін сүртті. − Сибиланың анасы бар, ал менде ол болған жоқ, − деп сыбырлады ол ақырын ғана. Джеймстің жүрегі жылып сала берді, ол шешесін аяп, жанына келіп, еңкейді де бетінен сүйді. − Осы сұрақтарыммен сені қатты ренжіткен болсам, кешір мені, апа, − деді ол − Бірақ мен сұрамай кете алмас едім. Ал, міне, кетуім керек. Сау бол! Тек есіңнен шығарма, енді сен тек Сибиланы ғана қарауға міндеттісің. Маған сенсең болады, егер анау адам Сибиланы ренжітсе, кім болса да тауып, ит өліммен өлтіремін. Айтқаным айтқан! Қорқыту мен серпінді іс-қимыл араласқан бұл сөз миссис Вейнге ұнап кетті. Бұл оған бағанадан бері тым сұрқай болып көрінген өмірдің сәнін кіргізгендей, қуана қарады. Қазір өз өзіне келген ол еркінірек сезінді. Көптен бері бірінші рет баласына риза кейіппен қарап қалған-тын. Осы бір қан ойнатар көріністің ұзағырақ болғанын қалап тұрған еді, бірақ Джим бәрін кенет тоқтатты. Шабадандарды төмен түсіріп, қайда құрып кеткені белгісіз, жылы мойын орағышты тауып алу қажет еді. Олар жалдап тұратын жиһазды бөлмелердің қызметшісі оны іздеп біресе ары, біресе бері жүгіріп кетті. Сосын көшірмен саудаласуға тура келді... Осы бір тамаша сахнаның пердесін өмірдің жағымсыз ұсақ-түйектерінің арқасында кенет үзуге тура келді. Сөйтіп миссис Вейн жаңағы әсерінен әлі айыға алмай тұрған күйінде терезеден күс сіңген қол орамалымен жол жүріп бара жатқан ұлының артынан ұзақ бұлғап қарап тұрды. Қандай керемет сахнаны жабуға тура келді! Дегенмен, ол Сибилаға, ендігі жанында ұлының жоқтығынан, жанын бір күйзеліс билеп алды деп хабарлауды міндеті деп санады. Бұл сөздері өзіне ұнап кетті, сөйтіп оны есінде сақтап қалуға тырысты. Джеймстің қорқыта айтқандары туралы үндемей-ақ қоюды шешті. Қаншама тамаша айтылса да, оларды қайта-қайта еске түсірудің еш қажеті жоқ. Миссис Вейн, кейін, уақыт өте келе, Джеймстің осы бір қызуқандылықпен айтылған сөздеріне бәрі бірігіп отырып күліп аламыз деп ойлады да қойды.

VІ

− Сен, ендігі, жаңалықтан хабардар шығарсың, Бэзил? − деп қарсы алды лорд Генри кешкісін есіктен кіріп келе жатқан Холлуордты. Олар "Бристоль" мейрамханасындағы үш адамға арнайы дайындалған жеке бөлмеде тамақ ішуге жиналған болатын. − Жоқ, Гарри. Ол не жаңалық? − деп сұрады суретші, шляпасы мен пальтосын иіліп күтіп тұрған қызметшіге беріп жатып. − Әйтеуір, саяси жаңалық емес шығар? Мен саясатқа қызықпаймын. Қауымдастық палатасында суретшінің бояуын ысырап етуге тұрарлық бірде-бір адам жоқ деп ойлаймын. Бірақ, олардың көбінің бетін ағарту керек дегенмен келісемін. − Дориан Грей үйленейін деп жатыр, − деді лорд Генри, Холлуордтың жүзінен көзін алмай.

Холлуорд дір ете түсті, қабағы түксиіп кетті.
− Дориан! Үйленеді! − деді ол − Мүмкін емес!
− Бірақ бұл қып-қызыл шындық.
− Кімге сонда?

− Қайдағы бір актрисасымаққа.
− Сене алар емеспін. Дориан сондай ақымақ емес-тін.

− Дорианның ақылдылығы сондай, менің қымбатты Бэзилім, оның тіпті ара-арасында да ақымақтық жасауға уақыты жоқ. − Бірақ отбасын құру деген "ара-арасында жасап тұратын ақымақтық" емес қой, Гарри! − Осылайша тек Англияда ғана ойлайды, ал Америкада бәрі басқаша, − деп еріне жауап берді лорд Генри. − Дегенмен, мен Дориан үйленеді дегенім жоқ, мен ол үйленейін деп жатыр дедім. Ал бұл әртүрлі дүниелер. Мен, мысалы үшін, үйленгенімді білемін, бірақ үйленейін деген ниетте жүргенім есімде жоқ. Менде ондай ниет мүлде болған емес деп ойлаған дұрыс шығар. − Гарри, сен өзің ойлашы, Дориан қандай отбасынан шыққан, қандай бақуатты, қоғамда қандай орны бар! Ол оның теңі емес, бұл тіпті ақылға сыйымсыз! − Егер оның тура сол қызға үйленгенін қаласаң, дәп қазір маған айтқаныңды оған тура осылай қайталап берсең болады, Бэзил! Сонда ол оған міндетті түрде үйленеді. Адамзаттың ең ақымақ істері ең жақсы ниеттен туындап жатады. − Ең құрығанда, ол жақсы қыз болып шықса екен! Егер Дориан сырты бүтін, іші түтін біреумен мәңгілікке өмірін байласа, бұл оның іштей саналы түрде төмендеуге өзін байлап бергенімен бірдей ғой. − Жақсы қыз ба деймісің? Ол өте сұлу, ал бұл өте маңызды, − деді лорд Генри шарабынан ұрттап қойып. − Дориан солай дейді, ал бұл жағынан сирек шатасады. Сен жазған портрет оған өзгелердің сұлулығын да бағалауды үйретті. Иә, иә, бұл жағынан келгенде, портрет оған жақсы эсер етуде... Бүгін кешкілікте оның таңдағанын екеуміз де көре аламыз, егер ол балақай бізбен уәделескенін ұмытып кетпесе, әрине.

− Сен осының бәрін шын айтып тұрсың ба, Гарри?
− Бұдан өткен шындық жоқ, Бэзил Дәп осылай шыншыл сөйлегенім есімде жоқ.

− Сен шынымен де, оның бұл ісін құптап отырсың ба, Гарри, − деді суретші ернін тістелей, бөлменің бір бұрышынан екінші бұрышын кезе жүріп. − Мүмкін емес! Бұл қайдағы бір ақымақтық қой. − Ал мен ешқашан біреуді жақтап немесе даттап көрген жан емеспін, бұл мынау шым-шытырық өмірде тіпті керегі жоқ нәрсе. Біз бұл жалғанға моральдық ұстанымдарды уағыздау үшін келгеніміз жоқ. Мен тым төмен адамдардың не айтып жүргеніне құлақ та түрмеймін, ал өзіме ұнайтындардың өміріне араласпаймын. Ал оның бойындағы бар қасиеті мен мінезі маған қандай түрінде көрінсе де, ұнаған күйінде қала бермек. Дориан Грей Джульеттаны ойнайтын өте сұлу қызға ғашық болған екен, әрі соған үйленгісі келеді. Онда тұрған не бар? Маған десе Мессалинаға үйленсе де, осыған бола оны жек көріп кете алмаймын. Сен өзің де білесің, мен үйленуді аса құптай қоятын адамдардан емеспін. Ондағы ең басты кемшілік − ол адамдағы эгоизмді құртады. Ал Эгоизмі жоқ адам түссіз гүл сынды, тіпті де қызықты емес, жеке тұлға ретінде де әлсіз. Дегенмен, жұбайлық өмір адам болмысын одан әрі күрделендіре түсетін кездері де болады. Өзінің "менің" сақтай отырып, олар оның үстіне өзге "менің" де біраз қасиетін жамап алады. Мұндайлар өз өмірінен өзге, басқа біреудің де өмірімен өмір сүруі қажет болады, сөйтіп өте жоғары деңгейде ұйымдасқан тұлға бола түседі. Міне, бұл біздің тіршілігіміздегі басты мақсаттардың бірі деген ойдамын. Сонымен қатар, адам өміріндегі кез келген қуаныш пен реніштің өзінің бағалы, әрі маңызды орны бар. Үйленуге қарсы қандай ойлар айтылса да, бұның өзі өмірдегі жаңа бір тәжірибе, жаңа бір сезім беттерін ашатын баға жетпес тәжірибе емес пе. Дориан бұл қызға үйленіп, жарты жылдай одан басын бұра алмайтын халде болады да, одан соң басқа біреуіне ғашық болып қалар деген үміттемін. Міне, сонда оны бақылау тіптен қызықты болатынына күмәнім жоқ. − Сен осының бәрін қалжыңмен айтып тұрған шығарсың, Гарри. Егер Дорианның өмірінің күлі көкке ұшса, бұған алдымен ренжитіндердің бірі сен болмайсың ба? Бірақ сен өзіңнің ішкі сезіміңді жасыру үшін жап-жақсы сөйледің.

Лорд Генри қарқылдап күлді. − Біз өзімізден қорыққанымыздан, өзгелерге сенуге тым құштармыз. Оптимизмнің негізінде таза қорқыныш жатыр. Өз жақындарымызға жақсылық жасаудың түбінде, өзімізді сақтап қалу деген қарақан бастың қамын ойлау ғана жатыр. Ал оны біз оларға қайтпас жақсылық жасап жатырмыз деп атап аламыз. Банк қызметкерін бізге берер қарыздың көлемін ұлғайтар деген ниетпен мақтаймыз, үлкен жолдың тонаушысын да, біздің қалтамызды ұмыт қалдырар деп мақтауға бармыз. Менің айтқандарымның бәрі таза шындық екеніне күмәнің болмасын, Бэзил Өмірде бәрінен де жек көретінім − оптимизм деген нәрсе... Сен, Дориан өмірін құртып алар дейсің, ал меніңше, өз дамуында тоқтап қатып қалған өмір ғана құртылған өмір. Адам болмысын түзету және қайта жасауға тырысу деген сөз оны құртумен бірдей деген сөз. Ал Дорианның үйленуіне келсек... Әрине, бұл ақымақтық. Бірақ, әйел мен еркек арасындағы жақындықтың өзге, санаға қызықтырақ түрлері бар. Мен, өзің білесің, оларды құптаймын... Ал, міне, Дорианның өзі де келіп қалды! Оның өзінен, менен артық сұрастыра алатын боласың. − Гарри, Бэзил, қымбаттыларым менің, құттықтай берсеңдер болады! − деді Дориан, жібектен астарланған суқағарын тастай беріп, достарының қолдарын қысып жатып. − Дәл осылай ешқашан бақыттан басым айналып көрген емес. Әрине, бұл өзі бәрі аяқастынан, ойламаған жерден бола кетсе де, өмірімдегі ең тамаша оқиға. Бірақ менің өзіме ғұмыр бойы осыны ғана іздеп, күтіп жүргендей көрінеді. Ол қуаныш пен толқу араласып, қызарып кетті, әрі бұдан одан сайын сұлулана түсті. − Сізге осы сезім бар ғұмырыңызға бақыт әкелсін деп шын жүректен тілеуге рұқсат етіңіз, Дориан, − деді Холлуорд. − Бұл некелесуге уәделесу туралы маған неге ертерек хабар бермедіңіз? Бұл кешіруге болмайтын нәрсе. Ал Гарриге айтыпсыз. − Ал түскі тамаққа кешіккеніңіз тіпті де кешіруге тұрмайды енді, − деді лорд Генри араласып. Сөйтті де жымиып тұрып қолын Дорианның иығына салды. − Кеттік, тезірек бастайық, мұндағы жаңа аспаздың өнерін көрейік. Сосын сіз бізге бәрін рет-ретімен айтып бересіз. − Мұнда айтатын да ештеңе жоқ,− деп жауап қатты Дориан, шағын дөңгелек үстелге жайғасып жатып,− Бәрі былай болды: кеше мен киімімді ауыстырып, Гарри, Руперт − стриттегі сізбен бірге барған итальян мейрамханасында ауқаттанып алған соң, сағат сегізде театрға аттандым. Сибила Розалинданы ойнады. Декорация деген тым алқам-салқам, ал Орландо туралы айтпай-ақ қойсам да болады. Бірақ Сибила! Ah, егер сіздер оны көргенде ғой! Ұл баланың костюмінде ол тіпті көз алмастай тамаша. Үстінде жасыл барқыттан күрте, қоңыр қысқа балақты шалбар, сүйкімді шляпа, астары қою қызыл түсті матамен тігілген күләпаралы плащы өзіне тым-ақ жарасып тұрды. Өмірімде мұндай сұлу кезін көрген емен! Оның сүйрік дене бітімі сіздің студияңызда тұрған танар мүсінінен айнымайды, Бэзил. Шаштары қара ағаш жапырақтары алқызыл раушан гүлін жауып тұрғандай, сұлу өңін көлегейлеп тұрды. Ал ойыны... Оны енді, сіздер, өздеріңіз көресіздер. Ол тұп-тура сахна үшін жаралған жан. Мен қайдағы бір ложада басымнан Құдай ұрғандай есеңгіреп отырдым. Лондонда екенімізді, қазір он тоғызыншы ғасыр екенін ұмытып қала жаздадым. Мен сүйіктіммен бірге алыстардағы ну орманды аралап... Спектакльден соң, сахна сыртына шығып, онымен тілдестім. Біз қатар отырғанбыз, кенет, оның келбетінен бұрын ешқашан байқамаған бір сезімді көрдім. Менің еріндерім оның еріндерін тапты. Біз сүйістік... Сол бір сәтте сезінгенімді тілмен айтып жеткізе алар емеспін. Бар ғұмырым тек осы бір минут үшін арналғанын түйсінгендей болдым. Сибила болса жіңішке сабағы майысып, басын көтере алмай тұрған нарцистей дірілдеп кетті... Сол уақыт ол тізерлеп отыра кетті де, қолдарымды сүйе бастады. Білем, сіздерге мұның бәрін айтудың қажеті жоқ, бірақ ішіме сыяр емес... Біздің некеге уәделесуіміз, әрине, құпия болатын. Сибила тіпті шешесіне де айтпаған-тын. Менің қамқоршыларымның не деп айтары да белгісіз. Лорд Рэдли ызадан жарылатын шығар. Ашулана берсін, маған бәрібір! Бір жылдан аз уақыттан соң мен кәмелетке толам, сонда қалағанымды істей алам. Бэзил, айтсаңызшы, поэзияның мені ғашық болуға үйреткені, ал жарымды Шекспир драмаларынан тапқаным керемет емес пе? Шекспирмен тілі шыққан алқызыл еріндер өз құпиясын құлағыма сыбырлады. Мені Розалинда құшағына алып, мен Джульеттаны сүйдім.

− Иә, мұнда бір ақиқат бар, Дорианжан, − деп жауап қатты Холлуорд.
− Ал бүгін онымен кездестіңіз бе? − деп сұрады лорд Генри.
Дориан Грей басын шайқады.

− Мен оны Арденн ормандарында қалдырдым, ал келесіде Веронның бақтарында қауышам.

Лорд Генри ойға батып тұрып, аққайнардан бір ұрттап қойды. − Ал үйлену туралы нақ қашан сөз қозғадыңыздар, Дориан? Ол не деп жауап берді? Әлде сіз ендігі ұмытып қалдыңыз ба? − Қымбаттым менің, мен әлі оған ресми түрде үйленуді ұсынғаным жоқ, өйткені мен үшін ол ресми әңгіме болған жоқ. Мен оған сүйетінімді айттым, ал ол болса, менің әйелім болу үшін тырнағыма да татымайтынын айтты. Тырнағыма да татымаймын деді! О, Құдайым-ай, мен үшін бар әлем, оның жанында тәрк етуге тұрарлық емес пе! − Әйелдер − тәжірибелік жағынан өте жоғары деңгейде ұйымдасқан халық,− деп жыбыр ете түсті лорд Генри. − Олар бізге қарағанда әлдеқайда тәжірибелі. Мұндай сәттерде еркектер үйлену туралы сөз қозғауды ұмытып кетсе де, әйелдер ұмыт қалдырмайды...

Холлуорд ишарамен оны тоқтатып тастады. − Қойшы, Гарри, сен Дорианды ренжітіп аласың. Ол өзгелер сынды емес, әйелді ренжітуге оның жаны тым таза.

Лорд Генри үстелдің ар жағынан Дорианға қарады. − Дориан маған ешқашан ашуланбайды, − деп қарсы дау айтты ол. − Бұл сұрақты мен еш жаман ойсыз, білгім келгеннен қоя салдым. Өзімнің көптен бері байқап жүргенімді, еркектердің әйелдерге емес, әйелдердің еркектерге ұсыныс жасайтынын тексергім келген. Тек буржуазия қоғамында ғана бұлай болмайды. Бірақ ол қоғам артта қалды.

Дориан Грей күліп жіберді де, басын шайқады. − Сізді түзету мүмкін емес, Гарри, бірақ сізге ашулану тіпті де мүмкін емес. Сибиланы көргенде, сіз оны тек жүрексіз адам ғана ренжіте алатынын өзіңіз де түсінесіз. Түсінбеймін, сүйген адамның арын аяққа қалай таптауға болады. Ал мен Сибиланы сүйем, әрі оның аяғының астына бүкіл әлемді тастауға даярмын. Неке деген не? Бүзылмайтын уәде. Сізге күлкілі ме? Күлмеңіз, Гарри! Мен дәл осыны меңзеп, уәде бергім келеді. Сибиланың сенімі менің шыншыл болуымды талап етеді, оның сенуі мені мықтырақ ете түседі! Сибила жанымда болған сәттерде, мен, Гарри, сіз үйреткен нәрселердің бәрінен ұяламын, мүлдем басқа адамға айналамын. Иә, оның саусағының ұшының бір рет тигенінен-ақ, мен сіз туралы әрі сіздің қызықты, бірақ сананы улайтын қате теорияларыңыздың бәрін ұмыт қалдырамын.

− Нақты қандайларын? − деп сұрады лорд Генри, салатты аузына апара беріп. − Өмір туралы, махаббат туралы, ләззат туралы. Жалпы, барлық теорияларыңызды, Гарри. − Теориялардың ішіндегі тұрарлығының өзі ләззат теориясы ғана, бірақ, өкінішке орай, оны мен өзімдікі дей алмаймын, − деп әндете жауап қатты лорд Генри. − Оның авторы Табиғат ананың өзі. Ләззат деген, оның адамды сын тезінен өткізер асыл тасы. Адам бақытты шағында ол үнемі тамаша боп көрінеді. Бірақ жақсы адамдар үнемі бақытты бола бермейді. − Ал жақсы адамдар деп сонда кімді айтасың? − деп сұрақ қойды Бэзил Холлуорд. − Иә, − деп қостай кетті Дориан орындықтың арқалығына шалқайып, үстел үстінде тұрған алып гүл шоғының үстінен лорд Генриге қараған күйінде. − Сіздіңше қандай адам жақсы, Гарри? − Жақсы болу деген сөз өз-өзіңмен келісімде өмір сүру деген сөз, − деп түсінік бере кетті лорд Генри, сүйрік ақ саусақтарымен бокалдың жіңішке аяғын ұстай алып. − Ал біреулер өзгелермен келісімде өмір сүруге міндетті болса, ол өз-өзімен үйлесімде бола алмайды. Өз өмірің − міне, ең басты дүние. Пуритандар, шамалары келсе, өздерінің ар-ождан ұстанымдарын өзгелерге жабыстыруға даяр тұрады, бірақ, меніңше, жақын адамдарымыздың өміріне араласу тіпті де біздің жұмысымыз емес. Оның үстіне жеке тұлғалық өмірдің мақсаттары жалпы қоғамдық өмірдің мақсаттарынан әлдеқайда биік екенінде дау жоқ. Қазіргі ойлап табылған мораль бізге дәуіріміздің жаңа, жалпыға бірдей ұғымдарын тықпыштайды. Ал мен, мәдениетті адамға өз дәуірінің шеңберінен ешқайда шықпау керек дегенімен еш келісе алмаймын, бұл дегеніміз жабайылықтың ең дөрекі түрі. − Бірақ, Гарри, келіссеңші, тек өзім үшін ғана өмір сүрем дегеннің бағасы тым қымбат емес пе, − деп қосты суретші. − Иә, қазіргі заманда бәріне тым қымбат төлеуге тура келеді. Кедейлердің де өзін өзі өлтіруіне себеп болатыны, олардың осыдан өзге ештеңені де қалтасы көтермегеннен де шығар. Әдемі күнәлар да әдемі заттар сынды, тек қалталылардың ғана шамасы келетін дүниелер емес пе?! − Өзің үшін сүрген өмірдің бағасы ақшамен емес, өзге нәрсемен өлшенетінін неге айтпайсың?

− Немен, Бэзил? − Меніңше, ар-ұжданыңның қажуымен, қайғы-қасіреттермен... төменге құлдыраумен.

Лорд Генри иығын көтерді. − Қымбаттым менің, ортағасырлық өнер тым тамаша екенінде дау жоқ, бірақ ортағасырдың сезімдері мен ұстанымдары баяғыда ескірген. Әрине, әдебиет үшін олар жарап қалатын да шығар, жалпы романдардың бәрі өмірде өтіп кеткен оқиғаларға құрылады емес пе. Мәдениетті адам бір кездері ләззат рақатына бөленгеніне ешқашан өкінбейді, ал мәдениетсіз адам ләззаттың не екенін де білмейді. − Мен енді ләззаттың не екенін білемін,− деп қосыла кетті Дориан Грей. − Ол біреуді құлай сүю. − Әрине, біреуді құлай сүйген, сүйікті нәрсе болғаннан әлдеқайда жақсы, − деп қостады лорд Генри, өзіне жеміс таңдап ала отырып. − Біреудің күйдім-сүйдімін тыңдап отырғаннан жалықтырар әрі ауыр нәрсе жоқ. Әйелдер бізді, еркектерді, жалпы адамзат баласы сынды, құдайындай көреді. Бізге жалынып-жалбарынады, талап етеді, бір нәрселерді үнемі сұраумен жалықтырып жібереді. − Меніңше, олар бізге өздері ең алғаш не сыйласа, соның ғана қайтарымын сұрайды, − деді Дориан ақырын, әрі байсалды түрде. − Олар біздің бойымызда махаббат сезімін оятады, әрі оны бізден де күтуге қақысы бар.

− Міне, бұл әбден дұрыс ой, Дориан! − деп айқайлап жіберді Холлуорд.
− Дүниеде даусыз ақиқат бар ма?− деп қарсы шықты лорд Генри.

− Иә, бар, Гарри, − деді Дориан Грей. − Әйелдердің еркектерге ең қымбат асылын беретінін жоққа шығарып жатпайтын шығарсыз. − Мүмкін, − деп келісті лорд Генри күрсініп. − Бірақ олар оны қайтарып беруді талап етеді. Әрі бәрін бір-ақ емес, бір тиындап. Міне, бәленің бәрі қайда! Бір ақылды француз айтқандай, әйелдер бізді ұлы істерге итермелейді, бірақ оларды іске асыруға өмірбақи кедергі келтірумен өтеді. − Гарри, сізден жақсы сыншы шықпайды. Бірақ, не үшін сізді жақсы көретінімді түсіне алмай өтетін шығармын! − Сіз өмірбақи мені жақсы көріп өтетін боласыз, Дориан... Кофеге қалай қарайсыздар, достарым?.. Бізге кофе, аққайнар және папирос әкеліңізші... Айтпақшы, папирос керек емес, менде бар. Бэзил, саған сигар тартуға рұқсат етпеймін, папирос ал! Папирос деген, нәзік те өткір, әрі бас айналдырар ләззат беретін, бірақ құмарыңды қандырмайтын дүние. Одан артық не керек?.. Иә, Дориан, сіз мені үнемі сүйіп өтетін боласыз. Сіздің көз алдыңызда, мен ешқашан батылыңыз бармайтын барлық күнәлардың иесі болып табылатын адаммын. − Қайдағы жоқты айтып отырсыз, Гарри! − деп қарсы шықты жас жігіт лакей үстел үстіне қойып кеткен күміс отшақпақтан папирос тұтатып жатып. − Жүріңіздер, одан да театрға кеттік. Сибиланы сахнадан көрген кезде, өмір көз алдарыңызда өзгеріп сала беретініне күмәнім жоқ. Ол сіздер осы күнге дейін білмей келген басқа бір әлемнің есігін ашады. − Мен бәрін де көріп − білгем, − деп қарсы шықты лорд Генри, солай дегенде көздері шаршаған адамның кейпіне ене қалды. − Мен жаңа бір сезімдерді ашқанды жақсы көремін, бірақ ондай сезім қалмады ма деп қорқам. Дегенмен, сіздің керемет қызыңыз мені орнымнан сәл қозғалтар. Мен сахнаны жақсы көрем, онда бәрі де өмірдегіден шыншылдау шығады! Кеттік! Дориан, сіз менімен жүресіз бе? Менің кабриолетіме тек екі адамға ғана орын бар екені өте өкінішті, Бэзил. Сізге біздің соңымыздан кебпен жүріп отыруыңызға тура келеді. Олар үстелден тұрды, пальтоларын киіп, кофені тұрып ішті де жүріп кетті. − Суретші ұмытшақтанып, әрі есі шыққан адамша жинақылығын жоғалтып алды. Бұл неке оған ұнап тұрмаған-тын, бірақ Дорианмен бұдан да жаман дүние болса қайтер еді. Бірнеше минуттан соң үшеуі де төменге түсті. Ақылдасып алғандай, Холлуорд лорд Генридің экипажының артынан жүріп отырды. Көз қарықтырған шамдарға қарап отырып, ол бүгін тағы бір жақын адамынан айырылатынын түсінді. Бұдан былай Дориан бұл үшін ешқашан бұрынғыдай бола алмайтынын сезінді. Өмір олардың араларына түсті... Холлуордтың көздерін тұман басып, адамдарға толы көшелердегі қозғалыс жыбырлаған жарық ұшқындарына айналды. Кеб театр алдына келіп тоқтағанша, суретші өзін бүгін көп жасқа қартайып кеткендей сезінді.

VІІ

Бұл кеште, неге екенін қайдам, театр адамға лық толыпты.− Дориандарды есік алдынан күтіп алған месқарын директордың езуі жиылмай жымиюмен болды. Ол оларды біресе ананы, біресе мынаны айтып, саусақтары сақиналарға толы қолдарын қайта-қайта сермеп, аузы жабылмастан бірдеңелерді күбірлеп, салтанатты түрде ложаға әкеліп отырғызды. Дориан оған бұрынғысынан да жек көре қараған күйінде аузын ашпады. Бейне сүйіктісі Мирандаға келіп, Калибанмен бетпе-бет кезігіп қалғандай сезінді. Ал лорд Генриге иудей ұнап қалған тәрізді. Не десе де, ол өзінің дарындардың жолын ашып, ақынға деген махаббаты үшін қалтасынан қағылудан тайынбаған адаммен танысқанына қуанышты екенін айтып, оның қолын қысты. Холлуорд партерде отырған көрерменді көзімен сүзіп шықты. Зал іші ауа жетпестей қапырық, ал үлкен люстра оттай жанған жапырақтары бар алып георгинге ұқсайды. Галеркадағы жас жігіттер пиджактары мен күртешелерін шешіп арқалыққа іле салыпты. Олар бүкіл залды бастарына көтере әңгіме соғып, жандарындағы әлем-жәлем киінген қыздарға апельсин ұсынып әлек. Партерде қайдағы бір әйелдер қарқылдап күлуде. Олардың ащы дауыстары құлақты тұндырады. Буфет жақтан бөтелке тығындарының ашылған дауыстары бірінен соң бірі естіледі. − Осындай жерден сіз өз махаббатыңызды таптым дегіңіз кеп тұр ма!− деп сұрады лорд Генри. − Иә,− деп жауап қатты Дориан Грей. − Осы жерден, жай адамдар арасынан құдайдың сүйген қызын таптым. Ол ойынды бастағанда, дүниенің бәрі ұмыт болады. Мынау қарадүрсін адамдар, қолақпандай беттер мен қалай болса солай сөз саптағандары, бәрі-бәрі ұмыт қалады. Ол ойнағанда бәрі таңданыстан өзгеріп сала береді. Олар демдерін іштеріне тартып, одан көз айырмайды. Оның әмірімен бір күліп, бір жылайды. Ол бұларды скрипкадан да сезімтал жандарын нәзік гүлге айналдырады. Міне, сонда, олардың да мен сияқты адам екеніне көзімді жеткізеді. − Сен сияқты? Жоқ, тура олай бола қоймас енді! − деп қарсы дау айтты лорд Генри, дүрбімен галеркада отырған көрерменді қарап отырып. − Оны тыңдамаңыз, Дориан, − деді суретші. − Сіздің не айтқалы отырғаныңызды мен түсініп отырмын, әрі ол қызға сенемін. Егер сіз оны сүйіп қалған болсаңыз, демек ол сіз айтқандай тамаша адам. Әрі, егер ол адамға сіз айтқандай жақсы әсер ететін болса, бұл оның жанының да таза адам екенінен хабар береді. Өз замандастарының жанына жақсылық дәнін егу деген − ұлы міндеттердің бірі. Егер сіздің таңдаулыңыз осы күнге дейін оның не екенін білмей келгендерге pyx сыйлай алса, сұлулыққа көздерін ашып, оған деген махаббатын оята алса, өмірлері сор мен ластыққа батқан адамдардың жанын тазартып, өзге біреудің қайғысына ортақтасатындай аяушылық сезімдерін оята алса, онда ол қыз сіздің махаббатыңызға тұрарлық қыз деген ойдамын. Әрі бүкіл әлем ондай қыздың алдында бас июі керек. Оған үйленетініңіз жақсы болды. Сәл ертерек мен басқаша ойда болған едім, бірақ ендігі осылай болғанының әлдеқайда дұрыс екенін түсіндім. Сибила Вейн сіз үшін жаралған жан. Онсыз өміріңіз толыққанды болмас еді. − Рахмет, Бэзил, − деді Дориан Грей, оның қолын қысып жатып. − Мен сіздің мені түсінетініңізге сенген болатынмын. Ал Гарри болса, өзінің мысқылшылдығымен төбе шашымды тік тұрғызады... А, міне, оркестр де ашылды. Ол әрине, өте нашар ойнайды, бірақ тек бес минут шыдасақ болғаны. Сосын перде көтеріліп, сіз Оны, менің бар ғұмырым алақанында тұрған адамды көресіз, мен оған жанымдағы бар сезімімді беріп үлгердім. Ширек сағаттан соң ду қол шапалақтың шуылымен Сибила Вейн шықты. Оның көз айыра алмастай, аққудың баласындай сүйкімді екеніне, шынында да, дау жоқ болатын, тіпті лорд Генридің өзі де бұдан әсем қыз баланы көрмегенін айтып салды. Оның имене басқан әр қадамы, ұяң көзқарасын жас маралдың мүсіні мен іс-қимылын еске түсіретін еді. Толып отырған зал мен қол шапалағын естігенде, бетінің ұшын сәл қызыл шалды, бейне күміс айнадағы алқызыл раушан гүлінің көлеңкесі сынды. Ол бірнеше қадам артқа жүріп, еріндері дір ете түсті. Бэзил Холлуорд орнынан атып тұрып, қол соға бастады. Дориан болса, түс көріп отырғандай қатқан күйінде одан көз айырмады. Ал лорд Генри болса, дүрбісінен көз алмай "Тамаша! Тамаша!" деп қайталап күбірлеумен болды. Бұл Капулетти үйіндегі көрініс еді. Монах киіміндегі Ромео кірді, жанында Меркуций мен тағы біраз достары бар. Тағы да оркестрдің жағымсыз үні ойнап, би басталды. Қарабайыр киінген қарадүрсін актерлердің арасындағы Сибила Вейн өзге, жоғары әлемнен түскен құдай қызындай әсер қалдырады. Ол би билегенде, жіптіктей нәзік белі су басында шайқалған қамыстай майысады. Аппақ алма мойны сүттей ақ лилияны еске түсірсе, ал сүйрік қолдары піл сүйегінен ойылғандай эсер қалдырады. Бірақ, ол қайткенмен де, еш сезімсіз ойнады. Ромеоны көргенде ешбір жымимады да. Ал:

Қол қысқанның жоқ ешқандай айыбы,
Әлімсақтан келе жатқан келіс қой.
Дидарларға тағзым ету лайығы,
Топ ішінде төс қағысқан теріс қой,-

(Ә.Кекілбаев аудармасы) деп басталатын Джульеттаның алғашқы сөзі де көркемдіктен жұрдай болып естілді. Дауыс таң-тамаша қалдырарлықтай болғанымен, интонациядан мүлдем хабары жоқ. Осы қате ұстаныммен айтылғаннан соң, өлең бар қасиетінен айырылып қалды. Ал ондағы сезім көзбояушылық қана. Дориан Грей айтарға сөз таба алмай отырды да қалды. Жүзі қуарған сайын қуара берді. Ол мұны күтпеген еді, түрінен алаңдаушылық пен түсінбеушілік қатар сезіледі. Лорд Генри де, Холлуорд та оған бірдеңе деуге батылдары бармады. Сибила Вейн оларға дарынсыз боп көрінді және біржола күдерлерін үзді. Дегенмен, кез келген актриса үшін оның қасиетін айнытпай танытар Джульеттаның екінші актідегі балкондағы ойыны екенін түсіне отырып, олар соны күтуге қалды. Егер Сибила оны ойнай алмаса, демек оның дарыны туралы тіпті сөз қозғауға да тұрмайды. Ай сәулесінің астында, балконда пайда болған ол тіптен тап-тамаша көрінеді. Мүны жоққа шығаруға болмас. Бірақ ойыны қарауға тұрарлық деп айтуға да келмейді, одан әрі ойнаған сайын, қарап отыру мүмкін емес боп көрінді. Іс − қимылдарының қарадүрсіндігі, саптаған сөзіндегі тым артық кеткен жалған пафостың басымдығы көрерменнің бар ықыласын жойып жіберді десе де болады.

Қараңғылық көлкештеп тұр көзімді,
Көрер едің ұяттан
Ду қызарған жүзімді, -
(Ә.Кекілбаев аудармасы)

деп келетін тамаша монологты жарнама оқуды ғана білетін екінші сортты актрисадан үйренгендей қалай болса солай айтып шықты. Ал балкон ернеулерінен төменге еңкейе түсіп айтатын мына бір жолдарға келгенде: Ант етпей-ақ қой, мен сенем. Жайсаң жігіт болсаң да Жөн еді әзір тұрғанымыз кідіре. Асығыстық болған жоқ па мұнымыз.

Құлан иек таң нұрындай
Қалмас па екен тез өшіп.
Қайырлы түн!
Бүгін жарған бақыт бүрі

Келесі жол гүл атады.
Сен де, мен де жадырап бір
Жақсы ұйықта жайланып.
Шыда, достым, шыда тағы.

(Ә.Кекілбаев аудармасы) Олардың жаттанды айтылғаны сонша, бейне не айтып тұрғанынан өзі де бейхабар сынды болды. Мұны толқу деп атауға енді келмейтін еді. Керісінше, Сибиланың бойын салқынқандылық әбден билеп алғаны көрініп тұр. Бұны нағыз нашар ойын деп атауға ғана болатын еді. Актрисаның дарыннан мүлдем мақрұм екені тайға таңба басқандай анық. Тіпті артқы орындардағы мәдениетсіз көрерменнің өздері сахнада болып жатқан оқиғаға бар қызығушылықтарын жоғалтты. Бәрі айқайлап, шулап, тіпті ысқырық та естіліп қалып жатты. Иудей болса, балконның арт жағында тұрып алып, аяғымен жер тепкілеп, боқтық сөздерді төгілтумен болды. Тек қыз ғана ешкімге мән берместен, өз бетімен ойнауынан танбады. Екінші бөлім аяқталғанда, залдағы бей-берекет шуылды тоқтату мүмкін емес болып қалды. Лорд Генри тұрды да, пальтосын киді. − Қыз өте сұлу, Дориан, − деді ол − Бірақ ойнау дегеннің не екеніне мүлдем хабары жоқ. Кеттік! − Жок, мен аяғына дейін қаламын, − деді Дориан ренжулі кейіппен қысқа қайырып. − Мен үшін бүгінгі кештеріңізді жоғалтқандарыңызға кешірім өтінемін, Гарри. Екеуіңіз де ренжімеңіздер. − Қымбаттым менің, мисс Вейн мүмкін бүгін ауырыңқырап тұрған болар, − деп үзіп жіберді Холлуорд. − Біз тағы бір соғып көрерміз. − Оны ауырып қалды дегенге өзім де сенгім-ақ келіп отыр, − деп жауап қатты Дориан. − Бірақ оның бүгін еш қызығушылықсыз, әрі сезімсіз ойнап шыққанын көріп отырмын. Ол мүлдем өзгеріп кетіпті. Кеше ғана ұлы актрисаны тамашалағам. Ал бүгін кәдуілгі ортан қол ойыннан аса алмады. − Сүйген әйел туралы олай айтудың қажеті жоқ, Дориан. Махаббат өнерге тәуелді емес. − Махаббат та, өнер де тек ақиқатқа ұқсау тәсілі, − деді лорд Генри. − Ал жақсы, кеттік, Бэзил Сізге де, Дориан, бұл жерде көп отыра беруге кеңес бермеймін. Нашар ойынды тамашалау көңіл-күйге де эсер етеді... Енді, ақыр аяғында, сіз әйеліңіздің актриса болғанын қаламайтын шығарсыз. Оның ағаш қуыршақ сынды Джульеттаны ойнағаны не, ойнамағаны не, бәрібір емес пе? Ол өте әдемі. Ал егер ол өмірде де өнердегідей түсінігі аз болса, онда онымен бұдан да жақын таныстық әлдеқайда пайдалырақ әрі қызықтырақ болады деп ойлаймын. Тек екі түрлі адамдар ғана, шынымен де, қызықты, біріншісі, өмір туралы түгел шындықты нақ білетіндер, екіншілері − ол туралы мүлдем бейхабарлары... Құдай үшін, балақайым менің, осыған бола сонша қайғыға берілмей-ақ қойыңыз! Бет-ауызды бүлдіруден сақтану мен жастық кейіпті сақтаудың шын құпиясы, ол мұндай ұсақ-түйекке мән бермеуден тұрады. Одан да, бізбен бірге клубқа жүр! Онда Сибила Вейн үшін сигар тартып, көтеріп те аламыз. Ол қас сұлу. Одан артық не керек? − Кетіңіз, Гарри, − деп айқайлап жіберді Дориан. − Менің жалғыз қалғым келіп отыр. Бэзил, сіз де кетіңіз. Жүрегімнің қарс айырылып отырғанын көрмей тұрсыздар ма? Көздеріне мөлдіреп жас тамшылары келе қалды, еріндері жыбырлап кетті. Ложаның көлегей жағына қарай жылжыған ол қабырғаға сүйеніп бетін жапты. − Кеттік, Бэзил, − деді лорд Генри, дауысынан күтпеген жылылық сезіліп. Сөйтіп екеуі де ложадан шығып кетті. Бірнеше минуттардан соң шамдар қайта жанып, перде ашылып, үшінші көрініс басталды. Дориан Грей орнына қайта жайғасты. Жүзінен қан-сөл қашып, бейжай кейіппен қарады. Спектакль әлі жүріп жатыр. Оған бұл бүгін бітпейтіндей көрінді. Залдың жартысы босап қалды. Ауыр башмақтарымен еденді тарсылдата, адамдар бірінен соң бірі тұрып кетіп жатты, бара жатып күлкі қылуларын қоймады. Бұл нағыз құрдымға кету еді. Соңғы көрініс үстінде зал бос болды десе де болады. Ақыры дегенде, шиқылдаған күлкі мен қатты-қатты айтылған сын сөздердің аясында сахна да жабылды-ау. Спектакль аяқталысымен Дориан Грей сахна артына қарай жүгірді. Сибила киім ауыстыратын бөлмеде жалғыз болатын. Жүзінен күн күліп, көздері оттай жайнап тұр еді. Сел ашылған еріндерінен, бейне өзіне ғана белгілі бір құпиядан жаны ләззат алғандай сәл жымиып қарайды.

Дориан Грей кіріп келгенде ол оған бақыттан басы айнала қарады.
− Мен бүгін өте нашар ойнадым, Дориан!

− Тым нашар!− деп қостады ол, ештеңе түсінбеген қалпы. − Айтар сөзім жоқ! Сіз ауырып қалған жоқсыз ба? Мұның бәрі менің жүрегімді қалай жаралап, қалай ауыртқанын түсіндіре алман!

Қыз жымиюын қоймады. − Дориан, − деді қыз әндете, бейне осы бір есім оның алқызыл еріндері үшін балдан да тәтті дәм бергендей. − Дориан, сіз қалай түсінбедіңіз? Бірақ, қазір түсініп тұрсыз ғой, солай ма?

− Түсінбейтін не бар? − деді ол ренжулі кейіппен. − Менің бүгінгі нашар ойынымды айтам... Енді мен үнемі тек осылай ойнайтын болам. Енді ешқашан да бұрынғыдай ойнай алмаймын.

Дориан иығын көтерді. − Сіз ауырып қалған боларсыз. Егер өзіңізді нашар сезінсеңіз, ойнамай-ақ қоюға болатын еді. Сіз күлкіге қалдыңыз ғой. Менің достарымды бұл ойын әбден жалықтырып жіберді. Маған да солай болды. Сибила оны естіп тұрмағандай. Ол, бейне, бақытқа толы бір әлемде қанатын жая ұшып жүргендей сезімде еді, бұрынғы кейпінен мүлдем өзге. − Дориан, Дориан! − деді ол дауыстап. − Мен сізді білмей тұрғанда, өмірім тек сахнада ғана басталушы еді. Маған ол менің нағыз өмірімдей көрінетін. Бір кеште Розалинда, тағы бірінде Порцияның өмірін кешетін едім. Беатриченің қуанышы менің, ал Корделияның қайғысы менің қайғым еді. Меніңмен қатар ойнайтын актерсымақтар құдай сүйген құлдай, ал мынау әлем-жәлем сахна менің әлемімді құратын еді. Осыған дейін аруақтардың өмірімен өмір сүріппін. Бірақ, сен, менің сүйіктім, сен келдің де менің жанымды азат еттің. Сен маған нағыз өмірдің өзінің келбетін көрсеттің. Бүгін, бүгін менің бәріне көзім жетті. Мен айналамдағы мына қоршаған дүниенің бәрінің іші бос қалыптар екенін ғана көрдім. Мен бүгін алғаш рет, Ромеоның кәрі, бетін әжім айғыздаған, бояуы бір батпан екенін, ал бақтағы ай сәулесінің көзбояушылық, бақтың өзі бақ емес көзге алдамшы дүние екенін байқадым. Ал аузымнан шыққан сөздің айтқым келген сөздер емесін, менің сөздерім емес, екенін түсіндім. Сенің арқаңда, мен өнерден де биік нәрсе бар екенін ұқтым. Мен шын махаббатпен таныс болдым. Өнер оның көмескі көлеңкесі ғана екен. О, қуанышым менің, менің Таңғажайып ханзадам! Мен мына көлеңкелер арасында тұра алар емеспін. Сен маған әлемнің бар өнерінен де қымбатсың. Ендігі, мені сахнада қоршап алған анау қуыршақтардың маған қандай қажеті бар? Бүгін театрға келгенде, өзімнің таңғалғанымды түсіндіре алман. Осының бәрі менің жаныма сондай жат екенін ұқтым! Тамаша ойнармын деп ойлаған едім, ал ойыным тіпті де келіспеді. Сол кезде, жаныммен, рухыммен, осының бәріне көзімнің жеткені сонша, жүрегім бірден жеңіл тартқандай болды. Залдағы шиқылдаған дауыстарды естігенде, тек күлкім ғана келді. Олар, біздің махаббатымыз сынды сезімнен қандай хабары бар? Мені мұннан алып кет, Дориан, тек екеуміз ғана бар жерге алып кет. Енді мен театрды тіпті де көтере алмайтын халге жеттім. Осығанға дейін мен өз басымнан өтіп көрмеген махаббатты ойнаппын, енді мұны ойнай алмаспын, өйткені нағыз махаббат менің кеудемді өртеп барады. Аһ, Дориан, Дориан, сіз мені түсінесіз бе? Қазір ғашық адамның рөлін сомдау мен үшін өтірік ойнаумен бірдей ғой! Сіздің арқаңызда мен енді осының бәрін білемін.

Дориан Сибиладан жанүшыра теріс айналды да, диванға отыра кетті. − Сіз менің махаббатымды өлтірдіңіз, − деді ол ақырын ғана, көзін көтерместен. Сибила оған таңдана қарады да күліп жіберді. Дорианда үн жоқ. Ол оған жақындап келді де, саусақтарының ұшымен шашын сипады. Сосын, тізерлеп отыра кетті де еріндерімен алақанын аймалады. Бірақ Дориан дір ете түсті де, қолдарын тартып әкетті. Содан кейін диваннан атып тұрған күйінде есікке қарай ұмтылды. − Иә, иә, − деп айқай салды ол. − Сіз менің махаббатымды тұншықтырдыңыз! Бұрын сіз менің көкірек көзімді ойнатып, қиялымды шарықтататынсыз, қазір сізге еш қызықпаймын. Енді маған түк те қызықты емес. Мен сізді тамаша ойнайтыныңыз үшін, дарыныңыз үшін, ұлы ақындардың армандарын жүзеге асыра білетіндігіңіз үшін, өнердің жансыз пішіндеріне таңғажайып жан бітіретініңіз үшін сүйетін едім. Ал енді, мұның бәрі бітті. Сіз кәдуілгі бос шөлмектей, жай ғана әйелдік өреден аспаған жан болып шықтыңыз. Құдайым-ай, қандай ақымақ болғанмын!.. Сізге деген махаббатым қандай ақымақтық болған! Қазір сіз маған ешкім де емессіз. Енді сізді көргім де келмейді. Енді мен сізді ешқашан есіме де алмаймын, есіміңізді де есімнен шығарам. Сіздің мен үшін кім болғаныңызды білсеңіз етті... О, Құдайым, мен... Жо-жоқ, бұл туралы енді ойлаудың өзі ауыр... − Одан да сізді білмегенім жақсы болар еді маған! Сіз менің өмірімдегі ең тамаша таңғажайыптың быт-шытын шығардыңыз. Егер, сіз, махаббат сіздің бойыңыздағы актрисаны құрбан қылды десеңіз, сіздің махаббат туралы білетініңіз қандай аз! Сіз, сіз, сіз өз бойыңыздағы өнер тамшысынсыз ештеңеге де тұрмайтыныңызды қалай білмейсіз! Мен сізді ұлы, танымал актрисаға айналдырғым келіп еді. Бүкіл әлемді аяғыңызға тастар едім, сіз менің атымды алар едіңіз. Ал енді не болды? Сүйкімді бет әлпеті ғана бар, үшінші сортты актрисасымақсыз. Сибила аппақ құдай болып, денесін діріл қысты. Тамағынан қыстығып келесі сөздерді әрең айтты:

− Сіз мұны шын айтып тұрсыз ба, Дориан? Сіз қалжыңдап тұрғандайсыз. − Ойнау? Жоқ, ойын ойнау сіздің қызметіңіз, − деді Дориан дауысынан кекесін сезіліп. − Сіз өте тамаша ойнай алады екенсіз! Қыз бойын тіктеп оған жақын келді. Жүзінен жанының ауырып тұрғаны сезіле, қолдарын Дорианның иығына қойды, сөйтті де көзіне тура қарады. Бірақ Дориан оны итеріп, әрі айқайлап жіберді:

− Жоламаңыз маған!

