Фридрих Ницше. Трагедияның музыка рухынан туындауы
Фридрих Ницше
ФилософияФридрих Уилһелм Ницше (нем. Friedrich Wilhelm Nietzsche; 15 қазан 1844 жыл – 25 тамыз 1900 жыл) — ХІХ ғасырдағы әйгілі неміс философы және филологы, иррационалды волюнтаризмнің Артур Шопенгауэрден кейінгі бірегей өкілі. Басты философиялық идеялары "Үстемдік еркі", "Ғаламатадам", "Мәңгілік қайталаным", "Дионистік рух және Аполлондық рух", "Құндылық атаулыны қайта таразылау", "Перспективизм", "Құдайдың өлімі", "Tschandala", "Тіршілікті ұлықтау", "даралықтың тәуекелшілдігі", "ақырласқан адам" (the last human being), "Дегдарлық және құлдық мораль" қатарлы ұғымдармен байланысты. Ницше бойынша адам, бір жағынан тек жәндік қана, ("жер бетіндегі бір түрлі ауыру түр"), ал екінші жағынан алғанда әрі бағалаушы, әрі тудырушы, әрі жаратушы. Оның шығармалары дінді, этиканы, эстетиканы, қазіргі мәдениет пен философияны, өнер мен ғылым салаларын жалпы беттік сынау мен қайта таразылауға негізделген. Ницше шығармаларының тілі өткір және көркем, адамды еліктірер өзгеше шеберлікке ие. Ол бейне ежелгі заманғы Гераклит секілді нақыл сөздер мен парадоксті тіркестерді қолданып , түрлі әдеби тәсілдерді еркін пайдаланып, жанды да, жігерлі фиософиялық туындылар жазды. Оның қазіргі заман мәдениетіне ықпалы ерекше болды, әсіресе XX-шы ғасырдағы экзистенциализм, постмодернизм, постструктурализм (Деконструкция), Герменевтика ағымдары Ф.Ницшені өздерінің тікелей ұстазы деп біледі және кейінгі көптеген философиялық, психологиялық, мәдени, әдеби, саяси теория жасаушылар арасында Ф.Ницшенің ықпалына ұшырамағандары кемде-кем. Ф.Ницше идеялары кейінгі неміс фашизміне тікелей қатысы жоқ, әйткенмен олардың Ницше идеяларын өз мақсаттарына бұрмалап пайдаланғаны байқалады. Ф.Ницше алғашқы шығармашылық ізденісін тілдің табиғатын зерттейтін әдеби филологиядан бастаған . 24 жасында Базель университетінде филология бөлімінде профессор ретінде дәріс бере бастаған. Ол осыған дейін аталмыш орынға отырған ең жас профессор еді. Алайда 1879-шы жылы денсаулығына байланысты жұмыстан босап, Еуропаны шарлай жүріп, аурумен күресумен болды және осы 10 жыл бойында өзінің әлемді таңырқатқан және тіксіндірген ең маңызды туындыларын жазып үлгірді. 1889-шы жылы Ницшенің жүйкесі сыр берді және қалған өмірін шешесі мен қарындасының күтімінде өткізді.
Фридрих Ницше қаламынан туған кітаптар, повестер мен әңгімелер
Фридрих Ницше
ФилософияФридрих Ницше
ФилософияФридрих Ницше
СаясатФридрих Ницше
Мәдениет және этнографияФридрих Ницше
ФилософияФридрих Ницше
ФилософияЭнциклопедиялық деректер, өмір кезеңдері мен әдеби мұрасы
Фридрих Уилһелм Ницше (нем. Friedrich Wilhelm Nietzsche; 15 қазан 1844 жыл – 25 тамыз 1900 жыл) — ХІХ ғасырдағы әйгілі неміс философы және филологы, иррационалды волюнтаризмнің Артур Шопенгауэрден кейінгі бірегей өкілі. Басты философиялық идеялары "Үстемдік еркі", "Ғаламатадам", "Мәңгілік қайталаным", "Дионистік рух және Аполлондық рух", "Құндылық атаулыны қайта таразылау", "Перспективизм", "Құдайдың өлімі", "Tschandala", "Тіршілікті ұлықтау", "даралықтың тәуекелшілдігі", "ақырласқан адам" (the last human being), "Дегдарлық және құлдық мораль" қатарлы ұғымдармен байланысты.
Ницше бойынша адам, бір жағынан тек жәндік қана, ("жер бетіндегі бір түрлі ауыру түр"), ал екінші жағынан алғанда әрі бағалаушы, әрі тудырушы, әрі жаратушы. Оның шығармалары дінді, этиканы, эстетиканы, қазіргі мәдениет пен философияны, өнер мен ғылым салаларын жалпы беттік сынау мен қайта таразылауға негізделген. Ницше шығармаларының тілі өткір және көркем, адамды еліктірер өзгеше шеберлікке ие. Ол бейне ежелгі заманғы Гераклит секілді нақыл сөздер мен парадоксті тіркестерді қолданып , түрлі әдеби тәсілдерді еркін пайдаланып, жанды да, жігерлі фиософиялық туындылар жазды.
Оның қазіргі заман мәдениетіне ықпалы ерекше болды, әсіресе XX-шы ғасырдағы экзистенциализм, постмодернизм, постструктурализм (Деконструкция), Герменевтика ағымдары Ф.Ницшені өздерінің тікелей ұстазы деп біледі және кейінгі көптеген философиялық, психологиялық, мәдени, әдеби, саяси теория жасаушылар арасында Ф.Ницшенің ықпалына ұшырамағандары кемде-кем. Ф.Ницше идеялары кейінгі неміс фашизміне тікелей қатысы жоқ, әйткенмен олардың Ницше идеяларын өз мақсаттарына бұрмалап пайдаланғаны байқалады.