Сибиланың жан дауысы шықты. Оның аяғына құлай кетті. Аяққа басылған гүл сынды жерде жатты. − Дориан, Дориан, тастамаңыз мені! − деп сыбырлады ол. − Мен бүгін нашар ойнағаныма кешірім сұраймын. Бұл, тек сізді ғана ойлай бергенімнен болар. Мен тағы да өз қалпыма келуге тырысам... Иә, иә, тырысатын болам... Махаббаттың өміріме кенеттен енгенінен болар. Егер сіз мені сүймегенде, оның не екенін білмей өткен де болар ма едім... иә, сол кезде сіз мені сүймегенде... Тағы да сүйші мені, сүйіктім! Кетпеші, мен мұны көтере алмаспын... Тастамашы мені! Менің бауырым... Жо-жоқ... ол жай ғана айта салған болатын... Oh, сен мені шынымен де кешіре алмайсың ба, сонда? Мен бар күшімді салам, бұдан да жақсы ойнауға барымды салатын болам. Тым қатыгездік танытпашы маған, аяшы мені, сені өз өмірімнен де жақсы көрем мен. Бір рет қана қате басқанымды кеше гөрші, өтінем. Сен, әрине, дұрыс айтасың, маған өзімнің актриса екенімді ұмытпауым керек еді... Бұл ақымақтық болып шықты, бірақ мен бойымды билей алмай қалдым ғой... Кетпеші, тастамашы мені, Дориан!.. Парлап аққан жасын тоқтата алмай, ол еденде жатқан күйінен арылмады. Бейне, жараланған жас марал секілді еді. Ал Дориан болса, оған жоғарыдан төмен, алқызыл оймақтай еріндерінен кекесін күлкісі төгіліп басын тік көтере қарап тұрды. Сүйікті болудан қалғандардың қайғысында адамның күлкісін келтіретін бір нәрсе болады. Сибиланың да сөздері мен көзінен төгілген жасы оған қалай болса солай айтылған мибатпақ көрінді, әрі жынын келтірді. − Ал, енді мен кеттім, − деді ол ақыры, қатты дауыстап, сабырлы түрмен. − Жүрексіз қатыгез болып көрінгім келмейді, бірақ ендігәрі сізбен кездесе алмаспын. Сіз менің күткенімнен мүлде өзге болып шықтыңыз. Сибила үнсіз егілді, ештеңе деп жауап қатпастан, оған жақын жылжып келді де, көздері ештеңені көрмей қалғандай, оны іздегендей қолдарын созды. Бірақ Дориан тepіc бұрылды да шығып кетті. Бірнеше минуттан соң ол көшеге де шығып үлгерді. Қайда бет алғанын өзі де сезбестен жүре берді. Кейіннен, есін толық жиғанда, қайдағы бір иықтарынан тас басқандай ауыр кейіптегі қисық-мисық үйлері бар, қараңғылық құшағындағы көшелермен жүргенін, қандай бір алып аркалардан өткенін еске алды. Дауыстары қарлыққан, дөрекі күлкіге үйір әйелдер оны танбай шақырғаны да есіне түсті. Жанынан боқтықты алай да, бұлай да төгілтіп айқай салып, құлағанша ішіп алған өткіншілердің жүріп өткенін де есіне алды. Аяқ-қолдарын күс басып, аула деуге келмейтін, қоршаумен қоршалған үйлердің есігінің алдындағы табалдырықта үймелеген балаларды, үй ішінен шығып жатқан ұрыс-керістерді де көрді. Таң сәріде ол Ковент − Гарденнен шықты. Қараңғылық сейіліп, аспан мың құбылған маржан түсіндей жарқырады. Әлі адам аяғына тапталмаған таза көшелермен үстіне гүл толтырып алып, аяңдаған арбалар жүріп өтті. Майысып солқылдаған лала гүлдерінің мұрын жарар тәтті иісі Дорианның басын айналдырды, ол солардың артынан қалай ергенін де байқамады, сөйтіп базардан бір-ақ шықты. Оларды қалай түсіріп алғанын қарап біраз тұрды. Үстіне олпы-солпы сулық киіп алған бір көшір оған шие ұсынды. Дориан алды да, асығыс-үсігіс жей бастады, әрі әлгі көшірдің берген ақшадан бас тартқанына таңданды. Шие түн ортасында үзілген еді, олардан ай сәулесінің бейнесі әлі кетпегендей... Дорианның жанынан, айнала толған көкөністер мен жеміс-жидектердің ортасынан жарып, қолдарында түрлі-түсті қызғалдақтар мен сары және қызыл раушан гүлдеріне толған себеттер көтеріп жас балалар өтті. Ақыры Дориан бір көшірді шақырып алды да, үйіне қарай жүріп кетті. Есік алдында ол тып-тыныш аула мен қақпақтары тарс жабық терезелерге көз жүгіртіп біраз тұрды. − Аспан енді тап-таза, әрі шайдай ашық еді, ал шатыр жаңа ғана тазаланған күмістей жарқырайды. Көрші үйдің мұржасынан сыздықтап шыққан жіңішке түтін аспанға сурет салды. Алтындатылған үлкен шам қымбат ағашпен әрленген кең кіреберісте әлі де жанып тұр екен. Ондағы оттың тілі үшкірленіп, жоғарыға қарай ұмтыла түседі. Дориан оны өшіріп, үстелше үстіне шляпасы мен сулығын лақтыра салды. Сөйтіп, кең кітапхана арқылы қабырғасы қырсыз дөңгелек пішінде қаланған өз бөлмесіне кірді. Бүны ол өзі ойлап тапқан еді. Жақында ол Селбидегі үйінен тауып алған сирек кездесетін қымбат гобеллендермен бөлмесін жаңадан әшекейлетіп шыққан-тын. Олар Қайта Өрлеу заманының мәнерінде еді. Сол сәт, есік тұтқасын ұстай беріп, оның көзі Бэзил Холлуорд жазған портретке түсіп кетті. Дориан бірдеңеден шошынғандай, дір ете қалды да жатын бөлмеге енді. Сосын сәл тұрды да, қайта оралуға шешті. Оған бірнәрсе өзгергендей сезілді. Ақыры, кітапханаға қайта шығып, портретіне ұзақ қарап тұрды. Сары жібек перделердің көлеңкесінде тұрса да, портрет оған сәл өзгеріске түскендей әсер қалдырды. Бет-әлпеті өзгергендей, езуінде бір қатыгез күлкі тұнып қалыпты. Қандай қызық! Портреттен теріс бұрылып, Дориан перделерді ашты, күн сәулесі бөлменің бұрыш-бұрышына тығылған қараңғылықты серпіп жіберді. Дегенмен, портреттегі белгісіз өзгеріс ешқайда кете қойған жоқ, ол тіпті анық көрінді. Жарық бөлмеде оның жүзіндегі қатыгез жымиыстың айқын көрінгені сонша, бейне, Дориан бір сұмдық іс жасап болған соң, жаңа ғана айнаға қараған беті сынды. Ол дір ете түсті. Қолына купидон мүсінімен әшекейленіп, піл сүйегінен ойылып ернеуленген (бұл да лорд Генридің берген көп сыйлықтарының бірі-тін) сопақ айнаны асыға алып өз жүзіне барлай қарады. Жоқ, оның алқызыл еріндерінде ана суреттегідей ұсқынсыз жиырылыс жоқ. Сонда бұл не екен? Дориан көзін саусақтарымен уқалап, портретке тіпті жақын келді де мұқият қарай бастады. Бояуға қол тимегені ап-анық көрініп тұр. Қайта салды деуге келмейді. Ал бірақ, портреттегі бейне өзгерген. Жоқ, қателесуі мүмкін емес, портреттің өзгергеніне көзі әбден жетті. Креслоға отыра кеткен Дориан ойға батты. Кенет есіне, портретті жазып біткен күні Бэзил Холлуордтың шеберханасында айтқан сөздері түсіп кетті. Иә, әр сөзі есінде. Ол сонда, адам сенгісіз бір тілек айтқан еді, оның орнына портрет өмір сүріп, өміріндегі бар жаман істерінің ізі соның бетіне түссе, ал өзі ғұмыр бойы жап-жас күйінде қала берсе деген еді ғой. Иә, қайғы мен ауыр ойлардан кейін пайда болатын әжім портрет бетіне түсіп, ал оз бетінің қызылы ешқашан қашпаса екен деген еді. Иә, иә, ол дәл сол күні өзінің жастығының баға жетпес қымбаттығын алғаш түсінген еді ғой. Шынымен де, сол тілегі қабыл болды ма? Жо-жоқ, мұндай кереметтер болмайды! Бұл туралы ойлаудың өзі үрей тудырады. Ал мына портрет ше? Оның өңінде өзгеріс бары анық. Езуінде қатыгез күлкі тұнып тұр. Қатыгездік? Ол қатыгездік жасады ма өзі? Бәріне бұл емес, Сибила кінәлі. Ол оны ұлы актриса деп ойлап, сүйіп қалып еді. Ал ол бәрінің быт-шытын шығарды. Ол мұның махаббатына тұрмайтын жердің құрты болып шықты. Дегенмен, оның аяғының астында бұралып жылап жатқан кезін есіне алғанда, аяныш сезімі туындап, ал өзінің оған қатыгездікпен қарап тұрғанын есіне түсірді. Ол неге мұндай болып туды екен, не үшін мұның жан дүниесі осылай жаралды екен?.. Бірақ ол да жапа шекті ғой, солай емес пе? Спектакль біткенше, үш сағат бойы жүз жылдай қасірет шегіп, мәңгілік қайғының құшағында қалды ғой. Оның өмірі де Сибиланың өмірінен кем емес. Ол Сибиланың жүрегін жаралағанымен, ол да мұның жанына жазылмас жара салды ғой. Ал әйелдер болса, еркектерге қарағанда аз қайғырады, олар солай жаралған! Олардың бар ойлағаны сезім ғана, тек сонымен ғана бас ауыртады. Олар өздерінің көңіл-күйлерін сыртқа шығару үшін нақсүйер де тауып ала алады. Лорд Генри осылай дейді, ал лорд Генри әйелдерді жақсы біледі. Сондықтан Сибила Вейнді ойлап бас қатырудың қажеті қанша? Ол енді бұл үшін өмір сүрмейді. Ал портрет ше? Оны қайтеді? Портрет мұның өмірінің бар құпиясын біледі, әрі оны бар әлемге жаюы мүмкін. Портрет оған оз келбетінің сұлулығын сүюді үйретті, енді, өз жан дүниесін жек көруді үйретпек пе сонда? Бұл картинаға енді қалай қарамақ? Жо-жоқ, мұның бәрі алдамшы сезімнің әрекеті. Бүгінгі түн тым нашар өтті, соның әсерінен көзіне қос көрініп отыр. Миының ішінде қан ұйып қалған болар, содан есінен айырылып отырған болар. Портрет тіпті де өзгермеген, ал оны өзгерді деп елестету − нағыз есі ауысқандықтың өзі. Бірақ портреттегі адам оған сұлу өңін бұзып тұрған қатыгез жымиыспен қарауын доғара қоймады. Алтын түстес шаштары күн сәулесімен таласа ойнап, тұнық көздері дәп алдында тұрған тірі Дорианның көздерімен тура түйісті. Дорианның жүрегінде шексіз аяу сезімі оянды, өзіне емес, портретіне деген сезім. Суреттегі адам өзгерді, енді ол тағы да өзгеріске түсе беретін болады! Алтын шашы күмістеніп, ақыры самайын толық ақ басады. Алқызыл бетінің әрі таяды. Дориан жаза басқан әр қадам, ор күнә портреттегі адамның сұлулығын ұрлап, бетіне таңба боп түсе беретін болады... Жо-жоқ, ол енді жаза баспайтын болады! Мына портрет өзгере ме, жоқ па, бәрібір, ол оның арының суреті болады. Бұдан былай, жаныңды арбар сезімдерден аулақ жүруі қажет. Бұдан былай, лорд Генримен кездесуден де аулақ жүргені дұрыс, тіпті болмаған жағдайда, оған Холлуордтың үйінде алғаш рет мүмкін еместі мүмкін етуге болады деп айтқан, әрі оның санаңды улар қатерлі ойларын тыңдамауға тырысу керек. Ақыры Дориан Сибила Вейнге қайтып барып, өз кінәсін жуып-шаюға тоқтады. Ол Сибилаға үйленіп, оны қайтадан сүйіп қалуға тырысатын болады. Иә, бұл оның парызы. Байғұс қыз қатты қайғыда болар, бұдан да қатты қайғырған шығар. Байғұс қыз! Оның бұл ісі нағыз жүрегі жоқ қатыгездің ісі болды. Махаббат қайтып оралар, сөйтіп екеуі бақытты болады. Оның Сибиламен өмірі таза, әрі тамаша болмақ.

Ол креслодан тұрды да, жүрегі дір ете түсіп, портретке тағы бір көз салды. − Не деген сұмдық! − деді ол ішінен, сөйтіп терезеге жақындады да, оны айқара ашып жіберді. Сосын баққа шығып таңғы таза ауамен көкірегін кере дем алды. Рауандап атқан таңмен оның санасына түнмен ұрланып кірген барлық күңгірт ойлар бу болып ұшып кеткендей. Ендігі бар ойы тек Сибила болды. Жүрек түбінен махаббаттың әлсіз дауысының әуенін естіді. Ол сүйіктісінің есімін қайталаумен болды. Ал құстар болса бұл әуенді іліп әкетіп, гүлдерге әнмен жеткізгендей сайрай жөнелді.

VІІІ

Дориан оянғанда ендігі түс ауған болатын. Осығанға дейін жас мырзаның жеке қызметшісі аяғының ұшымен бірнеше рет кіріп-шығып, оның оянған-оянбағанын бақылаумен болған-тын, әрі осынша ұзақ ұйықтағанына да таң болып жүрген еді. Ақыры, жатын бөлмеден қоңыраудың үні естіліп, Виктор дыбысын шығармастан ақырын басып, қолына көне севр кәрленінен құйылған табақшаға жаңадан келген хат-хабарлар мен бір кесе шай құйып алған кесесін қойып кірді. Ол биік үш терезедегі астарлары жарқыраған көк матамен сырылған жасыл жібек перделерді түрді.

− Сіз бүгін жақсы ұйықтадыңыз, мосье,− деді ол жымиып.
− Ал сағат неше болды, Виктор? − деп сұрады Дориан ұйқысын аша алмай.
− Бірден жиырма бес минут кетті, мосье.

− О, соншалықты кеш боп кетіпті ғой! − Дориан төсек үстінде отырған күйінде шай іше отырып, хат-хабарларды қарауға кірісті. Біреуі лорд Генриден екен, оны бүгін таңертең атқосшы бала әкеп тастапты. − Бір минуттай әрі-сәрі ойланып отырған ол оны бір бөлек қойды да, қалғандарына көз жүгіртіп өтті. Олар, әдеттегідей, түскі астарға, көрмелерге, қайырымдылық концерттеріне деген шақырулар екен. Хаттардың арасында үлкен сомаға келген есеп шот қағазы да бар екен. Бұл Людовик он бесіншінің мәнеріндегі күміспен апталған үстелше үшін еді (бұны ол өз қамқоршыларына жіберуге қорыққан болатын, уақыттан артта қалған, әрі ескіше тәрбиеленген олар бүгінгі күнгі адамдарға ешкімге керексіз дүниелер ғана қажет екенін түсінбейтін халде еді), сонымен қатар өсіммен ақша беретіндерден де аз пайызбен қарыз бере алатындарын ұсынған хаттар келіпті. Он минуттай өткен соң ол үстіне жібекпен жиектелген, соңғы үлгімен тігілген кашемир халатын іліп алып, оникс тастарымен апталған жуынатын бөлмеге енді. Ұзақ ұйқыдан соң салқын сумен жуынғаннан Дорианның бойы тез сергіп қалды. Ол кеше кешке басынан өткендерін ұмытып кеткендей болды. Тек бір-екі рет қана басында кешегі оқиғалар тізбегі бейнебір драмалық оқиғаларға толы түс сынды жүгіріп өтті. Киініп болғаннан соң кітапханадағы айқара ашылған терезе алдында, өзіне арналып француз мәнеріндегі жеңіл таңғы ас жасалған үстелге барып жайғасты. Ауа-райы тамаша болатын. Жылы леппен ескен ауадан түрлі гүлдердің аралас иісі келеді. Бөлмеге ара ұшып кірді де, қытайлық көк кәрлен құмырадағы сарғылт раушан гүлдерінің үстін айнала ұшты. Дориан өзін әбден бақытты сезінген еді.

Кенет оның көзі портретке түсіп кетті де селк ете түсті. − Мосье, сізге салқын ба? − деп сұрады сол сәт омлет салып жатқан лакей. − Терезені жабайын ба?

Дориан басын шайқады.
− Жоқ, керек емес.

Бұл шынымен де өңінде болды ма өзі? Шынымен де портрет өзгерді ме сонда? Әлде бұл шаршаған сананың ойыны ғана ма? Әлде портреттегі әлгі қатыгез күлкінің орнына келген мына жайдары жымиыс тағы да түсі ме? Суреттегі бояулардың жаны жоқ қой! Неткен ақылға сыймайтын дүние! Бұны қалай да Бэзилге айтып беруі керек, ол да таңданып қалсын! Дегенмен, бәрі дәп қазір өткендей есіне анық келді! Алдымен таңсәрінің алакөлеңкесінде, сосын таңның жарық сәулесімен анық қарағаны, сонда ұртындағы ызалы күлкіні көргені анық есінде. Енді ол лакейдің бөлмеден шығып кететінін ойлағанда, денесін тер жуып кетті. Ол шығып кетісімен бірден портретті қайтадан қарауға көшетінін өзі де біліп отыр. Шындықты білуден қорқатындай. Лакей кофе құйып, папиросты дайындап бергеннен соң есікке беттеді. Дориан оны бар пәрменімен тоқтатқысы келді. Есік жабылар – жабылмастан-ақ Викторды қайта шақырып алды. Лакей әмір күтіп тұрып қалды. Дориан оған қарап бір сәт үнсіз қалды. − Кім келсе де мені үйде жоқ деп айт, Виктор, − деді ол ақыры ауыр дем алып. Лакей иілді де шығып кетті. Сонда Дориан үстелден тұрды да керіліп алып папиросын тұтатты, сосын портреттің қарама-қарсысында тұрған орындыққа барып жайғасты. Ол кеше портретті жақсылап иленіп, он төртінші Людовик мәнерімен, түрлі-түсті бояумен өрнектелген тері экранмен жартылай жауып қойған болатын. Дориан оған қарап ұзақ ойланып отырды. Қызық, мына бір экранға бұрын адам тағдырына қатысты құмияларды жасыру жазылды ма екен. Не істесе екен, әлде, экранды алып тастаса ма? Не үшін? Білу үшін бе? Егер бәрі шындық боп шықса, сұмдық қой. Ал егер олай емес болып шықса, онда, алаңдайтын ештеңе де жоқ. Ал көзі қарақты біреулер картинадағы өзгерісті байқап қалса ше? Ал егер Бэзил Холлуорд келіп, өзінің туындысына көз салғысы келсе ше? Ал Бэзил міндетті түрде көргісі келетін болады... Жоқ, не болса да, портретті тағы бір рет жақсылап тұрып қарап шығуы қажет. Дәп қазір қарап шығуы керек. Хабарсыздықтан жаман ештеңе жоқ шығар. Дориан тұрды да екі жақтағы да есікті кілттеп жапты. Ол өз бетіне басылған таңбаны жалғыз өзі ғана көргісі келді! Ол экранды ысырды да, өз-өзімен бетпе-бет қалды.

Иә, еш күдік жоқ, портрет өзгеріпті.

Сосын, Дориан алғаш рет бұл өзгерісті байқағанда, портретіне таза қызығушылықпен қарағаны есіне түсті. Мұндай өзгерістің болуы мүмкін емес сияқты болып көрінгенімен де, ол шынымен де өзгеріске түскені анық еді. Оның жаны мен мына суреттегі пішін мен бояуларды құрап тұрған химиялық атомдар арасында байланыстың бар болғаны ма сонда? Бұл атомдар адам жанының тербелісін көрсетіп, түсін шындыққа айналдыра ала ма сонда? Әлде мұның ар жағында бір қатерлі құпия жатыр ма? Осыны ойлағанда суық тері бұрқ ете қалған Дориан, тағы да портреттен алыстап, орындыққа барып отырды. Осы жерден көзінде қорқыныш тұнып, портретке біраз көз алмастан қарап отырды. Осығанға дейін портрет оның көзін бір нәрсеге анық жеткізді, соны ойлағанда біраз сабасына түсті. Ол өзінің Сибила Вейнге тым қатыгездік көрсеткенін ұқтырды. Бұл қателігін жөнге келтіруге әлі де кеш емес. Сибила оның әйелі болады. Оның өзімшіл, әрі менмендікке толы махаббаты мүмкін, Сибиланың адал сезімінің арқасында өзгеріп, шын сезімге айналар, сөйтіп, Бэзил салған мына бір портрет оның өмірін дұрыс арнаға бұрып отыратын арының күзетшісі болып қалар, біреулерді адал істері арқаландырады, біреулерді ар-ұяты қориды, ал бәрін Құдайдан қорқу сезімі біріктіретіні сынды. Өмірде ар-ожданның жазалауынан сақтайтын бір қару бар, ол − оның дауысын басып, жан дүниеңнің құлағын керең етеді. Бірақ, мынау естімегенді естіртіп, бәрін көз алдыңа әкеліп қоятын дүние, бар күнәңді айдай қылып көрсететін дүние. Әрі бұдан былай, адамның өз рухын өзі ластайтынын анық та айқын түсіндіретін құрал болмақ. Сағат үшті, сосын төртті соқты. Тағы да жарты сағат уақыт өтті, ал Дориан болса отырған орнынан қозғалмады. Ол өмірдің ұшығы көп жіптерінің басын жиып, өз өмірінің өрнегін құрамақ болды, өзі адасып кеткен оттай лаулаған сезімдер арпалысында өзіне ғана тән жолын таппаққа тырысып көп ойланды. Нені ойлап, нені қойғанын анық түсінбеді, не істерін де анық білмеді. Ақыры, үстелге отырып, сүйген қызына жалынды хат жаза бастады. Өзінің ақымақ екенін айтып, кешірім сұрады. Бір парақтан екіншісіне жазған сайын өзінің шексіз өкінішін білдіріп, жанының ауырғанын айтты. Бейне, өз-өзін осылай жазалаудан жаны рақат табатындай. Біз өз-өзімізді кінәлаған сайын, оны өзге біреулердің істеуіне құқы жоқ деп ойлаймыз. Күнәміздің азайғанын қасиетті әкей емес, арылу ғана береді. Осы хатты жазып болысымен-ақ Дориан өзін күнәдан арылғандай, кешірілгендей сезінді.

Кенет есік қағылып, ар жақтан лорд Генридің дауысы естілді. − Дориан, мен сізбен міндетті түрде жүздесуім керек. Дәл қазір есікті ашуыңызды талап етем! Неге тығылып алғансыз? Дориан басында үнсіз қалды, орнынан бір қозғалмады да. Бірақ есікті одан да қаттырақ қаққан лорд қояр болмады. Ақыры, лорд Генриді жібергенді жөн көрді. Қайткенмен де, енді өзінің, Дорианның өзгергенін, жаңа өмір бастайтынын түсіндіруі керек қой. Ол өзінікінен жаңылмайтын болса, онда онымен тіпті ұрсысып қалуға дейін баратын болады, мүлдем араласпай кетсе де.

Ол атып тұрды да портретті экранмен жауып барып есікті ашты. − Бұл істеп отырғаныңыздың бәрі тым қорқынышты, Дориан, − деді лорд Генри, кіре салысымен. − Бірақ өткен оқиға туралы азырақ ойлауға тырысыңыз.

− Сіз Сибила Вейн жөнінде айтып тұрсыз ба? − деп сұрады Дориан. − Әрине, сол туралы, − лорд Генри орындыққа жайғасты да қолындағы қолғабын ақырындап шеше бастады. − Жалпы айтқанда, мұның бәрі тым сұмдық нәрсе, бірақ сіз бұған кінәлі емессіз. Айтыңызшы... сіз спектакльден соң сахна сыртына бардыңыз ба?

− Иә.
− Мен дәл солай ойлағам. Сөйтіп сіздер ұрсысып қалдыңыздар ғой?

− Мен тым қатыгездік таныттым, Гарри. Тым қатыгездік таныттым. Бірақ қазір бәрін түсіндм. Енді осыған өкініп отырмын. Бұл оқиға менің өз-өзімді түсінуіме көп көмектесті. − Мен бұған аса қуаныштымын, Дориан, сіздің бұл оқиғаны осылайша қарап, бағалағаныңызды айтамын. Мен сізді ар-ожданыңыздың алдында оз жаныңызды өзіңіз жеп, алтын шаштарыңызды түк қалдырмай жұлып отырған болар деп ойлаған едім. − Ондай кезең баяғыда артта қалған, − деп жауап қатты Дориан, жымиып тұрып. − Қазір өзімді ең бақытты адам сезініп тұрмын. Біріншіден, мен ар-ұжданның не екенін нақ түсіндім. Ол тіпті де сіз айтқандай емес екен, Гарри. Ол біздің бойымыздағы ең ұлы нәрсе екен. Енді сіз оған ешқашан күлуші болмаңыз. Ең болмағанда, менің көзімше. Мен ары таза адам болғым келеді. Мен жанымның жарадан тыртыққа толғанын қаламаймын. − Ар-ожданды түсінудің қандай керемет көркем пішінін меңгергенсіз, Дориан! Құттықтаймын сізді. Сонда, сіз, неден бастамақсыз?

− Сибила Вейнге үйленуден. − Сибила Вейнге? − деп қалды лорд Генри, орнынан атып тұрып, әрі Дорианға есі шыға қарап. − Қымбаттым менің, бірақ ол.. − Аһ, Гарри, не айтқалы тұрғаныңызды біліп тұрмын. Неке туралы қайдағы бір жаман ойларыңызды ма? Керек емес! Маған енді бұндай нәрселеріңізді айтудан аулақ болыңыз. Екі күн бұрын мен Сибиладан жарым болуды сұраған едім. Енді сол сөзімді орындаймын. Ол менің некелескен жарым болады. − Сіздің жарыңыз? Дориан! Сіз менің хатымды алмадыңыз ба сонда? Мен оны бүгін таңертең жазған болатынмын, әрі оны менің қызметшім әкеліп беруі тиіс еді. − Хат? А, иә... Мен оны оқығам жоқ, Гарри. Онда менің көңіліме жақпайтын тағы бірдеңе жазылған болар деп ашпаған едім. Сіз өзіңіздің эпиграммаларыңызбен өмірдің өзін тас-талқан ете аласыз ғой.

− Сіз әлі ешкімнен естімедіңіз бе?
− Не жөнінде?

Лорд Генри бөлмені бір айналып шықты, сосын Дорианның қасына келіп отырды да оның саусақтарын алақанына салып қысып қойды. − Дориан, мен хатта... тек сіз қорықпаңыз... мен сізге Сибила Вейннің... қайтыс болғанын хабарлаған болатынмын. Дорианның жан дауысы шыға айқайлап жіберді. Ол орнынан атып тұрып қолын тартып алды. − Қайтты! Сибила қайтыс болды ма? Өтірік! Бұл барып тұрған өтірік! Қалайша маған өтірік айтуға дәтіңіз барады! − Бұл шын, Дориан,− деді лорд Генри байсалды. − Бұл туралы бүгін барлық газеттер жазды. Мен сізден, өзім келгенше ешкімді қабылдамауыңызды сұраған едім. Енді тергеу жүруі мүмкін, сондықтан бұған сіздің еш қатысыңыз жоқ екенін дәлелдеуге тырысу керек. Парижде болса, мұндай оқиғалар адамның есімін танымал қылуға қызмет етер еді, бірақ мұнда, Лондонда ескіліктің қалдығы тым көп, сондықтан бәрі жаман аяқталуы мүмкін. Мұнда өз мансабыңызды дәл осылай бастау үлкен қателік болып табылады. Шулы оқиғаларды кәрілікке қалдырыңыз, өйткені қартайғанда өзіңе деген қызығушылықты қалай да болса оятып тұрудың қажеттілігі бар. Театрда сіздің кім екеніңізді ешкім білмеген шығар деп үміттенемін? Егер осылай болса, онда бәрі жақсы. Сіздің Сибиланың костюм ауыстыратын бөлмесіне кіргеніңізді көрген біреу-міреулер бар ма? Бұл өте маңызды. Дориан осыған дейін үн-түнсіз отырды. Оның қорыққаннан тілі байланып қалған еді. Ақыры есі шыға, қарлыққан дауыспен: − Сіз тергеу дедіңіз бе? Бұл не деген сөз? Сонда Сибила... Oh, Гарри, менің жүрегім шыдамас! Тез жауап беріңіз! Бәрін айтыңыз, не болды! Мұның жай бір бақытсыздық емес екені анық, Дориан, бірақ қалған халық осылай ойлауы тиіс. Ал елдің айтып жүргені мынау: сол кеште қыз бала шешесімен бірге театрдан шығып бара жатып, ұмытпасам, сағат түнгі он екі жарым деп естідім ғой деймін, жоғарыда бірдеңесін ұмыт қалдырдым деп аяқастынан қайта кіріп кетеді. Оны біраз күтіп, келмеген соң артынан іздеп барған. Ақыры киім ауыстыратын бөлмеде еденде жатқан жерінен тапқан. Ол бет бояйтын бір улы затты ішіп қойыпты-мыс. Не екені анық есімде жоқ, құрамында көк қышқыл деді ме, әлде сынап деді ме, әйтеуір бір қатерлі зат бар болып шығыпты. Әп-сәтге өліп кеткеніне қарағанда, көк қышқылы болуы тиіс. − Құдайым-ай, құдайым-ай! Не деген сұмдық! − деді Дориан әзер-мәзер ыңқылдай айтып. − Иә... Бұл шынымен де трагедия, бірақ бұл оқиғаның сізге қатысы болмауы керек... "Стандардтан" Сибила Вейнге он жеті жас болғанын оқыдым. Ал өңіне қарап, одан да жас деп ойлар едің... Ол әлі де сәби сияқты болатын, әрі ойыны да кішкентай баланың ойыны-тын. Дориан, жүрегіңізге тым ауыр алмаңыз мұны! Жүріңіз, сізге міндетті түрде менімен бірге түскі ас ішу керек, сосын операға кіріп шығармыз. Бүгін Патти шырқайды, демек, барлық ығай мен сығай театрда болмақ. Менің әпекемнің ложасына кірерміз, бүгін онымен бірге бірнеше тамаша әйелдер болуы тиіс. − Демек, мен Сибила Вейнді өлтірген болып шықтым ғой, − деді Дориан Грей, өз-өзімен сөйлескендей. − Мен оның тамағын өз қолыммен органмен бірдей болдым ғой. Осының бәріне қарамастан, мына гүлдер бұрынғысынша қауыз жарып, бақта құстар тынымсыз сайрайды. Ал кешкісін сізбен бірге тамақтануға, сосын операға бармақ екенмін ғой... − Өмір қандай ерекше, әрі трагедияға толы десеңізші! Осыны кітаптан оқысам ғой. Гарри, жылап жіберер едім. Ал қазір, осының бәрі өз басымнан өтіп отырған шақта, көзді ашып-жұмғанша болғандығы сонша, жыларымды да, күлерімді де біле алмай отырмын. Міне, алдымда, сезімге толы хат жатыр, өмірімдегі алғашқы махаббат хаты. Осының өзін өлі адамға жазған болып шыққаным бірдеңені білдірмей ме, Гарри? Сол бір үнсіз, тілсіз, біз өлгендер деп атайтын аппақ қудай бозарған адамдар не сезінетінін білсе ғой? Сибила!.. Ол бәрін біле ме екен, мені естіп, сезе алар ма? Аһ, Гарри, оны бір кездері қалай сүйгенімді біле ме екен! Қазір, соның бәрі жүздеген жылдар бұрын өткендей. Оның менің тынысым болғаны, өмірімнің өзегі болғанын айтам. Сосын, сол бір ауыр кеш келді, шынымен де, осының бәрі кеше кешкісін ғана болды ма? Оның тым нашар ойынын, менің қиналғанымды айтам. Артынан ол маған бәрін түсіндірді. Оның сөзі ең қатыгез деген адамның жанын тербетерлік болса да... мені еріте алмады, сөйтіп оны ақымақ дегізді. Сосын тағы бір нәрсе болды... не екенін айта алман, бірақ тым қорқынышты дүние болды. Содан кейін мен Сибилаға қайта оралуды шештім. Мен өзімнің қателік істегенімді түсіндім... Ал енді ол жоқ... Құдайым-ай, Құдайым-ай! Гарри, не істесем болады менің? Менің басым қандай қатерге тігілгенін сіз білмейсіз! Енді мені ешкім құлдыраудан сақтап қала алмайды, ешкім. Ол ғана мені ұстап қала алар еді. Оның өлуге еш қақы жоқ еді. Бұл тым өзімшілдік! − Қымбатты Дориан, − деді лорд Генри темекі сауытынан папирос алып жатып. — Әйел еркекті тура жолға тек бір тәсілмен ғана сала алады: оны бақайшағына дейін жалықтыратыны сонша, еркектің тіпті өмір сүргісі келмей қалады. Егер сіз ол қызға үйленгенде, бақытсыз болар едіңіз. Әрине, сіз оған өте жақсы қарар едіңіз, өйткені егер адамды сүймесеңіз оған жақсы қарау деген не тәйірі, бәрібір емес пе. Бірақ ол тез арада сіздің сүймейтініңізді түсінер еді. Ал егер әйел оз күйеуін қызықтырмайтынын сезіп қалса болды, не бәленің бәрін үстіне жапсыруға көшеді, тіпті күлкілі шляпаларының да саны көбейеді, бұған ақыны өзге біреулердің күйеулері де төлеуі ғажап емес. Оның үстіне екеуіңіздің некелеріңіздің тең болмайтынын ескерсек, ал мен бұған жол беруден аулақ болғанды жөн санар едім, бәрібір де сіздердің отбасыларыңыздың басына бақыт құсы қонбас еді. − Сіздің айтқандарыңыз дұрыс болар, − деп міңгірледі Дориан. Ол бозарған қалпында бұрыштан-бұрышқа адымдап байыз таба алмады. − Бірақ мен үйленуім міндетті деп шешкен едім. Ал мына бір сұмдық трагедияның міндетімді орындауға бөгет болғанына мен кінәлі емеспін. Сіз, бірде, қайырымды істердің алдын әрқашан жамандық орайды деген едіңіз, менің басыма да тура сол түсті. − Қайырымды ниет, бұл дегеніміз, жай әшейін, адамның табиғат заңдылықтарына қарсы жүруге деген тыраштанулары ғана. Оларды өздерінің мықты екендерін көрсету үшін ғана ойлап тауып алса да, ақырында, бұнысынан түк те шықпайды. Қайырымды ниет біздің жанымызды әлсіз әлдилегенімен бос орынды толтыра алмайды, әрі ол әлсіздердің қолынан ғана келетін іс. Міне, бар болғаны осы ғана. Қайырымды ниет дегеніміз ағымдағы есеп-шоты жоқ банкке жазып беретін түбіртек сынды. − Гарри, − деп қалды Дориан Грей, оның жанына келіп отырып жатып. − Мен неге қайғырмаймын, менің жаным неге соншалықты ауырмайды? Шынымен де менде жүрек жоқ па? Қалай ойлайсыз? − Соңғы екі аптада істеген істеріңізді есепке алсақ, сізді жүрегі жоқ адам деп айтуға мүлде болмайды, − деп жылы үн қатты лорд Генри, сәл жымиып.

Дориан қабағын түйді. − Маған бұлай түсіндіргеніңіз ұнамайды, Гарри. Бірақ, сіздің мені қатыгез адам деп есептемейтініңіз қуантады. Мен ондай емеспін, білем, ондай емеспін! Бірақ, қалай десем де, өткен оқиға маған эсер етпеді, тіпті де эсер етпеді десем де болады. Ол мен үшін жай ғана бір спектакльдің күтпеген соңғы сахнасы сияқты ғана сынды. Мұнда грек трагедиясының сұмдық сұлулығы бар, әрі онда мен басты рөлді ойнап шыққандаймын, бірақ, мұндағы қайғы-қасірет менің жүрегімді еш селт еткізбеді. − Бұл қызықты құбылыс екен, − деді лорд Генри. Ол жас жігіттің менменшіл сезімін пайдаланып қалудан жаны ләззат тауып тұрған болатын. − Иә, шынымен де ерекше жағдай екен. Мұны былайша түсіндіруге болар деп ойлаймын: күнделікті шындық өмірдегі трагедиялардың дөрекілігі мен сезімталдықтан адалдығы, қарабайырлығы әрі эстетикадан жұрдай пішінде, тіпті ақылға сыймайтын ақымақтыққа толы болатыны сонша, жүрегіңді айнытып, бойыңдағы барлық сүйіспеншілікті жояды. Олардың осы бір күшін алыстан сезгенде-ақ, жүрегіміз тітіркеніп, аулақ жүруге тырысады. Бірақ өмірде көркем шындықтың тамаша үлгілерін көрсететін драмалар да болып тұрады. Егер сұлулығы мінсіз болса, мұндай драмалар керісінше, санамызды жаулап алып, демімізді ішімізге тарттырады. Сол кезде өзіміздің ондағы кейіпкер емес, көрерменіне де айналғанымызды байқамай қаламыз. Немесе екеуін де қатар ұстаймыз. Біз өзімізге сырт көзбен қарап бақылай аламыз, әрі осындай сұлу көріністің күші мықтырақ болады. Ақиқатында не болды өзі? Сізге деген махаббатынан қыз бала өз-өзіне қол жұмсады. Менің өмірімде мұндайдың болмағаны қандай өкінішті. Сонда, бәлкім, махаббаттың күшіне сеніп, өмір бойы оған табынып өтер ме ем. Бірақ, мені сүйгендердің барлыгғы, олар әрине тым көп емес, бірақ бар болатын, оларға деген сезімім сөнгеннен кейін де ұзақ жылдар бойы бақытты өмір сүріп келеді. Ол әйелдер быттиып семірген, қазір тіпті жалықтырып жіберер кейіпке енді. Кездесе қалған жағдайда өткенді естеріне ала жөнеледі. Осы бір әйелдердің өткенді ұмытпайтын қасиеті-ай, сұмдық пәлекет дүние! Әр үтір-нүктесіне дейін сақтайды! Адам өмірін сүрген сайын бойына оның түрлі қырларын сіңіреді, бірақ оның қалай, қашан болғаны жөнінде айта беру деген ең жалықтырар, түкке тұрмайтын дүние емес пе. − Бағыма көкнәр гүлдерінің тұқымын себу керек болады, − деді күрсініп алған Дориан. − Бұл міндетті емес, − деді лорд Генри. − Өмірдің алдан ұсынар алқызыл гүлдері де жеткілікті болады әлі. Иә, кейде бір оқиғалар біздің санамызда көп тұрақтап қалады. Мен бірде-бір жаз бойы өңіріме тек шегіргүлді ғана тағып шыққаным бар, бұл өшкісі келмеген махаббаттың санамда қалған ізінен болатын. Бірақ ол да ақыры өшті. Не әсер еткенін білмеймін. Мүмкін сүйген әйелімнің мені шексіз сүйетінін, бәрін тәрк ететінін айтқаны болар. Бұл қорқынышты сәт: мәңгілік алдында тұрғандайсың. Енді міне, сенесіз бе, сенбейсіз бе, өткен бір кеште леди Хемпшайрдың үйіндегі қонағасында әлгі әйелмен қатар отырып қалыппын, сондағы айтқаны, өткенге қайта оралып, не болса да бәрін қайта бастауға мені көндіріп бақсын. Мен ол махаббат оқиғасын асфодель жапырақтарының астына көміп, арулаған едім, ал ол болса оны жұлып алып, мен оның өмірін тас-талқан еткенімді айтып тұр. Оның ас үстіндегі тәбетін көріп, қазір өлем дегеніне еш сене алмадым, сондықтан да ол үшін қайғырмай-ақ қоюыма да болады. Бірақ не деген бассыздық десеңізші! Қандай қарадүрсіндік! Өткеннің бар қызығының өзі, оның өткен оқиға екенінде емес пе. Ал әйелдер сахнаның баяғыда жабылғанын ешқашан көрмейді. Оларға салсаң, алтыншы актіні дайындай бер! Олар спектакльге деген ешкімнің қызығушылығы қалмаса да, жалғастыра беруге әбден бар. Оларға салса, әр комедия трагедиямен аяқталып, ал әр трагедия фарсқа айналар еді. Әйелдер өмірдегі ең тамаша актрисалар, бірақ олар әртістік сезімталдықтан мүлдем ада тіршілік иелері. Сіз, Дориан, менен гөрі бақыттырақсыз. Мен жақын болған бірде-бір әйел мен үшін Сибила Вейннің сіз үшін істегенін істемес еді. Кәдуілгі әйелдердің жаны әйтеуір бір жұбатылады. Біреулері киімінің түсін ауыстырады. Өз жасына қарамастан алқызыл көйлек киіп алатын немесе отыз бестен асса да қызғылт түске әуес болатын әйелдерге сенбеңіз, Дориан, олар міндетті түрде өткенімен қоштаса алмай жүргендердің қатарынан болып шығады. Кейбіреулері өздерінің күйеулерінің бұрын көрмей жүрген тамаша қасиеттерін тани қалады, осыған да уана береді. Сөйтіп некелік өмірінің бақытын бәріне көрмеге қойғандай байқата бастайды, бейне, өмірдің бұдан қымбат дүниесі жоқтай. Кейбірі дінге беріледі. Бір әйел діндегі құпиялылық қызықтырады деп мойындаған болатын, мен оған әбден келісем. Оның үстіне өткені күнәлі әйел болу да оларды қызықтыратынына дау жоқ. Ар-ождан бәрімізді менмен етеді... Иә, иә, әйелдердің тағы немен көңілін аулайтынын санап шығу мүмкіндігі қазір жоғалған. Бірақ мен ең бастысын айтқаным жоқ...

− Нені, Гарри? − деп сұрады Дориан есі шыға. − Қалайша білмейсіз! Өз сүйгеніңді жоғалтқанда, өзгенікін тартып алу деген. Жоғары ортада әйел жанына бұдан өткен ем табыла қойған жоқ. Ойлаңызшы, Дориан, Сибила Вейннің осы аталған әйелдердің барлығынан айырмашылығы қандай зор болып шықты! Оның өлімінде сөзбен жеткізе алмас сұлулық бар емес пе. Мен өзімнің мұндай оқиғалар әлі де болып тұратын дәуірде өмір сүріп жатқанымды бақыт деп есептеймін. Бұндай көріністер, біз күлкіге айналдырып алған нағыз махаббаттың, жалынды сезімнің, романтиканың шын өмірде әлі де бар екенін дәлелдей түседі.

− Мен оған тым қатыгездік таныттым. Сіз бұны ұмытып барасыз. − Қатыгездік, әсіресе тым қатыгездік әйелдердің жанына жағады деген ойдамын. Өйткені онда бір жабайылық бар. Біз оларға бостандық берсек те, болмысында олар күң күйінде қала берді, әрі үнемі өзінің қожасын іздейтін болады. Оларға бас ию ұнайды... Мен сіздің әрекетіңіздің тамаша болғанына күмәнім жоқ. Сіздің қатты ашу үстінде болғаныңызды ешбір көрмеппін, бірақ бұның өте қызықты болғанына шүбә келтірмеймін! Оның үстіне, өткен бір кеште сіз маған бір дүниені айтқан едіңіз... сонда мен бұл сіздің қиялыңыз ғана шығар деп ойлаған ем, ал қазір оның растығына көзім жетті, осының өзі бұл оқиғаның бәрін түсіндіруге жеткілікті сияқты.

− Мен не деген едім, Гарри? − Сибила Вейннен бар романтикалық кейіпкерлерді көремін деген болатынсыз. Бір көшеге Дездемонаны, келесісінде Офелияны, өліп бара жатқан Джульеттаны, ал қайта оралғанда Имоджена болып оралатынын айтамын. − Енді ол ешқашан қайта оралмайды, − деп сыбырлады Дориан, бетін алақанымен жауып. − Жоқ, қайтып оралмайды. Ол өзінің соңғы рөлін сомдап шықты. Бірақ оның анау бір театрсымақтың қабырғаларында болған жападан-жалғыз өлімі, сізге он жетінші ғасырдағы бір трагедиядан үзінді немесе Уебстер, Форд, Сирила Тернердің сахналық көріністерінің бірі болып қана қала берсін. Ол қыз шын өмірде болған жоқ, сондықтан да ол өлген де жоқ, солай емес пе. Сіз үшін ол қыз Шекспир шығармаларында жүзін бере күлімдеген бір бейне немесе оның музыкасындағы бір тамаша дауыс болып қана қала бермек. Шындық өмірде кездескен алғашқы қиындықтан соң-ақ ол қанаты қайырылып, көтеріле алмай, ақыры кетіп тынды. Одан да Офелияны жоқтаңыз. Буындырылып өлтірілген Корделияға қайғырыңыз. Брабанционың қызының өлімі үшін аспанға қара жаудырыңыз. Бірақ Сибила Вейн үшін жасыңызды босқа төкпеңіз. Оның өмірі аталғандардың өмірінен де елес. Оларсыз оның өз өмірі болған емес. Тыныштық орнады. Кешкі алакөлеңке бөлмені құшағына алды. Бақтан ұзарып, көлеңке терезеден ішке аттады. Бар бояу күңгірт тартты.

Біраз отырған соң Дориан Грей басын көтерді. − Сіз өзімді түсінуіме көмектестіңіз, Гарри, − деп тіл қатты ол ақырын ғана. Дауысынан бойын жеңілдеткен күрсініс сезілді. − Маған да осылай көрінген еді, бірақ бұдан біртүрлі қорықтым, әрі қалай түсінерімді білмедім. Сіз мені қалай жақсы біліп алғансыз! Жә, енді болған нәрсені айта бермелік. Бұл өмірдің бір белесі болды, бірақ ол артта қалды. Білмеймін, алдымда мұндай оқиға әлі де күте ме, күтпей ме.

− Сіз үшін бәрі әлі алда, Дориан. Мұндай сұлулықпен алынбас асу жоқ.
− Ал шаршап, кәрілік жеңіп, бетімді әжім басса ше? Сонда не болмақ?

− Олай болғанда, − лорд Генри кетуге жиналып тұрып жатып. − Олай болғанда, сізге әр жеңіс үшін біраз тер төгуге тура келеді, ал қазір жеңіс туы сіздің қолыңызға өзі тіленіп тұр. Жо-жоқ, сіз өз сұлулығыңызды көздің қарашығындай сақтауыңыз керек. Ол сізге керек. Біздің заманымызда адамдар көп оқиды, бұл олардың дана болуына кедергі келтіреді, әрі көп ойланады, ал бұл сұлу болуларына кедергі. Ал қалай десек те, сізге клубқа бару үшін жиналатын уақыт келді. Біз онсыз да кешігіп барамыз. − Одан да мен бірден операға барғаным жақсы болар, Гарри. Шаршағаным соншалық, қарным ашып тұр. Апайыңыздың ложасы нешінші нөмірлі еді? − Ұмытпасам, жиырма жетінші болуы керек. Есігінде оның есімі мен тегі жазылып тұруы тиіс. Бірақ, менімен бірге тамақтануға бармайтыныңыз өте өкінішті, Дориан. − Шынымды айтайын, шаршап тұрмын, − деді Дориан. − Мен сізге өте ризамын, Гарри, бар айтқандарыңызға рахмет. Сізден асқан досым жоқ екенін өзім де білемін. Сізден артық жанымды ешкім түсінбек емес. − Бұл біздің достығымыздың басы ғана, − деп іліп әкетті лорд Генри, оның қолын қысып тұрып. − Сау болыңыз. Сағат тоғыз жарымнан кешікпейсіз деп үміттенемін. Ұмытпаңыз, бүгін Патти шырқайды. Лорд Генри шығып, есік жабылғанда, Дориан қоңырау шылдырлатып Викторды шақырып алды. Ол шамдар әкеліп қойды да, перделерді түсіре бастады. Дориан оның кетуін шыдамсыздана күтумен болды. Оған ол бір орында тыпыршып жүріп алғандай көрінді. Виктор шығар-шықпастан Дориан Грей экранға келді де, оны қозғап жіберді. Портретте ешқандай жаңа өзгеріс байқалмады. Сибила Вейннің өлімі туралы хабар портретке бұдан бұрын жеткен болып шықты ғой. Бұл сурет Дорианның өмірінде болып жатқан оқиғалардан бірден хабардар болып отыратын боп шықты. Әлгі қатыгез күлкі Сибила Вейн уды іше салысымен пайда болған. Әлде, портретте тірі Дорианның не істегені емес, оның жан дүниесінде болып жатқан сезімдері бейнеленетін шығар? Осының бәрін ойлай отырып Дориан Грей өзінен бірнәрсені сұрай берді: бір тамаша күні портрет оның көз алдында өзгере бастаса ше? Ол мұны көргісі келсе де, ойлағанда, төбе шашы тік тұрып кетті. Байғұс Сибила! Қандай романтика десеңші! Ол сахнада өлімді жиі суреттеуші еді, енді міне Өлім келді де оны алып кетті. Сол бір қорқынышқа толы соңғы сахнаны қалай ойнап шықты екен? Өліп бара жатып қарғаған болар? Жоқ, ол бұған деген махаббатынан өлді, сол үшін де махаббат енді бұл үшін биік сезім боп қала бермек. Сибила бұл үшін өмірін қиып, ақысын төледі ғой. Ол енді сол бір кеште, театрдағы өзінің қалай қайғырғанын есіне ешқашан алмайтын болады. Оның бейнесі санасында өмірдің ұлы аренасына Махаббаттың ең жоғары күш екенін көрсету үшін жіберілген мінсіз сұлу трагедиялық образ ретінде мәңгілік қалатын болады. Қандай мінсіз бейне? Сибиланың балалықтың табы әлі кетпеген жүзін, жинақылығы мен сүйрік те нәзік қимыл − қозғалысын есіне алғанда, көзіне мөлдіреп жас келгенін сезді. Ол кірпігін қағып тағы да портретке қарады. Ол өз-өзіне шешім шығаратын кез келді деп қайталаумен болды. Әлде шешім шығарылып қойды ма? Иә, өмірдің өзі ол үшін шешім шығарып қойған еді. Өмірді таңдап, оған деген шексіз қызығушылығы туған болатын. Мәңгілік жастық, құмары қанбайтын жалынды сезім, бас айналдырар әрі ақылға бағынған істер, бақыттан басы да айналатын болады, одан да өтіп, күнәдан да басы айналар бақыт табатын да кездер болады. Осының бәрі оның маңдайына жазылған еді. Осының бәрін көру жазылған еді! Ал портрет оның құлдырауын, күнәларын көтерсін, міне, бары сол болатын. Портреттегі бейненің жүзі бұзылатынын ойлаған сәтте жүрегі дір ете қалды. Бірде, Нарцисске еліктеймін деп ернін сәл шүршитіп ойнаған еді, енді сол еріндер бұған кекесінмен күліп тұр. Әр таң атқан сайын ол портрет алдында ұзағынан отыратын болды. Кейде, өзінің оған ғашық екенін де сезетін. Ал енді, Дориан жіберген кез келген ұсақ-түйек қателік осы бір тамаша бейненің жүзін құртпақ па? Шынымен де, оның беті адам көргісіз болып, шашында ойнақ салғанды жақсы көретін күн сәулесінің көзінен жасырын жерге апарып қоятын күн туа ма? Қандай өкініш! Қандай өкінішті! Бір сәт Дориан Грей өзін портретпен жалғастырып тұрған осы бір көзге көрінбес жіптің үзілгенін сұрап дұға оқығысы келіп кетті. Портреттегі өзгеріс мұның бір кездегі сұрауымен пайда болды емес пе, енді, тағы да жалбарынса, портрет өзгеріске түсуін қояр? Бірақ... Өмірдің дәмін сәл де болса татып үлгерген қандай да бір адам мәңгілік жастықтан бас тарта алар ма. Оның ақыры қандай бәлеге апарып соғарын біліп тұрса да, солай істей қояр ма екен? Оның үстіне, бұлай ету оның қолынан келе қояр ма екен? Бұл өзгерістер, шынымен де, оның дұғасынан соң болды ма өзі? Мүмкін, бұл өзгерістер ғылымның ашылмаған бір құпиялары шығар? Егер ой тірі ағзаға эсер ете алатын болса, онда ол жансыз дүниеге де өсер ете алатын болар? Оның үстіне, бізді бағыттап тұратын қандай да бір дүние, біздің денемізден тыс та өмір сүріп, бізсіз де өзге бір дүниелермен бір толқында қосылып, бірігер, тартылыс күшіне түсер?.. Қалай дегенмен де, себептің қандай екені бәрібір емес пе? Енді ол ешқашан да, өзіне белгісіз, түсініксіз, қорқынышты күштерді көмекке шақырмайтын болады. Егер портретке өзгеру жазылса, өзгере берсін. Оған бола осынша терең ойға беріліп, бас қатыруға тұра ма? Бұл үдерісті бақылаудың өзі тамаша болмақ емес пе! Портрет өз бойындағы ең бір құпия қалауларын танып-білуге мүмкіндік беретін болады. Портрет ол үшін сиқырлы айна болмақ. Бұл айнадан ол бір кездері өзінің шын келбетін көрген еді, енді, жан дүниесінің шынайы бейнесін көретін болады. Өзінің портреттегі сыңарына қыс келгенде, бұл әлі де көктемнің мәңгілік қонағы болып қала бермек. Портреттегі бояулар қақтанып түсіп, беті қан-сөлден ада сиықсыз кейіпке енгенде, жанарлары оты тайып жылтырап қалғанда, тірі Дорианның жүзі жастық шақтың уызын әлі де сақтап тұратын болады. Иә, сұлулығының күші ешқашан қайтпай, тамырының соғысы мәңгілік жастықтың әнін шырқайтын болады. Грек құдайлары сынды, ол мәңгі күшті, жылдам, әрі өмірсүйгіш қалпынан айнымайды. Ендеше Портретпен не болатыны бәрібір емес пе? Оның өзіне еш қауіп жоқ, ең бастысы сол ғана. Дориан Грей жымиған күйінде, экранды портрет алдындағы бұрынғы орнына қайта жылжытты да, жатын бөлмеге жылжыды, онда оны камердинер күтіп тұрған-тын. Бір сағаттан соң, ол опера тыңдап отырды, ал лорд Генри болса, оның арқалығына сүйеніп, сәл кейінірек жайғасты.