Ф.Ницше алғашқы шығармашылық ізденісін тілдің табиғатын зерттейтін әдеби филологиядан бастаған . 24 жасында Базель университетінде филология бөлімінде профессор ретінде дәріс бере бастаған. Ол осыған дейін аталмыш орынға отырған ең жас профессор еді. Алайда 1879-шы жылы денсаулығына байланысты жұмыстан босап, Еуропаны шарлай жүріп, аурумен күресумен болды және осы 10 жыл бойында өзінің әлемді таңырқатқан және тіксіндірген ең маңызды туындыларын жазып үлгірді. 1889-шы жылы Ницшенің жүйкесі сыр берді және қалған өмірін шешесі мен қарындасының күтімінде өткізді.
Фридрих Ницшенің әкесі Карл Людвиг Ницше Пруссия патшасы Фридрих Вильгельм ІV –тің орда оқытушысы болған. Ол ордада төрт ханшайымды тәрбиелеп өсірген және патша оған үлкен құрмет білдірген. Кейін патша өзі Ницшенің әкесін Röcken қалашығының пасторы етіп тағайындаған. Ницше дәл осы қалашықта дүниеге келген. Бір қызығы, ол патшаның туған күнінде дүниеге келгендіктен, әкесі оған Фридрих Вильгельм деп ат қойған. Кейін Ф.Ницше Вильгельм деген аттан бас тартқан. Ф.Ницше өзі туралы айтқанда: «Әйтеуір менің дәл сол күні туылуымның бір пайдасы болды, бала кезімде менің туған күнімді мемлекеттік мереке ретінде тойлайтын».
Ф.Ницшенің арғы атасы да ұстамды христиан мүриті болған екен, тіпті діни шығармалар да жазып қалдырыпты, тіпті оның нағашы атасы да пастор болған екен. Ал, Ф.Ницше бала кезінде інжілді судыратып жатқа айтатын болған соң, оны ауылдастары «кішкентай пастор» деп атаған екен. Дегенмен, Ф.Ницшенің кейін дінге христиан тарихындағы ең ауыр сөздер айтып, христиан дінін аяусыз сынап, «Антихрист» секілді кітаптар жазуы, «Құдай өлді» деген идеясын ұсынуы бұл жағдайларға айқын парадокс. Ол өзі туралы жазылған «Қараңдаршы мына адамға» деген шығармасында ақсүйек тұқымынан шыққанмын деп мақтанғаны белгілі, өйткені оның әжесі Польша ақсүйегінің қызы болған.
Бала Ницшенің тілі тым жай шыққан көрінеді, тек екі жарым жастан кейін барып алғашқы сөзді айтқан делінеді. Ф.Ницше 5 жас кезінде әкесі қайтыс болады, кейін екі жастық інісі де қайтыс болады. Бұл оның жас жүрегіне үлкен қайғы түсіргені анық. Ол бала кезі туралы былай деген болатын: «Менің бала кезім қасіретке толы болды, басқа балалар секілді сәби көңілмен қам-қайғысыз өмір сүрген жоқпын. Бала кезімнен жалғыздыққа бейім болдым, ешкімнің мазаламауын тіледім. Бұл мені табиғи еркіндік әлеміне алып кірді, өз ішкі әлемімде шаттыққа бөлендім.» Әкесі өлген соң ол көбінесе шешесі, қарындасы, әжесі, екі апайы секілді өңкей бір әйел адамдар ортасында тәрбие көрген. Ф.Ницшенің кейінгі мінездемелерінен бала кезіндегі тағдыры елес береді. Ол «басқа балаларды жарқыратқан жарық бала кезімде мені жарқыратпады, менің ой жүгіртуім тым ерте пысып жетілді» деген болатын. Бала кезінде ол әдебиет пен музыкаға әуестенген. Ол оқыған мектептен әйгілі драматург, ақын Новалис, әйгілі философ Фихте оқыған. 1861 жылы 17 жасар Ф.Ницше ауыр науқастанып, оның кейін бір өмір мазалаған, кейін мүлде есі ауысуына себеп болған сол бір созылмалы ауыруының алғашқы белгілері байқалған.
1864 жылы Ф.Ницше Бонн университетіне теология және классикалық филология мамандықтары бойынша оқуға түседі. Бір жылдан кейін ол теология үйренуден бас тартып, тек филологияға, сосын қосымша әдебиет пен философияға назар аударады. Ол кезде университетте біреулер Гегельді, біреулер Фихтені дәріптеп, біреулер Шеллингті жақтап, енді біреулер позитивизмді қуаттап, немесе материализмге ден қойып жатқан кез еді. Жас Ницше оларға ермей көбінесе ақындыққа бейім болды, ғылымның дәлдігі және анықтығымен бірге жүретін «суықтығына» көңілі толмады. Ол өзін ақсүйек сезінгендіктен, демократиялық саяси қозғалыстарға да қызықпады. Ол өмірді тым жайлы етуді қиялдамады, сондықтан баршаның бақыты туралы утопияларға менсінбей қарады. Ол әсіресе Бах, Бетховен музыкаларын, сол кезде дәурендеп тұрған Рихард Вагнердің күйлерін ұнатты.
Ф.Ницше университеттің 1 курсында оқып жүргенде мынадай қызық оқиға болыпты. Бірде ежелгі Рим саясаткері Муций Сцеволаның отқа қолын тығып, өзінің өлімнен қорықпайтынын дәлелдегені туралы әңгімеге бір топ студент сенбестік танытады: "қанша батыр болса да отқа қолын тығу мүмкін емес" деседі олар. Сол жерде тұрған Ницше олармен дауласпай, пешке қолын тығады да қызыл жалын болып өртеніп тұрған көмір шоғын алақанымен қысып ұстап оларға көрсетеді: "дүниеде мүмкін емес іс жоқ!" Ф.Ницшенің алақанында өмір бақи сол бір күйген ойыс болады, ол ылғи сол ойысты балауызбен толтырып қоятын болған. Ницшенің от ұстауынан оның қайтпас қайсарлығы, өзі айтқандай "философ алдымен өзі үлгі болуы керек" ережесін мықтап ұстанған дәті берік адам екені байқалады.