ІX

Келесі күні Дориан таңғы ас үстінде отырғанда Бэзил Холлуорд келді. − Сізді үйден тапқаным қандай жақсы болды, Дориан, − деді ол байсалды қалпымен. − Кеше кіріп шығайын деген едім, бірақ маған сізді операға кетті деді. Әрине, мен сенгенім жоқ, бірақ өкінішке қарай, сізді қайдан іздерімді білмедім. Кеш бойы қыл үстінде жүргендей алаңдаулы болдым, өйткені бір бақытсыздықтың артын ала тағы біреуі бола ма деп қорықтым, сізді уайымдадым. Бұл хабарды ести салысымен маған жеделхат жіберсеңіз етті, әп-сәтте келер едім ғой... Өзім бұл жөнінде клубта отырғанда қолыма түскен "Глобустың" кешкі санынан аяқастынан білдім... Сол сәтте-ақ сізге жүгірдім, иә, шамам келгенше тез жетуге тырысқаныммен, таңданысыма орай сізді таппадым. Бұл бақытсыздықтың бар ойымды астан-кестең етіп кеткені сонша! Сізге түскен ауырлықтың күші қандай екенін біліп тұрмын... Кеше қайда болдыңыз? Шешесіне барған боларсыз? Мен де, сіздің артыңыздан солай қарай бармаққа асыққанмын, мекен-жайды газеттен біліп алғам. Есімде қалғаны, Юстон − Роуд жақ болатын, солай емес пе? Бірақ артық болам ба деп қорқып, ойланып қалдым, мұндай қайғыны менің келген-келмегенім жеңілдете алар ма? Байғұс шешесі! Қандай күйде екенін ойлауға да батылым барар емес! Ол оның жар дегенде жалғыз қызы емес пе? Не айтты сізге? − Қымбатты менің Бэзилім, мен қайдан білейін? − деді Дориан тісінің арасынан, риза болмаған, әрі бұл тақырыпқа сөйлескісі келмейтінін білдірген кейіппен. Қолындағы алтын моншақтармен әшекейленген венеция шынысынан жасалған бокалдан сарғыш шарапты сызықтата ішіп отырып. − Мен операда болдым. Онда сіздің де баруыңыз керек еді. Мен кеше онда Гарридің әпкесі леди Гвендолианмен таныстым, біз соның ложасында отырдық. Таңқалдырар әйел! Патти де өз нақышында шырқады. Жағымсыз жайттарды әңгіме етпей-ақ қояйық. Айтылмаған нәрсе, болмағандай боп қала бермек емес пе? Гарри де солай дейді, сөздер ғана құбылыстарды материяға айналдырады. Ал Сибиланың шешесіне келсек... Ол жалғыз емес, оның тағы бір ұлы бар болуы керек. Жап-жақсы бала. Бірақ ол актер емес. Теңізші ме, әлде соған жақын маңайда жұмыс істейді. Одан да өзіңіз туралы айтыңыз. Қазір не жазып жатырсыз? − Сіз... операда... отырдыңыз?.. − деп қайталай сұрады Бэзил, әр сөзін шашырата айтып, оның өзгеріп кеткен дауысынан ренжіген қалып сезілді. − Сіз, Сибила Вейн қайдағы бір құдай ұмытқан жерде дүниемен қош айтысып, сұп-суық боп жатқанда операға бардыңыз ба? Сүйген қызыңыздың денесі жерге әлі енбей жатып сіз өзге әйелдердің сұлулығы, Паттидің тамаша дауысын сөз қылып отырсыз ба? Аһ, Дориан, оның кішкентай ғана нәп-нәзік денесін суық жер құшағына алмас бұрын қалай қиналатынын білсеңіз етті! − Қойыңызшы дедім ғой, Бэзил! Ештеңе де естігім келмейді! − деп айқайлап жіберді Дориан атып тұрып. − Айтпаңыз, айтпаңыз, бұл туралы. Өткен нәрсе, өтті де кетті. Кеткен нәрсе, ендігі өткен күнде қалды.

− Кешегі кеш, сіз үшін, өткен дүние ме? − Уақыттың қандай қатысы бар? Тек көкірек көзінің аясы тар адамдар ғана өткен өмірінің құшағынан жылдар бойы шыға алмайды. Ал өз-өзін толық меңгерген адам ғана, өткен күннің қайғысымен болашақтан тез қоштасады. Мен өткен күннің қайғысына құл болуды қаламаймын. Мен олардан тек сабақ алғанды ғана қалаймын. Өз сезімдерімді қолымда ұстағым келеді. − Дориан, бұл сұмдық! Сізді біреу өзгертіп жібергендей. Өңіңізге қарасам, маған күнделікті үлгі болуға келіп жүрген тап-тамаша жас бозбаласыз. Бірақ, сіз ол кезде мейірімді, жүрегі жұмсақ, қарапайым, дүниедегі жаны ең таза балақан болатынсыз. Ал қазір... Сізге не болғанын түсіне алар емеспін! Айтқандарыңыз жүрексіздің айтатын сөздері. Мұның бәрі Гарридің арқасында. Енді түсінікті болды... Дориан қып-қызыл болып кетті. Сөйтті де, терезеге барып құлпырып тұрған баққа қарап біраз тұрды. − Мен Гарриге ризамын, − деді ол ақыры. − Сізден де артық, Бэзил Сіз менің бойымда тек мақтансүйгіштікті ғана ояттыңыз. − Не етейін енді, бұл үшін таяқ та жеп тұрмын қазір, Дориан... әлде тартар жазам әлі алда шығар. − Бұнымен не айтқалы тұрғаныңызды түсінбедім, Бэзил, − деді Дориан жалт бұрылып. − Менен сізге не керек сонда. Айтыңызшы, не ақыңыз бар менде?

− Маған өзім жазған Дориан керек, − деді мұңайған суретші. − Бэзил, − Дориан оның жанына келіп, иығына қолын қойды. − Сіз тым кеш келдіңіз. Кеше, Сибила өз-өзіне қол жұмсағанын білгенде... − Өз-өзіне қол жұмсаған ба! О, Құдайым, кешіре гөр байғұс баланы! Шынымен бе? − деді көкірегі қарс айырылған Холлуорд, Дорианға қорқа қарады. − Ал сіз, менің қымбатты досым, бұны жай ғана кездейсоқтық деп ойлап па едіңіз? Әрине, олай емес! Ол өз-өзіне қол жұмсады.

Суретші бетін басты.
− Бұл сұмдық! − деп сыбырлады ол, денесі тітіркеніп кетті.

− Жоқ, − деді қарсылық білдірген Дориан Грей. − Мұнда тұрған ештеңе де жоқ. Бұл біздің заманымыздағы романтикалық трагедиялардың ұлыларының бірегейі. Жай і ана әртістер, әдетте, жай ғана ортан қол өмірден аспайды. Олардың барлығы жүріс − тұрысы түзу адамдар ғана, бір сөзбен айтқанда, шын өмірде олардан артық жалықтырып жіберер тіршілік иелері жоқ. Ал Сибила олардан мүлдем бөлек жаралғанын түсінесіз бе! Ол өміріндегі ұлы трагедияны басынан кешірді. Ол өмірбақи бас кейіпкер болған күйінде кетті. Соңғы кеште, сол бір нашар ойнаған кеште, ол махаббатты, шын махаббаты таныған еді. Ал арманының орындалмасын білгенде, ол Джульетта сынды бұл дүниемен қош айтысты. Ол шынайы өмірден өнер әлеміне қайта оралды. Оның қиналыста болатыны рас. Иә, оның өлімінде қапы кеткен ғұмыр мен сұлулықтың бейнесі бар... Дегенмен, мені қайғырмады деп қателеспеңіз, Бэзил Кеше, кеше бір жағдай болды... Егер сіз сағат алты болмай келгенде... немесе кем дегенде алтыға жиырма бес минут қалғанда келсеңіз, көзімнен аққан қайғы жасына куә болар едіңіз. Тіпті Гарри де, бұл хабарды жеткізген де сол болатын, менің жанымның қалай ауырғанын білмейді. Мен қайғыдан басымды көтере алар болмадым. Содан соң, ол өтті. Бұл сезімді қайта бастан кешіруге халім жоқ. Олай етуге тек жүрегі кез келген нәрсеге жасын төге беретіндер ғана бара алады. Сіз мені тым қатты жазалап тұрсыз, Бэзил Маған көңіл айтуға келген екенсіз, бұған үлкен рахмет. Бірақ, көңіл айтылып қойғанын көріп, сол үшін ашуланып тұрсыз. Адамдық жақсы көру деген осы ғана! Менің есіме Гарри айтқан бір әзіл түсіп кетті. Бір филантроп бар өмірін не екенін ұмытып қалдым, бір әділетсіздікпен бе, әлде қате заңмен бе күресумен өткізіпті. Ақыры, дегеніне жетіп, өз айтқанын істегенде, өзге істейтін ештеңе қалмағанын көреді. Сөйтіп, қалған өмірінде ең нағыз мизантропка айналған көрінеді. Иә, осылай, қымбатты досым! Егер сіз мені жұбатқыңыз келсе, онда маған өткенді ұмытуды үйретіңізші немесе оған суретшінің көзімен қарауды үйретіңіз. Ұмытпасам, өнердегі жаныңа сыйлар тыныштық жөнінде Готье жазды-ау деймін? Бірде, сіздің шеберханаңыздан мен бір кітапша тауып алғам, онда осы жайында жазылған-тын. Бірақ, мен сіз айтып берген сол жас жігітке тіпті де ұқсамаймын. Ол сары атлас мата қандай қайғыда болса да көмектеседі деген еді. Мен қолға ұстап, сезе алатын барлық әдемі заттарды жақсы көрем. Көне парша, жасылтым қола, піл сүйегінен жасалған заттар, әдемі жиылған бөлмені, үлде мен бүлдені, осының бәрі менің жанымды жайлайды! Бірақ маған суретшінің ішкі сезімі ұнайды. Гарри айтқандай, өз өміріңді сырт көзбен бақылай алу қасиеті. Бұл дегеніміз, өзіңді жалған дүниенің қайғы-қасіретінен сақтап қалу дегенмен бірдей ғой. Білем, сізді менің сөздерім таңдандырып тұр ғой, сірә. Сіз менің қаншалықты есейгенімді әлі де бағалай алмай тұрсыз. Алғаш танысқанда бозбала шағым еді, қазір мен есейген еркекпін. Менің қызығушылығым да, көзқарасым да өзгерді. Иә, мен өзгердім, бірақ мен, Бэзил, сіздің мені осы үшін жек көріп кеткеніңізді қаламаймын. Мен өзгергенмен де, сіз менің досым боп қала беруге тиіссіз. Әрине, мен Гарриді өте жақсы көрем. Бірақ, мен сіздің одан жақсы екеніңізді білем. Сіз ол сынды мықты адам емессіз, өйткені өмірден тым қорқасыз, бірақ бәрібір, сіз одан жақсысыз. Біздің бірге өткізген күндеріміз бақытқа толы болатын! Мені қалдырып кетпеңіз, Бэзил, бірақ қарсыласпаңыз да. Қазір қандай адамды көріп тұрсаңыз, менің бар болмысым осы тұрған бойым. Бұған қарсы бірдеңе істеу мүмкін емес. Холлуордтың жүрегі еріксіз жібіді. Бұл бозбала оған тым қымбат еді, әрі онымен таныстығы өнеріндегі көп нәрсені өзгерткен-тін. Тағы да, қарсы бірдеңе айтуға батылы бармады, тек оның бұл қатты мінезі көпке ұзамас деп қана өз-өзін жұбатумен болды. Бұл білетін Дорианның жақсы қасиеттері тым көп, ол зиялылық бойына дарып туған адам! − Жақсы, Дориан, − деп жауап қатты ол, ақыры мұңая жымиып. − Енді сізге бұл қайғылы оқиға туралы айтпай-ақ қояйын. Әрі оның сіздің есіміңізге еш қатысы болмайды деген үміттемін. Тергеу бүгін жүріп жатыр. Сізді шақырмады ма? Дориан басын шайқады. "Тергеу" деген сөзден жиырыла қалды. Оның бұл істі тіпті де жақтырмай тұрғаны анық байқалды.

− Менің есімімді онда ешкім де білмейді, − деп түсіндірді ол.
− Бірақ, қыз бала білген шығар?

− Жоқ, тек атымды ғана. Сонымен бірге, ол оны ешкімге айтпағанына еш күмәнім жоқ. Ол маған театрдағылардың бәрі сұрастыратындарын, ал ол болса бәріне мені тек "Таңғажайып ханзада" деп қана атайтынын айтқан болатын. Бұл өте жүрек жылытар есім, солай емес пе? Маған Сибиланы салып беріңізші, Бэзил. Мен оның бірнеше рет сүйген еріндері мен жанды жылытар сөздерінен өзге бейнесін де есімде сақтағым келеді. − Жақсы, тырысып корейін, Дориан, егер сіз бұны қалап тұрсаңыз. Бірақ, маған сіздің де үлгі болғаныңыз керек. Сізсіз мен жаза алар емеспін. − Ешқашанда, енді сізге үлгі бола алмаспын, Бэзил Бұл мүмкін емес! − деді айқайлап жіберудің аз-ақ алдында қалған Дориан артқа шегініп.

Суретші таңдана қарады. − Бұл қай қылығыңыз, Дориан? Сізге, шынымен де, мен жазып берген портрет ұнамай ма? Айтпақшы ол қайда? Оны неге экранмен көлегейлеп қойған? Мен оған бір көз салғым кеп тұр. Бұл менің ең тамаша туындым емес пе. Ана затты алып жіберіңізші, Дориан. Сіздің лакейіңіздің оны жабуға қандай қақысы бар? Бәсе, кіре сала бөлмеде бірдеңенің жетіспей тұрғанын анық сезген едім. − Менің лакейімнің бұған еш қатысы жоқ, Бэзил. Сіз сонда, мені қайдағы бір лакейге бөлмедегі заттарымды орналастыруға рұқсат береді деп ойлайсыз ба? Ол анда-санда гүл ғана теріп әкеледі, одан басқа ештеңеге құқы жоқ. Ал экранды мен қойдым. Бұл жерде жарық тым көз қарықтырады. − Көз қарықтырады? Жоқ, олай емес, жаным. Меніңше, жарық ең тамаша түсіп тұрған жер. Әкеліңіз, қарап жіберейін.

Сөйтті де Холлуорд картина тұрған бұрышқа қарай бет алды.

Дориан шошына айқайлап жіберді. Бір-ақ аттап, портреттің алдын көлегейлей қойды. − Бэзил, − деді ол, аппақ қудай боп кетіп, − дәтіңіз бармасын! Сіздің оған қарағаныңызды қаламаймын. − Сіз қалжыңдап тұрған боларсыз! Өзім жазған картинама қарауға болмайды деп айтқыңыз кеп тұр ма? Бұл қайдан шыққан өнер? − деді Холлуорд күліп. − Көрем деп тырыспаңыз да, Бэзил, өйтсеңіз, мені енді ешқашан достарыңыздың қатарынан көрмейтін боласыз. Мен қалжыңсыз айтып тұрмын. Ештеңені де түсіндіріп жатпаймын, сіз сұрамаңыз да. Бірақ, егер экранды орнынан бір қадамға жылжытсаңыз, біздің арамыздағы бар байланыстың үзілетініне көзіңіз жете берсін. Холлуорд Дорианға көзі бажырая қарап, төбесінен жай түскендей тұрып қалды. Оның мұндай халін ешқашан көрмеген еді. Дорианның өңі бозарып, көздері алайып, дірілдеп-қалшылдап кетіпті.

− Дориан!
− Бірде-бір сөз айтушы болмаңыз, Бэзил!

− Құдайым-ау, сізге не болған? Қаламасаңыз, жарайды, қарамай-ақ қойдым, − деді де суретші теріс айналып, терезеге беттеді. − Өз туындыма қарауға тыйым салу деген нағыз жабайылықтың өзі ғой! Бірақ, есіңізде болсын, күзде мен оны Париждегі көрмеге жібермекпін, сондықтан оны қажет болса қайтадан лактауға тура келеді. Оны бәрібір де қарап шығуым қажет, неге қазір қарамасқа? − Көрмеге? Сіз оны көрмеге жібермексіз бе? − деді қайталай айтқан Дориан Грей. Жаны мұрнының ұшына келді. Демек, мұның құпиясы әлемге әйгілі болады ма? Адамдар мұның өмірін бақыламақ па сонда? Миға сыймайтын дүние! Мұның бетін қайыру керек. Не істесе болады? − Иә, Парижге. Бұған қарсылық білдірмессіз деген ойдамын? − деді сөзін жалғастырған суретші. − Жорж Пти менің ең тәуір туындыларымды жиып, Сөз көшесінде көрме ұйымдастырмақшы. Ол қазанның алғашқы күндеріне деп отыр. Портретті бір айдай уақытқа алып кетеді. Онымен осындай қысқа уақытқа қоштаса тұруға келісім берерсіз деп ойлаймын. Бұл уақта өзіңіз де Лондонда болмайсыз. Оның үстіне, көлегейлеп қойғаныңызға қарағанда, ол сізге аса қымбат дүние болмай да шыққан сынды. Дориан Грей маңдайындағы моншақ-моншақ терін білегімен сүрте, өзін өлім аузында тұрғандай сезінді. − Бірақ, бір ай бұрын, сіз бұл портретті ешқашан көрмеге қоймаймын деген едіңіз ғой! Неге ойланып қалдыңыз? Сіз өзіңіздің сөзіңізге беріктігіңізбен мақтансаңыз да, іс-әрекетіңіз көңіл-күйіңізбен бірге өзгеріп тұратын адамдар қатарынансыз ба, әлде? Тек, сіздің көңіл-күйіңіздің құбылмалылығы кәдуілгі еркеліктен асып түсетін нәрселер ме деп ойлаймын. Менің портретімді ешқашан да көрмеге жібермеймін деп өз аузыңызбен айтқан болатынсыз, мұны ұмытпаған шығарсыз? Гарриға да соны айтқансыз. Дориан бір сәт үнсіз қалды. Көзінен от жарқ ете қалды. Оның лорд Генридің бірде былай дегені есіне түсе кетті. Оның "Егер де Бэзилді бір жарты сағатқа сөйлеткіңіз келсе, анда портретті неліктен көрмеге қойғысы келмейтінін сұраңыз. Оны маған айтып берген, бұл мен үшін нағыз жаңалық болды", − деп қалжың араластыра айтқаны бар еді. Демек, Бэзилдің де бір жасырғаны бар боп шықты ғой! Омы біліп алуы керек. − Бэзил, − деп бастады ол сөзін, Холлуордқа жақын келіп, әрі оның көзіне тура қараған күйінде. − Біздің бәріміздің өз құпияларымыз бар. Өз құпияңызды ашыңызшы, сонда мен де ашыламын. Менің суретімді көрмеге неліктен қойғыңыз келмеді?

Суретші дір ете қалды да, артқа шегінді.

Дориан, егер мен айтар болсам, сіз бұған күлетін толасыз, тіпті мені жек көріп те кетерсіз. Ал мен мұнымен келісе алмаймын. Егер, сіз, менің бұл портретті енді айтып көруімді қаламай тұрсаңыз, онда, солай болса − Гюлсын. Айтайын. Бәрібір, менде сіз барсыз. Сізді көрсем, маған сол да жеткілікті. Менің өмірімдегі жазған ең тамаша туындымды өзгелердің көзінен жасырып қалғыңыз келіп тұр ма? Жақсы, келісейін. Маған сіздің достығыңыз атақ-даңқтан қымбат. − Дегенмен, Бэзил, менің сұрағыма жауап беріңіз, − деп қайтпады Дориан Грей. − Меніңше, мұны білуге хақым бар. Жаңа ғана бойын билеп алған қорқыныш сезімін қызығушылық алмастырды. Ол енді Холлуордтың құпиясын білуге асық болды. − Отыралық, Дориан, − деді суретші, толқуын жасыра алмай. − Бәрінен бұрын, бір сұрағыма жауап беріңізші. Сіз портреттен ерекше ештеңе байқаған жоқсыз ба? Алғашында көзге көріне қоймағанмен, уақыт өте келе анық байқалып, көзіңізге түскен бір құбылысты айтам? − Оһ, Бэзил! − деп айқайлап жіберді Дориан дірілдеп кеткен қолдарымен креслоның жақтауын қыса ұстаған күйі суретшіге үреймен қарап. − Байқап қалғаныңызды көріп отырмын. Ештеңе айтудың қажеті жоқ, Дориан, алдымен мені тыңдап алыңыз. Сізді алғаш көрген сәттен бастап есім кетті. Сіз менің жанымды, санамды, дарынымды тұмандай орап алдыңыз, сіз мен үшін әр суретші өмір бойы іздейтін асыл арманның мінсіз пішіні болып келдіңіз. Мен сіздің аяғыңызды жерге тигізбегенім рас. Тіпті біреумен сөйлесе қалсаңыз да, мен сізді ол адамнан қызғандым. Мен сізді өзім үшін ғана сақтап қалғым келді, уақытыңызды менімен өткізгенде менен бақытты жан болмайтын бұл дүниеде. Тіпті жанымда тұрмасаңыз да ойымда тұратынсыз, сонда ғана жаза алатынмын. Әрине, бұл жөнінде сізге бір ауыз білдірген емеспін. Сіз оны түсінбес те едіңіз. Ол кезде өзім де толық түсінбеген қалпым еді. Тек көз алдымда мінсіз пішін ғана тұрды, одан өзге ештеңені анық түйсінбеген көзім болатын. Түк көрмей кеткенім соншалықты, бірақ мұның өзі адам санасына қауіпті екенін сездім. Білмеймін, оның жаныңды жаулап алғаны ма, әлде оны жоғалту қауіпті ме? Уақыт өте берді, мен сізге ес-түссіз құлауымды тоқтата алмадым. Ақыры, басыма бір идея келді. Мен сізді Бұрынырақта сауыт киген Парис ретінде де, аңшы кейпіндегі Адонис ретінде де жазған едім. Сіз император Адрианның кемесінің маңдайында жарқырап, Нілдің көгілдір суына қадала қарағаныңызды да салған болатынмын. Бұл бейнелердің бәрі өнердің өз сұрауымен, ішкі түйсігінің қалауымен, өмірдің өзінен алыс жатқан мінсіз бейнелер еді. Бірақ, күндердің бір күнінде, менің ойыма нілдің шын өмірдегі портретіңізді жазу келді. Енді міне... Білмеймін, бұл жерде ненің басым болғанын, реалистік мәнермен жазғаным ба, әлде сіздің шын өмірдегі тартымдылығыңыздың күші ме, әлде оның еш боямасыз, саф таза алтындай қалпында көрінгендігі ме, білмеймін... Бірақ, жазған уақытымда менің қаламымның әр қозғалысы мен қимылы менің ішімдегі бар құпиямды аша түскендей өсерде болдым. Сондықтан, адамдар портретке қараған кезде, бар құпиямды біліп қала ма деп қорықтым. Сізді құдайдай көретінімді көріп қала ма деп қорықтым. Бұл портретке өзімнің сезімімді тым көп қосқанымды сездім. Ол кезде, оны көрмеге ешқашан қоймаспын деп шешкенім рас. Сіздің сол сәт сәл ренжігеніңіз рас, өйткені сіз бұдан бейхабар болатынсыз. Ал, Гарри мұны естіген кезде тек күліп қана қойған болатын. Бірақ, бұған еш ренжігем жоқ. Портрет біткенде, оған қарап тұрып өзімнің қателеспегенімді анық түйсіндім... Ал біраз күндерден соң, ол менің шеберханамнан кеткен уақытта, портреттің жаулап алар сиқырынан құтылғандай болдым, біраздан соң, бұның бәрі тек менің қиялым ғана сынды боп көріне бастады. Ақыры, адамдар портреттен тек сіздің тіл жетпес сұлулығыңыз бен менің дарынымды ғана көрер деп үміттендім. Ал қазір, бұл ойымның дұрыс екенін сезіп тұрмын, өйткені, қалай десек те, суретшінің сезімін байқамау мүмкін сынды. Өнер біз ойлағаннан да абстрактілі. Пішін мен бояу тек пішін мен бояу ғана. Ендігі ойлағаным, өнер деген суретшіні аша түседі дегеннен гөрі, керісінше, оны құпиялап, жасыра түсе ме деймін. Сондықтан да, Парижден ұсыныс алған кезімде, сіздің портретіңіз ондағы соңғы нүкте болады деп шештім. Сіздің қарсы болатыныңызды білдім бе? Ал енді, сіз дұрыс айтасыз, оны көрмеге қоюға болмайтын шығар. Маған ашуланбаңыз, Дориан. Сіздің алдыңызда бас имеуге болмайды, сіз сол үшін жаралғансыз. Мен сонда Гарриге тура осыны айтқан болатынмын. Дориан Грей иығынан ауыр жүк түскендей, терең дем алды. Бетінің қызылы қайта оралып, езуіне күлкі үйірілді. Қауіп жоқ екен. Мұның құпиясынан ешкім де хабарсыз! Ол өзіне осынша терең сезімін білдірген суретшіні аяғаннан өзге ештеңе сезінбеді. Сосын өз-өзіне, біреудің жанына тұтқын болса, оны үзіп шыға алар ма еді деп сұрақ қойды. Лорд Генри мұны өзіне тартады да тұрады, бірақ жанын шырмап алар тұтқын емес, жай ғана, адам баласын өмірдің білмеген, көрмеген дүниелері қызықтыратыны сынды қызықтырады десе, дұрысырақ болар. Лорд Генриді сүю мүмкін емес, өйткені ол тым кекесіншіл, әрі тым ақылды. Ғұмырында өзіне асқар шыңдай болып көрінер адамды кездестіре алам ма екен? Сол сезімді басынан кешіру жазылды ма екен? − Осы айтқандарымды көре алғаныңызға, шынымды айтсам, мен таңданып отырмын, Дориан, − деді Бэзил Холлуорд. − Сіз шынымен де, осы сезімдерді байқай алдыңыз ба?

− Мен бір дүние көрдім. Сол оятқан сезім мені тым толқытып жіберді.
− Ал енді, портретке бір көз салуға рұқсат бересіз бе?
Дориан басын шайқады.

− Жоқ, сұрамаңыз да, Бэзил. Мен сізге тіпті жақын келуге де рұқсат етпеймін.

− Бірақ, кейін бір сәті келгенде, рұқсат етерсіз?
− Ешқашан.

− Не дейін, мүмкін, сіздікі дұрыс шығар. Жақсы, сау боп тұрыңыз, Дориан. Сіз, менің өнеріме әсер ете алған жалғыз тұлғасыз. Ал менің өнерімде шын мәнінде құнды дүние болса, ол сіздің арқаңызда екенін айтуым керек... Бағанадан бері айтқан сырымның бәрін сізге жеткізудің мен үшін қандай қиын болғанын білсеңіз ғой! − Сіз маған анау айтарлықтай ештеңе де айтқан жоқсыз, Бэзил Тек мені тым аспандатып жібергеніңізді ғана ма? Бұл тіпті мақтануға да тұратын нәрсе емес. − Сізге мақтау айтайын деген ойымда да болған жоқ. Бұл арылу болатын. Тек, енді жаным қаусырап қалғандай сезініп тұрмын. Тек, енді өз сезімімді сөзбен білдіруге тырыспаспын деп түйіп отырмын.

− Сіздің арылуыңыз, Бэзил, менің күткенімнен мүлдем өзге болып шықты. − Қалайша? Сіз нені күткен едіңіз, Дориан? Сонда, сіз портреттен тағы да өзге бір нәрсені байқадыңыз ба? − Жоқ, ештеңе. Неге сұрадыңыз? Ал табыну туралы енді сөз қозғамаңыз, бұл ақымақтық. Біз сізбен доспыз, Бэзил, әрі үнемі достар боп қала беруіміз керек.

− Сізде Гарри бар, − деді тұнжырай Холлуорд. − А, Гарри ма! − Дориан күліп жіберді. − Гарридің күндіз өзі айтатын "басауыртар" дүниелермен қолы тимейді, ал кешкілік "адам сенгісіз" дүниелермен айналысудан қолы тимейді. Мұндай өмір маған ұнайды. Бірақ, ауыр сәттер туа қалса, менің Гарриге бара қоюым екіталай дүние. Сізге келетінімді өзім де білетін сияқтымын, Бэзил.

− Сосын маған тағы да үлгі болуға келісесіз бе?
− Жоқ, мұны істей алмаймын!

− Өзіңіздің бас тартуыңыз арқылы мені суретші ретінде жойып жіберетініңізді түсінесіз бе. Ешкім де өз асыл арманының бейнесін екі рет кездестірмейді. Тіпті ғұмыр бойы іздеп өтетіндер де жеткілікті. − Себебін түсіндіре алмаспын, Бэзил, бірақ маған енді сізге ешқашан үлгі болуға болмайды. Әрбір портреттің тағдырында бір ауырлық болады. Ол өзінің ерекше өмірімен тіршілік етеді... Мен сізге бір кесе шай ішуге кіріп шығатын боламын. Бұл да жағымды емес пе. − Сіз үшін өте жағымды болар, − деп бұрқ ете қалды Холлуорд. − cay болыңыз, Дориан. Портретке көз салуға да рұқсат етпегеніңіз өте өкінішті. Не істеуге болады! Мен сізді әбден түсінемін. Ол шығып кеткен соң Дориан ішінен күліп алды. Байғұс Бэзил, ойлары шындық ауылынан қандайлық алыста жатқанын қайдан білсін! Оның үстіне, Дорианның өз тағдырының құпиясын ғана емес, досының да құпиясын біліп алғаны таңдануға тұрарлық дүние емес пе! Бэзилдің жан сырын естігеннен кейін Дорианға көп нәрсенің беті ашылды. Кей-кейде оның жоқ жерден ашушаң бола қалатыны, бұған қоярда-қоймай жабысып алатыны, мақтау көздері мен кей кездері үнсіз отырып қалатыны − осының бері енді түсінікті болды. Дориан мұңға батты. Романтикалық махаббатпен өрнектелген мұндай достықта қандайда бір трагедиялық көңіл-күй бар еді. Ол күрсініп алды да лакейді шақырды. Портретті не болса да бұл жерден алып тастау керек! Құпиясының ашылып қалуына жол беруге болмайды. Кез келген уақытта таныстары мен достары кіріп келетін бұл бөлмеге портретті қалдыру дегеніміз − нағыз ақылдан адасушылық.

X

Виктор кіріп келгенде Дориан оның жүзіне барлап ұзақ қарады, ол экран артындағы суретті қарады ма, қарамады ма деп ойланып қалған-тын. Лакейдің беті бүлк етпестен өмір күтіп тұра беруінен жаңылмады. Дориан папирос тұтатып, айнаға жақын келді де, енді сол арқылы бақылады. Айна оның келбетін анық көрсетіп тұрған болатын. Виктордың жүзінен қандайда бір ерекшеліктің ізі де байқалмады. Тек қызметшілік кішіпейілділіктен өзге ештеңе де жоқ. Демек, қорғанатындай ештеңе жоқ. Сонда да, сақтану керек. Әрбір сөзін нығыздай сөйлеген Дориан Викторға экономканы шақырып жібер, сосын үй жанындағы шеберханаға барып, оның иесіне екі жүмысшы жіберсін дегенді айтты. Лакей шығып бара жатып экран жаққа қарап қалғандай сезінді. Әлде бұған солай көрініп кетті ме? Бірнеше минуттан соң кітапханаға үстінде ескі сән үлгісімен тігілген қара жібек көйлегі бар, асыға-үсіге миссис Лиф кіріп келді. Дориан одан бұрын сабақ оқитын бөлменің кілтін сұрады. − Бұрынғы сабақ бөлмесінің бе, мистер Дориан? − деп қалды ол таңдана. − Оның іші толған шаң! Мен алдымен оны жидыртып, заттарды орын-орнына қойғыздырайын. Ал қазір оған сіздің кіруіңіздің еш қажеті жоқ! Тіпті де мүмкін емес!

− Оны жиыстырудың еш қажеті жоқ, Лиф. Маған тек кілтті беріңіз. − Құдайым-ай, егер сіз онда аттап басқан күнде үсті-басыңыздың бәрі өрмекші торынан көрінбей кетеді ғой. Ол бөлмені ашпағалы бес жылдан асты, үлкен мырзаның қайтқан күнінен бері бір ашылмады ғой. Кәрі лордтың аты аталғанынан-ақ Дорианның ашуы келді. Оның атасы туралы естеліктері ауыр болатын. − Түк те етпейді, − деп жауап қатты ол − Мен тек бір минутқа ғана кіріп шығамын, болды. Кілтті беріңіз. − Міне, алыңыз, сэр, − кәртамыс әйел әжім басқан қолдары дірілдеген күйінде топ кілтті ақтара бастады. − Міне, мынау. Қазір шешіп алайын. Бірақ, сіз оған кірмейсіз ғой, сэр? Осында, астыңғы қабатта да өте тамаша емес пе!

− Жо-жоқ, − деп бөліп жіберді оның сөзін Дориан асыға.
Рахмет, Лиф, кете беруіңізге болады.

Экономка тағы бірер сәтке бөгеліңкіреп қалды, ол тағы да бір үй шаруасына қатысты дүниелерді кеңеспек ниетте еді. Дориан күрсініп алды да, барлық шаруаны шешуді оған артатынын, әрі оған сенім білдіретінін ғана айтты. Ол әбден риза күйде бөлмеден шығып кетті. Есік жабыла салысымен Дориан кілтті қалтасына сүңгітіп жіберді де, бөлмеге көз жүгіртіп бір қарап алды. Көзіне алтынмен өрнектелген көгілдір атлас жабын түсе кетті. Ол XVІІ ғасырдағы Венеция мәдениеті мәнерінде тігілген-тін, әрі оны атасы Болонья жанындағы монастырьдан арнайы әкелген еді. Иә, анау сұмдық портретті жабуға бұл жарайды! Мүмкін, ол бір кездері кебін болған да шығар. Енді бұл мата портретті жабатын болады оның мұнысы адам денесінің бұзылуынан да сұмдық болмақ, өйткені санада үрей тудыратын болады әрі тоқтаусыз болмақ. Өлі денені құрт жеген сынды, Дорианның әр күнәлі қадамы картинадағы бейнені жегідей кеміретін болады. Оның сұлулығы мен тартымдылығынан түк қалдырмастан сорып алады. Бетіне қара таңба басып, абыройын айрандай төгетін болады. Сонда да портрет жыртылмай, осынын бәрін көтеріп тұра бермек, ол мәңгі өмір сүреді. Бұны ойлағанда Дориан дірілдеп кетті, бір сәтке Холлуордқа шындықты айтып салмағанына өкініп қалды. Бэзил бұның Лорд Генридің жетегіне кетпеуіне қарсы тұра алар еді, әрі өзінің адамды орға жығып тынар қатерлі мінез-құлқымен де күресуді үйретер еді ғой. Бэзилдің бұл дегендегі сезімі (оның нағыз, саф таза махаббат екенінде күмән жоқ), мына қор дүниедегі ең терең, әрі мөлдір сезімдердің бірі. Бұл − сезімтал түрткілердің әсерімен туындайтын нәпсі махаббаты емес, сұлулық жойылғасын басылатын жалын да емес. Бұл Микеланджело, Монтен, Винкельман мен Шекспир сезінген махаббат. Иә, Бэзил бұны құтқарып қала алушы еді. Бірақ ендігі кеш қалды. Өткен қателіктерді өкінумен, кешірім сұраумен, арылумен жеңілдетуге болады, ал маңдайға жазылған болашақтан қашып құтылу мүмкін емес. Дориан он бойын от сезім, ал жан дүниесін жағымсыз ойлар билеп, санасын тұмандап алғанын сезіп тқр. Ол жаңағы алтынмен апталған көгілдір жапқышты алды да экранный артына кірді. Портреттегі бейне одан әрі жағымсыз кейіпке ене түсті ме екен? Жоқ, ешқандай өзгеріс байқалмайды. Дегенмен де, Дориан енді бұл суретке бұрынғысынан да жек көре қарады. Алтын түстес шашы мен көгілдір көздері, алқызыл еріндері сол қалпында, бірақ көзқарасы өзгерген. Онда жантүршігерлік қатыгездік тұнып тұр. Мына бір өңменіңнен өтер сын көздер, Бэзилдің айтқан сөздерінен де мықты, жаныңды қоярға жер таптырар ма екен! Портреттен Дорианға өзінің ар-ұжданы қарап тұр еді, әрі ол жауап сұрайды. Ауруы жанына батқан адамша Дорианның түрі бұзылып кетті. Сөйтті де жапқышпен портрет бетін жапты. Сол сәтте есік қағылып, Дориан экран тасасынан шығар-шықпаста бөлмеге лакей кіріп келді.

− Адамдарды алып келдім, мосье.

Дориан Викторды бір жерге жұмсап жіберу керек деп ойлады. Ол мына портретті қайда апаратынын көрмеуі тиіс. Виктордың ойлы көздерінен қу екенін байқауға болады, тіпті сұм адам болып шығуы да ғажап емес. Сенімсіз адам! Үстелге отыра кеткен Дориан, лорд Генриге оқитын бірнәрсе жіберуін сұрап, әрі бүгін сағат сегіз жарымда кездесетіндерін ұмытпауын есіне салып хат жаза бастады. − Лорд Генриге апарып беріңіз де, жауабын ала келіңіз, деді ол хатты ұстатып тұрып, − ал жүмысшыларды мүнда жіберіңіз. Бір-екі минуттан соң есік тағы қағылып, бөлмеге шеберхана бастығының өзі, мистер Хаббард, бір жүмысшысымен кіріп келді. Ол Сауз – Одли − стриттегі өз ісінің танымал шебері болатын-ды. Топ-томпақ бетінің ұшы қызылынан айырылмаған, сап-сары бакенбардтары бар семізше адам еді. Оның негізгі тұтынушылары-суретшілердің оның шеберханасынан зат алуға көбінесе ақшалары жете бермейтін. Сондықтан, тапсырыс берушілердің үйлеріне өзі ешқашан бармайтын, олардың өзі келуін күтетін әдеті бар еді. Бірақ Дориан Грейге көңілі ерекше-тін. Дорианның бойында адамды өзіне тартып алар бір қасиет бар. Оның жүзін бір көрудің өзі адамның жанына жағатын. Қандай көмегім керек, мистер Грей? − деп сұрады құрметті шеберхана иесі, секпіл басқан топ-томпақ қолдарын ысқылап. − Мен өзім келуді жөн көрдім. Оның үстіне жақында қолыма тамаша бір ернеу түсті. Оны кездейсоқ қайта сатылымнан тауып алдым. Көне Флоренция мәдениетінен, өзі қателеспесем, Фонт − Хиллдан болып шығуы да ғажап емес. Діни сюжеттегі картинаға тамаша сәйкеседі, мистер Грей! − Сізді әурелегеніме кешірім өтінемін, мистер Хаббард. Мен, ернеуге қарауға, әрине, бір кіріп шығармын. Бірақ, дәл қазіргі уақытта діни тақырыптағы суреттерге көңіл хошым түсіп жүрген жоқ. Бүгін жай әшейін, бір картинаны жоғарыға апару қажет болатын. Ол өте ауыр, сондықтан бірнеше жүмысшы жіберуіңізді сұраған едім. − О не дегеніңіз, мистер Грей, ешқандай қысылмай-ақ қойыңыз, өзім-ақ көмектесемін! Сізге пайдам тиетініне қуаныштымын. Картина қайда, сэр? − Ол мында, − деп жауап берді Дориан, экранды жылжытып жатып. − Үстіндегі жапқышын алмай-ақ апара аласыздар ма? Оның бетін сызып алудан қорқып тұрмын. − Әрине, еш қиындық жоқ, сэр, − деп жауап қатты ол, сөйтті де көмекшісі екеуі портретті қабырғада ұстап тұрған ауыр мыс шынжырларды шеше бастады. − Бұны қайда апаруды бұйырасыз, мистер Грей? − Мен жол көрсетемін, мистер Хаббард. Өтінемін, соңымнан еріңіз. Әйтпесе, одан да, сіздер алдыға өтіңіздер. Өкінішке қарай, ол ең жоғарғы қабатта. Басты баспалдақпен көтерілелік, ол кеңірек. Дориан есікті айқара ашты. Сөйтіп олар бірінші холлға өтті, содан баспалдақтар арқылы жоғары көтеріле бастады. Портрет әшекейлі ернеуде болғандықтан өте ауыр-тын, сондықтан мистер Хаббардтың қарсылығына қарамастан, арасында Дориан да көмектесуге тырысып бақты. Мистер Хаббард, Дориан сынды мырзалар әулетінің адамдары ешқашан ештеңе істемеу керек деген көзқарастың адамы еді. Сол тәрбиесін көрсетіп бақты. − Иә, жеңіл нәрсе емес екен, сэр, − деді ол жоғарғы қабаттың дәлізіне жеткенде, қасқа басында тұрып қалған терін сүртіп жатып. − Иә, барынша ауыр, − деп бұрқ етті Дориан, бұдан былай оның жан дүниесінің құпиясын сақтап, адам көзінен таса ұстап тұратын бөлменің есігін ашып жатып. Ол мұнда торт жылдан аса кірмеп еді. Бала кезінде бұл бөлме оның бөлмесі болатын, сосын, сәл өскенде сабақ оқитын бөлмесі болды. Осы бір ыңғайлы да кең бөлмені қайтыс болған атасы лорд Келсо, шешесіне қатты ұқсағандығынан ба, әлде басқа себептермен бе, өзі онша жақсы көрмейтін немересі үшін әдейі жасатқан болатын. Ол көзі тірісінде одан өзін аулақ ұстайтын. Дориан бір қарап шығып, одан бері көп нәрсе өзгере қоймапты деп шешті. Сол баяғыша, италиялық дәу көне сандық өз орнында тұр, оның сүйегі қалың ағаштан, ал қақпағы қазір көмескі тартып қалған алтын жалатқан тамаша әшекейлермен сәнделген-тін. Мұнда ол бала кезінде тығылмақ ойнағанда кіріп алушы еді. Қызыл ағаштан жасалған кітап сөресі де өз орнында, онда көнерген оқулықтар сол қалпы тұр. Ал қабырғада шаң басқан Ханзада мен Ханшайым бейнеленген гобеллен ілініпті. Осының бәрі кеше ғана болғандай, Дорианның жадында жаңғыра түсті! Айналасына қараған сайын, жападан-жалғыз өткен балалық шағының әрбір сәті көз алдынан жүгіріп өтті. Өзінің пәк балалығын есіне алды. Ал қазір, мына сұмдық портреттің дәл осы бөлмеде тұратынын ойлағанда тітіркеніп кетті. Сол бір қайта оралып келмес күндерде оны осындай болашақ күтіп тұрғанын біліп пе! Бірақ үйде бұдан өзге, портретті тасалайтындай сенімді жер жоқ. Кілті Дорианның қолында болмақ, бұдан басқа бірде-бір тірі жан мұнда кіре алмайтын болады. Портреттің бет-жүзі мына нәзік жабындының астында қалай бұзылса да өзі білсін. Оны ойлап қапаланудың да қажеті жоқ емес пе? Ешкім де оны көріп жатқан жоқ. Өзі де қарайтын болады. Өз жанының жүрек айнытар құбылыстарын көріп тұрудың қандай қажеттілігі бар дейсің? Ең бастысы, жастығын сақтайды, одан артық не керек. Оның үстіне, мүмкін түзеліп те кетер? Қасіретке толы болашақтан қашып құтылуға да болатын шығар? Мүмкін, алда мұның өміріне пәк таза махаббат еніп, бар күнәкарлықтан сақтап қалар, айтуға ауыз бармайтын, өз-өзінен сиқыр күші бардай тартып тұратын күнәға толы істерден сақтап қалар. Мүмкін, күндердің күнінде, анау оймақтай қызыл еріндеріндегі қатыгез күлкі жоғалып, Бэзил Холлуордтың осынау бір теңдессіз жұмысын ел көзіне шығаратын күн де туар?.. Жоқ, қалай алданса да, бұған үміт жоқ. Әрбір күн сайын, әр апта сайын картинадағы адам кәртамыс тартып, есейе бермек. Тіпті, күнәкарлық таңбаларынан қашып құтылады-ау деген күннің өзінде, бәрібір кәріліктен сақтап қала алмайды. Бетінің әрі бәрібір таяды. Көзінің оты өшеді, шаштарының түсі кір тартып, еріндері солады. Мойынын әжімдер орап, қолының тамырлары шығады. Белі бүкірейеді. Бәрі де қайтыс болған, әрі мұны тіпті де жақсы көрмеген кәрі атасындағыдай көзге жағымсыз кейіпке енеді. Иә, портретті бәрібір тығып қоюға тура келеді! − Мұнда кіргізіңіз, мистер Хаббард, − деді дауысынан шаршағандық белгісі білінген Дориан теріс бұрылып. − Ойланам деп сіздерді күттіріп қойғаныма кешірім сұраймын. − Ештеңе етпейді, мистер Грей, біз де біраз демалып алдық, − деді шеберхана иесі, әлі де екі иінінен дем алып тұрған бойында. − Картинаны қай жерге қояйық, сэр? − Қайда болса да бәрібір. Міне мына жерге де болады. Ілудің қажеті жоқ. Тек, қабырғаға сүйей салыңыздар. Міне, осы жарайды, рахмет.

− Мына өнер туындысына бір көз салуға бола ма, сэр?
Дориан дір ете қалды.

− Керек емес. Оның сізге ұнай қоюы екіталай, мистер Хаббард. − деді ол оның көздеріне тура қарай. Егер дәл қазір шеберхана иесі мына жабындының шетін сәл де болса көтерсе, ұмтылып барып, еденге құлатып түсіруге дайын халде еді. Онда оның ғұмырының құпиясы сақтаулы. − Жә, сіздерге көп рахмет, енді, көп ұстап тұрмай-ақ қояйын. Осыншама әуреленіп, өзіңіз келгеніңізге де алғысымды білдіремін. − Уақасы жоқ, мистер Грей, уақасы жоқ! Мен қашан да көмек көрсетуге дайынмын, сэр! Мистер Хаббард ауыр адымдап, баспалдақпен төмен түсе бастады, ал оның қарадүрсін келген көмекшісі, аузы аңқиып, Дорианға қайта-қайта қараумен есі шықты. Өмірінде мұндай тартымды, әрі өңді адамды көрмеп еді. Төмендегі адам аяғы басылысымен-ақ, Дориан есікті кілтке жапты да, қалтасына салып алды. Енді ештеңеден қорықпауға болады. Мына сұм портретті енді ешкім көрмейді. Өзі ғана көре алады. Кітапханаға оралғанда, сағаттың алтыға кеткенін, ал үстелге ендігі шай да жасалып қойғанын көрді. Сүйегі қара ағаштан, беті інжумен көмкерілген үстел үстінде (бұл қамқоршысының әйелі, аурушаң әрі өткен қысты Каирда өткізген леди Редлидің сыйлығы − тын) лорд Генриден хат және сырты сәл ескірген сары қапты кітапша, ал оның жанында шай әкелетін табақта "Сент − Джеймс газеттің" үшінші саны жатыр екен. Демек, Виктор келген ғой. Дориан оның кетіп бара жатқан жұмысшылардың бірімен кездесіп қап, олардың не істегені жөнінде сұрастырған болар деп ойланып қалды. Виктор, әрине, кітапханадағы портреттің жоқ боп кеткенін байқамай қалмайды... − Ендігі көріп те қойған болар, шай әкеліп жүргенде. Экран орнынан жылжып, ар жағындағы аңырайған орын көзге бірден түседі. Бірде, түн ішінде, жоғары қабатқа ұрлана басып, сабақ бөлмесінің есігін сындырып жатқан жерінен тауып алса, еш таңданбаса да болады. Иә, жау жоқ деме, жар астында деген осы! Дориан кішкене кезінен, бай адамдардың көбін, құпия хатын оқып алған немесе әңгімелерін естіп қойған немесе мекен-жай көрсетілген тек қағаз тауып алып немесе жастық астынан кестелі орамал мен солған гүл сынды дүниелерді тауып алған қызметшілері қорқытып ұстағаны туралы әңгімелерді жиі еститін... Осы ой үстінде Дориан бір күрсініп алды да, бір кесе шай құйып алып, хатты ашуға кірісті. Лорд Генри кешкілік газетті және Дорианға қызықты болатын бір кітапша жіберіп отырғанын жазыпты. Сонымен бірге, сегізден жиырма бес кеткенде оны клубта күтетінін айтыпты. Дориан апыл-ғұпыл қолына алған газетті парақтап қарай бастады. Бесінші беттен, астын қызыл қарындашпен сызып қойған бір хабарламаны көзі шалды. Онда былай делінген: "Актриса өліміне байланысты тергеу ісі. Бүгін таңертең Хокстон-Родтағы Белл-тавернде тергеуші мистер Денби кейінгі кезде Холборндағы театрда өнер көрсетіп жүрген жас актриса Сибила Вейннің өлімі туралы мәлімдеме жасады. Тергеу нәтижесі оның өлімін бақытсыздық деп жариялады. Қыздың денесін тексеруді жүргізген доктор Биррел мен қайғы жамылған анасы куә болды". Дорианның қабағы түйілген күйінде газетті жыртып-жыртып, қоқыс себетіне лақтырып жіберді. Қандай жиіркенішті! Осы бір нәрселерді еске салып керегі не! Ол осыны жіберіп отырған лорд Генриге ашуы келді. Оның үстіне астын сызып қойғаны қандай ақымақтық десеңші, оны Виктор оқып қоюы да мүмкін ғой. Бұған оның ағылшыншасы жетеді. Мүмкін, лакей оқып та қойған болар, әрі күдіктеніп те қалған шығар... Бірақ, несіне алаңдайды? Сибила Вейннің өліміне Дориан Грейдің қандай қатысы бар? Қорқатын дәнеңе жоқ, бұл оны өлтірген жоқ. Дорианның көзі кенет лорд Генри жіберген сары кітапшаға түсіп кетті. "Қызық, қандай кітап болды екен?" − деп ойлады, сөйтті де жақын келді. Інжумен әшекейленген дөңгелек үстелше, бейне Египет араларының тынымсыз соққан ұясындай көрнекі еді. Кітапты алып, Дориан креслоға жайғасты да парақтай бастады. Бірнеше минуттан соң одан басын ала алмай қалды. Бұл ерекше кітап еді. Мұндайды ешқашан оқып көрмеген! Флейтаның нәзік әуені астында әлемнің бар күнәлары хор қыздары билеп жүргендей елестеді. Санасында тек тұмандана көрінетін ләззат түрлері материя түріне енді. Тек түсінде көретін көп дүние алдынан жарқ ете қалды. Бұл сюжетсіз роман еді, нақтырақ айтқанда, психологиялық этюд болатын. Оның жалғыз ғана кейіпкері XІX ғасырда, өткен ғасырлардағы барлық ләззат түрлерін басынан кешіруге тырысқан жас париждік жігіт болатын. Оны адамдар қайырымдылық деп атап алған іс-әрекеттің жасандылығы мен оған қарама қарсы, күнә деп табылатын, адамның санасында онымен егіз туатын сезімдер мен түйсіктер қызықтыратын. Кітап, өзіне тән бір ырғаққа бағындырылған еді. Тілі ойнақы, ашық, сол сәт санаңа тұман үйірерлік жұмбақ, арго, архаизмдер мен техникалық терминдер, парафраздарға толы еді. Мұндай мәнер француз символисттеріне тән-тін. Мұнда сезімталдығы нәзік гүлдің хошындай метафоралар да жеткілікті. Мұнда сезімтал адамның өмірі мистикалық пәлсапа терминдерімен суреттелген-тін. Кейде өзің де шатасып қаласың, бұл ортағасырлық бір діни қызметкердің экстаздары ма, әлде, қазіргі замандағы басбұзар адамның күнәлі қылықтары ма? Бұл сананы улайтын кітап еді. Әр бетінен улы тұман көтеріліп, миыңды айналдыратындай. Шығармадағы бір түсті ырғақ, қайталаулар тәсілдерінің күрделі орамдарға толылығы-осының бәрі адамды бойкүйездікке салатын қасиетке ие-тін. Содан, бір тараудан соң екіншісін жан-тәнімен беріле оқыған Дориан күннің кешкіргенін де байқамай қалды. Бөлменің бұрыш-бұрыштарына көлеңке үйіріле бастады. Малахит түстес бұлтсыз тынық аспанда жалғыз жұлдыз пайда болып, жарқырап тұрды. Ал Дориан болса, көз алдындағы әріптер бұлыңғыр тартқанша оқуын тоқтата алмады. Ақыры, лакейдің кеш болып кеткені туралы бірнеше рет ескертулерінен кейін барып, Дориан көрші бөлмеге өтіп, кітапты Флоренция мәнерінде ойылып, төсек жанында тұрған үстелше үстіне қойды да, кешкі асқа киіне бастады. Ол клубқа жеткенде, сағат тоғыз болып қалған еді. Лорд Генри үстел басында жападан-жалғыз, ренжулі әрі жалыққан кейіппен күтіп отыр екен. − Өтінем сізден, кешіріңіз, Гарри! − деді Дориан. − Бірақ мен сіздің кінәңізден кешіктім. Сіз жіберген кітаптың басымды айналдырып алғаны сонша, күннің қалай кешкіргенін байқамаппын. − Мен сол кітаптың сізге ұнап қалатынын білгем, − деп жауап қатты лорд Генри, орнынан тұрып жатып. − Оны ұнайды дегенім жоқ. Мен "ол менің басымды айналдырып алды" дедім. Бұл бірдей нәрселер емес. − А, сіз олардың айырмашылығы бар екенін түсіндіңіз бе? − деп қалды лорд Генри. Олар тамақ ішетін бөлмеге беттеді. Көп жылдар бойы Дориан Грей бұл кітаптың әсерінен арыла алмады. Дұрысырақ айтқанда, одан өзі де қашпады. Ол Парижден осы кітаптың үлкен түптеумен шығарылған тоғыз данасына тапсырыс беріп алдырып алды. Әрқайсысын өзінің қиялы мен әр кезде әрқалай құбылып тұратын көңіл күйіне лайықтап, түрлі түсте, алтынмен аптатып, күміспен күптетіп тыстатты. Өз қалауын мүлтіксіз орындауға ол әбден бел буып алған еді. Кітаптағы бас кейіпкер, романтикалық көңіл-күй мен оқымыстының ақыл-ойы бойында сабақтаса өрілген жас париждік жігіт, бұған өзінің прототипіндей боп көрінді. Тек, роман бұның өмірінің барысы, бұл өмірге келмей тұрып жазылып қойған. Тек бір қасиетімен ғана ол осы бір кітап кейіпкерінен озық тұр. Ол, жас париждік кенеттен өз сұлулығынан тым ерте айырылып қалғанда айна немесе сол тәріздес дүниелерден, тынық су бетінен өз бейнесін көріп қорыққандай, ешқашан қорықпайтын, ол сезімнің дәмін тату мұның маңдайына жазылмаған еді. Өзін қоршаған әлемнен және өзгелердің бойындағы сұлулықты өте жоғары бағалайтын кейіпкердің жан қайғысы мен қасіреті баяндалған соңғы тараулары жалған пафоспен жазылса да, аянышқа толы еді. Бұларды Дориан кекесінмен оқып шықты. Иә, Дорианның қуанышында шек жоқ еді, өйткені оның Бэзил Холлуордтың санасын жаулап алған көркі әлі де таймаған еді, соған қарағанда, ол ешқашан қайтпайтын, мәңгілік болып шықты. Тіпті, Дориан Грей туралы неше түрлі өсек сөздер естіген таныстары да (ал оның құпия өмірі жөнінде қорқынышты әңгімелер Лондонда тарап кеткен еді әрі клубта да талқыға түсетін), бұған сене бермейтін, себебі Дорианның кейпі өмірдің қиыншылығын көрмеген, жаны пәк адамның нақ өзі еді. Ол туралы өсек айтушылардың өздері де ол кіріп келгенде ішкен астарын жерге қоятын-ды. Бет-әлпетіндегі ашықтық пен тазалық олардың әңгімесінің бәрін бос сөзге айналдырып жіберер күшке ие еді. Ол олардың орталарында тұрған гауһартас сынды жайнайтын, одан өзгенің бәрі күнә мен өмірдің лас батпағына батқандар сынды көрінуші еді. Әрі олар, Дориан Грейдің бұл жалғанның былық шылығынан, өз ғасырының кері әсерлері мен арсыздықтарынан қалай шет қалғанына таңданатын. Өзінің достарының және өздерін доспыз деп санайтындардың күдіктерін тудырып, сөзге айналатын құпия жүрістерінен оралған сайын, Дориан, бұрынғы бала кезіндегі бөлмеге ұрлана басып көтерілетін де, өзінен өзге адамға ұстатпайтын кілтімен есікті ашып, қолына айна ұстаған күйі портреттің алдына барып тұратын. Біресе оған, біресе өзіне қараған сайын, портреттегі кәртамыс тартқан бейне мен әлі де гүл жарған жастық шағының күші бірде-бір бұзылмай, айнадан күлімдеп тұрған өзінің жүзіне көз салып, ұзақ тұратын. Екеуінің арасындағы айырмашылық ұлғайған сайын, ол да өз сұлулығына риза болып, сүқтана түсетін. Жанының кірлей түскенін қызықтап қараған ұнайтындай. Маңдайы мен аузының айналасында пайда болған терең әжімдерді мұқият қарап, аса бір ыждаһаттылықпен тамашалайтын, содан соң өз-өзіне: арсыздық қорқынышты ма, әлде кәрілік қорқынышты ма? − деп сұрақ қоятын. Өзінің аппақ сүйрік саусақтарын портреттегі тарамыс қолдарға жақындатып салыстыратын да, риза кейіппен күлімдейтін. Ол бет әлпеті адам көргісіз болған портреттегі бейнені мазақ қылатын. Бірақ, кей кездері әтірдің нәзік иісі шығып тұратын құс төсегінде ұйқысыз өткізген түндерінде немесе қаланың лас аудандарындағы жамандықтың ордасы деп есептелетін үйлерге жалған есімше, өзге киім киіп бет алғанда, өзінің айырбасқа кеткен жан дүниесі мен арын ойлайтын, әрі өзінің менмендігін есіне түсіріп, мойындаған сәтте жанын қоярға жер таппайтын еді. Дегенмен, мұндай сәттер аз болатын. Сол бір күні, Холлуордтың үйіндегі бақта бірге отырғанда, алғаш рет бойында лорд Генри оятқан, өмірге деген ессіз құштарлығы артқан үстіне арта түсті, бір тілегінен соң екіншісі оянған үстіне ояна түсті. Білген үстіне білгісі, көрген үстіне көргісі келе берді. Құмарланған сайын, араны аш қасқырдың аузындай ашылып, тәбеті ұлғайған үстіне ұлғая түсті. Дегенмен де, көзсіз батырлық пен жеңілтектік Дорианға тән қасиет емес-тін. Қалай десек те, ол қоғамдағы өзінің абыройына дақ түсірмеді де ұмытпайтын еді. Сөйтіп сыр бермейтін. Қыста айына екі рет, ал жылдың басқа мезгілдерінде әр сәрсенбіде оның сән-салтанатқа толы кең сарайы қонақтарға есігін айқара ашады, әрі мұнда ең үздік деген музыканттар өнер көрсетіп, құлақ құрышын қандыратын-ды. Ұйымдастыруға үнемі лорд Генри көмекке келетін қонағасыларында тек ығай мен сығайлар, ал үстелдерде ең бай, алтын мен күмістен соғылған ыдыстар, оларда ең тамаша тағамдар ғана тұратын. Шақырылғандардың арасында (әсіресе жап-жас өрендердің) Дориан Грейдің бойына білімділік пен мәдениеттілік, асқан сұлулық, нәзік талғампаздық пен тәрбиелілік шебер ұштасқанын, бір сөзбен айтқанда, адам баласының идеалын көретін. Дориан Грей оларға Данте айтпақшы, "сұлулықпен жан емдейтін" адамның нақ өзі еді. Готье айтқандай, бұл әлемнің өзі тек осындай адамдар үшін жаралғандай эсер қалдыратын. Ал, Дориан үшін, әрине, бұл Өмір өнер атаулының ең биік туындысы, ал өзге өнер түрлері тек оның алғысөздері ғана болып есептелетін. Ол кез келген арманыңды шындыққа айналдыра алатын Сәнді де, Сұлулықтың шартты түсінік екенін дәлелдеуге тырысатын Дендизмді де ұнататын. Оның өзінің киіну мәнері Мейфердегі, Пелл-Меллдегі кештерге жиі қатысатын жас жігіттерге қатты эсер ететін. Олар оған барынша ұқсап бағуға тырысатын. Тіпті Дорианның өзі де мән бере бермейтін ұсақ-түйектерге дейін қайталауға барларын салатын. Кәмелетке толысымен-ақ Дориан қоғамдағы өзіне бұйырған құрметті орынға қуана-қуана келісті. Ол өзінің Лондондағы қоғамға, бір кездері, император Неронның дәуірінде "Сатириконның" авторы сынды орынга ие болғанын сезетін. Бірақ жан дүниесінің түбінде, ол жай ғана сәнқой болып қана қалуды қаламайтын, одан өзге, кеңірек ұғымды иеленуді армандайтын. Ол өмірдің жаңа пәлсапасын орнықтыруды, оның тұғырлы болуын, өзіндік ұстанымдарының болуын армандайтын. Бар ұлылық сезім мен сезімталдықта дегенді ғана мойындайтын. Мұндай өмір салты қоғамда сынға жиі ұшырайтын, әрі бұнысы дұрыс та еді. Өйткені адамдар, күндердің бір күнінде адам болмысын толығымен билеп алатын мұндай сезімдерді тізгіндеп ұстауды жөн санайтын, әрі оны ақыл ойы төменірек дамыған тіршілік иелеріне тән қасиет деп есептейтіні белгілі дүние. Бірақ, Дорианға бұл сезімдер тегі түпкілікті зерттелмегендей, әрі дұрыс бағаланбағандай болып көрінетін де тұратын. Ал оларды жануарларға ғана тән төмендетілген сезімдер деп есептеу асығыстық, бір жағынан, адамдардың өздерінің осындай сезімдер алдындағы үрейлерінен де ойлап тауып алған өтіріктері деп ойлайтын. Бұлай еткеннің орнына, бұл сезімдердің табиғатынан өмір сүрудің жаңа бір салтын көріп, танып, әрі оны Сұлулыққа ұмтылудың нағыз, әрі жалғыз ақиқат жолы деп табуы қажет деп ойлады. Дориан адамзаттың даму тарихатына мүсіркей көз тастайтын. Қаншама нәрсе іске аспай қалды, қайдағы бір, түкке тұрғысыз дүниелер үшін қаншама құрбандық жасалған! Ешқандай тірегі жоқ, көзсіз ерліктер, өз-өзін тізгіндеу, бас тарту, осының бәрінің артында нағыз сұлулықтан үрку жатыр, әрі ол үрей ұлғайған үстіне ұлғайып барады. Негізінде, адамдар сұлулықтан емес, одан қашу үшін ойлап тауып алған неше түрлі дүниелердің өзінен үркулері керек. Иә, лорд Генри дұрыс айтады. Ол өмір салтын өзгертетін жаңа гедонизм бағытының дүниеге келетінін тауып айтты. Ол адамзатты қарадүрсіндік пен қарабайырлықтың тырнағынан құтқарып қалатын болады. Әрине, гедонизм Интеллектті тірек етпек, бірақ жүрегі Ынтықтық деп соғатын болады. Оның мақсаты − тәжірибе жүзінде іске асыру, ал нәтиженің қандай болатыны бәрібір. Өмірде сезімталдықты жойып жіберетін аскетизм болмауы керек, сонымен қатар сезіммен қарадүрсін ойнау да сезімталдықты жояды. Гедонизм өмірдің әр сәтін жан-тәніңмен сезінуге үйрететін болады, өйткені өмір дегеніміз бір сәттік дүние емес пе. Әркім-ақ таңғысын ұйықтамаса да, таңғажайып түс көргендей күйінде қарсы алатын кездер болады, тіпті одан кейін өліп кете берсе де арманым жоқ дегенге дейін жетеді немесе үрейлендірсе де қуаныш сыйлар істер істеген түндер де болады. Мұндайда мида нақтылықтың өзінен де сұмдық істердің гүлі бүр жарады. Олардың нағыз әсемдікке иелігі сонша, арманшыл адамдардың бар ойларын жүзеге асырып, көз алдыңа тұра қалады. Бұл сезімдер бәріне таныс. Бірте-бірте таң атып, пердені түрткілейді. Міне, сонда, олар дірілдеп кеткендей көрінетін болады. Қара көлеңкелер бойларын жиып, бұрыш-бұрышқа тығыла қалады. Ал терезенің ар жағынан бақтағы құстардың сайрағаны, адамдардың асығыс басқан қадамдарының дыбысы келеді, кейде асау жел асыр сала ойнақтап, есік-терезелерімен бүркеніп алған үйлерден ұйқыны аластату үшін уілдеп кеп соғатыны бар. Бірінен соң бірі перделер түріліп, ақыры айналадағы дүние өз кейіптеріне қайта оралады, осылайша таң түнгі дүниенің етегін түріп, бәрін өз орындарына қойып шығады. Түк көрсетпейтін айналар күндізгі жұмысына кірісіп, өшірілген майшамдар қойылған жерлерінде қатып қалады. Жанында кешегі оқылмай қалған кітап немесе кеше ғана жағаға тағылып, солып қалған гүл қауызы қалады. Болмаса оқуға қорқып, ашылмай қалған, әйтпесе қайта-қайта оқи-оқи шаршаған хат қалады. Иә, ертеңгілік өмір нақ осы тоқтап қалған істерді жалғастырудан басталып, әрі қарай жүре береді. Сөйтіп, осындай нәрселерге уақыт өткізумен, бір орында тоқтаусыз айналумен, ғұмыр өтіп жатқанын жанымыз ауыра сезінеміз де қоямыз. Кейде, осындай бір сәттерде, көзімізді ашқанда, өзге бір әлемге көкірегімізді ашып, жаңа бір ғаламда өмір сүргіміз келеді. Бет әлпетін түн өзгертіп, бізге қуаныш сыйлайтын, жаңа бояулармен ашылып, жаңа кейіпке енген дүние арасында, құпия мен сырға толы жаңа әлемге енгіміз келеді. Мұнда өткенге орын жоқ, болса да маңызы тым төмен. Санадан кеткісі келмеген күннің өзінде ол адам жанын ауыртатындай болмауы керек, өйткені өткен күннің бақытында да бір қайғы бар, ал күнәкарлық одан өткен ауыр сезімдерге бөлейді. Міне, осындай өмірді бастан кешіру әрі оны насихаттау Дориан Грейдің басты мақсатына айналды. Жан мен тәніне тоят беретін жаңа ләззаттардың соңына түсіп алып, романтикалық күй кешу үшін барын салды. Ол өзіне тән емес өзге біреулердің идеяларына еліктеді, солардың ықпалымен өмір сүрді, ал оны жүзеге асырып, көңілі басылғанда, селк етпестен тастап кете беретін. Қазіргі заманғы жантанушылар мұны жанып-өшпе темпераментке ие адамдардың көрсеқызарлығы деп түсіндіреді. Бірде Лондонда Дориан Грей католик бағытына өткелі жатыр екен деген әңгіме шықты. Шынымен де, католиктердің діни рәсімшілдіктері Дорианға қатты ұнайтын. Әрбір литургия кезіндегі бәрінен баз кешу сәті, шын мәнінде, бұл өз кезегінде, осыған дейін болған барлық құрбандықтардан да үрейлі дүниелердің бірі болғандықтан да, тартатын да тұратын. Ондағы адамзат атаулының бар сезімдерін аяққа таптап, оны жек көре, бас тартатын сәті де ұнайтын. Дорианға шіркеудің суық еденіне тізерлеп отырып, қасиетті әкейдің басындағы асыл тастармен әшекейленген сұлу мүсінді бас киімін қаны қашқан аппақ қолдарымен шешіп жатқанына қарау ұнайтын. Бұл оған аспан әлемінде болып жатқан бір көріністей әсер қалдырушы еді. Шіркеу әкейінің діни киімдерге малына киініп Құдайдан кешірім сұрау сәтіне қарағанды да жаны сүйетін. Үстілеріне кестеге малынған аппақ киінген, өте байсалды жас балалардың қадильницаларды ұстап ары-бері шайқаған кездерін де қарағанды жақсы көретін. Шіркеуден шығып бара жатып, Дориан күңгірт көлеңкенің қанатында тұрған ғибадат ету бөлмелеріне қарай-қарай өтетін. Кейде қараңғы бір бұрышта ондағы жұқа терезелерден өмірлерінің сырын ашып отырған адамдардың күбір-күбірін естіп ұзақ отыратын да. Дегенмен Дориан қандайда бір дінді немесе ділді ресми түрде қабылдау деген соз ақылдың дамуына тосқауыл қоюмен бірдей екенін жақсы түсінетін, сондықтан да ондай қателікті ешқашан жібермейтін. Жаны ай жабылып, жұлдыздар сөнгендегі бірнеше тыныштық сағатын ғана өткізетін рухани айлақты мәңгілік тұрағы еткісі келмеді. Бір кездері ол мистикамен де айналысты. Оның кез келген ұсақ-түйекті сырлы дүниеге айналдыра алатын қасиеті бұған көп көмектесті. Өмірінің келесі бір кезеңінде неміс дарвинизмі және оның материалистік теорияларымен айналысты. Сондағы адам атаулының әрбір ойы мен сезімдерінің бәрі миға немесе жүйке жүйесіндегі әрбір талшыққа тәуелді екенін мойындау қандай қызықты болды десеңші. Бұл теориядағы рухтың физиологияға тәуелді деп мойындалуы да көңіл аударарлық нәрселердің бірі болды. Дегенмен, осындай теориялардың ұлысы бар, ұсағы бар бәрі қосылып нақ өмірдің өзінің тырнағына да тұрмайды. Ол ақылдың оны суреттеу үшін тауып алатын түрлі анықтамаларының қателіктерге толы екенін анық көретін. Тәжірибе мен шындық екі түрлі, екеуі екі жаққа қарайды. Ол бір нәрсені анық білетін: адамның сезімталдыққа қатысты өмірі де, рухани өмірі сынды көптеген ашылыстарын күтіп, ашылмай жатқан бір кітап екенін нақ түйсінетін. Бір кезеңде, ол түрлі хош иістердің адамға ететін әсерін, олардың дайындалу жолдары мен құпияларын зерттей бастады. Шығыстың түрлі хош иісті майларын жағып, бас айналдырар сәтін де бастан кешірді. Ақыры, адамның көңіл хошы оның сезім жүйесімен тікелей байланысты деп шешті. Сөйтіп, енді осы екеуінің қарым-қатынасындағы жаңалықтарды ашуды ойлады. Мысалы, ладанның иісі адамды мистикалық көңіл-күйге итермелесе, ал сұр амбра сезімтал қылады? Неге шегіргүлдің хошы өткен махаббатты еске түсіріп, мускус миды айналдырады, ал чампак қиялыңды шарықтатады? Осыдан соң иістердің психологиялық әсерлері туралы ғылым ашуды армандаған Дориан, түрлі иісті тамырлар мен шөптерді, хош иісті гүлдерді және олардың ұрығы піскендегі тозаңының иістерін, хош иісті бальзамдарды, денені босаңсытатын нарданы, есіңді алатын хотениді, жаныңды қайғы-қасіреттен емдейді деп айтатын алоэны зерттей бастады. Дорианның өмірінде жан-тәнімен музыкаға берілген кезеңі де болды. Сол кездері ұзынша келген, төбесі алтын жалатылған, терезелері торлы, ал қабырғалары жасылтым түсті лакпен боялған кең қонақ бөлмесінде адам айтқысыз концерттер берілетін. Мұнда қандары шапшыған сығандар да, сары шәліге оранып, лютнаны мұңды тартатын тунистіктер де, тістерін ақситып, жез дабылдарын тынымсыз қаққан негрлер де, бастарына шалма орап арықша келген, бойларын тік ұстайтын үнділер де сырлы кернейлерінен әуен төгілтіп, улы жыланды ирелеңдете билетіп өнер көрсететін еді. Олардың музыкасындағы күрт өзгермелілік пен жүрекке енетін қасиеті бар диссонанстары Дорианға ұнайтын, мұндай әсерді Шуберттен де, Шопеннің таңғажайып элегияларынан да, тіпті Бетховеннің салтанатты симфонияларынан да ала алмайтын. Ол әлемдегі бар халықтың музыкалық аспаптарын жинады. Тіпті жоғалып кеткен халықтардың жұртынан ғана табылатындарын да, батыс өркениетімен қақтығыстан аман қалғанның өзінде табылуы қиын жабайы тайпалардың аспаптарын да қолына түсірді. Ол олардың бәрін ойнап көргенді сүйетін. Оның жинағынан әйелдер қауымына қарауға рұқсат етілмейтін, Рио негро үндістерінің сырға толы музыкалық аспабы "джурупаристі" де табуға болатын. Оны ұстау үшін жас жігіттердің өздеріне де ораза тұтып, өз тәндерін ұрып-соғып жазалағаннан соң ғана рұқсат етілетін-ді. Құстың қиқуын білдіретін перуандық қыш құмыралар да болды. Чилиде Альфонсо де Овалленің өзі ойнаған, адам сүйегінен ойылған флейта да болды. Куско маңынан табылған, құлаққа жағымды әуен шығаратын жасыл яшма да болды. Дорианның жинағында бұлармен қатар, сілкілегенде сылдырлап дыбыс беретін, ішіне ұсақ тастар толтырылған, кептіріліп боялған асқабақ сылдырмақтар да болды, ойнағанда ішінен ауа тартатын ұп-ұзын мексикалық кларнет те, амазон тайпаларының дауысы құлақ жарар "түресі" де болды. Онымен биік ағаштардың ұшар басында отыратын күзетшілер бір-біріне дыбыс беретін, әрі дауысы үш лье қашықтықтан естілетін-ді. Дірілдеп тұратын, ағаштан жасалған екі тілі бар "тепонацли" да бар, оны ұратын таяқшаларды алдымен өсімдіктің шырынына суарады. Ацтектердің "иетли" атты сылдырмағы да, бір кездері мексикалық храмнан Кортестің досы Берналь Диас көріп, оның зарлы дауысын суреттеп берген, жылан терісімен қапталған ұзыншақ дабыл да бар болатын. Дорианға бұл аспаптардың ерекшеліктері ұнайтын. Әрі өнер де, Табиғат-ана сынды, кейде көзді қорлап, құлаққа жағымсыз дыбыс шығаратын балаларын дүниеге әкелетінін түйсінгенде өз-өзінен рақатқа бөленетін. Дегенмен, бұлар тез арада оны жалықтырып жіберді. Кештерде өзі жалғыз немесе лорд Генримен бірге қожасында "Тангейзерді" бірінші рет естігендей таң-тамаша боп, опера тыңдап отырып, ондағы қайғыға толы унсртюрада өз жанының зарын ойнап жатқанындай әсерге бөленетін. Содан кейін тағы бір қызығушылығы оянды: қымбат тастар жинау. Бір бал маскарадта үстіне бес жүз алпыс маржан таспен оқаланған француз адмиралы Анн де Жуайездің қамзолында келді. Бұл қызығушылығы көпке созылды, тіпті бүкіл өмірі бойы жалғасты деп айтса да болады. Ол күндіз күні бойы әрбір тастарын қобдишасынан ақтарумен уақыт өткізе алатын. Мұнда шам жарығында қызыл түске боялатын, жасылтым түсті фризобериллалар да, қыли көзді перидоттар да, алқызыл мен алтын түстері араласқан, шараптың нақ өзіндей жақұттар да, қызыл жақұттар да, қып-қызыл оттай боп жанып тұрған венистер де бар болатын. Дориан тек қымбат асыл тастарды ғана емес, олар жайлы аңыз әңгімелерді де жиыстыратын. Мысалы, Лльфонсоның "Клириктерге арналған кеңестер" атты шығармасында көздері нағыз гиацинттен жаралған жылан туралы сөз қозғалады, ал Ескендір жайлы романтикалық хикаятта Эматидің иесі Иордан алқабынан "мойнында інжу моншақтары бар жыландарды" көргені жайлы айтылады. Филостраттың жазып қалдыруынша, айдаһардың миында асыл тас болады екен, "ал оны өлтіру үшін алдымен алтындаған жазулар мен аспан түстес мата көрсетіп, ұйықтатып тастау керек екен". Ұлы алхимик Пьер де Бонифастың жазуынша, алмас адамды көзге көрінбейтін ете алады, ал үнді жұзағы шешен қылады. Ақық тыныштандырып, гиацинт ұйқы шақырады, аметист айықтырады. Гранат адам бойындағы жынды қуып, ал жасыл ақық сәулесінен ай ұялады. Селенит аймен бірге туып, онымен бірге батады, ал ұрыны айғақтап беретін мелоцийдің күшін тек лақтың қанымен ғана жоюға болады. Леонард Камилл жаңа ғана өлтірілген құрбақаның миынан алынған ақ тасты көріпті. Ол удың күшін жоя алады-мыс. Ал араб бұғысының жүрегінен алынатын безоар-обаға қарсы бірден-бір ем. Кейбір аравиялық құстардың ұяларынан аспилат тастары табылады, олар Демокриттің айтуынша, тағып жүрген иесін оттан қорғайды. Басына тәж киген күні цейлон патшасы қаланың көшелерін қолына қызыл рубин ұстаған күйінде жүріп өтіпті. Иоанн патшаның "сарайының қақпалары сердоликпен өрнектеліп, ешкім у алып кірмес үшін ехиднаның мүйізі қойылған-тын". Сүмбісінде "екі алтын алма жарқырайды, олардың ортасында карбункул орнатылған, күндіз алтынның сәулесі түсіп, түнде карбункул сәуле шашады". Лодждың "Америка маржаны" деп аталатын қызықты романында патшайымның жатын бөлмесінде "әлемдегі ең сұлу әйелдердің барлығының хризолит, қызыл жақұт, сапфирден жасалған айналарға қарап тұрған қалпында соғылған күміс мүсіндері қойылған" делінеді. Марко Поло саяхат кезінде Зипангу тұрғын− дарының өлген адамдардың аузына алқызыл маржан іастар салатынын жазады. Теңіз түбінде маржан тастарға ғашық болып өтетін құбыжық өмір сүретіні туралы да аңыздар бар. Сонда оның ғашық болған маржанын Пероз патша үшін аулағанда құбыжық сүңгуірді тауып, өлтіріп, жеті түн бойы жылаған дейді. Прокопий жазбаларына қарағанда, сол маржанды алу үшін ғұндар Перозды алдап қолға түсіргенде, ол оны тастап жіберген көрінеді. Содан бері ешкім таппапты, ал сол маржанға император Анастасий бес жүз пұт алтын тіккен. Малабар патшасының қолынан бір венеция тұрғыны үш жүз торт маржан тастан тізілген таспих көріпті. Оның саны патшаның мойындайтын құдайларының санымен бірдей екен. Ескендір алтыншының ұлы герцог Валентинуа француз патшасы Людовик он екіншіге қонаққа келгенде, Брантомаға сенсек, оның аты алтын сауытпен жабылған екен. Ал шляпасын шуақ шашқан, екі қатар боп тізілген рубин тастары әшекейлеп тұрыпты. Карл Английскийдің сүйікті атының жабуында төрт жүз жиырма гауһартас тігілген. Екінші Ричардтың толығымен лала таспен оқаланған суқағары болған. Оның құны кезінде отыз мың маркаға теңестірілді. Басына тәж киетін күні Тауерге жол тартқан сегізінші Генрихтің костюмін Холл былайша суреттейді: "Патшаның үстінде алтындатқан паршадан тігілген кеудеше, оның өңірі гауһар және өзге де асыл тастармен оқаланған, ал жағасындағы байлауышы ірі лаламен безендірілген". Яков біріншінің сүйікті әйелдері алтын ернеуге қондырылған інжу тасты сырғалар таққан. Эдуард екінші Пирс Гейвстонға құйма алтыннан соғылған сауыт, бирюзамен әсемделген алтын дулыға, басына маржан тастармен тігілген баскиім сыйлаған. Генрих екінші шынтағына дейін жететін, асыл тастармен безендірілген қолғап киген. Ал аңға шығардағы костюмінің жеңінде елу екі маржан мен он екі қызыл рубин тігілген. Бургунд герцогтары әулетінің соңғы тұяғы Батыр Карлдың бас киімі алмұрт тәрізді маржанмен және сапфирлермен әшекейленген. Бір кездері өмір қандай сұлу болған! Үлде мен бүлдеге оранған сол заман көз жауын қалай алады! Тіпті, көз көрмесе де, ол туралы оқығанның өзі қандай қуаныш сыйлайды. Тағы біраз уақыттан соң, Дориан кестелер мен гобеллендерге қызықты. Олар Солтүстік Еуропаның қоңыр салқын тұрақтарындағы фрескалардың орнын басатын. Бұл туралы зерттеуді бастап кеткен Дориан, ал егер ол бірнәрсені зерттесе түп-түбірімен қопарып зерттейтін қасиетке ие еді, ақыры, Уақыт дегеннің өмірдегі барлық сұлу, әрі қайталанбас нәрселердің бәрін құртып тынатынын мықтап түсінді.

Ол өзі бұл ауыр тағдырдан қашып құтылған болатын.

Бірінің соңынан бірі өткен көктем, күз талай гүлдің әрін сорып үлгерді. Қаншама сұмдық істерге толы түндер кешті басынан, бірақ Дорианның жүзі бір өзгермеді. Ешбір қыс оның бетінің әрін тайдырмады, көз жанарының жарығын ұрламады. Адамдар қолынан шыққан дүниелердің тағдыры бұдан ауырырақ! Бір кездері Афина Палладаның өзі иығына жамылған, алтынмен апталып, күмістен күптелген жамылғысы қайда қазір? Бір кездері І Перонның өзі Рим Колизейінің үстіне тарттырған, бетіне жұлдызға толы аспан мен қос дөңгелекті алтын арбасында шауып бара жатқан Аполлонның бейнесі ойылған иелариум қайда қалды? Дориан күн құдайына арналып тоқылған, бетіне тағамның түр-түрі кестеленген орамалдарды өз көзімен көре алмағанына өкінді. Сонымен катар, Хильперик патшаның үш жүз алтын арамен оқаланған кебінін де көре алмайды. − Понтий епископына үнамаған, суретшінің қолынан шыққан, табиғаттың бар жан-жануарлары бейнеленген киім қайда екен? Немесе ханзада Карл Олеанскийдің жеңіне "Мадам, мен өте бақыттымын" деп басталатын өлең кестеленген, әрі өлеңнің ноталары маржанмен, жолдары алтынмен тігілген костюмі қайда! Дориан Рейм сарайында патшайым Ионна Бургундскийге арналып жабдықталған жатын бөлменің жасауы туралы оқыған еді. − Қабырғаларында "мың үш жүз жиырма бір тотықұс, бес жүз алпыс бір көбелек, ал әрбір құстың қанатында патшайымның гербі бейнеленген. Осының бәрі таза алтыннан". Екатерина Медичидің дүниеден өткенде жатқан кереуеті қара барқытпен қапталып, онда ай мен күн бейнеленген. Гүлдері алтын мен күмістен, жабындысы маржантаспен кестеленіпті. Ол бас жағында өзінің қара барқытқа алтын парчамен тігілген жеке гербі ілінген өз жатын бөлмесінде жатқан. Людовик он төртіншінің бөлмесінде биіктігі он бес фут болатын қабырғалары алтынмен апталыпты. Поляк патшасы Ян Собескийдің кереуеті алтындатылған паршаға бирюзамен Құран сөздері жазылған шатырдың астында тұрыпты. Шатырды торт жағынан асыл тастар мен алтыннан ою ойылған күміс бағандар ұстап тұрған. Бұл шатырды поляктар Вена түбіндегі түрік лагерінен қолға түсірген. Бір кездері оның астында Мухаммед Пайғамбардың байрағы тұрған көрінеді. Бір жыл бойы Дориан дүниедегі ең сирек, әрі таңғалдырар маталар мен кестелерді жиыстырды. Онда Делиден алдырылған, алтын пальмалар суреті салынған тамаша үнді кисейі, Даккадан алдырылған, Шығыста "ауадан да жеңіл", "су сарқырамасы", "кешкі шық" деген атауға ие болған торғын да, Явадан алдырылған суретті маталардың түрлері де, Қытайдың жұп-жұқа, қолдан тоқылған, шеберлігінде мін жоқ шымылдық та, корица түстес атластан тігілген кітап тыстарының үлгілері де немесе жібектен, әрі сыртына лала гүлдері қапсырылып гоқылған мата түрі де, Венгриядан шыққан кестелі бетперделер де, сицилия парчасы мен испан барқыты, алтындатып тоқылған грузиядан шыққан мата түрлері мен жапонның құстардың түр-түрі кестеленіп, түстері мың құбылған шәйілері де бар еді. Дорианның қызығушылығын тудырған шіркеу киімдері еді. Сонымен қатар ол діни рәсімдерді де жақсы көретін. Үйінің батыс жақ қанатында орналасқан самырсын ағашынан ойылған үлкен сандықтарда Христостың қалыңдығының (өзін-өзі қатал жазалаумен ғана күнін өткізетіндіктен қан-сөлі қашқан, азып-тозған, бірақ күнәдан пәк) денесіне ғана лайықты асыл маталардан тігіліп, тек асыл тастармен әшекейленген керемет киімдер сақтаулы болатын. Дорианның қолында сирек кездесетін алқызыл түстес жібектен тігілген риза бар еді. Оның кестесі қайталанбалы кесте деп аталатын, әрі бірыңғай алтын жіптермен анардың, маржан тастар мен ананастардың суреті бейнеленген еді. Шақпаққа бөлініп, ор төртбұрыштың ішінде Қасиетті Бикенің өмірінен үзінділер келтірілген, ал оның үйлену салтанаты түрлі жібек жіптермен күләпарада бейнеленген-тін. Бұл он бесінші ғасырда Италияда жасалған дүние еді. Келесі риза жасыл барқыттан тігілген. Онда акант жапырақтары жүрек тәріздес болып жинақталған күйінде бейнеленген. Ақ гүлдердің жіңішке, нәзік сабақтары күміс жіптермен кестеленген, қауыздары түрлі-түсті қымбат моншақтармен, ал қапсырмасында алтынмен тігілген серафимнің бейнесі бар. Ромб тәріздес кесте жүргізіліп, олар ақ алтын және қызыл алтын жіптермен тігілген, өн бойында қасиетті бейнелер берілген алтын теңгелер ілінген, олардың арасында қасиетті Себастьянның да бейнесі бар. Дорианда бұдан өзге де қасиетті әкейлердің киімдері бар болатын. Кейбірі кәріптас түсті жібектен, көгілдір және алтын паршадан, сары қамқа мен глазеттен тігілген. Оларда діни тақырыптардағы өнер туындылары бейнеленген. Сонымен қатар арыстандар мен тауыс құстары, мыңдаған эмблемалар, елтаңбалар да кездеседі. Тіпті ақ атластан далматик те, қызғалдақ, дельфиндер, француз лаласы кестеленген алқызыл штоф та бар. Таңқурай түстес барқыт пен көгілдір кенептен тігілген − михраптарға арналған жабулар да бар. Қасиетті харугвилер мен түрлі-түрлі антиминстер, потирлерге арналған жабулар да жеткілікті болатын. Осы дүниелер қолданылатын мистикалық рәсімдер Дорианның қиялын шарықтатып, қанын ойнататын. Асып-тасқан байлық және іші-сырты мұрнынан шыға жасалған үй Дорианның көңілін алдайтын, өйтпесе, жанын жеген қайғы жегідей кеміріп, бойын қорқыныш билейтін. Сол бір, балалығы жападан-жалғыз өткен жоғарыдағы жабулы бөлмеде, қазір беті алтындатылған жабумен жабылып, кебінін киіп тұрғандай, күннен-күнге бұзылып бара жатқан арының бейнесі тұр. Дориан кейде бірнеше аптаға дейін бұл жайында ұмытып кететін кездерге ие болатын. Бұндайда жүзіне алаңсыздық пен қуаныш ізі көрініс беретін, бірақ, көп өтпей-ақ түн ортасы ауа, жаман-жұтық киініп алып, үйден ұрлана шығып Блу Гейт Филдстағы лас қоралардың біріне барып, апталап жоғалып кететін, қуып жібергенше шықпайтын. Ал үйіне қайтып келгенде, сағаттар бойы портретке бетпе-бет қарап отырады да, бірде өзін де, оны да жек көре құсаланады, бірде, өзін-өзін шексіз сүйген менмендігі бой көтеріп, қанша күнә жасаса да, ненің де дәмін татудан қорықпауына болатынын есіне алып, өзі үшін бар ауыртпалықты мына бір портрет көтеретінін ойлап мәз бола күлетін. Бірнеше жыл өткенде, Дориан енді Англияның қай жерінде болса да, ешбірінде ұзақ уақыт тұра алмайтын халге жетті. Ол Трувилдегі, лорд Генримен бірге жалдаған вилладан да бас тартты, суық қыстарын өткізетін Алжирдегі ақ үйінен де бас тартты. Ол өмірінде үлкен маңызға ие болған портретсіз тұра алмайтын болды. Оның үстіне, өзінің әмірімен есіктерін темірмен аптатып тастаса да, өзі жоқта сол бір бөлмеге біреулер кіріп қоятындай көрініп тұратын болды. Бірақ, не болса да, портретті көрген адамның бірнәрсені түсіне қоюы екіталай екенін Дориан іштей білетін. Әрине, жүзіндегі өзгерістерге қарамастан, портрет бұның бейнесі екенін бірден білуге болады, бірақ мұнда тұрған не бар? Бұны қорқытам деп әуреленген кез келгенге ол тек күліп қана қарар еді. Портретті жазған ол емес, сондықтан оның бетіндегі өзгерістерге бұның да қатысы жоқ емес пе? Кім оны кінәлай алады? Тіпті шындықты айтып бергеннің өзінде, бұған біреулер сене ме өзі? Бірақ, бәрібір, ол қорқатын. Кейде, Нотингемпширдегі үйінде, арасында беделі биік Дориан, өзін шексіз жақсы көретін жас достарына таң-тамаша салтанатпен қонағасы беріп жатқанда, кештің дәл ортасында, ес-түсі кетіп Лондондағы үйіне қарай безілдеп беретін кездері де болатын. Оған біреулер бала кезіндегі бөлмесінің есігін ашқандай көрініп кететін де, портреті өз орнында ма, жоқ па екен деген түйткіл мазалап тұратын. Ал егер ұрлап кетсе ше? Бұны ойлағанда-ақ бозарып қоя беретін. Онда бар әлемге құпиясы айдай анық болады! Мүмкін, адамдар онсыз да бұған күдіктеніп жүрген шығар? Иә, ол көбіне ұнайтын, бірақ, оны жақтырмайтындар да аз емес еді. Бірде, ата-тегі мен қоғамдағы алатын орнына қарамастан уестендтегі бір клубта оны қабылдамай тастағаны да бар. Сонымен қатар, Черчилл-клубта Дорианның бір танысы оны темекі тартатын бөлмеге ертіп барғанда, герцог Бервикский мен бірнеше джентльмендер жақтырмаған кейіп білдіріп, орындарынан тұрып шығып кеткен. Жасы жиырма беске келгенде, Дориан туралы неше түрлі өсек-аяң естілетін-ді. Біреулер оны Уайтчаппелдің ең лас аудандарындағы бір қоралардан көргенін, әрі онда бір шетелдік матроспен төбелесіп қалғанын, әрі үнемі ұрылар мен жалған ақша жасаушылармен араласатынын, әрі онымен өзі де айналысатыны туралы әңгімелер жүрді. Оның үн-түнсіз, хабар-ошарсыз жоқ боп кететіні туралы көбісі білетін. Сондықтан, осындай кезекті үнсіздіктен соң, қайта жарқ ете қалғанда, жанынан өткен әрбір еркек пен әйел баласы OJІ туралы бұрыш-бұрыштан сыбыр-сыбыр күбірлесе қалатын, ал жанынан өте қалса, жек көре қарап, кекесінмен мырс ете түсетін, бейне ішіне еніп, құпиясын білгісі келетін адамша көздерін суық қадап өтетін. Әрине, Дориан мұндай келеңсіз қарым-қатынас пен тәрбиесіздікке көңіл аудармайтын, көпшілікке деген ашық-жарқын көңілі мен кішіпейілділігінің арқасында, әрі баланың пейіліндей жарқын жымиысымен-ақ, сұлу мінсіз келбетімен-ақ кез келгенді баяғыдай баурап алатын-ды. Осыны көргендер ол туралы айтылып жүргендердің бәрін көре алмаушылықтан деп ұғатын да қоятын. Дегенмен, бұрын Дорианның жақын достары деп саналатын адамдар, енді одан қашқақтайтындары байқалатын болды. Оған ес-түссіз ғашық болып, коғамдық ой-санаға қарсы шығуға дейін барған әйелдер енді, Дорианды көрсе болды, үрейден зәрелері қалмай, жерге кірердей болып бозарып кететін. Осының бәріне қарамастан, Дориан Грей туралы күңгірт сөздер оның болмысын биіктетіп, әрі өзгелердің көз алдында жұмбақ жан қыла түсті. Оның үстіне, Дорианның шыққан тегі мен атадан қалған асқан дәулетінің арқасында ештеңеден қорықпауға да болатын. Қоғам, әсіресе өркениетті қоғам, бай да бақуатты, әрі жағымды адамдарды қаралайтын сөздерге аса мән бере қоймайды. Мұндай қоғамда, адамдар іштей, жақсылап берілген ұстамды тәрбиенің кез келген қайырымды істерден де артық тұратынын анық түйсінеді. Және де мұндай қоғамда жақсы аспазшысы бар бақуатты адам, бойында қаншама асыл қасиеті болса да жай адамнан бағалырақ. Бұл дұрыс емей немене, бір жағынан, егер сізді үй иесі қанша абзал жан болса да, қонағасын нашар берсе, алдыңғысы естен шығады. Бірде, осы туралы пікірталас жүргенде, лорд Генри: "Егер сіздің қарныңыз тоймаса, үй иесінің жасаған қандайда бір жақсылық ісі түкке тұрғысыз боп қала бермек". Әрине, бұған қарсы не түрлі пікір білдіріп, шексіз таласуға болады. Дегенмен, озін орнықты қоғам деп санайтын жерде бір нәрсе анық, ол өнерде де сақталатын кәдуілгі, бәріне белгілі заңдылық: пішін қашанда маңызға ие. Ол адам санасын жаулап алардай, әрі театрға тән белгілер болуы қажет, ол жалған романтикалық пьесалар оятатын сезімдерді оята алуы қажет, тартымды әрі көз қарықтырар болуы керек. Ал өмірдегі осы көзбояушылық үлкен күнә ма өзі? Олай емес болуы әбден мүмкін. Бұнсыз адамның болмысы мына өмірде мүлдем қарабайырланып, қызықсыз қалар еді. Бұнсыз адам баласының көңілі ауланар ма? Міне, Дориан Грейдің өзі осындай ойда болатын. Оны қоғамдағы өзін жақсы адаммын деп санайтындардың санатындағылардың таным көкжиегінің тым тарлығы таңғалдыратын. Дориан адам атты тіршілік иесінің бойынан өмірдің бүлкілдеген соғысын, сезімдер талпынысы мен соқтығыстарын көретін, әрі осының бәрінің өлшемі болып табылатын күрделі құрылған сан қырлы тіршілік иесі ретінде қабылдайтын. Оның бойында мың құбылған ойлар толқыны мен от-жалын сезімдер, ата-бабасының қанынан келген түрлі қасиеттер тоғысқан. Дориан өзінің қала сыртындағы үйінің суық та алакөлеңке портреттер галереясында, қабырғалардағы қандары өзінің тамырында бүлкілдеп жатқан ата-бабасының портреттеріне қарай жүріп серуендегенді ұнататын. Міне, Филипп Герберт. Ол жөнінде Френсис Осборн өзінің "Патшайым Елизавета мен патша Яковтың билік құрған жылдары туралы мемуарлар" кітабында: "Ұзаққа созылмаса да, сұлулығы таймай тұрған шағында, ол сарайдың сүйіктісі болатын" деп жазады. Дорианның өз өмірі де осы жас Герберттің өмірінің қайталамасы болуға жазылмады ма екен? Мүмкін қанмен ұрпақтан-ұрпаққа берілетін бір микроб бар шығар? Сол бір атасының ерте тайған сұлулығына деген реніші мұның да түйсігіне жазылған болар, сол бір күні Бэзил Холлуордтың шеберханасында сұмдық құштарлықпен айтылған сол бір сұмдық тілек мүмкін мұның ата-баба қанымен түйсігіне сіңгендігінен, мұның еркінен тыс айтылған болар? Міне, мына бір алтындатылған жіппен кестеленіп, өңірі гауһартаспен әшекейленген қызыл қамзолдағы атасы Энтони Шерард. Ұрпағына оның қандай қасиеті берілді екен? Мүмкін, кезінде Джованна Неополитанскаяның нақсүйері болған осы бір атасынан бір ұятсыз қылықтары қалған шығар мұраға? Мүмкін мұның істеген кейбір қылықтары, кезінде осы бір адамның жасай алмай арманда кеткен, орындалмаған тілектері бұл арқылы сыртқа шығып жатқан болар? Одан ары қарай түсі оңа бастаған картинадан Дорианға Елизавета Девере күлімдей қарап тұрды. Кестелі бас киім мен маржан тастармен әшекейленген корсаж, ұзын жеңді алқызыл көйлек. Оң қолында гүл, ал сол қолында эмальдан ақ және қызыл раушан гүлдер ойылған моншақ ұстапты. Жанындағы үстел үстінде мандолина мен алма тұр. Ал үшкір башмақтарының басында жасыл розетка гүлі қондырылыпты. Дориан бұл ерекше әйелдің өмірі туралы жақсы білетін, сонымен бірге оның нақсүйерлері туралы ел аузында қалған күдікті оқиғаларды да білетін. Мүмкін оның мінез-құлқының бірқатары бұның бойында бар шығар? Оның ұзын кірпікті қиылған көздері бұған қызыға қарап тұрғандай. Ал мына тұрған, басында қобыраған сәнді паригі бар атасы Джордж Уиллоубиден оған мұра боп не берілді екен? Келбеті қатал, кекесін күлкісі бар қараторы беті қатыгездікке тұнып тұр. Сүйекті келген, терісі сарғалдақтай солған саусақтарын жартылай кестелі жең жауып тұр, әрі қолы толған асыл тасты жүзіктер. Он сегізінші ғасырда өмір сүрген бұл сәнқой атасы кезінде лорд Феррастың досы болған. Ал тағы бір лорд атасы Бекингем, жастық жалыны оттай лаулап тұрған кезіндегі ханзада-регенттің жан жолдасы болды, тіпті ханзада есінен мүлдем айырылып, бәрін белінен басып, миссис Фицгербертпен құпия некелескенде де бірге болған. Қызыл күрең бұйра шашты, сұлу жүзді бұл атасы адамға батыл, әрі тура қарайды, қандай менмендік бар бұл тұрысында! Қандай от жалынды сезімдерді қалдырды екен бұған? Өз замандастары оны арсыз адамдардың қатарынан деп санаған екен. Ол Карлтон-Хаустағы ұлы жын-ойнақтардың жұлдызы болған деседі білетіндер. Ал кеудесінде орден жарқырайды... Оның жанында еріндері жұқа келген, жүзі бозарыңқы, үстіне қара көйлек киген әйелі тұр. "Оның да қаны менің тамырымда бүлкілдеп жатыр, қызық!" − деп ойлады Дориан. Міне, анасының суреті. Леди Гамильтоның келбеті бар, еріндері жаңа ғана қызыл шарапқа батырылғандай алқызыл... Одан өзіне мұраға не қалғанын Дориан жақсы біледі: сұлулығы мен өзгелердің бойындағы сұлулықты есі кете сүю қасиетін. Суретші оны вакханка түрінде бейнелеген портреттен бұған күлімдей қарайды. Төгілген шашында жүзім жапырақтары. Қолына ұстаған тостақтан сылдырап су төгіліп жатыр. Картинаның бояуы оңып бара жатқанымен, тұңғиық көздеріндегі от өшпепті. Дориан осы бір мөлдір көздердің қайда барса да жадынан кетпейтінін білетін. Ал адамдардың аталары тек тегінде ғана емес, әдебиетте де болады. Міне, осындай кейіпкерлердің көбісінің мінез-құлқы жағынан оған аталарынан әлдеқайда жақын, әрі әсері де күштірек. Кейде, адамзаттың бар тарихы, тек бар болғаны Дорианның өз өмір тарихы сынды болып қана көрінетін кездер де болады. Ол бұл өмірін шын мәнінде емес, ойша кешетін. Оның миының болмысы осындай дүниелерге әуес-тін. Оған әлем әдебиетіндегі күнәні сүйкімді еткен, жауыздықты жанға қалаулы еткен барлық жауыз кейіпкерлердің жан сезімі түсінікті әрі жанына жақын болатын. Олардың өмірі бұның өмірімен қандайда бір көзге көрінбес жіппен байластырылған сынды. Дориан жанынан үнемі тастамай оқитын сол бір кітаптың кейіпкерінің де жаны осындай дүниелерге жақын болатын. Жетінші тарауда ол Тиберия кейпінде, басына лавр гүлдестесін киіп, Капри бағында отырып алып Элефантиданың ұятсыз кітаптарын оқығаны жөнінде жазады. Ол атқорада маңдайына гауһартас жапсырылған өзінің атымен бір науадан тамақ ішкен Калигула да болады. Ол мәрмәр тастармен безендірілген дәліздерде жанарының оты өшіп, өмірге деген құштарлығын жоғалтқан, өзіне өлім сыйлайтын қанжар іздеп шарқ ұрған, санасы өмірден жалығу деп аталатын ауыр науқасқа шалдыққан Домициан да бұның миында өмір сүретін. Циркке барған кезінде, қызыл шыны арқылы аренадағы қан-қызыл суретке рақаттана қарайтын. Ол бет-аузын ал қызылмен бояп алып, әйелдермен бірге ұршық иіре отырып, Карфагеннен Ай құдай анасын Күнмен некеге тұрғызу үшін алып келуді бұйырған Гелиобалға да жақын-тын. Осы бір қиял-ғажайып тарауды Дориан қайта-қайта үздіксіз оқитын. Содан кейінгі көп оқитыны, әрі сүйіктісі асып-тасқандық, Қара ойлылық, Қанқұмарлық бастарын әбден айналдырып алғаннан жүздері адамкөргісіз құбыжыққа айналған тұлғалар шебер бейнеленген гобеллен мен мінсіз эмаль жұмыстары туралы тараулары еді. Миланский герцогі Филиппе өз әйелін өлтіріп, нақсүйері оның ернінен сүйгенде өліп кетуі үшін, оның еріндеріне у жағады. Екінші Павел деген атпен даңқы шыққан венециялық Пьетро Барби сұмдық қылмыстарының арқасында аты шыққан-тын. Адамдарды итпен қуып өлтіретін әдеті болған Мария Висконти өлгенде, оның денесін алқызыл раушанмен жапқан. Оз туысын өлтірген Чезаре Борджия − көзі тірісінде атақ-даңққа бөленген адамдардың бірі. Жас кардинал, Флоренцияның архиепископы, Төртінші Папа Сиксттің сүйікті ұлы Пьетро Риарио өмірде қаншалықты асқан сұлу болса, бұзықтығы да соншалықты болған адамдардың бірі. Ол Леонора Арагонскаяны өзінің нимфалар мен кентаврлардың бейнелерімен әшекейленген ақ жібек шатырында қабылдап, тойда Ганимед пен Гиласты ойнайтын жас баланы алтындатқан. Қайғы-қасіретінен тек қанның түсі ғана айықтыратын Эззелино, есін тек өлімді көргенде ғана жиятын халде болған. Аңыз бойынша ол Ібілістің ұлы болған дейді, әрі өз жанын қойып әкесімен бәске ойнап, алдап ұтқан. Джамбатисто Чибо, нағыз күнәкардың өзі, қалжыңдап өзін күнәдан пәк деп атаған. Кезінде иудей емші оның тамырларына үш жас жігіттің қанын құйған екен. Изоттаның нақсүйері, Риминидің тең патшасы, Поликсенаны қылқындырып өлтірген, Джиневре Дестені улаған, өзінің құдайына сиыну үшін храм тұрғызған Сиджизмондо Малатеста ше. Өз бауырының әйелін сүйген Карл Алтыншыны қалай айтпайсың. Ең соңында, үлде мен бүлдеге оранып киінетін, теңдессіз бұйра шаштарын алмаздар әшекейлеп тұратын шляпасы көлегейлеп тұратын, Асторрені өлтірген Грифонетто Бальониді де ұмыта алмайсың. Ол Мимонетто мен оның жолдасын да қан құстырды, бірақ осының бәріне қарамастан, Сары Алаңда өліп бара жатқанда нұрлы жүзінен күннің өзі ұялатын сұлулығынан есі танған адамдар оны қайғыра жоқтады, тіпті қарғыс жаудырған Атлантаның өзі оны кешірді емес пе. Олардың бәрінің бойында бір тартымды күш болды. Олар Дорианның түнде түсіне кіріп, күндіз ойынан шықпайтын. Иә, Қайта Өрлеу дәуірі адам санасын жаулап алудың түрлі тәсілін білді. Ондағы бір ғана маздап жанған от пен дулығаның өзі неге тұрады, немесе кестеленген қолғап пен қымбат желпуіштермен − ақ талай сырдың басы қайырылатын, ол дәуірден бізге алтындатылған дүниелер мен янтарлы моншақтар да қалды. Ал Дорианның санасын анау бір кітап жаулап алды. Сол уақытта Дориан Зұлымдық дегенді Сұлулықтың бір келбеті деп ұқты.