1865 жылы ұстазы F.W.Ritschls Лейпциг университетіне ауысқан соң, Ницше де сонда оқуға ауысқан. Осында ол кейін бүкіл өміріне әсер еткен Артур Шопенгауэрдің «Ерік және Елес ретіндегі дүние» кітабын бірнеше күнде бас алмай оқып шығып, қатты толқып: "менің философиям табан тірейтін мықты тиянаққа ие болдым" деп ағынан жарылды. Айтуынша, сол кездерде ол өмірде жалғызілік сезініп, қасіреті асқынып, үмітсізденіп жүрген екен, Шопенгауэрдің аталған кітабы оны бірден серпілтіпті. Ол кітап бейне бір ғажайып айна секілді дүниені, өмірді және жан дүниенің сырын оған жайып салыпты. Ол А.Шопенгауэр тек Ницше үшін жазғандай әсерге бөленіп, Шопенгауэрдің өмірден сонша оқшауланып, ешкім мойындамай, кітаптарына ешкім қызықпай, үлкен жалғыздық көргеніне қатты қайғырып, өзін Шопенгауэрдің тіке шәкіртімін деп жариялаған. Ал Шопенгауэр әлдеқашан өмірден өткен болатын. Әрине, Шопенгауэр өзінен кейінгі көптеген ойшылға әсер еткені белгілі, бірақ оның волюнтаризміне тек Ф.Ницше ғана толық адал болып, оның пессимизмге толық философиясынан оптимизмдік жаңа жүйе жасап шығарды. Ал, Фридрих Ницшенің дәл сол жылы христиандық пасха мерекесіне қатысудан түбегейлі бас тартуы отбасында үлкен дүрбелең туғызған.
Замандастары жас Ницшенің қабілетіне тәнті болуының нәтижесінде, 1869 жылы ақпанда Ф.Ницше 24 жасында профессор Ritschl-дың көмегімен докторлық диссертация қорғамай тұрып Швейцарияның Базель университетінде классикалық филология профессоры болды және «Гомер және Классикалық филология» тақырыбында өз дәрісханасын ашты. Бұл жылдарда ол бәрін аузына қаратқан жас профессор ретінде Базельдің оқымыстылары мен ақсүйектерінің құрметті мырзасы болды.
1869 жылы 17 мамырда әйгілі музыкант Вагнерге тұңғыш рет жолықты және содан былай онымен қою байланыста болды. Әсіресе, Вагнердің А.Шопенгауэрді "тарихтағы ең ұлы философ" деп дәріптеуі Ф.Ницшенің оған деген құрметін еселеп арттырған болатын.
1870-1871 жылдардағы Пруссия-Франция соғысы кезінде Ницше өздігінен соғысқа қатысуға сұранады. Франкфуртта ол қатар-қатар тізілген әскерлерді көріп: «тұңғыш рет ұлы да, қасиетті «тіршілік еркі» күйкі тіршілік күресінде емес, «соғыс еркінде», «күштілік еркінде», «асқан Үстемдік еркі (Ницше)Үстемдік еркінде» көрініс табуға тиіс дегенді тіке сезіндім» - деп жазады. Мұндағы «Тіршілік еркі» А.Шопенгауэрдің түп идеясы есептеледі, ол бойынша өмір тіршілік үшін күресу шеңберінде болады, бірақ бұл күрес мағынасыз, сондықтан өмір мән-мағынасыз бос әурешілік, күйкі күрес қана. Ницше өз сөзінде кейін өзінің негізгі идеясы болған "Үстемдік еркі (Ницше)Үстемдік еркі" ұғымын алғаш пайдаланғаны байқалады.
Ф.Ницше 1870 жылы Пруссия әскері сапында соғысқа қатысып, әскерде жаралыларды емдеуші болып қызмет көрсетеді. Бірақ жеңіл жараланады да, әскерден босатылады. Қысқа мезеттік әскери тұрмыс оның жан дүниесіне айырықша әсер етті. Ол соғыстың күйреткіштік рөлін танып жетті және бұл соғыс оның кейінгі "Үстемдік еркі" идеясының қалыптасуына ықпал етті.
1870 жылы Базельге қайтып оралған Ф.Ницше Герман империясының құрылуын, Отто Фон Бисмарк билік құрған кезді үнсіз бақылаумен болды.
1870 жылы Ф.Ницшенің тұңғыш кітабы «Трагедияның тууы» (Die Geburt der Tragodie) жазылып бітті және екі жылдан кейін ресми жарық көрді. Бұл алғашқы туындының кейбір идеяларында жастық албырттықтың лебі аңқығанымен, бәрібір онда романтизм бояуы мен ғажайып қияли толғаныс тамаша ұштастырылған, ағымға қарсы сыншылдық рухы айқын аңғарылады. Бұл шығарма оның философиясының негізгі идеясы қалыптасып үлгіргенін көрсетті. Ф.Ницше философиясының негізгі бағыты "тіршіліктің мәні" мәселесі, ал ол бұл шығармасында адам өмірін өнер шығармашылығы ғана құтқара алады, тіршілік сұлулыққа мән сыйлайды, сұлулық та тіршілікті жарқыратады деп есептеді. Досы Оуэн Родос пен Вагнер ғана оның кітабына біршама жақсы баға берді. Қалғандары, тіпті F.W.Ritschls секілді жақын профессор достары да бұл кітапқа айырықша суықтық танытты. Бәлкім кітаптағы көптеген тың идеялар оларға «бос даурығу» болып көрінген шығар. Ол аталған кітапта филология зерттеуінің дәстүрлі анықтық ережесінен бас тартып, философиялық дедуктивті әдіс арқылы пайымдау жасғаны байқалып тұрды. Кейін басқа бір филолог Wilamowitz-Moellendorff деген кісі Ницшенің аталған кітабын аяусыз сынға алады. Оның өзі тым танымал ғалым болмаса да, бұл сын жалпы сол кездегі ғылым саласындағылардың Ф.Ницше кітабына берер бағасына өкілдік етті. Бұл жағдай Ницшенің азаматтық намысына нашар әсер етті. Бұл оқиғадан кейін Ф.Ницше сабақтарын таңдайтын студенттер де азая бастады. Кейін бар болғаны шетелден келген екі студент қана оның сабағын тыңдауға пейілді болған екен. Бұл Ницшенің көтеріңкі көңіл күйін бұзып, оқшаулық тұңғияғына одан сайын тарта берді.