XІІ

Бұл қарашаның тоғызы күні (бұл үнемі Дорианның есінде болатын), Дорианның отыз сегізінші туған күнінің қарсаңында болды. Сағат он бірлердің шамасында, лорд Генридің үйінде кешкі тамаққа қалған Дориан үйге қайтып келе жатқан болатын. Түн ызғарлы әрі тұман қалың еді, Дориан сырт киімінің жағасын тек көзі ғана көрінетіндей етіп көтеріп, жаяу келе жатқан – тын. Говернор-стрит пен Сауз Одлистриттің қиылысында түнектен бір адамның сұлбасы көрінді, қолында саквояжы бар, асығыс еді. Оның сүр пальтосының жағасы көтерулі екен, бірақ Дориан Бэзил Холлуордты таныды. Неге екені белгісіз, бірақ бойын кенет үрей билеп кетті. Оны байқамағансып, жүрісін бәсеңдетпей ары қарай өтіп кетпекке тырысты. Бірақ Холлуорд оны байқап үлгерді. Дориан оның тоқтап, кері бұрылып, қуып жету үшін соңынан асыға басқан қадамдарын естіп келеді. Бірер сәттен соң, Бэзилдің қолы мұның иығына тиді. − Дориан! Қандай сәтті жолығыс! Мен сізді кітапханаңызда сағат тоғыздан бері күтіп отырдым. Сосын, сіздің әбден шаршаған лакейіңізді ұйықтауға баруын өтініп, шығып кеткен едім. Сізді күтуімнің себебі, мен бүгін сағат он екінің пойызымен Парижге жол жүрмекпін, бірақ кетер алдында сізбен сөйлесіп кетейін деген ем. Сіз жанымнан өте шыққанда, сырт киіміңізден тани кеттім. Ал сіз мені танымадыңыз ба? − Мұндай тұманда ма, қымбаттым менің? Мен тіпті өзім көзімді ашқалы тұрып келе жатқан көшемді танымай қала жаздадым. Үйімнің осы бір маңда екенін шамалап келе жатқан болатынмын... Сіздің кетіп бара жатқаныңыз өте өкінішті, кездеспегелі де көп уақыт өтіпті. Тез арада қайтып келерсіз? − Жоқ, мен жарты жылдай шетелде бола тұрам. Парижде шеберхана жалдап, сонда біраз жұмыс жасаймын. Онда ойыма алған бір үлкен жұмысты аяқтауым керек. Бірақ, мұнда, әрине өз жұмыстарым жөнінде сөйлесуге келгенім жоқ. Міне, сіздің аулаңызға да келіп жеттік. Кіріп шығуға рұқсат етесіз бе! − Әрине, келгеніңізге қуаныштымын. Бірақ, пойызға кешігіп қалмайсыз ба? − деді Дориан, салқын ғана, табалдырықпен көтеріліп, есікті өз кілтімен ашып жатып.

Тұманнан саумалап төгілген көше шамының жарығына сағатын тосқан Холлуорд: − О, менде әлі уақыт жетеді, − деді. Пойыз он екіден жиырма бес кеткенде қозғалады, қазір әлі он бір болған жоқ. Сізбен кездесіп қалмағанда мен бәрібір клубқа кетіп бара жатқан болатынмын, мүмкін сонда жолықтырармын деп ойлағам. Артық-ауыс жүгім де жоқ. Бәрін алдын-ала жіберіп қойғанмын. Өзіммен мына саквояжды ғана алдым, сондықтан Викторияға жиырма минутта жетіп баруға болады.

Дориан оған күлімдей қарады. − А, атақты суретші осылай саяхаттайды екен ғой! Бір ғана қол сөмке мен жұқа пальтодан өзге ештеңе керек емес! Онда тезірек кіріңіз, әйтпесе тұман үйді де басып алар. Сосын, бір сұрарым, ауыр әңгімелер айтпай-ақ қояйықшы. Біздің заманымызда бас қатырып айтуға тұратын ештеңе де жоқ. Меніңше, олар тіпті болмайды да. Холлуорд тек басын шайқады да, Дорианның соңын ала кітапханаға өтті. Каминде от жанып, шырақтардың барлығы жарқырап тұр екен, әрі арақ-шарап салатын қуысы бар үстел үстінде түрлі сусындар мен биік бокалдар қойылыпты. − Көрдіңіз бе, сіздің қызметшіңіз барын сап күтті. Не керектің бәрін әкелді, тіпті сіздің ең тамаша папиростарыңызды да ұсынды. Ол өте қонақжай екен, маған бұрынғы француз камердинеріңізден гөрі осы ұнады. Айтпақшы, ол өзі қайда кетті?

Дориан иығын көтерді. − Қызметші әйел леди Редлиге үйленіп, Парижге кетті ғой деймін, онда ағылшын тігіншісі деген атпен жұмыс істейді деген. Онда қазір ағылшындарға ұқсап бағу сәнге айналыпты ғой. Барынша ақымақ ағым, солай емес пе?.. Ал Викторға келсек, сөз жоқ, өте жақсы қызметшім болды, айтар ештеңе жоқ. Ол маған өте берілген еді, әрі жұмыстан шығарғанда қатты қайғырды. Бірақ, мен оны жақсы көріп кете алмадым... Білесіз бе, кейде басыңа неше түрлі ой келеді... Сода қосылған тағы бір бокал брендиге қалайсыз? Әлде сізге сельтер қосқан рейн шарабы ма? Мен үнемі рейн шарабын ішем. Көрші бөлмеде тағы бір бөтелкесі табылып қалар. − Рахмет, енді ештеңе ішпей-ақ қояйын. − Ол пальтосы мен шляпасын шешіп, алдында бұрышқа қойған саквояжының үстіне қойды. Сонымен, қымбатты Дориан, сізбен қаламасаңыз да күрделі тақырыпқа сөйлесуге келдім. Бұлай қабағыңызды түймеңіз, өтінем, өзіме де оңай тиіп тұрған жоқ. − Ал не боп қалды? − деді Дориан диванға гүрс етіп отырып жатып, шыдамы таусылған кейіппен. − Әңгіме мен туралы емес шығар, әйтеуір? Бүгін сілем әбден қатты, құлағалы тұрмын. − Жоқ, әңгіме сіз туралы болады, − деді дауысы қатқыл шыққан Холлуорд. − Бұнсыз болмайды. Бар болғаны жарты сағат уақытыңызды ғана аламын. − Жарты сағат! − деді Дориан бұртиып. Сөйтті де күрсініп алып, папирос тартуға көшті. − Бұл көп уақыт емес, Дориан, бұл әңгіме сіз үшін болайын деп тұр. Меніңше, сіз туралы Лондонда қандай сұмдық әңгімелер айтылып жүргенін білуіңіз керек. − Ал мен ол туралы білгім де келмейді. Өзгелер жөнінде тыңдағанды ұнатам, бірақ өзім жайлы емес. Онда айта қоярлықтай ештеңе жоқ. − Бірақ, біліп жүруіңіз керек, Дориан. Әрбір ақ адал адам, өзінің қоғамдағы бет-бейнесі туралы ойлануы керек. Сізді адамдар арсыз әрі жүгенсіз кеткен деп ойлағанын өзіңіз де қаламайсыз ғой? Әрине, сіз бақуатты әрі текті әулеттенсіз. Бірақ, байлық пен тек бар дүниенің орнын баса алмайды. Түсініңіз мені, ол сөздерге сеніп жүрген мен жоқ. Нақтырақ айтқанда, сіздің жүзіңізді көргенде, олардың айтып жүргендері шындыққа жанасады дегеніне еш сенгім келмейді. Өйткені жаман істің ізі міндетті түрде адам келбетіне тайға таңба басқандай дақ салады. Оны жасыру мүмкін емес. Бізде кейде құпия "қылмыс" деп жатады, бірақ қылмыс құпияланып қала алмақ емес. Оның ізі еріндерден, ауыр тартқан қабақтан, қолдың мүсінінен де көрініс береді. Өткен жылы, бір адам, сіз оны білесіз, атын атамай-ақ қояйын, өзінің портретін жаздыруға тапсырыс берді. Оны бұрын кездестірмеп едім, әрі ол туралы ешкімнен ештеңе естіген де емен. Бірақ кейінірек ол жөнінде білгенімді айтқым да келмейді. Ол маған портреті үшін өте үлкен сома ұсынды, бірақ мен жазудан бас тарттым, өйткені оның қолының пішіні маған ұнамады. Қазір қателеспегенімді білемін, ішкі түйсігім мені алдамапты, ол адамның өмір тарихы сұмдық істерге толы екен. Бірақ, сіз, Дориан... Сіздің ақ адал ашық-жарқын жүзіңізге қарап, айтылып жүргендердің бәрі суық сөз екеніне күмән келтіре алмаймын, содан да сене алмаймын. Бірақ, сіз қазір менің шеберханама бас сұқпайсыз, алыстап кеттіңіз, содан да, сіз жөнінде бір сұм сөздерді естіп қалсам, не айтарымды білмей есім шығып қалатын кездерім көп. Түсіндіріңізші, Дориан, герцог Бервикский сынды азамат, сізді көргенде жақтырмай неге бөлмеден шығып кетеді? Неліктен Лондонның көптеген абыройлы адамдары сіздің үйіңізге кірмейді, әрі сізді де шақырмайды? Сіз лорд Стейвлимен айырылмас дос сынды едіңіздер. Өткен аптада біз онымен қонақасыда кездесіп қалдық... Үстел басында сіздің есіміңіз айтылып қалып еді, бетін тыржитып, мүмкін сіз өнертануда өте мықты шығарсыз, бірақ өте қорқынышты адамсыз, әрі сізбен бірде-бір қыз баланы таныстыруға болмайды, ал оз абыройын ойлаған әйел баласы сіздің жаныңыздан көрінбеуі керек дегенді айтты. Мен оған сіздің маған дос екеніңізді айтып, есіне түсіріп қойдым, содан соң, айтқандарына жауап беруін өтіндім. Сонда ол маған айтты. Бәрінің көзінше, тура айтты! Бұл сұмдық болды! Сізбен достық жас жігіттерге неліктен қымбатқа түседі? Сол жап-жас жігіт, өзі гвардияшы болатын, жақын арада өз-өзіне қол салыпты. О л сіздің жан досыңыз болмап па еді. Генри Эштонмен де айырылмас дос едіңіздер, ол өз атына кір келтіргені сонша, Англияны тастап кетуіне тура келді... Ал Адриан Синглтон адам санатынан неге қалды? Лорд Кенттің жалғыз ұлы тіпті бұзылып кетті деп естідім. Кеше әкесін Сент − Джеймс стриттен кездестірдім. Ұлының қайғысынан шөгіп кетіпті. Ал жас герцог Пертский ше? Қандай жолға түсіп кеткен! Есі бар адам енді онымен тілдесуге де арланады емес пе? − Жетер, Бэзил! Білмейтін нәрселеріңіз туралы айтпаңыз! − деп бөліп жіберді еріндерін тістелеп, әрең шыдап отырған Дориан Грей. Дауысынан ішін өртеген ашу мен жеккөрініш сезілді. − Мен кіргенде, Бервик бөлмеден неге шығып кетеді дейсіз бе? Өйткені ол мен туралы емес, мен ол туралы бар шындықты білем. Қаны онсыз да бұзылған адамның өмірі қалай кіршіксіз болмақ? Сіз Генри Эштон мен жас герцог Пертскийдің істеп жүрген қылықтарына мені кінәлі деп тұрсыз ғой? Эштонның маңдайына жазылғанға, әрі герцогтың өзі қалағанын істеуіне мен кінәлімін бе? Егер әлгі, Генгтің ақымақ ұлы, жезөкшеге оз қалауымен үйленсе, оған менің қандай қатысым бар? Біреудің қолын өтірік қоям деп ұрынып жүрген Адриан Синглтонның ісіне мен не істей алар ем? Әлде мен олардың қараушысы ма ем? Англияда өсек айтқанды қалай жақсы көретінін мен білемін. Надандар үстел басында жиналып алып аузы-мұрнынан шыға тойып алған соң, өздері кеше ғана күлімдеп сөйлесетін таныстарын сәті түссе жамандап қалудан еш тайынбайтындар өңкей, әрі қоғамның "бұзылғаны", оны "түзету" жөнінде көйігенді жандары жақсы көретін, өздерін жоғарғы ортаның мүшелеріміз деп есептеп алғандардың айтатынын тыңдағым да келмейді. Біздің елімізде адам өз ақылымен, күшімен бірдеңеге қолы жете қалса, қызғаныштан іштері күйіп, артынан сөз ертуге дайын тұрады. Ал өзін жақсы көрсеткісі келіп, өтірік мақтанатындар туралы не айтуға болады, өздеріне неге қарап алмайды? Қымбаттым менің, сіз біздің екіжүзділер елінде тұрып жатқанымызды ұмытып барасыз. − Аһ, Дориан, мәселе бұнда емес! − деді Холлуорд жаны шыға. − Білем, Англияда бәрі ойдағыдай емес, әрі жоғары орта деп жүргеннің өзі оңып тұрған жоқ екенін де білемін. Сол үшін де, сіздің олардан жоғары болғаныңызды қалаймын. Ал сіз олардан қарғып өте алмапсыз. Біз біреуді оның өзгелерге көрсеткен үлгісіне қарап сынауға хақылымыз деп ойлаймын. Ал сіздің достарыңыздың бәрі оз арларынан бас тартқандар болып шықты ғой. Сіз оларға көзсіз, жабайы, әрі қарадүрсін сезімдерінің жетегіне кетуді үйреттіңіз. Олар ақырында тұтылды. Сіз оларды жардан итеріп жібердіңіз ғой! Иә, сіз оларды аяусыз итеріп жібердіңіз, енді келіп ештеңе болмағандай күлімдеп отырсыз. Мен одан да нашар дүниелер естідім. Білем, сіздер Гарримен айырылмас доссыздар. Ең болмағанда, соның үшін де оның апайының атын аяққа таптауға болмайтын еді ғой. Өсек пен күлкіге қалдырмасаңыз болатын еді ғой.

− Болды, жетер, Бэзил! Сіз тым алысқа кеттіңіз! − Мен бәрін айтуым керек, әрі сіз мені аяғына дейін тыңдайтын боласыз. Иә, тыңдайтын боласыз! Леди Гвендолен сізбен танысқанға дейін, ол туралы жаман нәрсе айтпақ тұрмақ, ешкім ештеңе деп ойлауға құқы жоқ болатын. Ал қазір?.. Лондондағы есі дұрыс бірде-бір әйел енді онымен тіпті саябаққа шығудан да қорқады. Тіпті балаларын да тартып алды одан... Білетіндерім бұнымен әлі біткен жоқ. Тағы да неше түрлі сұмдықтар бар, мысалы, сізді жаман-жұтық киініп алып, адам бармас лас аудандарға барып, таң атқанша ойыңызға келгенді істеп, рауан бере үйге қайтатыныңызды көргендер бар. Шынымен де сол ақиқат па? Мен алғаш естігенде, қарқылдап күлгенім бар. Бірақ мен бір емес, екі емес, үнемі еститін болдым. Естіген сайын денем тітіркенеді. Ал сіздің қала сыртындағы үйіңізде не болып жатқаны туралы айтудың өзі тіпті қорқынышты дейді. Дориан, сіз туралы не демейтінін білсеңіз ғой! Сіз мені адасқанды жөнге салуға құштар, адалсымақ адам дерсіз, солай десеңіз солай-ақ ойлай беріңіз! Гарридің үнемі қайталайтын молданың істегенін істеме, айтқанын істе дейтін мақалы есімде. Иә, мені дәл солай қабылдап отырғаныңызға көзім анық жетеді. Қалай десе де, сізден жауап сұраймын! Адамдар сізді құрметтейтіндей өмір сүргеніңізді қалаймын. Сіздің ақ-адалдығыңызды мен ғана емес, елдің бәрі білгенін қалаймын және солай айтқанын қалаймын. Неше түрлі нәрсемен шұғылданып, кірісіп жүргеніңізді қаламаймын. Сізге бәрібірдей иығыңызды көтеріп, бейжай кейіп танытпаңыз! Сіздің бойыңызда адамға эсер ете алатын тамаша қасиет бар, оның адамды бұзатын емес, оңалтатын болғанын қалаймын. Сіз адамды ұятқа қалдырып, атын былғайды деп естідім. Аяқ аттаған үйіңізге бақытсыздық әкеледі деп естідім. Білмеймін, шын ба, әлде өтірік пе, қалай біле аламын? Бірақ, осылай айтылып жүргені рас. Естігендерімнің арасында тіпті сенудің өзі ұят нәрселер бар. Университетте бірге оқыған ескі досым Лорд Глостер, маған өлерде әйелі жазып қалдырған хатты корсетті. Бұл сұмдық арылу, мұндайды құлақ естіп, көз көрген емес. Оның кінәлайтын адамы-сізсіз. Мен Глостерге сізді білетінімді, мұндай пасық істерге сіздің баруыңыз мүмкін еместігіңізді айттым. Ал, шындығына келгенде, мен сізді білемін бе осы? Осы күнде осылай сұрақ қоюға да жеттім. Бірақ, оған жауап беру үшін сіздің жандүниеңізді көруім керек болды... − Менің жанымды көру! − деді ақырын ғана Дориан, сөйтті де, бойын билеген үрейден бозарып кетті. − Иә, − деді Холлуорд қамыға. − Сіздің жаныңызды көргім келеді. Бірақ бұл тек бір Құдайдың қолында ғана.

Кенет Дориан қарқылдап күліп жіберді. − Сіздің де қолыңыздан келеді бұл. Бүгін, дәп қазір, оны өз көзіңізбен көресіз! − деп айқайлап жіберді де, үстелден шамды жұлып алды. − Жүріңіз, оз қолыңызбен істеген сіз болатынсыз, неге оз көзіңізбен көрмеске? Содан соң кімге барып айтсаңыз да еркіңіз білсін. Ешкім сізге сенбейтін де болады. Сенген күнде де, бұдан менің даңқым аспаса кемімейді. Біздің дәуіріміздің сана-сезімін, ол жөнінде қанша сыр тартып, сөз саптасаңыз да, мен сізден гөрі жақсы білемін. Жүр, жүрсеңізші! Ар-ұяттан безгендік туралы пәлсапа соққаныңыз жетер, енді оның нақ қандай болатынын көзіңізбен көретін кез келді! Әрбір сөзінде бір астамшылық сезілді. Аяғын тепсініп, жас балаша терісіне сыймай ашуға берілді. Өзінің иығынан басып тұрған осы бір ауыр құпияның салмағын енді біреумен, біреуі болғанда, осының бәріне ең кінәлі адамның өзімен бөлісетінін ойлағанда оны жек көре қуанды. Енді ол да тынышсыз түндерде үйықтай алмай, істегені үшін өкінетін болады. − Иә, иә, − деді ол тоқтамастан, Холлуордтың жанына жетіп келіп, − терең де қатал көзіне тіке қарап. − Мен сізге жанымның түрін көрсетем қазір. Сіз, өзіңіз айтпақшы, тек Құдай ғана көре алатын дүниені көресіз.

Холлуорд дір ете түсті де бір қадам артқа шегінді. − Бұл нағыз надандық, Дориан, бұлай сөйлемеңіз, тіліңізді тартыңыз! Қандай сұмдық сөздерді айтып тұрғаныңызды білесіз бе!

− Сіз солай ойлайды екенсіз ғой? − деді де қарқылдап кеп берді. − Әрине! Ал бүгін айтқандарымның бәрі сізді аяғанымнан. Сізге берілген жан досыңыз екенімді өзіңіз де білесіз ғой.

− Маған тиіспеңіз! Тағы не айтуға келіп едіңіз, айтып бітіріңіз бәрін. Суретшінің бет әлпеті науқас адамдай өзгеріп кетті. Бір сәтке ол Дорианды аяп, үнсіз қалды. Шындығына келдік дегеннің өзінде, Дорианның өміріне араласуға қақысы бар ма өзінің? Тіпті естігендерінің оннан бір бөлігі рас болған күннің өзінде, жаны сондай ауырып тұрған болар! Холлуорд каминге жақындап, жанып жатқан отқа қарап ұзақ тұрды. От тілі ағаш күлін көкке ұшыра, ойнақылана, жоғарыға қарай сумаңдай ұмтылады.

− Мен күтіп тұрмын, Бэзил, − деді әр сөзін қадап, сыздап.
Суретші кері бұрылды.

− Мен сізге бір нәрсені анық айтам: сіз менің сұрағыма жауап беруіңіз керек. Егер осы айтылып жүргендердің бәрі өтірік десеңіз, мен оған сенуге дайынмын. Осыны айтыңызшы, Дориан! Жанымның қалай сыздап тұрғанын көрмейсіз бе? Құдайым-ай! Мен сіздің бұзылған, ұятсыз, құрдымға кеткен адам екеніңізге сенгім келмейді!

Дориан Грей жек көрінішке толы кекесінмен мырс етті. − Жүріңіз, менімен бірге жоғары көтеріліңіз, Бэзил, − деді ол ақырын әрі асықпастан. − Мен күнделік жазамын. Онда әрбір күнімнің әр сәті бар. Бірақ, бір ғана, оны мен жазылып жатқан бөлмеден алып шықпаймын. Егер менімен жүрсеңіз, көрсетемін. − Жақсы, жүріңіз, Дориан, егер осыны қаласаңыз, жүріңіз. Мен ендігі бәрібір пойыздан қалып қойдым. Ештеңе емес, ертеңгісімен кетермін. Бірақ, күнделікті бүгін оқытуға тырыспаңыз. Маған тек тура жауап берсеңіз болғаны. − Сіз бар жауапты жоғарыдан табасыз. Мұнда ештеңе деу мүмкін емес. Оны оқу көп уақыт алмайды.

XІІІ

Дориан бөлмеден шықты да баспалдақпен жоғары қарай бет алды, Бэзил Холлуорд болса соңынан ерді. Екеуі де ешкімнің мазасын алмайық дегендей, аяқтарын санап басады. Шам жарығы қабырғаға қисық-кисық бейнелерін салды. Желден бос бекітілген кейбір терезе әйнектері сытырлап кетті. Ең жоғарғы қабаттың дәлізінде Дориан шамды жерге қойды да, жанқалтасынан кілт алып сағасына тықты. − Сізге міндетті түрде жауап беру керек пе, Бэзил? − деді ол дауысын әрең шығара.

− Иә. − Жақсы. − Дориан күлді де, енді қатаң дауыспен мынаны айтты: − Бэзил, сіз менің өмірімдегі бар нәрсені білуге хақысы бар жалғыз адамсыз. Менің өмірім үшін қандай маңызды іс атқарғаныңызды өзіңіз де әлі білмейсіз, Бэзил. Шамды көтерді де, есікті ашып, ішке кірді. Одан суық жел бұрқ еге түсті де, шамның оты шалқып кетті. Дорианның денесі безгек ұстағандай дірілге басты. − Есікті жабыңыз! − деді ол Холлуордқа сыбырлап қана, сөйтті де шамды үстелге қойды. Холлуорд бөлменің ішіне таңдана көз жүгіртіп шықты. Көп жылдардан бері адам баласы тұрмағаны көрініп тұр. Кемірілген фламандтық гобеллен, беті жабылған картина сынды бірдеңе, көне италия сандығы, бос қалған кітап сөресі, үстел мен орындықтан өзге ештеңе жоқ. Дориан камин үстіндегі майшам қалдығын тұтатып жатқанда, Холлуорд мұндағы дүниенің барын шаң басқанын, кілемнің жыртық-жыртық екенін көріп үлгерді. Қабырға бойымен жып етіп тышқан жүгіріп өтті. Ауадан бар бөлмені әбден жайлап алған көгерген иіс шығады. − Демек, сізше, тек Құдай ғана адам баласының жанын көре алады ғой, солай ма, Бэзил? Онда мына жабындыны алыңыз, сонда сіз менің жанымды көресіз.

Дауысында жанын жеген қайғы бар. − Сіз есіңізден адасқан шығарсыз, Дориан. Немесе ойнап тұрған боларсыз, − деп бұрқ етті Холлуорд, қабағын түйген қалпы. − Қаламай қалдыңыз ба? Онда өзім көрсетейін. − Сөйтті де Дориан темірге ілініп тұрған картина бетіндегі жапқышты жұлып қалды да жерге лақтырып жіберді. Шамның алакөлеңке жарығында картинадағы адам көргісіз сұмдық бейнені көзі шалып үлгерген суретшінің жан дауысы шығып кетті. Бұл бейнеде адамның жүрегін айнытар, жүрегін дір еткізіп, бойына үрей ұялатар бір көрініс бар еді. О, Құдайым-ау, мынау Дориан ғой! Келбетіндегі өзгерістерге қарамастан, оның туа біткен сұлулығын түгел өшіре алмапты. Түсіп қалған шаштарының алтыны кете қоймапты, сезімтал еріндері қисайса да қызылы қалыпты. Алқаштың өлімсіреген өлексе көздерінде бұрынғы көгілдір тұнықтың іздері бар. Алма мойын мен бет-әлпеті келісті... Иә, мына адам Дориан. Бірақ осынша сұрықсыз күйде кім жазған? Бэзил өз жұмысын шырамытып тұр, ернеуі де, сол баяғыда өзі арнайы тапсырыспен жасатқаны есінде. Бір сұмдықты іші сезіп қалды. Маздап тұрған майшамды жұлып алып портретке жақын келді. Сол жақ бұрышында қызыл бояумен салынған сүйрік әріптермен жазылған қолтаңба көзіне оттай басылды. Бірақ, мынау жексұрын карикатура, нағыз сайқымазақ, оңбағандық! Мұндайды ешқашан Холлуорд жазып көрген емес... Қалай десе де ашу алқымынан алса да, көз алдында тұрған оның өзі салған портрет еді. Ол оны таныды, сол сәтте тұла-бойы мұздай боп суып кетті. Оның картинасы! Бұл ненің белгісі? Ол неге бұлай өзгерген? Холлуорд Дорианға есі кетіп қарады. Еріндері дірілдеп, тілге келе алмады. Маңдайын сүртуге тырысып бағып еді, жабысқақ суық терді сезді. Дориан болса басын камин сөресіне тұқыртқан күйінде, оның іс-қимылын, бейне театрда болып жатқан ұлы әртістің ойынын бақылап отырғандай бағып тұр. Әлпетінде қуаныш та, қайғы да жоқ, тек қызығушылық қана бар. Тіпті, көзінде бір қуаныш оты жарқ ете қалды десе де болады. Ол жағасына қадалған гүлді жұлып алды да иіскеп, немесе иіскеп тұрғандай кейіп танытты. − Бұл не? − деген дауыс шықты ақыры Холлуордтан. Өз дауысынан өзі де шошып кетті. Қатаң да қатты. − Осыдан көп жыл бұрын, мен әлі бала кезімде, − деді Дориан, қолындағы гүлді мыжып жіберіп, − мен сізбен кездестім, алғаш рет мені мақтап, маған сұлулығымды байқауды үйреттіңіз. Сосын, досыңызбен таныстырдыңыз, ол маған жастық шақтың қайталанбас сый екенін түсіндірді, ал сіз менің портретімді жаздыңыз, ол маған сұлулықтың ұлы күшіне көзімді ашты. Иә, сол сәтте, бар сезіміммен, қазір оған өкіну керек пе, жоқ па, білмеймін, бір тілек айтып едім... тіпті жалбарыну десе де болады... − Есімде! Ол менің жадымнан ешқашан кеткен емес! Бірақ, бұл мүмкін емес... Жо-жоқ, бұл сіздің қиялыңыз ғана. Портрет көк татыған бөлмеде тұр, содан да бұзылуы мүмкін. Мүмкін, мен жазған бояулардың құрамында кеміргіш бір минерал да болған шығар... Иә, иә! Ал сіздің айтып тұрғаныңыз мүмкін емес нәрсе. − Аһ, мына дүниеде мүмкін емес нәрсе бар ма өзі? − деп күбірледі Дориан, терезеге жақын келіп, терлеп кеткен суық әйнекке бетін тақап.

− Сіз маған портреттің көзін құрттым деп едіңіз ғой!
− Бұл жалған. Ол мені құртты.
− Бұның менің картинам екеніне сене алар емен.

− Өзіңіздің идеалыңызды танымай тұрсыз ба? − деді құсалана үн қатқан Дориан.

− Менің идеалым, қалай ғана бұлай дейсіз...
− Жоқ, мұны айтқан мен емес, өзіңіз болатынсыз!

− Не дермін! Онда бұлай болар деп ойлаппын ба, мұны кім көріп-білген. Мен сіздің өмірде енді қайталанбайтын күйіңізде көрдім, ол бейне ешқашан оралмайды. Ал мынау ібілістің бейнесі.

− Бұл менің жанымның бейнесі.
− Құдайым − ау, кімге басымды игем! Көздері оттай жанған ібіліске ме!..

− Бәріміздің жанымызда періште де, ібіліс те бар, Бэзил! − деп жауап айтты Дориан, кенет қаны басына шапшып.

Холлуорд портретке қайта бұрылып ұзақ қарады.

Өз өміріңізді арнаған істеріңіз осы екен ғой! О, Жасаған, егер осының бәрі өңімде болса, онда сіз анау адамдардың айтып жүргендерінен де сұмдық болып шықтыңыз! Ол майшамды портретке жақын әкеліп, мұқият қарай бастады. Картина сол күйінде, ешбір жанның қолы тимеген, өз қаламынан шыққан бойы сақталған. Сұм бұзылыс іштен шығып жатқан болуы керек. Оған әсер етуші күш осы бір портреттің адам санасына сыйғысыз, сенгісіз бір ішкі өмірімен байланысты сынды. Оба ауруы сынды, картинадағы бейнені обырып жеп барады. Бұның көрінісі молада шіріген адам денесінен де сұмдық. Холлуордтың қолдарының дірілдеп кеткені сонша, майшам ұшып түсіп жерге дөңгелеп кетті. Ол оны өкшесімен тез арада өшіре қойды да, басын ұстаған қалпы орындыққа отыра кетті. Бетін алақанымен жапты.

− Дориан, Дориан, бұл қандай сабақ, бұл бәрімізге сабақ болды!
Жауап қайтпады. Терезе жақтан үнсіз жылаған Дорианның өксігі ғана естіледі.

− Дұға оқыңыз, жалбарыныңыз, Дориан, кешірім сұраңыз! Балалық шағымызда үйрететін сол бір дұғаны оқыңыз! "Ібілістің тырнағынан, бәле жаладан сақтай гөр... Кеше гөр күнәларымызды... бойымызды тазарта гөр...". Бірге жалбарынайық! Асқандықтан айтылған жалбарыныс сөз құлағына шалынса, кешірім сұраған дұға да қабыл болады. Мен сізді тым мақтанға салдым, соным үшін тартқан азабым болмақ бұл. Сіз де өзіңізді Жасағаннан да артық сүйдіңіз. Осылар үшін маңдайымызға жазылған сор бұл.

Дориан жайлап Холлуордқа бұрылды, көзі жасқа шыланыпты.
− Жалынуға да кеш, Бэзил, − деді ол зорыға.

− Жоқ, ешқашан да кеш емес. Тізерлеп отырып, қандайда бір дұғаның сөздерін есімізге түсіріп көрелік... Қасиетті Кітаптың бір жерінде − "Күнәларың қандай қызыл болса да, қардай аппақ қылуға күшім жетеді" деп жазылғаны есімде.

− Бұлар мен үшін енді түкке де тұрмай қалды. − Олай демеңіз, бұлай деуге болмайды! Онсыз да күнәңыз көп. О, Жасаған, мына бір сұм портреттің онсыз да бізге кекесінмен көз қысып тұрғанын көрмейсіз бе? Дориан портретке көз салды, кенет бойын Бэзил Холлуордқа деген көзсіз бұла ашу қысты, бейне портреттегі Дориан бұған кекесін күлкісімен бірдеңені сыбырлап есіне түсіре қойғандай. Торға қамалған жындай көзіне қан толды, сол сәт үстел жанында отырған адамды ешкімді ешқашан жек көре алмағандай жек көрді. Алақ-жұлақ бөлмеге көз жүгіртіп өтті. Сандық үстінде бірдеңе жылт ете түсті. Есіне бірден түсті, бірнеше күн бұрын арқанды кесу үшін мұнда ол пышақты өзі әкеліп, ұмыт қалдырған-тын. Үстелді айналып өтті де, ақырын сандыққа жақындады. Холлуордтың арқасын ала тұрған ол пышақты іліп алды да кері бұрылды. Холлуорд қыбыр ете түсіп, орнынан тұруға ыңғайланғаны сол екен, Дориан жүгіріп кеп құлақ түбіндегі көктамырға пышақты ұрып жіберді, сөйтті де Холлуордтың басын үстелге тіреп алып пышақпен ұрғылауын тоқтатпады. Адам дауысы тұншыға әрі қанға қақалып қырылдап барып тоқтады. Қолдары ауаны тілгілей үш рет созылды, саусақтары қолына іліккенді тырнап алардай бүрісіп алыпты. Дориан тағы да екі рет пышақ салды... Холлуорд енді қыбыр етпеді. Еденге бірдеңе тамшылай бастады. Дориан өліктің басын үстелге тұқыртқан күйі бірер минут күтіп тұра тұрды. Сосын пышақты тастай салып, тың тыңдады. Айнала өлі тыныштық, тек түгі кеткен кілемге тырс-тырс тамған тамшылардың дыбысы ғана. Дориан есікті ашып, дәлізге шықты. Үй іші де мүлгіп тұр. Бәрі қалың ұйқыда екені анық. Бірнеше секундқа ол баспалдақ қанатынан асылып, қараңғы түңғиыққа көз тастап, бірдеңе-мірдеңе қозғалмай ма екен деп қарап тұрды. Сосын қалтасынан кілтті шығарып бөлмеге кірді де, есікті ішінен жауып алды. Өлік бүк түсе, басы үстелге сүйелген күйінде отыр. Оның алға ұмсынған қолдары көзге ұзарып кеткендей көрінді. Егер қарақұстағы жұлым-жұлымы шыққан жараның қарайып көрінген орны мен сыздықтап ағып жатқан қан болмаса, адам жай ғана көзі ілініп кетті дерсің. Бәрі қалай ғана көзді ашып-жұмғанша болды өзі! Дориан адам сенгісіз байсалды қалыпта еді. Терезені ашып, балконға шықты. Жел тұманды ысырып тастапты, аспан шайдай ашылып, жұлдыздар самсап тұр. Төменге көз салып еді, көше бойымен фонарын мүлгіп тұрған үйлердің есіктерінің алдына түсіріп полисмен кетіп бара жатыр екен. Бұрыштан кебтің жылт ете қалған жарығы көрінді де жоқ болды. Бір әйел мас, иығындағы жамылғысын жел желпіген күйінде көше бойлап барады. Арасында тоқтап, жан-жағына көз тастап алып, әнге басады. Сол уақыт полисмен жақын келіп бірдеңе деп еді, әлгі әйел қарқылдап алды да қисалаңдап ары қарай кетті. Жел күшейді. Көшедегі газ фонарлардың оттары алаулап, көгілдір түске боялды. Жалаңаш ағаштардың қап-қара бұтақтары сықыр-сықыр қозғалады. Бойы тоңазыған Дориан дір-дір етіп ішке енді де терезені жауып тастады. Есікке келіп ашты да өлікке қарамастан шығып кетті. Ендігі бұны ойламау керек екенін жақсы түсініп тұр. Қасіретті портретті жазған досы, өміріндегі бар қайғысына кінәлі адам бұның өмірінен кетті. Бары сол. Шығып бара жатып Дорианның есіне шам түсті. Бұл көне, сом күмістен соғылған, болатпен өрнектеліп, ірі бирюза тасы қойылған мавритандық жұмыс еді. Оның кітапханадан жоқ боп кетуін лакей байқап, сұрақ туындатуы мүмкін... Дориан батпай біраз тұрды, сосын кері қайтып үстелден шамды алды. Сол арада көзі еріксіз өлікке түсіп кетті. Қатып қалыпты! Қаны қашқан қолдары қандай қорқынышты! Бейне майдан жасалған мүсін сынды. Есікті кілттеп, Дориан мысықтабандап төменге түсті. Ара-арасында аяқ астындағы баспалдақтар жанына ауруы батқан адамша аһылап-уһілеп дыбыс шығарады. Сондай сәттерде Дориан қата қалып, тың тыңдайды... Жоқ, бәрі ұйқыда, бұл шығып жатқан аяқастындағы дыбыстар. Кітапханаға кіргенде бұрышта тұрған саквояж бен пальто көзіне түсе кетті. Оларды бір жерге тығу керек. Ол ішінде түнде ұрланып шығып жүргенде киетін киімдері бар қабырғадағы құпия қойманы ашып, кейінірек жағып жіберермін деген оймен Бэзилдің заттарын тастай салды. Сосын сағатына қарады. Сағат бірден қырық минут кетіпті. Ол отырып ойға кетті. Мұндай қылмыс үшін Англияда әр ай, жыл сайын қаншама адамды дарға асады. Бейне бұл жұқпалы ауру сынды. Мүмкін бүгін басты айналдырар қанды жұлдыз жерге жақын ұшып келген болар... Дегенмен, өзіне қарсы қандай айғақтар бар? Бэзил бұның үйінен сағат он бірде шығып кеткен. Оның қайтып оралғанын ешкім көрген жоқ. Барлық қызметшілер қазір Селбидегі үйде, ал камердинер болса ұйқыға жатып қалған... Париж!.. Иә, иә, барлығы Бэзилді он екідегі пойызбен Парижге кетті деп ойлайтын болады, солай қарай жиналғанын көбісі біледі. Ол өзі тым тұйық болатын, жақындары да сол мінезіне үйреніп кеткен, сондықтан оның жоғалып кеткенін анық түсінгенде, тым кеш болады. Айлар өтеді! Ал айғақтарды Дориан одан ертерек жойып жібереді. Кенет басына тың ой келе қалды. Тоны мен бас киімін киіп ол сыртқы дәлізге шықты. Полисменнің өтіп кетуін аңдып тұрды да, көше бұрылысынан көзден ғайып болғанда, сыртқа шықты. Есікті жапты. Содан соң қоңырауды шырылдатты. Бес минуттан соң ұйқысын аша алмай тұрған камердинер шықты. − Оятып жібергеніме кешіріңіз, Френсис, − деді Дориан, кіріп жатып. − Мен кілтімді ұмыт қалдырыппын. Сағат қанша болды? − Екіден он минут кетті, сэр, − деді көзін сығырайтып сағатына қараған қызметші. − О, сағат үшке кеткен бе? Кеш боп кетіпті ғой! Ертең мені тоғызда оят, ертеңгісін бір жұмысым бар.

− Түсіндім, сэр.
− Кешкісін біреу-міреу келді ме?

− Мистер Холлуорд келді, сэр. Он бірге дейін күтіп, кетіп қалды. Ол пойызға асығып отыр екен. − Солай ма? Кездесе алмағанымыз қандай өкінішті! Қандай да бір сәлемдеме айтқан жоқ па? − Ештеңе деген жоқ, сэр. Тек Парижден өзі хат жазып жіберетінін ғана айтты, егер, әрине сізді клубтан кездестірмесе.

− Жақсы, Френсис. Бірақ ертең тоғызда оятуды ұмытпаңыз.
− Ұмытпаймын, сэр.

Қызметші үй ішінде киетін аяқ киімін тарпаңдатып ары қарай кетіп қалды. Дориан сырт киімі мен шляпасын үстелге қоя салды да кітапханаға бет алды. Он бес минуттай ернін тістелеп, ендігі істейтін істерін ойлап ары − бері жүрді де қойды. Сосын сөреден Көк кітапты алды да парақтай бастады. А, міне, тапты! "Алан Кемпбел − Мейфер, Хертфорд − стрит, 152". Иә, оған қазір керегі осы адам!

XІV

Келесі күні таңертең қызметші үстіне бір кесе ыстық шоколады бар табағын ұстап бөлмеге кірді де, терезелерді ашты. Дориан бүк түсіп алып, алақандарын таянып тәтті ұйқыда жатыр еді. Әбден сілесі қатып шаршаған ойын баласы дерсің. Ояту үшін қызметшіге екі рет иығынан түртуге тура келді. Тәтті түстен айыға алмаған күйінде, Дориан күлімдеп көздерін ашты. Бірақ, шындығында бұл түні ол ешқандай түс көрмеп еді. Жанға жағымды да, жағымсыз да түс көрмей, қатып қалыпты. Ал күлімдегені, жастық шаққа тән әдеттегі қасиет еді. Дориан екінші жағына аударылып түсті де, жағын таянып жантайып жатып, ақырын шоколадын ұрттап іше бастады. Терезеден қазан айының жылы да шуақты күндерінің бірі күлімдейді. Аспан шайдай ашық, ауа тып-тынық, әрі жып-жылы, бейне мамырлаған мамыр дерсің. Кешегі түнде өткен оқиғалардың ауыр да, қанды тізбегі біртіндеп Дорианның есіне түсіп, көз алдынан көлбеңдеп өтіп жатты. Ол бар нәрсені есіне алып шығуы мұң екен, Бэзил Холлуордқа деген көзсіз ашуы тағы бой көтерді, дәл қазір де сол пышақты ала тұра ұмтылуға даяр еді. Жүзі бозарып, қаны қашып кетті. Ал әлгі өлік болса, әлі де жоғарыда отыр ғой! Енді күннің көзі оған түсіп тұр! Бұл сұмдық! Мұндай сұмпайы істің бетін түн көлегейлегенде онша білінбейтіндей еді, ал қазір... Мұны көп ойлай беретін болса, басы ауырып немесе жынданып кетерін Дориан іштей сезді. Кейде күнә бола тұра, еске алудың өзі бір ғанибет түрлері болады, олар жаңғырған сайын жеңісіңді есіңе салады. Ал мынау ондайлар қатарынан емес. Әгәрәки сана түкпірінен қуып шықпаса, бесіктен шықпай жатып, тамырын жаймай, уламай жатып тұншықтырып тастамаса, бұны алып тынатын еді. Сағат тоғыз жарымды соқты. Дориан маңдайын бір сүртіп алды да орнынан тұрды. Ол бүгін күндегісінен де сәнқойланып киінді, мойынтағарын, оған тағатын түйреуішін, оған сәйкесетін жүзіктерін бірнеше реттен ауыстырды. Таңғы асты әртүрлі тағамдардың дәмін татып ұзағырақ ішті, лакеймен қызметшілерге жаңадан тапсырыспен тіктірейін деп жатқан киім үлгісі туралы бірер сөз де алмасты. Таңғы поштаны қарап шықты. Кейбірін риза болған кейіппен оқып шықты, үшеуі оны жалықтырып жіберді, әсіресе біреуіне ашуы келіп, тіпті жыртып лақтыра салды. "Әйел ештеңені ешқашан ұмытпайды деген рас!" − деп лорд Генридің сөздерін есіне алды. Сүтсіз кофені ұзақ ішкен ол, ақыры, еріндерін майлықпен асықпай сүртті де, бөлмеден шығып бара жатқан лакейді ымдап тоқтатты. Сөйтті де жазу үстеліне барып екі хат жазды. Біреуін лакейге берді, екіншісін қалтасына салды. − Мұны Хертфорд-стриттегі елу екінші үйде тұратын Френсиске апарыңыз. Ал егер, мистер Кемпбел Лондонда жоқ болса, қайда тоқтағанын біліп келіңіз. Жалғыз қалған соң, Дориан папирос тұтатты, сосын қағаз алып неше түрлі гүлдердің, архитектуралы мүсіндердің, сосын адам беттерін сала бастады. Бір уақытта салған адамдарының барлығы Бэзил Холлуордқа келетінін байқап таңданды. Ол қабағын түйіп, қаламын тастай салды да сөреге барып, қолына іліккен бір кітапты алды. Қажеті болмаса, өткен түннің оқиғаларын мүлдем ойламауға бел шешті. Дориан диванға жантайып оқуға кірісті. Бұл Готьенің "Эмальдар мен камейлер" деген жапон қағазына Жакмардың гравюраларымен безендірілген Шармантьенің қымбат баспасымен жарық көрген кітабы еді. Қабы сары былғарыдан, ал онда қолмен қызыл гранаттар салынған, әрі алтындатылған тормен безендірілген. Бұл кітапты Адриан Синглтон сыйға тартқан болатын. Кітапты парақтап отырып, Дориан Ласнер жөніндегі поэмаға тоқтады. Мұнда оның қылмыстан соңғы қаны жуылмаған қолы суреттеліпті. Дориан шошығаннан өзінің аппақ сүйрік саусақтарына еріксіз көз жүгіртті. Сосын Венецияның сұлу келбеті суреттелген тұсқа келгенше тез-тез оқи бастады. − Қандай керемет жолдар! Оқисың да, өзіңді жарқыраған ақ сәулеге оранған қаланың көгілдір-жасыл суында күміспен апталған, жібектен таққан желкені желбіреген қайықта жүзіп бара жатқандай күйге енесің. Тіпті бұл өлеңнің жолдарынан-ақ Дорианның көз алдына Лидоға қарай жүзіп бара жатқанда қайықтың соңынан қалатын су иректері елестей қалды. Қиялыңды ойнатып, қаныңды тасытатын ақынның өлең жолдары түрлі-түрлі құстардың сайрағанын, арманға айналған қаланың биік аркаларын есіңе түсіреді... Басын шалқайтып дивандағы жұмсақ жастықтарға жантая кеткен Дориан іштей ойға шомды. Бар Венеция осы бір жолдарға сыйып тұр. Сонда өткен күзі есіне түсті. Түрлі көзсіз ерліктерге итермелеген тағы бір махаббатын да есіне алды. Бар жерде романтика тұнып тұр. Венеция да Оксфорд сынды тамаша фон береді. Ал нағыз романтика үшін бұл басты нәрселердің бірі... Сол кезде Венецияда Бэзил да біраз тұрып еді. Ол Тинтореттоға өлердей ғашық-тын. Байғұс Бэзил! Қандай сұмдық өлім! Дориан бұл сәтсіз ойлардан арылуға тырысып, бір күрсініп алды. Сосын Готьеге қайта кірісті. Ол терезелерінен қарлығаштар кіріп-шығып, табалдырығынан таспиқтарын санап мүлгіп отыратын қажылар арылмайтын, шалма тартқан көпестер байыпты да байсалды әңгіме-дүкен құрып, ұзын трубкаларын тартып отыратын Смирнедегі кішкентай шайхана туралы оқыды. Келісім алаңындағы бетін лотос жапқан, ыстық сахараның қан тамырындай Нілді аңсап, көз жасын көл қылып төгіп тұрған Обелиск жөнінде де оқыды. Бірақ көп өтпей-ақ кітап Дорианның қолынан сусып кетті. Алдымен тынышы қашты, сосын үрей билеп алды. Ал егер, Алан Англиядан мүлдем көшіп кеткен болса ше? Оның келуіне дейін қаншама күндер өтуі мүмкін. Кенет келуден мүлдем бас тартса ше? Онда не болмақ? Ал уақыт күтіп тұрмайды! Бес жыл бұрын олар айырылмас дос болатын. Сосын, қарым-қатынастары кенет үзілді. Кейіннен жиын-тойларда кездесе қалса, тек Дориан ғана күлімдейтін, ал Алан ешқашан. Кемпбел өте дарынды жас жігіт-тін. Бірақ поэзия мен өнерден бейхабар еді, егер бірдеңені түсіне бастағаны бар болса, оған Дорианның көмегімен қол жеткізген. Оның жалғыз айналдыратыны ғылым еді. Бар уақытын Кембридждегі зертханаларға арнайтын, әрі өзі ондағы жаратылыстану бөлімін өте жақсы деген бағамен тәмамдаған еді. Қазір де күні бойы химияны зерттеп, өзі жабдықтатқан жеке зертханасынан шықпайды. Ал шешесі болса бұнысын түк те ұнатпайды, ол ұлын Парламенттен көрсем деп армандаушы еді, ал химия саласы туралы, ол мамандықты тек дәріханада жұмыс істейтіндерге арналған деп шешіп қойған. Дегенмен, химия Аланға музыканы тамаша ойнауға кедергі келтірмейтін. Дәл ондай скрипка мен рояльда ойнайтындар сирек. Дориан екеуін тым жақындатып жіберген де осы музыка болатын, және, әрине, мұндайда алға тартылатын Дорианның тартымдылығы да кінәлі еді. Алғаш рет леди Беркширдің үйіндегі Рубинштейннің шығармалары орындалған сол бір қонағасыда кездесті де, кейіннен операдан шықпайтын, бір сөзбен айтқанда, қай жерде жақсы музыка естуге болса, екеуі сол жерден табылатын. Бұл достықтың ғұмыры бір жарым жылға созылды. Кемпбелді енді бірде Селбидегі, бірде Гровенорсквердегі үйден жиі кездестіруге болатын еді. Ол да, көптеген адамдар сынды, Дорианның бойынан жарқын да ізгі қасиеттердің жиынтығын көретін. Дориан мен Аланның арасында қандайда бір келіспеушіліктің болғанын ешкім естіген емен. Бірақ, ендігі жерде екеуінің тіл қатыспайтынын, ал Кемпбелдің Дориан Грей де кештерден бұрын кетіп қалатыны елдің назарынан і ыс қала алған жоқ. Сосын Алан мүлдем өзгеріп кетті десе де болады, кей кездері бей-жай күйге еніп, музыканы тіпті жақтыртпайтын жағдайға жетті. Ешбір концертке бармайтын, ал қолқа сала қалса, ғылыммен айналысам деп музыканы мүлдем ұмыт қалдырғанын сылтауратып ойнамай қоятын. Бұған сенуге болады. Себебі, ендігі жерде Алан биологияға беріліп кеткен болатын, тіпті бірнеше ғылыми жорналдардан оның қызықты тәжірибелері жөнінде хабарлар да жазылып жүрді. Міне, осы адамды Дориан күтіп отыр. Әр секунд сайын сағатына тағатсыздана қарайды. Уақыт жылжыған сайын жанын қоярға жер таппай барады. Ақыры торға қамаған әдемі аң сынды, бөлменің ішін әрі-бері кезіп кетті. Адымы алыс, қолдары сұп-суық бола бастады. Күту мен үнсіздік жанын жеп барады. Уақыт әр кадамын санап басады, ал Дорианның жанын алапат дауыл дүниенің ар жақ-бер жағына сан апарып, сан алып келді. Қара жардың етегіне келіп тұрғанын өзі де сезеді. Қасарысқан саусақтарымен дымқылданған қабағын басып, көзін шарасынан шығарып жіберердей, астан-кестең болып жатқан санасын тыныштандырғысы келгендей өз-өзін сабырға шақырды. Бірақ, пайда жоқ. Ой зуылдап бара алатын қашықтыққа баяғыда жетті. Оны ұстап тоқтату мүмкін емес нәрсе. Біраздан соң, уақыт жылжуын мүлдем қойып, тоқтап қалды. Иә, осы бір санасыз жануар сынды көзсіз, құлақсыз мақұлық қозғалуын тоқтатты. Сол-ақ екен, санасындағы ойлары алдыға озып шықты. Болуы мүмкін дүниелердің тізбегін алдынан өткізгенде, Дорианның қорқыныштан қаны қатып қалды десе де болады.