Әрине, осынау көңілсіз жағдайға қарамастан, Ф.Ницшенің қайтуды білмейтін, ешкімге есе бермейтін «жойқын шабуылы» енді шындап басталған еді. 1873 жылдан 1876 жылдар аралығында ол іркес-тіркес өзінің төрт мақаласын жариялады: «Дэвид Штраус: ақталушы және жазушы», «Тарихтың тіршілікке пайдасы мен зияны», «Ағартушы Шопенгауэр», «Вагнер Байрейтте». Әсіресе, Ницше сол кездерде үлкен құрметке бөлінген, «Исаның ғұмыр тарихы» кітабымен танымал Дэвид Штраусты аяусыз сын найзасына ілді, оны білімі таяз, парасаты кемшіл қораш оқымысты ретінде сипаттады. Әсіресе Пруссияның Гегемонизмін айыптады, неміс ұлтының дөрекілігі мен такапарлығы тасасындағы тоғышарлыққа ауыр сындар айтты, неміс мәдениетінің беталысына сенімсіздік танытты. Кейін бұл мақалалар «Дәуірге үйлеспейтін ойлар» тақырыбында жеке кітап болып жарық көрді. Жұрттың бәрі Пруссияның Францияны жеңгеніне қуанып, мақтанысып жатқанда Ф.Ницшенің мұнысы нағыз ағын мен дауылға қарсы жүзген есірлік болып көрінді. Достарының іркес-тіркес одан бойын аулаққа салуында осындай бір саяси астар да болды. Олар оған тұшымды қарсы уәж айта алмағанымен, бәрібір оны ұлт сатқыны ретінде бағалағаны анық.
1873 жылдан бастап Сократқа дейінгі кезеңдегі грек ойшылдары туралы қысқа мақалалар жазып, оны кейін «Грек трагедия дәуірінің ойшылдары» атында жариялады. Бұл кітапта Сократ, Платон, Аристотельді ғана ұлықтайтын еуропалық мәдениетке ерегескендей алғашқы космоцентризм философтарына айырықша жоғары баға берді. Әрине, Ницшенің Сократты ұнатпайтыны оның кейінгі шығармаларында біртіндеп белгілі болды. Бір айта кетерлігі, ол біртіндеп өзінің рухани ұстазы А. Шопенгауэр секілді трагедиялы сезімде шығарма жазу әдетінен біртіндеп арылып, жігерлі де, асау ойларға ауыса бастады.
1876 жылы Байрейттегі музыка кешінде Вагнерден қатты үміті үзілді, Вагнер шығармаларында дәріптелген христиандық идеологияға қанағаттанбады, жұрттың дарақы эстетикасына төзбейтінін ашық айтты. Кейін, 1878 жылы Вагнер оған христиандық тақырыптағы «Парсифаль» туындысының сценариін жіберіп берді, бірақ Ф.Ницше жауап бермей, үнсіздік танытты.
Дегенмен кейін, «Адамдық, не деген адамдық» кітабын (аталған кітапта Вагнерді ашық сынаған мазмұндар бар еді) Вагнердің әйеліне жіберді. Содан кейін олардың ортасындағы байланыс толық үзілді.
«Адамдық, не деген адамдық» кітабы сол 1878 жылы басылып шыққан еді. Бұл кітап Ницшенің өзіне тән жазу-ойлау мәнерінің қалыптасқанын, өз ұстаздарынан (мейлі Шопенгауэрден, мейлі Вагнерден) еркіндік алғанын көрсетті. Аталған кітап қысқа, нұсқа нақыл үлгісінде жазылған. Кітапта метафизикадан дінге дейінгі көптеген мәселелер қым-қиғаш қарастырылып, Шопенгауэрдің түңіліске толы "Тіршілік еркі" идеясынан саналы түрде бас тартты. Бұл кітаптың кесірінен ол өзінің кейбір достарынан, мысалы ең жақын досы Оуэн Родостен де айырылысты.
Ол осы мезгілде үйленгісі де келген екен, бірақ лайықты жар табылмапты. Әсіресе бала кезінен қалған жасырын созылмалы ауру оның көңілсіздігімен қосылып, оны қинаумен болған. Денсаулығы қатты нашарлап, тіпті кей күндері басы ауырып, көзі қарауытып, есеңгіреп ұзақ уақыт бойы жатып қалатын болған. Сонымен болашағы жарқын ғажайып кемеңгер деп дәріптелген Ф.Ницше өз идеяларымен жұрттың көңілін әбден қалдырып, ең жас делінген профессордің денсаулығы ауыр дәрежеде сыр беріп, жұмыстан көп қалып, ақыры 1879 жылы денсаулығына байланысты Базель университетінен аздап зейнетақы алып тұру шартымен жұмыстан кетті.
Ауыру мазалаған Фридрих Ницше 1879 жылдан бастап өз денсаулығына шипалы орын іздеп, Еуропа қалалары мен көркем жерлерін кезумен болады. Әсіресе Швейцарияның Граубюнден өңірінде, Италияның Генуясында, Туринде және Францияның Ницце қатарлы өңірлерінде айлап, жылдап тұрды. 1881 жылы Франция Тунисті басып алған кезде ол Африкаға қоныс аудару жоспарын да жасап, кейін бұл ойынан айныды. Әрине, Ф.Ницше Базель университетінен аздап зейнетақы алып тұрды және кейбір достары да көмек қолын созды. Шешесі мен қарындасы да оған қарайласып тұрды. Тіпті Peter Gast деген оқушысы сол кездерде оның жеке хатшысы болуға келіскен екен. Дәл осынау қиыншылыққа толы, ауру мазалаған, ғаріптігі басым өмір оның шығармашылық шабытын тасытқан секілді. Осы 10 жыл ішінде оның әлемді шарлап кеткен ең маңызды шығармалары өмірге келді. 1878 жылғы «Адамгершілік десейші, не деген адамгершілік» деген кітабынан бастап 1888 жылға дейін ол жыл сайын әлемдік философия тарихында айырықша маңызы бар бір кітап, не шығармалар жинағын жариялап тұрған екен.
1882 жылы «Шаттық ілімін» жариялады және тартымды да, парасатты Ресейлік әйел жазушы Лу Саломемен (Lou Salomé) танысады. Ницше ол әйелге ғашық болып қалады, бірақ үйлену талабын қоюдан тартынумен болады. Кейін Ф.Ницше досы Паулем Реёге өз көңілін қызға жеткізіп баруды тапсырады. Қызық болғанда Паулем Реё де Лу Саломеге ғашық болып жүрген екен. Екеуі бірдей қызға үйлену талабын қояды. Бірақ Лу Саломе екеуінің үйлену талабын бірдей қабылдамайды. Ф.Ницше амалсыз қызбен дос болуға мәжбүр болады. Кейін Ницшенің қарындасы Элизабет Лу Саломенің үстінен өсек өрбітеді де, бұл әңгіме берекесіз аяқталады. Ғашығынан айырылу азабын кешкен Ф.Ницшенің тағы да ауыруы қозады және одан сайын жұрттан оқшау, оңаша бола түседі.
1883, Ол Италияның ең көркем жерлерінің бірі Рапаллода өзінің ең әйгілі шығармасы «Заратуштра осылай деген» деген кітабының бірінші бөлімін бар болғаны он күн ішінде жоғары шабытпен жазып шықты. Кейін екінші бөлімін, 1884 жылы үшінші бөлімін, 1885 жылы төртінші бөлімін жазып бітірді.
Бұл кітабында ортақтықтың "Мәңгілік қайталаным" идеясын пайымдады. Бұл оның негізгі ойжелісінің бірі еді. Әйгілі "Übermensch" (Суперман, Ғаламатадам) ұғымы да осы кітапта тұңғыш рет айтылды. Аталған кітап туралы Ф.Ницше былай деген болатын: "Менің бүкіл кітаптарым ішінде осы «Заратуштра осылай деген» кітабы ерекше маңызға ие. Ол менің адамзат баласына ұсынған ғажайып тартуым. Бұл кітаптың дауысы түмен жылдарға жетеді. Ол тек кітаптың құрметі үшін ғана емес, ол биік таудың таза ауасын айналаға шашқан кітап - адамның шындықтары тым алыста, оның етегінде жатыр; - сондай-ақ бұл өте шүңет ойлы кітап; ол ақиқат өзегіндегі байлықтың терең қабатынан келген, оған тасталған шелек лағыл-гауһарға толып шығады, ондағы қазынаны алсаң таусылмайды, ішсең шөлің қанбайды! Онда ешбір пайғамбардың сәуегейлігі жоқ; онда қорқынышты ауыруда, билеу еркі ырқындағы пастордың дін уағызының қойыртпағы да жоқ; өзін парасат себепсіз жараламас үшін адамзат алдымен Зороастырдың аузынан байсалды пікірлерді тыңдай білуі керек. Ең байсалды пікірлер бұрқасынды дауылдың алғашқы белгісі. Астарланып, сыбырлап айтылған идея дүниені ту-талақай ете алады."
Бірақ, Заратуштра осылай деген кітабы сол кездегі жағдайға байланысты оқырманы тым аз кітап болды. Ницше бұған қамықпады, және "барлық адамға арналған, бірақ ешкім түсінбейтін кітап. Бұл кітапты 200 жылдан кейінгілер құныға оқитын болады" деп өзін жұбатты. Белгілі бір мағынада бұл сәуегейлік те орындалған секілді.
"Менің атаққұмарлығым," - дейді Ницше: "он-ақ ауыз сөзбен басқалар бір кітап жазғанда айтатын, бір кітап жазса да айтып жеткізе алмайтын ойды жеткіземін!" Жалпы Ницшенің Заратуштара кітабы дүниедегі біршама күрделі кітаптар қатарына жататыны белгілі.
Ф.Ницшенің кітаптары негізінен оның өз ақшасына шығарылған, және сол замандарда өтпейтін кітаптар қатарында болған екен. Кітаптарының тиражы шамамен 200 бен 2000 дана айналасында ғана болыпты. Бұл философиялық кітапқа құмар неміс халқы үшін сол кездегі өте төмен көрсеткіш еді. 1885 жылы «Заратуштра осылай деген» атты кітабы бар-жоғы 40 данамен басылып шғады. Ф.Ницше кітаптың біразын өзі алып, достарына жіберіп береді.