Ақыры, қызметші де келді-ау, әйтеуір. Дориан қанға толы жанарымен қарады.
− Мистер Кемпбел, сэр, − деді лакей.

Кеберсіген еріндері қуаныштан жыбырлап кеткен Дориан иығынан тас түскендей терең күрсінді. Бетіне қан жүгірді.

− Кірсін деңіз, Френсис!
Бойын тез жиып, жаңа ғана бойын билеген үрейден арыла қалды.

Қызметші басын иіп шығып кетті. Бірер секундтан соң есіктен жүзі бозарып, тым қатал қалпынан айнымаған Алан Кемпбел кіріп келді. Жүзінің тым солғындығы оның көмірдей қара шашы мен қасын одан ары айқындай түседі. − Алан, келгеніңізге мың рахмет. Бұл сіздің тарапыңыздан үлкен мейірімділік. Грей, мен сіздің босағаңызды енді ешқашан аттамаймын деп уәде еткенімді білесіз. Бірақ, сіз іс өмір мен өлім арасында деп жазыпсыз... Алан асықпай, суық, әрі қатал сөйледі. Оның тесіп жіберердей қадалған көздері мен безерген жүзінен Дорианға деген жеккөрініш анық байқалды. Дорианның ұсынған қолын байқамаған кейіппен өз қолдарын қалтасынан шығармады да. Иә, Алан, әңгіме адам өмірі жайлы болып тұр, әрі бір ғана адамның емес. Отырыңыз. Кемпбел үстел басына отырды, Дориан қарама-қарсы орын алды. Көздері түйісіп қалып еді, Дорианның көздерінен өкініш сезіледі, оның қолқа салайын деп тұрған дүниесі адам сенгісіз еді. Ауыр үнсіздіктен соң, үстел үстінен ұмсына түсіп құлағына ауызын тақап ақырын сыбырлай бастады, әрі Кемпбелдің ойын анық түсіну үшін бет-жүзін де бақылап тұр. − Алан, үстінде, менен өзге ешкім кірмейтін, кілттеніп тұрған бөлмедегі үстел басында өлген адам отыр. Оның өлгеніне он сағаттан асты... Орныңыздан қозғалмаңыз, әрі маған бұлай қарамаңыз! Оның кім екені, әрі қандай жағдайда қайтқаны сізді алаңдатпауы тиіс. Сіз тек мынаны ғана жасауыңыз қажет... Тоқтатыңыз, Грей! Енді бірде-бір сөзіңізді естігім келмейді. Айтып тұрғандарыңыздың шын ба, өтірік пе екені де мені алаңдатпайды. Мен сізбен ешбір іске ортақтасқым келмейді. Өзіңіздің сұрқия құпияларыңызды өзіңіздің ішіңізге сақтаңыз, менің онда шаруам жоқ. − Алан, қаласаңыз да, қаламасаңыз да білуіңізге тура келеді. Менің де сізге жаным ашып тұр, бірақ басқа амал жоқ. Бұл мәселені шешу тек сіздің ғана қолыңыздан келеді. Осылай етуге мәжбүрмін, түсініңіз, Алан! Сіз көзі ашық, химияны жақсы білетін, ғылымның адамысыз. Сіз жоғарыда тұрған адамды жойып, жойғанда да ізін де қалдырмай құртып жіберуіңіз керек. Ол адамның менің үйіме кіргенін жан адам көрген жоқ. Қазір барлығы оны Парижде деп ойлап жүр. Бірнеше ай бойы оны ешкім де іздемейді. Ал елдің есіне түскенде, барлығының ізі жоғалып, қылмыстың ізі суып үлгеруі қажет. Сіз, сіз ғана, Алан, жоғарыда отырған оны желге ұшырып жіберер бір табақ күлге ғана айналдыру тек сіздің ғана қолыңыздан келеді.

− Сіз есіңізден адасыпсыз, Дориан!
− А, солай ма, сіз мені "Дориан" дедіңіз ғой. Мен мұны күткен болатынмын.

− Қайталап айтам, сіз жынданғансыз, әйтпегенде, сіз айтқан дүниені тек сондайлар ғана айтады. Шынымен де, сіз үшін саусағымның ұшын қимылдатады деп ойлайсыз ба осы? Бұған араласқым да келмейді! Адам деген атымды сізді сақтап қалу үшін құрбан етеді деп пе едіңіз?.. Жын-шайтан араласқан істеріңіз туралы білгім де келмейді!

− Алан, бұл адам өз-өзіне қол салды.

Онда сізге мақтау айтуым керек болар. Бірақ оны осы жағдайға жеткізген, әрине, сіз екеніне дау бар ма? Әрине сіз кінәлісіз!

Сіз маған көмектесуден бас тартып отырсыз ба, сонда?

Әрине, бас тартамын. Сізбен ешбір іске ортақтасқым жоқ. Маған десеңіз, бір өліп, бір тірілсеңіз де бәрібір. Басымды ауыртпаңыз! Сіздің осындай, абыройыңыздан жұрдай болатын жағдайға жеткеніңізге тіпті, жасыратыны жоқ, қуанып та тұрмын. Менен бірдеңе сұрауға қандай хақыңыз бар, тіпті бір ауыз сөз айтуға қалай жүзіңіз шыдап отыр, оның үстіне қылмысты іске араластырғыңыз келеді ме? Мен сізді адам таниды деп қателесіп келіппін. Сіздің досыңыз Генри Уоттон, әрине, сізге көп нәрсе үйретіпті, бірақ ол сізді жантануға оқытуды ұмыт қалдырған сияқты. Сіз үшін саусағымның ұшын да қимылдатпаймын. Ештеңе де мені мәжбүрлей алмайды. Мені шақыртқанда, сіз, Грей, қатты қателесіпсіз. Достарыңызға барыңыз, ал мені жайыма қалдырыңыз! − Алан, бұл өз-өзіне қол салу емес. Оны өлтірген мен. Ол үшін қаншама қан жұтқанымды сіз білмейсіз. Менің өмірімнің басқаша емес, дәл осындай арнаға бұрылып кетуіне бұл адам байғұс Гарриден де артық кінәлі. Мүмкін, ол әдейі істемеген шығар, бірақ осылай бітті бәрі. Адам өлтіру?! Дориан, қандай сұмдық, енді бұған да жеткенсіз бе? Мұны мен естімедім деп есептейін де жөніме кетейін. Бірақ, бәрібір, сізді қамауға алатыны анық. Қандай айлакер болса да, қылмыстың арты ашылады. Ал мен өз тарапымнан сіздің бұл күніңізді жақындатуға ешбір қадам жасамай-ақ қояйын, сонымен бітті. − Біткен жоқ. Сіз бұған араласуыңыз қажет. Араласқанда да, бұған тек ғылыми бір тәжірибе деп қана қарауыңыз керек, Алан. Сіз онсыз да ауруханаларда, мәйітханада талай рет болып, талай рет тәжірибеден өттіңіз, сонда бетіңіздегі бір тамыр да бүлк етпейді ғой. Егер сіз бұл адамды қаны ағып кетуге ыңғайлы жиектері бар темір үстел үстінде керіп қойған күйінде көрсеңіз, оны тәжірибе жасауға өте ыңғайлы дене деп қана қарар едіңіз. Онда қолыңыз бір селт етпестен іске кірісер едіңіз. Керісінше, адамзат болашағы үшін, ғылым үшін, сәтті жаңалықтарға қадам басу үшін мақтауға лайық дүниемен айналысып жатырмын деген ой басыңызды тұмандап алмай ма? Мен сұрап тұрған нәрсені сіз талай рет жасағансыз. Сондықтан, өлікті құртып жіберу деген, сіздің сондай тәжірибе кезінде жасағандарыңыздың жанында түкке де тұрмайтын нәрсе. Түсініңіз, бұл дене мені айғақтайтын жалғыз ғана дерек. Егер оны біреу байқап қалса, менің түбіме жетті деген сөз. Ал оны, сіз маған көмектеспесеңіз, міндетті түрде көреді. − Сіз менің бағанадан бері айтып жатқандарымды тыңдамай отырған болып шықтыңыз. Менің сізді сақтап қалуға деген ешбір көңіл-күйім жоқ! Бұл менің жұмысым емес. Алан, аяғыңызға жығылайын! Менің жағдайымды түсініңіз, өтінемін! Сіз келердің алдында мың өліп, мың тіріліп үлгердім. Мұндай өз басыңызға да түсуі мүмкін деп ойлап көрмедіңіз бе... Жоқ, мен мұны айтқым келген жоқ!.. Бұған тек ғылыми тұрғыдан қарауыңызды ғана өтінемін. Сіз, өзіңіз тәжірибе жасайтын өлі денелердің бұдан келіп, қайда кетіп жатқанын тіпті сұрамайсыз да ғой, сондықтан, бәрібір емес пе? Қазір де сөйтіңіз. Мен онсыз да сізге көп нәрсе айтып қойдым. Мен тек осыны жасауыңызды сұраймын. Біз дос болдық қой, Алан!

Өткенді қопармаңыз, Дориан! Ол баяғыда өшкен.

Кейде, біз өшірдік деп жүрген дүниелер көпке дейін өмір сүреді. Анау, жоғарыда отырған адам кеткен жоқ. Ол басын үстелге сүйеп, қолын созған күйінде әлі отыр. Алан, Алан! Егер сіз көмектеспесеңіз, мен біттім. Мені дарға асады. Алан! Түсінесіз бе? Мені бұл іс үшін дарға асады... Бұл әңгімені жалғастырудың еш мағынасы жоқ деп ойлаймын. Менің жауабым үзілді-кесілді. Сіз, байқаймын, мені шақыртқаныңызға қарағанда, есіңізден әбден адасқан болуыңыз керек. Әйтпесе менен бірдеңе сұрауға батылыңыз бармас еді.

− Сонда келіспегеніңіз бе?
− Әрине.
− Алан, құлдығыңыз болайын!
− Бос әңгіме.

Тағы да Дорианның көзінде өкініш оты жарқ етті. Ол қолын созды да үстел үстінен бір парақ алып бірнәрсені жазды. Екі мәрте оқып шықты да, жақсылап бүктеп үстел үстінен Аланға лақтырып жіберді. Сосын орнынан тұрып терезеге қарады. Кемпбел таңдана қолхатты мұқият оқып шықты. Түрі өзгеріп, қаны қашып, отырған бойы шөгіп кетті. Бойын билей алмай, есінен адасқандай күй кешті. Жүрегі қарс айырылардай сезінді. Бойын батпандап басқан ауыр тыныштық бір-екі минутқа созылды. Ақыры, Дориан кері бұрылып, Аланның жанына келді де қолын иығына салып: − Өте өкінішті, Алан, − деді ол ақырын ғана. − Бірақ басқаша бола алмайды. Осыған дейін жеткізген өзіңізсіз. Хат жазылып дайын тұр. Міне. Мекен-жайды көріп тұрған боларсыз. Егер маған қолұшын бермесеңіз, мен оны беріп жіберемін. Артынан не күтіп тұрғанын өзіңіздің де ішіңіз сезіп тұрған болар. Енді кейін шегіне алмассыз. Сізді аяғанымнан бұл қадамға бармауға тырысып бақтым, оны өзіңіз де көрдіңіз. Бірде-бір адам менімен дәл сіздей сөйлесуге дәті бармайды, ондайлар болса, баяғыда-ақ жоқ болар еді. Мен шыдадым. Ендігі кезекте, мен не айтсам, соны жасайтын боласыз.

Кемпбел бетін жапты. Денесі қалшылдап кетті. − Иә, Алан, сөйлеу кезегі енді менде. Не талап етігі отырғаным өзіңізге белгілі. Жә, жә, жетер, босқа босаңсудың қажеті жоқ! Түкке тұрмайтын, әрі тез жасалуы тиіс іc қана. Шешім қабылдаңыз да, тезірек іске кірісіңіз! Кемпбелдің жан даусы шықты. Басын қысқан сақина миын сығымдап бара жатқандай. Маңдайына жазылған ауыр іс елге белгілі болып, абыройы айрандай төгілетінін ойлағанда жанын қоярға жер таппады. Иығында тұрған Дорианның қолы қорғасындай ауыр. Міне, міне жерге қадап жіберердей. Бұған шыдау мүмкін болмады.

Болыңыз, Алан!
Бұған бара алмаймын, − деді Кемпбел.
Осылай етуге міндеттісіз. Басқа жол жоқ. Уақытты босқа жоғалтпаңыз!
Кемпбел шешіле алмай қиналды. Сосын:

Жоғарыдағы бөлмеде камин бар ма?
Иә, газбен жағылады.
Маған үйге барып, зертханадан бірдеңелерді әкелу керек.

Жоқ, Алан, мен сізді бір жерге жібереді деп пе едіңіз. Қажеттінің бәрін жазып беріңіз, лакей барып келеді. Кемпбел қағазға бірнәрселерді жазды да, көмекшісінің атын көрсетті. Дориан хатты алды да жақсылап оқып шықты. Сосын барып қызметшісін шақырды, табыстап тұрып тез қайтып орал деп бұйырды. Лакейдің артынан жабылған есіктен Кемпбел орнынан ыршып түсті. Орнынан тұрып, каминге жақындады. Жиырма минуттай екеуі де үнсіз тұрды. Шыбынның ызыңы мен сағаттың тықылы миын балғамен ұрып жатқандай болды Аланға. Сағат түскі бірді соқты. Кемпбел бұрылғанда, Дорианның тап-таза, күнәдан пәк, көгілдір көздері жасқа тұнып тұр екен. Оның бұл пәк бейнесі Аланның жынын ойнатып, қанын басына шаптырды.

− Сіз, оңбаған, сіз хайуансыз!
− Керек емес, Алан! Сіз менің өмірімді сақтап қалдыңыз.

− Сіздің өміріңіз? О, Жаратқан нем, не деген өмір бұл? Бір күнәдан екіншісіне секектеп жүріп, ақыры қылмыстан бір-ақ шықтыңыз. Түкке тұрмайтын, қайдағы бір өміріңізді ақтау үшін істегелі тұрғаным жоқ бұл талабыңызды. − Аһ, Алан, − Дориан күрсініп алды. − Менің сізді қаншалықты аяп тұрғанымды білсеңіз ғой. Сізде соның бірі де жоқ.

Ол мұны теріс бұрылып, терезеден баққа көз салып тұрып айтты.
Кемпбел ештеңе деп жауап қатпады.

Он минуттан соң есік қағылып, іші толған химиялық қоспалар бар қызыл ағаш жәшігі және болат пен платинадан жасалған сым орамасы және пішіні адам түсінгісіз темір кергісі бар лакей кірді.

− Осында қалдырайын ба, сэр? − деді ол Кемпбелге қарап. − Иә, − деді оның орнына жауап қатқан Дориан. − Және, Френсис, өкінішке қарай, сізге тағы бір тапсырмам бар. Селбидегі үйге орхидея әкелетін Ричмондтағы әлгі бағбанның аты кім еді?

− Харден, сэр. − Иә, иә, Харден. Сіз дәл қазір сонда барып, оған мен тапсырғаннан екі есе көп орхидея жіберсін, әрі ағын аз қылсын... жо, жоқ, ақ түсінен мүлдем жібермесін деп сәлем айтыңыз. Бүгін ауа-райы өте тамаша. Ричмонд таптырмайтын жер, әйтпегенде, сізді жұмсамас та едім. − Ол не дегеніңіз, бұл да жұмыс па екен, сэр! Қашан қайтып келуді бұйырасыз?

Дориан Кемпбелге қарады.

Сіздің тәжірибеңіз қанша уақытты алады, Алан? − не сұрады ол бетінің бірде-бір тамыры жыбыр етпестен. Нешінші адамның болуынан ба, бойында батылдық бар.

Кемпбел қабағын түйіп, ернін тістеді.
Бес сағаттай, − деп жауап қатты.

Демек, жеті жарымға дейін қалсаңыз болады, Френсис... дегенмен маған керек дүниенің бәрін шындап кетіңіз, сосын кешті де сонда өткізсеңіз болады. Мен қонақасыға барам, сондықтан маған керек емессіз.

− Рахмет, сэр, − деді де, лакей шығып кетті. − Ал, Алан, іске кірісіңіз, бірде-бір минутты жоғалтуға болмайды. О, қандай ауыр жәшік еді! Бұны мен алайын, қалғанын сіз алыңыз.

Дориан қатаң да бұйрықты пішінмен сөйледі.
Кемпбел оның айдауына көне кетті. Олар дәлізге бірге шықты.

Жоғарыдағы дәлізде Дориан қалтасынан кілтін алып, есікті ашты. Сол уақыт көзі алақтап, тұрған бойы қалшылдап, аяғын баса алмады.

− Алан менің кіруге халім жоқ, − деп сыбырлады ол
− Кірмей-ақ қойыңыз. Сіздің маған қажетіңіз жоқ, − деді Алан, суық қана.

Есікті ашып жатып Дорианның көзі портретке еріксіз түсіп кетті. Күн жарығында кекесін күлкісі анық көрінеді. Бетін жапқан жабындысы жерде жатыр. Ол өткен түнде, бар ғұмырында алғаш рет портреттің бетін жабуды ұмытып кеткенін есіне түсіре қойды. Сол − ақ екен ұмтыла беріп, жүрегі тоқтап қалғандай тұрып қалды. Портреттегі адамның бір қолында жүрек айнытар қызыл жылымшы сұйықтық пайда болыпты, бейне портрет еріп, қаны шығып терлеп тұрғандай. Сұмдық! Бұның көрінісі анау жерде әлі отырған өліктен де қорқынышты еді. Ол әлі сол қалпында, басын үстелге сүйеген күйінде еді. Кілемге сіңген қан қатып қалыпты. Дориан бар күшін жиып терең дем алды да, бөлмеге кірігі келді. Көзін төмен түсіріп, өлікке қарамауға бел шешкен ол жылдам иіліп жапқышты іліп алды да, портретке жапты. Еріксіз көзім түсіп кетер деп қорыққан ол бұрылар алдында, жапқыштың кестесінен көз алмай біраз тұрды. Кемпбелдің ауыр жәшікті, өзге де керекті дүниелерінің бәрін тасып кіргізгенін естіп тұр. Кенет, оның Бэзил Холлуордты тани ма екен деп сұрақ қойды өз-өзіне. Егер білсе, енді не ойлар екен? − Енді кетіңіз, − деген қатал дауыс шықты. Ол кілт бұрылып шығып кетті. Тек көзінің қиығымен өліктің енді арқасын орындыққа тіреп тік отырғызылғанын, әрі Кемпбелдің қаны қашып кеткен оған тесіле қарап тұрғанын байқап үлгерді. Төменге түсіп бара жатып, есіктің іштен ілетін күршегінің сырт еткенін ғана ілді. Кемпбел төменге түскенде сағат жетіден көп ұзап кеткен еді. Ол аппақ қудай, әрі тым байсалды еді. Мен сіздің талабыңызды орындадым. Енді сау болыңыз. Сізді көргім де келмейді. Сіз менің өмірімді сақтап қалдыңыз, Алан. Мен мұны ешқашан ұмытпаймын, − деді Дориан жай ғана. Кемпбел кете салысымен Дориан жоғарыға қарай ұмтылды. Бөлмеде азот қышқылының ащы иісі қалыпты. Үстел басында отырған өлі адам зым-зия жоқ.

XV

Ол күні кешке, жасанып киініп, жағасына фиалкадан тамаша ғып өрілген гүлдестесін таққан Дориан, лакейлер керметтеп − қошеметтеп қарсы алған леди Нарбороның қонақ бөлмесінде отырды. Қаны қайнап, тамырлары жарылудың аз алдында тұрса да, ол ешбір қиындықсыз үй иесінің қолын әдеттегі қайғысыз ақ жүзінде күлкі ойнап тұрып иіліп сүйді. Сабырлық пен байсалдылық адам бейнесін жақсы жасыратын қасиет екенінде дау жоқ. Әрине, сол кеште көрген адамдар, Дорианның осыдан бір сағат бұрын ғана осы заманда болатын сұмдық трагедиялардың бірін басынан кешті деп айтпас еді. Осы бір аппақ сүйрік саусақтар пышақты сығымдай ұстауы, ал оймақтай алқызыл еріндері адамды жаратқан Құдайға тіл тигізуі мүмкін емес! Бойындағы сабырлылыққа өзі де таңданулы болатын. Өзінің осындай екі түрлі өмірді қатар сүріп, оны өзгелерден жасырып жүрген шеберлігін ойлағанда бір уақыт тамсанып та алады. Сол кеште, леди Нарбороның үйіндегі қонақасыда кісі аз болды. Асығыста шақырып үлгергендері ғана. Лорд Генри айтатындай, өңіндегі сұрқайылықты тамаша сақтаған, өте ақылды әйел болатын. Бар ғұмырын өзінің елдегі жалықтырып жіберетін елші күйеуіне арнаған. Жолдасы өмірден қайтқанда, бар рәсімімен, өзінің сызбасы бойынша қаланған мәрмәр кесенеге жерлеп, ал қыздарын аса ауқатты, бірақ мейлінше кәрі күйеуге ұзатып, ендігі бас бостандығының арқасында француз тағамдарын татып, француз романдарын сүйіп оқып, француз әзілдеріне құлақ сап жүрген әйел еді. Дорианды өте-мөте жақсы көретін, әрі әңгімелесіп болған сайын, оған жас кезінде кездеспегені қандай жақсы болғанын айтып тәубесіне келіп отыратын. "Сізге өліп-өшіп ғашық болатыныма сөз бар ма, қымбаттым, − дейтін ол. Өзіңіз үшін теңіздің суы тобығымнан келмейтін істерге де баратыныма дау болмас, сірә. Жас кезімде әлі туып үлгермегеніңіз мен үшін үлкен бақыт деп есептеу керек! Бірақ, не десек те, менің кезімде қандайда бір осындай ерліктерге тұрарлық адам болды-ау деп айтуға да болмайды. Тіпті көз қысуға жарайтын біреу-міреулер де есіме түспей отыр. Жолдасым мұрнының астындағысын да байқамайтын, ал ондай адамды алдаудың өзі қандайда бір қызық сыйлар ма?" Сол кеште леди Нарбороның қонақ бөлмесі қызықтырарлық еді. Оның құлағына тақап ледидің өзі түсіндіргеніндей, күйеудегі бір қызы қонаққа келіпті, ең өкініштісі сол, күйеуін де ала келіпті. Меніңше, бұл шектен шыққандық, − деп наз айтты сыбырлай сөйлеген леди Нарборо. − Әрине, әр жаз сайын Гамбургтен қайтып оралғанда мен де оларға қонақ боламын, бірақ менің жасымда таза ауа денсаулыққа міндетті емес пе. Соның өзінде, барған сайын өмірлеріне қуаныш сыйлап, бірдеңелерді ұйымдастыруға атсалысамын, әйтпесе орындарынан қозғалғылары жоқ. Олардың тіршіліктерін білсеңіз ғой! Нағыз қарабайырлар! Таң атпастан тұрып алады, себебі жұмыстары бастан асады, кеш бата салысымен ұйқыға кетеді, себебі, ойланатын дәнеңе жоқ. Елизавета патшайымның заманынан бері округтерінде бірде-бір ауызға іліп алар оқиға болмапты, сондықтан түстен кейін ұйықтағаннан басқа амал жоқ. Бірақ сіз қорықпай-ақ қойыңыз, бақытыңызға орай, үстел басында сіз олардың жанында отырмайсыз! Сізді мен өз жаныма аламын, менің көңілімді көтеретін боласыз. Дориан жауап ретінде үйреншікті бірдеңені айтты да, қонақ бөлмені көзімен шолып өтті. Иә, жиналғандар нағыз жалықтырып жіберер адамдар. Екеуін бірінші рет көріп тұр, одан өзге сұрқай, ештеңесімен ерекшеленбейтін, лондондық клубтардың нағыз тұрақтысы, ашық жауы жоқ, бірақ достарының жек көретін адамы болып есептелетін, орта жастағы Эрнест Хирроуден; танауы таңқы, әлем-жәлем киінген, өзіне не болса да назар аударғанын қалайтын, бірақ өңсіздігі сонша, тіпті адам сенгісіз суық жүрістер жасаса да ешкім қызықпастай, қырық жеті жасар леди Рекстон; жоғары ортада орны жоқ болса да, өзін осы ортаның толық мүшесімін деп өзін алдап, барын салатын, сап-сары миссис Ерлин; леди Нарбороның қызы, талғамсыз киінетін, сұрқай жүзді леди Елис Чапмен; беті қып-қызыл алмадай, екі құлағының үстінен аппақ бакенбарды көзге түсетін, ойлау қабілеті мүлдем жоқ адамды еске салатын күйеуі. Дориан ендігі келгеніне өкіне бастап еді, кенет леди Нарборо камин үстінде тұрған алтын жалатқан қола сағатқа көз салды да: − Генри Уоттон қашандағысындай кешігіп жүреді! − деді ренжулі кейіп танытып. — Таңертең әдейі кісі жіберткем, өз аузымен уәде еткен болатын. Лорд Генридің келетінін естігенде Дорианның көңілі біраз сергіп қалды. Сол сәт есік ашылып, кіреберістен оның әндете шығатын дауысымен мәдениеттілік үшін ғана кешірім сұрап жатқанын естігенде, көңілсіз қалпы су сепкендей басылды. Бірақ үстел үстінде ештеңеге зауқы соқпады. Алдындағы асты бірінен соң бірін қолдың ұшы да тимеген күйінде әкетіп жатты. Леди Нарборо аспазы Адольфтің іс мәзірін Дорианның қалауына орай арнайы әзірлегенін, енді оның тынышы кететінін айтып, Дорианға ұрсып кейюмен болды, ал лорд Генри болса досының бойкүйездігі мен үнсіздігіне таңданып, алыстан бақылап отырған еді. Дориан қайта-қайта бокалына құйылған аққайнарды сіміріп салады. Сонда да шөлі қанар емес. − Дориан, − деді ақыры лорд Генри, кезекті тағамды қойып жатқанда. − Сізге бүгін не болды? Мына отырған сіздің көлеңкеңіз тәрізді. − Ғашық болып қалған ғой! − деп жауап қатты леди Нарборо, Дориан үшін. − Мен қызғанады деп айтпай отырған болар. Онысы әбден дұрыс. Әрине, мен қызғанамын! − Қымбатты леди Нарборо, − деді Дориан жымиып. − Менің ғашық болуды ұмытқаныма бір аптадан асты. Феррол ханым Лондоннан кеткелі бері. − Осы сіздерге, еркектерге, сондай әйелдер несімен тартымды екенін түсіне алмай-ақ қойдым,− деп қойды кәрі бикеш. − Ол сіз бен біздің арамызды жалғастырып тұрған буынның өкілі болғандығынан болар, − деп қойды лорд Генри − Ол тіпті де біз бен сіздің арамызды жалғастырып тұрған буыннан емес, лорд Генри. Оның осыдан отыз жыл бұрын қандай болғаны да әсте жақсы есімде. Сонда біз алғаш рет тым ашық кеуделі көйлек киген күйінде онымен Венада кездескен болатынбыз. − Қазіргі көйлектерінің де кеудесі бұрынғысынан еш кем емес, − деп қойды лорд Генри, сүйрік саусақтарымен зәйтүн алып жатып. − Нашар француз романының тамаша қапталған тысы сынды эсер қалдырады. Бірақ өзі жалықтырмайтын әйел, әйтеуір бір нәрсе шығарып алады. Ал махаббатқа толы жүрегі мен отбасылық өмірге беріктігін айтпай-ақ та қояйын! Үшінші күйеуі өлгенде, қайғыдан шаштары сап-сары боп кетіпті.

− Гарри, ұялсаңызшы! − деді Дориан. − Нағыз поэтикалық түсініктеме! − деді риза болған леди Нарборо күле отырып. − Сіз үшіншісі дедіңіз бе? Сонда Феррол төртіншісі ме?

− Дәл солай, леди Нарборо!
− Сене алар емеспін.
− Онда, оның ең жақын досы, мистер Грейден сұраңыз.
− Мистер Грей, рас па?

− Өзі солай дейді, леди Нарборо. Мен одан кездейсоқ ол да Маргарита Наваррская сынды күйеулерінің жүректерін бальзамдап белдігіне тағып жүрмей ме екен деп сұраған едім. Оның айтуынша, бұл мүмкін емес, себебі, бірде-бір күйеуі жүректі болмапты.

− Төрт күйеу! Нағыз жансебіл болу деп осыны айтуға болады! − Дұрысырақ айтқанда, нағыз ержүректік! Мен оған дәл осылай айттым, − деді Дориан. − О, оның түрлі істерге келгенде де жүректілігі жеткілікті екеніне дау айтуға бола ма, жарқыным менің! Ал, әлгі Феррол дегені кім өзі? Мен оны білмейді екем. − Өте әдемі әйелдердің күйеулерін мен қылмыскерлер қатарына қосамын, − деді лорд Генри, шараптан ұрттап қойып. Леди Нарборо оны желпуішімен бір соқты. − Лорд Генри, сізді дүниедегі ең тәртіпсіз адам деп айтатындарға еш таңданбаймын. − Шын ба? − деп сұрады лорд Генри қабағын кере. – Сіз мүмкін ана дүниедегілерді айтып тұрған боларсыз? Бұл дүниедегілермен өте тамаша қарым-қатынастамын. Жоқ, мен білетіндердің бәрі бірауыздан сізді өте қауіпті адам деп есептейді, − деп қоймады леди Нарборо басын шайқап.

Лорд Генридің өңін кенет салқынқандылық басты. − Не деген сұмдық, − деді ол − Осы біздің заманымызда адам туралы оның сыртынан неше түрлі айту әдет болып алған... әрі, бәрін дұрыс айтады.

− Шын сөзім, түзелмейтін, нағыз қисық! − деді Дориан, үстелге еңкейе түсіп. − Осылай деген үміттемін, − деді леди Нарборо да күліп отырып. − Енді, сіздер, мадам Ферролға соншалық өліп-өшіп отырсаңыздар, онда, сәннен қалмау үшін, маған да екінші рет күйеуге шығуға тура келеді ғой деймін. − Сіз енді ешқашан тұрмысқа шықпайсыз, леди Нарборо, − деді лорд Генри. − Өйткені сіз отбасылық өмірде бақытты болдыңыз. Әйел екінші рет, тек алдыңғы күйеуін жек көргенде ғана шығады. Ал еркектер екінші рет, алдыңғы әйелін тым қатты жақсы көргендіктерінен ғана үйленеді. Әйелдер некеден бақыт іздейді, ал еркектер барлығын нар тәуекелге қояды.

− Нарборо, анау айтқандай мінсіз болған жоқ, − деп ескеріп қойды карт леди. − Егер ол мінсіз болса, сіз оны сүймес едіңіз, қымбаттым. Әйелдер бізді кемшіліктеріміз үшін сүйеді. Егер ондайларымыз неғұрлым көп болса, онда тіпті соғұрлым қаттырақ сүйеді, тіпті ақыл... Осы жерден тоқтамасам, сіз мені келесіде қонақасыға шақырмай қоясыз ба деп қорқам, леди Нарборо, бірақ не істейсіз, бұл таза шындық. − Әрине, бұл рас, лорд Генри. Егер әйелдер, сіздерді кемшіліктеріңіз үшін сүймесе, онда сіздермен не болар еді? − Бірде-бір еркек үйлене алмай, бәріңіз сүрбойдақ болып қалар едіңіздер. Бірақ, не керек, бұл да сіздерді өзгерте алмайды. Қазір барлық үйленген еркектер, керісінше бойдақ сынды, ал бойдақтар үйлі-баранды сынды өмір сүреді.

− Ғасыр аяғы, бұдан өзге не деуге болады!
− Одан да ақырзаман десек дұрысырақ шығар! − деді іліп алған леди Нарборо.

− Сол ақырзаман тезірек болса ғой! − деді күрсінген Дориан. − Өмір дегеніміз тек қайғыдан ғана тұрады. − Аһ, достым менің, өмірді толық біліп біттім демей-ақ қойыңыз! − деп үн қатты леди Нарборо, саусақтарындағы қолғап ұшын тарта отырып. − Адам осылай деп отырса, демек, өмір оны әбден жеңіп алды деген сөзді білдіреді. Лорд Генридің титтей де ары жоқ, ал мен кейде, өзімнің осындай тым түзу болғаныма өкінем. Бірақ сіз, сіз ештеңе дей алмассыз. Сіз жамандықтың дәмін де татып көрмеген адамсыз. Оны сіздің түріңізге бір қарағаннан-ақ байқауға болады. Мен тез арада сізге тап-тамаша әйел тауып үйлену керек деген ойдамын. Әрі оны табуға көмектесетін болам. Лорд Генри, қалай ойлайсыз, мен дұрыс айтып отырған жоқпын ба?

− Мен бұны оған үнемі айтам, леди Нарборо, − деді лорд Генри иіліп. − Демек, көп ұзатпай табу керек. Бүгіннен кешіктірмей мистер Грейге лайық дейтін барлық қалыңдықтардың тізімін жасап қоям.

− Олардың жасын да көрсететін боласыз ба? − деп сұрады Дориан. − Міндетті түрде, әрине аздап түзетулер енгізуге тура келеді, бірақ асығатын не бар. Бұндай неке таза, әрі сіз және сіздің жұбайыңыздың бақытына орай болуы керек. − Бақытты некелер туралы көп түсінбеушіліктер бар десеңізші!− деп қарсылығын білдіріп қойды лорд Генри.

Еркек кез келген әйелмен-ақ бақытты бола алады, тек оны сүймесе болды. − Қандай қияңқы едіңіз! − деді леди Нарборо, орындығын үстелден әрірек жылжытып, әрі леди Рекстонға ишарат білдіріп жатып. − Маған қонаққа жиі келіп тұруыңызға болады, лорд Генри, сіздің әңгімеңіз мені сэр Эндрью жазып берген барлық дәрумендерден де артық сергітеді. Әрі үйімде қонақта кімді көргіңіз келетінін де алдын-ала айтып қоюыңызға да болады. Мен мейлінше көңілдірек болатындай етіп шақыруға тырысамын. − Болашағы бар еркектерді, әрі өткені белгілі әйелдерді ұнатам, − деді лорд Генри. − Бірақ осы қағидаға сүйенбек болсаңыз, тек әйелдер ғана жинала ма деп қорқам.

− Осылай болар деп мен де ойлап тұрмын! − деді леди Нарборо күліп жатып.
Ол орнынан көтеріліп леди Рекстонға:

− Кешіріңіз, қымбаттым менің, сіздің папиросыңызды әлі тартып бітпегеніңізді байқамай қалыппын. − Оқасы жоқ, леди Нарборо, көп тартып қойдым-ау деймін. Сондықтан мөлшерін азайту артық та емес. − Құдай үшін, олай ете көрмеңіз, леди Рекстон, − деді лорд Генри. − Тыйылу деген ең жаман, әрі адам болмысын құртатын әдет. Шектен шықпау дегеніміз күнделікті ішетін түскі тағам сынды, ал шектен шығу дегеніміз естен кетпес мереке. Оның сөздеріне қызығушылығы ояна қалғаны байқалып қалған леди Рекстон, лордқа көзінің қиығымен қарап қойды. − Менің үйіме міндетті түрде қонаққа келіңіз, лорд Генри, әрі осы айтқандарыңызды нақтылап шешіп айтып беруіңіз керек. Сіздің теорияңыз қызықтырарлық екен, − деп қойды ол бөлмеден шығып бара жатып. − Жақсы, онда біз жоғарыға кеттік. Ал сіздер саясатты көп айтып, бас қатыра бермеңіздер. Жоғарыға тезірек келмесеңіздер, біз керісіп қалармыз, − деп айқай салды леди Нарборо босағадан. Бәрі күліп қоя берді. Бикештер шығып кеткен соң, мистер Чепмен үстелдің аяқ жағынан тұрып басына барып отырды. Дориан Грей де орнын ауыстырып, лорд Генриге жақынырақ орналасты. Мистер Чепмен тез арада община палатасындағы жағдайлар туралы соз қозғай, әрі қарсыластарын жамандай жөнелді. Ағылшын үшін аса қауіпті деп саналатын "доктринер" сөзі қарқылдаған күлкінің арасынан естіліп қалып жатты. Мистер Чепмен ақылгөйсіп, британ байрағын көкке көтерді.

Лорд Генри оны кекесінмен тыңдады. Ақыры бұрылып, Дорианға көз салды. − Қалай, досым менің, өзіңізді жақсырақ сезінесіз бе? Ас үстінде түріңіз бұзылып кетіп еді. − Жоқ, ешқандай да өзімді жаман сезінгем жоқ. Бәрі жақсы! Тек сәл шаршаңқырап отырмын. − Кеше тағы да өз сұлулығыңыздың сиқырымен кішкентай герцогиняның басын айналдырып жібердіңіз ғой. Ол маған жақында Селбиге баратынын айтты.

− Иә, жиырмасында келемін деп уәде етті.
− Монмаут та бірге келе ме?
− Әрине, Гарри.

− Ол мені мезі етіп жіберді, герцогиняны да әбден жалықтырғанына күмәнім жоқ. Оның ақылы бар, әйел затында сирек кездесетін қасиет. Әйелдік ақымақтық оған жетіспей ме деп қорқам. Герцогиняның аяқтары сондай әдемі. Бейне ақ кәрлен дерсің. От басып өткеніне де күмәнім жоқ. Осы бір кішкентай ғана сүйкімді әйелдің көргені көп сынды.

− Оның күйеуге шыққанына көп болды ма? − деп сұрады Дориан. − Өзінің айтуынша мәңгілікке. Ал құжатқа сүйенсек, он жыл. Бірақ Монмаутпен өткен он жыл мәңгілікпен тең болуы ғажап емес... Селбиге тағы кім келеді? − Виллоуби мен лорд Регби, екеуі де жұбайларымен. Сосын леди Нарборо, Джефри, Глостон, бір сөзбен айтқанда, үйреншікті орта. Айтпақшы, лорд Гротрианды да шақырғам. − Міне, бұл жақсы жаңалық! Ол маған ұнайды. Көбі оны жақтырмайды, бірақ мен жақсы көрем. Кейде тым бипаз болып көрінгенімен, өте білімділігінің арқасында бәрін жуып-шайып кетеді. Нағыз қазіргі заманның адамы. − Алдын-ала қуанбай тұра тұрыңыз, Гарри. Оның келу − келмеуі екіталай. Егер әкесін Монте-Карлоға апару керек болса, келе алмауы әбден мүмкін. − Оһ, осы бір әке-шеше деген қайдан шыққан халық осы! Сонда да, оны келтіруге тырысыңыз, бірдеңе ойлап табыңыз... Айтпақшы, Дориан, сіз кеше менен тым ерте қашып кеттіңіз, он бір болмай жатып. Сосын немен айналыстыңыз? Шынымен де үйге бардыңыз ба?

Дорианның көзі оттай жарқ ете қалды да, қабағын түйе қойды. − Жоқ, Гарри, − деді ол ақырын. − Үйге мен сағат түнгі үштерге қарай келдім.

− Клубта болдыңыз ба?
Иә... Жо-жоқ! − Дориан тілін тістей қойды.

− Клубта болғам жоқ. Жай қыдырдым... Қайда барғаным есімде жоқ... Қандай әуесқой едіңіз, Гарри! Міндетті түрде бәрінен хабардар болуыңыз керек. Ал мен немен айналысқанымды ұмытып қалуға тырысам. Егер Нақты білгіңіз келсе, үйге екі жарымда келдім. Кілтімді ұмыт қалдырыппын, сондықтан лакейге есік ашуға тура келді. Егер куә керек болса, өзінен сұраңыз.

Лорд Генри иығын көтерді.

Қойыңыз, жаным менің, маған бұның керегі жоқ, әрине! Одан да жүріңіз, әйелдер қауымына барып қайтайық... Жоқ, рахмет, мистер Чепмен, мен мұндай шарап ішпеуші едім... Сізге бірдеңе болды ма, Дориан! Не болды? Бүгін тіпті өзгеріп тұрсыз. − Ah, Гарри, көңіліңізге алмай-ақ қойыңыз. Бүгін көңілімнің хошы болмай, бәрі мезі етіп тұр. Ертең немесе одан арғы күні сізге бір кіріп шығармын. Қонақ бөлмеге бармаймын, маған үйге қайту керек. Леди Нарбородан менің атымнан кешірім өтініңіз.

− Жақсы, Дориан. Ертеңгі шайға сізді күтем. Герцогиня да болады.
− Келуге тырысамын, − деді Дориан кетіп бара жатып.

Жол бойы тұншықтырдым деген үрейі бойын қайта шырмап бара жатқанын сезді. Лорд Генридің кездейсоқ сұрағы оны бейжай қалдырмады ал қазір батылдық пен сабырлықтан сақтау керек. Ең басты айғақтарды жою керек, осыны ойлағанда тершіп кетті. Ол туралы ойлауға да қорықты. Бірақ бұл істі осымен қалай да бітіру керек. Сөйтіп, кітапханасына енген Дориан есікті іштен кілттеп алды да, қабырғадағы құпия есікті ашып, Бэзилдің пальтосы мен саквояжын алды. Каминде от қызып тұр. Дориан тағы да от салды... Мата мен былғарының күйік иісі қолқаны қапты. Бәрін жою үшін бір сағаттай уақыт кетті. Тіпті Дорианның басы айналып, құсудың аз-ақ алдында қалды. Ақыры Алжирден әкелінген хош иісті бірнеше таяқшаны жағып, бетін иіссумен шайды... Кенет көзі ажырайып, оты шықты. Астыңғы ернін тістеп алды. Терезелердің ортасында орын алып тұрған ауыр шкафтан көзін айырмады. Бейне ол мұны арбап алғандай. Оның ішінде Дориан ендігі өмірін өткізе алмайтын, бірақ соншалықты жек көретін нәрсе сақтаулы еді. Бойындағы ынтығын баса алмады... Папирос тартып көріп еді, түкке тұрғысыз болғандықтан лақтыра салды. Көзін жұмғанда, ауыр әрі суланған кірпіктері бетін жапты. Сонда да арбалғандай, шкафтың алдынан не ары − не бері қозғала алар емес. Ақыры алдына барып, есігін айқара ашты да құпия тетікті басып қалды. Ақырын ғана үшбұрышты қобди шықты. Дорианның саусақтары оның ішінен қытай қобдишасын алып шықты. Ол қара түсті, алтынмен апталған, жібек бауының ұшында мөлдір шықтай моншақтар өткізіліп, металмен бекітілген еді. Ашты да ішіндегі жасылтым түсті затқа қарап біраз тұрды. Иісі мұрнын жарып барады. Бір минуттай езуіне күлкі үйірілген күйде тұрып қалды. Бөлме өте ыстық еді, бойын безгек ұстағандай. Ол сағатқа көз салды... Он екіге жиырма минут бар. Қобдишаны орнына жасырды да, шкаф есігін мықтап жауып, жатын бөлмеге кетті. Қола сағаттың тілі тура он екіні соққанда, Дориан Грей үстінде жүмысшының киімі бар, басын орамалмен тұмшалаған күйінде, ақырын басып, үйінен ұрлана шықты. Бонд − стритте аттары тың кебті ұстап алып, көшірге ақырын ғана мекен-жайды сыбыр етті.

Анау басын изеді.
− Бұл өте алыс.
− Міне, ақыңыз, − деді Дориан. − Егер жылдам жүрсеңіз, тағы осынша аласыз.
− Жақсы, сэр, − болды жауап. − Бір сағатта сонда боласыз.

Дориан кебке отырды, ал көшір болса атының басын кері бұрып, Темза бағытына қарай безілдеп берді.

XVІ

Суық жаңбыр құйып кетті, оның тұманды пердесінің арасынан көше шамдарының өлеусіреген жарығы сөніп бара жатқан көздер сынды. Бар трактирлар жабылып жатқан уақыт-тын, алдарында тобыр еркектер мен әйелдердің сұлбалары қараң-қараң етеді. Бір кабактың есігінен көшеге қарқылдаған жабайы күлкі, енді бірінің есігінен шиқылдаған дауыстар мен ұрыс-керіс құлақ тұндырады. Шляпасын көзіне баса киіп, жантайыңқырап отырған Дориан, үлкен қала тіршілігінің түбіндегі қалдығын қырған қауымның өмірін бақылап отыр. Ішінен қайта-қайта лорд Генри алғаш кездескенде айтқан "Жаныңызды сезім емдесін, ал сезіміңіздің жайын жан тапсын" деген сөздерін қайталаумен болды. Иә, бар гәп осында! Ол өзі мұны бұлжытпай орындап келеді. Әрі қарай да осылай бола бермек. Апиын тартатындарға сатылатын қоралар бар, содан бәрін де сатып алуға болады. Өткен күндердің ауыр қылмыстарын жаңаларының қанымен жуатын одан өткен де жерлер бар. Жерге сүзіле қараған айдың келбеті ілініп тұрған бас сүйек сынды. Арасында қап-қара бұлттар созылып, оның бетін жабады. Кеб алға қарай жол жүрген сайын, көшедегі жарық та сирей берді. Көшелер жіңішкеріп, айналаны қара түнек басты. Көшір бірнеше рет адасып, жарты мильден кері қайтып отырған жерлер де кездесті. Аттың қара сорпасы шықты, сасық шалшықтарды шошына кешіп өткен оның денесінен бу шығады. Кебтің екі қапталы қара тұманға оранып тұр. "Жаныңызды сезім емдесін, ал сезіміңіздің жайын жан тапсын". Осы сөздер санасында қайталана берді. Иә, ол хәл үстінде. Бұл жолы да сезім деген сайқал оны емдей алар ма екен? Ол жазықсыз қан төкті. Оны немен жуса болар? Бұған кешірім жоқ!..

Өкінішті, қолындағы қан жуылмаса да, оны ұмытуға болады.