1886 жылы Ф.Ницше өзінің шығармашылық көмекшісі Ernst Schmeitzner-дің антисемитизмдік идеяларына төзе алмай, көмекшіліктен босатады. Ол оны "антисемитизмнің батпағына әбден батқан" деп айыптап, "антисемитизм ізгі де парасатты адам көзге ілмеуге тиіс ілім" деп сипаттады. Сол жылы қарындасы Элизабет антисемитшіл жігітпен үйленгеніне қатты ашуланады және ол екеуінің Парагвайға барып таза "Германдық отар" құру жоспарын аяусыз масқаралайды. Бірақ олар Ф.Ницшені тыңдамай аттанып кетеді. Қарындасымен осы реткі араздасудың салдарынан кейін Ф.Ницше толық жынданып кеткен соң барып қарындасы оның қасына келді. Ф.Ницше "еврейлік құлдық этика 2000 жыл бойы Еуропа мәдениетін шірітіп келді" деп есептегенімен, бәрібір еврейлерге ұлттық өшпенділік танытуға қарсы болады.
1886 және 1887 жылдары Ф.Ницше Еуропадағы біраз елді кезіп жүргенде жазған нақыл сөздерін, қысқа тұжырымдарын, ұсақ мақалаларын жиып-теріп екі кітап етіп баспадан шығарды: «Жақсы мен жаман сыртында» (1886), «Мораль шежіресі» (1887). Бұл екі ктапта Ф.Ницше дәстүрлі мораль ережелеріне өршелене шабуыл жасап, Бірегей идеясына жол ашты.
1888 жылы Ф.Ницше іркес-тіркес «Вагнер оқиғасы», «Мүсіннің көлеңкесі», «Антихрист», «Қараңдаршы мына адамға», «Ницше Вагнерге қарсы» деген кітаптарды жазды. Аталған кітаптарда терең мағыналы ойлармен бірге кейбір оңды-солды шабуылдаулар, кейде өзін тым көкке көтерулер байқалады. Бұл оның рухани ауруының тепси бастағанының белгісі болса керек.
Осы жылдары Ф.Ницше Ф.М.Достоевский шығармаларын құмарта оқумен болды. 1870 жылы Данияда «экзистенциализм атасы» С. Къеркегор философиясынан сабақ беретін Георг Брандес оны Данияға келуге ұсыныс еткен болатын. Ф.Ницше Данияға баруға уәде берсе де, ауыру себебінен Данияға жолы түспеді. 1888 жылы Брандес Копенгаген Университетінде Къеркегор философиясымен қатар Ницше философиясынан да дәріс бере бастады.
Ф.Ницше 1886 жылы «Жақсы мен жаман сыртында» кітабының эпилогында «Үстемдік еркі» атты жаңа кітапты жазуға уәде берген болатын. Аталған кітапқа енетін көптеген жазбалар жазып қалдырса да, бәрібір бұл уәде орындалмады.
1888 жылға дейін оның шығармашылық шабыты тасып, жазу еркі тасқындап, тың идеяларға бай кітаптарды арт-артынан тудырып тұрды. Сол жылы күзде «Вагнер оқиғасы» кітабы туралы дау туғанда, ол өз шығармаларының философия тарихында теңдессіз екенін сеніммен айтты. Сосын өзінің 44 жасқа шығу құрметіне әсіре әуезбен «Қараңдаршы мына адамға» делінетін ғұмырбаяндық шығармасын жазды.
1889 жылдың қаңтарынан бастап Ф.Ницшенің денсаулығы күрт құлдырап, рухани аурудың белгілері үдей түсті. Италияның Турин қаласы көшесінің бірінде Ф.Ницше жұртты дүрліктіріп, Италия сақшылары оны пәтеріне жеткізеді. Сол күні тегі не болғаны анық емес. Бір айтылым бойынша, Ф.Ницше сол күні бір арбакештің арбаны сүйрей алмаған жылқыны аямай сабап жатқанын көріп әлгі жылқының мойнына оралып көз жасын көлдетеді: "азаптандың ғой бауырым!" — деп. Содан талмасы ұстап жерге құлайды. Жұрт қаумалап сақшы шақырады. Бір қызығы, дәл осындай оқиға Ф.М.Достоевскийдің «Қылмыс және жаза» романындағы Раскольников дәл сондай түс көргені белгілі. Ф.Ницше Достоевскийді жоғары бағалап, «Маған көп себі тиген бірден-бір психолог» деп бағалаған болатын.
Кейінгі бірнеше күнде ол достарына, тіпті ұзақ жыл араласпай кеткен Вагнердің әйеліне де бірнеше «нелеу» (Wahnbriefe) хаттар жібереді. Оның есі ауысқанын естіген достары жиналып, оны Туриннен Базельге алып қайтады. Бұл кезде ол толық жынданып кеткендіктен Базельдегі рухани ауырулар емханасына жатқызады. Кейін анасы да келіп қарайласады. Дегенмен, оны сол кездегі танымал емшілер емдесе де жағдайы бәрібір нашарлай береді. 1890 жылы шешесі оны рухани аурулар емханасынан өз үйіне әкеліп қарайды.Түрлі болжамдар айтылғанымен, Ф.Ницшенің жынданып кетуіне оның философиялық идеялары туғызған психологиялық қалыпсыздық та үлкен әсер еткені анық.
Бұл кезде оның шығармалары қоғамда кең оқылып, алғашқы аңыс пікір тудыра бастаған еді. Оның кейбір достары оның кітабын шығару мақсатында Ф.Ницше ауырып жатқанда оның рұқсатынсыз қолжазбасындағы кейбір тұстарына өзгерістер қосып жібереді. Бұл жайт кейін зерттеуші ғалымдардың айыптауына ұшырады.
1893 жылы Ницшенің қарындасы Элизабет Парагвайдан Германияға қайтып келеді. Олардың Парагвайда "неміс отарын" құру утопиясы толықтай сәтсіз болады, оның күйеуі сонда өз-өзін өлтіріп тынған екен. Ол Ницше шығармаларының баспа құқын иелейді.