Дориан ұмытуға мықтап бел шешті. Сызады, миынан, санасынан өшіреді, адамды шағып алған қара жыланды тұншықтырып өлтірген сынды. Шын мәнінде, Бэзилдің бұлай өктемсуіне қандай хақы бар еді? Өзгелерді сынауға кім құқық берді оған? Ол өшпес таңба салатын сөздерді айтты, оған шыдап тұру мүмкін емес болатын. Кеб жолын ары қарай жалғастыруынан танбады, әр қадым сайын жүрісі ақырындай бергендей. Дориан әйнекті түсіріп, көшірге тездет деп бұйырды. Оның есіл-дертін апиын жаулап алған-тын, миы кеуіп барады. Тамағы жыбырлап, қолдарын тынымсыз ашып-жұмады. Ол есі кете атты таяғымен бір тартты, көшір қарқылдап күлді де, оз кезегінде қамшыны басып берді. Дориан да қарқылдай күлді, сол-ақ екен, көшірдің үні шықпай қалды. Жол таусылмастай көріне бастады. Ұсақ көшелердің қиылыстары қарақұрттың шандып тастаған торы сынды бітер емес. Қайта-қайта қайталана берген бұл көріністен Дорианның басы айнала бастады. Тұман қалыңдай берді. Дорианның кеудесі запыранға толды. Кірпіш зауыттары орналасқан бос аудандардан да өтті. Мұнда тұман қалың емес екен, сондықтан ауыздарынан жалын атқылаған пештерді көруге мүмкін болды. Бұларға ит үрді, жақын маңда, адасқан жалғыз шағаланың дауысы келді. Ат шұңқырға тұяғы кіріп сүрініп жығылды, үркіп тұрып ала шапты. Біраздан соң, бұлар тас жолдан түсті. Кебтің дөңгелектері кедір-бұдыр тас көпірмен тарсылдап ала жөнелді. Айналада кездескен үйлердің терезелерінде жарық жоқ, барларының ар жағынан адам қиялынан туындаған қуыршақтарға ұқсас көлбеңдеген көлеңкелер көрінеді. Олар бейне қуыршақтар сынды, бірақ қимылдары адамдардікі. Дориан қызық көріп сәл қарап отырды. Біраздан соң бұл да жүйкесіне тие бастады. Оның бойында бір долы күш бас көтерді. Бұрылыстан өте бере арттарынан айқай салған әйелдің дауысы шықты. Келесіде екі еркек арттарынан тұра жүгірді, жүз ярдтай қуып берді. Көшір атты қамшының астына алып әрең құтылды. Қорқыныш құрсаулаған адамның ойы шеңберден шыға алмайды дейді. Шынында да, әбден есеңгіреген Дориан астыңғы ернін қаны шыққанша тістеген күйі, ішінен әлгі сезім мен жан туралы тіркесті қайталай берді. Ақыры өзінің істегелі тұрған күнәларын толық ақтап алатын осы сөздердің дұрыстығына өзін әбден сендіргенге дейін тоқтамады. Онсыз да, Дориан бұл қылмыстар мен күнәлардан қашып құтыла алмас еді. Бәрібір істер еді. Басында тек бір нәрсе ғана, әрбір жасуша, әрбір қантамыры тек соны тілеп қана соғады. Өмірге құштарлық, оның бар дәмін татуға деген құштарлық, бір кездері өзіне арам көрінетін істердің қазір мұны құтқаратын жалғыз ғана нәрсе екенін ойлайды. Оларды ешбір нәрсеге айырбастамақ емес. Бұл өмірдің дәмін татпай тұрғанда, арман қуған көңілін жерге табан тіретіп, нақ өмірмен беттестіретін өмірдің қара тұсы деп есептеп, жек көретін нәрселер қазір бұның қам көңілін басатын, ең қымбат, әрі ештеңеге айырбастамас дүниелері. Өмірдің ең қара тұсы бұл үшін нағыз өмірге айналды. Дөрекі ұрыс-керіс пен төбелес, лас притондар, арсыздар мен ұяттан жұрдайлардың ортасы, ұрылардың сұмдық істері, міне осындай өмір оның қиялын шарықтатты, дәл бұлай өнер де, Поэзия да көңілін шарықтатқан емес. Бұнсыз күні жоқ, өйткені дәл осындай жерлерде ғана ол өз-өзінен бас тарта алатын халде. Үш күннен соң бәрі өшеді. Бәрін ұмытады. Кенет, көшір қараңғы бір көшеге тоқтай қалды. Жермен жексен үйлердің тесік-жамау мұржаларынан түтін шығады. Олардың аржағында кемелердің мачта, желкендері қараңдайды. Көз байлаған сынды ақ тұман оларды құшағына алыпты. − Сэр, сіздің айтқаныңыз, осы маңда ма? − деп сұрады көшір қарлыққан дауыспен, терезе шынысынан үңіле қарап.

Дориан көтеріліп отырды да көшеге көз салды. − Иә, осында, − деп жауап беріп, кебтен асыға түсті, көшірге қосымша ақысын берді. Сөйтіп жағажай жаққа қарай тез-тез жүріп кетті. Үлкен сауда кемелерінің бірінде шамдар жанып тұрған болатын. Сәулесі шашырап, шалшықтарға түседі. Алыстан көмір тиеп шетелге аттанатын пароходтардың шамдары көрінеді. Көпір үсті көк тайғақ, жалтырап жатыр. Дориан солға бұрылды, жан-жағына алақтап қайта-қайта көз салады. Артынан ешкімнің түспегенін бақылады. Он минуттай дегенде әрең тұрған, атқора сынды бір үйге келді. Ол екі фабрикасымақтың ортасында үйелеген үй болатын. Жоғарғы қабаттың терезесінен өлеусіреген жарық көрінеді. Дориан осы жерден тоқтап, есік қақты. Қағыстың да өз ерекшелігі бар еді. Бір минуттан соң іштен адам аяғының жүрісі білінді, сосын есіктің шынжыры сылдырлады. Есік сығырая ашылды да, ол ішке енді. Ол жермен жексен, қарны салбыраған сиықсыз адамға тіл қатпастан ары өтті, анау болса, қараңғыда қабырғаға жабыса қалып оған жол берді. Дәліздің соңында лас жасыл перде ілінген болатын. Есіктен соққан желден селкілдейді. Пердені ысырып жіберген Дориан төбесі төмендей түскен кең бөлмеге енді. Қабырғаларда газ шамдар жылтырайды. Шыбындар, тышқандар лас жердегі сиықсыз түрлі-түсті сұмдық бейнелерді көрсетеді. Еден төгілген шарап пен лас башмақтардың ізінен қап-қара болып кетіпті. Бірнеше малайлықтар маздап тұрған пешсымақтың алдына үйіліп алып, ақ тістерін ақсита құмар ойын ойнап отыр, арасында қарқылдай күледі. Бір бұрышта, бір теңізші үстелге бар денесімен жатып алған, ал оның жанындағы қалай болса солай боялған арақ құятын ұзынша көлденең үстел бойында әбден мылжа-мылжасы шыққан әйелдер, тістен жұрдай, пальтосын тазалап отырған бір шалды кекетіп қарқ-қарқ күледі. − Оған үстінде қызыл құмырсқалар жүгіріп жүргендей көрінеді, − деді бір әйел Дорианға жақын келіп, сүйкеніп өтіп. Шал үрейге толы көзімен оған қарап тұрды да, жылай бастады. Бұл бөлменің түп жағындағы есік бір тұйық, қуыс бөлмеге апаратын. Дориан теңселіп әрең тұрған баспалдақпен төмен қарай жүгіре басуы мұң екен, апиынның ащы иісі мұрнын жарып өтті. Ол терең дем алды, иіс мұрынының қыдығын алды. Ішке енгенде, сары алтын шашы жалбыраған жап-жас жігіт шамға еңкейіп алып ұзын трубкасын тұтатып жатыр екен, ол мұны көрді де, бір сәт шешіле алмай тұрып қалды, артынан басын изеді.

− Сіз осындасыз ба, Адриан? − Басқа қайда болуым керек еді? − деген бейтарап жауап естіді. − Енді менімен ешбір танысым сөйлескісі де келмейді.

− Ал мен сізді Англиядан кетіп қалды деп ойласам. − Дарлингтон мен үшін саусағының ұшын да қозғалтқысы жоқ... Менің ағам ақыры бар қарызды төледі... Бірақ Джорж да мені көргісі келмейді... Маған бәрібір, − деді ол күрсініп. − Мынау барда маған ешбір достың керегі де жоқ. Меніңше, олар менде тым көп болған сияқты. Дориан дір етті, теріс бұрылып кетті. Ол жердегі жыртық-жыртық кір көрпелердің үстінде қалай болса солай, ашық-шашық құлай салған адам көргісіз кейіптегі адамдардың түрлерін бір шолып өтті. Жыбыр-жыбыр еткен қол-аяқтар, аңқиып, сілекейі шұбырған ауыздар, тоқтап қалған көздің қаралары, осы көрініс оның бойын билеп алғандай. Олардың санасы дәл қазір сайран салып жүрген сол бір жұмақтың тәтті дәмін ол баяғыда-ақ алып алған болатын, бірақ судың да сұрауы бар, онсыз өткен күндері нағыз тозақ отына салады да. Қазір аналар бұдан бақыттырақ. Оның санасы әлі орнында, қалыппен жұмыс істеп тұр. Есінен өткен күннің оқиғасы шығар емес, тұншықтырып, сығымдап барады. Кейде көз алдына бұған тіке қарап тұрған Бэзил Холлуордтың жанары тұра қалады. Бәрін ұмытқысы келгенмен де, мына жерде қала алмады. Адриан Синглтонның осында болуы оны алаңдатты. Өзін ешкім танымайтын бір жерге барғысы келді. Ол өз-өзінен безіп кетуге даяр еді.

− Басқа жерге барайын, − деді ол біраз үнсіздіктен соң.
− Верфьке ме?
− Иә.
− Бірақ, анау жабайы мысық сонда шығар. Оны қазір мүнда жібермейді.

Дориан иығын көтерді. − Жақсы! Осы бір ғашықсымақ әйелдерден құсқым келеді. Жек көретін әйелдер анағұрлым қызығырақ. Оның үстіне шөп те онда жақсырақ.

− Қайдағы, тура осындай. − Ондағысы маған көбірек ұнайды. Жүріңіз, бірдеңе ішелік. Мен бүгін есімнен айырылғанша мас болғым келіп тұр.

− Ал маған ештеңе де керек емес, − деп міңгірледі Адриан.
− Сонда да жүріңіз.

Адриан Синглтон еріне басып, Дорианның соңынан буфетке қарай ерді. Жыртық пальто киіп, басына шалма ораған мулат, ақсиған тістерін көрсете, жеккөрінішті кейіппен күле қарап, бұлардың алдына бір құты бренди мен екі тостақ қойды. Қатар-қатар орналасқан әйелдер жақын келіп, сөз сала бастады. Дориан оларға арқасын берді де, Синглтонға бірдеңені сыбыр етті.

Әйелдердің бірі мырс ете түсті.
− Қара өзін, бүгін менменсіп қапты!

− Құдай үшін, аулақ кет әрі менен! − деді Дориан, долдана аяғымен жерді теуіп қап. − Не керек саған? Ақша ма? Мә, ал да аузыңды жап, бір сөз айтушы болма маған. Тұманды, өлі көздері бір сәтке жалт ете қалған әйел көп ұзамай-ақ сол баяғы өлеусіреген қалпына қайта енді. Басын сілкіп алды да, шашылған тиындарды жанталаса жинап ала бастады. Оның ар жағындағы бір әйел оған қызғана қарады. − Бұдан түк те шықпайды, − деді күрсінген Адриан, әңгімені жалғастырып. − Менің онда қайта оралғым келмейді. Не үшін? Маған осында жақсы. − Егер бірдеңе қажет болса хат жазып жіберіңіз, міндетті түрде. Уәде бересіз бе? − деп сұрады Дориан сәл үнсіздіктен соң.

− Мүмкін, жазып жіберермін.
− Ал, жақсы боп тұрыңыз.

− Сау болыңыз, − деді жас жігіт кепкен еріндерін орамалмен сүртіп, сөйтті де орнынан тұрып баспалдаққа бет алды. Дорианның жүрегі сыздай артынан қарап біраз тұрды да, сыртқа шығатын есікке қарай жүрді. Пердені аша бергенде, бағана ақша жиып алған әйел артынан қарқылдай күліп: − Ібілістің меншігі кетіп барады! − деді қырылдаған дауысымен айқайлай, әрі кекірік атып.

− Ант ұрған, мені бұлай атауға аузың бармасын! − деді жауап берген Дориан.
Анау болса саусақтарын сырт еткізіп, одан сайын өрекпи түсті.
− Саған "Таңғажайып ханзада" деп атаған ұнайды ғой, солай ма, а?

Үстел басында мүлгіп отырған теңізші басын жұлып алды да, есінен адасқан адамша, жан-жағына алақтай қарады. Кіреберіс жақтан сырт етіп жабылған есіктің дауысы келгенде, біреу артынан қуып бара жатқандай атыла жөнелді. Дориан Грей сіркіреген жауынның астымен аяғын тез − тез басып алыстай берді. Адриан Синглтонмен болған кездесу оны біртүрлі күйге түсіріп жіберді, Бэзил Холлуорд осы бір жас баланың осындай жағдайға түсуіне кінәлі нақ мұның өзі деп тіке айтқаны рас болғаны ма. Бір сәтке көзіне мұң үйірілді. Сол сәтте-ақ бойын тіктеп алды да, ары қарай жүріп кетті. Қалай болса да, бұған келіп-кетер не бар? Біреулердің күнәлары мен қателіктеріне жауап беру үшін өмір тым қысқа. Әркім өз жолын өзі таңдайды, жауап беретін де өзі болуы тиіс. Тек, бір ғана кішкене қателігі үшін өмір бойы ақы төлейтіні, әрине, аянышты. Адаммен жасайтын келісім-шартында Тағдыр өзі берген қарыздың өтемін толық төленді деп ешқашан мойындамайды. Егер жантанушылардың сөздеріне сенсек, адамның күнәлі істерге қаталаған кездерінде оның әрбір тамыры, әрбір жасушасы оны аңсайтыны соншалық, миын толығымен қауіпті түрткілер жаулап алады. Мұндай сәттерде адам ұстамдылығынан айырылады. Ештеңеге қарамастан, өз өліміне өзі қарсы жүгіреді. Олардың істейтін өзге ештеңесі қалмайды, себебі, ақыл-есі үнсіз қалады немесе есі шыққаннан шешім шығара алмай қалады. Теологтар бізге күнәнің ең қорқыныштысы − бетімен кеткендік екенін қайталаудан шаршамайды. Бар зұлымдықтың бастауы Ұлы рух жұмақтан сол үшін қуылған-тын. Бар сезімі үнсіз қалған, тек күнәні аңсаған Дориан Грей, көзі әбден тұманданған, жаны ауырған күйінде көз алдындағы жолдан өзге ештеңені көрместен жүре берді. Бірақ, неше түрлі сұмдықтарымен аты әйгілі анау бір үйге баратын жолды қысқарту үшін үнемі өтетін төбесі жабық өткелге ене бергенде, қараңғыда артынан бір қуатты қолдар қысып ұстай алды. Дөрекі қолдар әп-сәтте алқымына барды, жіберер емес. Дориан жандәрмен жанталасты, ақыры сығымдаған саусақтарды ажыратуға күші әрең келді. Сол сәтте-ақ тапаншаның сырт ете қалған дыбысы шықты да, маңдайына оның суық мүштегі тіреле түсті. Ол алдында тұрған, бойы тапал, еңгезердей еркектің өңін ажыратып анық көре алмады.

− Сізге не керек? − деді Дориан дем жетпей.
− Тыныш тұр! − деп әмір етті анау. − Қыбыр етсең, атып салам.
− Есіңізден адасқан шығарсыз! Мен не істедім сізге?

− Сіз Сибила Вейннің өмірін құрттыңыз. Ал ол менің әпкем. Ол өз-өзіне қол салды. Оның өліміне кінәлі сізсіз. Мен бәрін білемін, сізді өлтіруге уәде бергем. Іздегеніме қаншама жыл өтті, бірде-бір із кесе алмадым... Тек екі адам ғана сізді білетін еді, екеуі де өлді. Сіз жөнінде ештеңе білмейтінмін, тек, сол бір сөзді ғана, сізге ол берген есімді ғана. Бүгін оны кездейсоқ естідім. Енді сиына беріңіз, өйткені қазір өлесіз.

Дориан Грей бойын билеген үрейден тырп ете алмады. − Мен ондай қызды естіген де емен, − деді ол ежіктей сыбырлап. − Сіз есіңізден адасқан шығарсыз. − Күнәларыңыз үшін кешірім сұраңыз, өйткені өлесіз. Осыны айтқаным айтқан. Әйтпесе Джеймс Вейн болмай кетейін.

Қорқынышты сәт туды. Дориан не істеп, не қоярын білмеді. − Тізерле,− деп әмір етті Джеймс Вейн, − Бір минут берем, дұға оқыңыз. Сосын бәрі бітеді. Бүгін мен теңізге кетем, бірақ оның алдында, сізбен есеп айырысуым қажет. Бір минут, сосын бәрі бітті. Дориан бойын билей алмай, ақыл-есінен адасып, қолын жерге таяған күйінде не істерін білмей отырып қалды. Кенет санасында жылт еткен үміт жарқ ете қалды... − Тоқтаңыз! − деді ол жанұшыра. − Әпкеңіздің қайтқанына қанша жыл болды? Тезірек айтыңыз! − Он сегіз жыл болды, − деп жауап берді теңізші − Оны не қыласыз? Жылдардың не қатысы бар мұнда? − Он сегіз жыл! − Дориан Грей қарқылдап берді − Он сегіз жыл! Сіз өзі мені шам жарығына жақындатып, түріме көз салыңызшы! Джеймс Вейн шешіле алмай тұрып қалды. Ол Дорианға не керек екенін түсінбеді. Сосын қараңғы аркадан шам жарығына қарай сүйрей жөнелді. Көше жарығының сәулесі өлеусіреген, бұлыңғыр болса да, Джеймс Вейн бір рет көз тастасымен-ақ өз көзіне өзі сене алмады, шынымен де, сұмдық қателіктен Құдай сақтапты. Жаңа ғана өлтірмекші болып тұрған адамының бет − әлпетінен бозбалалықтың табы кетпеген, еріндерінің уыз сүті әлі кеппеген жап-жас жігіт екен. Жас жігіт жиырмадан әлі аспаған да. Сибиламен соңғы рет қоштасқанда, ол да осындай, мүмкін бірер жас қана айырмашылық болған шығар, үлбіреген жас еді. Оны құрбан еткен бұл адам емес екені айдан анық.

Джеймс Вейн Дорианды жібере салды да, бір қадам артқа шегінді.
− Жаратқан, кешіре гөр! Мен сізді сәл болмағанда атып сала жаздадым!
Дориан демін тереңнен алып, есін жиды.

− Иә, сіз енді болмағанда ауыр қылмыс жасай жаздадыңыз, − деді ол ашулы жүзбен Джеймске қарап:

– Бұл сізге қатал сабақ болсын, біреу үшін кек алуды ешкімнің де мойнына алуға хақы жоқ, бұл тек Жаратқанның ғана құзырында.

− Кешіріңіз, сэр, − деп міңгірледі Вейн. − Мені шатыстырып жіберді. Осы бір құдай ұмытқан жерден естіген бір ауыз сөз есімнен адастырып жіберді. Содан да шатасып кеттім. − Үйіңізге қайтыңыз, ал тапаншаңызды тығып қойыңыз, әйтпесе бір бәлеге ұрынып қаларсыз, − деді Дориан, сөйтті де теріс бұрылып, аяғын жылдамдата басып қараңғылықта ғайып болды. Джеймс Вейн шошынған күйінен арыла алмай, сол жерінде қаққан қазықтай біраз тұрып қалды. Денесі діp-діp етеді! Сәл уақыттан соң, алдымен қабырғамен жан шошырлық қисық-мисық көлеңкесі, артын ала өзі де жеткен біреу ұрлана басып теңізшіге жақын келді. Иығына салған қолдан селк ете түскен ол, артына жалт бұрылды. Бұл бағанағы қорада тұрған екі әйелдің бірі болатын. − Heгe өлтірмедің оны? − деп сыбыр етті ол, күлдіреп кеткен бетін тақап. − Сен Дейлиден жүгіре шыққанда, соның артынан кеткеніңді бірден білдім. Аһ, ақымақ, өлтіре салуың керек еді. Оның ақшасы көп, әрі нағыз ібілістің өзі. − Ол мен іздеген адам емес, − деп жауап қатты Джеймс Вейн. − Ал біреудің ақшасы маған керек емес. Менің бір адамда кеткен кегім бар. Ол қазір қырықтарда болуы керек. Ал мынау әлі бозбала. Қайта Құдай сақтады, әйтпесе нақақ қан төгіп, күнәлы болар едім.

Әйелдің күлкісі ащы шықты. − Жас бала деймісің! Жоқ, олай болмас! Оның, Таңғажайып ханзаданың, мені осы халге жеткізгеніне, міне, жақында он сегіз жыл болады.

− Өтірік айтасың! − деп айғайлады Джеймс Вейн.
Әйел қолын көтерді.
− Осының шындық екеніне Құдай атымен ант етемін.
− Ант бересің бе?

− Егер өтірік болса, тілсіз қалайын! Осында ат басын тірейтіндердің ішіндегі ең сұмы осы. Оны барлығы сұлу келбетін сақтап қалу үшін жанын ібіліске сатқан дейді. Оны білетініме міне, жақында он сегіз жыл толады, алғаш көргеннен бері бір де өзгерген емес... Мен сынды емес, − деп қойды ол, қайғылана күліп.

− Демек, ант етесің ғой? − Ант етемін! − деді ол, түссіз еріндері жыбырлай, дауысы жаңғыра. − Бірақ мені сатпа, − деді ол аянышты кейіппен. − Мен айтты дей көрме. Одан өлердей қорқам. Сосын, түнгі тұраққа төлейтін тиын берші. Ол ашу қыса, Дориан Грей кеткен жаққа қарай жүгіре жөнелді. Бірақ Дорианның ізі баяғыда-ақ суып қалған еді. Джеймс Вейн жан-жағына көз салғанда, әйел де қараңғылық құшағына еніп, жоғалып кетіпті. Осы оқиғадан бір апта өткенде, Дориан Грей қала сыртындағы сарайы Селби − Роялдың гүлбағында, алпыс жасар қарт күйеуімен бірге қонақ боп жатқан сүп-сүйкімді жас әйел леди Монмаутпен әңгімелесіп отырды. Шай ішетін уақыт болатын, кешқұрымда түскен шамдардың сәулесі күмістелген кәрлен кеселерді нұрландырып жіберіпті. Герцогиня үстел басында өзін еркін ұстайды. Сүйрік ақ саусақтары ыдыстардың арасында ақ көбелек сынды ұшып жүр, ал топ-толық алқызыл еріндері тоқтаусыз жымияды, соған қарағанда, Дорианның оның құлағына сыбырлап айтқандары көңілінен шығып отырса керек. Жібек жастықтарға көміліп, диванда жантайып жатқан лорд Генри көзінің қиығымен оларды бақылауда. Леди Нарборо болса, жақында ғана өзінің топтамасына бразилиялық қоңызды таптырып алғанын айтып мақтанып отырған герцогты тыңдағансып отыр. Әдемі киінген үш сымбатты жігіт бикештерді тәтті нанмен сыйлауда. Селбиге ендігі он екі адам жиылған еді, ертең тағы да келмекші. − Не жөнінде әңгімелесіп отырсыздар? − деп сұрады лорд Генри жақын келіп, үстел үстіне кесесін қойып жатып. − Дориан, сізге барлығына жаңа есім беру туралы менің ойларымды айтқан болар, Гледис?.. Тамаша ой емес пе. − Мен есімімді еш өзгерткім келмейді, Гарри, − деді герцогиня бота көздерін қадап,− Маған өз атым ұнайды... мистер Грейге де солай деп ойлаймын. − Қымбатты Гледис, мен сіз және Дориан сынды адамдардың есімдерін ешқашан өзгертпес едім, олар өте әдемі. Мен айналамыздағы гүлдерді айтам. Кеше мен бақтан жағама тағу үшін орхидея гүлінің шоғын кестіріп алдым. Өте тартымды, жеті бүрлі екен, бейне бойыңды билеп алар жеті ауыр қылмыс сынды. Сосын бағбаннан атын сұрап едім, "робинзониана" ма, әйтеуір осы сынды бір сиықсыз бірдеңені атады...Шынымен де, біз сұлу заттарға ат қоюды да ұмытып қалыппыз, бұл өте нашар жағдай, солай емес пе! Ал сөз деген атылған оқ. Мен істелген істерге де, айтылатын сөзге қоятын талаптарды қоймаймын... Сол үшін де мен әдебиеттегі қарадүрсіндікті жек көремін. − Ал сіз өзіңізге қандай жаңа есім берер едіңіз, Гарри? − деп сұрады герцогиня.

− Парадокс Ханзадасы, − деді Дориан.
− Жақсы табылған, − деді герцогиня.

− Жоқ, мұндайды естігім де келмейді, − деді күле қарсылық білдірген лорд Генри креслоға отырып жатып. − Есім деген жабысып алса, айырылмайды, содан соң құтылып көр. Жоқ, мұндай атақтан бас тартам.

− Патшалар бас тартпайды, − деді әдемі еріндер бұртиып.
− Демек, сіз мені таққа отырғызып, соны қорғатып қойғыңыз келеді ғой?
− Иә.
− Бірақ, мен келешектің қамын күйттеп жүрген адаммын!

− Мен қателері болса да бүгінгі күнді қалаймын, − деп өзінікінен қайтпады герцогиня. − Сізге қарсы дау айту мүмкін емес, Гледис! − деді лорд Генри, оның көңілділігіне риза болған кейіппен.

− Маған сіздің қалқаныңызды алғанмен, найзаңызды алу мүмкін емес, Гарри. − Мен ешқашан да Сұлулыққа қарсы шықпаймын! − деді ол әсем түрде иіліп жатып. − Бұныңыз қателік, Гарри, сөзіме сеніңіз. Сұлулықтың құнын тым әсіре бағалайсыз. − Қойыңыз, Гледис! Әрине, сөз жоқ, мен мейірімді болғаннан гөрі сұлу болғанды дұрысырақ деп ойлаймын. Бірақ, әрине, тағы да сұрықсыз болып туылғаннан гөрі, мейірімді болу әлдеқайда жақсы екенін мойындаймын. − Сонда, сұлу болмау жеті ұлы күнәлардың бірі болып шықты ғой? − деді герцогиня. − Онда неге сіз жаңа ғана онымен орхидея гүлін салыстырдыңыз? − Жоқ, Гледис, сұрықсыздық − әлемдегі жеті мейірімділіктің бірі. Біздің Англияның өзі осы жеті мейірімділіктен, сырадан және Тәураттан құралған.

− Сонда сіз біздің елді жақсы көрмейтін болдыңыз ғой?
− Мен сонда тұрамын.
− Содан да, оны барынша жамандауға қақыңыз бар деп ойлайсыз ба?
− Ал сіздіңше, мен Еуропаның ол туралы ойымен келісуім керек пе?

− Онда біз туралы не айтып жүр екен сонда?
− Тартюфтің Англияға жолай соғып, сауданың не екенін үйреткенін.
− Бұл сіздің ащы тіліңіз ғана, Гарри.
− Оны сізге сыйладым.

− Маған оның не қажеті бар? Ол шындыққа тым ұқсас. − Ал сіз қорықпаңыз. Біздің отандастарымыз өз-өздерін портреттерінен ешқашан да танымайды.

− Олар ақылынан әлі адаспаған адамдар. − Олай дегеннен гөрі, қу адамдар деген дұрыс шығар. Егер сарапқа салсақ, олар ақымақтықты байлықпен, ал күнәні екіжүзділікпен-ақ ақтап алады. − Сіз қалай десеңіз де, артта қалсақ та, біздің қоржынымыз ұлы істерге толы.

− Енді сол қоржынды біздің қапталымызға зорлап байлап отыр, Гледис.
− Бірақ, біз оны басымызды тік ұстап көтеруіміз керек, солай болған да.
− Иә, Қор биржасы басталғанша ғана.
Герцогиня басын шайқады.

− Мен ұлттың ұлылығына сенемін. − Ол дегеніміз бар болғаны өткен күндерге тән бірбеткейлік пен пысықтықтың қалдығы ғана.

− Онда дамудың заңдылығы мен дәнегі бар.
− Одан да дамымағаным артық.
− Ал сонда өнер қайда қалады? − деді Гледис.
− Ол − ауру.

− Ал махаббат?
− Иллюзия.
− Ал дін ше?
− Сенімнің барлығына бірдей ортақ түрі ғана.

− Сіз бар болғаны ештеңеге сенбейтін адам ғанасыз.
− Тіпті де олай емес! Сенімнің өзі ештеңеге сенбеуден басталады емес пе.
− Кімсіз сонда?
− Анықтау дегеніміз, өзіңді қазықпен бір орынға қақтым деген сөз.

− Ең болмағанда жіптің ұшын ұстатыңыз!..
− Жіп үзіледі. Содан да, лабиринтте адасып кету қаупі бар.

− Сіз мені тығырыққа әбден тіредіңіз. Одан да өзге нәрселер жөнінде әңгімелесейік. − Нағыз тақырып, мінеки, үй иесін алайық. Көп жылдар бұрын оған Таңғажайып ханзада деген ат берілген болатын.

− Ah, ол жайында есіме түсірмеңізші, өтінем! − деді Дориан Грей. − Үй иесінің бүгін көңіл-күйі нашар, − деді герцогиня қызарып.− Ол Монмаутты маған әдемі көбелекке ұқсағаным үшін ғана үйленді деп ойлап отырған болар. − Бірақ, ол сізді де инеге түйреп қоймайтын болар деп үміттенем, − деді Дориан күліп. − Ашуы келгенде, маған тығатын үй қызметшісінің де инелері бір басыма жетіп артылады.

− Сонда не үшін сізге ашулы? − Қайдағы жоқ бірдеңелер үшін, мистер Грей, сөзіме сеніңіз. Әсіресе, сағат тоғызға он бес минут қалғанда келіп, сегіз жарымға дейін киіндіруді талап еткенде.

− Қандай ашуланшақ ақымақ! Оны қуып жіберуіңіз керек, герцогиня. − Олай ете алмаймын, мистер Грей. Ол маған шляпаларымның пішіндерін ойластырады. Хилстонда болғанда кигенім есіңізде ме? Ұмытып қалғаныңыз көрініп тұр, әншейін, есіңізде тұрғандай түр білдіресіз. Міне, ол сол шляпамды қайдағы жоқ бірдеңелерден-ақ жасай салды. Барлық жақсы шляпалар түкке тұрмайтын заттардан жасалады. − Адамдардың тамаша жүріс-тұрыстары сынды,− деп қостап қойды лорд Генри. − Ал егер адам бірнәрсемен шындап айналысып, жетістікке жетсе, онда жауларынан көз аша алмай қалды деген сол. Бізде танымал болғың келсе, ештеңемен айналыспау керек. − Тек, бұл әйелдерге қатысты емес, Гарри!− деді герцогиня басын шайқай. − Ал әйелдер бар әлемді алақанында ұстап отыр. Әрі біз бос отырғанды еш ұнатпаймыз, сеніңіз. Біз туралы біреулер "әйел құлағымен сүйеді" депті. Ал сіздер, еркектер, көзбен сүйесіздер... Егер, әрине, сүю дегеннің не екенін білсеңіздер. − Меніңше, біз өмір бойы тек сонымен ғана айналысып келе жатқандаймыз, − деді Дориан. − Демек, сіз ешкімді де шын сүймейсіз, мистер Грей, − деді герцогиня, ренішті кейіппен, қалжың араластыра. − Қымбатты менің Гледисім, қайдағы жоқты қайдан тауып алғансыз! − деді лорд Генри. − Махаббат қайталаулардан тұрады. Тек қайталанған дүниелер ғана жай нәрсені өнердің туындысына айналдырады. Оның үстіне, әр сүйген сайын, бірінші рет болғандай сүйесің. Ынтықтықтың нысаны өзгеріп отырады, ал ынтықтықтың өз болмысы ешқашан өзгермек емес. Айналадағы өзгерістер оны тек күштірек ете түседі. Өмір адамға тек бір ғана керемет сәтті сыйға тартады, содан да, бақытты болудың құпиясы тек біреу, ол осы сәтті қайта-қайта әрі жиірек сезінуден тұрады. − Тіпті, ол сізді әр кез қатты жаралап отырса да ма, Гарри? − деді герцогиня, үнсіздіктен соң. − Иә, әсіресе жаралаған сайын, ынтық бола түсесіз, − деп жауап берді лорд Генри.

Герцогиня Дорианға бұрылды да, оған ойлана қарады.
− Ал сіз бұған не айтасыз, мистер Грей?
Дориан бірден жауап қатпады. Біраздан соң, басын сілкіп күліп жіберді.
− Герцогиня, мен дәйім Гарримен келісемін.

− Тіпті, ол қателессе де ме?
− Гарри үнемі дұрыс айтады, герцогиня.
− Сонымен, оның пәлсапасы сізге бақыт табуға көмектесті ме?

− Мен ешқашан бақыт іздеген емеспін. Оның кімге керегі бар? Мен ләззат іздедім.

− Таптыңыз ба, мистер Грей?
− Жиі. Тым жиі. Герцогиня күрсініп қойды.

− Ал маған тек тыныштық пен ынтымақ қана керек. Егер дәп қазір киім ауыстыруға тұрмасам, оны бүгіндікке көрмейтін шығармын деп қорқам. − Сізге арнап бірнеше орхидея таңдауға рұқсат етіңіз, герцогиня, − деді де, Дориан атып тұрып гүлбағының түкпіріне қарай кетті. − Сіз онымен еш қамсыз сыбырласып отырсыз, жиен, − деді лорд Генри. − Байқаңыз. Оның тартымдылығына байланып қалудан сақ болыңыз!

− Осындай күрес болмаса, қызық та бол мас еді.
− Демек, грек грекке қарсы шығып барады екен ғой?
− Мен трояндықтарды жақтаймын. Олар әйел үшін күрескен-тін.
− Сөйтіп жеңіліс тапқан болатын.

− Қолға түсіп қалудан да қорқынышты дүниелер бар, − деді герцогиня.
− А, сіз жүгеніңізді сыпырып тастап ағызып барасыз ғой!
− Жарыста ғана нағыз өмір бар, − деген жауап естіді лорд Генри.
− Мен мұны бүгін күнделігіме жазып қоярмын!

− Нақты нені?
− Баланың отқа күйсе де оған қайта ұмтылатынын.
− Оттың маған тілінің ұшы да жеткен жоқ, Гарри. Менің қанаттарым сау.

− Олар сізге неге болса да қажетіңізге жарағанымен, ұшып кету үшін еш көмектесе алмайды, ал сіздің қауіптен қашу туралы ойыңызға кіріп те шықпайтынын көріп тұрмын.

− Ал сіз өзіңізде күндес бар екенін білесіз бе?
− Кім?

− Леди Нарборо, − деп жауап қатты, күліп сыбыр ете түскен лорд Генри. — Оның Дорианға ғашық екенінде сөз жоқ. − Сіз мені қорқытып тұрсыз. Біздер, романтиктер үшін, ескі дүниелерге деген қызығушылықтардың ақыры жақсы емес. − Әйелдерді романтиктер дейсіз бе? Сіздер барлық ғылыми тәсілдерді жаттап алыпсыздар ғой!

− Біздің оқытушыларымыз еркектер екенін ұмытып тұрсыз.
− Сіздерді оқытуын оқытты ғой, бірақ өздеріңізді зерттеуден кем қалып отыр.

− Ал онда бір ауыз сөзбен суреттеп жіберіңізші! − деді қалжыңдай, герцогиня.

− Сіздер жұмбағы жоқ сфинкссіздер.
− Көйлек түсін оның гүлдеріне қарай таңдайтын боласыз, Гледис.
− Бұл тым асығыстық болар деп ойлаймын.
− Өнердегі романтика кульминациядан бастау алады.

− Мен шегінетін жер дайындап қоюым керек қой.
− Парфяндар сынды ма?
− Парфяндықтар шөлге тығылды. Мен олай ете алмаймын.

− Әйел үшін таңдау мүмкіндігі үнемі бола бермейді, − деді лорд Генри. Осы сөзді айтып бітірмей жатып, бақтың түп жағынан ыңқылдаған, сосын бір ауыр заттың құлап түскеніндей дүрс еткен дауыс естілді. Бәрі абыр-сабыр боп кетті. Герцогиня шошынғаннан тұрған бойы қатты да қалды, ал лорд Генри болса, есі шыға пальмалардың жапырақтарын қолымен сермей ашып, дыбыс шыққан жаққа қарай жүгіре жөнелді. Сол жерде тас еденге бетімен құлаған Дориан Грейдің талып жатқаны үстінен түсті. Сол арада-ақ оны көгілдір қонақ бөлмеге апарып, диванға жайғастырды. Сәл уақыттан соң есін жиып, түк түсінбеген кейіппен көзімен жан-жағын бір шолып өтті.

− Не болды? − деді ол. − А, есіме түсті! Мен қауіпсіз жердемін бе, Гарри?
Кенет денесі селкілдеп кетті.

− Әрине, қымбаттым менің! Сіз жай ғана есіңізден танып қалдыңыз. Шаршағансыз ғой, сірә. Түскі асқа шықпай-ақ қойыңыз. Сіздің жоқтығыңызды білдірмеспін. − Жоқ, мен сіздермен бірге ас бөлмеге барамын, − деді Дориан, орнынан әзер-мәзер көтеріле. − Жалғыз қалғым келмейді.

Ол киімін ауыстыруға бөлмесіне кетті.

Үстел басында жөнді-жөнсіз тым көңілді боп отырды. Тек ара-арасында ғана денесі безгегі ұстап қалғандай дір ете қалады. Әсіресе, гүл бағының әйнегінің сыртынан мұның ор қимылын бағып тұрған Джеймс Вейннің қан-сөлсіз қудай жүзін есіне алса болды.

XVІІІ

Келесі күні Дориан үйінен аттап шықпады, күнұзаққа бөлмесінде отырды. Ол өмірге құштарлығын баяғыда жоғалтса да, ізін аңдыған өлімнен қорыққан еді. Басқан ізін аңдыған біреу барын ойлағанда тынышы кетті. Пердені жел сәл қозғаса да Дориан дір ете қалады. Әйнекке ұрған кепкен сары жапырақтар оған орындалмай қалған көп армандарын есіне түсірді. Көзін жұмса болды, өзін бақылап тұрған көздер тұра қалады. Мүмкін, мұның бәрі санасының ойыны шығар, кек алатын адамның бейнесін өзі ойлап тауып алған болар? Ақиқат өмір бейберекетсіз, ал адамның қиялы логикаға сүйеніп бәрін реттеп қояды. Біздің көкірек көзіміз ғана өкінуді қылмыстың соңынан атқосшы етіп қойған. Әр қылмыстың соңы немен бітетінін де көз алдымызға сурет қып салып алдайтын осы көкірек көз. Ал деректерден тұратын шын өмірде қылмыскерлер ешқашан жазаланбайды, мейірімділердің өзгеге жасаған жақсылығы ешқашан алдынан шықпайды. Күштілердің ғана жолы болады, ал әлсіздердің артынан күйзеліс қуып жетеді. Бар болғаны осы ғана. Тіпті, үй маңын торуылдап жүрген бөтен біреу − міреулер болса, оны міндетті түрде күзетшілердің бірі немесе үй қызметшілерінің ең болмағанда бірі байқар еді. Бақтағы жүйектерде ізі қалар еді, бағбандар мұндайды білмей қалмақ емес. Дорианға бірден айтар еді. Жо-жоқ, мұның бәрі тек оның қиялы ғана! Сибиланың бауыры мұны өлтіру үшін қайтып оралған жоқ. Ол теңізге шығып кеткен, сонда қаңғып өледі. Иә, Джеймс Вейннен енді құтылдым десе де болады. Оның апайының өліміне себепкер адамның атын білуі мүмкін емес. Жастықтың бетпердесі оны, Таңғажайып ханзаданы, сақтап қалды. Сөйтіп, Дориан мұның бәрі қиял деп шешті. Алайда, ол қиялының, істеген күнәларының жазасы ретінде неше түрлі дүниелерді көз алдына келтіріп, тыныштығын ұрлай ма деп қорықты! Түрлі күнәлары үшін тартатын азабы көз алдына күні-түні қонақтап, ор бұрыштан бұған сығалай қарап, құлағына сыбырлап, түн ұйқысын сұмдыққа толтырса қайтпек! Осыны ойлағанда, қаны суып кетеді. О, Құдайым-ай, досын өлтіретіндей сол күні не көрінді екен көзіне! Оны еске алудың өзі қандай жиіркенішті! Сол түн көз алдында мәңгілікке тұрып қалғандай. Әр рет есіне түскен сайын, күннен-күнге сұмдыққа толы көрініс көз алдында бұрынғысынан да сұм кейіппен көлбеңдей береді. Қара түнектің өзінен де оның күнәсінің көлеңкесі зорайып көрінеді. Лорд Генри сағат алтыда Дориан Грейдің жатын бөлмесіне келгенде, Дориан ағыл-тегіл жылап отыр еді. Дорианның қайғы-қасіреттен жаны күйзелген-тін. Үйден шығуға тек үшінші күні ғана батылы барды. Қарағайдың мұрын жарар иісі сіңген, қыстың тап-таза таңғы ауасы бар қайғысын ұмыттырып, шаттығы тасыған күйіне қайта оралды. Оның көңіл-күйінің өзгеруіне тек бұл ғана емес, жан дүниесіндегі, жанын азапқа салар, тыныштығын бұзар қайғыға қарсы тұра алатын бір белгісіз күш көмекке келген еді. Өз-өзіне тым берілген адамдардың барлығымен осылай болатын. Егер оларды ауыздықтамаса, әйтпесе, күшті күйзелістер мұндай адамдардың түбіне жетеді. Олар өздері де мұны жақсы сезеді. Ұсақ қиыншылықтар мен жеңілтек махаббаттың ғұмырлары ұзақтау. Ұлы қасірет пен ұлы махаббат өзінің бұла күшіне өзі сыймай, ақыры осынысы өзінің түбіне жетіп тынатыны бар. Оның үстіне, Дориан, бұдан былай өз-өзін қиялының құрбанымын деп тапты. Сөйтіп өзінің қорқыныштарын анда-санда, ауруынан айыққан адамша, өз-өзіне деген аянышпен ғана есіне алып қойып жүрді. Таңғы астан соң ол бір сағат бойы герцогинямен бақта серуен құрды. Сосын саябақ арқылы аңшылар жиналатын жерге тартты. Суық шық шөп бетін жауып қапты. Аспан төңкерілген көк кәрлен кеседей бұлыңғыр тартыпты. Тып-тыныш жатқан көл бетін жұқа мұз қаптапты. Қарағай орманының шетінен Дориан герцогиняның бауыры Джефри Клаустонды көзі шалды. Ол қаруындағы оқты ауыстырып жатыр екен. Дориан күймеден қарғып түсіп, атқосшысына үйге бара беруіне рұқсат етіп, өзі биік шөп пен бұталар арасымен жаяу кетті.

− Қанжығаңыз майланып үлгерді ме? − деп сұрады Дориан, жақындай бере. − Жоқ. Құстардың бәрі қырға ұшып кеткен болуы керек. Таңғы астан кейін басқа орынға барамыз. Сонда болмаса. Дориан онымен қатарласа жүрді. Аңшылық пен саят, таза ауа, тамаша көрініс, табиғат аясы, орман іші, ара-арасындағы сырт-сырт еткен қару дыбыстары оның көңілін көтеріп, бостандық сыйлады. Кенет жиырма ярдтай жерден, былтырдан қалған шөмеленің тасасынан қоян қашты. Құлағын тікірейтіп ап, ұзын артқы сирақтарының табанын дамыл-дамыл жалтыратып бұтаға қарай шауып барады. Сэр Джефри сол арада қаруын кезене қалды. Бірақ сүп-сүйкімді кішкене аңның кейпі Дорианның жүрегін ерітіп жіберді, содан да ол айқай салды:

− Өлтірмеңіз оны, Джефри, өмір сүре берсін! − Қандай ақымақтық, Дориан! − деп жауап берді сэр Джефри күле, сөйткенше болмай, қоянның қарғығанын аңдып тұрып басып салды. Ұшып түскен аңның жан дауысымен бірге, адамның аянышты ыңқылы құлаққа жетті. − Жаратқан! Мен даңғазашыға тиіп кеттім ғой деймін! − деді терең күрсінген сэр Джефри. − Оқ астына жүгірген қандай есек екен! Ай, тоқтатыңдар! − деді ол ар жақтан да атып жатқандарға барын сала айқайлап. − Адам жараланды!

Бас даңғазашы таяғын қолына ұстай жүгіріп келді.
− Қайда, сэр? Қайда ол?
Мылтық дауыстары сол сәтте-ақ тоқтады.

− Анда, − деп ашулана жауап берді сэр Джефри, сөйтті де өзі қалың өскен бұтаға қарай жылдам басып жүріп кетті. − Адамдарыңызды неге алысқа алып кетпегенсіз? Бүгінгі саяттың быт-шытын шығардыңыздар. Дориан екеуінің де қалың бұта арасына сіңіп кеткенін бақылап тұрып қалды. Бірер минуттан соң олар алаңқайға өлі денені алып шықты. Дориан өлімді көргенін жамандыққа балап, теріс бұрылып кетті. Ол сэр Джефридің адамды өлді ме деп сұрағанын, ананың иә деп жауап бергенін естіді. Өлі тыныштық бұзылып, орман арасынан адамдар қаптай шықты да алаңқай толып кетті. Айнала у-шу. Көңілі мүлдем құлазып, уақыт өтпейтіндей болып тұрған Дорианның иығына біреудің қолы тиді. Ол дір ете түсіп жалт бұрылды. − Дориан, − деді лорд Генри. − Бүгіндікке аңшылықты осымен аяқтағанымыз дұрыс болар деп ойлаймын. − Бұдан былай бұған мүлдем тыйым салу керек, − деді Дориан қайғы жұтып. − Бұл сұмдық әрі қатыгездікке толы ойын! Анау адам не болды...

Ол сөзін аяғына дейін жеткізе алмады. − Иә, өкінішке қарай оқ тура жүрегіне тиіпті. Бірден мерт болған болуы керек. Жүр, үйге қайталық, Дориан. Олар қатар жүрді, екеуі де үнсіз. Ақыры Дориан басын тіктеп, лордқа қарады да, ауыр күрсініп:

− Бұл жақсылықтың нышаны емес, Гарри, бұл өте жаман! − Нақты нені айтып тұрсың? − деп сұрады лорд. − А, әлгі бақытсыздықты айтамысың. Ал, қымбатты достым, не істерсің? Өлген адамның өзі кінәлі. Есі дұрыс болса оққа қарсы жүріп несі бар? Оның үстіне, оның бізге қандай қатысы бар? Джефри үшін, әрине, біраз қиыншылықтар әкелуі мүмкін, сөз жоқ. Даңғазашыларды ату жақсы іс емес. Адамдар енді оны мерген деп ойламайтын болады. Ал, негізінде, бұл дұрыс емес. Джефри өте мерген. Жә, мұны қозғай берудің қажеті жоқ.

Дориан басын шайқады. − Жоқ, Гарри, бұл жамандықтың нышаны. Сезіп тұрмын, бір сұмдық болады... Мүмкін менімен, − деп қосты ол сөз аяғына, маңдайын қолымен бір сүртіп. − Басым әкетіп барады.

Лорд Генри қарқылдап күлді. − Ең қорқынышты нәрсе, ол зерігу, Дориан. Кешірілмейтін күнә деп осыны айтуға болады. Бірақ, бұл бізге төніп тұрған жоқ. Егер, әрине, біздің таныстарымыз болған жайды үстел басында талқылауға көшіп кетпесе. Оларға бұл тақырыптан аулағырақ болуларын алдын-ала сездіріп қою керек. Тағдыр ешқандай нышандар жібермейді, олай ету үшін ол тым қатал әрі дана. Оның үстіне, айтыңызшы, сізбен не болуы мүмкін, Дориан? Сізде адам қалайтын нәрсенің бәрі бар. Сізбен орын алмастыруға кез келген келісер еді. − Ал мен әлемдегі кез келгенімен орын алмасуға даярмын! Күлмеңіз, Гарри, бұл шын сөзім. Жаңа ғана өлген қаратабанның бағы менімен салыстырғанда бес елі. Өлімнен қорықпаймын, тек оның демінен сескенем. Бейне оның жұлымыр ауыр қанаттары менің төбемде тұрғандай, дем жеткізер емес. О, Жаратқан! Сіз мені аңдып жүрген адам барын, әр бұтаның түбінде өлтіруге қолайлы сәтті күтіп, демін ішіне тартатынын көрмейсіз бе

Лорд Генри селкілдеп кеткен Дорианның қолы нұсқаған жаққа көз жүргіртті. − Иә, шынымен де, бізді күтіп тұрған бағбанды көріп тұрмын, − деді ол жымиып. − Үстелге қандай гүлдерден үзіп қою керектігін сұрау үшін тұрған болар. Жүйкеңіз әбден жұқарыпты, жарқыным менің! Қалаға оралғанда, менің дәрігеріммен міндетті түрде ақылдасыңыз. Дориан жақын келген адамның, шынында да, бағбан екенін танып, бойы жеңілдегендей терең күрсінді. Анау шляпасын көтеріп, лорд Генриге ұяла бір қарап алды да, қалтасынан хат алып шығып, Дорианға ұсынды.

− Ханым жауапты күт деп әмір еткен, − деді ол ақырын ғана.
− Дориан хатты қалтасына сала салды.
− Ханымға мені қазір келеді деп айтыңыз, − деді ол суық.
Бағбан тез-тез басып үйге қарай беттеді.

− Әйелдер от басқанды жандары сүйеді! − деді жымиған қалпы лорд Генри. − Осы қасиеттері маған ұнайды. Әйел, өзіне елдің көзі қадалғанша, өзге кез келген біреумен сыбырласуға үнемі дайын халық. − Ал сіз қауіпті нәрселер айтудан еш тартынбайтын адамсыз, Гарри. Дәл осы жағдайда, сіз қателесіп тұрсыз. Герцогиня маған ұнайды, бірақ мен оған ғашық емеспін. − Ал ол сізге өте-мөте ғашық, бірақ сізді аса ұната қоймайды. Сондықтан да, сіздер тамаша жұп бола аласыздар деп ойлаймын. − Міне, дәл қазір сіз өсек айтумен айналысып тұрсыз, Гарри! Және бұныңыздың еш негізі жоқ. − Бар өсектің негізінде адамның ар-ождансыздығына деген сенім жатыр, − деді лорд Генри, папиросын тұтатып жатып. − Гарри, Гарри, қызыл сөздің сұлулығы үшін не болса соны айтып, кез келгенді құрбанға шалуға дайынсыз!

− Адамдар өз-өздерін құрбан ету үшін, михрапқа еріктерімен барады. − Аһ, егер біреуді сүйе алатын халде болсам ғой! − деді күрсінген Дориан даусын шарықтата. — Бірақ, мен мұны ұмытып қалдым ба деп қорқам, әрі тіпті ойлағым да келмейді. Мен өз жағдайымды ойлап тым әуреге салынғаным соншалық, қазір жүйкем өз-өзімді де көтермейді. Барлығынан қашып кеткім келеді, ұмытқым, кеткім келеді!.. Мұнда келу неткен ақымақтық еді. Мен Харвиға хат жазып, желкенді шағын кемемді дайындап қоюын сұрармын. Сонда өзімді қорғалғандай сезінем. − Неден қорғалғандай, Дориан? Сіздің басыңызға бір бәле төніп тұр ма? Неге үнсізсіз? Сізге қашан да көмектесуге даяр екенімді білесіз ғой. − Гарри, сізге ештеңе де айта алмаймын, − деді Дориан қамығып. − Мүмкін, мұның бәрі менің қиялым ғана шығар. Бағанағы бақытсыздық менің көңіліме кеп тұр. Содан ба, маған да сол тәрізді бірдеңе болатындай сезінем де тұрам.

− Қандай ақымақтық! − Сіздікі дұрыс болса, қуанар едім, бірақ өз-өзіме ештеңе істей алар емеспін. А, міне, герцогиняның өзі де келе жатыр! Ағылшын костюміндегі нағыз Артемиданың өзі. Өзіңіз көріп тұрғандай, біз қайтып оралдық. − Мен бәрін естідім, мистер Грей, − деді герцогиня. − Байғұс Джефридің көңіл-күйі мүлдем жоқ. Елдің айтуынша, сіз сол қоянды атпауды сұрапсыз ғой. Қандай қызық құбылыс! − Иә, өте қызық. Мұны не үшін айтқанымды өзім де білмеймін. Жай аузымнан шығып кеткен болар. Қоян сондай сүйкімді еді... Дегенмен, оның сіздерге бұл оқиғаны айтып бергені өкінішті. Сұмдық оқиға... − Орынсыз оқиға, − деп түзетіп қойды лорд Генри. − Әрі жантану тұрғысынан еш қызықсыз. Әгәрәки, Джефри әдейі өлтірсе, сонда қызығырақ болатынында дау жоқ! Нағыз қанқұмармен кездескенді мен жеккөрмес едім! − Гарри, сіздің жаныңызда тұру мүмкін емес, − деп қалды герцогиня. − Солай емес пе, мистер Грей?... ОҺ, Гарри, мистер Грейдің өңі тағы да бұзылып тұр, өзін нашар сезініп тұр ғой деймін! Ол қазір құлайды!