Ақыры «мен адам емеспін, мен бомбамын" деп, кәрі Еуропаның дәстүрлі этикасына аяусыз соққы берген, адамзаттың ең әйгілі ойшылдары қатарынан өз орнын алған осынау таңғажайып ойшыл 1900 жылы 25 тамызда өмірмен қоштасты. Элизабет оны әкесінің қасына жерлейді. Ф.Ницше өзінің «Қараңдаршы мына адамға» деген кітабында өзін "қасиетті" деп атауға қарсы болған болса да, достары оның басында: «сенің қасиеттілігің ұрпақтан ұрпаққа тарасын» деп қоштасу сөзін айтады.
Ол өз идеяларының еуропа жоғары жігі арасында қандай дауыл туғыза бастағанын толық сезініп үлгірмей көз жұмды. Германияға қарағанда Франция мен Англияда ф.Ницшенің шығармаларына деген құштарлық бірден жоғары толқынға көтерілді. Ол қайтыс болып, айналасы үш-төрт жыл ішінде Еуропалық мәдениет саласындағы ықпалды адамдар оның есіміне қанық болып үлгірді.
Ф.Ницше қайтыс болған соң Элизабет оның басқа жазған-сызған нақыл сөздері мен пікірлерін реттеп «Үстемдік еркі» деген атпен жариялады. Дегенмен, бұл кітап Ницшенің негізгі идеясын көрсетпейді деушілер де жеткілікті. Mazzino Montinari деген зерттеушінің айтуынша, аталған кітап жалған, онда Ф.Ницшенің көптеген сөздері ашықтан-ашық бұрмаланып жіберілген екен. Әрине, аталған кітапта кездесетін өзгертіп бұрмалауларды айтпағанда, ондағы негізгі идеялар Ф.Ницшенің өзінікі екені анық.
1872 жылы Ф.Ницше «Трагедияның тууы: музика рухының қайнары» (Die Geburt der Tragödie aus dem Geiste der Musik)кітабын баспадан шығарды. Кейін, 1886 жылы тақырыпты: «Трагедияның тууы: грек мәдениеті және пессимизм» (Die Geburt der Tragödie, Oder: Griechentum und Pessimismus) деп өзгертіп, қайта жариялады. 2-ші реткі басылымында «өзін сынау сынағы» деген кіріссөз қосып өзінің бұл алғашқы шығармасына баға берді.
Әрине, бұл шығарма Артур Шопенгауэрдің "Тіршілік еркі" философиясын негіз етіп жазылғаны бірден байқалады. Сондай-ақ жас Ницшенің алыпұшқан жастық сезімінің де куәсі секілді. Дегенмен аталған кітапта автордың жеке жасампаздығы деуге болатын, мән-мағынасы терең, мәдениеттану мен филсофияда айтарлықтай маңызға ие мазмұндар қамтылған және оның кейінгі идеяларының тамыры осы алғашқы шығармасында қым-қиғаш көрініс тапқан.
«Трагедияның тууының» негізгі бағыты, кейін оның шығармаларында тіпті де айқын, тіпті де күрделі мағынада үздіксіз талап етілген өзекті көзқарас: "адам өмірін пәк сұлулық көзімен бағалау" болды. Эстетикалық құндылық өлшемі аталған кітапта дәріптелген бірден-бір бағалау негізі болды; "ойжототаға құрылмаған, этикаға бағынбайтын көркемөнер құдайы - осы кітап мойындайтын бірден бір Құдай" делінген. Ол сондай-ақ эстетикалық баға өмірдің діни, этикалық және ғылыми бағаларына түбегейлі қарсы екенін ашық ортаға қойды. «Трагедияның тууы» кейін ортаға қойған "барлық құндылық атаулыға қайта баға беру" ұранының алғашқы беташары болды, "қайта бағалау" идеясы осы кітаптағы эстетикалық құндылық идеясына сіңірілген. Аталған кітапта, "бүгін біз өркениет, тәрбие, мәдениет деп жүргеніміз қасиетті де әділетті Шарап құдайы - Дионистің алдына барып жүгінеді және есеп беретін болады" делінеді. Кейін "біздің дініміз, этикамыз, философиямыз бар болғаны адам азғындауының бір түрлі формасы ғана. Оған қарсы күресті тек өнерден ғана байқайсың" дейді. демек, Қайта бағалау өлшемі кең мәнде өнерді, әсіресе эстетикалық құндылық өлшемі арқылы этикалық құндылық өлшемі мен пайдакүнемдік құндылық өлшеміне қарсы тұру болмақ
Еуропа ағартушылары антикалық мәдениетті құрметті, саф, келісті, асқақ деп түсіндірсе, Ф.Ницше аталған кітабында антикалық мәдениетте екі түрлі рухани беталыс өзара үстемдікке таласумен болған деп есептейді. Олар күн құдайы Аполлонды белгі еткен Аполлон рухы және шарап құдайы Дионисті белгі еткен Дионис рухы. Мұнда Аполлондық рухқа "ережешіл жекелік" (principium individuationis) тән және ол келісті, салқын, сымбатқа мән береді, өзі мен қарапайым өмірді ажыратуға құмар, байсалды ақыл мен логикалық пайымдауға жүгінеді. Ал, Дионистік рух дегеніміз "ережесіз даралық", шарапқұмар мастық, ақылға жат келетін иррационализм, адамгершілікке мән бермеу, өміршеңдік талпынысы, шабытты шығармашылық, трагедиялы романтизм. Ницше мұнда А.Шопенгауэр ықпалымен «бейақылдық қасиеттер адамзаттың жасампаздық шығармашылық қасиетінің ең негізгі қозғаушы күші» деп есептеген.
Ф.Ницше аталған шығармада Сократтан кейін Аполлон рухы батыс мәдениетін жеке дара билеп төстеді, қатаң ақылдық логика астында барлық нәрсе сіресіп қатып қалды деп назаланады. Ал, Вагнер бастаған неміс романтизмі Дионистік рухты қайта тірілтуге бастама болды, ол Еуропа мәдениетін үздіксіз күйреуден құтқарады деп сенім білдірді.