Дориан есін әрең жиып, зорлана күлімдеді. − Бұл жай әшейін, герцогиня, алаң болмаңыз. Жүйкем әбден жұқарып жүр, содан ғана. Бүгіндікке көп жүріп қойдым ғой деймін... Гарри есіңізді шығарардай тағы не айтты? Тағы да кекесіннің уытын жіберген болар? Маған сосын айтып берерсіз. Ал қазір, сіздер мені кешіріңіздер, менің барып дем алып алғаным дұрыс болар. Олар кең баспалдақтардың алдына келіп тоқтады. Дориан ішке енген соң, әйнектен жасалған есіктер жабылды. Сол-ақ екен, лорд Генри бұрылып, терең көздерімен герцогиняға тура қарады.

− Сіз оған ес-түссіз ғашықсыз ба? − деп сұрады ол.
Герцогиня ойланып, біраз үнсіз қалды.
− Осыны өзім де білгім келеді, − деді ол ақыры.
Лорд Генри басын шайқады.

− Білім махаббатпен араласып кетсе біреудің басын алып тынады. Тек белгісіздік қана бізді үнсіздікке тартады. Тұман түскенде, бәрі сондай ерекше болып көрінеді, солай емес пе.

− Бірақ тұман жолдан адастырады.
− Аһ, қымбатты Гледис, барлық жолдың мұраты біреу.
− Ол не сонда?
− Көңілдің қалуы.

− Менің өмірім осыдан басталған-тын, − деді күрсінген герцогиня.
− Ол сізге герцог тәжін киіп келді.
− Мені құлпынай жапырақтары жалықтырып жіберді.
− Бірақ сіз оны басыңызды тік көтере киіп жүрсіз ғой.

− Тек көрер көзге ғана.
− Байқаңыз, онсыз сізге қиын болады!
− Ол үнемі менің жанымда болады.
− Бірақ Монмауттың да құлағы бар.

− Кәрілік бірінші құлақты жейді екен.
− Шынымен де, ешқашан қызғанбай ма?
− Жоқ. Ең болмағанда бір рет сөйтсе ғой.
Лорд Генри бірдеңені іздегендей, жан-жағына көз тастады.

− Нені қарайлап жатырсыз? − деді герцогиня.
− Қылышыңыздың қынабын. Сіз оны жоғалтып алған тәріздісіз.
Герцогиня қарқылдап күліп жіберді.
− Бірақ, бетпердем өзімде.

− Оның ойығынан, көздеріңіз одан сайын әдемі болып көрінеді, − деді лорд. Герцогиня тағы да күліп жіберді. Маржандай ұсақ ақ тістері алқызыл еріндерінің арасынан жарқ ете қалды. Ал жоғарғы қабатта, жатын бөлмесінде, төсек тартып Дориан жатыр еді. Бар бойы қорқыныштан селк-селк етеді. Өмір сүріп жүргеніне өкіне бастады. Анау бір көктен түскендей топ ете қалған даңғазашының өлімі, мұның да ит өліммен өлетініне берілген хабар сынды боп көрінді оған. Лорд Генридің кекесінді қалжыңмен айтқан сөздерін естігенде, құлап қала жаздады. Сағат бесте ол қызметшісін шақыртып, оған киімдерін жинап, күймені сегіз жарымға дайын қылуға әмір берді. Өйткені, кешкі пойызбен Лондонға қайтады. Ол Селбиде енді бір түнге де қалмаймын деп шешті. Осы бір өлім аралап, жеріне адам қаны төгілген мекенде енді бір минутқа да қала алмайтындай көрінді. Ол лорд Генриге өзінің тез арада Лондондағы дәрігеріне көрінуі қажет екенін айтып, әрі қайтып оралғанша қонақтардың жайын өзі ойластыруын сұрап хат жазды. Хатты бітіре бергенде есік қағылып, лакей кірді де, бас даңғазашы келіп тұрғанын хабарлады. Дориан қабағын түйіп, ернін тістеледі.

− Кірсін, − деді ол бір минуттай ойланып тұрып.

Даңғазашы кіріп келісімен-ақ, Дориан суырмадан түбіртек кітапшасын алды да, алдына қойды − Сіз ана бақытсыз жағдаятқа байланысты келген боларсыз, Торнтон? − деді ол қаламын алып жатып.

− Дәл солай, сэр, − деді даңғазашы. − Не болды, ол байғұстың әйелі, бала-шағасы бар ма еді? − деп сұрады Дориан басын көтермеген күйінде. − Солай болса, онда мен ақша бөлермін. Қанша керек деп ойлайсыз? − Бұл адамның кім екенін білмейміз, сэр. Сізге сол үшін келуіме тура келді, сэр... − Кім екенін білмейсіз бе? − деді таңданған Дориан сұрағын қайталай. − Қалай? Ол адам сіздердің араларыңыздан емес пе?

− Жоқ, сэр. Оны бірінші рет көруім. Өзі матрос қой деймін, сэр.
Дорианның қолындағы қаламы түсіп кетті. Жүрегі тоқтап қала жаздады.
− Матрос? − деді ол қайталай. − Сіз матрос дедіңіз бе?

− Иә, сэр. Барлық заттарынан солай екені көрініп тұр. Екі қолында да инемен жазылған суреттер бар екен... тағысын тағылар... − Жанынан бірдеңе таптыңдар ма? − Дориан еңкейіп, оған бетін тақата әрі тура қарап. − Аты-жөні жазылған қандайда бір құжаттарды айтам? − Жоқ, сэр. Тек аздаған ақша мен алтыатар тапанша ғана. Ал есімі еш жерде жазылмаған. Жөні дұрыс адам болса керек, бірақ қарадан шыққан. Біздіңше, матрос.

Дориан атып тұрды. Бір ессіз үміт жібінің ұшығы көріне кетті.
− Дене қайда? Мен оны дәл қазір көруім керек.
− Ол фермада, сэр. Бос қалған атқорада тұр.

− Фермада ма? Онда дәл қазір сонда барыңыз да, мені күтіңіздер. Адамдардың біріне маған ат әкелсін деп айтыңыз... Жо-жоқ, керек емес. Өзім барам. Осылай тезірек. Жарты сағатқа жетпей Дориан атының құлағынан жел есіп, фермаға апаратын жолда шауып бара жатты. Басын иген қапталдағы ағаштар үнсіз қала берді. Ат басын үйреншікті әдетіне салып, бір рет басқа жаққа бұрып қалып, үстіндегі иесін құлата жаздады. Дориан мойнынан қамшымен осып-осып жіберді. Сол-ақ екен, жебедей атылған ат ауаны тіле ағыза жөнелді. Тұяқтарынан ұшқан тас алысқа түсіп жатты. Ақыры Дориан жетті-ау. Аулада екі жүмысшы жүр екен. Ерден қарғып түскен Дориан жүгенді бірінің қолына тастай берді. Ең түкпірдегі бөлекте от жарығы көрінеді. Ішінен адамның сонда жатқанын сезе қойды. Қадамын тездетті. Бірақ бірден кіре алмады, қазір ол барлық қорқынышынан бір сәтте арылады немесе егер ойлағаны қате болып шықса, тыныштығын мәңгіге жоғалтады. Ақыры, ол есікті жұлқа ашып, кіріп келді. Бұрышта үйіліп жатқан қаптардың үстінде кең жейде мен көк шалбар киген адам жатты. Беті гүлді сиса орамалмен жабылыпты. Жанында шөлмекке тығылған қалың майшам лапылдай жанып тұр. Дорианның орамалды ашуға дәті бармай, дірілдеп кетті. Жұмысшылардың бірін шақырып алды. − Орамалды алыңыз, түрін көргім келеді. − Сөйтті де, өзі құлап қалудан сақтанғандай, босағадан ұстады. Жігіт орамалды алғанда, ол жақындап кеп, өліктің бетіне үңіле түсті. Қуанғаннан айқайлап жіберді. Орманда өлтірілген адам Джеймс Вейн еді! Дориан оған қарап біраз тұрды. Үйге қайтар жолда оның көзі жасқа толы еді. Бұл қуаныш жасы болатын. Ол өлімнен құтқарылды!

XІX

− Бұдан былай жақсы адам болуға тырысам деп маған неге қайталай бересіз? − деді лорд Генри, ақ саусақтарын раушан жапырағы салынған суға салып отырып. − Сіз онсыз да мейлінше жақсысыз. Өтінем, өзгермеңіз.

Дориан басын шайқады. − Жоқ, Гарри, арым жаныма жай таптырар емес. Бұдан былай күнәдан бас тартуға бел будым. Онсыз да бір басыма жетіп артылады. Кешеден бері жақсы істерді бастап та кеттім.

− Сонда кеше қайда болдыңыз?
− Ауылда, Гарри. Онда жалғыз бардым әрі кішкентай асханаға тоқтадым.

− Қымбаттым менің, ауылда барлығымыз да момақан бола аламыз, өйткені онда жаныңды арбар ештеңе жоқ, − деп күліп қойды лорд Генри. − Сол үшін де қаладан тыс тұратын жерлерде өркениет жоқ. Иә, иә, өркениетке жанасу оңай іс емес. Ол үшін екі жолдың бірін таңдауың қажет: мәдениетті немесе ар-ожданнан айырылуды. Ал ауыл тұрғындарына екеуі де алыс. Сондықтан да олар әлемдегі ең мейірімді адамдар. − Мәдениет пен арсыздық, − деп қайталады Дориан. − Мен екеуіне де жақынмын. Қазір екеуі бір-бірінсіз тұра алмайтынын ойлағанда, жүрегім ауырады. Мен енді өзге адамдарға еліктеймін, Гарри. Мен өзгеруге бел шештім. Бойымдағы өзгерісті өзім де сеземін. − Айтпақшы, қандай қайырымды іс істегеніңізді маған әлі айтқан жоқсыз. Әлде біреу емес, бірнешеу ме еді? − деп сұрады лорд Генри, алдындағы құлпынайға қант сеуіп жатып. − Мұны ешкімге айтпас едім, бірақ сізге айтайын. Мен әйел баласын аядым, Гарри. Мұндай жаңалық, әрине, мақтаншақтық болып көрінетін шығар, бірақ менің нені меңзегенімді сіз жақсы түсінесіз, Гарри. Ол өте әдемі әрі Сибила Вейнге ұқсайды. Сол үшін де назар аудартқан шығар өзіне. Сибила есіңізде ме, Гарри? Сол уақыт қандай алыс боп көрінеді, ендігі!.. Сонымен... Гетти, әрине, біздің ортадан емес. Қарапайым ауыл қызы. Бірақ мен оны ақ жүрегіммен сүйіп қалдым. Иә, мұның махаббат екеніне сенімдімін. Бұл жылдағы мамыр айы мен үшін ең бақытты ай болды! Мен оған аптасына екі-үш реттен барып тұрдым. Кеше ол мені бақта қарсы алды, Алма ағашының ақ гүлдері қара шашына төгіледі, өзі сыңғырлай күледі... Біз бүгін таң сыз бере кетуіміз керек болатын. Бірақ, мен оны қандай таза, пәк, сұлу кейпінде кездестірсем, сол күйінде қалдыруға бел байладым... − Жаңа бір сезімнен татқан дәміңіз жаныңызға қуаныш сыйлаған болар, Дориан? − деп бөліп жіберді лорд Генри. − Ал сіздің керемет оқиғаңыздың соңын өзім-ақ аяқтай салайын. Сіз оған бір қайырымды кеңес бердіңіз де, байғұстың жүрегін қарс айырып кете бардыңыз. Сөйтіп мейірбандықтан тұратын өміріңіздің алғашқы қадамын осылай бастадым дегіңіз келеді. − Гарри, қалай ғана осылай деуге аузыңыз барады! Геттидің жүрегі мүлде қарс айырылған жоқ. Әрине, алғашқыда ауыр тиеді, тағысын тағылар. Бірақ, есесіне, ары таза, гүл бағының ішінде гүл жайнаған қалпында қалды ғой. − Ғашығының соңынан жылай-жылай, − деп аяқтады Дорианның сөзін лорд Генри диванға жантайып жатып. Қымбаттым менің, бойыңызда балалықтың нышандары әлі қалыпты! Сіздіңше, әлгі қыз енді өз ортасынан махаббат іздейді деп ойлайсыз ба? Әрине, көшірге ме немесе ауылдың бір шаруа жігітіне күйеуге берер, бірақ, біздің махаббатыңыздың дәмін алған ол, енді ешқашан ол сені сүйе алмайтын болады, өзін де, өзінің күйеуін де жек көріп өтеді. Сіздің ұлы ісіңіз мейірімді іс болды деп айта алман. Бастапқы қадам үшін де бұл жарамайды. Оның үстіне, қайдан білесіз, әлгі Геттиіңіз Офелия сияқты өзін-өзі тұншықтырып, денесі суда қалқып та жүруі ғажап емес. − Тоқтатыңыз, Гарри, сізді тыңдау мүмкін емес! Сіз міндетті түрде бәрін күлкіге айналдырасыз немесе тек трагедияны ғана көресіз! Сізге айтып бергеніме өкініп тұрмын. Не десеңіз де, дұрыс істегеніме сенімдімін. Байғұс Гетти! Бүгін олардың фермасы жанынан өтіп бара жатқанымда, терезеден оның алаулаған ақ жүзін көрдім, бейне жасмин гүлі... Жә, бұл жөнінде енді айтпай-ақ қоялық. Әрі менің көп жылдан бері алғаш рет жасаған, өз-өзімді жеңген ерлік ісімді, ең ауыр қылмыс сынды суреттеуді доғарыңыз. Мен жақсарғым келеді деп айттым ғой. Мен солай жасаймын да... Жақсы, бұл туралы одан арыға бармай-ақ қояйық. Өзіңіз туралы айтыңызшы. Лондонда не болып жатыр? Мен клубта болмағалы қай заман.

− Адамдардың бар әңгімесі Бэзилдің жоқ боп кетуі туралы боп жүр. − Мен оларды бұдан жалығып кеткен болар деп ойласам, − деп қойды Дориан қабағын сәл түйіңкіреп әрі өзіне шарап құйып жатып. − Жоқ, мұныңыз не. Ортаның мұны әңгіме қыла бастағанына тек бір жарым ай ғана болды, сондықтан тақырыпты өзгертуге әлі тым ерте. Мұндай ақылды істерге біздің қоғамның санасы жетпейді емес пе. Дегенмен, қауымға бұл маусымда әңгіме етудің тақырыптары шаш етектен ұсынылды. Мәселенки, менің айырылысуым, Алан Кемпбелдің өзін-өзі өлтіруі, енді міне, суретшінің жоғалып кетуі! Скотланд − Ярдтағылар тоғызыншы қараша күні сұр пальто киген адам Парижге баратын пойызға отырып кетті десе, Париж полициясы ондай адамның мұнда келмегенін айтып әлек. Мүмкін, келесі аптада біз оның Сан-Францискода жүргені туралы еститін шығармыз деп үміттенем. Қызық, солай емес пе, біреу жоқ боп кетсе болды, оны біреулер міндетті түрде Сан-Францискодан көрдік деп айтады. Тамаша қала болар, сондықтан да ана дүниедегілердің бәрі сонда баратын болуы керек! − Ал сіз, Гарри, қалай ойлайсыз, Бэзил қазір қайда? − деп сұрады Дориан, бургунд шарабын жарыққа апарып, түсін қарап жатып. Мұны айтқандағы сабырлылығы мен байсалдылығына өзі де таңданып отыр. − Түсінсем бұйырмасын. Егер Бэзил жасырынбақты жақсы көрсе, тығыла берсін, онда менің не жұмысым бар. Егер өліп қалса, онда тіпті де есіме алғым келмейді. Өлім − мен ойлағым келмейтін жалғыз ғана дүние. Оны жек көрем.

− Неге? − деді еріне тіл қатқан Дориан. − Өйткені, − деді лорд алтындалған кішкене құтыдағы иіссуды мұрнына тақатып жатып, − біздің заманымызда одан басқасының бәріне шыдауға болады. Он тоғызыншы ғасырда әлі түсіндірілмеген екі құбылыс қана бар. Олардың бірі − өлім, ал екіншісі, арсыздық... Келіңіз, кофені концерт залында ішелік, жарай ма, Дориан? Маған сіздің Шопенді ойнағаныңыз қатты ұнайды, соны бір естігім келіп отыр. Менің әйеліммен қашып кеткен әлгі адам Шопенді тамаша ойнайтын. Байғұс Виктория! Оған әбден үйреніп кетіппін, онсыз үйде бір нәрсе жетіспейтіндей. Әрине, отбасылық өмір, жай әшейін әдет, әрі әдет болғанда да жаман әдет екені белгілі. Бірақ қандай жаман болса да, ауру қалса да, әдет қалмайды. Оның үстіне, жаман әдеттен құтылу тіпті қиын ба деп ойлап қалдым. Олар біздің екінші "меніміздің" бір бөлшегіне айналып үлгереді. Дориан ештеңе деп жауап қатпастан, көрші бөлмеге өтті де, рояльға отырды. Ұзын сүйрік саусақтары ақ пен қара араласқан клавиштердің үстімен жорғалап кетті. Бірақ, кофе келгенде, ол кенет тоқтатты да, лорд Генриге бұрылып: − Гарри, сіздің басыңызға Бэзилді өлтіріп кетті деген ой ешқашан келген жоқ па?

Лорд Генри есінеп алды. − Бэзил өте танымал әрі өте арзан сағат тағады. Оны өлтіру кімге пайдалы? Әрі жаулары да жоқ десе болады. Әрине, ол өте дарынды суретші, бірақ Веласкестей жаза тұрып, сұмдық жалықтырып жіберетін адам болуға да әбден болады. Шынына келгенде, Бэзил қашанда жалықтырып жіберетін. Тек бір рет қана ол мені таңғалдырғаны бар. Ол осыдан көп жылдар бұрын сізді керемет жақсы көретінін әрі сіздің өнерде оған жарық жұлдыздай жол көрсететінін айтқанда болған еді. − Мен Бэзилді өте жақсы көретінмін, − деді ауыр күрсінген Дориан. − Демек, оны өлтіріп кетті деп ешкім айтып жүрмеген болып шықты ғой? − Кейбір газеттерден осы жөнінде оқығаным бар. Өз басым сенбеймін. Парижде, әрине бірнеше күдікті жерлер бар, бірақ олай қарай Бэзилдің аттап басуының өзі екіталай. Ол ештеңеге ешқашан қызықпайтын, жаңа дүниенің дәмін татуға ынтықпайтын, мұнысы ең басты кемшілігі. − Ал егер Бэзилді өлтірген мен деп сізге мойындасам, Гарри, не істер едіңіз?

Осыны айтып отырып Дориан лорд Генридің жүзіне барлай қарады. − Сіз өз рөліңізден ауып, өзге біреудің ролін ойнамаққа тырысып отырсыз деп айтар едім. Кез келген қылмыс қарадүрсіндік, кез келген қарадүрсіндік қылмыс сынды. Сіз, Дориан, адам өлтіре алмас едіңіз. Әрине, сіздің меніңізді кемсітіп отырғаным емес, бірақ шыным сол, мұндай іс сіздің қолыңыздан келмес еді. Қылмыскерлер тек қана төменгі ортадан шығады. Әрі мен оларды тіпті де жамандап тұрғаным жоқ. Олар үшін қылмыс, біз үшін өнер сияқты орында ма деп ойлаймын. Адам үнемі сезінуі тиіс сезімдерді беретін жол ғана. − Күшті сезімдерді сезіну, қанағат табу үшін ғана істелетін іс қана дейсіз бе? Демек, бұған бір рет барған адам тағы да бара ма? Қойыңыз, Гарри! − О, кез келген нәрседен тоят табуға болады, тек оның бәрі кейін әдетке айналады, − деп күліп қойды Гарри. − Бұл − өмірдің басты заңдылықтарының бірі. Қалай айтсақ та, адам өлтіру қашанда дұрыс болған емес. Адамдармен түскі астан соң да әңгіме етуге болмайтын нәрселерді жасауға тіпті де болмайды... Жә, байғұс Бэзил туралы осымен қоялық. Оның ақыры, сіз айтқандай, қиялға толы болған болар деп үміттенем. Бірақ, сонда да сенгім жоқ. Одан гөрі ол омнибустан Сенаға құлап кеткен болар, ал билет сатушысы қиындық тудырмау үшін үндемей қалған шығар. Иә, иә, мен осылай ойлағым келеді. Ал қазір ол Сенаның балдыр татыған жасыл суының түбінде. Үстінен ауыр қара баржалар гүрілдеп өтіп, шашына ұзын балдырлар жабысып қалған күйінде жатқан болар... Білесіз бе, Дориан, ендігі ол бейнелеу өнерінің үздік туындыларын әкелмес те еді деп ойлаймын. Оның соңғы жұмыстары алдыңғыларымен салыстыруға да келмейді. Дориан күрсінді де қойды. Ал лорд Генри бұрыштан-бұрышқа аяғын санап басып, бамбук торда отырған сирек кездесетін яван тотықұсын басынан сипады. Оның саусақтары қанаттары сүр, басында алқызыл айдары бар ірі құстың арқасына тиісімен, анау түйілген қабағын жазып, қара мөлдір көздері ары-бері жүгіріп кетті. − Иә, − деп жалғастырды сөзін лорд Генри, Дорианға бұрылып, әрі қалтасынан қолорамалын алып жатып. − Бэзилдің соңғы картиналары бұрынғысынан нашар шыға бастаған-тын. Оларда бір нәрсе жетіспейтін. Бэзилдің өз идеалынан көңілі қалған болар. Сізбен дос болғанда, ол ұлы суретші болатын. Сосын бәрі бітті. Неліктен сөйлеспей кеттіңіздер? Ол сізді жалықтырып жіберген болар? Осылай болса, онда, Бэзил сізге мұны кешпейді, өйткені барлық жалықтырып жіберетін адамдар табиғатынан сондай. Айтпақшы, сіздің тамаша портретіңізбен не болды? Мен оны, ұмытпасам, Бэзил аяқтағаннан бері бірде-бір рет көрген жоқпын ғой деймін... А, сіз оны Селбидегі үйге жіберген жолда ұрланды дедіңіз бе, әлде жоғалып кетті дедіңіз бе, сондай бірдеңе болғаны жөнінде айтқаныңызды есіме түсіріп отырмын. Сонымен, табылды ма өзі? Өкінішті, солай емес пе! Ол нағыз біртума болатын. Оны сатып алғым келгені де есімде. Солай етпегеніме қатты өкінем. Портретті Бэзил шабыты шарықтап тұрған кезінде жазған болатын. Кейінгі картиналары нашар жұмыс пен жақсы ниеттен құралған жұмыстар болатын, кәдуілгі, ештеңесімен ерекшеленбейтін ағылшын өнерінің туындылары... Ал сіз жоғалғаны туралы газетке хабар бердіңіз бе? Осылай ету керек еді. − Ендігі есімде де жоқ,− деп жауап берді Дориан. − Мүмкін берген де шығармын. Жә, қойшы сол портретті! Негізінде сол портрет маған ешқашан ұнаған емес, әрі соны салдырғаныма әлі де өкінемін. Ол туралы есіме түсіргім де келмейді. Соны не мақсатпен есіме салып отырсыз? Білесіз бе, Гарри, сол портретке көзім түсіп кетсе болғаны, бір пьесадағы мына бір өлең шумағы есіме орала кетеді, "Гамлеттен" ғой деймін... Қалай еді?..

Қайғының белгісі тәрізді
Қан-сөлсіз сол ұсқын.
Иә, дәл осы жолдар оны тура суреттейді.
Лорд Генри күліп жіберді.

− Өмірге суретші сынды қарайтын адамның жаны да, тәні де миға бағынады, − деді ол креслоға отырып жатып.

Дориан келіспегендей басын шайқады да, рояльда ақырын ойнап кетті.
Қайғының белгісі тәрізді
Қан-сөлсіз сол ұсқын, -
деп қайталады ол

Лорд Генри шалқая түсіп, көзінің қиығымен оны бақылап отыр. − Ал негізінде, Дориан, − деді ол, біраз үнсіз отырып. − Бар әлемнің алақанында тұрғаны не керек, егер адам несін жоғалтса?.. Иә, егер адам жанын жоғалтса?

Музыка кенет тоқтады. Дориан дір етіп, досына бажырая қарады.
− Маған неге мұндай сұрақ қойдыңыз, Гарри?

− Қымбаттым менің, сұраған себебім, жауап күткендігімнен ғана, бар болғаны сол, − деді лорд Генри қабағын таңдана көтеріп,− Жексенбі күні мен саябақ арқылы өткен едім, сонда мәрмәр арканың түбінде бір топ қаратабан жиылып, бір шешенсымақ діндарды тыңдап тұр екен. Мен жанынан өткенде, ол тура осы фразаны айтты. Сол сәтте, оның осыны айтқандағы дауысы мені таңдандырғаны рас... Лондонда мұндай сахналарды көптеп кездестіруге болады... Өзіңіз елестетіңізші, жаңбыр құйып тұрған жексенбі, сөлбірейген макинтошы бар христиан жауын астында беріле сөз сөйлеп тұр, ұлысы бар, кішісі бар қисық-қисық суқағарларын көтерген қара халық суыққа қарамай оны тыңдайды, бәрі бір деммен дем алады, сол сәтте осы тіркес ауаны жарып өтеді. Шыны керек, бұл көрініс жүрегіңді дір еткізбей қоймайтынын мойындау керек. Мен сол пайғамбарсымаққа жанның тек өнерде ғана болатынын, ал адамда оның атымен жоқ екенін айтқым келді. Бірақ, түсінбей қала ма деп қорықтым. − Олай демеңіз, Гарри! Адамда жан бар әрі бұл тұп − тура рас нәрсе. Оны сатып алуға, айырбастауға, сатуға болады. Оны құрдымға тастауға немесе құтқаруға болады. Ол бәрімізде бар. Мен мұны білемін.

− Сіздің бұған көзіңіз анық жете ме, Дориан?
− Бұдан анық ештеңені де білмеймін.

− Олай болса, бұныңыз жай ғана иллюзия. Неге қатты сенсеңіз, өмірде жоқ нәрсе боп шығады, ақырында. Дін мен махаббаттың табиғаты да осындай. О, Құдайым − ау, Дориан, түріңіз неге соншалықты бұзылып кеткен! Қойыңыз! Біздің заманымыздың ырымшылдығы жөнінде ары қарай сөз қозғамай-ақ қоялық! Жоқ, жанның бар екеніне сенетін кез өтті. Одан да ойнаңыз, Дориан! Тағы бір ноктюрн ойнаңызшы, әрі музыка үстінде ақырын ғана маған жас қалпыңызды қалай сақтап қалғаныңыз жөнінде айтып беріңіз. Сіз бір құпияны білесіз, солай емес пе. Мен сізден он жастай ғана үлкенмін, бірақ қараңыз, бетімді әжім басып, терім сарғайып, қартая бастадым! Ал сіз көз тартасыз, Дориан. Бүгін бұрынғыңыздан да сұлуланып кетіпсіз. Сізге қарап отырып, алғаш кездескен күн есіме оралады. Сіз өте ұяң, бірақ сол сәтте өте батыл, әрі тамаша жас бозбала болатынсыз. Жылдар өте, сіз, әрине өзгердіңіз, бірақ сырт келбетіңізге қылау да түскен жоқ. Сіздің құпияңызды білгім келеді! Жастығымды қайтарып алу үшін мен бәрін де жасар едім, тек ерте тұрып жаттығу жасау немесе қайырымдылықпен айналысу керек дей көрмеңіз. Жастық! Онымен не теңесе алады? Жастықты "тәжірибесіздік пен ақылсыздық" деп атайтындар қандай ақымақтар! Мен өзімнен көп кішілердің ғана ойларын құрметтеймін. Жастар біздің алдымызға баяғыда шығып кеткен. Ең тамаша сыйларын өмір соларға тартатын болады. Ал қарттарға үнемі қарсы шығамын. Мұны әдейі істеймін десем де болады. Олардан кеше ғана болған оқиға туралы ойларын сұраңызшы, тамақтарын кенеп алып, осыдан бәленбай жыл бұрын, бір мың сегіз жүз жиырмасыншы жылдары билік құрған идеяларға сүйеніп, еркектер ұзын шұлық киіп, адамдар барлығына құдайдай сеніп, бірақ ештеңені анық білмейтін кездегі ойларын айта жөнеледі дерсің... Қандай тамаша дүние ойнап отырсыз! Қиялға толы екен. Шопен мұны теңіз ашуланып, Майоркадағы вилласының терезесін толқын соғып жатқанда отырып жазғандай. Осындай, ешкім де еліктей алмайтын тамаша өнер түрі бар болғаны қандай жақсы! Ойнаңыз, ойнаңыз, Дориан, бүгін мен тек музыка тыңдағым келеді!.. Сізді жас Аполлон, ал өзімді Марсий деп елестетейін. Менің сізге де айтпайтын, өз жаныма да ауыр тиетін сырларым бар, Дориан. Кәріліктің трагедиясының өзі сенің қартайғаныңда емес, жаныңның мәңгі жас боп қала беретінінде... Мен кейде өзімнің тым ашық ойларыма өзім де таңғалам. Аһ, Дориан, сіз қандай бақыттысыз! Өміріңіз қандай тамаша! Сіз бәрін көрдіңіз, білдіңіз, жүзімді үзгендей ең тәттісін аузыңызға салдыңыз, шырынын бал арадай қанып сордыңыз. Өмір сізден ештеңесін аяп, жасырып қалмады. Оның бар қырын сіз тәтті әуендей ғана қабылдадыңыз, сондықтан да өңіңіз бұзылмады. Сіз сол қалпыңыздасыз.

− Жоқ, Гарри, мен бұрынғыдай емеспін. − Ал мен сол күйіңіздесіз деймін. Қызық, ары қарай өміріңіз қалай болады екен. Тек оны тәубеме түсем деп бұзбаңыз, өтінем. Байқаңыз, байғұс адамға айналып кетпеңіз. Сіз қазір бабыңызда тұрсыз. Оны өзіңіз де білесіз. Оның үстіне, өзіңізді босқа алдамаңыз, Дориан, сіздің өміріңізді сіздің мықтылығыңыз бен мақсаттарыңыз басқармайды. Сіздің өміріңіз жүйке талшықтарына, ағзамыздың ерекшеліктеріне, ақырындап дамып жатқан жасушаларға, онда жасырынып жатқан ойлар мен армандарға, желік сезімдерге тәуелді. Сіз, мүмкін, өзіңізді мықтымын деп ойлап, ешқандай қиындықтардан қорықпаймын дейтін де шығарсыз. Ал бір күні таңертең көзіңізді ашқанда бөлмедегі ойнақ салған күннің алғашқы сәулелері, таңғы аспанның түсі, бір кездері қатты ұнататын әрі есіңізге бір оқиғаларды еріксіз түсіретін иіс, аяқастынан есіңізге түсе қалған өлең жолдары, − міне, осындай дүниелер басқарады адам өмірін, сіздің өміріңіздің ары қарай қалай жалғасатыны да осындай ұсақ заттарға байланысты, Дориан! Бұл жөнінде Браунинг те жазып өтеді. Ал біздің оз басымыздан өткен нақты оқиғалар осыны дәлелдей түседі. Мен өзім, кейде ақ жұпаргүлдің иісін сезе қалсам болды, есіме жастық шағымның бір тамаша айы түсе кетеді. Аһ, Дориан, мен сізбен орын ауыстыра алсам ғой, шіркін! Адамдар екеуміздің де қылықтарымыз бен өмірімізді ұнатпағанмен, іштей сізді бәрібір жақсы көреді, әрі әрқашан жақсы көріп өтетін болады. Сіз біздің заманымызға керек, әрі бүкіл әлем іздеген адамсыз... әрі өзі тапқанына қорқады да. Мен, сіздің қандай да бір мүсінші болмағаныңызға немесе керемет картина жазбағаныңызға өте қуанам, өзіңізден асып ешқайда кетпедіңіз. Сіздің өнеріңіз өмір сүру болды. Сіз өзіңіз-ақ музыканың ноталарысыз. Өміріңіздің әр күні бір-бір сыңғырлы нота.

Дориан рояль басынан тұрды да, қолымен шашын салалады. − Иә, менің өмірім тамаша болды. Бірақ бұдан бұлай осындай ғұмыр кешкім келмейді, − деді ол сыбырлап. − Бұдан былай мұндай ауа жайылған ессіз сөздерді де естігім келмейтін керең болғым келеді, Гарри! Сіз мен жөнінде бәрін білмейсіз. Егер солай бола қалса, сіз де менен теріс айналарыңыз кәміл. Күлесіз бе? Оһ, күлмеңіз, Гарри! − Неге тоқтап қалдыңыз, Дориан? Отырып, осы бір ноктюрнді тағы бір ойнап беріңізші маған. Қараңызшы, қараңғы аспанды тіліп жарық ай жүзіп барады. Ол сіздің музыкаңызды күтіп тұр, соның сыңғырымен арбалып, жерге жақын келгісі келеді... Ойнағыңыз келмей ме? Онда жүріңіз клубқа. Біздің кешіміз бүгін тамаша өтті, соңы да солай болуы керек. Клубта сізбен танысқысы келетін бір жас жігіт күтіп отыр. Ол лорд Пул, Борнмауттың үлкен ұлы. Ол ендігі сіздің бар мойынтағыңыздың нұсқаларын жасап алыпты, әрі сізбен таныстыр деп жалбарынған болатын. Сүп-сүйкімді жас бозбала, кішкене сізге де ұқсастығы бар. − Олай емес шығар деп үміттенем, − деді Дориан, сөйтті де көздері мұңға толды. − Мен шаршадым, Гарри, клубқа бармаймын. Сағат он бір боп қалыпты, ертерек жатып ұйықтайын деп едім. − Сәл қала тұрыңызшы, Дориан. Сіз бүгін керемет ойнадыңыз. Музыканың әсемдігі соншалық, талай рет естісем де, дәл бүгінгідей әсерлендірген емес. − Өйткені мен түзелуге бет бұрдым, − деді Дориан жымиып. − Сәл де болса бір қадам алға жылжыған болармын. − Тек маған деген көңіліңіз өзгермесе болғаны, Дориан! Біз сізбен мәңгіге дос болып қаламыз. − Бірақ, сіз мені бірде кітаппен улағансыз, Гарри, мұны сізге ешқашан кешпеймін. Ендігі оны ешкімге бермеймін деп уәде етіңіз. Ол арсыз кітап. − Қымбаттым менің, сіз, шынында да, ақылгөй болып барасыз ба деп қалдым! Көп ұзамай-ақ өзіңіз жасаған бар күнәны адамдарға жасама деп кеңес берушіге айналарсыз. Жоқ, бұл үшін олай жасау сізге жараспайды! Әрі бұдан түк те шықпайды да. Қандай болдық, сондай болып қаламыз бәріміз. Ал сізді кітаппен "улау" деген бос сөз. Ондай болмайды. Өнер адамның ісіне эсер етпейді, керісінше, ол адамның іс істеуге деген ұмтылысын айқындап берді. Оның ешқандай әсері жоқ десе де болады. Ал сіз айтып отырған "арсыз" кітаптар, әлемге өзінің кемшін тұстарын көрсететін куәгерлер ғана, міне, бар болғаны сол Бірақ, дәл қазір әдебиет туралы сөз таластырып жатпай-ақ қоялықшы! Ертең маған қонаққа келіңіз, Дориан. Сағат он бірде мен атпен қыдырыстауға шығам, сонда бірге баралық. Сосын асқа леди Бренксамдікіне барамыз. Сол бір сүйкімді де сұлу әйел сізбен сатып алайын деп жатқан гобеллендері туралы кеңескісі келеді. Байқаңыз, кешікпеңіз!.. Әлде кішкентай герцогинямызға барайық па? Ол сізге мүлдем келмей кетті деп өкпелеп жүр. Мүмкін, Гледис сізді жалықтырып жіберген болар? Мен осылай болатынын білгем. Оның ақылды тіркестері жүйкеге тиеді. Не болса да сағат он бірлерге қарай келіңіз.

− Міндетті түрде келгенімді қалайсыз ба, Гарри? − Әрине. Қазір саябаққа жетер жер жоқ! Бұл жылы жұпаргүлдің қаулай өскені сонша, мұндайды сізбен алғаш кездескен жылдың көктемінде ғана көргем.

− Жақсы, келем. Қайырлы түн, Гарри.

Есікке жеткенде Дориан кілт тоқтады да, бірдеңе айтпаққа ниеттенді. Бірақ, тек ауыр күрсінді де кете барды.

XX

Кеш тамаша болатын, Дориан пальтосын кимей, қолына іліп алды. Тіпті жібек орамалымен мойнын да ораған жоқ. Папирос тұтатып, көшеде жайбарақат кетіп бара жатқан жерінен, фрак киген екі жас жігіт қуып жетіп, жанай озды. Ол біреуінің ақырын ғана екіншісіне: "Қара, мынау Дориан Грей", − дегенін естіді. Сол сәт Дориан, нұрын, адамдар осылай көрсетіп, көздері талмай қарағандарын, сөз қылғанын ұнататынын есіне алды. Ал қазір ше? Өз атын үнемі естуден жалықты. Сондағы оның ауылға жиі барғыштап жүргені де осыған байланысты еді, онда мұны ешкім де білмейтін. Өзін сүйіп қалған жас қызға да өзін кедей баласымын деп таныстырған-тын. Ол соған сенді. Бірде Дориан оған ашылып, өзінің өткен өмірде сұмдық арсыз істер жасағанын айтқан еді. Сонда күз күліп, ондай адамдар қашанда сұрықсыз, кәрі болады деген-тін. Күлкісі қандай, сыңғырлап тұр! Сиса көйлегі қылша белін қынап, жиегі кең шляпасы кішкентай ғана басына жарасым тауып қона кеткен! Сол бір қарапайым, оқымаған жас қыз бұл баяғыда жоғалтқан бар дүниеге ие. Үйге келісімен, Дориан мұны күтіп ұйықтамай отырған лакейді босатты. Сосын кітапханаға кіріп, диванға жантая кетті. Сөйтіп бүгін лорд Генриден естіген сөздеріне ой жүгірте бастады. Бар қуатын салса да, адамның өзгере алмайтыны, шынымен де, рас па сонда? Осы сәт, Дориан ешқашанда ештеңені сағынбағандай, бозбала шағының тазалығын аңсады, бірде оны лорд Генридің дәл өзі "гүл жарған жастық" деп атаған болатын. Әрі ол өзінің оны аяққа таптағанын, жанын кірлеткенін, ойының қараңғы тұстарының дамуына жол бергенін, әрі мұның өзгелердің өмірін құртуға сеп болғанын, әрі өзінің осыдан адам айтқысыз ләззат алғанын сезінді. Онымен өмір жолы түйіскендердің ішіндегі ең тазасы да, пәгі де мұныкі еді, өмірінің бәрі алда еді, бірақ ол оны лақтыра салды. Шынымен де, бұл қателікті жөндеуге болмай ма, сонда? Шынымен де, бәрінің біткені ме? О, сол қарғыс атқан сәтте тәкаппарлыққа мойын беріп, қанағатсыздыққа ұрынып, портреттің оның күнәларын көтеріп, ал өзі жастығын мәңгі сақтап қалса екен деп неге ғана тіледі! Сол сәтте өмірін аяққа таптады. Одан да, әр күнәсының артынан тартқан жазасы анағұрлым жеңілірек болар еді ғой. Жазада тазалық бар. "Күнәларымыз үшін кешіре гөр" емес, "Күнәларымыз үшін жазалай гөр" болуы керек, адамның Құдайға жалбарынғандағы дұға сөздері. Үстел үстінде, бір кездері лорд Генри сыйға тартқан айна жатыр еді. Ернеулерін ұстап тұрған, тамаша шеберлікпен ойылған, сүйрік саусақты купидондары бұрынғысынша адамға күле қарайды. Дориан оны, алғаш рет портреттегі өзгерісті байқаған қасіретті түндегідей қолына алды да, бетіне жас толған көздерін қадады. Бірде, ессіз сүйген біреу оған хатында былай деп жазып еді: "Әлем өзгеріп кетті, өйткені оған сіз келдіңіз, сіз, піл сүйегінен ойылып, алтынмен апталған біртумасыз" делінген-тін. Осы бір өзіне арналып, адамдарды өзіне табындырған сөздерді дәл қазір есіне алып, қайта-қайта күбірледі. Бірақ, келесі сәтте-ақ оған өзінің сұлулығы жеркенішті көрініп кетті. Ол айнаны лақтырып жіберді де, сынықтарын тақасымен өшіге таптады. Осы сұлулығы оны жарға итерді, сұлулығы мен өзі тілеп алған мәңгілік жастығы оның өмірін құртты! Егер осылар болмаса, өмірі ластанбас еді. Сұлулық тек бетперде, ал жастығы жай ғана күлкі болып шықты. Керемет деген Жастық не сонда? Қанаты жетілмегендік, аңқаулық, селк етпе сезімдер, алдамшы көріністер мен ақылдан алыс жатқан ойлар мезгілі емес пе. Оның әдемі киімдерін өмір бойы киіп жүрудің не кереметтігі бар? Иә, жастығы өзіне жау боп тиді. Өткенді ойламаған жөн болар. Енді, бәрібір, ештеңені өзгерте алмайсың. Одан да болашақтың қамын ойлаған дұрыс. Джеймс Вейннің басында бір белгісі де жоқ, Селбидегі қорымда жатыр. Алан Кемпбел өзінің қалауына қарсы болса да білуге тура келген құпияны ішіне сақтаған күйі, ақыры шыдамай, өзін-өзі өлтіріп тынды. Бэзил Холлуордтың жоғалғаны туралы сөз жақында бітеді, ел құлағы ақырындап тынышталып келеді. Демек, ешқандай қауіп жоқ. Дорианды Бэзил Холлуордтың өлімі еш уайымға салып тұрған жоқ, оны уайымға салып тұрған өз жанының өлімі еді, тірі денедегі өлі жаны еді жегідей жеп тұрған. Бэзил мұның өмірінің астан-кестеңін шығарған портретті жазды, ал Дориан бұны кешіре алмады. Өйткені, бәріне кінәлі сол портрет емес пе еді! Оның үстіне, Бэзил оған қайдағы жоқты айтты, бұл оның бәрін көтерді ғой... Ал қылмыс? Ол адамды есі ауған шақта өлтірді, ол үшін кінәлі ме екен? Алан Кемпбел ше? Алан өзін өлтірсе, онда тұрған не бар? Бұл оның өз басының жұмысы, қалауы сол болса қайтеді. Бұған Дорианның қандай қатысы бар? Жаңа өмір! Жаңа бастаудан басталған өмір, міне, бар қалайтыны осы Дорианның! Ол осы өмірдің басталып кеткеніне өзін-өзі сендіруге тырысты. Қалай болғанда да, ол қызды сақтап қалды ғой. Бұдан былай таза суды лайламайтын болады. Шыншыл өмір сүретін болады. Гетти Мертонды есіне алғанда, оның ойына кілттеніп тұрған бөлмедегі портрет түсті. Мүмкін, оның келбетінде жақсы жағына қарай өзгеріс те пайда болған болар? Иә, иә, ендігі, бет-әлпеті бұрынғыдай адам көргісіз емес шығар. Ал егер, мұның, Дорианның өмірі тазарса, оның да өңіндегі зұлым тыртықтар жазылып, өз қалпына қайта келер? Ал олар ендігі жоғалып та кетсе ше? Барып көріп келу керек. Ол шамды алып, ақырын басып, жоғарыға қарай кетті. Есікті ашып жатқанда жап-жас, тап-таза жүзіне қуанышты күлкі жүгіріп, езуінде тұнып қалды. Иә, ол енді өзгереді, ал анау, елдің көзінен тығып ұстайтын сұм портрет енді мұны шошындырмайтын болады. Ол иығынан ауыр тас түскендей жеңілейіп қалды. Аяғын ақырын басып ішке енді, артынан есікті кілттеп жапты. Сөйтті де портреттен көгілдір жапқышты жұлып алды. Қасіретке толы жанайқайы еркінен тыс шықты. Ешбір өзгеріссіз тұр! Тек көздері бұрынғысынан да қулыққа тұнып, еріндері кекесінді күлкімен жымия қалыпты. Портреттегі адам бұрынғысынан да жеркенішті, ал қолындағы қан дағы одан сайын алқызылданып, жалқынданып кетіпті. Дорианның денесін діріл басып кетті. Демек, өмірінде жасаған жалғыз жақсылығының өзін ол менмендігінің арқасында, өз-өзін алдау үшін ғана жасаған болып шықты ғой? Әлде, лорд Генри айтқандай, жаңа бір сезімдердің дәмін татуға тіленгендігінен ғана жасады ма екен мұны? Әлде, өзімізді жақсы көрсету үшін ғана, өзіміздің шамамыздан тыс нәрселерді жасауға итермелейтін күш жасатты ма екен мұны? Әлде мұның бәрі араласып кетті ме? Ал қолындағы қан дағы неліктен үлкейе түскен? Ол әжім басқан саусақтарын толығымен жуып кетіпті... Қан аяғына да жайылыпты, қолынан тамды ма екен? Ол Бэзилді өлтіргенде, пышақ ұстамаған қолын да қан жуып кетіпті. Не істеу керек? Демек, қылмысын мойындау керек болар? Мойындау? Полицияға барып, өлімге бас тігу? Дориан қарқылдап күлді. Қандай жабайы ой! Тіпті мойындаған күнде де, оған кім сенеді? Бірде-бір із қалған жоқ, өлтірілген адамның бар киімі мен заттарын Дориан төменгі қабаттағы кітапханада өз қолымен өртеп жіберген. Адамдар оны есінен адасқан деп ойлайтын болады. Ал ол өз-өзін айыптауын қоймаса, оны жындыханаға тапсырады... Бірақ, мойнындағы парызы одан мойындауды, қылмысы үшін жаза алып, ел алдында жауап беруге міндеттейді ғой. Құдай бар, ал ол адамның оз кінәлары үшін аспан мен жер арасында жауап беріп, мойындауын талап етеді. Одан басқа, кінәсын ашық түрде мойындағаннан өзге ештеңе де, оны, Дорианды тазартпайды... Арылтпайды!.. Қылмыс? Ол иығын көтерді. Бэзил Холлуордтың өлімі ол үшін түкке тұрмайтындай боп көрініп кетті. Ол Гетти Мертонды ойлады. Жоқ, мына портрет, өзінің жандүниесінің айнасы, өтірік айтып тұр! Тәкаппарлық? Құмарлық? Екіжүзділік? Шынымен де оның жақсы ісінің түрткісі болған осы сезімдер ғана ма? Жалған, оның сезімінде бұдан зор дүниелер болғанын өзі біледі! Өзіне осылай көрінгендей болды. Бірақ, кім біледі... Жоқ, басқа ештеңе болған жоқ. Ол Геттиді тек тәкаппарлығына басып қана аман қалдырды. Өзінің екіжүзділігінің арқасында, қайырымды адамның бетпердесін киді. Құмарлығының арқасында, мейірімді істен кейінгі сезімнің де дәмін татқысы келді. Енді ол мұны анық түсінді. Ал ана өлім? Ол сонда мұны өмір бойы қинап өте ме? Мүмкін, шынымен де, мойындау керек шығар?.. Жоқ, ешқашан! Оған қарсы, тек бір ғана, жалғыз ғана айғақ бар, оның өзінде ұшығын ұстауы қиын айғақ, ол Портрет. Онда оның да көзін құрту керек! Соншалықты ұзақ уақыт не үшін сақтады екен өзін? Бұрын оған портреттің өзінің орнына қартайып, сұрықсызданып бара жатқанына қарау ләззат беретін, қазір ондай ештеңе де сезінбейді. Портрет оның ұйқысының тыныштығын ұрлады. Лондоннан кеткенде де, оны біреу-міреу көріп қойды ма екен деп, есі шығып отырады. Портрет есіне түскенде, талай рет қуанышты жүзі мұңға батып, желік сезімі су сепкендей басылған-ды. Бұл портрет оның арының бейнесі ғой. Иә, сондықтан да, оның көзін құрту керек. Дориан жан-жағына қарады да, пышақты көрді. Бұл Бэзилді өлтірген пышақ болатын, бірақ бірде-бір дақ жоқ, тазаланған, көз шағылыстырады. Бұл пышақ суретшінің де түбіне жеткен, ендігі кезекте оның туындысы тұрса несі бар, сонымен бәрі бітсін. Ол өткенді өлтіреді, өткен өшсе, Дориан бостандық алады! Ол жанының портреттегі ақылға сыйымсыз өмірін тоқтатады, сонда оның бар сұмпайы үрейлерімен қоштасады, сөйтіп жаны тыныштық табады.

Дориан пышақты жұлып алды да портретке сілтеп қалды.

Шыңғыра шыққан дауыс пен бір ауыр заттың дүрс етіп құлағаны үй ішіне түгел естілді. Өлім көмейінен шыққан дауыстың сұмдық ащы болғаны сонша, шырт ұйқыларынан шошып оянған қызметшілер абыр-сабыр жүгірісіп кетті. Алаңнан өтіп бара жатқан екі джентльмен кілт тоқтап, үлкен үйдің дауыс шыққан жоғарғы қабатындағы шамы жанып тұрған бөлмеге қарады. Сосын полисмен іздеп жүріп кетті, таба салысымен ертіп әкелді. Полисмен бірнеше рет қоңырау басты, бірақ жауап болмады. Үй қараңғылықта. Тек жоғарғы терезеден ғана сәуле көрінеді. Біраз күткен соң, полисмен ауладан шығып, бақылауға көшті.

− Бұл кімнің үйі, констебль? − деп сұрады джентльмендердің жасы егделеуі.
− Мистер Дориан Грейдің, сэр, − деп жауап берді полисмен.

Джентльмендер бір-біріне жек көргендерін жасырмай, кекете көз тастады да, ары қарай кетті. Олардың бірі сэр Генри Эштонның ағатайы болатын. Ал үйдің қызметшілер тұратын қанатында адамдар бір-біріне сыбырлай тіл қатып, үрейде отыр еді. Кәрі миссис Лиф саусағын бүгіп жылай берді. Френсистің өңі қан-сөлсіз, қуарып кеткен. Он бес минуттай күткен соң, ол көшір мен лакейлердің бірін қасына алып, үшеуі мысықтабандап жоғарыға көтерілді. Есік қағылды, ешкім үндемеді. Олар Дорианды дауыстап шақыра бастады. Бірақ жоғарыда тым-тырыс. Ақыры, жоғарыдағы есікті бұза алмаған соң, шатыр арқылы терезеден ішке енді. Терезелер тез ашылды, күршектері көне еді. Бөлмеге кіргенде көргендері қабырғаға сүйеліп тұрған, көркіне көз тоймайтын сұлу да сымбатты қожайындарының келбеті бейнеленген портреті еді. Ал еденде, кеудесіне пышақ сұғылған, фрактағы адам сұлап жатыр. Бет-жүзі әжім-әжім, солған, адам қарағысыз. Қызметшілер ол адамның кім екенін саусақтарындағы жүзіктерінен ғана білді.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