Ф.Ницшенің аталған кітаптағы ойы бойынша, Дионис рухы түс құрастыру секілді табиғи аңсардың жемісі, ол дүниені астарлы мағынаға бай бейнелеу өнерінің түс тақілетті елесі күйіне ұйытып, көруге, сезуге болатын нақты образ кешенін жасайды. Ол архитектура, сурет, құрылыс өнерлерінің сұлулығын қалыптастырған бірегей рух. Тіпті халықтық жыр-дастандардың (батырлық, ғашықтық) бойында да Дионис рухы көрініс табады. Дионис рухы өзінің биологиялық қарсы жағасы - маскүнемдікке талпынады, ол болмыстың терең үрейінен басталып адам жанын баурап алады және адамды көңіл күйдің шырқау шегіне жеткізеді. Ондайда субъект бұлдырап, адам санасы мұң мен шаттық астасып, өзін мүлде ұмытқан түс секілді ғажайып шекке жетіп барады. Бұл табиғи аңсар Шарап құдайы Диноистік лирикаға толы музика өнерінде ерекше байқалады.
Дионистік шабыт күйі адамның символдау, қиялдау қуатының шарықтатып, өзінің толық азаттық алуына қол жеткізеді. Бұл шабыт салтанатты, лайықты болуды, шектен шықпауды, ақылға бағынуды дәріптейтін Аполлондық күн Құдайы рухымен келіспейді. Шабыт күйіне мас болу адамның рухани әлемі соған дейін этика және дін пердесімен қымталған ішкі маскүнемдік әлеміне еніп, сонда сайран салу, сондағыны тіке сезіну, соны ақтару, жарыққа шығару болмақ..
Ф.Ницше ежелгі гректердің өнері мен өмірінің соншылық керемет туындыларды өмірге әкелуінің құпиясы - Дионистік шараб рухының әсерінен деп түсінген, ал Аполлон рух соның бір өткінші күйі ғана екенін сипаттады. Тек шарап құдайы рухы бұлқынған, Дионистік иррационалды сезім кернеген адам және мәдениет қана мәңгілік құндылық жаратуға толымды бола алады. Заманның азғындауы мен кері кетуі дәл осы Шарап Құдайы рухының өлімсіреуі, бәрін Күн Құдайының басып жаншуы, тұншықтыруы, тежеп, шектеп ұстауы салдарынан.
Бұл шығарма алғаш жарияланған кезде Wilamowitz-Moellendorff секілді кісілердің қатал сынына іліккен. 1886 жылы Ницшенің өзі бұл шығарма туралы былай дейді: «Адам төзгісіз бір кітап... Нашар жазылған, ауыр, адамды жайсыздандырады, жындандырады."
Фридрих Ницше шығармашылығы мен тұлғасы хақында жазылған ғылыми еңбектер, эсселер мен талдаулар
Фридрих Ницше туралы ашық дереккөздердегі, әдеби порталдар мен басылымдардағы материалдар
Үстемдік еркі (нем. Wille zur Macht, ағылш. Will to power) — Неміс ойшылы Фридрих Ницше тірі және сау кезінде жоспарлаған, бірақ жазылып бітпей қалған кітабы
Allzumenschliches, ағылш. Human, All Too Human) кітабы неміс ойшылы Фридрих Ницше жазған, толығымен нақыл сөздерден (афоризм) құралған философиялық сын
Дионистік рух және Аполлондық рух — Неміс ойшылы Фридрих Ницше қолданған маңызды философиялық ұғым есептеледі. Шарап құдайы Дионистік рух және Күн құдайы
Wissenschaft,1882ж.) - Фридрих Ницше шығармашылығының орта мезгіліндегі көлемі ірі, толыққанды жазылған кітап есептеледі. Бұл кітапта Ф. Ницше нақыл сөз арқылы
Герменевтика; Структурализм; Постструктурализм постмодернизм; Деконструктивизм; Француз феминизмi; Франкфурт мектебi; Психоанализ; Фридрих Ницше жұмыстары;
қайта пайда болу", "мәңгілік қайтым" деп те аталады,) — неміс ойшылы Фридрих Ницше дамытқан философиялық көзғарас, ол ғалам үздіксіз түрде, мәңгі бақи
Тағдырға махаббат — amor fati латын тілінде айтылған сөз, неміс ойшылы Фридрих Ницше көп қолданған ұғымдардың бірі. Ол адамның осынау ұлы өмірге мәмілесінің
«Әдебиет порталы» қорындағы Фридрих Ницше туралы әдеби-зерттеу мақалалар, сын-пікірлер және мұрағаттық деректер.
Abai.kz сайтында жарияланған Фридрих Ницше шығармашылығы мен тұлғасы хақындағы эсселер, зерттеулер мен танымдық жазбалар.
«Қазақ әдебиеті» басылымында жарық көрген Фридрих Ницше мұрасы туралы зерттеулер, естеліктер мен әдеби талдаулар.
Қазақша Уикипедиядағы Фридрих Ницше өмірбаяны, шығармалар тізімі және энциклопедиялық мақалалар.
Есімін басып, келесі автордың шығармалары мен зерттеулеріне өтіңіз
ТМ
Темірхан Медетбек
16 шығарма
ТӘ
Төлен Әбдік
24 шығарма
МА
Мәди Алжанбай
2 шығарма
МШ
Мира Шүйіншәлиева
16 шығарма
ТМ
Түркістан қаласындағы ХББ НЗМ мұғалімі
2 шығарма
ЕМ
Елеусіз Мұқамадиұлы
2 шығарма
МА
Марғұлан Ақан
15 шығарма
СЦ
Стефан Цвейг
3 шығарма
ӘА
Әлібек Асқаров
13 шығарма
МЕ
Манар Есенбай
4 шығарма
АҚ
Адал Қалибекұлы
2 шығарма
АМ
Айжан Мута
4 шығарма